МУЗЕЙ – МӘДЕНИ ДИАЛОГ АЛАҢЫ
Дилорам ТАУАСАРОВА,
Түркістан облыстық «Ұлы Дала Елі»
орталығының ғылыми қызметкері
Қазіргі жаһандану дәуірінде мәдениетаралық қарым– қатынастың маңызы артып келеді. Әсіресе, бұл үрдіс мәдени орындарда – музейде айқын байқалады. Музей – тек тарихи жәдігерлер мен өнер туындыларын көретін орын ғана емес, сонымен қатар әртүрлі ұлттардың бір–бірімен танысуына, түсінісуіне жол ашатын рухани орта. Осы орайда отандық және шет елдік туристердің музей ішіндегі мәдениеті, олардың тәртіп сақтау,музей қызметкерлері мен жәдігерлерге деген құрметі және қарым – қатынас стилі өте маңызды.
Қазақстандық туристердің музейге деген қызығушылығы жыл санап артып келеді. Отандық келушілер, әсіресе жастар мен студенттер, мұндай орындардан тарихи білім алып, ұлттық құндылықтармен танысуды көздейді. Көп жағдайда олар экскурсия жетекшілерінің әңгімесіне ұқыптылықпен құлақ асып, тәртіп ережелерін сақтайды.Дегенмен, кейбір келеңсіз жайттар да кездесіп жатады.Бұл келеңсіздіктер әсіресе үлкен жастағы үлгі болатын аға – апаларымызда көп. Мысалы, кейбір келушілер фотоға түсіру ережесін сақтамай, экспонаттарға қол тигізуге тырысады.Тіпті дөрекі сөздер айтады.Бұл – музей мәдениетін жетілдірудің қажеттілігін көрсететін факторлар. Осы орайда мектеп пен университет деңгейінде мәдени орындарға бару мәдениетін қалыптастыру маңызды.Кейбір отандық келушілер арасында музей ережелерін сақтамау жағдайлары кездеседі. Атап айтқанда:экспонаттарға қол тигізу, суретке түсу кезінде жарқыл қолдану, дауыстап сөйлесу, жетекшілер сөзіне мән бермеу, балалардың бақылаусыз жүруі.Бұл мәселелер мәдениет деңгейінің, музейге деген құрметтің әлі де орнығуы қажет екенін көрсетеді. Жауапкершілік көбіне ата– аналар мен мұғалімдерге жүктеледі.
Шет елдік туристердің көпшілігі музей мәдениетіне жоғары деңгейде дайын болып келеді. Олар көбіне тыныштық сақтап, экспонаттарға құрметпен қарап, аудиогидтер немесе жеке экскурсовод қызметін пайдаланады. Бұл – олардың мәдени білімінің жоғары екенін көрсетеді. Әсіресе Еуропа мен Жапониядан,АҚШ, Оңтүстік Кореядан келген туристердің мәдени орындарға деген ықыласы мен сыпайылығы үлгі боларлық– музей ережелерін қатаң сақтайды. Олар көбінесе:аудиогид немесе көптілді брошюралар пайдаланады, экскурсия барысында тәртіп сақтап, тыңдай біледі, киім үлгісіне және сөйлеу мәдениетіне мән береді, экспонаттармен селфи жасамай, оларды зерттеу нысаны ретінде көреді.Мысалы, Германиядан келген бір топ турист біздің музейге келгенде, экспонаттарды жіті зерттеп, әрқайсысы туралы сұрақ қойып, экскурсия жетекшісінің сөзіне мұқият болған. Бұл – мәдениетті туристің үлгісі.
Музей – бұл тек жәдігерлер қоймасы ғана емес, ол мәдениетаралық диалог алаңы. Мұнда әрбір турист – мейлі ол отандық болсын, мейлі шетелдік болсын – ортақ мәдени кеңістікте әрекет ете білуі тиіс. Бұл үшін музей қызметкерлері келушілерге бағыт– бағдар беріп, мәдени ережелерді түсіндіруде маңызды рөл атқарады.Отандық және шет елдік туристердің музейдегі мәдениеті – қоғамның мәдени деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Осы мәдениетті қалыптастыру мен дамыту – тек музей қызметкерлерінің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Өз тарихына, өзге халықтардың мәдени мұрасына құрметпен қарау – өркениетті ұлттың белгісі.Музей – ұлттың тарихи жады, рухани мұрасы мен болмысының көрінісі. Бұл орындар – тек көру мен тамашалаудың ғана емес, сонымен қатар оқу, түсіну және өзге мәдениетпен танысудың кеңістігі. Жыл сайын Қазақстанның және әлемнің түкпір – түкпірінен мыңдаған туристер елімізге саяхаттайды.Осыған байланысты музейдегі отандық және шетелдік туристердің мәдениеті – маңызды әрі өзекті мәселе. Мекеменің бекітілген ішкі талап – тәртптеріне, заңына бағыну, бұл құрметтің ,мәдениеттіліктің ең жоғары көрсеткіші.Тіпті кейбір туристердің (көбінесе жергілікті) мәдени ортада дөрекі сөйлеуі мен әдепсіз мінез көрсетуі бар.Дөрекі сөйлейтін туристер музей тыныштығын бұза ма?Мәдени ортада мінезсіздік жараса ма? деген сұрақтар туындайды. Бұл – адамдардың рухани тәрбие мен ішкі мәдениетін көрсететін орта. Сондықтан мұнда келгенде даурығып сөйлеу, дөрекі сөз айту, басқа келушілердің мазасын алу – ешқандай ақтауға келмейді.Кейде бір топ келуші музей ішін базарға айналдырып жібереді. Бірі телефонмен қатты сөйлеседі, бірі экскурсия жетекшісінің сөзін бөліп, айғайлап күледі. Тіпті былапыт сөз айтатындар да бар. Бұл – тек қызметкерге ғана емес, басқа келушілерге де құрметсіздік.Дөрекілік қайдан шығады?
- Тәрбие жетіспеушілігі: музейге алғаш рет келген адам оның ережесін білмеуі.
- Көпшілік ортада өзін бақыламау: эмоцияны тежей алмау, өзін–өзі ұстау мәдениетінің жоқтығы.
- Топтық мінез–құлық: туристік топпен келгендер арасында бір–біріне қарап, дөрекілеу сөйлеуді қалыпты көрушілер болады.
Музейде арнайы ескерту жазбалары, тыныштық белгілері ілінгенімен, олар әрқашан нәтиже бермейді. Сондықтан музей қызметкерлерін мәдени коммуникация мен конфликт жағдайларын шешуге арнайы оқыту қажет.Мұндай жағдайларда қызметкер дөрекілікке дөрекілікпен жауап бермей, сабырмен, бірақ нық дауыспен ескерту жасауы тиіс. Керек жағдайда әкімшілік тарапынан шығарып жіберуге дейін шара қолдануға болады.Әдепсіз қонақ – жалпы мәдениетке көлеңке түсіреді.Музей – тек ұлттық емес, халықаралық мәдениетті таныстыратын алаң. Бір туристің мәдениетсіздігі бүкіл елдің туристік имиджіне зиян келтіруі мүмкін. Сол себепті, мұндай әрекеттерге қоғам болып қарсы тұру қажет.
Шешім бар ма?Тәртіпті насихаттау музейде фото/видео ережелері, экспонатқа қол тигізбеу секілді қағидаларды көрнекі түрде жеткізу.Музейге кіре берісте әдеп ережелері жазылған көрнекі тақталар орнату,келушілерге арналған бейнероликтер арқылы мәдени мінез көрсету жөнінде нұсқаулық көрсету,қызметкерлерге арналған қақтығыссыз коммуникация тренингтері ұйымдастыру.Музейлерде ерекше шу шығаратын немесе дөрекі келушілерді шектеу құқығының заңдық негізін қарастыру.
Музей – адамдардың өткенге сапар шегіп, қазіргі заманмен байланыстыра алатын орны ғана емес, сонымен қатар ұлттар арасындағы мәдени байланыстың тұғырлы негізі. Бұл жерде тіл, дін, нәсіл, ұлт деген ұғымдардан жоғары – ортақ құндылықтарға қол жеткізуге болады.Музейге барып–келу адамның танымын, ой–өрісін кеңейтумен қатар, оның мәдениет деңгейіне де ықпал етеді. Бұл әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін маңызды. Музейлерде арнайы тәрбие сағаттары, шеберлік сабақтары, квест түріндегі саяхаттар ұйымдастырылуы – жас ұрпақтың қызығушылығын арттырады. Отандық және шет елдік туристердің музейдегі мәдениеті – бұл ұлттың мәдени деңгейін көрсететін айна іспеттес. Музейде әр адамның өзін ұқыпты, сыпайы, мәдениетті ұстауы – өзіне де, өзгеге де құрмет көрсетудің бір үлгісі. Ал бұл өз кезегінде ұрпақ санасына сіңіп, мәдениетті қоғам қалыптастыруға әсер етеді. Музей – өткенді бағалап, болашақты құрметтеудің алтын көпірі, сол көпірде әрбір адам өз ізін мәдениетпен қалдыруы тиіс.Музей – бұл үнсіз сөйлейтін жәдігерлер ордасы. Мұнда әр сөз, әр қимыл – мәдениеттің өлшемі. Сондықтан ондағы әдепсіз сөз – тек адамға емес, бүкіл мәдени ортаға деген құрметсіздік. Келуші өз сөзінің салмағын, мінезінің мәнін музейге лайықтап келгені – өзіне де, өзгеге де көрсеткен құрмет.
