ЖАЗУШЫ ТӨЛЕГЕН ҚАЖЫБАЙДЫҢ СЫРЛЫ ӘЛЕМІ

Алтыншаш-сайтка

Алтыншаш ҚҰРМАНАЕВА,
Көкшетау қаласы, №1 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мұғалімі

 

Көкшетау – атам заманнан сал-серілер мен ақын-жазушылардың қасиетті отаны. Бұл киелі шаңырақтан талай ақын-жазушы түлеп ұшқан. Бүгінде олардың өзені жаңа таланттармен толысып жатыр. Бірақ көкше елі ешқашан өткен ақынның хатын ұмытқан емес. Керегесі биік өлкенің халық аңсаған жазушысы – Төлеген Қажыбай. Қазіргі таңда жазушы қатарымызда жоқ… Қара шаңырықтың тізгінін ұстаған, әке аманатын сақтаған, ғылым пәлсапасына құлаш сермеген, ардақты оқытушы, дарынды ғалым Аян Төлегенұлынан біз жазушының жұмбақ өмірі жайында сұхбат алуды жөн көрдік.

 

Төлеген ҚАЖЫБАЙ

(1942-2020)

 

– Қаламгерлік жаспен өлшенбейді. Бірақ жастайынан шығарма жазып, әлемге әйгілі жазушы атанғандарды естіп те көріп те жүрміз. Көкшенің көрнекті жазушысы Төлеген Қажыбайдың қаламгерлік жолды таңдауына не себеп болды?

 

– Біздің өсіп-өнген рухани топырағымыз аса құнарлы болды. Атамыз Қажыбай, оның ағасы Жақан екеуінің апасы Бәди, менің ұлы атам, есімдері аталған үшеудің туған әкесі Сыздық, оның қайын жұрты аты мәшһүр Қанайдың бір бұтағы Бапан бидің қай-қайсысы болса да қара сөзде дес бермес жорға, жүйрік, өлеңде өрісі кең, шабысы ширақ бір-бір тұлға еді.

Ұлы атамыз Сыздық Төлемісұлы орта дәулетті болса да, ел арасында беделді, көп оқыған, өз жанынан өлең шығара білетін, айтқыр, аңшы, сері, құсбегі кісі болған. Ол тұрымтайдан бастап тұйғынға дейін ұстап, бір атқанын жаза баспаған мерген адам. Ел жуандарының ырқына көнбей, өзін төңірекке сыйлата білген, барынша әділ де адал жан. Сондықтан да болар, революцияға дейін де, революциядан кейін де, бірнеше дүркін ауылнай сайланыпты. Оның бұл қызметті қалай атқарғаны туралы алыптар тобындағы ірі жазушы Сәбит Мұқановтың деректі автобиографиялық «Өмір мектебі» трилогиясында ізгі сөздер айтылған. 1920 жылдардағы байлар мен ақ бандылар көтерілісі кезінде Көкшетау болысының 8 ауылнайынан тек біреуі ғана, Кеңес өкіметі жағында болғандығын, оның Сыздық екендігін айта келіп, Сәбең бұл кісінің сөзге шешен екендігіне, адал да іскер адам екендігіне тоқталады. Сыздық ақсақалдың болашағынан мол үміт күткен баласы болашақ ақын Жақанмен сонда сырттай танысқанын да романда тілге тиек етеді.

Ұлы атам Сыздық, тағдырдың жазуымен үш әйел алған адам.

Бірінші әйелі Қанай бидің Бапан атты баласының қарындасы Сәми еді. Содан атамыз Қажыбай, оның ағасы ақын Жақан, апасы Бәди туған. Екінші әйелінен Хажымұрат (Хажымұрат Сыздықов көрнекті қаламгер, кәнігі аудармашы, Брест қамалының тұтқыны – А.Қ.), Бердімұрат және Күнтай туған. Үшінші әйелінен ұрпақ болмады.

Әкем Төлеген ұлы атамның соңынан еріп, ауыл үйді аралайтының еміс-еміс есіне алып, ағынан жарылып айтушы еді. Тым жас болды. Сыздық атасы бесігің тербетіп отырып:

«Құдай қойса бұл қалқам тоқсан жасар,

Есігінен кетпейді ғарып-қасар.

Қатындар Төлеген деп қойып еді,

Бір аты бұл қалқамның ашу басар», – деп әндететінің марқұм әкеміз жие айтушы еді. Жобасы, сұрапыл Ұлы Отан соғыс майданында шаһит кешкен Қажыбай атамыздың орнына келген деп топшалап, әкемізден жұбаныш тапса керек.

«Жақанның шешесі Сәми де ел ішінде беделді адам болған, айт-тойларда айтысқа түсіп, айтқырлық, тапқырлығымен көзге түскен адам», – дейді ауыл мұғалімі Ғазиз Әбішев. Атам Жақанның нағашы жұрты атақты Бекболат Қанайұлының ұрпақтары, өз нағашы атасы Бапан би болғанын жоғарыда айттым. Жақанның:

«Арғы атам Қанай батыр ту байлаған,

Бауырын Зерендінің ен жайлаған», – деуі осыдан.

Атам Қажыбайдың серілігі мол, әнші, ақындығы бір басына жетерлік адам еді деседі көз көрген көпшілік. Туған ауылы Қарағаш, басшылық жасаған Ортақ, Қызылтаң, Күсеп төңірегінде жиналмай ауыздан-ауызға көшіп жүрген өлеңдері бір қыдыру. Әйгілі Үкілі Ыбырайдың соңғы шәкірті болған. Ал, Бәди апамыздың аузынан жазып алған қос дәптер өлеңдерін әкеміз ықтияттап сақтап қала алмағанына қатты өкінетін. Бәди бір төрттағанында:

«Ғиззатлу Жақан бауырым жаздым Сізге,

Болды деп көзден таса, күдер үзбе.

Жүргенді сауық-сайран сағынамын,

Жайлауда не бар, не жоқ білдір бізге», – деп келуші еді.

Төлеген әкем ұлы атамыз Сыздықтың бауырында өсті. «Қаз басып жүруге жарағаннан қасынан қалдырмай жүретін», – деп еске алушы еді. Сол кезде Қарағаш ауылының түстік батысына таман шеттеу отыратын Дүйсен деген құрдасының үйіне жиі барып, әңгіме-дүкен құрысатын ұлы атамның Дүйсенмен қара сөз емес, өлеңмен қағысып, мәре-сәре болғанын талай көз көрген әкеміз сұрап қалғанда айтатын. Өлең дегенде ішкен асын жерге қояр Дүйсекең де қаражаяу емес:

«Сары ойбайды салып едің,

Үш қатынды алып едің,

Бір шапан, бір ешкіге

Ақсақ бүркіт алып едің,

– Мә, Шәкітай деуші едің.

Сыпыра алып пышақты,

Жидіп қалды деуші едің», – деп бастырмалататын. Атайдың үш рет үйленгені де екінші әйелі Көкектен белгілі аудармашы, қаламгер Хажымұрат, інісі Бердімұрат және Күнтай туған, ал үшінші әйелі Мәриям шешеміз құрсақ көтермеген, саятшылыққа ерекше құмарпаздығы да рас.

Әкемнің «Сексен көл сылдыры» атты өлеңдер мен поэмалар жинағына көлемді алғысөзін жазған көрнекті ақын, халық жазушымыз Мұзафар Әлімбаевтың: «Тектілік – өнер атаулының, парасат пен кісіліктің түп қазығы, Төлеген әйгілі ақын Жақан Сыздықовтың бауыры. Қажыбай – Жақанның туған інісі. Төлеген нағашы жағынан Бапан бидің жиеншары. Екі жұрты да – ауыз өнерінен есе мол тиген ата… Әрі ақын, әрі әнші, әрі сері Қажыбайдың баласы – Төлеген тәрбиесі де мәйекті болғанын оның өнікті қалам қайраты қалтқысыз дәлелдейді-ақ!» – деген сүбелі ой-толғамы өзіңіз сұраған қаламгерлік жолды толық меңзеп отырған жоқ па? Осындай өнерлі ортада өмірге келген Төлегеннің ақын-жазушы болмауы, тылсым табиғаттың сырын терең білуге ұмтылмауы мүмкін емес еді…

 

– Кейде жазушылар балалық шағы жайында жазып жатады. Мәселен, белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев өзінің «Бір өкініш-бір үміт» атты шығармасында жас қаламгерлерге кеңесті бас кейіпкер диалог арқылы берген еді. Жазушы Шеген мен Райбек әңгімесінде: «Тіпті, тақырып таппасаң, бала күніңді жаз, бала күн деген – жазушының таусылмайтын шикізаты» деген еді. Бұл пікірмен қаншалықты келісесіз? Ардақты жазушы Төлеген Қажыбайдың балалық шағы жайында сыр толғасаңыз? Балдәурен шағы қандай болған еді? Біз біле бермейтін бала күнгі естеліктерін айтып өтсеңіз…

 

– «Бес түп қана қара ағаш,

Орман бопты бұ күнде!

«Ақ дөңгіл» үсті сән, көрік,

Аңқиды исі гүлдің де.

Кідірме, маған «Қарағаш»,

Артыңа қарап алаң боп.

Жырламау маған жарамас,

Туған соң сенің балаң боп!»

Иә, кезінде қазақ алыптары, қазақ әдебиетінің майталман хас шеберлері, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттермен үзеңгі қағыстыра бірге қызмет еткен, елім деп, жерім деп өткен Жақан атамыз, қазақтың көрнекті ақындарының бірі – Жақан Төлемісұлы Сыздықов өзінің ата-мекені, туып-өскен жері – Қарағаш ауылы жайлы осылайша тебірене жырлаған. Қарағаш – со тұстағы облыс орталығы – Көкшетаудан жетпіс-жетпіс бес шақырымдай жерде орналасқан өзі іспетті Ортақ, Тапшыл, Аймақ және Жарқайың сияқты елді мекендердің бірі еді. Былайғы ағайын, оларды «Даңқой елі» деп те атайды. Атығайдың Дәулетбегінен Таттыбай, Бақтыбай және Атабай есімді үш ұл туса, Қарағаш ауылының тұрғындары негізінен осы Атабайдан тарайды…

Қарағаштың қасқа жолынан аттанған, сөйтіп қазақ әдебиетіне алғаш соқпақ салғандар қатарына қосылып, ХХ ғасырдың ұлылары шоғырынан сүбелі орын алған Жақан атамыз еді. Осы қасиетті жолдың өрісін әкем қал қадерінше, шама-шарқынша ұзартып келді.

Аса көрнекті жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының «Еңбек ардагері», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстанның құрметті журналисі», Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет» орденінің, «Тіл жанашыры» Құрмет белгісінің, Білім және ғылым дамуына сүбелі үлес қосқан, көпжылғы адал еңбегі үшін «Айрықша еңбегі үшін» медалінің иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Қажыбай Төлеген Сыздықұлы 1942 жылы желтоқсанның 12 жұлдызында бұрынғы Көкшетау облысы, Чкалов ауданына қарасты Қарағашауылында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы, Қарағаш ауылы) дүниеге келген. Өз туған ауылы осы өңірдің көнекөз шежірелері, қариялардың жадындағы көптеген аңыз-әңгіме, қисса-дастандар, ауыз әдебиетінің небір тамаша үлгілері болашақ жазушының әдебиетке барар алғашқы баспалдақтары болды. Төлеген Қажыбай бала шағынан жыр әлеміне қанаттандырар, нәр алар қайнар көзі бастау бұлағы – өзінің немере ағасы, қазақтың белгілі ақыны Жақан Сыздықов болды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, болашақ ақынға немере ағасыныңөнердегі өнегелі жол поэзиядағы биік үні қатты әсер еткен.

Төлеген Қажыбайдың маңдайына мынау жарық дүниенің есігін ашу мерзімі кешегі сұрапыл сұм соғыстың нағыз жан беріп, жан алысқан шағы – 1942 жылға дөп келіпті. Ес біле сала көргені соғыстан кейінгі жадаулау тұрмыс тірлігі үшін тырманған ел, тырмысқан жұрт, яғни өз ауылдастары. Қанды қырғыннан аман оралған жауынгерлердің дені жаралы, мүгедек дегендейін. Ал өз құралыптылардың көбінің әкелері, ағалары сол соғыстан оралмады. Әкесі Қажыбай Сыздықұлы қан майданға аттанып, Ленинград түбінде 38 жасында шейіт болғанда, Төлеген іште қалған үш айлық нәресте екен. Топырағынан жұлып әкеп тастаққа екен тал секілді, жел өтінде жетімсіреген талмау тірлік басталады. Көзін тырнап ашар-ашпастан әкесінің кім екенін, оның қамқорлығын көрмей өсті. Алайда, «жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар» дегендей өмірдің ащы-тұщысын қатар арқалап, өзін алға сүйреп, ұмтылудан жаңылмаған. Жастайынан ауызы дуалы Сыздық қарттың тәрбиесінде болып, қисса-дастандарды, батырлар жырын, әндер мен айтыстарды, шешендік сөздерді жаттап өсті. Мектеп жасына келгенде өзі де ақын, қазақ әдебиетінің білгірі Ғазиз Әбішевтің ақыл-кеңесімен көркем әдебиетке деген құштарлығы арта түсті. 1956 жылы атасы қайтыс болғаннан кейін ауылдағы жеті жылдық мектепті тәмамдаған Төлеген Көкшетауға келіп, пансион-интернат атанған №3 орта мектепке оқуға түсті. Әдебиет пәнін сүюге тәжірибелі ұстаздар Ажар Жәкенова, Ақлима Шынғожина, Рахима Есжанова, Жаңылсын Аушахмановалар берген сабақ дәрістері игі әсер етті. Қиын-қыстау жылдардағы балалық шақ Төлегенді ерте есейтіп, сезімтал, өмір сырын ерте аңғартуға себепші етті.

Мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде-ақ болашақ ақынның алғашқы өлеңдері қабырға газетінде, баспасөз беттерінде жариялана бастады.

Тырнақ алды үш ауыз өлеңі «Қазақстан пионері» газетінде 1957 жылы жарияланған. Қаршадайынан қара сөздің қадірін біліп, қасиетін түсініп, байыптап, бағалап өскен Төлеген Қажыбай қолына қалам алып, бұла ойларын бұлжытпай қағазға түсіріп, аудандық, облыстық газеттерге жолдайды.

Ақын болам деген ұлы арман, үкілі үміт Төлегенді Алматыға қазақ білімінің қара шаңырағы Абай атындағы педагогикалық институтқа алып келеді. Қызығы да қуанышы мол студенттік жылдар оның қаламгерлік талабын ұштайды. Есейе келе өрелі ойлары өлең болып өріліп, республикалық мерзімді басылымдарда жиі жарияланады.

 

– Төлеген Қажыбай атамыз туралы автобиографиялық роман жазғысы келгендер болды ма? Болса, кімдер қолқа салған еді? Қай қаламгерлерді атап өтуді жөн көресіз?

 

– Өмірбаяндық туындылар автордың өзінің тарапынан жазылушы еді ғой. Әкемнің өзі хақында жазған романы жоқ. Ол жайында жазып отырған немесе келешекте жазғысы келген қаламгерлер бар деп естімедім. Әкемнің көркем поэтикасын, жазушылық шеберлігін, шығармашылық зертханасын арқау еткен әдебиетші Дәулет Оспановтың «Тағылым» монографиясы мен Ж.Мусин атындағы қазақ жоғары педагогикалық колледжінің ұстаздар ұжымы шығарған «Ғибрат» мақалалар жинағы және әр жылдары жазылған дипломдық жұмыстар мен рецензиялық мақалалар бар.

 

– Жазушы Төлеген Қажыбай өлең жанрын да қалам тербеген асыл қаламгерлердің бірі. Поэзияның тілін меңгеруде кімдерден тәлім алды? Сол жайында айтып өтсеңіз. Өзіңіз қай өлеңін сүйіп оқисыз?

 

– Жылт еткен талант көзі ашылу үшін де, әрі оның жетіліп, ірі тұлғаға айналуы үшін де қоғамдық-әлеуметтік ортаның тигізер әсері орасан. Орасан ғана емес, тіптен бірден-бір шарты десек те болады. Кез келген қайраткерді өсіретін де, өшіретін де – сол. Бүкіл кемшілігін, ел тіршілігіне тигізген кесапатын тергіштеп, қанша даттап, ғайбаттағанымызбен, кешегі кеңестік дәуірдегі ғылым мен мәдениетке, өнер мен әдебиетке айрықша жасалған қамқорлықты жоққа шығару қиянатпен тең. Қатаң идеологиялық бақылау үстемдік еткені де, ал дарабоз таланттар оны айналып өтудің жолын табуға тырысқаны да рас. Амалсыздың күнінен жасалатын бұл әрекет – шеберлікке жетелейтін жол болғаны да шындық. Соның өзінде, дәл осы кезең қазақ мәдениетінің де, әдебиетінің де күрт дамыған «алтын дәуірі» болды.

Осындай қарама-қайшылығы мол заманда қазақтың әдеби көркем ойының небір айтулы ірі тұлғалары өсіп-жетілді. Біреулер таза шығармашылық жолда еңбек етіп, қазақ көркем ойын жалаулатып көтерсе, енді бірі шығармашылық еңбегін қайраткерлікпен ұштастырып, «дертпен тең сөз өнерінің» даму мүмкіндігін жасап беруге күш-жігерін қоса жұмсады. Осылай дәуір жүгін қара нардай қайыспай арқалап, әрі мәдени қайраткерге, әрі әдебиет пен журналистиканың көрнекті тұлғасына айналған адамның бірі – Төлеген Сыздықұлы Қажыбай.

Төлеген Қажыбай – заманымыздың бір заңғар тұлғасы. Ол жөнінде сөз айту кімге болса да оңайға түсе қоймас. Өйткені, Төкең өзі бір әлем. Әкемнің көркем мұрасы, қоғамдық, журналистік қызметі туралы пікір білдіріп, еңбек жазғысы келген әрбір адам бұрынғы айтылған сөз, жазылған дүниелерді қайталағысы келмей, тың жол тапқысы келетіні де табиғилық. Оған қоса Төлеген Қажыбайдың өзінің әлем, қазақ тарихының әйгілі тұлғалары мен өнер адамдары, замандастары, осы заманның, біздің қоғамның құбылыстары, бағыт-бағдары туралы толып жатқан ой толғаулары да, публицистикалық шығармалары да елге белгілі. Өндіріп, өнімді жаза білген хас суреткер туындыларының көрінісі көркемдігімен, кейіпкер бейнелері шежірелі шешендігімен, оқиғасы тарихи деректілігімен қатар өріліп, өсиет-нақыл сөз, дидактикалық-философиялық сарындағы ой дариясының тұңғиығына жетелейді. Төлеген дарыны мейлінше ғибратты дарын. Оның кеңістігінің өзінен ұғымтал көкірекпен жіті көз адуын өнердің, тынымсыз еңбекқорлықтың, талғампаз сөз зергерінің мінезін көреді. Ала сызықтың ар жағында өмір кешкен қаламгер, марқұм Төлеген Қажыбайдың қоғамдағы феномені – оның толассыз ізденгіштігі мен зерттеушілігі, сол қазынасын жиылған жүк ұқсатып тең-тең етіп қоймай, түйдек-түйдегімен оқырмандарына, еліне, жұртына тасқындатып төгіп жатуында жатса керек. Сондықтан да жазушының көркем я деректі публицистикалық еңбектерінің қай-қайсысы болсын, оқырманын бей-жай қалдырған емес. Қоғамның елеулі оқиғасы, құбылысы болып, еніп жатты.

Төлеген Қажыбай туралы сөз айтуға талпынсақ – оның қайраткерлік қызметінің кең ауқымдылығы мен тұтас тұлғасының жан-жақты, көп салалығымен бетпе-бет келетініміз хақ. Біразын айтып көрсек, Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, ақын-жазушы, аудармашы, драматург, журналист, көсемсөзші, қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің майталман маманы… Міне, осы айтылған анықтамалардың әрқайсысын бір-бір зерттеу мақалаға немесе тар қауызға сыймаған таланттың өнегелі жолы, өрісті шығармашылығын кең қамтыған арнайы диссертациялық еңбекке арнаса да болар еді. Яғни, қазақ руханиятының кесек бітімінің бірі Төлеген Қажыбай еңбегінің әр саласы тарау-тарау зерттеулер мен құлаш-құлаш мақалаларға арқау боларлық.

«Мен тіршілігі өзінің туындыларымен сәйкес келмейтін, үндес шықпайтын жандарды жек көремін» – дейтін Роберт Шуманның мейлінше қарапайым пікір-толғанысының терең мәні бар. Өйткені, әдебиет пен өнерде, білім мен ғылымда мұның бірталай шындығы аңғарылады. Әсіресе, бәз-баяғы «шала Шекспирлер мен толмаған Толстойлардың» (М.Әуезов) күнделікті өмірдегі фарисейлік іс-әрекеттері осының айғағы. Неміс халқының ұлы композиторы Шуман пікірінің кереғар полюстегі сипатын, біздімше, сөз жоқ Төлеген Қажыбай өмірі мен қызметі мейлінше әдемі, мейлінше шынайы, мейлінше шыншыл дәлелдейді. Өйткені, заңғар тұлғаның бүкіл тіршілігі, мағыналы ғұмыры өзінің барша еңбектерінде керемет бүртұтастықта, ғажайып үндестікте, теңдесі жоқ дара күйінде көрініс тапқан. Бұған Төкеңнің шығармашылық жолын, көркемдік танымын, эстетикалық-этикалық көзқарастарын және әсіресе ыждаһатты қаламгерлік ізденімпаздық қырларын айтсақ та жеткілікті. Соңғысы, әрине, құнары мол арнайы зерттеудің сүбелі сыбағасы болса керек.

Бұл ретте, шекпен-шапан жоралғысынан дәметкен аузы уәлі беделділердің де кей-кейде қармаққа түсіп қалатыны ешқандай тосын жаңалық емес. Себебі, кешегі тоқырау кезеңінде асқынғандығы сонша аспандап кетіп, жерге түсе алмай кеткен талай алғысөз, талай сәт сапар, жалпылдақ рецензиялар тәрізді баталардың «девальвацияға» ұшырағаны жасырын сыр емес. Мұндайда осындай батагөйлердің «таңертең туып, кешке өлетін өлең» (А.Тоқмағамбетов) жазатын рифмоплёт ақындардың, немесе: «көлемі көш-құлаш болғанымен тобық жасырар тереңі жоқ жайдақ су» (З.Қабдолов) проза жазғыш графомандардың қатарына қосылып кеткеніне кейде еріксіз қынжыласың. Мұны сезінбеуден асқан бишаралық, мұны уәлікке балаудан асқан тасырлық-күпірлік, сірә, жоқ шығар. Дегенмен, мұның бәрі енді бір ретте, шынайы талант, дара тұлға Төлеген Қажыбай сияқты нағыз суреткер жайында айтылған тұста әрқашан шырқау биіктік, асқақ пафос, ғаламат патетика болып шығатыны заңды әрі дәтке қуат.

Сөйте тұра шынайы талант, ғажайып тұлға Төлеген Қажыбай тұлғасы несімен ерекше? Мейлінше нақтылай түскенге, мейлінше тобықтай түйіп жеткізуге ұмтылғанға не тең келсін? Осы орайда, қайткен күнде де сұхбатымыздың лейтмотивіне, мазмұнына, міндетіне сәйкес құлақ күйін кілтін таптық дейік. Ал соның өзі бәрібір көзі ашық, көкірегі ояу, қиялы қанатты, сезімі сергек, мұраты асқақ қалың оқырманның оябынан табыла қояр ма екен?! Сонымен тәуекел түбі – желқайық дегендей Төлеген Қажыбайдың бүкіл болмысын анық әрі тұтастай жұп-жұмыр қалпында, образды түрде өзімізше жеткізуге, соны өзімізше дәлелдеп шығуға тырысып көргенге, сәті түсіп жатса, оқырман ойынан көрініп, жеңіс ұпайын алғанға не жетсін?

Меніңше, осы тұрғыдан келгенде, Төкең керемет ақын. Ол – осынысымен сирек, осынысымен қымбат құбылыс!

Сарабдал сынға, парасатты пайымға, азат сезімге, дегдар рухқа жүгінсек, Төлеген Қажыбай қалай десек те ұлы суреткер! Өйткені, оның өзінен кейінгілерге, келер ұрпақтарға мұрасы – күнәсіз қағазға күнәсіз ой құйған, мың жасаған ұғымдай тамырлы сөз, жүз жасағандай саз төккен, табиғаттай құлпырса да, табиғаттай қайталанбайтын, өлмейтін ой, сөнбейтін сезім, тәңірлік тылсым тіл дарыған көркемдік әлемі осының айғағы.

Төкеңді поэзия әлеміне әкелген өзінің ағасы ақын Жақан Сыздықов деп жоғарыда айтқан едім. Әкемнің сүйіп оқыған, үйреніп, жол сілтеген ақындардың ішінен орны алабөтендер сөз жоқ, Хакім Абай, Мағжан, Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Қадыр Мырза Әлі, Кәкімбек Салықовтарды айтар едім.

Әкемнің өзіме рухани азық болар, сүйсініп һәм тамсанып оқитын өлеңдері көп-ақ. Соның бірі, мәселен «Жындар биі»…

Ақынның өлеңдері өмір – тіршілік, уақыт – заман, адам – қоғам, кемел пәлсапа толғайтын лирикалық әуендері арқылы бүгінгі заманның тыныс-тіршілігін бейнелеп, адамгершіліктің нұрлы сипаттарын, туған жердің сұлу да ғажайып табиғатын, мөлдір махаббат пен адал достық жайлы тереңнен тебірене ой толғап, шабыттана жырлайды. Халқымыздың ұлы перзенттері Абылай, Кенесары, Наурызбай, Шоқан, Абай, Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Сәкен, Мағжан, Ғабит, Мәлік, Ғафу сияқты ұлтымыздың ұлық тұлғалары, жасын рухты жампоздары автор жырларының алтын арқауына айналған.

Тұңғиық тереңдік, қанатты қиял, тың теңеу, тосын тұжырым, оқыс ой тұнған тамаша жырлар – бірегей болмысты ақынның адуын талантына айқын айғақ.

Бітімі тұтас, өрімі әрлі, тілі нәрлі, ғибраты мол ақынның өлең жырларыпоэзия сүйер қауымның еш өкілін бейжай қалдырмайтындығы ақиқат.

 

–Қаламгер атамыздың жазудағы ең басты ұстанымдарының бірін айта кетсеңіз.

– Бұл ретте, талантпын деп, әлі танылмадым деп таңды-таңға ұратын, таусылмайтын жылаңқы әләуләйімен өзін де әрі өзгелерді де әрқашан мезі ететін және тіпті кейде еріксіз таскерең болуға мәжбүр ететін әр алуан деңгейдегі ақынсымақтар мен журналистсымақтар ортамызда жетіп артылады.

Бірақ бұлардың қатары түгіл, қапталында да асыл әкешім Төлеген Қажыбай еш уақытта болған емес. Соған кәдімгідей мақтанамын!

Талантпын деп, әуелден танылдым деп таңды-таңға ұратын, алайда атақ-мансап атаулыны тергіштеп жинаудан, тізбелеп түгендеуден әсте жалықпайтын және бұл аз десеңіз жартымсыз жарыстар мен жамыраған мүшәйралардан жартыкеш жүлделерін жырымдап алудың жырындылары да ортамызда жетіп артылады.

Бірақ бұлардың қатары түгіл, қапталында да абыз көкешім Төлеген Қажыбай еш уақытта болған емес. Соған кәдімгідей сүйсінемін!

Суреткерлік өзімшілдік пен суреткерлік астамшылықтың жоғарыдағы вирустық дерттері қаншама жұқпалы, қаншама қатерлі болғанымен, алайда соған мейлінше төтеп беретін, дарын-талантымен уызынан жарыған санаулы суреткерлердің қайсар да күрескер иммунитетінің өзі-ақ әдебиеттің, тәрбиенің, көркем ортаның, эстетикалық атмосфераның шынайы тазалығын, айқын жолы мен биік нысанасын, адамзаттық озық мұраттарын кіршіксіз сақтауға, әдебиет атты жанды да тірі организмнің ми мен қан айналысындағы сезім болмыстарын, парасат бітімдерін табиғи өміршең қалпында сақтауға шексіз мүмкіндіктер береді. Міне, осындай санаулы суреткерлердің сирек қатарында әкемнің тегеурінді ізі мен турашыл мінезі, руханият көшін бастаған сара даңғыл жолы қаланғандығы даусыз шындық, талассыз ақиқат…

 

– Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романына сүйенсек, жаугершілік заманда Шыңғыс хан төрт ұлына сардарбег жайында өмірлік ақыл айтыпты. Ұлдары әкелерінің сөзін жерге тастамай, ғұмырларының соңына дейін орындаған көрінеді. Төлеген атамыздың сізге ғылым мен әдебиетке қатысты қалдырған өшпес өсиеті бар ма? Нені жадта мықтап сақтау керек деп еді?

 

– Поэзия, проза, драматургия деп аталатын айтулы өнерлердің ғасырлар бойы шұбала жылжыған көш-керуені бойында қадау-қадау қалған бүгінгі алыптарының ақтық өкілі, «Могиканның соңғы тұяғы» – қайран әкешімнің көз жұмғанына тура үш жыл болды. Өлеңді өмірім, прозаны тағдырым, драматургияны бақытым деп түсінген ақынның аласұрған сезімтал жүрегі мәңгілікке тыныс тапты. Біз бүгінгі тірілер сол үшін де аза тұтамыз, сол үшін де қара жамылып қайғырамыз.

Темір өзек пенде жоқтығын сезсек те төлеген ақынның ноқталы басын өлімге, қасиетті рух билеген текті тәнін қара жер құрсағына қиғым келмейді. Бірақ тағдыр тезі, өлім құзыры осынау азалы да қаралы шаққа шөкелете шөктіріп әкеліп, еріксіз мойындатып тұр.

Әлқисса, Төлеген Қажыбайдың өлмес ғасыры, рухани өмірі басталды… Ол – оның қаламынан қалған қасиетті әдебиетіміздің тарихы мен тағдырын толғаған құнарлы туындыларының ендігі жерде ұзақ жылдар қалың елімен, қалың қазақ оқырманымен бірге жасай беретіндігі. Ол оның өлең, жыр-дастандарында, прозалық, драмалық, публицистикалық бай бағылан әдеби мұраларында, сандаған тәржіманың шаңын сіліккен саңлақ жүйріктігінде, Сіздер мен біздердің көңіл төрінде тұрақталып қалған жарқын бейне, жасампаз рухында…

Дей тұрғанмен, «Ол – көкте, мен – жердемін». Екеуміздің де жерде жүргеніміз күні кеше ғана еді ғой. Жалған дүние-ай! Оның бұл беймаза тіршілікпен мәңгі қош айтысып кеткеніңе тура үш жыл өтсе де, Әке мен үшін әлбетте тірі. Затыңа аты сай, мінезі де кең, заманы да кең еді. Поэзия әлеміндегі өз салмағың терең түсінгендіктен, өлең оқығанда арқасы қозып, бәйгенің алдын бермейтін асау тұлпардай тықыршып, бір орында тұра алмай, дауысың жаңғырып, дүниенің бәрін ұмытып, кейде дана, кейде бала сияқты мінез көрсетуші еді. Соның бәрі санадан сыпырылып ұмыт бола бастапты-ау. Өйткені, «Ол – періште, мен – пендемін». Себебі, біз сияқты екі аяқты саналы тіршілік иелерінің алдында пендешілік атты тосқауыл тұр.

«Адам өлді, құдай-ау, адам өлді,

О бейшара ажалға қалай көнді?!

Кеудесі алтын сандық асыл жанды,

Пенделер қара жерге қалай көмді?», – дейтін ақын жырындағы жанайқайына ешқандай комментарийдің қажеті жоқ. Осынау шағын да шымыр, шалқар да ширақ, шаңқан да шабытты, шемен де шерлі, шуақты да шырынды, ұлардың шырылындай сирек те таза, ширыққан да шыншыл ақын сөзіне қалайша сүйсінбейсің!

Әкемнің өзіме темірқазық етер өсиеті мен аманаты маған қалдырған бай бағылан кітапханасы еді. Кітапты кеміріп оқып, астарына үңілуді үйретіп кетті. Сол принципшілдікті әр кітапты қолыма алған сайын мықтап ұстанамын. Марқұм әкем бәз біреулер ұқсап, «сен өйт, сөйт, мынаны істе, мынаны істеме, мынадай оқуға түс, т.т.» сияқты дүмбілез «ғибраттама, өсиеттерден» бойын аулақ ұстаған. Үйдегі бес балаға таңдау еркіндігін берген. Мен журналистикаға түсемін дегенде, еш қарсылық білдірмей қатты қуанғаны әлі есімде…

 

– Жазушы мұрасын насихаттау-келер ұрпақтың парызы. Қазіргі таңда Төлеген атамыздың шығармашылығын ұлықтау бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

 

– Әкемнің 80-жылдығына орай Мәдениет Басқармасы мен Ішкі саясат Басқармаларының қолдауымен Ақмола облысында, соның ішінде облыс орталығы Көкшемізде үш жүзге таяу мәдени, ағарту іс-шарасы ұйымдастырылған еді. Сол шаралардың бәрінде басы қасында болдым. Бұйыртса, енді екі жылдан соң қаламыздағы көшенің біреуіне әкемнің атын бермекші. Әкімшіліктің қолдауымен дәстүрлі жазба ақындар арасында «Төлеген оқулары» өтеді деп жоспарлануда.

Өзі тұрған үйдің іргесіне мемориалдық тақтайды орнаттық.

Ең маңыздысы, қыруар еңбегімнің ең сүбелесі әкем қайтқалы бір жарым жыл бойы тірнектеп, тәптіштеп жинаған поэзиялық, прозалық, драматургиялық, аудармашлық және публицистикалық шығармаларының «Таңдамалы жеті томдығын» құрастырып, әзірлеп баспадан шығардым. Бұйыртса осы айдың аяғында «Таңдамалы шығармаларының» тұсаукесерін де өткізерміз.

Атқарылған қомақты іс-шаралардың бір парасы осылар…

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *