ДОСЫМ ТУРАЛЫ ЖЫР
Мамытбек Қалдыбайұлы,
«Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегері

МҮСЛІМ ДАЙЫРБЕКОВКЕ
Дүбірді аңсап күнде аласұрған,
Едім мен бәйге атындай таң асырған.
Жазылмас жүрегіме жара салып,
Сөнді әкем соғыс салған жарасынан.
Өксідім жер бауырлап келмей сөзге,
Қанды жас қан аралас толды көзге.
Көгімде от найзағай ойнағандай,
Көңілім астан-кестен болды лезде.
Төбемнен сарқырап су, сел жүргендей,
Қара кұс жез тырнағын төндіргендей.
Ызың жел мені ырқына көндіргендей.
Ақ шамын үмітімнің сөндіргендей.
Қара бұлт қаптағандай өркеш-өркеш,
Өксідім жұбана алмай ертеңді-кеш.
Қаншама жадырайын десем-дағы,
Түнеріп қайғы-қорқау бермеді дес.
Келер күн қорқытқандай боп қараңғы,
Деймін бе мені шаттық жоқтар әлі.
Күңірене жел соғып, мұз бүркеніп,
Бүршік жарған көктемім отқа оранды.
Әнімді әніне өмір қоса алдым ба,
Белгісіз қандай күндер тосады алда?
Қайырылмай өгей шешем кете барды,
Сілейіп тұрып қалдым босағада.
Бол берік, алда, ұлым, көп айқас бар,
Жасыма, өз көшіңді өзің басқар.
Дегендей қабақ шытып қарай берді,
Әжім жүзді ақсақал құз-жартастар.
Айтардай әкем сөзін айта алмаған,
Сабыр тілеп жатты үнсіз байтақ далам.
Жағалауды басыммен сүзгендеймін,
Ойлар қамап толқындай қайқаңдаған.
Жұбана алмай жас толы жанарыммен,
Келер күнге кемсеңдеп қарадым мен.
Қабақта бұлт бүркеніп өскен жалғыз,
Секілдімін бейне жас жаралы емен.
ІІ.
Қуаныш, қайғы екеуі егіз бе еді,
Жүрегім жан әкемді көп іздеді.
Бағытсыз жел ығымен жүзгендеймін,
Қайықтай ескегі жоқ теңіздегі.
Ұқсаймын мен қуанып, күлмегенге,
Жұрт сыры қиын екен білмегенге.
Зерікті көршілер де, туыстар да,
Менімен үйге қонып күнде-күнде.
Ағайын болмашыдан желеу құрап,
Бойларын ұстауға ұста менен жырақ.
Бітірдім онжылдықты, тұрды алда,
Кім болам, қайда барам деген сұрақ.
Еркіңді дей ме ойым биле алаңсыз,
Кезіктім сыналатын күйге нағыз.
Амал не, мылтығымды оқтап алып,
Жататын болдым өзім үйде жалғыз.
ІІІ.
Кезім бе алар таңдап құс қанатын,
Кезім бе қаламдайын ұшталатын.
Баласы ағайынның қоймай бірде,
Үйіне ертіп барды түске жақын.
Қара шал отыр төрде төмен қарап,
Сақалын қою қара қолмен тарап.
Дастарқан жайып апа шай ұсынды,
Танытып маған мейір, жылы қабақ.
– Ой, бүйткен ақылы жоқ, құрсын бала! –
Жөнелді төрдегі шал ұрсып ала.
– Тентіреп қайда жүрсің, уа, жүгермек,
Келе ме алғың менен бір сыбаға.
Қадірін кімнің жаман білерсің сен,
Мен өлсем мынау құсап жүрерсің сен, –
Деп мені көрсетті сұқ саусағымен,
Жабысып айырылмайтын сірі өңшең.
Қара шал қайғымды, ашу еселеді,
Төңкеріп төктім шайды кеседегі.
Орнымнан атып тұрып, келдім үйге,
Бір жанмен сәлемдеспей көшедегі.
Жатқандай қып-қызыл боп көгім жанып,
Мұңайдым қара шалдан көңлім қалып.
Алдында терезенің түрмын үнсіз,
Оқтаулы мылтығымды қолыма алып.
О, өмір, сен қатыгез қара шал ма ең,
Қалайша қара шалмен жарасам мен?
Алаңсыз арман етіп жүрген ем ғой,
Деп жұртқа ұялмастан қарасам мен.
ІҮ.
Үй іші күңгірт тартты күн батты да,
Көңілім бейуақытты ұнатты ма.
Шам жақпай жата бердім ойға шомып,
Әлдекім ішке енді, тіл қатты да.
Бергендей маған бейне бұйрық-жарлық,
– Мүслім! – деп орнымнан тұрдым қарғып.
Қол созып сәлемдесті ол сабыр сақтап,
Түсінді айтқызбай-ақ сырды барлық.
Келер деп ойламап ем, елеңдеп те,
Келді ол хабарламай келем деп те.
Қуандым әкетайым тірілгендей
Қуандым жеткендей-ақ төбем көкке.
Осы ма келер күнге ұласқан із,
Биіктеп кетті көңлім – шың, аспан құз.
Аудан орталығында бірге оқыған,
Дос едік сегізінші кластан біз.
– Келсем мен арып-ашып іздеп сені,
Ұқсайсың қарауылға күзеттегі, –
Деп күліп әзілдеді мылтығымды ап
Елестеп өтті өткен күн тізбектері.
…Ұй маңы, көк жоңышқа белден асқан,
Күлімдеп төбемізден төнген аспан.
Екеуміз жүрдік ойнап жасырынбақ,
Көңліміз дерсің бейне көл боп тасқан.
Әнші құс төңіректі әнге бөлеп,
Қарт емен мойнын созған әлденеге.
Жатыр ем жасырынып мен тасада,
Түсті кеп сен атқан тас дәл төбеме.
Ызадан жарылардай тулап қаным,
Қолыммен басымды ұстап жылап қалдым.
– Кешір сен дәл тиер деп ойламап ем,
Деп құшып есіңде ме жұбатқаның.
Туған жер ұқсап бейне таңына әсем,
Жұбаттың мені, досым, тағы да сен.
Қалаға өзіңменен кеттің ертіп,
Бір туған бауырым десем жаңылмас ем.
Ү.
О, досым, есіңде ме сол бір көктем,
Жалауын жүрегіңнің желбіреткен.
Едік қой он сегізге жаңа толған,
Есіме түссе кетем елжіреп мен.
Хабарсыз, сірә, біздер жүруші ме ек,
Бөлмеме келдің кіріп күлімсіреп.
Қалдық біз ренжісіп аяқ асты,
Екеуміз түсініспей бірінщі рет.
Мейірі жалын болып лапылдаған,
Өзіңдей бар ма менде жақын адам.
Десем де ұнамады, уа, досым,
Ақ көйлек әкелгенің сатып маған.
Жер болып шөге түскен секілдімін,
Әпер деп көйлек сатып өтінді кім?
Жан әкем жаңа ғана көз жұмғандай,
Жаныма батты менің жетімдігім.
Ауылы қуаныштың алыс қалып,
Тұрдым мен үн қата алмай намыстанып.
Жұбаттың деп сен: «Осы ақ көйлектей,
Әрдайым адалдықты алға ұстайық».
Кешір, дос, болсам сені мен қинаған,
Кезім ол емес екен кең ойлаған.
Сақтаулы жүрегімде әлі күнге,
Ақ көйлек сол көктемде сен сыйлаған.
ҮІ.
Өмірдің ұмыттырған бар ызғарын,
О, досым, саған мәңгі қарыздармын.
Білмеймін қандай күйге ұшырар ем,
Мен жүре бергенімде жалғыз жарым.
Табылып ту биіктен ел аңсаған,
Жақсылық етсем деймін мен де саған. –
Деп біраз сыр шерткенім әлі есімде,
Арманға тоймайды екен шөлдесе адам.
Қолымнан келмей жүр ғой, амал бар ма?
Дедің сен: «Соған да ой алаңдар ма?
Сол болсын жақсылығың маған еткен,
Жамандық жасай көрме адамдарға»…
Мамытбек Қалдыбайұлы.
«Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегері.
СЕНІ ҰМЫТСАМ, ӨЗІМДІ ҰМЫТҚАНЫМ
Сені ұмытсам, өзімді ұмытқаным,
Сен маған сыйлағансың үміт таңын.
Жұбатқансың қайғымды жеңілдетіп,
Жарқырап шыққандайын бұлттан күн.
Көп тиді шарапатың сенің маған,
Тиген жоқ шарапатым менің саған.
Қолымнан келгені тек алғыс айту,
Мүсеке, осы өмір ме мен аңсаған?
Ойымды арашалап ез сезімнен,
Жарамсақ жылпостардан тез безінгем.
Жақсылыққа жақсылық жасай алмай,
Қиналған кездерім көп өз-өзімнен.
Амал не, қымбатшылық тұрса өрлей,
Бекіндім өзіме-өзім ұрса бермей.
Аяусыз алқымымнан келеді алып,
Жоқшылық қолды байлап, мұрша бермей.
Бойымды ақ үміттің желі шарпып,
Ойымды көңілдердің көлі тартып,
Жоқшылық ұмытылар әлі-ақ ертең,
Деп жүрміз болашаққа сенім артып.
Десем де заманыма куәгер ем,
Ойға батам ерте-кеш жүдә терең.
Жақсылық жасай алмау – күнә емес,
Жақсылықты ұмыту күнә дер ем…
