Ардактым

 

Ардақтым НИЕТҚАЛИЕВА

 

2006 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Қазір Атырау қаласындағы көпсалалы «Болашақ» Жоғары колледжі фармация мамандығының 4-ші курс студенті.   «Ботақан», «Құлыншақ» атты жыр кітапшаларының және «Ардақтымның ертегілері», «Түсте көрген таңғажайып әлем» атты ертегілер жинақтарының авторы. «Қазақтың ұлттық тағамдарын инновациялау» тақырыбында ғылыми жоба қорғаған.

 

 

Он сегіз мың ғаламның бір бөлшегі болып саналатын Жер ғаламшары – Жаратушының ғажайып туындысы. Осынау шетсіз-шексіз галактикада адамзат баласына қызыға қарап, бірнеше параллель әлем өмір сүреді. Жындар мен перілерді де Алла жаратты. Бірақ Жер шарына иелік етуді адамзат баласына бұйыртқан да – ең Мейірімді, ең Мәртебелі, Ұлық Жаратушы. Жер бетін баяғыда бір ақылды патша басқарған екен. Оның ұлы – жас падиша өте ақылды, білімділігімен қатар қиялшыл әрі арманшыл еді.

Күні бойы басын кітаптан алмай, ұстазының аузынан шыққан әр сөзді қағып алған зерек бала оқыған сайын алдынан өзге бір, қарапайым адамның өңі түгіл түсіне де кірмейтін, қиялы жетпейтін әлемнің жұмбақ әлемнің есігі ашыла түседі. Ұстазы бір күні қолына алтын жалатылған кітап беріп:

-Падиша, осы кітапты оқып шығатын болсаңыз, тек адам баласы ғана емес, барлық жанды-жансыз жаратылыс иелері де құзырыңызға бағынады. Енді аз ғана қалды. Бұл кітап – он сегіз мың ғаламның кілті. Бірақ бір ғана шарты бар, бұл кітапты оқыған кезде жан баласымен тілдеспейсіз. Ұзаққа созыла ма, әлде тез арада оқып шығасыз ба, оны Сіздің еңбекқорлығыңыз бен зейініңіз ғана шешеді,- депті.

— Ұстазым, о не дегеніңіз? Міндетті түрде оқып шығамын. Еш адамға тіс жарма дейсіз бе, ол шарттың мен үшін еш қиындығы жоқ. Мен басқа уақытта да ешкіммен сөйлеспей, кітапханада отырамын ғой,- деп ізетпен жауап беріп, басын иді.

— Олай болса, бүкіл он сегіз мың ғаламның тылсым кілті жасырынған даналық кітабы – қолыңызда! Сәттілік тілеймін,- деген ұстаз ақырын ғана кітапханадан шықты.

Жас падиша терезенің алдында ойланып тұрған күйінде кітаптың алғашқы парағын ашты. Оқыған сайын тереңіне сүңгіп, ішіп-жеу мен сауық-сайранды, адам баласымен тілдесуді ұмытты. Сөйтіп, ұстазы айтқан шартты орындап, кітаптың соңғы бетін жапқан сәтінде, ешкім сенбейтін бір көріністің куәсі болды. Бұл түн ортасы ауып бара жатқан кез еді. Айдың толған мезгілі. Кенет падишаның құлағына алыстан сызылып бір мұңды әуен жеткендей болды. Ол әуен бірте-бірте жақындап, жақындаған сайын жас жігітті беймәлім бір әлемге сүңгіткендей… Падиша сызыла шыққан мұңды әуездің жүрегіне келіп құйылып жатқанын түсінді. Сол-ақ екен, орнынан тұрып, терезеге үңілген, терезенің алдынан қызылды-жасылды, мың бір түрлі бояумен құлпырған ғажайып көш өтіп бара жатыр екен. Ал, көштің ең соңында ақбоз атқа мінген, шашы тобығына түсетін, мәрмәрдай әппақ мүсінді, аққудай сылаңдаған ғажайып бір ару кетіп барады. Жаңағы сұлу әуеннің иесі осы қыз екенін падиша жан жүрегімен сезді… Бұл перілердің көші болатын. Ал, ару болса, сол перілер патшасының жалғыз қызы екен! Негізі перілер адам баласы ұйықтап жатқанда көшеді. Адамзат баласы мен перілер бір-бірімен кездесіп қалмауы үшін Жаратушының әмірімен перілер түнде, адамзат күндіз көшеді, барлық маңызды тірліктерін де өздеріне бұйрық етілген уақытта жасайды. Ал, падиша даналық кітабын оқып, бүкіл ғаламның құпия сыры мен ілімін, даналығын бойына сіңіргендіктен, перілер көшінің куәсі болды. Кейде адамдардың перілер көшімен кездесетін кездері болады, бірақ адамғарға олар құйын түрінде кездесетіндіктен, көп адамдар оны байқамайды.

Падишаның жүрегі атқақтап соға жөнелді. Бойын әлдеқандай, өзі де түсінбейтін сезім кернеп, бір қасиетті дұғаны оқыды. Ол дұғаны оқыған жан иесі басқа жан иесінің көзіне көрінбейтін еді. Ол өзінің жүрегін тұтқындап алған бейуақыттағы көштің соңына ілесіп отырып, олардың қай жерге тоқтағандарын біліп алды. Түн болса, қасиетті дұғаны оқып, жан баласына көрінбей, перілер әлемін бақылаумен жүрді.

Онсыз да қырық күн бойы ұстазының тапсырмасын орындап, нәр татпастан, жан адаммен тілдеспестен он сегіз мың ғаламның кілті деп атаған даналық кітабын ақып, тауысқан баласының күннен-күнге сарғайып, жүдеп, тамақтан да, сөзден де қалып, томаға-тұйықтана бастағанынан секем алған патша Ұстазға нөкерін жіберіп, шақыртады. Патшаның жіберген алтындатқан күймесіне мінбей:

-Жүре беріңдер, өзім-ақ барам,- деген Ұстаз әп-сәтте, патша сарайының төрінен орын алады.

Жарлық беріп, нөкерлерін аттандырғаны осы ғана еді, үш күншілік жерде тұратын Ұстаз төрден-бір-ақ шықты, бұл не ғажап? Патша аң-таң қалады, бірақ сыр білдірместен, қонағының алдына Тәшкен мен Самарқаннан алдыртқан нешетүрлі жеміс-жидек пен өрік-мейізін, тәттілерін қояды. Қымызын сапыртып, сусын ұсынып бәйек болады. Қазы-қарта, жал-жая да дастарханнан табылады. Тіптен теңіздің арғы жағынан алдыртқан уылдырық та көздің жауын алып, тостағанда мөлдірей қалыпты.

-Қош келдіңіз, Ұстаз! Сізді шақыртқан себебім, өзіңіздің сүйікті шәкіртіңіздің, менің мұрагерімнің жағдайы. Соған алаңдап отырмын. Даналық кітабын оқып бітірген күннен бастап, жұмбақ күйге түсті, өзімен-өзі сөйлеседі, ешкімді жанына жақындатпайды. Тпті тамақты да керек етпейтін сияқты. Осыған не дейсіз?- депті хан ойлы кейіппен сақалып тарап отырып.

-Өзім де оның жастығынан сәл күдіктеніп едім. Бірақ шәкіртімнің зеректігімен барлық ғылым саласын игерді. Оның оқымаған бір ғана кітабы – даналық кітабы. Оны оқытпаған күнде бізге қастық ойлайтын тылсым әлем иелері падишаны жадылап алып кете ме деп қорықтым. Оны ендігі жерде ешкім жадылай алмайды,- деп ойлана сөйледі Ұстаз.

-Сонда қазіргі жүрісіне не дер едіңіз?- деп сұрады патша.

-Падиша ғашық болып қалуы мүмкін. Оның жасында махаббат сезімінің құдіретін сезіну — барша жан иесіне Алладан берілген сыйлық. Менің қаупім, ол адамзат баласына ғашық болса, жақсы…,- деп тоқтаған Ұстазға:

-Тағы кімге ғашық болуы мүмкін?- деді патша мазасызданып.

Өйткені,оның бүкіл елінің тағдыры, өзі армандаған Әке бақыты жалғыз ұлының қолында тұрған жоқ па?

-Перизатқа…,- деп ойлы жанарын бір нүктеге қадады Ұстаз.

-Перизат? Оған қалай кездесуі мүмкін?- деген патша өз сұрағының орынсыз екенін сезді.

Падишаға арнап салдырған алтын сарайға келген патша мен Ұстазға сарай күзетшісі падишаның сарайда жоқ екенін айтты.

-Мен оның қайда екенін білетін сияқтымын,- деді Ұстаз.

Екеуі жылқыдан қос тұлпарды таңдап мініп, жолға шықты.  Сапардың қаншалықты ұзақ та қатерлі екенін болжаған Ұстаз жолазыққа сүрленген ет, торсыққа құйып шұбат алып шығу керегін де айтты.

-Мұндайда асығыстыққа жол жоқ. Біз қазір өзге әлемнің өкілдерімен кездесуге кетіп барамыз. Бұл сапарда менің әмірімді ғана орындайсыз, әйтпесе, падиша бізге жоқ болуы да мүмкін,- деген Ұстаз сөзіне әке амалсыз келісті.

Бұйрат-бұйрат құмдарды, сусыған ақ шағылдарды көктей өтіп, сордың жағасына жақындағанда:

-Менің ізіммен ғана жүріңіз,- деп Ұстаз пендені жан баласына көрсетпейтін киелі дұғаны оқып, сордың арғы жағына аман-есен шықты.

Көк шалғынды белдер де, ойдым-ойдым ормандар да артта қалды. Бір кезде алыстан айдыны жарқыраған әсем көл көрінді. Көлдің жағасы – белден келетін балауса құрақ, иісі аңқыған жалбыз, көк балауса балдырғанды екен. Жағалай тігілген ақбоз үйлер, ошақта маздап от жанып жатыр, кербез, сұлу келіншектер бұрала басып, ет түсіріп, самауыр салып, шәй қайнатып, сабаласып жүр. Ұстаз ақырындап қолындағы қамшысымен ортада тұрған ақбоз үйдің түндігін ашқан кезде, төрде малдасын құрып отырған падиша көрінеді. Жан-жағында сұлу қыздар, би-билеп, ойын ойнап думан қыза түсуде…

Әкенің қолындағы көтеріле түскен қамшыны ақырын өз қолына алған Ұстаз арқа қарай үнсіз шегінуге көзімен бұйрық береді. Екеуі жаймен ған, білдіртпей, дыбыстарын да шығармай  шегініп, жылыстап, шығып етеді. Сордың арғы жағында қалған жылқыларына барған кезде ғана:

-Неге баламды перілер қолында қалдырдық?- деп сұрады патша сыбырлай сөйлеп.

-Енді үш күннен кейін падиша адамзатты ғана емес, бүкіл перілер қауымына патша болады. Шыдам қылыңыз,- деді ұстаз сабырмен.

-Жаңа Сіз ашу жетегіне ілесіп, ақырып жібергенде, ұлыңыздың арманының күл-талқаны шығар еді. Үйлер үйіндіге, қазанда пісіп жатқан ет тезекке, сұлу келіншектер қоңызға айналып, падишаның есі ауысып, диуана болып кететін еді. Ашуды сабырға жеңдіргеніңіз дұрыс болды. Енді не де болса, елге жетіп алайық,- деп атына қамшыны басқан екен Ұстаз.

Айтқандай, үш күннен кейін адам падиша сарайға өзі келіпті. Басында  -ақ шалмалы сәлде, үстінде — әппақ шапан, белінде —  күміс зерлі белдік. Қарына балдағы алтын күміс семсер іліпті. Сол күннен бастап, оныңпатшалығында ғажайып заман орнапты. Адамдар жұмыс жасамаса да, олардың бар шаруалары жасалып, оңына басады екен. Осының бәрін падишаның пәрменімен перілер жасайтынын жұрты аңыз қылыпты. Ал, падиша перінің қызымен бақытты өмір сүріп, үбірлі-шүбірлі болыпты. Перизат кейде терезеден өтіп бара жатқан құйынды көрсе, мұңайып, сағынышпен қарап қалады екен…

 

КӨКТЕМ ХАНШАЙЫМЫНЫҢ ОРАЛУЫ

 

Шетсіз-шексіз ғаламның бір шетінде кішкентай қыз өмір сүріпті. Оның жүрегінің мейрімге толылығы сондай, айналасындағы адамдар оны кездестірген сәттен ерекше бір бақытты сәттерді бастарынан кешеді екен. Жолы болмай жүрген адамның ойламаған жерден ісі оңға басады, мал басы құралмай жүрген жанның қорасы малға толады, сәбиге зар болып жүрген жан ұрпақ сүю бақытына ие болады… Оның осы қасиетін білетін адамдар кішкене қызды көрген кезде бетінен сүйіп, шашынан сипап, қолынан ұстап, тым болмаса, бір ауыз сөз айтып, ризашылығын білдіріп қалуға тырысыпты.

Әрине, ел болғаннан кейін, ішінде қызғаншақ адамдар да кездеседі емес пе? Бір қызғаншақ қыз әлгі мейірімді қыздың адамдарға сыйлаған шуақ нұрын қызғанып, оған кесірін тигізгісі келіпті. Мейірімді қызды құшақтағысы келген адамның құшағына өзі тығылыпты, шашынан сипағысы келген адамға киіп-жарып өзі ұмтылыпты. Қолынан ұстамақ болғандардың қолын қағып жіберіп, өзі жармасқан кесірлі қыздың әрекетінен кейін елде түсініксіз жағдай орын алыпты. Адамдар бұрынғыдай емес, ызақорланып, бір-бірін жұлып жеутіндей көзқараспен қарайтын. Күннің көзі де көмескі тартып кеткендей, бұрын жарқырап тұратын сәулелі шашақтары бірте-бірте өшіп бара жатқандай болыпты.

Өзеннің суы да тартылып, ақ шабағы асыр салған айдынның орнында шалшықты сасық шірінді пайда болған көрінеді. Көкорай шалғынды белдер де бұрынғы сәнінен айырылыпты. Жаңағы қызғаншақ қыз айналадағы оңсыз өзгерістерге қарап, қуанып, қарқ-қарқ күліпті. Ол күлген сайын қасында қара қарғалар үймелеп, олар да «қарқ-қарқ» деп қайталапты. Аспанның ажары тозыпты, көк күмбезі бұрынғыдай кеуде керіп тәкаппарланған күйінен айырылып, бірте-бірте төмендей түсіпті.

Ел ішіндегі дуалы ауыз қариялар «ақырзаман деген осы болар» деп үрейленіпті. Саналы елдің кеудесіне күдік толыпты, санасын қорқыныш билепті. Сол кезде мейірімді қыз ақыл сұрап елдегі ең көп жасаған қарияның алдына келіпті:

-Ата, ақыл айтыңызшы, елдің бұрынғы көңілді күйін қалай қайтарам? Адамдарды бір-бірімен қалай татуластырам? Күннің сәулелі шашақтарын көбейтіп, шуағын қалай нұрлы қыламын? Аспанды асқақтатып, көк күмбезін қалай жоғарылатуға болады? Тартылған өзен суы қалай қалпына келер? Таулар қалай биік қалпын сақтап, белдер қалай сәнін өзіне оралтар? Осыны айтыңызшы?- деп көзі мөлдіреген жасқа тұнып отырып сұрапты.

-Егер, елің үшін жаныңды жапыраққа айналдыруға әзір болсаң, осының бәрі қалпына келеді,- депті қария.

-Әзірмін, ата! Елім үшін жанымды қиюға да дайынмын! — депті мейірімді қыз.

-Олай болса, таңертең ертемен, ешбір адам тұрмаған уақытта, құзар шыңның басында өсіп тұрған бір бәйтерекке бар. Ол — осыдан миллион жыл пайда болған қасиетті ағаш. Биыл ол да қурады. Сол бәйтеректің тамырын көз жасыңмен суарсаң, оның жапырағы бүр жарады. Бірақ өзіңнің тірі қалуың неғайбіл,-депті қарт күрсініп.

-Мен оған разымын,- депті мейірімді қыз.

Күндегідей ұйқыға жатар алдында кәрі анасының тамағын дайындап, бетінен сүйген ол өз шешімін айтыпты. Ел мен жұртқа төнген зауал заманды сезген кәрі ана қызына ақ батасын беріпті.

Таң ата мейірімді қыз өзінің қасиетті сапарына аттаныпты. Ол таудың құзар басындағы бәйтерекке жетіп, Жаратушыға жалбарынып, еліне төнген зауалдың бетін қайтаруды, адамзат баласын нәубеттен құтқаруды сұрапты. Көзінің жасы бәйтеректің тамырына жан бітіріпті. Бәйтерек бүр ашып, жапырақ жарыпты. Көзінен құйылған жас таудан аққан бұлаққа айналып, өзен арнасын толтырыпты. Өзен болса, көкорай шалғын белдерге су апарып, жан бітіріпті. Бұл ерлікке куә болған Күн-Ана сәулелі шашақтарын нұрлы шуағымен жер бетіне аямай төгіпті. Аласарған аспан да биіктеп, көк күмбезінен жұлдыздар қол бұлғапты. Еңкейген таулар басын көтеріпті, жасыл шалғынға жан бітіпті. Ел болса, өздері үшін жапыраққа айналған Көктем қыздың мейірімін жырға қосып, жыл сайын Наурыз мейрамын тойлайтын болыпты.

 

ТҮСТЕ КӨРГЕН ТАҢҒАЖАЙЫП ӘЛЕМ

Сонау ақ сағым кілкіген көкжиектің арғы жағында, алты қат аспан мен жеті қат жердің ортасында бір таңғажайып ел болыпты. Сол елде аузы дуалы, сөзі уәлі бір қария өмір сүріпті. Қарияның үш қызы бар екен. Үшеуі де көркіне ақылы сай, білімді де парасатты болып өсіпті. Бір күні үлкен қызы түс көріпті. Түсінде ақбоз атқа мінген, белінде бес қаруы сай бір патшазада өзіне ат үстінен еңкейіп, жүзік сыйлап жатқан кезде оянып кетіпті. Құлағында әлгі асылтекті жігіттің:

-Ұмытпа,- деп, өздері кездесетін жылды, айды, күнді және сағатты айтқан дауысы қалып қойыпты. Қыз болса, сол түсіндегі падишаны күтіп, ешбір адамға көңіл бөлмей, құсаға шалдығыпты. Қария қызының күн санап солып бара жатқанынан секем алып, бір күні қызын шақыртыпты.

-Қызым, неге күннен-күнге құлазып, мұңайып жүрсің? Не болды? Әлде біреу бірнәрсе деді ме, әлде біз байқамай қалып ренжіттік пе? Не болды?-деп сұрапты. Қыздың аты Күнсая екен. Сонда Күнсая әкесіне көрген түсі жайлы айтыпты:

-Сол көрген түсімде айтылған уақытқа аз ғана қалды. Мен Сіздерді қалай қиып, өмірде өзім түрін тек түсімде көрген жігітке ілесіп қалай кетемін? Осыны ойлағанда, жүрегім қарс айрылғандай болады,- депті ол.

-Күнсаяшым, әр адам туғанда оның маңдайына Жаратқан Иеміздің жазған тағдыры болады. Одан ешкім қашып құтылмайды. Түсің жақсы екен. Еліне айбар болатын бір ханзадаға жар болады екенсің, бірақ бұл түсті менен басқа ешкімге айтпа,-депті қария.

Хош, Күнсая түсінде көрген патшазаданы күтіп жүрген кезінде қарияның ортаншы қызы Айсая да түс көріпті. Түсінде үлкен бір асау өзеннің жағасында тұр екен. Арқырап ағып жатқан ағысы қатты жойқын судың арғы жақ жағасында бір жігіт тұр. Басында — патшалар киетін алтын тәж. Әлгі жігіт құраулап шақырғанда, жойқындарияның ішінен бір арғымақ шыға келіпті, сілкініп қалып, жігітке жақындағанда әлгі жігіт арғымаққа лып етіп қонып үлгеріпті. Сөйтіп, өзенді қақ жарып, екінші жағада тұрған Айсаяны алдына мінгестіріп алып, көгілдір көкжиекке қарай ұшып бара жатыр екен. Есінде жігіттің айтқан уағдалы уақыты сақталып қалыпты. Ұйқыдан тұрысымен, өзінің көрген түсіне қатты таңырқаған ол ешкімге ләм-мим деп аузын ашпай, жүре беріпті. Қария ортаншы қызының өзінен бір нәрсені жасырып жүргенін байқап, оны да бір күні шақырып алыпты:

-Қызым, бұрынғыдай емессің, тұйықталып барасың. Не болды?-деп сұрапты. Айсая да әкесінен ешнәрсені жасырмай, көрген түсін айтып беріпті. Әкесі болса:

-Қызым, түсің жақсы екен. Ел қорғайтын ер жігіт жарың болар,- деп жорыпты.

Сөйтіп жүргенде, үшінші қызы Жансая да түс көріпті. Ол түсінде аспанмен астасқан биік шыңның үстіне шығыпты. Биікте тұрып жан-жағына қараса, айнала алақандағыдай көрініп тұр. Бір кезде аспаннан қанатты ақ пырақ ұшып келіп, Жансаяны мінгізіп ала жөнеліпті. Қанатты пырақ бұлттардың арасымен ұшып өтіп, күн сәулесі шуағын шашқан ерекше бір жерге әкеліпті. Сол жердің билеушісі деп ойлайды екен, бір күнбасты ғажайып адам Жансаяға қолын созыпты. Ол да әлгі ғажап адамға қолын созған екен, бір қара бұлт шүйіліп келіп, ортасына түсіпті. Бірақ күнбасты адам Жансаяны қара бұлттан қорғап үлгеріпті. Таңертең оянғанда күнбасты кісінің айтқан сертті мезгілі есіне сап ете түсіпті. Сөйтіп, ол әкесінің бөлмесіне келіп, түсін айтуға рұхсат сұрапты. Әкесі рұхсат бергеннен кейін түсіндегі көргенін айтып берген екен, әкесі күлімсіреп:

-Көрген түсің керемет екен! Бір елді басқарып отырған патшаның жары атанып, патшайым боларсың. Тек түсіңді менен басқа ешкім білмесін,- депті.

Күндер өтіп жатыпты. Бір күні сол елдің патшазадасы аңға шығыпты. Алдынан бір елік қашыпты. Әлгі елік жақындамайды да, алыстамайды да. Патшазада да соңынан қалмапты. Бір кезде: «Не де болса, тәуекел!» деп садағын тартып қалғанда, әлгі елік көзден ғайып болып кетіпті де, оның орнына сұлулығы атқан таңдай бір перизат пайда болыпты. Бұл қыз – Күнсая екен. Ол да дәл сол күні түсінде көрген падишаның серт берген уақыты таяп қалған соң, орманға барып қыдырып қайтуға әкесінен рұқсат сұрапты. Әкесі рұқсат еткеннен кейін, өзін қорғайтын дұғаны оқып, елікке айналып, орман ішінде жүргенде, патшазадаға тап болған екен. Патшазада жанына таяп барса, түсі емес, өңі, алдында сұлу қыз тұр, қолында – өзінің атқан жебесі. Ханзада қызға ес-түссіз ғашық болып, сарайына алып кетіпті. Сөйтіп, Күнсаяның көрген түсі орындалыпты. Ол өзінің ақылымен сарайдағыларды қайран қалдырып, білімімен мойындатыпты, алған тәрбиесімен жүректерін жаулап алып, парасатымен тіпті дұшпанының да бетін бері қаратыпты. Сөйтіп, тамаша өмір сүріпті.

Әлқисса, күн соңынан күн, жыл соңынан жыл, ай соңынан ай өтіпті. Бір батыр алысқа сапар шегіп, жолындағы елдің бәрін жаулап, бағындырып келе жатыпты. Сөйтіп, бір өзеннің жағасына жетіпті. Әлгі өзеннің жағасындағы қамыс-қопаның арасына киімін тастап, өзі алыс сапардан қажып, шаршағанын сезіп, суға түскісі келіпті. Сөйтіп, ағысты өзеннен қорықпай, суға қойып кетіпті. Құлаш ұрып келе жатса, айдында жүзіп жүрген жалғыз аққудыкөріпті. Әлгі аққудың сұлулығына арбалған батыр құлаш ұрып, адуын өзеннің толқындарына бір-батып, бір шығып жүріп, көлде жалғыз жүзген құс төресіне жетіпті. Махаббаттың белгісі атанған аққу құсқа қолы тиюі сол-ақ екен, әлгі аққу кенеттен ғажап сұлу қызға айналып кетіпті. Ол біздің Айсаямыз, қарияның ортаншы қызы еді. Айсая сол күні түсінде көрген мезгілге аз ғана сағат қалғанын айтып, әкесінен өзенге барып, жағасына қыдырғысы келетінін айтады. Қария оған рұхсатын бергеннен кейін қыз өзен жағасына келіп, аққуға айналып, айдында жүзіп жүргені еді. Түсінде айтқан жыл, ай, күн сағат бойынша дәл келген батыр Айсаяға ғашық болып қалыпты. Жағаға шығып, екеуі әңгімелесіп отырса, су қақ айырылып, судан ақ жалды, ақбоз ат шығып келе жатады. Батыр сол бойында судан шыққан суын айғырға бұғалық тастап үлгереді. Сөйтіп, суын айғырды мініп алған батыр, қыз әкесіне құда түсіп, өз еліне Айсаяны ұзатып әкетіпті. Айсаяның жасауының дені кітап екен. Неше түрлі ілім-біліммен сусындататын құнды да бағалы еңбектерін дана қария ортаншы қызына мұра етіпті. Ол да өзінің барған елінде батырмен баянды ғұмыр кешіпті.

Екі әпкесі орнын тапқаннан кейін әкесі бар білімін Жансаяға үйретіпті. Жансая да әкесінің берген білімін, айтқан ұлағатты сөздерін бойына сіңіріпті. Бір күні алты қат аспанның арғы жағындағы, жеті қат жердің бергі жағындағы елдің патшасы саяхатқа шығыпты. Қасына өңшең ақындар менжазушыларды, әншілер мен күйшілерді, батырлар мен бағыландарды ертіп, көгілдір көкжиекте сағамы кілкіп, көк пердеге оранып тұрған таудың басына шығуға асығыпты. Таудың басына шықса, көздері гауһартастай мөлдіреген, әппақ арқардың маралы атып шығыпты. Патша серіктеріне тұра тұрыңдар деген белгі беріп, өзі шыңға өрмелей жөнеліпті. Құзар шыңның басына шығып, маралды қараса, жануар көрінбейді, бірақ шыңның бір қалтарысынан мөп-мөлдір бұлақ ағып жатады. Әлгі бұлақтың суы саф күмістей жарқыраған, көгілдір реңге боялып, өзгеше бір сұлулық нұрын шақаны патшаны таң қалдырыпты. Шаршап, шөлдегені есіне түсіп, бұлақ суына алақанын тосып, алақанына толған суды ішуге қимай сәл кідіріп тұрады да, ұрттап қалады. Сол сәтінде көзді ашып-жұмғанша бұлақ бір керім, ай десе аузы бар, күн десе, көзі бар сұлу қызға айналады. Сөйтсек, ол – Жансая екен. Ол да дәл түсіндегі уақыт джақындаған сәтте өзі жақсы көретін шың басына шығып келуге әкесінен рұхсат алады. Келіп, маралға айналғаны сол еді, патша оны көріп, қуып береді. Патшадан құтылу үшін шыңның қалтарысына бұлақ болып ағып тұра қалған қыз бәрібір патшаның өзіне тағдырмен таңдалған жары екенін сезеді. Сөйтіп тұрғанда, патшаның ізін бағып жүрген дұшпаны қара бұлт болып төніп, найзағайға айналып, патшаны өлтірмек болып аспаннан құйылып түседі. Алайда, әкесінен үйренген қасиетті дұғаны оқыған қыздың қолынан ұстап үлгерген патша найзағай отынан жалтарып үлгереді. Найзағай таудың тасына түсіп, өзі өртеніп кетеді. Ал, патша болса, жаны да, өзі де сұлу Жансаяға үйленіп, бақытты өмір сүреді. Данышпан қария үш елдің ортасында бақытты қарттық кешіпті.

 

ТАРҒЫЛ МЫСЫҚТЫҢ ХИКАЯСЫ

Мысық пеш түбінде пырылдап жатты. Оны ұйықтап жатыр деп ойлаған иесі бір күрсініп алып, пеш түбінде жатқан мысыққа мұңын шаға бастады.

-Сен, тарғыл мысық, неткен бақыттысың? Ештеңені ойлап, уайымдамайсың. Берген тамақты ішіп алып, пеш түбінде пырылдап ұйықтағанды білесің. Ал, мен болсам, жападан-жалғыз жүрісім мынау. Ертеден кешке дейін тырбанып еңбек етсем де байымай-ақ қойдым. Тапқан ақшам тек тамағыма әрең жетеді. Осылай созыла берсе, мен үйленбестен өмірден өтетін шығармын,- деген иесіне мысықтың жаны ашыды. Иесінің бір кезде көзі ілініп, ұйқыға кеткен сәтінде тарғыл мысық сып беріп есіктен шығып кетті. Оның тысқа шығып кеткенін иесі сезбей де қалды.

Тарғыл мысық үйден шығып, жан-жағына қарады. Иесіне қалай еткенде қалыңдық табуға болады? Ол осыны ойлап тұрғанда, жанынан зып беріп тышқан өтіп кетті. Асқан шапшаңдықпен тышқанды шап берген мысық оған азу тісін енді батыра бергенде:

— Сенің иеңді қалай бақытты етудің жолын мен білемін,-деді жаны қысылған тышқан.

-Оның бақытсыздығын қайдан білесің?- деп тырнағын батырды тарғыл мысық.

-Мысеке, Мәке, енді қаттырақ қыспаңызшы, жүрегім қысылды,- деп терін сүртті тышқан.

-Түнде сізге сырын шертіп отырғанда мен де еденнің астында жатып тыңдап едім, содан білдім ғой,- деген тышқанды сәл босатты тарғыл мысық.

-Ал, менің иемді қалай бақытты етеміз?

-Менің інімде жарқыраған асыл тас бар. Сол тасты әкеліп берейін. Сіз иеңіздің ас ішетін үстеліне апарып қойыңыз,- деді тышқан.

— Сенің сөзіңе қалай сенемін. Қазір босатсам, қайта келуіңе кепіл болатын не тастап кетесің?

-Мәке, Сізді алдап маған не көрініпті. Қазір барып әкеле қояйын,- дейді жаны қысылған тышқан. Мысық оны босатып жібереді. Ініне зып берген тышқан сөзінде тұрып жарқыраған асыл тасты інінің аузына әкелді де қайта жоқ болды. Тарғыл мысық болса, асыл тасты иесіне апарып, иесімен бірге бақытты өмір кешіпті.

 

БӨЛМЕ ГҮЛІНІҢ АРМАНЫ

Терезе алдында құмырада тұрған гүл далаға көз тастады. Оның бұл еңселі, жап-жарық үйге келгеніне бірнеше ай болған. Оны осы үйге әкелген мейірімді қыз бала жапырағын сүртіп, гүлге өзінің сырын айтып, су құйып қамқорлап жүрді. Терезеден сыртқа көз салған гүл қаланың таңмен бірге оянып, көліктеріне мініп, желдей жүйтки жөнелетін адамдарын бақылап тұрды. Оның терезеге телміргені сонша, бұтақтары терезенің шынысына тіреліп, жапырақтары әйнектен шығып кеткісі келгендей, үздіксіз өсумен болды.

-Шіркін, мені сыртқа шығарса ғой… Бір ғана адамның емес, осы жерде тұратын көп адамның көз қуанышына айналар едім. Олар маған сүйсіне қарап, өздерін шаршатқан қызметті де, бір-біріне ренжіскен сәттерді де ұмытар еді. Мүмкін, біреулері мені сүйіктілеріне, біреулері анасына, тағы біреуі баласына сыйға тартар еді. Ал, мен болсам, терезе алдында тұрысым мынау,- деген ойдан ол бұтақтарын сермеп қалды.

-Мына гүлім ерекше өсті. Терезенің алдында тұрып, төбеге жететін болды. Қазір көктем ғой, оны тысқа егейін. Әрі үйдің ауласы да сәнді болып, жайқалып тұрсын,- деген қыз бала құмырадағы гүлді көтеріп тысқа шығарды.

Жерді қазып, күрекпен қопсытып, күбір салып, құмырадағы гүлді есік алдына отырғызды.

-Мына кішкентайды қараңдар! Ей, балақай, сен қайдан келдің бұл жерге?-деген желөкпе жел гүлді қағып-соғып, ентелеп, үстінен басып өтті. Гүл бұндайды бұрын көрмегендіктен, бүрісіп қалды. Бұтақтары салбырап, жапырақтары да солғынданып, қол-аяғын бауырына жинап алды.

-Қап, мына жел гүлімді жұлмалайтын түрі бар екен,- деген қыз бала айналасына сыммен бекіткіш жасап, гүлдің сабағын үлкен де берік таяқшаға байлады. Жан-жағын қоршаған сымдар гүлдің бұтақтарының сынуына жол бермеді. Екі-үш күн өтті. Гүлді тамырымен қопарып, жұлып тастағысы келген желдің алғашқы екпіні басылып қалды. Қаншама өрекпіп, жұлқыласа да бұтақтарын сындыра алмағанына ызасы келді.

-Балақайда шаруаң болмасын! Қарашы, өзі нәзік, кішкене болса да осы бір есік алдына көрік беріп, әрлендіріп тұр. Жайыңа жүр, соқтықпай,- деген бұлт сәл төмендеп, гүлдің төбесінен сіркіреп өтті. Лезде ауаға жұпар иіс таралды. Ал, гүлдің жапырақтары жаңбыр тамшыларымен тазарып, жап-жасыл көздерімен жаудырай қарады. Гүл жапырақтарында моншақ тамшылар мөлдіреп тұр.

-Ақ бұлт, саған мың алғыс,- деді гүл жасыл жапырақтарын бұлғап.

-Дүниеге сұлулық сыйлап, адамдарды қуантып тұр,- деген ақ бұлт жоғары көтеріліп кетті.

Гүл болса, күннен күнге әсемдене, жайқала түсті. Жап-жасыл жапырақтарын сыбдырлата қозғап, бұтақтарын жоғары көтеріп, айналаға асқан бір кербездікпен қарайтын. Өзі еккен гүлдің осыншама өскеніне қуанған қыз бала да жалықпай гүлін суарумен болды. Топырағын қопсытып, тыңайтқышпен байытты. Бір күні гүл өзінің көкірегіндегі әппақ түйінді байқады. Ол қуаныштан жапырақтарын қозғап, әлгі түйінді аялай сипады. Бірнеше күндерден кейін аулаға шыққан адамдар әппақ гүл күлтелерінің таңғы шықпен мөлдіреп тұрғанына куә болды. Гүл болса, осынау сұлулық өзіне ғана тән екенін ойлап, сабағын сәндеп, бойын биіктете түсті.

Жаз бойы адамдарды қуантып, мейірім сыйлаған гүл күздің қара суығын бірден сезді. Жел болса, жайдары жаздың өткеніне қуанғандай өктемсіп, өпіремдеп кетті. «Ендігі тағдырың менің қолымда» деген желөкпе жел гүл күлтелерін ұшырып, асқан қатыгездікпен жапырақтарын жұлқылап жатты.

Осы кезде тысқа шыққан қыз бала:

-Кешір, гүлім! Сені тоңдырып ала жаздаппын ғой. Күз жетті деген осы. Енді менің бөлмемді көркейтіп тұрасың,- деп құмыраға салып, терезе алдына кері әкеліп қойды. Терезеден қараған гүл тал-теректердің жапырағынан айырылғанын көріп, жаны жылады. Адамдардың жаздағыдай жадырап жүрмегенін, қымтана бастағанын көрді. Қарбалас күз күндері басталды. Аспан да түнеріп, күн көзі көрінбей кетті. Ол ол ма, бір кезде бар көшені әппақ қар басып қалды. Терезеден сыртқа қараған бөлме гүлі желөкпе желдің тасыраңдаған қалпын көзіне елестетіп, іштей қалтырап, тоңып кетті. «Туу, тезірек көктем келсе екен» деп армандады.

МЕЙІРІМ

Алыста, тым алыста, елеусіздеу кішкене қалада Асыл деген әдемі қыз бар. Ол өзінің құрдастарынан ешқандай да ерекшелігі жоқ, қарапайым ғана қыз. Күнде ертемен тұрып, барлық шәкірттер сияқты қолына сөмкесін алып аялдамаға асығады. Бүгін де осы жерден сарылып автобус күтті. Тасбақа сияқты өмірі аяғын басып болмайтын автобус ыңырана келіп тоқтағанда, аялдамада тұрған жұрттың бәрі автобустың есігіне кептелді. Бірін бірі итергіштеп, жұдырықпен түйіп автобусқа мінген жолаушылар жоқ жерден керіс іздеп, бірінің шашын екіншісі жұлып алғысы келіп, бір-біріне тістерін қайрап тұр. Күндегі әдеттері осы. Бір-бірінің бет әлпетін жаттап алғанмен, ешқайсысы бір-бірінен жөн сұраспайды, бір-біріне кегі кеткен адамдарша көздерін аларта қарап тұрғандары. Не деген қаталдық? Жо-жоқ, безбүйректік! Асыл осының бәріне жүрегі ауырып, сырттарынан бақылап тұрды. Міне, анау көзілдірікті әжейге ешкім де, ешнәрсе де жақпайды. Үнемі қабағын түйіп, тіпті орын берген адамға да алғыс айтуды бәлмейді. Қоңқақ мұрынды мұртты атай да өмірге ашулы жанның бірі. Жолында тұрғандарды таяғымен салып өтеді. Кейде желкеден түйіп жіберетіні де бар. Көк пәлтелі әдемі тәтейдің де ешқашан қабағы ашылмайды. Автобусқа мінгеннен бастап, жүргізушіден бастап, жанында тұрған адамдардың бәрімен ұстаса кетеді. Сөзбен, әрине! Ол кісіні енді сөз жарыстырып жеңу мүмкін емес. Асыл осылардың бәріне іштей таңырқады. Не деген адамдар! Өзі адамға берілгені азғантай ғана ғұмыр. Сол ғұмырды осылай өткізуге бола ма? Жоқ жерден ілік табатын апайлар мен ағайлар, әжейлер мен атайлар жастарды неге аямайды? Сонда адамның өмірі осындай қатыгездіктерді көру үшін берілген бе? Неге адамдар бір-біріне соншама қатал? Осы ойлармен тұрғанда өзі түсетін аялдамаға да жетіп қалыпты. Автобустан түсіп, бір көше айналғанда «Мәдина» деп жазылған шағын дүкен, дүкеннің жанында тұрған қайыршы қарияны көрді. Үстіндегі жұп-жұқа киіммен, жел өтінде бүрсеңдеп тоңып тұрған қарияның алақанына осы кісіге арнап алып шыққан ақшаны салды. Қария суықтан тоңып, қызарып кеткен алақанына қарап, өзі қалтырап тұрса да бұған қарап жылы жымиып: «Мейірімді жан, Сізге мың да бір Алғыс» дегені. Өзі осындай қорғансыз күйде тұрып та адамға мейірім сыйлауға болады екен-ау! Не деген жүрек, не деген ілтипат! Асыл бейне бір қолтығынан біреу демегендей, арқасына қанат біткендей күй кешті. Жып-жылы үйден шығып, жылы киініп, жылы автобусқа мінген адамдардан көрмеген жылылықты суықтан қалтырап тұрған қариядан көрді-ау! Қарама-қайшылық емес пе?

 

ТАҢҒАЖАЙЫП ТАҢҒЫ ОҚИҒА

Он сегіз мың ғаламның бір шетінде кішкене қыз өмір сүріпті. Ол өте арманшыл еді. Өзінің асқақ армандарының орындалғанын тілейтін кішкене қыз, біз оны Патшайым дейікші, таңмен ерте тұратын. Оның терезесіне үнемі кептерлер мен қарлығаштар қонақ болып келіп тұратын. Солкүні де Патшайымертетұрды. Қанатты достарына жем шашты. Күн арайланып атқан кезде тереземе келген достарым қуанып қалсын деді іштей. Ал, өзі болса оқу құрал-жабдықтарын алып автобусқа асықты. Ол үйден шыққан кезде жапалақтап қар жауып тұрды. Көше шамдары болса қараңғы қала көшелерін жап-жарық етіп, нұрландыру үшін бар жан-тәніменжан-жағынасәулесін төгіп тұрды. Жапалақтап жауған ақ қар жұлдызшалары көше шамдарының айналасында бейне бір қанат байлап алғандай ұшып, айналып жүрді. Аспаннан жерге қарай асыққан әппақ қар ұшқындары шамдардың жарығымен нұрланып, неше түрлі түске боялып, түрленіп, адам қызығатындай түрге енді. Патшайым қанаттарын жайып жерге қалбалақтап құлап жатқан қар жұлдызшаларына алақанын тосты. Алақанына келіп қонып, еріп кетіп жатқан қар түйіршіктерін аяп кетті.

— Шіркін, қар жұлдызшаларымен бірге қалықтап ұшсам екен,- деп ойлауы мұң екен, өзінің ұшып бара жатқанын бір-ақ білді. Аспан әлемі шетсіз де шексіз екен. Өзі оқулықтардан оқыған қызыл Марс ғаламшарын бірден таныды. Ал, мынау – сақиналы Сатурн. Патшайым қар жұлдызшаларының демеуімен ұшып келе жатып, өзгешелеу Жер сияқты ғаламшарға топ ете түсті. Жерден бұл белгісіз ғаламшардың өзгешелігі –табиғаты өте таза, байырғы қалпында сақталуында екен. Тума табиғаттың төл туындысы өзен-көлдер мөлдіреп, сылдыр қағып ағуда. Орман-тоғайға да балта тимеген, жап-жасыл. Патшайымның жанына өзі құралыптас бір топ бала келді. О, кұдірет! Олар да қазақша сайрап қоя бергені. «Шіркін, мынаны біздің өз тілімізді білгісі де келмейтін Жер ғаламшарындағы кейбіреулер көрер ме еді?» деп ойлады Патшайым. О, ғажап! Бұл балалар Жердегі барлық оқиғаларды біледі екен. Тума табиғатты сақтамаса, апат болатынын да айтып жатыр. Қазақ тілінің де өлмелі күн кешуі – жастардың өз ұлтын сүймейтіндігін білдіретінін айтты. Патшайым өзінің сабақтан қалып қойғанын түсінді. Сол-ақ екен, ол құстың қауырсыны сияқты қалықтап келіп өз мекеніне, өзі оқитын оқу орнының алдына топ ете түсті. Ал, қар жұлдызшалары аспаннан жерге сапарын әлі жалғастыруда…

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *