ЖАС ЖЕСІР (әңгімелер)

Гулзейнеп-Сәдірбекқызы

Гүлзейнеп Сәдірқызы,
1955 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылында туған. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған. Өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан өмірдің әр саласында қалам тербеген қарымды журналист. Қырық бес жылдай «Егемен Қазақстан» газетінде, стенографист, тілші, аға тілші, шолушы болып қызмет атқарған. Жамбыл ауданының «Құрметті азаматы», ҚР Ақпарат саласының үздігі, Халықаралық Жамбыл атындағы, екі мәрте Қазақстан Журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты, ҚР Тәуелсіздігінің 10 жыл, 20 жылдық мерекелік медалінің иегері, Ш.Мұртаза атындағы республикалық әдеби байқаудың (2020ж.), сондай-ақ 2024 жылы «Аlqa Publising» баспасы жариялаған қазақ әйелінің образын бейнелейтін «Алқа» повестер байқауының («Айбибі») жеңімпазы.

 

 

ЖАС ЖЕСІР

 

Алмагүл етегіне оралған үш баламен – алды бес жаста, ортаншысы үште, кенжесі емшекте жиырма тоғыз жасында жесір қалды. Өткен өмірі өң мен түстей. Небәрі отыз бес жасында көлік апатынан тіл тартпай кеткен Айбардың өліміне сенер-сенбесін білмейді. Жанын жегідей жейтін жауабы жоқ сұрақтар маза берер емес. Әйтеуір шиеттей балалары көңілге жұбаныш, дәтке қуат. «Айбарымның аманаты ғой. Осылар үшін өмір сүрермін» деп қана тәубесіне келген…

 

***

Айдың-күннің аманында атпалдай азаматтан айырылып қаламын деп кім ойлаған?! Жаназасын шығарып, жер қойнына тапсырған соң ағайын-туыс үйді-үйіне тарқасты. Бірлі-жарым абысын-ажын, көңілі жақын көршілер ғана кіріп-шығып жүр. Алмагүл ешкіммен тілдеспей, сүлесоқ отырған да қойған. Меңіреу адамдай мелшиіп қалар ма еді со беті, анасының қайратты сөзі болмағанда?! Жесірлікті өз басынан өткерген шешесі күйігі ішке түсіп кетпесін деді білем, аяушылықтан көрі, қаттырақ айтып қайрай түскен.

– Е, соры бесбатпан сорлы балам-ай, – деген құшағына қысып. – Жесірлік менімен кетсін деп едім, болмады. Сен де мен киген қамытты кидің. Тым ерте кидің. Бірақ, жесірлік атаулы әр әйелдің босағасынан сығалап тұрады. Ендеше ерте кидің не, кеш кидің не, еш қайсысы да оңып тұрған жоқ. Бұл да өмірдің бір өткелі, үлкен сынағы. Қырық жасымда мен жесір қалғанда шешем марқұм жұбатып еді. Сондағы сөзі әлі көкейімде тұр. «Қара жер жесірдің көз жасына жерік, қарағым. Сен басы да емес, соңы да болмайсың. Енді сен әйел ғана емессің, осы үйдің еркегісің де. Болаттай берік бол» деп еді. Саған да соны айтам. Тірі адам тіршілігін жасау керек. Айбар кеткенмен, Алланың мұнысына шүкір, артында ұрпағы қалды. Олар енді саған аманат. Әрине мен ерден гөрі балаға көңілім ауған тұста жесір қалдым. Сенің жолың менен де қиын. Мөлдіреп тұрған кезің, аяғыңа оралған үш баламен не жастың есебінде, не егде әйелдің есебінде емессің. Енді қанша жерден тура жүрсең де көлеңкең қисайып тұратынын ұмытпа. Ақылың жетсе түнде жылап, күндіз күлесің. Ауырсаң шыдайсың, қиналсаң төзесің, құласаң қайта тұрып, көзіңнің жасын сүртесің. Сөйтсең ғана жеңіп шығасың, қызым. Әйтпесе уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің. Айбармен өткен бақытты күндерің келмеске кетті. Енді мына көзге көрінген шырақтарың үшін өмір сүруге тура келеді. Жесір әйелді баланың буы көтереді. Менен туғаның рас болса, балам, беліңді бекем бу!? Қатал тағдырдың сынына төтеп беруге дайындал!? Кейде топырақты өлімнің де қайратқа шақырып, намысыңды жанитын кездері болады. Жинал! Есіңді жи! Тұр орныңнан, – деген әмірлі үнмен. Бірақ Алмагүл тұра қоймады. Сол мезетте сырттан қолды-аяққа тұрмай шырқырап жылаған кішкене бөпені көтеріп көрші қыз кірді. Баласының дауысына да селт етпей, бір нүктеге қадалып отыра берген. Кіші абысынының: «Тағдырдың ісі ғой, Алмагүл, баланың не жазығы бар, емізсеңші» дегенін құлағына ілген де жоқ.

Ашуға булыққан анасы шырқыраған бөпені алды да, Алмагүлдің алдына отырғызып, омырауын жұлқи аша бастады. Сонда ғана ол басын көтерді. Қолындағы баласына үрке қарап, мылқау адамша үнсіз ғана омырауын ашты да, еш ықылассыз бөпесін емізуге ыңғайланды. Шырқыраған бала аузына емшектің үрпісі тиісімен «жеттім бе» дегендей ашқарақтанып емуге кірісті. Үйдегілердің бәрі Алмагүлдің іс-әрекетін бақылап, тым-тырыс отыр. Сол үнсіздікті кішкене бөпе қайтадан бұзып, мазасыздана бастады. Үш күнгі қайғының ішке түскені шығар, бала қара терге малынып борпылдатып емгенімен, сүт шықпады-ау шамасы, амал іздеп қайта шырқырады. Мұны байқаған анасы: «Еміреніп, иіп емізсеңші-ей! Жүрегің қара тасқа айналып кеткен бе? Саған не болды сонша?» — деп таусыла айтқан қатқыл дауысындағы дірілден тұла-бойы  селкілдеп кетсін.

Шешесінің бұл айғайына да пысқырып қарамаған Алмаш қолындағы баланы алды да, жанындағы әйелге сүлесоқ ұстата салды. Диванда жағалай отырған жақындары әліптің артын үнсіз бағуда. Кейбірі астапыралласын іштей айтып, дұға қылған. Анасы мәймөңкелегеннен пайда болмасын сезіп, даусын онан бетер қатқылдай сөйлеген.

– Жетер енді, Алмаш! Жалғанда сенің ғана байың өліп, жалғыз сен ғана байдан айрылсаң да. Айтқанға көнбейтін болсаң, ақыр саған бала керегі жоқ екен, мына біз адам емес екенбіз, онда қазір асылып өл де, Айбардың артынан кет, – деп айғай салды.

Сонда ғана Алмагүл өксіп-өксіп өкіре жылаған. «Іштегі шері шықсын, тимеңдер» деп шешесі орнынан тұрып, далаға беттеді. Алмагүл ұзақ жылады. Солығы басылған тұста омырауын борпылдатып еміп жатқан бөпесін көрді.

Ойлап отырса, содан бері қаншама жыл өтті. Қаншама түнді ұйқысыз өткеріп, қаншама күнді күлкісіз қарсы алды. Бәрінен де ағайынның сөзі, қадалған көзін айтсаңшы. Мүжілсе мүсіркейтіндерді, жарқырап жүрсе табалап шыға келетіндерді қайтерсің. «Мына қатын жетісіп қалыпты» деп біреуі ернін шошайтса, біреуі мысқылдап өтеді. Кейде: «Баяғыда қазақ сорлы неге жесірін бір жылға дейін қара жамылдырып отырғызып, артынша қайнысына болмаса қайнағасына қосып жіберген десем, артында шуын шұбыртып қоятын осындай жаманаты бар екен-ау. Сол дұрыс та шығар», — деп те ойлап қоятын. Бірақ, бүгінде бір жыл қара жамылып, қайнысына қосылатын қатын қайда? Олардың кейбірі бір жыл қара жамылып отырып, басқа біреуге қосылмақ түгілі күйеуі қайтқан соң көп ұзамай-ақ киініп-ішініп, жасанып, боянып қыздай болып шыға келетіндерін қайтесің. Болмаса кейбірінің тірідей байларын жібере салып, тірі жесір атанып жүргендері қаншама. Қайтеді, бұл да заманның өзгерісі шығар дейтін.

Қазір барлық ауыртпалық артта қалып, ел қатарлы балаларын жеткізіп, қызын ұзатып, Айбарының артынан ерген ұлын үйлендіріп, аузын толтырып немере сүйіп отыр. Сызып қойған сызығынан аттамағанның арқасында жаман атын шығармады. Ауылдастары да, Айбарының ағайын-туғандары да сыйлап, алдынан қия өтпейді. Өмір ғой, бәрібір жесірліктің бір шикілігі қылаң беріп қоятыны бар.

Бірде Айбардың құрдасы сыныптастарын түгелдей Алматыға қонаққа шақырған. Өзі сияқты жастай жесір қалған Қалдыгүл екеуі «барсақ па, бармасақ па?» деп көп ойланған. Жеме жемге келгенде баратын болып шешті. Жол-жөнекей келе жатып жесірлікті бір адамдай татқан сыныптас Қалдыгүл құрбысының айтқан сөзі әлі көкейінен кетпейді.

– Алмаш, енді екеуіміз шақырған жерге барғанда ентелеп төрге шығуға ұмтылуды қоюымыз керек. Қаншама рет байқадым, жоғары жаққа көбіне ерлі-зайыптыларды отырғызып жатады. Зады, «қатын – ердің тұсында» дегені рас шығар. Қалай айтса да, байы бар деген аттың өзі  дәреже, кәдімгі мәртебе екен. Сен қанша адал бол, қанша ақ бол, сабырлы, салауатты бол, тіпті ешқашан ешкімге көз қысып, ыңғай білдірмейтін азамат келбетті әйел бол, бірақ сенің бір ғана кемшілігің бар және ол түзелмейтін кемшілік – байы жоқ деген атақ. Егер сенің күйеуіңнің жоқ екенін білсе, аяғы ақсақ, көзі соқыр қатынға дейін байын қызғанады. «Үлкен үйге бара алмайсың, кіші үйге кіре алмайсың» деген осы. Өйткені сенің күйеуің жоқ. Ал байы бар деген сөз басқаның бәрін жуып-шайса керек. Әжем марқұм атамның үшінші әйелі болды. Мен өзі кішкене кезімнен сөз ұғар бала болдым да, ол кісінің абысындарына: «Еркек – әйелдің кірлі сабыны» деп айтып отырған сөзі есімде қалыпты. «Кірлі сабыны» дегені, күйеуі бар әйелге басқа сөз жуымайды, жуытпайды дегені ғой, – деп ауыр күрсініп сөзін бітірген.

Алмаш құрбысының әңгімесіне алғашқыда басын шұлғи мақұлдап отырғандай еді, артынша қабағы түксиіп, бір нүктеге қадала қарап қатып қалды. Өзінің қалың ойдың жетегінде кеткенін байқамады білем, ортаны үнсіздік жайлады. Қалдыгүл де ауыр айтылған ойдың бір шеті құрбысының да жан жарасын тырнап кеткенін сезіп, ол да әліптің артын бағып үндей қоймады. «Қашан, қайда болмасын жесірліктің әңгімесі алдымыздан шыққанын қоймады-ау» дегендері ме, екі мұңлық үнсіз түсініскен кейіп білдіргендей. Бірақ құрбысының айтып тұрған шындығының алдында екеуі де дәрменсіз еді. Бір кезде сайрай ала жөнелсін.

–Қалдыгүл, сонда біз жесір деген аттан өлгенде ғана құтыламыз ба? – деді басын шалт көтерген Алмаш. – Қай заманда болсын осы қазақ жесір әйелдерден не жамандық көрді? Сонау зобалаң жылдары арыстары атылып, айдалып кеткенде солардың іздеушісі, жоқтаушысы болған кімдер еді? Солардың артындағы ұрпағын сақтап қалған сол асыл жарлары емес пе?! Артынша соғыс басталып тігерге тұяқ қалдырмай ер азаматтың бәрін жаппай майданға әкетті. Ауылда кәрі-құртаң шал-кемпір мен бала-шағаға ие болып кіл жесір әйел қалды. Сол байғұстардың өздері «шыңғырып ішіп, шыңғырып тышып», тойып бір тамақ ішпесе де етекті түріп тастап, білекті сыбанып таңның атысы, күннің батысы бел шешіп жатпай санаспай еңбек етті. «Қалайда әрқайсымыз жеңісті жақындатуға үлесімізді қосуымыз керек» деген ұранға үн қосып, азық-түлігі бар, киім-кешегі бар, әйтеуір қолынан не келеді, бәрін жасап, шаршау дегенді білмей өткен де солар емес пе еді? Марқұм анам айтып отыратын, «Соғыс жылдары  айналаң жесір тұл қатын.   Бір колхозда еркек атаулы қалмай, жесір ауыл атанған жағдайымыз бар» деп. Сондағы әйелдердікі неткен төзімділік, шыдамдылық, неткен жанқиярлық десеңізші?! Бәріне көнді, бәріне шыдады. Арды ойлаған сол аналарымыз емес пе, жалғыз өздері-ақ бала-шағасын тістелеп жүріп өсіріп, ошағын сырмай, шаңырақтарының отын сөндірмеді. Ал қаншама әйел майданнан қара қағаз келгенде көз жасын көл етіп, сағыныштарын баса алмай кетті?! Қаншасы хабарсыз кеткен күйеуін, баласын күте-күте зарығып күндерін өткізді. Көздері жұмылғанша үміттерін үзбей, ақыры сол армандарын қара жерге бірге алып кетті емес пе?

Алмагүл екпіндеп барып тоқтады. Құрбысы алғашқыда басын изеп, қоштап отырған. Бір кезде ол да қалай әңгімеге араласып кеткенін байқамай қалды.

– Рас айтасың. Әсіресе, құдай қосқан қосақтарын көздері жұмылғанша күтті дегенің рас. Анам бізге осындай болған бір оқиғаны құлаққағыс ғып айтқаны бар. Көрші ауылда бір баласымен жесір қалған әйел күйеуін соңғы демі біткенге дейін күтеді. Қашанда үйден көшеге шығарда баласына: «Құлыным, мен бір жерге барып келе қояйын. Әкең келіп қалса, мені қазір келеді де. Сені күтіп жүр де!» дейтін көрінеді. Болмаса көршілеріне: «Күйеуім келіп қалуы мүмкін. Келсе «сені әйеліңіз күтіп жүр. Келіп қалады» деп ескертіңдер дейді екен. Жасы келіп, екі дүниенің ортасында жатқанда да баласына: «Айналайын, құлыным! Мен кеткен соң да әкең келіп қалуы мүмкін. Келсе «Әке, анам сізді қатты күтіп өтті!?» деп айтуды ұмытпа?» деп көз жұмған екен.

Қалдыгүл соңғы сөзді әзер тығылып жеткізгенмен, жасаураған жанарын жасыра алмады. Сәл үнсіздіктен кейін:

– Иә, Алмагүл айтқаныңның бәрі рас. Бәрі рас. Маңдайға жазылған тағдырға не шара?! Қой, жесірліктіңмәселесін сен екеуіміз шешпейтін шығармыз. Кімнің аузына қақпақ боласың. Жесірлік бізбен-ақ кетсін. Осы жерден әңгімені тоқтатайық… Қонаққа кетіп бара жатырмыз ғой… Түнеріп бармай, жарқылдап кірейік… Елеп-ескергендеріне де рахмет…

– Рас-ау, Қалдыгүл. Мен де қай-қайдағы, жай-жайдағы өткенді айтып нем бар еді.. Кейде осылай қарадай күйіп кететінім бар. Кешірші…

Бұлар үйге кіргенде көптен көрмеген сыныптастар көрісіп, хал сұрасып арқа-жарқа болып жатыр екен. Қонақтарды дастарқанға отырғызар тұста «пәленше, түгенше төрге шығыңдар» деп үй иесі кімнің қайда отыратынын ескертіп жатты. Екі құрбы сол жолы Қалдыгүл айтқандай  есік жаққа жайғасқан. Бұрын: «Оу, біздің сыныптың серісі мен сұлуы. Құралайды көзге ататын мергеніміз, серкеміз» деп Айбар екеуін қоярда қоймай төрге шығаратын. Қалдыгүл айтпаса қалай байқамаған, төмендей бастағаны рас-ақ. Жас келе төрің не, әйтеуір қатарларынан қалдырмай шақырғандарына риза.

Хош. Содан үзілісте қаланың көп қабатты үйлерінің бөлмелері белгілі, тар. Адам көп. Тер басайын деп балконға шықса, Айбардың жақын досы Кемел темекі тартып тұр екен. Ойында ештеңе жоқ, салдырлап әңгіме бастап айтып жатқан. Бір кезде Кемелің: «Алмагүл, сен кешірші. Егер екеуіміздің балконда оңаша тұрғанымызды Шәмшия көрсе, қызғаныштан ұрыс шығарудан тайынбайды. Кейін…кейін…» деп шегіншектеп есікке жаққа қарай жылыстайды. Төбесінен біреу қос қолдап ұрғандай есеңгіреп қалсын. Сәлден кейін ғана сасқанынан «иә, иә, әрине, әрине» деп қала берген. Есіне Қалдыгүлдің жол үстінде айтқан әңгімесі түсіп: «Ойпырмай-ай, Қалдыгүл әулие екен-ау…» деп таңқалғаны бар. Жесір әйелдің «жүні қызыл» дегені осы да.

Зымыран уақыт-ай десеңші, Айбардың да дүниеден өткеніне жиырма жылдың жүзі болыпты. Уақыт емші деп жатады. Қайдан емші болсын, ерінен көңіл қалмаған да қиын көрінеді. Не сөзге келіп, не бет жыртысып ұрсысып көрмеген соң, көңіл сөндіретін жаман қылығын таппай әуре. Дүниеден ерте өтеріне көрінді ме, ең болмаса бетіне бір жел болып тиіп, «тәйіт» демепті. «Алмаш, Алматай» деп өтті. Кейде жолдастарының: «Осы сен неге әйеліңнің айтқанынан шықпайсың? Бір нәрсе айтсақ: «Алматай біледі» деп отырасың. Еркексің ғой, өзің-ақ шеше салмайсың ба?» дейтіндерге де жауабы дайын еді. «Мен осы сендер сияқты  айтысып-тартысып жүретін ерлі-зайыптыларды түсінбеймін. Оу, әйелің сенің айтар жөн сөзіңді айтып, әйелдік, келіндік міндетін  қамшы салдырмай атқарып, ағайынға да, досқа да сенің абыройыңа абырой қосатындай іс атқарса, аузымыз, не қолымыз қышып несі бар. Кейде менің Алматайым анамның рөліне кіріп, баласындай өбектейтіні бар. Мұндай әйелге не айтасың?!»  деп қоюшы еді. Содан да шығар Алмагүл кешқұрым ұйықтарда күндіз біреу, түнде екеу болып азапқа түседі. Айбарға адалдығы шығар, құдай қосқан қосағының қара шаңырағы, қара орманының түтінін өшірмей, артында қалған ұрпағының жаман атын шығармай қоңыр тіршілігімен біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүріп жатты.

 

***

 

Көзін жұмып, кірпік айқастырғанмен ұйқы қашты. Өлім мен өмір туралы кезек ойлайды. Өмірде жақындарынан алғаш жоғалтқаны әкесі. Ол кезде бесінші сыныптың оқушысы. Әкесін жоқтап біразға дейін елегізіп жүрді. Кейінгі өмірінде де өлімді аз көрмепті. Одан кейін Айбарынан айрылды. Көркіне ақылы сай әпкесі де келместің кемесіне мінді. Артын ала  насы кетті. Көкпар тартып жүріп, электр бағанасына соғылып інісі мерт болды. Бертін келе  өн жосықты білетін ағасының әйелі, аяулы жеңгесін де көп көргенін қарашы. Енді міне, олары аздай, сол үлкен ағасының ортаншы ұлы Батыржан Алматыдағы қаңтар оқиғасының құрбаны болғанын қайтерсің. Қаңғыған оқ па, қарақшының көздеп атқаны ма, қыршынынан қиылып кете барған көп боздақтың бірі. Жан жарынан бір, бауыр ет баласынан екі айрылып аңырап қалған ағасының жағдайы жанына қатты батты. Ер азамат қой, Қадірқұл көкесі бұл қайғыға да шыдар. Үйелмелі-сүйелмелі бейкүнә бөпелерін құшақтап, аңырап қалған жас келінді аяған. Бір кездегі өз басынан өткен хәлді толық сезінді.

Кішкентайы науқастанып, дәріханаға шықса керек. Ар жағының қалай болғаны беймәлім. Ереуілдеген топқа өзі барып қосылды ма, әлде күштеп әкетті ме, белгісіз. Үйге екі күн келмей ұшты-күйлі жоғалғанда барып іздеу салған. Батыржанның мәйіті көпке дейін табылмады. Дерегі үш күн дегенде орталықтағы мәйітханадан шықты. Денесі жырым-жырым, тиген оқ балғын дененің дал-дұлын шығарыпты. Құжаттары дұрыс болмай сүйегін келесі күні әкетеміз деп келіседі. Ертесіне келінге ілесіп бұл да барды. Бірақ Батыржанның мәйітін тапса ше. Ұшты-күйлі жоқ. Онсыз да бордай үгіліп тұрған жас келінді сыртқа жіберіп мәйітхана қызметкерлерімен біраз айтысқанмен пайда жоқ. Басшысына дейін кіріп жүріп мәйітханадағы барлық қайтыс болған  адамдардың мүрдесін қайта қарап шығуға екеуіне рұқсат алған.

Мәйітхананың іші қара суық. Әр бөлмеде жансыз қуыршақ секілді серейіп үсті-үстіне жатқан мәйіттер. Іштей «бисмилләсын» айтып, екеуі Батыржанды іздеуге кірісті. Аралап келеді. Екі үлкен бөлмені қарап шықты. Жоқ. Соңғы үміті қуыстағы бөлме. Келіннің жылағаны ма, жаурағаны ма белгісіз, дір-дір етеді. Сөйтіп келе жатып Алла тағала сездірді ме, азаматының пошымын алыстан таныған сыңайлы. Шалқасынан жатыр. Мәйітхана қызметкері шашынан тартып бетін көрсетті. Тастай қатып қалған күйеуін көргенде келін талықсып отыра кетіп, шыңғырып жылап жіберсін. Артынша екеуі қосақталып жылап жүріп, Батыржанды кілемге оратып алып шықты. Не істесін? Жолай келінге басу айтып, болған іске бекем болуға қайраттандырып бақты. Сонда ғой, өзі нәзік көрінгенмен келіннің жігеріне таңғалған. «Болар іс болды, бояуы сіңді» деп отырмай, «Көресіз әпке, ер азаматымның құнын даулаймын. Әділдігіне жетемін» деген тістеніп. Келіннің кесімді сөзі әсер етті ме, бірден көз алдына өз өмірі келген. Айбар қайтыс болған кездегі оқиғалар, күйзеліспен-күрсініспен өткен жылдар көрінісі кинолентадай зымырап өтті.

Алмагүл де ол кезде осы келін секілді жас еді. Бірақ бұлай сөйлемек түгілі, жігері құм болып үгітілуге шақ қалған. Әлде, даланың жесір әйелі мен қаланың жесір әйелінің айырмасы болғаны ма?! Дүниенің бар қызығы Айбарымен кетіп, қара түнекте жалғыз қалғандай тілі байланып, өмірден баз кешті емес пе?! Қазір де жетісіп жүрген ештемесі жоқ. Жалғыздықтың аты – жалғыздық. Қырық-шұрық жаны бар. Талайлар «екі жарты бір бүтін болайық» дегенді көзбен ұқтырып, сөзбен де айтты. Бірақ біріне ырық берген емес. Денесіне еркек шыбын қонса қонған шығар, бірақ бөтен ер азаматқа терезесін қақтырып, төсегіне жантайтып, етегін көтерткен жоқ. Балаларына адал ас берді. Соның арқасында ағайын-туысқа сыйлы. Қазір ұл-қыздарының да, басқаның да бетіне тура қарай алады. Аз ғұмыр кешсе де, Айбарымен бірге өткізген қызықты да бақытты шақтарын әлі күнге аялап келеді. Өмірінің мәні де, сәні де бауырындағы балалары, бірінен бірі өткен тәтті немерелері. Солардың амандығы – бүкіл өміріне медет, таусылмас нығмет. Алла Тағала балапандарының қайғысын көрсетпесе екен дейді. Алмагүлді қазір ойландыратыны, жарайды, жасырақ кезінде берген қиындығы, бейнеті ұмытылып, білінбей кетті ғой. Ал ендігі өмірінің соңы қалай аяқталады? Балалар еңбегін ақтап, қабағына қарай ма? Беретін сорпа-суын  ықыласпен бере ме?! Міне сол ой көбірек толғандырады.

Дәл қазір жиырма жылда жинақталып қалған шемен шердің шетін шығарып еске салған – мына жас келіннің мойнына түскен зіл батпан қайғысы. Тас түскен жеріне ауыр, бұның да көресіні әлі алда.

Ойды ой түртеді демекші, Алмагүл осы күні тәубәшіл болып алды. Өткенді өкіну үшін емес, сабақ алып, шүкіршілік ету үшін еске алу керектігін түсінетін ақылы бар басында. Батыржанның қазасын естігенде келген ойы қайткенде де күйзеліп, қайғыдан   қара жамылып отырған жас жесірге тіреу болу еді. Ақылын айтып, өз өмірінен мысал келтіріп қатайту болатын. «Қарағым, ертең Алматыңа барасың, қазір көпшіліктің ортасында ештеңе сезінбей отырсың.  Енді Батыржансыз реңі басқа өмір басталады. Оның аты – жесірлік. Жесірлікті мен де жақсылы-жаманды басымнан өткізіп келемін. Ағаңнан жиырма тоғыз жасымда қалып, жалғыздықтың сүрлеуінен өттім. Қалқам, тағдыр деген қатал патша, мойныңа екі қоржынды артып, өз сүрлеуіңе салғалы отыр. Ол екі қоржының зіл батпан, етегіңде екі балапаның. Міне, сол сүрлеуден екі көзің соқыр болып адаспай, тұманды суық күнде тоңбай, қажымай жүріп өтуің керек. Одан басқа амалың жоқ. Мені де елдер сүйемелдеп, жан-жағымнан алып осы жолға салып, артымнан туын байлап жіберген. Сол туымыз желбіреп, «оу, мынау жесір қатын өйтіп жүр, жесір қатын бүйтіп жүр» дегізді. Жесір қатын ағайынға да, тіпті құдайға да жақпайды екен. Сол үшін өзімнен кейінгі ерген келіндердің жесір қалғанын естісем, жүрегім ауырады. Кезінде мені Айбардың қырқына дейін қорғанның басына жібермеді. Өйткені, қатты есеңгіреп қалдым. Қайғыны көтере алмай, ішкі жан дүнием өртеніп, жанып кете жаздағанда қорғанға барып, мүрдені құшақтап жылағанда  ғана, кеудемдегі өксігімді басқандай  басымды көтердім. Батыржан бізге арман, мұңын айтқан жоқ. Айтатын анасы да жоқ, сенімен сырласқан шығар. Оның анау көкжиектің жиегінде жете алмай кеткен арманы қалды. Сол арманға, шыға алмаған шыңдарына енді сен шық, сен жет. «Әйелдің ақылын – жесірінде байқа, баланың ақылын – жетімінде байқа» деген, жалғағаның үзілмесін, толтырғаның ортаймасын, айналайын», – дегендей сөздерін жұптап, іштей дайындалған. Бірақ соның бірі керек болмай қалған. Келін бұл ойлағандай осал емес, тіпті мұның өзінен мықты шықты. «Батыржанды өлтіргендерді табамын, қырқын өткерген соң Астанаға көшемін. Батыржан  үйдің кішісі болғанмен, ауылда тұрып, қайын атама қарай алмаймын. Ауылда күнкөріс нашар. Мен бұрынғы стереотиппен өмір сүре алмаймын. Балаларымды қалада оқытамын, кейін шетелге жіберемін» дегендей ойларын шегелеп тұрып айтқан. Алмагүл болса келіннің кесек те кесімді сөзінен іш жиып қалса да, «бір білгені бар шығар» деп қарсы келмеді. «Иә, қарағым, өзің білесің ғой. Қиналып қалма, әйтеуір…»  деп қамқорси тіл қатты да қойды.

Алмашты ойландырған келіннің сөздері көпке дейін көкейінен кете қоймады. Бұл болса, қасірет пен қайғы, мұң мен шер, қатігездік пен қаталдықтың бәріне қарсы дәру – әйелдің жүрегіндегі жылу деп ойлапты. Әйел бойындағы мейірім шуағының жеңбейтін қиындығы мен зұлымдығы жоқ, ол қара тасты да ерітеді депті.

Әлде, жап-жас мөлдіреп отырған қаралы сұлудың басына түскен қасіретті көріп, қанша жаны ашыса да, оның «Мен мыңқиып отыратындардың санатынан емеспін. Әлі ізденемін», – деп ашынғаннан есін тез жиып, қаза үстінде-ақ мақсатын қойып алғаны Айзада келінге ғана тән мінез бе екен?

Ойлап қараса, Айзада келіннің бұл шешімі, әрекеті де дұрыс шығар. Қазір заман басқа. Уақыт өзгерді. Қажет жерінде қаталдық танытып, жігеріңді жанымасаң, қатігез қоғам таптап өте шығады. Байғұс бала жетісіп отыр дейсің бе? Өмірі енді басталып келе жатқанда басына қасірет бұлты үйірілді. Енді жуық маңда тарқай қоймас. Сол бұлт, сұр бұлт алдағы уақытта найзағай ойнатар, нөсер боп төгер, тіпті бұршақ боп ұрар. Төксе төксін, ұрса ұрсын, тек желкілдеп өсіп келе жатқан жас өскінді баудай түсіріп, бақшасын солдырмаса екен. Соңы жақсы болса бопты  деген күрсініп.

***

Таң бозарып атыпты. Түні бойы көз ілмеген Алмагүл ауыр ойды төсегінде қалдырып, жеңіл көтеріліп далаға шықты.

 

 

ӘЙЕЛ ЖАНЫ

 

 – Балалар, Ұрқияның көкесін қараңдар? Тағы да мас…

Алдыңғы партада отыратын Құлжабайдың сыбыр ете қалғаны сол-ақ екен,  оқушылардың назары көше жақтан айғай-сүрең салып шауып өткен аттылы адамға ауды да, сыныпта қыбыр-жыбыр көбейе бастады. Ұрқия ду ете түскен бетін айналасындағыларға көрсеткісі келмей, басын төмен тұқшита қойды. Сыр бермегенсіп қаламын қолына алды да, ызалана әлгінде ғана өзі жазған «сынып жұмысы» деген сөздің әр әрпінің үстінен сиясын қоюлатып, баттастыра түсті. Бар өшін  дәптерден алғысы келгендей, ақыры парақты тесіп тынды. Осы кезде әкесі ойқастап терезенің тұсынан тағы өтпесі бар ма? Енді не істемек?  Алдыңғысы аздай, мұнысы не? «Көкетайым-ай, бұл не жүрісіңіз?Мектептің алдынан басқа жер құрып қалды ба? Ұяттан өлетін болдық қой. Одан да келіп  өз қолыңызбен өлтіре салсаңызшы…» – деп іштей назаланғаны сонша, күрек тісімен жымқыра тістеп алған ерні қанталап шыға келді.

Не істеу керек? Не істеуі?

Жоқ, әлде жүгіріп шығып: «Көке, көкетай үйге барыңызшы!», – деп жалынып, жалбарынса ше?! Бірақ, оны тыңдай қояр көкесі бар ма?! «Құдайым-ау, мынау сабақ неткен ұзақ? Не деген ауыр күн…» деп іштей қиналып, өзін өзі жеп барады. Әншейінде қырық бес минөт сайын соғылып жататын қоңырау үніне сонша зәру етіп қойғанын қарашы. Бір жағынан намыс иектеп, бір жағынан шарасыздыққа қамалып екіұдай хәл кешкен Ұрқияның титімдей жүрегі аузынан ытқып шығардай, тынымсыз соғып кетті.

Күткен қоңырауы да соғылды-ау. Дереу қолтығына сөмкесін қысқан бойда інісі Орынғазы оқитын бесінші  сыныптың есігіне жетіп барды. Арғы жақтан балаларды қаға-маға сытылып шыққан  інісінің де өңі құп-қу. Ол да әкесін терезеден көрген болды ғой. Екі мұңлық бірін-бірі айтпай-ақ түсінісіп, сыртқа тұра ұмтылысты.

Жүгіріп келеді… Асыққанда қарашы, үйлері де алыстап кеткен бе? Жүгіріп келеді… Жүгіріп келеді…

Ұрқияның әкесіне деген өкпесі қара қазандай. Сөйтсе де, соншалықты жек көре алмайтыны қалай?! Ол кісінің сау кездегі момақан мінезін ойласа, қайнап тұрған зығырданының беті қайта бастайды. Кейде оған көкесінен данышпан, одан асқан бауырмал адам жоқтай көрінеді. Ісі де орнықты, орынсыз ешкімді мазаламайды. Бейпіл сөзге де жоқ. Оған шешесінен гөрі көкесімен тіл табысу әлдеқайда жеңіл, қызық та. Оқыған, естіген жайларын жадында ұстағыштығын айтсайшы.

Жайшылықта осындай жап-жақсы әкесінің ішіп алғанда адам танымастай өзгеріп, көрінгенмен жағаласып ұрыншақ болып кететініне түсінбейді. Бар жасаған жақсылығы құмға сіңген судай ғайып. Адамды жын ұрғандай құтыртып жіберетін осы бір «ащы» судың кереметі неде? Оны осы ауылда жалғыз әкесі ішпейді. Байқаса біразы-ақ сілтейді. Бірақ бірде-біреуінің ың-шыңы шықпайды. Ал көкесінің сәл ұрттап алғаны көзінен, болмаса барқыраған даусынан-ақ білініп тұрғаны. Есіріп кетеді-ау, есіріп. Ондайда Орынғазы екеуін қойшы, қашса да құтылып кетеді. Ал апасын қайтпек? Көресіні сол шешелері көреді. Бірақ, бәріне шыдайды. Шыдамасқа амалы қайсы? Өз қолын өзі кесе ме?

Есіне анасына айтқан сөзі түсе кетті.

– Апа, апатай, басқа жаққа көшіп кетейікші. Балалардан да, мұғалімдерден де ұят-ай. Әкем үшін  ұяттан жерге кіріп кете жаздаймыз. Ана жолы мұғаліміміз Базаргүл тәтейді: «Әй, Базаркүл! Сенің оқушыларға сабақ беретіңдей қай жерің мұғалім, көшенің өсекші әйелдерінен ілгері ештеңең жоқ» деп тіл тигізіп, боқтап кетті. Содан кейін-ақ апай тоқсандық қорытындыға беске шығайын деп тұрған жерімнен, төртке шығарды. Енді қалай мектепке барамын, оқымаймын, – деп апасына мұңын шағып,   жылағаны бар. Сонда апасы маңдайынан сипай:

– Шыда, балам. Бізге кім жақсы әкесін бере қояр дейсің? Қандай болса да өз әкелерің. Ішкенде ғой бар жақсылығын бір-ақ күнде жуып-шайып жіберетіні. Болмаса, –деп ақтап сөйлегеніне біраз жуасып қалса да:

–Апа, көкем арақ ішкенде қашанғы қашып-пысып жүреміз? Сізді неге ұрады? Біз үлкен болдық қой. Көкем осы біздің қай сыныпта оқитынымызды да білмейтін шығар. Ұрқия әкесіне деген назасын сол жолы осылай шешіліп айтыпеді.

Қызының қиналып айтқан сөзі шеше байғұсты біраз ойлантты. «Құлындарым-ай, өздеріңді әлі ойын баласыма деп жүрсем, бұл антұрған сендерді де есейтіп жіберген екен ғой», –деп іштей езілген.

– Қызым-ай, әкелеріңе біржақты қарамаңдар. Оның көрген бейнетін, қорлығын  ешкімнің басына бермесін, – деген сосын. – Соғыстан контузия алып оралды. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген. Қан көрген. Одан кейін немістің тұтқынына түсіп, ит қорлықты көрсе де, аман қалған. Жаны олжа адам ғой. «Басқа түссе баспақшыл» деген, қайтеміз, шыдаймыз да. Жақсы күнінде жолдас болып, енді орта жолға келгенде тастап кетеміз бе? Ақылсыз емес қой, ішкенде болмаса… Жаны мырза, ақкөңіл.  Сендер ержетіп келесіңдер, өзі түсініп қояр. Әлі-ақ бір күнгідей болмай кетеді,– деп көңілдерін үмітке арттырған.

Ұрқия осы ойлардың жетегінде үйге қалай жеткенін байқамай қалды. Ентігін баспаған күйі дәлізге кіргенмен, жөпелдемеде үш бөлменің әуелі қайсысына бас сұғарын білмей апалақтап сәл кідірді де, ас үйдің есігіне ұмтылды. Пештің алдында жүресінен отырып әлдене істеп жатқан шешесінің қаперінде ештеңе жоқ. Кенеттен айқара ашылған есікке еріксіз жалт қарады. Сөйтті де, балаларының жанарындағы үрейді көріп, өре түрегелді.

– Апа, апатай, тез тығылыңыз. Не ана Жүндібай атамның үйіне бара тұрыңыз. Көкем тағы да мас, көшедеатпен жүр.

– Не дейді, Құдайым-ау! Тағы да ма?..– Даусы шошына шыққан Теңгебала тұрғанжеріне сылқ отыра кетті.

– Апа, сізді көрсе тағы да ұрады ғой. Біз үйде қаламыз. Көкем келмей бір жаққа кетіңіз!  – деді де соншама уақыт тығылып келген Ұрқия өкіріп жылап жіберді. «Апатай, сөйтіңізші» дегендей Орынғазының да екі көзі боталап, жәудірей қарады.

– О, құдайым-ай!? Тағы да берекені алады десеңші. Бүгін оны кім жарылқай қойды екен. Ай, Құдай-ай… Көршілерден,  ел-жұрттан ұят болды-ау!.. Әй, бірақ ұяттан адам өлетін болса, көзімнің құритын уақыты жетті ғой. Сендер мына ас үйдегі қолға ілінетін артық-ауыс ыдыстарды, пышақты жасырыңдар. Мені қояр да қоймас іздеп бара жатса, ақырын ғана біреуің шақыра қоярсыңдар, – деп алма-кезек балаларына қарап еді, жанарларындағы мөлтілдеген жасты көріп, жүрегінің бір тамыры үзіліп түскендей болды. Көзін жұмып сол ауырсынғандықты сезініп, бір орнында тұрып қалды. Қас-қағым уақытта бір-бірін іштей түсініскен үшеуі көзбен ұғысқандай. Үнсіздікті шарасыз ана бұзды. Далбасалап шегеде ілулі тұрған енесінен қалған шапанды иығына іле салды да: «Сөйтіңдер, жандарым, сөйтіңдер» дегенді жайлап айтқанмен, іштей егіліп, езіліп бара жатты.

Балалар үшін шешелерінің бұл жайы үйреншікті. Ұрқия мен Орынғазы екеуі тете өссе де бір-бірінің қас-қабағын аңдып, қобалжып тұрғандарын сезгенмен, ләм деп тіл қатпастан бөлмедегі артық-ауыс заттарды жинастыруға кірісті.

Біраз уақыт өткеннен кейін көше жаққа алақтап, балапандарын қорғаштаған қарлығаштай үйге қайта кірген шарасыз аналары балаларының қимылына сенбеді-ау деймін, бөлменің реттелуіне өзі араласа жүріп, пысықтап айтып жатты.

– Ал, құлындырым, әкелеріңді өздеріңе тапсырдым. Екеуің екі жақтап «көкелеп» жатқызыңдар. Бірақ абайлаңдар, абайсызда қате тисе де, бата тиіп кетіп жүрмесін. Ішкен адам ғой, оған бәрібір. Сендерді ойласа, осылай жүрер ме? Әне, ана шауып келе жатқан сол шығар. Бұған ат мінгізіп не керек еді. Кеңшарда осыдан басқа шөпке қарауыл адам таппағандай, – деп ақырын басып шығып кетті.

Бір мезетте көше жақтан Садықтың қарлыққан үні естілді. Балалар әкесінің үйге кіруін күтті.

Астыма мінген атым Мақпалқара,

Пять десять пять рублей серебро-аху-ай.

Көңілім нет, не видал болса-дағы,

Әй, қатын,қайқаңдамай бермен қара-а-ай…

Ішіп алғандағы әдетінше әнге басып, тізеден сәл биіктеу қашадан Мақпал қарасын ырғыта секірткен Садық есік алдындағы текпіршекке ат басын тірей, бір-ақ тоқтады. Біреу шығып қалатын шығар деп, ер тоқымның  басынан қос қолдап ұстап, шайқалып біраз отырды да:

– Өй-й! Кім бар мына  үйде?..

– Ұстаңдар аттың басын!..

– Әй, Татьяна, қайдасың?..

– Өй, әжесінің бір жапырағы, мына әкеңнің баласы қайда жүр-ей, – деп қолындағы сегіз өрім қырғыз қамшысымен ат үстінде есікті тулақтай сабауға көшті. Әкелерін манадан бақылап тұрған балалары сыртқы есікті сескене ақырын ашты да:

– Біз бармыз, көке. Апам моншаға кеткен, келіп қалар. Ал, түсіңіз, – деп Ұрқия аттың оң жағынан қолын соза бергені сол еді, Садық атын тебініп, қолындағы қамшысын ербеңдете:

– Шешең қайда?

– Моншаға кетті?

–  Қайда-а?

– Мон-ша-ға кетті…

– А-а, моншаға кетті де. Кірлеп қалған екен ғой. Мен қазір оны барып моншадан суырып шығарайын. Қарашы о қатынды, мен келгенде үйде болмайтынды шығарыпты, – деп аттың басын бұра бастап еді, Орынғазы тізгінге жабысып, ырық бермеді.

– Көкетай, бармаңызшы! Ұят қой, келетін уақыты да болып қалды. Қазір-ақ Ұрқия барып шақырып келеді, – деп шыр-пыр болды. Орынғазы қоярда қоймай екпіндеген аттың басын бағанаға қарай тартты. Иесінен әбден зықы шыққан Мақпал қарасы үйреншікті орнына қарай іркілмей ілесе жөнелді. Әкесін еппен түсіріп жатып «ешкім көріп қалған жоқ па?» дегендей, жан-жағына жалтақтай қарады. Көкесі тек үйге кірсе болғаны, содан кейін не істесе, оны істесін. Орынғазыға керегі сол. Әкесін сүрініп-қабынып төрдің алдына жеткізді де: «енді демалыңыз» дегендей қолтығына жастықты сүйей қойды.

Жату қайда? Жастықты алып лақтырып жіберсін. Орынғазы болса жүгіріп барып, әкеліп қайта қолтығына тақады. Мас адам емес пе, бұл жолы өз денесіне ие бола алмай көлденеңінен құлап түсті. Сосын қолын ербеңдетіп, түсініксіз бірдеңелерді міңгірлеуге көшті. Бір кезде басын көтеріп алып:

– Ал, балалар, бүгін көкелерің тағы мас. Бірақ… Мен арақты өле өлгенше қоймайтыным тағы рас. Ақыры мені тұтқынға өзім барып түскендей «сатқын» дейді ме… Немістен жеңілдім, орыстан жеңілдім, енді арақты жеңбей қоймаймын. Рас па, жоқ па, Мыңғаз?

Әжесі марқұм Орынғазыны еркелетіп «Бір жапырағым. Әкесінің орнын басар Орынғазым, Мыңғазым» деп атайтын.

– Ой, әжесінің бір жапырағы, Мыңғазы. Әкеші бетіңнен сүйейін, – деп баласын бас салып сүйсін келіп.

Сәл орнай қалған үнсіздікті әкесінің қайтадан барылдай шыққан дауысы бөліп жіберді.

– Мыңғаз-ау! Сен не білесің? Мына жаман әкең «ел-жұртқа келемін-ау», «ұрпақ сүйіп, сендерді көремін-ау» деп ойламақ түгілі, түсіне де кірген жоқ. Жаратқан бергенннен айналайын, сендерді көрсеткен. Тап қазір өле қалсам, арманым жоқ. Қамал шешем байғұс арыстай үш ұлын майданға аттандырып біреуінен топырақ бұйырмайтын болды-ау деп аңырап отырғанда, мен келдім. Мына сенің атыңды соғыста қаза тапқан сол бауырларымның орнын бассын деп Орынғазы қойдым. Осыған тәубе, тәубе, – деп ағыл-тегіл жыласын келіп. Бір кезде пора-порасы шығып терледі.

– Мына ел мені ішкіш дейді. Жынды дейді бірақ, солар менің шерменде көкірегімде не болып жатқанын  біле ме екен? – Садық кеудесін аямай соққылап тастады. Бір кезде сабасына түскендей:

– Әй, Мыңғазы, Ұрқия! Айтыңдаршы, қартайғанда мені қайсың асырап, бағасыңдар? Әлде «Сен шал жас кезіңде әбден құтырып, титығымызға тиюші едің. Бәлем, сазайыңды тартқызайық дейсіңдер ме!?» – деп баласына еркелеген сыңаймен жантайып жатайын деп еді, тепе-теңдікті ұстай алмай, етбетімен омақасы асты. Баласы тұншығып қалмасын дегендей тұра жүгіріп, әкесін шалқасынан жатқызды. Сөйтті де, бір жағынан уақыт ұттырайын дегені ме, жоқ әлде әкесін әңгімеге тартқысы келді ме, Орынғазы:

– Көке, қартайғанда сізді мен асыраймын, — деп тақ ете қалды.

– Ой, жарайсың? Ал, қалай асырайсың?

– Асырағанда қандай, сақалыңызды араққа малып, қойныңызды бөтелкеге толтырып асыраймын.

Садық қанша масайса да орынды сөзге тосылып, қалжыңды бір кісідей түсінетін. Баласының мына сөзіне көзінен жас аққанша күлсін. Кенет бүкшеңдеп жатып әзер дегенде аяғынан тұрды да:

– Сендерден жеңілдім, жеңілдім. Бағындым, бағындым, – деп жымиып екі қолын жоғары көтерді. Әкелерінің күлгеніне балалар да жадырап, арқаларын кеңге салғандай болды.

– Шешелеріңді шақырыңдар, тиіспеймін, – деп Садық лезде мастығынан айыққандай сергек тіл қатты. Ішіп алғанда «рас па, жоқ па?», «рас па жоқ па?» деп мойындатып отырмаса әңгімесі жүрмейтін әкелері: «Кедей болып өлмедім, бай болып көрмедім. Әй, қатын, кедейдің бір тойғаны  – шала байығаны, тамақ сал», – деп қазан көтертпей қоймайтын. Шешелерін соған бола іздеп жатқан шығар деп, Ұрқия еппен далаға шықса, ол жазған да шыдамай қайтып келіп, терезеден тың-тыңдап жүр екен.

– Анау адамдар арамдықтарын қоймаса, мен де ішкенімді қоймаймын. Неге олар адамды күйдіреді. Ұрлап-жырлап тапқан азын-аулақ дәулетке мастанған әкеңнің дәп аузын ұрайындар-ай. Көкірегімде бәрі сайрап тұр-ау. Шындық қайдасың? Ау-у-у! Шындық қайда сенің күшің? Немістің жерінде келмедің? Орыстың жерінде келмедің? Енді туған  жеріме келгенде неге көрінбейсің? – деп өзімен өзі айғайлап сөйлеп кетті.

Бір уақытта басын жұлып алып:

– Шешелерің келе ме, жоқ па? Тимеймін дедім ғой, тимеймін, – деп аласа дөңгелек үстелдің үстінен қойып қалды.

– Не честно өмір сүреміз, балам?! Не честно. Неге бай, кедей болып өмір сүреміз. Алып бара жатқан білімдері де жоқ, әліпті таяқ деп білмейтіндер әкелерінің арқасында бізді місе тұтпай менсінбейді-ей. Соларың мен сияқты қиындық көрді ме? Соғысқа да ебін тауып бармады. Соған қарамай аяқтарын қалай-қалай басады десеңші. Ал, біздің неміз кем, аяғымыз ақсақ, көзіміз соқыр ма?

Орынғазы үндемеді.

Ұрқия есік алдына шығып шешесін ақырын шақырды.

– Апа, босқа қорқыппыз ғой. Көкем онша мас емес екен. Енді кірмесеңіз болмайды, іздеп жатыр. Апа, қорықпаңыз, біз бармыз,  – деп шешесін көндіріп, үйге ілестіре кірді. Теңгебала болса ештеңе болмағандай емен-жарқын:

– Иә, Сергей Иванович!? Болып-толып алыпсың ғой. Мұндай тегін олжаға қайдан батып жүрсің. «Бақытты шошқаның тұмсығы күнде батпақтан кетпес», – деп бипаздай сөйлей бөлмеге енді.

Сергей Иванович дейтіні, Сібірде жер аударылып жүргенде орыстар осылай атаған ғой. Ішіп алғанда қазақтарға орысша сөйлеп, боқтайтыны бар. Кейде әйелін Татьяна Васильевна деп еркелетіні бар.

Төсенішке тесіле қарап отырған Садық әйелінің дауысын ести сала, басын жұлып алды да:

– Ой, пить будем, гулять будем,

Смерть придет помереть будем, – деп әндете жөнелді. – Сергейің кімнен қорқады. Сыйлады, іштім. Жалақымнан емес, міне, бәрі түгел, – деп қалтасынан бірнеше «сары-шұнақтарды» шығарды. – Мені білесің ғой, адамға да, араққа да қарадай ұрынбаймын. Кейін айтам, қазір балаларды жіберіп біреуін алдыртшы. Күйдіргілер күйдірді ғой, – деп сабасына түскендей тіл қатты.

– Әй, бар бол сен, бар болғыр. Сенен арақ аяйын дейсің бе? Мазамызды алып діңкелетесің ғой. Осы қалпың жақсы, ендігісі артық болады.

– Өй, мына қатын қайтеді-ей?! Тұсауды кеңге салсам.Тіпті, кетіп бара жатырсың ғой. Мен саған адам сияқты айтып тұрмын. Күйіп тұрмын! Әкел дегенде әкел!

– Құдай үшін Садық қойшы. Балалардың да зәресін алып біттің ғой.

– Бүгін неге іштім білесің бе?

– Айт ал, неге іштің?

– Ол былай болды, – деп ыңғайланып отырды. – Ертеңгісін бөлімшенің кеңсесіне кіргенім сол еді, әлгі көміршінің көсеуіндей болған керең  бастығымыз  ақырып қоя берсін. «Не бүлдіріп қойдым екен» деп сөзінің аяғын күтсем:

– Әй, Садық? Сенің Әбдікәрім әкеңнің жинап қойған шөбі жоқ мұнда. Анау Қалимолда шалға неге менің рұқсатымсыз шөп бересің? Шамасы, шалдың бір жартысын көмейіңнен өткізгенсің ғой, – деп күпсініп келе жатыр. Күйіп кеттім де:

– Өй, әкеңнің дәп, «Қасқырдың аузы жесе де, жемесе де қан» деген. Немене сен?! Арақ ішеді екен деп адамды босқа күйдірме! Сол шалдың кеңсе алдын тоздырғалы қашан? Бақырдай болған басыңның қазаншасында бірдеме бар болса, сол санаулы қалған ақсақалдарға бәлсінбей-ақ тиесілі шөбін өзің-ақ түсіртіп бермейсің бе? Әй, ұятың жоқ адамсың, ұятың жоқ! Өлмелі шалдан кеңірдегіме өткізсем, менің кім болғаным?! Әй-әй, сен өйтіп аузыңа келгенді көлгітіп семірме, семірме! Қашанғы осылай жүрем дейсің? Анау дүниеден өткен Әбдіғұл, Базарқұлдардан әулиемісің? Дүние олардан да қалды емес пе? Ал, бердім, апар апаратын жеріңе», – деп есікті тарс жауып шығып кеттім.

Не істейсің?! Күйіп кеттім. Сосын өшімді баяғы «ақаңнан» алдым. Шынымен-ақ өртеніп тұрмын, Теңгетай, Теңгебас, – деп қояр да қоймай ақыры Ұрқияны дүкенге жіберіп бір-ақ тыншыды.

Дегені орындалатын болған соң, әдетіне басып:

– Ал, Татьяна  Васильевна, қазанға ет сал. Таңғы нәсіп тәңірден, «кедейдің бір тойғаны – шала байығаны». Тіпті болмаса Мақпал қараны сойып аламыз. Біреуден кейін, біреуден ілгері жүріп жатқан жоқпыз ба? Рас па, жоқ па? – деп бір қойды. Бұл сөзден кейін де еш әрекетсіз отырған әйелін көргенде Садықтың ашуы түтігіп шыға келді.

– Сал давай! – деп бедірейе қалды.

Мұндайда құлдық ұрып жүгірмесе, қолына ілінгенін сілтеуден тайынбайды. Сыры өзіне мәлім күйеуіне кейи қараған Теңгебала орнынан тұрып, ошақ жаққа беттеді.

–Е, сорлы байғұсым-ай. Бүгін теріңе сыймай отырсың ғой. Ертеңсеніосылайкөрер ме еді. Ішкен күні аузына да, астындағы атына да тыныштық жоқ. Бейшара жануарды қайда жібермейді –Шолпанбайдың асына аза етіп сала ма? Бектенәлінің кіші ұлына бәсіре ғып бере ме? Басын жеп, сирағын лақтыра ма? Әйтеуір, қырық күйге келтіреді. Осы жануардың әні мен жыры таусылмай-ақ қойды. Әй, сойсаң сойып-ақ тасташы, – деді де бар ашуын тезектен алғысы келгендей, балтаның  сыртымен дүңкілдетіп ұрып, отынды пешке лақтырсын. Сәл аялдады да сабасына түскені ғой, азын-аулақ қалған етті қазанға салып жатып:

– Әй, ақкөңіл, жалаңаш батырым-ай. Жомарттығыңды жоқтығың ғана байлап тұр-ау. Балалардың тамағы, киімі де өсіп келеді. Сенің айтатын әнің, шығатын биігің басқалармен тең бе? Ішкенде ғана көңілің көк дөнен, мінесің де кетесің. Бір қайтамын деп ойламайсың, – деп бір қойды.

Бір қауым уақыт өтті. Оны-мұны істеп жүрген Теңгебала бұрқ-сарқ қайнаған қазанды байқамай қалды. Бір кезде еттің көбігі таралып кеткенін көрді де: «Әйтеуір сенің кесірің тимейтін жер жоқ» деп кепсерді етке нығарлай батырып, сорпаны сапыра бастады.

Ұрқия да дүкеннен келе қоймады, әйелін де күтуден жалыққан Садық:

– Әй, Татьяна, қайдасың? Не болды сонша, түйенің де жаңғақ тастар уақыты болды ғой. Қашан әкелесіңдер, – деп жыртыла айғай салды. Шалының даусы шыққаны сол екен  – шөлмек те келді, еттің қамырын салып, табағын көтеріп ол да жетті.

Үстел басына төрт көзі түгел жиналып тамақтан ала бергенде Садық:

– Кесе әкелші мынаған, – деді шөлмектің аузын тісімен ашуға ыңғайланып.

– Ой, құлқынның құлы болған сорлы неме-ай? Не болды сонша? Сенің осындайың ғой адамды күйдіретін. Алдымен дәмнен ауыз тимей жатып, ең болмаса стаканмен ішпеймісің, – деп кейи тіл қатты.

– Жә-жә, ақылгөйсімеші.  Соңғы кезде көңілім біртүрлі болып жүр. Неге екенін білмеймін, есімнен қырық жыл қырғындағы аяулы досым Сағындық кетпейді. Екеуіміз соғыс басталар жылы әскер міндетін бірге атқардық, елге қайтуға жиналып жүргенде, ойда-жоқта соғыс басталып кетті. Апалас-қапалас заманда да екеуіміз бірге болдық. Бірге тұтқынға түстік. Ешкімнің басына  бермесін, қорлық-зорлықтың неше бір атасын көрдік қой. Бірақ, кеудеңде жаның болған соң бәріне шыдайды екенсің. Өліп көрмедік, бірақ одан басқаның бәрін көрдік. Мына бас не көрмеді дейсің?! Бес жыл немістің, ол аз болғандай он жыл Сібірде орыстың тепкісіне шыдадым. Сондағы жан досым қарағандылық Сағындық тұтқындардың айырбасына іліге алмай, екеуімізді айырып жіберді. Содан Сашкамнан көз жазып қалдым. Тірі болса мені іздеп табар еді. Немістер көзін құртқан ғой. Өзі ақсары, маған қарағанда бойшаңдау, өнерлі еді. Сөзін жазып, өзі ән де шығаратын. Қоштасарда қиыла бір қараған жанары әлі көз алдымда.  й, жер басып жүргенде ме, бір жерден шығар еді. Сол Сашкам үшін, – деді де кесені бір-ақ  өңкерсін. Досының әні есіне түсіп кетсе керек, бұрышта тұрған домбырасына қолын созып еді, жете алмады. Әкесінің іс-қимылын бағып отырған Орынғазы,   мбыраны лып еткізіп алып бере қойды.

– Сашкам мына әнді концлагерде жүргенде шығарған еді, – деп  олақай бұралған домбырасын шертіп-шертіп жіберіп, қоңыр дауысымен әуезді бір әуенге салсын.

Күн қызарып батып барады,

Шырылдайды бозторғайлар…

Жарын күтіп… – деп бастағанмен, ары қарай сөзін ұмытып, қайта-қайта ыңылдағанмен, толық есіне түсіре алмады.

– Қап әттеген-ай. Көп айтпаған соң ұмытайын деппін ғой, — деді де ыңылдап-ыңылдап қайырмасына келгенде дауысын көтере:

«…Салдыр-гүлдір, салдыр-гүлдір,

Салдыр-гүлдір ойнайды…

Тағы да мәтінін ұмытып, ыңылдап барып:

…бұлбұлдары-ай, терең сайда сайрайды…» -деп әнді бітіргенмен, сөзін есіне түсіре алмағанына қатты қиналды.

– Сашкамның әруағынан ұят болды-ау. Осы әнді ұмытпай тұрғанда неге сендерге үйретпегенмін? Осы ән үшін, Сашкам үшін бір рет алып қойсам, пәлендей айып болмас, ә, балалар!? Теңгетай, рас па, жоқ па? – деп Садық оның да өшін  арақтан  алғысы келіп, екінші кесені сіміріп салды.

– Құлындарым әшейін, бүгін өзімнен-өзім шешіліп, сөйлегім келіп отырғаны. Мені айналамдадұрыстап тыңдайтын адам да жоқ қой. Туған ел, жер дегеннен шығады. Мен мына қара жерге, туған еліме қарыздар адаммын. Елге келем, осылай ұрпақ сүйем деп кім ойлаған? Аты өшіп құрып кеткір арақ емес, тойып нан жейміз деген ой – үш ұйықтасақ түсімізге кірді ме?!  Е-е-е, мына қу бас не көрмеді дейсің?! Ең болмаса елге келген соң біз сияқтыларды ақтауға шамасы келмеген үкіметтің дәп әкесінің аузын…

Бөлмені үнсіздік жайлады. Садық болса сұрланып алған. Тұңғиық ойдың жетегіне кеткендей. Тісін шықырлатып қояды. Бір кездебосаған бөтелкені алды да «енді қажетің шамалы» дегендей, есік жаққа шиырлап лақтырып жіберсін. Оның бұл тастасынан «аздау болып тұр» дегеннің хабарын айтқызбай-ақ білген Теңге жап-жақсы отырыстың шырқы бұзыларын сезе қойды.

– Сен де қай-қайдағыны қоздатып, өзіңді де, балаларды да шаршаттың. Аты өшкір соғысты айтып нең бар еді? Сол жаманат бізбен-ақ кетсін. Онан да демалсаң етті, ертең жұмыс бар дегендей, – деп асты-үстіне түсе бастады.

– Сен не деп тұрсың-ей!?. Өткенді бұларға айтпағанда, енді кімге айтам? Өлгендердің аты біржола өшсін демекпісің? Жоқ, мына жарық дүние сол қыршынынан қиылғандардың сыйлаған сыбағасы емес пе? Оны неге бұлар білмеуі керек?

Булыға сөйлеген Садық алдындағы табақты төңкере жаздап, ысырып жіберді де, жүзін аудармаған күйі: – Тағы да қалған-құтқан бірдемең бар ма, жоқ па? – деп гүжілдей иегін жоғары көтерді.

– Барды іштің ғой, біреу ғана алдырттық емес пе? Осы сен неге ішкенде ғана сайрап, шешенсисің де, ішпегенде аузыңа құм құйылады.

Дегенмен, Садықтың сұрланған жүзінен бір пәленің басталарын сезе қойған Теңге даусын бәсеңдете:

– Сәкебас, бүгінге жетер. Жап-жақсы отырыс болды емес пе,– деді мәймөңкелей.

– Сен осы «жоқ» деген әдетіңді қашан қоясың? Тап деген соң табасың! Жоқтан басқа аузыңнан сөз шықпайды екен, жоғалып кеткір. Бар ана Қымқанай келінге «жәкең сұрап жатыр» десең, қарызға болса да тауып береді, – деп  әкіреңдеп шыға келсін. Әкелерінің бұл екпінінен балалар да секем ала бастады.

–Ау, рахмет жауғыр-ау, Қымқанайың не?! Сағат түнгі екі болды емес пе? Әй, ертең тәңірдің таңы атар болса, құрып кеткірдің дүкені ашылатын шығар. Сірә, осы ақша таусылмай саған да тыным болмас, – деген Теңгебала кигіздің астына жасырған мардымсыз ақшаларын лақтыра бастады. Садық аузын ашып, бірдеме дегісі келіп еді:

– Балалар жатсын, ертең сабақтары бар. Мені-ақ мыжи берсеңші, өлмес Теңгебала бар ғой. Сендер төсектеріңді салып жата қойыңдар, – деді балаларына шаршаған кейпін білдіргісі келмей.

– Өй, сен неге балаларды қуасың? Мен саған не айттым? «Қымқанай келіннен барып әкел» дедім емес пе? Сағат екі болды дейді ғой. Екі, одан соң үш болады. Сағаттың жұмысы сол– жүре береді, айнала береді, – деп қызарақтай орнынан қозғалып қойды.

– Садық-ау, өзің ойлашы, жарым түнде кімнің есігін сығыраңдап қақпақпыз?

– Әкел деген соң әкел! Менің айтқанымнан қайтпайтынымды білесің…

– Сәке, Сәкебас! Сергей Иванович!.. Осы бөтелке артықтау… – дей бастағаны сол екен:

–Ақыры менен бес теңгені аяйды екенсің… Мен саған көрсетейін онда, – деп қолына іліккен жартылай сорпа құйылған жанан шыныны алғаны сол еді, ылдым-жылдым Орынғазы әкесі құлаштай бергенде қасында тұрған анасының алдына кесе көлденең тұрып үлгерсін. Баланың онысы өзін көрсе қол көтере қоймас деген ой еді. Ішкен адам ғой, ұлының мұндай шалт қимылын байқамай, үлкен кесені сорпасымен құлаштап лақтырып кеп қалсын. Едәуір екпінмен ұшқан  шыны кесе Орынғазының оң жақ шекесіне тиді. Бір демде қан сау ете түсті. Бала болса  шекесін алақанымен жауып ұстағанмен, саусақтарының арасынан қан сауылдап ақсын. Бетін қызыл ала қан жуған  Орынғазы «па-па» деп отыра кетті. Қас-қағым сәттің ішіндегі мына сұмдық жағдайға бәрінің зәре-құты қашып, не істерлерін білмей, абдырап тұрып қалды. Кенет қанды көрген Ұрқия: «Па-па! Не істедіңіз?!» деп шыңғырып жіберсін. Ойбайын сала аналары баласына тұра ұмтылды.

– Балам-ау, көзің аман ба? – деген сөзді қайталай беріп, Орынғазыны құшақтап еңіресін-ай кеп. – Әй, оңбағыр Садық!Тұқымың өссін, тұқымың өскір! Мынауың не? Құлқының үшін жалғызыңа да қол тигіздің бе? Жеткен жерің осы ма? Онда біткен адам екенсің,  – деді де бет-аузын қызыл ала қан жапқан баласын әкесіне бұрып.

Шыны емес пе, тура шекедегі тамырға тиіп, кесіп кеткен болуы керек, қан тоқтар емес. Үйдің ішіндегілер қорқа бастады. Не істерлерін білмей баланың қасында үрпиісіп тұр. Сусып аққан қан Садықтың есін жидырғандай ма? Кейпінен үрей аралас сынықтық сезілді. Әншейінде көңілі бос, күйректеу адам ғой, иіні түсіп-ақ кеткен. Садық мықшыңдап тұрғысы келіп еді, оған шамасы келмеді. Жәудірей баласына көз қиығын салғанмен, дереу жүзін  айдырып төмен қарады. Теңгебала Ұрқияны йод әкелуге жұмсады. Садық болса әйелінің зарлы даусын естіген сайын, не істерін білмей састы. Оған Ұрқияның: «Папа-ау, енді Орынғазы өліп қалса қайтеміз?» деп еңкілдеп жылағаны қосылды.

Масаң әкелері болған оқиғаға жете түсінбегендей. Біресе басын төмен салбыратып, біресе көтеріп қояды. Есі кіресілі-шығасылы. Үйдегі азан-қазан айғай-шудан ба, әлде жалғыз ұлының бетін жуған қанды көргеннен  өң мен түстей бір мезетте көзіне құдды қайта соғыс басталып кеткендей әсер берді ме екен, басын шалт көтеріп, жан-жағына алақтап қарады. Сосын  саңырау адамдай ештеңеге селт етпей  меңіреу  отырып қалды. Осы екі арада Ұрқия дәрі-дәрмек салынған қобдишаны  әкеліп, шешесі баласының шекесіне йод құйып, басын дәкемен таңып жатты.

– Құлыным-ау, шынында да абайсызда мертқыла жаздадық-ау. Сенің бұл түріңді әжеңнің көрмегені қандай жақсы болды, – деп тіл қатқанымен даусында діріл бар. – Қайран әжең, екі дүниенің арасында жатып: «Жалғызымды өзіңе тапсырдым, сыры екеуімізге ғана мәлім. Өр сөйлесем, ылди сөйлесем, кеш қарағым. Сенің арқаңда аузымды толтырып немере сүйдім. Рахмет саған. Бірақ мені көрде тыныш жатсын десең, осы Әбдікәрімнен қалған жалғыз тұяқты тастап, ошағыңды сыра көрме, шырағым. Мына қоқыр-соқырларыңды тірі жетім етпе. Садығым өзі әкесіз өсіп еді. Ол жынды саған сеніп ішеді» деп көз жұмып еді. Қайтейін, сол енемнің аманат еткен бірауыз сөзі үшін осы уақытқа дейін сенің бетіңе қарадым ба? – Теңгебала Садыққа қарап еңіреп қоя берсін.

Шеше сөзінің балаларға әсер еткені ғой, олар да қосыла жыласын кеп. Ал Садық болса Теңгебаланың сөзінен кейін басын көтерместен  отырды да қойды. Бір кезде үстелге сүйеніп, орнынан әзер дегенде тұрды да:

– Орынғазым, «орын басарым!». Сенің мына түріңді көргеннен гөрі құдайдың мені алып кеткені жөн еді. Мен пақырды, мен итті кешіріңдерші, – дегені сол еді, мұрнынан сорасы ағып өкіріп жыласын кеп. Садықтың бейшара түрін көрген балалары қарап тұра алмай, олар да әкелерін құшақтап еңіресіп көз жастарына ерік берсін. Ешкімде үн жоқ. Басын төмен салбыратқан күйде Садық кірерге тесік таппай абдырап тұрды да қойды. Тәлтіректеп ұзақ тұруға шыдамай, қайтадан отыра кетті.

Бұл кезде баласының басынан аққан қан да тоқтаған. Садық та жыны алынған бақсыдай үн-түнсіз бір нүктеге қарап отыр. Үйді үнсіздік жайлады. Теңгебала да, балалар да әкелері «енді не істейді екен?» деп аңдып отыр. Олардың ойлары да, күткені де әкелерінің тынышталып, ұйқыға кеткені. Біразға дейін ешқайсысы үндемеді. Бір кезде ұзақ тыныштықты әкелерінің барылдаған дауысы қайта бұзды.

– Все!.. Все!..

–Баяғыда немістер тұтқынға түскенімізде «Қолдарыңды көтеріңдер!» дегенде қолымызды көтеріп, берілген едік. Все!.. Все!.. Мен сендерден де жеңілдім, — деді де екі қолын әзер жоғары көтерді. – Соңғы сөзім… Сеніңдер… Арақтан  жеңілдім…

Садықтың сөзіне үй ішіндегілер түгел елең етті. Бұрын күйеуінің ішіп алғанда мұндай кесімді әрекетін көрмеген Теңгебала ендігінің бәрі тек бос айқай болатынын сезді. «Не көрмеген, нені естімеген Теңгебала едім, артын бағайын» деп ашуды ақылға жеңдіруге тырысты. Үш мұңлық үндеместен бір-бірін құшақтап ұзақ тұрды. Олардан еш әрекет болмаған соң Садық сендіргісі келгендей сөздерін қайталай бастады.

–Жеңілдім… Сенбей тұрсыңдар ма?.. Теңгеш, анамның атынан ант беремін. Қамамның атынан… Алланың атынан… Мен итті… мен ақымақты… мен бейшараны кешіңдер…

Теңгебала күйеуінің аузынан мынандай сөздің шыққанына сенер-сенбесін білмей, әлі таңырқап тұр. Балалары шешелері не деп айтар екен дегендей, жалтақ-жалтақ қараған соң, жәймен:

–Жандарым!.. Құлындарым!..Ертең сабақтарың бар емес пе?Бар пәле осымен кетсін?! Әкелерің соңғы сөзін айтып тұр ғой… Бәрі дұрыс болады… Демалыңдар,– деді де балаларын алма-кезек құшырлана сүйді.

Содан соң ақырын ғана:

– Садық-ау, бізді қойшы, ана жазықсыз жануарды аясаңшы. Осы уақытқа дейін қақайтып байлап қойғаның аздай, ең болмаса тартпасын босатпапсың ғой, – деді.

Әкелерінде үн жоқ. Дел-сал күйде қорбаңдап әзер тұрып, үнсіз далаға беттеді. Бұл оның өзі өз болып, ішіп алғаннан кейін райынан қайтып, ымыраға алғаш келуі еді.

…Сол түнгі оқиғадан кейін Садықтың шаңырағында бір мамыражай тіршілік басталды. Ағайын-туған, ауылдастары болса:«Теңгебаланың сүйегі асыл екен. Бәріне шыдады-ау. Ақыры арақты да, Садықты да жеңді-ау…Жеңді…» – деп отырысады қазір.

 

ҚАТАЛ ҮКІМ

 

Көрер таңды көзбен атырды. Мұндай хабар күткен жоқ-ты. Жиі-жиі күрсінеді, көз жасымен дымданған жастығы шылқылдап кетіпті. Керенау қозғалып төсегінен тұрды. Айнаның алдында ұзақ сонар жазылған хат жатыр. Жасаураған жанары бұлдырап ештемені көре алмаса да, сол қағазға көз тікті. Түнімен неше мәрте оқығаны есінде жоқ. Не жазылғанын біледі, тіпті жаттап та алған.  «Сәлеметсің бе, Ардағым, тана көзім! «Өмірмен  қоштасу дүниедегі ең төзгісіз азап  шығар. Шыбын жан, шіркін, қалай шығады екен?» деп ойлаушы едім. Ал сенімен қоштасу, сенен айрылу — кеудемде жүрегім соғып тұр демесең, айдың күннің аманында айдалада жұрдай болып тоналап, қалтырап жалғыз қалғаным аздай, беубеулеген  жанымның шырқырағанын сезіну одан да төзгісіз болды …» — деген сөйлемдерді хатқа қарамай-ақ оқыды. Онан арғыға шыдай алмай булыға жылап, төсегіне қайта құлады.

***

 Ардақ мына өмірдің ұсақ-түйек күйкі тіршілігінен бір сәт безініп, әрі демалып, денсаулығын түзеп қайтуға Жаңақорғандағы шипажайға келгенде жандүниесінде өзгеріске толы қимас күндерді өткізерінен, тіпті де бейхабар еді.

Шілденің аптабында жол азабын тәуір-ақ тартып, артынып-тартынып шипажайдың әкімшілік ғимаратындағы тіркеу бөлмесіне кіріп келгенде көзі арбада күлімсірей қарап  отырған мұртты жігітке түсті. Аядай жерде қарама қарсы отырған  оған қарамау мүмкін емес-тін.  Оның өңменіңнен өтер отты жанары әп-сәтте бар еркін арбап тастағандай босағадан аттаған күйі ілгері аяқ басуы қиынға соқты.  Сасқанынан қолындағы жүгін тұрған жеріне  қоя салған. Уақыт ұттырып мұртты жігітке көз тастап еді, алғашқыда көргендей емес отты жанары енді су тиген қарақаттай мөлдіреп тұрғандай. Дереу көзін тайдырып үлгерсін. Қайтадан ұрлана көз салып еді, жігіт те бойжеткеннің қимылын бағып, мейірлене  қарап отырғанын байқап қалды. Сол қас-қағым сәттің өзіндегі көзқарасы Ардақтың жан дүниесін қарпып түсті.  Япырмай, мұндай да өңменіңнен өтер өткір көз болады екен-ау деп ойлады іштей. Қыз абдырап біраз тұрып қалды. Бір жағынан жігіттің мына күйіне аяушылық танытып қоямын ба дегендей сипақтап, дегбірі қашқандай. Тіпті, бөлмеде басқа адамдардың бар-жоғын да аңғармады.

– Қызым, демалуға осы маусымға келдің бе? Қане, жолдамаңды көрейін, – деп іш тарта сөйлеген тіркеуші әйелдің сөзі ойын бөліп жіберді.

– Сен айналайын балам, екінші корпустың сегізінші бөлмесіне бара ғой. Кіріп-шыққаныңа жайлы болады. Орнығып алған  соң інішегің келіп кем-кетігін бізге хабарлар, – деп тіркеуші әйел арбадағы жігітке бөлмесінің кілтін берді де: – Ал қызым, сен екінші корпустың он тоғызыншы бөлмесіне барасың, – деді.

Ардақтың да шаруасы лезде біте қойды. Ол қипалақтап шығудың ретін таппай біраз тұрды. Біресе чемоданға, біресе арбаға ұмтылған мұртты жігіттің қасындағы бозбалаға көмектескісі келіп-ақ еді, бірақ оған батылы жетпеді. Тек қимылдарын сырттай бақылаумен тынды. Балаң жігіттің жүкті бір қолымен, екіншісімен арбаны итере бастағанда Ардақ шыдамай қарны қампиған сөмкесіне «мен де тойға келгендей, осыншама киім-кешек артынып» дегендей ожырая бір қарады да, аяғымен сырып әрірек жылжытып жатып:

– Мен сіздерге көмектесіп жіберейін. Інішегім қане, чемоданды маған бере ғой. Өз заттарымды сонан соң келіп алармын, – деп жұмсақ тіл қатты.

– Жо-жоқ, әуре болмай-ақ қойыңыз. Сыртқа шыққан соң менің аяғымның астына қоя саламыз. Рахмет, сізге! – деп арбада отырған  мұртты жігіт асқан ықыласпен жауап қайырды. Сол екі арада інішегі табалдырықтан аттай бере жүкті лып еткізіп арбаның аяқ қойғышына қойды да, жылжып кете барды.

Ардақ тырсиған сөмкесін майыса көтеріп сыртқа шықты. Өңі ме, түсі ме. Құдайым-ай, мынадай көз қаратпас көрікті жігітті бірінші көруі. Көзі қандай тұнық. Мұндай мойыл көзді көрген де емес, ондай жанардың шарпуын ешқашан сезінген де емес. Мұртты жігіттің сол бір момақан бейкүнә көзқарасы жан дүниесіндегі мүлгіген тыныштығын  түртіп жібергендей ме, қалай өзі?! Зерделей қараған адам оның ойлы жанарынан талай сырды ұғуға болатындай.   Әсіресе арбаның екі жағына орнатылған былғарымен қапталған ұзынша ағаштан қапсыра ұстап, мойнын  бұрып қараған жанарынан мейірімділік, жылылық қоса төгіліп тұрды. Мына көз тек көру үшін емес, оның ішкі жан сарайының айнасындай көрінді. Шашы да жып-жинақы, үстіне киген қара көк костюмі аққұба өңін аша түскен. Атжақты.  Қыр мұрны қою қасының арасын айырып тұрғандай. Кірпіктерінің ұзындығы сонша, көзін ашып-жұмған сайын ауырсынатын секілді. Осындай таңданыспен ойға шомған Ардаққа кенет оның мүгедек екені елестегенде үстінен біреу мұзды су құйып жібергендей дір ете түсті.

Ардақ мұртты жігітпен тезірек тілдескісі келді. Иә, ол қайткен күнде де тілдесуі керек.

Кешкісін асханаға келгенде тек мұртты жігіттің інісін ғана көзі шалып қалды. Ол тамақ салынған табақшаны жәймен көтеріп бара жатты. Қанша айтқанмен жолдың арақашықтығы, екі сөтке бойы пойыздың селкілі өз белгісін бергендей. Кешкісін астан соң  денесі біртүрлі ауыр тартып, шаршағаны сезілді. Бөлмеге келгеннен кейін ешнәрсеге алаңдамай, шешініп жатып қалды.

Таңертең бөлмедегі  көрші төсектегі апайдың:

– Қызым, тұра ғой. Мына қасиетті жерде артық ұйқының өзі күнә. Асылы көп ұйықтаған жақсы емес. Бұрынғылар «Күн шыққаннан кейінгі ұйқы – арам ұйқы» деп айтады екен.  «Көп ұйықтаған адамнан гөрі, көп қыдырған адамға сыбаға сақта» деген де бар. Тұр  қызым, бүгін бірінші күн ертерек қамданайық.

Үлкен адамның сөзі Ардақты төсектен еріксіз тұрғызды. Ұйқы деген жарықтықты онша жек  көрмейді. Дегенмен өзін сыртта алғаш сезінгендіктен бе, ширақ қимылдап, жуынып-шайынып, таранған соң бойын бір жеңілдік билегендей. Қасына апасын ертіп, асханаға беттеді. Кенет алдарынан ас үйден тамақ алып келе жатқан кешегі мұртты жігіттің інісін көргенде Ардақ  жақын бауырын кездестіргендей қуанып кетті.

– Сәлем, інішек, жағдайларың қалай? Ағатайыңның көңіл-күйі қалай? Ардақ бұл сөздерді еркінен тыс айтып жатқанын кезінде сезінбеді.

  • Жақсы.
  • Есімің кім?
  • Мұнар.

– Мен Ардақ деген әпкең боламын. Кейінірек ағаңа кіріп амандасуға рұқсат етесің бе?– деді.

Балаң жігіт болса басын изеп, сәл жымиды да жүріп кетті. Адамға жанамалай қарайтын көзқарасы ағасына ұқсайтын секілді. Денесі тығыршықтай, тек бойы жағынан сәл пәстеу көрінді. Ардақ бұл сөздерді айтуын айтқанмен, артынша ыңғайсызданғанын сездіріп қойды. Сөйтті  де «осы мінезім-ай, мінезім» деп, өзімен өзі күбірлеп сөйлесін.

Ардақтың серігі Шынаркүл апай алпыстың бел ортасынан асса да, денесін тіктеп ұстайды. Бетінің әрі де тая қоймаған. Бір таңғаларлығы – осыншама кесек денесіне қарамай ширақ қимылдайтыны. Жас баладай елпілдеп тұр. Үстіндегі киімдерінен көзге ұрынатын олпы-солпылық, үлкен адамдарда  кездесетін қызылды-жасылды жылтырақ көрінбейді. Өз жасына лайық киінген. Жүзінен аналық мейірімді, адамды өзіне тартатын имани  болмысын байқау қиын емес.

Апайдың бұл жерге үшінші мәрте келуі. Ол кісінің айтуы бойынша әйелдер күн аралап емдік балшық, күн аралап емдік ванна қабылдайды. Ем қабылдаудың да өзіндік қыр-сыры бар екенін апасы айтқаннан кейін ғана түсінді.

Олар емдеу корпусына келіп, кезек күтіп жарты сағаттай аялдап қалды. Ал Ардақ болса ішке кіруге асығып, тағат табар емес. Мұнда алғаш келуі. Кезектері жетіп ішке де енді. Бойжеткен апасынан ананы-мынаны қазбалап сұрап, екеуі шешінетін бөлмеде ұзақ жүріп қалды. Бір кезде ішкі бөлменің есігі ашылып, үстіне комбинзон киген қоңқақ мұрын жігіт шыға келді. Ардақ сасқанынан қолына ілінген киімін алып, жалма-жан  омырауын жапты. Екі беті дуылдап алып барады. «Мұнысы несі» дегендей апасына жалтақ-жалтақ қарады. Қыздың бұл әрекетіне жігіт жымиып күліп алды да:

– Тез-тез болсаңыздаршы, балшық суып қалады. Апатай-ау, сізге не жоқ,   тезірек қимылдасаңызшы. Осы кәрі кісілерге қайран қалам, біреуге керек адамдай ыбылжып жүріп алады. Ал мына қарындастікі жөн, – деп Ардақты қолындағы бос шелегімен нұқи көрсетті де, жымиып ішке қайта кіріп кетті. Ал Ардақ болса апасына бір, кетіп бара жатқан жігітке бір қарап аңырап қалды.  «Мына  жігіт не деп кетті » дегендей апасына  жалтақтай:

– Апа, көңіліңізге алмаңыз. Көргенсіздеу жігіт екен. Өзінің кім екенінен хабардар етті. Ал  бізге ем қонса болғаны ғой, ә, – деп жуып-шайғансып, жұбата сөйледі.

– Сені қойшы қарағым, мына бізді айтсаңшы. Қартайған шағымызда бала-шағадан сөз естіп, кәрі сүйегімізді көрсетіп мазақ болдық-ау.

Шешей ақырын басып қарсы есікке беттеді. Ардақ та үндеместен апасының артынан еріп кете барды. Ол бөлмеде оларды кекселеу ер адам тақтайдан жасалған нарға жатқызды да, шым-шым балшықпен орап тастады. Жарықтық айтса айқандай-ақ екен. Аздаған уақытта денелері жіпсіп, шып-шып тер шыға бастады. Тіпті Ардақтың   маужырағаны сонша,  көзі ілініп мызғып алды.   «Тұрыңыздар, алғашқы күнге осы да жетер» деген сөзді естігенде уақыттарының аяқталғанын бір-ақ білді. Олар душ қабылдаған соң, жылы киініп жатын орындарына барды. Балшыққа түсіп емделудің қыр-сырын білетін Шынаркүл апайы шайдың керек-жарағын өзімен бірге ала келген. Дереу шайдың қамына кірісті. Сонан соң бүркеніп отырып қызыл күрең шайға бас қойсын.  Серігіне де үсті-үстіне шай құйып беріп жатыр. Ардақ терден шыдай алмай, аздап омырауын ашыңқырап еді:

– Ай, қазіргінің жастары-ай, шыдамсызсыңдар-ау! Әкем-ау, сонша жерден емделуге келген соң, бала емессің, шыдамайсың ба? Тердің шыққаны жақсы. Осы шықпаған тер емес пе денемізді буып жатқан. Қане, түймеңді салып қой, – деп бой бермей шайдан соң төсекке жатқызып, үстін қалыңдап жауып, тұмшалап тастады.

  • Ал, осыдан кейінгі қалған ауруды маған айтшы.

Өзі де төсегіне оранып жатып қалды.

Аз ғана уақыттың ішінде анасындай болып кеткен мына адамның соншама ықыласы мен қамқорлығына қайран қалды. «Осы жақсылығына қалай жауап қайтарсам екен» деп жатып көзі ілініп кетті. Ол көзін ашқанмен апасының тәтті ұйқыда жатқанын көріп, көзі жұмулы күйі жата берді. Денесі сергіп қалғандай. Есіне мұртты жігіт түсті. «Шіркін, оны да осылай қымтап орап тастар ма еді? Ана жанындағы бозбала не біледі? Апамның өзіме жасағанын көрсетіп берсем, қалай болар екен? Бізді қойшы, мұртты жігіт міндетті түрде жазылып, тұрып кетуі керек. Міндетті түрде. Осыншама көрікті азаматтың  аяғынан тік тұрмауы қиянат қой. Оның ойын апасының  даусы бөліп жіберді.

  • Қызым, қалай жағдайың?

– Рахмет, апатай, бір рахаттанып қалдым. Түскі тамақ жақындаған сияқты, тұрамыз ба?

  • Әрине, қарағым.

Олар киініп асханаға елдің алдымен кіріп тамақтанды да, соған орай жұрттан бұрын шықты.  Арлы-берлі жүріп тамақ басқан соң, гүлзарға таяу орындыққа жайғасқандары сол еді, қастарынан өтіп бара жатқан Мұнарды көрді. Ардақ ойланбастан балаң жігіттің атын айтып дауыстап жіберді. Сосын апасына қарады.

– Апай, рұқсат етсеңіз  мына жігіттің ағасының жағдайын біліп қайтсам. Тіркеу бөлмесінде көріп едім, сырқаты тым ауырлау, – деп   туған анасынан рұқсат сұрағандай қиыла тіл қатты.

  • Мейлің әкем, өзің білесің ғой. Әрине, ондай болса.

Кеудесін біртүрлі қуаныш билеген  бойжеткен жүгіре басып Мұнарды қуып жетті де, қолындағы тамақ салынған табақшаны алып жатып:

– Рұқсат етсең, бүгін ағатайыңды мен тамақтандырайын. Көңіл хошы қалай? Ренжімей ме? – деді.

Балаң жігіт ештеңе түсінбегендей, таңырқау күйге еніп, көзін жыпылықтата берді.

– Сөйлесеңші, неге сонша ұяңсың. Ағатайың да сен секілді ұялшақ па?

Мұнарда үн жоқ. Ардақ дабырлай сөйлеп бөлмеге  кіргенмен   «қалай қарсы алар екен…» деген ой жүгіріп өтіп, дегбірі қашқандай ма?   Ал мұртты жігіт есіктің ашылып-жабылуына тіпті назар аудармады. Тек Ардақтың: «Сәлеметсіз бе?! Біз қонақ…» деген сөзін естігенде барып, қолындағы тоқып отырған тоқымасын тоқтата қойып, шошына жалт бұрылды.

– Сә-ле-мет-сіз, сә-ле-мет-сіз, – деп қайыра бас шұлғып, қолындағы затын жастықтың астына жасыра қойды.  Бірқыдыру уақыт табақшаны көтеріп тұрып қалған Ардақтан көз алмай:

– Мұнартай, мынауымыз ұят болды-ау, қонағымызға табақты көтертіп, – деп төсектен ұшып кетердей қолымен үстелді меңзеп. – Мұнда қоя салыңыз!

– Оқасы жоқ. Мұның бәрі менің пысықайлығымнан, болмаса сіздей жігіттің үстіне осындай өжеттік жасап кірмесек, басқа амал жоқ.

– О не дегеніңіз. Біздің есігіміз әрқашанда ашық, төрлетіңіз, – деп ол да  бая-шая болып жатыр.

– Ау, өзіңіз тіпті ісмерсіз-ау деймін. Қане, не тоқып жатырсыз? Көруге бола ма?

– Ай, қалай десем екен, зеріккеннен соң. Уақытты алдаймын деп істемеген ісім қалмады. Бір уақ осыны алданыш етем. Апайымның жаңадан тәй-тәй басқан бөпесі бар еді, соған кеудеше тоқып апарсам деп едім.

  • Жақсы-ы, онда сізден талай нәрсе үйреніп қайтатын болдық қой.

– Түу, менде. Тамақ ала отырыңыз.

– Жоқ, рахмет. Біз қазір  ғана тамақ ішіп келдік емес пе? Тамақтың ұяты жоқ. Алыңыз.

Соның арасынша Мұнаржан электр шәйнегін әкеліп үстелге қойды. Ардақ шәйнекке шайды бөктіріп жатып:

– Айтпақшы, сізбен танысып үлгермей жатып, шыны-аяққа араласып кетіппін ғой. Ыңғайсыз болды-ау, – деп бойжеткен күлімсірей мұртты жігітке қарады.

Олар күлді.

  • Манарбек, Манар десеңіз де болады.
  • Ал мен Ардақ. Алматыдан келдім.

– Ал мынау інішек – Мұнарбек, Мұнар  тоғызыншы  сыныптың оқушысы.  Өте жақсы жігіт. Менің тікелей бастығым.

– Солай ма? – Ардақ қуақылана жымиып қойды. – Бастығыңыз. Ендеше сіздің бастығыңызбен танысып та, рұқсат сұрап та үлгергем.

Үшеуі де риясыз күліп алды.

  • Түу, сіз бізге қарамаңыз, тамақ алыңыз.

–Неге, алып отырмын ғой. Сіздің келгеніңіз мұндай жақсы болар ма? – Манар ризашылығын жасыра алмай жайраңдап кетті. – Өзіңіз қандай қарапайым, ашықсыз?

–Ай, ашықтық дейсіз бе? Кейде осы ашықтықтан таяқ та жеп қалам, пайдасы да жоқ емес. Мінез деген әркімде әртүрлі ғой. Қалайда қызға сын көп. Ашық сөйлеп, ойыңды тура жеткізіп, шындықты айтсаң: «Ойбай, мынау бір сойқан шығар» деп жағаларын ұстайтындар да бар. Бірақ үндемей, сызылып жүріп-ақ дүниені бүлдіріп жүргендер аз ба? Өз басым қалайда аузыма келген сөзді кері қайтармаймын. Менде өзі осы салдырлаған ашықтықтан басқа ештеңе жоқ. –  Сыңғырлап күлді.

– Сол сіздің ашықтығыңыздың бүгін мен үшін үлкен пайдасы тиді. Болмаса, мен сізбен танысуға батылым жетпес еді.  Сізбен бұлай жақынырақ сөйлеспеген де болар едім.

  • Ай, бірақ жұрттың бәрі сіздей түсіне бермейді ғой.

– Сіз неге олай дейсіз? Әр адамда өзіндік түсінік, түйсік, бағалау, таным бар. Басқаны білмеймін, маған ашық адамдар ұнайды. Өтірік күлімсіреп, қылымсығандарды жаным сүймейді. Адам әр уақытта табиғи  қалпынан айнымау керек.

– Дұрыс айтасыз. Жігіттеріңіз алғашында осылай дейді. Бірақ жеме-жемге келгенде соларың әлгі ашық мінезді қыздардан тұра қашады. Олармен тұрмыс құруға   қорқақтайды. Сондықтан да бір мезгіл қызға қылымсу да керек пе деп қалдым. Өзіңіз айтқандай, табиғилықтан ауытқымай, жалған құбылмай өз дәрежесінде көрінсе ғой. Әрине, жібек жіптей есілген қыздың мінезіне не жетсін? Мен тек ашық мінезді қыздар турасында айтып тұрмын, сіз осыны түсініңіз.

– Ардақ, олай болса, менің де сізге сауалым бар. Қыздар неге тек «ақбоз атты»   жігіт іздейді?

Ардақ ойланып қалды.

– Әрине, мінсіз жігітке  не жетсін? Бірақ меніңше, қыздар да, жігіттер де адамды өз түсігінінің  деңгейінде  пайымдайды.  Алайда өресі биік, саналы қыз да, жігіт те қайткен күнде адамдағы жақсы қасиеттерді  байқамай   қалуы мүмкін емес. Қалайда көреді. Солай дей тұра, жақсыны жақсы деп отырып та, олардың жас ерекшеліктеріне, киім киісіне, жүріс-тұрысына, әсіресе, келбетіне қарап та кәнірат тауып, мойындай қоймайды. Көпшілігі тән сұлулығынан гөрі жан сұлулығы деп құрғақ айтады да, тәуекелге келгенде ажарлылардан аса алмай жатады.  Бәрібір  сұлу қыздардың алдында әлсізбіз. Бұған келісесіз ғой?

Мұнар әңгімеге араласпай  үнсіз. «Мына Ардақ тәте қалай-қалай сөйлейді» деп отырған сияқты.

– Мен сізге бір-ақ нәрсе айтқым келеді. Қыз болсын, жігіт болсын адамның адамшылығын аттамай, бірін-бірі түсініскенге, түсінуге тырысуға   не жетсін? Осы түсінік емес пе қыз бен жігіт арасына ғана емес, бүкіл адамзатқа жетпей жатқан? Егер біз адамдар бір-бірімізді айтқызбай сезінсек, түсінсек қой. Сонда ғана өзіміз айтатын махаббат та, сүйіспеншілік те бізден ешқайда қашпайды.

– Әрине, оған дауа бар ма? Түсініскенге иә, не жетсін, – деп Манар ауыр күрсінді.

–Тынығатын уақыттарыңызға кедергі жасап отырған жоқпын ба? Мен қайтайын, – деп Ардақ орнынан тұруға ыңғайланып еді, Манар:

– Ой, сіз де айтады екенсіз. Жап-жақсы әңгімемізді қиып қалай ғана кетесіз? Ұйқыдан мүйіз шығатын болса, ендігі қарағайдай болатын еді-ау. Шынымды айтып тұрмын, наныңызшы, сізбен танысқаныма қуаныштан жарылардай болып тұрғаным. Шамалы, аялдаңызшы уақытыңыз болса. – Манар қиыла үн қатты. – Дойбымен қалайсыз? Әлде шахмат па?

Бойжеткен сәл жымиып басын изеді де:

  • Маған бәрібір. Екеуін де ойнаймын.

 

***

Манардың аурухана мен шипажай жағалағанына төрт жылдың жүзі болған. Осы хәлге душар болғанын ойлаған сайын көзіне жас тығылып, көкірегіне өксік кептеледі. Бар пәле көрші Әпсемет ақсақалдың келін түсіру тойының қарсаңында болды.

«Пешенеме жазылған тауқыметін тартып болған шығармын. Менің де  шаңырағымда бір жақсылық орнар» деп көптен үміттеніп жүрген Әпсемет қария апақ-сапақта алқынып құдайы көршісі, сыйласып отырған Ықыласқа келген.   Ізін ала қиралаңдай басып кемпірі жетті.

– Ау, жайшылық па, екі кештің арасында мына жүрістеріңізге жол болсын, – деген Ықылас секемдене.

– Жайшылық, қарағым. Ау, жайшылығым не айтып тұрған? Жәй емес. Ана жаман күшік қой: «Ата, осы базар күні келін түсіріп, қолдарыңды ұзартамын. Құдай берсе шөбере сүйгізем. Жолдастарыммен келем, мені ұятқа қалдырмайтындай  дайындалыңыздаршы», – деп тлипон соқты. Қайтейін, сол қарайғанымнан аянатын нем бар? Тіпті сол үшін қалқиып жүрген жоқпыз ба? Өздерің білесіңдер «Құлан жинап мал қылып, құралай жинап ел қылып» отырғанда көрген жалғыз ұлдан қалған тұяқ. Ол жарығым тірі болса бүгін ақ түйенің қарнын жарып тастамас па еді? Бізден күш кетті, қарағым.  Өзіңе арнайы келіп отырмыз.  Қуанышымызды атқарып бер, айналайын, – деп Әпсемет ақсақал тізе бүкпестен сөзін бітірді. Жүгіріп келгендікі ме,  ентігіп тұр. Бірақ даусында діріл бар.

– Солай, әкебас, сен деп өзіңе сеніп келіп отырмыз. Құдайдан бір, адамнан екі сұрап алған алданышымыз ғой. Бізді дос-дұшпанға таба етпе. Жақсылығың бізден болмаса да әлгі күшіктен қайтар, – деп онсыз да немересінің көлеңкесін көрсе көзін сулайтын  Әйімбала кемпір де тығылып-тығылып барып сөзін әзер аяқтады.

Жас келген қос қарияның «күшік» деп отырғаны Ношыбай. Жалғыз ұлы Тынышбектің көзі. Ықыластан бес-алты жас үлкендігі бар, бірақ үй іргесі жақын болған соң жақсы араласып өсті.

– Е, Ношыбай, сенің атың неге Ношыбай? – деп қылжақтайтын бала күнінде. Ношыбай да сыр алдырмайды.

– Атам қойған, білгің келсе содан сұра, – дейтін көзіне түскен кекіл шашын бір сілкіп. Ношыбайдың аты туралы аңызды күллі ауыл біледі, Әпсемет ақсақал талай жерде жыр қылып айтқан. «Өзіміз жалғызға қарап отырғанда, шынын айту керек, осы немерені іштей «қойшы» болса деп тілеп едік. Ескі диірменде ұн тартып жатқанмын. Сүйінші сұрап түнделетіп Пәнік деген орыс тамырым келіп тұр. Сосын: «Әбеке, бүгінгі айдың жарығын айтпаңыз. Сіздің ғана түніңіз секілді, аспан да қуанып тұрғандай, қараңызшы» деп қоймайды. Тұрдым да: «осы түніңнің орысшасы қалай өзі,»- дедім. «Нош» дегені. Онда мен немеремнің атын «Ношыбай» қоямын. Түні тыныш, бай болсын. Сөйтіп аяқ астынан ырымдап немереме ат қойылды» деуші еді, тап бір үлкен істі тындырғандай маңғазданып.

Ношыбайдың әкесі ерте дүние салды. Жастай жесір қалған шешесі жылын берген соң-ақ қала жағалаған. Апыл-тапыл басқан Ношыбай шал-кемпірдің қолында қалды. Келін бұрын жиі келетін, кейіннен сиретті. Соңғы бір келісінде «келмес сапарға кеткен адамның босағасын күзетіп отыра алмайтынын» айтқан. Ношыбайды бауырына басып, қос мұңлық жас жесірге батасын беріп қала берген.

Сол немересі енді үйленбек. Әкесі Ықылас ертесіне-ақ тойдың қамымен ауданға екі барып келді. Үшінші бір шаруа шыққанда көліктің кілтін бұған ұстатқан. «Жолай инспектор ұстап жатса айтарсың, елдің адамдары жағдайды түсінер», – деген.

Манар ауылдан шыққанда сағат тілі он екіден сәл ауған-ды. Өзінің туған ағасы үйленетіндей бар міндетті мойнына алып рульде сергек отыр. Әнеукүнгі Әпсемет атасының сүйінші сұрағаны есіне түсіп, сәл жымиып алды. «Үлкен адамның қуанғаны қандай қызық. Жас балаша қалбалақтап, дамылдамай сөйлеп жатыр. Ең болмаса тізе бүгіп отырсайшы» деп қойды іштей.

Әлі есінде. Кішкене кезінен Әпсемет ақсақалды көрсе болды, жүгіріп алдынан шығатын да: «Ассалау, ата!» деп қолын құлаштап беретін.  Қария да той-томалақтан немересіне деп салып алатын тәттіден жымқырып Манарға да сыбағасын беріп жататын. Сонда ғой: «Ықыластың осы баласы өзгелердей емес, ашық, аңқылдақ, жаны таза бала» дейтін.

Манардың ойға беріліп, өткен-кеткенді еске алуы жолды қысқартқысы келгені ме, әлде әкесіз жалғыз рульге отырғаннан жүрексінгендігін білдіргісі келмегені ме, әйтеуір көрші атасының қылықтарын біразға дейін ермек етті. Сосын жаңадан түсетін жас келінді ойына алып, босаға аттауын, оған атасы мен әжесінің қуанғанын елестетіп, жолды едәуір ауқымдап тастағанын байқамай қалды.

«Аққайың» кеңшарынан шыққан қиыршық тас төселген жол үлкен арнадан өткен соң борпылдаған топырақты жолға айналады. Ал аудан орталығына бұрылатын жерден бастап тақтайдай тегіс асфальт жол. Осы тас жолға шаңы бұрқырап жан-жақтан қосылып жататын кірме жолдардан бұрылған машиналар бірер жерге дейін күлге аунап тұрған тауықша сілкініп, шаң-тозаңнан арылып, тазаланып, майда жүріске көшіп жатады.

Манар да даланың осы бір «ұлпа» тозаңынан арылдым ба дегендей сол жақ терезесін түсіріп, кең тыныстап отырған. Сол екі арада шөкімдей бұлт қақ төбесіне үйіріле қалып, әне-міне дегенше жас балаша көз жасын төгіп-төгіп жіберсін. Сіркіреген жауынды терезе тазалағыштың өзі әзер үлгеруде. Ауыл арасы болмаса ұзаққа шығып көрмеген, әрі тәжірибесі аз Манарға жаңадан ғана алған жүргізушілік куәліктің пайдасы шамалы еді. Рульде  өзіне әрине, сенімді, ширақ, қағылез отыру керек. Жолдың заңы – сен барып соқпасаң, сені соғып кетуі ықтимал. Жол қателікті кешірмейді. Мұның бәрін Манар сөз жүзінде біледі, бірақ тәжірибеде қолданып үлгерген жоқ. Жолға алғаш серіксіз шығуы. Сағатына қарап еді, дүкеннің түскі үзілісі жақындап қалыпты. Соған асықты ма,  жоқ әлде артта келе жатқан жол инспекциясының машинасынан секем алды ма, орталыққа бес-алты шақырым қалғанда жылдамдықты арттыра  түсті. Сол-ақ екен, қас қылғандай  айналма жолдан өтетін тұста жайбасар екі сиырдың қосақталып шыға келмесі бар ма.   Әжептәуір жылдамдықпен келе жатқан Манар қапелімде не істерін білмей абдырап,  қатты састы. Дереу машинаның рулін сол жаққа бұрып айналып өтпекші болды. Бірақ  жолдың дәл осы жақ бетінде су жырған елеусіз терең жардың басталарынан бейхабар еді. Жарды кеш байқады. Жан ұшыра тежегішті басты. Үлгермеді. Машинаның алды еңкейіп, құлап бара жатты. Көзін шарт жұмып рульді қос қолдап тас қылып қыса ұстады да, бойын билеген үрейден құлындағы даусы шықты.  Машинаның әлденеге соғылған тасыр-тұсыр дыбысы мен Манардың жан ұшырған ащы дауысы жардың ішін лезде азан-қазан етіп жіберді. Осынау қорқынышты үннен шошынғандай қою шаң аспанға түйдектеле көтерілді.

Машина жардың тесігін бітегісі келгендей сұғына барып тыныш тапты. Сол жақ есік жарға кептеліп қалған, машина қырынан жамбастап тұр. Сәлден кейін Манар есін жинағандай болды. Жалма-жан тұруға ұмтылып еді, қимылдай алмады. Рульмен екі араға жаншылып қалған.  Иесінің мына халін айдай әлемге паш еткісі келгендей  машинаның сигналы  безілдеп қоймауда. Өзінен дәрмен кетіп, амалы таусылғанын анық сезген Манар жалма-жан жан-жағына көз тастап, кішкентай да болса көмек іздеді. Бірақ ештеңе байқалмады. Бір кезде «сонша жанталасып асығатын нең бар еді, өзіңе де сол керек» дегендей манағы екі сиыр  маңғаз басып жарды айналып өтіп бара жатты. Малмысың деген осы да. Бұған дейін жанының қиналғанына, денесінің ауырғанына шыдамдылық көрсетіп тырысып бақты.  Олай жұлқынды, бұлай жұлқынды. Олай тартынды.  Былай тартынды. Қорғасынмен құйып тастағандай былқ етер емес. Амал қайсы, не істесін? Жәудірей айналаны тағы тіміскілеп шықты. Қолынан келетіні-ақ, тістеніп сигналды үсті-үстіне баса түсті.  Басқанмен безілдеген дауысты жан-жағына қоқыр-соқыр төгілген жар жұтып жатқандай ма. «Осымен біткен шығармын» деп те ойлады. Сосын «Егер көрер күнім, атар таңым бар болса,» — деп Жаратқанға жалбарына берді.

Әншейінде ерсілі-қарсылы жүріп жататын машинаның қас қылғандай осы екі арада біреуі өтсе ше? Тек бірер уақыттан соң ғана қарсы келе жатқан «КамАЗ» машинасының жүргізушісі тоқтап, жарға қарай жүгіре жөнелді.  Жан түршігерлік апатты көрген соң жалғыз адам емес пе, алғашында сасып тұрып қалды. «Тірісің бе, бауырым? Қазір, қазір шыда…» — деп  көлікті айналшықтап жүріп, есікке жақындады. Соның арасынша жолаушылар таситын автобус та келіп тоқтады. Көпшіліктің аты көпшілік, дереу Манарды шығарып алып, аудандық ауруханаға жеткізді. Манардың секем алғаны – аяғы. Себебі   өзіне бағынбайтын сияқты. Облыстан арнаулы маман-дәрігер шақыртылды. Бел омыртқаның жұлынына зақым келген, белден төмен тіршілік білінбейді. Содан облыс орталығына апарып, операция жасаған.  Еш нәтиже болмады.

Уақытқа өкпе жүре ме. Қарап отырса арпалысып жүріп төрт жылдың қалай өткенін байқамай да қалыпты. Күн өткен сайын қос аяқ семіп, қу сүйегі ғана қалды. Өзінің де, өзгенің де емделуден  күдері үзілген шақта Жаңақорғанға  жан далбасалап келген.

 

***

 

Ардақ адам талғамайтын. Шүйіркелескен адамға бар сырын ақтарып салып отыра береді. Сенгіш-ақ. Өмірді өзімен өлшейді, өзгені өзіндей көреді. Кейде әкесінің: «Мына жалғаннан бәрін күтуге болады, балам. Жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Жақсы адамдарды көргенде өмір сүргім келеді, ал жаманшылығын көргенде түңіліп кетемін» дегені есіне түскенде ғана артына қарайлайтыны бар.

Бүгін де сол әдетімен Манармен сөйлескенде өз ойын сарқымай айтты. Бірақ неге екені белгісіз, әңгіме біткен соң айтқандарының байыбына барып, іштей сарапқа сала бастады. «Неге сонша сайрадым. Жігіттердің кінәратын Манарға тағып, кінәні соған артқандай екіленіп сөйлегеніме жол болсын». Ардақ өзіне өзі есеп беріп, артына қарайлауының сырын түсінбеді.

– Мына жігіттің сырқатының мысы ма, әлде осыншама көрікті адамға деген аянышы ма? Әйтеуір түсінбейді, артқа қарай шегіншектеуі көп.

Бұл кезде Манар дойбының тастарын орналастырып, алғашқы жүрісін жүріп те қойған.

– Ұзақты күнге қол қусырып отырудан адам жалығады екен. Кітап, тоқымадан қолым босай қалса, үйдегі іні-қарындастарымды жинап, дойбы жарысын өткізерім бар. Кел Мұнар, үшеуіміз жарысқа түсіп, күшімізді сынап көрелік, — деді де,  Мұнаржанға қарап. – Тек жеңілген адамнан үш рет мәтек аламыз. Болмаса қызығы шамалы.

Ойынның шарты бойынша Мұнар мен Ардақтың қайсысы жеңсе, Манармен кездеседі. Әп-сәтте Мұнар жеңіліп,  ойыннан шығып үлгерді.  Манар мен Ардақ бір-біріне қарап жымиып қойды да, уәде бойынша Мұнардың басынан үш реттен мәтек алынды. Артынша Ардақ: «Мұнаржан, ойынның шарты. Бірақ жеңіліс жеңіске бастайды, есіңде болсын», — деді де, артынша басынан сипап қойды. Ұялғаны да,  Мұнар сәл тұрды да, сыртқа шығып кетті.

  • Байқаймын, қарсыласым оңай жау көрінбейді.

– Демек, өзіңізге сенсеңіз ғана келіңіз. Мен көзімді дойбы ойнаумен ашқанмын.  Мүмкін ойланарсыз.

  • Тәуекел. Ондай болса «құласақ нардан» деген.

– Менікі жәй қалжың, Манар. Мектепте жүргенде біраз ойнағанмын. Тіпті аудандық жарысқа қатысып, бас жүлде алғанмын. Қазір қарайып қалған шығармын, кәсіп етпеген соң ұмытылады ғой.

Манар әдейі ұтылды ма, әйтеуір Ардақ қатарынан екі рет жеңді.

– Уәде – уәде, Ардақ. Біз дайын. Бірақ мен үшін жеңілгенім абырой еместігін сезініп тұрмын, – деп күлімдеген ол еңкейіп басын тосты. Алғашқыда қаннен-қаперсіз мәтек алуға ыңғайлана берді де,  жігіттің онсыз да дәрменсіз отырысын көріп, ойланып тұрып қалды. Өмірден таяқ жегені аздай, менің мына мәтегіме жол болсын. Жо-жоқ. Дереу қолын тартып ала қойды. Ал ол болса арадағы үзіліске түсінбей, басын төмен тұқитқан бойы отыра берді. Бойжеткен ештеңе деместен қолымен жігіттің басын көтергені сол еді, олардың қос жанары арбаса кетті. Манардың дәл қазіргі көзқарасы алғашқы көргенінен мүлдем басқаша еді. Тіксініп тұр. «Мен жігіт емеспін бе? Сенің үш нұқығаныңа шыдайтын едім ғой. Аяп тұрсың білем. Неге осы адамдар жүрегі аттай тулаған, талабы таудай адамға аяушылықтарын білдірмей қоймайды. Сен де мені аяп келген екенсің ғой» деген өкпе-назды оқу қиын емес еді. Ардаққа бедірейе бір қарады да, жанарын басқа жаққа аудара салды. Сол екі арада осы жағдайды түсіне қойған Ардақ Манардың басынан қос мәтекті бірінің соңынан бірін алып жіберді де:

– Үшінші мәтектің шартын өзгертіп, одан бетер ауыр жаза қолдансам, қалай болар екен? – деді бірер минөтке созылған тыныштықты бұзып.

  • Мейліңіз. Бірақ бүгін мәтек алмай кетпейсіз.
  • Жарайды, дайындалыңыз.

Тағы да үнсіздік жайлады. Үлкен іс тындыруға әрекеттенгендей Ардақ ақырын ғана Манардың арт жағынан келді де, еңкейіп бетінен еппен, шөп еткізіп сүйді де,  еш тіл қатпастан теріс айналып шығып жүре берді.

Сойқан соққыға дайындалып отырған Манар бұл әрекетке басында түсінбей, аздан соң езу тартты да, ақырын басын жастыққа тигізе қойды. Мына көктен түскен қыз не істеп кетті, шынымен сүйіп кетті ме? Жүзінде таңданыс бар. Дереу жастығының астында жататын қол айнасын алып әлсін-әлсін бетіне қарай берді. Сүйіп кетті. Өмірінде бірінші рет қыздың ерні бетіне тиіпті. Өзі де түсінбей қалды.  Біртүрлі жүрегінің түкпіріндегі жатқан тас аунап түскендей. Байқайды, денесіне тоқ ұрғандай дір етсін. Қазір   жиырма бірде. Мынау ауру жабыспай тұрғанда небәрі 17 жаста, 1-ші курстың студенті еді. Мұнаржан сияқты ұяң болып өсті. Кейде достарының «Ой, Манар, білсең ғой ғашық болу деген де өзінше дерт екен» дегенде қапеліне ештеңе кіріп шықпайтын. Себебі   ондай сезімді басынан кешпеген. Ал махаббат турасында әңгіме қозғалса үндемейтін. Бүгін міне, соның кішкене ұшқынын сезінген сияқты. Алабұртқан сезім  жанын тыншытар емес. Қайдағы бір ойлар сеңдей соғысып, мазасын алатындай. Кеудесінде алай-дүлей бір сойқан соғыс басталып кеткен секілді ме. Ол түнімен көз ілмеді.

Ардақ болса өз ісіне қалай баға берерін білмей, біресе өзіне ренжіді, біресе өзін жұбатты. Бірақ осы оқиғаны бүкіл шипажайдағы демалушылар біліп қойғандай,  ыңғайсызданып жүрді.

Таңертең Ардақ апасымен рапа қабылдауға келе жатқанда Манар мен Мұнардың қызара бөртіп, балшық қабылдап келе жатқанын көрді. Басын төмен салбыратқан күйі жандарынан өтіп бара жатқан еді:

– Сәлеметсіз бе, Ардақ! Сәлеметсіз бе, апай! – деген  дауысты естігенде ғана   оларға  бұрылып қарады да, жаймен басын изеді.

– Сіз енді бізге келмейсіз бе? – Манардың үнінде біртүрлі жалыныш бар сияқты.

Ардақ үндемеді.

  • Енді келмейсіз ғой.

Манардың ендігі сөзі назданып шықты.

– Неге келмеймін. Сіздерден басқа баратын жерім де жоқ. Менен әлі құтыла алмайтын боласыздар.

Бұл жолы қыз батылдау тіл қатты.

  • Түс қайта келесіз ғой!

– Апам жіберсе… –  Бойжеткен езу тартып апасына қарады да, іле күліп жіберді.

 

***

 

Манар күндегіден ерте тұрды. Аспан шайдай ашық. Топырақ суыра соғатын тынымсыз жел де сабырын тауыпты. Жаздың көңілге әсер ететіндей шуақты күні дерсің. Осында демалғалы бері жатын орны мен ем қабылдау  ғимаратының аралығынан алысқа ұзамаған Манар табиғат аясында сейілдеуге құмар еді. Шипажай терезесінен көрініп тұратын қамысты көлшікке бару көңілінде жүретін. Соның сәті бүгін келгендей. Шомылып жатқан Мұнардың шыққанын күтпестен арбасын дөңгелетіп дәлізге шықты. Ардақтың бөлмесіне тіке тартты. Есікті тоқылдатып, ішке енгенде, тағатсыздана күтіп отырған  Ардақтың  көзі күліп, жайраңдап кеткен. Екеуі үнсіз ұғынысып далаға бет алды.

Тізесінен төмен жұқа көрпешемен орап тастаған Манардың арбасын бойжеткен аса ықыласпен итеріп келеді.

– Шынымен де бүгін күн ерекше екен, – деді Ардақ аяңдап келе жатып.

  • Сіздің мінезіңізге ұқсайды.

Жігіт қыз бетіне жымия қарады да:

  • Анау қамысты көл жаққа барып қайтсақ, оған қалай қарайсыз?
  • Әрине, жақсы қараймын. – Екеуі күлісіп алды.

Айтса айтқандай  мұндағы табиғат көрінісі  көріп жүрген  жерлерден   мүлдем өзгеше болып шықты. Айнала теңбіл-теңбіл, ақтаңдақ. Тек жақынырақ барып қарасаң ғана тілім-тілімі  шыққан  қатқыл ақ қабыршықты аппақ тұздар. Шынаркүл апасының айтуына қарағанда, бұл жер бұрын үлкен тұзды көл болған көрінеді. Келе-келе суы тартылып, құрылыққа айналған. Ал мына өздері бара жатқан қамысты көлшіктен шипалы балшық алынатын көрінеді. Жан-жағы кеберсіп кеуіп кеткен. Ал көлдің арғы бетінде әр жерде бір қылаң беретін топ-топ қамыстық. Көк жасыл шалғынға малынып, шырша, қарағаймен көмкерілген ақ бас Алатауына көзі үйренген оған мына дала тіпті сүреңсіз көрінді. Осы жасқа келгенше Алматысынан ұзап шықпаған бойжеткеннің түсінігінде табиғат атаулының мұндай болуы мүмкін емес  деп біледі.

– Ардақ, қалың ойға беріліп кеттің ғой. Әңгіме айтсаң қалай болар. Мәселенки, өзің туралы.

– Жақсы. Бүгін өзімнің балалық шағыма серуен құрайын. Әлі   қайда талай сырласамыз деп ойлаймын. – Ардақ күлімсірей жымиып жігіттің иығынан қолымен ақырын демеп қойды.

– Құлағым сізде. –  Ол сәл шалқалап қызға қиыла көз тастады да, жүзін дереу тайдырып әкетті.   Ардақ болса ешнәрсе сездіргісі келмегендей төмен қарады.

– Мен әжемнің қолында өстім. Ол кісі тазалықты сүйетін, артық-ауыс сөзге жоқ, затты адам еді. Мені еңбекке ерте баулығаны сонша, әлі есімде екінші сыныпта оқып жүргенімде-ақ қамыр илетіп, кесте тоқытатын. «Қызым, істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деп отырушы еді, жарықтық. Әсіресе, қамырды илегенде тостағанды айнадай етіп төңкермесең – кейитін. «Мынауың не, қамырдың жартысы табағыңда қалып қойыпты» деп жақтырмай қалатын. Үшінші сыныпқа көшетін жылы әжем қайтыс болды. Бірақ мен ол кісіні көпке дейін ұмыта алмай жүрдім. Манар сенің әжең бар ма, – дей бергенде оларды арттарынан екі жігіт қуып жетіп, ыңғайланып олардың алдын тосты. Екеуін де таниды, балшық таситын жігіттер.

– Сәлем бердік, қарындас. Манар-ей, хал қалай-ей? Жай мына қарындаспен таныссақ деп едік. Есіміңіз кім болады? – Шегіркөздісі  жігітті танитынын иегімен сездіріп, шіңкілдеп сөз бастады. Өздерін еркін сезініп тұр.

Ардақтың мына жігіттерді көре салысымен көңіл күйі өзгеріп сала берді. Әнеу күнгі апасына айтылған сөзден кейін осы шегіркөзді пәлені суқаны сүймейді. Реті келсе есесін қайтарсам деп жүр еді. Соның реті келгендей ме? Оның үстіне олардың Манарды адам ғұрлы көрмей тұрғаны жанына қатты батты. Өзі жарымжан адамға қалай болса, солай сөйлеуі  намысына тиіп кетті. Тістеніп арбаны бұрды да, жігіттердің басынан башпайына дейін бажайлап, барлап қарап шықты.

– Иә, осыдан басқа бұйымтайларың жоқ па? Атым ба, жоқ әлде затым керек пе?

– Қарындас, бүгін клубта кино болады. Соған шақырып келіп едік, – деп жанындағы ұзын бойлысы серігіндей емес, ыға жауап берді.

– Жігіттер-ау, бірақ мұндай ұсынысты басы бос қызға айтпаушы ма еді. Ал мен болсам міне – көріп тұрсыңдар, жігітіммен қыдырып жүрген жоқпын ба?  Кимелеп біздің демалысымызды бұзатындай қандай хақыларың бар?

Олар бір-бірімен иек қағысты да «мынау ма жігітіңнің түрі» дегендей жымиып алды да:

– Солай ма? Ойбай, олай болса кешіріңіз?! Ғафу етіңіз, қарындас! Сіздердің демалыстарыңызды бұзған екенбіз ғой, – деп кекете, керіле әрі мысқылдай күлді.

– Солай, жігітсымақтар. «Жақсы аттан құласа, жаман табалар» деген. Ұялсаңдар етті. Тән қызықтап, арзан жолмен тапқан жұмыстарыңның түрін қара, – деді шегіркөзді иегімен нұқып. – Манар, әңгімеміз немен аяқтап едік?

Бойжеткен арбаны жаймен итеріп ілгері жүріп кетті. Олар үнсіз бірқыдыру жерге дейін барып, кейін қайтты.

 

***

 

Ардақ біразға дейін әлгі жігіттерге деген өкпесін баса алмады.

«Қане, айтшы, Манар, солардың қайсысы өздеріне күні ертең аман-есен жүрем деп кепілдік берер екен. Су ағар, бірақ тас қалады. Бұлар өмірде де осындай ақымақтар болып қала бермек. Жаңағылардың қылықтарын көңіліңе алма. Олар саған сын тағатын, тақым қағыстыратын жігіттер емес. Сен олардан көш бойы биіктесің» деп те айтқысы келді. Бірақ өресі биік, сезімтал  жігіт үшін бұл сөздерді   айтқанмен ұтары аз еді. Сондықтан да әңгімені лезде басқа жаққа бұрып әкетті.

Манармен қоштасып бөлмесіне кірерде оның осыдан бірнеше уақыт бұрынғы ессіз қуанғаны мен көзіндегі отты көре алмады. Көңіліндегі жабырқаулықты қанша жасырам дегенмен, бозбаланың оған күші жетпеді. Ардақ та жылы қоштасқан болып жатыр. Оның да көкейінде «жаны таза, адал адамдардың көңілін осылай қалдырамыз да, сөйтіп ұшар көгін тарылтамыз-ау» деген ойлар қайталана берді. Асықпай бөлмесіне келіп, төсегіне отыра кетті. Апасы демалып жатыр екен,  көрші қызын көріп:

  • Ә, келдің бе, балам, – деп басын көтерді.

– Жайша ма, апа? Күн ұзакқа үйде тұрмайтын жеңілтек біреу болдың-ау деп отырсыз ба?

– Жо-оқ, қарағым, жаңа есік алдына шыққанымда өз көзіме өзім сенбедім. Ана бала екеуің емен-жарқын әңгімелесіп, көл жаққа қарай кетіп барады екенсіңдер. Әнеу күні поезда сол балалармен бірге келгенмін. Көзінде мұңы, көкірегінде қайғысы бардай өте бұйығы көрініп еді. Бүгін өзіне мүлдем ұқсамайды. Көңіл шіркін-ай десеңші, адамды өзгертіп сала береді-ау. Сол баламен есебін тауып танысып, оны мынандай күйге түсірген саған шынымен риза болып қалдым, балам. Аясаң да, түсінсең де оған көп сауапшылық көмек жасадың. Соны өзің білесің бе? Адам деген қызық, кейде осы жүріп-тұрғанымызға да риза болмайтын кездеріміз болады. Қарашы, жап-жас өрімдей жігіттің көзін жәутеңдетіп қойғанын. – Шынаркүл апай терең күрсінді де: – Жаңағы «жеңілтек деп ойладыңыз ба» дегенді бұдан былай маған айтпа. Бала емеспін, мына бас не көрмеді. Осы курортыңды тауысқан мен шығармын. Осыншама жасқа келіп түйгенім, балам, бәрі адамның мына өзіне, түйсігіне байланысты. Ал менің бір айтарым, жұрт осы курорт десе, оған тек жеңіл ойлайтын, жеңіл жүрістілер ғана барып демалады деп ойлайды. Иә, олардың арасында ондайлар кездеседі. Көріп жүрміз. Әсіресе, күйеуі бар әйелдерің жеңіл жүріске түсті ме, айтпа,  байыз таппай кетеді екен. Не үйінде, не сөзінде береке жоқ, нағыз бәтуасыздық солардан шығады. Өйтпей қайтеді – есіл-дерті дала, ретін тауып үйден шығып кету. – Апайының қабағы тіпті түсіп кетті. Сондай әйелдердің тірлігіне реніші мен күйінішін білдіріп қалды.

Ардақ әңгімені басқа жаққа бұрып:

– Апа, неше балаңыз бар? Келгелі жөн сұрасуға да уақыт таппадық, – деп жайлап төсегіне қисайды.

– Ұлдан біреу. Сол жалғыздан көрген қызығым, ана антұрған келінім емес пе, дүниені белшеден басып жүрген. «Жеңілтек» деген сөзді естісем, келінім есіме түсіп кетеді. Осы жүрісін ана қу жалғызыма айтайын десем, мінезі дойыр неме өлтіріп тастай ма деп қорқам. Келініме ақылымды айтсам, беттетер емес. Соның бәрін біліп, көріп отырған маған өз үйім көр, ішкен асым у болып жүр, қарағым. Екі ортада ана немерелеріме бір кесірі тиіп кете ме деп қан жұтып жүрген жайым бар. Өзім дербес зейнеткермін. Соның арқасы ғой, қолымды бір сілтеп осында келдім. Еркекті қайдам, ат айналып қазығын табар, мұнда қатынның құтырғаны жаман екен. Әйел адамның сөзіне өтірік араласқан соң ағайынның да, отбасының да арасы қиындайды. Солай қарағым… «Жас кезімде бейнет, қартайғанда зейнет бер» деп мен сияқты бір сорлы айтқан шығар-ау.

Апасының көңілі босап, мұқала сөйледі.

– Қызым, саған көңілімнің толғаны – анау менің келінім аяқ-қолы балғадай баламды жерге қаратып отырғанда, сенің көңілі жарым мына жігітке үлкен адамгершілік жасап отырғаның. Мені де кемпір-сампыр демей, қабағыма қарайсың. Мына біз, жасы келген қариялар – жұтаған жер сияқтымыз. Бізге кішкене де болса көңіл бөлініп жатса, соған мәзбіз.

Апасының әңгімесін бөлгісі келмегенмен, түскі тамақтың уақыты болып қалған-ды. Әңгімені жүре айтсақ дегендей қол сағатын нұқып қойды да:

– Апа, атайдың қайтқанына қанша уақыт болды, – деді де жинала бастады. Оған ілесе апайы да орнынан түрегелді.

– Қызым-ау, сол атаң қайтқалы тауым шағылып, еңсем бір көтерілмеді. Қанша мықтымын десең де босағаңнан еркектің қарасы көрінбеген соң, басынады екен. Биыл ол кісінің дүниеден өткеніне он бес жыл толады. Шалым қасымда жүрсе балаларға сонша күйінер ме едім? Аз тұрсақ та сыйласып, тату-тәтті ғұмыр шектік. Қатты сағынамын.  Өзің ғана емес, босағаң байсырайды екен, балам.

Шынаркүл апай ауыр күрсінді.

Ардақ тамақтанып отырып та, одан кейін де апасына таңданысын қоймады. «Қандай жақсы адам. Неге көбіне-көп жақсы адамдардың тағдыры ауырлау келеді. Келіні неге түсінбейді?». Төсекке келіп жатқанмен  ойы сан саққа бөлініп, көпке дейін көз іле алмады…

 

***

 

Бұл түні Манар да мазасызданып шыққан. «Ардақтай аяулы жанға қалайда бар шындықты айтуым керек. Менде ешқандай үміт те, болашақ та жоқ екенін қалай білдірсем екен» деген ойлар түнімен ұйқы бермеді.

Ертеңіне серуендеуге шыққанда да бірден салмақты әңгімеге бейіл танытты. «Ардақ, ренжімеші. Саған жан дүниемдегі бар сырымды айтайыншы» деген көзіне тура қарап.

– Мен әке-шешем өмірден өткенше ғана өмір сүретін адаммын. Олар бұл дүниеден кеткен күні, менің де күнім бітеді. Мен солар үшін, әсіресе, анам үшін тірі жүрмін. Болмаса мынандай азап өмірді қия салу, мен үшін түкке де тұрмайды. Осында да солардың көңілі үшін келдім. Өйткені бұл дерттен айықпасымды білемін. Туған-туыс, бауырларым баршылық.  Бірақ олардың бәрі мені шешемдей сезіне, түсіне алмайды. Рас, басында аяушылықтан ба, мүсіркеушіліктен бе, әйтеуір айтқанымды екі еткізбей орындап, көбіне көп көңіліме қарайтын. Қазір енді олардың да еті үйреніп алған. Менен бәрі шаршады. Шаршаттым. Әсіресе, шешем үйде болмағанда қиналып қаламын. Інілерім ойын балалары емес пе, кейде менің үйде бар екенімді ұмытып кетеді.  Не шақырсаң уақытында келе қоймайды. Соқталдай жігіт адамның бар қимыл-тіршілігі адамға қарап қалуы қандай қасірет, азап. Сондағы шаршамайтын да, кейімейтін де, ұмытпайтын да – құйтақандай анам ғана. Ол кісі менің екінші Жаратушым секілді. Егер бір күн жарық дүниеде жүрсем, сол анашымның арқасы. Анамды қалай жақсы көретінімді білсең ғой», – деді көзі жасаурап.

Ардақты да тосыннан айтылған жігіттің   ішкі жан айқайы, жан сыры толқытып жіберді.

– Ой, Манар, сені бойында мұқалмас қайраты бар азамат деп жүрсем, уайым-қайғыға берілетін әлсіз екенсің ғой. Неге жігерсіз адамдай таусыласың. Шыдамдылық, төзімділік деген ер адамның қанаты емес пе? Ауруға, бақытсыздыққа үйреніп кетуге болмайды. Онымен тек күресу керек. Яғни, өмір сүре білу деген – төзе білу. Ал сен соның бәріне төзіп келесің. Енді күту керек, сен емделіп жүр емессің бе?

– Ал егер күту өмір бойы созылша ше?

– Өмір бойы күту керек. Сенде оған негіз бар, себебі аяқтарыңның анда-санда ырқыңа көнбей селкілдеп секеңдеп  кетуі маған үміт әкеледі де тұрады. Психологтар адам күш-жігерді қиындықтан алады дейді екен. Қиындықты жеңе білген адам, өмірлік дағдыларға тез үйреніп, одан тез қорытынды шығаратын көрінеді.

– Рас па? Жақында «Здоровье» журналынан көмек сұрап хат жібергенмін. Олардан жауап болмаса Мәскеудегі нейрохирургия институтына әрекет жасасам ба деймін.

– Міне, мұның ақылға қонады. Менің жүрегім сезеді, сен жазыласың. Әкелші алақаныңды бал ашып көрейін. – Ардақ арбаны жайлап тоқтатты да, жігіттің алақанын жайып, біраз ұстап қарап тұрды да:

– О, мынаны қара, бақытты боласың, екі үлкен сызық орағытып қосылыпты. Оқуыңды бітіресің, тіпті үлкен бастық боласың-ау деймін. Мына бір сызықтың тіктеп тұрғанын қарашы. Солай. – Манардың алақанын жаймен жаба қойды.

Ол болса көзін ашып-жұмып, басын изеді.

– Бірақ, осының бәрінің бос әурешілік екенін жүрегі құрғыр сезетін сияқты, – деді де ақырын қыздың қолын алып, саусақтарының үстінен жаймен сипап өтті.  Еш қарсылық болмаған соң,  жайлап алақанын бетіне басып, біраз тұрды. Ардақтың ырқына бағынбаған нәзік саусақтары жігіттің уысында қала берді. Жігіт қызды өзіне тартқысы келіп еді, арбаның өңмендеп шығып тұрған аяқ қойғышы оны кері серпігендей ме. «Қарашы мына иттің арбасын?! Маған жұрт секілді тұрып құшақтасуды қимағаны аздай, тіпті жақындатқысы да келмейді» деп қарадай күйініп, өзінің қызметшісі әрі көлігі арбаның басқышын басып, тұрып кетердей ұмсынып көрді. Жансыз аяқтарының оған көмекке келмейтіні есіне түскенде күрсініп ауыр демалды.

– Манар, ең болмаса бір қолымды босатшы, болмаса қазір саған құлаймын. Шын айтам. – Қыз езу тартып жәймен жымиып қойды.

– Құлашы, құлашы, Ардақ! Қашанғы енді? Сенен өтініп тұрмын. Қорықпай құлай берші! Қол тормозын қосып қойғанмын. Ардақжан, тезірек құлашы дедім ғой.

Манар өзіне тартты ма, әлде жүректен шым-шымдап шыққан сөздердің құдіреті ме, бір тылсым күштің жетегінде серейген теректей Ардақ құлап бара жатты. Сол-ақ екен қызды бауырына тартып, құшағын толтырды. Сосын еркін бір демалсын. Салалы саусақтарымен   шашынан сипап, еміренді. Ары қарай жүздері жүздеріне тиіп, демдерін жұтысты. Бойжеткен болса аяздан келіп жылы көрпеге кіргендей жігіттің ыстық деміне масайып, оған тығыла түсті. Манардың аттай тулаған жүрегінің дүрсілі бойжеткеннің мамық кеудесіне білініп жатты.

– Ардағым, көктен түскен періштем. Өмір бойғы сарғайып күткен сағынышым. Менің зарым Тәңірдің құлағына жеткен екен-ау? Ардағым, тана көзім. – Манар екі көзі жұмулы есінен айрылған адамдай есеңгіреп сөйлеп жатыр. Жүректен жеткен бұл албырт сезім бойжеткеннің ішкі сезімін түркілеп оятып, түрен салып, тұнығын шайқап жіберсін.

– Адам адамды  осыншалықты жақсы көріп қалуға болады  екен ғой. Білесің бе, бақытым  көктен түскендей? Қандай жансың?

Егер дәл қазір Ардаққа Манардың құшағында қанша уақыт отырар едің деген сауал қойылса, онда ол ойланбастан «мәңгі бақи» деп жауап бергісі келді. Себебі ол құшақ – мамықтай жұмсақ, жып-жылы еді. Бірақ, ол ләззаттың ғұмыры қысқа еді. Өйткені қызға арбаға екпетінен жатып асылып тұру ыңғайсыз еді.

«Бүгінгі түн менің түнім. Әлгі кітаптарда жазатын «айлы түнгі ғашықтар» деген ұғымды тек қазір ғана сезініп отырмын. Түннің қараңғылығын әркім әрқалай ұрлайды екен-ау. Мысалы, қарақшылар өз пайдасына, ал ғашықтар ше? Меніңше, барлық жақсы сырлар, тәтті сөздер тек түнде айтылса керек» деп тіл қатқысы келіп еді, Ардақ оның еріндерін ақырын ғана сүйкімді саусақтарымен баса қойды.

 

***

Бұл оқиға Жаңақорған шипажайының жиырмасыншы түнінде болған-ды. Бұл түн екі ыстық құшақтың қауышқан, алабұртқан сезімдердің жай тапқан, үлкен таза махаббаттың шешек атқан түні еді.

Ардақ та көзі ілініп ұйықтап кетсе, сол сезімдерінен айырылып қалатындай кірпігін жұмған күйі тәтті қиял құшағында жата берді. Түнімен ой қуалап бозара атқан таңды байқамай, тек аула сыпырушының тықырлаған жүрісінен кейін ғана көзін ашты. Апасына қарап еді, тәтті ұйқыда екен. Жаймен тұрып жуынып, таранып апасын оятты.

– Апа-ау, тұрыңыз, түнімен қыдырғансыз-ау, шамасы. Бүгін ұйқыңыз тым қатты. Анау түрікмен шапан киген шал иектеп жүрген сияқты еді, – деді әзілге басып.

Шынаркүл апай көзін ашты да қызының жанарындағы қуанышты бірден байқады. «Мына балам қалай-қалай сөйлейді, таң атпай жайраңдап кетіпті».

– Қызым-ау, қай уақытта келіп жатқансың. Сен серікке жарамаған соң көрші бөлмедегі  сары кемпірді жолдас еттім. Ұлты балкар, қазақша судай, өзіңді жаңылдырады, – деп ақтала сөйлеп жатыр.

– Ақталмаңыз, сары кемпір дегеніңіз сары шал болып жүрмесін. – Ардақ одан бетер қуақылана.

– Қой, әкем, қай-қайдағыны айтпай. Мұрны қоңқайған сары кемпір, нанбасаң қазір тамаққа бірге барамыз.

– Жәй, апа. Сізге еркелегенім ғой.

Ардақ бүгін таңертеңгі асқа екі апасымен бірге барды. Әлгі  сары кемпір дегені нағыз  шикіл сарының өзі. Мұнтаздай киінген, салмақты, маңғаздау, аяғын тастап-тастап жүреді екен. Тамақтан соң барлығы аулада біраз қыдырып жүруді жөн көрді.

– Қызым, апаңа жабысқаным, әңгімесі жақсы екен. Әрі марқұм нағашы әпкеме қатты ұқсайды.  Тіпті буынып күлетініне дейін аумайды-ау. Сары апаны көргенде құдды сол әпкем тіріліп келгендей қуанғанымды айтпа, – деп жағасын ұстаған Шынаркүл апасы сөзін жалғастырып.

Түс ауа Ардақ бөлмесінде байыз тауып отыра алмады. Ақыры оны еріксіз күш Манардың бөлмесінен бір-ақ шығарды.

Қанаты жоқ қыран құстай қонақтап отырған жігіт тырс етіп есік ашылғанда төсектен өңмендей құлап кетердей ұмсынып қалды. Екі құшақ қайта табысты. Жарты күн көрмегенге сағыныштары  зорайып   кеткен бе, құшақтары ажырар емес. Сол түнді екеуі бірге өткізді.

 

***

Жаңақорған  шипажайының жиырма төртінші күні. Бұл әрине, екі ғашықтың қоштасу – айрылу – айрылысу күні еді. Ардақ Алматыға қайтады. Манар болса келесі маусымға келісіммен қалатын болды.

Жігіттің қабағы салыңқы, қоштасуды көтере алмайтындай иіні түсіп-ақ кеткен. Бірақ одан не пайда?! Бәрібір Ардақ бұл жерден міндетті түрде кетеді. Билет қолында. Осыны ойлағанда жанын қоярға жер таппай қиналды. Бірақ кімге не десін? Кімге жалынып-жалбарынсын – бәрібір бүгін кетеді. Мүмкін бұл күндер оның өміріндегі ең соңғы бақытты күндердің болмауына кім кепілдік бермек. Ардақ еркін құс, қайда ұшатынын, қайда қонатынын өзі біледі. Ал  ол тордағы қыран, ұшқысы келеді ұша алмайды, қонғысы келеді кона алмайды. Қашан жем береді, қашан су береді деп күтіп отырған қауырсыны қайрылған, қанатына   құрт түскен  жарымжан қыран. Бар болғаны жүрегі бар, жылуы бар. Бірақ оны кім біледі, кім сезеді?! Амал қайсы? Егілсін бе, күңіренсін бе? Не істесін? Бәрібір Ардақ бұл жерден кетеді.

Пойыздың жүруіне бірер уақыт қалды. Манар қоштасарда ішкі дүниесіндегі қопарылысқа түсінбеді. Жүрегі мен өкпе-бауыры бірге суырылып кетіп бара жатқандай ма? «Ау, мынау аяқтан көмек болмай жатқанда мені мазақ еткендей сендерге жол болсын!? Ең болмаса сендер мықты болсаңдар етті! Егер сендер қосыла егілсеңдер менің нем қалады» деп іштей оларға да назаланды. Пойыз орнынан баяу қозғала берді. Соңынан жүгіргісі келді. Бірақ оған қайран қайсы?

Қимас адамыңмен қоштасудың соншалықты  қиын екені Ардаққа сол мезетте біліне қоймады. Тек купеге кіріп, жайланып отырған соң ғана   көпшілігіміз ойланбастан айта салатын  «хош сау болы» мен әлгінде ғана лебі басылмаған қоштасудың арасы жер мен көктей екенін енді сезінгендей. Жүрегінің дүрсіліне пойыздың дүрсілі келіп қосылып, көкірегін жарып жіберердей тоқпақтайды. Дүрс-дүрс, гүрс-гүрс.

Жүрдек поездың жүрісіне ілесе қимас сезімдермен алпарысып отырғанда: «Сіңлім, балаларға көз қырыңды сала отыршы. Пойыздың мейрамханасынан тамақ әкеле қояйын. Ұлым мазасыз еді, шығып кетпесінші», — деген купедегі балалы әйелдің сөзі оны ой тұтқынынан жұлып алды. Үйелмелі-сүйелмелі алты мен төрт жас шамасындағы балалары бар ана облыс орталығынан келе жатқан болуы керек, орнығып алған.

Кішкенесінің шешесіне бауыр басқаны көрініп-ақ тұр, ажырағысы жоқ. Ардақ дереу кішкене ұлды көтеріп терезе тұсқа апарып:

– Балақай, қарашы әне, ата келе жатыр. Атқа мінгің келе ме? Шүу дегің келе ме, – деп жан-тіні қалмай сөйлеп, даланы нұсқап жатыр. Бала кәдімгідей елеңдеп қалды.

– Атаң бар ма, атаңның мінетін аты бар ма, – деп қайта-қайта жалықпай сұрады. Бала болса Ардақтың бетіне таңдана қарайды. «Қазір мамаң келеді. Саған тамақ әкеледі. Ол тамақтың бәрін жесең күшті жігіт боласың, жарай ма?» Бала Ардақтың аузына қарап тұрды да:

  • Мен… Мен өскенде содат боламын, – деп тақ ете қалды.

– Ой, жарайсың. Ер жеткен соң солдат болады екенсің ғой. Өзіңнің атың кім?

  • Әдие т.
  • Әділет! Есімің тамаша екен.

– Жасың нешеде, Әділет?

– Төйтте. Бұрындары үште болғанмын.

  • Солай ма? Бұрындары үште болған екенсің ғой.
  • Ал мына тәтеңнің аты кім?
  • Тоқын.
  • Толқын. Ой, есімдерің қандай тамаша!
  • Тоқынның сумкашы бар. Бір рет қар жауғанда оқуға барады.
  • Солай ма?

Олар осылай шүйіркелесіп жатқанда тамағын көтеріп балалардың шешесі де келіп қалды.

– Балаңыздың тілі қандай тәтті. – Кішкене Әділетті бауырына тартып, басынан сипады.

– Ай, ол былдырлақ па? Әлі көресіз, кішкене үйренісіп алған соң мазаңызды алады. Сұраудан бір жалықпайды-ау, – деп қолындағы табағын үстелге қойып жатып. – Бала тілін айтсаңшы. Кішкене кезіндегі аздаған бейнеті болмаса, аяқтарынан тұрған соң бәрі ұмытылып кетеді екен. Бірінің артынан бірін туып, өсірген жеңіл дегенге басында сенбеп едім. Қазір екеуі бірін-бірі ойнатады, тілдері де қызық. Қай жерге дейін барасың, айналайын?

– Мама, даланың шамын өшіріңізші, көзіме түсіп кетті, – деп Толқын бетін күннен көлегейлеп, тыжырынды.

– Ой, құлыным сол, ол даланың шамын өшірсек, өмірде тіршілік қалай болмақ? Ол шам емес – күн. Біз бәріміз осы күннің шуағымен жылынып жүріп жатырмыз. –  Ересек екеуі бір-біріне қарасып жымыңдасып алды.

– Алматыға. Сіздердің Жаңақорғанда демалып, енді қайтып барамын.

– Ой, онда жақсы жерде демалған екенсіз. Өзім Алматы облысының ең шеткері ауылынанмын. Әке-шешемді көріп қайтуға бара жатырмын. Жұбайымды қызметтен босатпады, науқан уақыты. «Жолда қиналарсың, біреуін тастап кет» дегенге көнбедім. Басқаларды қайдам, өзім балаларды бір күн, тіпті бір сағат  көрмесем сағынып қаламын. Оларсыз өмір сүруді елестете алмаймын. Әлгі балаларын тастап кетіп жатыр дегендерді естігенде төбе шашым тік тұрады.

Алма-кезек балаларына тамағын беріп жатып:

– Өй, тамағыңның тесігінен, айналайын! Қайсы көкесі, аузыңның үлкендігін мына тәтеңе көрсетші, кәне, – дегенше кішкене Әділет аузын  кере  ашып, қасықты қоса жеп жіберердей қомағайланып қойды.

– Табиғаттың жаратылысына таңым бар, осылармен жүрегімді жалғап қойғандай емешегім езіледі де тұрады. Мұның бәрі қазір саған түсініксіз, әрі ерсі болуы мүмкін. Саспа сіңлім, басыңа келгенде білесің, – деп әйел балаларының аузын орамалмен сүртіп жатып.

– Мама, мен мына тәте секілді шашымды қиғым келеді, – деді Толқын Ардақтың басын нұсқап.

– Қой, қызым, кішкене кезіңнен бері өсіріп келеміз, обал болады, — деді анасы қызының басынан сипап.

  • Мама, ол аяйтын адам емес қой.

Көршілер тағы да бір-біріне қарасып, күліп алды.

Әділет болса барлық назар Толқын әпкесіне ауғанын қызғанып,  көрші тәтесіне бетін бұрып:

  • Тәте, мен жеті атамды білемін, папам үйреткен, – демесі бар ма.

Үлкендер жағы тағы күлісті.

– Ой, жеті атасын білетін қандай керемет баласың. Кәне, Әділет айта ғой, — дегені сол еді, жаңылмай тақылдап айтып шықты.

– Мама, енді сіз жеті апамның атын үйретіңіз, — дегені сол екен, Ардақ пен көрші тәтесінің ішек-сілесі қатып күлсін-ай.

Не дерін білмеген анасы, сасқанынан: «Иә, құлыным. Оны папаңнан барған соң сұраймыз» деп құтылды.

Аз ғана уақыттың ішінде балаларын айналып-толғанған анаға қарап мейірленіп отырды. Осыдан бірер уақыт бұрын Манармен қоштасуы бір сәтке де ұмытылмайтындай көрінген. Мына жайдан кейін оның ана атанып, сәбилі болғысы келді. Неге Манарға да әке атанып, перзент сүймеске? Ол кімнен кем? «Неге? Неге?» деген сауалдың астында қалып, қайтадан ойдың иіріміне түсіп, құрдымға кетті…

Пойыз Алматыға келесі күні таңертең жетті. Қасындағы жолсеріктерін автобусқа отырғызып, үйге келіп бір-ақ тыныстады.

 

***

 

Ардақ төсекте илектеліп ұзақ жатты. Сүлесоқ тұрып, сүйретіле айна алдына барды. Терезеден соққан жел қаққан болу керек, Манардың хаты төңкеріліп қалыпты. Бір сәт хат емес, бұған өкпелеп теріс қарап жатып қалған Манардың өзіндей елестеп кеткен. Аялай ұстап көкірегіне басып, көзін жұмды. Ойша Манарды құшақтап тұрмын деп ойлаған. Құлағына хатта жазылған Манардың сөздері келді.

«Ардақжан, сенесің бе? Сенімен кездескеннен кейін мен мүлдем басқа адам кейпіндемін.  Сен ғой жаныма нұр  сыйлаған. Сен ғой менің екі аяғым секілді семіп бара жатқан сезімімді оятып, үміт, сенім дарытқан. Мына қу құлқыннан су жүріп, ас өтіп тұрғанда, соқталдай  азаматтың бар тіршілігі кісіге қарап қалғаны қиынның қиыны, азаптың көкесі-ақ. Өзгелердің мен үшін қиналғанын көргенде көз алдыма өлімнен басқа ой келмейтін. Талай мәрте өз-өзіме қол жұмсамақ болғанда, айналамдағы  бауырларым көріп қалып, арашалап алған. Сонан кейін мені жалғыз қалдырмауға тырысатын. Шіркін, ұйықтап жатып өліп кетсем ғой деген ой санамнан бір шыққан емес…

Жо-жоқ, енді өлгім келмейді. Себебі мына дүниеде сен барсың. Енді менде өмірге деген құштарлық сезім оянды. Армандайтын арманым, жұбанышым, қадірлі де сүйіктім, перизатым – Ардағым – сен барсың. Енді белгісіз қалған ғұмырымды саған ғана арнаймын. Ойласам, сені көрген күннен бастап бақытты күндерім өтіп кеткен екен. Егер мен Жаңақорғанға бармағанда… Мына сендей жүрегі нәзік, сүйкімді, қылықты жанды жолықтырмағанда… Шынымен де, өмірден түк көрмей, көкірек көзім ашылмай, көрсоқыр күйімде еш нәрсе сезінбей жер жастанады екенмін ғой. «Маған  ғашық болу, жақсы көруді сезіну маңдайыма жазылмаған пенде шығармын» деп ойлаушы едім. Сенсің – Ардағым, сол адамдық асыл, ұлы сезімдерді сыйлаған… Сенсің – шаршап шалдыққан жанымды қанаттандырған. Сенсің – маған үміт отын жаққан. Сондықтан да Алла Тағалаға  алғысым шексіз. Жаратқан иеміз әділ екен. Маған сынағын жібергенмен, артынан жуып-шаятын нығметін жіберіп, есебін осылай түгендеген екен» – депті. Осы жеріне келгенде Ардақ хатты кеудесіне басып, өксіп-өксіп жіберді. Солығын әзер басып қайта көзін жұмып, Манардың даусын естігісі келгендей хатты оқуды жалғастырды.

«Ардақ, білсең ғой, сен кеткелі мынау есігі құрғырдың бағасын қаншалықты арттырып алғанын. Сені осы абажадай  сұрғылт есік ертіп әкелгендей көрінеді де тұрады. Қазір есік ашылып, жабылған сайын ойым сенімен арпалысып жатқаны. Азапқа маталып жатқан төрт жылдың ішінде босағамнан сендей жан аттар деген қаперіме кіріп пе?! Тіпті әйел заты үшін есігім жабылған шығар деуші едім. Жо-жоқ, олай емес екен.

Сен өте жақсы адамсың, Ардақ. Өте жақсы. Сен болсаң өзіңді жәй пенденің бірі ғана санайсың. Сен басқаларға мүлде ұқсамайтын ерекше жансың. Егер аяғымнан тік тұрған жігіт болсам, сенің жолында құрбан болуға қасқайып тұрар едім. Әттең, мына түріммен кімге қорған бола аламын?! Бұлай тәңірдің қор еткенінен гөрі, кейде ойлаймын, әуел бастан-ақ жаратпай құртқаны дұрыс еді-ау деп. Ең болмаса рақымы түк естімес саңырау етуге түспепті ғой. Мынауы тек қинау мен басыбүтін азап. Ал енді сені көргеннен бастап бәріне де шыдаймын, бәріне де көнемін деп шештім. Қинасын жанымды, тағы да кескілесін, жамап-жасқасын. Мен енді сен үшін Ардақжан, сен үшін бәріне де шыдауға бармын. Олай дейтінім, жүректің сүйініп сүйсінгеннен де, сүйгеннен де ауыратынын сездім. Өтірік сүйе алмайтынын түйсіндім. Жүрекке әмір жүрмейтінін сезіндім. Білесің бе, оның адамды жақсы көріп ауыратыны – еш сырқатқа ұқсамайды. Өзгеше, бекзат ауру. Сол ауырғанын тоқтатпаса екен деймін. Бұған дейін тек бойымдағы қанымды айналдырып ғана тұрған жүрегімді сөйлетіп, құдіретті сезімді сезіндіргенің үшін де саған қарыздармын».

Ардақ бұл жолдарды да оқып отырып еріксіз сорғалаған кермек жасының қағаз бетіне қалай тамшылап түсіп жатқанын көріп тұрса да,  еш әрекетсіз ары қарай оқи берді.

«Ардақ, сен қара жер басып жүрген жансың. Сенің ортаң, келешегің. бәрі-бәрі алда. Сен мені Жаңақорғанда көретініңді жоспарлаған жоқсың  ғой. Әрі мен үшін өткеніңді сызып тастау да шарт емес. Сен де сүйе білесің, сезіне білесің. Сендей адамды менен басқа адамның сүймеуі де мүмкін емес. Менің: «Өзіңіз немесе сізді жақсы көретін  жан  болды  ма?» деген сұрағыма жауап бермей тайсақтап кетуің, қалайда ол адамның өмірде бар екенінен хабардар еткен. Сондықтан да мен сенен қазбалап сұрауға батпадым. Оның үстіне, мен сені бақытты етемін деп айта алмайтын болғандықтан, әрі қарай  қинамадым.

Ардақжан, сен болашақ анасың, бауырыңа балапан басуың керек. Ал менің науқасымның түрі мынау. Саған ондай қуаныш сыйлай алмаймын. Тек обал жасаймын. Бөпелі болу деп қоямын, ең болмаса еркектік міндетімді атқара алсам ғой. Ондай бақытты маған Алла Тағала маңдайыма жазбапты. Алдымен алабұртып қасымда жатқан сені қинаймын, ол аздай өз міндетімді атқара алмаған сайын әр түнде мен де қасірет шегіп өліп-тірілмеймін бе? Сондықтан да, өзің кеткелі ары ойланып, бері ойланып сені де, өзімді де қинамай, әуреге салмай, ащы да болса осы шындықты айтуға бел будым…

Ардақ,  қазір менің асқақ арманым өте көп. Адамда қанша өкініш болса, сонша арман болады екен.  Кітаптан оқығаным бар, «орындалған  мақсат – ол арман бола алмайды» деген.  Мен енді тек сол армандарымның ақ қанатына мініп, ұшып жүре беремін.  Аллаға шүкір,  сенімен кездескелі  ойым бір арнаға түсіп, не үшін өмір сүргім келетіні  нақты айқындалды. Маған өле-өлгенше сенің берген осы сыйың да жетеді, Ардағым! Өйткені соның бәрін сен арқылы ғана сезіндім емес пе? Сенімен болған жиырма төрт күн – менің төрт жылғы белгісіз қалған және көрген азабымның өтеуі, бодауы, садағасы…»

Ардақ тағы да хатты кеудесіне басты да, біраз дамылдап алып, ары қарай дауыстап оқи бастады.

«… Жаным, маған жұбату айтамын деп бос әурелікке салынбай-ақ қой. Ауылдан әскерден келген інім мен анам келіп қайтты. Мәскеуден жіберген жауап-хатты да ала келіпті. «Мұндай диагнозбен бұдан төрт жыл бұрын, яғни ертерек хабарласқандарыңызда мүмкін нәтиже болар ма еді..» депті. Ардақ, саған айтып едім ғой, «нәтиже болмайтынын сеземін» деп. Сол рас болып шықты. Маған енді сені сезінуден басқа еш айла қалмады. Бірақ сен өзінді бір минөтке де жадынан шығармайтын, тілеуіңді тілеп жүретін жақын досыңның бар екенін ұмытпағайсың. Мен үшін қашанда бағаң басым. Мені сенімен байлайтын тағы бір қасиетің – жан жылулығың. Екі бөлек өмір сүрсек те, тап-таза, мөп-мөлдір сезімімнің, саған деген өлшеусіз құштарлығымның арқасында көзім жұмылғанша ой-қиялымда сенімен біргемін. Бұл сезімдер өзіммен бірге кетеді, сонда ғана мәңгілікке өшеді…

Жаным, менің осынша еркінсіп кеткенімді кешірші. Жаза берген сайын үстімнен зілбатпан қасіретім сыпырылып түсіп  бара жатқандай сезініп отырмын. Мен неге бұрын қолыма қалам алмағанмын?!

Сүйіктім, сенімен нағыз қоштасатын сәт енді туды. Тағдыр дей ме, жазмыш дей ме – осылай. Мен өз тағдыр қасіретіммен, өмірдің қиындығымен жалғыз өзім қалуды қалап, солай шештім. Сенің менімен бірге тағдырдың соққысына түскеніңді қаламаймын. Адам кейде қайғымен де, қуанышпен де жеке кездесуі  керек. Сол кезде бәрінің шешімі, түйіні өз өзінен шешіледі ме деймін.

Қай пенденің де жаратылысы бірдей болғанмен мінез-құлқы, қадыр-қасиеті әртүрлі. Білетінім, мені толық түсіну үшін, ол адам менің кейпімде, менің көрген азабымды, қасіретімді басынан өткізгенде ғана  толыққанды түсіністікте болмақ. Ардақ, сен оның шет жағын ғана көрдің. Менің өмір сүру дағдым – тек азаптан тұрады. Онымен сені қинағым келмейді. Сені аяймын. Сен ол азапты көрмеуің керек. Өйткені, сен оған лайықты жан емессің, жаным! Содан да  өзіме осындай қатал үкім шығардым…»

Осы сөздерден кейін оғанға дейін пысылдап, өксіп жылап оқып отырған бойжеткен қалай  дауысының өрекпіп шығып кеткенін байқамады. Бірақ ары қарай оқуын тоқтатпады.

«Ардақжан, сенен өтінерім мені жақсылап түсінуге тырыс. Енді бізге хабарласып, хат жазысып тұрудың қажеті жоқ деп шештім.  Сондықтан да хатты кешеуілдетіп жазып отырмын. Мың ойландым,  жүз толғандым.  Осы кесімді шешіміме еш өкінбеймін.

Жақсы Ардағым, аяулым, қымбаттым, ардақтым, перизатым! Сағынышсыз күндерім бос  өткен екен-ау?! Қандай жақсы сағындыратын жанның болғаны. Ардақжан мен осылай тап-таза кіршіксіз мөлдір сезімімді, асқан сүйіспеншілігімді ақылға жеңдіруге мәжбүрмін.  Аса мәртебелі де құдіретті махаббаттан жеңілдім. Бір жапырақ жүрегім кінәламасыншы мені. Бірақ, осы таза, мөлдір  өлшемі жоқ шексіз де, шетсіз сезімімді, махаббатымды жоғалтып алмай, демім біткенше Тәңірдің адамзат баласына сыйлаған осы артықшылығын сақтауға, оған сатқындық жасамауға ант беремін.  Өйткені, ол менің жан дүниемдегі  ендігі  – жан азығым, бұл менің болмысымдағы – жан байлығым, бұл менің бойымдағы – есепсіз мол қазынам… Хош, Ардаш, көзіңнен сүйдім…»

Кермек жас енді тарамдап аға бастады. Хатты алып жүрек тұсына қойып, үнсіз ұзақ отырып қалды. Бір кезде:

– Неге? – деді Ардақ күбірлеп. Артынша «Неге?» деп ышқына айқайлады. Неткен қатыгездік?! Манарды осыншама қинайтындай  қандай  жазығы, жасаған күнәсі бар? Біреуді асыр салдырып, енді біреуді бейнетке жаратып, ал үшіншісін   азапқа салып қоюы қалай? Осы әділетті ме?!

Ардақ ой тұтқынына маталып біраз тұрды. Көзіндегі жасты сүртіп айнаға қарады. Шашы дудырап, көз алды күлбілтеленіп бет-аузы ісініп, қызарып кеткен. «Ей, сорлы, байғұс қыз… Имандай шыныңды айтшы…» деді айнаға қарап тіл қатып. – «Жаңақорғанда Манармен кездесіп жүргенде «мендегі сезім аяушылықтан, мүсіркеушіліктен болды ма, әлде шынайы махаббат па?» деген сұраққа жауап таба алмай екіұдай күй кешіп едің. Бірақ, қалайда аяушылықтың басым екенін де түсіндің емес пе… Енді несіне сораң ағып жылап отырсың» деп бір қойды. Бір кезде мына бір ой сумаңдап жылт еткендей ме. «Егер бір бірімізден айрылыспай, әрі қарай бірге жүре бергенде, мүмкін  аяушылық сезім ұлы сүйіспеншілікке ұласар ма еді?.. Енді бұл шиыршықтанған, күрмеуі қиын шешімді, шарт түйілген түйінді Манардың өзі шешуге талпынғаны ма…»

Көңілі жайланудың орнына аласапыран ойдың астында қалды. Бұл неткен сезім… Көңіл түкпіріндегі әлдене ойға байланған сезім маза берер емес. Қимастық та, сыйластық та, әлгі бір көлгір аяушылыққа да ұқсамайды. Басқаша… Өзгеше… Өзі түсінбейді. Шынымен бе?.. Рас па?..

Аядай бөлмеге сияр емес. Өрекпіген жүрек соғысы да үдетіп барады. Күрсінді. Аһледі-уһледі. Бір сәтте бойын жиып алды да төсек астында жатқан қызыл шабаданына киімдерін сала бастады…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *