М. МАҒАУИННІҢ «ҚЫПШАҚ АРУЫНДАҒЫ» АВТОБИОГРАФИЗМ
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор
М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері
Әдебиеттану ғылымы бағытында бірнеше ғылыми-зерттеу еңбектері жарық көрген.
2025 жылы қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырады. Қазіргі әдебиеттің алыптары бірінен соң бірі өмірден қайтып жатты. Соның бірі – Мұхтар Мағауин. Мақала бітімі бөлек жазушының рухына бағышталады.

Көп жазушылардың туындыларында автор ашық көрінбейді. Бірақ бұл автор бейнесі мүлде көрінбейді деген сөз емес. Әрбір туындыда автордың шығармашылық тұлғасы бар. Кейіпкер – автор ойының тасымалдаушысы. Сондықтан да автордың суреткерлік ұстанымы мен дүниетанымы шығарманың бас қаһарманы арқылы танылып жатады.
Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің «Қыпшақ аруы» хикаятында автор анық та ашық, бар тұлғасымен көрінеді. Өзін-өзі мемуарлық деңгейде сипаттауы, шығармашылық жайы мен жоспары туралы, жазу үстіндегі еңбек процесі мен әр алуан көңіл-күйі, туындыларының тағдыры мен алдына қойған мақсаты жөнінде оқырманмен бүкпесіз сырласады. Тіпті жасыратыны жоқ, былайғы оқырман аңғара бермейтін қаламгерліктің құпия сыры айтылып жатады. Автордың өзі шығарма кейіпкерімен тікелей араласып, сюжеттің дамуы мен ширығуына тікелей араласады. Бұл ерекшелікті жазушы М. Мағауиннің өзіндік жазу қолтаңбасы, стилінің бір көрінісі деуге, біздіңше, әбденболады.
Хикаяттағы екінші тұлға – мүсінші Саржан. Шындығына келгенде, автор қиялынан туындаған бұл образды да жазушының өзі деп қабылдаймыз. Ортақ желі – орта ғасырдағы бір кездегі кең байтақ Қыпшақ даласындағы қыпшақ аруының қайталанбас тас мүсіні және осы тектес мыңдаған балбал тастар. Жат қолымен омырылып сындырылған. Қыпшақ даласындағы бір кездегі тіршілік кешкен жауынгер түрік-қыпшақ жұртының жұқанасын кейінгі жат қолдар тіпті тарих бетінен біржола өшіргісі келгендей аяусыздықпен қиратып жоқ қылған. Бірақ сонда да мыңдаған балбал тастар сақталынып қалып, музей-қорықтар арқылы бізге жеткен.Бұл жазушы-ғалымның зерттеуіне ерте күннен арқау болып, жан дүниесіне берік орныққан жәдігер болатын. Автор хикаятта сол мүсіннің – Қыпшақ аруыныңғажайып сыры мен сымбатын, құпиясын бейнелеуде ұтымды тәсілді шеберлікпен жүзеге асырған. Ол – жазушы мен талантты мүсінші Саржан арасындағы диалог, бірлескен іс-әрекет, өткен заманның шынайы шындығы мен бүгінгі биліктің астамшыл, еуроцентристік көзқарасының озбырлығы жөніндегі жүректің түкпіріне байланған ащы сыр мен айықпас мұң. Иә, бір кездері даңқты ата-бабамыз – өр рухты, ер тұлғалы, мәрт мінезді түрік-қыпшақтар ен байтақ Қыпшақ даласында мекен еткен. Айбатымен жауларын ықтырған.Тізелі бүктірген. Сол түрік-қыпшақтың бүгінгі жалғастығы, мұрагері қазақтардың хал-жағдайы қалай, өр рух сақталынды ма, әлде жойылып кетті ме? Хикаяттағы жазушы мен мүсінші арасындағы диалогте осындай ұлттық мәселе көтеріліп, бүгінгі оқырманына сонау тарихтың қойнауынан сыр шертіп, ой тастайды. Халық өткен тарихын білуге тиісті. Халықтың тарихты тарих ғылымы арқылы білуі бір бөлек те, көне тарихты әдебиет, көркем сөз, образ, образдар тағдыры мен тартысы арқылы білуі бір бөлек танымдық-эстетикалық құнды дүние саналады. Жазушы-ғалымның бүкіл шығармашылық ғұмырындағы үлкен миссиясы осы болса, соның бір әдемі көрініс табуы – «Қыпшақ аруы» хикаяты деп білеміз.
Туындының бас кейіпкерлері жазушы да, мүсінші де – құрдас, шығармашылық еркін ойлы адамдар. Сондықтан өткен заманға да, кешегі озбырлық кезеңнің қиянпұрыс әрекеттеріне де, бүгінгі уақыттың талабы мен өнер адамдары ретіндегі өз міндеттеріне де сыншылдық көзқараспен қарайды. Шығармадағы оқиғаның дамуына жазушы себепші. Кездейсоқ кездесіп қалған олар әңгімелесе келе бір-бірінен рухани жақындық табады. Атақ-даңққа ерте іліккен мүсінші іштей шығармашылық дағдарысқа түскен. Салынып жатқан мүсіндерінің бәрі тапсырыспен, қомақты материалдық қаржымен орындалып жатыр. Сонда да шын дарын тегіне тартпай тұрмайды. Сол мүсіндерінің өзінен терең түсінген адамға ащы шындық аңғарылатын. Солай болса да іштей дағдарыс үстінде. Шын өнер адамының еркіндігін іздейді. Өзінің мазмұны да, түрі де ұлттық өнер бағытын аңсайды. Ал жазушының ғалымдық жолы сәтті басталып, атақ-даңққа бөленген секілді көрінгенмен, көп жыл бойы тірнектеп жинаған халықтың көне сөз қазынасы кітап болып басылып шыққалы тұрған жерінен қайта туралып, жөргегінде жойылған.Бұл шығармашылық адамына жеңіл ме? Оның үстіне заманға лайықтап жаздым деген романы да ұр да жық сынға жаппай ұрынған. Ендігі болашақ неде? Көңілдің терең түкпірінде жатқан сюжеттер мен тарихи тартыстар, кешегі ел тағдыры қалай жазылмақ? Оның жариялану мүмкіндігі жоқ болса, қайтпек? Олар осындай шығармашылық көңіл-күйде табысқан. Екеуінің арасындағы диалог әлдебір ішкі қыжылға толы.
«- Жай ғана рас емес, анық ақиқат. Екінші, еңбастысы – біраз жақсы дүниелер қалыптадың. Мәселен, Ақмоладағы «Тың көтерушілер». Менің байқауымша, мүлде басқа нәрсе. Айқай, ұран емес, шындық. «Міне, мына жердің иесі – біз! Алдық! Табанға салдық!» деген өктемдік, астамшылық анық байқалады. Көтеруші емес, таптаушы. Игеруші емес, қорлаушы!
Саржан рабайсыз ыржиып, үнсіз күлді. Ақырын күрсінді. Кішкентай баладай аңғал, риза кейіпке көшкен. Маңдайдағы, қосарлана жарысып, көлденеңінен, мезгілсіз түскен әжімнің өзі жарасып тұр.
— Солай айттың, ә!.. – деді. – Сен көрегенсің. Мәнісін танығансың. Бірақ басқалар… басқалар көрді ме осыны?
— Қажеті қанша, — дедім мен. – Аңдамай-ақ, білмей-ақ қойсын. Соның өзі жақсы емес пе. Тым құрыса қазіргі кезең үшін.
— Рас, — деді Саржан енді маған мүлде риза болып. – Біздің ауыл – Көкшетау. Қасиетті жер, құйқалы топырақ, кәделі ел. Қалай қопарды, қалай таптады, қалай қорлады. Соның бәрін көрдім, мектепте оқып жүрген кезімде. Дәрмен жоқ, шыдайсың. Бірақ бәрібір, сенің айтқаның дұрыс емес, — деді. – Қазақ… қазақ бар ғой онда. Қазақтың тұрпаты басқаша болуы керек еді. Мұңды, қайғылы…
— Ойлы, — дедім мен. – Оны да көрдім. Алақайлап, құлдық ұрып тұрған жоқ. Қайткенде де аналардан басқаша.
-Солай ма, — деді Саржан әлденені есіне түсіре алмағандай, бейтарап кейіпте.
— Әрине, — дедім мен. – Тіпті, езілген, түңілген десе де болады.
Енді Саржан әбден көңілденді».
Кейіпкерлер арасындағы диалог мінез даралықтарын айшықтаған. ХХ ғасырдың 70-жылдарындағы жазушы М. Мағауиннің жан дүниесінің ішкі арпалысынан хабар береді. Халық тарихының тереңіне үңілген сайын туған халқының, ата-бабасының ер тұрпатын терең сезініп, уақыт өте келе содан бірте-бірте айырылған, жер-жерге тарыдай шашылған трагедиясын жүрегі езілеауыр қабылдайды. Бұл жазушы-ғалымның кеңестік дәуірде мазмұны социалистік, түрі ұлттық өнер жасаймыз деп ұрандатып жатқан кездегі билікпен қайшы келген суреткерлік ұстанымы мен өзіндік дүниетанымы болатын. Сол қалыпқа сыймаған дүниетаным мен сурекерлік ұстаным өмірінің ақырына дейін шығармашылық жұмысының арқауы болды. Міне, даңқты жазушының рух ерекшелігінің бірі осында шығар.
Шығарманың басты идеясы – тарихи шындықты – кең байтақ Қыпшақ даласын мекен еткен түркі жұрты мәдениетінің, ой қуатыныңзаманында қаншалықты биікке көтерілгенін және кейін жат қолдардың тарапынан аяусыз қиратылып жойылғанынбүгінгі ұрпаққа көркем жеткізуге бағытталған. Сом соғылған балбал тастардың, оның ішінде мүсінші Айсұлу атап кеткен Қыпшақ аруының қайталанбас бейнесін, эстетикалық қайнары мен қуатын суреттеуде қаламгерөз қиялынан туындатқан Санжар образын шығармаға әкелген. Санжар да – автор. Оның ішкі жан дүниесіндегі түрлі қопарылысты оқырманына көркем жеткізуде қолданған шығармашылық қиялдың жемісі. Олар бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі күшейтіп, тұтастай алғанда, жазушының рухани автобиографизмін көркем бейнелеген.
«- 818. Сум облысы, Чернухино-Перевал ауданынан табылған. Мойны үзілген…» — Саусағымен ұстап тұрған әуелгі бетті ашып, мүсінге қарады. – Сындырған екен, қайта орнатыпты…
— Мен де байқамаппын. Мойны солдан оңға қарай, иықтың үстінен ала опырылған екен. Әрине, құлағаннан емес. Айрықша салмақты, ауыр нәрсемен пәрмендей ұрған.
— Иттің балалары! – деді Саржан қатуланып. – «Оң жақ беті қабыршақтана ұшып түскен, немесе зақымданған. Иегінің ұшы, иығының үсті және шынтағы кетілген…»
Суретті қайтадан бажайлай қарады. Шынында да солай.
— Мыйсыз, топас хайуандар! – деді енді мүлде түнеріп. Әуелгі қараста бәрін бірдей байқамаған тәрізді.
— Уақа емес, — дедім мен. Сол жақ беті аман ғой. Бүтін. Симметрия. Елестету оңай…
Шынында да, бұдан бұрын қаншама қарағанда кетік-кемісі андағайлап көзге түспеген. Саржан ары қарай оқыды.
— «Әйел мүсіні»… Әйел болғандай қандай! «Типі» пәленбай. «Өлшемі…» мынандай. Аһа. «Түр-тұлғасы…» — оны көріп тұрмыз. «Көкшіл құмтас…» Міне, ең керегі – «Қазір Ворошиловград тарихи-өлкетану музейінде тұр».
Қайтадан әуелгі, суретті бетті ашты. Қабағы жазылып, тесіле, ойлана қарап азғана отырды.
-Кім бұл?
— Қыпшақ аруы, — дедім мен, қираған, бүлінген қалпының өзінде, он төртінен, жаңа туған айдай жарқырап шыққан көне суретке – тас мүсіннің жанды таңбасына сұқтана қарап тұрып».
Шығарманың мұнан кейінгі сюжеттік дамуы мүлде тың сипат алады. Саржан ара-арасында жазушымен хабарласып тұрғанмен, шығармашылық ізденіске батыл еніп, тіпті оның жан дүниесін жаулап алғаны соншалықты, Қыпшақ аруы – Айсұлу жөнінде өзіндік көркемдік әлемін жасап алады. Қырық күн бойы ежелгі Қыпшақ даласын адақтап шығады. Көптеген мүсіндерді көзбен көріп, көкірегінде түйсінбеген бұрын-соңды тың жайларды ашады. Жазушымен алғашқы әңгімесінде «Сендер, әдебиетіміз сондай, тарихымыз сондай деп қанша мақтанғанмен, қазақта мүсін… мүсіншілік өнер атымен болмаған ғой!..» дейтін Санжар «мен тірі бейнелерді көзбен көріп, қолмен ұстап, бетпе-бет жүздескендей болдым» депкейін ерекше әсерленеді. Ішкі әлемінде айрықша қуат – шабыт орныққан. Ойындағы мазмұны да, түрі де ұлттық өнердің үлгісін енді тапқандай. Қыпшақ аруы – Айсұлу туралы аңыз шығарып, оған өзі шексіз сенеді. Қиял дүниесімен мың жыл бұрынғы уақытқа барып, Айсұлумен жүздесіп, ғажайып бақытты шағын бірге өткізеді. Сондай қиял, шабыт және сенім үстінде ол Қыпшақ даласын адақтап таба алмаған ежелгі қыпшақ жігіті өзі мен ғашық жары, қайталанбас сымбатты да ақылды, мінезді қыпшақ аруы – Айсұлудың мүсінін тасқа қашайды. Автор мүсінші жігіттің әр қилы күй кешкен шығармашылық психологиясын әсерлі бейнелеген. Кейде Санжар басқа әлемге еніп,бұған түсініксіз әлдебір жайды қызуқандылықпен алабұртып әңгімелегенде, жазушы досы да оны түсінбей іштей аңтарылады. Жазушының өзі де бұл уақытта түрлі жағдайды бастан кешірген. Қаламгерлік жолдың азабы мен дағдарыс, алабұртқан құйын сезім түрлі ойға жетелеген. Жалпы, туындыдағы өзіндік басты сипат – автобиографизм.Автобиографизм оқырманын сыртқа теппейді, керісінше сюжетті қоюлатып, тартысты күшейтіп, туындының танымдық-эстетикалық қуатын арттыра түседі.
«…Мұндайда көп білгеннің пайдасы тиеді екен. Әлгі шалдар… олар да үнемі классика жасамаған ғой. Кейде орташа. Соның өзін жөндеп, өңдеп, тиесілі деңгейіне жеткізген. Қайткенде де лақтырып тастауға дәтім бармады. Тартпаның түбіне тастадым. Мүмкін, уақыт оза келе әлденендей кәдеге жарар. Тағы бір әңгіме, немесе хикаят… – тағы да майда, кәкір-шүкір, бейбіт, сұрқай бірдеңе болып шығады. Тыныштық іздеген жолында өгіз де зорықты, арба да қаңсыды – ештеңеге жетпедің, өзіңді-өзің тұралаттың. Міне, осындай тірлік. Болмайды екен. Бөрінің шөп жегені сияқты. Ендеше, көңілдегі көп қиынның біріне қалам сілтеу керек. Барыңды саласың, бәрін айтасың. Содан кейін тиесілі жеріңді табасың. Жындыханаға тығады, әйтпесе лагерьге айдайды. Қазаққа үйреншікті – соңғысы. Несі бар. Айдаласың. Баяғы ағаларыңнан артық емессің. Бірақ… зая кеткен еңбегің… Тым құрса жарыққа шықса ғой. Оның үстіне, бала-шағаң бар, шиеттей. Және, ойлап қарасаң, түгел тілегің таусылған жоқ. Барлық жол бекіген жоқ. Қай жол?.. Ғылыми бағдарың жабық. Тарихи шығармаң жеріне жетпейді. Замани шығармаң мүлде өтпейді. Ашылады, жетеді, өтеді – ақиқат пен жалған араласып жүрсін. Сондай амал тапқан ағаларың бар. Бірақ сенің орайыңа үйлеспейді.
Осыдан екі жыл бұрын ежелгі қазақ поэзиясының антологиясы «Алдаспан» туралған. Жеті жылдық еңбек еді. Мүмкін, ұзақ, әлде қысқа ғұмырындағы артында қалар ең елеулі мұраң. Сенің ғана емес, бүкіл халқыңның қуанышы. Жарар. Ол – өткен заман үлгісі екен, зерттеу, тарих екен. Ал бүгінгі заман… өткен жылы «Көк мұнар» дауға түсті. Тура сегіз ай бойы. Бүгінгі өскелең өмірмен қабыспайды деген, ілінбес ілгешек. Дерексіз байбаламның өзі жетіп артылады екен. Енді бүкіл әдеби қауым, барлық газет, журнал жаппай сөгіп, іреп-сойып жатыр. Мейлі. Ит үреді. Кітап шығып кеткен соң бәрібір. Шығып кеткен соң. Ал келесі дүниең – ешқашан да жарыққа жетпейді. Сонда… манағы екі ай бойғы бұқпантай тірлікті жылдан жылға жалғап, бойкүйез, бөлекше дүниелерді қалыптауға көшуің керек пе? Дау-дамайсыз өтеді. Кітап болып шығады. Мол қаламақы өз алдына, қаншама абырой-атақ табасың. Партияңды мақтамай-ақ, өкіметіңе жағынбай-ақ. Ең ұтымды жол. Ең құрдым жол.
Тағы да басым айналып бара жатты. Тағы да қалың тұман».
Міне, жазушы басындағы бір кездегі сергелдең күй. Автор өзжағдайымен ұштастырып, қоғам шындығын бейнелейді. Мағжан ақын айтпақшы, «қызыл тіл кісендеулі». Хикаяттағы мүсінші Саржан мен жазушыны тоғыстыратын осы хал – кешегі кеңестік қоғамға қарсы ішкі бұлқыныс пен сыншыл көзқарас.
