ЖАСМИН (әңгіме)

Гулнар Изтаева

Гүлнәр Изтаева

 

  • Басқасын кимеймін! Керегі жоқ! – деп қиястанған жеті–сегіз жастағы қызының қолын манекеннен жұлып алған шешесі:
  • Қасарысқанды қашан қоясың?! Құлатасың қазір, – деп қиқарлығын тыймаққа тырысуда.

Өздеріне қарап тұрған сатушылардан ыңғайсызданып:

  • Тағы біреуін тауып бересіңдер ме? Алсақ екеуіне бірдей алу керек, – деп ақтала сұрады.
  • Ой, эксклюзивті көйлек еді. Халықаралық сән көрсетіліміне ұсынылған. Байқаған шығарсыз, ұлттық нақыш пен модерн үлгісі біріккен авторлық дизаин. Бір ғана данада, екіншісі жоқ.
  • Көріп тұрсың ба? Біреу–ақ екен. Амина сонда не киеді? Мына көйлекті қарашы, бұл да әдемі екен, – деп кішкентай қиқарды көндірмекке тырысуда.Қастарында көзі жәудіріп, жанжалдан жасқанып тетелес бүлдіршін тұрған еді.
  • Көбелегі бар көйлекті ала саламын. Маған сол ұнайды, – деп онысы момақан даусымен үн қосып, дегендеріне көне салатынын жеткізіп жатыр.
  • Алсаңдар, бірдей алыңдар. Әйтпесе ештеңе әпермеймін, – деген келіншек енді қорқытпаққа көшті.
  • Әпермей–ақ қой! Басқасын бәрібір кимеймін, – деген қасы–көзі қап–қара, дөңгелек жүзді, тәмпіш танау балақай жұлқынуын қояр емес.

Шыдамы сарқылған Альбина: – Болды ендеше, алмаймын. Бізге мына көйлектің біреуін беріңіз, – деп суық жүзбен кассаға беттеді.

  • Қазір кигізіп көрейік. Кассаға өте беріңіз, – деген жас сатушы көйлектің өлшемін іздей бастады.
  • Жасмина, мына көйлек те әдемі екен. Қарашы, көбелегі тірі сияқты. Сен де осыны алсай, – деген Әмина жаны қалмай бауырын көндіруге әлек.

Дегенінен қайтпаған бүлік иесі сөзіне құлақ аспай, көзіне келген жасты жасыра салоннан шыға жөнелді.

Әйнектің сыртынан өзі қызыққан көйлектен көз алмады. Есіне әкесінің мойнына мінгізіп, магазинді аралаған кезі түсті. Сол кезде бойы өзімен бірдей қуыршақты көріп, “Әке, әкешім, осы қуыршақты әперші” деген.

Алған ойыншығына қуанып, “Әкел, алып жүрейін” дегеніне қарамай «өзім” деп әйдік қуыршақты әрең көтерсе де бермеген.

Сол кездегі бақытты шағы, әкесі есіне түсті.

Мына көйлекті сол қуыршақтың көйлегіне ұқсатқан еді. Қызыл белдігі, желбіршегі, оюлы жейдесі сол бір базарлы, ерке кезеңін еске салып, кисе дегені екі етілмейтін шағына оралатындай көрінген.

Әкем болғанда, міндетті түрде алып берер еді деп ойлағанда  көзінен сорғалаған жасы тәмпіш танауын жиектей ағып иегін жуып жатты.

  • Неғып тұрсыңдар! Жүр, кәне! Кіп–кішкентай болып, сонша қырсығуын, – деп ашуын баса алмаған келіншек жеки сөйледі.
  • Жасминге де менікі сияқты ала салайық та. Ертең не киеді? – дегенбалдырған бәсең үнмен анасына ықпал етуге тырысуда.
  • Кимеймін, бәрібір. Керегі жоқ, – деп қырсыққанбалақай алдарына түсіп кетті.

“Не деген мінез. Ала салайын десем Әминаның көйлегі қарабайыр болып қалады. Бір мектепте оқымағанда ғой. Өз қызымның біреуден кем болғанын қаламаймын. Тым құрығанда, сол көйлектен тағы біреу болғанда, бағасына қарамай әперер едім” деп ойлаған ол ақкөңіл қызына жаны ашып, үлкеніне қанша ұрысса да, бірбеткейлігін қойдыра алмағанына қапаланып келеді.

 

***

Жасмин анасын суреттен болмаса, өзін көрген емес. Әйнекпен апталған суреттегі анасы ертегідегі  періштедей көрінетін.

Суреттерді ақтарып отырып, әкесі екеуін ханзада мен ханшайым тәрізді елестететін.

Анасы басқа әлемнен келген жан сияқты. Сол әлеміне кетіп қалғандай.

 

***

 

….Иә, өмірде олар бақытты болғанымен, албырт та, жарқын жандардың қуанышы толық емес–ті.

Бірінүйіп берсе, келесінен кенде қылған тағдыр оларды отбасының мәні шарайнағазар еткен еді.

Дүние дәулетін бір сәбидің қылығына тең қоя алмаған әйелгежиһазға малынған дағарадай екі қабатты үйдің іші үңірейіп бос көрінетін.

Жан жары жұбатқаныменөмірдің бақытын былдырлаған бүлдіршіннің тілінен, уілдеген үнінен, алаңсыз пәк күлкісінен, тарпаңдаған жүрісінен көрген Жаннұрға бала асырап алмақ болған шешімдері ғана демеу болды.

Расымен осы бақыт бұйырар ма екен деп езіліп жүргендеқұрсағына құт біткенін сезді.

Жаратқаннан жалбарына сұраған бала бойына біткенде дәрігерлердің ескертуіне қарамастан дүниеге әкелемін деп шешті.

Дүние есігін уақытынан ерте ашуға тырысқан шақалақосы әлемге келгенін ащы дауыспен жария салды.

Қорғансыз шарайна құдыреттің күшімен берілген түйсігімен басын жан–жағына бұрып, аузымен қарманып, жақын адамын іздей бастаған.

Бұл мезетте дүниедегі ең жақын жаны көзін мәңгіге жұмып о дүниеге кете барған–ды.

Шар еткен бала үні құлағына жеткенде дүниеге аман келгеніне тәубе еткен ана күлімсіреген күйі демі үзіліп кетті.

Туыстары үгіттегенімен әкесі сәбиді ағайынның бауырына салуға көнбеді.

Жасына жеткенше қарасқан анасы әрі қарай ауылға алып кетейін дегенде сүйген жарынан қалған көзді ешкімге қиып бере алмады.

Есін білмей жатып анасынан айрылған бүлдіршіннің өмірдегі соққысы бұл ғана емес екен.

Жетіге аяқ басқан шағында, ана орнына пана болып, маңдайынан сипап та үлгермеген ана мейірімін жоқтатпас үшін барын салған жалғандағы жақын жанын да аяусыз тағдыр көп көрді.

Бетінен қақпай, айтқанын екі айтқызбағанға үйреніп қалған қыз әкесіне ұнайтын шодырлау ерке мінезі  жұрттың көңіліне жаға бермейтінін ұғынып та үлгермеген еді.

Тағдырдың ісіне мойынсұнып, өмірдің дегеніне көніп, ортаға бейімделудің орнына кішкентай қыз содырлана түскен.

 

***

Альбина Жасминның әкесі басқаратын компанияда жұмыс істеуші еді. Кешке балабақшадан ертерек шығатын қызын апарар жері болмағасын, өзімен жұмысқа әкелетін.

Әкесінің жұмыс орнын екінші үйіне айналдырған Жасминсол жақта Әминаменүйірлесе кеткен.

Жалғыз басты анасы әріптестермен жақын араласпайтын, сауық кештеріне де бара бермейтін.

Жастығына қарамастан өте салмақты еді.

Қызының мінезі әкесіне тартқан болу керек. Жатырқауды білмейді.

Жасминмен жүздесіп қалғанда айналшықтап қасынан шықпады. Ерке, тәкаппарлау қыздың жүрегін елпілдек мінезімен баурап алды. Айтқанына көне кетіп, ойындары жарасқаны сонша, кешке екеуін әрең ажыратып алатын.

Жасмина әкесіне еркелеп «Амина бізбен барсыншы» деп жалынатын.

Альбина жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, мінезі байсалды, тек аздаған салқын мінезділігі болмаса тартымды келіншек болатын. Онысын Бектұр жас кезінен жесір қалып, өмірден қиналғандығынан көрді.

Бірте–бірте балалардың арқасында аралары жақындай түскен еді.

Жасминаның әкесі бір күні “Амина мамасымен бізбен тұрса қайтеді?” деп сұрағанда, Әминаның енді кешке кетіп қалмайтынын, бірге тұратынын білген қызқатты қуанған.

Әмина табиғи біткен мінезіне орай адамның іші–бауырына кіріп, одан бірнеше айға кіші болғанымен, тілін де, көңілін де таба білуші еді.

Жасмин тек анасын жақтыра қоймады.

Альбина да қыздың тым шолжаң болып өсіп келе жатқанын, айтқанды тыңдамайтынын ескертіп, жұбайына тігісін жатқызып жеткізуге талпынды–ақ.

Күйеуі қызының анасыз өскенін, ана мейірімін жоқтатпайын деп еркелетіп, бетінен қақпай өсіргеніне өзінің кінәлі екенін, әлі кішкентай екенін жеткізіп ақталатын.

Бектұрға ұнағаны Әминаның Жасминге жүргізе білген ықпалы. Басқалармен ойыншығымен бөлісе қойматын қызыжақсы көретін қуыршағынбасында бермей қойса да артынан сіңлісінеөзі апарып беретін.

Айрандай ұйымаса да, бір–бірінің олқылығын толтыра білген жарасымды отбасылардың бірі еді.

Бақыт ұзаққа созылмады..

Бектұр жұмыстан қайтып келе жатып, машинасының алдынан жүгіріп шыққан баланы көріп, машинаның рөлін кілт оңға бұрғанда, жол бойындағы емен ағашына бар екпінмен ұрылды. Неге екені белгісіз, қауіпсіздік жастығы іске қосылмады. Жазым аяқ астынан келген екен, қатты соққыдан айығып кете алмады.

Осылайша тағдырдың дегеніне ұшыраған үш бейбақ шаңырақтың астында өздері қалды.

 

***

– Бөлмемдегі суреттер қайда?

Ызаға булыққан Жасминның даусы дірілдеп, терең демала сөйледі. Көшедегі қоқыс салатын жәшіктің қасынан өткенде, жерге шашылып қалған бір–екі сурет көзіне ыстықкөрінген.

Жүгіріп үйге кіре салысымен жылан жалағандай бос сөрелерге көзі түскенде іштегі сезігі алдамағанын көрді.

– Жина дегеніме қанша болды. Адам айтып жатыр демейсіңдер. Бұларға жинасаң да жақпайсың. Кітап–дәптерлерің әне! Ана суырмада. Шашылып жатқан қоқыстарыңнан тазартып қойғаныма рахмет айтпайсың ба, – деген Альбина бөлмесін айнадайетіп қойғанына риза болудың орнына тағы да кінәрәт іздеп тұрған жасөспірім қызды жазғыра сөйледі. Ниетінің оңдығын жеткізу қиынға соқты.

Жұлдызы қарсы деп осындайды айтама кім білсін. Жетім қыздың көз жасына қалмайын деп талапшыл өзін басуға тырысып, өз табиғатымен күресіп келсе де өгей қызының жүрегіне жол таба алмады.

Балам тілін тапқанда өзіме не көрінгені деп талай рет ығына жығыла салатын.

Алайда кішкентай қыздың санасы жағдайды қалай көрсететін кім білсін, істеген жақсылығын еш елемейді.

Қиқарлығын бассын деп қаталдық танытқан әрекеті ғана жадында қашадай қадалып қалатын.

Расымен істеген жақсылықты аңғармай жатқан болар деп түсіндіруге тырысса «міндетсінсең істеме» деп тағы да бетінен алады.

Мынадай мінезбен ертең қай жерге сияды екен деген алаңдаушылығы да анда–санда жүрегін түртіп өткені болмаса ісіне көз жұма қарауға да бойы үйренді.

Тек қазіргі долданған халін көргенде үйде Әминаның болмай қалғанына  өкінді.

Нендей сөз айтса да құлақ аспақ түгелі шыңғырып, есіріп кетейін деген түрін көріп, дәрігерге баяғыда көрсету керек еді деген ойында беки түсті.

Айқайлауға дауыс бәрінде бар дегенге салынып, зілді үнмен тыймақшы болғанағат әрекетіне өкініп қалды.

Демігіп даусы шықпай қалған  қыз қолына түскен заттарды жерге лақтырып, әл бермей долданып кетті.

Көзіне не құйын көрінгенін кім білсін, сазарған жүзі бір кезде құлағына дейін қызарып, екі қолымен құлағын жауып айқайлап жерге сұлап түсті.

Жақындауға бата алмаған Альбина ауық–ауық есіктің арғы жағынан құлағын түріп, Әминаның оралуын тағатсыздана күтті.

Қырсыққанда ол қыз да сайысқа кеткен еді. Телефонын өшіріп қойған ба, қоңырауға жауап қатпады.

Әлден уақытта жүзінде қан–сөлі жоқ қуарып кеткен Жасмин қолына сәнді дорбасын қорбайтып алып шығып бара жатқанын аңғарды. Жәйімен жақындамақ еді, аяғын әлсіз басып теңселіп келе жатқан қыз бұны көріп қасынан жұлқына өтіп, есікті тарс жауып шығып кетті.

 

***

Қайда бет аларын білмей аяғын сылбыр басып келе жатқан Жасмин жып–жылы толқынды сезгенде әбден тоңазыған денесі сол жерден кеткісі келмей кібіртіктеп қалды. Үлкен асхананың кондиорынан соғып тұрған жылы ауадан түршіккен денесі ғана емес, суық, жат әлемде жалғыз қалған жаны дажылулықтың лебін сезгендей болды.

Дәмді тағамның иісін сезгенде іші бұрап сала берді.

Төрт күн бұрын үйден шығып кеткенде жоспары бар еді.

Аралары аса тату болмаса да Тимур өзін сырттай меншіктеп жүретінін сезетін. Көнер де ме еді, сәнқой сыныстасы кербез қыздармен араласуға жақын болмағанда.Бозбала жігіт дәрежесін мойындатуды, пәрменіне деген сенімділік қоржынын тәкаппар қыздардың назарын аудару арқылы толтыратын сияқты.

Қораздай шоқысып қалатын екеуін түйістіретіні әкелерінің достығыболатын. Жігіттің әкесі есіл досыныңотбасына қарасып келеді.

Отбасылық өмірде бақ бұйырмаған деп шешкен Альбинағамарқұм күйеуінің досы қол ұшын созып, компаниясын сенімді басқаруға алмағанда әлдеқашан сатып жіберер ме еді.

Табыс көзінен айрылма, жалданып істегенде балаларды қалай жеткізбексің, айына пайдасын шығарып тұрармын, қыздар кәмелетке толғанда үлестерін шоттарына аударамын деп уағдаласқан болатын.Бизнес қолым емес десең де, қызы әкесінің ісін жалғастырар деп кеңес берген.

Жасмин он сегізге толғанын тағатсыздана күтуінің себебі осы еді. Мұраға ие болатынынан хабардар болғасын ба Тимур бұның шатақ мінезіне қарамастан арасын үзбейді. Әйтпесе қыздармен оңай танысып, жеңіл айрылысып кете беретін бозбала уақытын сарп етсін бе. Әлде қызу мінезі, сөзден есесін жібермейтін шешендігі не жарқ еткенайшықты көркі ұнай ма екен?

Үйден кеткенін жеткізгенде нақты әрекет жасар, қол ұшын созар деген үміті бар еді.

Он сегізге толғанша шыдасай деген кеңесін естігенде көңілі нілдей бұзылып сала берді.

Бұның мінезін білмейтіндей осы әрекетінің өзі нендей сезімдермен арпалыстырғанын түсіне алмағаны ма?

Көмекке мұқтаждығын жеткізу үшін тәкаппарлығын идіргенрайын бағаламағанына қапаланды.

Көнбістік танытуға мұршасы болса осылай жүрер ме еді?

Кәмелетке толғанда еркіндікке қол жеткізетінін онсыз да біледі.

Сыныптасының ықылассыздау кейпінен әрі қарай үйінде қалуға құлқы болмай, әкесін күтпеді.

Міне бүгін төртінші күн болды сандалып жүргеніне. Альбинаның жанұшырып не істерін білмей жүргендігі ойына түсіп кетсе, сол керек деп іштей табалап қояды. Әрі қарай не істейтінін анық білмесе де әзірге солай жазалай алғанына риза. Білетін боласың дегендей.

Кеткен күннің кешінде–ақ телефонына тыным бермеген Әминаның қоңырауына жауап бермеді. Әлден уақытта полицияға хабарласып, телефоным арқылы қай жерде жүргенімді тауып алады деген ой келген кезде қолындағы телефоннан құтылуға асықты.

Түн ішінде кезіп жүріп, бір сайға лақтырғанын біледі.

Одан таксиге отырып орталыққа жетіп, қонақүйлердің біріне тоқтамақ болғанында жеке куәлігін сұрағанда тауып алады деген күдік тағы да мазасын қашырды. Шығып кетіп, қала шетінен ақысын ғана сұраған қонақүйді тапты–ау тентіреп жүріп.

Ертесіне заттарын түгелдеген кезде телефонмен бірге бір бума долларын да лақтырып тастағанын білді. Телефон қапшығының артына сақтап жүрген еді.

Іздеп барғанымен түн ішінде қай жерге лақтырғанын таппай әуреленіп қайтты.

Әмиандағы ақшасы таксилетіп жүргеніне, қонақүйге, тамақ–суына жұмсалып, судай аққанын байқамай да қалды.

Енді тіпті арзан бургерге де ақшасы жоқ.

Басында уайымдасын, көбірек жоқ болсам соғұрлым жақсы деген ойда еді, енді қайтып баруға тіптен намыстанды. Сүмірейіп қайтып бармақсың ба деген сумақай ойкергіген көкіректі жібермеді.

Басында таныс қыздардың үйін паналай тұрамын, үйден кеттім деген шешімі өзгеге көзсіз батылдықтай көрінетін сезімде еді. Енді мына әбіржіген күйімен таныстарынабаруғанамысы жібермеді. Ауыр тұрмыс, қарбалас–күйбің тіршілікті сезбек түгелі, елестете алмайтын, әурелері дәулет пен сәннен жарысудан артылмаған, өмірдің жеңіл қызығын тояттап ұшып–қонған ортаға қалай көрінбек.

Үш күннен кейін соңғы тоқсан да басталады. Мектепке де қол сілтей ме, әлде көндігіп, бәрі баяғысынша қала ма, қайсысына тоқталу керектігін тез арада анықтаудыңқажеттілігі қысып барады.

Мына тойханадан жұмыс сұрасам ше деп ойлады. Америка жұлдыздарының көпшілігі әйгілі болмай тұрып даяшылық сияқты жұмыстардан бастаған ғой өмірлерін.

Өзін осы ойға көндіріп, дәмхананың зілдей есігін әлсіреген қолымен әрең тарта кірді. Қымбат асханалардың бірі екен. Мұнтаздай аппақ киініп,мәнерлік пен сырбаздықты шеберлікпен ұштастыра қимылдаған даяшыларға жоғарыдан қараған күйі әкімшілік қызметкерімен ғана тілдеспекті ұйғарды. Алдынан шыққан даяшы тамақтануға келген тұтынушының бірі деп қалса керек, аса сыпайы үнмен:

  • Хош келдіңіз. Ана жақтағы үстелге өтсеңіз не жоғарыға көтерілсеңіз болады. Қай жер өзіңізге ыңғайлы? – деп лып ете қалды.
  • Мәзірді қай жерден көрсем болады? – деген қызды ұйымдастырушының үстелі жағына ілтипатпен шығарып салды.

Мәзір көрсетілген альбомды парақтай отырып, бұл жерден жұмыс сұрай алмайтынын түсінді. Бұндай қызметті көрсетуге мүлдем жарамайтынын ұғып, үн–түнсіз шығып кетті.

Сырттағы кондиордың қасына келіп, не істесем екен деген ойын жалғастырмақ болғанымен бұл жерде ұзақ тұруға десі шыдамады.

Жолдың арғы бетіндегікішігірім асхананың маңдайшасына көзі түсті. Қарын ашқанда назарға сондай жерлер ғана іліне ме кім білсін, әлденіп алса, әрі қарай жоспар құра аларына сенімді болды.

Есігін жәймен ашып, басын сұққанда үстелдерді реттестіріп жүрген ұзын бойлы, жасы отыздардағы қатпа қара жігіттен басқа ешкім жоқ екенін көріп, қуана ішке кірді.

– Жұмыс керек еді, кім бастық бұл жерде? – деп бірден тоқетеріне көшті.

Арқасына сәнді дорбасын ілген, брендті сауда белгісініңжастарға арналған сәнді киімін жарнамалайтын сәнпаздайкиінген сымбатты қызды көрген қызметкерқырағы жанарымензерделей қарады.

Қыздың қипақтап– уақытша іздеп жүрмін, солай болып қалды – деген сөздерін естігенде, – жарайды, тауып беруге болар, қызметші ауырып қалған екен, орнына ала тұрайын, бұл жердің иесі өзім, атым Дәулет, – деп көмекке зәру жанның өтінішінен бас тартуға батпағандай байыптылықпен тіл қатты. Сосын:

  • Қандай жұмыс іздеп жүрсің? Тәжірибең бар ма? – деп жөнін сұрастыра бастады.
  • Жоқ, бұрын істемедім. Ақша керек. Сосын іздеп жүрмін.
  • Түсінікті. Жасың нешеде? Есімің кім?
  • Жасминамын. Екі айдан кейін он сегізге толамын, – деп жасына бір жылды қосып жіберді. Оны алты жастан бастап жұмыс істеуге болатынын білмейтін.
  • Жарайды, келісім–шартты ертең толтыра жатармыз. Қазір асүйдегі ыдыстарды жуа берсең болады. Ауыстыратын киімің бар ма? Ілгіштегі алжапқыштың бірін алсаң болады.
  • Маған келісім–шарт керек емес. Ақшасын күнделікті беріп тұрсаңыз.

Дәулет тосын келушінің жай–күйін іштей тұспалдағандай болды. Шаруаға ебі барадамға ұқсамайды. Бойын асқақ ұстайтын, паңдылығы өзіне жарасқан біреу екен. Отбасында кикілжің болып кетіп қалғаны анық. Жағдайы дұрыс адам түнделетіп жұмыс іздей ме?

Бұл да бір өзіне жіберілген сынақ па деп таңқалды.

Өзіне жолықпағанда қызметкерлері қол ұшын соза алмас еді ғой. Бұған хабарласқанның өзінде жаңа қызметші керек емес деуі әбден кәдік.

Өткен айда қомақты ақша төлеп жас кәсіпкерлерге арналған семинарға қатысқан. Бойдағы дарынды ашып, қабілетіңді мақсатқа жетуде игілікке жарата алуың үшін, әр күніңді қанағаттанарлық сезіммен өткізіп, өміріңе мән бітуі үшін икигайыңды анықтап, осы өмірдегі миссияңды табудың маңыздылығы зор деген еді.

Құласа да қайта көтерілуге жігер тауып, қабілетінің бар қырын барынша толыққанды пайдаланып миллиардты табысқа қол жеткізген әйгілі инвестор өз миссиямды өзім мен қоршаған ортаға пайдамды тигізе отырып бақытты өмір сүруден көремін дегенін естігенде бұдан артық миссия ойлап табуға бола ма деп көп ойланған. Түскен ұсыныс, алдымнан шыққан әрбір мүмкіндік осы талаптың біріне сай болғанда ғана оны жүзеге асыруға дайынмын деген еді миллиардер жігіт.

Жарқын өмір сүріп келген Дәулетке бақытты боламын деген миссиясы аса жан қинамай,қазіргі әрекетін жалғастыра берсе болады дегенге саятындай көрінді. Бақыттың шыңы неде сонда деп терең пайымдай келе, мүмкін осыншама нығмет пен ырысты бұйыртқан Жаратушының ризашылығына ие болу шығар деп ұйғарған.

Осыған тоқталып, өмірлік миссиям бір Құдайдың разылығына ие болу деп шешкенінде алдынан тағы бір сұрақ шықты.

Сонда не істеуім керек? Табыс табудан, отбасыма тірек болып, ағайынға қол ұшын созып, қайырымдылық істеуден онсыз құр алақан емес едім ғой. Алдыма қойған мақсаттарымның бәрі өзім үшін емес пе? Алланың разылығына ие болу үшін сонда не істеуім керек деген ойға шомған. Бүгін қызметші қыз балам ауырып қалып еді, орныма біреу істей тұрсадеп хабарласқан.

Нәпсімді сынап көретін жағдай шығар, бастықпын, миллионермін демей мендігімді сындырып, осындай көмек көрсету қолымнан келе ме деп байқап көрмек еді.

Құдай айдап, мына қыз келді.

Ниетім қабыл болғаны ма?

Айына миллиондап табыс тауып, қол астымда қызметкерлерім болса да нәпсімді бағындырып өз шаруамның қара жұмысын істеуге дайынмын деген ниетімді Алла қабыл етіп, бұл жұмысты атқаратын біреуді жібердім, өзің еркектік дәрежеңе сай көмек көрсет деді ме екен?

 

***

Қыздан мән–жайына түгел қанығып, үй ішіне хабар бермегені пайымсыздық болғанын, полиция қызметкерлерін әуреге салатынын түсіндіріп, сіңлісінің телефонын алып есендігін жеткізуді өз мойнына алды.

Ертесіне уәделескен жерге келген Әминаның көзі қызарып, жүзі бодаудай ісіп кеткенінен ол жақтағы үй–іші де кешегі түнді ұйқысыз өткізгенін түсінді.

Әңгімені әріден бастап, біразжайттан хабардар еткенжылы жүзді, орта бойлы талдырмаш қыз артынан өтінішін жеткізді.

  • Кетіп қалғаныашу үстінде қабылдаған шешімі емес. Бұрыносылай кетіп қалғанда артынан еріп шығушы ем. Кейде кафеде отырамыз. Кейде судың жағасында отырып, ішімізді босатамыз. Сосын үйге ертіп әкелемін. Қазір көндіру оңай емес–ау.Соңғы кездері оған қиын болып жүр. Жан–жақтан қысым болып. Сынып жетекшісі анама хабарласып, жоспарын сұраған сияқты. Қайда оқуға түсесің, кім боласың, бағытыңды анықтадың ба деген сұрақтар біздерге ауыр тиетінін үлкендер білмейді–ау. Оның үстіне бизнес деген кабинетте отыру емес, жөні түзу досың да жоқ деген сөздер де батады ғой адамға.Әсіресе назары сондай сөздерге ауатындарға. Ештеңе бітірмейсің, оқымайсың дегенін естігенде өзім де анама қарсы шығамын. Тек Жасминді емес, мені де ұрсады анам. Бірақ мен… білмеймін, кешірімшілмін бе, әлде босаңмын ба, ондай сөздерді қабылдай бермеймін. Ішімше олай емес қой деп тұра беремін. Ішімше жауап бергенім өзіме жеткілікті. Ал Жасмин болса бірден қабылдап алады. Сосын оған ауырлау тиеді. Әшейін айтты ғой десем де, сол сөздер жадында қалып кетеді. Сондықтан оған жаным ашиды.
  • Иә, қиын екен. Анаң не деп жатыр?
  • Үйден қудым ба деп жылап отыр. Не істерімді білмеймін. Бір жағынан анам, екінші жағынан бауырым. Туғаным болмасада Жасминнен жақын адам жоқ. Оны жанымдай жақсы көремін. Тіпті он екі жасымда сол үшін дәрі ішіп өмірмен қоштаспақ болғанмын. Анама дәлелдеу үшін әрекеті қате екендігін. Оған тиіспеші деп. Анама да жаным ашиды. Тырысып–ақ келеді. Біздер үшін барын берді. Күйеуге шықпай, өзімді күйттемей, сендер деп соншама жыл бағып–қаққаныма айтқан алғыстарың осы ма деп кінәлауда. Қыста Жасмин үйден кеткенде ауылға кетем деген болатын. Ол жақта тұра алмайсың ғой, ауылдың аты ауыл, сыртқа шығу үшін далаға шығу керек, онда кафе де, кинотеатр да, ештеңе жоқ қой деп көндірген едім. Қазір енді соңғы тоқсанды ауылда бітіре салса қайтеді деп ойлаймын. Алда жаз, табиғатқа шығып, көңілі басқа нәрсеге ауар. Күзде өзі шешер, соңғы сыныпты сол жақта бітіре ме, әлде қалаға қайтып келе ме.
  • Негізі мәселеден қашқан дұрыс емес. Әдет болып, ертең басқа жерде де осылай кетіп қала берсе, өзіне қиын. Бір жерде тұрақты әрекет ете ала ма? Ең болмағанда анасымен арасын жөндеп, ренішсіз кеткені дұрыс. Мектепте де бағытын табуға көмектесе алмағандары қиын екен. Анаңмен ақылдасқан дұрыс болар. Қалай ойлайсың, менімен кездесуге келісе ме?
  • Көндіремін ғой.

 

***

  • Не істерімді білмеймін. Тырыспады дейсіз бе?
  • Әкемнің ақшасына күн көріп жүр деген бұрыс ойы қалыптасып кетіпті.
  • Иә, әкесінің бизнесінен ақша түсетіні рас. Бухгалтерлік айлығым қай тесікке жетсін. Абажадай үйді ұстау оңай дейсіз бе. Ақшасын өздеріне жаратып отырмын ғой. Гимназиясына қанша төлейтінімді білесіз бе? Жұрттар ондай ақшаны университетте оқып жүрген балаларына төлемейді.
  • Тегін мектепке бермедіңіз бе? Оны бағалап жатқан бала жоқ қой.
  • Тегін мектеп түгелі, алдында ақылы жекеменшік мектепте оқыған. Сыйыспады. Қыздармен шекісіп, шатақ шыққан. Сабаққа бармай отырып алғасын, үйден оқытуға сөйлестім де. Оған да көнбеді. Амина әупірімдеп жүріп, осы гимназияға көндірді. Ондағы мұғалімдерді ескертіп әйтеуір бітіріп шықса болды дедім өздеріне.
  • Сауатсыз дей алмас едім. Ақылы бар–ақ қыз ғой.
  • Шетінен туылмай жатып ақылды ғой. Сөздің түбірін түсіретін. Солай сабақты жарытып оқысашы. Ағылшын тіліне судай енді. Соған да шүкір. Бірді–екілі сабаққа қыры бар шығар, қалғаныныңбетін ашпайды. Мұғалімдері жаман емес. Бұндай балаларды жақсы біледі екен. Сосын ғой ақшасын аямай сонда оқытып жатқаным. Әйтпесе, сол ақшаға күтуші, аспазшы ұстасам да болар еді ғой. Үй шаруасы түгел өз мойнымда. Амина арасында көмектесіп тұрады. Мынаған енді уайымдаймын. Өмірде тіреусіз, ақшасыз қалған не екенін білемін.
  • Іштегі қалауын табуға көмектескенде болар еді. Мүмкін көңілін аулап, ақша беріп тұрса ше.
  • Басында беретінмін. Өз ақшасын аяйын ба деп. Сөйтсем, баланың аты бала ғой. Сол ақшаға бола көп нәрсеге ұрындыалдындағы мектепте. Содан кейін тыйып тастадым. Аптасына бір соманы берем болды.
  • Түсінікті. Негізі өзіңізге қалай айтарымды білмей отырмын… Жасминге сенім арту керек сияқты.
  • Сонда не істе дейсіз? Ақша десеңіз, қиын емес, бере саламын. Бірақ сол ақшаны алып, пәтерге шығамын, күнімді өзім көремін дейді. Көзімді жұмып, не істесең де өзің біл дейін бе? Әкесінің әруағынан қорқам. Жақсы адам еді. Бір кездері өзіме қолын созған. Қиналып жүрген кезімде….., – деген Альбинаның даусы құмыға шығып, көзіне жас үйрілді.

Дәулет тек Жасминаға ғана емес, мына келіншек те көмекке, қолдауға мұқтаж екенін түсінді.

Мәселенің түбірі тереңде екенін қалай жеткізбек? Жасминге көмек беруін бергенімен, ішінде терең жатқан сенімсіздігі тұр. Оның қалай алып тастасын? Ақша берсем, жаман нәрсеге жаратады, теріс жолға түседі деген күдігімол. Оның үстіне Жасминде әлі бала. Басынатүсіп көзі жетпесе, қиындыққа ұшырайсың дегенді қабылдауы қиын.

Дегенмен тағы да талпынып, ана мен бала арасын жақындастыруға әрекет жасап көрді.

  • Жасминның досы кім, сонымен сөйлесіп көрсем қайтеді?
  • Құрбы қыздардан досын білмедім. Амина болмаса. Соңғы кездері онымен де сырласудан қалыпты.
  • Неге?
  • Себеп сол, мен шығар. Амина менің сөзімді жеткізсе керек. Ол болса тек мені ғана жақта дейтін шығар.
  • Әминамен қатынасыңыз жақсы сияқты.
  • Біреу өзіңді жақсы көріп тұрса, сөзіңді жерге тастамаса қараптан қарап ұрсасың ба? Туған қызым болмағасын өгейсіді деп ойламаңыз. Тартуға тырыстым–ақ. Қырсықтығынқойдыра алмадым.
  • Білесіз бе, бала бірдей бола бермейді. Кіші қызыңыз үлкеннің пікіріне құлақ асатын елгезек екен. Бірақ өмірде қалыпқа сыймайтын да адамдар болады. Болмысынан сондай. Жасминді өзгерту қиын болса, өзіңіз оның пікірін қабылдап көрсеңіз қайтеді?
  • Сонда мен кінәлі екенмін ғой.Жазығым сабағыңды оқы, жан–жағыңды жинап жүр дегенімде ме?Үйдің бәрін жина деп жатқан жоқпын тіпті. Ең болмағанда бөлмесін таза ұстаса болады ғой. Сынып жетекшісіның де айтқаны анау, балаға жөн сілтеу керек деп.
  • Кінәлаудан аулақпын. Қайта жарастырсам ба деп. Қисайып тұрған нәрсені қабылдау өзіңізге қиын екенін түсініп тұрмын ғой.
  • Бөлмесіндегі қоқыр–соқыржылдап жатады. Шыдамдық, сабырлық таныта білмеді дейтін шығарсыз. Сол құрмағыр қоқыс суреттерінің жатқанына он жылдан асқан шығар.
  • Оған ол қоқыс емес қой. Өзіңізге ескі–құсқы көрінген дүниеқызыңыз үшін қымбат нәрсе ғой. Соны лақтырып тастады деп ренжуде ғой.
  • Шешесінің суретін лақтырып тастағандай айттыңыз ғой. Сарғайып кеткен, жыртылып әзер тұрған актерлердің суретін қанша жыл сақтамақ? Күйеуге тисе, артынан алып кете ме?
  • Өзіңіз айтқандай сау–тамтығы қалмаса да…Оны тастауды өзім шешемін деп жатыр ғой. Көзқарасымен санаспаса…
  • Мәселе тек суреттерде ғана болса ғой, өміріне қол сілтеп жүргені ше? Сабақ оқымайды, араласатын досы жоқ, алдына жоспар қою жоқ, осының бәрі дұрыс дейсіз бе? Сонда баланың жетегінде кету керек пе? Жол сілтемесек үлкендігіміз қайда қалмақ. Мені түсіне алмадыңыз. Не болсаң, о бол дей алар едім, әкесінің үрметі үшін жүрегім ауырмағанда, – деген Альбина орнынан тұрып әрі қарай сөйлесуден бас тартты.

Онсыз да кінәлі сезімнен арыла алмай отырған жанға қосымша айыптың жүйкесіне қысым болғанын сезген Дәулет артық кеткеніне кешірім сұрап жылы қоштасуға тырысты.

 

***

Көлік терезесінен оқтайдай түзу түз даладан көзін алмаған Жасминның іші алай–дүлей сезімге толы. Анаңнан барып кешірім сұра дегенді қабылдай алмады.

Неге?Неге тек үлкен болғаны үшін кешірім сұрау керекпін бе деп түсіне алар емес. Кешірімшіл болу жақсы қасиет екенін біледі, бірақ кешірімді өтірік емес, шынайы сұрау керек қой. Ол қалай кешірім сұрайды, егер өзі кінәлі болмаса? Неге суреттерді лақтырып тастайды? Кімге кедергі келтірді? Өз бөлмемде тұрған заттар ғой. Сонда ешкім тиісе алмайтын, қолын сұқпайтын жеке аумағым болмау керек пе? Соған не ұнайды деп біреудің көңіліне қарап өмір сүруім керек пе? Еш түсіне алмаймын. Оның суырмасындағы заттарды лақтырып тастау ойыма келмес еді. Лақтырсам ше, не дер еді? Сонда оларға жасы үлкен болғандықтан ойларына келгенін істеуге бола ма? Кешірім сұрай сал дейді. Бұл көлгірлік емес пе? Осыны үлкендер айтады тағы. Міне мына Дәулеттің өзі, адам кешірімді болса, өмірі жеңіл болады дейді. Жеңіл болсын деп өтірік істеуім керек пе? Кешіру үшін адамның әрекетін түсіну, қабылдау керек қой. Неге әділетсіздікті қабылдауым керек?

Қойшы, осыларды.. Қазір не болар екен? Әжеме барам деп қоямын. Ол да Альбина сияқты болса ше. Үлкендердің бәрі сондай ма екен? Неге өз бетімізбен өмір сүре алмаймыз? Неге біреуге жағатын әрекетті істеуге міндеттіміз?

 

***

Қара джип машинасын анадайдан байқаған бір топ бала көліктің көк дарбазалы үйге тоқтайтынына сенімді болып, алдын орай жүгіре жөнелді.

Жүрісін баяулатып тоқтағанда, бірі аңқиып таңсық адамдардың әлпетінен, қимылынан көз алмаса, батылдауларыкөліктің іші–сыртын сипап, айнасынан жүзін қарап үлгеріп жатыр.

Үстінде лыпасы жоқ біреуі «келді, келді!» деп жаңалықты жеткізуге үйге қарай тарпаңдай жөнелді.

Көліктен шамаданын алып түскенше үлкендердің де қарасы көріне бастады. Ауылды жерге қаладан біреу келгеннің өзі төтен оқиға болса керек, әп–сәтте көліктің жан–жағы бала көтеріп, жетектеген қатын–қалашпен толығысабастады.

Осы шаңыраққа тосын қонақ келетін біліп, бұрын көріспеген жақынын алдымен көріп қалуға қызыққан сияқты.

Ешбірін түстей алмай, не айтып, не істерін білмеген Жасмин абдырай Дәулетке қарады. Осы кезде «құлыным–ау, құлыным, келдің бе» деген үлкен адамның егіле шыққан даусы төңіректі тебірентіп, қыжым бешпент, ақ жаулықтықарт әже анадайдан құшағын ашыпсостиып тұрған қызды бауырына басты.

  • Қарғам–ау, әжесін іздеп келген қыздан айналады, құлынымның тұяғы, Бектұрымның шырағы, – деп өбектеген сөздер іштегі шерді қозғап жіберді ме, артынан«өзегім–ау, ерте үзілген жұлыным–ау, қызығын көре алмай кеткен құлыным» деген жоқтауға ұласып кетті. Жан–жағындағылар «Құдайдың дегені сол болғаны ғой, немереңіз сонау қаладан іздеп келген екен, соған шүкіршілік айтыңыз» деп жамыраса тоқтау айтысып жатты.

 

***

Келгеніне бірнеше күн болған Жасмин өзі күтпеген көптеген жайттардың куәсі болды. Осы күнге дейін осыншама туысы бар екенін сезбеген екен. Қонақ деп сыйлағандары ма, әлде қаладан келді ғой үйренсін деді ме екен, қайсысы болса да жақсы нәрсені көрсетуге, істеп қалуға ұмтылыптұр. Соңынан қалмай ығырын шығарған кішкентайлардың өздері жаны қалмай қызмет еткісі келіп, не сұраса да жарыса жөнеледі.

Бұның жыбырлаған жәндіктерден шошығанын көрсе тіпті де тәнті. Басқа планетадан келген ханшайымдай көре ме, тітіркенген әрбір қылығына сықылықтап, сондай бір жылы сүйіспеншілікке толы көзқараспен қарайды.

Өзімен өзі қала алмай, тынымсыз ортадан аздап шаршағаны болмаса, өзіне жұрттың бәріне еркелеп жүрген ұнап қалғандай. Тіпті бұртаңдағанының өзін жылылықпен қабылдайды.

Ертемен тұрып алады екен өздері, бұл тұрамын дегенше бір шәйларын ішіп алады. Үлкендері әзірге ештеңе демегенімен бала–шаға бөлмеге кезекпен кіріп, бірі шкафты салдырлатып жоғын ақтарып жатса, енді бірі бұның басын аттай бере терезе жақтауын бірнәрсе іздеп шашын басып жатқанын байқамайды.

Одан қалды құртақандай біреуі келіп қасына жатпақшы болса, енді біреуі «әпше, қашан тұрасыз» деп құлағының түбінде отырады. Ұйқысын бөлгенге ызаланып, жастығын лақтырып жіберсе де ренжімейді ғой. Сәлден кейін қайта айналып келіп тұрғаны: «әпше, шайға шақырып жатыр» деп.

Мектеп мәселесін осындағы дәу бастық, жездең болады деген орта жастағы жігіт ағасына тапсырып, оны да өздері реттестіріп алды. Расымен бастық екен десе, сөйтсе шаруашылық бөліміндегі қызметкердің бірі екен. Әкімшілікте істесе болды, ауылдағыларға сол дәреже көрінетін сияқты.

 

***

Өзімен қатарластар аз екен. Тұрып жатқан үйде жетінші–сегізінші сыныптарда оқитын Сандуғаш пен Қарлығаш деген екі қыз бар. Бұдан ұялды ма, қуып жатсаң да қойын–бауырыңа кіріп кетуге дайын тұрған кішкентайлар сияқты емес бұдан одағайлап қашып жүр. Бірнәрсе сұраса лып еткізіп істеп бергенімен, өз беттерімен жақындау жоқ. Жанасып кетуге орашолақ өзі де оларға тартыла қоймады. Олармен не сөйлесерін де білмеді.

Оның қасында майда балалармен тілдескен өзіне жылы сезім сыйлады. Әсіресе тілі енді шығып келе жатқандары. Жаңа естіген сөздерін бұрмалап айтқанын қызық көруде. Орысша санауды үйретпек еді, в әрпіне тілі келмей восемь дегенді госем дейді. Екіншісіне сен айтшы десе, онысы пусем деп ішек–сілесін қатырды.

Алты жасар Айшадан үндемей қашып жүрген ағасының жасын білмек болып, нешеде, жетіде ме деп сұрап еді, «жетіге бірді қосса болады ғой, ойланбайсың ба» деген логикасы күлкіден ішін қатырды.

Көрші тұратын бозбала ғана өзімен қатарлас көрінді. Үлкендерге дауыстап сәлем беріп кіріп келген сайын бұл жаққабір көз тастап кетеді. Қорада жүргенін байқаса болды, біресе балта, біресе шапқы бар ма деп болмайтын нәрсені сұрап жатқаны сол. Үйріліп қасынан қалмайтын тілі пысық Айша «үйлеріңде не балта жоқ па, үйдегілерден сұрасай, не қонақтан сұрап жатсың» деп тақ ете қалады.

Бозбаланың сөйлесуге желеу іздеп жүргенін сезіп «қайдан білейін» деп өзі тарс ете қалмайды. Аз–маз жөн сұрасқаннан кейін түйдес құрдас екенін, бір сыныпта оқуы мүмкін екенін біліп алды.

Бір–екі ауыз тілдескендері болмаса үйінде шаруасы көп пе, әлде үлкендерден қуыстана ма, тезірек кетіп қалуға асығады.

Жасминның өзі болса қатарлас біреумен ауылды аралап шығуға ынтасы ауып жүр. Үлкендерден гөрі өзімен құралпас адамнан ауылдағы ахуалды, оқудың жайын білген жақсы ғой.

Әйтпесе әжесі ұялшақ қыздарға «әй, Жәмішті ертіп, ауылды көрсетіп қайтыңдар, сарқырамадан ары кетпеңдер» деп тапсырып жатқан. Жәміш дегені ұнамай «Жасмин»деп түзеткенінде«қазақта ат құрып қалғандай әкең де қайдағы бір есімді таңдап, сәнді ат қоймаса қызының сәні келмей қалатындай» деп бұрқырай жөнелген. Сол кезде байқады әжесінің тістері алмалы–салмалы екенін, бұның атын айту қиынға соғатынын. Солайша әжесі үшін «Жәміш», аға–жеңгелеріне «жәкөнтай» болып кетті.

Батылы жетіп шақырамын дегенше сабақ басталып қалар деп бір күні көрші құрдасын іздеп үйіне өзі барды.

Қора тазалап жатқан екен, сырт көрінісіне ыңғайсызданып, анадайданжауап қатыпқара терге түсті.

Артық ойсыз, сарқырамаға апарасың ба деп өтіну үшін келген. Түстен кейін мініп шығатынжылқы тауып баратын болып келісті.

 

***

Бұндай табиғатты Жасмин бұрын–соңды көрмеген еді. Айналакөк майса шөп, көкпеңбек аспан, аққанат мамық бұлт. Көкорай белестің сұлулығынан бас айналғандай.Асып өткен қырлары құлшынысын тудырып, әрі қарай өзіне тарта береді. Жуас мінезді төселген жылқыны тауып әкелген екен,тез арада машықтанып алды. Тіпті біраздан соң аяңдағанды місе тұтпай, бүлкіл желіске салып келеді.

Бозбаланың әнге жақындығы бар екен. Аттың ырғағымен баяулатып бастаған әні қайырмасына келгенде тынысы кең, бояуы қанық дауысы жүректен шығып, тыңдаушысын тәнті етті.Өзі көрегенділікпен тапа нан, піскен жұмыртқа, айран алып шыққан екен. Кең даланы әнге қосып, табиғат аясында дәмденуді серуеннің шегі санаған қыз бүгінге жетеді деп мәз еді, тынығып, әл жинап алған соң қырлардың легі таусыла ма соған көз жеткізуге құштарлығы жалғасты. Бірін еңсерсе, алдынан келесісі, одан тағы бірі шығып тұрады. Дрон болмағанына өкінді. Тапсырыспен алдырмақ еді, Жандос:

  • Өй, атып түсіреді, сарқыраманың ар жағы қоршалған алаң, – деп тоқтатты.
  • Неге қоршалған? Мына жердің бәрі бос жатыр ғой.
  • Ар жағы шалғынды жазық дала. Қаладан келген бастықтар аң аулайтын жер. Бұрындары ашық еді. Мөп–мөлдір көл бар еді, қоршап тастады. Төртінші ма, үшінші ма сыныпта ағаммен үйрек–қаз атуға барушы ек.
  • Сонда не, бастықтар демалады деп қоршап тастаған ба?
  • Болады екен ғой. Табиғатты қорғау аймағы деп түсіндірді. Әйтпесе ауыл ақсақалдары жиналып әкімге барған екен, қоршап жатқан кезде.
  • Не бопты, табиғатты қорғау аймағы болса. Біз не адам емеспіз бе? Бастықтарға болады да, басқаларға болмай ма?
  • Ит білсін бе, әйтеуір заң бойынша рұқсат жоқ дейді. Құжатта солай деп қарауылдары жібермейді ғой.
  • Қызық екен. Не Қазақстан әкімнің жеке меншігі ме? Барайық та әкімге, көрсетсін құжатын. Неге көлге бара алмайды екенбіз.
  • Көрсетеді дейсің бе. Тексеруге құқың бар ма дейтін шығар. Негізі білесің бе, дүйсенбіде сабақ болмайды, әкім жиналыс өткізеді деп жатқан. Қаласаң қатысып, сұрап көр өзінен, – деп күлді. – Рысбек ағаның жақынысың ғой. Осында көшіп келдің. Сұрақ қоюыңа болатын шығар.
  • Несі бар, сұраймын, – деген Жасмин – қоршаудан асып кіріп кетейік те, – деп сотқарлық танытты.
  • Ой, ол жақта Темір көкенің адамдары тұрады. Мылтықтары бар. Көлдің қасына қызыл кірпіштен әйдік үй салған. Келген қонақтар сол жақта кәуап жасап, демалып қайтады екен. Кірген бөтен адамды атып тастауы да мүмкін. Рас–өтірігін кім білсін, ол жақта адам өлді деген әңгіме де бар.

Жандос расымен барып сұрайды деп күтпесе керек. Әңгіменің қызуымен айбаттанып отырған қызға айта салған. Өздері үшін бұл баяғыдан қалыптасып кеткен кәдімгі жағдай болатын.

 

***

Мектеп мұғалімдері мен ауылдағы азын–аулақ қызметшілерге баяндама жасаған әкім ыстық күнде киіп алған костюмінен қайнап кетіп, терін әлсін–әлсін сүрте отырып бір кезде бітірді–ау мәлімдемесін.

  • Жарты жылдық жұмыстың қорытындысы осындай. Сұрақтар болмаса, жиналыс бітті, – деп бөтелкедегі суды соңына дейін сіміріп салды.

Арадағы үзіліс кезін тағатсыздана күтіп отырған Жасмин:

  • Сұрақ бар! – деп айқайлай дауыстады.

Жұрттың бәрі өзіне аңтарыла қарағанына аздап қобалжыса да, өзін бала санамасын депмаңғаздық сақтаған кейпінен танбады.

  • Ә–ә, Хәдиша әжейдің немересі емессің бе? Қоя ғой сұрағыңды, – деген әкім жастардың белсенділігін қоштағандай жылы жүзбен күлімсіреді.
  • Алакөл неге қоршап тасталған? Неге біздерді ол жаққа кіргізбейді?

Тығыршықтай мығым денелі, қырықты орталап қалса да майы түгіне теуіп тұрған көрікті жүзін әжім шалмаған жігіт ағасы осы күнге дейін бұндай ерсі сұрақты естіп көрмегендіктен аздап абыржып қалды. Дегенмен тәжірибелі басшы емес пе, жасөспірімнің сұрағы оспадарсыз көрінсе де жұрттың алдында қойылғандықтан барынша бипаздық таныта жауап берді.

  • А, кеше келгесін білмей жатқан шығарсың. Ол жер табиғатты қоршау аймағына кіргізілген. Ол жердегі табиғатты сақтауымыз керек болашақ ұрпақ үшін.
  • Біз не ұрпақ емеспіз бе? Неге көлді көруге болмайды?
  • Қалқам, сен түсін. Үкімет қорғайтын аймақтар болады. Ол жерлерге мал жаюға болмайды. Емдік шөптерді, сирек өсімдіктерді қорғау үшін үкімет сондай шараларды қарастырған. Ауылда жер аз ба, сарқырама да, өзен де бар ғой. Осымен басқа сұрақ жоқ болса, жиын аяқталды, – деп мінбеден түсе бастады.
  • Ендеше неге қаладан келген бастықтар ол жерлерде демалады? Неге біреуге болады, басқаларға болмайды? – деген Жасминның сөзін естіген жұртшылық жым болып, бірі таңырқай сүйсінсе, енді бірі үрейлене қарады. Себебі әкімшілікте қызмет атқаратын екі жас жігіт өндірдей қызға қарай бет алған еді.
  • Жиналысқа мектеп оқушылары қатыспайды. Үлкендермен салғыласқанша сабақ оқыңдар. Құжатты, заңды білмейсіңдер, тағы да сөйлейсіңдер, – деген әкім әрі қарай кідірмей мәжіліс залынан шығып кетті.

Жасминның алдын кесе көктеген қызметкерлер іштен тынып үнсіз қалған көпшіліктің көзінше артық қимыл көрсеткен жоқ. Бар болғаны үйіңе қайт деген сөзін естіген жиынға қатысушылар уһ дескендей болды.

Осы уақытқа дейін әкімнің есеп беру жиналысы ауылда осылай талқыға түспеген шығар. Қаладан келген қыз бір күннің ішінде батыр атағын иеленіп шыға келді. Арғы аталары қылыш ұстаған батыр болғандарына дейін қазбаланып бүгінгі күні өз жеріне иелігінен айрылып қалған шарасыз күйлері дастархан басындағы тақырыптан түспеді.

Тіпті ауылдың шетінде тұратын қарттың өзі Жасминді іздеп келіп, ұлын жүргізушіліктен алып тастап, орнына Тасқынның баласын алғанын жеткізіп өзіне көмектесуін сұрады.

 

***

Мақтау сөздерге екі иығына бу бітіп арқаланған Жасмин бұл әділетсіздікті орнына қоя алатындай күшке ие болғандай сезінді өзін. Сондықтан осы тақырыпты әкімнің алдында тағы да көтерсе ауыл тұрғындарыөзін қолдайтына сенімді еді.

Алайда жұрттың бәрі әділдікті қалағанымен онымен күресуге дайын емес екен. Бәрібір ештеңе өзгермейді, құр әурешілік, уақытты босқа кетіру деген пікірлерін өзгерту қиынға соқты.

Дәуреннің өзінің «болатын болса, ауылда беделдіадамдар бар ғой, істер еді ғой, бәрібір түк бітіре алмаймыз, ал әкімді қарсы қойып алсаң, ертең алдыңнан кедергі болып шығады» деген сөзін қайтерсің.

Жасмин:

  • Ең болмаса тырысып көру керек қой. Әкімнің өзі жауап бере алмады ғой. Неге басқаларға аң аулауға болады, ал ауыл адамдарына кіруге болмайтынына, – деп қыспаққа алып көріп еді,
  • Саған, маған оңай ғой, кейін қалаға кететін болғасын, осындағы ағайынға зияным тиюі мүмкін, – деп күмілжіді.

 

Баласын заңсыз жұмыстан шығарып жіберді дегенге хат жазуына көмектескен атай ең құрығанда өзіммен әкімге бірге барар деп үміттеніп еді. Ол да «қарағым, біздер кішкентай адамбыз ғой, бұндай іс қайдан бізге» деп өзін төмен санамақ түгелі, ешкім көрмейтінін білдіргендей болды.

  • Ата, өткендегі арызды беруге бәрібір барасыз ғой, жерді де қосып айтайық та деп, – үгіттеп көруге тырысқан еді.
  • Қарағым–ау, жер туралы зәкөніңді білмеймін. Білмейтін нәрсеңе не айтасың? – деп ағынан жарылды.

Ауылдағы заңгердің өзі әкімшілікте істейтін болғандықтан ол да бастығына қарсы шықпасы анық.

Интернет бетінен біраз заңдарды ақтарып тастаған Жасмин алған бетінен қайтпай өзі кіріп шықпақ болып еді, қабылдау күніне жазылу керек деп әуреге салды. Жазылған күнге барған еді, кәмелеттік жасқа толмағанын желеу етіп әкімнің алдына кіргізбей қойды.

Әжесі де қоя сал қарағым, кесірі тиіп кетер, Бектұрымның қарашығын сақтай алмасам о дүниеге қалайбарамын деп безектеп, болмашы нәрсенің өзін қоюлатып, төндіре көргендіктен, оған бірге барайықшы деудің өзі зая екенін ұғынды.

Күндіз–түні жұмыстан бас алмайтын Рысбек ағасы бір кеште отырып кеңінен ағылып түсіндірді жағдайды.

  • Жердің мақсатын өзгертіп беруге жоғарыдағы үлкен адамдар көмектескен сияқты. Әйтпесе мал жаятын жайлау еді ғой. Ондай тірлікті анау–мынау адам істеп бере алмайды. Жердің пайдалану мақсатын өзгерту, табиғатты қорғау аумағына кіргізіп жіберу оңай емес. Өздері үшін істеп алған ғой. Біздің әкім істеді дейсің бе соны. Жоға, ол әшейін солардың тапсырысын орындап жүрген адам ғой. Әкімге кіргенде пайда жоқ. Бәрібір ол шешпейді бұл мәселені. Сондықтан бұл бос әурешілік, – деп қарындасына мән–жайды жеткізді.

Жасмин ойы қате екендігіне көз жеткізбесе оңайлықпен бас тартып, артқа шегінуді білмейтін.

Ағасының сөзін естіп, бар мән–жайды тәпсірлеп жазып, интернет бетіне жариялап жіберді. Дәуреннің адам өлгені туралы әңгімесін де қосып, ол жерде тексеру жүргізу қажет деп көрсетті.

Одан кейін Әминаға хабарласып, осы жағдайды жеткізіп, оқушылар, таныстарының чаттарына салып жіберуін өтінді. Олар жауапты мекемелерді тегтеп өз парақшаларында таратып жіберсін деді.

Жасминның назары басқа жаққа ауып, өкпе–ренішсіз хабарласып тұрғанына қуанған Әмина жауапты адамдарды тегтеп, бәрі парақшаларына салып қоюын өтінетінін айтып уәде берді.

Жасмин анасы туралы сөз қозғағысы келмеген еді, бірақ Әминаның көңілін қимай сөздерін соңына дейін тыңдап шықты.

  • Жасмин, анамызға ренжіме. Сен мұқтаж болған жылулықты бере алмағанына кінәлі емес. Өзі мейірімге жетіспей өсті. Өзінде жоқ махаббатты қалай берсін? Бәрін дұрыс істегенімен әрекетінде жылулық жоқ екенін өзі сезбейді. Қолымнан келгеннің бәрін істедім деп жылайды. Өзі мейірімге, махаббатқа мұқтаж. Анасы аурушаң болып, әжесінің тәрбиесінде болды. Атамыз қатаң адам еді. Сол қаттылығы анамызға берілген. Әжеміз ешкімге тыным бермейді екен. Содан іске пысық болды. Құдай өзін аяған шығар, мінезі жайлы әкемізді жолықтырды. Алайда санасында бұл өмір қайырымсыз деген тұжырым бекіп қалған. Анасынан жылы сөз естіп көрмегеннен өмірді солай қабылдап өскен шығар. Оның қасында мен әкеме тартқан екенмін. Өмір мейірімге толы деген сезіммен, тұжырыммен өстім. Иіле салуым қиын болмағандықтан анама қиындық туғызбадым. Білесің бе, оған өз ойына қайшы пікірді қабылдау қиын. Сөзімді аяқасты етті, ақылсыз деп санап жатыр деп ойлайды. Пікірін емес өзін түкке тұрғысыз етіп жатқандай қабылдайды.

 

***

Арты үлкен дауға ұшыраған жер мәселесіұзаққа созылды. Сәтіне түсті ме, немесе жас қыздың өзгертуге болады деген сенімі мен көнбеймін деген қыңырлығы ауыл тұрғындарының өзгеріске деген сенімсіздігі мен қалыптасқан жағдайға бойсұнуларынан артық шықты ма, әйтеуір жоғары жақтаықпал жүргізу аймағын қайта бөлісуге мүдделі тараптардың тартысының үстіне дөп келген болу керек, бұл істі тексеруге лауазымды тұлғадан  тапсырыс түсіпті.

Бей–жай жатқан ауылға үсті–үстіне құзырлы органдардан тексеру келіп жатты.

Бір адамның әрекеті осынша қарбалас дүниеге әкеледі деп ешкім күтпеген еді. Жасмин олардың ынжықтығына, бойкүйездігіне ренжіп, қолдарында тұрған дүниені алуға батылдық таныта алмағанына қынжылып жүргендіктен ауылдастардың әңгімесінен құр қалып, өз әрекетіне баға беруге уақыты тіпті де жоқ еді.

Прокуратурадан келген тексерушілердің арыз иесімен шаруасы болмады, әкімдікке келіп, сол жақтан қайтады.

 

***

 

Тыныш жатқан ауыл бұндай шиелісті көрмеген. Жұрттың бәрі іштен тынып, аяғы немен тынар екен деп бір жағынан қорықса, екінші жағынан жақсылықтан іштейгі үміттері оянып жатқандай.

Жазғы резиденцияның бастығы Темірдің өзі мына зобалаңнан қашуына тура келді. Қаладағы досына хабарласып, көмек сұрауына тура келді.

  • Өзіңде біраз контавать ету керек еді. Мына жақта кипиш болып жатыр. Анау әкім әлсіздік танытты. Жерді бермекші.
  • Онда тұрған не бар? Қатысың қанша?
  • Түсінбейсің бе? Ол жерге біреулер барса, барлық косяктар шығады. Қанша сүйек жатыр. Бас сүйек те. Тез кету керек болып тұр.
  • Адам сүйегі ме?
  • Иә–иә! Өзіңде бола тұрып, ақшаларды жинап алу керек. Сататынды сатып. Сосын кететін жақты таңдармын.

 

***

Істің немен тынары белгісіз. Жарғақ құлақ тыңшылардың өздері «ойбай, не дейсің, адам өлгені расталыпты, үйдің астындағы жертөледе жоқтың бәрі бар екен, адамның басын спирттап қойған дейді» деген алып–қашпа әңгімелері болмаса, соңы немен бітерін, жердің пайдалану мақсаты өзгертіле ме, қоршауды алып тастай ма деген сұрақтарға жауап әзірге беймәлім күйде.

Ауыл тұрғындары сот болады екен, заңды бұзғандар анықталады деген сөзге қанағаттанып, жазықтылар жауапқа тартылар дегенге малдануға мәжбүр.

Жағдайды кім түзететіні белгісіз.

Туып–өскен жерінің қамын ойлап қазақтың ен даласын халықтың еншісіне қайтарар деп үміттенетін әкімнің өзі байтұл түгел, бас қайғы болып қызметінде қалмақ түгелі, істі болып кетпеуінің өзі екі–талай.

Жасмин өз әрекетіне қуанайын десе, алдындағыдай жаңа лептің серпілісін сағынышпен, желпіліспен қабылдағандай көтеріңкі күй емес немен тынар екен деген күдіктің салмағы артып кеткенін сезінуде. Жақынымның бірі ілініп кетпесін, айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылатын халге ұшырамасақ болғаны деген тұнжыраңқы сезім ауыл үстін қара бұлт болып еңселерін басып тастағандай.

Сергек күйден сылбыр күйге тез құбылып, бір сәтте жігерлері құм бола кеткенінің себебін түсінер емес.

Сергек сана көпшіліктің жай–күйін айқын сездіреді. Келген кезіндегі өмірлеріне ризашылық күйдегі, ашық–жарқын, кеңпейіл сезімге толы орта енді уайым–күдік ауылына көшкендей.

Бұған өзін айыпты сезінген Жасмин ешкім бетіне баспаса да кінә жүгін арқалаған сезімнен арыла алмай қойды.

Ашық сұрайын десе Жандос та өткендегі жағдайдан кейін ыңғайсыздана ма, еш жоламай кетті.

Ойға алғанын соңына жеткізбесетыным таппайтын қыз оғанкездесуді ұсынып, Қарлығаштан беріп жіберді. Сөз тарап кетпесін деп сіңлісіне ашып айтты, не себептіжолықпақ екенін. Қыста ауылда қаламын ба, әлде қалаға қайтамын ба, білмей жатырмын, одан бөлек ауылдағылар не деп жатқанын білгім келеді деді.

 

***

  • Көңіліме қарамай–ақ қой, расымен бәрін бүлдірдім бе, соны айтшы?
  • Неге? Жұрттың бәрі батыр деп шулап жатыр ғой.
  • Үйдегілер қоя сал деген еді. Жариялап жібергенім дұрыс болды ма, білмеймін. Тыңдамағаныма ұяламын. Бәрін бүлдірген сияқты сезінемін. Қырсық болмағанымда тыңдар едім ағамның сөзін.
  • Қырсықтық емес, қайсарлық қой.
  • Қызық осылай ойлағандарың. Осы күнге дейін қырсықсың деп айтып келгесін бе, турашыл, батырдесе, еш қабылдай алмайды екенмін.
  • Рас айтамын. Өзіңде өжеттік бар. Бұндайға екінің бірі бара алмайды. Білмеймін, сол кезде неге қолдамағанымды. Сужүрек емеспін, бірақ нәтижелі болатынына сенбеген едім. Босқа әуре боламыздеп ойладым.
  • Соны байқадым. Бәрінде де сенімсіздік көп. Өзім немен бітетінін білмедім, бірақ әділетсіздікке көнбес едім.
  • Біздер көндігіп кеткенімізді байқамай қалыппыз. Әділдікке бәріміз де құштармыз ғой. Өзің сияқты неге олай деп қарсы келу ойыма келмеген екен. Таптаурын пікірді бұза білетін. Тіпті беделге де, қызметіне де, жасына да қарамайсың ғой.
  • Психолог та екенсің ғой. Бәрін аңғарып қоятын. Негізі, шақырған себебім, соңғы сыныпты қайда бітіретінімді білмей жүрмін. Қалаға қайтып барайын ба деп. Шынымды айтсам, тағы бір жыл қалсам, мына ауылды көшіріп жіберетін шығармын, – деп күлді.
  • Жоқ, кетпе, – деп басып айтты. Сосын бірнәрсеге шешілгендей:
  • Ұнап қалдың, ертең байығасын өзім үйленемін саған, – деді. Сықылықтай жөнелген Жасмин:
  • Менің пікірім ешкімге маңызды емес пе? – деп таңқалды. Бірақ дауысы майысашыққанын өзі де байқады. Дәулет сыртынан иемденгенде қандай хақың бар деген асаулық сезім басым болған еді. Мына жерде керісінше жағып қалғандайма.. Батылдығын бағалады ма, алдымен қыздың жүрегін жаулайтын әрекет істемейсің бе деген жоқ.

 

  • Неге? Маңызды. Жүрегің бос емес пе әлде?

Ұстамдылығы, өзіне сенімділігіұнағанымен өз сезіміне сенімді болмағанқыз «мына жер керемет екен» депәңгімені басқа тақырыпқа ауыстыруға тырысты.

Оның үстіне танып–білмей жатып бұндай қадамға барған қаншалықты дұрыс деп түсіне алмады. Мінезімді жете білмейді де ғой деп өзінің кемшін тұсы туралы да ойлау керектігін ұғынды.

Қандай мұраның иесі екенімді білсе кетіп қалар ма екен деген күдігі де түртіп жатыр.

  • Жауап бермедің ғой?
  • Аяқ астынан недеп жауап бересің? Ойлану керек қой.
  • Ойланатын несі бар? Не тартпайды, не…
  • Білмеймін. Бұндай сұрақты күтпегесін…. Былай дос ретінде ұнайсың. Ал басқа жағынан ойламадым.
  • Жарайды, ойлан. Бірақ көп ойлана берме, Асан қария болып кетерсің, – деп соңын әзілге айналдырды.
  • Кім ол Асан деген?
  • Ауылда сондай қарт бар. Ақбастаудың ар жағында тұрады. Жалғыз өзі.
  • Жалғыз? Диуана данышпан ба?
  • Солай десе де болатын шығар. Балдары қайтыс болып, кемпірі дүниеден өткесін ешкіммен араласпайтын болып қалды. Таудың жетегіндегі үйде жалғыз.
  • Тамақты қайдан алады?
  • Өзіне жетерлік қой–ешкісі бар ғой. Қалған оны–мұнысын қой кезектегілер кезектесіп апарып тұрады.
  • Жарық, су ше?
  • Суды бұлақтан тасиды. Жарық қайдан. Генератор апарып берген. Бірақ қолданбайды. Майшаммен отырады.
  • Ешкіммен сөйлеспей ме сонда? Ондай адам ауышып қалатын шығар?
  • Керісінше.. Ойшыл болып кеткені рас шығар. Бірақ жақындарынан айрылып қалғасын өмірдің мәнін іздеп кеткен шығар. Намаз оқиды. Қайта біздің адамдар ақылын сұрап барып тұрады. Кеткеніне қаншама жыл болса да кімнің қандай екенін біліп отыр дейді. Соған қарағанда ойын түзеуге, терең ойлануға қабілеті ашылған болар. Бала–шағасына дейін қандайболатынын біліп қоятын көреген болып кеткен шығар.
  • Ауырса ше, не істейді?
  • Дәрігер іздеді деп естімеппін. Емдік шөптер көп қой, соны ішетін шығар. Әлі бақуат дейді ғой барғандар. Соған қарағанда Тибеттегі монахтар сияқты шығар. Қартаймайтын, үнемі жас болып жүретін тайпа бар дейді ғой.
  • Иә, оқығанмын. Бізде де сондайлар бар деп ойламаппын. Барсақ қайтеді?
  • Болатын шығар. Бірақ бүгін кеш. Ол үшін ертемен шығу керек.

 

***

Таңның суығынан үстіне жеңі ұзын ақ кеудешесін киіп, басына жұқа орамал тартып алған қызды жылы жүзбен күтіп алған жігіт те барынша тартымды көрінуге тырысқан сияқты. Басына жеңіл тақия, көйлегінің сыртына қазақи ою түскен жеңсіз күртеше киген. Үлпілдеген ақшаңқай киіміңдішаң баспасын деп алаңдамақ болғанымен жеңі саусағының ұшына дейін жететін киімнің қыздың көркін аша түскені сонша шешкенін қаламай қасында осындай сән иесінің болғанына кеудесі көтеріліп қалғандай.

  • Джехёнға ұқсап қалыпсың, – деген қызға:
  • Кім ол тағы? – деп жақтырмай сұрады.
  • Айдол ғой. Танымал әнші. Кореялық.
  • Қызтекеге ұқсайтын солардың несіне қызығасыңдар? Итеріп жіберсең құлайын деп тұр.
  • Харизмасы мықты ғой. Сәніне тіпті сөз жоқ.
  • Енді соларға қарап сәнденейік сол, – деген жігіт тырысып қалды.

Жексенбі күнгі таң сәріден теріскейді бетке ала шыққан екі жасқа сырласуға қолайлы кез туғандай.

Өткендегі тақырыпты өзі бастап қозғаған Жасмин көңілдегі күдігімен бөлісуді ұйғарды:

  • Үйленем дейсің, қандай екенімді білмейсің де ғой. Ағылшынша еркін сөйлегесін мұғалімдер жақсы оқиды деп ойлайды. Әжем де, үйдегілер де, бәрің де ақылды деп ойлайсыңдар. Ал мен болсам, мектепте сабақ оқымайтынмын. Тек өзіме ұнайтын нәрсені ғана интернеттен оқып аламын. Сосын бәрін біледі деп ойлайсыңдар. Негізі ештеңені жөнді білмеймін. Интернеттен тауып аламын. Ақылды деп ойлап жүргеніне ыңғайсызданамын, – деп сырын ашты.
  • Иә, интернеттен тауып алуға болады не іздесең де. Негізі бәрін баста ұстаған емес, керек ақпаратты қалай таба алған маңызды ғой қазіргі кезде. Уайымдама, қыздарға аса ақылды болу міндетті емес. Бір үйге бір ақылды жетеді. Ақшаны өзім табамын. Есесіне оттай жанып тұрсың.
  • Ол не дегенің?
  • Өткірсің деймін. Батыл.
  • Осыған таңқаламын. Осы күнге дейін сабақ оқымайсың, қырсықсың деп ұрсып келген еді. Ал сендер батыр деп мақтайсыңдар. Өзгерген өзім жоқ. Бірақ басқаша болып кетті, соны түсіне алмаймын.
  • Табандығың болмасасонша тексеруші келер ме еді? Батыл екеніңді білмейсің бе әлде мойындағың келмей ме?
  • Қорықпайтыным рас. Тек расымен қырсықтаумын. Өткен өмірім туралы білмейсің ғой. Анаммен жараспай, сосын үйден кетіп қалғанмын.
  • Уайымдама, менің де мінезім шекер емес. Бастысы бір–бірін түсінсе, кемшілігімен қабылдаса болды емес пе? Мінсіз кім бар дейсің.
  • Осы күнге дейін ешкіммен жақын достасып көрмеппін, Аминаны санамағанда. Сонымен ғана ашық сөйлесе аламын. Ал қалған достарымның бәрі шетелдік, олармен онлайн тілдесеміз.
  • Күшті ғой. Шетелде достарың бар ма сонда?
  • Қандай дос екенін білмейсің де. Шикі жастар. Мен сияқты, – деп күлді. – Олар еркін. Тым заманауи. Біреуі ғана ересек еді, сонымен жақын сырласатын едім. Тіпті анасымен де доспын. Жақында күйеуге шықты. Кімге шыққанын білесің бе? Естісең шошып кетесің. Достарымның бәрі сондай емес. Бірақ ол жақта көбі сондай. Оларға сөйтіпкөп айтатын шығар. Адам өз еркін шектемеу керек деп.
  • Кімге шығып жүр?
  • Мысыққа.
  • Есі дұрыс па? Сондай да бола ма? Әкесі не дейді? Шешесі жоқ па?
  • Әкесі жоқ. Ал ауытқуы бар ма, оны қалай айтсам екен. Басынан айтып берейін бе?
  • Ондайлардан аулақ жүрген дұрыс.
  • Жарайды, мен аулақ болайын, сен аулақ жүр. Бірақ олар содан жоқ болып кете ме? Негізі қандай жақсы қыз екенін білмейсің ғой. Тіпті анасы мысыққа шыққанына қуанған ғой.
  • Үй үшімен естері ауып кеткен біреулер екен да. Еуропада адамдар сондай дейді ғой. Не деген азғындық. Шешесі де қызды соған жеткізген.
  • Айтып берейін да енді, тыңдасай.
  • Сонда осындай көзқарасты қолдайсың ба? Анасы қуанды дегені несі? Бұл оның топастығы!
  • Соңына дейін тыңдай аласың ба?! Қолдаймын деп айттым ба? Иә, бізгеерсі. Бірақ олар солай өмір сүріп жатыр ғой. Біреулер аштан қырылып жатыр. Біреу Вилда сияқты. Кім сорлылау? Тыңдасай соңына дейін. Вилда іскер. Өзі әдемі. Анасы жалғыз баққан. Мен Вика деймін өзін, кәдімгі қыз, сөзінде, ісінде ауытқу жоқ. Тек осыған келгендебасы істемейді. Өзі мойындайды. Сұлу болғасын әртүрлі ұсыныстар айтады екен. Мазасы кетіпанасына «қабырғаға күйеуге шығамын» депті. Кәдімгі өз үйінің қабырғасына. Анасы әбден жылаған. Ең құрығанда ешкімге айтпа депті. Бәрібір тұрмыс құру керек деп соңында мысығын таңдаған. Өзім де Вилдадан сұрадым, неге адам емес, басқа жаратылысты таңдайсың деп. Қырсықтық болса, өзіңе ғана зиян келтіріп жатсың ғой, кімге нені дәлелдемексің деп. Ойланбады ғой дейсің бе, осы сұраққа келгенде миым істемейді, адам мен басқа жаратылыстың да айырмашылығын көре алмаймын, жан–дүниемнің қалауы мен үшін маңызды дейді. Анасының күнделігін көрсетті. Сақтап қойғанмын. Оқып берейін бе? Қазір гугл аудармаға салайын. Міне: «Қызымның бұл әрекетін түсіне алмадым, қазіргі қоғамға қарсы наразылығы ма, қарсылығы ма біле алмадым. Неге дәл менің қызымқоғам үшін жауап беру керек, неге өз өмірім құрбандыққа шалу керек деп Құдайдан көп сұрадым. Басында қабырғаға үйленемін дегенде ең құрығанда жанды ағашты таңдамады ма деп жылаған едім. Қазір енді мысық дейді. Не дейін. Осыған да бақыттымын. Қызымның таза да пәк екенін білемін. Психологтың да қабылдауынан шықпадым. Барлық сұраққа келгенде саналы түсіне алғанымен, үйленуге қатысты неге ойы мүлдем бөлек, айтқан сөзімді еш ұғындыра алмадым деп жыладым. Адам миының бір бөлігі ақауға ұшырағанда ол жағымен еш рационалды пайым шығара алмайтынын, тек жаны қандай болуына байланысты шешім шығаратынын түсіндірді. Жаны таза болғасын жанды–жансызды да, адамды да бірдей көреді екен. Бәрін де жақсы көретіні өзін адамдардан гөрі табиғатқа жақын еткен дейді. Адам мен басқа жаратылыстың арасындағы айырмашылықты саналы түрде ажыратуға келгенде миының дәл сол бір бөлігі жұмыс істемейді екен. Енді не істеймін. Өз тағдырымды да, қызымның тағдырын да қабылдаудан басқа шара жоқ. Өмірдегі қателіктерімнен басыма түскен зауал шығар. Қызыма барымды беріп тәрбиеледім. Мүмкін бұл ортадан алып кеткенім дұрыс пе еді. Бір жыныстылардың қатынасына деген қарсылығы да шығар деп ойландым. Бірақ әңгімелесе келе психолог мамандардың сөздері рас екенін, қызымның бұл сұраққа келгенде мүлдем пайым жасай алмайтынына көз жеткіздім. Қазір жансыз қабырғадан гөрі сөйлесіп, жағымды көңіл–күй сыйлай алатын мысық болғанына қуанамын. Осыған да қуанамын, бақытты боламын деп ойлаппын ба. Бірақ тағдырымды қабылдаймын. Қызым ешкімге тұрмысқа шықпай өтсе де, өмір бақи мүгедек болып өтсе де қабылдар едім ғой. Алқазір жаны таза, көрікті де сымбатты, мейірімді, шаруақор балам бар. Таңдауын қабылдадым. Таңдауы жансыз қабырғадан жанды мысыққа ауысқанына бақыттымын».

Ал енді осыған не дейсің?  Бәрін өлтіріп, қырып тастау керек пе? Кім ақымақ? Не ішем, не кием деп алаңдамайтын солар ма, әлде өз жеріне иелігі жоқ біздер ме?

  • Ақымақ болсақ та, адам болып қалғанымыз артық. Ақылды сол шешесі ме? Екі сорақылықтың арасынан тәуірлеуін таңдады деп соған мәз.
  • Сонда біз де, олар да ақымақ болғандарымыз ғой.
  • Біздің ақымақтықты жөндеуге болатын шығар, олардікін қайдам…

Сөйлесе келе олар жапан түзде жалғызсырап тұрған шошала киіз үйге келіп жетті. Жандос жылқыларды атаағашқа арқанын кең тұсаулап байлаған соң ердің артқы қапталындағы қанжығаға байланған қоржындыиығына салыпқостың көлеңкесінде шыбық жонып отырған қарияға беттеді.

Алыстан «Ассаламағаләйкүм!» деп дауыстап сәлем бере қолынан алып амандасты.

«Уағаләйкүмсәләм» деп сәлемін алған қауғадай аппақ сақалды қарт сымбаты жарасқан екі жастың әләугімнен жүргеніне таңырқауын білдірмеді.

Тізесін бүктеп қасына жайғасқан бозбала кімнің ұлы екенін айтып, Жасминның де жөнін жеткізе отырып, «әкем беріп жіберген еді, қажетіңізге жаратарсыз» деп қоржынды үйдің қапталына қалдырып, ішіндегі дәмдібөлек шығарып, үйге кіріңдер деген қарттың артынан ере үйге кірді.

Құйып берген ағарғанды тоқтамастан сіміріп алған жігіт «ана құрылғыны орнатып берейін» деп сыртқа шығып кетті.

Жеке қалғанын пайдаланып қалған қыз көкейдегі сұрағын қоюға шешілді.

  • Ата, өзіңізден бәрі сұрайды екен. Мен де сұрайыншы деген ем. Қаладан екенімді айтты ғой. Мінезім өзгермесе де бұрынғыдайістегенімді осы жақта мақтап, ал қалада неге ұрысып келгенін түсінбеймін. Бұрын қырсықсың десе, қазір қайсарсың дейді. Бұрын бір нәрседе қатып қалсам, сірескен деп ұрысса, осындағылар табандысың деп мақтайды. Неге бір нәрсені екі түрлі бағалайды?Соны түсіне алмаймын.Ұрсысып қала бергесін, өзгерейінші десем детүк болмайтын. Ал енді келіп мақтайды.Сонда бұрынғыдай қала беруім керек пе? Бірақ ол мінезім өзіме де ұнамайтын. Енді не істейтінімді білмеймін.
  • Е, қарағым, қалада қайшылықтар көп қой. Мына бейқам жатқан даладағыдай емес, неше түрлі тегеуріндер арпалысқан жер. Тоқтауға, жан–жағына қарауға мұршасы жоқ адамдар. Біреудің көңілі түгелі өз ішіне қарауға шамасы жоқ. Қиғаш ойлар шиелініскен жерде біреудің мінезі басқаның тар аумағына салмақ түсіреді. Ой дегенің өз күйімен қосақтала жүреді. Ауыр салмақтағы күй адам көңілін жоғарыға көтерткізбейді. Сондықтан көбі тар өрісте сыйыса алмай жүр. Кеңістікке самғау үшін көңіл көкке көтерілу керек.Сонда өрісі кеңейеді. Ол үшін сананы шектеулерден босату керек. Керексіз ойдан арылып.

Алған бетіңнен қайтпайтының бұл жақта игілікке жараған болар. Құдай бекер әртүрлі етіп жаратпаған ғой адамды. Әр мінездің керек жері болады. Қайсарлығың іске асқан болар. Керек істе. Бірақ не нәрседе де шектен шықпаған дұрыс. Орта жолды ұстана біліп. Жайшылық уақыт қайсарлықты емес, кеңдікті қажет етеді. Тыныштық кезде қайсарлық мінез артық, қажетсіз әрекетке әкелдіреді. Мінезді де, қабілетті те игілікке жарата алмасаң сор болып тиеді. Қыз баласына жұмсақтық игілік әкеледі. Қасыңдағы адамның қайсарлығын оятсаң қосарланған күш қиястық шегіне кетіп, екі жақты да жаралайды. Мінезін игере білген үлкен қуатты игергені.

  • Содан қорқамын. Ашуымды ұстай алмаймын.
  • Қамықпа. Қыз баланыңжаратылысы жұмсақ. Қайтымы тез, иілгіш келеді. Адамын кезіктірсе, күштемей өзі–ақ көнеді.
  • Соны да сұрайыншы деген едім… Екеуі бар.. Көңіл білдірген дейін ба. Қайсымен достасуын білмеймін. Екіншісін тыңдай алатын сияқтымын. Өйткені Тимурдыңөзімсінгеніне жыным ұстайтын. Ал мынаумен керісінше. Бұрын қызғансасенімсіздік деп ашуланушы ем. Қазір ұнайтын сияқты..
  • Өз адамыңды сезе білесің. Тыңдауға, бағынуға әзір екеніңді. Таңдауыңды жасаған сияқтысың ғой.
  • Сол ғой. Бірақ соған уайымдаймын. Мінезімді білмейді. Расымен нашар. Бұндай мінез Тимурғаөкінішті емес сияқты. Ә десең, мә дейтін бір–бірімізге сайма–сай сияқтымыз. Ал Жандос жақсырақ мінезге лайықты сияқты.
  • Азамат мықты болса өзі тәрбиелеп алады. Мысы мықты жігітке қыздың өзі бағынады. Мәселе сыртқа көрсететін мінезінде емес, іштегі рухы жоғары болуында. Қыздыкі мықты шықса, басында бағынғанымен, өмірдің текпе–тезегінде әлсіз рухты басып кетіп, бағынудан шығады.
  • Сонда қыздар батырлау ма?
  • Кейбір еркектің рухы басылып, ұйқыда жатуы мүмкін. Күйеуінің басын төрге сүйрейтін әйелі болмақ. Ерінің рухын оята білсе бақытын сақтай алғаны.
  • Ойланып көрейін айтқаныңызды… Сосын тағы сұрағым келгені бар еді. Анаммен ара қатынасым нашар. Соны жөндегім келеді. Туған шешем емес. Өткенде сіңлім оның жағдайын айтқаннан кейін кешіре алатын сияқты болдым. Бірақ сөздерін естісем қайтадан бұрынғы күйіме түсем бе деп қорқам.
  • Қай сөзі өзіңе аса бататыны?
  • Білмеймін… Түк істемейсің дегені шығар..
  • Нені істемейсің дейді?
  • Әрнәрсені айта береді ғой. Үйді жинамайсың, сабақ оқымайсың, болмайтын нәрселерді сатып ала бересің. Кітап, дәптерлерді. Бәрі бекер жатыр, жазбайсың, оқымайсың дейді.
  • Бұлармен келіспейсің бе?
  • Оқу керегін өзім де білемін. Әдемі дәптерлерді сол үшін сатып аламын. Қызығып, сабақты оқи бастаймын шығармын деп. Жетінші сыныпта бір жағдай болды. Ауыр тиген. Содан кейін сабақты тастап кеттім. Мектепке кеттім деп күнұзақ дүкен, парктерде жүретінмін. Содан бері сабаққа үлгере алмаймын. Оқығым келмейді. Мектепке әшейін барып, келемін. Сабақтар еш қызық емес. Өзіме ұнайтын нәрсені оқығым келеді. Өзіме қызық нәрсені.
  • Жаныңа жағатын нәрсеге көңіл аударғың келгені жақсы–ақ. Ендеше анаңның айтқан сөздері рас болғаны ғой.
  • Иә, бірақ неге соған ұнайтын нәрсені істеуім керек? Өзі үйді жинай береді. Тынымсыз бір нәрсе істей береді, нәтижесі бар ма, жоқ па, бәрібір сияқты. Басқалар да сондай болу керек дейді.
  • Анаң өмірде өзіне көмектескен ақыл–кеңесімен бөліседі ғой. Шаруақорлығы қиыншылықтардан алып шыққан шығар.
  • Иә, сіңлім де айтқан. Оны әжесі бір орында отырғызбайды екен.
  • Адам өзінде барымен ғана бөліседі.
  • Оны түсіндім ғой. Сондықтан кешіргім келеді. Бірақ кертартпасың десе қайта ашуланып кететін сияқтымын.
  • Е–е. Реніш дегенді жүректен мүлдем алып тастамаса қиын. Түбірі қалып кетсе,ұнамсыз қылығын көргендеұштығы қайта тұтанып кетеді. Бір әрекетін кешіргеніңмен басқа қылығы ашу туғызады. Кешірімді болу кеңдікті талап етеді. Кешірімді болу бір адамға ғана қатысты емес, барша адамды кешіре алатын күйге жету. Адамды қателігімен, кемшілігімен, күнәсімен бірге қабылдау. Адам не үшін ренжиді? Жанды жеріңе тигесін.Сол үшін алдымен өзіңдегі жараны емдеуден бастау керек. Дертті жеріңді емдеп болғасын қабылдау аяң кеңейе бастайды.
  • Қалай сонда емдеймін?
  • Алдымен ауруды табу керек. Қандай сөз ауыр тиетінін. Бар түйін сонда. Айтылған сөзді саралап барып қабылдаған дұрыс.
  • Қалай сонда? Айтылған сөзге байланысты не ашуланасың, не қуанасың ғой.
  • Сөзді өзіңе бағышталған дәм деп қабылда. Бірден жұтып қоймай, жарты жолдан қағып алып үйрен. Ол не ащы, не тұщы болуы мүмкін. Нендей пайда әкелетінін өзің шешесің. Ащы сынды ескерту деп қабылдасаң әжетіңе жарайды. Қалай бағалайтының тек өз еркіңде. Бұл құқыңа ешкім қол сұға алмайды. Жақсылыққа жоримын, жақсы жағын табамын деп ниеттенсең, міндетті түрде табатын боласың.
  • Ақымақсың десе ше?
  • Керек емес дәмді қабылдап қайтесің. Қоя бер. Біреу көңілі болмай теріс сөйлесе, оған ілесіп қайтесің? Жан–жағыңдағы адамның бәрін жөндеймін дегенің әурешілік болып қалады. Өзіңді жөндей алсаң, олар өзіңе қарап жөнделеді. Жаралы адам басқаның жарасын қалай емдесін.

 

***

 

Қу мекиендегі жалғыз үйді көште тастап кетіп бара жатқандай сезімде болған екеуі әлсін–әлсін арттарына қарап қояды.

  • Неге алып кетпейміз? Ата бізге керексің десек келеді ғой, – деген Жасминның іші аласапыран күйде еді.
  • Иә, бұндай ақсақалды төрге шығарып, тіпті әкімге кеңесші етіп қойғанда қазіргі күйге түспес еді. Барлық сұрақтарға жауап бере алар еді ғой, көрдің бе?
  • Иә, бәрін біледі. Бірақ ешкімге керексіз. Неге?
  • Ертіп келетін жақыны жоқ қой. Ара ағайынның қолына барғысы келмеді. Өз күнімді көре аламын деп.
  • Жүк болғысы келмеген шығар. Бірақ керісінше ата тұрған үйге жақсы болмас па еді?
  • Айтпа, сол шаңыраққа береке келер еді. Үйіне күнде адам келіп. Бәрі соларды қадірлей бастар еді. Кейде қолдағыны бағалай алмайтын сияқтымыз. Сонау жерден келеді ақыл сұрап. Бірақ қалай қайтып кетіп жүр? Кері қайтсақ қайтеді? Барып ертіп алайық.
  • Кімнің үйіне апарамыз?
  • Біздің үйге.

Талпынған ниеттері жүректерін алабұртқызып, немен аяқталарын білмесе де көңілімен көкте қалқыған қос қарлығаш үміт пен сенімді арқалай құйындата шаба жөнелді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *