ДЕТЕКТИВ — КҮРДЕЛІ, КІРПИЯЗ ЖАНР
Ғабдул-Сәбит ЮСУПОВ
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Кемел Тоқаев атындағы детектив жанры байқауларының бірнеше дүркін жүлдегері, Қаратал ауданының құрметті азаматы.
Әлқисса, немесе одақтың оң қадамы
Бұрындар, заман ағымының құйынды желіне төтеп бере алмай тұралап, сонымен қатар, объективті және субъективті себептерге байланысты басынан дау-дамай арылмаған Қазақстан Жазушылар одағы 2023-ші жылдан бері жаңару және түлеу жолына түсіп отыр. Әрине, қасиетті қаламды қару еткен жазушылар қауымы үшін мұндай түпілікті өзгеріс – жаңаша, соны леп — олардың шығармашылық еңбектері үшін айқын, сенімді және жемісті жол болмақ. Осыдан дәл екі жыл бұрын, еліміздің жазушылар қауымы, танымал жазушы – журналист, ұлт жанашыры, қоғам қайраткері Мереке Әбдешұлы Құлкеновты Одақтың Пленумында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып бірауыздан сайланды. Осы аз ғана уақыт аралығында басқару және ұйымдастыру ісінде зор тәжірибесі бар Мереке Әбдешұлы одақ жұмысына жаңаша, соны леп әкелді десек, еш қателеспейміз. Атап айтқанда, Қазақстан Мәдениет және Ақпарат Министрі Аида Балиева ханыммен стратегиялық әріптестік орнату бойынша Жазушылар одағы үш жаңа Жобаны іске асырып отыр. Жобаның мақсаты, бағыты мен міндеті, атқарылып жатқан қыруар шаруалары туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Оларға тоқталып, қайталаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Сондықтан, негізгі мақсатым – аталмыш одақтың жанынан құрылған, еліміздегі тұңғыш рет детектив жанрына қалам тартқан майдангер жазушы, Кеңес Одағының батыры Кемел Тоқаұлы Тоқаев салған сара жолды әрі қарай дамыту, өркендету мақсатында, Жазушылар одағы жанынан құрылған Детектив жанры Кеңесінің жұмысына қысқаша тоқталып, оқырмандарды хабардар ету. Республикамыздың әр аймағындағы детектив жанрына қалам тартып жүрген жиырмаға жуық жазушымыз осы жанр Кеңесінің мүшелері. Кеңесті танымал детектив жазушысы, Қазақстан Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің доғарыстағы (отставкадағы) полковнигі Темірболат Таирұлы Ахметов басқарады. Әлеуметтік желіде арнайы ашылған өзіміздің чатымыз да бар. Аймақтардағы детектив жанры Кеңесінің мүшелерімен хабарласып, шығармашылық жаңалықтарымен бөлісіп отырамыз.
Биылғы жылы Кеңес мүшелері екі рет Жазушылар одағында бас қосып, кеңесіп, ақылдасып, тәжірибе бөлістік. Соңғы рет – үстіміздегі жылдың 23-ші шілдесі күні мұхиттың арғы жағы – Америкадан келген детектив жазушысы – бауырымыз Азат Баттақовпен кездесу өткіздік. Әрине, бұл бас қосуда АҚШ — та тұратын қазақ қаламгерлері, олардың шығармашылық жағдайы туралы сұрақтар қойып, тиісті жауабын алдық. Детектив жанры тақырыбында ой бөлісіп, тәжірибе алмастық. Әрине, «қуыс үйден құр шықпа» демекші, Азат бауырыма өзімнің «Таңдамалылар» атты детектив жанрындағы кітабыма қолтаңба қойып, сыйға тарттым. Ең бастысы, Азат Баттақұлы осы сапарда Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, еліне зор қуаныш, мол олжамен аттанды.
Өзім де сол күні Одақтан үлкен олжа иелендім. Ол олжам – Ақтөбелік танымал жазушы-журналист Зияш Телеуованың «Бас» атты детектив роман-триллерінің қолыма тиюі. Романның аннотациясының өзінен-ақ оның қызықты, шырғалаңы да мол, тартымды дүние екендігін аңғардым. Өз басым кейінгі жылдары детектив жанры тақырыбына қалам тартып жүргеннен білетінім – осы күрделі жанрға рецензия жазған жазушы, немесе оқырманның еңбегін оқымаппын, кездестірген де емеспін. Сондықтан, осы «Бас» романына рецензия жазуға бел будым. Ол үшін, алдымен детектив авторымен онлаин түрде шағын сұхбат жүргізуге бекіндім…

Тума талант иесі…
– Зияш ханым, осы жанрда өнімді еңбек етіп келе жатқан қаламгер екенсіз. Детектив жанрында жазуыңызға не себеп болды және өзіңіздің амандығыңызға қатысы бар ма?
– Мамандығым – ұстаздық. Оралдағы А.С. Пушкин атындағы педагогикалық институтына түсіп тұрғанымда, облыстық газетке тілшілік қызметке шақырылдым. Ол кезде әйел журналистер аз және романтика іздеген жаспын ғой, редактордың қолқа салуын қабыл алып, оқуды сырттай оқуға мәжбүр болдым. Сонымен, өмір бойы баспасөздің аудандық, облыстық, республикалық және құқықтық басылымдарда еңбек еттім. Ара-арасында аудармашы болып, жұмыс жасадым. Осы әр тараптық шығармашылық еңбектер детектив жанрына қалам тартуда пайдасы тиді. Ал өмірлік серігім, саналы ғұмырын құқық қорғау саласына жұмсап, подполковник дәрежесінде зейнет демалысына шыққан — Өмірғали ТелеуовтыңІшкі Істер Министрлігінің оперативтік лауазымдарындақызмет етуі — әдебиеттің детектив жанрын еркін меңгеруіме септігін тигізді.
– Алғаш жазған детектив еңбегіңіз балалар тақырыбына арналған екен. Ол ой не себептен, қалай туындады?
– Бірде қызметтен шыққан соң, кітап дүкеніне кірсем, бір топ қазақ балалары мұқабасы көз тартатын кітапқа толысөрелерге қызыға қарап:
– Біздің жазушылар осындай кітаптарды неге жазбайды екен?Мыналар орысша, біз түсінбейміз ғой, — дегендерін құлағым шалды. Соны естіген мен: «шынымен, біз неге жазбаймыз, шет ел жазушыларының миы біздікінен артық емес шығар» деген ой келді. Сол ойдың жетегімен жергілікті «Эврика» газеттінің криминалистік бетін оқып отырып, алаяқтардың бір қарияны пәтерін тартып алу үшін бопсалағандары туралы мақаланы оқыдым. Міне, соның желісімен, балаларға арналған алғашқы «АБКА-тобы ашқан қылмыс»атты кітабымды жазып бітіріп, оны арқалап Алматыға аттандым. Басылымдарды жағалай жүріп, қолдағы еңбегімді ұсынсам, барлығы қаржыға тіреледі екен. Көшеде қаңғалақтап келе жатып, маңдайшасына «Жеті-Жарғы» деп жазылған ғимаратқа көзім түсіп, ішіне кірдім. Директоры әйел адам екен. Ұлты ұйғыр-ау деймін, әйтуір қазақ емес.Бірақ қазақшаға судай. Мені мұқият тыңдап, флешкімді алып қалды. Ол келесі күні «сіздің кітабыңызды басып береміз» дегенде, қуанышым қойныма сыймай, жылап жібердім. Кітап екі мың данамен шығып, тез тарап кетті…
– Иә, Зияш ханым, сіз ең бірінші кітабыңызбалаларға арналғанымен, жалпы оқырмандарға арнаған детективтеріңіз солардың салмағын басып кеткен тәрізді.
–Дұрыс айтасыз, менің балаларға арнаған кітаптарым- қазіргіше айтқанда «хид» болды десем — асыра айтқаным емес. Сұраныс көп болды. Артынша, 2013 — жылы «Жазушы» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен шыққан екі романым- «Банкирдің өлімі» мен «Махаббаттың ажалы» таразы басын басып кетті ме, балаларға көңіл бөле алмай қалдым. Алайда, кішкентай оқырмандарымды біржолата ұмытқан жоқпын, «Құлаған үйдің құпиясы» деген шытырман оқиғаға толы кітабым «Фолиант» баспасынан 2019 жылы 5000 данамен шықты.Шынында, нарық заманда бұл кітаптың бестллер дәрежесінде көп тиражбен шығуы балалар үшін де, мен үшін де сәттілік еді. 2023 жылы «Балалар әдебиеті» баспасынан «Көл жағалауындағы көмбе»атты кітабым жарық көрді.
– Екі бағытта жазу сізге қиын емес пе?
– Әрине, қиын. Бірақ кішкене оқырмандарымның детективке деген қызығушылығы мен сұранысы мені бейтарап қалдырмайды. Қазірде бір кітап жазып жатырмын.
– Осы кезге дейін шығарған кітаптарыңыздың ішінде өзіңізге ең қатты ұнайтыны бар ма, болса — қай кітап?
– Қазақта: «Іштен шыққан шұбар жылан» деген тәмсіл сөз бар ғой, бәрін де бөтен көрмеймін. Дегенімен, «Дәуір» баспасынан 2021 жылы шыққан «Тірі өлік» деп аталатын кітабымның басқалардан шоқтығы биік сияқты. Ол кітап 2023 жылы жыл қортындысында,белгілі журналист, талантты жазушы Мағира Қожахметованың жылы лебізіне ие болды.Ол баға маған ғана емес, әдебиетке сығалап, сыналап еніп келе жатқан жаңа — детектив жанрына берілген оң баға десем — артық айтқандық болмас…
-Зияш, әлігінде аударма саласы туралы айтып қалдыңыз.
–Ия, аударманы шығару үшін емес, өзім үйрену үшін аударатынмын.Дегенімен, аударманың шығармашылық адамына пайдасы орасан.Агата Кристидің «Жеті цифрблат құпиясы» кітабын аудардым, шынымды айтсам,ол кітап орысшаға жеңіл -желпі аударылған, өзіме ұнамады. Бұл кітап та «Фолиант» баспасынан шықты. Алайда, кітап жастардың тілімен сөйлеген, сол ғасырдың «алтын жастарына» арналған екен. Қазіргі біздегі бай балаларының өміріне өте ұқсас, сол үшін қызықтым. Бірақ, оқырмандар жақсы қабылдады. Одан соң, Агатаның «Ночная тьма», романын аудардым. Ол архивімде. Жорж Сименоннің «Комиссар Мегрэнің ұрысын» аударсам, менен бұрын аударылып қойыпты. Негізіннен, аударманың шығу, немесе шықпауы маңызды емес, аударма жанры жазушыға көп нәрсе үйретеді.
– Сіз заманауи жазушы ретінде әдебиетімізге тың ізденіс, соны жаңалық әкелу арқылы ерекше көрінетін сияқтысыз…
– Біздің әдебиетте детектив жазудың өзі жаңалық болса, мен сериалды кітаптар шығарудың үлгісін жасадым. Менің кейіпкерлерім келесі оқиғаларда жалғасып отырады. Мұны біздің әдебиеттегі үлкен жаңалық деуге болатын шығар.
–Қалай ойлайсыз, біраз кітап шығарыпсыз. Еңбегіңіз бағаланып келе ме?
-Меніңше, жазушының еңбегі — ішіндегісін сыртқа шығарып,соған көңілі толып рахаттанып отырғанда, бір өтеледі.Кітабы оқырманын тапқанда екінші рет өтеледі.Ал өзегіңді жарып шыққан дүниеңе өтемақы сұрағандай, омырауыңа тағатын орден мен медаль дәмету пендешілік қой.Менде де сол пендешілік бар шығар. Біреулер алып жатады.Көз болған соң көресің.Бірақ, соған оншалықты қызықпаймын.Қызыл-жасыл дүние кімнен болса да қалып жатқан соң ба екен. Жалпы дымым жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Бұйырғанын алып жатырмыз…
-Зияш ханым, қызықты да, тартымды шағын сұхбатыңызға өте көп рахмет. Қасиетті қаламыңыз одан әрі ұшталып, рухани еңбектеріңіз оқырмандарды қуанта берсін…
-Ғабеке, сізге де алтын уақытыңызды бөліп сұхбат жүргізгеніңіз және менің роман — триллеріме рецензия жазбақ ойыңыз үшін үлкен алғысымды білдіремін.
Автордың қосымшасы:
Құрметті оқырман қауым, осы орайда «мен» мақтанып, көкірек соғуға жаны қас жазушы Зияш Телеуқызының қол жеткізген марапаттарын да назарларыңызға жеткізуді құп көріп отырмын. Мәселен, көп жылдан бері оның Ашық Евро-Азия гильдасының белсенді мүшесі ретінде Халықаралық байқауларға қатысып, бірнеше рет финалға шығып, әлемдік Сертификатқа ие болған. Өз еліміздегі әр деңгейдегі конкурс, байқауларда да жүлделілер қатарынан көрінген. 2023-жылғы Республикалық «Айбоз» ұлттық байқауында шығармасы «үздік проза» номинациясына ілігіп, Қазақстан Жазушылар одағының Сертификатына ие болды. 2024-ші жылы ІІМ-нің «Серт» байқауында (детектив жанры) жүлдегер атанды.
Көркем шығарма ғана емес, журналистика саласындағы ерекше қабілеті еленіп, Одақ тұсында «КСРО Баспасөз қызметінің үздігі» төс белгісіне ие болған. Еліміз егемендік алған тұста «Қазақстан Республикасының Құрметті Журналисі», «ҚР Мәдениет саласының үздігі» атақтарын иеленгені, сол сияқты Зияш ханымның елімізде кенже қалып отырған сериялы детектив кітаптарын шығару үрдісінің «алғашқы қарлығашы» атануы біздер — әріптестеріүшін ғана емес, оқырман қауым үшін де зор қуаныш…
Ал, енді аса құрметті патша көңіл оқырман, осы еңбектің «Әлқисса» бөлімінде өзім уәде еткен Зияш Телеуқызының «Бас» роман-триллеріне рецензия-сараптамасына көшейін…
«Бастың езуінде баяғы күлкі. Бұл жолы, тоқсанымыз жабылып, тоқты жыққан батырмыз» деп жатырсыңдар ма? Бұған да шүкір.Тіпті, дүркіресіп-дүрілдесіп, түк те бітірмей, істі жауып тастайсыңдар ма деп қорқып едім…»
(кесілген бас пен тергеушінің монологынан)
Екі кітап — кітаптың ішіндегі кітап. Бұл да елең еткізеді…
Триллердің аннотациясында былай деп жазылған екен: «Роман — тоқсаныншы жылдардың басында шағын шаһарда орын алған жантүршігерлік қылмыстың желісіне құрылған. Оқиға – тергеуші мен кесілген бастың диалогы және қойын дәптердегі жазба арқылы баяндалады. Тағдыр талқысына ұшыраған екі жас – Ғалым мен Мөлдірдің алғашқы асыл сезімдері өлім мен өмірдің ортасына қағылған мықты сынадай шынайылығымен тебірентеді…»
Сонымен,«жақсыны – көрмекке» демекші, кітапты бір рет қана емес, екінші рет қызыға да, сүйсіне оқып шығып, романға «бісміллә» деп, рецензия жазуға отырдым. Бұл арада оқырмандар мені кәсіби — әдеби сыншы ретінде емес , тек өзіме ұнаған кітап туралы жүрекжарды лебізімді білдіруші ретінде қабылдар деп үміттенемін…
Кекке оранған өрт…
Кеңес одағы кезінде «коммунизм орнатамыз» деп қиялданып жүргенімізде, «сәтті социализм» заманының өзінен де айырылып қалдық. Енді егемен ел атанып «Тәуелсіз мемлекет болдық» деп, бөркімізді аспанға атқанымызда, өтпелі кезеңнің өлермен тұсынан алдырмай -жұлдырмай, атап өте алмай, ақтабан шұбырындының кейпін кигенімізді әлі ұмыта қойған жоқпыз. Қарапайым халықтың басына зауал болып келген осы тұсты өзінің кейіпкерінің тағдырымен шебер ұштастырған зерделі-Зияш жазушының шығармасынан үзінді беріп, көз алдымызға елестетейік. «Күнделікті күнкөрісінен айырылған қала халқы босып жүр. Екі қолға бір күрек таппай қиналғандар көшеге сыймайды. Сол кездегі жастар тоғанға жиналған су сияқты еді. Қайда ағарын, қайда бас бұрарын білмей, буырқанды. Ұрыс – жоқ, соғыс жоқ, ел аман, жұрт тыныш уақытта «балапан басына,тұрымтай тұсына» заманы осы болды (9 — бет).
Қазақ аталарымыз баяғыда «Жұт – жеті ағайынды» деген тәмсілді жиі қолданған емес пе? Сол айтқандай, жұмыссыздық пен жоқшылық аз болғандай, еліміздегі экологиялық жағдайдың ушығып кетуі — қасіретке айналды. Бұл қасіретті де автор осы «Бас» романының негізгі кейіпкері Ғалым Байсаловтың баяндауы арқылы шебер жеткізеді.
«Көзін тырнап ашып, есік алдына шыққанда көретіні: көкке мойынын созған тұрбалардан будақтаған түрлі – түсті түтін. Кей күндері солардан шыққан түтіннің әсерінен ық жақтағылар тұншығып, дем ала алмай әуреге түседі. Әкесі – Байсал сол алып зауыттың зиянды цехында жұмысшы. Онда неше түрлі минералды тыңайтқыштармен бірге хмимиялық қоспалар өндіріледі. Таңертең сменге кіргенде бір стақан сүт, шыққанда тағы бір стақан сүт береді.«Бұзау болдыңдар ғой» деп шешесі күледі. Сол «вредный» деген сөздің бір пәлесі бар ма,әкесі зейнеткерлікке әрең жетті де, ұлы мектепті бітірер жылы қайтыс болды. Оның жүрегімен бірге зауыттың да жүрегі тоқтап тынды. (8-бет)
Ия, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, бар аймақ көтерем болған ат құсап тұралап, завод, фабрикалар мен ірі кәсіпорындардың, жайнап тұрған колхоз-совхоздардың ту-талақайы шығып, бар байлық билік басындағы пысықайлар мен «дөкей көкелердің» меншігіне айналып шыға келді. «Аспаннан шұға жауса да, құл байғұсқа ұлтарақтық киіз бұйырмайды» деген рас екен. Осы игіліктің барлығын адал еңбекпен өз қолдарымен жасаған қарапайым халыққа түк бұйырмай, «сақал сипап» қалды. Осы өліара шақта мектепті енді ғана бітірген бозбала Ғалым Байсаловтың әке-шешесімен қоса баспанасынан айрылып қалуы кітапта былай суреттеледі: «Жұмыстан келсем, көршілерім: «Сенің үйіңе Әкімшіліктен бір топ адам келді. Үйің сүргіге (сносқа) жатады екен» деп жеткізді. Осы арадағы кейіпкердің жанайқай толғанысы: «Әке-шешем өз қолдарымен тұрғызған жалғыз баспанамнан айырылып қалам деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмеген нәрсе. Менің жасым он сегізге толмағандықтан, марқұм ата-анам үйді менің атыма рәсімдеп үлгермеген, өсиет хат та қалдырмаған екен. Қос өкпемді қолыма алып – ұшып әкімшілікке жеттім. «Үйдің иесі жоқ, өзі ескі, сносқа жатады» тұрғын үй мәселесі жөніндегі арнайы комиссияның шешімі солай» деп, маңайлатпады. (12- бет).
Міне «даудың басы — дарабайдың көк сиыры» дегендей, өмірге енді ғана құлаш ұрған жастың бары да,нары да — баспанадан айрылуы өмірден түңілінің басты себебі. «Басқа түссе , баспақшыл» деп оған да көнбісті болып, жас -жастың тілегі бір дегендей, жұмыс жасаған орнынан жүрегіне серік тауып, алғашқы махаббатқа мас болып, қайғы-қасіретін ұмыта бастағанда, тағдырдың екінші соққысына ұшырап, зорлықпен сүйгенінен айрылады. Осы араны оқысаң, төбе құйқаң шымырлайды. Мұндай бірінен соң бірі төпелеген зорлық-зомбылыққа Ғалымның жүйкесі шыдас бермей, қара шаңырағының орнына, көзге күйік болып,таудай етіп тұрғызылған екі қабат котеджді ашумен өртеп жібереді. Осы қылмысы үшін, мойынына он жыл мерзім жүктеп алады.
Ия, «дөкейдің арты диірмен тартады» демекші, ата-анадан, әкеден қалған бар байлығы — қара шаңырағынан айырылып, адасқан қаздай болып, далада қалған Ғалым не істерін, кімнен араша сұрарын білмей, жаутаң қағып, аласұрады. Автор жас жігіттің осы қабырға қайыстырарлық қасіретін былай жеткізеді:«Ата-анам, мұғалімдер айтқан мейірімді адамдар қайда?!Біз өмір сүріп отырған қоғамда әділдік, шындық деген құндылықтар жоқ екен ғой. Қорғансыз жетімнің сөзін ешкім естір де, ескерер де емес…Үйіме оралсам, құдайым-ау, үйімнің орнында үйінді топырақ. Өмірге келгеніме өкіндім… Менің бүкіл өмірім, болашағым, сол үйінді астында қалғандай, қаңғалақтап, безіп кеттім (23 — бет)…
Тергеушінің жанталасы…
Детектив жанрына әп дегенен роман жазумен келіп, оқырмандарын елең еткізген қаламы қарымды журналист-жазушы (автордың өзі осылай атауды жөн көреді екен) Зияш Телеуованың әдебиетімізде кенжелеп қалған жанрға аз уақытта қомақты үлес қосуы,әрине, арнайы зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Осы тұрғыда әшейінде жаңалыққа елең етер елгезек әдебиетшілеріміз бен сыншыларымыздың заманауи қаламгердің қоржынынан шыққан қомақты дүниелеріне лайықты баға беруде кібіртіктеулеріне, жанрды жатырқауларына, оның бүге-шүгесін бүтіндеп біле бермеулері себеп болуда деген күмән мен күдігімізді молайтады. Дегенімен, еңбектің аты еңбек.Оның өз бағасын алуы, өз дәрежесіне лайықты бағалануы -қаламгердің шығармашылығын шыңдайтын рухани демеу екенін де ұмытпағанымыз жөн.
Сол себепті, автордың «Алқа» баспасынан шыққан триллерінің кейбір ерекшелігіне тоқталып өткім келеді. Жалпы біздің әдебиетіміз кейіпкерлерге бай .Сан қилы қазақия мамандық иелері жазушылардың қаламынан тыс қалған емес. Солай десек те, көбіне қоғамның көлеңкелі жақтарында жүретін, қылмыспен бетпе-бет күресетін пагон таққандардың күнделікті қызметін, тыныс-тіршілігін суреттейтін, мінез-құлқын сомдайтын туындылар саусақпен санарлықтай. Осындай кем-кетігімізді толтыра келген, «Бас» романының жарыққа шығуы, осы жанрдағы үлкен жетістік,автордың өзіндік ізденісінің жемісі болғанына куә болып отырмыз десек артық айтқандық болмас.
Ешбір жасырып, жабатыны жоқ, көбіміздің қолымыз батпай,жүрегіміз де еш дауаламай, айналшықтап жүрген қиындықты Зияш-ханымның толық меңгеріп алғаны — оның осы туындысынан анық та, айқын көрініс тапқан. Бұл кітап қаламгердің осы жанрдағы терең ізденісі мен шеберлігінің жемісі. Шығарма әп дегенен бізге таныс емес стильмен — тергеуші мен кесілген бастың арасындағы диалогке құрылып, оқуға деген құмарлығыңды арттыра түседі. Денесі жоқ, қан құйлы қылмыстың бірде-бір куәгері жоқ, баспен іштей тілдесуі — тергеушінің жан күйзелісін, тығырықтан шығатын жол іздеу ұмтылысын білдіретін беймарал шағы.
Куәгер іздеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген тергеушінің бар ынта-шынтасы «бастың иесі кім, оны осылай айуандықпен өлтірген жауыз кім?» деген сауалдың төңірегінде өрбиді.Сондай толғаныспен жүріп, айналасында болып жатқан күнделікті тіршілікке, қызметтегі қарбаласқа өзіндік ұстанымымен баға беріп отырады.
Тергеуші қолындағы де-факті басты сүйрелеп, қайда қоярын білмей (әлдекімдердің қолдағы жалғыз дәлелді ұрлап әкетуінен қорқып) жүргенде,аудандық милиция бөлімінің ұжымы жоғары жақтан келетін мәртебелі қонақтарды күтіп алу дайындығына кірісіп кетеді. Осы жүгіріс, сүргелең шебер суреттеледі.Онда сарказм да, күйініш сезім де бар.Оқырман детективті оқып отырып, өмірдің айна қатесіз шынайы көріністеріне, шікірейген шенеуніктердің жоғарылауазымдыларды қарсы алудағы көзбояушылық іс-ірекеттеріне куә болып, миығынан күліп отырады.Себебі- шығарма шындықтың айнасы. Жазушының сол сәтті жеріне жеткізіп суреттеп беруінен бір күндік, бір мезгілдік қонақ үшін тазарып қалатын мекемелер мен шенеуніктердің жалған жағымпаздық әрекеттеріне куә боласыз.
Жалпы детектив деген не?
Осы сұрағымызға Зияш ханымның аталмыш кітабын оқи отырып, жауап алғандай боламыз. Осы тұрғыдан оның кітабының қан-тамырында өмір болмыстарын шынайы суреттеу детальдары артып жығылады. Бізге керегі де осы емес пе?! Куәгерлердің кесілген басты тануға келгендегі пенделік үрейге берілуі өте нанымды баяндалуымен қаламгердің қылмыспен күресу органдарының тыныс-тіршілігін соншалықты жақсы білтіндігімен таң қалдырады.
Сонымен қатар, бір елең етерлігі, тергеуші кесілген бастың өмір баянын жиып-теріп, оның образын жасап шығарады. Ол қылмысты ашып қана қоймай,өзінің кейіпкеріне айналған кесілген бастың, жазықсыз жапа шеккен жан екенін дәлелдеп шығады.Соның нәтижесінде,өмірі трагедиямен аяқталған жас жігіттің әділетсіздікке жем болған қарапайым көп жастың бір екеніне көзіңіз жетеді.
Жалпы, Зияш диалог арқылы кейіпкерлер образын сомдаудың хас шебері. Соның айғағындай мына бір диалогына көз жүгіртіңіз: Әйелі есік ашып, аңқып тұрған арақ иісінен жиіркеніп, мұрнын басты.
– Түу… сонша ішкенің не?
– Көшедегі ит-құспен ішкен жоқпын ғой.
– Кіммен ішсең де бәрібір емес пе? Тойып алыпсын… ғ
– Жоқ… жоға… шырағым, аса мәртебелі қонақтармен іштім. Ондай қонақтармен табақтас болу, рөмке соғыстыру әркімнің маңлайына жазылмаған екен. Солай десті аналар…
– Жақсы болған екен. Жұғысты болсын. Енді жатып ұйықташы, балаларды оятасың.
Тергеушінің жатып ұйықтайтын ойы жоқ.
– Әй,сен не білесің? Солар келеді деп менің ана байғұс басымды қаңғытып жберді ғой. Біздің бастық та қызық. Өлгенше айттым, онда бармайды. Құлағалы тұрған жертөлеңді, хан сарайына үйреніп қалғандар не істесін, қозғамайық дедім.Тыңдады ма, қадалған жерінен қан алады. Ну что, бас тұрса, олар бас көрмеген бе, немене, шошып кетіп, іштеріндегі баласы түсіп қала ма, еркек емес пе, то есть аты еркектер қой.Мені қыстама,мен жатпаймын, ұйқым келмейді. Сен мені тыңда, сол бастықтардың ішінде менің басыма ұқсайтын бір бас жоқ. Әйелі күлді:
– Айтпа, сен ғұламасың ғой..
– Сен менің басымды айтып тұрмысың, ақымақ басты. Ақымақ болмасам,саған иттің итақайы салып жатқан екі этажды коттеджі салып бермеймін бе, тақияңа шетелдік машина тар келе ме?
– О… басталды, мен сенен соны сұрадым ба?
– Сен де ақымақсын.
– Ұйықташы енді.
– Жоқ, ұйықтамаймын! Сен шатыстырма, мен өзімнің басымды айтып тұрған жоқпын. Ана кесілген бас туралы айтып тұрмын…
– Менің сейфімде – бас, қойнымда бомба – флешке. Қалай ұйықтаймын? Сен болсаң ұйықтар ма едің…?
– Ой, Алла-ай, қайдағы бас, қайдағы бомба? Сонша есіңнен танғанша ішіп, нең бар еді…
– Оңбағандар қарақшылар, ақша үшін әке-шешесін, Отанын сататын опасыздар. Басқа обал, жап-жас жігіт…
Ол күбірлеп барып қор ете түсті…
Тергеуші мен әйелі екеуінің арасындағы осы диалогтен ерлі-зайыптылардың қулық-сұмдықтан аулақ, қарапайым жандар екенін бірден аңғарамыз.
Сондай-ақ отставкедегі генералмен арадағы болған диалогке назар аударыңызшы:
Райс сәл қобалжып,кібіртіктей сөйледі:
– Сіз сияқты мен де екі ғасырдың жемісін де, жеңілісін де көрдім.Мен де көбі неге олай, неге бұлай деген сауалдарға жауап іздеп, қиналдым.Мысалы қазір жол оқиғасы бұрынғы кездердегіден екі есе,үш есе өсті.Бұл жоқшылықтан болып жатыр ма?Жол — көлік оқиғасына себепкерлер қымбат көліктің рөлінде отырғандар. Тоқшылықтың топалаңы.
– Ал мен бұл сауалыңыздың жауабын тауып берем,–деп кәрі тарлан жөткірінді.–Ол–өзімшілдік! Екі жүргізуші жолға таласып, бір-біріне жол бермейді.Сосын өзімшілдік екеуінің де түбіне жетеді. Кімді соттайсыз? Кім кінәлі? Өзімшілдік! Соны соттайсыз! Соттаңыз! Мысалы тұрмыстық қылмыс.Ері мен әйелі төбелесіп,ері әйелін өлтіріп алады, немесе әйелі ерін өлтіріп алады. Қазір мұндай көп. Тағы да кім кінәлі? Ері әйелін тыңдамайды, әйелі ерін тыңдамайды. Ақыры ұрыстың аяғы төбелеске ұласады. Төбелестің аяғы өлімге ұласады. Кім кінәлі? Өзімшілдік! Өркөкіректік! Ал сіздер болсаңыздар, тергеу жүргізіп,куәгер іздеп, жауап алып, сараптамаға салып әуре боласыздар.Ақыры тірі қалған кінәлі болып шығады.Өлінің өзімшілдігі өзімен кетеді.Ал кінә тәрбиеде ме, тәрбиеде.Қазір шет елдерді көріп отырмыз, шет ел дейміз-ау, мына тұрған Ресейдің Қазан қаласында мектептің бұрынғы шәкірті жазықсыз оқушыларды атып, жайратып тастаған жоқ па?! Әлімсақта оны осы мектепте оқып жүрген кезде,мұғалімдер шететіпті-міс. Ау, сол мұғалімдерді тауып алып, содан өшін алмай ма, жазықсыз жандарда несі бар?Себебі, оның өн бойын өзімшілдік уы жәйлап алған.Ол тек өзін ғана ойлап , өзгелерге өлім уын шашқан у жылан. Ондай улы жыландардың көшеде толып жүрмесіне кім кепіл?!Міне, қазіргі қоғам сонысымен қауіпті. Біз тәрбиеден кемшін қалдық,адамдар тек өзін сүюге, тойымсыздыққа, тоғышарлыққа бой алдырды. Айтпақшы, қазіргілерді бюрократ дейді, бюрократ емес, олар да өзімшіл. Өздерінен басқаны ойламайды. Көрмейді. Естімейді.
Кезінде «көкжал» атанған атақты генерал Райс пен тергеушінің диалог сөздері –оқырманға: «кейінгі ұрпаққа сендер жеткізіңдер» деп, өсиет етіп айтқандай сезіледі…
Міне, сөз зергері — Зияш ханымның жүрегінен шыққан жанайқайы осы. Бүгнігі қоғамның хал-ахуалы. Соны киелі сөз өнері арқылы жеріне жеткізе суреттей білу қабілеті – сіздің де жүрегіңізді шым еткізіп, жанарыңызға ыстық жас үйіреді.Жан дүниеңізді зар еңіретеді. «Мен кейбір кітаптарымды жазып отырып, өзім жылаймын ,–дейді қаламгер. — Шет елдің детектив жазушылар жыламайды ғой. Негізі мен қазақы менталитетке түсіп кете берем,–дейді бесаспап, зейінді Зияш жазушы. Онысы да рас шығар.
Мен сыншы емеспін, әдеби зертеушіден де аулақпын, бірақ детектив жанрына көптен қалам тартып жүрген жазушы ретінде замандасым, әріптесім Зияштың шығармашылығына өз хал-қадірімше шолу жасадым.
Әрине, кез келген тәжірибелі де, тәжірибесіз де қаламгердің туындылары кемшіліксіз болмайтыны тәрізді, детектив жанрын төрт аяғынан тең басып кетті деуге ерте шығар. Дегенімен, ауыз толтырып айтарлық, сусынды қандыра оқуға тұрарлық дүниелердің бар екендігін мойындап, қажетті жерінде қолдап отырғанымыз жөн-ау…
