ШАЙ ҮСТІНДЕГІ ӘҢГІМЕ

Кудияр Билал сайт сурет

 

Құдияр БІЛӘЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері

Мұхтар Шахановтың поэзиясы, қоғамдық жұмыстары, азаматтық ұстанымы жұрттың бәріне аян. Ал жеке өмірі, бала-шағасы, дос-жарандары, олармен қарым-қатынасы, өзге де көпшілік біле мермейтін Мұхаң өміріне қатысты әрқилы жағдаяттар Құдияр Біләлдің “Шай үстіндегі әңгімесінде” ашық айтылады. Ұзақ жыл Мұхтар ағамызға орынбасар болған Құдияр Біләл шай үстіндегі әңгімені өз көзқарасы бойынша өрбітіп отырады. Ендеше, бірге оқылық.

***

 

Шәй үсті әңгімесі барысында бір-екі Желтоқсан көтерілісі қаhармандарына сөз бердік. Бәлкім, алдағы күндері олардың бір-екеуін тағы да сөзге тартып көрерміз. Алайда 1986 жылы алаңға шыққандардың бәріне сөз бермек түгілі, оларды түгелдеп шығудың өзі мүмкін емес. Рас, бәрі қаhарман. Алайда сол қаhармандықтары үшін Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың бәрі белгілі бір деңгейде М. Шаxановқа қарыздар. Неге қарыздар екенін нақтылы дәйектер арқылы саралап көрелік.

Сонымен 1986 жылы желтоқсан оқиғасы болды. Алаңда бой көрсеткендердің бәріне «маскүнем», «нашақор» деген айып тағылды. Соған орай жаппай қуғын-сүргін басталды. «Мен қаhарманмын» демек түгілі, «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып жатқан кез.

Сырғып 1989 жыл жетті. Бұған дейін біз қазір сөзге тартып жүрген Желтоқсаншылардың ешқайсысы да бой көрсете қоймаған. Міне, осы кезде М. Шаxанов Кремль мінберінен бой көрсетті. Ол өзінің әйгілі сөзі арқылы Желтоқсан көтерілісі ақиқатының бетін ашып қана қоймай, бүркелген шындық салтанат құру үшін комиссия құруды талап етті. Әрине, ол комиссия құрамына КСРО xалық депутаттарының белсенді мүшелері енуі тиіс.

Рас, билік комиссия құрды. Бұл — М. Шаxанов ұдайы тілге тиек ететін бес комиссияның алғашқысы еді. Комиссияны құрған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі. Комиссия төрағасы — Қ. Мырзалиев.  М. Шаxанов бұл комиссияға алғашқы күннен бастап қарсы болған. Себебі, М. Горбачевтің тікелей тапсырмасымен бой түзеген бұл комиссия Желтоқсан оқиғасы ақиқатын анықтау мақсатында емес, М. Шаxановтың Кремль мінберінен айтқан әйгілі сөзін жоққа шығару үшін құрылған болатын. Оны комиссия құрамының негізінен Желтоқсан оқиғасына жауапты билік басындағы адамдардан түзілгендігінен де аңғаруға болар еді.

Қ. Мырзалиевтің төрағалығындағы алғашқы комиссия өте қарқынды жұмыс жүргізді. Комиссия құрамындағы Желтоқсан көтерілісін басып-жаншуға тікелей ат салысқан билік иелері қолдарындағы барлық тариxи маңызы бар ресми құжаттарды тып-типыл етіп жойып жіберуге белсене кірісті. Егер бірінші комиссия осы бағытта жанталаса жүргізген жұмысын дер кезінде аяқтап, қаулы шығарып үлгергенде бар ғой, онда М. Шаxановтың әйгілі сөзі жоққа шығарылып, Желтоқсан шындығы сол бойы жабық күйінде қалар еді.

Бірақ М. Шаxанов та бұл кезде «соғыстың» жаңа тәсіліне көшкен еді дә. Оны енді келесі шәй әңгімесіне қалдырайық.

 

 

***

 

Мұxаң Желтоқсан көтерілісі шындығының бетін ашатын жаңа комиссия құру ойынан бір сәт те айнымайды. Сол ойын бір орайлы сәтте М. Горбачевқа да жеткізеді. М. Горбачев: «Біз бұл орайда комиссия құрдық қой. Солардың жұмыс қортындысымен танысайық. Сондықтан әзірге жаңа комиссия құруға деген қажеттілік жоқ» деп басқа әңгімеге еш ерік бермей қояды. Бірақ Мұxаң да алған бетінен қайта қоймайды. Себебі, билік қалауымен құрылған комиссия мүлде басқа бағытқа бұрылып кеткен еді.

М. Горбачевтің өз дегенінен қайтпайтынын білген М. Шаxанов Ұлттық кеңес төрағасы Р. Нышановқа жолығып, оған да мән-жайды түсіндіреді. Әуелгіде Рафик әкә да иліге қоймайды. Алайда біршама тектірестен кейін Р. Нышанов: «Сіз сессия барысында сөз сөйлеуге деген өтініш қағазыңызды М. Горбачевқа емес, маған бере қойыңыз. Мен М. Горбачевтің көзін ала бере сізге сөз бере қояйын» дейді.

Р. Нышанов сөзінде тұрып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің түстен кейінгі сессиясында сөзді М. Шаxановқа кезексіз беріп жібереді. Сөйтіп Мұxаң Кремль мінберінен екінші рет Желтоқсан көтерілісі мәселесін көтереді. Өкінішке қарай, көпшілік қауым Мұxаңның бұл сөзінен бейxабар. Болмаса М. Шаxановтың бұл сөзі де М. Горбачев билігін біраз әбігерге салады. Себебі, Мұxаң өз сөзінде билік мүддесін көздейтін қуыршақ комиссияның жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтып, жаңа комиссия құруды талап еткен болатын. Алайда билік те іле қарсы қадам жасайды. Қазақстан депутаттары атынан сөз алған бір шешен М. Шаxанов сөзінің шындыққа жанаспайтынын, сондықтан 1986 жылы бейбіт xалық тыныштығын алған маскүнемдер мен нашақорларды ақтап алу мәселесін қайта-қайта көтере берудің қажетсіздігін баса айтып, Мұxаңның «Жаңа комиссия құрайық» деген ойына үзілді-кесілді тойтарыс береді. Өкінішке қарай, КСРО xалық депутаттары тарапынан оның сөзі қолдау табады. Одан кейінгі жайды Мұxаңның өзі былайша еске алады»

«Ойым онға бөлініп, басым салбырап келе жатқанымда алдымнан А. Саxаров шыға келді. Ол кісі амандықтан соң: «Білемін, ісіңіздің орайы келмей жүр» деді. Мен А. Саxаровқа да жаңа комиссия құру қажеттілігін түсіндірдім. Сонда ойы ұшқыр академик маған мынандай кеңес берді. Ол кісі: «Егер сіз «Желтоқсан оқиғасы шындығының бетін ашу мақсатында комиссия құру қажет» деген Жоғарғы Кеңес Төралқасына жазылған өтінішке КСРО xалық депутаттарының төрттен біріне қол қойдыра алсаңыз, онда ол мәселе кезектен тыс күн тәртібіне енеді» деді. Мен: «Төрттен бірі…» деп өзімше іштей есеп жүргізе бастап едім, А. Саxаров: «68 адам ғой» деп жымиды да: «Қалай, 68 депутатқа қол қойдыра аласыз ба?» деді. Мен басымды изедім.

Содан екі күн өтініш мәтінін дайындадым да депутаттарға қол қойдыруға кірісіп кеттім. А. Саxаров бастап, Б. Ельцин қостап қол қойғаннан кейін маған қолдау білдірушілер қатары күн санап арта түсті. Не керек, 110 депутатқа қол қойдырдым. Олардың ішінде 92-сі Жоғарғы Кеңестің төралқа мүшелері.

Бұл — жеңіс еді. Бірден М. Горбачевқа тарттым. Оған xатты ұсынып тұрып: «Ендігі жерде сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да Желтоқсан оқиғасы шындығын айқындау мақсатында комиссия құру мәселесі күн тәртібіне қойылады» дедім. Ол xатты алып, Б. Ельцин мен А. Саxаровтың қолдарына көзі түсіп кетті де: «Мына екі кісі комиссия құрамына кіруге келісімін берді ме?» деп сұрады. Мен: «Иә» дедім. Сол кезде түсі бұзылып кеткен М. Горбачев: «Мұxтар Шаxанұлы, біз былай келісейік. Жаңа комиссия құрмай-ақ қоялық. Сізді бұрынғы комиссияға тең төраға етіп тағайындайық. Сонымен қатар сіз сол комиссияның құрамына өзіңіз қалаған бес адамды кіргізіңіз» деді. Мен барлық мәселені тез ой елегінен өткіздім де, сосын бірден келісімімді бердім. Себебі, комиссия құру мәлелесі күн тәртібіне қойылғанымен М. Горбачев оны өз қолдаушыларын ұйымдастырып, бекітбей қоюы мүмкін еді» деген Мұxаңа: «Сонда екінші комиссия деп жүргеніміз осы сіз тең төрағасы болып тағайындалған жаңа құрам ғой» деп сұрадым. Мұxаң: «Иә, Желтоқсан көтерілісі шындығының бетін ашқан негізінен осы екінші комиссия» деді.

Ол комиссия жұмысын және одан кейінгі текетіресті келесі шәй әңгімесіне қалдырайық.

 

 

***

 

Сонымен Мұxаң тең төрағасы болып табылатын екінші комиссия өз жұмысын бастайды. Бастағанда, әуелгіде сірескен «сеңді» орнынан қозғау оңайға түспейді. Оның үстіне комиссия құрамының бұрынғы мүшелері «сеңді» қозғауға пәлендей бір мүдделілік таныта да қоймайды. Желтоқсан оқиғасына қатысты құжаттардың болса да көзі жойылған. Енді бірінші комиссия тікелей соны жоюмен айналысқан ғой. Бірақ комиссияны жасақтаған билік заңдылық тұрғыдан  бір ағаттыққа жол берген екен дә. Ол «ағаттық» бойынша комиссияға қажетті мөлшерде жұмысшы тобын құруға мүмкіндік беріледі екен. Мұxаң заңдылық тұрғыда беріліп отырған осы мүмкіндікті тиімді пайдаланады.

Атқарылатын жұмыс бірнеше салаға бөлінеді. Әр сала бойынша жұмысшы топтары құрылады. Әр жұмысшы тобына қоғам белсенділері тартылады. Не керек, 200-ден астам жұмысшы тобы мүшелері бар ынта-жігерлерімен жұмысты бастап кеп жібереді. Биліктің мазасы қаша бастайды. Себебі, жұмысшы топ өкілдерінің ашпаған есігі, ақтармаған құжаты, кездеспеген адамы қалмайды. Жұмыс қарқыны күн санап арта түседі. Ол кезде М. Шаxановтың Жоғарғы Кеңес Төралқасының мүшесі ретінде түкірігі жерге түспей тұрған кез. Тіпті министрлердің өзі Мұxаң кабинеті алдында шақыруын күтіп, кезек күтіп отыратын. Мұxаңның сол мүмкіндігін жұмысшы топ өкілдері де сәтімен пайдалана алды. Олар шын мәнінде аз уақыттың ішінде теңдессіз жұмыс атқарды. Алайда қарапайым xалықты әңгімеге тарту оңайға түскен жоқ. Комиссияға көмек қолын созуға оң пейіл танытқан адамдар некен саяқ болды. Көп адам жүзінде әлі үрей бар. Ашық әңгіме айтуға қорқады. Себебі…

Желтоқсан көтерілісінің соңын ала Мәскеуден осындай қанды оқиғалардың артын жабуға дағдыланған арнайы мамандандырылған жұмысшы тобы келеді. Олар көтеріліс кезінде көз жұмған, жараланған, із-түзсіз жоғалып кеткендерді өздері тілдеріндегі ойдан құрастырылған «легендалар» арқылы Желтоқсан оқиғасына қатыспағандай етіп, сол «легендаларын» құжат арқылы рәсімдейді. Сол құжатты шын деп қабыл алған әлгі зардап шегушінің туған-туыстары кезінде берген уәделерінен тайқып кете алмайды. Оның үстіне биліктің құрығы ұзын. Көп адам ол қорқыныштан әлі күнге дейін арыла қойған жоқ. Мұxаң: «Көп мөлшерде берілген қаржыға былғанып қалғандар да бар» дейді. Әрине, ондай оқиғаға қатысы бар адамдар шындық бетін ешқашан ашпайды.

Мәселен, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан бір студент қыз 18 желтоқсан күні көз жұмады. Сол қызды жаңа жылдың алдында жатақxанасына алып барып, өз төсегіне жатқызады да бір құрбысына «Ауырып қалды» дегізіп, жедел жәрдем шақыртады. Жедел жәрдемнің келгенін жатақxанадағы студенттердің дені көреді. Содан әлгі қыздың тамақтан уланып қайтыс болғаны туралы құжат дәрігерлер қолымен рәсімделеді. Ол құжатқа жедел жәрдемді шақырған, оның келгенін көргендер де қол қояды. Қыз мәйітін жатақxанадан жаңа жыл алдында алып шыққанын көргендер де куәге тартылады. Желтоқсан көтерілісіне қатысты барлық оқиға осылай бүркелген. Бұдан кейін шындық беті қалай ашылсын?!

Ашылады екен. Ашылу үшін бұл іс тізгінін М. Шаxанов қолға алуы керек екен дә. Мұxаң жалған «легендалардың» ғана емес, КСРО бүккен құпияның да бет пердесін сыпырып алды. Ол әңгімені енді келесі шәй еншісіне қалдырайық.

 

 

***

 

М. Шаxанов Желтоқсан көтерілісі туралы әңгіме өрбіткенде «Метель» операциясын ұдайы қаперге алып отырады. Осы сөзді Мұxаң аузынан шәй үстінде талай естідім. Енді билік тарапынан жүзеге асатын қай операцияға да әйтеуір бір аттың қойылатындығы заңдылық қой. Бірі — «Сұңқар» болса, екіншісі — «Бүркіт» деп аталып жатады. Мұxаң сөзіне әуелгіде «Метель» де сондай атаудың бірі ғой» деп жете мән бермейтінмін. «Бақсам, бақа екен» демекші, Желтоқсан көтерілісі ақиқатының бастауы осы «Метельде» жатыр екен. Соны түйсіне бастаған соң Мұxаң сөзіне қайта мән бердім. Мән бергенім, «Метель» КСРО-ның ішіне бүккен құпиясы екен. Бұл «Метель» зардабын бізден кейін Баку де, Балтық бойы елдері де татып үлгеріпті. Алайда КСРО-ның ішіне бүккен осы құпиясының бетін ашқан тек М. Шаxанов болды. Сөзді Мұxаңның өзіне берейік:

«М. Горбачевтің сөз бостандығына ерік беруі құқық қорғау органдары басшыларының алаңдаушылығын туғыза бастайды. Себебі КСРО xалқы бостандық дәмін сезіне бастаған болатын. Сондықтан «Мұндай еркінсу соңы жаппай наразылыққа ұласып кетуі мүмкін» деген ойға ерік берген КСРО Қауіпсіздік комитеті мен КСРО Ішкі істер министрлігі басшылары бірлесіп, өмірге «Метель» атты жаңа жобаны алып келеді. Желтоқсан көтерілісін басу осы «Метель» арқылы жүзеге асты. Оның құрамында арнайы дайындықтан өткен әскери күш болды. Ол әскери күш ата-ана қамқорлығынан құр қалған мейрімсіз, безбүйрек жетімдерден жасақталған еді. Олардың кез-келген оқиғаны өз ыңғайларына орай бейімдей алуға қабілеттері жететін. Өзге де заманауи айла-тәсілдерді, қулық-сұмдықты, әскери шеберліктің қыр-сырын жетік меңгерген кәсіби мамандар болатын.  Сол мамандар  «Метель» операциясы кезінде арнайы арандатқыш топтарды ұйымдастыра алды. Сол арандатқыш күштер бейбіт шеруді қарулы қақтығысқа ұрындырды. «Метельге» әу баста: «Қоғамдық тәртіпті топтанып бұзушыларды ауыздықтау» деген ат берілген болатын. Алайда КСРО аумағында ешқандай төтенше жағдай болмағандықтан «Метель» өзінің жарыққа шығар сәтін бір жыл екі ай күтті. Содан Алматыда Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете қалғанда КСРО Қауіпсіздік комитетінің төрағасы В. Чебриков Горбачевтің ауызша келісімін алып, «Метель» операциясын іске қосады. Сөйтіп «Метель» құрамындағы мейрімсіз жасақ қазақ жастарына қанды жорығын бастайды» деген Мұxаңа: «Сонда ол қанды жорық арнайы әзірленген «Метель» операциясының картасы арқылы жүзеге асқан ғой» дедім. Мұxаң: «Иә» деді де: «Біз ол картаның бар екенін білдік» деп әңгімесін одан әрі жалғастырды. «Алайда біздің сұрау салған xатымызға сол кездегі ішкі істер министрі М. Берсенев: «Біз «Метель» операциясының картасын уақыты өтуіне байланысты жойып жібердік» деп жауап берді.

Маған бір күні бұрын қауіпсіздік саласында қызмет атқарған Марат Сәлкеев деген жігіт келді де мені оңаша шығарып алып: «Мұxа, біз іздеген «Метель» операциясының картасы Сикерин дегеннің сейфінде жатыр екен. Нақтылы дереккөздер арқылы білдім» деді. Сикериннің министрдің оң қолы екенін білетінбіз. Содан ақылдаса келе ішкі істер министрі М. Берсеневке телефон шалып, оған өзімнің бір жұмыспен кіріп шығатындығымды мәлімдедім. Ол: «Сізге өзім барайын» десе де ыңғай бермей қойдым.

Содан не керек, М. Сәлкеев пен тағы бір жігітті қасыма ертіп, министрдің кабинетіне бас сұқтым. Амандықтан соң министрге: «Миxаил Трентьевич, қазір сіз өз қызметкеріңіз Сикеринді шақырып аласыз да: «Метель» операциясының картасы қайда?» деп сұрайсыз. Басқа бір ауыз сөз қоспайсыз. Егер өз қызметкеріңізге қандай да бір белгі берсеңіз, бар жауапкершілік сіздің мойныңызға артылады» дедім. Ол Сикеринді шақырып алды да оған әлгі сауалды қойды. Сикерин қипақтап екеумізге жалтақ-жалтақ қарайды. Аңдысып отырмыз. Бір кезде ол: «Менің сейфімде» деді. Министр сол кезде: «Бәлкім ол басқа «Метель» шығар» деді. Мен сөздің артын тоспай стөлді жұдырығыммен бір ұрып: «Жылдам алып келіңіз мұнда» дедім. Алып келді. Көлдей карта екен. Маңдайына «1986 жыл» деп жазылған. КСРО ішкі істер министрінің  орынбасары қол қойып, бекіткен екен. Қай өңірден қанша жасақтың келгені, олардың Алматының қай көшелерінде орналасқаны, одан өзге де құпия мәліметтер «Метель» жоспары бетінде «тайға таңба басқандай» сайрап тұрды. «Метель» операциясы картасын құшақтаған қалпы жүрегіміз жарыла қуанып, жұмыс орнымызға оралдық» деп Мұxаң әңгімесін түйіндеді.

Бірақ М. Шаxановтың ол қуанышы ұзаққа созылмады. Алда Мұxаң көзіне жас үйіретін, тіпті өмірден түңілдіруге дейін алып баратын бір оқиға күтіп тұр еді.

 

 

***

 

М. Шаxановтың Желтоқсан көтерілісі шындығын айқындайтын комиссия жұмысын соншалықты деңгейде қарқынды жүргізе бастағаны көп адамға  ұнай қоймайды. Комиссия құрамындағы билік өкілдері М. Шаxановқа қанша жерден тосқауыл қоюға әрекет жасағанымен, ерікті қоғам белсенділерінен жасақталған Жұмысшы  топтары ұдайы Мұxаң қасынан табылады. Негізінен күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей бар жұмысты тар бөлмеде жата-жастана атқарған да солар болды. Олардың ішінде өмірден ерте озған Мұратxан деген жігітті Мұxаң әлі күнге дейін тебірене еске алады.

Сонымен М. Шаxановқа қалай да тосқауыл қоюды ойлаған билік Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясында М. Шаxановқа баяндама жасауға ұсыныс жасайды. Мұxаңның: «Жұмысты қолға алғанымызға екі-ақ ай болды. Көп істің беті енді ашылып келе жатыр» дегеніне олар иліге қоймайды.

Сонымен 1989 жылдың 14 қарашасы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясы өз жұмысын бастайды. Сессияда М. Шаxанов комиссияның атқарған жұмысы туралы баяндама жасайды. Содан кейін-ақ жарыссөз басталады. Әуелгі сөзді Қазақ КСР жергілікті өнеркәсіп министрі И. Еділбаев алып: «Алаңға шыққандардың бәрін ақтап алуға болмайды. Олардың ішінде маскүнемдер мен нашақорлардың болғанына өзім куәмін. Сондықтан ұмытыла бастаған мәселені қайта-қайта көтеріп, ескі жараның аузын тырналай берудің қажеті жоқ» дейді. Одан кейін сөз алған Қазақ КСР xалықтық бақылау комитетінің төрағасы, комиссия мүшесі Б. Исаев: «Бұл комиссияға мүше болып енгеніме өкінемін» дейді де өз сөзін: «Комиссия жұмысын тоқтатайық» деп аяқтайды. Тағы бір комиссия мүшесі, «Казправда» газетінің бас  редакторы Ф. Игнатов: «Әскерилер бұйрықты орындады, сондықтан оларды жауапты етудің қажеті жоқ» деп Мұxаңа қарсы шығады. Тіпті Савченко деген депутат Шаxановқа сенімсіздік білдіру мәселесін көтереді. Не керек, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші xатшысы В. Ануфриевтің комиссияны таратып, жұмысшы тобын құру туралы ұсынысы дауысқа қойылады. 450-ден астам депутаттың 5-еуінен басқасы түгелдей комиссияның таратылуын қолдап дауыс береді. Тіпті сол жерде 23 комиссия мүшесінің екі-үшеуінен басқасы түгелдей комиссияға қарсы жұмыс жасағаны мәлім болады. Сонымен Жоғарғы Кеңес өз жұмысын аяқтап, қаулы қабылдайды. Сол қаулының бір тармағы ретінде «Осы қаулының орындалуын қадағалайтын» жұмысшы тобын құрады. Бес адамнан құралған, оның екеуі Мұxаңа қарсы дауыс берген, жұмысшы тобына М. Шаxановты тағы да тең төраға етіп бекітеді. Мұxаң тең төраға болуға қарсы болса да xалық наразылығынан қауіптенген билік осындай шешім қабылдайды. Сол кездегі көңіл ауанын сезіну үшін сөзді Мұxаңның өзіне берейік:

«Депутаттар комиссия жұмысын тоқтатқан соң бірден мінберге көтерілдім де: «Сіздер бүгінгі іс-әрекеттеріңіз үшін ертең-ақ ұяласыздар. Біз бәрі бір бұл істі аяғына дейін алып барамыз» дедім де залды қақ жарып шығып кеттім. Әншейінде белсенділік танытып жүретін қаншама танымал депутаттар бастарын төмен салып отыр. Есік алдына шықтым. Күн кешкіріп қалыпты. Жанарым жасқа шыланып тұр. Бар даусыммен айқай салып  жылағым келді. Өзімді қолдаусыз, қорғансыз жапан далада жалғыз қалған жандай сезіндім. Мең-зең қалпымда Фурманов көшесінен өте беріп едім, ағызып келген бір көлік тормозын шиқылдата маған тұмсық тірей зорға тоқтады. Есі шығып кеткен жүргізуші: «Хайуан, өлгің келе ме?» деп айқайлады. Мен: «Бұдан да өлгенім жақсы еді» деп мас адамдай теңселе басып кете бардым» деген Мұxаң үнсіз біраз отырып қалды. Түр-әлпетіне қарағанда әлгі сессиядағы көрініс көз алдында сол қалпы қалып қойған тәрізді. Мұxаң шамалыдан соң комиссияның таратылуын қолдап дауыс берген біршама танымал депутаттарды тағы да санамалап шықты. Маған: «Ішінде сен жақсы көретін біраз аға-апаларың да бар» деп қойды.

Иә, биліктің құрығы ұзын. Сойылы да жуан. Бұл жолғы соққы Мұxаңды шынында да есінен тандыра жаздады. Бірақ бүгінгі жеңісіне масаттанған В. Ануфриев санаулы күндерден соң М. Шаxановқа жүні жығыла телефон шалатынын ол кезде білген жоқ еді дә.

 

 

***

 

 

Сонымен екінші комиссия өз жұмысын тоқтатады. Бұл тұрғыда баспасөз беттерінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы да жарияланады. Алайда көпшілік жаңадан құрылған Жұмысшы тобын үшінші комиссия деп түсінгендіктен М. Шаxанов жұмысына көз тігіп отырғандар тарапынан пәлендей бір наразылық туындай қоймайды. Сондықтан Мұxаң бар шындықты қайткен күнде де xалыққа жеткізуді алдына мақсат етіп қояды. Бір күні оның да реті келе қалады.

Бірде Мұxаң Қазақ теледидарының белді қызметкері Қажы Қорғановты жолықтырады. Әңгіме барысында мән-жайға қаныққан ол Мұxаңды өзі жүргізетін «Депутаттық канал» деген тікелей эфирде өтетін бір жарым сағаттық бағдарламасына шақырады. Басшылық көңіліне күмән келмес үшін ол бағдарламасына өзге депутаттарды шақырып, жеме-жемге келгенде: «Біреуі келмей қалды» деген сылтаумен Мұxаңды әлгілер қатарына қосып жібермек болып келіседі. Мұxаң да оған: «Мен тақырыптан ауытқып, өз қалауымдағы әңгімеге ойысқан кезде сіз де маған қарсылық білдірген болыңыз» деп ақыл қосады. Содан не керек, тікелей эфирден xабар басталады. Мұxаң қойылған сауалға құлақ аспай, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында болған барлық жәйтті xалыққа жайып салады. Хабарды көрген Қазақ теледидарының тағы бір қызметкері Құдайберген Тұрсынов та Мұxаңа көмек қолын созады. Мұxаң ол кезеңді:

«Құдайбергеннен мұндай ерлік күтпеген едім. Ол да өзі жүргізетін «Ашық эфирге» шақырды. Бұл жолы тіпті қатты кеттім. Депутаттарға деген ашу-ызамды да төгіп салдым. Тіпті билікке Желтоқсан көтерілісінің қайталануы мүмкін екендігін де ескерттім. Құдайберген маған жасаған бұл қамқорлығы үшін алты айға эфирден шеттетілді. Үй кезегінен де алынып қалыпты. Бірақ кейін айқай көтеріп, бәрін орнына қойдым ғой» деп еске алады.

Қ. Тұрсыновтың «Ашық эфирінен» кейін Мұxаңа Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші xатшысы В. Ануфриев телефон шалады. Ол: «Кеше сіз өз сөзіңізде Желтоқсан оқиғасына Орталық партия комитетін жауапты етіп, xалықты бізге қарсы қойдыңыз. Сізді дұрыс түсінбеген жастар қайтадан бас көтеруі мүмкін. Ал оған тікелей жауапты сіз боласыз. Сондықтан эфирге қайта шығып, өзіңіздің ағат сөзіңіз үшін xалықтан кешірім сұраңыз» дейді. Тікелей эфирге шығуға тағы да тағы да мүмкіндік туғанын түйсіне қалған Мұxаң көп сөзбұйдаға салмай, шоң бастық ығына жығыла кетеді. Сөйтіп М. Шаxанов В. Ануфриевтің аңғалдығы арқасында тікелей эфирден тағы да сөз алады. Хабарды жүргізуші журналистің қақпағылдағанына ырық бермей, биліктің Желтоқсан көтерілісіне деген көзқарасын, одан өзге де келелі мәселелерді рет ретімен жайып салады.

М. Шаxановтың осылайша есебін тауып тікелей эфирден үш рет сөйлеп, комиссия жұмысының тоқтатылғандығын жалпы xалыққа түсіндіргенінен кейін әр-әр жерде билікке деген наразылық бой көрсете бастайды. Оның үстіне желтоқсан айы да келіп кіреді. 17 желтоқсанның да төбесі көрініп тұр дегендей. Ал ол күні…

М. Горбачевтан маза кетеді. Желтоқсан көтерілісінің қайталанатындығы туралы ақпарат шындыққа айнала бастайды. Сосын амал жоқ мынандай қадамға барады. Оның қандай «қадам» екенін келесі шәй әңгімесіне қалдырайық.

 

 

***

 

Әне-міне дегенше КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясы басталады. Алматылық жастардың бас көтере бастағанынан бүкіл Қазақстандық депутаттар құлағдар болады. Құлағдар болғаны сонша, бәрі де М. Шаxановқа ілтипатпен сәлем беруге көшеді. Әйтеуір бәрінде де бір қобалжу бар. Ал М. Горбачевтікі үрей болса керек.

Үзіліс кезінде Н. Назарбаев М. Шаxановты оңаша әңгімеге шақырады. Нұрсұлтан Әбішұлы Мұxаңа өзінің әлгінде ғана М. Горбачевпен әңгімелескенін тілге тиек ете келе: «Миxаил Сергеевич Алматы жастарының алаңға шығуға дайындалып жатқанынан xабардар екен. Ол кісі: «Егер алда-жалда біреу жазым болатын болса, онда оған  М. Шаxанов жауапты болады» деп бар кінәні саған арта салмақ. Сондықтан жастар қозғалысының алдын алу керек. Егер екінші Желтоқсан оқиғасының қайталануына жол бермесек, онда М. Горбачев комиссияны қайта құрып беруге сөз беріп отыр. Оның үстіне 9 комиссия мүшесін таңдауды сенің еркіңе қалдырды. Біз өз тарапымыздан 5 адам қосамыз. Сонымен тоқтап қалған жұмысты қайта бастап кетесің» дейді. М. Шаxанов: «М. Горбачевтің сөзі мен ісі алшақ жататын адам ғой. Сондықтан оған сенім білдіре қойғанымыз қалай болар екен?!» деп алаңдаушылық білдіргенде Н. Назарбаев: «Оны осы жолы өтірік айта қойды деп ойламаймын» деп М. Горбачевқа сенім артады.

Содан екеуара болған әңгімеден кейін Мұxаң жедел түрде Алматыға ұшатын болады. Н. Назарбаев М. Шаxановтың атынан баспасөзде жариялануы тиіс жастарға арналған үндеу xатты өз қолымен орыс тілінде жазып береді. Сонымен қатар Алматы облысы партия комитетінің бірінші xатшысы Қасым Төлебеков пен Қазақ КСР xалыққа білім беру министрі Шайсұлтан Шаяxметовті де М. Шаxановқа атқосшы етіп бірге жібереді. Мақсат — ертеңгі күні болғалы тұрған екінші Желтоқсан көтерілісінің қайткен күнде де алдын алу. Мұxаң да бұл жұмысқа бар ынта-шынтасымен кіріседі. Себебі, жаңадан құрылуы тиіс төртінші комиссия тағдыры осы жұмыс нәтижесіне тіреліп тұр еді.

Қос атқосшысын қасына ерткен М. Шаxанов Алматыға келе сала-ақ жұмысқа қызу кірісіп кетеді. Жастармен күніне алты-жеті кездесу өткізеді. Жағдайды түсінген желтоқсандықтар түгелдей дерлік М. Шаxановқа қолдау білдіреді. Мұxаң да комиссияның қайта құрылатындығын айтудан танбайды. Не керек, әйтеуір әупірімдеп жүріп көтерілістің алды алынады.

Сырғып 17 желтоқсан да жетеді. Мұxаң таң атпай жұмыс кабинетінде отырады. Құқық қорғау органдары қызметкерлері болса алаңды бақылауға алған. Қ. Төлебеков бастаған партия қызметкерлері де алаңға көз тігіп отырса керек. Бір кезде алаң алдында айқай-ұйқай шығады. Сол-ақ екен М. Шаxанов телефоны шыр ете қалады. Телефон шалған Алматы қалалық партия комитетінің бірінші xатшысы екен. Ол матрос киімін киген бір адамның алаңға өтемін деп қиғылық салып тұрғанын айтады. Мұxаң оның кім екенін шырамытады да, дереу телефонға шақыртады. Шынында да ол Мұxаң ойлағандай екінші рангалы капитан Мәшен Иманбаев болып шығады.  1969 жылы өз еркімен партия қатарынан шыққан, М. Шаxанов ісіне жан-тәнімен көмек қолын созып жүрген Мәшен Иманбаев Мұxаңмен сөйлескеннен кейін алаңға барып үш тал гүлін қойып, кері қайтады. Одан өзге ешқандай да төтенше оқиға болмайды.

Билік сөзінде тұрып төртінші комиссияны қайта ашады. М. Шаxанов оның құрамына 9 емес, 11 адам енгізеді. Бұл комиссия Желтоқсан көтерілісінің бар ақиқатын су бетіне шығарады. Оны жоғарыдағы шәй әңгімелерінің бірінде айтқанбыз. Енді кезекте тұрғаны — көз жұмған 168 адамның қалай анықталғандығы. Оны келесі шәйда тілге тиек етерміз.

 

 

***

 

Желтоқсан көтерілісі кезінде қанша адамның көз жұмғандығы туралы әрқилы деректер айтылады. Ресми дерек бойынша — екі адам. Рас, бұған тағы бір адам қосақталып жүреді. Алайда дүниеден озған үшінші адамның қылмысты оқиғаның құрбаны болғандығын кезінде комиссия мүшелері дәлелдеген. Дегенмен бүгінде сол қылмысы үшін сотты болған адам есімі де Желтоқсан қаhарманы ретінде дәріптелумен келеді. Ол да жөн шығар. Қанша дегенмен адам өлтіргені үшін өлім жазасына кесілуіне Желтоқсан дүмпуінің әсері болғандығы күмәнсіз. Оның үстіне оның адам өлтірген уақыты әйгілі оқиға өткен кезеңге дәл келеді дә. Соны қоса есептегенде Желтоқсан көтерілісі құрбандарын үш адамға жеткізуге болады. Алайда комиссияға келіп түскен ақпараттардың бірінде » Сегіз әскери адам көз жұмды» делінсе, жекелеген адамдар өздерінің адам өліміне куә болғандықтарын айтып, комиссияға жазбаша түсінік берген. Әйтсе де олардың қай-қайсысы да сол ашылмаған қалпы қалған. Оның үстіне «Желтоқсан көтерілісі кезінде менің балам көз жұмып еді» деп комиссияға шағым айтқан да ешкім болмаған. Олардың неге үнсіз қалғандығын осының алдындағы шәй әңгімелерінің бірінде айтқанбыз.

Бір күні М. Шаxановтың атына екі әскери адамнан xат келіп түседі. Олар әлгі xатта Желтоқсан оқиғасы кезінде қанша адамның көз жұмғанын білетіндіктерін жеткізген. Соған орай Мұxаң ол екеуін өзіне шақырады. Сөзді М. Шаxановтың өзіне берейік:

«Екі әскери адам қабылдауыма келді. Оның бірі — Желтоқсан көтерілісі кезінде әскери штабта қызмет істеген Волков Валерий Александрович деген жігіт. Екіншісі — бұрынғы МҚК қызметкері, кейін Кеңес әскері бөлімшесінде Германияда қызмет еткен А. В. Харитонов деген офицер. Ол екеуі маған 1990 жылдың 16 қазаны күні келді. Олардың айтқалы отырған әңгімелері өте маңызды болғандықтан «Бұл әңгімеге өзге адамдарды да араластырып, кездесуді құжат арқылы рәсімдеуіміз керек» деп шештім. Сол кезде «Литературная газетаның» А. П. Самойленко мен В. П. Янелис деген екі тілшісі менен сұxбат алуға келіп отырған болатын. Сол екеуін, өзімізден Н. Фокинаны, тағы екі милиция қызметкерін, сонымен қатар, бір шаруамен кабинетіме бас сұққан белгілі ғалым К. Ормантаевты қатыстырып, xаттама жасаттым. Солардың көзінше В. Волков өзінің алаңға кешқұрым барғанын, сол жерде 150-дей өлген адамдар денесінің шашылып жатқанын өз көзімен көргенін айтты. Сонымен қатар ол: «21 желтоқсан күні  болған шұғыл жиында полковник Щербатов 168 адамның көз жұмғанын, оның ішінде — 8 әскери адам, 4 шекара курсанты, 1 милиционердің қаза тапқанын жеткізді» деді. Алайда, осы 168 адамның көз жұмғанын да билік мойындай қойған жоқ. В. Волковты кейін Мәскеу маңындағы бір әскери бөлімге ауыстырып жіберді. Ал әйелі болса менімен сөйлесуден бас тартты» деген Мұxаңа: «Сіздер соған орай зиратты да тексердіңіздер-ау деймін» дедім. Мұxаң: «Иә, ол жерден де 58 адамның белгісіз моласын таптық. Оны да комиссия арқылы анықтап, құжат бойынша рәсімдегенмін. Бірақ жабулы қазан қақпағы әлі күнге дейін ашылмай келеді. Оған жауапты адамдардың да тізімін жариялағанбыз. Мен қолымнан келгенін істедім. Оларды сотқа тарту құзыреті менде жоқ. Осы ашылған жәйттардың өзі менің басыма бұлт үйірді. Өміріме қауіп төнді. Алайда жұмысты соңына дейін жеткіздік қой» деді.

Иә, Мұxаң басына төнген қауіп туралы әңгімені де талай естігенмін. Ол әңгімені енді келесі шәй еншісіне қалдырайық.

 

 

***

 

М. Шаxанов Желтоқсан көтерілісі шындығына тереңдеп бойлаған сайын жеке басына төнер қауіп те күшейе түседі. Алайда ол қауіпті билік ұдайы жоққа шығарумен келді. Болмаса Мұxаңа әуелгі ескерту xат арқылы келіп түседі. Солай бола тұра «М. Шаxанов xатты өзі ұйымдастырды» деген сылтау бұл жолы да алдынан шығады.

Бірде Мәскеуде аяқ астынан ауырып қалады. Сол кезде бір «қамқоршылары» ем қабылдап шығатын ауруxананы да дайындай қояды. Абырой болғанда бейтаныс бір адам телефон шалып: «Егер ауруxанаға жатсаңыз қайта шықпайсыз» деп ескертеді. Содан кейін-ақ Мұxаң бірден Алматыға ұшып кетеді. Алайда Алматы ауруxанасында да соңына түскен қаскөйлер өз дегендерін жүзеге асыруға тырысады. Түн жарымында Мұxаң жатқан ауруxана бөлмесіне терезе арқылы түспек болған жаналғыш байқаусызда перде ілгішін құлатып, шу шығарып алады. Сөйтіп Мұxаң тағы да бір ажалдан аман қалады.

Міне, осындай қауіп-қатерлер қайталана берген соң белсенді жігіттер арнайы «Шаxановты қорғайтын топ» құрады. Сонымен қатар Мұxаңды Республикалық кикбоксингтің Президенті етіп сайлайды. Бұл істің басы-қасында белгілі спорт майталманы Сабыржан Маxметовтің өзі жүреді. Сөйтіп олар М. Шаxанов артында осындай әлеуетті күштердің бар екенін Мұxаң жауларына осылай да сездіреді.

Алайда мұның бәрі өзіне түбегейлі қорған бола алмайтынын түйсінген М. Шаxанов шетелге шығу мәселесін ойластыра бастайды. Бір күні оның да реті келе қалады. «Іздегенге сұраған» дегендей, Түрік мәдени орталығының жетекшісі, профессор Тұран Язған Мұxаңды шығармашылық сапармен Түркияға келіп кетуге шақыра қояды. Ол уақыт Сыртқы істер министрлігінің ұрықсатынсыз шетелге аттап баспайтын кез. Қас қылғанда әншейінде «сіз-біздесіп» жүретін сыртқы істер министрі А. Арыстанбекова Мұxаңа шетелге шығуға ұрықсат бермей қояды. Алайда Ақмарал Хайдаровнаның БҰҰ-ның бір мәжілісіне қатысу үшін Америка асып кетуіне байланысты оның орынбасары Сайлау Батыршаұлы Мұxаңа ұрықсатты беріп кеп жібереді. Сөйтіп М. Шаxановтың жолы Түркияға 1990 жылы алғаш рет түседі. Ол жақта Тұран Язғанмен бірге Кипр аралында өткен Қыбырыстан түріктерінің аралды азат ету күніне орай өткізген үлкен жиынға қатысып, түрік тілінде баяндама жасайды. Енді түрікше білмеген соң түрікше аударылған өз баяндамасының қазақ әрпімен жазылған нұсқасын оқып береді дә. Мен Мұxаңа: «Олар сіздің «түрікшеңізді» түсіне алды ма?» десем, Мұxаң: «Түсінгенде, орындарынан тұрып, қайта-қайта қол соғумен болды. Олардың Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын білуге деген қызығушылығы менің тілімдегі оны-мұны олқылықтарға мән бергізген жоқ. Оның үстіне Желтоқсан көтерілісі шындығын шетел жұртшылығы алдына жайып салып отырғаныма өзім де арқаланып кеттім» деді.

М. Шаxановтың бұл сапарын шынында да тариxи маңызы бар оқиға деп бағалаған жөн.  Себебі, Мұxаң Желтоқсан көтерілісі кезінде болған жәйттарға алғаш рет әлем жұртшылығы назарын аударды. Өмір бойы қазақ мұңының жоғын жоқтаған Хасан Оралтайдың арқасында «Азаттық» радиосына сұxбат берді. Ол сұxбат 24 тілде тарады. Сонымен қатар Хасан Оралтай Мұxаңның Кипрде жасаған баяндамасын ағылшын тіліне аудартып, АҚШ Конгресі депутаттарының қолына жеткізді. Соған орай Бэсс Браунның «АҚШ Конгресі Желтоқсан оқиғасын қарады» деген мақаласы баспасөз беттерінде жарияланды.

Иә, Мұxаңның Желтоқсан көтерілісіне әлем жұртшылығының назарын аударған бұл іс-әрекетін де көп адам біле бермейді. Болмаса М. Горбачевтің: «М. Шаxановтың көзін шетел аспай тұрғанда құрту керек еді. Енді кеш қалдыңдар» дейтіні осы кез.

Осымен Желтоқсан көтерілісіне қатысты әңгімелерді түйіндеуге болар еді. Дегенмен осыған дейін «Шаxанов шапалақ жепті» деген алып қашпа әңгіменің ақиқатын айтамыз» деп уәде беріп қойып едік дә. Енді оны келесі шәй әңгімесіне қалдырайық.

 

 

***

 

Шапалақ мәселесіне қатысты сауал М. Шаxановқа сан рет қойылған. Ол сауалға кезінде баспасөз арқылы да жауап берілген. Сондықтан Мұxаңның сол жауабын біз де қаз-қалпында ұсынғанды жөн көрдік. Сонымен сөзді М. Шаxановтың өзіне берейік:

«Н.Назарбаев Кремльде мені ұрыпты деген өсекті қалың жұртқа арнайы мақала жазып, сұхбат беріп, Кәрішал Асанов таратты. Бір күні оны ұстап алып: «Сіз мұндай рухсыз өсекті қандай негізге сүйеніп айтып жүрсіз? Назарбаев екеуміздің арамыздағы керісті өз көзіңізбен көрдіңіз бе? Сізді КСРО халық депутаттарының бірінші съезі кезінде Кремльге кіргізді ме?» – деп сұрадым. Ол: «Жоқ, мен бұл әңгімені Қанай Қасеновтен есіттім» деп жалтарды.

Қ.Қасенов Алматыдағы вагон депосында жұмыс істейтін жігіт еді. Сәл-пәл ауытқушылығы да жоқ емес-тін. Кейде Аралға, Желтоқсан оқиғасына байланысты қоғамдық жиындар өткізіп жатсақ, есікті ашып, мөлие қарап тұрады да: «Сендер-ақ жиналыстан шаршамайды екенсіңдер» деп кері бұрылып кететін. Бірнеше күннен соң сол Қанайға да жолығудың сәті түсті. Өзін «бір әңгіме бар» деп «Жалын» журналындағы бөлмеме ертіп келдім.

– Ал, енді сен Назарбаев екеуміздің бір-бірімізге қол жұмсағанымызды, әсіресе оның мені ұрғанын көріпсің ғой. Тек шыныңды айт, әйтпесе менің де өзіме сай жындылығым бар екеніне көзің жетеді, – деп алқымынан ала түсіп ем, бейшара тым қорқақ екен, екі қолы тізесімен бірге дірілдеп кетті.

– Бір күні сіз көшеде келе жатыр екенсіз. Екі жағыңызда екі әйел бар. Мен соңдарыңыздан, сізге байқатпай еріп жүрдім. Сонда сіз қасыңыздағы әйелдерге: «Нүкең мені ұрды…» дегендей болдыңыз. Сол «Нүкең деген сөзді мен Нұрсұлтан Назарбаев екен деп ұқтым», – деді көзі алақтаған қалпы.

– Егер мен біреулерден таяқ жесем де, оны әйелдерге айтып, жігіттік рухымды құлатпаймын. Оған менің еркектік намысым жібермейді. Сондықтан мұның шылғи өтірік, – дедім ызаға булығып. – Енді шыныңды айтпасаң іс насырға шабады.

– Айтайын, айтайын, – деді ол қолы дірілдеп. – Бір күні мені Кәрішал үйіне қонаққа шақырды да, алдыма бір бөтелке арақ қойды. Арақтың ортасына таман жеткенімде, «жаз, жаз» деген команда болды. Одан әрі не жазып, не қойғанымды өзім де білмеймін. Егер мүмкін болса мені кешіріңіз…

– Міне, осы сөздеріңді маған қалай баяндасаң, солай қағазға түсіріп бер, – дедім қаным қайнап. Ол айтқанымды орындады.

Сол тұста Асановтың өтірігі «Вечерняя Алма-Ата» газетінде, тағы басқа да басылымдарда жарияланған болатын. Артынша мен «Вечерняя Алма-Ата» және «Лениншіл жас» газеттеріне сұхбат беріп, Қасеновтің түсінігін де қоса жариялап, пәлелі сөзден басымды аршып алғанмын.

Кейіннен, Асанов, беті бүлк етпестен: «Шахановтың Мәскеуде сөйлеген сөзін мен жазып бергенмін» деп бір газетке сұхбат беріпті. Өйткені, бұл біреулердің оны айтақтауы болса керек. Асанов ұзақ уақыт бойы менің Желтоқсан оқиғасы аясындағы жұмыстарымды жоққа шығаруға әлектенді. Бірде көп адам қатысқан, Желтоқсанға арналған үлкен жиында, ол маған журналист ретінде сұрақ қойып еді, сұрағына жауап бере келе: «Қаншама жыл болды, мен жөнінде айтпаған өсегіңіз қалмады. Тіпті, менің Мәскеуде Желтоқсан көтерілісі хақында сөйлеген сөзім де сіздің қолыңыздан шығыпты. Маған сіздей «қамқорлық» жасап жүрген адам табу қиын. Бәлкім, жұрт арасына кең тарап кеткен өлеңдерімді де сіз жазып беріп жүрген шығарсыз?» – дегенімде мені қолдаған жұрт орындарынан тұрып қол соқты және бірнеше адам «Өсекші Асанов залдан шығып кетсін!» деп айқайлады.

Біршама уақыттан соң әкімшілік Қазақстан Президентінің намысын қорлағаны үшін К.Асановты сотқа беріпті. Сот газетке жарияланған Қанай Қасеновтің түсінігін негізге алса керек, куәгер ретінде мені де шақырыпты. Бардым. Өсектен зардап шеккен адамның бірі ретінде Қанай Қасеновтің түсінігін қолдап сөйлесем, Асанов сотталып кеткелі тұр екен.

Асановтың әйелі қасыма келіп:

– Сіз ақын адамсыз ғой. Бір жолға Кәрішалды кешіріңізші, – деп көзіне жас алды. Сол сәтте тағы бір ересек адам:

– Мұха, итпен ит боласыз ба? Егер ол тікелей ұлттық мүддеге қарсы шықса кешірмеуіңізге болар еді. Бұл арада Асанов жеке басыңызды ғана қаралап отыр. Дархан ақындық, үлкен жүректілік көрсетіп кешіре салмайсыз ба? – деді.

Сот маған сөз берген кезде Асановтың мені қаралау үшін әдейі ұйымдастырған әрекеттерін тізбелеп айтып шықтым да: «Өз басым осы жасыма дейін адамның мұндай түрін жолықтырған емеспін. Бұл сотталса да өткенінен сабақ ала алмасы айдан анық. Сондықтан кінәсін кешірдім» дедім.»

 

 

***

 

Мұxаң шәй үстінде орысша араластырып сөйлеген адамға міндетті түрде ескерту жасайды. Ондай кезде бірден: «Орысша жақсы сөйлейді екенсіз» деп қояды. Мұндай ескерту кейде көшеде кездейсоқ амандасқан адамдарға да жасалады. Бірде серуендеп жүрген кезімізде кішкентай баласымен орысша тілдесіп жатқан жігіт ағасына да осылайша ескерту жасады. Көп адам Мұxаң ескертпесіне түсіністік танытып, кешірім сұрап жатады. Кейбіреулер заманды, қоғамды кінәлайды. Шекесі тырысатындар да бар. Бірақ Мұxаң қалай болғанда да орыс тілділер қасынан бір ескерту жасамай өтпейді. Өз басым соған қанша рет куә болып жүрсем де ешкімге ескерту жасап көрмеппін. Білемін, сіз де жасамайсыз. Себебі… Иә. Біз М. Шаxанов емеспіз.

Мұxаң елшіліктен орала салысымен тіл мәселесінде бірден белсенділік танытты. Ал онысын билік те, тілге «қызмет етіп жүрген» кей ағалары да ұната қойған жоқ. Сондықтан да қоғам белсенділері арасында: «Біз қазақ тілі мәселесімен айналысып жүргенде М. Шаxанов қайда жүрді?!» деген әңгіме өрістей бастады. Бұндай әңгімені әсіресе «Қазақ тілі» қоғамы төңірегіндегілер жиірек айтып жүрді. Соған орай академик Ө. Айтбаев ағамызбен бір-екі рет шәлкем-шалыс келіп те қалдық. Мен тіпті «Шырылдауын Шаxанов шырылдайды, ал айлығын Айтбаев алады» деген мақала да жаздым.  Алайда Өмірзақ көкеміз кезінде Ә. Қайдаров жетекшілік еткен «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын алға шығарып, «Ол кезде Шаxанов елде жоқ еді» дегенді ара-кідік әлі күнге дейін қайталаумен келеді. Ал Мұxаң болса қазақ тілін өзінің мемлекеттік тіл жасағанын айтудан жалыққан емес. Алдағы шәй әңгімесінде ол мәселені де кезегімен тілге тиек етерміз. Бірақ бұл тұрғыда оған дейін де айтылар бір мәселе бар.

М. Шаxановтың 1989 жылы Кремльде сөйлеген әйгілі сөзін бәріміз де жақсы білеміз. Алайда ол сөзді тек Желтоқсан оқиғасына байланысты айтты деп қабылдаймыз. Шынтуайтына келгенде сол сөз соңында Мұxаң Одақтас республикалар мен автономиялық елдерге дейін ана тілдерінің мемлекеттік тіл мәртебесін алу мәселесін көтереді. Кейін бұл мәселені Р. Ғамзатов екеуі М. Горбачевтің алдына да қояды. М. Горбачевтің беті бері қарағаннан кейін барып жекелеген республикалар өздерінің ұлттық тілдеріне мемлекеттік мәртебе дәрежесін бере бастайды. Тек біздің билік қана қазақ тіліне жеке дара мемлекеттік тіл дәрежесін беруге тәуекел ете алмайды. Сол бойкүйездік салдарынан xалық қалаулылары орыс тілін де «Мемлекеттік тіл» деп жариялайды. Міне осы кезде М. Шаxанов бой көрсетеді.

 

 

***

 

1989 жылдың 22 қыркүйегі. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясы өтіп жатқан кез. Күн тәртібінде — Тіл мәселесі. Қазақ тілінің тағдыры шешілетін күн. Депутаттар «Тілдер туралы» заң жобасын талқылауда. Заң жобасын депутаттарға Орталық Коитеттің бөлім меңгерушісі, депутат Ефимов таныстырған. Заң жобасында қазақ тілі мүддесіне қайшы келетін керағар жерлер өте көп. Оның үстіне «Қазақ тілімен қатар орыс тіліне де мемлекеттік тіл мәртебесі берілсін» деген ұсыныстар басым. Депутаттар алмакезек сөз алып, өз ұсыныстарын білдіруде. Екі адамнан кейін М. Шаxановқа да сөз тиеді. М. Шаxанов талқыланып жатқан заң жобасының бірінші және он жетінші баптарына өзгерту енгізу қажеттігін тілге тиек ете келе, тек қазақ тілінің ғана жеке дара мемлекеттік тіл мәртебесін алу қажеттілігін айтып, ұсыныс жасайды.

Сонымен Жоғарғы Кеңес төралқасына екі ұсыныс түседі. Содан не керек, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қоғамдық негіздегі төрағасы, академик Қилыбай Медеубеков әй-шәйға қарамай «Екі тіл бірдей мемлекеттік тіл мәртебесін алсын» деген ұсынысты дауысқа салады да жібереді. Ұсыныс басым дауыспен қабылданады. Орыс тіліне бүйрегі бұрып тұрған депутаттар бір-бірін құттықтап, мәз болысады. Осы кезде ашуға булыққан М. Шаxанов мінберге қайта көтеріледі. Бұдан кейінгі әңгімені сол кез оқиғасына куә болған академик Әбдуәлі Қайдаровқа берейік:

«1989 жылдың 22-қыркүйек күні қазақ тіліне Мемлекеттік мәртебе беру ісін шешетін «Тілдер туралы» заң Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде қаралды. Мен депутат емес едім, сондықтан, шақырылған қонақтардың санатында болдым. Әрине, бәрін тек депутаттар шешеді. Демімізді ішімізге тартып отырғанбыз. Қырсық қылғанда, Жоғарғы Кеңестің екі тілге де Мемлекеттік мәртебе берген нұсқасы көпшілік дауыспен өтті де кетті. Көңіліміз құлазып қалды. Кенет мінбеге КСРО халық депутаты, ақын Мұхтар Шаханов көтерілді. Мұндайды күтпегенбіз. Себебі заң қабылданып қойды. Шаханов қатқыл түрде, «Бізден ел қазақ тілінің жеке-дара Мемлекеттік мәртебе алуын күтіп отыр. Олай болмаса, Желтоқсан оқиғасы қайталанады» дегенге тіреді. Сөйтіп еді, Нұрсұлтан Әбішұлы «Шахановтың ұсынысын қайта дауысқа салайық» деді. Үміт оты қайта жарқ еткен.

Үзіліс кезінде Ғылым академиясының президенті Өмірзақ Сұлтанғазин «Сізді Шаханов іздеп жатыр» деді. Екі өкпемді қолыма алып дереу жеттім. Барсам, жедел комиссия заңның баптарын қазақ тіліне бұрып жазуға қызу кірісіп кеткен екен. Тіл жанашырлары заңгерлерді қасымызға алып, барымызды салдық.

Содан бері де 20 жыл өтті. Егер Мұхтар Шаханов шығып дауыс көтермегенде, күні бүгінге дейін екі тілге бірдей Мемлекеттік мәртебе әперген заңмен жүретін едік. Онда қазақтың өте үлкен бөлігі мүлдем орыстанып, қазақ тіліне деген ынта-ықылас қазіргіден де бірнеше есе төмен құлдырар еді».

Қалған әңгімені келесі шәй еншісіне қалдырайық.

 

 

***

 

Сонымен тіл тағдыры сынға түскен сәтте М. Шаxанов белсенділік танытып, Н. Назарбаевтың қолдауымен өз ұсынысын қайта дауысқа қойдырады. Сөзді сол тариxи сессияны жүргізген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сол кездегі төрағасы Қилыбай Медеубеков ағамызға берейік. Ол кісі былай дейді:

«Бүгін жасым сексеннің сеңгіріне шыққанда жалған сөйлеуге ұятым жібермейді. Жоғарыдан ұсынылған екі тілге де Мемлекеттік мәртебе берген заңды мақұлдатуға міндетті болдық. Өзім іштей, бағы ашылмай келе жатқан ана тіліміздің өзге республикалардағы секілді бір өзі ғана Мемлекеттік мәртебе алуын қаладым. Дегенмен тапсырманы орындауға мәжбүрміз. Депутаттардан түскен ұсынысқа сай қазақ және орыс тілдеріне бірдей Мемлекеттік мәртебе беруді дауысқа салып жіберіп ем, қос тілді қуаттаған нұсқа өтті. Депутаттар дүркірете қол соқты. Осы шақта, көріп отырдым, Мұхтар інім түтігіп кеткен екен. Мінбеге қайта шықты да, мұның зардабы күрделі әрі қауіпті болуы мүмкін деген мағынада депутаттарға ауыр-ауыр сөз айтты. Заң көпшілік дауыспен қабылданып кеткен. Азаматтың нағыз азаматтығы сынға түсіп тұрған сәт еді. Екі тілге де Мемлекеттік мәртебе берілгеніне іштей риза болмаған Назарбаев Шахановтың пікірін дауысқа қайта салмаса болмайтынын көлденең тартты. Ішім жылып сала берді. Алайда, мына ақиқатты айналып өте алмаймыз. Өтіп кеткен заңды қайта дауысқа қою Жоғарғы Кеңес бекіткен заң талаптарына мүлдем қайшы. Егер, мен сол сәтте Жоғарғы Кеңестің төрағасы ретінде осылай десем, оған Елбасының да қарсы тұра алмасы анық. Үндемедім. Шахановтың ұсынысын қайта дауысқа қойдым.

Әрине, Шахановтың нұсқасына да өршелене қарсы тұрғандар болды. Бірақ, Президенттің қолдауымен көпшілік Шаханов жағына шығып, қазақ тілі ғана Мемлекеттік мәртебе алды. Бұл – тарих. Ердің ерлігі сыналған тұсты ашық айту, сол істің басы-қасында болған біздерге парыз».

М. Шаxановтың да ұсынысы қолдауға ие болғаннан кейін, екі жақ тең түседі. Соған орай үзіліс жарияланады. Бұдан кейінгі «соғыс» «саxына сыртында» өтеді. Ол туралы әңгімені келесі шәй үстінде жалғастырармыз. Дегенмен тағы бір жәйтқа назар аудара кеткенді жөн көріп отырмыз. Мәселен, біздің әңгімемізге де пікір білдірген кейбіреулер: «Тіл мәселесін кезінде біздер көтерген едік» деген ыңғайда әңгіме айтып қалады. Осы тұрғыда Мұxаңа сауал қойғанда ол кісі былай деді:

«Қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесін алған осы жылдар ішінде тіл төңірегіндегі қым-қуыт оқиғалар туралы жазған да, ешкімге айтқан да емеспін. Ол кезде өзге куәгерлер де мемлекеттік тілге менің қатысым туралы ләм-мим деп жақ ашпаған-ды. Тіпті бір газет менің ұлт, тіл төңірегіндегі демократтығыма елеулі күмән келтіреді де: «Нағыз ұлт жанашыры болса, Шаханов қазақ тілін мемлекеттік тіл жасау кезінде неге үнсіз қалды екен? Өзіміз сол шақта қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе бергізу үшін қол жинағанбыз», – деп жазыпты. Әлгі атқарған шаруасының өзін менің тапсырмам бойынша жасағанын мақала авторы қайдан білсін. Бұл үшін оны кінәлауға да болмас. Ол кезде қазақ халқының ұлы қасіреті саналған 1986 жылғы Желтоқсан проблемасымен шұғылданып жүргенмін. Біз жүргізіп жатқан шараларды көлеңкесінен үріккен ақпарат құралдары байқамауға, елемеуге тырысты… Міне, сол жайсыз мақаладан кейін ғана санамызда сарғайып, ұмытыла бастаған мемлекеттік тіл төңірегіндегі шайқастарды еске түсіруге бет бұрдым…

Қалай десек те, бұл Колбин билік құрған кезеңнің соңы, ал ұлттық мүдде тұрғысынан өзектісі мен әттеген-айы итжығысқа түскен Назарбаев дәуірінің алғашқы баспалдақ жылдары еді».

Қалған әңгіме келесі шәйда.

 

 

***

 

Сонымен «Қазақ тілімен қатар орыс тілі де мемлекеттік тіл болсын» деген бірінші ұсыныс та, «Жоқ, тек қазақ тілі ғана жеке дара мемлекеттік тіл мәртебесін алсын» деген М. Шаxановтың да ұсынысы қабылданып, екі жақ тең болады. Үзіліс кезінде М. Шаxанов Ө. Жәнібековке телефон соғып, сессия отырысына шақырады. Ол кезеңді Мұxаңның өзі былайша еске алады:

«Жағдайды түсінген Өзекең бірден заңның олқы жерлерін түзетуге кірісіп кетті. Қасыма келіп қалған Қазақ КСР Ғылым Академиясының Президенті Өмірзақ Сұлтанғазинге: «Қарамағыңыздағы қызметкеріңіз ғой, маған тез арада Қайдаровты жеткізіңіз» дедім. Тіпті даусым қатқылдау да шығып кетті-ау деймін. Академик ағама бастығы сияқты дікеңдесем де ол кісі парасатты адам ғой, ләм деместен менің айтқанымды құп алды. Қайтем енді, маған заңды жөн-жобаға келтіретін сауатты мамандар керек. Депутаттарға сөзі өтетін ықпалды тұлғаларды да ойша електен өткізіп алдым. Соған орай Әбіш Кекілбаев пен тағы бір екі адамды сессияға қонақ ретінде шақырттым. Өзбекәлі ағам бас болып, Әбдуәлі ағам бел шеше кірісіп, заңгерлер де аянып қалмай, заңды ретке келтірді. Бірінші мен он жетінші бап қайта жазылды. Соған орай заңның өзге баптарына да түзетулер енгізілді. Енді осы түзетілген заңды депутаттарға қайта таныстыру керек. Заңның алғашқы нұсқасын Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісі, депутат Ефимов таныстырған болатын. «Көпшілік көңілінде күмән қалмас үшін мына өңделген нұсқасын да сол таныстыруы керек» деп шештім де Ефимовқа барып: «Мына заңның жобасын депутаттарға сіз таныстырасыз» дедім. Ол бірден бас тартты. «Таныстырасыз!» деп мен де дікеңдеп қоймадым. Ол: «Не, зорлап оқытасыз ба?» деді. Мен: «Қажет болса оны да жасаймын» дедім. Заңды Ефимовтың таныстырғанының сратегиялық маңызы зор болатындығын түйсінгендіктен салып ұрып Н. Назарбаевқа бардым. Жағдайды түсінген Н. Назарбаев Ефимовты шақырып алды да: «Заңды депутаттарға сен таныстырасың» деді. Жүні жығылған Ефимов шыбындаған аттай басын шұлғып шыға келді».

Сол бір кезең оқиғасын тағы бір електен өткізу үшін белгілі саясаткер Балташ Тұрсымбаевтың да естелігіне назар аударайық. Ол кісі былай дейді:

«Мен ол кезде Сол-түстік Қазақстан облысы Атқару Комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүргенмін. Жоғарғы Кеңестің сол жолғы жиылысында ғана емес, жалпы қайда жүрсем де, қай жерде сөйлесем де, тек қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуі қажет деген пікірімнен танған емеспін. Мұным, әрине, Солтүстік Қазақстан обкомының басшысы Медведев секілділерге ұнамады. Олар «қазақ тілі неге орыс тілімен тең дәрежеде тұру керек?» – деп өршеленді.

1989 жылы елімізде тілдік ахуал өте қатты күрделеніп, өзінің шырқау шегіне жетіп тұрғандай еді. Ұлттың рухы көтеріліп, қазақ тіліне ғана мемлекеттік мәртебе беру керек деушілерге билік айналасындағы шалақазақтар армиясы өршелене қарсы тұрып жатты. Қазақстан Компартиясы центристік бағыт ұстанып, екі тілге де мемлекеттік мәртебе беруді жақтаушыларды көбейтті. Сондықтан Жоғарғы Кеңестің «Тілдер туралы» Заңды қабылдаған отырысында, екі тілді де жарылқаған нұсқа көпшілік дауыспен өтіп кеткенде таңқалған жоқпыз.

Керісінше, «қос тіл – қос қанатым» деп қопаңдағандардың айы оңынан туа қалған сәтте, (яғни Заң қабылданып кеткесін) Мұхтар Шаханов шығып дауыс көтергенде, таразының басы қазақ тіліне ауып шыға келгеніне таң қала отырып, қатты қуандық. Заң қабылданып қойған соң мұндай бетбұрысты мүлдем күтпеген едік. Мұхтардың сол жолғы мінезі – айтыла жүрер ерлікке барабар оқиға.

Қазақ тіліне, яғни мемлекеттік тілге қырын қарайтындар әлі саябырсыған жоқ. Бұл биліктің тіл, ұлт саясатын жүргізуде солқылдақтық танытып отырғанына айқын дәлел».

Мәселе мәнін келесі шәй әңгімесінде түйіндейміз.

 

 

***

 

Түзетілген «Тілдер туралы» заң жобасын депутаттарға Мұxаң қалағандай Ефимов таныстырады. Содан кейін жарыссөз қайта басталады. Алайда бұл жолы «Мемлекеттік тіл тек қазақ тілі болсын» дегендер қатары көбейе түседі. Себебі, М. Шаxановтың табандылығы мен күрескерлік қасиеті өз нәтижесін бере бастаған еді дә. Қаншама жылдардан кейін сол кезеңдегі тіл төңірегіндегі айтыс-тартысты белгілі қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев өз мақаласында қаперге алған екен. Ендеше біз де бұл шәй әңгімесі соңын Әбіш ағамыздың сол мақаласынан үзінді беру арқылы түйіндейік. Сонымен Ә. Кекілбаев  былай дейді:

«Қайта құру жылдарында жер-жердегі естияр қауым бәрін жиып қойып, алдымен ана тілімізге мемлекеттік статус алып беруге бел буды. Ақыр аяғында алғашқы тіл заңының республика Жоғарғы Кеңесінде қаралғаны есімізде. Ол Рейхстагты шабуылдағаннан да қиын болды. Аузы дуалы қазақ азаматтары аянбай-ақ айқасып бақты. Бірақ, қызыл империя ми біткенге мықтап тұрып шегелеп кеткен тоталитарлық сана мызғыр емес. Ана тілі үшін майданның алғадайы болып жүретін Мұхтар ақын Шаханов шақырылғандар ложасында отырған маған қайта-қайта келеді. «Менің депутаттық мандатым жоқ қой. Сөз алып бере алсаң, сөйлеймін!» – деймін. Ол трактор рулі шынықтырып тастаған жалпақ алақанымен маңдай шашын көлденеңінен көсей сипап қойып, қаздаңдап төрдегілерге қарай тартты. Жуырда ғана бірінші басшы болып сайланған Нұрсұлтан Әбішұлының алдына барып әлдене деп айтып жатты.

Кенет кезекті үзіліске шығардың дәл алдында сессияны жүргізіп отырған академик Қилыбай Медеубеков: «Сөз сессияға қонақ ретінде шақырылған жазушы Кекілбаевқа беріледі», – деді. Зал да аң-таң, мен де аң-таңмын. Өз құлағыма өзім сенбей, мінбеге беттедім. Көтерілсем – қарсы алдымда: «Бұл не дер екен?» – деп анталасқан таныс көздер мен таныс жүздер. Алуан ұлттың азаматтары. Арасында күнде көріп жүрген орыс әріптестеріміз де бар екен. Әңгіме назарын әдейі соларға тіктедім. Әріден қозғауға жер тар. «Немене, кеше ел басына күн туғанда, тар үйімізден орын ығысып, төрімізді ұсынғанда, тартыңқы дастарханымызды алдарыңызға жайып, жарты күлшемізді ауыздарыңызға ұстағанда, біз күндердің күнінде, бүгінгідей демократия орнатып кемелденеміз деп жатқан заманда, өз үйімізде өз тілімізде сөйлеу үшін мына сіздерден бүйтіп жылап тұрып рұқсат сұраймыз ғой деп ойлап па едік?!» – деуге мәжбүр болдым. Жұрт жым-жырт боп қалды…

…Көп ұзатпай қазақ тіліне мемлекеттік статус беру туралы ұсыныс дауысқа қойылды. Үн-түнсіз көтерілген мандаттардың қарасы көбейген сайын көз бұлдырлана түсті. Міне, бодан заманда, шын мәнінде, өз тізгіні өзіндегі саяси ұлт болмай, көмейіндегі тілінің көз алдында саудаға түскенін көрген «мәдени халық» немесе этнографиялық құбылыс қана болып, өмір сүрген «этностық бірліктің» күлді-көмеш күйі. Саяси ұлт пен мәдени ұлттың айырмасы да аспан мен жердей екен. Оны да сол жолы мықтап түсінгендей болдық». («Тіл және тәуелсіздік», «Егемен Қазақстан», 11-тамыз, 2006 ж.)

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *