КӨГІЛДІР ТАУЛАР

Жанболат сайт сурет

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының
мүшесі (1981ж.), халықаралық
«Алаш» əдеби сыйлығының лауреаты
(2005ж.), «Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері» (2009ж.)

 

1. ХАН-ТӘҢІРІ

 

– Әже, тауды қара! Мен тауды көрдім. Ол әне тұр. Қарашы өзің.

Бойы терезенің алдына әрең жеткен бес жасар бүлдіршіннің қуанышында шек жоқ. Жапалақ көзі жалт-жұлт етіп, лүп-лүп соққан жүрек дүрсілін тоқтата алмай, бір орнында лақша секіріп тұр. Немересінің мына қимылына аң-таң болған қарт әже оның шат-шадыман жүзіндегі қуаныш сырын әлден уақыттан кейін барып түсінгендей еді.

Сәби сол сәтте өзінің түйсік танымымен өмір табалдырығындағы кезекті жаңалығын ашқан болатын. Иә, иә… жаңалық. Бұрындары ол тәй-тәй басқан қадамымен ауладағы өсімдіктерді, ағаштарды байқап-бағдарласа, енді міне оның жанары бірте-бірте одан әріректегі қырқаларға, содан биіктей барып тауға тірелгені анық. Соның нәтижесінде бүлдіршін өзін қоршаған ортадан жаңа бір көріністі тапқанына мәз. Ол сонда соған қуанған, соған шаттанған. Бұл оның өзі-өз болып тапқан алғашқы әсем көрінісі, алғашқы сұлу дүниесі.

– Иә, – деген пеш түбінде ұршық иіріп отырған қарт әже іштей күбірлеп: – Адамдардың бәрі мынау әлемге осындай сәби жанарымен қараса ғой шіркін… Сонда одан олар қаншама құбылысты, табиғаттың қаншама қайталанбас көрінісін байқап, бағдарлар еді деймін де.

…Алматы – Нарынқол автомобиль трассасындағы Төте асуынан түсіп қалған мен қамшылар жақтағы Тақиятөбеге көтеріліп келе жатып, балалықтың бұла шағындағы сол бір елесті еске алдым. Көз алдыма осыдан көп жыл бұрынғы көрініс: ауыл шетіндегі үй, сол үйдегі қалқаңқұлақ қара бала келді. Әйнектегі аяздан буланған қырауды құйтақандай саусағымен қырналаған ол көгілдір тауларға құштарлықпен көз тігуде. Не… нені көріп тұр екен десейші. Алыстағы алып шыңға аузын аша аңқайып қарап қалған оның сәби жүзінде әйтеуір адам ақылы жетпестей таңданыс бар болатын.

Ол құштарлық, ол іңкәрлік – Хан Тәңірі еді. Балаң көңіл туған жердегі, қасиетті атамекендегі сол ғажап бітімді биік шыңның құпиясын білсем, соның сырына қанықсам деп армандап қиялдайтын.

Хан Тәңірі!

– Бұған шығып жүрген жандар неткен жүрекжұтқан еді десейші…

Асудағы Тақиятөбеде тұрған мен осылай деп өз-өзімнен күбірлей бердім.

Олар кімдер еді?

 

***

«Мұндағы қалың қардан аяқ алып жүре алмайсың. Ол мына әлем жаратылғаннан бері тұрған алып шың етегінде ерімей, көктемде де, жазда да үсті-үстіне жентектеліп жинала берген сияқты. Алды-артымыздың бәрі сол қасат қар бетіндегі бозғылт тұманға оранған меңіреу дүние. Ал қос қапталымыздағы құз-қияларды көк сүңгі мұздар құрсаулап тұр. Шың іргесін бойлай созылған аппақ әлемнің ұшы-қиыры жоқ. Оның аңғарларында сақылдаған сары аяз бен өңменіңнен өтер өкпек жел ойнақ салуда. Табиғаттың бұл дүлей мінезін адам жанын алар аждаһадан басқа ештеңеге теңей алмайсың. Егер жөпелімде жолға шыққан жалғыз-жарым жүргінші болса, міне, олар сол долы дауылдың құрбанына айналары хақ».

Бұл Хан Тәңірі туралы есте жоқ ескі заманнан бізге жеткен жалғыз дерек. Ол – VII ғасырда жазылған жәдігер. Иесі – будда монахы Сюянь-Цзянь. Осыдан 1300 жыл бұрын ежелгі қытай елінен түркі жұрты Ыстықкөлге беттеген бұл жиһанкез Тянь-Шаньдағы «тәңір рухының мекені» – алып шың етегімен өтетін төте жолды таңдаған ғой. Ал бұл жаңа ғана айтылғандай, ауа райы өте қатал аймақ еді. Оны Сюянь-Цзяннің қар бүркіп, мұз шайнап тұрған аталмыш өңірден өтерде 13 серігінен айырылып, діттеген жеріне әупірімдеп жеткеннен кейін жоғарыдағыдай жазба қалдырғанынан байқауға болады.

Содан 12 ғасырдан соң…

«Тамылжыған жаз, талтүс кезі еді. Тау асуына шыға бере кездейсоқ тамаша көрініске тап болдық. Оң жақ қапталымызда тұрған алып шың маған бұрын-соңды көрген тауларымның бәрінен де зор сияқты көрінді. Оның басынан етегіне дейін қарсауыт сүңгі мұздар құрсаулап тұр. Айналама қарап тұрып санағаным, ондай шыңдардың саны оншақтыға жуықтады. Сол алыптардың арасында өзгелерінен өзінің биіктігі жөнінен ерекше оқшауланып, дара тұрған үп-үшкір пирамида көрінді. Асудан қарап тұрып көз салғанымда ол басқаларынан екі еседей биік сияқты…»

Аты әлемге мәшһүр жиһанкез ғалым П.П.Семенов Тянь-Шанский 1856 жылдың жазында Хан Тәңірі жайында міне, өз күнделігіне нақ осылай деп жазды. Орыс география қоғамының бір деген білікті өкілінің аузынан шыққан мұндай таңданысқа толы хабар кезінде оның өз отанындағы, шетелдегі әріптестерін қызықтырмай, ойландырмай қалған жоқ. Оны соның артынан іле-шала Орталық Тянь-Шаньға аттанған Н.А.Северцовтың (1864 ж.), А.В.Каульбарстың (1869), А.Н.Куропаткиннің (1876 ж.) А.Н.Краснов пен И.В.Игнатьевтің (1886 ж.) экспедицияларынан анық та айқын аңғаруға болады.

Петербургтегі орыс география қоғамы ғалымдарының Хан Тәңірі жайындағы тың да соны деректерінен кейін осы бір қиян түкпірге шетелдік жаратылыстану мамандары да келіп көруге талпыныс білдіріп, әрекет жасады. Олар – венгр зоологтары Г.Алмаши мен Ш.Штуммер – Трауфельс (1889 ж.), итальяндық альпинист-ғалымдар Ч.Боргезе және Г.Брохорель (1900 ж.) еді.

Жоғарыда аты аталған саяхатшы ғалымдар өздерінің жанкешті жорықтарымен «Аспан таулары» жайында география саласындағы сол уақытқа дейінгі белгісіз болып келген біраз жайлардың бетін ашты деуге болады. Соның ең бастысы деп олардың «мұз құрсаулы мұнара» – Хан Тәңірінің биіктігін анықтауын айтқан жөн. 1886 жылғы И.В.Игнатьев экспедициясының болжауынша шыңның биіктігі 7320 метр болды да, неміс ғалымы Г.Мерцбахердің 1902 жылғы өлшемінде ол 7200 метрге жетіп жығылды. Егер географтардың сол кезде пайдаланған өлшегіш аспаптарының тым қолапайсыз жасалғанын еске алып, оған кешіріммен қарайтын болсақ, онда олардың бұл межесі қазір мұздықпен қосқанда анықталған 7010 метрлік деңгейден онша алыс кетпегенін аңғарар едік.

Енді саяхатшы ғалымдардың алдында тағы бір күрделі міндет тұрды. Ол – аталмыш шыңды қайтсе бағындыруға болады деген өршіл мақсат еді. Бұған алғаш рет қадам жасаған жан деп біз итальян ғалымы Ч.Боргезенің есімін атай аламыз. Қасына альпілік азамат М.Цурбригенді ерткен ол 1900 жылдың жазында Нарынқолдағы Сарыжаз бөктеріне келіп шатыр тікті. М.Цурбригеннің негізгі мамандығы альпинист болатын. Хан Тәңірі сапарына дейін ол Оңтүстік Америкадағы Кордильер тауына саяхат жасап, ондағы 7 мың метрлік Аконкагуа биіктігін игеріскен-ді.

Өршіл жандар үш аптаға созылған ауыр да тынымсыз жүрістен соң қырғыз елі жақтағы Аймонақ аңғарынан келіп бір-ақ шықты. Өздері баруға тиіс шың бұл жерден қашық емес, әрі өте жақсы көрінеді екен. Хан Тәңірінің жалпы көрінісімен толық танысып болғаннан кейін олар ендігі жүрер жол Инелшік мұздығы арқылы өтетініне жорамал жасады. Бірақ… иә, бірақ бұл болжам Ч.Боргезе мен М.Цурбригеннің үмітін ақтамады. Инелшіктен әупірімдеп өткеннен кейін алдыдан адам аттап өте алмас алып мұз жарығы кездесті. Альпинистер дәл бұл аймақтан енді шыңға барар жолдың мүмкін еместігін біліп, амалсыз кері қайтуға мәжбүр болды.

Орталық Тянь-Шаньды зерттеуде, ондағы Хан Тәңірі шыңын тұңғыш рет суретке түсіруде неміс ғалымы Г.Мерцбахер де аз еңбек сіңірген жоқ. «Мұз құрсаулы мұнараны» бағындыру жолындағы оның бірінші сапары 1902 жылы Нарынқолдағы Байынқол аңғары жағынан басталды. Бірақ саяхатшы алғашқы жорығында 5500 метр биіктікке ғана көтеріліп кері қайтты. Келесі жылы ол шыңға шығуға тағы да әрекет жасады. Бұл жолы оған Нарынқол селосының қарт тұрғыны Н.В.Набоков жолбасшы болған еді.

Байынқол аңғарымен өрлей отырып, Инелшік мұздығының шығыс жағына жеткен Мерцбахер одан әрі 18 шақырым ілгерілеп барды да тұйыққа тірелді. Неміс ғалымы бір жағын шыңылтыр мұз жапқан жақпартас, екінші жағын қар көшкіні көміп тастаған асудан әрі жол таба алмады. Құтырынған жел, қар жамылған мылқау да меңіреу түкпір, бірінен-бірі өткен арантіс шыңыраулар оның көңілін жабырқатып, жүрегін қобалжытқандай еді. Мерцбахердің ойынша Хан Тәңіріне шығу ешуақытта, ешқашан да мүмкін емес нәрсе болып көрінді. Осы сезімнен арыла алмаған ол 1903 жылғы сол сапарындағы қойын дәптеріне: «Тянь-Шань… альпинистік әуестенушілік әуресін көтермейтін жер», – деп жазды.

Өткен уақыттан бергі орны толмас олқылықтардың ащы сабағы күн тәртібіне жаңа міндет қойды. Ол – арда табиғат аясындағы бас асауы әлі басылмаған асқақ шыңды бағындыру үшін ұжымдық әрекеттің, ұжымдық еңбектің қажет екендігі болатын. Ресей географиялық қоғамы мүшелері арасында 1912 жылдан бастап айтылып, бірақ түрлі себептермен үнемі шегеріліп келген бұл бастама тек Қазан төңкерісінен кейін ғана жүзеге асты. Оған дәлел ретінде М.Т. Погребецкийдің басқаруындағы кешенді экспедицияны үлгі етіп айтуға болады.

Олар жорыққа екі жыл бойы дайындалды. Таулы өлкенің ауа райы, қар көшкінінің қауіпті нүктелері, адамдардың қиын жағдайдағы психологиялық көңіл-күйі әлденеше рет сыннан өтіп, бұл бағытта бәрі де ұмыт қалған жоқ. Мәскеулік ғалымдар М.Т. Погребецкий, И. Мысовский және Д. Суходольскийдің 1929-1931 жылдар аралығындағы осындай жан-жақты зерттеуінен кейін шыңға шабуыл жасауға болады деген шешім қабылданды.

…Қиындық. Қиындықсыз іс бітпейді. Оны асқарға аттанған жандар жақсы білген. Бұл жерде олардың сол жанкешті жағдайларын айтпай кетпеуге бола ма? Десек те оның жеңіс финалына тоқталған жөн сияқты. Өйткені ол шыңға шабуылдағы барлық оқиғаның жиынтық жанды суреті ғой. Мұны экспедиция жетекшісі Михаил Погребецкийдің қойын кітапшасындағы күнделік беттерінен оқып білеміз. Онда былай деп жазылған.

«Бір аттап, бір тоқтаймыз. Тағы аттаймыз да, тағы демаламыз. Шыңның ұшар басына дейін 100 метрдей-ақ жер қалды, оны жақсы білеміз. Бірақ алға басқан аяғың артқа тартады. Шың басында желмен құтырған қар бораны… Міне, ұйытқыған жел шың басындағы қарды бетімізге әкеп үрді, өзіміз жағалап келе жатқан алып қабырға да жоғалып кеткендей ме қалай, әйтеуір жоғары қарай жүрер жер жоқ. Алақай, мынау шың! Шыңның ең басы ғой!!!».

1931 жылдың 12 қыркүйегі күні түскі сағат 12-де, еліміздің қиыр шетіндегі таулы аймақтың ең биік нүктесінде қызыл туды асқақтата көтеріп 3 адам тұрды. Олар осы тау тау болып жаратылғалы бері төбесіне тірі жан тұяғы тиіп көрмеген шыңды тұңғыш игеріп, енді оны нық басып тұрған Михаил Погребецкий, Борис Тюрин және Франц Зауберер еді.

Шың бағынды.

…Арада төрт жыл өтті. Хан Тәңіріне қайтадан шабуыл басталды. Оған бір кезекте екі команда әзірленді. Біріншісіне біздің жерлесіміз Е.Н. Колокольников бастаған И. Тютинников, Л. Кибардин кірді де, екінші топта Кеңес елі альпинизімінің сол кездегі көшбасшыларының бірі Памирдегі Ленин, Коммунизм шыңдарын бағындырушы Е.М. Абалаков жетекшілік еткен Л. Саладин, М. Дадиомов еді.

Қазір солардың ішінде біздің жақсы білетініміз – Евгений Николаевич Колокольников. Республика альпинизмінің негізін қалаушылардың бірі, отызыншы жылдардың жалынды энтузиасы, Кеңес Одағының Батыры И.В.Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияның ардагері ол өмір бойы Алматыда тұрып, мұндағы қалалық безендіру мекемесінде жұмыс істеді. Сөйтіп 90-шы жылдардың басында дүниеден озды. Көзі жұмылғанша Хан Тәңірі десе ішкен асын жерге қойып, оның талмас жанкүйер, насихатшысы болды.

– Өзімнің әр кездергі жүргізген күнделіктерімді парақтап отырсым, – деген еді 1981 жылы күзде бір кездесіп әңгімелескенімізде Евгений Николаевич, – сол кездегі біздің жорыққа алып шыққан заттарымызға, құрал-жабдықтарымызға таңданбасқа болмайды екен. Оның бәрі де тіптен қарадүрсін. Қой терісінен өзіміз тіккен, ұйықтайтын көрпе-қапшық, ұста дүкенінде өзіміз соққан арбиған темір ілгектер, қолапайсыз жуан арқандар… Мұны қазіргі альпинистер көрсе сөз жоқ күлер еді. Етекте қалған рацияның көмегі тимеді десе де болғандай. Ауа райын біз жергілікті халықтан үйренген жорамалдар арқылы болжайтынбыз».

Бірақ соған қарамай олар алға қойған өршіл мақсаттарын абыроймен орындап шықты. Бұл 1936 жылдың жазы еді. М.Погребецкий, Е.Колокольников, Е.Абалаков экспедицияларының жеңістерінен кейінгі ширек ғасырға жуық уақыт бойына Хан Тәңіріне ешкім ат ізін салмады.Оған кедергі болған 1941-1945 жылдардағы алапат соғыс еді. 50-ші жылдардың бас кезінде жаңазеландиялық ұшқыш Хиллари мен Үндістан азаматы Норгей Тенцингтің «көк кіндігі» – Гималайдағы Эверест шыңын бағындыруы альпинистерге тағы да қамшы салғызды. Еліміздегі Қазбек, Коммунизм, Жеңіс шыңдарының қатарында Хан Тәңірі де қайтадан атала бастады. Оған төртінші болып В.Шипилов, О.Үсенов жетекшілік еткен қазақстандық альпинистер көтерілді. 1956 жылғы өткен Бүкілодақтық альпиниада чемпионатында біздің жерлестеріміз осы жеңістері үшін күміс медальға ие болды. Содан бергі кезеңнен бастап Мәскеу, Ленинград, Қырғызстан альпинистері жеңіс жолын жалғастырып келді. 1962-1991 жылдар аралығында Хан Тәңіріне жорық жасаған жандардың 12 сапары халықаралық чемпионаттарда лайықты бағаға ие болып, оған қатысушылардың 31-і алтын медальға, 36-ы күміс, 14-і қола медальға ие болды. 2000 жылдардан бастап жоғарыдағыдай жарыстар азайды. Олардың орнын ақылы негіздегі экспедициялар алмастырды да бұрынғы дәстүр ұмытылды.

Хан Тәңірі!

Республикамыздың қиыр шетіндегі осы бір нүкте бізге не үшін ыстық, не үшін қымбат және несімен ерекшеленеді? Қане, енді осы сұраққа жауап беріп көрелікші.

Бұл бағыттағы ойымызды талғам таразысына салып байқар болсақ, соның ең алғашқысы – аталмыш шыңның республикамыздағы бұқаралық спорттың бір түрі – альпинизмді дамытудағы маңызының зор екендігі. Олай дейтініміз, Қазақстанның таулы аймақтарында биіктігі 2000 метрден 7000 метрге дейінгі аралықты қамтитын 12 шың бар десек, Хан Тәңірі рет саны жағынан солардың ішінен оқ бойы озып, ең жоғарғы (7010 метр) орынды алады. Демек бұл егер ретін келтірсе республика альпинистерін бұқаралық спорттың қиын да қызықты саласына баулитын, олардың шеберліктерін шыңдайтын бірден-бір жаттығу алаңы деген сөз. Пікіріміз дәлелді болу үшін мысалдар келтірелік. Мәселен 1980 жылы бірінші кеңестік Гималай экспедициясы жасақталғанда, сондағы көп сатылы сынақтан біздің Қазақстан альпинистері сүрінбей өтіп, Эверестке шығуға жолдама алған Мәскеу, Ленинград командасынан кейінгі өте күшті, мықты бір төрттік топты құрады. Бұл кездейсоқтық па? Жоқ. Гималай экспедициясына қатысуға үміткер 52 спортшының ішінен үздік шыққан 16 адамның арасындағы Қазбек Уәлиев, Ерванд Ильинский, Юрий Голодов, Валерий Хрищатый, Сергей Чепчев альпинизмге барар үлкен жолды осы Хан Тәңірінен, оны бір емес, бірнеше рет бағындырудан бастаған болатын. Өздерінің өмір жолы, мақсаты мен мүддесін мұзарттарды бағындыруға арнаған мұзбалақтар үшін Хан Тәңірі міне, осындай ерекшелігімен қымбат. Бұл – бір. Екінші…

Өзіміз сөз етіп отырған шың массиві республикамыздың шырышы бұзылмаған арда табиғатының әсем суреттеріне толы ғажайып өлке. Хан Тәңірі етегіндегі Байынқол, Сырт, Шұбартал, Шалкөде жайлауларының көз жанарыңды суырып әкетердей сұлу көріністері Қазақ елінің көп жерінде қайталана бермейтін өте сирек құбылыс. Сондай-ақ осы аймақтың Ойқарағай, Қайшы, Сарықолат бөктерлеріндегі «оттегі фабрикасы» – орман-тоғайлардың ертегіге бергісіз елестері қиялыңа қанат бітіріп, өзіңді қызық та құпия әлемге қарай қадам бастырары анық. Алып шыңның айналасындағы 186 мың 227 гектар жерді қамтитын өсімдіктер әлемін, емдік қасиеті бар 37 шипалы шөп түрлерін, тұңғыш рет 1979 жылы жарық көрген «Қазақ КСР-інің «Қызыл кітабына» енген 22 аңның бір-біріне ұқсамайтын суаттағы іздерін көргенде сіз осы өлкенің төл байлығына шәк келтіре алмас едіңіз. Тоқетерін айтқанда мұндағы көз алдыңыздағы көлбеңдеген көгілдір кеңістікті, ондағы қыз жинаған төсектің жүгіндей текшеленген қарсауыт шыңдарды көріп көңіліңіз өседі, көңіліңіз емес-ау, ойыңыз қоса өседі.

Хан Тәңірі етегі тек жасыл желек орман әлемімен, шырышы бұзылмаған табиғат суреттерімен ғана әйгілі ме? Жоқ. Ол соңғы жылдары тау аңғарларындағы түрлі ауруларға ем боларлық тұнық тұмалардағы минералды суларымен, балшық бассейндерімен ерекшеленіп, 12 түрлі сирек қазба байлықтарымен жұрт назарын өзіне аударып отыр. Алдымен радондар туралы айтайық. Тек бір ғана Тұзкөлдің өзінде жалпы қоры 940 мың текше метрге жететін емдік қасиеті мол балшық бассейні бар. Сорбуын (полиартрит), құяң (редикулит), кілтілдек (ревматизм), желік (аллергия) сияқты сырқаттарды емдеуге 70-80 жылға жететін бұл байлық көзі Алматы облысындағы 3 санаторийді толық қамтамасыз етуде. Ал, қазба байлықтары ше? Оған Хан Тәңірі етегіндегі Жарбұлақ алтын кенін, Ойқарағайдағы уран, көмір қорын, Үкіршідегі жоса (қызыл бояу түйіршігі), Сырт аңғарындағы сынапты айтуға болады.

Төртінші бір айтпақ ойымыз, алып та асқақ шыңды аймақтың ежелгі ескерткіш белгілері мен тарихи орындарға өте бай екендігі. Өкінішке қарай, насихаттың жоқтығынан, шын жанашырдың болмауынан Хан Тәңірі баурайындағы біз сөз етпек болып отырған ғажайып жәдігерлерді күні бүгінге дейін көп ешкім жөнді біле бермейді. Мәселен Шөладыр шұратындағы Құмтекей қорғанын алып қаралық. Дауылды күндері желден аршылып қалған оның төңірегінен күйген кірпіш, қыш құмыра қалдықтары көрініп жататын бұл жерге археолог К.Ақышев 1957 жылы арнайы келіп зерттеу жүргізіп, көптеген көне дүние үлгілерін тапқан еді. Сөйтіп 1968 жылғы ең соңғы сапарларында экспедиция мүшелері бұл кент өз кезінде 30 мыңнан астам халқы болған ежелгі Үйсін мемлекетінің ірі мәдени-сауда орталықтарының бірі деген тұжырымға келді.

Құмтекей ғылымға осылай сыр ашса, одан 90 шақырым жердегі Жабыр қырқасындағы құпия тіптен қызық. Республика Ғылым академиясындағы Зоология институтының қызметкері М.Жылқыбаева Хан Тәңірі массивіндегі Текес ойпатының жан-жануарлар әлемін көптен бері зерттеп жүретін. Осы жердегі тыңғылықты қазба жұмысының нәтижесінде ғалым 1978 жылы Жабыр қырқаларынан мезазой дәуіріне жататын керіктің (жираф) қаңқасын тапты. Аталмыш археологиялық олжа туралы елге бірінші боп хабарлаған Мәскеудегі «Неделя» апталығы (1979 ж.) болды. Ал қазақстандық басылымдар бұл жаңалыққа күні бүгінге дейін жөнді мән бермей келеді. Сөз ретіне қарай Қарқара жайлауындағы балбал тас жөнінде де осыны айтуға болар еді. Бұл жәдігердің ерекшелігі – оның жай тас мүсін емес, ежелгі түркі тайпаларының жазуы қашалған сынтас екендігі. Биіктігі 180, көлденеңі 69 сантиметр балбалдың бүйіріне 13 қаріп шекілген. Осы таңбаларды 1964 жылдан бастап ғалымдар І.Кеңесбав, Ғ.Мұсабаев және Ә.Махмұдов оқып көріп, нәтижесінде: «Оқ ағын алты, бітіг (таш) Алаш арың (ерің)» – деген түркі сөздерін сабақтап шығаруға қол жеткізді. Қазіргі қазақ тілінің қалыбына салғанда бұны: «Оқ – дүние, мүлік алды. Ескерткіш Алаш ердікі»,– деп ұғуға болады.

Хан Тәңірі… Республикамыздағы осы бір қайталанбас құбылыс туралы жоғарыдағы қадау-қадау жәйттерді сөз еткенде есімізге ең соңғы ой – төмендегідей мәселе де оралмай қоймайды. Ол – Хан Тәңірінің сұлулық, асқақтық символы ретінде кешегі-бүгінгі әдеби муза – поэзия жолдары мен сиқырлы сурет өнері – пейзажға айшықты арқау болып келе жатқандығы. Мың жылдық тарихы бар «Манас» эпосында оның атының аталуын кездейсоқтық деп ойлауға бола ма? Алаштың арысы Мағжан Жұмабаевтың Хан Тәңірін құдірет ретінде ауызға алғанын, жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтың оны «Жетісу суреттері» циклына қосқанын, азамат деп айтатын аздың бірі Олжас Сүлейменов оған «Құс күні» эссесін арнаса, ақсақал суретшіміз Ә.Ысмайылов «Бұлттан асқан…» атты кең тынысты полотносын өмірге әкелгенін, ал ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың алып шыңды айбар көріп асқақтата жырлағанын бүгінгі ұрпақтың бәрі біле бере ме?

Мағжан:

Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қалай,

Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай!

Еріксіз ер түрікті ойға аларсың,

Көкке асқан Хан Тәңіріне қарай-қарай,

– деп толғанса, Ілияс:

…Меруерттей жалтылдайды күнгей Мұзарт,

Көз түгіл үңілесің көңілменен.

Асқардың арғы атасы Хан Тәңірі,

Албанның өрісінің төрінде екен. –

дейді. Ал Мұқағали мұны былайша төгілтеді:

…Шыңның мен ұнатамын биіктігін,

Шырқай кеп шыңырау көктен сүйіпті Күн.

Түндігін түртіп тұрған көк аспанның,

Кәнеки, Хан Тәңірінен иықты кім?!

Егерде құдірет болса, бөлшегіндей

(Алдында құдіреттің көр шегінбей!?

Шаншылып әнеу тұрған Хан Тәңірі –

Шапшыған Тянь-Шаньның емшегіндей.

Күн де оның баурайында дөңгелеген,

Буалдыр, бозғылт шәйі перделеген.

Бойында Хан Тәңірінің бұғып жатқан,

Алапат аяныш бар Жерге деген.

Тік тұр ол.

Қырын қарап сай-салаға,

Күн – көркі, Көк – мекені, Ай – шағала.

Қалғымай қанша жылды өткерді екен.

Тәкаппар Тянь-Шаньдағы қайсар аға!

Таудың мен ұнатпаймын тапалдығын,

Тапалдан талайлар-ақ татар жұғын,

Сүйем мен табиғаттың ұлылығын,

Сүйем мен табиғаттың қаталдығын.

…Бізден тым алыста, түу сонау Тибеттің ар жағында Гималай деген тау бар. Соның нақ төрінде шағын Непал мемлекеті орналасқан. Тұрғындары – шерптер. Непалдың мемлекет аты болғанымен, заты оған келмейді. Өйткені алақандай жерінің 69 пайызы қынадан өзге ештеңе өспейтін тастақ, будда дінін ұстанған халқының тең жартысы даяр асқа тік қасық кезбе монах, қодастан басқа көлігі жоқ ел бұл. Былай қарасаң, қайыршылыққа өз-өзінен сұранып-ақ тұрған нағыз қолайсыз жер. Бірақ… иә, бірақ табиғи ресурсы нөлге тең сол Непалыңыздың әл-ауқаты дүние жүзіндегі көп елдерден көш ілгері артық. «Қалай?» – дейсіздер ғой. «Өлмегенге өлі балық» , – дегендей бүкіл елді мұндағы жалғыз Эверест шыңы асырап отыр. Непал астанасы Катмандудағы халықаралық спорт және туризм департаменті жылына әлемнің 48 елінен өтініш қабылдап, мұнда келген альпинистерді қонақүйге орналастырып бір пайда табады. Содан соң дүние жүзіндегі ең биік шың (8848 м.) Эверестке шығып, рекорд жасауға талпынған спортшыларға жолдама сатып, рұқсат беру арқылы екінші табыс көзіне кенеледі. Альпинистердің өздеріне қажет жүгімен шың етегіне жетуі де оңай шаруа емес, әрине. Осы жерде оларға тауды жақсы білетін шерптер ақылы негізінде жолбасшылыққа жалданады да қодастарына экспедиция мүшелерінің асай-мүсейін артып үшінші олжаға батады. Айтпақшы Непал жеріне аяғы тиген туристердің Гималай тауын рұқсатсыз суретке, киноға түсіруіне қатаң тиым салынған. Бұлай істеу үшін фототілші не телеоператор мұндағы тиісті мекемеге барып салық төлеуі керек. Содан кейін ғана Эверест пен басқа табиғат көріністерін суретке түсіре аласың. Мемлекет үшін төртінші табыс көзі міне, осы жерден келіп шығады. Катмандуға келген турист өз отанына түймедей болса да ескерткіш сувенир сатып алмай қайтпасы тағы анық. Бесінші пайда осы сауда-саттық – мұндағы ұсақ қолөнер шеберлерінің нәпақасы деген сөз. Жоғарыдағының бәрі айналып келіп Непал халқының дұрыс тұруына жағдай жасауда.

Ал, бізде ше? Әрине, бұл жерде Хан Тәңіріні Эвереспен қатар қояйық деген астам ой жоқ. Бірақ Эверестің жүз мүмкіндігінің бір мүмкіндігі Хан Тәңіріде бар екені анық. Сондықтан егер жоғарыдағы тәжірибеге ден қойып, ынта танытсақ, онда оның бүкіл облысты демей-ақ қояйық, өзінің етегіндегі Райымбек ауданы тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға себі тиер ме еді, қайтер еді…

Ал оны қолға алатын кім бар?

 

***

…Ойымды асуға қарай алқынып келе жатқан машиналар гүрілі бұзды. Мен төңірекке көз салдым. Күн түске тармаса бастапты. Таулы өлке бөктері көкпеңбек. Аңғардан ақсаумал самал аңқылдай есіп тұр. Қарлы шыңдарда сынап сағым сырғанайды. Қарап тұрсаң бәрі де мөлдір, бәрі де таза әлем… Соның ең биігінде ұшар басы көгілдір кеңістікке сіңіп кеткен Хан Тәңірі менмұндалайды. Өзінің етегіндегі жандарды ол асқақтыққа, өрлікке шақырып тұрғандай.

 

2. ШЕКАРА

Нарынқол – тарихи оқиғаларға бай өлке. Сонымен бірге талай тамаша талант иелері өмірге келген жер де. Ал тамылжыған табиғаты ше?! Қойнауындағы қазба байлықтары… Сөз ретіне қарай бұл өңірдің тағы бір ерекшелігін де атап айта кеткен жөн. Ол осы Аспантау аймағының мемлекеттік шекара шебінде тұрғандығында. Иә, солай. Өзіміз сөз еткелі отырған өлке тәуелсіз Қазақ елінің Қытаймен, сосын Қырғызстанмен арадағы жер межесін айқындайтын оңтүстік шығыстағы шеткі нүктесі.

…Біз міне, осы жерде тұрмыз. Осы жер дегеніміз – шекара әскерлерінің жергілікті комендатурасы. Ол – Нарынқол ауылында орналасқан. Бақылау бекетіндегі кезекші жауынгердің хабарлауымен бізге беттеген аққұба өңді бойшаң жігіт өзін: «Капитан Сапархан Бейсенбаев», – деп таныстырды. Содан соң: «Сіздің мұнда келетініңізден хабардармыз. Іссапарыңыздың мән-жайын Алматыдағы шекара қызметі дирекциясы айтқан», – деді де ішке кіруімізді өтінді. Оның кеңсе ғимаратына жеткенге дейінгі айтқан алғашқы әңгімесіне қарағанда, жергілікті халық ауданның қайта ашылғанына ерекше қуанышты екен. Өйтпегенде ше! Осыдан 20 жыл бұрын жабылып, орталығы 100 шақырым жердегі Кегенге қосылған, жұмыссыздыққа байланысты тіршілік тауқыметінен адамдары жан-жаққа босып, алыс аймақтарға көшіп кеткен өңірде не береке болушы еді. Шүкір, енді соның бәрі оңалып, ретке келмекші екен. Оған дәлел, бір кездері осы жерден қоныс аударған жұрттың аудан ашылды деген хабарды естіп, ауылға қайта орала бастауы. Жақсылық нышанының бұдан кейінгі тағы бір белгісі Алматы облысындағы 14 ауданның қайтадан құрылып, бойын тіктеп жатқан Нарынқол өңіріндегі елді

мекендерге көмек ретінде балабақша, көпір, фельдшерлік-акушерлік орталық, көшелерді асфальттау мен электр желілерін тарту сияқты құрылыстарды өз күштерімен салып беруге кірісіп кеткендігі.

– Шекаралы өңірдегі тұрғын халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы, көңіл-күйі дұрыс болса, бұл біздің жұмысымыздың да оңға басуына игі ықпал етері анық, – деді жүріп келе жатып сөзін жалғаған Сапархан Төреханұлы. – Себебі, жоғарыдағыдай алғышарттардың нәтижесінде өз мәніндегі қалыпты моральдық-психологиялық ахуал орныққан мұндай жерде қылмыс пен тәртіпсіздік, оның көлеңкелі көріністері болмайды. Ал бұл, яғни, тыныштық мәселесі шекаралы аймақ үшін ең басты нәрсе. Содан соң, мемлекеттік маңызға ие осы өлкедегі адам ресурсы, оның көп, мол болуы да біздің шекара қызметі үшін үлкен күш. Тегеурінді тірек. Әрі арғы беттегі көрші елге сес, айбат. Сондықтан ауданның ашылып, өңірдегі адам мен техника қарасының көбейгені жақсы болды деп есептейміз.

Комендатура бастығының осындай әңгімесімен бас корпустағы саяси оқу залына қалай келіп қалғанымызды да байқамай қалыппыз. Әрі лекця кабинеті, әрі кітапхана, оған қоса музей деп айтса да болатын бұл мүйіс түрлі тарихи суреттермен дерек-мәліметтерге тұнып тұр. Оларды рет-ретімен баяндауды өз міндетіне алған застава комендатура бастығының орынбасары, майор Александр Ахырцовтың сөзіне қарағанда Нарынқол ауылындағы бұл шекара құрылымының тарихы 1921 жылдан басталады екен. Содан бергі ғасырға жуық уақыт ішінде мұндағы оқиғаларды бір мақалаға сыйдырып айтып жеткізу өте қиын. Мұны тек көзбен көріп, құлақпен естіп, тыңдау қажет. Қабырғадағы тізіліп тұрған сол деректердің арасынан біздің есте ұстап қалғанымыз, осы шекаралы өңірдегі 1920-1932 жылдарда Кеңес өкіметінің солақай саясатынан туындаған үркіншілік пен 1962-1976 жылдардағы көрші елде болғанмәдени революциякезіндегі мазасыз жағдай еді. Міне, солардың бәрі енді өткен күннің белгісі ретінде мына стенділерде үнсіз сыр шертіп тұр.

Жолбасшымыз бас корпустағы өзіміз сөз еткен саяси оқу залын аралатып болған соң, осындағы жауынгерлер казармасы мен олар

тамақтанатын асхананы көрсетті. Бұлардың бәрінде де тәртіп пен реттілік бірден байқалады. Оған терезе жақтаулары мен еден, баспалдақтардағы айнадай жалтыраған тазалықты қосыңыз. Ал қару-жарақ бөлмесі алдындағы кірпік қақпай тұрған қарауыл мен дәліздегі сымдай тартылған кезекші сарбаз үстіндегі қыры сынбаған су жаңа әскери киімдер ше?! Бәрі де сәнді. Жарасымды. Әрі ұнасымды.

Көңіл өсірер осындай әсермен сыртқа шыққанбыз. Сол сәтте көзіміздің застава алаңындағы қызыл гранитке түспесі бар ма?! Байқап қараймыз, мұнда ол жайдан жай тұрған нәрсе емес сияқты. Биіктігі 3 метрге жуық бұл дүмді, үлкен тас көне жәдігерге ұқсай ма, қалай? Ойымыз алдамапты. Жақындап келіп қарағанымызда, оның жоғарғы жағында патшалық Ресей заманындағы герб сұлбасы, ал ортаңғы тұста №2 деп қашалған цифр ізі байқалды. Сөйтсек бұл ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Шәуешек келісімі бойынша сол кездегі екі ел арасында тартылған алғашқы шекара шебінің белгісі екен. 150 жылға жуық уақыт бойғы патша, кеңес заманын басынан өткере мызғымай тұрған сол сынтас 1994-1997 жылдарғы жаңа үлгідегі қазақ-қытай жер межелеу жұмысы басталғанда, қазіргі халықаралық стандартқа сай ала бағанмен алмастырылған. Осыған байланысты елеусіз қалып бара жатқан ескі белгіні көрген шекарашылар оны өткен шақтың ескерткіші ретінде заставаға әкеліп қояды.

Майор Александр Ахырцов қарсы алдымыздағы қызыл гранит жәдігерге осындай түсініктеме беріп болған соң бізді застава аумағының шығыс жағына алып келді. Мұнда кинологтар базасы орналасқан екен. Иіс сезгіш, ізшіл, өжет те айбарлы, асыл тұқымды овчаркалар… Олардың шекара өміріндегі алатын орнын бұл жерде ежіктей түсіндіріп, айтып жатудың қажеті жоқ шығар, сірә. Бала кезіміздегі осы тақырыптағы «Мемлекеттік шекара», «Бәйшешектер гүлдеген жерде» атты кинофильмдерде көрген төрт аяқты бұл ақылды жануарлардың жасыл фуражкалы шекарашы иелерінен де артық ептілігі мен батылдығы таңдай қақтырмаушы ма еді. Енді міне, тәуелсіз Отанымыздың шебін күзетуші ұландарымыздың сондай сенімді

серіктерін қазір өз көзімізбен көріп тұрмыз. Мұнда бірнеше овчарка күтіп бағылады екен. Олар сержант Айбын Әкімхановтың жауапкершілігінде болып шықты. Кинолог оның айтуына қарағанда бұл ақылды жануарлармен жұмыс күнделікті күтімнен және ережедекөрсетілген дайындықтан тұрады. Алғашқысына тиісті тамақ рационын әзірлеп, оны уақытымен беруді қадағалау және ветеринарлық тәртіп-талап: ай сайынқан алып, инфекциядан қорғайтын укол салу, жуындырып, жатын орнын тазалап тұру сияқты жұмыстарды бақылау кіретін болып шықты. Ал соңғысына әскери нұсқаулықтағы ережеге сәйкес бұл овчаркаларды күн сайын із шалдыруға баулып, жаттығу алаңындағы түрлі кедергілерден секіртуге үйрету, күзет нарядымен бірге бейтарап аймақты бақылап қайтуға жіберу, қырағылықты күшейтуге арналған жалған дабыл операцияларына қатыстыру сияқты жұмыстар жатады екен. Осындай жүйелі іс-шара үдерістерінің арқасында бұл бағытта мұндағы қол жеткен нәтижелер жаман емес. Оған нақты мысал келтірер болсақ, 2018 жылғы көктемде өзіміз сөз етіп отырған кинологтар базасындағы «Кит» (аты белгілі себептермен өзгертіліп алынды – авт.)деген овчарка Шығыс өңірлік шекара әскерлері қызметі арасында өткізілген байқауда барлық сыннан сүрінбей өтіп, чемпион атаныпты. Бір застава үшін бұл жақсы жетістік. Үлкен көрсеткіш!

Нарынқол ауылында орналасқан жоғарыдағы шекара құрылымын көріп, оның тыныс-тіршілігімен танысып болған соң, Қостөбе заставасына бет алдық. Аудан орталығынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан бұл елді мекен қазақ әдебиетінің классигі Бекең, Бердібек Соқпақбаевтың туып, өскен жері. Жазушының «Балалық шаққа саяхат» атты атақты шығармасында өте көп айтылатын Қостөбе біздің бала кезімізде «Октябрьдің 40 жылдығы» кеңшарына қарайтын тауарлы-сүт фермасының орталығы еді. Кейін 90-жылдарғы аласапыранда қатты жүдеп, шал-шауқаннан басқа адам қалмаған-тын. Қазір, иә, қазір… Ауылдың кіре берісінен бастап байқап келеміз, жанды қимыл-қарекет бел ала бастапты. Оны тіршілік туын жықпай ұстап тұрған мұндағы 30 үй түтінінің түзу ұшқанынан байқауға болады.

– Бұл ауыл адамдарымен арадағы байланысымыз жақсы, – деді бізді бақылау бекеті жанынан қарсы алған Қостөбе шекара заставасының бастығы, капитан Бауыржан Бақтияров алғашқы аман-саулықтан кейін. – Жәрдем, көмек сұрап келсе, оны аяқсыз қалдырған емеспіз. Айтылатын өтініштер тіршілік қамына байланысты шаруалар ғой. Олар мәселен өзіміздің техника күшімен күзде қарттардың шапқан шөбін үйлеріне жеткізіп беру, қыста ауылға кірер жолды қардан тазартуға қолғабыс тигізу, көктем мен жазда аяқ астынан сырқаттанып қалған ауыл адамдарын аудан орталығындағы емханаға жеткізу сияқты көмек түрлері.

Бауыржанның әңгімесін тыңдап келе жатып, сөз арасында өзінен жөн сұрадық. Егемендігіміздің елең-алаңында өмірге келген тәуелсіздік ұланы екен. Орта мектепті бітірген соң Алматыға келіп әскери училище, одан кейін Шекара қызметі академиясында оқиды. Қолына диплом тиісімен Жаркенттегі Смирново заставасына жолдама алып, аталмыш құрылым бастығының орынбасары, одан Қалжаттағы Геопартия заставасының бастығы қызметтерін атқарады. 2017 жылдан бастап осында екен.

– Өлара уақыт, өтпелі кезең деп аталған 90-жылдардағы аласапыран шекара әскерлеріне де оңай тимегенін жақсы білеміз. Оны сол кездері ауылымызға еңбек демалысын алып келгенде осы жерден талай көргенбіз. Қазіргі жағдай қалай дедім?-дедім мен жоғарыдағы әңгімені тыңдап болған соң Бауыржанға.

– Иә, бұдан 18-20 жыл бұрынғы ондай жәйттерден хабарымыз бар, -деді ол. – Оны бізге кезінде осы заставадағы шаруашылық жұмыстарына келісімшартпен алынған ауыл адамдары айтқан. Жауынгерлік борышын өтеуге келген өндірдей жастар сонда етік жетіспегендіктен қыстың алғашқы айларына дейін бәтеңкелеріне обмотка орап жүріпті. Тымақ, малақай тапшылығынан қар түскенше бастарына пилотканы ілдалда етіпті. Ішетін астары да солай болған. Бірде бар, бірде жоқ дегендей… Ал қазір олай емес. Шекарашы сарбаздар күніне3 уақыт толық, 1 рет жеңіл ас мәзірімен қамтамасыз етілген. Жауынгерлердің жылы да ыңғайлы әрі жарасымды

қысқы, жазғы және күзгі киімдері туралы да осылай дер едім. Олар жыл сайын шыттай, су жаңа әскери форма комплектілерімен толық қамтамасыз етіліп келеді. Тоқетерін айтқанда, үкімет бүгінгі таңда шекарашылар алдына бір ғана міндет қойып отыр. Ол – тәуелсіз Қазақ елінің осы саладағы ұландары ештеңеге алаңдамауы керек. Мемлекет тарапынан жасалған жоғарыдағыдай жағдайға ие олар тек Отан шебін қырағылықпен күзетуі қажет деген талап.

– Дұрыс екен. Енді мына мәселе жөнінде бірер сөз. Ел егемендігінің алғашқы жылдарында басқа жерді қайдам, ал мына Нарынқол аумағындағы шекара заставаларының жауынгерлерін бір өңірден, осы Алматы облысы аудандарынан жасақтаған кездер болды. Мұндай жағдай сол уақытта ата-аналардыңбалаларын осында қайта-қайта іздеп келіп, ал әскери борышын өтеп жүргендердің үйлеріне себепті-себепсіз сұранып, біраз әбігер тудырғаны бар. Кейіндері де солай болып жүрді ме, қалай?…

– Жоқ. Бұл 1995-1997 жылдарға дейінгі жағдай ғой. Ол кездері әскерге шақырылғандарды республикамыздың түкпір-түкпірінен әкелуге жол шығынына қажет қаржы тапшылығы қолбайлау болған еді. 2000 жылдан бастап Отан шебін күзетушілерді әр аймақтан тартуға назар аударыла бастады. Бүгінде ол өзінің жарқын көрінісін тапқан. Оны осы Қостөбе заставасында Семей, Өскемен, Атырау, Ақтау және Қызылордадан шақырылып, жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген ұландардың қызметінен анық байқауға болады. Қазақ, орыс, татар және неміс ұлттарының өкілдері олар ұйымшыл әрі өте тату. Бізді міне, жастардың осы қасиеті қатты қуантады.

Капитан Бауыржан Бақтияровтың әңгімесін тыңдап,сөз арасында өзіміз қойған сұрақтарға лайықты жауап алғаннан кейін шеттегіқарауыл мұнарасына қарай бет алдық. Биіктігі 40 метрге жуық, жоғарыға тар баспалдақты сатымен көтерілетін, төбесінде фанер тақтайдан әдемілеп тұрып жасалған үйшік орнатылған ол былайғы ауызекі тілде вышка деп аталады. Наряд бойынша күзетке шыққан шекарашы жауынгер соның ішіндегі

треногаға орнатылған үлкен дүрбімен төңіректі шолып отыратын оны бүкіл застава атаулының эмблемасы немесе символы, тіпті паспорты десе де болады. Өйткені үлкенді-кішілі шекара бекеті бар жердің бәрінде оларды жоғарыдағыдай қарауыл мұнарасынсыз көзге елестету қиын.

Менің әу бастағы ойым міне, алдымда тұрған соған шығып, көрші ел жаққа көз тастау еді. Бірақ іштей одан тез бас тарттым. Көз алдыма 1985 жылдың көктемі елестеді. Сонда Нарынқолға дәл осындай іссапармен келіп, фототілшімен қосқанда екі-үш адам Иттөбедегі мұнара басына шыққанымызда, арғы жақтың абыр-сабыр болып, қатты әбігерге түскенін көргеніміз бар. Сол оқиға ойыма оралып, Бауыржанмен шекараны мұнара басында емес, іргедегі Текес өзенінің биік жарқабағында тұрып көре бастадық.

Ауылдың шетін бойлай 6 қатарлы тікенді сымтемір тартылған бір белдеу тұр. Бұл бейтарап аймақтың басталғанын білдіретін белгі. Соның іргесін бойлай ені 10 метрлік топырағы майдаланып тұрып жыртылған жер көрінеді. Ол абайсызда аттаған адам, аң іздерін тапжылтпай тап басып қалатын сақтық телімі. Міне, содан соң барып 12 қатарлы тікенді сымтемірмен оқтай боп тартылған біздің мемлекеттік шекарамыз көрінеді. Ал одан әрі, яғни арғы бетте ше? Қатырып тұрып жасаған, әрқайсысына тағы да бірнеше қатарлы сымтеміртартылған екі еңселі белдеу тұр. Жолбасшымыздың айтуынша бұл өз шебін мықтап шегендеген көрші елдің тірлігі екен. Соңғы кездері олар шекара мәселесіне өте қатты мән бергені соншалық, әрбір 700 метр телімгебір бейнебақылау камерасын орнатып қойыпты. Ультра күлгін түсті сәулелермен жабдықталған аппараттарға күн де, түн де, ауа райының жаңбыр-шашынды, тұманды сәттері де бәрібір екен. Ала бағанаға қонған құс немесе сымтемір арасынан өтпек болған қоян көрінсе, олар объективке сырт етіп түседі де қалады.

…Қостөбедегі шекарашылар өмірінің тыныс-тіршілігімен танысып болып, одан 30 шақырым жердегі Байынқол заставасына келгенімізде, күн екіндіге таянып қалған кез еді. Кеңсе ғимаратына ене бере бірден сондағы

музей мүйісіне бет алдық. Себебі таңертеңгі Нарынқол комендатурасындағы әңгімеде капитан Сапархан Бейсенбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таудағы Байынқол шекара заставасына арнайы келіп, ондағы жауынгерлермен кездескенінайтып қалған еді. Біздің ойымыз Мемлекет басшысының шекарашылармен жүздесудегі сол сапарынан мұнда бір белгі қалмады ма екен деген үміт. Иә, бар екен. Фотосурет! Шетіне: «1992 жыл. 8 тамыз», – деп жазылған түсірілімде Елбасы офицерлік құрам мен жас сарбаздардың ортасында отыр. Әскериборыштарын сол кездері осында өтеп, егемен еліміздің тұңғыш басшысының ел мен жер, қасиетті Отан туралы сөздерін тыңдаған мына өндірдей жігіттер қазір қайда, нендей жұмыс атқарып жүр екен? Олар өздерінің сол жап-жас қалпында тау арасындағы застава музейінде тарихи сәтке куә жандар ретінде тұрғанын біле ме?

Осындай оймен сыртқа бет алғанымызда бір орыс жігітінің қазақша сәлем беріп, дәліз шетіне тұра қалмасы бар ма?! Ішіміз жылып, аты-жөнін сұрауға ыңғайланғанымызда: «Қатардағы жауынгер Вениамин Акентьев. Ақтаудан келген. Әскери міндетін өтеп жүргеніне жарты жыл болып қалды. Үлгілі, ізетті сарбаз», – деді застава бастығы, аға лейтенант Жандос Сәруаров. Сөйтті де ол біздің өтінішіміз бойынша мұндағы атпен жүретін шолғыншылар наряды туралы айта бастады. Оларды, яғни, салт атты сарбаздарды мана жол бойындағы шекара телімінен көрген едік. Застава бастығының сөзіне қарағанда Байынқол өңіріндегі еліміз шебінің бір бөлігі техника жүре алмайтын таулы-тасты жерлермен өтеді екен. Сондықтан бұған атты жасақ қажет. Осыны зерттеп, талдаған Шығысөңірлік шекара әскерлері қызметі республикамыздың Зайсан, Катонқарағай, Нарынқол, Қарқара аумақтарында атты нарядтың қажет екенін түсініп, оны өздерінің жұмыс жүйесіне енгізген.

– Мініс аттарын қайдан, қалай таңдап аласыздар? Бұлар осы жергілікті тау жылқысының тұқымы ма? – дедім мен қорадағы түр-түсі жұпыны, тұрқы кіші қылқұйрықтарға көз салып тұрып.

– Жоқ. Біздің сарбаздар мініп жүрген аттар Күршімнен әкелінген. Оларды іріктеп, мемлекеттік тапсырыспен сатып алу тек сол бір ғана жерде, Шығыс Қазақстан жақта жүргізіледі.

Жандосқа қойған соңғы сұрағымыз қалтарысы мен бұлтарысы мол осы таулы өңірде кейінгі уақыттары қандай да бір оқыс оқиға, кездейсоқ жәйттер ұшырасып қалған жоқ па деген сауал болды. Ол бұған өзінің біз сөз етіп отырған Байынқол заставасына басшылық етуге келгеніне көп болмағанын, содан бері ешқандай шекара тәртібін бұзу фактілері орын алмағанын айтты. Сөйтті де Нарынқол шекара әскерлері комендатурасы бастығының орынбасары, майор Александр Ахырцовтың 2018 жылы көктемде мұнда қызмет етуге келген жас сарбаздармен танысу кезіндегі саяси сабақта сөз еткен екі жәйтті әңгімелеп берді. 2000 жылдардың басы мен ортасында Қытайдан біздің жақтағы тау беткейлерінен дәрілік шөп жинаушылар, Қырғызстаннан Хантәңірі етегіндегі Жарбұлақ алтын кенінің рудаларына қызығушылар тобы бой көрсетіп қалып жүріпті. Бертін келе біздіңшекара қызметі жұмысының жанданып, жақсы жолға қойылуына байланысты әлгі келімсектер қарасын батырған. Бұл – бір. Екінші жағдай поляк альпинистерітуралы оқиға. 2011 жылғы жазда олар Хантәңірі шыңына шығу үшін соның іргесіндегі Жарбұлақ лагеріне осы Байынқол заставасы арқылы өтеді. Бес күннен кейін шекарашыларға: «Олар жоғалып кетті», – деген хабар келген. Застава дүрк көтеріліп, сай-сайды сүзген бойы Мәрмәр қабырғаға жетеді. Бесеуінің де қоналқаға деп тіккен шатырлары тұр. Ал өздері жоқ. Іздеу жұмыстары ай бойы жүреді. Нәтиже болмайды. Кейін Польшадан келген арнайы топ оны жыл бойы жалғастырып: «Олар мұз жарығына түсіп кетіп, іздерін жауған қар басып қалған», – деген тұжырым жасайды.

…Тау. Түн. Айлы аспан. Біз шекараны бойлап, Нарынқолға қарай келе жатырмыз. Аңғардағы асау тау өзенінің алыстан құмыға шыққан үні болмаса, төңірек тып-тыныш. Әрбір 15-20 шақырым жердегі қарауыл мұнаралары, ондағы кірпік қақпай күзеттетұрған жауынгерлердің қол фонарларымен жылт-жылт еткізіп белгі беруін көрген сайын ойыма осы өңірдің аяулы

перзенті, поэзия мұзбалағы, ақын Мұқағали Мақатаевтың «Шекарада» атты дастанындағы өлең жолдары орала берді. Ол: «Міне, мен Отанымның шетіндемін. Тыныштық. Өтуде түн, өтуде күн. Қасиетті жерімді қарауылдап, Қайыспай күзетуге бекінгенмін. Мен, міне, Отанымның шетіндемін. Маған жер жоқ, Отан жоқ әрі қарай, Әрі қарай мекен жоқ жаныма жай. Осы жерден шығады күнім менің, осы жерден атады таңым арай»,– деген қос шумақ еді.

Құлағымда тентек тау өзенінің гүрілі. Ойымда ақын ағаныңел шеті, Отан шебі туралы жыры. Ал, жанарымда, иә, көз алдымда түнгі тыныштыққа ұйыған атамекен келбеті. Осы көрінісінде туған жер бейбіт күнмен тыныстап, бейқұт өмірге бөленіп тұр. Әманда солай болғай!..

 

3.СЫРТ

 

– Қап.., – деді Күреңбел асуына көтеріле бергенімізде күйгелектене тіл қатқан орманшы Дүйсенбай. – Жо… Жоқ. Бара алмаймыз… Бүгін өту қиын бұл жерден.

– Неге?

– Төменде шекарашылар жүр.

«Әттеген-ай!.. – дедік мына сөзді естігенде ішімізден біз де. – Сонша жерден келіп тұрып… Қарашы енді… Қодас баққан қырғыздарды көре алмайтын болдық-ау».

Сөйттік те көліктен түсіп, төменге көз салдық. Алқам-салқам тау бөктеріндегі кең аңғар. Оны бойлай аққан дүлей де долы өзен. Адуындылығы соншалық, арқыраған үні асудағы бізге анық естіліп тұр. Соның бер жағындағы жазықта бір нәрсе қарауытқандай ма, қалай? Байыппен бағдарлап қарасақ, қарағайдан қиып салынған аңшылар үйі екен. Бала кезден білеміз, бұл біз жақ – Қазақ елінің Хан Тәңірі аумағындағы ең шеткі нүктесі. Ал өзеннің арғы қабағында… Иә, онда ше? Әскери киімді екі адам астындағы аттарын жүре шалдырған күйі өрге қарай аяңдап кетіп барады. Ол – Қырғыз жұртына қарасты жер. Көзімізге көрінген анау екеу сол елдің шекарашылары.

Ертеректе Сырт жайлауы деп аталатын бұл өңірде бәрі басқаша еді. Жаз шыға бере екі жақтың малшылары мұнда асыға көшіп келетін. Сөйтетін де бір-бірімен қауқылдаса қауышып, қоңыр күзге дейін мына аңғарды көкпар мен бәйге дүбіріне бөлеп жататын. Сонда ғой, шөп шабатын бригадаға көмекке келген мектеп оқушылары біздердің қонаққа шақырылған ағаларымызға ілесіп, қырғыздардың қодас фермасына баратынымыз. Ол анау тұрған Құзғынұя текшесінің үстіндегі алаңқайда-тын.

Арала көп жылдар өткенде… Иә, жарты ғасырға жуық уақыттан соң… Болмысы мен бітімі бөлек осы таулы аймақ есімізге түскен. Мұндағы көз жанарыңды суырып әкетердей сұлулыққа ие шырышы бұзылмаған тұмса табиғат оқтын-оқтын ойымызға орала берген. Сөйтіп оның тылсым күшке толы төскейлері түсімізге еніп, сынап сағым сырғанаған сілемдер сиқыр күшпен өзіне тартқан да тұрған. Әсіресе өздерін қырғыздармыз дейтін сартқалмақ тайпасы, олардың бала күніміздегі есімізде сақталып қалған ерекше салт-дәстүрлері мен аталмыш аймақта бұлардан басқа ешкім айналыспайтын қодас шаруашылығы… Астанадан ауылға аңсарымыз ауғанда: «Шіркін, сол Сырт жайлауына тағы бір рет барсақ, көрсек», – деп армандайтынбыз. Сөйтіп жүріп ақыры биылғы жаздағы жолға шыққан бетіміз ғой. Бірақ, амал қанша, аяқ астынан бәрінің де өзгеріп кеткені. Бұған себеп: екі ел арасына ала баған орнатылғалы бері анда-санда жүріп өтетін көрші мемлекет шекарашыларының патруль күніне тап келгеніміз еді. Әйтпегенде…

…Ойға алған жоспарымыздың орындалмай, қабағымыздың кірбің тартқанын байқаған Дүйсенбайда маза жоқ. Көңілімізді аулау үшін ол бізді біресе асудың Қытай жақ бетіндегі Тұйықаша шатқалына, келесіде сонау Хан Тәңірі баурайынан бастау алатын екі-үш өзеннің ерекшелігіне назар аудартумен әлек. Оның алғашқысын біз білетінбіз. Бұл осы өңірдегі 1928-1932 жылдардағы аласапыранға қатысы бар әңгіме-тін. Атап айтқанда тау нояны Мергенбай батыр елді қызылдарың қырғынынан құтқару үшін оларды шекараның арғы бетіне алып өтуге бел байлайды. Сол оймен көшті Қақпақ аңғарымен жүргізіп отырып Сулысайға жетеді. Одан ешбір шығынсыз Тұйықаша шатқалына өтеді. Ақырында Асутөрге аяқ басқанда аттап жүре алмас ақ қар, көк мұзға тап болады. Бұл қиындықтан шығу үшін батыр көштегі еркек кіндіктінің бәрін беткейге жауып жіберіп, оларды жалғыз аяқ жол сұлбасын жасауға жұмылдырады. Сөйтіп қасат қардан аршылған мұзды жер үстіне қарағайдың қордасы мен киізден жасалған мүлік-мүкамалды аямай төсеттіреді. Сол арқылы мал-жан атаулының бәрін қияметтің қыл көпіріндей соқпақпен аман-есен өткізіп, қуғыншылардан құтылып кетеді. Мұны ертеректе біз «Тянь-Шаньның ковбойы» атты мақаламызда егжей-тегжейлі жазғанбыз. Тарихи- көркем фильмге сұранып-ақ тұрған тақырып…

Ал орманшының тау өзендерінің ерекшелігі жөнінде айтқан екінші әңгімесі назар аударарлық нәрсе дер едік. Бұл бұрын біз естімеген тың дерек. Соны мағлұмат. Дүйсекеңнің сөзіне қарағанда мұндағы шың-құздан құлай аққан сулар түсінің көгілдір болуы оның құрамында алтын қиыршықтары бар деген ұғымды білдіреді. Бұл жай сөз емес, әлмисақтан бергі әңгіме. Оған жүгінсек, сонау патша заманында мұндағы тау қазақтары Хан Тәңірі баурайындағы өзендерде бар алтын құмын Сібір тайгасындағы немесе Америка аляскасындағы старательдер секілді өндіріп отырған. Атап айтқанда ол сондағы құм-тастарды сарқырамадағы науаға жуу және иірімдерге құрым киіз тастап барып алу дер едік. Мұндағы бірінші, яғни, науамен жұмыс істеу тәсілі жұртшылыққа жақсы таныс. Ол Мамин-Сибиряк пен Джек Лондон шығармаларында жеткілікті жазылған. Ал екінші әдіс… Бұл нендей нәрсе? Жолбасшымыздың түсіндіруінше бабаларымыз өзеннің су айналып ағатын мүйістеріне киіз текеметті шым-шым батырып, ағыс алып кетпес үшін шеттерін таспен бастырып тастайтын болған. Содан белгілі бір уақыт өткенде оны иірім түбінен қалқыта алып шығып, жиекке әкеп сорғытқан. Осыдан кейін кепкен киізді тақыр жердегі арнайы жайылған қара мата үстіне төңкере қаққанда, оның бетіне құм секілді ұсақ алтын қиыршықтары жылтырай түсіп отырған. Осылайша жергілікті қазақтар тау өзені суындағы өздері жайған текемет не туырлықтағы жүн қабаттары ұстап қалған бағалы металдың ине жасуындай шөгінділерін асқан төзімділікпен мысқалдап жинаған. Ғажабы сол, жоғарыдағыдай өте қиын қарекетпен өндірілген алтын құмын сақтау да оңай емес екен. Сондықтан ешқандай мата түрлеріне тоқтамайтын оны бабаларымыз артель кеңсесіне ірі қара терісінен тігілген кішкентай былғары дорбаларға салып апарып өткізетін болған.

Тянь-Шаньның Сырт, Байынқол аңғарларындағы көгілдір сулы өзендер- де кездесетін алтын қиыршықтары туралы әңгіме мәнісін осылай десек, енді оның мына біз тұрған жер үсті – тау жүлгелеріне қатысты айтылар сөз тіпті бөлек. Соның бірі мәселен сонау 1941-1945 жылдарғы соғыс кезіндегі елдің қорғаныс қуаты қажеттілігі үшін ашылған Жарбұлақ алтын кені. Тау жүлгелерінен табылуы мен алынуы тез оның сол кезде қандай зор маңызға ие екенін бір-ақ нәрседен байқауға болатын. Ол – аудан орталығы Нарынқолдан Хан Тәңірі етегіндегі Мәрмар қабырғаға дейінгі ит тұмсығы өтпес ну орман мен жойдасыз тау-тасты бұзып-жара отырып салған 74 шақырымдық күрежол. Егер аса бір күйіп тұрған қиын іске керек етілмесе мемлекет сол кездері мұндай қадамға бармас еді. Демек солай болған ғой. Сөйтіп оның пайдасын алғашында аталмыш рудниктегі кенші, геолог, шофер қауымы көрсе, одан кейінгі 75 жылда ол жайлаудағы шопандар мен қарағай дайындаушы бригадаларға, шыңдарға жорыққа аттанған альпинистер мен шекара заставаларындағы жауынгерлерге мінсіз қызмет көрсетіп келеді. Ал ГРП деп аталатын геологиялық барлау партиясы бекетінің биік беткейіндегі соғыс жылдарында үңгіп салынған забойлар ше? Жарты ғасыр үнсіз тұрып, жұмысы осы бертінде ғана қайта жанданған оның штректерінде жоғарыда айтылған қаһарлы кезеңде 150 жұмысшының төрт ауысымымен күндіз-түні тынбай еңбек еткенін қазір ешкім білмейді. Бұл тек архив сөрелеріндегі шаң басқан қағаз беттерінде ғана сақталып қалған сирек дерек. Олардың 1941-1945 жылдардағы, яғни батыста жүріп жатқан соғыс уақытында жұмыс істеген ата-әкелеріміздің қатарында бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған 16 жастағы жасөспірім, болашақта қазақ әдебиетінің классигі атанатын жазушы Бердібек Соқпақбаев та бар-тын. Кейін атақты қаламгер өзінің көптеген туындыларында иен таудағы осы Жарбұлақ алтын кенін, ондағы суық та сұрқай барак үйлері мен күнгейдегі қауіпті қия жолмен руда тасыған жерлестерінің азапты өмірін асқан бір аяушылық сезіммен жазған еді. Оны әсіресе Бекеңнің «Өлгендер қайтып келмейді» атты өмірбаяндық трилогиясындағы бірінші кітап тарауларынан анық байқауға болады.

…Асу үстінде міне, жоғарыдағы жәйттерді сөз етіп тұрғанымызда төңіректі тінткілеп жүрген жолбасшымыз іздеген жоғын тапты-ау деймін, бізді өзіне қол бұлғап шақырғандай болды. Сөйтті де іле-шала: «Тыныш… Қозғалмаңдар!» – деген ишарамен қалт тұра қалды. Бұған себеп: төбеміздегі төніп тұрған жақпартас жақтан шыққан үн еді. Шиқылдаған белгісіз дыбыс, бөгде құс даусы.

– Ұлар! – деді қуана тіл қатқан Дүйсекең. – Білесіңдер ме, мұны?

– Жоқ. Естігеніміз болмаса, көрген емеспіз.

– Ендеше бері қараңдар. Мен анау қырға барамын да үркітемін. Сонда оны көретін боласыңдар.

Осылай деген ол жоғарыға қарай адымдай жөнелді. Қия беткейді өрлеп, бізден 150 метр биіктікке көтерілгенде, қалың тобылғы арасынан әлдебір құстар бой көрсете бастады. Түрлері қоңыр мен сұр түс өңдес. Бір көрген жан оларды беткейдегі бозғылт тастардан ажырата алмай қалары анық. Пошымдары да бөлек. Үлкенді-кішілі дегендей әртүрлі. Біреуі аталығы немесе аналығы, екіншісі осы көктем мен жазда өсіп жетілген балапандары ма деп ойлайсың. Байқағанымыз, көп ұшпайды екен. Өрге қарай зымырай жорғалап барады. Осы кезде… Иә, оларға Дүйсекең таяй берген уақытта қалың қорымтастардың арасынан бір ұлардың көкке көтерілгені! Дене тұрқы кіші жабайы қазға ұқсай ма, қалай?.. Ғажабы сол, шоқыдан ұшып шыққаннан бастап ол қанатын қақпады. Құдды бір парашют дерсің. Көк жүзінде қалқыда да отырды. Сөйтіп аңғардың қарсы бетіндегі арша арасына барып қонды.

Жолбасшымыз күнгейден түсіп, жанымызға келгеннен кейін ұлар құстың қимыл-қарекетіне қызыққан біз ал кеп оны нөпір сұрақтың астына алдық дейсіз. Дүйсекеңнің соларға қайтарған жауаптарынан ұққанымыз: бұл қанаттылар өкілі еш уақытта етекке түспейді екен. Таудың ұшар басында ғана жүреді. Қорегі беткейден жиі-жиі көшетін қорымтастар арасындағы аң-құс аяғы тимеген алаңқайдағы ұлар шөп пен тау шайы атты өсімдік, сондай-ақ тобылғының гүлді жапырақ сабақтары және арша діңінен шығып, сол ағаш қабығына пышақ қырындай ғана боп жиналған сөл майы. Ара-тұра құз-қиядағы қалақтастар арасындағы қыналарды да шоқып қояды дейді. Онда да олардың бәрін емес, кейбіреулерін ғана. Ал қыс кезіндегі күн ашықта бұл құстар таутекелер тобының артынан ілесіп отыратын болып шықты. Себебі ол аңдар қарды бұзып, жылқы сияқты тебіндемесе де соған ұқсас әрекет жасап, шиырлай жайылады екен. Міне, ұларлар сондағы із түсіп, ашылған жердегі бұта, шөп арасынан өз нәпақасын тауып жеуді инстинкті түрде жақсы меңгерген.

– Ұлар – өте сақ құс, – деді сөз етіліп отырған тақырыпқа байланысты біздің ерекше қызығушылығымызды білгеннен кейін шешіле сөйлеген орманшы. – Ол адамды 1-1,5 шақырым жерден-ақ байқап, шиқылдай бастайды. Жақындай түссең, одан әрі мазасызданады. Сөйтіп бүкіл тобымен мүлгіп тұрған тауды у-шу қылады. Қазақта: «Ұлардай шулады», – деген сөз бар емес пе? Бұл соған орай айтылған ба деп ойлаймын. Содан соң ол ешкімге ұстатпайды және қолға да үйренбейді. Ақиқатын айтсам, алпыстан асқан осы жасыма дейін айласын асыру арқылы оны аулап алған аңшыны көргенім жоқ. Егер қапелімде мылтық оғынан топшысы үзіліп, аяғы сынған, соның кесірінен ұша да, жүре де алмай амалсыз қолға түскен ұлар болса, ол көп өмір сүрмейді. Тез өліп қалады. Қасиетті құс қой. Серті солай. Әйтпесе зоопарктерде ұлар неге жоқ? Себебі – жоғарыдағыдай.

Осылай деген Дүйсекең сөзінің соңын төмендегідей әңгімемен аяқтады. Өзіміз сөз етіп отырған құстың қанаттары о бастан өте қысқа жаратылады екен. Сондықтан ол көп ретте ұзындығы 40-45 сантиметрлік, салмағы 2-2,5 килограмдық дене тұрқына сай тепе-теңдікке қол жеткізе алмай, еркін ұшып-қонуға орашолақтық танытатын болып шықты. Оның көк жүзіне сирек көтеріліп, қанатын қақпай қалықтауы міне осындай жағдайға байланысты сияқты. Бұдан өзге аналығы 4-8-ге дейін жұмыртқа тауып, бір ай мөлшерінде балапан басып шығаратын ұлар етінің емдік, адамға күш-қуат берерлік қасиеттері де назар аударарлық. Ол иен таудың ешкім аяқ баспаған жерлеріндегі сирек өсімдіктер бойындағы дәрумендер нәтижесі ғой. Сондай-ақ ұлар онша семіз болмайды екен. Оның етінде май өте аз мөлшерде кездеседі дейді әңгіме иесі. Мұны: «Бұл құстың тыным таппайтын қозғалысына, атап айтқанда қиядан қияға жорғалап жүретін мазасыз қимылына байланысты жағдай», – деп түсіндірді ол.

– Мана сіз осы төңіректен бірдеңені іздеп тауып, оны көрсетуге ишара жасап шақырғандай болып едіңіз, – дедік біз көлікке мініп, қайтуға жиналып жатқанымызда. – Сол кезде ұлар шиқылдап… Назарымыз соған ауып кетті емес пе? Ал ол…

– Е, мұны жақсы еске салдыңыздар. Бұл мына нәрсе. Жүріңіздер көрсетейін.

Осылай деген орманшы беткейге келіп, бір шөпті түбімен жұлып алды. «Бұл – сарыкүйік, – деді. – Осы Сырт аймағында ғана өседі. Басқа жерде жоқ. Көріп тұрсыздар, бәкене бойлы, сирек ақшыл сары ноқат гүлі бар, бір-бірімен тұтаса өскен елеусіз шөп. Мұны жылқы керемет сүйсініп жейді. Қыстан азып шығып, ал көктемде бұған аузы тиген қылқұйрық атаулының қай-қайсысы да тез қунап шыға келеді. Желідегі сауым арасында сарыкүйікке жайылған биелердің қымызы да күшті. Ұйқыңды келтіріп, ұрып жығады.

Дүйсекеңнің мына сөзін естігенде көз алдымызға жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров елестеді. Ол кісі 1927 жылы атақты Қарқара жайлауына келіп, осы өңірді түгел аралаған. Нәтижесінде «Жетісу суреттері» атты бірнеше циклдан тұратын поэзиялық туындыны өмірге әкелген. Сонда «Жер түгі» деген тарау бар. Мұны бөле-жара айтып отырғанымыз, 54 жолдық осы өлеңде Кеген, Нарынқол өңірінде өсетін 90-нана астам ағаш пен өсімдік түрлерінің аттары аталған. Солардың қатарында қазір мына біз тұрған Сырт жайлауындағы сарыкүйік те бар. Атап айтқанда мұны қазақ өлеңінің хас жүйрігі: «…Биікте бітед шөптен сарыкүйік, Тістеніп жатыр жұлып мал сүйсініп. Қымызын сарыкүйіктің ішеміз деп, Албандар жайлайды екен құстай биік», – деп төгілтеді. Сол өсімдік міне, осы. Мұны  қазір көп ешкім білмейді. Бұлай дейтініміз, кеңестік кезеңді қойшы, оның аты тәуелсіздіктен бері жарыққа шыққан көп түсіндірме сөздіктердің өзінде жоқ. Ғалымдар енжарлық танытқан немесе ұмытқан. Сондықтан Жетісу жеріндегі ерекше бір өсімдіктің атын атап, түсін түстеп, қағаз бетіне қалдырып кеткен Ілияс ағамызға «Рахмет!» – дейміз.

Осыны ойлап асудан төмен түсіп келеміз. Мақсатымыз – аңғарды бойлап кері қайту. Жолшыбай орманшы досымыз көрсетуге уәде берген бір жерге соғып, сондағы өте сирек табиғат туындысын тамашалау. «Ол не нәрсе екен?» – деп қоямыз ішімізден. Өстіп отырып үлкен Қақпақ өзеніне келдік. Оны жағалаған күйі Бозымбай сайы бұрылысына жеттік. Сәлден соң Атабайдың ақ тасынан өттік те Сарықолатқа жете бере көліктен түстік. Сөйтіп шығыс жағымыздағы жолбарыс жонды жота үстімен өрге қарай жаяу тарттық.

Осы кезде күнгейден «әңгүшік-әңгүшік» деп суыр шәңкілдеді. «Бар екен-ау, таудың бейкүнә мақұлығы. Жоғалып кетпегеніне шүкір!..» – дедік Дүйсенбайға қарап. «Иә, бар, – деп тіл қатты біздің таңданысымызды түсінген ол. – Бұрынғыдай болмаса да қайтадан өсіп-өне бастады ғой». Сөйтті де бұл жағдайды білмейтін біздің жанымыздағы «National Geographic» журналы жігіттеріне оның тарихын айтуға көшті. «60-жылдары, – деді, – Мәскеудегі ғылыми-зерттеу институттарының бірінен жіберілген арнайы бригада осы Сырт жайлауына келді де шатырларын тігіп тастап, жаз бойы жатты да қойды. Тірліктері – сай-саладағы суыр індеріне дәрі тастау. Момын мақұлықты өлтіру. Қыру. Себебін сұрағандарға айтатындары – бұлар оба ауруын таратады, сондықтан осылай істеп жатырмыз деген уәж. Аталмыш науқанның етек алғаны сонша, кейін жоғарыдағы бригадаға өз адамдары жетпей, олар бұған жергілікті жердегі қолы бос зейнеткерлерді жалдай бастады. Осылайша айналасы 4-5 жылдың ішінде Сырт жайлауындағы күнгейлерде еш алаңсыз жүрген бейкүнә мақұлық көрінбейтін, даусы да естілмейтін болды. Оларды орталықтан келген ғылыми-зерттеу мекемесінің мамандары неге жойды? Үкімет жоғарыдағы әрекетті бірнеше жыл бойы неге тоқтатпады? Оған сол кезде де, одан кейін де жауап болған жоқ. Тек ел-жұрттың ұзынқұлақтан естігені: «Ешқандай да обаның алдын алу емес. Сол уақытта жаңадан бір дәрі-препарат табылған екен. Соны мамандар суырлар арқылы сынақтан өткізіп көріпті», – деген күңкіл сөз ғана. Жарайды. Өткен оқиға өзімен кетсін. Арада көп жылдар өткенде суырлардың қайтадан өсіп-өніп, дауыстарының жарқын-жарқын шыққанына шүкір дейік. Иә, барға қанағат. Ал.., жоққа салауат.

Осыны айтқан жолбасшымыз кезекті бір төбеден асып түсіп, келесісіне қарай көтерілгенімізде, қысқа-қысқа тағы екі хикаяға ерік берді дейсіз. Оның алғашқысы 2500-3000 метрлік биіктіктен төменге көз салғанымызда байқалған ойдым-ойдым қара жерлер еді. Ерте замандағы қыстау орындары ғой. «Баяғыда, орыс пен қытай саудагерлері, мұнда келмей тұрғанда, – деді соларды нұсқаған орманшы, – аңшы бабаларымыз өздеріне қажет мылтық оғының дәрісін 40-50 жылдық ескі қой қоралары астынан алатын болған. «Қалай?» – дейсіздер ғой. Өзіміз қыста отқа жағып жүрген көң қабаты бар емес пе? Алдымен олар міне, соны қопарады екен. Оны текшелеп, басқа жерге үйген соң соған ұқсас, бірақ көптен бері жиналған сары суға шыланған екінші жер қыртысын аршуға кірісетін болып шықты. Осыдан кейін үшінші кебу қи қабатына жеткенде, оның табанында құмшекер сияқты аппақ тұз ұнтақтары құп-құрғақ күйде жататын болған. Аңшылар міне, соны өздері білетін әдіспен жинап алып, одан мылтық дәрісін жасаған. Ол ақжол деп аталған.

Хо-о-ш, енді екінші әңгімеме көшейін. Бұл мына қарсы қапталдағы ақ тасты шоқыға қатысы жәйт. Өткен заманда мұнда Атабай атты қырғыз аңшысы өмір сүріпті. Ол мергендігінде шек жоқ өте қырағы адам екен. Міне, сол кісі бір күні Сырт жайлауының теріскейінен үлкен таутекені атып жаралайды. Соны қуа-қуа осы маңайға келгенде ақ бұршақ аралас жаңбыр жауып, құз-қия атаулының бәрі ақша қарға оранғандай болып шыға келеді. Осы мезетте аңшы өзі ізіне түсіп келе жатқан таутекені жақын мүйістен көріп қалады. Жараланып, әбден әлсіреген жануар екі бүйірін соға дамылдап тұр екен. Сол сәтте оны қарауылға алған Атабай алға аттай бермей ме?.. Бірақ қапталдағы ақ тас пен оны жапқан ақ бұршақтан ештеңені ажырата алмай қалған аңшының аяғы оқыстан тайып кетіп, құздан ұшады да кетеді. Сөйтіп оның беткейдегі әр тасқа бір соғылған денесі етектегі сай табанынан барып шығады. Содан бері мына шоқы Атабайдың ақ тасы аталып кеткен екен».

Осы оқиғаларды айтып бола беріп: «Міне, келдік! Анаған қараңыздар!» – деген Дүйсекеңнің қуанышты үнін естіген біз ол нұсқаған жаққа жалт қарадық. Сөйтсек… Сенейік пе, сенбейік пе?!. Алдымызда алып жартас тұр. Ол таудың қыр желкесіне міне орналасыпты. Ғажабы сол, ақ тастан құралған оның қабырғасының ортасы үңірейген тесік. Үлкен ойық. Одан көк зеңгір аспан мөлдірей көрініп тұр. Кәдімгі қақпа.., иә, аспан қақпасы! Немесе көк жүзіне көз тігер табиғат терезесі дерсің мұны. Сонда бұл қай заманда өмірге келген? Және оны кім тесіп жасаған? Адам ба, жоқ әлде табиғаттың өзі ме?

– Бұл жерді ешкім білмейді, – деді орманшы. – Өйткені орналасқан жері өте биік, жүретін жолы да қиын тау сілемі ғой. Суретке жақсылап түсіріп алыңыздар. Себебі елге әлі беймәлім жер болғандықтан, фотосы да газет-журналдарға шыққан емес.

– Солай деңіз. Жартастағы тесік… Анау ойықты айтамыз да. Ол неден пайда болған? Соны білесіз бе?

– Бұл сан жылдар бойғы батыстан соққан жел мен жауынның әсері. Басқа ештеңе де емес. Көріп тұрсыздар, жартас биік тау қыраты үстінде орналасқан. Ол Тянь-Шаньдағы күз бен қыс және көктемнің алғашқы айларында пайда болатын өкпек желдің өтінде тұр. Екпіні адамды ұшырып әкетердей күшке ие ол өзіне кесе көлденең тұрған тас қабырғаны мүжіп, теспегенде қайтеді. Бұл күндер мен айлар және жылдар бойғы әрекет емес. Ғасырға тең уақыттың әсері.

…Таудан төмен түсіп, қайтуға жиналдық. Ойымыз ояу. Көңіліміз тоқ. Жүзіміз жадыраңқы. Жүрісіміз де ширақ. Бұған себеп о бастағы жоспарымыз жүзеге аспағанымен, оның орнын орманшы жерлесіміз Дүйсенбай Сіләмжанұлының Сырт аймағы туралы бүгінгі айтқан тың да соны деректерге толы әңгімелері мен табиғаттың тосын құбылыстарын көрсеткен жерлерінің әсері. Солар бәрін артығымен толтырғандай. Иә, Таянь-Шаньдағы бір асу, бір аңғар. Оны бойлай аққан бір өзен. Және солар орналасқан бір тау жүлгесі. Осылардың өзінде жоғарыдағыдай қаншама сыр жатыр. Ал Нарынқол атты аруақты аймақтың бұдан басқа Байынқол, Қайшы, Ойқарағай атыраптарында қаншама құпия жатыр десеңізші… Алдағы уақытта Алла енді сол жерлерді көруімізге жазсын дейік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *