БИІКТЕ МӘҢГІ ШЫРҚАЛСА ДЕЙМІН АСҚАҚ ӘН

Тұрсын ТҰРДЫБЕКОВ+++

Тұрсын ТҰРДЫБЕКОВ

1997 жылы Өзбекстан Республикасы, Науаи облысы, Тамды ауданы, Жырық ауылында туған. 2017-2021 жылдар аралығында Науаи мемлекеттік педогогикалық институтында Қазақ тілі және әдебиеті бағыты бойынша білім алған. Бүгінде Тамды ауданындағы №13 жалпы орта білім беретін мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінен тәлім береді. Өлеңдері аудандық “Тамды шаруагері”, республикалық “Нұрлы жол” басылымдарында жарық көрген.

 

ЖАҚЫНЫМ АЛЫС

 

Күн қызарып батарда,

Ойлаймын тағдыр қатал ма?

Аттанған жақын адамым,

Барсакелмес сапарға.

 

Танып та түрін білмегем,

Жылына бір рет гүл берем.

Арманым шексіз жүректе,

Сағыныш толы зіл денем.

 

Ойлар бар тұнық көлдей тым,

Көнеді адам көнбейтін.

Жүрегімде бар мәңгілік,

Сарқылмас сезім сөнбейтін.

 

Күйзеліп, шыдап сынаққа,

Сүрініп көрдім, құлап та.

Біртуған туыс жанымда,

Жақыным алыс бірақ та.

 

 

ҰЛ МЕНЕН ҚЫЗДЫ КӨРДІМ

 

Іс істеп өзін-өзі қинамайтын,

Бойына күш жігерін жинамайтын.

Ұлды көрдім атасын ардақтамас,

Қызды көрдім әжесін сыйламайтын.

 

Құлағым шалып қалды көп кенеттен,

Ауырлау сөздер айтқан өктем-өктем.

Қызды көрдім әкесін тыңдамайтын,

Ұлды көрдім анасын өпкелеткен.

 

Қиын сәтте бір-бірін демемейтін,

Сұрағы көп “Не үшін?” “Неге?” дейтін.

Ұлды көрдім жатсынған қарындасты,

Қызды көрдім ағасын елемейтін.

 

Шын лебізін көбіне жолдамайтын,

Қиялданып бір сәт ой толғамайтын.

Қызды көрдім інісін місе тұтпас,

Ұлды көрдім әпкесін қолдамайтын.

 

Тынысыңа тынысын жалғап тұрар,

Өмірдің бар мәні боп қалмақ бұлар.

Ұл менен қыз ұғынсаң осылар ғой,

Алтыннан да салмақты ардақтылар.

 

 

СӨЗ МҮЛКІНІҢ СҰЛТАНЫ

 

Жырынан жанға дәру табам ізгі,

Кесек сөзі жаңғыртар санамызды.

Бес жүз сексен төрт жасқа толып жатқан,

Ұлықтайық Әлішер бабамызды.

 

Салмақты сөзі иілткен емендерді,

Осы өлеңім дей алмайм көп өңделді.

Елі үлгі етеді шайырым деп,

Әлішер Науаидай кемеңгерді.

 

Жырға сезім оянып жастарымда,

Сөз өрбітті еліктеп асқар ұлға.

Науаи жазып кеткен жыр ғазалдың,

Мағына толып жатыр астарында.

 

Жаураған тәнім жырдан жылып қалған,

Сенім болса жалғайды үмітті арман.

Қайта-қайта қайталап оқи беріп,

“Хамсасы” санамызға сіңіп қалған.

 

Негізі ғалым дейді хаты анықты,

Жырын сүйген халқынан бата алыпты.

Мір Әлішер Науаи мойындалып,

Сөз мүлкінің сұлтаны аталыпты.

 

Сусындаған қандырып жырға бізді,

Өлеңін нөсерлетіп қырға ағызды.

Ұлықтайық ғасырда қайталанбас,

Әлішер Науаидай бабамызды.

 

АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ

 

Жастайынан белін бекем буыпты,

Елемеген ызғар мұз бен суықты.

Мәшhүр ақын Құнанбаев Семейде,

1845-жыл туыпты.

 

Абай өлең Абай дастан дер едім,

Оның айтқан әрбір сөзін еледім.

Тәрбиесімен есейеді Ұлжанның,

Құлаққа асып ертегісін Зеренің.

 

Жырлар жазып ойдан өлең тоқиды,

Ер еңбегі бүгін таудай шоқиды.

Ахмет Риза есімді бір иманның,

Құнанбаев медресесінде оқиды.

 

Абай жазған қара сөзді елеңдер,

Абай жолын оқымадық демеңдер.

Құнанбаев қаймағы ол қазақтың,

Композитор Абай ұлы кемеңгер.

 

Бізге жөн ғой бабалармен мақтанған,

Солар жазған жыр санада жатталған.

Әділетсіздікпен күресем деп талай жыл,

Түрлі-түрлі лауазымды атқарған.

 

Қазақ қайсар болғандығын қалайды,

Өнерімен таң қалдырған талайды.

Біз секілді мына жастар әрқашан,

Өзімізге үлгі етеміз Абайды.

 

 

БІРТУАР АҚЫН АҒА

 

Жүрегімен жыр жазған санасынан,

Қолдау күткен ерекше Алашынан.

Туылған Мұқағали Мақатаев,

Тоғызыншы ақпанда анасынан.

 

Бағалайды жас ұрпақ өр еңбегін,

Рас жырға жылынып бөленгенім.

Бой шымырлап кетеді аласұрып,

Оқыған кезімізде өлеңдерін.

 

Сезінгенге сезілер сырларың да,

Ағызуға болмайды жырды ағымға.

Әлі-дағы соғып тұр ет жүрегің,

Жанарға жас үйірген жырларыңда.

 

Өзі болды сұңқардай баптағаны,

Оның жыры мәңгілік жатталады.

Біртуар Мұқағали бұл өмірден,

Қырық бесінде келмеске аттанады.

 

Дәуірінің орнатқан ту басына,

Ажал оның келмеген қу басына.

Өксік тартып қынжылам Мұқағали,

Мақатаев қайтадан тумасына.

 

 

КЕЙІПКЕРЛЕР

 

Сарып етіп маңдай терін төгем деді,

Адал ғой ұстаздардың өр еңбегі.

Тәлім беріп тәртіпке салып жатыр,

Қайырғали, Бораш пен Шегендерді.

 

Сақтары сына қоймас рас болаттай,

Өткен шаққа келеміз тас боратпай.

Талайы басшылыққа отырады,

Бір күні Әлтай менен Хасболаттай.

 

Санаға білім дейтін сойылды сап,

Талай сұрақ дәл сондай қойылды сәт,

Бәрінің жетем деген мақсаты бар,

Армандайды Әбу мен Дойыл ұқсап.

 

Жырын оқып, жастарым салыпты әнін,

Ақ батамен көгертер халық бәрін.

Күн келіп елдің жүгін еңсереді,

Нұрмағамбет секілді алыптарым.

 

Тарихта болған Сақтар, текті Ғұндар,

Ізін көміп керуеннің кетті құмдар.

Дамытар шаруашылық кәсібіңді,

Еңбекқор Бақтығұл мен Тектіғұлдар.

 

Ұрпақ жоқ ұрандап құр атойлар,

Бақытты күніміз бар сірә тойлар.

Бәтималар бойжетіп бесік тербеп,

Теңдік іздер Сейіт пен Жұматайлар.

 

Білім болса ұрпақтың шын тұмары,

Ынтымақты ел болу –  ұлт ұраны.

Әуестің құрсағынан жарып шыққан,

Нұрсұлтандар ерлікке ұмтылады.

 

Ұстаздар үлгі болса көп істерің,

Ілім дәні төгеді жемістерін.

Ақсақалдың аталы сөзін ұқса,

Жаман болмас Төлеутай, Жеңістерің.

 

Бұл заманның жастар ғой қожалары,

Шәкірттер топтан талай озады әлі.

Ұрыса бермей жүйкені сақтаңыздар,

Майқанова апайдай Қожадағы.

 

Патша көңіл халықтан бата алайық,

Абайдайын құрметке ата лайық.

Міржақыптай оятып елдің бәрін,

Ахметтей ұлт ұстазы атанайық.

 

 

ЖАЛҒАН ӨМІР

 

Біліміңменен оза біл әркез басқадан,

Бақытқа жету тұрмайды байлық ақшадан.

Бағымыз тайып кетпесе екен бастағы,

Биікте мәңгі шырқалса деймін асқақ ән.

 

Белсенді болу өмірдің басты талабы,

Батпандай бақыт табудың жоқ-ау амалы.

Білдірмей келер қуанышың да, мұңың да,

Бағдаршам болып алдыңнан шырақ жанады.

 

Байсалды болып көрініп кейде басқалай,

Берекесіз үйіңде сіңер ас қалай?

Бақытты сатып ала алмайтының ақиқат,

Барыңды қиып берсең де, қиып ақшалай.

 

Бастарын изеп қолыңнан келіп алғанға,

Байқатпай сені арбаған сөзге алданба.

Бостан-бос уақыт өткізуді енді жиыстыр,

Бес-ақ күн өмір сүреміз мынау жалғанда.

 

 

КӨСЕМДЕР

 

Татулықты сойқандар бүлік іші,

Бей-берекет жұмсатып ұлы күшті.

Біреулер төрт құбылаң тең болса да,

Қиындатып жіберер тұр(ы)мысты.

 

Өз сөзіне ащы айтып тұшынады,

Содайды көрсем ішім қысылады.

Қажет болса нан турап жейсің ғой деп,

Ақылын сорпа қылып ұсынады.

 

Көз тартып жүрсе-дағы айқабақтым,

Жаңардың жасын жүзден тайғанаттың.

Кейбіреу ауызбенен іс тындырар,

Кейпіне еніп алып бай-манаптың.

 

Жер басып жүргеннен соң есен болып,

Шүлдірлеп сөйлейміз ғой шешен болып.

Көсенің иегіне бір тал шықса,

Көшеге шығады анық көсем болып.

 

 

АЛАМАН ӨМІР

 

Жеңістен, жетістіктен дәмесі бар,

Өмір сыйға берілген кәде шығар.

Бірінен-бірі озсам дер адамзаттың,

Бәрінің жетем деген мәресі бар.

 

Ағат сөз тілден кетер демде шығып,

Тамырлап көктейді ғой жерде шыбық.

Жасаған қателіктен үлгі алмаймыз,

Біздікі дей саламыз пендешілік.

 

Жанар деп ойламап ем бұлай бағым,

Бет жүзінің көрсетер шын айбарын.

Көкірекке нан пісіп масаттанып,

Кейде ұмытып кетеміз құдай барын.

 

Күніге мағынасыз сайран құрдық,

Жан-жағымызды әйтеуір қайран қылдық.

Он кінәнің тоғызы тілден деген,

Өсектеуді әдетке айналдырдық.

 

Өнерге үйрендік қой құшарлықты,

Бізден гөрі ән салар құстар мықты.

Кең болсаң кем болмайсың деген бар ғой,

Сол үшін қою керек іштарлықты.

 

Туған жерден алысқа ұзамалық,

Жігерленсең бойда қан қызады анық.

Ашу – дұшпан, ақыл – дос сондықтан да,

Күніңді босқа өткізбе ызаланып.

 

Безініп қаладан да, даладан да,

Пайданы тигізе алмай жаны аманға.

Мақсатқа жету үшін шауып жүрміз,

Бәріміз өмір атты аламанда.

 

 

АЙ ЖЕҢЕШЕМ

 

Күндіз-түн мені салған әуресіне,

Шынар не, Гүлсім түспес, Зәуре есіме.

Түнде де түйісуші ед жанарымыз,

Айдан түскен жарықтың сәулесіне.

 

Сезімнің азабына кім шыдайды,

Шаттан деп шабыт келіп шымшылайды.

Нұрланып қан жүгірген ажарыңның,

Қасында емес еді Күн шырайлы.

 

Бір ғажап күлкің болған миығыңда,

Ақ білегің айқасқан иығымда.

Сен жанымда жүргенде өзгелерге,

Көзімнің салмаушы едім қиығын да.

 

Ай, қайран сол кездегі, балаң ойлар,

Мазамызды алмаған жаман ойлар.

Мерзімі таусылатын өмір —  кино,

Рөлін түрлендіріп адам ойнар.

 

Дәрігерге келдік қой үш емделіп,

Уақыт берген сусыннан ішем келіп.

Кеудеміздің тереңдеу зынданында,

Жүрегіміз жатыр ғой кісенделіп.

 

Күніңді кешіп жүрсің бір қалыпты,

Деп жүрме бұл бекерге құр қамықты.

Қараңғы сенің күйің маған қазір,

Мен ақынға айналғам жырға мықты.

 

Қолына жеткеннен соң хатым аман,

Жанымда тұрушы еді жақын адам.

Біз қауышқан қаншама кездесуді,

Ай жеңешем аспаннан бақылаған.

 

 

МИКРОРАЙОН

 

Уақытқа мұңнан қалған ізді ұрлатпа,

Шын сезім жеткізбеді бізді баққа.

Сағат түнгі он екіні көрсеткенде,

Теңселіп тұрушы едік күзгі ырғаққа.

 

Күзгі ырғақ дегені ол – самал үні,

Біліп тұрып қиямыз бағалыны.

Біздің отты сөндірді мойындайық,

Қорқыныш деп аталған қамал ірі.

 

Қамал ірі болған соң ала алмадық,

Үміт шамын мәңгілік жаға алмадық.

Ғашықпын, асықпын дегенді айттық,

Бірақ көше алмадық амалға нық.

 

Амалға нық көшпедік расында,

Өзіме деуші едім ғой құла сынба.

Гауһарым, жауһарымсың деп жүргенде,

Қол жетпеді өзіңдей шын асылға.

 

Шын асылды енді өзге уыстады,

Сәлемін салғызып жүр туыстары.

Сағынғанда барамын микрорайонда,

Орналасқан көшеге қуыстағы.

 

 

СТУДЕНТТІК — АЛТЫН ДӘУІР

 

Қайта-қайта келеді қызықтағым,

Алдан шыққан қамалдың бұзып бәрін.

Ешқашан жадымыздан шығармаймыз,

Студенттік бал күннің қызықтарын.

 

Армандап өтуші еді түндеріміз,

Жаңғырып бәріміздің бірге үніміз.

Аңсатуы анық қой бір күн келіп,

Мол шаттыққа кенелген күндеріміз.

 

Сөзіміз сәйкес келді жарасымға-ай,

Шаттықпен әр күн өтті аласұрмай.

Бәріміз бір группада оқыған соң,

Болып кеттік бір үйдің баласындай.

 

Ерекше мәз-мейрамдай көрінсек те,

Жүрек жылап құлазып тұр көңіл шетте.

Бір-екі жігітіміз отау құрып,

Көп қызымыз айналды келіншекке.

 

Тау мен таста бүр жарып әр гүліміз,

Шаттықпен өтіп жатты әр күніміз.

2017 жыл қыркүйекте,

Студент атанған ек барлығымыз.

 

Өзіндік көңіл күйдің сазына еріп,

Әлден бұны сағыныш сазы делік.

Жоғарғы білім иесі атандық-ау,

2021-дің жазы келіп.

 

Байқамаппыз төрт жылдың өткендігін,

Түскендей болып тұрмыз көктен бүгін.

Қанша қимай тұрсақ та мойындайық,

Қоштасар сәтіміздің жеткендігін.

 

Ой түйіп тұр ерекше санам бүгін,

Қарға бастың тілейік амандығын.

NavDPIда төрт жыл оқып иелендік,

Қазақ тілі және әдебиет мамандығын.

 

Әсте-әсте жетіліп жоғарылаймыз,

Сағынып аңсағанды еш доғармаймыз.

Біздің алтын дәуіріміз өтті-ау лезде,

Енді қайтып СТУДЕНТ бола алмаймыз.

 

Мұғалімнің еңбегін ескеріпті ел,

Алай-дүлей сезімге кеште ерік бер.

Студенттік алтын дәуірдегі еш,

Санадан жоғалмасын естеліктер.

 

 

ІЗДЕП ЖҮРМІН

 

Алу үшін аттандым қамалымды,

Санамен іске асырып амалымды.

Жүрек дейтін сезгішті алға қойып,

Іздеп жүрмін өзімнің адамымды.

 

Ұят болды дос-жаран бауырлардан,

Өтіп келем боран мен дауылдардан.

Төрт жыл жүріп қаладан таппағасын,

Іздеп жүрмін енді кеп ауылдардан.

 

Кеудеме кеп бір сезім жасырынды,

Жұп болсақ дейм болатын ғасыр үлгі.

Жылтыраған алтынның арасынан,

Іздеп жүрмін өзімнің асылымды.

 

Жүрегім жарақаттан айықты шын,

Атқарса екен деймін байыпты ісін.

Қыздардың бәрі сұлу, бәрі ақылды,

Іздеп жүрмін өзіме лайықтысын.

 

Оған демейм анамнан ардақтысың,

Қарастырмайм қыздардың таңдап түсін.

Өзін ұстай алатын әр ортада,

Іздеп жүрмін арудың салмақтысын.

 

Өзім жақа назарын қаратайын,

Жылуымды тек соған таратайын.

Боянбайтын қыз жоқ қой осы күні,

Іздеп жүрмін сұлуды қарапайым.

 

Мен қараймын қарайды Ай да маған,

Жар болатын жарығым қайда маған.

Алысқа көз жүгіртсем көрінбейді,

Іздеп жүрмін жақындау айналадан.

 

Сары алтын күзде бағым жанатындай,

Шуағы болса қайтсін таратылмай.

Өзімнің ішім сезет іздегенім,

Тез арада жолығып қалатындай.

 

 

КӨЗІМ ШЫҚСЫН

 

Маған ылғи бересің елеп көмек,

Сұрайсың саған орным бөлек пе деп.

Сыр алмасып жүргенде деп қаласың,

Жақыннан араласу керек пе деп.

 

Онша-мұнша жігітті елемейсің,

Желкені желбіреген кемедейсің.

Жанарымыз түйіссін десем болды,

Жәйдан-жолығамыз неге дейсің.

 

Ой жоқпа деп сұрайсың жырақтауға,

Адымымды тырысам ұзатпауға.

Желіде ашам десем жарқын құшақ,

Саусағың дайын тұрат бұғаттауға.

 

Көзіңде қорқыныш бар неге сенің,

Құпия болғаннан ба келешегің.

Балаша көңілменен өпкелейсің,

Мен жақтан естілгенде ересек үн.

 

Жүректен таба аласың тұрағыңды,

Қоюдан шаршамайсың сұрағыңды.

Бәрі жақсы дейсің де кілт өзгеріп,

Ауызыңнан тастамайсың бірағыңды.

 

Көңіл баққа нұрланып күліп келіп,

Дәмеленбе дейсің бе үміт беріп.

Қыздардың наздануы заңдылық қой,

Ақырын сөз салғанда жігіт келіп.

 

Енді ойланбай аша бер сеніп құшақ,

Десем маған үйленер келіпті сәт.

Мылтығы бар аңшыны көре қалған,

Аяқ асты үркесің елік ұқсап.

 

Арусың-ау арманы асқақтаған,

Үйленді деген керек жақсы ат маған.

Өзіңдей қызды көрсем көзім шықсын,

Өзінің тағдырынан қашқақтаған.

 

 

ЖАТАҚХАНА

 

Бір арудың айналып тірегіне,

Ұстайтын ие болшы күрегіңе.

Жігіттер төрт есігін қағып кірсең,

Төрт ару сият дейді жүрегіме.

 

Жігіттер ере қалса соңдарынан,

Кей қыздар адасады жолдарынан.

Бір уақытта еркелеп екі еркекке,

Үш бұрышты жасайды қолдарынан.

 

Сезіммен ойнауға еш ақысы жоқ,

Ешкімнің баста мүйіз шақысы жоқ.

Көңіл сыйса бәрі де сият деген,

Мақалдың махаббатқа қатысы жоқ.

 

Бауыры бүтін, дені сау басы амандар,

Ауызға сап әр нәрсе асамаңдар.

Тек бір адам мәңгілік орналассын,

Жүректен жатақхана жасамаңдар.

 

 

БАҚ-ЫРЫС

 

Адамдар ары-бері сабылысқан,

Әйтеуір әр нәрсеге алып-ұшқан.

Шаруалар шаттанады шалқып-тасып,

Басы түгел боп шықса малы қыстан.

 

Ауылдың өркениеті өрши түссін,

Қалалар аман болсын жарылыстан.

Ғашықтар бір-бірінен шетте жүрсе,

Сарғайып өңі өзгерер сағыныштан.

 

Отбасылар азайсын кеште ренжіп,

Таңертең тұра салып тағы ұрысқан.

Тек тақыр жерді басқан топта жүрсең,

Топырақтың аңсайсың шаңын ұшқан.

 

Несібесін тауықтай теріп жеген,

Адамдар пайда табар сары мыстан.

Қылығы ұнамсыздау қыз болмасын,

Ұл болмасын жолынан жаңылысқан.

 

Азамат қой еркектер елім деген,

Әйелдер бақытты ғой жары құшқан.

Сынағын үйіп-төгіп берсе-дағы,

Құдайым айырмасын бақ-ырыстан.

 

 

КЕЙ АҒА

 

Шындыққа керек көңіл бөлгеніміз,

Фантазия болмау керек өргеніміз.

Ақын деген қияли адам емес,

Өлең-жырға айналар көргеніміз.

 

Мүмкінге өзгерсе екен бірағымыз,

Жат елге ауыспасын тұрағымыз.

Қаншама ақпараттық құралдардан,

Талайды естіп жатыр құлағымыз.

 

Тұлғасы шынардай боп жайқалмайтын,

Ұсынысын ұсынып айта алмайтын.

Осы күні басшылар қаптап кетті,

Бойынан іскерлігі байқалмайтын.

 

Амалы мен жамалы ерек болар,

Бір нәрсеге екінші себеп болар.

Мұрынының астынан сөйлегенде,

Өзің түсініп алуың керек болар.

 

Сауабың да күнәң да есептелер,

Кей ағаны құр тұрған көшет пе дер.

Қалтасына қол салып қағазын ап,

Халқына жаттанды есеп берер.

 

Іс-шараны болмайды тойламаса,

Ой жіберіп тереңге бойламаса.

Ауызында болғанмен «Елім-айы»,

Неге керек ел қамын ойламаса.

 

Қарыз алып банк дейтін ересектен,

Құтыла алмай халық жүр берешектен.

Ағалар елдің жайын ойламаса,

Қалай үміт күтесің келешектен.

 

Халықымыз емес сірә мақау біздің,

Тәтті дәмін кетірмес бата ауыздың.

Мінбеден айтқан сөзі кей ағаның,

Салалас сөйлеміндей сақау қыздың.

 

 

ҚИЯЛДАҒЫ АРУ

 

Ат басын қайтып едім бұрып тойдан,

Алдымнан ару өтті күліп қойған.

Ең бастысы етегі ұзын екен,

Қос білегін сәл ғана түріп қойған.

 

Керемет сұлу екен құмырсқа бел,

Сырғасын құлағына іліп қойған.

Таңды үйінде қарсы алып үйренген қыз,

Әр қадамын есептеп біліп қойған.

 

Жолсерік бола алмадым қап-ай, әттең!

Оған қарсы бетті алып жүріп қойғам.

Қасын теріп шаштарын бұйралапты,

Ол да келе жатыр-ау шығып тойдан.

 

Жанымнан тұрақтамай өте шықты,

Жанар қадағымды ол ұғып қойған.

Қылығы қытықтайтын қыз-ау деймін,

Жиырма жылдай өмірді сүріп қойған.

 

Көз тартатын келбеті талайлардың,

Түсіне сияқты ғой кіріп қойған.

Екен деп ойлап қалдым еріндерін,

Қарбыздың қызылындай тіліп қойған.

 

 

ҚЫЗ…

 

Қырауын ерітетін мұз дененің,

Керемет ғажайып қой қыз дегенің.

Махаббатын төгеді шапағатын,

Керектігін біледі бізге ненің.

 

Отын жағар үйіңді нұрландырып,

Азаматым жүр ғой деп түзде менің.

Таңдаған адамыңның жөн болады,

Қолынан қолдарыңды үзбегенің.

 

Бақыт деген отыңның басында ғой,

Өзге жақтан қателік іздегенің.

Аңдап басу керек қой әр қадамды,

Аяғыңның астында құз дегенің.

 

Мендік пенен сендікті құптамайды,

Оған сенің ұнайды біз дегенің.

Баяғы бір жылдары келіп еді,

Шынайы махаббатым күзде менің.

 

Ол қыздың есімін де ұмытсам да,

Ұмыта алмайм жүректен сіз дегенін.

Ғашығымды жоғалтып қызық болды-ау,

Асылымды күн-түні іздегенім.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *