ХАЛЫҚТЫҢ ЖҮРЕГІНЕН ОРЫН АЛҒАН АЗАМАТ
Жанна ИМАНҚҰЛ
«Жалын» журналының қызметкері,
«Ақпарат саласының үздігі» иегері

Асанов Арслан Арынұлы – ғалым, ұстаз, меценат.
Елдің елдігін айқындайтын екі ұлы өлшем бар: бірі – тарихын жасаған батырлары, екіншісі – болашағын қалыптастырған ұстаздары. Біздің бүгінгі әңгімеміз сондай ел мен ұлттың рухын асқақтатқан, туған жеріне адал еңбек пен парасат нұрын қатар төккен тұлға – Асанов Арслан Арынұлы жайында болмақ. Ол – өз ғұмырын ел мен ұрпақ игілігіне арнаған, білім мен ізгіліктің жалынын өшірмей өткен азамат.
Арслан Арынұлы 1953 жылы 6 ақпанда Шымкент облысы, Қызылқұм ауданында дүниеге келген. Әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек майданының майталманы Арын Асанов, анасы – ел анасы атанған Тәуіркүл апай. Тәуіркүл ананың ақ жүрегінен тараған 9 баладан бүгінде 150-ге жуық ұрпақ өсіп-өніп, елдің түрлі саласында – ғылым мен білімде, мемлекеттік қызмет пен кәсіпкерлік ортада абыроймен еңбек етіп келеді.
Осындай текті шаңырақта өскен Арсланның бойына еңбекқорлық, қарапайымдылық және елге қызмет ету қасиеттері ерте сіңді.
Мектепті тәмамдаған соң, жас талапкер Алматы зооветеринария институтына түсіп, 1976 жылы мал дәрігері мамандығын алып шықты. Сол жылдары нағашысы – мемлекет және қоғам қайраткері, Су шаруашылығы министрі болған Сарықұлов Дүйсенқұл атасының қамқорлығында болып, үлкен өмір мектебінен өтті.
Арслан Асанов еңбек жолын 1976 жылы Шымкент облысы, Бөген ауданының №1 совхозында зоотехник, кейін бас мал дәрігері болып бастады. Туа бітті жауапкершілігі мен іскерлігі арқасында ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол маманға айналды.
1985 жылы өндіріс саласындағы жинаған тәжірибесін білімге ұштастырып, Сарыағаш қаласына қоныс аударды. Қапланбек зооветтехникумында оқытушы, кейін оқу ісі жөніндегі орынбасар қызметін атқарды. 2000 жылы Сарыағашта «Әулие Ата» университетінің Қапланбек филиалын ашып, жастарға жоғары білім алу мүмкіндігін туғызды.
1987 жылы Мәскеу жоғары академиясының педагогика факультетін тәмамдаған ол, білім саласына жаңа серпін әкелген ұстаздық жолын өмірлік мұратына айналдырды.
Арслан Арынұлы ғылымның да сәтті баспалдақтарынан өтті. 2003 жылы биология ғылымдарының кандидаты атанып, ондаған ғылыми еңбектері мен екі монографиясын жариялады. 2007 жылы академик, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте иегері Амангелді Құрбанұлы Садановтың жетекшілігімен «Оңтүстік Қазақстандағы су қорларының экологиялық жағдайы және оларды агрохимикаттардан қорғау шаралары» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы дәрежесін иеленді.
Арслан Арынұлы ғылымды практикалық іспен ұштастырудың үздік үлгісін көрсетті. 2003 жылы Сарыағаш қаласында Арслан Асановтың бастамасымен «Арыстанбаб» жоғары колледжі құрылды. Бұл – бір адамның бастамасы ғана емес, бір өңірдің рухани жаңғыруының бастауы болды.
Бүгінде колледжде педагогика, медицина, ІТ сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастар білім алуда. Заманауи аудиториялар, жаңа технологиялармен жабдықталған оқу кабинеттері, 80 орындық жатақхана мен асхана – бәрі де студенттің жайлы білім алуына жағдай жасалғанының дәлелі.
22 жыл ішінде бұл оқу ордасы 8 мыңға жуық түлек даярлап, елге еңбек етер жас мамандардың үлкен мектебіне айналды.
Арслан Арынұлы колледждің әрбір ісін жүрекпен атқарды. Ғалымдар мен білікті ұстаздарды тартып, ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырды, жастардың ғылымға құштарлығын оятты. Оның демеушілігімен жүздеген студент тегін білім алды, мыңдаған студент оқу ақысына жеңілдікке ие болды.
Білім мен парасаттың иесі бола тұра, Арслан Асанов жүрек жылуын елмен бөлісуді азаматтық борыш санады. Қайырымдылық пен меценаттық оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
Су тасқынында зардап шеккен отбасыларға көмек қолын созып, Арыс жарылысы кезінде елмен бірге болды. 2023 жылы Атырау облысы, Құлсары қаласындағы су апатынан зардап шеккендерге дәрі-дәрмек жеткізіп, елдің алғысына бөленді.
Осы еңбектері ескеріліп, ол 2011 жылы республикада алғаш рет «Алтын сапа» номинациясының меценат иегері атанды.
Арслан Арынұлы тек білім мен ғылым саласында ғана емес, рухани өмірде де үлкен өнеге көрсетті. Ол мұсылмандық парызын өтеу үшін Меккеге кіші және үлкен қажылық сапарын жасады. Рухани ұстазы Абдулла қажы Жолдасовтың еңбектерінің жарық көруіне демеушілік етіп, имандылық пен ізгілік идеяларын жастар санасына сіңірді.
Сонымен бірге, туған жерінің рухани тарихын жаңғыртуға ерекше еңбек сіңірді. Шыңғыс ханды таққа отырғызуға қатысқан Саңғыл би кесенесінің жаңғыруына ұйытқы болып, сол әулиелі мекеннің қайта абаттануына мұрындық болды. «Саңғыл би» ұрпақтарының төрағасы ретінде шежіре кітаптарын шығаруға, электрондық нұсқасын әзірлеуге атсалысты.
Арслан Асанов туған өлкесінің рухани келбетін жаңғырту ісіне де белсене араласты. Сарыағаш қаласындағы бұрынғы Театр көшесін Шәмші Қалдаяқов гүлзары атымен қайта атауға бастамашы болды. Сондай-ақ, Қазыбек би ескерткішінің тұрғызылуына себепші болған тұлғалардың бірі.
Осы бастамалар оның туған жердің мәдени келбеті мен тарихи жадын сақтауға деген шынайы ықыласын көрсетеді.
Арслан Арынұлының қоғамдық өмірдегі белсенділігі де ерекше. Ол «Аманат» партиясы Сарыағаш аудандық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің төрағасы болды. Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде әділет пен адалдық қағидаттарын қорғады.

Елі ардақтаған Арслан.
Ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың жарлығымен «Құрмет» орденімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, сондай-ақ «Астанаға – 10 жыл», «Тәуелсіздікке – 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды.
Ол – Сарыағаш және Отырар аудандарының Құрметті азаматы.
Арслан Арынұлы өмірлік жары Нұрсұлу Ұлықбекқызымен 1976 жылы шаңырақ көтеріп, тату-тәтті отбасы құрды. Төрт перзентінен (үші бүгінде елге белгілі азаматтар) 9 немере, 3 шөбере сүйді. Үлкен ұлы Алмас жастай өмірден өтсе де, оның тәрбиесін көрген ұрпағы әке атын ардақтап келеді.
Бір өкініш – туған жеріндегі өзі түлеп ұшқан Рахманқұл Бердібаев атындағы мектептің өзіне арнаған кабинетін ашу сәтін көзімен көре алмай, өмірден озып кетті.
Арслан Арынұлы – білім мен ізгілік, парасат пен мейірім тоғысқан тұлға. Оның артында өшпес із, мол рухани мұра, мыңдаған шәкірт пен ел құрметі қалды.
Ол елінің еңсесін тіктеп, жастарының болашағына жол ашқан ұстаз, ғалым, қайраткер, меценат, азамат ретінде халқының жүрегінен өшпестей орын алған.
“Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” деген сөз Арслан Арынұлының ғұмыр жолына дәл айтылғандай. Оның еліне сіңірген еңбегі мен жүрегінен төгілген мейірімі – оны қадір тұтатындар жүрегінде шырақ болып жана бермек.
