КӨЗ ЖАУЫН АЛҒАН ҚОС КЕСЕНЕ бабалар рухын паш етіп тұр
Пахриддин Шамшиддинұлы,
кәсіпқой қолөнер шебері
Уақыт – ұлы ұстаз. Кеше болған – бүгіннің тарихы, бүгінгі істер – ертеңгі ұрпақтың тағдыры. Ел мен жерге еткен әрбір игі еңбек, өткенді құрметтеп, болашаққа бағдар түзеген әр қадам – ұлт рухының жаңғыруына қосылған үлес. Осы ұлы мұраттың нақты көрінісі ретінде, 2024-2025 жылдары Сыр бойында бой көтерген қос кесене – Сәдір шайых пен Маулана Сайфуддин Орын Қойлақы бабаларға арналған зәулім рухани ордалар – елдік пен ерліктің, имандылық пен ынтымақтың, өткенге тағзым мен болашаққа аманаттың жарқын мысалы.
Сонау VIII ғасырдан тамыр тартқан рухани сабақтастық, бүгінгі күнге дейін өз үдесінен жаңылмай, саналы ұрпақ жүрегіне шырақ болып жағылып келеді. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың туған ағасы Сәдір шайых пен оның ұрпағы Сайфуддин Орын Қойлақы бабалар жатқан киелі мекендер, ел есінен шықпай, бүгін қайта жаңғырды. Бұл – тарихқа тағзым ғана емес, жүрек түбіндегі иманның, сананың оянуының айғағы.

Хорасан ата кесенесі

Сайфуддин баба кесенесі
Игі бастаманың туын алғаш болып көтерген – Түгіскен ауылы мен Аққорған елді мекендерінің игі жақсылары. Ауылдың абыройлы ақсақалдары мен намысты азаматтары екі әулиенің басын жаңғыртуға жұмыла кірісіп, ынтымақ пен бірліктің, қажыр мен қайраттың шынайы үлгісін көрсетті. Кесенелердің құрылысына түрлі ауылдан, түрлі рудан азаматтар қолдау білдіріп, тек материалдық көмекпен шектелмей, рухани қолдау да көрсетті.

Сәдір шайых баба кесенесі

Сәдір шайых бабаға қойылған монумент
Қожакент елді мекенінің қадірлі қариясы, ел ардақтысы Әсет Жиенқожаев ақсақал естелігінде Исатай Әбдікәрімовтің бастамасымен алғаш рет қам кесектен тұрғызылған мазардың жаңғыртуға тапсырма берілгені жайлы сыр шертеді. Бұл тапсырманы сол уақытта Темір ақсақал абыроймен орындап, кейін өз інісі Әсет ақсақалмен бірлесіп, бұл жолы Сайфуддин баба басын жаңғыртуға ұйытқы болды. Жан-жақтан ағылған жомарт жандар, ұсталарға түстік беріп, құрылысқа қажетті кірпіштен бастап, шеберге дейін бөліп беріп жатты.
Қос кесене – тек кесене емес. Ол – халқымыздың иманы, тамыры, тағылымы. Екі әулиенің де басына тұрғызылған сәулетті кесенелер – бүгінгі заманның сұранысына сай, бірақ рухани түп-тамырынан ажырамаған. Күре жолдың бойына орнатылған монументтер алыстан менмұндалап, өткен мен бүгіннің арасын жалғап тұрғандай.

Қос кесененің бой көтеруіне үлес қосқан бабалар ұрпағы.
Бұл игі істе тек бір ауыл емес, тұтас өңір жұмылды. Қожакент, Өзгент, Жаңақорған, Аққорған елдерінің азаматтары жұмыла еңбек етті. Алғыс арқалайтын азаматтар мен әулеттер жетерлік. Елдің ауызбіршілігі мен азаматтық ұстанымы ұлы іске ұйытқы болды.
– Менің бала кезімде Сайфуддин деген кісі Сәдір шайых пен Қойлақы бабаның басына жұма сайын келіп, құран бағыштап кететін. Кейін білдім – ол шырақшылық қызметті үкіметтен жасырын атқарып жүрген екен. Бүгінде біз де қартаң тарттық, бірақ жүрек түбіндегі сол естеліктер ұмытылмайды, – деп еске алады Темір ақсақал. Оның айтуынша, сол Сайфуддиннің ұрпағы бүгінде Аққорғандағы әулие бабаның шырақшысы болып қызмет атқарады. «Сырлы ыдыстың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген осы болар.
Абдужалилбап баба басында халыққа қызмет етіп жүрген Шерман (Шермұхаммед) ағамыз былай дейді:
– Жасымыз ұлғайса да, ел ішіндегі мұндай қайырлы тірліктерге қуанып, қолдау білдіргіміз келеді. Жұмыстар өте тиянақты, бірлікпен атқарылды. Кішісі мен үлкені – барлығы жұмыла еңбек етті. Ел ағалары мен абыз ақсақалдардың жол көрсетуі, шынайы жанашырлығы бұл істі көркейтіп жіберді. Бұл — абаттандырудың басы ғана. Алдағы уақытта кесенелер айналасы көгалданып, жыл сайын бабалар рухына құран бағышталып отырса — нұр үстіне нұр!
Бұл өңір – ұлылар мекені. Сырдың бойында «Жеті қарақшыдай» тізілген әулие-әмбие бабалар тізбегі бар: Абдужалилбап, Бақсайыс, Қасымата, Қылауызата, Шақбұзырық, Әлейімбап Қылышата, Шәмшібұзырық, Бабанқожа, Сәдір Шайых, Сайфуддин Орын Қойлақы… Тағы қаншама әулие, ғұлама, діндар тұлғалар мәңгілік мекен тапқан. Бұл тек рухани карта емес – бұл ұлттың ұлы жады.
Тариқат жолын жалғап, көкірек көзін ашқан осы әулеттен Төлек батырдың тұтынған қылышы бүгін аудандық музейде тұр. Абдужалилбап бабадан Құлқожа Ахмет Ясауиге дейін жалғасқан діни, сопылық дәстүр – бүгінгі ұрпаққа аманат.
Таир мақсұм, Саифуназар мақсұм сынды тұлғалар – тек әулеттің емес, елдің рухани көшбасшылары болды. Оларды оқуға түсірмей, бабалар: «Біз өзіміз оқытамыз, көкірек санаңды ашамыз» деген. Бұл – әдеттегі білім емес, рухани ілім болатын. Бүгінде сол мұраның мұрагері – Таир мақсұм Аққорғандағы мешітте имамдық етіп, ата жолын жалғастыруда.
Осы бір игі бастама – ұлт рухының, ел ынтымағының нақты көрінісі. Аталар салып кеткен сара жолды бүгінгі ұрпақ жалғастырып жатыр. Әулиелер басы жаңарып, кесене бой көтерсе – бұл ел еңсесінің көтерілгені, рухтың жаңғыруы. Мұндай істер елдік сананы биіктетіп, келер ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Ұлылар ізімен жүру – ұлы мұрат. Осы мұраттан жаңылмаған ел барда, баба рухы асқақ, ұлттың болашағы жарқын болмақ!

Автор, қолөнер шебері – Пахриддин Шамшиддинұлы өзінің ұлттық құндылықтарды дәріптеген «Нар тұлға» атты туындысымен бірге.
