САҒЫНА АЛМАЙТЫН САҒЫНЫШ
Гүлнәр ӨМІРБЕК,
ақын, аудармашы Қазақстан Жазушылар Одағының,
Журналистер Одағының мүшесі
***
Тамыз кеші… кафе ішінде жалғызбын,
Шыныаяқ шәй… дәмі деймін жалбыздың.
Көрінбейтін адамменен сөйлесіп,
Даяшыға тағы бір шәй алғыздым.
Даяшы да қарайлады мүсіркеп,
Келмейді енді көптен күткен кісің деп.
Бос орындық ұйып тындап, ұйықтады,
Сендейлерді түсіну бір ісім деп.
Шарап әкел!
(Айқай салды бөтен дауыс ішімнен)
-Жалықтым ғой бұл қияли ісіңнен.
Кел, ендеше күнгейлетіп шығайық ,
Жылай бердің… шошыттың ғой түсімнен!
Даяшы да тыпыршыды айналып ,
— Бара жатыр қандай сізді қайғы алып?
Бір мұңайып… бір күлемін… күбірлеп,
Көрінбейтін бір Кісіме байланып…
***
Сор күндерім бір-бірінен айнымай,
Түн жанымды саған ғана жайдым, Ай?
Өзің болдың женгедейін сырласым,
Қол жүгіртіп ойнайтын да қайным – Ай?
Ал,ол ше, менің мәңгі елесім,
Қусам дағы қалмайтұғын егесіп.
Көктем келсе қол бұлғайды бөктерден,
Күнгей беттен күзде демі жел есіп.
Оянғым да келмей талай түсімнен,
Таптым оны тәтті түстер ішінен.
Құтылмадым жоғалмайтын суреттей,
Тірі, бірақ жүрегі жоқ Кісіден.
Бірді айтсам бірге кетем осылай,
Күлсең кәрі маған күлші, досым-Ай?
Ақ жүзіңе хат жазайын, а, досым,
Терезесің қақшы оның тосын, Ай?
Жар төсектен жат көргендей шошысын,
Екеуміздің ойынымызға қосылсын.
Келіспейсің, басың неге шайқайсың,
Табыстырмас қандай өзің досымсың?
Жә, ендігі таң да атып қалыпты,
Түн түсімнен алып қашшы, жарық Күн?
Мың бір түнім аяғы жоқ дастандай,
Жаза — жаза өзім-дағы жалықтым…
Қанша, қанша сор-елесті жойдым да,
Тірілтіп ап төріме іліп қойдым да.
Ол құшқанда басыбайлы жарын..,»аһ»!
Өліп қалған түндер жатты қойнымда…
***
Тағдыр бөлек, жолы бөлек екеуміз,
Бөлекпіз деп өкінеміз бекер біз.
Сен және мен сағынышпен тіріміз,
Бөлексіңдепән салса да бөтен күз.
Жазылғандай әжімденген жүрегің,
Таңмен бірге жаңарғандай тілегің.
Көрмеймін деп көзіңді алып қашсаң да,
Жанарыңда жалт-жұлт етіп жүремін.
Мұңайсаң сен, жүрегіңде түнедім,
Бұлтын жарған аспаныңның күні едім.
Тау басына көшкен қыспен қоштасып,
Қалғың кеп жүр көктемменен…білемін…
Көктемдерден үзілмейді күдерің,
Көзің жұмсаң… көк белдерден күлемін.
Аспан ұшып, ақша бұлтқа қонақтап,
Жастанасың Айдың аппақ білегін.
Өн мен түстің жол етесің арасын,
( жүрегіңмен әлі арманшыл баласың)
Кел! Көңілді мәңгі көктем етейік,
Күллі әлем аң-таң болып қарасын!
***
Алдымда ақ қағазым,
Кеуілде мұң маздаған.
Мен әлі хат жазамын,
Жігітке қыз жазбаған.
Сән түзеп әріптерім,
Мөлдірей мұң аулаған.
Сен атты әліппенің,
Парағын мың аударам.
Зерлеймін жиектерін,
Тәп-тәтті естелікпен.
О, неткен сүйікті едің,
Әттең-ай, кеш келіп пе ең?
Жамылып ақ парақты,
Тілеулес жасырынды Ай.
Мұңлылау түн қарап тұр,
Жанары жасылын-ай .
Оқи ма ол хатыңды,
деп жұлдыз күрсінеді.
Қыз деген бұл атыңды,
Түсіріп тұрсың деді…
Айла жоқ…жазам өлең,
Қайтесің, түн, қазбалап?
Жазамын, жазып келем,
Күлсең де… бұл аз маған…
Алдымда ақ қағазым,
Кеуілде мұң маздаған.
Мен саған хат жазамын,
Жігітке қыз жазбаған…
***
Жек көрем десем-жақсы көргенім?
Осының, өлең, тапшы бір емін.
Жақындап келіп, жалт ете берген,
Тағдырға қалай қарсы келемін?
Өкініп тұрып-өртене түсем,
Есімнен өшпес тәтті бір түс ең.
Есейген күндер еркімді алып,
Өксігім жұтып, жасымды ішем.
Көңілдің күйі сыз еді неткен,
Моншақтап мұңым үзіліп біткен.
Қайтарыңдаршы сағынышымды,
Қанаттарына күз іліп кеткен…
***
Қыр асып қайырылмастан кеткенің-ай,
Күмілжи берді сонда көктегі Ай.
Жамырап жазбенен күз жүздескенде,
Өкініш жасын көңіл төккені-ай.
Қаласақ табысар ек, қаламадық,
Оралмай кеткенің не, қала барып?
Ортада өксіп өлең өртенгенде,
Жайын да білуге бір жарамадық.
Өкпесі шын іңкәрдің – шәйі орамал,
Мойныңа шәйі орамал мың орап ал.
Үзілмей үміт моншақ тізілгенде,
Әйтеуір кешірімді күн оралар.
Оралмай кеткенің-ай, қала барып…
***
Біз енді кездеспейміз, кездесерміз,
Кетті ғой талай көктем, күзде есеміз,
Көрмеймін десем-дағы жек көрмеймін,
Сіз-дағы селт етерсіз біз десеңіз.
Көңіл ғой әлі күнге жұбанбайтын,
Өзіңді бір айтпаса тұра алмайтын.
Сүмбіле туған сайын сағым кезіп,
Сағыныш шырмауынан шыға алмайтын.
Жә, енді айтқаным не, айтпағаным,
Қайтқаным қамығудан, қайтпағаным.
Көнуге сен де, қарғам, шыдар ме едің,
Көргенде шерлі ойдың қаптағанын?
Кездессек кездесерміз қарлы қыста,
Тыным да бермей көңіл алып ұшса.
«Қалқам-ау, қайда жүрдің» деп көріссек,
Мөлтілдеп тұрар сонда сағыныш та.
Біз енді тек солайша кездесеміз,
Мекені сағыныштың күз десеміз.
Табармын мен де сізді күндей елден,
Теріскей тұрағым ғой – іздесеңіз.
***
Сонша жыл үнсіздікпен Ансатқаным,
Суретіңді салады саусақтарым.
Көзіңмен түйіскенде көзім кенет,
Білмеймін қалай сонда жан сақтадым?
Дір етіп денем, миым талшықтары,
Бір нүктесін қалдырмай аршып бәрін.
Шыр айналып дүние бара жатты,
Тірі қалдық… сіміріп таң шықтарын..
Сезім енді көнбейді төзімге де,
Өзім сезім, миыммен өзім дене,
Басым қойдым кеудеңе, жүрек сөйлеп,
Тәнің сайрап кетсе егер – әзіл деме!
***
Жүрегімді тырнасам да, үзіп етін,
Талмаусырап жетпейді-ау, сірә,үнім.
Әр күз сайын сарғайып үзілетін,
Бүр жарады тағы да күнә гүлім.
Күнә гүлім, алдыңда кінәлімін,
Жанарыңда тамшымын кеппейтұғын.
Тамшы емес, теңіздей мына мұңым,
Сезем, мәңгі тастап мені кетпейтінін.
Түгесілмес сағыныш… күнәларым,
Кәрі түннің мұздайды төсегінде.
Төзім де үнсіз… осы деп шыдағаным,
Күздің де, көктемнің де өсегіне.
Жалт етіп өше қалды жалғыз шырақ,
Көлегейлей берді жүзін Ай досым да.
Жаным қоймай өлең кеп алды сұрап,
Баян етіп отыр-ау енді осында…
***
Жүрегімді тілімдеп бір тілдей мұң,
Ғашықтарды несіне мен күндеймін.
Сылаңдаған қырық деген жасымда,
Ғашық болғам жігітіне күнгейдің…
Қайран қырық! Ол қандай-ды, мен қандай!
Ол сері еді, мен келіншек ақмаңдай.
Көк көйлекпен көлбең етсем көктемде,
Жігіт біткен өте алмайтын таңғалмай.
Ал, күнгейлік… найзағайдың жүзіндей,
Қалай аман қалған едім үзілмей…
Табанына жүрегімді лақтырған,
Күндер қайда… ғашық дастан ізіндей?
Жарқ етті де, жалт бұрылды жаттайын,
Саусақ ұшы сусып кетті бақ дайын.
Жасыл емен етегінде желкілдеп,
Жасын төгіп қала берді ақ қайың.
***
Кешір, күнім,
Сенсіз көшкен күндерім үшін,
Сенсіз өткен түндерім үшін,
Көктемнің сенсіз келгені үшін,
Көгіме өзге үміт ілгенім үшін,
Сен деп көз ашып, күлмегенім үшін,
Таласып өзгеге күндегенім үшін,
Қиылған сөзіңе үндемегенім үшін,
Сағынарымды сені білмегенім үшін,
Таңың менсіз атқаны үшін,
Жаныңа жара боп батқаным үшін,
Өзімді тым кеш тапқаным үшін,
Арман деген жалған шақтарым үшін…
Кешір мені,
Күлмегенім үшін, үндемегенім үшін,
Өмірімде барыңды білмегенім үшін…
***
Бұл күнде кімге, не деп назданамын,
Көбі көшіп, аз қалған жаз ғанамын.
Оралар болса сонау еркін шағым,
Жүрер ем қасыңа еріп аз ғана күн…
Ауылым еді Қаратау терісінде,
Өлеңім өріп шығар өрісіне.
Жарқ етіп жақын келіп жалт бұрылған,
Қарғамды көрсем әлі тірісінде?
Кұшағым жұпар гүлге толар ме еді,
Айдынға күн де келіп конар еді.
Тамызда талып қалған таңым күліп,
Жаным да бір жадырап қалар еді…
***
Көңіл – көктен кеткендей боп ән құлап,
Сыңғыр етіп жөнелгендей балбұлақ.
Сені көрген қырық жеті күзінде,
Он сегізім оянған-ды албырап…
Албыраған күйінде… аң-таң болып
Кеудесінен түн көшіп, ақ таң қонып.
Жалбыраған жаулығын түзей берді,
Жан сезімін аялап… жаттан қорып.
Көркем едің, япырай, көркем едің,
Сені туған қандай-ды өлкең-елің?
Күзім сонда үлбіреп босағада,
Күнгей беттен оралды көктемдерім…
…Көктем едің, қарғам-ау, көркем едің…
***
Айта алмай тұншықты есіл үн,
Айтуға болмайтын Есімін.
Айға ұшып, күн создым қолымды,
Бола ма маған бір кешірім?
Қанатым күйді де, құладым,
Қимады көк те бір тұрағын.
Айтуға болмайтын әнім ең,
Көруге көз жетпес шырағым.
Түн түстен ояндым тұнжырап,
Көзімде тұр әлі күн жылап.
Салуға болмайтын Суретім,
Жағуға болмайтын мың шырақ.
Хат едің, жазылып – жетпейтін,
Жан едің, келмейтін – кетпейтін.
Көңілді қайтейін көнбейтін,
Көктемдей көз жасы кеппейтін…
Сағына алмайтын сағыныш,
Сағынбай болмайтын сағыныш…
***
Тірілтем деп арманды құлап өлген,
Бүгін неге кектендім?
Сонау жылғы тамыздан,
Сені көрген
Қашан ұзап кеткенмін…
Өлең де үнсіз,
Айтпады кектенбе деп,
Өкпе артып қайтесің өткенге деп.
Жараланып қаласың жаның жылап,
Әлі қонар кеудеңе көктемдер деп?
Терезеден кешкі Шым сығалайды,
Ол да ендігі жайымды сұрамайды.
Неше күннен тұр жанары тұманданып,
Көрер ме екем тұманнан шығар Айды?
Ескі көше, ескі ауыл қиялымда,
Малынады тағы да сия мұңға.
Кетер ме едім таңымен тау-тас кезіп,
Армандарды жетелеп қия, құмға.
Ойһой, кезсем құм жалда ізім қалып,
Көктем туып, бір белде күзім қалып.
Көлде күліп көлеңкем шілде түсе,
Айлы түнде айдында жүзім жанып…
Бүгін кімге кектендім…
Саған емес,
Сенен ұзап кеткенмін…
***
Түн… Көктен қанық нұр,
Көл бетіне тамып тұр.
Тамылжиды айнала,
Самал есіп жəй ғана.
Көкжиекке қызғылтым,
Ой ұзады… ұшқыр тым.
Сіміріп алдым жұпарын,
қымыздайын қышқылтым.
Жабырқаған жанымнан,
Ұшты қиял – арман, мұң.
Тамылжыған таңымнан,
Адасып қашан қалғанмын?
Елеске ердім ессіздей,
Жақын келіп – жалт етті.
Боламын деп тап Сіздей,
Сыбырлап өзге… ант етті.
***
Көз жасын бір сығып, сыңсып ап,
Ай келіп түнейді қойнымда.
Бөтен түс миымда қыңсылап,
Бұл тағы, түн, сенің ойының ба?
Ұлиды қосыла сан жұлдыз,
Қанталап аспанның көздері.
Бұл түннің әлегі… ал, күндіз,
Айтуға тұрар бұл сөз бе еді?
Ай киіп бейтаныс көйлегін,
Ақ жүзі көлеңке көлбеңдеп.
Қашпа, түс, түн не деп сөйледің,
Күнгейді өзгемен көргем деп?
Мейлі енді, ол бір қар еріген,
Ғасылым еді ол бір құсалы.
Мұз дәмді ернінен жерігем,
Тым суық о бастан құшағы…
***
Бұлт шалған сонау Мыңжылқы басы,
Мұң шалған менің жүзімдей.
Кәрі құздардың мың жылғы тасы,
Сыңсиды нені үзілмей?
Егде ғұмырдың қырау демінде,
Үзік те үзік көктем-мұң…
Естелік атты мынау елімде,
Елесі шындай өткеннің.
Аралас бәрі… шыны… елесі,
Көлеңке түсі көптеу де…
Әйнектей өмір сынып, егесіп,
Сынығын өзі ептей ме?
***
Сыңарсыз аққу көлдегі,
Жоғалтып алдың сен нені?
Сабалап айдын, шарқ ұрдың,
Жаяудай жалғыз шөлдегі.
Сонда да үміт сөнбеді,
Кім ұғар мұңды сендегі?
Мың ұшып қайта қонасың,
Суретті қимай көлдегі.
Ұласты мұңың қайғыға,
Қанатың қара жайды да.
Дариға, сүйген оралса,
Әперер ме едің айды да?
Жоғалтып алдың сен мені,
Жоғалтып алдым мен сені…
