ПЕДАГОГ МАМАНДЫҒЫ: ӨТКЕНІ, БҮГІНІ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ
Жанна ИМАНҚҰЛ
«Жалын» журналының қызметкері,
«Ақпарат саласының үздігі» иегері
Педагог мамандығы – адамзат өркениетінің негізін қалаушы, елдің болашағын қалыптастыратын, жас ұрпақты тәрбиелейтін, білім мен ғылымға бағыт-бағдар беретін тұлға. Бас ақынымыз Абай Құнанбайұлы бұл негізде «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деген болатын. Қазақстандағы педагогика саласы – ғасырлар бойғы тарихи тәжірибені, ұлттық дәстүрлерді, заманауи талаптарды бойына сіңірген ерекше сала. Елдің әлеуметтік, мәдени, рухани дамуы тікелей ұстаздардың білімі мен біліктілігіне байланысты.
Ұлттық педагогикамыз – халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәрбиелік тәжірибесі мен білімінің жиынтығы. Ол тек білім беру жүйесінің негізі ғана емес, сонымен қатар ұлттық болмысымыздың, мәдениетіміздің және рухани құндылықтарымыздың айнасы болып табылады.
Тұрмыс-тіршілікпен, салт-дәстүрмен тығыз байланысқан таным тәрбиесі отбасыдан бастау алады. Отбасы – баланың алғашқы тәрбие мектебі. Қазақ отбасында балаға үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, еңбекқорлық, адалдық сияқты қасиеттер сіңіріледі. Бұл тәрбие түрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Ұлттық мерекелер, рәсімдер мен дәстүрлердің барлығы тәрбиелік мәнге ие. Мысалы, бесікке салу, тұсау кесу, сүндет той сияқты рәсімдер баланың өміріндегі маңызды кезеңдерді атап өтумен қатар, оған белгілі бір тәрбие береді.
Мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер арқылы халық өз даналығын, өмірлік тәжірибесін жеткізеді. Бұл шығармалар баланың ой-өрісін кеңейтіп, тіл байлығын арттырады. «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», «Бес тас» сияқты ойындар балалардың физикалық дамуына ғана емес, сонымен қатар олардың зейінділігі мен тапқырлығын дамытуға бағытталған. Төл педагогикамыз тарихы халық ауыз әдебиеті мен ұлттық тәрбиеге негізделген. Ертеде балаларды тәрбиелеу – отбасы, ауыл ақсақалдары, билер мен жыраулар арқылы жүзеге асқан.
Ұлттық педагогика – халқымыздың рухани байлығы мен тәрбиелік тәжірибесінің көрінісі. Оның негізінде жатқан құндылықтар қазіргі заманғы білім беру жүйесінде де өз маңызын жоғалтпайды. Сондықтан ұлттық педагогиканы зерттеу, дамыту және оны білім беру процесіне енгізу – болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен ұлттық санасының қалыптасуына зор үлес қосады.
Жекелеген тұлғаларға тоқталсақ, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари сынды ойшылдар өз еңбектерінде білім мен тәрбие мәселелерін терең талдаған. Мысалы, Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» еңбегінде:
«Ақыл – шырақ қара түнді ашатын,
«Білім – жарық, нұрын саған шашатын» деп, білім мен ақылдың маңыздылығын ерекше атап өтеді.
Ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсарин – қазақ даласында алғашқы зайырлы мектептерді ашып, қазақ балаларын жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдармен таныстырған алғашқы педагогтердің бірі. Оның “Қазақ хрестоматиясы” – ұстаздарға арналған алғашқы оқу құралы болып саналады. Мұсылман медреселері мен молдалар діни және жазу-сызуға үйретсе, XIX ғасырдан бастап ашылған мектептер мен алғашқы білім ошақтары болды.
XX ғасырдың басында А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедұлы, М. Жұмабаев сынды ағартушылар қазақ педагогикасының ғылыми негіздерін қалады. Ж.Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекші», «Психология» еңбектері ұлттық тәрбиенің теориялық негізін салды. Зиялылар ұстаздықты ұлтты тәрбиелеудің басты жолы деп таныды. Кеңестік кезеңде педагогикалық білім жүйелі түрде дамып, Қазақстанда ондаған педагогикалық оқу орындары ашылды.
Ыбырай Алтынсарин «Мұғалім – мектептің жаны» десе, бұл ойды жалғастыра әкеткен Ахмет Байтұрсынұлы: «Мұғалім – мектептің жүрегі» дей отыра екі тұлға да ұстаздың білім беру жүйесіндегі ең басты тұлға екенін көрсеткен. Мұғалімді тек білім беруші емес, ұрпақ тәрбиелеуші, қоғамды алға сүйрейтін жетекші күш ретінде қарастырған.
Педагог мамандығының орны
Бүгінгі таңда елімізде педагог мамандығы мемлекеттік деңгейде маңызды стратегиялық бағыт ретінде қарастырылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында білім беру сапасын арттыру, ұстаз мәртебесін көтеру туралы бірнеше рет көтерген болатын.
Қоғамның дамуы мен болашағы білім мен тәрбиеге тікелей байланысты. Ал бұл екі құндылықтың негізін қалайтын – педагог мамандығы. Педагог – тек білім беруші емес, сонымен қатар адам тәрбиелеуші, ұлттық рухты оятушы, болашаққа жол сілтеуші тұлға. Сондықтан да бұл мамандықты ерекше миссиясы бар қызмет түрі деп атауға болады.
Педагог – әр баланың жүрегіне жол тауып, оның қабілеті мен дарынын ашатын тұлға. Қазіргі қоғамда ұстаз тек оқытушы емес, ол – бағыт-бағдар беруші, моральдық-рухани жетекші. Бала бойындағы жақсы қасиеттерді шыңдап, теріс әрекеттерден қорғап, ұлттың лайықты азаматын қалыптастыру – ұстаздың негізгі міндеті.
Еліміздің білім саласында көптеген реформалар әлі де жүргізіліп жатыр. Бұл өзгерістер ең алдымен педагог мамандығына деген талап пен жауапкершілікті арттырып отыр. Мұғалімнен тек білім ғана емес, креативтілік, жан-жақты ойлау қабілеті, технологияны меңгеру, эмоционалды интеллект талап етіледі. Мұның барлығы педагог кәсібінің күрделілігі мен маңызын айқындай түседі.
Педагогтің тағы бір ерекшелігі – оның үздіксіз даму қажеттілігі. Білім беру жүйесінде заманауи технологиялар мен әдістемелер үнемі өзгеріп, жетіліп отырады. Мұғалім осыған ілесіп отыруы тиіс. Бұл өз кезегінде мұғалімнің өзін-өзі жетілдіруі мен кәсіби дамуына тұрақты негіз қалайды. Қазіргі білім саласында мұғалім – зерттеуші, жобалаушы, аналитик. Ол тек білім бермейді, сонымен бірге, жоғарыда айтып өткеніміздей, оқушының тұлғалық дамуына ықпал етеді.
Педагог мамандығының қоғамдағы орны тек мектеп шеңберімен шектелмейді. Ұстаз – қоғамдық сананы қалыптастыратын негізгі тұлға. Сондықтан оның жеке мәдениеті, сөйлеу мәнері, өзін-өзі ұстауы, киім киісі – бәрі де оқушыға үлгі. Балалар көбіне ұстазын еліктейді. Демек, педагог болу – жауапкершілігі үлкен қызмет.
Жас ұрпақты тәрбиелеуде ұстаз ата-анамен, қоғаммен бірлесе әрекет етуі керек. Бұл ретте мектеп пен ата-ананың байланысын нығайту – педагогтың тағы бір маңызды миссиясы. Баланың әлеуметтену үдерісі үй мен мектептің үйлесімді әрекетіне тікелей байланысты.
Педагогикалық кәсіп тек кәсіби біліммен ғана емес, адами қасиеттермен де ерекшеленеді. Ұстаз мейірімді, сабырлы, әділетті, парасатты болуы тиіс. Өйткені ол – адам тәрбиелейтін тұлға. Оның сөзі, әрекеті, тіпті үнсіз қалуы да оқушыға әсер етеді.
Бүгінгі таңда ұстаз мамандығы заман талабына сай жаңарып келеді. Цифрлық ресурстар, интерактивті оқыту, оқушылардың жеке қабілетіне қарай білім беру – осының бәрі мұғалімнің кәсіби бейімделуін қажет етеді. Бұл тұрғыдан алғанда, педагогтар тек өз ісін білетін емес, сонымен қатар жаңалыққа бейім, өзгеріске икемді маман болуы керек.
«Педагог мәртебесі туралы» заң
Мемлекетімізде 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң білім беру жүйесінде маңызды өзгерістерге жол ашты. Бұл заң педагогтердің кәсіби қызметін реттеуге, олардың әлеуметтік мәртебесін арттыруға және білім беру сапасын жақсартуға бағытталған. Заңның қабылдануымен қатар, мұғалімдердің құқықтары мен міндеттері нақты айқындалып, олардың әлеуметтік кепілдіктері мен материалдық жағдайлары жақсартылды.
Заңда педагогтердің кәсіби қызметін жүзеге асыру барысында олардың құқықтары мен міндеттері нақты белгіленген. Педагогтерге оқу-тәрбие процесін еркін жүргізу, әдістемелік құралдарды таңдау, кәсіби біліктілігін арттыру және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысу құқықтары берілген. Сонымен қатар, педагогтердің кәсіби этика нормаларын сақтау, білім алушылардың құқықтарын құрметтеу және оқу процесінің сапасын қамтамасыз ету міндеттері жүктелген.
Заң педагогтерге бірқатар әлеуметтік кепілдіктер мен материалдық қолдау шараларын қарастырады. Атап айтқанда:
— Еңбек демалысы: педагогтерге 56 күндік жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы беріледі. Бұрын бұл мерзім 42 күн болатын.
— Сауықтыру жәрдемақысы: жыл сайынғы еңбек демалысына шыққанда педагогтерге бір лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді.
— Тұрғын үймен қамтамасыз ету: педагогтерге қызметтік тұрғын үй немесе жатақхана алу, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алу құқығы беріледі.
— Балабақшаға кезексіз қабылдау: педагогтердің балаларына мектепке дейінгі ұйымдарда кезексіз орын беру қарастырылған.
— Медициналық тексерулер: педагогтер мерзімді медициналық тексерулерден өту құқығына ие. Сонымен жас мұғалімдерді қолдау шаралары барынша қарастырылған.
Заң педагогтерді ынталандыру жағын да назардан тыс қалдырмаған. Мысалы, педагогтердің кәсіби жетістіктері үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. Бұл атаққа ие болған ұстаздарға 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем жасалады. Сонымен қатар, «Үздік педагог» атағы сақталып, оны иеленушілерге де сыйақы төленеді.
Заң педагогтердің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөледі. Педагогтер үш жылда бір рет біліктілікті арттыру курстарынан өтуі тиіс. Сонымен қатар, педагогтік білімі жоқ, бірақ тиісті бейіні бойынша кәсіптік білімі бар адамдар педагогтік қайта даярлаудан өту арқылы педагогикалық қызметпен айналысу құқығына ие болады.
Заң қабылданғаннан кейін мұғалімдердің жалақысы кезең-кезеңімен арттырылды. Бұл шара педагог мамандығының тартымдылығын арттырып, жастарды осы салаға тартуға ықпал етті.
Мұғалімдердің оқу жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа дейін азайтылды. Бұл педагогтердің жұмыс тиімділігін арттыруға және олардың кәсіби дамуына уақыт бөлуіне мүмкіндік берді. Педагогтерді білім беру процесіне қатысы жоқ қоғамдық жұмыстарға тартуға тыйым салынды. Бұл мұғалімдердің негізгі қызметіне толықтай көңіл бөлуіне жағдай жасады.
Әр білім беру мекемесінде педагогикалық этика және педагогтердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кеңестер құрылды. Бұл кеңестер мұғалімдердің құқықтарын қорғауға және олардың кәсіби этика нормаларын сақтауға бағытталған.
Педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында біліктілік санатын беру жүйесі енгізілді. Бұл жүйе педагогтердің кәсіби өсу мүмкіндіктерін анықтауға және олардың біліктілік деңгейін арттыруға бағытталған.
«Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы осылайша, білім беру саласында маңызды өзгерістерге жол ашты. Бұл заң педагогтердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, олардың кәсіби дамуына жағдай жасады. Сонымен қатар, мұғалімдердің құқықтарын қорғау, жалақысын арттыру және жұмыс жүктемесін азайту сияқты шаралар педагог мамандығының тартымдылығын арттыруға ықпал етті. Алдағы уақытта да бұл заңның тиімді жүзеге асырылуы білім беру сапасын арттыруға және еліміздің болашағын қалыптастыруға септігін тигізетіні сөзсіз.
Педагог кадрларын даярлау жүйесі
Білім беру жүйесі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі болып табылады. Бұл жүйенің табысты жұмыс істеуі білікті педагог кадрларын даярлау сапасына тікелей байланысты. Соңғы жылдары педагогикалық кадрларды даярлау жүйесінде бірқатар реформалар жүргізіліп, оң нәтижелерге қол жеткізілгенімен, шешімін күтіп тұрған мәселелер де аз емес.
Педагог кадрларын даярлау жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арқылы жүзеге асырылады. Мемлекет педагогикалық мамандықтарға түсуші талапкерлерге шекті 75 балл қойып, сапалы іріктеу жүргізуге тырысуда. Сонымен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында тығыз ғылыми-практикалық өзара іс-қимыл орнатылып, студенттерді 1 курстан бастап белсенді практикадан өткізу жоспарланған.
Жалпы саны елімізде педагог кадрларын даярлайтын 50-ден астам жоғары оқу орны мен колледж тіркелген. Олардың ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Еуразия ұлттық университеті, Өскемен, Павлодар, Қарағанды педагогикалық университеттері секілді жоғары оқу орындары алдыңғы қатарда. Ұлттық біліктілік тестілері, аккредитация, тәжірибелік оқыту, жаңа цифрлық әдістер – барлығы болашақ мұғалімдердің сапалы даярлығына ықпал етеді.
Педагог кадрларын даярлау сапасын арттыру үшін аккредиттеу агенттіктері педагог кадрларын даярлауды жүргізетін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындары үшін мамандандырылған стандарттарды әзірлеуді жоспарлайды. Осы процеске қатысушылардың барлығының өзара іс-қимылын қалыптастыратын педагогтерді үздіксіз кәсіптік дамыту тәсілдері енгізілетін болады.
Педагог кадрларын даярлау жүйесі – еліміздің білім беру сапасының негізі. Қазіргі таңда бұл жүйеде бірқатар оң өзгерістер орын алуда. Дегенмен, шешімін күтіп тұрған мәселелер де бар. Осы мәселелерді шешу үшін педагогикалық білім беру бағдарламаларын жаңарту, педагог кадрларын даярлау сапасын арттыру, ағылшын тілінде пәндерді оқытатын мұғалімдерді даярлау және педагог кадрларын даярлау жүйесін жаңғырту сияқты шараларды жүзеге асыру қажет. Бұл шаралар еліміздің білім беру жүйесінің сапасын арттыруға және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Педагогтың қоғамдағы рөлі мен беделі
Педагог – қоғамның рухани және мәдени дамуына ықпал ететін негізгі тұлға болғандықтан, ол тек білім беріп қана қоймай, жас ұрпақты тәрбиелеу, олардың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, азаматтық ұстанымын нығайту сияқты маңызды міндеттерді атқарады. Яғни, тек білім беруші емес, сонымен қатар тәрбиеші, психолог, кеңесші, көшбасшы. Сондықтан педагогтың қоғамдағы рөлі мен беделі ерекше мәнге ие.
Мұғалім – оқушының тұлғалық дамуына, кәсіби бағдарлануына, өмірлік ұстанымының қалыптасуына тікелей әсер етеді. Педагог болу – үлкен жауапкершілік пен сенім жүгін арқалау деген сөз.
Педагог мәдениеттің тасымалдаушысы әрі таратушысы болып табылады. Ол ұлттық дәстүрлерді, тіл мен әдебиетті, өнер мен тарихты оқушыларға жеткізіп, олардың мәдени санасын қалыптастырады. Нақтырақ тоқталсақ:
Рухани тәрбиеші – ұлттың болмысын, мәдениетін, дәстүрін балаға сіңіреді.
Жаңашыл көшбасшы – технология мен білім әдістемесін ұштастырады.
Қоғам белсендісі – білім саласын реформалауға қатысады. Сонымен қатар қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ол жастарды еңбекке, ынтымақтастыққа, жауапкершілікке баули отырып, қоғамның тұрақты дамуына үлес қосады.
Педагогтың беделі қоғамдағы пікірге тікелей байланысты. Егер қоғам мұғалімді құрметтесе, оның беделі жоғары болады. Бұл өз кезегінде педагогтың кәсіби қызметіне оң әсер етеді. Сонымен қатар педагогтың беделі оның кәсіби дамуына да байланысты. Үздіксіз білім алып, жаңа әдістемелерді меңгеріп, оқушылармен тиімді жұмыс істейтін мұғалімдер қоғамда жоғары бағаланады. Сол себепті мұғалімдердің кәсіби дамуына арналған бағдарламаларды енгізу олардың білім беру сапасын арттырып, беделін нығайтады.
Мемлекет тарапынан педагогтарға көрсетілетін қолдау олардың беделін арттыруға ықпал етеді. Педагогтардың қоғамдағы рөлі мен маңызын насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану қажет. Мысалы, Қазақстанда «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін мұғалімдердің жалақысы артып, еңбек жағдайлары жақсарып, бұл олардың қоғамдағы беделін көтеруге септігін тигізгені туралы әлі де қалың қауымды хабардар ете беру керек. Өйткені, педагогтардың кәсіби дамуына арналған мүмкіндіктердің шектеулігі олардың білім беру сапасына әсер етеді.
Заманауи білім беру талаптары және педагогика
XXI ғасыр – жаңа технологиялар, ақпараттық кеңістіктің кеңеюі және жаһандану дәуірі. Осы өзгерістер білім беру жүйесіне де үлкен әсерін тигізіп отыр. Бүгінде қоғамға тек білімді ғана емес, сонымен қатар икемді, шығармашылықпен ойлай алатын, заманауи технологияларды меңгерген, өмір бойы білім алуға дайын тұлға қажет. Сондықтан қазіргі білім беру жүйесіне қойылатын талаптар да күрделене түсуде.
Заманауи білім берудің басты талаптарының бірі – білімнің қолжетімділігі мен инклюзивтілігі. Әрбір бала, оның әлеуметтік жағдайына, денсаулығына немесе тұратын жеріне қарамастан, сапалы білім алуға құқылы. Осы орайда мемлекет қашықтықтан оқу, цифрлық платформалар мен инклюзивті білім беру бағдарламаларын дамытуда.
Құзыреттілікке негізделген оқыту тәсілі оқушыға тек теориялық білім ғана емес, өмірде қажет болатын дағдыларды (soft skills) үйретуге бағытталған. Мысалы, сыни ойлау, шығармашылық қабілет, командамен жұмыс, ақпаратты талдау, шешім қабылдау сияқты қабілеттер білім беру мазмұнына кірігуі тиіс. Сондықтан педагог мамандығына қойылатын талаптар да арта түсті:
Цифрлық сауаттылық – онлайн сабақтар, платформа, құралдарды меңгеру;
Үздіксіз білім алу – педагогикалық шеберлікті жетілдіру;
Инновациялық әдістерді қолдану – ойын әдістері, зерттеу жұмыстары, STEM;
Эмоционалды интеллект – баламен дұрыс байланыс орнату, психологиялық қолдау көрсету. Осы бағытта Қазақстанда «Цифрлы мұғалім», «Зерттеуші педагог», «Педагог-психолог» сынды жаңа бағдарламалар мен біліктілік курстары жүзеге асуда. Жаңа талаптарға сай келетін білім жүйесі – елдің болашағының кепілі.
Педагог мамандығына қатысты мәселелер және оны шешу жолдары
Қоғамда мұғалімнің рөлі қандай ерекше болса, бұл салаға қатысты сұрақтар мен мәселелер де ерекше. Бұған дейінгі жылдарда мұғалімдерге жүктелген артық әкімшілік жұмыстар, қағазбастылық, төмен жалақы секілді факторлар бұл салаға келетін жастардың ынтасын төмендеткен еді. Қазір бұл бағытта жақсы нәтижелер бар. Бірақ үнемі қадағалауда болуы керек. Тағы бір тоқталатын жайт, мұғалімдердің жалақысы біліктілігіне, еңбек өтіліне және нәтижесіне қарай әділ түрде көтеріліп, олардың әлеуметтік қорғанысы күшейтілуі қажет.
Педагогика саласындағы әлі де шешімін күтетін мәселелерді санамалап өтсек:
Аймақтардағы кадр тапшылығы, әсіресе ауыл мектептерінде;
Жас мамандардың тұрақтамауы;
Материалдық базаның әлсіздігі;
Мұғалімдерге әлі де жүктеменің көптігі.
Жоғары жалақы және тұрғын үймен қамту, жас мұғалімдерге арнап тағы да гранттық бағдарламаларды дайындау – мысалы, «Дипломмен ауылға», инфрақұрылымды жаңарту; қашықтан оқыту жүйесін жетілдіру арқылы шешім жолдарын жасау қажет.
Педагог мамандығына жастардың ынтасы
Соңғы жылдары педагог мамандығына грант саны көбейді. Бұл үкімет тарапынан маман даярлауға қызығушылықтың артқанын білдіреді. Сонымен қатар, ҰБТ көрсеткіштері бойынша жоғары балл жинаған жастар педагог болуға ұмтылуда, «Үздік педагог» байқауы, олимпиадалар, марапаттау жүйесі қалыптасуда, әлеуметтік желі арқылы ұстаздардың жұмысы насихаттала бастады.
Қазіргі таңда республикамызда педагог мамандығына деген жастардың қызығушылығы артуы – білім беру саласындағы реформалар мен мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесі болып табылады.
Соңғы жылдары педагог мамандығына түсуші жастардың саны айтарлықтай өсті. Мысалы, соңғы жылдары ең алғашқы педагогика бағытында ашылған қара шаңырақ Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне педагогика мамандығына тапсырған талапкерлер саны 1,5 есеге артқан. Бұл көрсеткіш жастардың педагогика саласына деген ынтасының жоғары екенін көрсетеді.
Сондай-ақ, «Алтын белгі» иегерлерінің арасында педагогикалық мамандықты таңдағандардың саны 1,7 есе өскен. Бұл да жастардың педагог мамандығына деген қызығушылығының артуын дәлелдейді.
Педагог мамандығына ынтаның артуына әсер еткен факторларға келейік:
Мемлекеттік қолдау: «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін көтеріп, жастардың бұл мамандыққа деген қызығушылығын арттырды.
Шәкіртақының өсуі: педагогика мамандығында оқитын студенттердің шәкіртақысының артуы да жастарды ынталандырды.
Грант санының артуы: педагогикалық мамандықтарға бөлінетін грант санының артуы жастардың бұл салаға бет бұруына ықпал етті.
ҰБТ шекті баллының көтерілуі: педагогикалық мамандықтарға түсу үшін ҰБТ шекті баллы 75-ке дейін көтерілді, бұл да сапалы кадрларды тартуға мүмкіндік берді.
Гендерлік теңгерім жағына ойыссақ, педагогикалық мамандықтарда әйелдердің үлесі басым. Қазақстанда мұғалімдердің 80%-ы әйелдер болып табылады. Бұл гендерлік теңгерімнің бұзылуына әкеліп, ер мұғалімдердің аздығы мектептерде тәрбие жұмысына әсер етуі мүмкін. Сондықтан, ер азаматтарды педагогика саласына тарту үшін арнайы бағдарламалар мен ынталандыру шараларын енгізу қажет.
Әлеуметтік қолдау көрсету үшін жас мұғалімдерге тұрғын үймен қамтамасыз ету, жеңілдетілген несие беру сияқты әлеуметтік қолдау шараларын енгізу қажет.
Маман даярлау сапасын арттыру – болашақ педагогтарды практикалық тұрғыда даярлау, цифрлық сауаттылық пен заманауи әдістемелерге үйрету – басты міндеттердің бірі. Мұғалімдерге үздіксіз білім беру, біліктілікті арттыру курстары мен семинарлар ұйымдастыру кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Педагог мамандығына жастардың қызығушылығының артуы – еліміздің білім беру саласындағы оң өзгерістердің нәтижесі. Дегенмен, бұл үрдісті тұрақты ету үшін жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру қажет. Сонда ғана біз сапалы білім беретін, білікті педагог кадрлармен қамтамасыз етілген қоғам құра аламыз.
Педагог болашағы: қандай болмақ?
Алдағы онжылдықта педагог мамандығы мүлде жаңа сипатқа ие болмақ. Жаңа заман мұғалімі тек пәнді меңгертіп қана қоймай, оқушының өмірлік дағдыларын қалыптастырушы болады, біржақты білім беруші емес, коуч және ментор ретінде дамиды;
білім беру үдерісін жекешелендіруге және бейімдеуге бейімделеді. Халықаралық тәжірибе мен тілдік дағдыларды меңгеріп, жаһандық білім кеңістігіне кірігеді. Еліміз үшін бұл бағытта мұғалімдерді халықаралық бағдарламалармен – PISA, TIMSS жұмыс істеуге үйрету маңызды болмақ.
Педагог мамандығы – өткеннен болашаққа жалғасқан қасиетті жол. Қазақстанда бұл сала үнемі даму үстінде. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау, заңнамалық өзгерістер, заманауи технологиялар мен біліктілік арттыру шаралары педагог мәртебесін арттыруға бағытталған.
Қоғамның дамуына ықпал ететін негізгі тұлға – педагогтің рөлі мен беделі қоғамның мәдени, рухани және әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды. Сондықтан педагогтардың жағдайын жақсарту, олардың кәсіби дамуына қолдау көрсету және қоғамда беделін арттыру – мемлекет пен қоғамның басты міндеттерінің бірі.
Бүгінгі таңда ұстаз – тек сабақ беретін адам емес, ол – ұлт болашағын қалыптастырушы, мемлекеттің рухани тірегі. Жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуы үшін ең бірінші кезекте педагогикалық кадрлардың сапасын арттыру, олардың әлеуетін толық жүзеге асыру – басты міндеттердің бірі.
Педагог мамандығы – мемлекеттің, қоғамның болашағын айқындайтын ерекше кәсіп. Мұғалім – адам капиталын дамытушы, білім мен парасаттың қайнар көзі. Сондықтан ұстаз еңбегін бағалау – ұлттың болашағын бағалау. Білім саласына, педагог мамандығына көңіл бөлу – ел дамуының кепілі.
