ҚАЗАҚ ҚАНШАҒА БӨЛІНДІ?

САБЫРБЕК ОЛЖАБАЙ-САЙТ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі,
ҚР Құрметті журналисі

Бөлінгенді бөрі жейді, бүлінгенді бәрі жейді

Қазақтың әлімсақтан үш жүзге бөлінетінін бесіктегі балаға дейін біледі. Ал, руларға бөлініп, тарамдалып кеткенде оның ұшы – қиырына жетіп болмайсыз. Бабаларымыздың «Жеті ата» қағидатына сүйенсек, ататекті, кімнен тарайтыныңды, кіммен туысатыныңды білу адами қалпында қан тазалығын  сақтаудың бірден бір төте жолы. Кеңес үкіметі орнағанға дейін қазақ осы жолмен жүріп келді. Жүріп те келеміз.

Бірақ. Неге тоқтадық? Бұл бірақтың қасында қандай кілтипан бұғып жатыр? Неден шошынамыз?  Біздің табаны тасқа тиген жорғадай кібіртіктейтін тұсымыз да осы. Өйткені, кешегі абыз ақсақалдарымыз, дана бабаларымыз жеті атаға дейін қыз алысып, қыз берісудің соңы құбыжық кесапатқа апарып ұрындырарын жеріне жеткізе айтып кеткенімен, кейінгі буын мұны рушылдық дертіне айналдырып алды. Бүгінде бір ауылдың адамдары қазаланған туыстарын, бауырларын жеке -жеке қабірстандарға қойып жатқанын жасыра алмайсыз. Моласы бөтен болған соң мешіті де бөлек. Мешіті бөлек болған соң ықылас -пейілдері, көзқарастары да бөлек. Алланың үйі саналатын қасиетті орындарда біреулер талтайып тұрып намаз оқиды, екіншілері намаздың қақ ортасында жәмиғаттарды аттап-бұттап сыртқа шығып кетіп жатады. Алланың хақ діні саналатын исламның өзі бірнеше тарауға бөлініп кетті. Сол топ – топқа бөлінгендер бірін -бірі атуға оқ таппай жүр. Бәлкім оқтары бар да шығар, оқшаңтайды басатын оңтайлы сәтті күтіп жүрген болар?

Неден түңілдік? Неге күйіндік? Қарап отырсақ, бүгінгі қазақ кешегі қазақ емес. Сонда қандай қазақ? Бүгінгі қазақ қоғамында жүздеген бөлініс бар. Оларды санап тауыса алмайсыз. Біз өзіміз білетін бөліністерді саралайық. Бірінші, кім – кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты деп ағартушы атаулының қолына су құйып, төрге шығарып жүргенімізде олардың кейбір керітартпа қылықтарын көріп, еріксіз бас шайқайсыз. Олар бүгінде өз алдарына бір топ. Мектепке барсаңыз, сізді адам ғұрлы көрмейтін ұстаздарға тап боласыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай,  «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деп барлық тізгінді мұғалімдердің қолына ұстатқанымызбен, олардың өздерін де түзеу керек болып тұр. Неге? Өйткені, олар бүгінде ел ішіндегі маңызды  мәртебесі бар ерекше топ. Сол ерекшеліктеріне бағып, газет-журнал оқудан мүлдем бас тартқан.  Оларға «неге газет оқымайсыздар?» деп көріңізші, жағаңыздан ала түседі.  Қолдарыңда өздері де толық оқып жарытпаған Заңдары бар.  Қолында Заңы бар адам түгі жоқ пендені жықпағанда қайтеді? Сонда дейміз-ау, дүниеде не болып жатқанынан хабары жоқ, бар болса да одан-бұдан жұлқылап тартып алған бірдеңесі ғана бар ұстаз қалай бала оқытады? Кітап, журнал, газет оқудан қашып жүрген ұстаз балаларға тағылымды тәрбие бере ала ма? Руханият аталатын киелі әлеммен қауышпаған ұстаз балаларға қандай өнеге көрсетеді?

Аттарын атап, түстерін түгелдемей-ақ қоялық, Түркістан облысының бірқатар аудандарындағы мектептерде бірінің үстінен бірі арыз жазып, мектеп директорларын қудалап жүргендер бар. Өздеріне жақпаған басшыларды соңына шала байлап қуу бүгінде сәнге айналды. Оның үстіне бүгінгі мұғалімдер «директорды бізбен ақылдасып қоясыңдар» деген негізсіз талап қоюдан да ұялмайтын болды. Сондағысы өз руластарын, әрі кеткенде жерлестерін ғана сыйыстыру. Осындай бастамаларға ұйытқы болып жүрген мұғалімдер ел тұтқасы бола алады ма?

Тағы бір дерек. Таяуда ғана білім сапасын бақылау департаменті жүргізген тексеру қорытындысында облыстағы бірқатар мектептердің мұғалімдері  дипломдарын сатып алған болып шықты. Оларға қандай жаза қолданылғанын да білеміз. Сонда ұялмайтын ұстаздар ұялатын шәкірттер тәрбиелей алады ма? Көпке топырақ шашудан аулақпыз, алайда өз алдарына шаңырақ көтеріп алып, жалаулатып жүргендер жеткілікті.

Қазақ деген қасиетті ұлттан қашып жүргендердің бірі—өзіміздің орыстілді бауырлар.«Адам қай тілде ойласа, сол ұлттың өкілі» демейді ме данышпандар. Ендеше, бізден бөлектенгісі келетін, бірақ бөлектене алмай жүрген бір топ осылар деп білуіміз керек. Мемлекеттік тілді менсінбей жүргендер мемлекет мүддесін түпкілікті ойлай алады дегенге сеніңкіремейміз енді.

Блогерлер деген бөлекше топ тағы бар. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген ұстанымдары бар олар талайлардың обалына қалып жүр. Өздерін журналиспіз деп санайтын олардың қойыртпақтарына қарап отырып кейде жанын күйзеледі. Екі сөздің басын қоса алмайтын олар басқаларға қалай өнеге көрсетеді? Қазіргі қоғамдағы жанды жараның бірі осы болып тұр.

Айтуға ауыз бармайтын біржыныстылардың үйленуі, гейлердің сайран салуы, Алматы көшесінде азғындардың теңдік сұрап шеруге шығуы қазақ қоғамына қарсы қасарысқан қарсылық деп білеміз. Бұл қазақ қауымын азғыру, қасиетті жолдан тайдыру, азғындықтың соңғы сатысына итеру деген сөз! Осындай оспадарсыздықтарға ойланбастан жол беріп отырған билікке айтар уәжіміз де көп. Мұны көріп өскен бала қай жолды таңдайды?

Жат діндерге, жат ағымдарға ілесіп елді шатастырып жүргендер де қазақ қоғамының қас жаулары дер едім. Қасиетті дінімізді қырық тарауға бөліп, қырық түрлі уағыз айтып жүргендер елге пана бола алмайды. Бұдан шығатын қорытынды – ислам мемлекеті екенбіз, Ханафи мәсхабындағы мұсылмандарға үлкен қолдау керек. Біз тек осы таза жолмен жүруіміз керек. Жат ағымдарды біртіндеп сыртқа ығыстыруымыз қажет. Дінде бірлік болмай, елде бірлік болмайды.  Қасиетті Құран –Кәрімнің «Нахыл» сүресі, 90 аятында: «Нағызында Алла әділ болуды, жақсылық істеуді, жақынына қарайласуды бұйырады һәм арсыздықтан (зинақорлықтан), жексұрындықтан, зорлық-зомбылықтан тияды, тәлім алсын деп Алла насихат береді» делінеді. Қазіргінің жақынына қарайласу былай тұрсын, табалдырығынан аттаттырмайтын бай-бағыландарынан нені күтуге болады?  Бұларда Отан деген ұғым бар ма? Ал, арсыздықтың, зорлық-зомбылықтың нешеме атасы біздің қоғам үшін жат болмай қалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатында: «Бір ғана тілегім, ақыл -кеңесім бар: жас азаматтардың дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс, олар жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуі керек. Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күйзеліске түспесе, нигилизмге бой алдырмаса  екен деп тілеймін. Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын» деуі бекерден бекер емес.

Қазір қазақ қоғамында ұлық көрсе қоғадай жапырылатын жағымпаз ақсақал, қарасақалдарды, ру туларын көтеріп, жасырын жиын өткізетін белсенді шалдарды, әкімдердің қолтықтарына су бүркіп, басқа атасы бөлектерге  айдап салатын ақылман «ардагерлер»  де бой көрсетіп қалады. Қараңызшы, санап көріңізші, қазақ қоғамында қаншама топ, бөліністер бар. Жаратқанның өзі сақтасын, ертең ел басына күн туа қалса, осылардың қайсысы қолына ту ұстап, елді бірлікке, қиындықтарды жеңуге бастай алады? «Күл болмаса, бұл болсын» деп өз қорасының амандығын ғана ойлайтындар осындай ойсыздардан, үй ішінен үй тігетіндерден шықпайды ма?

Ендеше, қазақ қоғамына ерекше сілкініс керек. Ағайын, барды ойлама, Арды ойла!  Шабысты емес, Намысты ойла!  Есірік сезімді емес, Елдікті ойла! Ұрпағыңның ертеңін, олардың ауызбіршілікте ұйысып отыруын ойла! Дана халқымыздың «бөлінгенді бөрі жейді» деген ұлағатын ұмытпайық. Енді бұған «бүлінгенді бәрі жейді» дегенді қоссақ тіптен артық етпейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *