ТОЛҒАУЛАР ТОЛҚЫП СӨЙЛЕЙДІ…
Болат ДӘУЛЕТОВ
Атырау облысы, Мақат кентінде туып өскен. Балалар әдебиеті әлеміне қадам басқан қаламгер. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Мейірім», «Шуағым», «Базарлық»,«Бала би», «Талғам», «Көңілдің біржапырақ парақтары» танымдық жыр жинақтарының авторы.
Жас жеткіншектерді зерек, қайырымды, білімді болуға шақырады. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Еңбек Ардагері», Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның Құрметті Журналисі» төс белгісінің иегері. Сондай-ақ, ол Атырау облысы, Жылыой және Мақат аудандарының Құрметті Азаматы.
Озық ойлы ұлт болудың
ең төте жолы – кітап оқу.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
ҚР Президенті
КІТАП – АДАМ БАЛАСЫ
Біздің байтақ даламыз,
Қандай көркем, қараңыз?!
Тарихын таңбалы,
Кітап оқып табамыз.
Адамдарда басты арман,
Балалықтан басталған.
Қажет нәрсе түспейді,
Өзі келіп аспаннан.
Шырылдаса таң құсы,
Түннің қашар бар мысы.
Жақсы өмір сүрудің,
Болады өз жарғысы.
Емес бәрі түрінде,
Ең бастысы – тілінде.
Ана тілің ол деген,
Шақыратын білімге!
Мәпелесе керек қып,
Өседі екен терек тік.
Ғасыр жүгін тарақтау,
Бойдағы асыл зеректік.
Сағым жылдар сарынын,
Сезіну де тағылым.
Қатарыңнан есейіп,
Кеңейеді танымың.
Инабатты түсініп,
Сәлемдесу кішілік.
Зейін қойып талмастан,
Кітап оқу – кісілік.
Көп оқыған, көп біліп,
Бойдағы асыл тектілік.
Жыр оқыған жандарға,
Қол соғады көпшілік.
Аспаны ашық күн жақсы,
Жұлдыз шашқан түн жақсы.
Жылуы бар жүзінде,
Көп оқыған бір жақсы.
Ешқашан да шошымаң,
Ұйқың қанса осыдан.
Ең қызығы ертемен,
Тұрып кітап оқыған.
Айналайын, балалар!
Сендер үшін бабалар.
Аманатқа қалдырған,
Ұлан байтақ дала бар.
Ұлы дала! Бұл деген,
Көмкерілген бүлдемен.
Тыныштығын тілеймін,
Таңмен тұрып күнде мен.
Сыйластығым – елдігім,
Татулығым – ерлігім.
Көк Туымыз желбіреп,
Тәуелсіздік келді күн!
Жарқын елдің бағы бар,
Ұл мен қызы сағынар.
Алдарында өрісті,
Үлкен болашағы бар.
Талаптар көп төрелі,
Тілектер көп сөрелі.
Ел үмітін ұғады,
Қазақстан өрені.
Қиыншылық жолда адам,
Бірін-бірі қолдаған.
Жақсылықты ұмытып,
Кетер болса сол жаман.
Тіршіліктің күресін,
Өмір сүріп білесің.
Тұғырында еліңнің,
Болу керек үлесің.
Ол – өзіңнің қолыңда,
Тиянақты орында.
Еңбек ету ерінбей,
Бейбітшілік жолында.
Тағы айтамын балалар!
Жан-жағыңа қарап ал.
Қамқор болар ата-ана,
Тілек айтар ағалар.
Білгің келсе арғыны,
Қолыңда тұр барлығы.
Ашылады ізденсең,
Тарихтың сандығы.
Елдің еркі күшінде,
Жердің күші пішінде.
Жастар алар тағылым,
Бар кітаптың ішінде.
Туған жерің тұрағың,
Асыл арман – пырағың.
Кітап – білім бұлағы.
Ұсынады шырағын.
Ақыл кенін ап қара,
Мөлдір судай тап-таза.
Бәрі-бәрі жазулы,
Кітаптағы таспада.
Құштар көңіл бүгінде,
Ауса еңбек, білімге.
Зерделі сөз, бал тамған,
Кітаптың бар тілінде.
Бабалардың сан жылдан,
Ұрпағына қалдырған.
Өсиеті шығады,
Сәуле шашып алдыңнан.
Ол – өмірің, нарқасқаң,
Қайсарлығы – алдаспан.
Қаныңдағы қасиет,
Болашаққа жалғасқан.
Көп оқысаң білесің,
Таудай болып жүресің.
Ол да сенің өзіндік,
Отаныңа арнаған –
Бір жапырақ үлесің.
Білімді бол. Ерексің,
Туған елге керексің.
Бүгін шыбық, ал ертең.
Тіп-тік өскен терексің.
Тәуелсіздік жол салған,
Озып шығып ортаңнан.
Ер жеткенде бәріңнің,
Ұлы қазақ жерінде –
Болу керек қолтаңбаң!
Көп оқысаң сағына,
Көтеретін тағына.
Жанға азық болатын,
Кітап – нағыз қазына.
Көп оқысаң тойына,
Ой қосады ойыңа.
Құштарлықтың жалыны,
Жылу себер бойыңа.
Кітаптағы азулар,
Тасқа басқан жазулар.
Назар салып адамға,
Соның бәрін тану бар.
Кітап ашсаң арайлы,
Беті саған қарайды.
Бауырына тартады,
Шұғыласы тарайды.
Кітап қорған, керегең,
Көзі ашық көреген.
Кітап үшін ұлы Абай,
Барлық малын төлеген.
Ниетіңді ұсынып,
Құдіретті күшін ұқ.
Беті көп пе, азы ма,
Оқу керек түсініп.
Кітап сенім шырағы,
Кеудеңде от боп тұрады.
Таңдай шалқып жаңа күн,
Салтанатын құрады.
Нұрға бөлеп жаныңды,
Тазалайды қаныңды,
Сырға бөлеп санаңды,
Атанасың жан ізгі.
Оқу сәні тірліктің,
Құралы емес күндіктің.
Көзін тапқан кітаптың,
Сөзін айтар шындықтың.
Кітап оқы, жыр тыңда,
Нәрі қалар ұртыңда.
Дастандар бар ғажайып,
Біздің қазақ жұртында.
Сезген тілдің жемісін,
Шат кернейді ел ішін.
Аяласаң кітапты,
Көбейеді жеңісің.
Сөзімнің жоқ аласы,
Өзің ойлап қарашы,
Сөйлесетін қасыңда,
Кітап – адам баласы!
Әркім өзі талпынбақ,
Басына бітер бағы үшін.
АҚТАМБЕРДІ ЖЫРАУ
ҰЛҒА ҰЛАҒАТ
…Ұлағат ұлым, ер жеттің,
Әлемді тұрған тербеп кім?!
Табиғат ана қолында,
Тағдыры мынау жер-көктің.
Өмірді жаңа таныдың,
Жемісін берсін танымың.
Анаңмен қатар соғатын,
Жүрек қой менде жарығым.
Жасырын емес бұл дерек,
Адамға ұл да, қыз керек.
Біздерді енді жанұя,
Жауапкершілігі тұр бөлеп.
Ұл өссе жақсы қырандай,
Қыз өссе жақсы шынардай.
Жер бетін басып қанша жүр,
Шаңырақтарын құра алмай.
Өмірдің оңы, солы бар,
Күтпеген сәттер жолығар.
Әуелі асыл тілекті,
Түсінер текті болып ал.
Тектілік өсер өрісің,
Жақсыны тану, жеңісің.
Соғысты емес, достықты,
Тілейтін қазақ елісің!
Дарыған тілек батадан,
Аманат қалды атадан.
Желбіреп көкте туымыз,
Тыныштық болсын, бас аман!
Өтініп балам айтарым,
Болады кейде қайтарым.
Білімді ғана көркейтер,
Өзінің туған байтағын.
Бұйырған ішіп асыңды,
Жаманға име басыңды.
Біреудің емес өзіңнің,
Еркіңмен таңда асылды.
Асылдар үміт ақтайды,
Міндетін кері сатпайды.
Жеңіліп қашқан жауының,
Соңынан мылтық атпайды.
Игілік келсе алдыңа,
Ұсынған дұрыс жарлыға.
Бабадан қалған өсиет,
Тасқа басылған Жарғыда!
Тозса да жүріп табаның,
Ашылып жүрсін қабағың.
Қария көрсең қапалы,
Бұрылып кетпе қарағым.
Достарсыз адам аралдай,
Қатардан қалар саналмай.
Атаны сыйла әкеңдей,
Әжені сыйла анаңдай.
Көршіні сана ауыл деп,
Туысты сана бауыр деп.
Өркенің көркем гүлденіп,
Ұрпағың өсер дәуірлеп.
Біреулер тойып секірер,
Біреулер тоңып секірер.
Айыра алсаң арасын,
Түйіннің ұшы шешілер.
Өтірік айтқан оңбайды,
Бәрінен асқан сол қайғы.
Шындықтың жүрсең жолымен,
Періште өзі қолдайды.
Өмірдің сансыз сұрағы,
Алдыңнан шығып тұрады.
Болмаса намыс, мақсатың,
Орына өзі жығады.
Шаба алмай қалсаң көкпарға,
Өзіңді әлсіз деп қалма.
Бәйгеге қосыл тартынбай,
Жалғыз қалмайсың көп барда.
Нағыз шабандоз озғанда,
Қарадан қарап қызғанба.
Жетесің әркез биікке,
Қолыңды бұрын созғанда.
Жұмбағы осы көптеген,
Ойнама балам отпенен.
Орныңды білсең өзіңнің,
Менің де болар тоқ денем.
Төзімді болу өзіңде,
Сенімді болу сөзіңде.
Естіген құлақ жазықсыз,
Шындықтың сыны көзіңде.
Жазғаным емес жай таным,
Осының бәрі қайтарым.
Мойныңа асып тұрғаным,
Келер ұрпаққа айтарың.
Жақсы мен жаман алмасқан,
Тіршілік нағыз алдаспан.
Ағаттық кетсе өзіңнен,
Денеңе дақ боп жармасқан.
…Мен үшін аяқ талдырған,
Ақылдан қорған салдырған.
Айтылған осы жолдарды,
Жан әкем маған қалдырған.
Көп те емес танып, көргенім,
Аз да емес біліп, тергенім.
Ақылсыз бала өсірсем,
Ауырмай менің өлгенім.
Құдайдан тілеп бала бер,
Басына лайық сана бер.
Деген ғой ата-бабалар,
Сана бермесең ала бер.
Адамның күні адаммен,
Түсінген дұрыс санаңмен.
Ақылды ұлың, – десе көп,
Әке боп мәңгі қалам мен!
…Қауырсын ұстап, қағазбен,
Ойымды теріп жазам мен.
Сырымды ашық бөлістім,
Досымдай болған баламмен!
Ақыл сөз – атқан оқтай жай кетпейді,
Жаманға оқ өтсе де, сөз өтпейді.
Ғабит МҮСІРЕПОВ
ЖАҚСЫ мен ЖАМАН
НЕ ЖАҚСЫ?
Тұнжырамай бұлт құсап,
Күліп жүрсең сол жақсы.
Жақсылықты жұрт құсап,
Біліп жүрсең сол жақсы.
Мырзалықтың қолы кең,
Біле білсең сол жақсы.
Ата-ананың жолымен,
Жүре білсең сол жақсы.
Үлкен және кішіні,
Бауыр тұтсаң сол жақсы.
Көрші-көлем кісіні,
Ауыл тұтсаң сол жақсы.
Туысыңды іні деп,
Бағаласаң сол жақсы.
Үлкендердің бірі деп,
Ағаласаң сол жақсы.
Бастар істің көлемін,
Барып көрсең сол жақсы.
Бауырыңа керегін,
Алып берсең сол жақсы.
Құрған жаңа көшіңнің,
Алды болсаң сол жақсы.
Жолын тауып өсімнің,
Малды болсаң сол жақсы.
Жақсылардың соңына,
Еріп тұрсаң сол жақсы.
Ағайынға соңыра,
Келіп тұрсаң сол жақсы.
Шетсіз білім негізін,
Ойлай білсең сол жақсы.
Шексіз ғылым теңізін,
Бойлай білсең сол жақсы.
Жамандарға ұрынбай,
Тыныш жүрсең сол жақсы.
Өтірікке бұрылмай,
Дұрыс жүрсең сол жақсы.
Әрқашанда досыңды,
Ұлықтасаң сол жақсы.
Қиындықта осыңды,
Ұмытпасаң сол жақсы.
Қатарыңнан қалыспай,
Барлы болсаң сол жақсы.
Кез-келгенмен жарыспай,
Арлы болсаң сол жақсы.
Қонақтықтың мәзірін,
Өтей алсаң сол жақсы.
Құрдастықтың әзілін,
Көтере алсаң сол жақсы.
Еңбек сүйгіш еліңде,
Ұлық болсаң сол жақсы.
«Ұлық болсаң кішік бол»,
Деген халық мақалын,
Ұмытпасаң сол жақсы.
***
Өмір текке өтпейді,
Тірлік естен кетпейді.
Бола берсін көп мейлі,
Жақсы көптік етпейді.
НЕ ЖАМАН?
Білмегенді білдім деп,
Тұрып айтсаң сол жаман.
Көрмегенді көрдім деп,
Бұрып айтсаң сол жаман.
Сәлемдеспей кісіге,
Асар болсаң сол жаман.
Әлімжеттік кішіге,
Жасар болсаң сол жаман.
Алғаныңды берем деп,
Бермей кетсең сол жаман.
Кездесуге келем деп,
Келмей кетсең сол жаман.
Туған жерің – мекенің,
Сыйламасаң сол жаман.
Өмір – оқу екенін,
Ойламасаң сол жаман.
Мақал-мәтел нақылын,
Ескермесең сол жаман.
Үлкендердің ақылын,
Қош көрмесең сол жаман.
Қайырымды білгеннің,
Қолын кессең сол жаман.
Күнде келіп жүргеннің,
Жолын кессең сол жаман.
Сәлем беріп үлкенге,
Қарамасаң сол жаман.
Сәлем алмай кішіні,
Алаласаң сол жаман.
Жағдайыңа түйілген,
Мән бермесең сол жаман.
Ағайынға үйіңнен,
Шәй бермесең сол жаман.
Жан досыңмен сырыңды,
Бөліспесең сол жаман,
Танысыңмен бұрынғы,
Көріспесең сол жаман.
Көршілерге үн қатпай,
Жүріп алсаң сол жаман.
Есігіңді күн батпай,
Іліп алсаң сол жаман.
Оң мен солды айырмай,
Бұрып кетсең сол жаман.
Аста бата қайырмай,
Тұрып кетсең сол жаман.
Нанды жатқан жолыңда,
Басып кетсең сол жаман.
Билік тұрып қолыңда,
Тасып кетсең сол жаман.
Қатарыңды таң қылып,
Өзгермесең сол жаман.
Сөйлегенде жандырып,
Сөз білмесең сол жаман.
Сыйластықты көңілден,
Таба алмасаң сол жаман,
Керегіңді өмірден,
Ала алмасаң сол жаман.
***
Түсінгенге бар мұнда,
Намыс оты, ардың да.
Үлкендердің айтқаны,
Тұрады ертең алдыңда!
