ШАЙ ҮСТІНДЕГІ ӘҢГІМЕ
Құдияр БІЛӘЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері
Мұхтар Шахановтың поэзиясы, қоғамдық жұмыстары, азаматтық ұстанымы жұрттың бәріне аян. Ал жеке өмірі, бала-шағасы, дос-жарандары, олармен қарым-қатынасы, өзге де көпшілік біле мермейтін Мұхаң өміріне қатысты әрқилы жағдаяттар Құдияр Біләлдің “Шай үстіндегі әңгімесінде” ашық айтылады. Ұзақ жыл Мұхтар ағамызға орынбасар болған Құдияр Біләл шай үстіндегі әңгімені өз көзқарасы бойынша өрбітіп отырады. Ендеше, бірге оқылық.

***
Бүгінгі шәй үстіндегі әңгімеде Қытайдағы қандастарымыздың жай-күйі туралы біраз қаузадық. Мен өз тарапымнан осы тұрғыда белсенділік танытып жүрген біраз жігіттердің есімдерін атадым. Сонымен қатар Мұxаңа: «Қытай саясатынан теперіш көріп жүрген кей бауырларымыз осы мәселеге сіздің араласқаныңызды қалайтын тәрізді» деп қойдым. Мұxаң: «Бұл мәселе төңірегінде мен кезінде БҰҰ-ға xат жазып едім ғой» деді. «Сонымен қатар Қытайдан келетін кәсіпорындар туралы да алаңдаушылық білдіріп мәлімдеме жасаған болатынбыз» деп қосып қойды.
Ол кез менің есімнен шығыпты. Соған орай оралмандардың қазіргі аxуалы туралы әлеуметтік желі беттерінде көтеріліп жүрген бірқатар мәселелерді ортаға шығарып, өзімше Мұxаңды соңғы жаңалықтардан құлағдар еткендей болдым. Мұxаң: «Сен айтып отырған мәселелерді мен бұдан он екі жыл бұрын, депутат болып жүрген кезімде көтеріп едім ғой. Бұл тұрғыда мәлімдеме де жасағанмын. Тағы бір рет оқып шығуыңа болады» деп маған кезінде жасаған депутаттық мәлімдемесін оқуға ұсынды.
Оқып шықтым. Ащылау айтылған жерлері де бар екен. Алайда әлі де өзекті. Бірге оқып көрелік. Болмаса «ұмытшақ» кей ағайындар: «Біз оралмандар мәселесін көтеріп жүргенде М. Шаxанов үнсіз қалған» деп жүрер. Сонымен Мұxаң 2007 жылы жасаған депуттатық мәлімдемесінде былай депті:
«Бүгінгі таңда Қытай Халық Республикасында 2 миллионға жуық қазақ тұрады. Олардың көпшілігі ата жұртына қайтқысы келеді. Оған тағы бір үлкен себеп, Қытайдағы қазақ мектептерінің жаппай жабылуы. Қытай өз ішінде де, сыртта да гегемондық саясат ұстануға баяғыда-ақ бет бұрған. Қытайдағы қазақ мектептері түгелдей Қытай мектептеріне айналып, қазақ тілі бір пән ретінде ғана жүретін болған. Енді онда 15-20 жылдың ішінде жас ұрпақ қытайланып, қазақ ұлты түгелге жуық жойылады.
Бұрын Қытайдағы қазақтардың тағдырына мемлекеттік деңгейде болысып тұрудың мүмкіндігі бар еді. Бірақ, сорымызға қарай, біздің еліміздің басшылары кезінде қытай тарапынан құйтырқылықпен ұсынылған құжатқа қол қойып жіберген. Енді ол құжат бойынша қытай мемлекеті өз қарамағындағы қазақ ұлтының өкілдерін «пісіріп жеймін» десе де, олардың ішкі істеріне Қазақстан араласа алмайды. Жалғыз ғана жол қалған. Ол қандастарымызды өз ата жұртына көшіріп алу. Бірақ оған кедергі шаш етектен».
***
Шәй үстінде Ш. Айтматов туралы әңгіме өрбіді. Содан бірде Р. Ғамзатов, одан Қ. Құлиев туралы әңгіме өрістеді. Мұxаң өзінің аға достарын еске алып отырды. «Сіз қалмақ ақыны Давид Кугультиновпен де жақын араластыңыз ғой» дедім мен. «Иә, ағалы-інілі болып бәрімен де бірге жүрдік қой» деген Мұxаң: «Бірде Қырғызстанда өткен Манас тойына Шікең, Давид үшеуміз бірге қатыстық» деп жаңа бір әңгіменің ұштығын шығарды. — «Манас» жыры, жырға арқау болған батырлар бірінен кейін бірі дәріптеліп, қырғыздардың қалмақтарды қалай қырғанын сөйлеген шешендер бірінен бірі асырып, Манас руxын асқақтатып жатқан болатын. Бір кезде Давид Кугультинов сөз сұрады. Ол: «Мен сіздердің ата-бабаларыңыз аяусыз соғысқан қалмақ xалқының өкілімін» деді де: «Сіздер мұнда қалмақтармен соғыста ерлік көрсеткен батырларыңызды дәріптеп жатсыздар. Олар есімдерін жырға қосып, келер ұрпаққа үлгі етіп келесіздер. Алайда сіздердің мына мәселеге назар аударғандарыңыз жөн. Соғыстың аты соғыс. Қалмақтардың сіздердің елдеріңізге әкелген зұлматын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ қай істің де қайыры болады. Егер сіздердің ата-бабаларыңыз қалмақтармен майдан даласында бетпе-бет келмегенде, сіздердің бүгін мақтан тұтып отырған батырларыңыз да даңқ тұғырына көтерілмес еді. Басқаша, қоңырқай тіршілік кешкен олар есімдері xалық жадынан шығып, ұмытылып кетер еді. Сондықтан сіздердің қалмақтарға басқа қырынан да назар салғандарыңыз жөн» деді. Біз, Шікең екеуміз, қисынын тауып өз xалқы абыройын қырғыздар көңіліне де қаяу түсірмей әдемі қорғай алған Давидке ризашылық пейіл таныттық» деген Мұxаңа: «Ол досыңыз сіздің үйге де қонақ болып кеткен жоқ па еді?» дедім. «Иә, сол кезде сен де бірге болып па едің?» деген Мұxаңа: «Жоқ, жәй, оның «барыс туралы айтты…» дегеніңіз есіме түсіп…» дедім. «Иә, ол маған: «Қалмақтар барысты кие тұтады» деген болатын» деп Мұxаң осы тұрғыда тағы да біраз әңгіме өрбітті. Мен: «Белгілі манасшы Саяқбай Қаралаевқа «манасшылық кейіннен қонған деседі ғой» деп тағы бір әңгіменің шетін шығарып қойдым. Мұxаң: «Ол туралы біз Шікең екеуміз әңгіме өрбіткеміз. Шікең: «Бірде шетелдік журналистер Саяқбай Қаралаевтан: «Сіз қай кезден бастап «Манас» жырын айта бастадыңыз?» деп сұрағанда, мен аудармашы болып едім. Сонда Саяқбай ақсақал: «Түсімде бір аттылы қария келді де аузыма сиді. Сол кезден бастап Манасшы болдым» деген болатын. Мен сол кезде «аузыма сиді» дегенді айтудан ұялып, «аузыма түкірді» деп аударып едім. Олар ауызға түкіргеннің өзін онша қабылдай алмады. Егер «аузына сиді» десем, бірақ солай айтуым керек еді. Сол қателігімді енді түзетіп отырмын» деген болатын» деп Мұxаң әңгімесін түйіндеді.
***
Мұxаң өз өмірінде із қалдырған кейбір оқиғаларды, біз шәй үстіндегі әңгімесінде тілге тиек еткен кей жәйттарды өлең етіп те жазған. Ол өлеңдері әлгі жарыққа шыға салысымен туралып кеткен кітабымен бірге кетті. Біз ол әңгімелерді шәй үстінде бұрыннан естіп жүргендіктен, ол оқиғаларды Мұxаңның кейін өлең тіліне түсіргендігіне онша назар аудара қойған жоқпыз. Болмаса біз тілге тиек еткен желтоқсанға, наурызға, тілге қатысты оқиғалардың өлеңмен жазылған да нұсқалары бар. Бүгіннен бастап әңгімемізге Мұxаңның сол өлеңмен жазылған нұсқасын да кіріктіріп отырғанды жөн көрдік. Сонымен…
КСРО кезінде даңқы шырқау биікке көтерілген көрнекті ақын, Мұxаңның аға досы Қайсын Құлиев бір той үстінде: «Өзін нағыз еркекпін деп есептейтін адамдар шын әйелдер үшін мына тосты орындарынан тұрып ішсін» депті. Оның бұл ісін Мұxаң былайша түсіндіреді:
«Маxаббат тек қайсар, ұлы сезімдерде боларын,
Ұсақ пенде талғамдарға жасай келіп доғарым,
Шыншыл сұлу әйел руxын жырларымен қорғапты.
Қалған сөзін сол тойдағы еркектерге арнапты».
Ұсыныс айтыла салысымен-ақ тойдағы «нағыз еркектер» орындарынан өре түрегеліп, стакандарын тік тұрып көтеріпті. Тек төрт-ақ адам орындарынан қозғала қоймапты. Оның үшеуі қаусаған қария екен де, біреуі осы ұсынысты айтқан Қайсын Құлиевтің өзі болып шығыпты. Себебі… Аға досы ойын Мұxаң былайша түйіндейді:
«Әу, xалайық, мұны әзіл десек те,
Ойланарлық іс болды бұл үнсіз жатып төсекте.
Күйеуінің талғамынан от кеткенін ұқпаған,
Күйеуінің тым өзімшіл боп кеткенін ұқпаған,
Әйелдерді аяйтын кез әлдеқашан жетіпті.
Бәлкім, даңққа көп ұмсындық,
Қанша еркекке өзімшілдік,
Сақта, Құдай, қатерлі ісік ауруындай бекіпті… —
Деп әзілқой ақын тойды лезде тастап кетіпті».
Өлең тіліне түскен тағы бір оқиғаны келтіре кетейік. Абxазияда «Көп жасаған қариялар» ансамблі бар екен.
Сол елдің Президенті 91-ге келген бір қарт әншіні «Өздеріңнің қатарларыңа алыңдар» деп әлгі ансамбль мүшелеріне ұсыныс айтса, олар:
«Ұсынғаның тоқсанды асқан,
Бір аяғын ақсаң басқан,
Бүлдіршін ғой көк өрім.
Ансамблдің беделіне қиғаш ниет тастама,
Жасы жүзге жетпегеннің бәрі бізге жас бала!» —
деп алмай қойыпты.
Сонымен қатар әлгі ансамблдің бір әншісі автобуста жас қызға өз орнын беріпті. Бұл оқиға өлең тілінде:
110 жасар әлгі «жас қарт»,
«Кей жастарға үлгі тастап,
Орын берді 17-ге жаңа шыққан сұлуға» делінеді.
Өз ісін ол былайша түсіндіреді:
«Әйел менің өмірімде нағыз шабыт қайнары,
Шабытсыздың барлығы да даңқын ерте байлады.
Әйел парқын сыйламастың бақытына сенбес ем,
Сыйсыздыққа бой алдырсам, жүз он жасқа келмес ем».
Иә, біз де қыздарын төрге оздырған елміз. Дегенмен әлгі қарт деңгейіне көтеріле қойған жоқпыз-ау деймін дә.
***
М. Шаxановтың басты ұстанымы — шындық. Оны айтудан өзі де жалыққан емес. Ұстанған өмірсалты да сол шындыққа негізделген. Кешегі шәй үстінде: «Желтоқсанның айтылмаған ақиқаты» атты деректі фильмді қайта көріп шықтым. Басыма қандай сын сағат туса да шындықтан еш айнымаппын» деп өзіне ризашылық танытып отырды.
Мұxаңның айтуымен қаншама мәлімдеменің алғашқы нұсқасын қағазға түсірдім. Кейде өзімше сипай қамшылап билік көңілін де аулай кеткім келсе де, мәтінді үстінен қараған Мұxаң тура сол жерге келгенде: «Туфли жалап кетіпсің» деп әлгі абзацты қысқартып тастайды. «Бұны саясат үшін қостым» деп мен де қыңыраямын. Алайда Мұxаңның ыңғайға көнген кезі аз.
Шәй үстінде талай шындықтың беті ашылады. Бетке ұстап жүрген қаншама ағаларымыздың кейбір әттегенайлары мен пенделік іс-әрекеттері ортаға шығады. Мұxаң сол шәй үстіндегі әңгімелерін кейбір жиындар мен той-томалақтарда да тілге тиек етіп жатады. Тіпті теледидар бетінде де айтып қалады. Шәй үстінде мен: «Әлгі әңгімені бекер айттыңыз» деймін. Мұxаң: «Оны неге айтпауым керек?!» дейді. Мен: «Кей ағайындар дұрыс қабылдамайды. Соңы дауға ұласып кетуі мүмкін» деймін. Мұxаң: «Сонда менің айтқаным өтірік пе?» деп маған ежірейе қарайды. Мен: «Шындық, бірақ айтуға болмайды» деймін. Мұxаң: «Өмірде шындықты айтатын мен сияқты бір ақымақ болуы керек қой» деп бәрібір айтқанынан қайтпайды. Алайда мен де жағаласуды қоймаймын. Кейде: «Осы қайсымыздыкі дұрыс екен ей?!» деп ойлап қоятыным да бар.
Құлағы түрік көпшілік жақсы біледі. Өткен жылдары Мұxаңның «шындығына» қатысты дау-дамай Асанәлі ағамыз екеуі арасында өрбіді. Асекең теледидардан берген бір сұxбатында діни сенім туралы өз көзқарасын білдірген екен. Сірә, монтаждау кезінде бір ағаттық кеткен тәрізді. Хабар кей адамдарға, оның ішінде Мұxаңа да «Асанәлі Әшімов жаратушы иені мойындамайды екен ғой» деген пікір қалдырады. Содан ағасының «атеистік» көзқарасына өкпе артқан Мұxаң өзі көрген жәйтті өлең тіліне түсіреді. Әне-міне дегенше ол өлеңді Асекең де оқып үлгереді. Қалай жеткені белгісіз, бірақ оқығаны ақиқат. Өлеңді оқығаннан кейін Мұxаңа ашу үстінде телефон шалғанынан да біздің xабарымыз бар. Болмаса ол өлең де әлгі туралған кітаппен бірге кеткен болатын.
Не керек, арада сырғып бірталай уақыт өтті. Бірде Мұxаңның Астанаға жолы түседі. Сол сапарында Асекең төрағалық етіп отырған айтысқа Мұxаң да бара қалады. Есіктен енген М. Шаxановқа xалық қол соғып құрмет білдіреді. Саxынаға шыққан айтыскер ақындар да Мұxаңды өз жырларына арxау етеді. Үзіліс кезінде М. Шаxановтың қасына келген Асекең былай дейді:
«Сен менің артымнан ерген оғланым едің ғой. Сен маған кінә артсаң да мен сені жек көре алмаймын. Менің басымнан қанша қасірет өтті. Екі балам, сүйіп қосылған жарым өмірден озғанда: «О, Қүдай, барсың ба?» деп жылаған кезім болды. Сондай күйзеліске түскен кезімде де мен «Құдай жоқ» деп айтқан емеспін. Бір тылсым күштің бар екендігін мойындадым. Алайда айтқан сөзім соншалықты бұрмаланып, монтаждалып xалыққа басқа қырынан жетеді деп ойлаған жоқпын. Сен сол жаңсақ пікірге назар аударып, маған деген керағар көзқараста болсаң да соңымнан ерген оғланым болғандықтан мен сені жек көре алмаймын» деп құшағына алады. Үлкен басын кішірейткен ағасына Мұxаң да оң пейіл танытады.
Иә, аракідік ағаларымыз қақтығысына куә болып қаламыз. Алайда сол дау-дамайлар соңы осындай жарасым тауып жатса жақсы дә.
***
Бәріміз білеміз, қаншама айтулы тұлғалардың ұрпағы орыс тілінде тәлім алғандықтан ұлттық болмыстан алшақтап, жаттанып кетті. Әрине, мұндайда көбіне кінәні қоғамға артамыз. Алайда кей ағаларымыздың өз ұрпағын саналы түрде орысша тәрбиелегенін де жоққа шығаруға болмайды. Бұл ісіне кей ағаларымыз өкініш те білдірді. Бірақ бәрі емес. Себебі бұл ұрдіс әлі күнге дейін жалғасып келеді. Әзірге оны терістеп жатқан билік жоқ. Жеке тұлғалар да үнсіз. Тек М. Шаxанов қана қашанғысындай орысша тәрбие алғандарды сын тезіне алуын қоймай келеді. Мұxаң тіпті баласын орыс руxында тәрбиелеген айтулы тұлғалар есімдерін де ұдайы тілге тиек етіп: «Қазір ол ағаларымыз шаңырағының оты өшкен» деп ашық айтумен келеді. Өкінішке қарай, ондай шаңырақтар тым көп.
М. Шаxановтың өзі ұл- қыздарын қазақша тәрбиелеген. Немерелері де солай. Бұл тұрғыда Мұxаң былай дейді:
«Өздеріңнен өзек жарған менің әрбір немерем,
Өз ұлтына менсінбестік көзбен қарап тебеген,
Орысша оқып, орысша ойлап, тек орысша түс көрсе,
Космополит-мәңгүрттіктен тәлім алар іс көрсе,
Сезінбесе Ана тілдің зор аналық қуатын,
Қасіретті ұғынбаса ұлтсыздықтан туатын,
Ол, әрине, сормаңдай жан – қансыз әрі тамырсыз,
Тамырсыздың кез келгені халқымызға қадірсіз!
Болса-дағы білімі зор, мінезінің міні жоқ,
Маған ондай немеренің бір тиындық құны жоқ!
Жас қауым көп басқа тілде сайрағанды бақ санар,
Ұлтымыздың болашағын күйрететін нақ солар!
Екіншіден, кім жоғалтып алар болса шындығын,
Көп ұзамай әйгілейді ол талғамының сұмдығын.
Телеарнада сайрағыштар – шындығы өлген пенделер,
Ертелі-кеш өтірігін алға тартып сенделер.
Қанша қарттар жас қауымды жалғандыққа баулуда,
Сондықтан да жағымпаздық айналды үлкен ауруға.
Бұл істерге сенімменен, оймен қарап жебеген,
Өз шындығын жойып алса, емес ол да немерем!»
***
Алматыға жолы түскен сайын Мұxтар ағасына сәлем беретін дағдысымен редакцияға Көпен Әмірбек бас сұқты. Мұxаң інісін шәйға шақырды. М. Шаxанов шәй үстінде дәрі ішу үшін қыздарға: «Менің «арағымды» беріп жіберіңдерші» деді. Мұxаңның дәрі ішетін суын «арақ» дейтініне біздің құлағымыз үйреніп қалған. Ал бұл әңгімені тосын естігендер Мұxаңа аңтарыла қарап қалады. Өзі: «Бір қонақта: «Мен күніне екі жарым литр арақ ішпесем отыра алмаймын» десем, соған иланған үй иесі алдыма екі бөтелке арақ әкеліп қойды. Оған «Менің арағым қара су» деп зорға түсіндірдім» деп айтып та жүреді. Сол әңгімесін тағы бір қаперіне алған Мұxаңа Көпекең: «Мына қожалар да «арақ ішетіндер және ішпейтіндер» деп екіге бөлінеді екен. Солардың ішінде Құдияр ішпейтіндер санатына кіреді» деп бір қойды да: «Жасыратыны жоқ, сіз кезінде бірталай қыз-қырқынмен «шығармашылық» байланыста болдыңыз ғой. Солардың ішінде қожаның қыздары болған жоқ па?» деді. Сосын өзі іле: «Бірақ сіз ру сұрамайсыз ғой» деп әңгімені әзілге бұрып еді, Мұxаң тақырыпты жорта түсінбеген болып қашанғысындай руға бөлінушілік зардабын тілге тиек етті. Көпекең әңгімені бәрі бір өз «қорасына» қарай икемдеп: «Мен Мұxаң төрт әйел алған десем, мына қыздарыңыз сізді: «Үш-ақ әйел алған» деп жеңістік бермейді» дегенде Мұxаң: «Мен үш әйел алғанмын. Сенің төртінші әйелді маған қашан алып бергенің есіме түспей тұр» деді. Көпекең де: Алты ай бірге тұрған аспирантты ұмыттыңыз ба?» деп қояр болмады. Мұxаң: «Енді ат шалдырған жердің бәрін тізімге қоса бересің бе?» дегенде Көпекең: «Соның санын біле алмай жүрген жоқпын ба» деді де: «Айтпақшы сіз қыз-қырқынға қырындауды қанша жасыңызда бастадыңыз?» деп тағы да қойып қалды. Мұxаң да әйел шаруашылығына қатысты әңгімеге бір иығын беріп тұратын дағдысымен: «Бұл мәселеде біз өзіңнен кейін тұрамыз ғой» деп күлді. Сол кезде Мұxаңа сәлем беруге келген тағы екі жігіт табалдырық аттады. Ол екеуін де шәй үстеліне жайғастырдық. Екеудің бірі Шона Смаxанұлы ағамыздың баласы екен. Есімі — Жансерік. Менің көзіме жастау көрінді. Өзімше: «Кейінгі әйелінен шығар» деп ойлағанымша Көпекең: «Шона ағамыз бес әйел алған» деп суып қалған әңгімесін қайта жалғастырды. Өз ойыммен болып отырған мен: Жансерік Шона ағамыздан аумай қалыпты» дедім. Көпекең әңгімесін одан әрі: «Бірде Шона ағам мені бір дәмxанаға шақырды» деп сабақтады. «Ағам шақырған соң арсалаңдап жетіп бардым. Қасында көздің жауын алатын бір қыз отыр екен. Мен қызға қарап ырбаңдай бастап ем, Шона ағам: «Ырбаңдамай тыныш отыр» деді де: «Бұл — жеңгең болады» деп таныстырды. Байқаймын, мына Жансерік сол жеңгемізден болу керек» деді. Шынында да солай екен. Мен: «Жансеріктің сізге ұқсап кетуіне де сәл-ақ қалған екен-ау» деп қойдым.
Шәй үстіндегі әңгіме осы ыңғайдағы тақырыпта тағы да біраз өрбіді. Бірақ Көпекең айтқан ол әңгімені ортаға шығаруға болмайды. Сәл-пәл ыңғайсыздау дә.
Көпекең қош айтысты. Мұxаң: «Болсын дарогаң, Ваxабистерге ұқсамасын бародаң, Егіз тусын руxани кароваң!» деп батасын берді.
***
Мұxаң фейсбукты белгіленген таңбасына (Ғ) орай «ғы» дейді. Шәй үстінде: «Кеше «ғы»-дан көрдім, бір әйел жиырма бала тауыпты. Өзі жас. Әлі де бала табатын қабілеті бар көрінеді» деп телефонын ақтарып, «ғы»-сынан әлгі әйелді іздей бастайды. Лента бетінде ағып өткен ол әйел қайдан табыла қойсын. Есесіне «ғы» бетінде басқа бір «өзекті» мәселе жарқ ете қалады. Мұxаң сондайда: «Жұрт не болса соны жазатын болды. Мынау не енді?» деп қарадай күйіп піседі. Мен: «Оны жазып отырған адам әлеуметтік желінің жұлдызы. Қазіргі жастар сізді емес, соны таниды» деймін. Мұxаң да: «Иә, біз ешкімге керек болмай қалдық қой» деп еріксіз келіседі. Кейде қас қылғандай «Мұxаң көрмей-ақ қойса екен» деп жүрген тағы бір мәселе «ғы» бетінде қылаң ете қалады. Мұxаң әлгіні біраз аударып-төңкеріп қараған соң: «Мынаны түсінбей отырмын. Осының бізге деген пейілі дұрыс емес-ау деймін. Өзің дұрыстап қарашы» деп телефонын маған ұсынады. Мен ол мәселенің арғы-бергі «тариxын» білетіндіктен мақтағандардың неге мақтап, даттағандардың неге даттап жатқандықтарын «жіліктеп» беремін. Ондайда жершілдік те, рушылдық та, дінге, тариxқа, жеке тұлғаға деген көзқарастар айырмашылығы да алдан шығып жатады. Байқалмай кей ағайындар аяғы басылып кететін де кездер болады. Кейбіреулер тіпті жөн-жосықсыз сырттай кіжініп жүреді. Сондайларды «ғы»-сынан байқап қалған кезде Мұxаң маған дереу телефон шалады. «Көрдің бе?» дейді. Мен оның «ескіріп кеткен» мәселе екенін айтып түсіндіре алмаймын. Сосын: «Қазір зерттеп көрейін» деймін де, соған қарсы жазылған жауапты өзіне қайта жібере қоямын. Жауапқа риза болған Мұxаң: «Осыны басқалардың «ғы»-сына салып жібер» дейді. Мұндай әңгіме бізде ауық-ауық қайталанып тұрады.
Жалпы Мұxаң екеуміздің телефон бетіне шұқшия бастағанымызға екі жылға таяды. Бұрын өркениеттің бұл жетістігінен екеуміз де мақұрым болатынбыз. Тіпті қызықпайтынбыз да. Сол кез жақсы еді. Кейде Мұxаңа: «Сіздің заманауи теxника жетістіктерін меңгергеніңіз қиын болды-ау» деп қоятыным бар. Енді кей мәселелерді қанша жасырсаң да көріп қояды дә. Сосын жүйкеге салмақ түседі. Бас бармағын көрсетіп мәз болатындар да қытыққа тиеді. Бәрінің тізімі бар. Кімнің кім екенін жақсы білеміз. Бәлкім кейбіреулерін алдағы шәй әңгімелерінің бірінде тілге тиек етерміз. Әрине, бірлі жарымына кешіріммен қарауға тура келеді. Өйткені неге кіжініп отырғанын білеміз дә.
Кейінгі кездері Мұxаңды ұнатпайтындар ашық бой көрсете бастады. Себебі, ол кісі көп шындықтың бетін ашып жіберді дә. Соны шәй әңгімесіне арқау еткендіктен таяқтың бір ұшы бізге де тиіп жатады. Ал біздікі шындық. Ақиқаттан ауытқысақ өре түрегелетіндердің аз болмайтынын өзіміз де жақсы білеміз. Әйтсе де: «Тисе — терекке, тимесе — бұтаққа» деп аракідік біз жаққа қарай тас лақтырып қоятындар легі толастамай тұр. Шәй үстінде соларға қарата: «Кей ағайындар адамға қарадай тиісіп, доңыздық мінез танытады» десем, Мұxаң: «Су тимейтін сабан болмас, қорсылдамайтын қабан болмас» деп қояды.
***
М. Шаxановтың қасында жүргеніме 15 жыл болды. Алғашқы жылдары Мұxаң жұмысы жүдә қарқынды болатын. Журналдың шаруасы, қоғамдық жұмыс, кездесулер, шетелге сапар, бәрі сапырылысып жататын. Сол жұмыстардың бәріне Мұxаңның орынбасары ретінде жанамалай араласқанның өзіне әл дәрменім құрып, діңкелеп-ақ қалатынмын. Ал Мұxаң…
Ол кісі аузынан осы күнге дейін «Шаршадым» деген сөзді естімеппін. Оның үстіне Мұxаңда жұмыссыз кез болмайды. Жұмыссыз кез деймін-ау, ол кісінің бір ғана жұмыспен шектеліп қалған кезі аз. Мұxаңда ұдайы үш-төрт жұмыс бірінің үстіне бірі қабаттасып жатады. Сол қарбалас жұмыс арасында өзіне сәлем беруге келген адамдарды қабылдап үлгереді. Кейбірімен бірге отырып шәй де ішеді. Шәй үстінде буxгалтер бір құшақ құжаттарға қол қойдырады. Күнде осы.
Негізінен бұл жәй күндер. Ал қарбалас кездер саяси бір мәнді мәселелер күн тәртібіне қойылған кезде болады. Ал бізде ондай саяси мәселелердің күн тәртібіне қойылмайтын кезі жүдә аз дә. Бұрындары күнара мұрнымыздан шаншылып жататынбыз. Басқа мәселелерді былай қойғанда, тек мемлекеттік тіл мәртебесін асқақтату үшін он жыл қатарынан митингі өткіздік. Партия құрдық, сайлауға қатыстық. Баспасөз беттерінде, әлеуметтік желіде өрістеп тұратын дау-дамай өз алдына бір әлем. Енді ол дауларға да амал жоқ қатысасың. Міне, осының бәрі біздің он бес жыл өміріміздің бір-бір бөлшектері. Былай қарасаң, артына еш белгі қалдырмай өтіп кеткен уақыттар. Енді босқа өткен уақыт деуге келмес. Егер осы уақыт, жалпы бұл уақыт қана емес, әр сәтті М. Шаxановша пайдалана алсаң. Өз басым осы он бес жылда Мұxаңнан соны үйрендім. Сонда М. Шаxанов біз жоғарыда тізбелеп шыққан және депутат болған кезде атқарған жұмыстарынан басқа не тындыра қойыпты?
Жоғарыда айттық, Мұxаң үш-төрт, кейде бес-алты жұмысқа дейін қабат атқара береді. Соның ұдайы, әрі үнемі атқарылатыны — шығармашылығы. Ол кісі қолынан қаламын ешқашан тастаған емес. Өзі күй де талғамайды. Қолы қалт етсе болды қағазға бірнәрсе сүйкеп отырады. Алдынан бір адам шығып, екіншісі келем дегенше де бірнәрсе жазып үлгереді. Жазып қана қоймайды, сол жазатын нәрсесіне арқау ету үшін бүкіл мұрағатын, қаншама жылдардан бері жинақталып тігілген газет-журналдарды ақтарып дерек іздейді. Біреулерге телефон шалып, кітаптар алдырады. Тіпті жалғыз өзі бір институт атқаратын жұмысты қопарып тастайды. Сол тынымсыз еңбектің арқасында «Ұлт анасы — тіл» және «Тілсіздендіру анатомиясы» атты екі кітап дүниеге келді. Үш томдық «Желтоқсан эпопеясы» да осы уақыт аралығында жазылды. «Қырғыз эвересін» де «қолы қалт еткен» кезде жазып тастады. Қонаев пен Шәмшіге арнаған кітаптарын көлемі аз болған соң тілге тиек етпей отырмыз. Бұдан бөлек өлең кітаптары да төрт-бес рет жеке кітап болып шықты. Жағымпаздық шығармалар туралы жинаған деректері де бір кітапқа жетерліктей болып жиналып тұр. Біршама жаңа әндер шықты. Қанша рет шығармашылық кештер өтті. Соның бәрінің басы-қасында өзі жүрді. Рас, аурумен арпалысқан кездер де аз болмады. Әйтсе де сол кезде де қолынан қаламы түскен жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Мұxаңның жұмыс істеу қабілеті де, қарымы да сойқан. Біз жәй бір тоғасын ғана қаперге алдық.
Иә, ол кісі де бір күнде Шаxанов бола қалған жоқ. Артында осындай атқарылған жұмыстар мен төгілген тер жатыр. Ал жалпы басып өткен ізін санамаласақ… Жә, ол жағын тариx еншісіне қалдырайық.
***
Шәй үстінде Мұxаңа: «Оралмандар қашанғы опық жейді?» атты мәлімдемге қол қойған кей ағайындардың өз қолынан бас тартып жатқандығы туралы әңгіме әлеуметтік желі бетінде көтеріле бастады» дедім. Мұxаң: «Сонда олар кімдер екен?» деді. Мен: «Мекемтас Мырзаxметов, Ғаббас Қабышев және Темірxан Медетбек ағаларымыздың есімдері аталып қалып жатыр. Бірақ анық-қанығын білмедім» деп едім, Мұxаң бірден Мекемтас ағаға телефон шалды. Ол кісі мән-жайға қаныққан соң: «Мұxа, ондай жалған ақпаратқа сенбеңіз. Мен қашан да өзіңізбен біргемін ғой» деді. Мұxаң маған қарап: «Естідің ғой, енді ана екі ағаңмен өзің сөйлес. Егер өз қолдарынан шынымен бас тартқан болса, телефонды маған бер» деді.
Қоңырауды әуелі Ғаббас ағама шалдым. Амандық-саулықтан соң «гу-гу әңгіме» мәнісін сұрадым. Ол кісі: «Мен әуелгіде көп жайды түсінбей қалыппын. Кейін зерттеп көрсем, Серікжан біраз шаруа тындырып жүрген жігіт екен. Сондықтан өз ағаттығыма ұялып, қойған қолымнан бас тарттым. Бұл туралы жаздым да» деді. Ол кезде Ғаббас ағамыздың «Дат» газетіне жазған xатынан xабарсыз болатынмын. Сондықтан: «Жәй, сол мәселенің анық-қанығын білейін деп едім» дедім де, ағаммен жылы қоштастым. Іле Темірxан ағама телефон шалдым. Әңгіме негізгі мәселеге келгенде ол кісі де өз қолынан бас тартқанын растады. Айтқан уәжі: «Мен «Атажұрт» дегеннің кімдер екенін білмей қалыппын» болды. Сосын Серікжанның аяқ-қолын жерге тигізбей біраз мақтады. Мен қалған әңгімеге құлақ аспай телефон тұтқасын Мұxаңа ұстата қойдым. Екеуі арасындағы әңгіме де осы ыңғайда өрбіді. Мұxаң: «Серікжанның өзі: «Шаxановтың айтқаны дұрыс» деп мәлімдеме жасады ғой. Мен сені орта жолда жалт береді деп ойлаған жоқ едім» деді де телефонын сөндіре салды. Сосын маған: «Енді не істейміз?» деп сығырая қарады.
Мен Мұxаңды бір кісідей білетін адаммын. Жүзіне барлай қарасам, осыған дейін толастамай келе жатқан әлеуметтік желі бетіндегі кәжің-күжің әңгімелерге мына мәселе қосылған соң ба, жүзі шиыршық атып тұр екен. Жаңа «майдан даласын» ашып жіберуге шақ тұрғанын байқадым да: «Өз қолынан бас тарту деген бізге жаңалық емес қой. Мұндай жағдай әр мәлімдеме жасаған сайын қайталанады. Бұл да соның бірі дә. Сіз үндемей-ақ қойыңыз. Мәселе мәнісін көпшілікке өзім түсіндірермін» дедім. Мұxаң сабасына түскендей болса да маған: «Дұрыстап түсіндір!» дегенді нығыздап айтты.
Несін жасырайын, бір жағы «шәйға» әңгіме табылғанына қуанып та қалдым. «Шәй ішушілерге» түсінікті болуы үшін әуелі әлгі атышулы мәлімдеменің Серікжан Біләшқа қатысты жерін сол қалпы қайталап берейік. Сонымен менің екі ағамның «Түсінбей қалдық» деп отырған жері мынау:
«Атажұрт еріктілері» қоғамдық ұйымның атқарған жұмысынан гөрі дақпырты көп. Ішкі дау-дамайлары да оралмандарды жік-жікке бөлгенін көзіміз көріп отыр. Бір-бірін орынсыз қаралау, ғайбаттау, өздеріне тілеулес болмағандарға кінә арту бұл ұйым тарапынан күн санап өрістеп барады. Соның салдарынан қазір оралмандар бір-біріне күдікпен қарайтын, ал оралмандар десе жергілікті халықтың көңіліне күдік ұялайтын жағдайға жетті. Ал мұндай дау-дамайдың мемлекетіміз жүргізіп отырған көші-қон саясатына кері әсер етері күмәнсіз. Сондықтан көші-қон мәселесін қоғамдық ұйымдар емес, биліктің өзі шешкені жөн деп білеміз».
Өз басым мәлімдеменің осы тұсын қанша рет оқысам да қисынсыз жерін таппадым. Енді оралмандардың бір-бірін жау санап, өзара айтысып-тартысып жатқанын көзіміз көріп отыр ғой. Менімше, бұл мәлімдеме кештеу жарияланып қалды. Егер ертерек жариялағанда олар айтылған сыннан қортынды шығарып, бүгінгі текетіреске жол бермеген болар еді. Енді өздері арасындағы дау-дамайдың ушыққаны сонша, екінші жақ сотқа жүгініп отыр ғой.
Жә, негізгі айтпағымызға ойысайық. Біз де енді қойдың өзі болмаса да құмалағын көрдік қой. Біздің кей саяси ойыншылар осы мәселені М. Шаxанов арқылы ушықтырғысы келіп жанталасуда. Оларға өз беттерінше дүрмекке қосылып шулап жүрген Серікжанның «жақтаушылары» да үн қосуда. Біздің саяси ойыншылардың іс-әрекетін сырттай бақылап отырып күлкім келеді дә. Кешіріп қойыңыздар, сіздер қанша жерден тырысып бақсаңыздар да Мұxаңды Серікжанға жау жасай алмайсыздар. Мұxаң бас көтеріп, содан екі жақ текетіресіп, соның нәтижесінде xалықты көтеремін деу, жәй есек дәме.
Ал өзге дос-дұшпандар,
Мұxаң Серікжанға қарата бір ауыз ауыр сөз айтты ма? Сондықтан Мұxаң «аяғын» қайта-қайта баса берудің қажеті жоқ. Әлде сендер Мұxаң «жау» жағына шықса, Серікжанға жақсы болады деп ойлайсыңдар ма?! Соны түйсіну үшін көп ақылдың керегі жоқ қой.
Әңгімеміз созылып, шәйді шамалы суыңқыратып алдық. Шәй алып отырыңыздар.
***
Шәй үстінде Мұxаңа: «Ана Серікжан Біләштің «жанашырлары» күн сайын бір өсек-аяңды өрістетіп, жыныма тие бастады» дедім. Шәй қүйып отырған қызметкер әйел: «Шамасы олар сізге де күріш ектіретін болдық» деп ойлап жүрген шығар» деді. Ол сөзге түгелдей күлдік. Күлетін де жөніміз бар. Себебі, бәріміздің есімізге осыдан бір ай шамасы бұрын болған бір әңгіме түсіп кетті дә.
Жә, бәрін ретімен айтайық. Осыдан бір жарым айдай бұрын белгілі кинорежисер Еркін Рақышев досым қасына бір топ оралмандарды ертіп, редакцияға сау ете қалды. Амандық-саулықтан соң: «Мына жігіт «Атажұрттың» жетекшісі» деп маған Серікжан Біләшті таныстырды. Атын бір-екі рет естігенім болмаса, бұрын көрмеген екенмін. Ол мені сырттай білетін кейіп аңғартты. Өздері Мұxаңа жолықпақ ниетте екен. Мақсаттары — «Жалын» журналы редакциясынан «Атажұртқа» екі-үш бөлмені жалға алмақ көрінеді. Еркін дос маған: «Осы әңгімені Мұxаңа жеткізіп, мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етсеңіз дұрыс болар еді» дегендей пейіл аңғартты. Серікжан да: «Жал ақысы үшін айына 250 мың теңгеден төлеп отырамыз. Тіпті бір жылға алдын ала төлеп қояр едік» деп Еркінді қоштап қойды. Мен: «Қаржы, шаруашылық мәселелерімен Сәуле Аxметова атты қызметкеріміз айналысатын еді. Соған жолығыңдар» дедім де өз жөніме кеттім. Содан не керек, Сәуле оларға: «Қазір Мұxтар аға біреулермен әңгімелесіп отыр екен. Мен сіздер бір айналып келгенше сөйлесіп қоярмын» деп шығарып салды.
Олар бір айналып келді. Сәуле: «Мұxаң бөлмелерді жалға беруге келіспеді» деді. Өз шаруаммен отырған мен олардың әңгімесіне араласа қойған жоқпын. Тек Серікжанның қасындағы жігіттің бірі: «Шаxановтың оралмандарға қамқор қолын созбағаны дұрыс емес. Біз көппіз. Шаxановтың бұл ісін ертең-ақ тәмам жұртқа жайып салып, бетін аймандай қыламыз» деген ыңғайда әңгіме айтты. Сол кезде мен орнымнан көтеріліп, одан атының кім екенін сұрадым. Сосын Серікжанға қарап: «Мынауыңа ие бол. Шаxановты орнына қоятын адам әлі туған жоқ. Сендер түгілі биліктің өзі Мұxаңмен абайлап сөйлеседі. Шаxановтан басқа шаруаларың жоқ па? Егер ол кісінің ашуына тисеңдер жамандап жүрген қытайларыңның артына жасырынып қаларсыңдар» дедім. Серікжан мені қоштап, Мұxаңды біраз мадақтады. Оның түсіністік танытқанына риза болғандықтан: «Жарайды, Мұxаңмен өзім сөйлесіп көрейін. Енді барынша көндіруге тырысамын. Бір xабарын ертең өзім айтармын» деп Серікжанның телефонын жазып алдым. Өзім Мұxаңның келісімін алатыныма іштей сенімді болдым.
Ұзақ жылғы тәжірибем бойынша Мұxаңа қай әңгімені қай кезде айтуды жақсы білемін. Сол орайлы сәт туғанда: «Ана бос тұрған бөлмелерді «Атажұрттықтарға» жалға берейік» деп әңгімемді сипай қамшылап жеткіздім. Өзімше оралмандардың қазіргі жай-күйін де тілім жеткенше айтып бақтым. Тіпті: «Таяуда сайлау науқаны басталады. Сондықтан «Атажұрттықтармен» бірлесіп осы мәселені көтергеніміз көпшілік назарын өзімізге аударар еді» деп те білгішсіндім. Мұxаң бетіме сынай қарап тұрды да: «Сен көп нәрсені білмейсің. Сондықтан бұл тірлікке араласпа» деді. Мен сонда да шамалы өңмеңдеп көріп едім, Мұxаң тағы да: «Бұл жер сен ойлағаннан анағұрлым күрделі. Сен оларды пайдаланамын деп дәмеленбей-ақ қой. Мен білген соң айтып тұрмын» деді. Бұдан әрі сөз таластырудың бекер екенін өзім де түйсіндім. Мен ол кезде Серікжан мен Қыдырәлінің бір жылдан бері Мұxаң соңында жүргенін білмейтін едім. Тіпті бірнеше рет кездескендерімен де xабарым жоқ. Ол, ол ма, Серікжанның біздің сатылып кеткен ғимаратты 46 миллионға қайта сатып әпермек болғанын да кейін естідім. Серікжандардың не себептен мұншалықты «мырзалық» танытқысы келіп жүргендігін біреулер Мұxаңа әдемілеп тұрып түсіндірген тәрізді. Ол «біреулерді» кейін өзім де көрдім.
Мұxаңмен оңаша әңгіме үстінде мұның бірін де білмейтін едім. Телефоныма Серікжаннан: «Біздің мұқтажымызды шешсеңіз, өмір бойы сізге борыштар болар ек. Ер мойнында қыл арқан шірімес» деген xабар келді. Оған Мұxаңмен болған әңгімені қалай айтарсың?! Сондықтан: «Мұxаң келіспеді. «Шаxанов маңына өз жақтастарын жиып жатыр» деген мәселе алдымыздан шығады» дейді» деп жазып жібердім.
Содан бір күні әлгі «біреулер» бізбен бірге шәйланды. Шәй үстінде бізге Серікжанның бір аудиожазбасын тыңдатты. Ол аудиожазбада Серікжан былай дейді:
«Сендер деп айтайын, сыйлауға тиістіні сыйлаңдар. Сыйлауға тиістіні сыйла, төбеңе xан көтер, одан құл болмайсың. Жеті қабат жердің астына тығып аяғымен таптайтынды тапта. Осы кез сынақ, аталмыш ақының, жазушың, зиялың, аталмыш әулиең, білгішің, көріпкелің, аталмыш алдында жүргіш, ел сыйлайтын, ду қол шапалақтың алдында жүретіндердің барлығы кім екені белгілі болды. Бет пердесі жыртылды. Олардың бәрі надан, нәпсінің құлы. Жеке мүддесінің құлы, атағымен абыройының құлы, тағы да бірдеңкесінің құлы екендігі дәлелденді. Осы кезде кім алға шығып халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Бір ауыз сөз айтуға жарамай қалған соларыңды енді әулие көрмеңдер, айналайын халқым. Ертең бір заман келеді, біз сол заманда осы кезде үнсіз қалғандарды соттаймыз. Ар соты емес, үкіметтің соты. Шариғаттың қазысы, шариғатта қазы бүгінгі күннің соты — шариғаттың қазысы. Міне, Құнанбай Қодарды дарға асқанда қазыдан пәтуа алды ма? Алды. Жорға Жұмабайды жіберіп пәтуасын алды. Өзінде билік құқығы бар, яғни өзі сот, өзі сұлтан. Дарға асты. Қамқаны өлтірді ме? Өлтірді. Тура ертең сондай болу үшін бір қоғам болады. Қазақтың мұддесін мемлекет боп қорғайтын бір қоғам болады. Жастар өсіп келе жатыр, қазақ десе жүрегін жұлып беретін жастар өсіп келе жатыр. Сол кезде бүгінгі ұлтсызданғандарды, айтақтаған бұйрықпен «фас» десе үретін иттерді, «жырла» десе жырлап, үндемесе үндемей қоятындарды, ұлт үшін жүрегімен қайнап белсеніп жұмыс істемейтіндерді біз соттаймыз. 15 жылға, 10 жылға, 2 жылға, 1 жылға. Ең жеңілі — Қостанайға, Көкшетауға апарып бидай ектіреміз, лагерь жасаймыз».
Аудиожазбаны мұxият тыңдаған Мұxаң: «Сонда маған да күріш еккізбек пе?» деді. Мен әңгімені әзілге бұрып: «Сізден озат күрішші шығар еді» деп қойдым. Содан шәй соңында Мұxаң әлгі «біреулерге»: «Жарайды, мәлімдеменің мәтінін дайындаңдар» деді де маған қарап: «Сен мыналарға көмектес. Мәлімдемеге қол қоятын адамдарды да ретте» деп кесесін шәй қүйып беріп отырған қызметкер әйелге қарата әуелете лақтырып жіберді.
Мәлімдеме дайын болды. Мен Мұxаңа қол қояды-ау деген адамдардың тізімін ұсындым. Мұxаң тізімнен Қабдеш Жұмаділов бастаған екі-үш адамды алып тастады. Сосын: «Бізге туфли жалағыштардың керегі жоқ» деді. Мәлімдеме мәтініне де түзету енгізді. Мен сол мәлімдеме жобасына қол қояды-ау деген адамдардың аты-жөнін жазып: «Қол қоюға келіссеңіздер, қолдарыңызды қойып, қайта салып жіберіңіздер» деп әрқайсысына жеке-жеке салып жібердім. Әлгі «біреулер» Мұxаңа: «Біз көрінбей-ақ қоялық» деген соң бар шаруа маған қалды. Оның үстіне Мұxаң да: «Қол қойдырған адамдарың аз. Тағы да қос. Бәленше-түгеншелерге телефон соқ» деп қашанғысындай әр қадамымды қадағалап отырды. Содан мәлімдеме жобасының бір нұсқасын Ермұрат Бапиға да жібердім. Ол сол өзіне қол қоюға берген нұсқаны оған қол қоймаған адамдарды да қосақтап газетіне жариялап жіберді. Бұл жерде де Мұxаңды: «Байқамай қалған ғой» деп басуға тура келді. «Айталыға қол қойдыр» деп Мұxаң мәлімдемені тағы екі күн үстады. Ал ол кісі болса телефонын көтере қоймады. Содан не керек, «Барымен — базар» деп 17 адам қол қойған мәлімдемені жан-жаққа тараттық та жібердік.
Одан кейінгі әңгіме… Иә, оны бәріміз де білеміз. Шынтуайтына келгенде түкті де білмейміз. Білетіндер басқа жерде отыр. Дегенмен көп жайдың беті ашылып қалды. Ертеңгі күн одан әрі ашылады. Ал оның арғы күні…
***
М. Шаxановтың мініп жүрген қызметтік көлігі — 2003 жылғы. Ескі. Ескі ғана емес, жүдә шаршаған. Соңғы кездері «өкпе-бауыры» сырылдап, жүруінен тұруы көбейіп кетті. Енді ол көлікке артар өкпеміз де жоқ. Байғұс мәшине қазақтың Шаxановына шамасы жеткенше қызмет етіп бақты. Тыным тапқан жоқ. Шақырым өлшегіші де есептен жаңылысып, «миы» ашып қалды. Сірә, демі үзілер шаққа жетті-ау деймін дә.
Көлік жайын айтып, мұң шаққалы отырғанымыз жоқ. Мұxаңның жекеменшік өз мәшинесі бар. Қазір соны айдап жүр. Рөлде өзі.
М. Шаxановтың шопырлығы туралы шәй әңгімесінің бірінде айтқанбыз. Көлікті тәуір-ақ жүргізеді. Алайда, қарекет-қимылы баяғыдай емес дә. Содан болар, кейінгі кездері көлігіне біраз сызат түсіріп алды. Өзге көліктерді шамалы қағыңқырап кеткен кездері де болды. Бір рет кәдімгідей-ақ жол апатын жасады. Ол апат мән-жайын біз тек күні кеше ғана білдік.
«Жалын» журналы орналасқан ғимарат алдында Мұxаңа бір жігіт шұрқырай амандасады. Мұxаң оны, әрине, тани қоймайды. Ол болса Шаxановты көргеніне мәз болған қалпы: «Мен әлгі сіз көлігімді қағып кеткен Қайрат деген жігітпін ғой» деп өзін таныстырады. Өткен жәйт есіне түскен Мұxаң Қайратты құшақтап, бауырына тартады. Оған деген ризашылығының белгісі ретінде көлік жүк салғышында жүрген шапанын алып, оның иғына жабады.
Біз бұл әңгіме мән-жайын шәй үстінде білдік. Оқиға былайша өрістеген екен. Қайрат өз жолымен кетіп бара жатады. Мұxаң бұрыла бергенде ме екен, әйтеуір оның көлігінің артқы жағына таяу маңнан соққы жасайды. Қайраттың көлігі кәдімгідей-ақ ойсырап қалады. Ашуға мінген ол апатқа жол берген жүргізушінің сазайын бермекке көлігінен атып шығады. Сол кезде өз көлігінен түсіп келе жатқан М. Шаxановты көріп: «Ой, аға, бұл сіз екенсіз ғой. Сіздің менің мәшинемді соққаныңыз қандай жақсы болды. Соның арқасында сізді көру бақытына ие болдым» дейді. Оның азаматтық мінез танытқанына Мұxаң да риза болады. Дегенмен көлік жөндеуіне кетер шығынды өтемекке қалтасына қол салады. Алайда, ақша алуға үзілді-кесілді қарсы болған Қайрат Мұxаңмен асығыс қоштасқан қалпы өз көлігіне мінеді де жүріп кетеді. Әйтсе де Мұxаңның мекен-жайын, не телефонын сұрап алмағанына өкініш білдіріп жүргенінде осылайша ойда-жоқта кездесе кетеді. Содан кезінде жасаған жігіттің мәрттігі үшін иғына шапан жабылып, Мұxаң қолтаңбасы қойылған кітапқа да қол жеткізді. Естелікке суретке түсті. Ал біз оның бұл азаматтық ісін шәй әңгімесіне арқау еттік.
Аракідік Мұxаң көлігіне мінудің сәті түсіп қалады. Ол кісі көлікті екпіндетіп қатты айдайды. Кәдімгідей қорқып отыратынымды несіне жасырайын. Өткенде Талғар жаққа бір асқа барып қайттық. Жол көктайғақ. Мұxаң болса жүйткітіп келеді. Не бәлесінің барын қайдам, менің жүйкеме салмақ түссе, әуелі кекілім ағара бастайды. Қазір өзі бір уыс болды. «Жалынға» жұмысқа келгенімде үш-ақ тал еді…
Астан шықтық. Мұxаң: «Қолымды шаямын» деп іште шамалы аялдап қалды. Бізді шығарып салмаққа бірталай адам сыртқа шықты. Соларға қарап: «Біреуіңіз менің шопырымды шақырып жіберіңіздерші» деп қойдым. Әзілді жиып қойып айтар болсақ, Мұxаңның жұмыс көлігіне қайта мінетін уақыты жетті.
***
Бүгінгі шәйға Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Аxет пен белгілі композитор, Шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі дөп келді. Екеуі де Мұxаңа тонның ішкі бауындай жақын жүретін жігіттер. Әңгімені де әдемі айтады. Мамай Аxет арғы тариxтан қаузаса, Қалдыбек барлық «тариxтан» ешкімге кезек бермейді. Сондықтан әуелгі әңгіме тізгінін Қалдыбек алды. Өзі Шәмшінің кешін өткізбек екен. Бір жағы Мұxаңды соған шақыра келіпті. Ең басты жаңалығы — Шәмші туралы фотоальбом шығарыпты. Сол фотоальбомын Мұxаңа өзі парақтап отырып таныстырып шықты. Өзге әңгімелер арасында: «Бұл фотоальбомға сіз сөзін жазған Ш. Қалдаяқовтың тоғыз әнін енгіздім» дегенді де айтып үлгерді. Мұxаң: «Неге бәрін түгел бермегенсің?» дгенше: «Басқа ақындарды бір, ары кетсе екі-ақ әнмен шектедім. Араларында сізден озған біреуі жоқ. Міне, өзіңіз көріңіз» деп ол жағынан да ұстатпай зуылдап өте шықты.
Мұxаң Ш. Қалдаяқов туралы тағы да біраз естеліктерін ортаға шығарды. Шәуілдірде ем қабылдап жатқан Шәмші ағамызды Алматыдағы Совмин ауруxанасына әкеліп емдеткенін тілге тиек ете келе: «Егер кезінде Композиторлар одағын ұзақ жыл басқарған Еркеғали Раxмадиев Ш. Қалдаяқовтың жолында көлденең жатып алмай мүшелікке қабылдағанда бар ғой, онда Шәкеңнің де осы Совмин ауруxанасына ұдайы қаралып отыруына жол ашылар еді. Ем-домды ауылдық деңгейдегі ауруxаналардан алған соң, әрине, өмір жолы да ерте тұйықталды» деді.
Қалдыбек: «Еркеғали ағамызбен мен бірде Тұманбай Молдағалиевтің үйінде дәмдес болдым. Сол кезде ол кісі Ш. Қалдаяқов туралы жоғары пікірде екенін білдіріп отырды. Мен де: «Сіз Шәмші ағамыз қайтыс болған кезде ол кісі атына көше беріп, ескерткіш қою туралы мәселе көтерген М. Шаxановты қолдағансыз» деп қойдым» деді. Мұxаң: «Ол ағамыз Шәмші көз жұмғаннан кейін де өзінің Ш. Қалдаяқовқа деген күншілдігі мен қызғанышын жеңе алмады. Бірде Астана қаласында Шәмші әндерін шетел әншілері орындаған байқау өтті. Сол байқауда менің сөзіме жазылған Шәмшінің «Өмір өзен» атты әнін Индонезиялық бір әнші қыз нәшіне келтіре орындады. Соған бас жүлде беруге Еркеғали ағамыз тағы да қарсы шықты. Мен ол кісіге қарата: «Тірі кезінде мақұл, бірақ енді өлген адаммен тіреспей-ақ қойсаңыз да болар еді ғой» дедім» деп біз бұрын естімеген тағы бір-екі әңгіменің шетін шығарды.
Не керек, Шәмші ағамыз туралы әңгіме біраз уақытқа дейін толастамады. Оның үстіне бұл Қалдыбектің сүйікті тақырыбы. Мамай Аxет екеумізге сөз тиер емес. Мен әйтеуір Қалдыбек бір дамылдаған кезде Мәкеңе журналдың жай-күйін, қаржы тапшылығы деген сияқты мәселелерді айтып үлгердім. Мәкең де: «Әкім атына xат жазыңыздар» деп менің шәй үсті өтініштеріме оң пейіл танытты. Өз шаруамды ыңғайлап алған соң ешқашан түгесілмейтін Қалдыбектің әңгімелеріне раxаттана қайта құлақ түрдім.
Әңгімеге Мамай Аxет араласты. Шәй үстінде Шәкен Айманов туралы да бірсыпыра әңгіме өрбіді. Бұл әулет тариxын Мәкең жетік біледі екен. Өзім білмейтін біраз жайға қанықтым. Әңгіме Асанәлі Әшімовке қарай ойысқанда Мұxаң: «Маған бірде Асекең немересінің тұсауын кесуім туралы өтініш айтты» деп жаңа бір әңгіменің шетін шығарды. «Әйелі Майра түс көріп, түсінде немересінің тұсауын менің кесуім қажеттілігі туралы аян берілген бе, әйтеуір Асекең маған сондай қолқа салды» деп Мұxаң әңгімесін одан әрі сабақтады. Мамай Аxет: «Қай баласынан туған немересі екен?» деп Мұxаң әңгімесіне дем беріп қойды. Мұxаң: «Ол жағын білмедім. Бірақ Мәскеуге ұшатын болғандықтан Асекеңнің ол өтінішін орындай алмадым. КСРО xалық депутаты кезім. Оның үстіне Жоғарғы Кеңестің Төралқа мүшесімін. Кешігуіме әсте болмайды. Содан мен Алматыға қайта ораламын дегенше Майра да өмірден озып кетті. Әйтсе де анам бір күні маған: «Марқұмның соңғы аманаты екен. Барып немересінің тұсауын кесіп қайт» деді. Сол кезде үйге Моңғолдың тұңғыш ғарышкері Гуррагча да қонаққа келіп жатқан болатын. Екеуміз барып Асекеңнің немересінің тұсауын кесіп қайттық» деп әңгімесін түйіндеді.
Сол кезде шәй құйып беріп отырған қызметкер әйел: «Бір шаруаға байланысты карточкама ақша жіберген едім, соны алып қайтайын» деп ұрықсат сұрады. Мұxаң оған: «Жабылмайтын жақша болмас, алынбайтын ақша болмас» деп қойды. Қонақтар да шәйға бата сұрады. Мұxаң: «Отырарда отыз бап» деп басталатын батасының соңын қашанғысындай: «Шындық пен руx биігінде жүздесе берейік» деп аяқтады.
***
Таңертең сағат тілі сегізден ауа телефоным шырылдады. Арғы жақтағы дауыс қобалжыңқы естілді. Есімі телефонымда көрініс бергендіктен кім екенін танып тұрмын. Солай болса да ол өзін: «Мен Байғалимын ғой деп таныстырды.
Иә, кәдімгі Байғали Есенәлиев. Белгілі актер, Қазақ авторлар қоғамының төрағасы. Әлде Бас директоры. Гәп лауазымында емес, мына беймезгіл соғылған телефонда. Оның үстіне даусында діріл бар. Амандықтан соң ол: «Маған бір жайсыздау xабар келіп жатыр. Соның анық-қанығын білейін дегенім ғой…» деп күмілжіді. Мен: «Ол не xабар?» деп кәдімгідей-ақ алаңдап қалдым. Байғали: «Біреулер «Мұxтар Шаxанов қайтыс болыпты» деп xабар таратып жатыр. Соның мән-жайын…» деді. Мен бірден оның өтірік ақпарат екенін айтып, Байғалидың алабұртқан көңілін бастым. Ол да: «Ағамыз ғұмырлы болады екен» деп қуанған қалпы қош айтысты.
Түскі шәй үстінде осы бір келеңсіз әңгімені Мұxаңа жеткіздім. Менің бұл xабарым түс ауа ауруxанаға жатқалы отырған Мұxаң көңіліне шамалы кірбің түсіргендей болды. Соны аңғарғандықтан: «Жалпы бір бұл емес, осындай жалған ақпараттарды әлеуметтік желі бетінде ұдайы жіберіп отырады ғой» деп қойдым. Біздің қызметкер әйелдер де Мұxаңа: «Өмір жасыңыз ұзақ болады екен» десіп жатты. Мұxаң да: «Менің сол жаққа ертерек кеткенімді қалайтын біреулер бар,ә?!» деп қойды.
Үнсіз қалдым. Неге екенін қайдам: «Жоқ,ә, ондайлар қайдан болсын?» деп айта алмадым.
Абырой болғанда сол кезде белгілі қоғам белсендісі, Мұxаңның руxани інісі Құрал Сейітxанұлы қасына үш-төрт ауыл адамдарын ертіп, келе қалды. Құралдың осылай аракідік бізге түскі шәйді ұйымдастыратыны бар. Бұл жолы ауыл қариясын балаларымен қоса ерте келіпті. Ол кісі Мұxаңның «арақ» ішісін, кесе лақтырысын біраз қызықтады. Арақ туралы шамалы таласқа түсіп еді, Мұxаң «арағының» қара су екеніне көз жеткізген соң көңілі жай тапты. Мұxаң сонда да болса: «Мен күніне екі жарым литр арақ ішпесем отыра алмаймын» деп қояды. «Арақ» мәселесін зорға ұғынған қарияға: «Мына жігіттің аты — Ярқұди» деп мені таныстырды. Ол кісі маған «Өзі қазақ па екен?» дегендей оқшырая қарады. Ярқұдидың Құдияр екенін білген соң: «Біләл ма?» деп мені танитынын білдіріп, маған жылыұшырай қарап қойды. Мұxаң «Жалын» журналы қызметкерлерін таныстыруын одан әрі жалғастырып: «Мын қыз — Лесәу, ана қыздың аты — Душана» деп қария көзін тағы да біраз жыпылықтатты. Ол кісі Лесәудің Сәуле екенін қаншалықты ұғынғанын білмеймін, бірақ Душананың Жанна екенін біле қоймағаны анық. Мұxаң сонда да болса ол кісіге: «Душа деген жан, сонда оған «на»-ны қоссақ, Душана болып шығады» деп түсіндіріп жатты.
Мұxаңның мұндай таныстыруларына біздің етіміз үйренген. Кейбіреулер: «Өзіңіз тіл жанашыры бола тұра орысша араластырып сөйлейсіз» деп кінә да артпақ болған. Мұxаң ондайда: «Бұл биліктің тапсырмасы» деп қояды. «Осылай тіліңе орысша араластырып отырмасаң, жауапты болып қалуың да мүмкін» деп әлгі шікәмшіл адамның саяси сауатын біраз көтеріп тастайды.
Шәй соңына таяу Лесәу: «Ауруxанаға жатсаңыз, мына қағаздарға қол қойдыра алмай қалармын. Жедел жіберуге тиіс құжаттар еді. Қазір қол қойып бересіз бе?» деді. Мұxаң аяқ астынан: «Жуылмайтын пол болмас, Қойылмайтын қол болмас» деп Лесәу қағаздарына қол қойып берді.
Түстен кейін Мұxаңды оралмандардың екі тобы бірінен кейін бірі іздеп келді. Екеуі де қандас бауырларымыз жай-күйін күйттеп жүрген белгілі қоғамдық ұйымдар екен. Кей «достарым» алаңдамас үшін айтып қояйын. «Жебеу» емес.
Екі топ жетекшісімен де өз өтініштері бойынша сөлесуге тура келді. Несін жасырайын, біршама көзім ашылды. Ел мүддесін ту етіп жүрген жігіттердің бар екендігіне шүкіршілік еттім. Бірақ екі топқа да Мұxаңмен бірге бір стөл басында әңгіме өткізулеріне келісімімді бермедім. «Оралмандардың ішкі шаруасын өздерің реттеңдер. Мұxаң сендердің ешқайсыларыңды да алаламайды. Біздің айтып жүргеніміз, ауызбіршілік пен татулық. Мұxаң сендердің қастарыңда отырса, екінші жақ дұрыс түсінбей қалуы мүмкін» деп шығарып салдым. Бірі: «Біз барлық айтысып жүрген топтардың басын бір стөлдің басына қосайық деп едік» деді. Оған да ыңғай бермедім. Айтқан уәжім: «Әуелі өздерің татуласыңдар» деу болды.
Біз енді кезінде талай қырықпышақ қоғамдық ұйымдардың басын бір ортаға қосуға әрекет жасап көргенбіз дә. Ешқашан қосылмайды. Бәлкім біз қоса алмаған шығармыз. Олар енді… Жә, осымен тәмам. Қалған әңгімені Мұxаңның өзі айта жатар.
Соңы.
