ӨНЕР ҮНДЕМЕГЕН САЙЫН, РУХАНИ ӨЛІМ ЖАҚЫНДАЙ ТҮСЕДІ

Адил Койтанов-сайт

Әділ ҚОЙТАНОВ,

Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры,
Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар
ассоциациясының президенті

 

ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бірлескен жобасы – «Асыл сөз» сұхбат айдары жалғасуда. Бұл жолғы қонағымыз қоғамдық ортадан да, қазақы ортадан да оқшау жүретін әйгілі тұлға, айтулы жазушы, баспагер, аудармашы, Лондонда «Абай үйін» ашқан, әлемге әйгілі «AMANAT» журналын, сол журналдың «Екі жүз томдық кітапханасын», «Менің 100 кітабым», «Халық кітапханасы», «Әлем әдебиеті кітапханасының 107 томы» серияларын дүниеге әкелген Роллан Сейсенбаев. Герольд Бельгер оны саяқ жазушы деп атап, ерекше құрмет тұтқан. Сыйлаған. Сырласқан. Оның әлемдегі лақап аты да, «қазақтың саяқ жазушысы». Ол саяқ жазушы болып, қазақ әдебиетінде еркін келе жатыр. Артық сөзі жоқ. Көсемсуі жоқ. Өзім білемі жоқ. Кеуде керуі жоқ. Жан баласына жалынған жоқ, жан баласына өкпе артқан жоқ. Үлкенді құрметтеді, кішіні сыйлады. Біздің қарадүрсін ортаға түсініксіздеу, бөлек тұлға.

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ

 

ЖАЗУШЫ

– Роллан Шәкенұлы, бүгінгі күні қазақ жазушысының статусы өзгеріске ұшырады деген алып-қашпа сөз, қоғамда, әр түрлі бейнеде бой көрсетуде. Сіздің ойыңыз қандай?

– Өнер адамының, оның ішінде жазушы жұртының статусы да, тірлік қалыбы да түбегейлі өзгеріске ұшырады. Қазақтыкі ғана емес, бүкіл Кеңестер Одағы жазушыларының жәй-күйлері, тыныс тіршіліктері, рухани модельдері, ұлттық ізденіс белгілері келмеске кетті. Үкімет жазушыларға стипендия береді. Кеуделеріне темір-терсек тағады. Лауреаттық атақ сыйлайды. Сол атақ үшін жазушылар екі жылда бір рет, бір-бірін кешпес жаулыққа шығып береді. Дала төбелесі басталады. Дәл бүгін, Дешті-Қыпшақ даласында, ақын-жазушылар дағдарыс қамытын мойындарына киіп алған белгілі орта.

– Неге?..

– Жазушы, туған халқының рухани жол басшысы, әм ар-ожданы болудан қалған. Ол кездер көзден ұшып кеткелі қашан?!.

– Неге?..

– Оқушы жоқ. Саналы оқушы болмаған жерде, жазушы да жоқ. Қайран Шоқан Уәлиханов ғажайып жазушы болар еді, өкінішке орай, қазақ сахарасында кітабын оқитын оқушысы болмады.

– Неге?..

– Үш негеңе бір жауап. Бүгін қазақ қоғамы терең дағдарыста. Бұндай қапас ортада рухани түлеу мүмкін емес.

– Сізді тыңдасақ, қазақ қоғамын трагедия тосып тұр екен ғой…

– Қазақты ғана емес, бүкіл әлемді тосып тұр. Рухани әм мәдени, экологиялық әм экономикалық дағдарыстардың күн сайын өрбіп-өсіп бара жатқанын көріп, өмір сүру нағыз трагедия. Бірақ, қандай да сұрапыл дағдарыстар адамзат баласының басына төнсе де, Адам саналы өмір үшін, мәнді өмір үшін күресуі керек. Мен таңмен таласа тұрып, жазу үстеліне отырып алып жұмыс істеймін. Жазда қу далада, шөпке кеуде көміп жазу жаза беремін. Бап талғамаймын. Мен халқымның тіршілік аясының тығырыққа тірелгенін анық білемін. Сонан да, соңғы күшімді жиып жазу жазуға ұмтыламын. Бұл менің, туған халқыммен бірге тәуелсіздігіміз үшін күреске шығуым. Менде, Отаным мен Халқымнан артық қадыр-қасиет жоқ. – Сіздің романдарыңыз әлемнің әйгілі баспаларында басылып жататынын білеміз. Американың атақты «AMAZON» баспасы, Сіздің атышулы «Құм кезген өліктер» романын ағылшын тілінде көп тиражбен шығарды деп естігенбіз.

– «AMAZON» ойлаған миллиондаған тиражға жете алмады. Атышулы Пандемия кірісіп кетті ғой. «AMAZON» менің тағы бір романымды шығаруға кірісуде. Оны көре жатармыз. Роман әлі үш жыл баспаның иелігінде.

– Сіздің тағы бір романыңыз Санкт-Петербург орыстарының айтулы «Пальмира» баспасында жарық көреді деген жарнаманы байқап қалдық.

– Мен жазушымын. Жалғыз адаммын. Маған үкімет көмектеспейді. Стипендия бермейді. Атақ артпайды. Кітаптарымды шығармайды. Мен өз өмірім үшін, өзім күресемін. Әлем баспагерлерімен жұмыс істеймін. Жазған кітаптарымды сатуым керек. Ақша табуым керек. Менің де немерелерім алдымнан шығады. Қазақшалап тура сұрақ қояды: «Ата, аз мерзімге аз ғана ақша қарызға бере аласыз ба?..» деп сұрайды. Бере алам деймін. Бере алмасам өлім ғой. Өзің қалай ойлайсың?..

– Өлім болмаса да, ыңғайсыз екені рас, аға.

– Өлім, бауырым!.. Проблемаға тура және терең қараған жөн. Дешті-Қыпшақ даласы, тентіреген орыстар мен басынған Қытайдың ортасында додаға кетіп қалмауы үшін, қазақ жанын да, қанын да салуы керек. Отыз екі жыл бойы тойымсыз Билікті тыңдаған қазақ енді өлеріңді біл. Не жемір Билік үшін өл, не рухыңды тіктеп, Отаныңды қорғауға шық. Ертең кеш болады. Бұл шындық. Ал мен саған, нағыз ақиқатты айтайын, өмір дегеніміздің соңы трагедия болып түгелісілетінін ұмытпа, бауырым. Абай атаңның таусылмайтын Дана ойлары өлеңдерінде жосып жүреді. Дәл тап, дәл таны. «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, Өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегін екі жақтап», – дейді. Тілін де тартпайды, тілеуін де тоқтатпайды. Ерен Тұлға ғой Абай бабамыз. Өмірінің соңында жалғыздыққа бой салды. Шаршады. Тән тозды, жан күйзелді. Жан баласымен сөйлеспеді. Жан баласымен араздаспады. Мен бабамның бір тәулік өмірі туралы «Соңғы түн» деген роман жаздым. Орыс тілінде. Жақында сол романды жағып жібердім.

– Неге?..

– Қазақ тілінде қайта жазбақпын.

– Сіз елде кімдермен араласыз?

– Ел арасында жаныма жақын азын-аулақ адамдар бар. Саусақпен санарлық қана. Шәкірттерім, іні-достарым хабарласады. Әлемнің озық ойлы адамдарымен хат алысам. Ой жарыстырам. Әлем тынысынан тыс қалуға болмайды. Мен, кәзір жалғыздық құшағындамын.

Абай атамыздың «Қарасөзіндегі» мына толғауға зер сал. «Ақыры ойладым: … осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, иә оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ». Бұл бірінші сөзден алынған асқақ ақынның жан тебіренісі. Ой жұлқынысы.

Бұндай серпінді тілеу ойды жалтақтамай, жасырмай еркін айтқан бұ қазақта Абай ғана. Ертеде зар заман жыраулары да зарлап берген. Бірақ халық құлақ аспаған. Көремізге басқан. Абай күнделікті жиындарда, кей-кейде ұшқыр, адал, әділ ойларын есті қазақтарға туралай айтып тастайтын болған. Қорықпаған, қорғанбаған, тілін тартпаған. «Мал емдік, бұл тәуекеліміз дұрыс болды. Малды саусаңдар сүтін іштіңдер, малды сойсаңдар етін тамақ еттіңдер. Арқасына ертоқым салып мініп кетсеңдер, арғымақтарың жолды жолға, елді елге қосып отырды».

«Ал бүгін, халқым, мына Ана-Жерді еміңдер. Бұл өлшеусіз қуат, жесеңдер дәм болады, саудаға салсаңдар пұл болады. Жалқау қазақ жер емсе, өлшеусіз күшке ие болады. Қала салыңдар, сауда жасаңдар» – деп айтуын бір қоймаған. Көне қазақтың мал еміңдер деген ойы қазақтың әдетіне емес, қанына сіңіп кетті. Абайдың Ана-Жерді еміңдер деген ұлағатты сөзі жерде қалды. Сал-сері, ойын-сауықшыл қазақ жерді емуден бас тартты. Бұл ең үлкен қателік болатын. Жалқаулыққа жаны құмар қазақ, ең үлкен, азапты қателікке ұшырағанын әлі де ұғар емес.

– Сіз қатты кеттіңіз ғой?..

– Қатты кеткен мен емес Абай бабамыз. Менің қатты кеткенімнен қазақ оңала қоймас. Менің жүрегіме үш операция жасалынған. Басыма бір операция жасалды. Енді екінші операцияға дайындалып жатыр. Семейде жерленген ата-бабаларымның басына биыл барып қайттым. Сол Семейде қазақтың теледидарын көрдім. Жиырма жылда бір көрген емеспін. Сүреңсіз сюжеттер, ойсыз хабарлар, дүркіреген жүргізушілер, шиқылдаған әйелдер жанымды жеді. Татымсыз ойын-сауық, бірін-бірі жалықпай мақтаған арсыз мадақтау, татымсыз күлкі мені тірідей жерлеп бара жатты. Есті ой айтатын бірде-бір канал табылмағанына күйіндім. Бұл сойқан құбылыс бүгін келген жоқ. Отыз екі жыл өрбіп өсіп келе жатқан. Арсыз билікте, арлы ой қайдан болсын?!. Оларға керегі де осы азғын пиғыл болатын. Қолымдағы үлкен ауыр кесені теледидарға аттым. Теледидардың тас талқаны шықты. Дәл кәзір, бұл үйде мен қадырлейтін ешнәрсе жоқ болатын. Әке-шешем, жалғыз қарындасым мен үш інім о дүниеге кеткен. Тек төрт қабырғасы ғана қалған әкемнің үйінен ыңғайсыздық сезіндім. Үйден атып шығып кеттім. Бұл үйге енді қайтып келе алам ба, жоқ па?.. Оны да ойлауға мұрша болмаған. Бұл тіршілікте мен шын жалғыз қалғанымды түсіндім.

Өнер үндемеген сайын, рухани өлім жақындай түседі. Бұл шындық. Ақиқат десем адал болар деген ойға жығылғаным есімде.

Билік, жазушы соқыр, саңырау, мылқау болғанын қалайтыны мені таң қалдырады.

Орыс аспанының астында пайғамбарларға сай қасиетті рухани ерлік жасаған Александр Пушкин, Михаил Лермонтов, Федор Достоевский, Лев Толстойлар болмаса империалистік Ресей өз халқын ертеде-ақ тас-талқан қылар еді.

Билік біздің үндемес болғанымызды қалайды. Жазушы биліктің қарсыласы. Ол жазушының ойы емес, биліктің ойы. Қазақ өнері билікке қарсы шыққан емес. Шыға да алмайды. Шықтырмайды да. Қаңды қаңтар дүрбелеңі туралы әділ сөз әлі айтылған жоқ. Олар географиялық атауға ғана ие Қазақстан деген елдің жұрты мылқау болғанын қалайды. Билік сөз айта алады. Өнер тұлғалары айта алмайды. Шындық биліктің үкімі. Адамның емес. Осыдан бір ғасыр бұрын Абай болған. Семсер ойлы Махамбет болған. Оның алдында Зар Заманның асқақ ойлы, кең тынысты, ақиқатты жанындай сүйген ержүрек ғажайып жыраулары болған. Олардың қан тамған жырлары да, замана белдерінде жоғалып тынды. Біз олардың жырларын қазақ баласының рухани бесігіндей ардақ тұтып жүрегімізде ұстай алмадық. Оларды жоғалттық. Оларды ұмыттық. Асқақ қасиеттерін қадырлей алмадық. Молаларына белгі қоя алмай жоғалттық. Барға мастандық. Жоқты ортаға тарта алмадық. Бабалардың есімдері де, от ойлы жырлары да жадымыздан жоғалды. Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар бірте-бірте уақыт ығында қала берді. Ынжық ел оларға пана бола алмады. Бүгін бізде де пана болар еліміз жоқ екені айдай ақиқат. Жақсы менен жаманды ірі мен шірікті айыра алмай жоғалып бара жатырмыз.

 

ӘДЕБИЕТ

 

– Бүгінгі әдебиетке қалай қарайсыз?

– Сеніммен қараймын. Әрине күдік те жоқ емес.

– Көңіліңізге ұнаған жас таланттар бар ма?

– Жарты жыл болды, жас қазақ ақынының өлеңдерін оқимын. Өзі жас болғанымен, өлеңдері кесек. Қазақ әдебиетіне өз үні бар, өз қасиеті бар зор ақын келді деп қуанамын. Оның есімі – Аманкүл Пішенбаева.. Әндегі дүлділ Димаш болса, жырдағы жүйрік сол қарындасым. Мен солар үшін қуанамын. Он миллион қазақтың тоқсан тоғыз проценті орысша сөйлейді. Ал Димаш, әлемнің екі миллиард халқын қазақ тілінде сөйлетіп үлгерді. Ал Аманкүл, бір процент қазақты қазақтың от тілді жырларымен сүйсіндіріп жатыр. Талантты тірісінде қастерлеу керек. Тірісінде қадірлеу керек. Мен айына бір рет, есік-тереземді жауып тастап бір тәулік Димаштың әнін тыңдаймын. О, Құдірет, неткен дауыс кеңдігі, неткен сұлу үндер, неткен ғажайып тылсым күш! Мен Секен Тұрысбектің күйлерін де бөлек кетіп жалғыз тыңдаймын. Аманкүл қарындасымның ғажайып өлеңдерін де солай, оңашада оқимын. Ләззаттың көкесі сөз, ән, күй ғой, шіркін! Оларға не жетсін?!. Ешнәрсе жетпейді, мен білсем. Ақша мен билік бұларға жете алмайды. Олар қайран өнерге қайдан жетсін?.. Өнердің иесі Алла Тағала. Ол тылсым күшті Алла Тағала сүйген құлының тіліне, тамағына, жүрегіне қосып жібереді. Оны ешкім қайтарып ала алмайды. Сонан да Алла Тағала сүйген, Алла Тағала қадырлеген асылдарға ешкімнің бұйрығы жүрмейді. Тәңір жаратқан тектілер, оны өздері де білуі керек. Сонан да пәле жаладан, артық мақтаннан, дарқыраған думаннан бойларын алыс ұстағаны дұрыс. Алла Тағала, өзі берген қасиетін, өзі алып та кете алады. Оны пенде байқамай да қалады. Алла Тағаланың қасиеттеп берген асылын, қасиеттеп жоғары көтеріп жүру керек. Жас талант оны ерте ұғып, ерте түсінсе деймін. Бос мақтан талай таланттардың түбіне жетті ғой. Бір жөйт аспандаса, бүкіл жөйт тақымын қысады, соның жолын тілейді, соның жолына бүкіл жөйт халқы барын салады.

Бізде ондай мәдени тәрбие, әлі жетпей жатыр. Халқымыз бар, ұлтымыз жоқ. Алла Тағала, жіберген бір талантты, бүкіл халық болып көтерген күнді көре алам ба, жоқ па? деп зарланатыным да бар. Талантты ұланның жолын ашып, алды-артын түгендеп жүру ұлы ұлтқа ғана тән қасиет. Сол қадырлы қасиет бізге де тән болсай деп армандаймын. Менің білуімше қазақтың тілінен бай, қазақтың жүрегінен жұмсақ, қазақтың тілегінен таза халықты мен, жетпіс жетідегі қарт көріп, біліп, танығам жоқ. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бірақ шындық осы.

Қазақтың жүз әні мен күйі арнайы жазылған кассетті күнде таңда тыңдаймын. Қазақтың әні мен күйі мені таңғы алтыда өздері тұрғызады. Сол құдіретті әуендермен мен күнделікті өмірімді бастаймын.

 

– Қазақ романының бастауы кім деп ойлайсыз?

– Оны ойлап не керек? Ол Мұхтар Омарханұлы Әуезов. Әуезов болмаса, қазақта роман да болмас еді. Оның не екенін Қазақ жазарлары білмес те еді. Әуезов болмаса, Айтматов та, Әбіш Кекілбаев та болмас еді. Бұл айдай ақиқат. Әуезов қазақ әдебиетінің рухани ұстазы. Ақылманы.

– Сіз қайда жүрсеңіз де өзіңізбен бірге Құран алып жүреді деген сөз рас па?

– Менің бір телефоным түгелдей Құранға арналған. Ол телефон менің үйімде жиырма төрт сағат жұмыс істейді.

– Сіздің сұхбат беруді де, әр жерде көрініп, сөз айтуды да ұнатпайтыныңызды білеміз. Оның себебі неде?..

– Жеке бастың ісі туралы көпшілікке сөз айту әбестік болар. Ыңғайсыз да. Ал менің шығармаларым туралы сөз көтеру керек болса, мен қарсы емеспін. Мен ертеден тіл безеуден аулақ адаммын. Сөзге әуесқойлық жиырмадан елуге дейінгі аралықта көзге көрініп жатады. Ал мен, ертеден жалғыздық атты жалмауыздың құшағына еніп кеткенмін.

Оқырманға автордың жеке басындағы күймең тірлік несіне керек? Оқырманға керегі жазушының жазған кітабы емес пе?

– Нағыз жазушы болу үшін қандай формула керек деп ойлайсыз?

– Нағыз жазушы болу үшін 99% талант, 99% тәртіп, 99% еңбек керек. Өткендегі жазушыдан немесе бүгінгі жазушыдан асып түсем деп шабуылдап та керегі жоқ. Жазушы өзінен, өз ерік қайратынан асып түсуі керек. Жазушы дүлей еңбектің адамы.

– Бүгінгі саяси, экономикалық дағдарыстар заманында жазушыға экономикалық бостандық керек пе?

–  Жазушы экономикалық бостандықты не қылады?.. Қашанда жазушыға керегі, қалам мен қағаз болған. Жазушы ұмтылысы алдында жатқан ақ қағаз бен қаламда. Творчестволық еңбектің жандануында. Оның көкейін тескен құлшыныс нағыз туынды тудыруында. Жазушыда одан асқан бақыт жоқ. Ол жеңісті де, байлықты да ойлап жатпайды. Жазушыны жеңетін бір билік бар, ол Алла Тағала жіберетін  – Өлім ғана.

 

ДАҢҚ

 

– Сіздің прозалық туындыларыңызды оқып отырып кино көргендей боласыз. Неге Сіздің романдарыңыз, повестеріңіз, әңгімелеріңіз киноға түсірілмейді?

– Мен даңқ қуған адам емеспін. Бала кезімнен кинорежиссер болуды армандағанмын. Мектепте оқып жүргенде «Пепел и Алмаз» атты поляк фильмін көріп жан дүнием тас-талқан болған. Ол атақты поляк режиссері Анджей Вайданың фильмі еді. Керемет туынды еді ғой, шіркін! Мәскеудің ВГИКіне мектеп бітірген соң алмайтын. Екі жыл жұмыс істеу керек болатын. Әуелі өмір көру керек еді. Бұл дұрыс тағлым. Өмір білмесең, көрерменге не айта аласың? Түк айта алмайсың. Мектептен соң, мен геофизика факультетіне түстім. Спортпен шындап айналыстым. Еркін, самба және қазақ күрестерінен Қазақстанның чемпионы болдым. Студенттер арасында Совет Одағының қола жүлдегері атандым. Кинорежиссура оқуына қырық жасымда, өмір атты тажалды көрген соң барып түсем дедім. Ол ой іске аспады. Таза жазушы болып қала бердім…

–  Өкініш бар ма?

– Өмір өкінішсіз өтпейді. Керемет кинокадрлар ішімде туып, ішімде өліп жатты. Кино арман солай о дүниеге кетті. Бірақ жоғалған жоқ. Түнде жапа-жалғыз қалып, төбеге тесіліп қарап жатқанда, көз алдымнан не бір кадрлар өтеді. Кадрлар туып, кадрлар өліп жатады. Италияның ғажап режиссері Феллинидің кинолары жадымда. Ұмыта алмаймын. Ғажайып фильмдер. Ғажайып кадрлар. Орыс Андрей Тарковский де менің сүйікті кинорежиссерім. Армян кинорежиссері Сергей Параджанов менің жаныма жақын көрген кино-шеберім. Бұлар жүз жылда бір туатын тұлғалар. Шәкен Айманов пен Сұлтан Ходжиков та қайтып тумас тектілер. Тарлан талантты орыс жазушысы әм кинорежиссері Василий Шукшин, Шәкен Аймановты ұлы артист әм ұлы кинорежиссер деп ерекше бағалаған. Василий Шукшин менімен кездескен сайын, «О, Шәкен Айманов ұлы тұлға еді ғой!» деп күрсінетіні әлі көз алдымда. Өзі де қапыда қайтыс болған Василий Шукшин ерекше тұлға еді ғой. Бұлардың қай-қайсысы да қайталанбас тектілер санатынан болатын.

– Сіз аттарын атаған кинорежиссерлер Құдайға сенген адамдар ма?.. Сіз өзіңіз Құдайға сенемісіз?

– Құдайға сенбей өмір сүруге бола ма? Құранды оқымай жан тазара ма?!. Мен Алла Тағалаға сенетін адаммын. Алла Тағалаға, сенбесең өмір сүріп те керегі жоқ. Менің Атам Құран оқитын. Арнайы Құран салатын қалың жасыл шүберектен арнайы тіктірген дорбасы болатын. Сол Құран кітап бас жағында ілулі тұратын. Таңертең күнмен жарыса орнынан тұрып, мал-жанды жайлап болған соң, асықпай таңғы шайын ішеді де, жасыл дорбадан Құранды алып шығып, алақанымен аялай сыйпап, маңдайы мен жүрегіне басып, қара кітапты үш қайтара сүйіп барып оқуға отыратын. О кезде атам жалғыз қалушы еді. Мен бала кезімде, бұл бітпейтін не кітап?.. – деп таң қалушы едім.

– Жазушының оқырман алдында қандай міндеті бар деп ойлайсыз?

– Жазушының міндеті өз жұмысын ақ-адал орындау. Өмірге жақсы шығарма әкелу. Жазушы өз шығармасын кімдер оқып жатқанын ойлап бас ауыртпайды. Шығарма жазу оңай емес. Жақсы шығарма жазу қиынның қиыны. Роман жазуға екі-үш жыл өмір керек. Сол үш жылда романды жазып-бітіруді ойлайды. Әр шығарма өмірге қиындықпен келеді. Жан қинайтын азап шегесің. Не ұйқы, не күлкі көрмей үш жылың өтеді. Не әйелге, не балаға қарауға шамаң болмайды. Сен олардың ортасындасың, бірақ сенің бар арманың, бар тілегің өмірге жақсы роман әкелу. Әйелің де сол роман, балаң да сол роман. Туғандарыңнан да қымбат қазына. Роман жазу, қайғы мен қасыретке толы тірлік. Жақсы роман жазу бақыты отыз бен елу жастың аралығына тән. Бойында қуатың, жүрегіңде жалын бар. Қартайғанда жақсы туынды тудыру қиынның қиыны.

– Жазушы болу үшін не керек?

– Әуелі тәжірибе, көрімпаздық әм қиял. Осы үш дүние кімде мол болса, сол жақсы жазушы бола алады.

– Сіз жаңа ғана жазушыға керегі, тәжірибе, көрімпаздық, қиял дедіңіз. Осы үшеуіне шабытты қосуға бола ма?

– Мен шабыттың не екенін білмеймін. Шабытты ақындар көп айтады.

– Бүгін ең қымбат дүние Билік пен Ақша дейді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Өмір бойы маған керегі баспана болды. Отыз жыл бойы Алматыда тұрып жатырмын. Қазақстан Республикасының Президентіне кеңесші де болдым. Бірақ пәтерім болмады. Алматыда он жеті адамның, сегіз ұлттың пәтерлерін жалдадым. Қиналдым. Бірақ сыр бермедім. Осыдан екі жыл бұрын пандемиядан жан жарым қайтыс болды. Ол қайтыс болғанда мен оны көре алмадым. Ол Алматыдағы ауруханада, мен Астанадағы ауруханада жатқам. Ол өлді. Мен өліп барып, дүниеге қайта оралдым. О дүниедегі атам мен апамды көріп қайттым. Бұл аяусыз тағдыр. Жан жарым өлерінің алдында бір жыл бұрын ғана, Американың «AMAZON» баспасынан шыққан «Құм кезген өліктер» романымның гонорарына үш бөлмелік пәтер сатып алдым. Пәтерді әйелімнің атына алдым. Әйелім үйге кірде де, Тәуба! деді. Дұға оқыды. Өзге сөз айтқан жоқ. Құран аударған, Абайды, Шаһкәрімді, Алаш асылдарын, әлемнің озық ойлы ғұламаларын қазақ әм орыс тілдеріне аударған, тоғыз тіл білген, оның бесеуінде еркін жазған аяулы жарымның бар айтқаны Тәубә! болды. Мен оның қолын сүйіп, басымды идім. Мені мен жасаған өзім ғана емес, әйелім де екенін ұққандай болдым. Адам бойындағы барша арсыздыққа, қорлыққа, қатыгездікке, имансыздыққа үнсіз қарсы тұрды. Сыр бермеді. Біреуді ренжітпеді. Алдына келген адамды, адам болып қарсы алды. Бұл үлкен кісілік қасиет еді. Мен де еш дүниеге қызығып көрген емеспін. Ақшаға да, билікке де салынғам жоқ. Маған керегі баспана, аштан өлмес дәм, анда-санда көңіл жылытар виски мен бу шығарар қызыл «Richmond» сигареті мен Гавана сигары болса, басқа түк керегі жоқ. Әрине бір пачка қағаз бен жылдам қалам керек-ақ. Шамам болса, әлем аралап кететін әдетім бар. Болмаған жерім Австралия ғана. Енді көре де алмаспын. Менің қазақ, орыс шәкірттерімнің бірталайы кәзір Австралияда тұрады. Олар жазуды қойған. Бизнеспен айналысады. Байлық жиғам жоқ. Менің бар байлығым, балаларым, немерелерім, шәкірттерім мен іні-достарым. Дүниеде бұдан қымбат ешнәрсе жоқ. Мен өмірді жақсы білемін. Оңын да білемін. Солын да білемін. Арлысын да білемін, арсызын да білемін. Енді қалған аз ғана ғұмырымда қолымнан қалам түспеуін, ой бұзылмауын, талант таусылмауын тілеймін.

– Сіз бүгінгі жазушыларды оқисыз ба?

– Қазақтарды ма?

– Иә, қазақтарды.

– Оқимын. Орыстарды да. Әлем жазушыларын да.

«Шындық байғұс шыр-шыр етіп шыныменен өлгенде,

Тексіздіктің түріледі етегі.

Өп-өтірік жынды болып жүргендерді көргенде,

Шын жындыға жаным ашып кетеді.

Бас қайғы ма? Қайдам, әне ақымаққа ас қайғы.

Жүрегі бар адамдарды жұдырығымен жасқайды.

Сені қайдам, досым, өзім бір нәрсені түсіндім –

Ақырзаман таяғанда адамдар… кітап өртей бастайды».

Бұл Аманкүлдің өлеңі.

Бүгінгі жас жазушыларды да оқимын. Болашақтарынан үміт күтемін. Оларға сенемін. Олардың шығармаларын «AMANАТ» журналына басып тұрамын. Жиырма бестен отыз бес аралығындағы бизнесмен жігіттер де мықты. Солардың көбі қарадан шыққан ақ адал жігіттер мен қыздар. Мен оларды құрмет тұтамын. Рухтары тірі, милары таза, жүректері асыл. Өкінішке орай көп жастар, Америкаға, Еуропаға кетуде. Өкінішті. Мен оларға, «Сіздер елден кетуді емес, елге қызмет жасауға жандарыңды салыңдар» деймін. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» – деген өлмес ұғымды бүгінгі жастар білмейді. Бұл да өкінішті. Бұл өмірде өкініш көп. Бірақ, бұл өмірде, үміт деген сиқыр сөз бар! Қазақтың үміті таусылмауын тілеймін. Құдай берген бақты, пендешілікке қию өлім ғой.

Мен әлем әдебиетінің озық туындыларын мектепте оқып шыққанмын. Институтта Латын Америкасының, Африканың, Азияның дүлділ шығармаларын сүйсіне оқыдым. Кәзір де сол ғажайып туындыларды қайталап оқимын. Бес жылда Әуезовты, Толстойды, Достоевскийді, Сервантесті – «Дон Кихот», Мелвилді – «Моби Дик», Бальзакты, Флоберді, Шекспирді, Фолкнер мен Хемингуэйді оқимын. Бұлар менің жас кезімде оқыған кітаптарым. Ескі достарым. Күнде Құранды оқимын. Дұғалар кітабын. Ветхий Заветті. Библияны жиі қараймын. Абайдың шығармалары мен өзім бастырған «Жиырма бір ғасыр жырлары» – Зар заман жырлары столымда жатады. Мен бұл кітаптарды күнде жатар алдында ақтарам. Оқимын. Ойланамын. Көзіме жас келеді.

– Жазушыны қызықтыратын не?

– Екі-ақ нәрсе деп ойлаймын. Біріншісі – Ақиқат. Екіншісі – Адамның жан дүниесі. Ақиқат сағым секілді, қанша қусаң да жеткізбейді. Адамның жан дүниесі – мұхит, оның түбіне жету мүмкін емес. Сондықтан да, Ақиқат та, Адамның жан дүниесі де жазушы үшін тылсым әлем. Жазушы сол сиқыр дүниенің қойнауын ақтаруға жанын салады. Жете алмайтынын да біледі. Бірақ, тылсым әлемнің құпиясы, жазушы үшін асыл көмбе. Жете алмайтын, жеткізбейтін сиқыр көмбе. Адам бойын әуелі күш-жігер толтырады. Адамгершілік сонан соң ғана бой көтереді. Бой көтермеуі де мүмкін. Өмірдің жақсылық пен жамандыққа еш қатысы жоқ. Адамдар кәдімге өмірде күн кешеді. Адамға керегі пысықайлық, билік, ойын-сауық. Ал өмірдегі  жақсылық пен жамандықты айыру моральдық парыз. Моральдық парыз – қарғыс. Адам Құдай Тағаладан алған қарғысының орнына, анда-санда алданыш көрер арманды тілеп алған.

Қарғыстың орнын көз жеткісіз арман ауыстырады. Адам құр қияли тірлікке бой сұнады. Бұл Адам баласының өзі таңдап, сұрап алған трагедиясы болатын.

 

ТҮРМЕ

– Дәл осы арады, Сізден атақты «Шайтанның тағы» романы туралы айтуыңызды өтінбекпін. Кезінде бұл романыңыз екі миллион тиражбен Мәскеуде шыққанын білеміз.

– Роман, Кеңестер Одағы кездіндегі түрме өмірі туралы болатын. Мен ол романды отыз екі жасымды жазып бітірдім. Бірақ романды Мәскеу баспалары сегіз жыл ұстады. Михаил Горбачев билікке келген соң ғана, романды жарыққа шығаруға мүмкіндік туды. Мен ол кезде қырық жаста едім. Сегіз жыл аш-жалаңаш өмір сүруге тура келді. Мен үшін де, отбасым үшін де ауыр жылдар еді. Көлденең ақша табуға тура келді. Аудармамен айналыстым. «Қамбар батыр» эпосын, Мұхтар Мағауинның «Вешние снега» романын, Оралхан Бөкеевтің «Қамшыгерін», Сібір жазушыларының әңгіме-повестерін орысшаға аудардым. Мәскеу баспаларына түсіп жататын колжазбаларға рецензия жаздым.

Мен отырған Псков түрмесі өте қатал, өте қанішер түрме еді. Айтулы ұрылар мен баукеспелердің көбі сонда болды. Ғажап «вор закондармен» кездестім. Сөйлестім. Олардың жан-дүниелеріне үңілдім. Билік бір төбе. Баукеспелер бір төбе болатын. Нағыз ер, айтқандарынан қайтпайтын батырлар еді. Несін айтасыз!..

Түрме өмірі өте ауыр. Адам баласының басына бермесін. Бұл түрмелер Патшадан, Сталиннен қалған тас қамалдар. Ешқандай адамдық үлгіге келмейтін жексұрын орын. Ол жерде адам жоқ, аң, жан-жануар ғана бар. Түрмешілер тұтқындарды адам санамайды. Кей кездері өзіңді адам емес, жабайы жануар санайсың. Тіптен сол ойға көндігесің. Мойындайсың. Түрменің ішінде не жоқ дейсің?!. Бәрі бар. Ақша да, не бір марихуаналар мен героиндер де баршылық. Тек бостандық жоқ. Көбіне бостандықтың еш керегі де жоқ болатын. Түрме олардың үйі. Жан сақтаған саяжайлары. Сол түрмеде, жалғыздық камерасында Николай Николаевич деген «вор в законе» отыратынын еститінмін. Бір күні түңгі бірде, сол адам мені камерасына алдырды. Мен камераға кіргенде, ол қабырғаға қарап тұр еді.

– Жас жігіт, сен мұнда не қылып жүрсің?.. – деді де, бұрылып маған қарады. Сонда көрдім, ол кісі қабырға қасындағы аквариумдағы балықтарға жем салып тұр екен. Мен не айтарға білмей дел-сал тұрып қалдым. Бұл мен күтпеген жәйт болатын. Бірақ, ол адамның сөзінен, менің Псков түрмесіне неге келгенім белгілі болғанын ұқтым. Маған шындық айту керек еді. Николай Николаевичке шындық емес, ақиқат керек болатын. Өңменімнен өткен салқын көк көзі маған тесіле қарап тұр еді.

– Түрме жөнінде роман жазғым келді.

– Неге? – деп сұрады.

– Шындық үшін.

– Шындық әлсіз. Ақиқатты айғайлатып жазу керек, жазған соң. Сталиннің түрмесі туралы ақиқатты жазуға сен әлі жассың. Бұл бір. Екінші, саған оны қызылдар жазғызбайды. Жазсаң да, шығармайды.

– Талпыну керек, – дедім. – Ақиқатты айтпаған қоғам өз-өзімен шіріп өледі.

– Әрине, ол дұрыс, – деп бөгелді. – Жас жігіт, сен арақ ішемісің?..

– Ішемін, – дедім.

– Ақ арақ па, виски ме?..

– Виски, – дедім. Екі метр камерада виски қайдан келсін деген ой еді.

Тоңазытқыштан виски бөтелкесін алып шықты.

Мен таң қалдым.

– Темекі тартамысың?

– Тартамын.

– «Столичный» ма, «Мальборо» ма?

– «Мальборо». Түрмеге Американың «Мальборосы» қайдан келсін деген ерегес еді.

Үстел тартпасынан ашылмаған темекі қорабы мен зажигалканы маған қарай лақтырып жіберді. Лезде қағып алдым. Бұл менің түрме камерасында алған алғаш нокаутым болатын.

Төсегіне отырғызды. Бір стакан виски құйды.

– Вискиіңіз бен «Мальборо» үшін мың рахмет. Түрмеден шыққан соң, сізге кітабымды салып жіберем.

– Кітап керегі жоқ, – деп менің сөзімді шорт бөліп тастады. – Кеңес жазушылары өтірік жазады. Биліктің құлдары. Библиядан асқан кітап жоқ. Мен оны жатқа білемін. Маған өзге кітап бір тиын. – Мен үндегем жоқ. Үндегенде не айтам?

– Құран салып жіберейін, – Ол үнсіз отырып барып:

– Құранды жібер. Бір әйел жақсы аударған дейді.

– Валерия Порохова.

– Дәл айттың. Соны жібер.

– Қазақтың ұлы ақыны Абайдың да кітабын жіберейін.

– Абайды орыстар нашар аударған. Абай менің жерлесім. Мен Семейденмін. Он бес жасымнан түрме аралап кеттім ғой. Бүкіл саналы өмір түрмеде өтті. – Сәл бөгеліп барып: – Абай менің жерлесім емес, ақиқатында, мен Абайдың жерлесі боламын.

– Әйелім екеуміз Абайдың «Қарасөзін» орысшаға аударғанбыз. Сол кітапты жіберейін.

– Жібер, – деді лезде. – Жібер. Абай ғұлама деп естимін. Кітабыңды жібер. Оқиын.

– Рахмет.

– Рахметті сен емес, мен айтуым керек. Жауапты ойланып барып айтқан жөн, жас досым.

– Жалғыз камерада отырғаныңызға қанша жыл болды? – деп сұрадым.

– Қанша жыл деймісің? Он үш жыл болды. Жалғыздық жалмауыз. Бас, жүйе кетіп барады. Жынданатын шығармын. Талай батыр жігіттер жынданып кетті ғой.

– Сіз жынданбайсыз. Сіз нағыз батырсыз! Библия қасыңызда. «Құранды» жіберем. Құдайдың кітаптары сізді қорғайды.

Мірдің оғындай көкпеңбек көз маған тесіле қарады. Әлден соң барып:

– Сен өзің жақсы жігіт көрінесің. Бұл өмірде жан баласына сенбе. Жүрегіңді ашық, адал ұста. Жүректің жұмсақ болғаны дұрыс. Біздің жүрек, жүрек емес, тас болып кеткен, – деді. – Мені камерадан шығармайды. Саған керек адамдарды өзім жіберем. Соларды тыңдай бер. Жаза алсаң, романыңа жүк болады. Тағы құяйын ба?!.

– Жоқ, рахмет.

– Дұрыс. Қолдаймын. Көп ішіп керегі жоқ, – деп қолын созды.

Жиырма сегіз жасымда, бірінше рет «вор в законені» көрдім. Өмірімде бірінші рет әділ сөз естідім.

Камераға қайтып бара жатқанда, ақиқат түрмеде екен ғой, – деген өмірдің оғындай ой жүрегімді тіліп түскен.

«Шайтанның тағы» романында бір үлкен бөлім Николай Николаевич туралы еді. «Вор закондар» туралы толғаныс, таным, тану. Өкінішке орай, бұл бөлімді Михаил Горбачевтың сарбаздары да кітапқа кіргізіп баса алмады. Үлкен бөлім менің чемоданымда жиырма жылдай жүрді. Алматыда пәтерден пәтерге көшіп жүргенде жоғалып тынды. Ендігі қартайған шағымда, қалт еткен сәт болса, сол бөлімді жазып тастағым келеді. Адал, асқақ, ақылды Николай Николаевич туралы ақиқат, Ана-Жерде қалса деген ниет қой. Николай Николаевич түрмеден босаған соң, өлер алдында маған қысқа хат жазған. Қатты ауыратынын, Христос түсіне ене беретінінін, өле қалсам, мені о дүниеге аттандыруға қабырымның басынан табыла аласың ба?.. деген тілек еді.

«Шайтанның тағы» романы шыққан соң, мен қамауда жатқан адамдардан көптеген хаттар алдым. Жан қинайтын, көзге жас толтыратын адал сөздер еді. Ал, балалары түрмеде күйреп жатқан Аналардың хаттары қандай еді, Құдай-ау! Қандай жан айғайға, қасыретке толы еді… Үш мың хат та менімен бірге Қазақ даласында кезіп жүрді.

Омбы аспанын қара бұлт басқан күз айы. Омбыға Кеңестер Одағының «вор в законелері» жиналды. Көшелерге машиналар сыймай кетті. Кесек жауын жауды. Жан баласы үнсіз болатын.

Ертеңінде Алматыға ұшуға аэропортқа барғанымда, күн шайдай ашылды.

Николай Николаевич, бұ дүниеде, Сталин түрмелерінен шыға алмай аласұрған еді, бүгін өзі қалаған, сүйген Христосының құшағына енді-ау! – деп ойладым.

Аэропорттың барменіне бір стакан виски құйдырдым да, бос стаканмен қағыстырып бір-ақ тарттым.

Бір бокал виски өне бойымды жылы тербеніске толтырып бара жатыр еді…

– Ассалаумағалейкүм, Николай Николаевич!

Вор в законенің көкшіл көзі жарқырап маған күлімсірей қарап тұрған.

Тосыннан пайда болған бұндай елес суретті қалай ұмытарсың, Құдай-ау!..

 

ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТАР

 

– Сіз Абай атамыз туған топырақта өсіп-өндіңіз. Балалық шағыңызға бір оралып көрелікші. Семей полигонында жарылыс болған кезде, сіз баласыз әрине. Сіздің «Дүние тас-талқан болған күн» повесіңізді орыстың ұлы актері Михаил Ульянов Мәскеу радиосында екі күн оқығаны есімізде. Михаил Ульянов қазақтың жас жазушысы жазған «Дүние тас-талқан болған күн» ядролық сынақтарға қарсы шыққан дауылпаз реквием деп бағалаған болатын.

– Ана-Жер барда, Адамзат барда, Семей ядролық полигонның қасыреті ұмытылмайды. Оны ұмыту мүмкін емес. Ол қазақ халқына қарсы жасалынған геноцид болатын. 1953 жылы ядролық полигон аймағындағы аудандардың халқын Семей, Аягөз қалаларына көшіре бастады. Полигонда тұңғыш рет сутегі бомбасын жаруды қолға алды. Бұл Сахаров дүниеге әкелген бомба еді.

Ауылда қалған шал-кемпірлер малдарын алып тауға кетті. Оларды солдаттар ертіп отырды. Мен ол кезде жеті жаста едім. Атам мен апамның қасында болдым. Түнде тау ішінде көп адасып жүріп, өкінішке орай ядролық сынақ өтетін тұсқа жақын келіп тоқтаппыз. Таң атқанда Кеңестер Одағының тұңғыщ сутегі бомбасы жарылды. Таудың етегіне енді қонған жұртты таудың тастары жаншып өтіп жатты. Алып тас, қашып келе жатқан Кенже деген бес жасар қызды да өлтірді. Таудың қасқырлары мен ауылдың иттері араласып кетті. Жерге жабысып жатқан менің кеудемді, жер соққылады. Ана-Жер ыңыранып, толқып, тулап жатыр еді. О, Алла!..

Кенжені сол таудың етегіне жерледік. Жұрт тарап кеткенімен Таймас итім екеуміз қабыр басында қала бердік. Бес жасар Кенже, менің тұңғыш махаббатым еді.

Күн күркіреді. Бұршақ жауды. Ал мен қабырды құшақтап жата бердім. Таймас та менің жанымда жатты. Бас сауғалап бөлек кетпеді. Қасқыр алатын мықты төбет еді.

Туған жердің қасіретін бала кезімнен-ақ ерте танып-білгенмін. Сонан да мен дүниедегі алдамшы қызықты жақтырмаймын.  Тура жүремін. Тура сөйлеймін. Алла Тағала, мені құшағында ұстап тұр ғой. Алла Тағаладан асқан қасиет бар ма?.. Жоқ.

Екі-үш жылда ауылдың кемпір-шалдары ақ аурудан – рактан ажалдарынан бұрын өліп жатты. Шал-кемпірлер неге өліп жатыр? Қолсыз, аяқсыз балалар неге туып жатыр? – деген сұрақты халық қойған жоқ. Қойса Билік келмеске жіберетінін халық білді. Сонан да үндемеді. Жыл өткен сайын рак ауруы Семейде көбейе берді. Сонда ғана орыс билігі, рактың жедел көбеюі, біреу-ақ. Қазақтар ыстық шай ішеді және көп ішеді деп түсіндірді.

Орыстардың бұл далбасасына қазақтар сұрақ артпады. Үнсіз өліп жатты. Кәзір де үнсіз көніп, үнсіз өліп жатыр.

Ядролық полигон кәзір де тірі. Жер астында өткен ядролық сынақтардан қалған терең туннельдерге бүгін Өскемендегі KazZink пен Өскеменнің металлургиялық заводтары улы қалдықтарын тығып жатыр. Ал, халық тамақ табумен әуре. Өзгеге шама жоқ. Шілде айында квартплата көбеймек. Ал, улы қалдықтар халықты саспай, сабырмен улай түсуде.

Неге?…

 

«ҚҰЛЫ БОЛМА ҚҰЛҚЫННЫҢ»

 

– Сіздің Жүсіп Баласағұн туралы ғажап эссеңіз бар. Дағыстанның ұлы ақыны Расул Ғамзатов, Баласағұн туралы Сізге тілек айтыпты. Сол туралы айтсаңыз.

Ертеде «Мәскеу» қонақ үйінде жатқан Расул Ғамзатов, мені бөлмесіне шақыртты. Алдында жатқан қолжазбаны маған ұсынып тұрып:

– Бұл қолжазба Жүсіп Баласағұндыкі. Менің досым Наум Гребнев орысшаға аударған. Жақында Мәскеудің «Наука» баспасынан шығады. Осыны өзің оқы. Сонан соң Әнуар Әлімжанов пен Олжасқа жібер. Олар да оқысын. Сонан соң Қонаевқа берсін, – деп бөгеліп қалды.

Расул Ғамзатов Мәскеуге келсе, Мәскеуде тұратын авар ақындары, ғалымдары қасында болады. Сөзін тыңдайды, ойларын жазып алады, жағдайын жасайды.

– Әй, Магомед, сен жассың ғой, ана шараптан құйып маған берші. Мен Жүсіп Баласағұн туралы ойымды айтайын. Асықпай, аптықтай, бес күн мына қолжазбаны оқыдым ғой, – деді.

Алқызыл шараптан бір жұтып алып, сөз бастады.

– Бұл қолжазба тоғыз жүз бет. Оныншы ғасыр еншісі. Керемет шығарма. Ал тереңдік қандай! Кеңдік қандай! Дүниедегі ең асыл адамдар, Ақындар! Азғын адамды адамдыққа шақыратын да, Ақындар. Мен бұны Баласағұнды оқып болған соң ұқтым. Ертеде Фирдоусиді оқыған соң да, сондай ойға жығылғам. «Наука» баспасынан кітап шыққан соң, «Көкпар» басталады. Өзбектер өзіне, қырғыздар өзіне тартады. «Құтты білік» кітабын түркі ақыны жазған. Талас жоқ. Бірақ, кітап мінезі сол белгісіз түркі ақынының артында, қазақ ақыны барынан белгі береді. Поэмадағы мінез, ой, поэтикалық қайырым, тәуекел, жомарттық, ақылгөйлік, саналылық, қазақ топырағынан жаратылғанын танытып тұр. Бұл поэмада Дешті-Қыпшақ даласының өлмес, өшпес, рух көзі көрінеді. Өткен он ғасырда жүздеген сарайлар қирап, жердің астына түсті, құм жұтты, жүздеген қасқыр жүректі хандар келмеске кетті, ал мына «Құтты білік» өлген жоқ. Қазақтың киесі сіңген кітап тірі қалыпты. Ендеше Даналық кітаптарыңды құшаққа баса алмай қан қақсап қалып жүрмеңдер. Осы ойымды Әнуар мен Олжасқа жеткіз. Ұлы Бабалардың рухын асқақтату керек! Ұлы Бабаларды құшақта ұстау керек! – деп арыстан ақын Расул Ғамзатов орнынан тұрып кетіп еді. Шарапты да қағып тастаған.

Тоғыз жүз бет қолжазбаны бір ай оқыдым. Кейіндеу Асқар Егеубаев інімнің қазақша аудармасы да қолыма тиді. Тамаша аударма!

Сонда ойладым, өткенін қадыр тұтпаған, ардақтамаған халық, халық бола алмайды. Қарнын тойғызғанға ғана мәз пенде де, адам бола алмайды.

Мен бөлмеден шыға бергенде, Расул Ғамзатов мені тоқтатты.

– Фарабиді құшақтарыңа бастыңдар, дұрыс. Енді Жүсіп Баласағұнды құшаққа алыңдар. Екі алып ақын, Дешті-Қыпшақтың қос тәжі болсын! – деп бата берді.

Тірлік тірес.

Бүгін біздің құшағымызға сыйғаны Фараби болды. Оған да тәубә!

Фарабидің басына тәж кидіре алсақ та жарар еді, деп ойлаған ой, менің жүрегімде әлі тірі.

 

МҰҚАҒАЛИ

 

– Бір мақалаңызда қазақ поэзиясы Мұқағалидан кейін аздап тоқтағандай. Шабысынан жаңылғандай… деп айтып қалып едіңіз. Мұқағалимен жолыққан кезіңіз есіңізде ме?

– Табиғатта тоқырау заңды құбылыс. Жиырмасыншы ғасырда бес үлкен ақын болды. Сұлтанмахмұт. Мағжан. Қасым. Олжас. Мұқағали. Жиырма бірінші ғасырда тағы бір рухы биік, жан-дүниесі таза қасиетті ақын келеді. Ол ортамызда жүруі де бек мүмкін. Бәрі мүмкін.

Мені Мәскеуге КСРО Жазушылар Одағына жауапты хатшы қылып 1975 жылы шақырды. Алғашқы командировкаға Ленинград қаласына бару керек болды. Ярославь темір жолына келгенімде, орындықта отырған Мұқағали ағамды көрдім. Қасында вокзалда жүк таситын жас татар жігіті бар еді. Екеулеп арақ ішіп отырған. Қасына тақап барып, сәлем бердім.

«Қай жігітсің?» деп сұрады. Атымды атадым. Маған сұқтана қарап алды да: «Әңгімелеріңді оқығам. Өзгеше жазасың. Ешкімге ұқсамайсың. Солай тарта бер», – деп қолын созды.

«Қайда бара жатырсыз?» деп сұрадым.

«Елге. Мәскеуге сыя алар емеспін. Мұнда биік үйлер бар. Тау жоқ. Мен таудың ұлымын».

«Сіз Қазан вокзалына баруыңыз керек» – дедім.

«Әлі ерте. Пойыз Алматыға түнде жүреді» – деді татар жігіті.

«Роллан, маған Сергей керек. Сергеймен қоштастыршы. Сергей Есенинмен».

Мұқағалиді таксиге отырғызып алып Сергейдің бюсті орнатылған скверге жүрдік. Ақын жол бойы тіл қатқан жоқ. Шағын бюсттің жанына келгенде, сәл тоқтап тұрып қалды. Басын иіп бөгеліп барып: «Ах, Сергей, Сергей, Сергей, Сергелдеңмен жүрмін-ау, мен де сендей…» – деп екі ауыз өлең шумақтарын Мәскеу аспанына шашу қылып шашып жіберді.

Кейін Мұқағали қайтыс болғанда, Алматыдан Асқар Сүлейменов телефон соқты.

«Мұқағали қайтыс болды. Кел. Келгенің дұрыс болады», – деді.

Ол кезде Мұқағали, санаулы адамдарға ғана керек болатын.

Сол санаулы адамдар Мұқағалиді о дүниеге аттандырып салдық.

Қайран Мұқаң, қадырлы Мұқағали Мақатаев…

 

ЕКІ ТІЛ

 

– Сіз екі тілде бірдей жазасыз. Екі тілде жазғанның артықшылығы неде деп ойлайсыз?

– Мен қазақ жазушысымын. Өзімнің туған тілімде жазамын. Белорусь Василий Быков та, қырғыз Шыңғыс Айтмаов та өз тілдерінде жазды. Оларды орыстар аударды. Олар орыс аудармаларына разы болмады. Өз шығармаларын орыс тіліне өздері аудара бастады. Мен де сол ағаларымның жолын қайталадым. Шығармаларымды орысшаға аударатын болдым. Әрине, әуелі өз тіліңде жазу, сонан соң орысшаға аудару оңай емес. Көп уақыт кетеді. Көп күш кетеді. Кеңестер Одағында осы үшеуміз өз тілімізде жаздық, өз шығармаларымызды өзіміз орысшаға аудардық. Бұл туған тілімізге, туған халқымызға деген адалдық болатын. Бұл жолға мені түсірген Василий Быков пен Шыңғыс Айтматов еді. Ерен ер адамдар, көсем жазушылар еді ғой. Мен олардың кітаптарын дамыл-дамыл оқып тұрамын.

 

ТЕКТІЛЕР ТУРАЛЫ РЕКВИЕМ

– Әлеуметтік желіде, Сіздің «Тектілер туралы реквием» атты эсселеріңізді оқырман қызыға оқиды. Онда әлем әдебиетінің дүлділдері дауыс көтереді. Бұрын-соңды қазақ әдебиетінде, дәл Сіздей Тектілерімізді жырлаған алып Реквием болған емес. Әлем әдебиетінде де болмас.

– «Тектілер туралы реквием» төрт кітаптан тұрады. Мың бір жүз бет. Екі кітабы шықты. Үшінші әм төртінші кітаптар жазу столымда бұлқынып жатыр. Мен Сізге, сол тектілердің ойлары мен сөздерінен үзік-үзік естеліктер келтірейін. Сөз менен, тыңдау өзіңізден болсын.

 

Анархасис

(шамамен б.д.д. 555 жыл)

 

Сенің сенгенің – сыбызғы сырнай мен ақшалы әмияның,

Менің сенгенім – садақ пен жебе.

Сондықтан да сен – сауықшыл дүниенің құлысың,

Ал мен – еркін Азаматпын.

 

Қарлұқ Кегменер Үлгеұлы

(б.д.д. 760 жыл)

 

Шығыстан келген қорқаулар тонауда туған жұртымды,

Құтқарар шара таба алмай, жүрегім менің бұлқынды.

Сүліктей сорып қандарын, өшірді талай түтінді,

Ұмытқалы қашан, бауырым, тамаша менен күлкіні.

Үстінде лыпа, қамбада түйір дәні жоқ,

Сонда да қиын боп тұр-ау толтыру апан-құлқынды.

Ерте ме, кеш пе, сенемін, бізге де бір таң атар,

Көрер ме ем сонда тіріліп, «менменсінген шіркінді»

 

«Шу Батыр» дастанынан

(V ғасыр)

Көктен тілеп күш-қуат

Тәңірі бізді қолдады.

Тізе бүкпей тік тұрды

Көк бөрінің ұлдары.

 

Алып Дешті Қыпшақ даласының төсінде арғымақтарын секіртіп, садақтарын керіп тартқан Арий, Ғұн, Сақ тайпалары, сол Дала цивилизациясының мәдениеті мен өркениетін аспандатып кеткені, Дала тарихының беттерінде ашық жазылған. Дәуіріне сай, бай дала мәдениеті, төл жазуы болған түркі тайпалары адамзат тарихында өлмес асыл мұралар қалдырды.

Көне түркі әрпімен тасқа қашалып жазылған «Орхон-Енисей жазулары» адамзат мәдениетінің тарихындағы ең озық мұралардың қатарына жатады.

 

Қызыл қанымды ағыздым,

Қара терімді төктім,

Күндіз отырмадым,

Түнде ұйықтамадым,

Сен үшін түркі елі… – деп күңіренген Тоныкөктің бұл реквиемін түрік тайпалары шамасы VI-VII ғасырларда тасқа қашап жаздырып қалдырған болса керек.

ХIХ ғасырдың басында Қазақ Ордасы, бүкіл Дешті-Қыпшақ даласы орыс патшасының құрамына толық еніп болған еді. Қазақтың тынысы тарылған, өкпесі өшкен, шұрайлы қоныстарынан қуылған, халық наз бен мұңға, ыза мен кекке батқан. Арман таусылған. Үміт өлген.

Оныншы ғасырда Фараби сөйлейді:

Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,

Әкімдікке күллісі жүгіреді.

Көкірекпен сезініп, күрсінші көп,

Жаным менің түршігіп, түңіледі.

 

Оныншы ғасырда Жүсіп Баласағұн сөйлейді:

 

Біліксіздің тілін тиған жөн болар,

Білімдінің сөзін жиған жөн болар.

Тіліңді бақ, басың аман болады,

Сөзді қысқарт, жасың ұзақ болады.

Кімді өзіме жақын тұттым көзімдей,

Жау боп шықты, албасты!

 

Он тоғызыншы ғасырда Шоқан жазады:

«…Атақты және бай адамдардың мүдделері, тіпті мәдениетті қоғамдардың өзінде де көпшіліктің мүддерлеріне жау болады».

«Дешті-Қыпшақ даласына, Астаналардан, Орталық Россиядан, онан Финляндия, Польша патшалығы, Қырым, Кавказ сияқты шет аймақтарынан жұрт ұдайы келіп жатты. Бұл далаға мансап іздеген, қаржы-қаражаттарын жөндегісі келген, бұрын нендей бір кесепат оқиғаларға қатысқан сұм-сұрқия адамдар жетуге асық болды».

 

Он тоғызыншы ғасырда Махамбет сөйлейді:

 

…Арғымақтың баласы

Аз оттар да көп жусар,

Талаудан татқан дәмі бар.

Азамат ердің баласы

Аз ұйықтар да көп жортар,

Дұшпанға кеткен кегі мен

Барымтаға түскен малы бар.

 

Он тоғызыншы ғасырда Абай сөйлейді:

 

Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,

Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.

Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ,

Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.

 

Жиырмасыншы ғасырда Жамбыл сөйлейді:

 

Дуадақ болдым шөлі жоқ.

Аққу болдым көлі жоқ.

Дауылпаз болдым үні жоқ.

Асыл болдым құны жоқ.

 

Жиырмасыншы ғасырда Шаһкәрім сөйлейді:

 

Жуаны қылады зорлық,

Момынның көргені қорлық.

Теп-тегіс қулық пен ұрлық,

Ал енді қайтіп ел болдық?

 

– Қазақтың түбіне жетіп келе жатқан қандай пәлекеттер бар? – деп ойлайсыз?

– Олар үшеу. Оның бірі – даңқұмарлық, екіншісі – намыссыздық, үшіншісі – жалқаулық. Қазақ бойында, бұдан өзге де ессіздіктер толып жатыр.

 

Ел басылары даңқ қуып әуре.

Шенеуніктер пара аңдып әуре.

Қара халық жан бағып әуре.

Өз ритм-ырғағынан айырылған халық – жоғалған халық.

Өз ырқынан айырылған халық – тірі өлік.

Дешті-Қыпшақ даласы жалғыз.

Жоқ, сайын Дала жетімдік құшағында.

 

Жиырмасыншы ғасырда Мағжан сөйлейді:

 

Уланды жүрек, жан күйед,

Ішім толған қызыл шоқ.

Не себептен Тәңір Ие

Денеге ем бар, жанға – жоқ?!

 

Жиырмасыншы ғасырда Ілияс жырлайды:

 

Мезгіл бар ма құтылар,

Шынжырлаулы тағдырдан.

 

Жиырмасыншы ғасырда Ғабит жазады:

«Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда, ұлт ұлы болып есептелмейді».

 

Жиырмасыншы ғасырда Папа Римский Иоанн Павел ІІ:

«С волнением целую землю Дешти-и-Кипчака, положившую начало полиэтническому государству».

 

Жиырмасыншы ғасырда Мұқағали жырлайды:

 

Жазылар естеліктер нешелеген,

Көрерміз оның бәрін пешенеден.

Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе –

Көшеді өлең немесе өшеді өлең!

 

– Әр халықтың өз тектілері бар ғой.

– Мен қазақтың тектілеріне, әлемнің тектілерін қостым. Бұл адамзат баласына ортақ тектілері туралы Реквием. Төрт томнан тұратын 1200 беттік үлкен эсселер кітабы.

– Тектілердің тізімі ұзақ болар?..

– Қасиетті елу адам.

– Сіздің тізіміңізде Мұхаммед пайғамбар бар ма?..

– Бар. Иисус пайғамбар да бар. Рим Папасы Иоанн Павел ІІ де бар. Жиырмасыншы ғасырдың үздік тұлғалары да бар. Алла Тағала денсаулық берсін! Үшінші, төртінші кітаптар үлкен рухани күш талап етуде. Жиырма бірінші ғасырдағы бірнеше ұлы адамдармен – Тектілермен көзбе көз кездесуге, ашық сөйлесуге, ашық сырласуға ұмтылудамын. Ол адамдармен келіссөз жүргізудемін. Кейбіреуімен қара күзде кездесе бастаймын. Сол қара күзден қысқа дейін Америкаға, Англияға, Францияға, Италияға, Испанияға, Жапонияға, Германияға, Кубаға, Түркияға, Иранға, Қытайға сапар шекпекпін. Өткен ғасырларда өмір сүрген тектілердің туған жерлерін көзбен көруім керек. Ғажайып кітаптарын оқу бір, өмір кешкен ортасын көру өзгеше рухани ұмтылыс.

– Бұл жобаға кім ақша төлемек?..

– Бұл осы сұхбаттың ең қиын сұрағы. Жолаушының тілеуін жол шешеді. Ең бастысы, денсаулық сыр бере көрмесін. Үміт үзілмесін. Қалғаны Алла Тағаланың қолында. «Тектілер туралы реквием» қазақ жастарына арналады. Қазақ жастары өз халқының тектілерін білулері керек. Өлмес кітаптарын оқулары керек. Олардың рухтарын ардақтаулары керек. Қазақстан тәуелсіздігін алған соң-ақ, мектептерде екі пәнді түбімен өзгерту керек болатын. Олар әдебиет пен тарих оқулықтары еді.

Өкінішке орай, отыз екі жылда, осы екі пән надандана түсті. Бұл нағыз қылмыс болатын. Орыс мектептерінде, қазақ әдебиеті деген пән аластатылды.

Бұл да қылмыс.

Бұл да намыссыздық.

Бұл да тексіздік.

«Тектілер туралы реквием» кітаптарын оқып, қазақ жастарының әдеби, мәдени, рухани саналары биік, кең, терең болса деп армандайтынмын.

Жоғарғы сынып оқушылары мен университеттердің бірінші, екінші курстарында эстетика және этика пәндерін кіргізу керек.

Биліктегі шенеуніктердің мінездерін көру, дөрекі пиғылдарын тану, қарабайыр татымсыз сөздерін есту, адам жанына ауыр тиетінін де жұрт біліп, танып болды-ау деймін. Мәдениет, үкіметтен де, мемлекеттен де жоғары. Оны ұғатын мезгіл жетті емес пе?!.

Әуезов мектебі, Мүсірепов мектебі аталатын рухани биіктікті, кезінде біздер, жас жазушылар өз өремізге ыңғайлап бағындырған болдық. Ал олардың терең, кең сапалы нағыз ұлттық әдеби мектептері, олар дүниеден озған соң ұстазсыз қалған. Сол ғажайып мектептерге қайтадан жан бітіретін әдеби білім тас қараңғы, мешеу күйде еді. Қазақтың филологиясы мен сыны пысықтықтан, адамзаттық саналы толғанысқа әлі де аяқ баса қоймаған. Енді аяқ баспайтын да болар. Аяқ басуға өре де, тәрбие де, намыс та, рух та жетіспейді. Сауатсыз университтер, сауатты білім бере алмайтыны көзі тірілердің бәріне де белгілі. Қоғам соған көндіккен. Адам соған төзген. Өтірік өркен жайған қазақ даласының тілі кесілген.

Қазақтың мәдениеті мен әдебиеті алып дала төсінде иесіз қалған мал қораға ұқсауы жанға батады.

ХХ ғасырдың 80 жылдары сәуегей Ғабит Мүсірепов, ізденімпаз режиссер Әзірбайжан Мәмбетовке, ұлттық өнердің діңгегін шайқалтып, табалдырығын аласартып барамыз, – деп бебеу қағуында бүгінгі тексізденіп бара жатқан қазақ мәдениетінің тамыры қаталап шөлдейтін күйіне тап болудан сақтандырғаны болса керек.

Сүлбесі бар, жаны жоқ «мәдениет» кімге керек? Ондай «мәдениетті» тілеп алатын, кеуделеріне шайтан кірген талантсыздар бар екенін ұмыту дұрыс болмас.

Саясатты дұрыс жолға қоюға, экономиканы ілгерлетуге болар, бірақ рухы құлаған ұлттық мәдениетті қайта қалыптастыру мүмкін емес.

Рухынан айырылған ел – ел болмайды, рухынан айырылған мәдениет те, еш уақытта қайтып тірілмейді.

Ұлттық мәдениет, мәдениетсіздікті кешірмейді.

«Тектілер туралы реквием» жазуға жанымды салып, күңіренген ой-толғауға бет бұрып, жалғыздық атты жалмауыздың құшағына еніп жүре бергенім, ұлттың, рухтың, мәдениеттің, өнердің Ордасының құлауға тақаған халін көріп шошынғаннан болар.

Бірақ, тегі бар ұрпақ тентіремес, – деп өз-өзімді жұбатқан боламын. Ал, жүрекке еніп кеткен шайтан күдік, жан дүниемнің тас-талқанын шығарды. Қайран, түркілер, әлемнің тектілерінің рухтары, Дешті-Қыпшақ даласына атойлап шығар кезі келді емес пе, Құдай-ау!..

РУХАНИ ОРДА

 

– Сіз бір сөзіңізде Жазушылар Одағы үйін Рухани Ордаға айналдыру керек депсіз. Сол туралы айтсаңыз.

– Қазақ билігі Дешті-Қыпшақтың жазарларына ықылас қойғанын жақсылыққа бағаладым. Биліктің өз есебі бар. Жазушылардың да өз есебі болса керек. Мен билік ортасында да, жазушылар ортасында да жоқпын. Сонан да, мен, Рухани Орда туралы өз ойымды ортаға салуды жөн көрдім.

Бүгінгі күні, жөні түзу шығармашылық одақ – Жазушылар Одағы. Қаланың дәл ортасында үш қабатты келісті жасыл үйде жазушылардың мекен жайы бар. Басқа шығармашылық Одақтарда жөні түзу үй де жоқ.

Кезінде Жазушылар Одағы, жазушылардың да, киношылардың да, музыканттардың да, суретшілердің де бас қосар ортасы болатын. Жазушылар үйінде келісті, үлкен концерттік зал бар. Кітап дүкені болатын. Ұялмай көрсетуге болатын бильярд бар еді. Тамақ ішетін кафе болатын. Ең бастысы, керемет кофе-бар болушы еді. Арақ, коньяк, сыра таусылмайтын. Жазушылар болашақ гонорарларына қарыз ала беретін. Керемет бармен әйел – Рабиға апай қолы ашық, жүрегі таза адам еді. Өнер адамдары, Рабиға апайды құрмет тұтатын. Рабиға апай, өнер адамдарын ерекше еркелететін. Жазушылар үйі, адамға лық толы болушы еді. Суретшілер сурет көрмелерін өткізетін. Киношылар, ақындар, әншілер мен композиторлар кештерін өткізіп жататын.

Бүгін жазушылар үйінде жазушылар жиналмайды. Үлкен үш қабат үй үнсіз. Өмірде де, өнерде де, ұлы тұлғалар болып қалған Тектілер даңқ қуып келмеген, ар-ожданы тыным таптырмаған соң, хас өнер жолына ақиқат іздеп көтерілген. Ақиқатты айту бар, оны адам санасына жеткізу бар. Адам санасына Ақиқатты жеткізудің ең қасиетті жолы – Өнер жолы. Мәдениет жолы. Тектілер даңққа қыр арқаларын көрсеткен сайыпқырандар, өйткені даңқтың желден де жүйрік тұрлаусыздығын жақсы білген. Тектілер даңқ үшін жан салмаған, ол туралы ойламаған, тіпті оны ұмытқан.

Ал Даңқ, Тектілердің Соңынан өзі еріп отырған. Бұл да Алла Тағаланың ұйғарымымен болатын қасиетті құбылыс. Кеңестер елінде, жиырмасыншы ғасырдың 60-80 жылдарынан бастау алған рухани азғындану процесі, ХХІ ғасырда өзгеше қарқынмен жүйткіп берген.

Бүгінгі қоғамда өңмеңдеп алға шыққан екі кредо-бағыт бар.

Бірі – билікке ұмтылу. Екіншісі – капиталға ұмтылу. Соған жанын да, арын да салу.

Жүсіп Баласағұн бабамыз сонау онынша ғасырда:

Білімге ғана ұмтылғын,

Құлы болма құлқынның

– деп түркі ғаламына сәуегей ой тастаған. Түркі тілді халықтардың соры – бір-біріне құлақ аспай, бір-бірін ұқпай, әр тобыр өзінше жеке төбе билік айтып, сандалмамен күн кешуде.

Адамзат баласының ой-санасы баяу жетіледі. Адамның өзімшілдігі өзінен де зор. Абайды ұлы демеңдер, Абай хакім деп, ғалымсымақтар алқалы жиындарда сөз бастап, елдің есін мүлдем басқа қиырға алып қашады.

Абайды, Мұхтар Әуезовтан артық кім жазыпты?!. Алайда Мұхаңды итеріп тастап, орнына өздері отырғысы келіп жүргендер де бар. Абайды кемсітіп, оның тарихи тұлғасын қазақ поэзиясынан, қазақ мәдениеті мен өнерінен сырғытып тастауға дайындар олардан да көп. Көне Дешті-Қыпшақ даласында тайпалық сана-сезімнен көтеріле алмай жүрген ергежейлер неткен көп еді – деп таң қаламын. Бүгінгі қазақ даласы, ұлы Дала емес, улы Далаға айналып бара жатқанын байқамай да қалса керек.

ХХІ ғасырда, Ауезовша айтсақ, «Шала Шекспирлер мен толыспаған Толстойлар» саны күн санап көбеюде. Енді олар Қазақ даласында, қазақтың еркін ойын тұншықтыруға барын салуда.

Ұлы Рим, ұлы ұл-қыздарын қадырлеуден қалып, адамгершіліктен айырылған тұста, ұлы Римнің тас-талқаны шыққан.

Абай бабам толғанады:

 

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз.

 

Ал бұдан артық не айтуға болады?!.

 

Қазақ ортасында Алла Тағалаға иман келтірген, өлеңдері ойға толы ақын Абай еді. Поэтикалық тынысын тұншықтырмай, асау ойлар айтқан да данышпан Абай еді. Жырдың қатал ұстазы да Абай болатын. Қазақ Абайдан үйренуден қалған кезде, Қазақтың мәдениеті, өнері, әдебиеті құрдымға кетеді.

Алла Тағала бар жерде тазалық бар. Тазалық бар жерде адамдық бар. Кісіліктің басты қағидасы – Адалдық!

Отанға! Ел-жұртқа!

Ал ел-жұртың, сенің тарихи, әлеуметтік, мемлекеттік тағдырың!

Мемлекетшіл Тұлғаның ертеде де, бүгін де көгенегі көгерген емес. Мемлекетшіл тұлғаны жұрт бетіне мақтайды, артынан даттайды.

Екіжүзділік жайлаған қоғамның сиқы сол. Қай қоғамда да, Билік Тұлғаға үрке қарайды. Шығыста да сол. Батыста да сол.

Биліктің көксегені – Капитал.

Тұлғаның көксегені – Ақиқат.

Халықтың еркіндік пен шын бақытты көксейтіні рас болса, халық өзінің Текті тұлғаларын ардақтауы тиіс. Тұлғалары зынданда жатқан халық, халық қатарына жатпайды.

Ол – тобыр. Ол – жел қуған қаңбақ. Жел айдаған құм. Ол – құл.

Біздің елімізге жауапты, отаншыл, ойшыл, өжет, білімді интеллигенция ауадай қажет. Ал бізде бары, жауапкершіліктен жұрдай. Билік пен Капиталға жандарын салып, арсыз ұмтылған ерекше обыр топ қазақ даласында өріп жүр.

– Үнсіз қалған үш қабатты Жазушылар үйін қалай жандандыра аламыз? Соны айтсаңыз.

– Рухани Ордаға әуелі шығармашылық Одақтардың басын қосу керек. Жазушылар Одағы сол Рухани Орданың жетекшісі болғаны жөн.

Мен жаңа айтқан, үлкен концерттік залды іске қосқан дұрыс.

Суретшілердің көрмелерін өткізіп тұру қажет.

Тамақ ішетін кафе мен кафе-барды іске қосу керек.

Бильярд орталығын ашу керек.

Рухани Орда күнде ашық болуы шарт.

Абай атындағы әдеби сыйлық поэзия, проза, балалар әдебиеті, театр, кино, музыка саласында берілуі шарт.

Төрт жылда бір рет Қазақ елінің жас жазушыларының кеңесін өткізу керек. Жыл сайын жаңа шыққан кітаптарды талдауды арнайы өткізу шарт.

Рухани Ордада кино көруді, музыка тыңдауды, озық өнер адамдарымен кездесуді қолға алған дұрыс. Сырласу клубы болғаны да дұрыс.

Соңғы жылдары Ресей жазушылары, өздерінің Одағын үлкен биікке көтеріп әкетті. Владимир Путин Ресей Жазушылар Одағына көмегін аямауда. Білікті менеджерлер Ресей Жазушылар Одағына барынша пайдалы кеңестер, экономикалық көмектер беруде.

Бүгін өзіндік тіл әлемі бар жазушылармен өзіндік бояу әлемі бар суретшілер азайып барады.

Қазақтың Рухани Ордасы, Адам мен Құдайдың ара байланысын іздеуге, сол байланысты іздеп табуда көп еңбек жасаулары шарт. Адам мен Құдай арасындағы рухани бірлестікке ерекше зер салулары керек-ақ.

Соңғы жылдары, жер азды, рух әлсіреді, жан талды, халық тозды.

Адам рухани әлемін жоғалтып алды, сонымен бірге Адам, адамгершілік қасиеттерінен де айырылып бара жатқанын ұмытпауымыз керек.

 

АҚЫН. БАТЫР. БИЛІК.

 

– Қазір Сіз не жазып жүрсіз?

– Абай туралы «Соңғы түн» деген роман жаздым.

– Оны өртеп жібердіңіз ғой. Орысша жазылғандықтан ба?..

– Қазақша толғағым келді. Бұл өзі бөлек роман. Жазылуы да, ойлауы да, тебіренуі де. Сонан кейін «Ұмытылған» романы. Шаһкәрім қажы туралы. Бұл роман, сонау 1980 жылы басталған. Кеңестер кезінде Қажы туралы жазуға тиым салынған. Кітаптары да шықпады. Қанша рет романды бастадым, қанша рет жақтым, қайта бастадым. Несін айтасың, қырық екі жыл өтті ғой. Ертеде бастап қойып бітіре алмаған бірнеше роман тағы бар. Денсаулыққа байланысты қалып жатты. Кейбірі жоғалды. Жыл сайын пәтер ауыстырған адамның архив сақтауы мүмкін емес. Менің өмірім, әлемде өз орнын таба алмаған географиялық Қазақстан атауына ұқсайды. Дешті-Қыпшақ Республикасы болсақ, әркім жағамызға жармаса алмас еді. Таяз ойдың өкініші көп. Бұл сол тоқсаныншы жылдардағы тексіздік. Тағы бір романым «Күлтөкпедегі өмір». Бұл қазақ халқының бір ғасырлық тіршілік тынысы. Көркеюі, дағдарысы, аштығы, соғысы, жерінен айырылуы, орыстың түбегейлі малайы болуы, тілінен айырылуы, санасының улануы… Бұл үлкен, қомақты роман емес. Шымыр ойлы ақиқат арқалаған, шындық жұтқан, қан жылаған трагедия. Осы романды бітірген соң, қаламымды қақ бөліп, күлтөкпеге лақтырып тастаймын. Қайтып ештеңе жазбаймын. Бұл әдебиетпен де, өмірмен де қоштасу романым. Алла Тағаладан осы ойымның іске асуына көмек бере гөр деп тілеудемін.

Рухы мен намысын, адамгершілігі мен тәуелсіздігін санада өшірткен; мәңгіге естен адасқан тірі өліктер кезген кеңістікті көз алдыңызға елестетіп көріңіз…

Көрсеңіз, ондай кеңістікте өмір сүруге бола ма?.. Өзіңізді ойламаңыз, болашақ ұрпағыңыздың тағдырын ойлаңыз. Біз келмеске кетуге керуен тартқандармыз. Ал қазақтың бүгінгі жас тұяғы қайтып күн көрмек?.. Мен тек қазақ халқы туралы айтып отырғам жоқ. Әлем халықтары туралы да ойға батамын. Әлемде менің достарым көп. Олар туралы да ойлаймын. Адам жолаушы. Мен сол жолаушының аман болуы үшін дұға оқимын.

Әлемнің саясаты мен экономикасын басқаратындарға, уақыт өткен сайын адам туралы ойлау қиындап барады?!. Олардың ойлары ақшаға шырмалып үнсіз жатыр. Оларға керегі екі-ақ нәрсе. Біреуі – Билік. Екіншісі – Ақша. Билік болса, ақша болатынын, ақша болса, билік болатынын олар жақсы біледі. Замандар бойы саясат салған сара жол осы. Ол коррупция мен сатқындық жолы. Үшіншісі, Ана-Жерде сегіз миллиард халықтан үш миллиардын ғана қалдыру. Әлем саясаткерлерінің басты мақсаты да Ана-Жердегі адамды азайту. Сонан да Ана-Жерде ядролық соғыстың басталып кетуі де алыс емес.

Сонан да, Ана-Жерге аманат қылып жіберілген шындық жұтқан әлем Ақындары, Батырлары еш тайсалмастан саясаткерлерге қарсы шығады. Бұл Мәңгілік Қарсылық Майданы.

Билік Құдай жіберген Асыл ақындарды да, көзсіз Батырларды да, амалын тауып өлтіріп жатады. Бірақ, қарсылық қозғалысы еш тыным таппақ емес.

Батыр өледі. Бірақ Ана-Жерді дүр сілкіндірген даңқы аңызға айналады.

Ақын өледі. Бірақ Ана-Жерді ақиқат пен мейірімге толтырған асыл сөздері, жылы, шуақты желдей көшіп жүре береді.

Билік басындағылар да өледі. Бірақ олардың бірең-сараңы болмаса, арттарында түк те қалмайды.

Ана-Жерде өлмейтін, Алла жіберген Сөз ғана.

Алып Аспанның асты мен Ана-Жердің үстінде күн кешкен халқымызды ардақ тұтайық!

Жазушы да, Батыр да, Саясаткер де, сол халықтың құшағынан суырылып шығатынын еш ұмытпауымыз керек.

Бізге ендігі керегі, Бірлік пен Береке. Ұлт болуға ұмтылған ұзын-сонар ауыр сапар. Қалғаны, жанымыз бен жүрегімізде, дүлей серпінмен дүрілдей толқып, тасып жатыр емес пе?..

Олай болса, оны неге ұмытпақпыз?..

Өзге ұмытса да, ендігі тірлікте, қазақ ұмытпауы керек.

Дәл бүгін, қазақ билігіне жауапты интеллигенция ауадай қажет. Жауапты интеллигенция билік аясына еркін енбей, ел болашағы дағдарыста қала береді.

Қазақ мәдениеті мен өнерін тірі ұстауға жанымызды салайық.

Мәдениеті мен өнерін көздің қарашығындай ардақ тұтып, сақтай алған ұлт қана Ана-Жерде өмір сүрмек.

Олай болса, қазақ халқы, ұлт болуға жанын салсын. Қызыл қанын жүгіртсін!.. Асыл ойын дүрілдетсін… Талмасын, тартынбасын…

 

 Соңы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *