Оқырманға олжа салған очерктер
Нұрдәулет Ақыш,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының бас ғылыми қызметкері,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Зейнолла Сәнік
(1935-2013)
Зейнолла Сәніктің 16 томнан тұратын қалың кітаптардың ішінен талай нәрсені табуға болады және олардың барлығы да бос сөз емес, оқырманға ой салып, көптеген қызықты деректер ұсынатын, зерттеушілік қабілеті айқын шығармалар.
Пікірдің негізгі міндеті – қазіргі оқырмандарды автордың осы бағытта істеген еңбектерінің жалпы сипатымен таныстыру. Өзімнің алдыма мақсат қойып отырғаным – Зейнолла Сәнік зерттеулерінің бір бағытының өзінде немесе бір жанрдың аясында ғана қалай еңбек еткенін, оқырманға қаншалықты олжа салғанын танытуға тырысу.
Осы тұрғыдан келгенде, мақалада Зейнолла Сәніктің деректі шығармаларына назар аударғанды жөн көрдім. Әрине, ол кісі туралы жазылып жатқан шығармалар, зерттеу еңбектері, арнаулы мақалалар кем деуге болмайды. Әр жыл сайын өмірге келе жатқандары да бар. Сонда да болса оқырманын ұлағатты үрдістерге жетелеген З.Сәнік еңбектері көптеген жақсы ойларды оқырманның санасына сіңіріп жатқанына көзжұмбайлықпен қарауға болмас.
Осы айтылғандардың барлығы айналып келгенде, Зейнолла ғұлама сияқты биік тұлғаның шығармашылық қасиетін дәріптейді. Ұсынылып отырған бұл мақаланың назар аударатыны – қалам ұшындағы қадірлі сөз өрнектерінің оқырманға қалай жетіп жатқандығы. Енді ауа жайылып кетпей, алып отырған тақырыбымызға келетін болсақ, Зейнолла Сәніктің деректі шығармаларын оқи отырып түйген ойларымыз бірсыпыра екендігін айтпай кетуге болмас.
Соның кейбіріне жол беретін болсақ, мақсатым – осы бір еңбекқор жанның көсемсөз шебері, былайша айтқанда жалынды журналист ретіндегі қырына тоқталу. Иә, көлденең көзге танымал ғұламаның басқа қырларын ысырып қойып, оны жалынды журналист деуіміз біртүрлі естілуі әбден ықтимал. Бірақ артында қалған мұраларын сараптап отырғанда ол өзінің журналистігін, шебер публицист екендігін еріксіз мойындаймыз. Оған назар аударғанымыз дұрыс деп ойлаймын.
Мен бұл арада осынау ғұлама ғалымның, қайсар жазушының, зерттеушінің, тіпті қаламы қуатты журналистің барлық еңбектерін шолып шығуды мақсат етіп отырған жоқпын. Бір зерттеушіге оның өзі оңай шаруа емес, бір мақаланың ішінде ол мүмкін де емес. Сондықтан қаламгердің бір қырын ғана алып, сол төңіректе әңгіме қозғаған орынды болмақ.Шеберлік қырларын тарата айту да ұзақ әңгіме болуы да мүмкін. Бірақ соған қарамастан өзіміздің шамамыз жеткенінше жекелеген естеліктеріне, жол сапарларына, жол сапар очерктеріне көңіл бөлуді жөн көрдік.
Мысалы, оның Ақсуаттан Аягөзге дейінгі сапары туралы жазылған жол естеліктерін алайық. Бұл шығарманың басталуы жеңіл, оқырманды бірден тартып әкететін қарапайым көркемдіктің сырын меңгере білгені байқалады. Автор былай дейді: «1989 жылдың жаз мезгілі болатын. Қазақстанға бара қалған кезім. Жеңіл автомобильмен Ақсуаттан Аягөзге қарай ызғытып келеміз. Жанымызда Ақсуат ауданының ақыны – Қалиасқар ақсақал бар» (8‑бет) деп басталған жолдардан кейін-ақ, осы екі сапаршымен бірге екі ауданның арасын көзімізбен көріп, табиғатын бірге сезініп, жолдың қызығы мен қиыншылығын бірден басыңыздан өткізе бастайсыз. Қазіргі кезеңдегі осы очерк жазып жатқан уақыты да айқын.
Географиялық және тарихи ерекшеліктері оқырманға көз алдына көлденеңдеп келеді.
Бұны тіпті жалғыз ғана «Сапар естелігі» деп бір тар аяға сыйғызып қоюға да болмайды. Оған себеп – айтылып отырған шығарманың кең тынысты мазмұны, арғы-бергі заман оқиғаларын жан-жақты қамтитын және оны автордың бүгінгі күнмен байланыстыра, ұштасыра сөйлейтін журналистік икемділігі. Сапар барысында осы екі мекеннің арасындағы көріністер жете ашылып отырады. Көз алдыңыздан деректі фильм лентасындай сырғып өтіп жатқан айшықты көріністер.
Автордың «1989 жылдың жаз мезгілі болатын. Қазақстанға бара қалған кезім» деген сөйлемінен бастап-ақ, шығарманың сәл кейінірек жазылғаны байқалады. Бір уақытта автордың өзі туып-өскен Қытай жағында болғаны да еске түседі. Бірақ соған қарамастан, Кеңестік Қазақстанға келгендегі алған әсерлерін, білгендерін төгіп шашпай, қарапайым тілмен қағаз бетіне ерекше түсіре білді. Әрине, ұзақ жолда сапаршылардың бәрі дәл осы секілді өзінің көрген оқиғаларын, бастан кешірген эпизодтарын, жекелеген адамдармен болған әңгімелерін, табиғат жағдайларын бәрін тәптіштеп түсіре бермейді.
10:536:56
Осындай географиялық мәселелерді тізбектей келіп, сол әрбір жердің арғы‑бергі кезеңдеріне шолу жасауды да автор ұмытпаған. Оны ұмытпайын деп арнайы назар аударуы да мүмкін, бірақ дәл осы жағдайды ескі тарихты қозғауға мұрын бұрып отырған – машина ішіндегі Исаханов Қалиасқарақсақал.
Ол кісі көпті көрген көненің көзі ғана емес, ежелгі тарихтың осы өңірдегі тұрғындардың шежіресінен мол хабары бар құймақұлақ кісі екен және әрбір сөзді тарата айтқаны автордың жанына жағып, қалт етпей, қағазға түсіріп отырғаны байқалады. Бәлкім, тіпті диктофонға да жазып алған да болуы. Өйткені жол бойы келе жатып ұлаңғайыр деректер мен мағлұматтарды тізіп беруі жәй ғана тыңдаушының немесе журналистің қолынан келе бермейді.
Қалиасқар ақсақалдың сөзіне келсек, ол осы өңірде Ақсуаттан басталған жерлерді және оның арғы жағын Аягөз бағытындағы өңірлерді тізбектеп қойғандай айтып келеді: «Ойшіліктен арғы жағы Арғанатыға дейінгі аралық – Базарқұл, Назарқұл, Рысқұл, Қалматай, Киікбай, Жаманай, Тоқай, Қасай, Қожай деп аталатын әйгілі Тоғыз Тоғастың ежелгі тұрағы екен». Бұл арада «тоғыз» деген сөзге мән бергеніміз жөн. Бәлкім, қате де кеткен шығар, тоғыз емес, ол жақтағы атау – «Тоғыз» деген Найманның ішіндегі Қаракерей деген бір тармағы.
Соны нақтылай түсіре келе, кейін автор өзі осы мәселеген оралып соғады. Өйткені алып отырған бір тақырыптың өзін түйіндеп, байланыстырып кету – автордың жүйелі түрде ойлай білудің нышаны екендігі анық.
«Одан арғы жерді – дейді Қалиасқар ақсақал, – Маңырақ деп атайды. Сол Маңырақтың шығысы батысына дейінгі аралық қалың қалың Жұмықтың Сатысының, Тәукелердің жері, яғни, Құнанбайдан кейін Орта жүзге аға болған Бұтабайдың жері» (9‑бет). Осы арада автор үлкен тарихтың бетін ғана қалқып, қақпағын ғана ашқаны байқалып тұр. Қысқа ғана қайырып, арнайы тереңдемейді.
Тіпті, Маңырақтың шығысы Орқашар дегені географиялық тұрғыдан дәл. Бірақ Қытай және Ресей сияқты алып империялар қазақ жерін бөліске салған уақыттарда осы екі тау екі елдің, екі мемлекеттің аумағында қалып қойған. Ал, бұрын қазақ біртұтас болғанда, Саты, Сайболаттар, Тәукелер осы екі өңірдің арасында батысы Ақжарға дейін көшіп‑қонып жүргенін автор ашық айтып отыр. Ал енді нақтылап келетін болсақ, Тәукелердің жері бұл күнде Ақжардан ары қарай асып, Тарбағатай ауданының теріскей шегіне дейінгі жерді алып жатыр. Тіпті батысқа қарай кетіп қалған деседі жергілікті тұрғындар.
Бұл енді – бір ақсақалдың ғана айтқанынан автордың қағып алып қағазға түсірген деректері. Шежірелі әңгіменің шеңберін кеңейте келе, Қалиасқар ақсақал мұнымен тоқтап қоймайды, құймақұлақ тыңдаушы кісіні қызықтырып, одан ары осы өңірдегі аталар мен жер суларын тарқата түседі. «Мына біздің өкпе тұсымыздағы – дейді – Күңгейді Мұқаншы ауданы» (баспа бетінде Мақаншы деп атайды» (9‑бет) деген сәтінде тағы бір мәселенің шеті шығарады.
Шынында да, арғы бетті Мұқаншы деп аталатын жер бүгінгі таңға дейін Қазақстан елінің түрлі басылымдарында, ресми атауларында «Мақаншы» деп аталып жүр, Мақаншы ауданы, Мақаншы елді мекені бар. Мұның себебін Қалиасқар ақсақал былай түсіндіреді: «Тегінде «Мұқанның шиі» деген жер екен, сол бара‑бара Мұқаншы атанып кетіпті, содан соң осы Мұқаншыға дейінгі кең аралықты Мәмбет елі жасайды» (9‑бет).
Шынында да былай қарап отырсаңыз, «Мақаншы» деген сөздің этимологиялық мағынасын қазақша тарқатып, түсіндіріп айту қиын. Осы сөзге ой жүгірту барысында: «Ол қайдан шыққан сөз, өзі қазақтың сөзі ме? Ескі сөз бе, диалект пе? Әлде бір арнайы историзмнен қалған қалдық па?» деген сұрақтар тізбегі туындайды.
Жалпы, бұл мәселе жөнінде тіл зерттеушілері әркезде басты қатырып қоятынын баспасөз беттерінен оқып қалатын едік. Ал, мына арада Қалиасқар ақсақал оның шығу тегін өзінің жобасы бойынша Мұқан деген кісінің шиінен шыққан деп айтып тұр. Қарап отырсаңыз, осы сөздің де жаны бар секілді. Қалай болған күнде де зерттеуші З.Сәнік көтеріп отырған бұл мәселенің, «Мақаншы» атанудың этимологиясының түп‑төркіні бүгінгі таңда зерттеушілерге ой салатыны сөзсіз.
Осы очеркті шежірешілдік бейнесі ашылған Қалиасқар тәрізді ақасақал қазақ арасындағы осындай ескі көз, құймақұлақ қарттардың типтік бейнесі. Очерк көркемдік жағынан осындай нақты образды сомдауымен де ұтып тұр.
Жанрлық тұрғыдан осы очеркке сабақтас, ыңғайлас, тіпті тақырыптас сапарнамалардың бірі – «Алматыдан Алакөлге дейін» деп аталатын очеркі. Бұның да табиғаты алдыңғы «Ақсуаттан Аягөзге дейін» очеркпен туыстас екендігін, екеуіне кезек‑кезек көз жүгірткен оқырман бірден ұға алады. Екеуінде де қалай жолға шыққаны, жол серіктері кім болғаны айтыла келіп, келе жатқан жерлерінің тарихы таныстырылады.
Бірінші очерктің сюжетінің желісі Қалиасқар ақсақалға қатысты өрбісе, екінші очеркте көлік жүргізушісі алдыңғы қатарға шығатын – Төкен деген азамат. Ол бір кезде арғы беттен келіп, осы жаққа сінісіп кеткен қандас жандардың бірі екен. Ол енді Қалиасқар ақсақал сияқты өткен заманның, арғы кезеңнің әңгімелерін қозғамайды. Оның аузынан шыққан негізгі тақырып – өздері келе жатқан жолдың маңындағы жапсарлас өңірлердің бүгінгі ахуалы, халықтың әлеуметтік‑тұрмыстық, тіпті мәдени жағдайлары, соңғы кезде болып жатқан әр қилы қоғамдық өзгерістерге қатысты толғаулар.
Сонымен бірге бүгінгі заманда айта отырып, ертедегі ортағасыр кезеңдеріне қатысты әңгімелерді қысқаша көлденең тартуды автор ұмытпайды. Төкен деген әңгімешіл жігіттің сөзіне ие отырып, тарихтың бірсыпыра беттері парақталады.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін автордың Төкен деген кейіпкерінің өзіне жол бергеніміз оңды болар: « – Солай, ағай, – деді ол маған жауап ретінде, – тегінде осы қаланың солтүстігінде бес‑алтауында Ұлы жүздің Жалайыр, Албан, Суан, Ошақты, Ысты рулары өмір сүрген екен. Ал шығыс‑солтүстігінде де, Орта жүздің, Найманның, Қаракерей, Матай рулары жасапты» (104‑бет) деп келеді де, ол жерлердің кімдердің есімімен аталатынына тоқтап өтеді, кейінгі заманның ірі тұлғаларына қатысты әңгімелер қозғалады.
Бұл арада тек сол Төкеннің ғана емес, автордың өзі зерттеген деректерінің де келтіргенін, үстемелеп қосылғанын байқау қиын емес. Ішінара сол кезеңді зерттейтін белгілі авторлардың есімдеріне де кезек беріліп отырады. Ел аузындағы түрлі аңыз‑әңгімелер, олардың шығу тарихы, жекелеген жер аттарының ұлы есімдерге қандай байланысы бар екендігін де очерк авторы назардан тыс қалдырмайды.
«Менің қайран қалатыным, – деп сөзін сабақтады Төкен, – Қабанбай бабамызға арналған тойды республикалық көлемдегі ең алғашқы батырлар тойы деуге болады» – деп келеді де, сол уақыттарда Мәскеуде тамыз бүлігінің де қатар орын алғанын еске салады. Баяғы ресми хабарлардағы ГКЧП деп аталатын Горбачевке қарсы Мәскеу бүлігінің аяғы немен тыңғанына баса көңіл бөледі. Кеңес өкіметіне қауіп төніп, сол бір күндері елдің дағдарып қалғаны алдыңғы буын азаматтардың есінде.
Бұның өзі кездейсоқ емес сияқты, өйткені соңы Қазақстанның тәуелсіздігіне ұласты ғой – деген ортақ түйінмен кейіпкерлер өз тұжырымдарын ортақ арнада тоғыстырып, бір жерге сабақтастыра түседі.
«Осы өңір төрт Төлекатайдың бірі – Матай елінің мекені екен. Мына, төменде ағып жатқан бұлақты Ақешкі деп атайды. Оның бойындағы зираттықтың ортасында тұрған биік кесене – Сары апамыздың кесенесі…» (111‑бет). Міне, осы әңгімеші Төкен деген азамат адам жер-су аттарын, көне топономикалық ұғымдарды тарата талдай отырып, отырып, оның тарихын белгілі тұлғаларға апарып бір-ақ тіркейді.
Мысалы, бұл арада айтылып отырған Сара апасы – атақты «Біржан‑Сара» айтысындағы Сара Тастанбекқызы. Автор оның бүкіл қазақ үшін елеулі есім екеніне аса көңіл бөледі, айтыс өнеріндегі орнына шолу жасап кетеді.
Сапар барысында арғы-бергі тарихты әр тараптан қозғай келіп, түрлі деректерді ұсынатын очерктердің бірі – «Алматыдан Алакөлге дейін» деп аталатын жол сапар жазбасы. Онда бірге ілесіп жүрген Төлеген Ахмадиев (бір жерде Төкен деп те айтылады) екеуі сырласып, осы өлкедегі жер-су жағдайларына көбірек тоқталады. Әрбір шоқының немесе асудың, я болмаса жердің бір ерекше тұстарының бұрынғы тарихтарына қазбалай кетеді. Мұнда арғы-бергі тарихтың біраз қатпарлары да айтылады, шолулар жасалады. Сонау Шыңғысхан заманынан бергі қазақ тарихына қатысты ірі тұлғалардың аттары тізбектеліп айтылып қалатын тұстары да аз емес.
Осылай тарих пен сапарды ұштастыра отырып, автордың әсіресе көбірек шұқшиятыны – атақты айтыскер Сара Тастанбекқызына қатысты мәліметтер. Оған себеп болған – жол бойы кездескен Ешкіөлмес тауының етегіндегі бұрынғы кезеңдерді еске салатын географиялық атаулар, сонымен бірге жолаушылар арнайы бұырылып барып, зиярат еткен Сара Тастанбекқызының кесенесі.
Автор бұл есімнің қазақ үшін аса қадірлі де қасиетті екенін айта келіп, соның тарихына тоқталады. Ақынның жұбайы Шәмшібану Хамзақызы, кесененің ескерткіш тасына сүйеніп тұрып, арнап жазған өлеңін оқиды. Бұл да – сол сәтте үлкен тебіреністен, толайым толғаныстан туған жыр жолдары.
Ақын Сараға қатысты аз жазылмағаны белгілі. Соған қарамастан Зейнолла ағамыздың сапарластары да осы төңіректе әңгімені өрбітуге құштарлық танытып отырады. Бұрыннан айтылып келе жатса да, Сараның кім екені туралы жасалатын шолулар оқырман үшін тіпті де қызықты бола алатындай деңгейде. Ол автордың келтірген кейбір қызғылықты деректеріне, соған орай жасаған тұжырымдарына да байланысты.
Біржан-Сара екеуінің айтысы қазақ әдебиетінің тарихында қалған асыл маржан сөз өнерінің бір биік үлгілері болып саналатыны рас. Әңгіме барысында тек Сараның өз басы ғана емес, оның айналасындағы адамдар, оған ықпал жасаған тұлғалардың есімдері де аталуы заңды. Очеркте сол маңайда, Ақсу өзенінің жағасында Маманның Тұрысбегіннің сауда дүкенін ашқаны да айтылады. Ол тіпті Сараның жеткіншек кезі сияқты.
Сонымен бірге, бұл маңайда қазақтың Құнанбай, Шоқан, Әсет, Жамбыл, Әріп, Түбек сияқты ақындары мен сөз өнерін қолдаған, билік айтқан ірі тұлғалары, ақын-жыраулары да ат басын тіреп, тоқтап өткендері жөнінде деректер келтірілген. Сара ақын болса Біржанмен айтысы арқылы өзінің талантын бүкіл Жетісу өлкесіне ғана емес, қазақ еліне де жайғаны белгілі.
Бұл айтыс 1871 жылы Ешкіөлмес тауының бауырында, Тұрысбектің ауылында өткені туралы әр кезде айтылып, жазылып келеді. Осы деректі Зейнолла Сәнік одан әрі өзімен әңгімелескен адамдар арқылы және өзінің зерттеулеріне сүйене отырып, нықтап. айқындай түсіпті. Ол, басы бос емес жас қыз ретінде, бір байдың Жиенқұл деген баласына тигендігі, соны бетіне басқан Біржаннан жеңіліске ұшырағаны да белгілі.
Осы Ақан Сара мен Біржан сал айтысына қатысты тұлғалардың бірі Әріп Тәңірберген екендігі басқа зерттеушілердің де назарынан қағыс қалмағаны мәлім. Сапар басындағы әңгімеде автордың бұл мәселеге соқпай кетуі мүмкін емес еді. Ол айтылып жүрген деректерге байқағандары бойынша, жаңағы сапарлас жолаушылардың айтуынан шығарып, өз тарапынан жаңа штрихтар қосады.
Автордың айтуы бойынша, Әріп Тәңірберген атақты Маман Тұрысбектің ауылында жиі болып тұрған. Оның үстіне, дарынды да сұлу Сара қызға құлай ғашық болғаны ауызға алынады. Кейбір деректерде бұл мәселе жөнінде қозғала берілмейтін. Зейнолла Сәніктің бұған үңіле ой тарқатуы осы айтысты зерттеушілерге, не болмаса Сара Тастанбекқызының өмірі туралы мәліметтер жинайтын жандарға қалай да керек болуы ықтимал. Сондықтан бұл арада очерк иесі тек өзіне ғана сүйенбей, сол жергілікті зерттеуші Тәңірберген Халилахановтың арнайы жазған «Ақан Сара» атты кітабынан үзінділер келтіреді. Сол үзінділер арқылы Әріп ақынның Сараға деген сезім күйі, жастық ықыласы айқын танылғандай. Бұл да назар аударған оқырмандар үшін маңызды деректер, қажетті мағлұматтар деп білеміз.
Осы арада зерттеушілердің де, қатардағы жай оқырмандардың да назарын аударатын бір детальға тоқтамай кету мүмкін емес сияқты. Автордың айтуынша, Сара да Әріпке кет әрі болмаған. Жазған хаты Сараның қолына кеш тисе де, Әріп үмітін үзбеген болуы керек. Енді осы жерде мына бір үзіндіге көңіл аударсақ артық болмас еді деп ойлаймыз:
«Сара да әлі ұзақ күткен тәрізді. Ол өзін бағып өсіріп отырған әкесі Есімбектің (Есімбек пен Тастанбек – жамағайын адамдар) әйелінің төркін жағынан – Жалайыр азаматы Бекбаймен көңіл қосқанша арада жеті-сегіз жыл өтеді. Сараның әріпке жазған хаты да осы бір шын ғашықтардың сарлыған сағынышын аңғартады» (117‑бет) дей келіп, автор Сараның Әріпке жазған хатынан үзінді келтірген.
Онда шын мәнінде де ақын бойжеткеннің ыстық ықыласы бетке ұрып тұрғаны көрінеді. Бірақ, көңілге сұрақтың да көлденеңдеп келіп қалатынын жоққа шығара алмаймыз. Негізі, Сара Жиенқұлға атастырылып, басы байлаулы болғаны айтыстың өзінде де, айтысты зерттеушілердің деректерінде де қайталанып отырады. Ал, Зейнолла Сальменнің айтуы бойынша, Сара Бекбаймен көңіл қосқанша арада сегіз жыл өтеді деп жазады. Сонда негізгі «Жиенқұл қайда қалды?» деген сұрақтың туындауы заңды.
Сараның Бекбаймен көңіл қосып, кәдімгі үлкен шаңырақ көтергені байқалады. Оған дәлел 118‑беттегі мына үзінді: «Сара апамыз Бекбайдан бес бала көреді, еркек балалар ертерек қайтыс болады, қыздарынан ғана ұрпақ бар көрінеді» (118‑бет). Демек, осы арада Сараның күйеуге тиюге байланысты түйткілді мәселенің бір төбесі көрініп тұр. Енді бұған арнайы зерттеу қажет.
Сонымен бірге, Абайдың осы айтысқа қатысты берген тұжырымдамасына да назар аударарлық. Ол кісі Біржанды «Сарадан жеңіліп қалыпты, түйінді сөзге тоқталмай, төпелей беріпті» деп кінәлаған екен. Абайдың айтуына қарағанда айтыс барысында Біржан жеңіліп қалған болып тұр. Бұл да назарға ұсынуға татитын, зерттеушілердің аттап өтуге болмайтын, бір қажетті штрих екендігі сөзсіз.
Ал осы айтысты зерттеушілердің көбі Біржан жеңіп кетті деген қорытындыны баяғыда-ақ жасап қойған. Ол бір мақаладан екіншісіне ауысып, тіпті оқулықтардың беттеріне де кіріп кеткені рас. Біржан мен Сара айтысын жан-жақты талдауды міндет етпесе де, Зейнолла Сәнік осы очеркінде әсіресе Сараның тағдырына көбірек көңіл бөлген. Оған қатысты жекелеген деректер мен мағлұматты іріктеә отырып ой тарқатады.
Автор мұнда бір түсініксіз жағдай дей келе отырып, оқырманның алдына көлденең бір интриганы тартады. Очеркте барған жерінің айтыстан, той-думаннан Сараны қалдырмағаны, оның өнеріне тұсау салмағаны туралы деректер бар екен. Бірақ кейінгі айтыстарының, Әсетпен, Төремен айтыстарының солғын шығу себебі неде? Сондай-ақ 1907 жылғы атақты Сүлейменнің айтысында Сараның көрінбеуі қалай? деген сұрақтарды көлденең тартады.
Атақты әдебиет зерттеушісі, фольклортанушы Құрманғали Халидтің жазуына қарағанда, бұл ас Абылайдың асынан кейінгі ең үлкен ас екен. Ол 1907 жылы Алакөл бойындағы Сабаз деген жазықта өтіпті. Соған бүкіл ат жетер жердегі, аяқ жетер жердегі қазақтың игі жақсылары да, барлығы қатысқан. Бұл дүбірлі ас өтіп жатқан кезде, атақты Ілияс Жансүгіріп не бәрі 13 жаста болған көрінеді. Сол айтысты бәйге атымен шауыпты деген әңгіме айтады автор.
Осының әсерінен Құлагер поэмасының тууы, өмірге келуі әбден ықтимал екендігі де жоққа шығармайды.
Осы уақыттарда бұл өңірде басқа да салтанатты жағдайлар өткен. Солардың біріне Кенен Әзірбаев қатысып, Әсеттің әнін, жаңағы салтанаттардың майын тамыза естелік қалдырған екен. Бірақ оның айтқандарында ақын Сараның есімі айтылмайды. Себебі неде? Бұл да оқырманды да, зерттеушілерді де ойландыратын жағдай.
Зейнолла Сәніктің тұжырымдауынша, Сара ұзатылған соң отбасы ошақ қасынан ұзап шыға алмай, жай ғана қатардағы қарапайым әйелге айналып кеткен. Күйеуі де, барған жері де, Сараны айрықша қадірлейміз, бетінен қақпаймыз деп берген уәделері жайына қалған сияқты.
Оның үстіне, өзінің ғашығы Әріптен айрылғаннан кейін Сараның ақындық оты да өшкен деген тұжырымға әкеледі автор. Осының бәрі шындыққа жанасымды. Енді бұл арада Біржан мен Сараның айтысына Әріп Тәңірбергеннің ықпалы болғаны туралы ойлардың айтылуы тегін емес көрінеді.
Очерктегі ойландыратын жағдайдың бірі осы. Кейбір зерттеушілер тіпті бұл айтысты Әріп Тәңірберген жазып берген немесе түзеткен дегенді әлі күнге айтып жүр. Бірақ бұл арада бір ойландыратыны егер Біржан мен Сара айтысы «Қазақ айтыстарының ішіндегі ең көрнектілерінің бірі, өрнекті де маңыздысы, көркемі» деген тұжырымға келетін болсақ, онда Әріптің өз өлеңдерінің көркемдігі неге осы айтыс деңгейіндей емес? Неге көбі орташалау болып келеді? Ол да ойландыратын жағдай.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, Зейнолла Сәнік Сара Тастанбекқызының өміріндегі кейбір болған жағдайларға, сонымен бірге осы айтысқа қатысты пікірлерге назар аудара отырып, тағы да зерттей түсуді қажет ететінін жоққа шығармайды. Бұның өзі оқырманға да, зерттеушілерге де ой салуы тиіс.
Жол серігі болып келе жатқан Төкеннің айтқан әңгімесінен шығара отырып, шынында да мына жер осындай тұлғалардың өмір сүруіне лайықты өңір екен деген логикалық қорытынды жасауға алып келеді. Сарадан бергі кезеңдердегі атақты Маман әулетінің алғаш рет қазақ романына бәйге жариялауы, мешіт-медресе салдыруы да назардан тыс қалмайды. Сөйтіп, арғы кезеңге шолу жасай келе отырып, екеуі де өз тұжырымдарын қазіргі таңдағы мәдени оқиғаларға әкеліп тоқайластырады:
Сонымен бұл сапар жай сапар ғана емес, арғы-бергі замандардағы тарихи әңгімелерді қозғаған мағыналы сапар болғанын көлденең тарта аламыз.
Осы арада Ақсуат‑Аягөз және Алматы‑Алакөл сапарларына қатысты екі очерктің де жазылу үрдісі, мағыналық табиғаты өзара соншалықты жақын екендігіне қанық боласыз. Бірақ екеуінің өткен уақыты екі түрлі. Бірінші Ақсуат-Аягөз сапарының мерзімі 1989 жыл деп көрсетілсе, екінші сапар 2002 жылдың 5‑қыркүйегінде Алматыдан басталыпты. Екеуінің арасында 13 жылдай уақыт. 13 жыл болғанымен, осы уақыт аралығында тарихтың өте маңызды парақтары аударылып, қоғамдық өмір және жаңа бір кезеңге еңген кез.
Бірінші сапарда уақыт Кеңес өкіметінің ақырғы жылдарының бірі болса, соңғы сапарда еліміздің тәуелсіздік алғанына оншақты жыл өтіп те кеткен. Міне, осы арада қазақ өзін‑өзі танып, өзінің тарихына қымсынбай, еркін көз жүгіртіп, тәуелсіздікті рухани түрде де сезіне бастаған кезең. Автор осылардың бәрін сабақтастыра отырып, болашаққа көз жүгіртеді, өткен тарихқа қайта‑қайта назар салып, оның сабақ алар тұстарына айрықша тоқталады.
Зейнолла Сәнкітің «Алматыдан Алакөлге дейін» жол сапар очеркінде тек бір жол саяхаттың мазмұны мен сол жерде көрген-білген оқиғаларн баяндаумен ғана шектелмейді. Арасында шегініс жасап, бұл жерлердегі бұрынғы сапарларды да еске ала отырып, компровастикалық тәсілге жүгінетіндігі де байқалады. Автор 2012 жылы 10-12 қараша күндері бір Үшаралда болып, естен кетпес күндерді бастан өткізіпті. Сонда өзінің елдесі Айткен Алмасұлының үйінде болып, сол жердің жергілікті өңірінің тарихымен танысқандығын еске салады.
Осындай әңгіме арасында аталатын ауылдардың бірі – Көлбай, Қойлық сияқты елді мекендер. Сонда, сөз арасында очеркте бұрын белгісіз болып келген сапарластардың да есімі көлденеңдей кетеді:
«– Жә, Кәмал бауыр, – дедім мен, жол қысқарсын, – Мына елің мен жеріңнің әңгімесін айтып отыр. Көлбай кім, қай кезде өмір сүрген адам?» (124‑бет) деген сияқты авторлық сілтемелер арқылы тарихқа тереңдей енгісі келетіндігі жөнінде мәселені тағы қозғайды. Бұл арада, шынында айтқанда, Камал дегеннің кім екенін оқырман сюжеттің желісін ұстап, оқиғаның жібінен айрылмай келе жатқан оқырманның түсінбей қалуы да мүмкін.
Бәлкім, осы жерде Камал туралы деректер қысқарып кетті ме деп те ойлайсың. Бірақ барған сайын әңгіменің ауқымы кеңейе түсіп, ол Камалдың кәдімгі қазіргі таңдағы Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысыКамал Абдірахманов екендігі айқындалады. Ол бекер шырақшы болып жүрмеген адам. Бұл азаматтың білімділігі, парасаттылығы, аңғарымды адам екендігі Зейнолла Сәнітің осы очеркінде шағын штрихтармен сезіліп отырады.
Автор өзі білетін түрлі мәліметтерді көлденең тарта отырып, тарихтың тылсым қойнауына тағы да ойша сапар шегеді. Бұл өңірдегі атақты адамдардың тарихқа қосқан үлестері жайлы айтылатын әңгіменің өзі бір төбе. Географиялық тұрғыдан алғанда Лепсі деген өзен қайда? Ол қайда барып құяды? Қазақ даласының ортасындағы «Көк меруерт» атанған көл қай көл? деген сауалдарға да әжептәуір жауап берілген.
Сөйтсек, жұрт аңыз қылып айтып, «Көк меруерт» деп аталатын теңізіміз ол – Балқаш көлі болып шыққанын да айтады. Автор Балқаш көлінің жағалауын қызықтыра етіп суреттеп, аса тартымды жағына ерекше көңіл бөледі. Енді бір кезде осы өңірде темір жолдың салынуына аса жауапты адамдардың бірі болған, атақты тұлға Мұхаметжан Тынышбаевтың кезіндегі жағдайларға да ойша шолу жасалады.
Сол жылдары Алакөл тұсындағы станцияға «Қаракерей станциясы», Лепсі станциясына «Садыр станциясы», ал Ақсу-Көксудің құятын тұсындағы станцияға «Матай станциясы» деген ат қойылған екен. Бірақ уақыт өте келе бұлардың кейбіреуі өзгеріп кеткен. Оған себеп – Кеңестер одағының орталығы Мәскеуден келген теміржолды қабылдап алуға келген өкілдердің ол аттарды түсінбей, қайта-қайта қазбалай сұрауы. Содан жұрттың ең білем дегендері бұл атаулардың қазақ руларының аттары деп жауап берген екен.
Оған коммунистік идеологиялық билеп тұрған замандағы ұлықтар өлсе қоя ма. Мұндай аттар ұлытшылдықты қоздырады деп, әлгі станциялардың аттарын дереу өзгертіп тастаған. Матай станциясының аты ғана қалған екен. Оған да тиісейін деген кезде, сол жердегі бір шал ара түсіп:
«– Жоқ, осы арада Матаев деген балықшы орыс шал болған, менімен дос еді; бұл ат соған байланысты шыққан екен» деп айтып салады. Сонда ғана Мәскеудің ұлықтары: «– Жарайды, бұл станцияның аты Матаев болып қала берсін» деп шешім шығарады.
Найман тайпасының Матай руы атындағы станция бүгінгі күнге дейін өзінің атын сеніммен ақтап тұр. Әрине, орыстың Матаевы емес, қазақтың Матай деген атасы екендігі жергілікті тұрғындарға жақсы мәлім. Бұл өзі бір жағы анекдотқа айналған әңгіме.
Дегенмен, осы мәселелерді қозғағанда, оқырман Кеңес дәуіріндегі коммунистік идеологиялық мәселелердің күшті екендігіне тағы да тәнті болады. Ол замандарда «Кеңес Одағы ең жақсы мемлекет. Коммунистер ең жақсы, озық партияның мүшелері» деген ұғымдар санаға болаттай бекіп, қағылып қалған ғой. Сондықтан да, бәрі осы коммунистік идеяға бағынудың арқасында, көптеген халық өзінің руын, ата тегін ұмыта бастаған; билік тіпті оны айттырмауға да күш салған. Ислам діні туралы әңгіме тіпті екі бастан да жоқ.
Міне, осындай жағдайда Кеңес өкіметі ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, елдің көкейінде көптеген жылдар бойы жүрген ұлтты тану, өзін-өзі ұстану мәселесі қайта көтерілді. Соның мысалдары осы кітаптың ішінде жетіп артылады. Әрине, қоғамдағы өзгерістерді, бұл жағдайлардың бәрін бір кітаппен қамту мүмкін емес екені де белгілі.
Екі қчерктің де оқырманға беретін тәлім-тәрбиесі өзі бір бөлек, танымдық жағы тіпті салмақты. Сөйтіп, оқыған сайын ескі кезеңдерден, жалпы қазақ тарихына қатысты әңгімелерден көп мағлұмат аласыз. Тіпті, кейбір қалыптасып қалған түсініктерді бұзатын ахуалдар да, фактілер мен мағлұматтар да кездесіп отырады. Еңбектердің жаңашылдығын көрсететін негізгі факторлардің бірі осы.
Сондықтан да, Зейнолла Сәніктің еңбектерін – жол сапар очерктері болсын, басқа да деректер болсын, ары қарай зерделеу – келешек буынның үлесі деп білеміз. Бүгінгі таңда осы мосы очерктерде айтылған өзекті мәселелерді талдауға жастарды тарта білудің өзі маңызды екенін ұмытпауымыз керек. Уақыт өткен сайын бұрынғы қалам иерлері қатардан шығып, олардың орнын жас буын келіп, жаңадан басатыны белгілі.
Бірақ сол жас буынды дайындап, үлгере аламыз ба? Үлгерсек, олардың пікірлерінің объективті болуына септігімізді тигізе аламыз ба деген мәселелер де өзекті екендігі сөзсіз. Ең бастысы жаңашылдық пен білім керек. Бұл очерктердің ең құнды жағы – зерделі ойлармен безбендей келіп, туған халқыңды қалай сүю керек екендігін нақты мағлұматтармен, парасатты ойларымен ұқтыруға тырысқан тағылымы.
