МӘДЕНИЕТ ПЕН ӘДЕБИЕТ — ХАЛЫҚТЫҢ РУХАНИ ТАМЫРЫ

ЕРКИНБЕК сайт сурет

Еркінбек Серікбай,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ
Еуразиялық ғылыми-зерттеу
институтының ғылыми ізденушісі

 

Өнері мен әдебиеті дамымаған ұлт – ішкі әлемінен айырылады. Мәдениетсіз қоғам – тамырсыз ағаш секілді. XXI ғасыр – тек технология мен экономиканың ғана емес, рух пен шығармашылықтың ғасыры. Бүгінде дамыған елдер ең алдымен мәдени экспансия арқылы үстемдікке ие болуда. Олардың қаруы – зеңбірек емес, кино, кітап, музыка, стиль, образ.

Мәдениет – ұлттың рухани келбетін, өмір сүру салтын, дүниетанымын, тарихын, дәстүрі мен өнерін, тілін, ойлау жүйесін қамтитын кең ұғым. Ол қоғамның ілгері дамуының іргетасы болып табылады. Ұлттың өркендеуі мен әлемдік аренада өзіндік орнын табуы – мәдениетті дамыту деңгейімен тікелей байланысты. Мәдениет пен әдебиеттің қоғам өміріндегі рөлі, оны дамыту жолдары, кездесетін қиындықтар мен шешу жолдары кеңірек қарастырамыз.

Мәдениет – адамзат өркениетінің ең маңызды жетістігі. Ол адамды рухани байытып қана қоймай, тұлғаның қалыптасуына, елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси тұрақтылығына ықпал етеді. Әр халық өзінің мәдени мұрасымен мақтанады, оны болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыруды парыз санайды.

Қазақ халқының мәдениеті – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтар мен дәстүрлердің тұтас жүйесі. Ол тек ән мен күйде, салт-дәстүрде ғана емес, сонымен қатар сөз өнері, шешендік, қонақжайлық, үлкенді құрметтеу, табиғатпен үйлесімді өмір сүру секілді өмірлік қағидаларда көрініс табады. Осы құндылықтарды сақтау мен жаңғырту – мәдениетті дамытудың маңызды бағыты.

Мәдениетті дамыту көпқырлы бағыттарды қамтиды. Оған төмендегідей негізгі салалар жатады. Мәдениет ең алдымен тәрбие мен білім арқылы дамиды. Баланың бойына жастайынан ұлттық рухты, ана тілін, салт-дәстүрді, тарихты, әдебиетті сіңіру – мәдениеттің болашағын қамтамасыз етеді. Осы тұрғыда мектептерде, колледждер мен университеттерде ұлттық мәдениетті дәріптейтін бағдарламаларды кеңінен енгізу қажет.

Ауылдық мәдениет клубтары, театрлар, мұражайлар, кітапханалар, көркемөнер үйлері – мәдениетті насихаттайтын маңызды мекемелер. Олардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, заманауи құралдармен жабдықтау, білікті мамандармен қамтамасыз ету – мәдени ортаның дамуына серпін береді.

Бүгінгі таңда мәдениетті дамытуда жаңа технологиялардың рөлі зор. Онлайн театр қойылымдары, цифрланған мұрағаттар, виртуалды көрмелер – көпшілікке қолжетімділік пен қызығушылықты арттырады. Әсіресе жастар арасында ұлттық мәдениетті насихаттауда TikTok, Instagram сияқты әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану – маңызды қадам.

Халық музыкасы, қолөнер, киіз үй, зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер – біздің ұлттық ерекшелігімізді танытатын құндылықтар. Бұл салаларды жаңғыртып, заманауи дизайнмен ұштастыра отырып, ішкі және сыртқы нарыққа шығару – мәдениетті дамытудың бір жолы. Мәдениет саласын дамытуда мемлекеттік саясат пен қаржыландыру үлкен рөл атқарады. Мәдениет министрлігі мен жергілікті басқару органдары арнайы бағдарламалар арқылы мәдени жобаларды жүзеге асырып, шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсетуі керек. Мәселен, “Рухани жаңғыру”, “Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет” бағдарламалары – осы бағыттағы маңызды бастамалар.

Мәдениетті дамытуда бірқатар кедергілер де жоқ емес. Олардың қатарында қаржыландырудың жеткіліксіздігін атауға болады. Аудандық және ауылдық мәдениет үйлері, кітапханалар мен мұражайлар материалдық жағынан қиындық көруде. Бұл – шығармашылық дамуды тежейтін басты факторлардың бірі.

Мамандар тапшылығы әсіресе шалғай ауылдарда көрініс тауып отыр. Кәсіби суретшілер, кітапханашылар, өнер мамандары жетіспейді. Бұл өз кезегінде мәдени шаралардың сапасына әсер етеді.

Ғаламтор мен шетелдік мәдениеттің ықпалынан ұлттық өнерге деген қызығушылықтың бәсеңдеуі, жастардың ұлттық мәдениеттен алыстауы байқалады. Қазақ тілі мен салт-дәстүрлердің қолданыс аясының тарылуы – ұлттық болмыстың әлсіреуіне алып келеді.

Жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін кешенді шаралар қажет:

Мәдениет мекемелерін қаржыландыруды арттыру, оларға демеушілік тарту;

Шығармашылық мамандық иелерін қолдап, ауылдарға жұмыс істеуге ынталандыру;

Жастарды ұлттық мәдениетке тарту мақсатында түрлі байқаулар, фестивальдер ұйымдастыру;

Балабақша мен мектеп деңгейінен бастап ұлттық құндылықтарды дәріптеу;

БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы мәдениетті насихаттау.

Ұлттың рухани жаңғыруының негізгі кепілі – мәдениетті дамыту. Ұлттық мәдениетті сақтау, жаңғырту және болашақ ұрпаққа жеткізу – әрбір азаматтың борышы. Осы бағыттағы жұмыстар тек мемлекет тарапынан емес, бүкіл қоғамның ортақ ісіне айналуы тиіс. Сонда ғана біз өзіміздің тамырымызды жоғалтпай, жаһандану дәуірінде өз орнымызды таба аламыз.

Біздің түпсіз рухани тамырымыздың тереңінен нәр алып, сол нәрді бүгінгі рухани өнімге айналдыру жағы қалай?

Ел аумағында бүгінгі таңда 59 театр, 2500-ден астам мәдениет үйі, 150-ге жуық кәсіби оркестр, 5000-нан аса шығармашылық ұжым тіркелген. Дегенмен осы салада қызмет етіп жүргендердің өзі мойындайтынындай, өнер адамдарының статусы да, табысы да қоғамдағы орны да анық емес.

Кейбір өңірлерде мәдениет саласының бюджетін азайту, өнер мекемелерін қысқарту – түптеп келгенде рухани жұтаңдыққа алып барады. Бұл – тек көркемдік мәселесі емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі.

Қазіргі қазақ театрының даму тенденциялары, көркемдік ізденістері, әлеуметтік рөлі мен тап болып отырған мәселелерін қарастырып, театр өнерінің қазіргі заманмен үндестігі, жастар мен аудиториямен байланысы, сондай-ақ мемлекеттік қолдау мен тәуелсіз театрлардың өрісіне тоқталайық.

Қазақ театры – халқымыздың рухани өмірінің айнасы. Оның тарихы ХХ ғасыр басынан бастау алып, бүгінгі күнге дейін талай кезеңдерден өтті. Қазіргі заманда театр өнері жаһандану, цифрландыру, аудиторияның өзгеруі сияқты жаңа сын-тегеуріндерге тап келуде. Олай бүгінгі қазақ театр кеңістігінің негізгі бағыттары мен жағдайын саралап көрейік.

Қазақ театрының бастауы 1913 жылы құрылған Қазан төңкерісіне дейінгі халықтық қойылымдар мен жыраулар өнеріне тіреледі. Ал кәсіби театр тарихы 1926 жылы Қызылорда қаласында Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашылған Қазақ драма театрымен тығыз байланысты.

Бүгінде Қазақстанда 50-ден астам мемлекеттік және жекеменшік театр жұмыс істейді. Олардың қатарында: Қазақ ұлттық академиялық драма театры, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театр, Астана Musical театры, Қалалық жастар театрлары,тОблыстық драма театрлары, Тәуелсіз эксперименттік театрлар мысалы, ARTиШОК, QAZAQSTAN PROJECT театры. Бұл театрлар репертуарында классикалық туындылармен қатар заманауи авторлардың пьесалары да көрініс табуда.

Қазіргі ел аумағындағы театрларда режиссерлік ізденістер мен сахналық форма жағынан жаңару байқалып, төмендегі бағыттар көзге түседі:

Метафоралық және символикалық қойылымдар;

Театр мен кино элементтерінің синтезі;

Перформанс және иммерсивті театр түрлері;

Бір актерлік моноспектакльдер;

Жаңа драматургияға бетбұрыс жасаған авторлық қойылымдар.

Театр мен жастар арасындағы байланысты жолын тауып күшейту керек. Жастар аудиториясын театрға тарту – өзекті мәселе. Кейбір табысты әдістер:

Instagram және TikTok арқылы жарнама;

Қойылымнан кейінгі ашық талқылаулар;

Заманауи тақырыптарды қамтитын спектакльдер мысалы, экология, миграция, гендерлік теңдік;

Мектеп және Жоғары оқу орындарымен әріптестік жобалар.

Мемлекет тарапынан театрларға қаржылай қолдау көрсетіледі, дегенмен: кейбір театрлар репертуар еркіндігінен шектеліп, жаңа драматургияны дамыту бағдарламалары жеткіліксіз болып жатыр.

Соңғы жылдары «Жаңа Қазақстан» саясаты аясында мәдениетке, оның ішінде театрға көңіл бөліне бастады. «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы бірқатар театрларға жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Аудитория тапшылығы және театрдың заманауи бәсекелестері – цфрлық контент, TikTok, Netflix сияқты платформалар. Бұлар жастардың бос уақытын жаулап алған. Театр алдағы уақыттарда көрермен тарту үшін интерактивті форматқа көшуі керек, онлайн спектакльдер ұсыну тәжірибесін жетілдіруі, мәдени-креативті индустриямен байланысын нығайтуы тиіс.

Тәуелсіз театрларлардағы еркіндік пен шектеуге келсек, ARTиШОК, Q-fest, Dom сияқты жобалар заманауи өнерге жол ашып отыр. Бұл театрлар әлеуметтік тақырыптарға батыл барады, халықаралық фестивальдерге қатысады. Бірақ көбінесе қаржылай және инфрақұрылымдық тапшылыққа тап болады.

Қазақ тіліндегі драматургия проблемасы турасында сөз қозғағанда қазақ тіліндегі жаңа пьесалардың аздығы – басты мәселе болып табылады. Неге? Оның басты себептері: жаңа драматургтер аз, сол себепті театрлар ескі мәтіндерді қоюды жөн көреді. Жастар драматургиясы тың көзқарасты қажет етеді. Мұны шешу үшін пьеса байқаулары, шеберлік сабақтары, резиденциялар ұйымдастыру маңызды.

Дегенмен, жаңа технологиялар театр сахнасында жиі қолданылуда. Атап айтсақ, проекциялық экрандар мен голограммалар, VR және AR құралдары, онлайн трансляциялар, TikTok театры идеясы – қысқа сахналық қойылымдар. Бұл тәсілдер театрдың келешегіне жаңа тыныс береді.

Қазіргі қазақ театры күрделі кезеңде тұр: бір жағынан, жаңа идеялар мен формалар іздеу үстінде, екінші жағынан, аудитория мен қаржыландыру мәселелерін шешуге мәжбүр. Қазақ руханиятының өзегі театрларды жаңаша жолмен дамыту, жастарды тарту, жаңа драматургтерді қолдау – бүгінгі басты міндеттер қатарында.

Ал мәдениет үйлеріне келсек, олар – ауылдық және қалалық аймақтардағы мәдени-ағартушылық жұмыстың негізгі ошақтарының бірі. Халықтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, өнер мен мәдениетке баулуға, ұлттық дәстүрлерді сақтауға және дамытуға ықпал ететін маңызды әлеуметтік институт болып саналады.

Бүгінде ел аумағындағы мәдениет үйлері мен клубтық мекемелердің көпшілігі ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл мекемелерде түрлі үйірмелер, көркемөнерпаздар ұжымдары, театрлар, би және ән студиялары, сондай-ақ кітапханалар мен мұражайлар жұмыс істейді. Мәдениет үйлері жергілікті тұрғындардың шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беріп қана қоймай, жастардың тәрбиесінде де маңызды рөл атқарады.

Дегенмен, қазіргі таңда бұл салада бірқатар өзекті мәселелер де жоқ емес:

Материалдық-техникалық базаның тозуы. Көптеген ауылдық мәдениет үйлерінің ғимараттары ескірген, жылу, жарық, дыбыс және жарықтандыру жүйелері заманауи талаптарға сай емес.

Қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Мәдениет саласы әлі де жеткілікті дәрежеде қолдау таппай отыр. Үйірмелер мен секцияларға қажетті құрал-жабдықтар жетіспейді.

Мамандар тапшылығы. Ауылдық жерлерде мәдениет қызметкерлері жетіспейді. Жас мамандар бұл салаға сирек келеді, өйткені жалақы төмен, әлеуметтік қолдау аз.

Цифрлық даму деңгейінің төмендігі. Көптеген мәдениет үйлері интернетке қосылмаған немесе мультимедиалық жабдықтармен қамтылмаған.

Осы мәселелерді шешу үшін төмендегідей қадамдар қажет:

Жаңа мәдениет үйлерін салу және ескілерін жөндеу. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту. Жалақыны көтеріп, кәсіби дамуға жағдай жасау жас кадрларды тартуға мүмкіндік береді.

Цифрландыру мен жаңғырту. Мәдениет үйлерін заманауи техникалармен жабдықтап, интернет желісіне қосу арқылы онлайн шараларды өткізуге мүмкіндік жасау қажет.

Жергілікті қауымдастықпен байланыс. Мәдениет үйлері тек концерт өткізетін орын емес, халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін орталық болуға тиіс.

Руханияттың тірегі, ұлттық бірегейлікті сақтаудың негізгі құралдарының бірі саналатын мәдениет үйлерінің әлеуетін толық іске асыру үшін жан-жақты қолдау мен жүйелі саясат қажет. Бұл – елдің мәдени дамуы мен ұрпақ тәрбиесінің кепілі.

 

Әдебиет – ұлттың шежіресі

Әдебиет өткенді емес, жаңа заманның жүрек соғысын да көрсететін құрал. Соңғы жылдары жас қаламгерлердің толқыны пайда бола бастады. Мерей Қарт, Олжас Қасым, Жылқыбай Досхан, Елдос Тоқтарбай, Мадина Омарова, Алмас Нүсіп, Данияр Әлімқұл т.б. сияқты жас қаламгерлер – әдебиеттің жаңа кезеңін бастап келеді.

Бірақ олардың кітабы оқылып жатыр ма? Кітап сатыла ма? Оқырман мен автордың арасында көпір бар ма? Жастар TikTok пен Instagram-да отыр. Ал сол жерден поэзия, өнер, әдебиет табыла ма?

Жыл сайын 100 авторға кітап шығару үшін қаржы бөлінеді. Бірақ бұл кітаптар нарыққа шықпайды, оқырманға жетпейді. Әдеби байқауларда бірнеше есім ғана айналып жүреді, жаңа есімдер сирек мойындалады. Дамыған елдерде әр қалада шығармашылық хабтар, әдеби кафе, поэзия алаңы – қоғамдық кеңістіктерде орналасқан.

Жас суретшілер, жазушылар, музыканттар тәуелсіз орталар арқылы шығады. Ал бізде шығармашылықпен айналысатын жастар көбіне үйдің ішінде, жеке парақшасында ғана көрініс табады. Шабытты орта, талқылау алаңы, жүйелі нарық – жоқтың қасы.

Жас ақындар – видео форматын меңгере алмай жатыр, суретшілер – өз өнімін сата алмайды, музыканттар – сапалы жазба студия таба алмайды. Бізге шығармашылық пен цифрлық технологияны біріктіретін буын керек.

Соған орай шығармашылық индустрия орталықтарын әр облыс орталығында ашу;

Әдеби подкаст, TikTok форматындағы поэзия контентіне грант бөлу;

Жас қаламгерлерге арналған әдеби резиденциялар жүйесін құру;

Мемлекеттік театр, филармония, көрме залдарын коммерциялық жобалармен ұштастыру мысалы, жастар кеші, коворкинг алаңы;

Оқушыларға шығармашылық қабілетті дамыту курстарын мектептен енгізу (эссе, бейнеөлең, театр, комикс саласы) қажет.

Жалпы біз руханиятты сыртқа ысырып, технологияны ғана әспеттеп отырмыз. Байыбына барсақ, өнер әдебиет, мәдениет – адамды адам ететін дүниелер. Ұлттың тілі, үні, иісі – соларда. Олар біздің рухани тамырымыз.

 

Мәдениет пен әдебиеттің байланысы

Мәдениет пен әдебиет – адамзат өркениетінің қос тірегі. Бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты, бірін-бірі толықтыратын ұғымдар. Әдебиет – халықтың рухани өмірінің айнасы болса, мәдениет – сол руханияттың кең ауқымды көрінісі. Адамзат баласы дамыған сайын мәдениет те, әдебиет те өсіп, өркендейді.

Әдебиет – белгілі бір дәуірдегі халықтың тұрмысын, салт-дәстүрін, наным-сенімін, дүниетанымын көркем тілмен бейнелейтін өнер түрі. Ал мәдениет – осының бәрін қамтитын кең ұғым. Ол – адамның рухани және материалдық құндылықтарының жиынтығы. Әдебиет осы мәдениеттің көркем шежіресі іспеттес.

Тарихқа көз жүгіртсек, әрбір ұлттың әдебиеті сол халықтың мәдениетінің ажырамас бөлігі болған. Мысалы, қазақ халқының ауыз әдебиеті – мәдени мұрамыздың алтын қоры. Батырлар жыры, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер – халқымыздың дүниетанымын, адамгершілік ұстанымдарын, өмір сүру салтын бейнелейді. Бұл шығармалар арқылы біз ата-бабаларымыздың рухани болмысын танимыз.

Мәдениет пен әдебиеттің байланысында халықтың тарихи жады мен ұлт болмысының сақталуының кепілі жатыр. Әдеби шығармада ел тарихы, ұлттың ерлігі, тағдыры көрініс табады. Бұл – мәдениетті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің ең тиімді жолы. Мәселен, Абай Құнанбайұлының шығармалары арқылы біз ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының рухани дүниесімен танысамыз. Абайдың поэзиясы мен қара сөздері қазақ мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, ұлт санасын оятты.

Сонымен қатар, әдебиет мәдениетті жаңғыртып, жаңаша тануға ықпал етеді. Заманауи жазушылар қазіргі қоғамдағы мәдени өзгерістерді, әлеуметтік мәселелерді көтеріп, оқырманды ойлануға шақырады. Бұл да әдебиеттің мәдениетті қалыптастырудағы рөлін көрсетеді.

Мәдениет пен әдебиет бір-бірінен бөлек өмір сүре алмайды. Әдебиет – мәдениеттің айнасы ғана емес, сонымен қатар оны дамытушы күш. Жазушы, ақын, драматургтер өз шығармалары арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттап, мәдени сананың өсуіне ықпал етеді. Ал мәдениет – әдебиеттің мазмұндық негізін құрайды.

Әдебиет пен мәдениет өзара тығыз байланысты рухани құбылыстар болғандықтан, әдебиет арқылы мәдениеттің терең қабаттарына бойлауға болады. Екеуінің үйлесімді дамуы – ұлттың рухани жаңғыруының кепілі. Сондықтан да әдебиетке, мәдениетке жанашырлықпен қарау ұлт болашағына деген жауапкершілікпен тең.

Адамзат өркениетінің алтын діңгегі мәдениет пен әдебиет  – халықтың рухани болмысы мен дүниетанымының айнасы. Адам баласының сан ғасырлық тарихында мәдениет пен әдебиет қоғамның дамуына, жеке тұлғаның қалыптасуына, ұлттың тұтастығына зор ықпал етіп келеді. Олардың күші адамды тәрбиелеу, ойландыру, біріктіру және мәңгілік құндылықтарды сақтауда жатыр.

Мәдениет – белгілі бір ұлттың өмір сүру салты, рухани мұрасы, дүниетанымы мен құндылықтар жиынтығы. Ал әдебиет – сол мәдениеттің көркем тілдегі көрінісі. Әдебиет арқылы халықтың тарихы, салт-дәстүрі, наным-сенімі, арман-үміті бейнеленеді. Қазақ әдебиетінде, мысалы, батырлар жыры, жыраулар поэзиясы, шешендік сөздер, жазба әдебиетінің қалыптасқан үлгілері – барлығы да ұлттық мәдениетіміздің терең қабаттарын танытады.

Мәдениет пен әдебиеттің адам санасына әсер ету қабілеті орасан зор. Көркем шығарма оқырманға ой салып, оның дүниетанымын кеңейтеді, адамгершілікке тәрбиелейді. Мысалы, М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы – бір ғана адамның емес, тұтас бір дәуірдің, халықтың тарихын, болмысын сипаттайтын туынды. Ол арқылы қазақ халқының өмірі, салты, күресі мен рухы көрінеді.

Мәдениет пен әдебиет адамдар арасындағы байланысты нығайтып, этностар арасына алтын көпір бола алады. Әлем әдебиеті мен мәдениеті арқылы түрлі халықтар бір-бірін таниды, түсінеді. Бұл өзара сыйластық пен ынтымақтастыққа жол ашады. Бүгінде мәдениетаралық диалогтың маңызы артып келеді. Әдебиет сол диалогтың ең пәрменді құралы болып отыр.

Сонымен қатар, мәдениет пен әдебиет – ұлтты ұлт ететін, оның рухани егемендігін қамтамасыз ететін басты күш. Ұлттық болмыс пен тарихи жад осы екі саланың арқасында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Жаһандану дәуірінде мәдениет пен әдебиет арқылы төл болмысымызды сақтап қалу – әрбір азаматтың міндеті.

Сөз соңында айтарымыз, мәдениет пен әдебиет – халықтың рухани тірегі, мәңгілік қозғаушы күш. Олар тек өткенді бағдар етіп қана қоймай, бүгініміз бен болашағымызды да айқындайды. Қос руханият бастауы қоғамның ұлт ретіндегі бірегейлігін сақтайды, халықты бір арнаға біріктіреді, ұлттық тұтастықты нығайтады. Сонымен қатар, мәдени іс-шаралар халықтар арасындағы достықты күшейтіп, мемлекет имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.

Сондықтан бір-бірімен тығыз байланысты және бірінсіз бірі толық мәнге ие бола алмайтын бұл екі сала әрқашан мемлекет тарапынан қолдауға ие болуы тиіс. Адамзат баласының рухани дамуы осы қос саланың ықпалымен қалыптасады. Сол себепті мәдениет пен әдебиетті дамыту – болашаққа салынған рухани инвестиция.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *