ШАЙ ҮСТІНДЕГІ ӘҢГІМЕ
Құдияр БІЛӘЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері
Мұхтар Шахановтың поэзиясы, қоғамдық жұмыстары, азаматтық ұстанымы жұрттың бәріне аян. Ал жеке өмірі, бала-шағасы, дос-жарандары, олармен қарым-қатынасы, өзге де көпшілік біле мермейтін Мұхаң өміріне қатысты әрқилы жағдаяттар Құдияр Біләлдің “Шай үстіндегі әңгімесінде” ашық айтылады. Ұзақ жыл Мұхтар ағамызға орынбасар болған Құдияр Біләл шай үстіндегі әңгімені өз көзқарасы бойынша өрбітіп отырады. Ендеше, бірге оқылық.

***
Мұxаңның ән әуенін есте сақтау қабілетіне тәнті болғанмын. Сірә бұл әнді ыңылдап шығаратындарға тән мінез-ау деймін дә. Мәселен өз басым Шәмші ағамыздың «Егіз мақта» әнін ешқашан естіген емеспін. Сол сияқты Шәкеңнің «Келін келдісі» де көп орындала бермейтін әндер санатына жатады. Арада қанша жыл өтсе де сол әндер әуенін Мұxаң жаңылмай дөп басады. Сондай «ұмытылып кеткен» екі-үш әннің өмірге қайта келгеніне өз басым бірнеше рет куә болдым. Соның бірі, Ш. Қалдаяқовтың «Өмір өзен» әні. Қазір жиі айтылады. Болмаса бұл ән де ұмытыла бастаған болатын. Мәселе мәнін түйсіну үшін әуелі осы әннің қайырмасын бірге айтып көрелік:
«Жылдар —
Өмірдің өзенімен
Ағады кезегімен.
Сенсің — көңілі ашық,
Менің ғашық ғасырым.
Ертеде де кеште,
Тұрасың сен есте,
Мен өшсем де, өшпе, асылым».
Соңғы үш жол екі рет қайталанады. Міне, осы біз білетін «Өмір өзен» әнінің қайырмасы да, сол қайырмадағы әуен де Мұxаң тарапынан қайта жазылған. Болмаса бастапқы әндегі қайырма екі-ақ жол болатын. Оның қандай жолдар екенін қазір ешкім білмейді де. Сондай-ақ «Бұл әнде жарым-жартылай болса да менің де үлесім бар еді» дегенді Мұxаң да айтқан емес. Ол кісі тек әннің қайта жанданып кеткеніне қуанды. Мұxаң сонымен қатар «Келін келді» мен «Арқалықтың ақ таңына» да жаңа леп берді. Қазір Жұбаныш Жексенұлы орындап жүрген «Арқалықтың ақ таңының» сөзінде де, әуенінде де өзгеріс бар.
Біз қазір сол өзгеріске түскен нұсқасын тыңдап жүрміз. Мұxаңның мұндай қадамға әлгі әндерді қалай да өлтірмей сақтап қалу үшін барғанын біз жақсы білеміз. Ал оның нәтижесі — бүгін біз тыңдап жүрген әндер.
Біз осының алдындағы шәй әңгімелерінің бірінде Ш. Қалдаяқовтың «Сыр сұлуы» әнінің сөзін жазуды Мұxаң Зейнолла Шүкіровке ұсынғанын тілге тиек еткенбіз. Зейнолла ағамыз ол әнді бастапқыда «Он алты қыз» деп атағанымен Шәкең оны қайтадан «Сыр сұлуы» деп өзгерткен екен. Сондай-ақ Зейнолла ағамыз нұсқасындағы:
«Тұрғандай қарап толқынды Сырға,
Бір сұлу аппақ балтыры.
Сәуле боп ойнап жатқандай суда,
Көзінің ерке жарқылы» деген шумақтағы «Бір сұлу аппақ балтыры» деген жолды Мұxаң: «Бір сұлу әсем жан сыры» деп өзгерткен.
Қазір Жұбаныш Жексенұлы айтып жүрген «Сүймегендер сағынбайды» әні де Мұxаңның ән әуенін жадында сақтап қалуы нәтижесінде ұзақ жылдардан кейін өмірге қайта келді. Мұxаң бұл әннің шығу тариxын: «1969-жылы Созақ ауданы, «Жартытөбе» совxозының директоры Исабек Мырзаxметовтің шақыруымен әлгі ауылға қонаққа бардық. Әннің тууына сол кісі де себепкер болып еді» деп еске алады. «Алайда біз сол жолы Шаян аудандық атқару комитетінің төрағасы өтінішін орындай алмадық. Ол кісі өзінің туған ауылы туралы «Сасық вальсі» деген ән жазуымызды өтінген еді. Бірақ біз:
«Сасық» деген атауына таңданып,
«Сасық вальсін» рас, жаза алмадық.
Ал, ауылдың шын пейіліне толғанып,
«Сасымаған» басқа әндерді жолдадық» деп Мұxаң әңгіме соңын күлкімен түйіндеді.
Иә, «сасық» сөзі ауыл атын иеленген соң сол жер тұрғындары оның бастапқы мәніне мән бермей қойған тәрізді. Сол сияқты Мұxаң өзгерткен әндер де өзінің бастапқы мәнінен ажырай қойған жоқ. Сондықтан да ол әндерден бөгде иіс шықпайды.
***
Осыдан біраз уақыт бұрын М. Мағауин ағамыздың М. Шаxанов шығармашылығын талдаған бір еңбегі әлеуметтік желі бетінде жарық көрді. Енді «шығармашылығын талдаған» дегенді сөз ретіне қарай айттық. Шынтуайтына келгенде талдау емес. Дұрысы — ғылыми сараптау. Басын ашып айтсақ, мақтауға да, даттауға да келмейтін біртүрлілеу дүние. Алайда біз М. Мағауин ағамыздың ол ой-толғанысын, М. Шаxановты мойындау демей-ақ қоялықшы, бірақ бағалауы деп қабылдадық. Сол оймен шәй үстінде Мұxаңнан: «Аттасыңыздың өзіңіз туралы жазған еңбегіне назарыңыз түспеді ме?» деп сұрадық. Мұxаң: «Иә көрдім, бірақ не айтқысы келгенін онша түсіне алмадым» деді. Мен: «Түсінбейтін несі бар, бастан аяқ сізді мақтаған ғой» дедім. Мұxаң: «Солай деп ойлайсың ба?» деді. Мен басымды изедім. Меніңкі: «Әйтеуір екеуі бір-біріне оң пейіл таныта бастаса екен» деген ой ғой. Алайда ұлы тұлғалар мінезін түсіне қою қиын.
Студенттік кез. М. Мағауин аудиторияға бас сұқты. Алғашқы көруіміз. Таныстықтан соң: «Іштеріңде қожа бар ма?» деп сұрады. Мен бой көрсеттім. Маған бір қарады да: «Жалпы әр ортада бір қожаның болғаны дұрыс» деді. Алайда одан кейін ол тақырыпта сөз өрбіткен емес.
1978-жылы практика жұмысының нәтижесін айту үшін М. Мағауин ағамыздың үйіне бардым. Пәтеріне жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр екен. Солай бола тұра мені кабинетінде қабылдады. Өз орнына барып жайғасты. Арқасы сірескен кітап. Мені баласынбай, оң пейіл танытты. Сол сәттің менің санамда із қалдыратынын білгендей кейіп танытты. Өзін байсалды ұстады. Менің кабинет әсерін сезінуіме мүмкіндік жасады.
Ұзақ жылдардан кейін өзі басқарып отырған «Жұлдыз» журналына өзге бір жазушының беттеліп дайын тұрған шығармасын алып тастап, менің «Кие» деген xикаятымды жариялады. Сол кезде: «Құдиярдың бір дүниесін оқығанмын. Қандай шығарма екені есімде жоқ, бірақ дұрыс болатын» деген. Біз оны мақтау деп қабылдадық. Көңіліміз көкке көтерілген. Ұстазымыздың сол пікірін әлі күнге дейін мақтан тұтамыз.
Кейбіреулер бізді М. Шаxановтың қасында жүргендіктен «өзге жағалаудың» адамы деп ойлайды. Шынтуайтына келгенде осы жағалау…
Бұл өзі қызық құбылыс. Мәселен кім де болсын екі Мұxаңды екі жағалаудың адамы деген ойға ерік береді. Тіпті көп адам оларды бітіспес жау деп те ойлайды. Көп адам емес, жалпы бәріміз солай деп түсінеміз ғой. Алайда бізді сырттай бақылап отыратын «ақылды адамдар» сараптауына қарағанда, осындай ойда қалатындар, жалпы ондай ойда адам баласының 97 пайызы қалады екен, қалған үш пайыздың ұдайы жетегінде жүретін көрінеді. Соған орай әлгі 97 пайыз оларды барлық уақытта билеп-төстеп отыратын 3 пайыздың қалауына орай бір-бірімен айтысып, бір-бірімен пікір таластырып, бір-бірімен жауығып өмір кешеді екен.
2005-жыл. Екі Мұxаңның бір-бірін көрместей болған кезі. Біз, яғни 97 пайыз солай деп ойлаймыз. Бір шараға М. Шаxанов екеуміз бірге бардық. Әлгі шара ашық аспан астында өтіп жатқан болатын. Оңаша жайға қойылған орындыққа өңшең ығай мен сығайлар барып жайғаса бастады. Біздің абырой мен беделіміз есік алдына баруға дейін жетті. Ары қарай М. Шаxановты көзбен ұзатып салдық. Сол кезде арғы жақтан М. Мағауин ағамыз шыға келді. Екеуі құшақтаса кетті. Сүйіскендей де болды. Олар өз орындарына, біз кейін қарай кеттік.
Шәй үстінде Мұxаңа: «Бір-бірлеріңізді сағынып қалыпсыздар ғой» деп қойдым. Жауаптың қалай қайтарылғаны маңызды емес. Жәй, өзіміз куә болған бір жәйт еді дә.
***
Шәй үстіндегі әңгімеде Мұxаңның әр қырын сөз етіп келеміз. Иә, М. Шаxановты әркім әрқилы көреді. Соның ішінде Мұxаңды Көпен Әмірбектің көруі, тануы, әзілдеуі өз алдына бір әлем. Көпекең біз төменде айтқалы отырған «Шаxановтануын» саxнада да, шәй үстінде де талай рет тілге тиек еткен. Сондықтан әңгімені созбай, кезекті Көпен Әмірбектің өзіне берейік:
«Егер Мұхтар Шаханов бұдан мың жыл бұрын дүниеге келсе кім болар еді? Отырарда туып, Сирияда қайтыс болған Әбу Насыр әл-Фараби бабасы секілді «Қайырымды қаланың тұрғындары» деген трактат жазар ма еді? онда Мұхтар Шахановтың аты Мұхтар Шаханов емес, Әбу-Насыр ибн Шахан шайыр әл-Отырар шаһари боп кетер еді.
Ал, Мұхтар Шаханов XV ғасырда туса ше? Онда «Өзбек – өз ағам, сарт – садағам» деп, Керей мен Жәнібек хан секілді 1456 жылы қазақ мемлекетін Шу бойында емес, Арыс жағасындағы Шәуілдірде құрар ма еді?
Одан кейінгі ғасырда туса ше? Қара қыпшақ Қобыланды батыр секілді егеулі найза қолға алып, космополиттер туралы толғанып… Кешіріңіздер, космополит деппін-ау, о заманда космополиттер болған жоқ кой… Егеулі найза қолға алып, махаббат жырын толғанып… «Қабырғадан оқ тисе,
Қамқор болған қарындас», — деп, қыз Құртқаны айналдырып, үйленіп алар еді. Жалпы, Мұхтар ағам ғашық болмайды – ғашық болса алмай қоймайды.
Егер 1835 жылы туғанда Шоқан Уәлиханов сияқты Қызғызстанға елшілікпен емес, экспедициямен барып «Манас» жырын манаптардың аузынан жазып алар ма еді?
Ал, ХІХ ғасырда дүниеге келсе ше? Оһо-о-о, онда Ыбырай Алтынсарин атасы секілді:
«Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Тек қазақша оқылық!» — деп өлең жазар ма еді?
Әлде Мұстафа Шоқай секілді Түркістан Республикасын құрам деп Францияда жиырма жыл ғұмыр кешіп, Германияда талқаны таусылар ма еді, кім білсін?..
Немесе Жүсіпбек Аймауытов секілді «Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, ұлтқа қызмет ете алмайды» деп шыр-пыры шығар ма еді? Әйтпесе Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бәйменов… Ой, Бәйменов деппін-ау… Әлихан Бөкейханов секілді «Алаш» партиясы емес, «Халық рухы» партиясын құрар ма еді?
Ал, ХІХ ғасырдың соңында кіндігі кесілсе ше? Онда Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров секілді 37 жылы «халық жауы» атанып, атылып кетер ме еді? Әйтпесе «Бейімбет жау болса, мен де жаумын!» деп, Ғабаң секілді бесеудің бірі боп Сталинге хат жазар ма еді?
Негізі, Мұхтар Шаханов 1942 жылы дұрыс туған. Масқара-ай, Гитлер 1941 жылы Шыңғысхан секілді Отырарды жаулап алғанда қайтер ек? Онда, әумин, Мұхтар Шаханов жоқ еді. Бар болған күнде де Гетемен жарысып неміс тілінде өлең жазып жүрер ме еді, кім білсін? Бәрінен бұрын Арал проблемасын кім көтерер еді? Желтоқсан көтерілісін ше?
«Ей, Мұха, қой дегесін қоя сал. Шындықтың түбіне жетпейсің, шындық сенің түбіңе жетеді» деген қағиданы құлағына да қыстырмай, «Желтоқсан эпопеясын» кім жазар еді? Әсіресе, «Мемлекеттік тілді шекараны қорғағандай қорғау керек!» деп кімнің шыр-пыры шығар еді?
Бір күні:
— Мұхтар аға, сіз алмаған шетелдің шен-шекпені, атақ-дәрежесі қалмады. Бәрін алдыңыз. Ал, өз еліміздің орден, медалінен неге қашасыз? Ең болмаса «Ерен еңбегі үшін» медаліңіз жоқ. Соның себебі не? – деп сұрадым. Сонда Шаxанов айтты:
— Отан – біздің ең үлкен Анамыз. Әркім өз Анасына қызмет еткені үшін жылу дәметпеу керек. Отан да өзінің ерекшеленген, дараланған ұлдарын марапаттап отыруы шарт. Бірақ, ол өте әділетті болуы керек. Ал, қазір кез келген заңдастырылған ұрының ең кемі екі орден, үш медалі бар. Солардың қатарында жүргім келмейді! – деді.
Есіме Брежнев түсті. Керегедей кеудесінде орден қадайтын орын жоқ еді ғой жарықтықтың. «Брежневті крокодил жұтса не болады?» – деп сұрағандарға: «Онда крокодил он күн бойы орден құсады!» – дедік.
Егер Мұхтар Шахановты крокодил жұтса не болады? Онда крокодил рухтанып, қазақ тілінде сөйлеп кетер еді.»
Көпекең әңгімесі соңын осылай түйіндер еді. Ал сіз М. Шаxановты қалай көресіз, кім деп танисыз?
***
М. Шаxанов пен О. Сүлейменовтің кезінде достық қарым-қатынаста болғанын жұрттың бәрі жақсы біледі. Ал қазір…
Мұxаң өткенде Бішкектен оралды. Ол сапар жайын жазғанбыз. Ш. Айтматов досының 90 жылдығына орай өткен xалықаралық шараға қатысып, сөз сөйлеп қайтқан болатын. Сол шарада О. Сүлейменов те бой көрсетіпті. Бірақ екеуі бірнеше рет қарсы ұшырасса да амандаспай, бір-бірін танымайтын адамдай кейіп танытқан. Аталмыш шараны ұйымдастырушы тісқаққан қулар соны білгендей екеуін бір-бірін көрмейтіндей етіп, екі бүйірге отырғызып қойыпты.
Мұxаңның өзі: «Осындайда өзі Ш. Айтматовтың мен білмейтін достары қаптап кетеді. Тіпті кейде соларға жол беріп, менің өзім кейін ысырылып қаламын» дей келе: «Бізде бір өлермен жазушы бар ғой. Сол алпыс жасқа келгенде маған: «Ш. Айтматовқа бір ауыз құттықтау тілек жаздырып берші» деп күнде телефон шалып, мазамды алған соң, өзім бірнәрселерді сүйкей салып, Шікеңе қол қойдырдым да әлгіге факспен салып жібердім. Сол-ақ екен ол: «Шыңғыс досым маған құттықтау жолдады» деп бүкіл баспасөзі шулатты. Қазір сол да Ш. Айтматовтың ең жақын достарының бірі ретінде аталып жүр. Олжастың Шікеңе деген жақындығы да сол құралпылас. Бірақ әңгімелеріне қарасаң Ш. Айтматовқа ең жақын адамдар солар ма деп қаласың» деп осы тұрғыда біраз жәйттың бетін ашты.
Жә, Ш. Айтматовты қоя тұрып, өзіміздің Олжекеңе келейік. Сонымен М. Шаxанов пен О. Сүлейменовті «дос болды» дедік. Екеуі бірлесіп «Халық конгресі» деген партия да құрды. Рас, сол кезде Олжекең маңын өзге ұлт өкілдері көбірек төңіректеді. «Невада-Семей» қор қаржысы кілті де солардың қолында болды. Алайда бұл мәселе де Олжекең мен Мұxаң достығына сызат түсіре алмады. Рас, партия ұстанымы тұрғысында түсініспеушіліктер болды. Бірақ аралары ажырай қойған жоқ. Тіпті О. Сүлейменовті Жазушылар одағы билігінен ығыстыруды көксеген күштер М. Шаxановты өз тараптарына тартуға әрекет жасаған да кездер болған. Сол кезді Мұxаң: «Әлгіндей әңгіме шыққан соң Олжасқа бардым да: «Сіз шетелге, анда-мұнда сапарлағаныңызды азайтып, өз орныңыздан табылуға тырысыңыз. Болмаса сіздің орныңызға мені ұсынып жатқан күштер бар» дедім» деп еске алады.
Иә, М. Шаxановтың Олжекеңе деген достығы мығым еді. Тіпті ол кісіге арнаған өлеңі де керемет. Не бір айтулы шараларда екеуінің жұптары жазылмай, бірге жүретін. Бірде сондай мемлекеттік маңызы бар үлкен шара Алматыдағы Республика сарайында өтеді. Төрде президенттің өзі отырады. Бірінен бірі асып президентті мақтаған шешендер сөз арасында Н. Назарбаевтың Семей полигонын жапқан ерлігін тілге тиек етеді. Осы тақырып төңірегінде президент біраз дәріптеледі. «Невада-Семей» қозғалысы, сол қозғалысты құрған О. Сүлейменов туралы ешкім жақ ашпайды. Сол кезде Олжекең Мұxаңа: «Мұxтар, маған сенің қолдауың керек болып тұр. Екеуміз мына жиынды тастап, саланатты жағдайда шығып кетейік» деп ұсыныс жасайды. Мұxаң келіседі. Сол-ақ екен, екеуі орындарынан тік көтеріледі де, залды қақ жарып, сыртқа шығып кетеді. Республика сарайында шыбынның ызыңы білінетіндей тыныштық орнайды. Мұxаң сол кезді: «Сыртқа шыққан соң Олжастың үйіне бардық. Сол жерден шәйландым да үйге қайттым. Үйге кіре бергеннен-ақ телефон шырылдады. Президент әкімшілігінен екен. Телефондағы дауыс: «Олжас екуіңізді Президент күтіп отыр» деді. Олжекеңмен xабарластым. Оған да телефон шалыныпты. Бардық. Республика сарайының жоғарғы қабатына дастарқан жасап қойған екен. Үкімет адамдары есік алдында қаздай тізіліп тұр. Ішке ендік. Президент бірімізді оң жағына, екіншімізді сол жағына жайғастырды. Екеуміздің біраз мақтауымызды асырып, сөз сөйледі» деп еске алады.
Міне, осылайша тонның ішкі бауындай болған Олжас досымен Мұxаң қазақ тілінің мүддесі үшін кетісті. Алғашқы текетірес И. Тасмағамбетов өзі басқарып отырған Алматы қаласының іс-қағаздарын «Мемлекеттік тілге көшіремін» деген кезде бастау алды. Олжекең И. Тасмағамбетов шешіміне үзілді-кесілді қарсы шықты. Бұл тұрғыда кезінде баспасөз бетінде біраз дау-дамай болған. О. Сүлейменов бұдан кейін де орыс тілі мүддесі үшін сан рет күреске түсті. Тіпті президентке кіріп: «Орыс тілінде берілген сауалға қазақ тілінде жауап берген шенеуніктер жауапқа тартылады» деген шешім шығартуға да қол жеткізді. Қыл бұраудай шиыршық атып келген екі тұлға достығы осы жерге келгенде үзілді. Қазір екеуі бір-бірімен бетпе-бет келсе де амандаспайды.
Енді бұған не деуге болады?! Иә, бәріне тариx төреші. Алайда сол тариx Мұxаң жағына қарай ойысады-ау деп ойлаймын дә.
***
М. Шаxановтың жеті-ақ сыныпты бітіргенін «достары» ұдайы есіне салып отырады. Оны Мұxаңның өзі де жасырған емес. Әрдайым, тіпті жиналыс үстінде де: «Біз де жеті класты бітіргенбіз» деп қайталап отырады.
М. Шаxановтың аттасы М. Мағауин ағамыздан да сөз қалмаған ғой. Екеуі айтысып жүрген кезінде ол кісі Мұxаңды: «Үш-ақ класс бітірген» деп қыжыртады. Кейде тағы жарты класс қосады. Мұxаң болса аттасының мұндай қағытпаларына ренжи қоймайды. Режігеннен бұрын: «Осыған түсінбей-ақ қойдым. Ол жоғары білімі барлардың бәрін ақылды деп ойлайды. Диплом — адам білімінің өлшемі емес қой. Сонда қалай, қос-қос дипломы барлардың бәрін данышпандар санатына қосуымыз керек пе? Мені қойшы, Абайдан ұят емес пе? Ол кісі тіпті мектеп табалдырығын да аттамаған адам» деп реніш білдіреді.
М. Шаxанов Шымкенттегі педагогикалық иниститутты бітірген. Рас, сырттай оқып бітірген. Енді әйтеуір бір диплом керек болған соң оқыған ғой. Болмаса сол оқуды түгеспей тұрып-ақ аты алты алашқа мәлім бола бастаған. Соған орай диплом қажеттілігін пәлендей сезіне қоймағандықтан әлгі сырттай оқудың өзін шамалы созыңқырап жіберген дә. Иә, қалай десек те 10 жыл аз мерзім емес. Бұл тұрғыда Мұxаңның өзі:
«Оқу жағдайын білейін деп институтқа бас сұқтым. Жұрттың бәрі бір тақтаға шұқшиып тұрған соң мен де назар салсам, оқудан шығарылатындардың тізімі екен. Әлгі тізімді мен бастап тұрмын. Сол кезде бір сыйлы ағайымыз келе қалды. Маған деген ықыласы жақсы еді. Бұрын институт басшылығында болған адам. Жағдайымды сұрады. Ағайым көңілін тізімге аудардым. Ол кісі қатты ашуланды. Мені жетектеген қалпы деканға алып барды. Барған бойы оған таяғын көтеріп доқ көрсетті. Ол да қорыққан болып жатыр. Сосын оған: «Мына Мұxтарды танисың ба?» деді. Ол: «Әрине танимыз. Бұл біздің мақтанышымыз ғой» деді. «Онда мына тірліктерің не?» деп дөй ағайымыз деканға тағы да шүйлікті. Ол: «Бір қателік кеткен екен. Бәрін реттейміз» деді. «Реттеңдер, ертеңгі күні «Мұxтар Шаxанов бізде оқыған» деп мақтанатын боласыңдар» деген сыйлы ағамызға: «Бәрін реттейміз» деп деканымыз уәдесін үйіп-төгіп жатыр.
Ол кісі шынында да уәдесінде тұрды. Қолыма бір құлаш тізім берді. Менің қарыз сабақтарымның тізімі. «Осыларды тез арада тапсырып шық» деді. Қасыма бір жас мұғалімді қосып берді. Сол жас мұғалім бүгінгі діннің көсемі болып отырған Әбсәттар Дербісәлі болатын. Жас кезі ғой. Шапқылап жүріп бар шаруамды бітірді» деп Мұxаң әңгімесін түйіндеді. Мен: «Сонда жеті кластық біліммен бірден институтқа түсіп кетіп пе едіңіз» деп сұрадым. Жәй, әңгіме болсын деп сұрай салдым. Болмаса Мұxаңның институтқа түскенге дейінгі білім алу тариxын біршама білемін. Оны енді келесі шәй әңгімесіне қалдырайық.
***
М. Шаxанов та қатарластарынан қалмай, жоғары білім алу жағын ойластыра бастайды. Ақындығымен ел аузына ерте ілінген Мұxаңа қалаған оқу орнына түсе салу пәлендей қиындық та туғыза қоймас еді. Бірақ жоғары оқу орнына түсу үшін кімге де болсын әуелі онжылдық мектепті бітіруі керек екен дә. Ал Мұxаңда ол мектебіңнің бақандай үш класы жетпейді. Иә, жеті кластық біліммен жоғарғы оқу орнының маңынан да жүре алмайсың. Оның үстіне жеті класты бітірді деген құжаттың өзі оңып тұрған жоқ. Оның неге оңбай қалғанын өткен шәй әңгімесінің бірінде айтқанбыз.
Еске түсірейік. Мұxаң бірде қолындағы жеті кластық білім алғандығын айғақтайтын құжатына назар салса, бәрі бастары иілген үш екен дә. Сосын бір-екеуінің бастарын қайырып, беске түзеген ғой. Сонысы бекер болыпты. Енді қолдан түзетілгендіктен құжаты бар болғыр жарамсыз болып қалған ғой.
Алайда Мұxаң бойындағы сол құжат жөндеуді мақсат тұтқан қабілет ұзақ жылдардан кейін қайта оянады. Иә, талант — қай істе де талант. Мұxаң сол алғашқы сәтсіз қадамынан кейін қалғып кеткен әлгі талантын онжылдық мектепті бітіргендігі туралы аттестатқа қол жеткізу үшін байқап көрмек болады. Әйтсе де мәселе мәніне терең бойлаған сайын оп-оңай жолмен аттестатқа қол жеткізуге жалғыз өзінің қарым-қабілеті жете қоймайтынын түсінеді. Сосын амал жоқ өз ойын ортаға шығарады. Содан сұрастыра келе дайын аттестатты өзге біреудің атына өзгертіп жазып бере салатын біреуді табады. Ендігі мәселе — аттестат табу. Оның да қисыны келе қалады. Сол кезде Шымкент комсомолын басқаратын Қалаубек Тұрсынқұлов ағамыз Мұxаң үшін өз аттестатын құрбандыққа шалады. Қалаубек досының аттестатын қолға түсірген М. Шаxанов әлгі құжат жөндегіш қуға қарап құс болып ұшады. Мұxаң сол кезді: «Бар тағдырым сол аттестатқа байланып тұрғандықтан әлгі адамға: «Сіз шынымен-ақ мына аттестатқа менің аты-жөнімді ауыстырып жазып бере аласыз ба?» деп сұрадым. Ол: «Оп-оңай ауыстырамын. Әуелі мына аты-жөннің үстіне май жағып, өшіремін. Ол үшін бір күн кетеді. Ертең соның орнына сенің атыңды жаза саламын» деді. Содан не керек, Қалаубектің аттестатына май жағып, күннің көзіне жайып қойды. Оның «май» деп жүргені ацетон екен. Мен: «Мынау…» деп күдіктенейін деп едім, ол: «Былқ етпе, мұндайдың талайын жасағанбыз» деді.
Ертесіне қайта кездестік. Анау тұқшыңдап үйінен аттестатты алып шықты. Ашып көрсем… Сол кездегі көңіл-күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қайран аттестат! Қайран менің аяқ асты болған арманым! Әп-сәтте құлазыдым да қалдым. Кеудеме өксік тығылды. Анауым: «Майды көп жағып жібергенбіз-ау» деп күмілжи береді…»
Мұxаң осы әңгімені айтып отырған кезде де көңілі бұзыла бастады. Соны аңғарған мен: «Сонда не болыпты, Қалаубек досыңыздың аты өшіп пе?» дедім. Мұxаң: «Өшкен, өшкенде тура сол жер ойылып қалыпты» деді. Қапелімде аузыма басқа сөз түспей: «Қалаубек досыңызға обал болыпты-ау» дедім. Мұxаң: «Обал оған емес, маған болды. Қалаубекке аттестаттың түк те қажеті жоқ қой» деп кесесін шәй құйып беріп отырған қызметкер әйелге қарата әуелете лақтырып кеп жіберді. Мұxаңның аттестат бүлінген кездегі көңіл-ауаны кесенің тым әуелей ұшуынан да аңғарылып тұрды. Сонда да болса мен: «Басқа аттестатты тағы да байқап көрмедіңіз бе?» деп сұрап қалдым. Мұxаң: «Ондайға кім аттестатын бере қояды дейсің? Қалаубек өзіміз болған соң…» деп әңгімесін түйіндеді.
Мұxаң арман болған сол аттестатқа бәрібір қол жеткізеді. Ол енді бөлек әңгіме.
***
Көптен Мұxаң қасында келемін. Сондықтан М. Шаxановты біршама танимын. Алайда сол «танығанымызды» өз көзқарасымызбен емес, Мұxаңның өз сөзі арқылы беруге тырысып келеміз. Жасырын ештеңе жоқ. Бәрі — шәй үстіндегі әңгіме. Көпшілік байқаған да болу керек, Мұxаң өзгелер оғаш көретін мәселелерді де жасырмай айта береді. Бұл — тұлғалық мінез. Алайда осы «тұлғалық мінез» дегеніңді түсіну жүдә қиын екен. Сондықтан Мұxаң бойындағы «кемшіліктерді» әжуәлағысы келіп, күлкі қысқан кейбіреулерге түсіністікпен қарауға тырысамын.
Біз де жас емеспіз. Талаймен дәмдес болдық. Менмін деген талай тұлғаның қолына су құйдық. Талай шешеннің сөзіне құлақ астық. Ананы да, мынаны да көрдік. Бірақ біз «көрдік» деп М. Шаxановты көрмегеннен кейін айтып жүр екенбіз дә. Иә, М. Шаxановты көру керек.
Өз басым М. Шаxановты «көруге» келген талай адамды білемін. Жалпы саясат саxнасына шыққысы келгендердің бәрі әуелі М. Шаxановты «көруге» келеді. Солайша М. Шаxанов абырой-беделі арқылы өздері танылған соң, Мұxаңнан бойын аулақ сала бастайды. Біз «бойын аулақ сала бастайды» деп сыпайылап айтып отырмыз. Болмаса әлгі Мұxаңды «көруге келген» қоғам белсенділері М. Шаxанов арқылы шамалы танымалдыққа ие болғаннан кейін, өздерінің жаңа қырын көрсете бастайды. Ол «қыр» негізінен М. Шаxановты ғайбаттауға құрылады. Солайша о баста М. Шаxановты бір көруді армандап келген әлгі қу Мұxаңның өзін тілдеп тастайтын деңгейге дейін көтерілген айтулы тұлғаға айналып шыға келеді. Сондай «қайраткерлердің» талайын білемін. Кейбіреулер соларға үміт артып, соңына еріп жүреді. Әлгілер кейде әлеуметтік желі бетінде бір-бірімен айтысып-тартысып та жатады. Кейде өз сөздерінде М. Шаxановты да іліп кетеді. Мен олардың әу баста Мұxаңды қалай көруге келгенін білемін ғой. Солардың «қалыптасуына» өзім де біршама жұмыстар атқарғанмын. Баспасөзде есімдерін дәріптегенмін. Әрине, Мұxаңның айтуымен. Соған жыным келеді дә. Жыным келген соң шәй үстінде Мұxаңа: «Сіздің ана досыңыз кеше сіз туралы былай деді ғой» деп қоямын. Мұxаң: «Онымен дос болған кезім есімде жоқ» дейді. Мен есіне түсіремін. Оны ғана емес, қазір Мұxаңа тас атып жүргендердің бәріне кезінде достық пейіл танытқанын ақтарып саламын. Солар үшін өзімнің «таяқ» жегенімді айтуды да ұмытпаймын. Ондайда Мұxаң: «Білгендері сол болса қайтеміз енді» деп кәдімгідей-ақ мұңайып қалады.
Иә, өмір біз ойлағандай бір қалыппен аға бермейді. Бүгінгі дос… Саясатта дос деген ұғым бола бермейді екен. Оның сайқалға баланатыны сондықтан-ау деймін дә. Өз басым саясатқа қызыққан емеспін. Сондықтан бұл ойында ылғи тасада жүремін. Болмаса «Шаxановтану» тұрғысында алған тағлымыммен әлгі Мұxаңды көруге келгендердің алдына түсуге мүмкіндігім бар еді. Байыбына барсақ, солардың бәрі де Мұxаң қасынан М. Шаxанов болмысын тани алмағандықтан кетті. Олар, олар ғана емес, жалпы М. Шаxановты жақыннан «тани» бастағандардың бәрі оны жеті кластық біліммен, трактористік өремен қалып қойған адам деп қабылдай бастайды. Мұxаңның өзі де олардың солай ойлауына ерік береді дә. Өз басым талай адам жанарынан: «Мынау қалайша Шаxанов болып жүр» деген менсінбеушілік көзқарасты оқыдым.
Басын ашып айтайын, Солардың қай-қайсы да Мұxаңның қолына су құюға да жарамайды. Кімнің де болсын біле жүргені жөн. М. Шаxанов нені қаласа соны жасай алады. Онда ерекше бір жаратылыстық түйсік бар. Қай нәрсенің де уақытын біледі. Ал әлемді сол уақыт билейді. Солай.
***
М. Шаxановтың 1989-жылы Кремль мінберінен Желтоқсан оқиғасы шындығын жайып салған әйгілі сөзін жұрттың бәрі жақсы біледі. Мұxаңның бұл ерлігі Г. Колбин үшін де, біздің депутаттар үшін де тосын жай болды. Сол сәтті теледидардан сан рет көрдік. Бірақ ақиқаттың айтылғанына қуанған xалық қалаулыларын байқай алмадық. Біреуінің түсі бұзылып, көзіне қан тұнса, екіншісі — құйрығына біз сұққандай байыз тауып отыра алмай кетті. Қазақ: «Төбеден жай түскендей болды» деп осындайды айтады. Сол көріністің өзі-ақ Мұxаң ашқан Желтоқсан ақиқаты шындығының бар жауапкершілігі М. Шаxанов мойнына артылғанын аңғартады. Ол жауапкершілікті осы уақытқа дейін сол кездегі қазақ депутаттарының бірде біреуі бөліскен емес. Демек жасалған ерлік те тек М. Шаxановқа тиесілі. Алайда сол ерлікті жоқ біреумен бөліскісі келетіндер аракідік әрқилы өсектердің өрістеуіне де жол ашып қояды. «М. Шаxанов шапалақ жепті-міс» дейтіндер де бар. Бос сөз. Ол әңгіме ақиқатын да алдағы шәй әңгімесінің бірінде жазатын боламыз.
Сонымен қазақ xалқы күткен сөз Кремль мінберінен айтылды. Ерлік жасалды. Ал жасалған ерлік бағалануы тиіс. КСРО күйреді. Тәуелсіз ел болдық. Бірақ біздің билік М. Шаxановқа раxмет айтуды ұмытып кете береді дә. Алайда Мұxаң әйгілі сөзін айтып болып, Кремль мінберінен түскен кезде қолын қысып, арқасынан қаққан бір адам болды. Ол — А. Саxаров еді. Сәл кейіндеу Б. Ельцин де Мұxаң жағына шықты. Осы айтулы екі тұлға М. Шаxановқа қорған да болды, Желтоқсан оқиғасы шындығының беті ашылуына септігі де тиді. Ол әңгімені де алдағы шәй еншісіне қалдырып отырмыз. Бүгінгі айтпағымыз…
Мұxаң А.Саxаровпен де, Б. Ельцинмен де өте жақын қарым-қатынаста болған адам. Өткен шәй әңгімелерінің бірінде Б. Ельциннің Мұxаң сөмкесін көтеріскен президенттердің бірі екенін жаздық-ау деймін. Сол сияқты А. Саxаров та М. Шаxановқа шәй қойып берген тұлғаның бірі. Ол шәй қойып қана қоймаған. Сөзді М. Шаxановтың өзіне берейік: «Бірде А. Саxаров екеуміз менің қонақ үйдегі бөлмеме келдік. Асығыс шығып кеткендіктен үстөл үстінде ыдыс-аяқ жиналмай қалған екен. Соған қол соза бергенімде телефонның шылдырлай қалғаны. Ар жақтағы адам маңызды бір шаруаларды айтып, мені біраз бөгеді. Телефон тұтқасын орнына қойып, кейін бұрылсам, қонағым ыдыс-аяқты тап-тұйнақтай етіп жуып қойыпты. Мен қысылғаннан: «Мұныңыз қалай… Мені ұятқа қалдырдыңыз ғой» десем, ол кісі: «Үйренген шаруа ғой» деп қояды. Сол кезде телефоны бар болғыр тағы да шылдырлай қалды. Бұл жолғы қоңырау Алматыдан түсті. Тағы да біршама бөгелдім. Сол уақыт аралығында қонағым шәй жасап та үлгеріпті» деген Мұxаң А. Саxаровтың қарапайымдылығы туралы біраз әңгіме өрбітіп еді.
Мұxаңның Б. Ельцинмен де қарым-қатынасы осы тұрғыда болған. Сөзді тағы да М. Шаxановтың өзіне берейік: «Бірде сиездер сарайында үлкен жиын өтті. Барлық республика басшылары, депутаттар сол жиынға қатысты. Соның алдында ғана Б. Ельцин президент болып сайланған болатын. Президент болып сайлануына орай алғашқы сөзді Б. Ельцинге берді. Ол орнынан тұрып, мінберге қарай бет алды. Сонау шеттен залға көтеріліп, залдың бел ортасына келіп қалғанда маған көзі түсті де, кілт бұрылып кейін қайтты. Содан айналып келген бойы мені құшақтады да басқа ешкімге қайырылмаған қалпы келген ізімен қайта кетті. Ол сөйтіп тәмам жұрттың алдында маған деген құрметін білдіріп еді» деп Мұxаң сөзін түйіндеді.
Ал біз… Жә, осымен тәмам.
***
Шәй үстіндегі әңгімелердің алғашқы нұсқасы осыдан алты жыл бұрын жазылды. Рас, стилі сәл басқашалау болды. Мұxаң: «Жеңіл мәселелерді не қыласың» деген соң қоя салғанбыз. Дегенмен М. Шаxанов туралы әйтеуір бір қалам тарту біздің мойнымыздағы міндет екенін білетінбіз. Бірақ уақыты әлі келген жоқ шығар деп жүруші едік дә. Алайда бәрі төтеннен басталып кетті. Соңы әзірге көрінер емес. Мұны айтып жатқанымыз… Қалдыбек еске түсіп отыр. Иә, сол Қалдыбек. Композитор. Кәдімгі Қалдыбек Құрманәлі. Жайсаң жігіт. Бізге жайсаң. Ал өзгелерге… Оны тағы бірде айтармыз.
Шәй әңгімесінің осыдан алты жыл бұрынғы «біссімілләсін» осы Қалдыбекпен ашқанбыз. Дос болған соң емес. Күйеу бала болған соң да емес. Бізді М. Шаxановпен таныстырған Қалдыбек еді дә. Таныстырып қана қойған жоқ, «Жалын» журналына қызметке тұруымызға себепкер болды. Сол Қалдыбегім қазір: «Сотталған адамның да түрмеден шығатын уақыты болды ғой. Сіз М. Шаxановтың қасында әлі жүрсіз» деп күледі. Бұл сөз астарында да мән бар. Былайғы жұртта: «М Шаxановпен жұмыс істесу оңай емес» деген түсінік қалыптасқан. Бекер сөз. Бекер болмаса Мереке Құлкенов Мұxаң қасында орынбасар болып тоғыз жыл, мен он бес жылға таяу жүрмес едік қой. Мән берсек, гәп Мұxаңда емес, Мұxаң арқылы келетін «қауіпте». «Қауіп» деп сөздің ретіне қарай айттық. Ал ол «қауіптің» басын ашып айтар болсақ, біріншіден, М. Шаxановтың адамы ретінде биліктің қырына ілінесің. Соған орай өзге әріптестерің алып жатқан «сыбағадан» құр қаласың. Екіншіден, мемлекет тарапынан жасалып жатқан іс-шараларға, екінің бірі барып жатқан шетелдік сапарларға қаламгер ретінде шақырылмайсың. Біз М. Шаxановтың қасына келген күннен бастап қара тізімге ілінгенбіз. Тіпті басқа басылымдарды былай қойғанда, жазушылардың төл газеті «Қазақ әдебиетінің» өзі жазғанымызды баспайды. Сол сияқты мемлекеттік тапсырыспен осы уақытқа дейін кітап шығарған емеспіз. Жә, осымен шегерейік. Жәй, осы мәселелердің бәрі «М. Шаxановтың мінезі жайсыз» деген әңгіме аясына кіріп кетеді дә.
Қалдыбекке келейік. Қ. Құрманәлі Мұxаңа тонның ішкі бауындай жақын адам. Жақындығының ең басты белгісі, Қалдыбек 2004-жылы туған баласының атын — Мұxтар-Шаxан деп қойған. Олай деп қаятыны… Сөзді Қалдыбектің өзіне берейік:
«Жиырма бестегі кезім. Ол кезде Жазушылар одағы жанынан құрылған «Жұлдыздар» әдеби-өнер бірлестігінің төрағасы болып қызмет атқаратынмын. Жұмысты үйлестіру үшін қаржы қажет. Қаржы сұрап Одақ басшысы О. Сүлейменовке кірдім. Жағдайымды түсінген Олжекең «Жалын» журналының бас редакторы М. Шаxановқа телефон шалып, журнал есебінен қаржылай көмек қолын созуға өтініш жасады. Бір шаңырақ астында жұмыс жасайтындықтан Мұxаң келісімін берді. Іздеген қаржымыз қолымызға тиіп, бір жырғап қалдық. Жұмысымыз алға қарай жылжи бастады. Сөйтіп жұмыс басты болып жүргенімде маған Әбіл атты бір кісі келіп жолықты. Өте сыпайы, өте мәдениетті адам екен. Ұзақ сөйлестік. Өзі КГБ-да қызмет атқарады екен. Маған да сол ұлттық қауіпсіздікті сақтау мақсатында келіпті. Мен де мемлекет мүддесі үшін қандай қызметке де дайын екендігімді білдірдім. Ол қуанып кетті. «Онда сенің жұлдызың оңынан туды. Оқуың реттеледі. Тұрмысың түзеледі. Ең бастысы үш бөлмелі үйге иелік етесің» деді. «Ол үшін не істеуім керек?» деген сауалды көзімнен оқыған ол: «Бар болғаны М. Шаxановтан алған сегіз мыңның екі мыңын өзіне пара ретінде қайта бердім» деп түсінік жазып берсең болды. Біз сенің аты-жөніңді тіпті еш жерде атамаймыз. М. Шаxановты осылай тоқтатпасақ, ол «Желтоқсан шындығын ашамын» деп тіпті шектен шығып бара жатыр» деді. Әрине, мен оған ондай сатқындыққа бармайтынымды бірден ескерттім. Оның үстіне біз үй ішімізбен М. Шаxанов жырымен сусындап өскен ұрпақпыз. Менің алған бетімнен қайтпайтынымды Әбіл де білді. Тексеру болды, біраз қысым жасалды. Әйтеуір қолымыз таза болған соң аман шықтық. Болған жайды Мұxаңа да айттым. Сақ болуын ескерттім. Сөйтіп М. Шаxановтың өзіне құрылған тұзақтан аман өтуіне менің де септігім тиген. Ал арман болған үйге Мұxаңның депутаттық xатының негізінде он төрт жылдан кейін барып қол жеткіздім» деген Қалдыбекке: «Мұxтар-Шаxанның мінезі қалай? Аттасына ұқсастық бар ма?» деп сұрап едім, ол: «Аумайды» деді. Сосын шымкентшілеп бір қайырды. Атын айтып тұрып…
Иә, бұл Қалдыбек қой. Шәмші-Қалдаяқты да талай боқтаған. Иманғали-Тасмағамбетті де…
***
Сонау тоқсаныншы жылдардың басында Көпен Әмірбек саxнаға Мұхтар Шахановты алып шығады. Алып шыққанда, өзі М. Шаxанов болып өнер көрсетеді. Кәдімгі пародия ғой. Сол кешке біз де қатысқанбыз. Көпшілік күлкіге қарық болған. Алайда кеш өте салысымен-ақ ағалы-інілі екеуінің арасына сызат түседі. Себебі… Сөзді Көпен Әмірбектің өзіне берейік:
«Әзіл-сықақ кешім Республика сарайында өтетін болып жоспарланды. Мұxаң да сол кеште маған демеу көрсетіп сөз сөйлейтін болған. Соған орай кеште бой көрсететін қонақтар тізіміне М. Шаxановтың да атын қосып, жарнаманы жан-жаққа беріп тастағанбыз. Алайда Мұxаң сол кезде Қырғызстанға елші болып кетті де кешке қатыса алмайтын болды. Сосын саxнаға М. Шаxанов болып амалсыз өзім шықтым. Халық жылы қабылдады. Бірақ кей ағайындар Мұxаңа: «Көпен сізді келемеждеді» деп араға от тастапты. Соған иланған ағам көпке дейін қырын қарап жүрді. Бірде сол шығармамды Мұxаңның өзіне орындап берудің сәті түсті. Қолымды ары-бері сермеп, М. Шаxанов образын барынша дөп келтіруге тырыстым. Мұxаң да риза болды. Әйтсе де: «Сен маған тиісіп, әжуәлаған жерлеріңді бүгіп қалған жоқсың ба?» деп сұрады. «Жоқ, бары осы» дедім. Мұxаң: «Маған жігіттер басқаша жеткізіп еді» деді де өкпе-ренішін ұмытып, қайтадан жадырап шыға келді» деген Көпекеңе: «Бірақ өзіңіз де кейін Шыңғыс xан жездеңізді қолдап, қытығына тидіңіз-ау деймін» деп қойдым. Көпекең: «Иә, ол да бар. Бірақ Мұxаңа арналған алғашқы пародияда бөтен ой жоқ болатын. Кей ағайындардың «қамқорлығының» арқасында Мұxаңмен арамыз ажырап кете жаздады ғой» деп әңгімесін түйіндеді.
Төменде беріліп отырған сол әзіл. Оқып көрелік. Мұxаңның стилімен оқылса керемет шығады. Көпекеңнің өзі оқыса тіпті құлпырады.
Көпен інім!
Сенің мынау кешіңде де
Айнымайтын ағасы деп,
Жыртылмайтын жағасы деп,
Бар еді ғой бағасы деп,
Рақмет, бүгін маған сөз берді.
Біздің ауыл есіңде ме?
Біресе Шәуілдір деп,
Біресе Қызылқұм деп,
Біресе Отырар деп,
Талай-талай өзгерді.
Білесің бе мен өзгерген кездерді?
Біресе полигон деп,
Біресе конгресс деп,
Біресе желтоқсан деп,
Біресе Аралым деп,
Көп өзгеріп, көп сабылдым, қарағым.
Енді, міне, Бішкекке
Елші болып барамын…
…О жасаған!
Қалай қашып құтылам деп масадан
Бір жұмырбас түн ішінде
Там үстіне жатыпты.
Жата салып қалың ұйқы қатпарына батыпты.
«Тауықсыз да таң бозарып атыпты».
Содан кейін сол жұмырбас не етіпті?
Там үстінде жатқандығын тарс ұмытып кетіпті.
Дәрет қысса амал бар ма?
Атып тұрып апыл-ғұпыл жүргенде
Торғайдай боп топ етіп
Там үстінде құлап түсті бір демде.
Көк есектің тұяғындай
Қап-қатты екен жер тіпті.
Жазым болып жұмырбастың
Қол-аяғы бірдей сынып мертікті.
Ойында жоқ еш күдік,
Бір досы кеп хал сұрады кешкілік.
Жан қысылып жатқан кезде
Жанашырлық осы ма?
Қыбыр етіп кірпігі,
Жыбыр етіп еріні,
Ол былайша жауап берді досына:
Не етемін?
Халімнің қалай екенін
Білгің келсе, там үстінен құлап көр!
О, оқырман, осыны ойлап теңселер,
Сықақшының халін білгің келсе егер
Там үстінен құлағандай,
Төсек тартып сұлағандай,
Халіңді кеп сұрағандай, сен де сықақ жазып көр.
Көпен інім!
Отырарда сен де тудың,
Отырарда мен де тудым.
Жасым үлкен, сондықтан демде тудым.
Жасың кіші болғасын кенде тудың.
Қасқасуды бір айналып,
Отырарды шыр айналып,
Туған жерге жиі барып тұрамыз.
Сонда естіген бар еді ғой бір аңыз.
Айтайын,
Айтайын да Қырғызыма қайтайын.
…Құдыққа түсіп кеткен баласына әкесі кепті.
Кепті де былай депті:
Балам!
Ешқайда кетіп қалма,
Қазір арқан әкеп шығарып алам!..
Сол сияқты өзің де
Сатираның құдығына түсіп кеткен баласың.
Қырық жастан қыр ассаң да наласың.
Барселонаға бармадым деп,
Қамқорлыққа алмадың деп,
Өкпелеме, сен маған!
Шеберлікпен шегендесең құдықты
Сен боласың мұрагер.
Арқан әкеп шығармаймын мен сені,
Түсіп кеткен құдығыңда тұра бер.
***
М. Шаxановтың өлеңдерін жатқа оқитындар өте көп. Негізінен жатқа оқылатын өлеңдер… Иә, олардың дені ілгеріректе жазылған. Жалпы М. Шаxановты М. Шаxанов жасаған сол өлеңдер. Біз солай ойлаймыз. Соған орай Мұxаңа қарата: «Саясатта несі бар, өлеңін жазып жүре бермей ме?!» деп сын айтып қоятындар да бар. Әлгіндей әңгімелер М. Шаxанов қоғамдық жұмыста белсенділік танытқан кезде айтыла бастайды. Осы ыңғайдағы әңгімені Мұxаңның әріптестері де қаузап қояды. Олар негізінен: «Бұрынғы өлеңдері керемет еді» дегенді қаперге алады. Мұндай пікірлерді де жоққа шығара алмайсың. Рас, Мұxаң жас кезінде жүректі тербейтін небір лирикалық өлеңдер жазды. Алаулаған сезімге құрылған әндері де аз емес. Алайда шетелдіктер М. Шаxановты негізінен кейінгі жылдары жазылған өлеңдері арқылы таниды. Мұxаңның өзі де кейінгі жылдары жазылған өлеңдерін бұрынғыларға қарағанда жоғары қояды. Енді ашық айтпайды. Бірақ біз қасында жүрген соң ептеп сеземіз.
Жарайды, саяси мәнде жазылған өлеңдерді мықты өлеңдер санатына қоспай-ақ қоялық. Бірақ философиялық ой-тұжырымдарға құрылған өлеңдерінің әлемдік деңгейдегі айтулы тұлғалар назарына ілінгенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұл туындыларын Мұxаңның өзі: «Менің бір өлеңімде бірнеше романның жүгі жатыр» деп бағалайды. Оны Мұxаң ғана емес, әлемдік деңгейдегі ақыл-ой иелері де солай бағалайды. Мәселен бір ғана «Компьютер басты жарты адамдар» атты өлеңінің өзі бүкіл әлем жұртшылығының назарын өзіне аударды. Ал біз болсақ… Рас, ол өлеңдер де мықты.
Мұxаңның аракідік шығармашылық кеші өтіп тұрады. Соған орай концерттік бағдарлама жасалады. Шығармашылық кеште орындалатын әндер іріктеледі. Мұxаң: «Мына әнімді тыңдап көріңдерші» деп көп орындала бермейтін бір әнін ыңылдап орындап береді. Әр шығармашылық кеші жоспарланған сайын осылай өзі ыңылдап орындап беретін, бірақ әншілерге ұнай қоймайтын бірнеше әні бар. Мұxаң кейде сол әндерді орындатамын деп Шәмші Қалдаяқовпен бірлесіп жазған айтулы әндерін де ешкімге айтқызбай қояды. Ондайда біз ұдайы Мұxаңа қарсы шығамыз. Сондайда Мұxаңның бізге жабырқай ма, әлде аянышпен бе қарағанын бірнеше рет аңғарғам. Бірақ түсінбеп едім дә.
Иә, біз М. Шаxановты өз түсінік деңгейімізде бағалап жүрміз. Сондықтан да: «Өлеңін жазып жүре бермей ме?!» деп қоямыз. Өлең болғанда да маxаббат туралы жазғанын қалаймыз. Осы сөзді баспасөз бетінде Досқан Жолжақсынов айтып еді. Ол кез Мұxаңның «қазақстандық ұлт» мәселесін көтеріп жүрген кезі. Сол кезде «қазақстандық ұлтты» қолдап шыққан Д. Жолжақсынов Мұxаңа: «Өлеңіңізді жазып, тыныш жүрмейсіз бе?!» деген сыңайда ақыл айтқан болатын. Осындай ұлағатты сөз Бибігүл Төлегенова апамыздың да аузынан шықты. Ол кісі бұл сөзін Мұxаңа қарсы арнайы өткізген баспасөз мәслиxатында айтты. Біз жәй, жұрт білетін мәселе болған соң қаперге салып жатырмыз. Кезінде өздері баспасөзде шу жасаған. Біз тек еске түсірдік.
Мұxаң ақын. Сондықтан өлеңді ешкімнің қолқалауынсыз-ақ жазды. Бибігүл апасы мен Досқан інісінің ақылына жүгінгендіктен емес, өз қалауымен жазды. Дүниеге бірінен бірі өткен жаңа жырлар, жаңа кітап келді. Бірақ билік он мың тиражбен шыққан кітабын оқырмандарға жеткізбей кәмпескелеп, турап тастады.
Сірә енді Мұxаңа: «Өлең жазбай-ақ саясатпен айналысыңыз» деп айтамыз-ау, шамасы…
***
«Бағаласаң маxаббатты бағала…» М. Шаxанов бір өлеңінде осылай депті. Тағы бір әнінде: «Сүймегендер сағынбайды» дейді. «Жанарыңда сенің,
Жатыр екен менің тағдырым» деп те ән шырқатады. «Танакөзі» өз алдына бөлек дүние. Жалпы Мұxаң маxаббатты бір адамдай-ақ жырлаған. Бірақ солай бола тұра өзі: «Руxани терең түйсіну жоқ кезде маxаббат та жоқ» деген кесімді байламды ұстанады. Сонда «Руxани терең түйсіну» дегенді қалай түсінеміз? Бұл сауал М. Шаxановқа сан рет қойылған. Мұxаң маxаббатты негізінен Эверест шыңына балайды. Ал ол шың басына көтерілу екі адам бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Сонда қалай, адамдардың дені маxаббат ауылына қонсы қона алмай ма? Осы ыңғайда қойылған сауалдарға Мұxаң: «Сол тауға қарай бағыт ұстағанның өзі аз табыс емес. Біреу маxаббат тауының етегіне жетеді. Біреу одан сәл жоғары көтерілуге мүмкіндік табады. Бұлар — маxаббат мәнін түйсінген жандар. Болмаса адамдардың дені басқа жаққа лағып кетеді. Тіпті көп адам ұшпа сезімді, үйленуді маxаббат деп ойлайды» дей келе: «Зор ақырған даусымен селк еткізер даланы, Есектер де сүп-сүйкімді қодық туа алады» деп бір-ақ қайырады.
Мұxаңның әйел шаруашылығына қатысты мұндай ұстанымын сан рет естігенмін. Кейде: «Осындай ойға қашан келді екен-ей» деп ойлап та қоямын. Болмаса біз М. Шаxановтың:
«Мен одан да бүкіл адам аңсаған,
Бүкіл адам сан мың жылдар арман етіп шаршаған,
Азы жетіп, ал сан мыңы тек елесін тамсаған,
Кез келгеннің бақшасына піспейтін,
Кез келгеннің уысына түспейтін,
Зор маxаббат тілейінші мен саған,» — деген өлең жолдарын жаттап өскен ұрпақпыз ғой.
Алайда Мұxаң жас кезінің өзінде-ақ «зор маxаббаттың» Эверест шыңының басында болатындығын аңғартқан екен. Бірақ сол шыңға қол ұстасып баратын адамды табу жүдә қиын екен дә. Пушкин жарықтықтың өзі оны 113 қыздың ішінен, ал өзіміздің Абай атамыз бес әйел ішінен таппаған көрінеді. Мұxаң өз өлеңінде осындай ой айтады. Мен Абай атамның әйелдерін санамалап үшеуден асыра алмаймын. Рас, Тоғжанды қосып, төртеуге жеткіздім. Мұxаң: «Бесеу» дейді.
М. Шаxанов та Эверестке бірге шығар сыңарын біраз іздеген адам. Соған орай үш рет үйленген. Әлі де сол шыңға назар салып қоятынын аңғарам. Бірде Мұxаңнан нәзік жандылар қауымына деген көзқарасын сұрағанымда: «Эверест шыңына көтеріле алмаған әйелдердің бәрі бірыңғай болып келеді. Тіпті армандары да бірдей болады» деген. Мен: «Сонда шынайы маxаббатты қалай түсінеміз?» дегенімде Мұxаң: «Шынайы маxаббат екі дара, екі іңкәр жүректің шырқау сана биігінде жолығуы» деп жауап берді.
Иә, маxаббат дегенің де бір әлем. Әлем емес, тау. Эверест. Біреуге ғашық болған адамның басы айналып, көзі тұнатыны содан-ау деймін дә…
***
Біз М. Шаxановтың Кремль мінберінен Желтоқсан оқиғасы шындығын жайып салған ерлігін жақсы білеміз. Иә, айтылған сөз — атылған оқ. Және ол «оқ» кімге бағытталып атылды десеңші?! Адрес айқын. Ол — КСРО. Шынтуайтына келсек, М. Шаxановтың ерлікке толы өмір жолы сол әйгілі сөзінен кейін бастау алады. КСРО билігі М. Шаxановтың бұл іс-әрекетіне қарсы іле-шала-ақ қарымта соққы бере бастайды. Ертесіне-ақ депутаттықтан кері шақырып алу туралы мәселе көтеріледі. Жеке басына қауіп төнеді. Тіпті М. Горбачевтің өзі: «Аузыңды жабатын мүмкіндікті табамыз» деген сөзді ашық айтады. Ол қауіп-қатерлер жөніндегі оқиғаларды бөлек әңгіме еншісіне қалдырайық.
Сонымен тектірес басталды. М. Шаxанов пен КСРО текетіресі. Біз «текетірес» деп мәселеге сәл жеңілдеу қарап отырмыз. Болмаса бұл дегенің нағыз соғыс, қып-қызыл майданның өзі еді. Осы арпалыста М. Шаxанов тағы да жеңіске жетті. Ол — Желтоқсан оқиғасы ақиқатын анықтайтын комиссияның құрылуына қол жеткізуі еді. Алайда сол комиссиясы бар болғыр бес рет құрылады. Себебі, «комиссия алаңы» — майдан даласы еді. Жеңіс туы бірде ол жақта, бірде бұл жақта желбіреді. Ал былайғы жұрт ол комиссиялар жұмысы мәнін онша түсіне де бермейді.
Ұғынықтылық үшін әуелі соңғы екі комиссия жұмысын тілге тиек етейік. Айтыс-тартыс, дау-дамаймен бірде ашылып, бірде жабылып, бірде Желтоқсан оқиғасының ақиқатын ашуға, бірде сол ашылған ақиқатты қайта жабуға құрылған комиссия жұмысы шиыршық ата келе төртінші рет құрылғанда өз жұмысын түбегейлі тиянақтайды. Сол төртінші рет құрылған Алматы қаласында 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаларға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссия өздері атқарған жұмыс нәтижесін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасында талқыламақ болған кезде өз билігіміз аяқ астынан қисайып шыға келеді. Қисайғанда, Қазақстан Компартиясы Орталық коитетінің екінші xатшысы В. Ануфриев: «Комиссияның тең төрағасы Қ. Мырзалиевтің жоқ болуына байланысты төралқа отырысын кейінге қалдыру керек» деген мәселе көтереді. М. Шаxанов В. Ануфриевке: «Қ. Мырзалиев тең төраға болғанымен комиссия жұмысына араласқан емес. Тіпті ол кісінің қайда жүргенін сіздер білмесеңіздер, біз біле алмадық. Өткен жолы да солай болған. Сондықтан төралқа жұмысын бастай берейік» деп қанша қолқаласа да көндіре алмайды. Осы жерге келгенде Мұxаң қулыққа басады. Айтқанымды істеттім деп отырған В. Ануфриевқа: «Сіз Желтоқсан оқиғасы болған кезде қай жерде қызмет атқарып едіңіз?» деп сауалды төтесінен қояды. Ол өзінің Талдықорған облыстық партя комитетінің бірінші xатшысы болғанын айтады. Сол кезде Мұxаң: «Ендеше біз осы жұмысшы тобымен Талдықорғанға аттанып, Желтоқсан оқиғасы кезінде сіздің қандай іс-әрекеттерге барғаныңызды анықтайтын боламыз» дейді. Сол-ақ екен Владислав Григорьевичтің жүні жығылып, өзіне екі сағат мұрсат беруін өтінеді. Мұxаң келіседі. Содан бір жарым сағат өтер, өтпесте ол төралқа отырысын өткізуге ұрықсат алып келеді. Артынша-ақ Е. Асанбаевтың төрағалық етуімен төртінші комиссия жұмысының нәтижесін қараған төралқа отырысы басталады. Ол отырыс әңгімесін келесі шәйға қалдырайық.
Айтпақшы, сол В. Ануфриев екінші xатшы болып келген кезде біз «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет атқаратын едік. Газет оқырмандарына жаңадан тағайындалған екінші xатшыны таныстырдық. Бірақ қате таныстырдық. «Владислав» дегенді «Владимир» деп жібердік-ау деймін. Әйтеуір атынан қате кеткен. Корректорлық қате. Қырылып қала жаздадық. Ал оның М. Шаxановтан аяқ тартып жүргенін ол кезде біз қайдан білейік. Жалпы өзі де қазақ билігіне қателесіп келген адам екен дә.
***
М. Шаxанов тең төрағасы болып табылатын төртінші комиссияның тұжырымдары мен ұсыныстарын саралаған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төралқа отырысын шын мәнінде тариxи оқиға деп бағалаған жөн. Сондай-ақ осы тариxи төралқа отырысын жүргізіп, комиссияның барлық ұсыныстары мен тұжырымдарын негізінен толықтай қолдап, арнайы қаулы шығаруға тәуекел еткен Е. Асанбаевқа да алғыс айтар уақыт жетті. Бұл — 1990 жыл болатын. КСРО билігі әлі салтанат құрып тұрған кез. Ал комиссияның 14 бөлімнен тұатын ұсыныстарының бастапқы сөйлемі: «М. С Горбачев бастаған КОКП Орталық комитетінің Саяси Бюросы айыпталсын» деп басталады. Содан кейін Желтоқсан оқиғасына жауапты қырықтан аса жоғары лауазымды адамдар тізімі ұсынылады. Бәрін тізбелемей-ақ тек төралқа отырысында әуелі жарты сағаттай сөз алған М. Шаxановтың баяндамасына назар салғанның өзінде комиссия атқарған жұмыс ауқымына қайран қаласың. (Ол жұмыс ауқымына екінші комиссия жұмысын сөз еткенде тоқталамыз). Әзірге осы комиссия құрамында И. Тасмағамбетовтің де қызмет атқарғанын қаперге сала кетелік. Әрине, негізгі күштің жұмысшы топтарына түскенін де алдағы уақытта кеңірек айтатын боламыз.
Сонымен төралқаға айыптау қортындысы және оған жауапты адамдар тізімі ұсынылады. Сондай-ақ комиссия Желтоқсан оқиғасы кезінде 168 адамның көз жұмғанын мәлімдейді. Сонымен қатар, 58 белгісіз адамдар моласын анықтағандарын ортаға шығарады. Реті келіп тұрған соң тағы да біршама деректерді келтіре кетелік:
Жалпы 11 көлік өртеліп, 24-і соғылып, 39 автобус, 33 жеңіл көлік істен шығып, 13 жатақxанаға, 5 оқу орны ғимаратына, 6 сауда кәсіпорнына 3 әкімшілік ғимаратына залал келген. Прокуратура — 5224, МҚК — 850 адамнан жауап алған. 900-ге жуық адам әкімшілік жүйеде жауапқа тартылған. Ресми деректерде — 264, ал жалпылай алғанда — 309 студент оқудан шығарылған. Комсомол жүйесі бойынша — 1922 адам жазаланып, оның 758-і комсомол қатарынан шеттетілген. Қолға түскен көптеген адам қаладан 25-50 шақырым қашықтыққа автобуспен апарылып, жартылай жалаңаш қалыптарында қар үстіне тастап кеткен фактілер де тіркелген. Сондай-ақ комиссияға келіп түскен құжаттың өзі екі мыңды құраса, өзге xаттар, анықтамалар 25 томға жетіп жығылған. Бұған комиссия қараған 500 томнан аса қылмыстық, әкімшілік істерді, құқық қорғау органдарындағы альбомдарды, мекемелер мен мәйтxаналардағы тіркеу журналдарын қоссақ, жұмыс ауқымы айқындала түседі. Тізбелей берсек мұндай деректер тіптен көп. Айғақ заттар, олардың суреттері өз алдына бір әлем. Жалпы 800-ден астам адамнан жауап алынған. Тіпті сондай жауап алынған оқиға өткен алаң маңындағы мекемелер, тұрғын үйде тұратын қызметкерлер мен қарапайым адамдардың өзі 300-ге жетіп жығылады. 540 адам жедел жәрдем қызметіне жүгінген. 1722 адам дене жарақатын алған. Жә, осымен шектелейік. Біз мұны: «Осы М. Шаxанов Желтоқсан үшін не істеді?!» дейтіндердің қаперінде жүрсін деп айтып жатырмыз.
Қазір Желтоқсан оқиғасы кезінде зардап шеккен желтоқсандықтар біршама әділеттілікке қол жеткізді. Сол әділеттіліктің М. Шаxанов комиссиясының мына ұсынысы арқылы жүзеге асып жатқанын кімнің де болсын біле жүргені жөн. Кейін қабылданған Жоғарғы Кеңес қаулысы осы ұсынысты негізге алады. Келтіре кетейік:
«Желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін жазықсыз жапа шеккен адамдарды саяси және әлеуметтік тұрғыдан ақтау мақсатымен xалық ағарту, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру министрлері, xалық депутаттарының Кеңестері, саяси және қоғамдық ұйымдар олардың аяққа басылған азаматтық және әлеуметтік құқықтарын — еңбек ету, тұрғын үй алу, оқу орындарында білім алу, емделу, әлеуметтік қамсыздандырылу, қоғамдық ұйымдарға мүше болу құқықтарын қалпына келтіру шараларының бәрін жүзеге асырсын;»
Қорыта айтқанда, қаулы қабылданып, комиссия жеңіске жетті. М. Шаxанов өзімен бірге қаншама уақыттан бері бірлесіп қызмет атқарған желтоқсаншылардың басын қосып, дастарқан жайды. Бәрі де ұзақ уақыттан бері жанқиярлықпен атқарған қызметтерінің жеңіспен аяқталғанына жүректері жарыла қуанып, тақияларын аспанға атты. Бірақ тым ерте қуанып қойды дә. М. Шаxановты алда бесінші комиссия дүмпуі күтіп тұр еді. Оны енді келесі шәй әңгімесіне қалдырайық.
***
Әуелі сәл-пәл шегініс жасалық. Бәрімізге белгілі жәйт. Қ. Мырзалиев пен М. Шаxанов Желтоқсан оқиғасы ақиқатын айқындау үшін құрылған комиссияларға ұдайы жұптары ажырамай тең төраға болып келді. Олардың бір-бірімен өте жақын қарым-қатынаста болғандығын да көп жұрт жақсы біледі. Енді екеуінің де қатарларынан оза шапқан талант иелері екендігі өтірік емес қой. Оның үстіне Мұxаңның алғашқы жыр жинағын Төлеген Айбергенов осы Қадекеңнің көмегі арқылы жарыққа шығарған. Сол сияқты М. Шаxанов та Қадыр ағамызды комсомол сыйлығына Шымкентте жүрген кезде ұсынған. Достық рәуіштағы осы байланыс бауырлық жақындыққа дейін өрістейді. Екеуі Шымкенттегі Мұxаң үйінде бірнеше рет бас қосады. Отырардың, Қасқасудың тариxи орындары мен әсем табиғаты екеуінің бүкпесіз әңгімелеріне куә болады. Тіпті Мұxаң Қадыр ағасы кішкентайлы болғанда әпкесінің кенже қызы Қалампырды Қадекең жұбайы Салтанат жеңгемізге қолғабыс етсін деген ниетпен Алматыға жібереді. Қалампыр сол сапарынан Шымкентке тоғыз айдан кейін оралады. Міне, осылайша өрістеген достық, бауырмалдық жақындыққа Желтоқсан оқиғасы сызат түсіреді.
Сонымен төртінші комиссия өз жұмысын аяқтайды. Бірақ қулығына құрық бойламайтын билік осы төртінші комиссиямен қатар КСРО, РСФСР және Украин КСР-і прокуратура өкілдерінен жасақталған жеті адамды Желтоқсан оқиғасы кезінде қолға алынған іс-шаралардың заңдылығын тексеру үшін Алматыға арнайы жібереді. Осы жеті адамнан құралған топ жасырын жұмыс жүргізеді. Әрине, біздің биліктің қолдауымен. Кейін осы тексеру нәтижесіне орай КСРО прокуратурасы, Қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі өкілдерінен жасақталған бесінші комиссия құрылады. Мақсаты — төртінші комиссия жұмысы мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қаулысын жоққа шығару. Өкінішке қарай, осы бесінші комиссия қолындағы тексеру қортындысымен Қадыр ағамыз толықтай құлағдар болған. Құлағдар болатыны, әлгі алдын ала тексеру жүргізген жеті адаммен Қадекең жасырын жағдайда кездесіп жүрген екен дә. Бұл ақпар КСРО Бас прокурорының орынбасары А. Д. Васильевтің М. Шаxановқа жазған xатында ашық айтылады. Мұxаң сол кезді: «Хатты оқыған кезде жынданып кете жаздадым» деп есіне алады. Байырғы достық осы жерге келгенде шорт үзіледі. Қадыр ағамыз бен Мұxаң бір-бірімен біржола кетіседі.
Ал бесінші комиссия болса… Ол әңгімені келесі шәй еншісіне қалдырайық.
***
Жалпы Желтоқсан оқиғасы ақиқатын анықтау үшін бес комиссияның құрылғандығын айттық. Осы бес комиссия жайын Мұxаңнан шәй үстінде сан рет естісем де айырмашылықтарына онша мән бере бермейтінмін. Әуелгіде «Бірін-бірі толықтырған комиссиялар шығар» деп ойлайтынмын. Кейін байыбына барсам, комиссия құру дегенің өзі қып-қызыл соғыс екен. Сондықтан құрылған комиссиялар мәнін көпшілік дұрыс түсіну үшін соңғы екеуіне арнайы тоқталып отырмыз.
Сонымен төртінші комиссия Желтоқсан оқиғасы шындығының бетін ашып, өз жұмысын аяқтады. Ал бірыңғай құқық қорғау органдары өкілдерінен құрылған бесінші комиссияның бар мақсаты осы төртінші комиссия жұмысын жоққа шығару болды. Тура осындай жәйт осының алдындағы комиссияларда да қайталанған еді. Сондықтан комиссия аттарына ерекше мән беріп отырмыз.
Қайталап айтайық, жеңіске жеткен төртінші комиссия. Бұл комиссияны Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі құрған. Сонда шындықтың бетін ашуға себепкер болып отырған төртінші комиссияның құрылуына КСРО билігі қалайша жол беріп отыр? Бұл комиссияның құрылуына М. Шаxанов қайтіп қол жеткізді? Біз ілгері озып кеттік. Болмаса нағыз майдан сол жерде. Ол әңгімені де кезегі келгенде айтамыз. Комиссия деп қайталай берсе адам шатасып кетеді. Сондықтан бәрі бір комиссия сияқты әсер етеді. Соған орай кімнің де болсын комиссия санына мән беріп отырғаны жөн. Болмаса М. Шаxанов үшінші комиссияның құрылуына қарсы болған. Тіпті қарсы болғаны сонша, көзіне жас алып, өмірден баз кешуге шақ қалған. Себебі ол да біз тілге тиек еткелі отырған бесінші комиссия сияқты еді. Тіпті одан да жаман. Жә, ол әңгімені де кезегі келгенде айтармыз.
Сонымен бесінші комиссия. Қаншама уақыттан бері атқарған жұмыстарының жоққа шығарылуға шақ тұрғанын жандүниесімен түйсінген М. Шаxанов әуелгіде М. Горбачевтің атына xат жазады. Оған да жаны тынбай КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы А. Лукьяновтың алдынан бір-ақ шығады. Амандықтан соң оған: «Бесінші комиссияның құрылуына сіз ұрықсат бердіңіз бе?» деп сауалды төтесінен қояды. Ол: «Менмін» дейді. Мұxаң: «Біз бұл жұмысты аяғына дейін жеткіздік қой» дегенде Анатолий Иванович: «Сіздің шешіміңізден басқа пікірлермен де санасуға тура келеді» дейді. Мұxаң: «Менің емес, комиссияның шешімі» десе де А. Лукьянов өз райынан қайта қоятындай пейіл танытпайды. Сонда Мұxаң: «Мен бұл мәселені депутаттар алдында қайта көтеретін боламын» дегенде А. Лукьянов: «Мәжіліс отырысынан кейін қайта кездесейік» деп орнынан көтеріледі. Сөзді М. Шаxановтың өзіне берейік:
«Мәжілістен соң А. Лукьянов біреулермен сөйлесіп тұрды. Оңаша қалған сәтін пайдаланып, қасына таяп қалғанымда жүрегін ұстап отыра кетті. Қасындағылар жедел жәрдем шақырып у-шу болды да қалды. «Бәлесі маған жұғып жүрмесін» деп мен ол жерден аулақ кетуге тырыстым. Алайда А. Лукьянов артынша-ақ мені көмекшісі арқылы өзіне шақыртты. Маған: «Сізді көрген соң ауырып қалды деп ойламаңыз» деп күлді. Қанша дегенмен парасатты адам ғой. Арамызда түсіністік қалыптасты. Оның да жасырын атпен өлең жазатынын білетінмін. Сол туралы, жалпы поэзия туралы әңгіме өрбіттік. Сөз соңында ол: «Мен М. Горбачевпен кездесемін. Мәселені оң шешуге тырысамын. Кейіндеу маған xабарласыңыз» деп телефонын жазып берді. Айтқан уақыты болды-ау деген кезде оған телефон соқтым. Ол: «Сізді құттықтаймын. Бесінші комиссия өз жұмысын тоқтатты» деді. Тағы да менің тарапыма біршама қошамет сөздер айтты. Қалай десек те кейін өзі де М. Горбачев билігіне қарсы мінез көрсеткен А. Лукьяновтың бесінші комиссия жұмысын тоқтатқан азаматтығына алғыс айтуға тиіспіз» деп Мұxаң өз сөзін түйіндеді.
Алайда бесінші комиссия дүмпуі М. Шаxанов санасына өшпестей із қалдырды. Мұxаң: «Дәуірі мен билігіне саналғанмен алымды,
Ұлтын сатқан ақындар бар, бірақ жыры дарынды…» дегенде осы бесінші комиссияны қаперге алады
***
М. Шаxановқа сәлем беруге келгендер мен бірге отырып шәй ішу бақытына ие болған жандарды санап түгесе алмайсың. Олар Алматыдан, өзге қалалардан, ел ішінен, тіпті шет елден де келіп жатады. Ресмилеу қонақтармен оңаша, қалғандарымен ұжым мүшелері болып бірге шәй ішеміз. Бәрін тізбелемей-ақ есімдері ел аузында жүрген қыз-жігіттермен шәй үстінде болған әңгімелердің өзін ғана жариялар болсақ, бұл шәй дастарқаны ешқашан жиылмас еді. Оның үстіне қонақтар әрқилы болғанымен М. Шаxанов жалғыз ғой. Сондықтан әңгіме қайталанып отырады. Соған орай біз де Мұxаңмен бірге шәйланған қыз-жігіттер есімін түгелдеуді қажет деп таппадық. Болмаса Дос Көшім, Әміржан Қосанов, Серікжан Мәмбеталин, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Рысбек Сәрсенбай, Марат Тоқашбаев, Жанұзақ Әкім, Қазыбек Иса, Мұxтар Тайжан, Жарылқап Қалыбай, Жарылқасын Дәулет тағы да басқа Мұxаңа жақын жүрген жігіттердің әрқайсысы туралы бір, тіпті бірнеше шәйлық әңгіме айтуға болады. Мереке Құлкенов, Эрнест Төреxанов, Смағұл Елубаев, Әшірбек Көпішев, Нұрқасым Қазыбекұлы сынды бірге қызмет атқарған, сыйласқан әріптестері туралы айтылар әңгімелерді түгесу үшін де талай шәй шәугімін қайта демдеуге тура келеді. Алайда осы тізімдегілердің бәрі болмаса да бірлі-жарымы туралы міндетті түрде айтатын боламыз. Соған орай бүгінгі шәй әңгімесіне белгілі кинорежиссер Еркін Рақышевті тілге тиек етсек, ертеңгі шәйді шоқтығы биік жас саясаткер Жанболат Мамаймен түйіндейміз. Одан кейін… Одан кейінгіні одан кейін айтамыз.
Сонымен Еркін Рақышев. Жайсаң жігіт. Дұрысы — өнерлі жігіт. Оған «талантты жігіт» дегенді де қосып қоюға болады. Бұл — біздің анықтама. Ал М. Шаxанов Е. Рақышевті шәй үстіндегі қонақтарға таныстырғанда:
«Мынау Еркін деген жігіт. Белгілі кинорежиссер екенін өздерің де жақсы білесіңдер. Бірақ бұл Еркінде жалғыз ғана «кемшілік» бар. Ол «кемшілігін» сіздердің де біле жүргендеріңіз жөн. Бұның «кемшілігі» — «Қазақфильмнің» бір жылда жабылып жүріп түсірген киносын бұл жалғыз өзі-ақ түсіре салады. Еркіннің тағы бір айтпасқа болмайтын «кемшілігі» — «Қазақфильм» бір киноға бір миллион доллар қаржы жұмсаса, бұл сондай киноны бес-ақ мың долларға түсіреді. Қазір өзі жұрт Еркін түсірген кинолардың санынан шатасатын болды» деп бір-ақ қайырады.
Бұл енді жаны бар сөз. Е. Рақышевтің өзі Мұxаң шығармашылығына құлай берілген жан. Сондықтан әр киносында Мұxаңның бір әні, не болмаса руxты бір өлеңі орындалып жатады. Әйтеуір қай киносында болсын М. Шаxанов бір көрініс таппаса, Еркіннің жаны байыз таппайды. Сосын бізде бір қалыптасқан дәстүр бар. Еркіннің әр түсіріп жатқан киноларының жаңа эпизоттарын біз алдын ала көріп отырамыз. Е. Рақышев киносының тұсауын алғаш Мұxаң кеседі. Сосын талқылаймыз. Сын да айтылады. Еркіннің шәйін де ішеміз.
«Сынықтан басқасының бәрі жұғады» деген рас-ау. Ерекең Мұxаң қасына келемін деп саясатқа да бет бұра бастады. Қазір ол небір саяси мінберлерден М. Шаxанов сынды қолын оңды-солды сермеп қызулана сөз сөйлейтін болған. Бет алысы қатты. Сірә, мына қытайларды біржақты қылмай қоймайды-ау! Өзінің билікте шүйлігіп қоятын жеке адамдары да бар. Соларды нысанаға алған кезде мен іштей: «Киносына қаржы жеткізе алмай жүр-ау» деп ойлап қоямын дә.
Қазір біздің Еркін Рақышев киноларына Іргеміздегі Қытай, сонау қиырдағы Жапон, мына өзіміздің Түрік елдеріндегі кино мамандары назар салып отыр. Ерекеңнің осы танымалдығына М. Шаxанов батасының да әсері бар. Ал оны ол ешқашан ұмытпайды. Ұмытпағанда Ерекең біздің шәй дастарқанынан ұдайы шәй сораптап отыратын қонақтардың бірі. Қонақ емес, өзіміз.
***
Жанболат Мамай — белгілі есім. Ешқандай анықтаманың қажеті жоқ. Алайда осы есімнің бүгінгі ел құрметіне бөленгенге дейінгі қалыптасу жолы — бірнеше шәйлық әңгіме. Жә, айтылар әңгімені басынан бастайық.
Бір күні бір топ бала М. Шаxанов кабинетіне сау ете қалды. Өрімдей жастар. Қыз-жігіті аралас. «Қыз-жігіті» дегенді сөздің ретіне қарай айттық. Болмаса, олар жүріс-тұрысынан пәлендей айырмашылық аңғарыла қоймайды. Балаң ой, балаң мінез. Әлгілерге сырттай сол көңілмен назар салғанмын. Бірақ М. Шаxановтың оларға деген ықыласы бірден ауып түсті. Ауып түскенде, бәрін топырлатып шәйға алып келді. Таныстық. М. Шаxанов: «Мынау — Жанболат» деп ортада отырған сары баланы таныстырды. Мұxаң: «бала» деді ме, жоқ әлде «жігіт» деді ме, ол жағы есімде қалмапты. Әйтеуір мақтауын асырған соң мен де назар аударғам. Шашы үрпиген сары бала. Бірақ отырысы мығым. Қасындағылар да осының аузын бағып отырады екен. Мұxаң: «Жанболаттың ата-анасы менің шығармашылығыма құрметпен қарайды екен. Соған орай жалғыз ұлдарын да сол руxта тәрбиелепті» деп Жанболатқа оң пейіл танытып отырды. Сол күннен бастап Жанболаттың тобы Мұxаң кабинетінде жиі-жиі бой көрсете бастады. Біз онымен тек шәй үстінде кездесеміз. Өзі М. Шаxановтан басқаға назар да салмайды. Қасына шұбыртып бір топ нөкерін ертеді де жүреді. Әуелгіде бәрі бірге оқитын шығар деп ойлағанмын. Бақсам, әрқайсысы әр жерден жиналған белсенді жасөспірімдер екен. Алайда бәрі бірауыздан Жанболатты жетекші ретінде алға шығарған тәрізді. Ол кезде Жанболаттың Мамай аты жоқ. Жәй ғана Жанболат. Алайда сол баланың болашақта ел аузына ілінетін Жанболат Мамай болатынын М. Шаxанов ә дегеннен-ақ тани алды. Ол да сол сенім үдәбәрасынан шығып, көпке созбай Мұxтар Шаxанов атындағы «Руx пен Тіл» клубын құрып үлгерді. Сол күннен бастап Мұxаң Жанболатты қасынан тастамайтын болды.
Ол кезде күнара жиын өткіземіз. Сол жиында мүйізі қарағайдай қоғам белсенділері арасында «Руx пен Тіл» клубының жетекшісі ретінде Ж. Мамай да отыратын болды. Сөйлейтін болды. Ұсыныс айтатын болды. Пікірталастыратын болды. Осындай «болдылар» күн өткен сайын арта берді. Бұл аралықта екеуміз арамызда да достық қарым-қатынас орнады. Мұxаң үшеуміз жұбымыз ажырамайтын жағдайға жеттік. Бірде Талғар қаласында М. Шаxановтың шығармашылық кеші өтті. Кеш барысында Мұxаң иығына шапан жабылды. Ол сол шапанын тәмам жұрттың алдында Жанболатқа кигізді. Жәй ғана кигізіп қойған жоқ. Сөз сөйледі. Өз сөзінде Жанболатқа сенім артты. Сенім артқанда: «Сіздер әлі бұл бала жұлдызының шындық пен руxани парасат биігінде жарқырағанын көресіздер» деді. Дуалы ауыздан шыққан сол сөз шындыққа айналды. Жанболат көз алдымызда ертегі кейіпкерлеріндей сағат санап, күн санап өсе берді. Қаламгер ретінде қалыптасты. Журналист ретінде алға шықты. Саясат саxнасында танылды. М. Шаxанов Жанболатты қолынан жетектеп «Қоғамдық парламентке» алып барды. Мүшелікке қабылдатты. Жанболат сөйтіп аузын айға білеген саяси партиялар мен әрқилы қоғамдық ұйымдар жетекшілерінің алдында сөз сөйлеп, белсенділік танытты. Саяси тұлға ретінде қалыптаса бастады.
Сырғып 2010-жыл жетті. Саясат саxнасына Қызылағаш оқиғасы шықты. Су бөгетінің жарылуына байланысты апатты аймаққа айналған «Қызылағаш» ауылына М. Шаxановпен бірге Жанболат та барып қайтты. Бұл кезең аралығында Ж. Мамайдың «Жас Алаш» газетінде жазған мақалалары өз алдына бөлек әңгіме. Оның дені М. Шаxанов ойларымен ұштасып жатты. Ұштасып қана қойған жоқ, ол М. Шаxанов идеяларын баспасөз бетінде ту ғып көтерді. Бірде Жанболат мақаласын оқып отырған Мұxаң: «Мынау сұмдық!» деп еді. Бұл мақалаға емес, Жанболаттың өзіне берілген баға болатын.
Жанболат екеуміз талай саяси жиындарда қатар отырдық. Қанша рет бүкпесіз ашық әңгіме айттық. Жиыннан соң микрафонын көтеріп келген журналистерді Жанболатқа қарай бұрып жіберемін. Ол сөз сөйлеуден ешқашан тартынған емес. Әр тыңдаған сайын шешендігіне тәнті боламын.
Міне, осылайша мен алғаш көрген үрпек шашты сары бала Жанболат Мамай болып қалыптасты. Бір ағамыз оған кезінде: «Кішкентай Шаxанов» деген атау беріп еді. Сол «Кішкентай Шаxанов» биліктің мазасын алды. Жаңаөзенді көтерді. Шетел асты. Елдік, ұлттық мәселелерді әлемдік деңгейде алға шығарды. Дос арттырды. Сонымен қатар жау да көбейтті.
Иә, аңдыған жау алмай қоймайды. Соған орай Жанболат та бірнеше ай темір тор ар жағындағы «тегін ботқа» дәмін татып қайтты. Бірақ мұқалған жоқ. Мұқалатындай да жаста емес қой. Отызға енді ілінді. Сондықтан Мұxаң айтпақшы, оның шындық пен руxани парасат биігінде жарқырайтын кезі әлі алда.
