ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫП

Самен Кулбарак+

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор. М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, әдебиеттанушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі.

 

Жазушы Қанат Тілеуханның «Шатырдағы әйел» повесть және әңгімелер жинағына енген туындылар автордың өз ортасынан, тіпті отбасылық тірлік-жайлардан алынған тәрізді қабылданады. Бірін-бірі қайталамайтын әр алуан мінездер алдыңнан шығады. Адамдық әлсіздіктер мен жақсы қасиеттертән – күнделікті өмірде айналаңда жүретінжандар.

Туындылардың көпшілігі бірінші жақпен – Қараш деген жігіттің (кей әңгімелерінде Қаратай, Құрмаш) баяндауымен өріледі.Қараш – сезімтал, ойлы, тіршіліктің түйткілді жайларының астарына үңіліп, көңілін алаңдатқан сұрақтарға жауап іздейді. Өмір иіріміне іліккен бауырларына қамқор болуды ойлайды. Олардың бастарындағы жағдайға бейтарап қарамай, түрлі ой кешеді. Туындыларда тіршіліктің жақсы жақтарымен қатаркөлеңкелі беттері біршама ащы, айқын бейнеленгенмен, Қараштың риясыз сезім-толғанысы әдемі леп – лиризм әкелген.

Кейіпкерлер ауылдан қалаға, қаладан ауылға ағылып жатады. Әрқайсысының жеке бастарында түйткілді жайлар жеткілікті. Бірі – әлеуметтік, бірі – моральдік. Ауылда жұмыс, қалада береке жоқ.  Жалпы, тұтастай алғанда, шығармаларда қалаға сіңісе алмай жатқан әр алуан тағдырларбейнеленген.

«Қайтқан қыз» әңгімесі Қараштың әпкесі Бәтимаштың тағдырына құрылған. Кішкентайында інісіне қамқор болған, бауырмал, ақ көңіл Бәтимаш, міне, тағдырдың жазуы – үш баламен наркоман күйеуінен ажырасып, үйге қайтып келіп отыр. Қайтқан қыздың отбасы психологиясы нанымды берген. Намыстан күйінген әке үнсіз. Адуын мінезді шешесі алғаш «ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деп шаптыққанмен, көп ұзамай қызының жүріс-тұрысына көңілі толмай, даң-дұң ұрыс-керіс шығарады.Үрпейіскен балалар. Әңгімедегі ситуация Қараш көзімен бағаланады. Бір кездегі бауырмал, қайратты Бәтимашты өмір қалай өзгерткен? Ақыры шешесімен сыйыса алмай үш баламен қалаға кетеді. Еті тірі ол қаладағы тірлігін жөндеп алған. Бірақ мұнда да өмірдің сынағы күтіп тұрды. Автор әңгіме ішіндегі әңгімеде Бәтимаштың басындағы күйінішті халдіжеткізеді.Әпкесі Жайнаның намыссыздығы, «сүйдім-күйдім» деген Талғаттың арсыздығыжанын күйзелткен. «Он сегіздегі қыз емеспін. Үш баласы бар келіншекпін. Жасыратыны жоқ, кездесіп тұрдым. Алайда кейін өзімнің әкесіз өсіп келе жатқан балаларым сияқты оның да екі ұлы ертең аналарының қасында мөлейіп қалатынын ойлап, онымен арамыздағы қатынасты тоқтату керек деп шештім» дейді Бәтимашінісіне әңгімесінде. Автор кейіпкерді қарама-қайшылықта алады. Сүттен ақ, судан таза кейіпкер жасау – қалыпты емес. Әйелдік осалдық пен аналық түйсік Бәтимащтың басында қатар тұрды. Аналық ой, ұрпақ алдындағы жауаптылық оның адамдық тұлғасын аша түскен. Шыны керек, қазірде ажырасу жайы қоғамда өте мол. Жеке бас қызықтары мен «бақыттары» үшіншаңырақты күйретіп жатқандар, әкесіз қалып бара жатқан баланың жайын, тағдырын ойлады ма екен? Ойласа да өзімшілдік тұрғысынан шешім қабылдайды. Жағдайын жасаймын, кездесіп тұрамын дейді өзін ақтап. Ал жетім күйге түскен баланың жан дүниесіндегі астаң-кестең өзгеріс ше? Жазушы бірде тағдырдың жазуымен, бірде ажырасумен әке-шешесіз қалған жас міскіннің психологиясына назар аударады. Бала күнінен өмірдің соққысын алған оның ертең жақсы адам болып шығуының қиындығына назар аударады. Әңгімеде осындай өзекті мәселе көтерілген.

Жалпы, жазушының туындысына әр қырынан келуге болады. Қазіргі қоғамда «қызық» қуып, ар-намысты аяққа таптаған жеңіл ойлы Жайналар бар. Автор прозасының сипаты – қоғамның көлеңкелі беттерін бүкпесіз бейнелейді. Арақты көп ішу деген дерт қаншама тағдырды талқандап жатыр. Тағдырды талқандамаса да, қиындықтар мен түсініспеушіліктер әкелуде. Ұрыс-керіс, жанжалдың басы – арақ ішу. Бұл шындық бұрынғы жазушылардың шығармаларында кездесе бермейтін. Автор кейіпкерін өз ортасының шындығымен, қарама-қайшылығымен алған.Бүгінгі прозаның, бәлкім, бір ерекшелігіосында– еркіндігінде болар.

Қ. Тілеуханның туындыларында қазіргі қазақ қоғамының ушыққан мәселесі –  ажырасқан отбасы мен бұзылған тағдырлар, содан туындайтын балалардың басындағы психологиялық ауыртпалықтар мен өгейлік зардабыкеңінен суреттелген. Әкесіз өскен ұл-қыздың  кейінгі тірлігі жеңіл емес.

«Қараша» әңгімесініңкомпозициялық құрылымында селкеулік байқалғанмен, көп қатпарлы туынды. Әңгіме ажырасқан отбасынан шыққан бозбала Арманның жоғалып кетуі мен оны полицияның іздеуімен басталады. Әкесі бөлек, шешесі бір Арман мен Шаттық арасындағы әлімжеттік, жоғалып кеткен Арманды Шаттықтың бәрібір бауырмалдық сезіммен шырылдап іздеуі – өмірден алынған қақтығыстар. Зәбір көрген Шаттықтың ағасына кешіріммен қарап, жаны ашуы – адамдық қасиеттің ұшқыны. Осындай намысшыл, таза қалпын балаң қыз келешекте сақтап қала ала ма, белгісіз.  Жазушы ұрпақ тәрбиесіндегі отбасының маңызын айтады. Әке-шешеден өнеге көрмеген ұл-қыз ертең кім болып жетіледі? Кішкентайынан көргені ұрыс-жанжал, арақ ішкен әкенің былапыт сөзі мен тіршілікке риза емес шешенің жан ашуы, шаптыққан ұрысы болса, келешек қандай? Бір қарағанда, әңгіме ішіндегі ситуация сияқты көрінгенмен,өзекті мәселенің жүйелі көтерілуі – қиюы қашқан отбасы мен бала бақытсыздығының ұлт болашағына қаншалықты зардапты екені аңғарылады.

Бұл әңгімеде де қиындыққа тап болған туысының жанынан Қаратай (Қараш) табылады. Бірінші жақпен баяндалатын туындыда ол әр қилы сюжеттерді байланыстырушы ғана емес, ретіне орай кейіпкерлер тарихын жеткізуші де. Бірде өзінің білуімен кейіпкер тарихын толықтырса, енді бірдежаңа кейіпкермен диалог құрып, өмір-тарихын баяндатқызады. Жалпы, автордыңқай туындысында болмасын кейіпкерлер тағдырыкүрделі. Өмір талқысы оларды аямаған.Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ қоғамы қиын кезеңді бастан кешті.Шығарма кейіпкерлері солардың бел ортасынан көрінеді. Бірі жолын тапса, бірі сүрініп адасып жатты.

Әңгімеде Қаратайдың ағасы Ерболтағдыры суреттеледі. Дүние есігін ашқаннан анасынан айырылған ол өгейліктің зардабын тартқанмен, қайсарланып өскен. Армияда Ауған соғысында болуы өміріне күрт өзгерістер әкелген. Негізінен жаны таза, ер көңіл оның басындағы шырғалаң сол ішімдік пен жұмыссыздықтан туындап жатады. Жұмыссыздық пен ішімдік бір кездегі биязы, ұяң Самалды шайпау әйелге айналдырған. Тынымсыз жанжал шаңырақтың берекесін алған. Әңгімедегі баянсыз, бұзық жолға түскен Арманның: «- Көке, мен бәрібір папамды жақсы көрем. Оны өткенде телефон арқылы боқтағам. Ішіп алып. Бірақ мен оны жақсы көрем. Бала кезімде балалар әкелерімен кетіп бара жатқанда, қызығып қараушы едім. Қызғанып та қараушы едім. Ылғи да ұйықтардың алдында мамам мен папам қайтадан қосылса ғой деп тілейтінмін» деп ағасына айтқан сөзінде өмірдің ащы шындығы бар болатын.

Әңгімедегі оқырман көңілін толқытар эпизод – Ауған соғысының мүгедегі Сергей тағдыры. Соғыстан арбаға таңылып оралған ол қоғамнан тыс қалған. Іштегіқайнаған дертті арақпен басады.

Тұтастай алғанда, Қ. Тілеухан бұл әңгімесінде өмір ауыртпалықтары молынан көрініс берген. Туындыдағы Гүлбақыт-Гуля тағдыры да жеңіл емес. Темір жол вокзалы маңында манты сатып күн көріс жасап жүрген оның жан дүниесінің кеңдігі, тағдырдың қатал сынақтарынан сағы сынып жасып қалмай, тіршілікке ұмтылысы, баласының келешегіне деген үміті сүйсінтеді.

Автордың «Шатырдағы әйел» әңгімесінде қазақ дүниетанымына жат құбылыс бейнеленген. Жас кезінде психикалық соққы алған Анар кейін осындай дертке ұшыраған. Үйден безіп шатырды паналайды, бұғанжалғыз қызын кінәлап, аузына келген лас сөзді айтады. Оның жайымен танысқан бөле інісі Құрмаш: «Бағана ғана әпкемнің азған-тозған өмірі жаныма батып еді, енді мүлдем басқа күйдемін. Қызының бағана айтқан сөзі рас боп шықты, бұның бақытсыздығына өзгелер кінәлі екен. Өз өміріне өзі қас, ақылы таяз, кеудемсоқ есірікке қалай айналып кеткен? Көкірегімдегі уайым жоғалып, оған деген жеккөрініш сезім бойымды билей бастады» дейді. Біраз уақыт бойы жоғалып кеткен Анармен кейін інісі психодиспансерде кездеседі.

«- Мені бір жағынан жынды қылған Айсамал ғой. Әкемнен айырдың, үйсіз өстім деп ылғи миымды жейтін, — деді.

Тіл қатпадым. Әпкем екеуміздің қып-қысқа бірге отырған осы сәт мәңгілікке айналғандай. Тұман арасында аласұрып, жол таппай тұрған жолаушыдаймыз. Ол ауыр күрсінді. Бұдан әрі үнсіз отыруға болмайды дейді ішкі даусым.

-Анар, бәрі жақсы болады. Дәрігермен сөйлестім, ертең-ақ емделіп шығасың.

— Жоқ, жоқ. – Бұл жолы әпкемнің дауысы баяу шықты. – Мені өзіңмен бірге алып кет. Мына жерде мен адам болмаймын. Білесің ғой мамамның да осындай жерде қайтыс болғанын. Айсамалға да, сенің де үйіңе бармаймын. Мен шатырда тұра берем!

Анар көзінен аққан жас пен мұрынынан тамған сораны елейтін емес. Солқылдап жылай берді, жылай берді».

Әңгіме осылай түйінделеді. Аянышты хал. Автор Анардың өмір жолын, әсіресе мектеп жасындағы уақыты мен жетімдік зарын – нақты детальмен тарата баяндайды. Бойын әр кез үрей билеген қыз мектеп кітапханасында айтқан ауыл әйелдерінің әңгімесін інісіне апаға айтпашы деп жалынады. Жаңа оқу жылында мектепке олпы-солпы киіммен бару – жанын жүдеткен. Шешесінің, ағасының өлімі жанына үлкен соққы болып тиген. Күйеуінен ажырасқан. Күйкі тірліксөйтіп бала күнгі жан күйзелісін қайта қозғап жіберген. Өкінішке орай, қаңғыбас – бүгінгі қоғам көрінісі. Оны жоққа шығара алмайсың. Қаңғыбастың да өмір жолы, қаңғыбастыққа ұшырау себебі бар. Автор Анар басындағы бақытсыздықтың төркінін ашуға тырысқан. Ол о бастан іргесі дұрыс қаланбаған балалық, жетімдік күй. Бірі тағдырдың жазуымен болып жатса, бірі адамның өз қолымен жасалады.

Жазушы туындылары бір қарағанда тұрмыстық шығармалар тәрізді. Алайда қазіргі уақыттағы қазақ қоғамының әлеуметтік жағдайы бейнеленген. «Менің шешелерім», «Әке күнделігі», «Жерлеу», «Жаназа» туындыларында қазақы дүниетаным, дәстүр-салт суреттеледі. «Менің шешелерім» әңгімесінде Қараштың апасы мен әжесі арасындағы тірліктегі бірде тату, бірде қату кездері бейнеленеді. Апасы – ауызды адам. Ашулы кезде үлкен кісіге тілі тиіп кетіп жатады. Бірақ әжесін құрметтеуі ерекше. Әжесі қайтыс болғанда, апасы ағыл-тегіл жылайды.

«…Ары қарай не болғанын түсінбей қалдым. Баймолда қарт бізді тездетіп тысқа шығарып жіберді. Сәлден соң шешем дауыс шығарды. Мен шешемнің бұрын-соңды бүйтіп бордай езілгенін көрмеген едім. Мінезі қатал, адуынды анамның жер бауырлап жылағанына таңқалғам. Жасына ие бола алмай, жас баладай дәрменсіз күйге еніп, өксігенде өзегіңді өртеп жіберетіндей. «Берекеміз едің, ырыс-құтымыз едің! Кешір, апа, мені кешір. Тілім ашты ғой, тілім» деген дауысы далаға естіліп жатты.

…Жылай-жылай аяқ-қолы тартылып, ыстығы көтеріліп, ауырып қалды. Еңсесі түсіп, әжемнің қырқы өткенше дел-сал күйде жүрген еді» деп баяндайды автор. Өзгелерді таң қалдырып, апасы уағдаласқан жеті адамға жағалы киімін беріп, енесін жалғыз өзі жуындырып, мәңгілік сапарға шығарып салады.

Міне, енді бүгін әжең түсіме енді деп, пәленбей шақырым жолды артта қалдырып, қаладан ауылдағы қорым басына баласын ертіп келеді. Қазақы мінез, дүниетаным, былайғы кезде адуынды көрінетін шешесінің адамдық мінезі әрекет үстінде бейнеленген.«Жерлеу» әңгімесі мен «Жаназа» повесіндехалықтың дәстүр-салты көркем суреттелген. «Медаль» әңгімесінде қазақтың мадақ құмарлығы шенелсе, «Құдайдың үйі» әңгімесінде ауылға келген молданың жеңіл жүрісі айтылады.

Жазушының туындылары желілес, табиғаты бір-біріне жақын. Бір шығармадағы кейіпкер екіншісінде көрініп, жаңа қырымен дараланып жатады. Бір қарағанда оның шығармалрынотбасылық проза деуге болады. Әйтсе де автор әрбір кейіпкерін байытып, көркем жинақтай білген.

Түйіндей айтқанда, жазушы Қанат Тілеухан қазіргі прозаға өзіндік әлемімен келген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *