ЭТНОМӘДЕНИ ТУРИЗМ: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖОЛЫ

ЖАННА- сайт сурет

Жанна ИМАНҚҰЛ
«Жалын» журналының қызметкері,
«Ақпарат саласының үздігі» иегері

 

Қазіргі таңда туризм – әлемдік экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. Ол көптеген елдер үшін табыстың маңызды көзіне айналып отыр. Еліміздегі мемлекеттік саясат бағдары да туризм саласын дамыту арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат етеді. Этникалық мәдениеттерді тарихи тұрғыда жан-жақты зерттеу мақсатында жасалатын саяхаттарға түрткі болатын негізгі себеп – тарихқа, археологияға, этнографиялық мұраға және белгілі бір аймақ халқының өмір салтына деген қызығушылық пен сүйіспеншілік. Этномәдениет – бұл этностың өткенінен бастау алып, қазіргі уақытта дамып жатқан дәстүрлі құндылықтар, қарым-қатынастар мен мінез-құлық ерекшеліктерінің жиынтығы, олар әлеуметтік өмірде көрініс табады.

Этномәдени туризм – бұл этномәдениетті тануға деген ұмтылыс негізінде туындайтын түрлі туристік қызмет түрлерінің жиынтығы. Отандық және шетелдік дереккөздерде этникалық туризм деп халықтардың дәстүрлі тұрмыс салтына, әдет-ғұрыптарына жақындау мақсатында жасалатын саяхаттар айтылады.

Этномәдени туризм аймақтық және жергілікті деңгейде этномәдени шаралар өткізу арқылы сол мәдениетке қатысуға немесе оны бақылауға мүмкіндік беретін кең ауқымды бағыт болып табылады. Бұл – көпмәдениеттілік феноменімен тікелей байланысты.

Этномәдени туризмнің екі негізгі түрі бар:

  1. Белгілі бір халықтың дәстүрлі мәдениеті мен тұрмыс ерекшеліктерін сақтап қалған елді мекендерге бару.
  2. Халық тұрмысымен мұражайлардан танысу.

Дәстүрлі мәдениет пен тұрмыс-салтты сақтаған елді мекендерге бару – этномәдени туризмнің маңызды бағыты. Мұндай елді мекендер демонстрациялық немесе үлгілік деп аталады және олар тұрақты да, уақытша да болуы мүмкін: мысалы, көшпелі малшылардың немесе аңшылардың уақытша қоныстары.

Этномәдени туризмнің дамуының өзекті мәселелеріне бірқатар себептер әсер етеді. Қазіргі уақытта ең алдымен, елдің мәдени және тарихи кеңістігіндегі терең үрдістер этномәдени туризмге деген қызығушылықты күшейтіп отыр.

Еліміз этномәдени туризм саласында бай әрі бірегей ресурстарға ие бола отырып, оның дамуының нақты белгілерін көрсетуде. Бұл – отандық этномәдени туризмнің болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезеңде отандық этномәдени туризм нарығы енді-енді қалыптасу үстінде. Бұл саланың әрі қарай дамуы оның ресурстық базасының байлығы мен әртүрлілігіне байланысты.

Этномәдени туризмге тікелей қатысты әртүрлі нысандардың ішінде этнографиялық ауылдар мен саябақтарды, этнографиялық және өлкетану мұражайларын, этникалық бояуы сақталған ауылдарды, қалалық кварталдар мен жеке ғимараттарды атап өтуге болады.

Этномәдени туризм елдің брендтік, өзіндік бағыты бар туризм түріне айнала алады.

Мұндай мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін келесі жайттар ескерілуі қажет: әлеуетті туристердің қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырушылар тарапынан мәдени бағдарламалардың мазмұнын нақтылау, этнографиялық бағыттағы іс-шаралар мен нысандардың тартымдылығын арттыру, сондай-ақ жергілікті қауымдастықтардың белсенді қатысуы.

Этномәдени туризм тек туризмнің бір бағыты емес, ол ұлттық мұраны сақтау мен насихаттаудың, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті нығайтудың маңызды құралы бола алады. Ол экономикалық жағынан да табыс көзіне айналып, ауылдық аумақтардың дамуына ықпал етеді.

Кез-келген туризм түрін дамыту үшін туристік ресурстар қажеттігін атап өттік.

Туристік-рекреациялық (recreftio-қалпына келтіру) ресурстар – туризм дамуының басты негізі болып табылады. Егер елде бұл сала үшін қажетті база болмаса, яғни туристік-рекреациялық ресурстар жеткіліксіз болса, онда туризм саласын дамыту мүмкін емес. Туристік-рекреациялық ресурстарға табиғи байлықтар да, адам қолымен жасалған нысандар да жатады. Осы екі бағыттың үйлесімі туристік бағыт қалыптастырудың табысты құрамдас бөлігі болып есептеледі.  Мысалы, белгілі бір өңірде туристік бизнесті дамыту үшін алдымен сол жердің қандай туристік-рекреациялық ресурстарға ие екенін анықтау қажет. Егер мұндай ресурстар бар болса, онда бұл өңірде инвестициялық саясат жүргізіп, туризмді дамытуға болады.

Оларды әлеуметтік-мәдени, табиғи-климаттық, тарихи, сәулеттік, археологиялық, діни және басқа да құндылықтар мен нысандар ретінде жіктеуге болады. Бұл объектілер мен құбылыстар туризм қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Туристік ресурстарға қарай нақты мақсаттар, туризмнің түрлері мен бағыттары анықталады. Туристік ресурстар шартты түрде екі негізгі топқа бөлінеді:

— табиғи;

— тарихи-мәдени.

Табиғи туристік объектілерге туризмге қызығушылық тудыратын нысандар жатады. Оларды таулы және жазық аймақтар арқылы талдауға болады. Этномәдени туризм үшін тарихи-мәдени ресурстар аса маңызды, өйткені бұл – этностық топтың туған жеріне, тұрмысы мен мәдениетіне байланысты саяхаттар.

Мәдени-тарихи туристік ресурстар – бұл халықтың рухани және материалдық мұрасының тарихи ерекшеліктері. Олар белгілі бір аумақта жасалған және туристердің рухани, танымдық, интеллектуалдық демалыс қажеттіліктерін өтеуге бағытталған.

Әрбір халық тарихи дамуы барысында өзіндік рухани және мәдени құндылықтар, мәдени мұра, жүйесін қалыптастырады ол әрқашан жергілікті де, шетелдік те туристер үшін  қызықты әрі тартымды.

Жалпы қабылданған жіктемеге сәйкес, этнографиялық туризм – бұл әртүрлі этникалық топтардың дәстүрлі халық мәдениетін зерттеу және қабылдау мақсатындағы саяхаттар. Ғылыми және кең таралған қолдануда бұл терминдер ұқсас көрінгенімен, олардың арасында елеулі айырмашылық бар. Көп жағдайда тұрмыстық ортада «халықтық мәдениет» пен «этнографиялық мәдениет» ұғымдары тең қабылданады.

Этномәдени туризмге тікелей қатысы бар нысандардың түрлі санаттары ішінде мыналарды атап өтуге болады: этнографиялық ауылдар мен парктер, этнографиялық және өлкетану мұражайлары, сәулет және тарихи-архитектуралық мұражайлар, тарихи-мәдени нысандар мен қорық-мұражайлар. Сонымен қатар, этникалық болмысын жоғалтпаған ауылдық елдімекендер, қалалық кварталдар мен жеке ғимараттар ерекше қызығушылық тудырады.

Этномәдени туризмнің нысандары ретінде ерекше қорғалатын қорықтардан басқа табиғи аумақтар да кеңінен пайдаланылады.

Этнографиялық туризм халықтардың шынайы өмір салтына, олардың салт-дәстүрлеріне, әдет-ғұрыптарына, мәдениетіне қызығушылыққа негізделеді. Мұндай туризмге тән белгілер:

— белгілі бір тарихи-мәдени ортаға тиістілікті дәлелдеу және этникалық бірегейлікті сақтау;

— тарихи-мәдени тамырды іздеу;

— белгілі бір этникалық немесе әлеуметтік топпен мәдени сәйкестікті сезіну;

— әлеуметтік мұраны тануға деген қажеттілік;

— тарихи реконструкция.

Этнографиялық мұра – табиғатты пайдалану жүйесін, өмір салтын, әдет-ғұрыптарды, тілді, мәдениетті, ас мәзірлерін, қоныстардың жоспарлануы мен түрін, халық шығармашылығын, дінді және т.б. қамтиды. Этнографиялық мұра ерекше назар мен қамқорлықты қажет етеді – бұл салада өлкетану дәстүрін сақтауға жанашыр ұйымдар мен бейресми бірлестіктер маңызды рөл атқарады.

Этномәдени туризмнің әлеуетіне ауылдық аймақтарда туристерді қабылдайтын халықтың әлеуметтік-мәдени және кәсіби сипаттамалары зор ықпал етеді. Бұл, ең алдымен, ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын және агротуризмге, этнографиялық туризмге қатысатын адамдар. Көбінесе олар – кәсіпкерлер мен фермерлер. Олар тікелей туристік өнім жасамаса да, ауыл шаруашылығын дамыту және сол ортада өмір сүру арқылы этномәдени туризмнің дамуына жағдай жасайды.

Этномәдени туризм – элитарлы жоғары деңгейдегі туризм түрі. Оның көптеген түрлері тарихи ақпаратты дұрыс қабылдау үшін белгілі бір дайындықты қажет етеді. Осыған байланысты «туристік мәдениетті» қалыптастыру қажеттілігі туындайды.

Этномәдени туризм ғылымнан тыс өмір сүре алмайды. Туристке ұсынылатын барлық ақпарат ғылыми деректерге негізделуі керек. Әйтпесе, ол тарихи шындықты бұрмалап, жалған салттарды қалыптастыруға немесе таратуға себеп болуы мүмкін.

Сонымен қатар туризмнің бұл түрі дәстүрлі мәдениетті қалпына келтірудің факторы болып табылады. Ұлттық қолөнер, тұрмыстық бұйымдар мен халық шеберлігі жаңғыра бастайды.

Этнографиялық мұраға табиғатты пайдалану жүйелері, өмір салты, әдет-ғұрыптар, тіл, мәдениет, асхана, қоныс түрлері, халық шығармашылығы, дін және т.б. кіреді. Мұндай мұраны сақтау мен зерттеуге ұйымдар мен бейресми бірлестіктер – өлкетану дәстүрлерінің белсенді жақтаушылары үлкен назар аударады. Әлеуметтік-мәдени және кәсіби ерекшеліктер этникалық туризм әлеуетіне тікелей әсер етеді. Әсіресе, бұл туризм саласында ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін және туристерді қабылдауға дайын ауыл тұрғындары маңызды рөл атқарады.

Этномәдени туризм нысандарына тікелей қатысты объектілердің әртүрлі категориялары арасында этнографиялық ауылдар мен парктерді, этнографиялық және тарихи-мәдени мұражайларды, этникалық келбеті сақталған ауылдық елдімекендерді, қалалық аудандар мен жекелеген ғимараттарды атап өтуге болады.

Этномәдени ерекшелігі айқын ауылдық елді мекендер, қалалық аудандар мен жеке ғимараттар да этнокомпоненті бар туризм объектілері ретінде ерекше қызығушылық тудырады. Сонымен қатар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қорықтардан басқа, этномәдени туризм нысандары ретінде кеңінен қарастырылады.

Ностальгиялық туризм 

Ностальгиялық туризм – әлдеқашан жеке туризм түрі ретінде мойындалғанымен, бәрібір этномәдени туризмнің бір тармағына жатады. Бұл туризм түрін анықтауда екі түрлі көзқарас бар.

Бірінші көзқарас бойынша, ностальгиялық туризм – бұл адамның өз халқының немесе этникалық ата-бабаларының мәдениетін тануға, соларға жақындауға бағытталған сапарлары. Ал екінші нұсқа бойынша, бұл – адамның бұрынғы өмір сүрген жеріне, ата-бабалары немесе туыстары тұрған аумақтарға баруға деген жеке ішкі құлшынысымен жасалатын саяхат.

Этникалық туризм шын мәнінде тек өзінің этникалық түп-тамырына, шығу тегіне оралуға ғана емес, басқа этникалық топтардың мәдениетін тануға да бағытталған. Тур ұйымдастырушылар бұл ұғымға адамдардың өмірінің бір бөлігі өткен жерлерге жасалатын сапарларды да қосады. Мұндай мақсатпен келген туристер санының қысқа мерзімді артуы үнемі ұзақ мерзімді төмендеу үрдісіне ұласады. Бұл көбінесе демографиялық факторлармен, яғни көші-қонға қатысқан адамдардың қартайып, өмірден кету перспективаларымен байланысты.

Бұл жағдай тек мигранттардың ғана емес, олардың бірінші, тіпті екінші буын ұрпақтарының да бұрынғы мекендерге баруға деген ынтасын арттырады. Таңқаларлығы, үшінші және төртінші буын өкілдері де ересек немесе егде жасқа жеткенде ностальгиялық турларға қатысу туралы шешім қабылдайды.

Алайда отбасылық байланыстар әлсірей берсе немесе үзіліп қалса, болашақта жастар арасында мұндай турларға деген қызығушылықтың төмендеу қаупі бар.

Туристік ағынның ұзақ уақыттық төмендеуі жылдам әрі тұрақты үрдіске айналып барады. Бұл көбінесе демографиялық факторлармен түсіндіріледі: яғни мигранттардың қартайып, өмірден өтуі ықтимал. Бұл өз кезегінде тек сол мигранттардың өздеріне ғана емес, сонымен қатар олардың бірінші, кейде екінші ұрпағына да бұрын тұрған мекендерге баруға деген ынтаны арттырады. Таңғаларлығы сол – үшінші және төртінші ұрпақ өкілдері де егде жаста, әсіресе қартайған кезде ностальгиялық турға қатысуға шешім қабылдай бастайды.

Отбасылық байланыстардың үзілуі немесе әлсіреуі алдағы уақытта жастар тарапынан мұндай туризмге қызығушылықтың төмендеуіне алып келуі мүмкін. Демографиялық себептермен қатар, ностальгиялық туризмнің көлемі мен ауқымына кейбір елдерде немесе аймақтарда саяси факторлар да әсер етеді. Мұнда соғыс, репрессия, көтеріліс, жер аудару сияқты оқиғалар рөл атқарады – олар адамдарды туған жерлерінен күштеп көшіруге мәжбүр еткен. Бұл – ностальгиялық туризм дамуының ерекше практикалық маңызын көрсетеді.

 

Эколого-этнографиялық туризм

Шетелдік және отандық әдебиетте эколого-этнографиялық туризм бұрын экологиялық туризмнің бір тармағы ретінде қарастырылған, себебі экотуризм – жабайы, табиғи, адам қолы тимеген жерлерге саяхат жасау дегенді білдіреді.

Эколого-этнографиялық туризм – түрлі этнотерриториялық қауымдастықтардың өзіндік мәдениетімен танысу мақсатында олардың тұрмыс-тіршілік ортасында жасалатын сапарлар. Мұнда басты назар дәстүрлі және қазіргі заманғы өмір сүру жүйелеріне аударылады.

 

Этнотанымдық туризм 

Этномәдени аспект экскурсиялық-танымдық туризмде кездеседі. Осылайша, этнотанымдық туризм – этникалық мәдениеттерді кешенді түрде тарихи тұрғыда зерттеу мақсатындағы саяхаттар. Мұндай саяхаттарға ынталану – тарихқа, археологияға, этнографиялық мұраға, тиісті территорияларда өмір сүрген халықтардың тұрмыс салтына деген махаббат болып табылады.

Бұл туризм түрінің дамуы этномәдени әртүрлілікті және этноарнаулы табиғатты пайдалану дәстүрлерінің жоғары дәрежеде сақталуын біріктіру арқылы жүзеге асуы мүмкін. Мұнда мәдени ландшафттар да үлкен маңызға ие. Белгілі бір этномәдени ландшафттар шеңберінде әдетте белгілі бір халықтың қалыптасуы мен даму тарихындағы ең маңызды кезеңдер бейнеленуі тиіс. Басқаша айтқанда, әртүрлі этномәдени ландшафтта этногенездің түрлі фазаларының элементтерін айыра білуге болады.

Бұл жағдай этнотанымдық туризмді ұйымдастыру теориясы үшін өте құнды болып табылады. Этнотанымдық туризмнің бір артықшылығы – оған этномәдени және басқа да туризм түрлерінің, әсіресе экскурсиялық-танымдық және экологиялық туризм элементтерін кеңінен енгізу мүмкіндігі.

Этнотанымдық туризм үлкен дәрежеде археологиялық деректерге негізделеді және, мүмкін, ғылымда немесе танымал нұсқаларда қабылданған түсініктерге одан да көп сүйенеді.

 

Антропологиялық туризм

Бұл бағыттың әлеуеті зор. Келешекте зор әлеуетке ие туризмнің бір бағыты – антропологиялық туризм. Бұл бағыт туристердің қазіргі замандағы ұлт пен ұлыстардың, түрлі этностардың дәстүрлі өмір салтына деген қызығушылығы негізінде қалыптасады. ЮНЕСКО болжамы бойынша, 20-30 жылдан кейін әлемдегі барлық халықаралық турсапарлардың шамамен 30%-ы осындай түрткі арқылы жүзеге асады.

Бұл турлардың географиялық ауқымы көбінесе шағын аумақтарды мысалы, бір аудан немесе елдімекен қамтиды және қазіргі уақытта өмір сүріп жатқан этностардың мәдениетін сақтауға бағытталады. Антропологиялық саяхаттардың ішінен этнос өміріне жақындауға бағытталған сапарларды және этнотерриториялық топтарға арналған сапарларды бөліп көрсетуге болады.

Этномәдени және экологиялық, оқиғалық, тарихи-мәдени туризм түрлерінің бір нысандарда тоғысуы – туристік нарықтың дамуында жиі кездесетін құбылыс. Мұндай жағдайда нақты нысанға инвестиция салу немесе дамыту тиімділігі туристердің ағыны мен уәждерін ескере отырып бағалануы тиіс. Антропологиялық туризм – этникалық қауымдастықтардың тіршілігін зерттеу ниетінен туындаған сапарлар. ХХІ ғасырда көптеген халықтардың өмір сүру ортасы жойылып немесе өзгеріске ұшырап жатыр. Сарапшылар алдағы 20-30 жылда жер шарындағы халықаралық туристік сапарлардың 30%-ы дәл осы мақсатпен жасалуы мүмкін деп болжайды. Мұндай турлар кең аумақты емес, көбіне шағын әкімшілік аудан немесе бір мекенді қамтиды. Мақсаты – жоғалып бара жатқан этникалық мәдениеттер мен халықтарды зерделеу, сақтап қалу.

Антропологиялық туризмде екі түр ажыратылады:

  1. Қазіргі заманғы этникалық қауымдастықтардың өмір сүру салтын көруге деген ниетпен жасалатын сапарлар.
  2. Этнотерриториялық қауымдастықтарға бағытталған және уақыт өлшемін ескеретін туризм. Бұл екінші түрге кейде «ретротуризм» деген термин де қолданылады.

Этномәдени, экологиялық, тарихи және мәдени, антропологиялық туризм түрлерінің ұқсастығы мен жақындығы оларды туризм нарығында бір нысандарға бағыттауға мүмкіндік береді. Яғни, аймақ әртүрлі уәждері бар туристер үшін тартымды болуы мүмкін. Туристік ағындар мен мотивацияларды дұрыс ескеру арқылы инвестицияның тиімділігін арттыруға болады. Бұл өз кезегінде:

— жергілікті тұрғындар арасында өзіндік болмыс пен мәдениетке деген ықыласты күшейтеді;

— өңірлердегі мәдени әртүрлілікті сақтауға ықпал етеді;

— жергілікті тағамдар мен дәстүрлі қолөнер тәсілдерінің жандануына жол ашады;

— экономикалық құлдырау мен халық санының азаюына балама ретінде қарастырылады;

— жергілікті халықтың мәдени деңгейін арттырады және басқа халықтармен мәдени байланыс орнатады.

 

Діни немесе зиярат ету туризмі

Туризмнің бұл түрін этномәдени туризммен ұштастыра дамыту үшін ең басты шарт – үлкен нарықтың болуы. Бұл жағдайда маркетинг бірінші орында тұрады. Діни туризм қай тұрғыда алсақ та ұзақ мерзімді әлеуетке ие, қоғамдағы басым идеологиялық және әлеуметтік үрдістерге сәйкес келеді. Осы бағытта жұмыс бастаған жағдайда, туризм нарығында мықты позицияларды дайындауға болады. Білікті туроператорлар дәл осындай тәсілмен жұмыс істейді – олар алдымен туристік нарықты дайындайды.

Діни туризм өзінің маңыздылығын Ватикан, Иерусалим, Мекке, Медина сияқты орындарда көрсетті, сондай-ақ Үндістан, Қытай және Азияның басқа елдеріндегі бірнеше жерлерде де танымал. Зиярат етушілерге жатын орындары және тамақтану қызметтері ерекше ұйымдастырылады, алайда саяхатшылар жергілікті инфрақұрылым қызметтеріне де шығындалады. Маңыздысы, діни туризм көпқырлы құбылыс болып табылады және ол тек әлемдік деңгейдегі ең танымал діни орындарды аралаумен шектелмейді.

Зиярат туризмнің формалары өте алуан түрлі. Ол тек жергілікті форматтармен ғана шектелмеуі тиіс. Зиярат туризмін әдеттегі жазғы демалыспен және басқа да  уақытқа сәйкестендіріп отыру – қисынды және тиімді шешім.

Сенімі берік адамдар үшін зиярат жасау – бұл қасиетті жерлерге сапар шегу. Нысаны ретінде тек мешіттер мен әулиелердің кесенелері немесе күмбездері ғана емес, сондай-ақ тау-тастар, бұлақтар мен ағаштар да бола алады.

Өткен замандарда шынайы зиярат етушілер қасиетті жерлерге жаяу баруға тиіс болған, сондықтан мұндай сапарға әдетте жылы маусымда аттанатын. Бүгінде адамдар заманауи көлік құралдарын пайдаланады, алайда зиярат етудің мағынасы сол күйінде қалды – бұл адамның қасиетті мекендерге ұмтылысы. Ол жерлерде жан дүниелік әбігерден алыстап, мәңгілікпен тоғысады, адам өз сенімін нығайтады және өзі үшін маңызды сұрақтарға жауап таба алады.

Бүгінгі таңда бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін созылатын, әртүрлі тұру және тамақтану нұсқалары бар қажылық турлары көп, қарапайым тек жатын орын ұсынатын қонақүйлерден бастап, барлық жағдай жасалатын жайлы қонақүйлерге дейін табуға болады. Тур құнына әдетте жол жүру, тұру, тамақтану және гид қызметі кіреді.

Бұрынырақ зиярат туризмі басқа туризм түрлерімен сирек үйлесетін. Қазіргі жағдайда зиярат туризмі бірнеше функцияларды атқарады:

  1. Дәстүрлі – ол жылдың белгіленген бір уақытында болуы мүмкін. Мысалы қажылық сапарлары белгілі бір уақыт аралығында жүзеге асады.
  2. Идеологиялық – бұл киелі жерлерді насихаттау процесі. Кеңес Одағында қасиетті жерлер ұзақ уақыт ұмытылды. Тәуелсіздіктен соң елімізде киелі өңірлерді дамытуға жіті көңіл бөлініп, 30 жылдан аса уақытта жедел қарқында дамығаны көңіл қуантады. Дегенмен әлі де жетілдіретін, дамытатын тұстары жетерлік.

 

Этномәдени туризмнің мүмкіндіктері

Қазіргі кезеңде этномәдени туризмнің қалыптасу процесінде қайшылықтар бар екені байқалады, сондықтан оның ресурстық базасы маңызды рөл атқарады. Этномәдени туризм құрылымын жіктеу мен талдау кеңістіктік деңгейлердің түрлі сатыларында – ғаламдық, өңірлік, ұлттық, аймақтық және жергілікті деңгейлерде жүзеге асырылады.

Этномәдени-туристік әлеует дегеніміз – бұл этникалық және әлеуметтік-мәдени сипаттағы объектілер мен құбылыстардың жиынтығы, олар туристік қызығушылық тудырып, белгілі бір аумақта этномәдени туризмді ұйымдастыруға жағдай жасайды. Қазіргі уақытта бұл салада феномендердің толық тізімі емес, олардың нақты қолданылуына қарай қарастырылады.

Этномәдени туризммен тікелей байланысты нысандардың ішінде мынадай категорияларды атап өтуге болады: этнографиялық ауылдар мен саябақтар, этнографиялық, өлкетану, тарихи-өлкетану және сәулет-тарихи мұражайлар, тарихи-мәдени ескерткіштер, музей-қорықтар, сондай-ақ этномәдени келбетін сақтаған ауылдық елді мекендер, қалалық аудандар мен жекелеген құрылыстар. Тарихи даму процесінде әр халық өзінің рухани және мәдени құндылықтар жүйесін, мәдени мұрасын қалыптастырады, ол жергілікті де, шетелдік те туристер үшін әрдайым қызықты әрі тартымды болады.

Тарихи-мәдени нысандар арасында жетекші орын тарихи және мәдени ескерткіштерге тиесілі, себебі олар ең көп тартымдылыққа ие болып, мәдени-танып-білу қажеттіліктерін қанағаттандырудың басты құралы болып табылады. Тарихи және мәдени ескерткіштер бес негізгі түрге бөлінеді: тарих, археология, қала құрылысы мен сәулет, өнер және құжаттық ескерткіштер.

Этнографиялық ресурстар – тарихи-мәдени әлеуеттің дәстүрлі құрамдас бөлігі, алайда соңғы уақытта қоғамдағы ұлттық сананың өсуі мен жалпы білім беру мекемелерінде мамандандырылған оқу бағдарламаларының енгізілуіне байланысты маңызды рөл атқара бастады. Алдыңғы бөлімде айтылғандай, этнографиялық ресурстар әртүрлі топтарға бөлінеді және олар біртұтас ерекше даралық пен ұлттық ерекшеліктің мата сияқты құрылымын құрайды.

Мұндай ресурстарға дәстүрлер, салт-дәстүрлер, мерекелер, халықтық қолөнер, ұлттық тағамдар, дәстүрлі баспана, киім-кешек, би және тағы басқа элементтер жатады. Жоғарыда аталған туристік ресурстардың түрлері туризмнің негізгі бағыттарының дамуына ықпал етеді.

Этномәдени туризмді дамытудың көптеген артықшылықтары бар. Ең бірінші және ең маңыздысы – ол патриоттық тәрбиеге қосқан үлесі. Туристер өздерінің ата-бабаларының тарихын зерттей алады, шет елден келгендер өздеріне бейтаныс мәдениетпен, тұрмыс-тіршілікпен таниды, олардың өмір сүрген жерлерін көріп, салт-дәстүрлер мен рәсімдерге қатыса алады, жергілікті тағамдарды дәмін татып, ұлттық киімді киіп көріп, ұлттық үйде өмір сүріп көре алады. Бұның бәрі оқып-білу арқылы емес, көзбе-көз тәжірибе арқылы жүзеге асады.

Міне, этномәдени туризмнің ерекшелігі осында. Турист тек сырттай қарап қана қоймай, тікелей әрекеттерге араласады. Оқиғаға араласып, басқалардың өмірін түсіну әлдеқайда оңай болады – айырмашылық пен ерекшелікті аңғаруға мүмкіндік туады. Халықтың белгілі бір өмір салты бастапқыда таң қалдырса да, сол арқылы олардың өмір сүру мәнін түсініп, өз өмірімізді де саналырақ түсінуге және басқа ұлт өкілдеріне деген құрметімізді арттыруға болады.

Этнотуризмді дамытудың келесі үлкен артықшылығы – жергілікті тұрғындарды, яғни мәдениетті сақтаушыларды қолдау болып табылады. Мысалы, қонақүй, мейрамхана немесе экскурсия саласында білім мен белгілі бір стандартты талаптар қажет болса, этномәдени туризмде персоналды оқыту аса маңызды емес, өйткені олар туристер тыңдағысы келетін ақпараттың тікелей тасымалдаушылары болып табылады. Барлық база дайын – тек оны сақтау және дұрыс ұсыну қажет.

Осылайша, ұзақ уақыт жоғалған дәстүрлер мен ұлттар жаңғырады, жаңа түр алып, айқын көрініс табады. Бұл қазіргі заманда ерекше өзекті, өйткені үлкен ұлттар кішілерін біртіндеп жұтып жатыр, тілдер өліп барады, ал тілмен бірге этностар да жоғалады.

Эколого-этнографиялық және ретро-туризмді дамытуда табиғатты қорғау саласындағы дәстүрлі мәдени жетістіктер теориялық және практикалық мәнге ие. Көптеген дәстүрлі табиғатты пайдалану формалары негізінен тиімсіз деп саналады. Сондықтан оларды қолдау туристік-экскурсиялық мақсатта да эколого-этнографиялық туризмнің қағидаларына қайшы келеді.

Керісінше, агро- және ностальгиялық, антропогендік туризм үшін қазіргі заманғы тиімді емес ауылшаруашылық әдістерін сақтау өте пайдалы, өйткені бұл дәстүрлі этномәдени ландшафттарды сақтауға септігін тигізеді. Кеңінен қолданылатын герман тіліндегі «ландшафт» терминінің мағынасы – «жердің көрінісі». Енді этномәдени ландшафттардың түрлеріне тоқталайық.

Мәдени ландшафттар – бұл тек қана антропогендік әсерлерге ұшыраған табиғи кешендер емес, сонымен қатар белгілі бір халық өмір сүрген аумақтың игерілген кеңістігі. Мәдени ландшафттар этностың коллективтік сана-сезімі мен менталитетінде тікелей көрініс табады, оның бүкіл өмір сүруін өзек етеді.

Ландшафттардың даму орны – этномәдени топтың қалыптасып, бейімделген ерекше жиынтығы, яғни қайталанбас мәдени-генетикалық кодтың пайда болған мекені.

Этномәдени ландшафт – бұл мәдени дамудың белгілі бір кезеңін көрсететін кескін. Музей экспонаттары тарихи кезеңдегі табиғатты пайдалану туралы толық түсінік бере алмайды, сондықтан тарихи реконструкцияларды қайта жасау туристік әлеуетті айтарлықтай кеңейтеді.

Антропогендік ландшафт – бұл шаруашылық қызметінің нәтижесінде өзгертілген және еңбек өнімдерімен байытылған табиғи ландшафт.

Халықаралық туризмнің этникалық негіздері – әлем халқының әртүрлілігімен байланысты: нәсілдік және ұлттық құрамның көптүрлілігі, тілдер, діндер, тұрмыс пен мәдениеттің ерекшеліктері, әр ұлттың қайталанбас фольклоры, тіпті ең аз саны бар халықтардың да ерекше мәдениеті – бұл көп адамдарда адамзат өмірінің осы қырларын тануға деген ынта туғызады. Сонымен қатар, білім мен мәдениеттің өсуіне байланысты этнографияға қызығушылық та артып келеді. Адамзат туралы жаңа әсерлер мен білімді алу талпынысы шексіз, себебі зерттелетін нысанның ерекше байлығы мен ауқымдылығы бар.

Этномәдени туризмнің ерекшелігі – оның туристердің кез келген категориясына тартымды болуы: шетелдіктерге, ел азаматтарына, өз ата-бабаларының тарихы, дәстүрі мен тұрмысына қызығатын жастарға, егде жастағы туристерге. Жеке туризм түрі ретінде этномәдени туризм көптеген әлеуметтік функцияларды атқарады.

Олардың ішіндегі ең маңыздысы:

— этномәдени туризм әртүрлі этностарға тануға ықпал етеді;

— мәдени, әлеуметтік және ландшафтық-экологиялық әртүрлілікті сақтауға көмектеседі;

— мұражайлар, театрлар және туристер мен жергілікті тұрғындар үшін маңызды мәдени нысандарға қаржылық қолдау көрсетеді;

— этникалық топтардың мекендейтін аймақтарында мәдениеттің сақталуы мен сәйкестіктің нығаюына ықпал етеді;

— қазіргі әлемнің алуан түрлілігі мен көпқырлылығын сақтайды;

— жергілікті ас мәзірінің, дәстүрлі тұрмыстық заттар мен қолөнердің қалпына келуіне септігін тигізеді.

— Қалалардың бірқатарында кездесетін экономикалық төмендеуге және халық санының азаюына қарсы қорған болып табылады (әсіресе жергілікті халыққа жаңа жұмыс орындарын ашады);

— Тұрақты халықтың мәдени деңгейін арттырады, басқа мәдениеттер өкілдерімен мәдени байланыстарды нығайтады.

Этномәдени нысандардың болуы – этнографиялық туризмді дұрыс ұйымдастырудың басты шарты. Этнографиялық нысандар – әлеуметтік-мәдени ресурстардың бір бөлігі болып табылады және туристік қызметтерді ұйымдастыру мен экскурсиялық туризмге деген қажеттілікті қанағаттандыру үшін қолданылады.

Этнографиялық нысан – дәстүрлі тұрмыстық мәдениеттің ерекшеліктері туралы ақпаратты қамтиды. Бұл нысан рухани немесе материалдық болуы мүмкін.

Рухани нысандарға мыналар жатады:

— белгілі бір этностың өкілдері;

— фольклор;

— рәсімдер мен ритуалдар, мерекелер мен фестивальдер;

— халықтық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер;

— дәстүрлі қолөнер;

— дәстүрлі медицина;

— ұлттық ас мәзірлері.

Материалдық нысандарға:

— тұрғын үйлер, сәулет ескерткіштері, дәстүрлі стильде салынған қосалқы құрылыстар (киіз үй, шатырлар т.б.) және этностың мәдени өміріндегі белгілі бір кезеңге қатысты нысандар;

— этникалық типтегі елді мекендер, этностың өкілдерінің ең көп шоғырланған аудандарындағы тұрғын жерлер;

— негізгі этностың діни бағытын көрсететін культтік орындар мен құрылыстар;

— халықтық мерекелер мен рәсімдер өткізілетін орындар;

— этнографиялық музейлер;

— археологиялық ескерткіштер;

— этносқа тән дәстүрлі бейнеленген қабір орындары мен құрылыстары.

Этномәдени туризм – элитарлы туризм түрі. Оның көптеген формалары ақпаратты дәлірек қабылдау үшін белгілі бір дайындықты талап етеді, сондықтан «турист мәдениетін» қалыптастыру қажеттілігі туындайды. Этномәдени туризм ғылымнан тыс болмауы керек. Себебі туристерге берілетін барлық ақпарат діндік догмаларға немесе ұлтшыл идеялардың таралуына жол бермеу үшін ғылыми деректерге негізделуі қажет.

Этномәдени туризм дамып, ұлттық мәдениеттердің жаңғыруы мен дамуының факторы болып табылады. Ұмытылған дәстүрлі қолөнер ізделіп, шеберлік мектептері ашылады, тіл, дәстүрлер, рәсімдер мен әдет-ғұрыптар сақталып, насихатталады. Осылайша этнографиялық туризмде тарихи-мәдени мұраны сақтау, көбейту және ұрпаққа жеткізу идеясы жатыр.

Анимациялық бағдарламаларды әзірлегенде фольклорлық мерекелерге, этникалық топтарды таныстыратын халықтық концерттерге бару міндетті түрде қосылуы тиіс. Туристердің билерге, түрлі спорттық ойындарға: күрес, арқан тартыс, асық, теңге ілу, бәйге, көкпар, қыз қуу, ақ серек, көк серек т.б. және басқа да мәдени шараларға: айтыс, ән-күй жарысы, жұмбақ-жаңылтпаш жасыру т.б.  тікелей қатысуы тартымды болады. Сонымен қатар фото және видео түсіру қызметтерін ұсыну да жақсы әсер қалдырады.

Анимациялық нысандар ретінде жиі этнографиялық объектілер пайдаланылады, бірақ бұл бірнеше қиындықтармен байланысты:

— Объектілердің көркемдік жағдайы нашар немесе көлікпен жету қиын, алайда туристердің назарын аударатын құнды нысандар.

— Этнографиялық объектілер шашырап орналасқандықтан, біріне барса, бірі назардан тыс қалып жатады. Сондықтан бір өңірдегі нысандарды түгел аралатып шығаға ыңғайлы бағдарлама жасалып, сол бойынша туристерді алып,  тамашалатуға болады. Яғни, этномәдени турдың негізі – туристердің тарихқа, фольклорға және этностың ұлттық ерекшеліктеріне қызығушылығын ескеретін дұрыс жасалған бай бағдарлама.

Мұндай турларды ұйымдастыру технологиясы – халық пен аймақтың ұлттық ерекшеліктерін айқын көрсететін бос уақыт өткізу іс-шараларын кешенді таңдау.

Этномәдени туризмдегі бағдарламалардың құрамдас бөліктеріне тоқта-лайық. Бұл ретте ұлттық мерекелерді атауға болады. Халық өмірін жандандырып, оның көпқырлылығын арттыратын мерекелер мен маңызды оқиғалардың күнтізбесін пайдалану үлкен маңызға ие. Мұндай турлар туристердің белгілі бір күндерге, мерекелерге қызығушылығын тудырады, ал жеке қатысуы турды ұмытылмас етеді.

Сонымен қатар бірегей тарихи нысандардың болуы мәдени әлеует болып табылады және аталмыш аймақта туризмнің табысты дамуына әкеледі. Тарих пен тарихи нысандармен танысу – ең күшті мотивациялық факторлардың бірі.

Қамалдар, сарайлар, мұражайлар және басқа архитектуралық нысандар – туристік-анимациялық бағдарламаның маңызды элементтері, оларды туристер қуана аралайды. Мұндай орындарда мерекелер, шоу-көрсетілімдер, дәстүрлі киімдегі билер өткізіледі.

Әдеби ескерткіштер басқа мәдени элементтермен салыстырғанда тартымдылығы аз болса да, маңызды анимациялық мотив болып табылады және түрлі анимациялық бағдарламаларды ұйымдастыру негізі бола алады. Әдеби шығармалар ел мен оның мәдениеті туралы әсер қалдырады; мысалы, елдегі әдебиеттің болуы немесе болмауы мәдени жүйе мен саяси құрылымның жағдайын көрсетеді. Туристерге арналған ойын-сауық бағдарламаларына әдеби кештерді қосу тиімді.

Ауыл шаруашылығының дамуы, экология және экологиялық таза азық-түлік аймақтың агромәдениетіне қызығушылық танытқан туристерді тартады. Мамандандырылған тур бағдарламасында туристерді өнімдермен таныстырып, өндіріс процесіне қатысуға мүмкіндік беретін шараларды енгізу орынды.

Ұлттық тағамдар  – кез келген аймақтың мәдениетінің ажырамас бөлігі. Бөтен елдің ұлттық тағамдары туристер үшін әрдайым қызықты. Мысалы, елімізге алғаш рет келген туристердің көбісі бешбармақ пен қазының дәмін татуға ниет білдіреді. Туристерге ұлттық үлгіде безендірілген кафе, мейрамханалар, қонақүйлер ерекше қызығушылық тудырады. Мысалы, тек қазақ ұлттық тағамдарын дайындайтын, қазақ халқының дәстүрлі стилінде жабдықталған мейрамхана.

Аспен қамдау – сапардың маңызды бөлігі. Ұлттық ас үй ерекшеліктері, тағамдардың түрлері мен сапасы демалыс туралы естеліктерде сақталып, ел туралы тұтас әсер қалдырады. Батырлық эпостар, ертегілер, аңыздар, әндер мен билер, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар – бұл әлем әдебиетінің бастауы болған фольклор.

Ән-күй және би арқылы да ұлттық ерекшелікті танытуға болады. Аймақ мәдениетінің музыкалық компоненті туристердің назарын аудара алады. Кейбір елдерде музыка туристерді тартудың негізгі факторы болып табылады. Жыл сайын мыңдаған адамдар түрлі музыкалық фестивальдарға қатысу үшін шетелге барады. Көптеген курорттар қонақтарына фольклорлық концерттер мен кештер ұйымдастырады, сондай-ақ ұлттық музыкаға негізделген ойын-сауық бағдарламаларын ұсынады. Халық музыкасының жазбаларын сату мәдениетпен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді және көптеген әлемдік туристік орталықтарда кең таралған.

Ұлттық мәдениеттің айрықша элементі – этникалық билер. Әрбір аймақта өзіне тән ұлттық би бар, ол басқа билерден ерекшеленеді. Туристерді билермен таныстыру ойын-сауық бағдарламаларда, тақырыптық шоуларда немесе фольклор кештерінде жүргізілуі мүмкін.

Халық қолөнері туралы айтпай кетуге болмайды. Этнографиялық туризм дамыған өңір туристерге жергілікті шеберлер мен қолөнершілер жасаған кең ассортиментті сувенир өнімдерін ұсынуы керек. Кәдесыйлар саяхат туралы жақсы естелік болады. Туристер арасында туристік тауарлардың кең таңдауы үлкен сұранысқа ие, себебі сапар кезінде сатып алу және қаржы жұмсау ынталары жоғары болады.

Ұлттық нақыштағы кәсіпорындарда немесе дүкендерде жергілікті шеберлер өнімдерін сатып алушылардың көз алдында жасап немесе туристерге өздері өнім жасау мүмкіндігін ұсына алады. Мұндай сауда түрі өңірдің ерекше белгісі немесе көрікті жері болып, туристердің қызығушылығын тудырады және тур анимациялық бағдарламасына енгізілуі тиіс.

Көркем сурет өнері – мәдениеттің маңызды элементтерінің бірі, ол туристік сапарға тартатын сенімді себеп болып табылады. Туристерді өңір мәдениетімен таныстыру мақсатында белгілі курорттарда ұлттық көркем сурет туындыларының көрмелері ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, ұлттық көркем өнердің әртүрлі түрлері мен элементтері кеңінен ұсынылатын фестивальдар да үлкен сұранысқа ие.

Глобализация үрдісі әсерінен бір елдің өнімін екінші елдің ұқсас өнімінен айыру қиын болды. Алайда халықтардың мәдениетінде біртұтастыққа жол жоқ, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан этнографиялық мұраны ақылмен және шығармашылықпен ұсыну маңызды.

Этномәдени туризмнің жағдайлары мен ресурстары тарихи-мәдени категорияға жатады. Оларды табиғи ресурстардың ерекшеліктері мен туристік инфрақұрылымымен кешенді түрде қарастыру қажет. Бұл ретте табиғи компонент ерекше маңызға ие, себебі қоғам үшін табиғат өмір сүру ортасы болып табылады, ал табиғи кешеннің жағдайлары мен компоненттерін өзгерткен кезде адам ерекше ландшафт түрін қалыптастырады – антропогендік (немесе мәдени) ландшафт. Бір ресурс компонентінің өзгеруі басқаларына әсер етеді. Сондықтан әр түрлі туристік ресурстар кешенді түрде, бірлікте қарастырылуы тиіс.

Этномәдени турларды ұйымдастыру мақсатында аймақтың ресурс потенциалын анықтағанда, тарихи-мәдени туристік ресурстардың қасиеттерін бағалау қажет. Осыған байланысты келесі қасиеттер ерекше бөлініп қарастырылады:

Мәдени-тарихи рекреациялық кешендердің тартымдылығы немесе қызықтылығы, оның ішінде ақпараттың мол болуы, ерекше тарихи немесе көркемдік маңызы, қалыпты өмір ортасынан ерекшелігі, бірегейлігі, эстетикалық тартымдылығы, әртүрлі туристік іс-шараларға қолданылу мүмкіндігі болуы қажет.

Тарихи-мәдени туристік ресурстардың сыйымдылығы, яғни ұзақ мерзім бойы үлкен туристік топтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға жарамдылығы да ескеріледі.

Ресурстардың сенімділігі мен төзімділігі, яғни белгілі бір мәдени кешенге зиян келтірмей, қалпына келу қабілетін сақтай отырып, қанша турист ағынын қабылдай алатыны, тұрақтылық, қолжетімділік яғни турларды ұйымдастыру барысында немесе басқа ресурсты пайдалану мүмкіндігі болжануы тиіс.

Тарихи-мәдени туристік ресурстарды туристік қызметте тиімді пайдалану жоспарын іске асыру үшін туристік әлеуетті жүзеге асыруға қажетті маңызды шарттарды да ескеру керек. Оларға географиялық орналасудың тиімділігі: астанаға, ірі елді мекендерге жақындығы немесе шалғайлығы, сыртқы және ішкі көлік қатынастарының дамуы жатады.

Этномәдени туризмде басқа бағыттармен салыстырғанда, жергілікті халықтың туризмді дамытуға деген қызығушылығы, қонақжайлық дәстүрі мен дағдылары ерекше маңызды рөл атқарады. Этнологиялық, тарихи-мәдени туристік ресурстардың ерекшелігі – экзотикалық сипаттылығы жергілікті халықтың бойында сақталған этникалық ерекшеліктері жатады:

— олардың қоныстары, сыртқы келбеті мен ішкі құрылымы,

— халық сәулет өнерінің ескерткіштері,

— тұрмыс салтын сипаттайтын заттар,

— дәстүрлі шаруашылық құралдары мен олардың нәтижелері,

— ұлттық киімдер мен әшекейлер,

— халықтық қолөнер және көркем шығармашылық бұйымдары,

— салт-жораларда қолданылатын заттар, әдет-ғұрыптар, дәстүрлер және т.б.

Туристік бағыт таңдау барысында жергілікті тарихи-мәдени ерекшеліктер маңызды рөл атқарады. Кейде ерекше танымал мәдени нысандардың мысалы, бірегей тарихи-мәдени кешендердің болуы туристік топтың сол жерге баруға деген ынтасын оятады. Осылайша, мәдени мұраны туристік ресурс ретінде қарастыруға болады.

Тарихи мұраның құрамдас бөліктері материалдық та, материалдық емес те болуы мүмкін.

Материалдық мұраға суретшілердің, сәулетшілердің, музыканттардың, жазушылардың, ғалымдардың, халық шеберлерінің еңбектері  жатады.

Материалдық емес мұраға фольклор, фестивальдер, салтанатты рәсімдер, діни ғұрыптар, ойын-сауықтар, дәстүрлі спорт жарыстары және т.б. кіреді.

Мәдени ескерткіштер – бұл әлеуметтік құбылыс. Олар қоғамның даму үдерісін көрсетеді және мәдени мұраның ажырамас бөлігі болып табылады. Туризм мақсатында пайдаланылатын тарихи ескерткіштерді екі топқа бөлуге болады:

Бірінші топ – оқиғалардың «куәгері» болған ескерткіштер – олар бастапқыда мемориалдық мақсатта жасалмаған, тек белгілі бір оқиға кезінде нақты қызмет атқарып, сол оқиғалардың іздерін сақтап қалған тарихи оқиғалар өткен орындар: шайқастар және басқа да маңызды оқиғалар, жерлеу орындары, сондай-ақ әртүрлі құрылыстар – кесене, қыстау, т.б., тұрмыс қажеттіліктері –бөгеттер, арналар, әскери қорғаныс жүйелері – бекіністер, қамал қабырғалары, мұнаралар, қазылған ұралар т.б., көлік құрылымы: көпірлер, өткелдер, теміржолдар т.б. рухани мұралар – жазбаша және баспа құжаттар, фотосуреттер, деректі фильм кадрлары, дыбыс жазбалар., заттық мұралар: тұрмыстық заттар, қару-жарақ, киім-кешек, әшекейлер, қолөнер мен өнеркәсіп бұйымдары, монеталар, мөрлер, сәндік-қолданбалы өнер туындылары жатады.

Екінші топ – белгілі бір оқиғаларды мәңгі есте қалдыру мақсатында кейіннен арнайы жасалған ескерткіштер: монументалды өнер ескерткіштері: мемориалдық кешендер, жеке монументтер, стеллалар, ескерткіш тақталар, белгілі бір оқиғаға немесе тұлғаға арнап салынған архитектуралық құрылыстар. Бұл топтағы ескерткіштердің басты ерекшелігі – ақпараттың жанама түрде берілуі, яғни олар тарихи оқиғалар туралы деректі тікелей емес, сол ескерткіштерді жасаған авторлардың көзқарасы, түсінігі мен дүниетанымы арқылы жеткізеді.

Аймақтың мәдени-тарихи туристік ресурстарына археологиялық ескерткіштер мен жергілікті халықтың этникалық ерекшеліктері де жатады. Археологиялық бағыттағы туризм – саяхатшылардың көне дәуірдегі адамзат өмірі туралы көбірек білгісі келуінен туындайды. Археологиялық ескерткіштерге көне қоныстар мен тұрақтардың қалашықтар, қоныстар, қорымдардың орнына жүргізілген қазбалар жатады. Сонымен қатар, шеберханалар, кен орындары, культтік құрылыстар: ғибадатханалар, құрбандық орындары, пирамидалар, басқа да архитектуралық және инженерлік нысандар: каналдар, бөгеттер, қорғаныс дуалдары, тасқа салынған суреттер, жазуы бар тастар, көмбелер мен жеке табылған көне заттар да археологиялық ескерткіштерге жатады.

Көп жағдайда археологиялық көрнекті орындар қоныстардың айналасында шоғырланған, ал бұл қоныстар өз кезеңі мен пайда болу сипатына қарай ерекшеленеді. Тас және қола дәуіріндегі уақытша мекендер – тұрақтар деп аталады. Ал ерте темір дәуірі мен ортағасырларға жататын ұзақ мерзімді мекендер – қоныстар мен қалашықтар.

Археологиялық ақпараттың маңызды көзі – қорымдар. Егер олар тоналмаған болса, археологтар жерленген сәттен бері бұзылмаған заттарды табуы мүмкін. Ерекше танымдық қызығушылық тудыратын нысандар – көне шеберханалар мен кен орындарының қалдықтары. Оларды зерттеу – ежелгі өндірістердің көрінісін қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Көптеген археологиялық нысандар туристердің қызығушылығын тудырады. Олар көне ғибадат орындары мен үңгірлермен байланысты, онда ежелгі адамдардың өмір сүру іздері сақталған. Жартастардағы қашалған, ойылған суреттер – сурет өнерінің өте ерте дәуірден бастау алатынын дәлелдейді.

Этнографиялық ескерткіштер – аймақта өмір сүретін халықтардың көне және қазіргі замандағы этникалық, мәдени-тұрмыстық үдерістерін бейнелейді. Этнографиялық мұрамен танысу – тайпалар мен халықтардың шығу тегі мен қоныстануы, олардың мәдениетінің қалыптасу ерекшелігі, өмір сүру салты, тарихи және тұрмыстық дәстүрлері туралы білімді кеңейтеді.

Халықтың этникалық ерекшеліктері үлкен қызығушылық тудырады, себебі этникалық әралуандық қоғамды көпқырлы, сан алуан етеді. Елде немесе аймақта ұлттық ерекшеліктер, салт-дәстүрлер сақталған жағдайда, бұл туризмнің дамуына қосымша мүмкіндік береді.

Әр халықтың басты ерекшеліктерінің бірі – тілі. Турист жергілікті халықпен байланыс жасай алмаса, сапар ыңғайсыз болуы мүмкін. Сол себепті, тілдік кедергіні жеңу – турдың сәтті өтуінің басты шарттарының бірі. Қазіргі таңда тілдік айырмашылықтардың өзі туристік қызығушылық тудыра алады, мысалы, шет тілін үйренуге бағытталған білім беру туризмі.

Жергілікті халықтың этникалық және конфессиялық құрамы туризмнің дамуына оң да, теріс те әсер етуі мүмкін. Қазіргі заманғы этносаралық қақтығыстар – саяхаттардың дамуына кедергі келтіретін маңызды факторлардың бірі. Турист саяхатқа шықпас бұрын баратын аймақта тұратын этностық топтың мәдени-тарихи негіздерін білуі тиіс. Сондай-ақ, жергілікті мінез-құлық дәстүрлерін сақтау өте маңызды. Олай болмаған жағдайда, турист пен жергілікті халық арасында ашық не жасырын қақтығыстар туындауы мүмкін.

Бүгінде кейбір туристік өңірлерде туристі жергілікті халықпен қарым-қатынас кезінде туындауы мүмкін қиындықтар туралы алдын ала ақпараттандыру қажет, бұл әсіресе нәсілдік алалауға қатысты мәселелерге байланысты. Алайда көп жағдайда жергілікті халықтың теріс реакциясы туристің жергілікті дін белгілеген мінез-құлық ережелерін сақтамауынан туындайды.

Дін – халықтар өмірінде елеулі рөл атқаратын, көптеген мәдениеттердің ажырамас бөлігі. Сондықтан турист елдің немесе өңірдің мәдени ерекшеліктерін діни дәстүрлермен таныспай тұрып толықтай түсіне алмайды. Көп жағдайда діни ғимараттар – мәдениеттің көрнекті ескерткіштері болып табылады. Алайда әртүрлі конфессиялардың діни орындарына туристердің баруы кезінде діни айырмашылықтармен байланысты мәселелер ушығуы мүмкін.

Сондықтан жергілікті халықтың діни дәстүрлеріне және барлық дәстүрлерге құрметпен қарау – турдың сәтті өтуінің басты шарты.

Этникалық мәдениеттің ерекшеліктері, сондай-ақ, отбасылық өмір салты арқылы да көрінеді. Кейбір туристік аймақтарда отбасы мен қоғамдық өмірдің көне негіздері әлі күнге дейін маңызды рөл атқарады. Турға қатысушылар жергілікті құқықтық және тұрмыстық әдет-ғұрыптарды, сондай-ақ қазіргі кезеңде бұл салада болып жатқан өзгерістерді білуі тиіс.

Туристік қызығушылық халықтардың бала тәрбиесіне қатысты дәстүрлерімен, ұлттық ойындарымен, мерекелік көңіл көтерулерімен байланысты болуы мүмкін. Жастар арасында этникалық музыка танымалдылыққа ие болып отыр, ал халық аспаптары қайта жаңғырып, қазіргі музыканттар арасында кеңінен қолданылуда. Олардың кейбірі ерекше дыбысталуымен ерекшеленіп, қазіргі композиторлар шығармаларында пайдалануда.

Туристер үшін халықтық білімдер де қызығушылық тудырады, олар жиі күнделікті өмірде практикалық маңызға ие болады. Мұндай білімдерге халықтың ауа райын болжау белгілері, емдік өсімдіктер туралы мәліметтер, жерасты суларын іздеу тәсілдері, мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерде айтылатын халық даналығы жатады.

Ауызша және жазбаша әдеби фольклор туристі ел туралы қосымша ақпаратпен байыта алады. Халық ертегілері, аңыздар, әпсаналар, хикаялар, жұмбақтар мен қалжыңдар – саяхат жасап жатқан аймаққа туристің танымдық қызығушылығын арттырады. Топонимдер туралы ақпараттың да мақсаты осындай: көптеген географиялық атаулар халықтық тамырға ие болып, осы жерлерде болған тарихи оқиғаларды бейнелейді.

Кей жағдайларда туристік сапар уақыты қабылдаушы елдің маңызды оқиғаларына байланысты таңдалады: мерекелер: наурыз, қымызмұрындық, жәрмеңкелер және т.б.

Халық театры мен ұлттық билер дәстүрлері көңіл көтеру бағдарламасын байыта түседі. Халық өнері – ұлттық мәдениеттің айқын көрінісі. Ол кейде қазіргі заманғы ауылдағы үйлердің сәндеу элементтерінде сақталады: ою-өрнектер, тұтқаның бояуы, кестеленген сүлгілер, үстел жапқыштары, тоқылған ши, саз және ағаш ойыншықтар сияқты. сияқты. Көп таралған халық қолөнерін ғана емес, жеке халық суретшілерінің шығармашылығын зерттеу де қызықты болуы мүмкін.

Жергілікті халықтың көптеген рәсімдері мен дәстүрлері дәстүрлі шаруашылық істердің есте сақтауына қызмет етеді. Мысалы, егіншілік пен мал шаруашылығына қатысты рәсімдер, салт-дәстүрлер, наным-сенімдер, болжамдар, халық күнтізбелері және тағы басқа. Этнологиялық талдау жүргізгенде этникалық дәстүрлер мен құбылыстар уақыт өте өзгеретінін есте ұстау маңызды. Қазіргі кезде жергілікті халық этникалық дәстүрлерге негізделген шараларды жасанды түрде күшейтіп, туристердің назарын аудару үшін ұйымдастырады. Күнделікті өмірде дәстүрлі халықтық негіздер ең көп сақталатын орындар – үйлену және жерлеу рәсімдері. Этникалық ерекшеліктерді зерттеу мақсатымен сапарға шыққан саяхатшылар үшін рәсімдердің мағынасы мен мәні, оған қатысушыларының рөлі, ән-күйлердің мазмұны, үйлену киімдерінің ерекшеліктері, мерекелік дастархан мен тағамдардың ұйымдастырылуы туралы ақпарат өте маңызды.

Халықтық-көркем дәстүрлі қолөнерлерді дамыту – туризмнің табысты дамуының, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруының маңызды шарты болып табылады. Сондықтан ұлттық қолөнердің – үй жағдайында да, шеберханаларда да орын алатын түрлерінің дамуы туристік аймақтарға тән ерекшелік болып саналады.

Оларға мыналар жатады: өсімдік талшықтарын, жүн мен жібекті өңдеу: иіру, тоқу, өрме, тоқу, былғарыны, сүйекті, мүйізді, ағашты өңдеу: түрлі ыдыс-аяқ жасау, арба, тоқу өндірісі, саз балшықпен жұмыс, тас пен металды өңдеу және т.б.

Туристік аймақтарда халық қолөнері туристік маусымның азайған кезеңінде жергілікті халықтың негізгі кәсібіне айналады. Туристер үшін қызықты болуы мүмкін объектілердің қатарына белгілі бір саладағы заманауи үрдістер де жатуы мүмкін мысалы, өндіріс пен құрылыстағы озық технологиялар, мәдени ландшафтты жоспарлау шешімдері және т.б.

Киім – ұлттық мәдениеттің айқын элементтерінің бірі. Әр ұлттың киімі қолданылатын материалына, пішіміне, тігіс техникасына, кию тәсілі мен мақсатына қарай ерекшеленеді. Киім, әдетте, ерлерге, әйелдерге, балаларға арналған, сыртқы, ішкі, кәсіптік, маусымдық болып бөлінеді. Бұл сипаттар аяқ киім мен бас киімге де тән. Ұлттық киімдерде жиі дәстүрлі өрнектер, арнайы түстер мен суреттер қолданылады. Киімнің ең ерекше элементтері – сәндік әшекейлері: өрнек тоқу, кесте тігу, шілтер тігісі, таспа, аппликация, шілтер, моншақпен әрлеу, тиындармен безендіру және тағы басқалар. Туристер үшін ұлттық киімді сатып алғанда оны жуудың, қайнатудың және үтіктеудің дәстүрлі әдістерін білу маңызды. Әсіресе туристер арасында бас киімдер, орамалдар, шаш сәндеуге және безендіруге арналған бұйымдар, сондай-ақ киім аксессуарлары – желпуіштер, алқалар, сырғалар, моншақтар, білезіктер мен басқа да жергілікті әшекейлер үлкен сұранысқа ие.

Кейбір аймақтарда туристер дәстүрлі қоныстардың формаларын өз көзімен көріп, жергілікті халықтың халықтық сәулет өнері мен ұлттық тұрмыс салтымен танысу мүмкіндігіне ие. Түрлі ұлттардың қоныстарының бөлінуі мен түрлері бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Бұл – үйдің, ауланың жоспарлануында, шаруашылық құрылыстарының орналасуында, қақпа мен кіреберістің орналасуында және тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстары арасындағы байланыста айқын байқалады.

Тұрғын үйлер құрылысқа пайдаланылатын материалдары, құрылыс технологиясы, жоспарлануы, еден жамылғыларының сипаты, терезе мен шатырдың жасалуы, сәндік безендіруімен ерекшеленеді.

Халық дәстүрлері үйдің сырт көрінісінен – қабырғаларының, шатырдың, іргетастың, кіреберістің, есіктер мен құлыптардың, терезе және жапқыштардың ерекшеліктерінен анық байқалады. Халықтық құрылыста ұлттық өрнектер оймыш, ою, бояу және т.б. жиі қолданылады. Әр халықтың үйлері ішкі құрылымы мен жабдықталу ерекшеліктерімен де ерекшеленеді мысалы, бөлмелер, дәліздер, шатыр асты, жертөле, жер асты бөлмелер және т.б., бұл үй ішіндегі кеңістіктің қызметтік бөлінуімен байланысты тамақ дайындау, ас ішу, жұмыс істеу, ұйықтау, қонақ қабылдау және т.б.

Қазан-ошақ жабдықтаудың түрлері де алуан түрлі. Пеш – әрбір шаруашылықтағы аса маңызды элемент. Оның орналасуы, өлшемі мен құрылымы, безендіру дәстүрлері бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Пештің ерекшеліктері қолданылатын дәстүрлі отын түрлеріне де отын, тезек, шымтезек, көмір және т.б. тікелей байланысты. Туристер үшін үй ішін жарықтандыру дәстүрлері соның ішінде көне жарықтандыру құралдарын сатып алу, дәстүрлі жиһаз, оның үй ішіндегі орналасуы, тұрмыстық заттар, кілемдер, ыдыс-аяқ, культтік заттар және т.б. ерекше қызығушылық тудыруы мүмкін.

Бейтаныс аймаққа келген туристердің барлығы дерлік сол жердің ұлттық асханасының ерекшеліктерімен танысқысы келеді. Ұлттық аспаздық өте әр алуан, дегенмен көп халықтарда ортақ тағамдар да кездеседі бірақ олар жасалу тәсілімен, қоспаларымен, тұтыну дәстүрлерімен ерекшеленеді.

Ұлттардың аспаздық ерекшеліктері тамақ өнімдерін алу, өңдеу және сақтау тәсілдеріне байланысты: қақтау, ыстау, сүрлеу, кептіру, тұздау, ашыту, қайнатпа жасау, және т.б. Әдетте, әр этноста ұлттық тағамдар мен сусындардың салыстырмалы түрде шағын тізімі болады. Көп жағдайда ұлттық тағамдардың ерекшелігі – ерекше дәмдеуіштер мен қосымшаларды қолдануында. Ұлттық дастарқан жабдықтарының бұйымдары туристер үшін сүйікті мәдениға айналып жатады.

Туризм саласын дамыту үшін қазіргі уақытта әр қызметкерді  оқыту қажет, өйткені олар туристер естігісі келетін ақпаратты жеткізушілер болып саналады. Туризмге қажетті база дайын – тек оны сақтау және дұрыс ұсыну керек. Туризмнің бәсекеге қабілетті, сапалы әрі тұрақты түрде дамуы үшін кәсіби мамандардың болуы – негізгі алғышарт. Сондықтан бұл салада жұмыс істейтін әр қызметкерді оқыту – уақыт талабы.

Қызмет көрсету сапасы – туристердің ел туралы алғашқы және соңғы әсерін қалыптастыратын негізгі фактор. Егер гид, қонақүй қызметшісі, экскурсия жүргізуші, мейрамханадағы даяшы туристпен сыпайы әрі кәсіби тілдесе білмесе, бұл елдің имиджіне теріс әсер етеді. Сол себепті туризм саласында жұмыс істейтін кадрлардың коммуникативтік дағдылары, тіл білу деңгейі, клиентпен жұмыс істеу мәдениеті жоғары болуы қажет. Қазіргі таңда туризм мамандарына қойылатын талаптар да күшейіп келеді. Тек кәсіби білімімен шектелмей, шет тілін меңгеру, технологияны пайдалану, төтенше жағдайларда әрекет ете білу, әртүрлі ұлт өкілдерімен дұрыс тіл табысу сияқты қабілеттер де маңызды болуда. Осыған байланысты қызметкерлерді үнемі оқытып отыру – сапалы туризмнің кепілі.

Ел аумағындағы колледждер мен жоғары оқу орындарында туризм саласы оқытылып жатқанымен, бұл салада қазіргі уақытта жұмыс істейтіндердің барлығы кәсіби білім алған деуге келмейді. Көпшілігі қысқа мерзімді курстар арқылы жұмысқа орналасады немесе мүлде бейресми жолмен қызметке тұрады. Сондықтан туризм саласының қызметкерлерін қайта даярлау, біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру қажет. Оқыту жүйесіне тіл курстары, сервистік қызмет көрсету тренингтері, туризм психологиясы, этикасы, цифрлық технологиялармен жұмыс жасау дағдылары енуі тиіс. Сонымен қатар, өңірлік ерекшеліктерге бейімделген бағдарламалар әзірленуі тиіс, өйткені әр аймақтағы туристік бағыттардың талаптары әртүрлі.

Елдің табиғи, тарихи-мәдени және географиялық әлеуеті мол болғанымен, туризмді өркендету үшін жүйелі жұмыстар қажет. Қазақстан – көне Жібек жолының бойында орналасқан, бай тарихы мен көркем табиғаты бар ел. Елімізде экологиялық, тарихи, этномәдени, спорттық, медициналық және іскерлік туризмді дамытуға барлық алғышарттар бар. Алайда бұл әлеуетті тиімді пайдалану үшін инфрақұрылымды жақсарту, кадр даярлау, жарнамалық жұмыстарды күшейту және заманауи сервисті жолға қою қажет. Туристердің елге келуіне басты кедергі – кей өңірлерде жол, көлік қатынасы мен байланыс қызметінің әлсіздігі. Ауылдық және таулы аймақтардағы көрікті жерлерге жету қиын. Сондықтан жол салу, әуежайлар мен вокзалдарды жаңғырту, интернетпен қамту – маңызды міндеттердің бірі.

Туристер үшін жайлылық басты орында. Қонақүй, кафе-ресторан, гид қызметі, ақпараттық орталықтар сапалы жұмыс істеуі тиіс. Бұл үшін жоғарыда да айтып өткеніміздей, туризм саласында жұмыс істейтін мамандарды кәсіби даярлау қажет. Жыл сайынғы біліктілік арттыру курстары, шетелдік тәжірибелермен алмасу – қызмет көрсету мәдениетін жаңа деңгейге көтереді.

Жарнама мен имидждік саясатты дамыту, өйткені еліміз әлемдік аренада өзін туристік ел ретінде әлі де толық таныстыра алған жоқ. Еліміздің табиғаты мен мәдениетін халықаралық көрмелерде, әлеуметтік желілерде, медиаресурстарда насихаттау өте маңызды.

Туризмді өркендету үшін мемлекет тарапынан қаржылай қолдаулар ұсынылса, туристік аймақтарды дамытып жатқан кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер берілсе, стартап жобаларға демеу жасалса құба-құп.

Табиғи ресурстар мен мәдени мұраны тиімді пайдаланып ішкі және сыртқы туристерді тарта алсақ, елдің экономикалық дамуына маңызды серпін беретін, еліміздің бірегейлігін көрсетіп, халықаралық деңгейде танылуына септігін тигізетін саланың мүмкіндігі жоғары. Болашақта сапалы қызмет көрсету мен инфрақұрылымды жетілдіру арқылы туризм саласы одан әрі өркендейді.

Қорыта айтсақ, еліміздегі туризм саласы ерекше қуатқа ие, бұл саланы өркендетуге мүмкіндігіміз мол: бай тарихи-мәдени мұра, әртүрлі табиғи және этнографиялық ерекшеліктеріміз туристерді тартатынына күмән жоқ.

Көз тартарлық ерекше сұлулыққа малынған Алтай, Бурабай, Баянауыл, Балқаш, Көлсай, Алатау сілемдері, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яасауи, Үкаш ата, Домалақ ана, Айша бибі кесенелері, Бекет ата, құнанбай қажы  мешіттері, Абай-Шәкәрім, Қорқыт ата мемориалдық кешендері, жылаған ата үңгірі т.б. секілді киелі орындарымызды мақтанышпен әлем туристеріне жарнамалауға болады.

Ұлттық бірегейлік, тарихи мұра, табиғи байлық, мәдени әртүрлілік – мұның бәрі халықаралық нарыққа шығып, алдыңғы лекте көрінуге дайын тұрған мүмкіндіктер. Тек бұл бағытта нақты, жоспарлы әрі кәсіби жұмыс жүргізу қажет. Сонда ғана туризм – ел экономикасының драйверіне айналып, халықтың әл-ауқаты мен халықаралық беделіміздің артуына сеп болады. Елдің қауіпсіздігі мен инфрақұрылымының дамуы туризмнің әрі қарай өсуіне негіз болады. Осы бағытта этномәдени және экотуризмді дамыту арқылы Қазақстан халықаралық туристік аренада өз орнын нығайта алады. Болашағы зор саланы басымдық бере отырып дамытудың барша халқымыз үшін маңызы зор болмақ.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *