ХАКІМ АБАЙ ТАҒЫЛЫМЫ

Досым Омаров+

Досым ОМАРОВ,

философ, абайтанушы, теолог-ғалым

Абай діни фанатизм туралы…

Өкінішке орай, қоғам өмірінде уақыт ықпалымен Ғаламның, яғни Болмыстың бірлігі бұзыла бастайды. Болмысты толығымен қамтыйтын діннің алғашқы кең мағынасы тарылып, ол толығымен қабылданбай,  діни түсінік фанатикалық қалып алып кетеді. Осылай діндер Болмыстың белгілі бір бөлігін ғана қамтитын қарапайым дәстүрлі түр алады.

Абай бабамыз Алла тағаланың көрінісі болып табылатын Ғаламның толық мағынасын өзінің отыз сегізінші сөзінде былай деп береді:

Бiз Алла тағала «бiр» деймiз, «бар» деймiз. Ол «бiр» дегеннiң өзi ақылымызға ұғымның бiр тиянағы үшiн айтылған сөз. Болмаса ол «бiр» дегеннiң өзi Алла тағалаға лайықты келмейдi. Ол «бір» деген сөз Алла тағала ғаламның ішінде, ғалам Алла тағаланың ішінде.

Данышпанның шексіз терең бұл сөздерінен Алла тағаланың болмысын, Оның Ғаламмен  байланысын анық көре аламыз. Бірақ, мұндай кең түсінік әркімнің бойында тұрмайды. Фанатизмнің ықпалымен адам Болмысты толық қабылдай алмайды. Фанатизм дегеніміз не? Фанатизм дегеніміз адамның ой өрісінің төмендігінен Болмыстың бір бөлігін ғана қабылдап, басқа бөліктерін мойындамау, не болмаса олардан бас тарту. Фанатизмнің негізгі белгісі – ол өзінің түсінігінен басқа түсінікті жоққа шығарып, не болмаса, оны қабылдамайды. Фанатизм білместіктен, рухани надандықтан шығады. Фанатизм өзін дұрыс, басқаны бұрыс деп түсінуден басталады. Осылай бөліктердің арасында алауыздық, қарсыластық туып, қоғамның бірлігі бұзылады. Білместік қоғамдағы барлық алауыздықтардың негізі, сондықтан фанатизм барлық қайшылықтардың себебі деуге болады.

Діндер жоғарғы әлемдерден түсетін болғандықтан, әуелде олардың қайсысы болса да, Абай көрсеткендей, бүкіл Болмысты түгелдей қамтып, толық білім әкеледі. Бірақ, уақыт ықпалымен, не болмаса адамдардың өмір сүру жағдайы, табиғи қажеттілік тәрізді себептермен алғашқы ұстанымдар өзгере бастайды. Осылай дін өзінің алғашқы көрінісінен айырылып, Болмыстың  белгілі бір бөлігін ғана қамтитын ағымға айналады. Тұтастықтан айырылған соң,  бөліктердің арасында қарсыластық, алауыздық туып, өзара күрес басталады. Бұл күрестің мақсаты өзара түсінісу емес, керісінше, жеңіске жету. Басқаны өзінің сеніміне көндіріп, өзінің жолына түсіру. Бірақ, сенімді адамның өзінің  еркінсіз өзгерту  оңай емес, сондықтан қарсылық тудырады. Шешімі қиын текетірес пайда болады. Күрестің күшеюінен қоғам бөлшектеніп, тіпті, қақтығыс алаңына айналып кетеді. Діндер қоғамды біріктіру міндетінен айырылып, керісінше, оны бөлшектеу құралына айналады.

Енді исламның жағдайына келейік. Ислам алғаш пайда болғанда, оның негізгі мақсаты сол кездегі араб елдеріндегі пұтқа табынушылыққа, көпқұдайшылыққа (политезмге) қарсы бағытталды. Мақсаты адамды бір Аллаға (монотеизмге) сендіріп, қоғамды біріктіру. Бір Аллаға сендіру арқылы иманды өсірді. Осылай сенім, яғни иман, негізгі мақсатқа айналды.

Исламның негізгі міндеті иманды өсіру болды. Иманды өсіру дегеніміз: Болмыстың материалдық және рухани бөліктерін бірдей тану деген сөз. Исламның бастапқы дәуірінде бұлар өзара үйлесімді болды. Исламның алғашқы пайда болған кезінде араб елінде көпқұдайға табыну болғандықтан, оларды теріске шығарып, енді адамды бір ғана Аллаға сендіріп, тек қана Соны қабылдау керектігіне көндіру керек болды. Осылай Абай айтқандай, «Пендеге иман өзі ашады жол» деген түсінікті халықтың бойына сіңіріп, сенім алға қойылып, халықтың рухы көтеріліп, ислам әлемге тез тарала бастады.

Абай ілімі бойынша, иманның екі қанаты бар. Олар сенім мен таным. Уақыт ықпалымен сенім мен танымнан арасы алшақтайды. Уақыт өте келе танымға көңіл бөлінбей, Аллаға деген соқыр сенім басым болып кетеді. Иманды өсіру үшін көңілді ғалам көріністерінен бөліп, тек қана соқыр сенімге аударады. Осылай Алланың әлемдік көріністері Оның Өзінен бөлініп, көңіл аударуға болмайтын «харам» деп қабылданды. Фанатизмнің негізгі тірегі болып табылатын «Харам» түсінігі осылай пайда болды. Бұл сол дәуірдегі араб елдерінде қалыптасқан тарихи ахуалдың әсері еді. Болмыстың тек рухани бөлігіне көңіл бөлінгенде Оның заттық бөлігі назардан тыс қалып, табиғаттың терең сырлары теріс қабылданып, олармен айналысқандар қуғынға ұшырады. Болмыс көріністерін танудың маңызы төмендеп, иман тек соқыр сенімге айналып, кейбір замандарда танымның шеңберінің тарылғаны соншалықты, тіпті, табиғатты зерттеу харамға жатқызылып, зерттеуші ғалымдар жазалана бастайды.

Мұндай құбылыс барлық діндерге ортақ көрініс. Мысалы, орта ғасырларда ислам елдеріндегі кезінде медицинаның негізін салушы Ибн-Синаны қуғынға ұшырап, ал кейіннен астроном Ұлықбек ханды өлім жазасына бұйыру осының көріністері ғана. Осылай ислам да біржақты дамый бастады. Өркениеттің ғылыми-техникалық  қанаты әлсіреп, ислам елдері әлемдік елдердің артында қалды. Бүгінгі күндері «Ислам елдерінен Нобель силығын алғандар жоқ» деген ойлар айтыла бастады. Бұл ойлардың шындығы бар. Бұлардың барлығы бүгінгі күндердегі ислам елдеріндегі өркениеттің төмендігін көрсетеді. Болмыстың екі қанаты болып болатын рухани және материалдық құндылықтардың үйлесімділігі бұзылғанда, міне, осындай нәтиже береді.

Батыс елдерінде де мұндай көріністердің көп болғаны белгілі. Христиан елдеріне ХІҮ-ХҮІ ғасырлардағы инквизиция осылай басталып еді. Ян Гус, Жанна д Арк, Джордано  Бруно, Галилео Галилей тәрізді мыңдаған ұлы адамдар отқа өртеніп, инквизицианың құрбаны болды.

Осылай сенім мен таным арасы алшақтап, ислам да фанатикалық қалып алды. Абайдың өзі отыз жетінші сөзінде «Сократқа у ішкізген, Ионна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, Пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол көп, ендеше, көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал». Абайдың бұл сөзінен көп нәрсені түсінуге болады. Қандай дін болса да Болмыс заңдылықтарын молынан береді. Бірақ, уақыт ықпалымен көпшілік адамдарда өздерінің сана деңгейлерінің төмендігінен ой өрістері тарылып, Болмыстың белгілі бір бөлігін ғана қабылдағандықтан, біртұтас Болмыстың не рухани бөлігіне, не болмаса, заттық бөлігіне көңіл аударылып, ол екеуінің арасы алшақтап, жеке қабылдана бастайды. Абайдың өзі де осындай құбылысқа қарсы тұрып, «Ол көп, ендеше, көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» деп сол сәттегі өзінің мақсатын білдіргендей болады.

Болмыс заңдылығымен болатын табиғи құбылысты әркім бірден өзгерте алмайтынына көзі жеткенде данышпанның өзі «Сен асыққан екен деп, Алла әмірін өзгертпес» деп түйіндейді. Өмір құбылыстарын тек қана дұрыс түсініп, сабақ алып, қабылдай білу керек. Қоршаған орта тағдырдың берген сыйлығы. Оны өзгертуге болмайды, тек қана қабылдап, оның заңдылықтарына икемдене отырып, сабақ ала білу керек. Абай өзі осы дәрежеге жеткенде «Қайратым мәлім, Келмейді әлім, Мақсұт – алыс, өмір – шақ» деп қоғаммен пайдасыз алысуды қойып, толық рухани жолға түсіп, «толық адам» сатысына көтерілген.

Сонымен, ислам өзінің алғашқы бүкіл Болмысты қамтитын шеңберін тарылтып, тек қана рәсім жасау деңгейіне түсті. Дәстүрлі ислам дегеніміз осы. Қазіргі ислам халықтың бұрынғы салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын мойындамайды. Қазақтың ұлттық аспабы болып табылатын домбыраны, өмірден қайтқан адамдарды шығарып салу рәсімдерін, аруақтармен байланысты тағы да сол сияқты тәңіршілдік қалыптастырған Болмыс заңдылықтарынан пайда болған қазақтың көптеген ұлттық салттарың «харам» деп қабылдап, теріске шығаратын болды.

Қазір заман өзгерді. Бұрынғы замандағыдай адамды өзінің еркінсіз зорлықпен көндіру дәуірі өтті. Адамның негізгі құқығы болып табылатын еркіндікті ешкім жоғалтқысы келмей, әркім өз қалауынша өмір сүргісі келеді. Демократиялық құндылыққа ұмтылады. Демекоратия дегеніміз: ерік пен жауапкершіліктің үйлесімділігі. Демократия болу үшін өмірдің рухани және материалдық қанаттарын бірдей ұстауымыз керек. Сондықтан, бүгінгі күндері иманды өсіру тек Аллаға соқыр сенім арқылы ғана емес, сонымен берге, Оның жаратқандарын, яғни  Оның хикметтерін тану арқылы болу керек. Бұл таным мәселесі. Абай ілімі бойынша сенімсіз таным болмайды, сонымен бірге, таным сенімді өсіру үшін керек. Осылай олар бірін бірі қолдап отырады.

Яғни, олар өркениеттің екі қанаты. Бірі болмаса екіншісі құлдырап, тіпті жоғалып кетуі де мүмкін.   Осылай таным арқылы сенімді, яғни иманды өсіріп, бір Болмыспен бірігуге болады. Бұл ұлттық дәстүрді толық қабылдай отырып, ислам дінінің беретін шапағат нұрына толық шомылуға мүмкіндік береді.

 

Абайдың ұлылығы неде?

 

Ұлы данышпанымыздың заңғар биік тұлғасын түсінуде бұл сұрақтың маңызы ерекше. Оның шынайы тұлғасын анық танып, қабылдай білгенде ғана ұлы ойшылдың шексіз мұрасына тереңдеуге болады. Осылай ойшылды ынталы жүрекпен қабылдап, оның әлемдік тұлғасын да өз деңгейінде түсіне аламыз.

Ол ұлы ақын болған, немесе, ағартушы, ұстаз, халқының қамын ойлаған аяулы жан дейміз. Бәрі де дұрыс. Бірақ, оның ұлылығының негізгі мәні бұлар емес. Бұлар өткінші фәни өмір көрсеткіштері. Ал данышпан Абай бабамыздың мұрасы рухани деңгейде, яғни, бүкіл болмыс заңдылықтарын қамтитын бақилық әлемде жатыр. Абай хакім деңгейінде болған. Хакімдер болмыстың рухани және заттық білімдерін толық қамтып, оларды бойына сіңіріп, өз болмысына айналдырғандар. Абайдың өзі көрсеткендей, бүкіл адамзат ұстаздары. Сондықтан данышпанымыздың мұрасын тек қана рухани тұрғыдан қарастырып, қабылдай білуіміз керек.

Абай бүкіл болмыс заңдылықтарын, сонымен бірге, адам өмірінің түпкі мақсатын көрсеткен. Ол мақсатқа жету жолдары мен соған сәйкес білімді береді. Адамдардың ой өрісі, сана-сезімдері бірдей емес. Олардың өмірге көзқарастары мен тіршіліктері де әртүрлі деңгейде. Сондықтан, олардың мақсатқа жету жолдары да бірдей емес, әртүрлі. Жетілудің шыңын «толық адам» деп атап, Абай жетілудің осы эволюциялық жолындағы сатылар мен деңгейлерді көрсетіп кеткен. Бұл жолда әркімге өзінің жеткен деңгейін көріп, өткен өмірін саралап, болашағын болжауға мүмкіндік туады. Осылай, болмыспен үйлесімді өмір сүруге оған жол ашылады.

Хакім Абай бүкіл болмыстың, оның ішінде адам өмірінің мәні имандылықта жатқанын көрсетеді. «Пендеге иман өзі ашады жол» деп иманның маңызы мен оның негізгі мәнін көрсетеді. Имандылық діни жолмен толығады. Абай діннің мағынасын әлемнің бөліктерін ғана қамтитын күнделікті өмірдегі тар мағынада емес, бүкіл болмысты толық қамтитын кең мағынада береді. Абай ілімі бойынша «Ғұмыр өзі – Хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәләт жоқ», яғни, өмірдің өзі Хақиқат (Алла тағала) болмыс көрінісі, ал өмірдің өзі Құдайға жету жолы, яғни дін жолы. Өмірді өз мағынасында дұрыс пайдалана білу керек. Болмыс бөлінбейтін біртұтас. Сондықтан, діннің ішкі рухани мағынасы біреу, бөлінбейтін жалпыға ортақ біртұтас. Адаспай тура жолмен жүру үшін діннің осы ішкі негіздерін жақсы білу керек. Бұларды ынталы жүрек, шын көңілмен қабылдай отырып жасалған әрекет арқылы ғана өмірдің соқтықпалы соқпақсыз жолында өмірдің түпкі мақсатына жетуге болады.

Абай ілімінен қоғамдағы түрлі қайшылықтарды, діни ағымдардың арасындағы алауыздықтарды, әсіресе, бүгінгі күндері етек ала бастаған ислам мен тәңіршілдіктің арасындағы келіспеушіліктің себебін көріп, оны ушықтырмай, дер кезінде шешудің жолдарын да таба аламыз.

Сонымен бірге, Абай мұрасы бүгінгі күнге дейін елімізде әлі қалыптаса қоймаған ұлттық идеяны қабылдау арқылы өркениеттің сара жолына түсіруге мүмкіндік береді.

 

Абайдың даналығы

 

Ақиқат сөзді дана да айтады, бала да айтады. Бірақ екеуінің салмағы бірдей емес, әртүрлі. Баланың сөзі жеңіл, құбылыстың тек сыртын білдірсе, ал дананың сөзі терең мағыналы, құбылыстың терең ішкі сырын ашады. Дананың даналығын таный білсек, сонда ғана оның сөзін өз дәрежесінде түсініп, қабылдай аламыз.Абай ұлы ақын, немесе, ағартушы, ұстаз, халқының қамын ойлаған аяулы жан дейміз. Бәрі де дұрыс. Бірақ, оның ұлылығының негізгі мәні бұлар емес. Бұлар өткінші фәни өмір көрсеткіштері. Ал данышпан Абай тұлғасы рухани деңгейде, яғни, бүкіл болмысты қамтитын бақилық әлемде жатыр. Абай діндар емес, рухани деңгейде болған. Екеуін айыра білу керек. Ол хакім. Абайдың өзі жазғанындай, Хакімдер ортақ, барлық діндерде бар. Хакімдер кімдер? Олар Болмыстың құпия сырларын толық меңгерген, және оларды өз болмысына айналдырғандар. Олар өздері сол толық білім аясында өмір сүреді. Абайдың өзі көрсеткендей, бүкіл адамзат ұстаздары. Абайдың ұлылығы неде?

1) Ол бүкіл Болмыстың, сонымен бірге, адам өмірінің түпкі мақсатын көрсеткен. Түп Иеге қайтпақсың, оны ойламай, Өзге мақсат ақылға қона ма екен?

2) Ол сонымен бірге, бұл мақсатқа жету жолын да береді. Ол өзінің әйгілі үш сүюінде: Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланың жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және Хақ жолы осы деп әділетті. Осы төрт жолда ол Алланың кім екенін, оған жету жолдарын көрсетеді. «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деп Абай махаббат сезімі әркімнің бойында, тіпті, әрбір клеткамызда бар екенін білдіреді. Бірақ ол ұйқыда. Соны оятуымыз керек. Бұл оңай емес, себебі адамдардың ой өрісі, сана-сезімдері бірдей емес. Олардың өмірге көзқарастары мен тіршіліктері де әртүрлі деңгейде. Сондықтан, махаббатты ояту жолдары да бірдей емес, әртүрлі. Аллаға толық берілген адамдарға «Сенде сүй ол Алланың жаннан тәтті» деп Абай тура жолды көрсетеді. Бұл Сопылық жол. Сондықтан қарапайым адам бұл жолмен жүре алмайды.Алланы бірден сүю мүмкін емес. Сондықтан, қарапайым адамға Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген басқа жолды ұсынады. Бұл жолмен әркім жүре алады. Адамзатты сүю әуелі жақыныңды, отбасын, туған туысқандарды, ұлтыңды, еліңді сүю арқылы, әрі қарай кеңи отырып барлық халықтарды сүю деңгейіне көтеріледі. Бұл жолмен жүрген адам жақсы отбасы, туыстарының құрметіне бөленген, ұлтын, ел қамын ойлаған патриот деңгейіне көтеріледі. Халық Алланың бір есімі болғандықтан, ол жетілудің жоғары деңгейіне көтеріле алады. Жақсы адам дегеніміз осы. Себебі, бұл жол Хақ жолы әділетті.

3) Абай адам өмірінің мақсаты мен оған жету жолдарын ғана емес, сонымен бірге, бұл жолдағы эволюциялық деңгейлерді де береді. Абай ілімі бойынша адамның жетілу жолын жарым адам, адам, және толық адам деп үш сатыға бөлуге болады. Ойшыл бұл сатыдағылардың сипаттарын, қасиеттерін, мінез құлқын, өмір мақсаттарын толығымен көрсетеді.Жарым адам туралы көп жазады. Мысалы: Ақыл да жоқ, ми да жоқ, Даладағы аңдарсың. Немесе, олардан «Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма жан» дейді. «Ендігі жұрттың сөзі ұрлық қарлық. Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық» деп олардың сипатын береді. Олардың надандық себебін былай деп береді: Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек.Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек. Яғни, имандылықтың жоқтығынан. Адам сатысы. Абай адамның қасиеттерін былай деп береді: «Үш ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» Адам осы қасиеттерін шыңдауда үш деңгейден өтеді.

Біріншісі. Имандылық қабылдау. Әуелі имандылық қабылдап, дұрыс өмір сүре бастайды. Қоғам өмірімен үйлесіп, қоршаған ортамен қарым қатынасын өзгертеді. Абай оларды «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол», «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан» деген тәрізді өмір қағидаларын береді. «Пендеге иман өзі ашады жол» деп имандылықтың маңызын көрсетеді.

Адам осылай келесі деңгейге, дәулет деңгейіне көтеріледі. Оларды Абай «Еңбек ет, мал тап. Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Адал бол – бай тап, адам бол – мал тап, қуансаң қуан сол кезде» деп үйретеді. Дұрыс еңбек етіп, тапқан байлығын дұрыс пайдаланып, қоғам өмірімен үйлесімді болған соң адам өзін дәулетті сезінеді. Дәулетке жеткен соң, тән құмарлығына қанып, енді өмірдің қызығын көргісі келеді.

Абай бұл деңгей туралы «Әуелде пенде адам болып жаратылған соң дүниеде ешбір нәрсені қызықтамай жүре алмайды» дейді. Адамның жаны ләззатқа толы, сондықтан ол өмірден ләззат іздеп, бақытқа ұмтылады. Осылай келесі деңгейге, сезім қанағаты деңгейіне көтеріледі. Адам шет елдерге саяхат жасап, білімін толтырып, денсаулығына көңіл бөле бастайды.

Ақыры, бұл фәни өмірдің қызығы жалықтыра бастайды. Абай бұл туралы «Тағдырдың жарлығын білесіңдер. Пендеде бір іс бар жалығу деген» деп ойлы адамды өмірдің қандай қызығы болса да жалықтыра бастайтынын көрсетеді. Себебі, фәни әлемнің қызықтары шектеулі, олар жан құмарын жалықтырып жібереді.

Бұл деңгейге жеткенде Абай өзін былай деп суреттейді «Енді жер орта жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін көрдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын». Осылай адам «толық адам» сатысына көтеріледі. Бірақ бұл деңгейге имандылығын өсірген, ойлы адам ғана көтеріле алады. Имандылығы әлсіз адамдар төмен құлдырайды, немесе өмірден қол үзетіндері де болады. Абай «толық адамды» былай деп суреттейді. «Құдай тағаланың жолы өзіндей шексіз болады. Оның шексіздігіне ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруды шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді» Осылай «адам» мен «толық адамның» айырмасын Абай анық көрсетіп береді. Оларды шатастыруға болмайды. «Толық адам» сатысын кәміл мұсылман, хакім, әулие, пайғамдар деп төрт деңгейге бөледі. Осылай Абай жетілудің шыңын «толық адам» деп атап, оған жету сатылары мен деңгейлерін көрсетіп кеткен. Бұл жолда әркім өзінің деңгейін көріп, өткен өмірін саралап, болашағын болжауға мүмкіндік алады. Осылай, үйлесімді өмірге жол ашылады. Сонымен бірге, Абай осы эволюциялық жолмен жүруге қажетті толық білімді де береді. Олар: Жаратушы туралы, жан туралы, Алла мен адамның қатынасы, және қоршаған табиғат туралы білімдер. Абай мұрасынан адам өмірінің мақсатын, оған жету жолдары мен ол жолдағы сатыларды, және қажетті білімді де таба аламыз. Абайдың даналығы дегеніміз осы болса керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *