ҰЛЫ ҰСТАЗ

Темірхан МОМБЕКҰЛЫ ТҮРКІСТАН
Қазақстан Жазушылар Одағының
мүшесі, велосаяхатшы
Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ
(1935-1983)
1983 жыл. 8-мамыр.
1981 жылдың жазы еді. Байботаның маған алғаш келіп жүрген кездерінде ғой. (Барлық баспа бір жерге жиналды. Абай,143. Түскі тамаққа екеуіміз бірге шығып жүреміз. Әуелі телефонмен сөйлесіп аламыз да, ғимарат сыртында, ия шыға берісте жолығысамыз ғой. Кейде ол маған кіретін. Өйткені ол – алтыншы қабаттағы «Жалында», мен – екіншідемін. Сондай алғашқы кездесулердің бірінде еді.) Жай басып Байбота кіреді де, бәрімізге ұяңдау амандасады. Жалпы ол — көп жағдайда ұяңдау жүретін жан. Артық-ауыс одыраңдау жоқ. Жұмекеңе:
- Байбота деген ініңіз осы болады, — дегенмін.
Жұмекең елең ете қалды. Сөйтті де, басын изеді.
-Е,е, Байботамын де, — деді Жұмекең өзіне тән құмбыл ықыласпен.
Түстен кейін, Байботаның өзі жоқта:
-Өзін бірінші рет көріп тұрсам да, Байботаны білем. Ақын жігіт қой, — деді байсалды жүзбен.
— Көптен өлең жазады, өлеңдері жақсы… – дей беріп ем. Сөзімді бөліп
жіберді.
Өлеңді екінің бірі жазады. Кейде сәтті шығатын жақсы өлеңдері болуы да мүмкін. Бірақ сәтті өлең жазғанның бәрі бірдей ақын емес. Ал Байбота – ақын ғой, — деді сенімді үнмен.
Жұмекең деп отырғаным — ақын, жазушы, күйші, ұстаз, аудармашы Жұмекен Нәжімеденов. Осынау асылымыз — менің өнердегі де, өмірдегі де ұлы ұстазым.
***
1983 жыл. Қыс. Жұмекеңнің жүрегі ауыратын. Инфаркт. Ең алғаш рет Москвада оқып жүргенде болған. Өзінің айтуынша, бірінші ұстауын білмепті де, білмеген соң емделмепті де. Одан кейін де жүрек шіркін оқтын-оқтын сыр беріп жүрген. Бірақ инфаркт деген алапаттың екінші рет ұстауы деген болмаған. Ол кісі сол жақ қарын көп ұстаушы еді. Ауруханаға түсетін күні әдеттегідей жұмысқа келді. Реңі жақсы емес еді. «Түнде ауырып шықтым. Не болса да түнде өтіп кетті. Енді басылған секілді» деді.
Ойпырмай, Жұмеке-ай, басылмаған сияқты. Түріңіз онша болмай тұр ғой! Ыскорый помыш шақырайық. Немесе такси ұстасын Темірхан. Үйіңізге барып демалыңыз, — деді Нағима. Жүзінде де, үнінде де алаңдаушылық сезіліп тұрды.
Жұмекеңнің қиналып тұрғаны анық еді. Бірақ соны мойындағысы келмегендей. «Не де болса түнде өтіп кетті. Басылған сияқты» дейді. Осыған шынымен сенгендей түрі бар. Ал біздер алаңдай бердік: «Ойбай, Жұмеке, жүрекпен ойнамаңыз!» десіп.
Ақыры Жұмекең үйіне қайтатын болды. Мені қолтықтап алды. Бір тәуірі – жүрісі ширақ. Аялдамаға келдік. «Әй, осы жұмыста бола бергенде болар ма еді» деп қояды. «Жұмысы құрысын! Барып демалыңыз» деймін.
Жұмекең бұрын да жүрекке байланысты ауруханаға жатып жүретін. Қанша ұзақ емделсе де, айығып, ортамызға қайта келуші еді. Дәл осы жолы да Жұмекеңнің өзі де, өзгелеріміз де әдеттегі сондай ауруы ғой деген ойда болдық. Инфаркттың ұстағаны деген ой ол кісіде болған жоқ. Мен де олай ойлағаным жоқ. Тек «Жүрегі ауыратын кісі көп қозғалмай, тыныш жату керек» дегенді естігенім бар. Сол оймен бүгінше жұмыс істемей-ақ, демалғаны жөн ғой деп ойладым. Автобусқа мінгенде де, ширақ мінді. Сөйтсем, жүрек деген сабаз солай екен ғой – тіп-тіке жүргізіп-ақ, тіпті жүгіртіп жүріп-ақ алып ұрады екен!
Кейін хабарластық. Ауруханаға алып кетіпті. Сөйтсе, сол жұмысқа келгенде инфаркт процесі бар екен. Оны Жұмекең де білмеген, біз де білмегенбіз. Жұмекең тіпті ол ауруды: «Не де болса, түнде өтіп кетті» деп мойындамады да ғой. Ал біз қайран азаматтың дәм-тұзының таусылуға таяп қалғанын ол кезде сезген жоқпыз. Сөйтсек, Жұмекеңнің санаулы айлары ғана қалған екен-ау!..
Алға озайын. 2014 жылы көктемде, тура алпыс бірдей мүшелімде менің де жүрегім сыр беріп бірінші рет инфракт ұстады. Жүрегімнің соғысына, қан қысымыма дәрігерлер таңқалып, сүйініп жүретін. Яғни мақтаулы жүрек еді. Сол мақтаулы жүрек те сыр алдырды. Жиырма тоғызы күні түстен кейін арқа мен сол жақ жауырынның асты шанши бастады. Терлесем, массаж жасатсам кетеді деп ойлап, мүлдем мән бермедім. Алматыға келіп , енді қайтқалы жүргенмін. Одан отызына пойызға шықтым. Вокзалда інім Нұрлан да, қызым Дидар да, пойызда жолсерік те массаж жасады. Бірақ шаншу басылмады. Ал пойызда дем жетпей, тұншыға бердім. Бір сәт те көзім ілінбеді. Астанаға отыз біріне жеттім. Жатақханада да дем жетпей, тынысым барған сайын ауырлай берді, тіптен тұншығып барамын. Содан іңір қараңғысында ғана Жедел Жәрдем шақырттық. Олар тексеріп қарады да, тез ауруханаға алып кетті. Жүрегіме сенімділігім соншалық, дәрігерлер «Инфарк» десе, «Далбасаламаңдар. Үйге қайтамын» деппін. Олар отаға келісім беретіндігім жөнінде тездетіп қағазға қол қойдырып алды да, зембілге салып алып, ұша жөнелді. Сөйтсем, операция жасауға асыққан екен ғой. Сол жолы мені шынымен-ақ Құдай сақтапты. Инфарк басталғаннан үш күн жүргенмін ғой. Әуелі — Алланың арқасы, сосын дәрігерлердің шеберлігі, одан соң организмнің мықтылығынан аман қалыппын. Сонда жүректің төрттен үші істемей тұрыпты да, бір бөлігі ғана істеп тұрыпты. Отадан соң бір аптадай жансақтау бөлімінен шығармады. Міне, сол өз жүрегіміз қатты сыр бергеннен бастап жүрекпен ойнауға болмайтынын білдік қой. Адам деген көп жағдайда өз басына түскенде ғана біледі ғой. Құдайым ешкімнің жүрегін де, жанын да ауыртпасын. (Кейін дәрігерлер айтады, менің жүрегімдегі инфарктің ауырғаны қатты білінбейтін түрі екен. Бұл түрі өте қауіпті көрінеді. Жүрегі қатты ауырып сыр бермеген соң, кей адам білмеген күйі кетіп қалады екен.)
***
1983 жыл. Шілде. Жүністі – фантаст-жазушы Жүніс Сахиевті іздеп барып едім. Редакцияның асығыс шаруасымен бір жаққа шығып кетіпті. Кабинетте Ләйла мен Бұрышханым ғана отыр екен. Олар Жұмекеңді сұрады.
-Қазір ауруханада. Жедел жәрдеммен үйінен ап кетіпті. Инфарк. Мио… – дей беріп едім, екі келіншек қабаттаса сөйледі.
-Ол деген — өте қауіпті! Қазір қалай екен? Білдіңдер ме? – деді үрейлі дауыспен.
Біз кеше халін сұрағанбыз. Қозғалтпай жатқызып қойған. Ал бүгін үйімен хабарласқан жоқ едім. Хабарласуға мүмкіндік бола қойған жоқ. Таңертең жұмысқа келе салысымен, директорымыз Шәрібек Есмұрзаев шақыртып алған еді. Оны-мұны шаруа жайын сөйлестік. Ол кісі де Жұмекеңді сұрап жатыр. «Жиі-жиі хабарласып тұр. Хал-жайын айтып тұр» деген. Шәкең ақырында Жүніс екеуімізді бір жұмысқа жұмсады да, Жүністі іздеп келгенім де сол еді.
Екі келіншек:
-Қайта-қайта жайын біліп тұру керек қой. Бір редакцияда істейсіңдер. Сендер түгілі, бөлек жүрген біздер алаңдап жүрміз, — деді олар.
Мен дереу оларға уәде бердім. Үйімен сөйлестім. Әлі де қозғалтпай жатқызып қойыпты.
-Бұрынғыдан тәуір ме? – дедім нақтылай түскім келіп.
-Тәуір, тәуір. Ауруханаға алғаш түскендегісінен тәуір, — деді Нәсіп жеңгей.
Естігендерімді екі келіншекке айтқанмын. Олар қуанып қалды. Екеуінің жүзінде де риясыз қуаныш көзге ұрып тұрды.
***
1983 жыл. Жаз. «Жұмекең сәл тәуірленіпті. Келген кісілермен сөйлесіп, кездесуіне болады!» дегенді естіп, ауруханаға бардық. Шынын айтқанда, ұрланып, ебін тауып, аурухананың ішіне кіріп кеттік. Жұмекеңмен фойеде отырып сөйлестік. Бір кезде темекі сөз болып қалды. Ол кісі темекіні көп тартатын. Қойыпты. «Қалай қойдыңыз? Қиын болған жоқ па?» деп жатырмыз.
-Екі-үш темекіні қолыма ұстап жүрдім. Киімді ауыстырады ғой. Сонда көріп қойса, алып қояды. Алып қоймасын деп уысымда ұстадым. Күні-түні қасымнан дәрігерлер кетпейді. Солардың көзін ала беріп, бір сәтін тауып жақсылап тартсам деймін. Олар көз жазбайды. Әрине, олар мені темекі тартып қоймасын деп аңдып жүрген жоқ. Менің жағдайым ауыр болды ғой. (Түсіндірме, көп адам бірінші ұстауда-ақ, одан қалса, екінші ұстауда-ақ кетіп қалады екен, егер уақтылы ем қабылдамаса. Жұмекең қан қысымының төмендігі себепті аман қалған сияқты.Т.М-Т.) Олар сол үшін күні-түні қасымнан кетпеді. Үш күн бойы темекі қолымнан кетпеді. Үшінші күні бас тарттым: «Осы менікі не? Осылар ғой, бір мен үшін өбектеп, жаны қалмай жүгіріп жүр. Мен болсам, темекіні ойлаймын. Құрысын, тастайын. Мыналардың осынша бәйек қаққанының қасында сол темекі деген не десейші!» деп ойладым. Сонымен, қойдық, — деді Жұмекең.
Бәріміз де: «Жақсы бопты!» дестік.
-ЖҰМЕКЕННЕН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛДЫҚ!
Осынау сұмдық жаманат хабар есімізді шығарып жіберді. Күнде көріп жүрген, талай әзілдесіп, жұмыс жайында, әдебиет жайында, тіршіліктің парқы, басқа да қыр-сыры жайында бүкпесіз сөйлесіп, ақылын тыңдап жүретін ӨЗІМІЗДІҢ ЖҰМЕКЕҢ! Екі жүзге тарта адамы бар «Мектеп» баспасының коллективі дүрлігіп кетті. Мұндағы әріптестері Жұмекеңді ділімен жақсы көретін. Жұмекең дегенде қай-қайсысының да жүзіне жылылық ұйып, бір тартымды күйге енеді. Жүрек елжіреткен осынау кіршіксіз ықыласты көзбен көрдік қой. Жанымызбен сезіндік. Бірге істеген бес жыл бойы сол ықыласты көзбен көріп жүрдік. Жүрегіміз сезді. Жанымыз байыды. Нәрленді. Қуат алды. Халық кімнің кім екенін біледі. Тек біздер ғана емес, оны білетіндердің бәрі де жақсы көруші еді-ау. Ал Жұмекеңнің өзі адамдарды қандай жақсы көруші еді! Егер әр адам мына дулы өмірді, көкірегі арманға толы адамдарды Жұмекеңше жақсы көрсе ғой дейсің!
Жұмекеңде бәрі де табиғи еді. Дарын да, кісілік те. Барлығы да тума қасиеті болатын. Ол кісінің қасында жүру өзінше бір өрісті мектеп болды. Әрбір іс-қылығы, риясыз күлкісі, сөзі: көкейден шығып жатады. Әзілдеп отырып-ақ биязылықты, жылылықты көңіліңе дарыта білетін. Ол кісі сөйтейінші демейтін. Өзінен-өзі солай болатын. Жұмекең табиғатынан ғажайып ұстаз еді; сондықтан да солай болатын.
Арамыздан мезгілсіз, ерте кеткені арман боды-ау! Қайран Жұмекем-ай, өзің секілді ғажайып жандар арамызда көп болса, көбірек жүрсе, мына өмір маңыздырақ, қызықтырақ бола түседі ғой.
Көп нәрсені үйрендік. Өмірді сүюді, жақсылықты тануды, адамдарды қадірлеуді үйрендік. Қай-қайсымыздың бойымызда осы қасиет болса, оларды сүйекке біткен мінез етіп қалыптастырған – өзіңіз ғой.
Ол кісі – менің өмірде де, өнерде де ешқашанда орны толмайтын ғажайып ұстазым. Ұстаз жүрегінің жылуын өмірімнің ақырына дейін рухани демеушімдей сезініп өтермін-ау. Қуат алар қасиеттім де сол болар!
Жұмеке-ай, ажалға қиятын азамат па ең! Бәріміз де арманда боп қалдық-ау! Қайран Жұмекем-ай!..(1983 жыл. 26-қараша.)
***
26-қараша.1983 жыл.
-Мектеп баспасының ұзын коридорын бойлай, Әбен Жұмашев екеуіміз азагүлді алып бара жаттық. Жұмекеңе бағышталған веноктар еді. Қаралы көңілмен, теңселіп, күйіп жүрген күндер.
-Ай, Әбеке-ай, мынаны тым ерте көтердік-ау! – дедім күрсініп.
-Ерте ғой, Темірхан!.. Ойда жоқта кетіп қалды емес пе! – деді Әбен қамырықты үнмен. Бір редакциядамыз. Жұмекеңді өте жақсы көретін.
-Тым құрыса, бір отыз жылдан кейін көтергенде ғой…
— Ең болмаса, он бес-жиырма жылдан кейін болғанда… Жұмекең алпысын да көрмеді! Тіпті елуге де жетпей қалды-ау! – деді Әбен.
Жұмекең өзі де арманда кетті! Бізді де арманда қалдырды ғой!
***
Алматыдай алысқа тартатын сапар түгілі, көрші ауылға беттер болсам да, әкем маған міндетті түрде ұзақ толғап бата беретін. Әр жолы әр түрлі сипатта болып келеді. Сол ұзақ батасының ішінде өзгермейтін бір қайырым: «Теміржанымды жақсыларға жанастыр, жамандардан адастыр» деген ұлы тілек міндетті түрде болушы еді. Әуелі барлығы да – Алладан ғой, сосын көкемнің жан-жүрегімен елжіреп айтатын сол ақбатасының шарапаты ма, әлде өмірімнің солай құрылғанынан ба, мен көбінесе жақсылармен жолдас болдым. Класстас, әріптес, сырлас, мұңдас, көршілес, дәмдес-тұздас, сапарлас, сабақтас, қанаттас, армандас, достас, бастас дегендей. Мектепте де, университетте де, қызметтерде де. Сол жайсаңдардың арасында Жұмекеңнің орны бөлек еді. Мүлдем бөлек!
Адам баласы өзінің қарызын өтей алмайтын қасиеттілер бар ғой. Алла. Табиғат. Отаның. Ата-Анаң. Ұстазың. Аллаға деген сүйіспеншілігің, құрметің мен сенімің, ықыласың мен қорқынышың – түсінікті. Табиғат пен Отаныңа, Ата-Анаңа деген перзенттік ыстық махаббатың да дүниені әлдилеп өтер-ау. Алайда, Алланың да, табиғат пен Отаныңның да, Ата-Анаңның да алдындағы қарызыңнан құтыла алмайсың. Ал Жұмекеңдей ұстаз алдындағы қарызым ше? Басы ашық нәрсе: қанша күш салсам да, ол қарыздан құтыла алмайтындығым. Өйткені адам болып қуаныш-ренішті сезініп, тұшынып, қалыпты өмір сүрген кездеріңде, тіпті көзің жұмылған соң да, сол ұстаз берген шапағаттың арқасында тірілермен қатар жүргендей-ақ сөз боласың (әлбетте жақсы ұстаздан жақсы өнеге алсаң ғана), демек жақсы өмір сүруің мен жақсы атқа жетуің ұстазыңа тікелей байланысты екен, яғни ұстаз – сенің тағдырың, олай болса, тағдыр алдындағы қарызын ешкім де толық дәрежесінде өтей алмақ емес. Мен де Жұмекеңдей ғажайып ұстазымның алдындағы қарызымды өтей алмадым. Өтей алмай келемін. Бұл орайда сол кісідей дегдар азаматқа шәкірт, замандас болғаныма шүкірлік етемін, кейде тіпті мақтан көретінім де бар. Ал жақсы көруім ерекше еді. Тегінде жақсыларды жақсы көрмеу – мүмкін емес қой. Құрметтемеу – тағы мүмкін емес. Жасаған Ием жақсыларды жақсы көруің үшін, құрметтеп-қадірлеуің үшін жаратқандай көрінеді де тұрады. Сондай жақсыларды жақсы көріп, құрметтеп өмір сүресің. Қамшының сабындай шолт қайырылар, тіпті қас қағымдық аз ғана ғұмырдың шынайы қызығы — біздің сол бір ыстық ықыласымызда ма, кім білсін. Жақсылар жайындағы менің шын түсінігім – осылай.
***
Мені қолтықтап, ширақ басып аялдамаға баратын күн – Жұмекеңнің қызметтегі соңғы күні екен. Одан кейін де, ауруханадан шыққан соң, баспаға бірер мәрте соқты ғой. «Жұмысты қой» деп жатыр. Қоямын-ау шамасы» деді бір келгенде. Ауруханадан шығып, үйінде жүрген. Бірақ ұдайы дәрігерлердің бақылауында болды. Жүрекке өте қатаң режим керек екен. Мәселен, биікке көтерілгенде, баспалдақтармен тіке көтерілу — әсіресе қауіпті дейді. Дәрігерлер осы баспалдақтардан көтерілу жайын, басқа да жағдаяттарды Жұмекеңе де, Нәсіп жеңгемізге де талай тәптіштеп, бұл тәртіптің ерекше қатаң сақталу керектігін ескерткен ғой. Жұмекең дәрігерлердің ескертпелерін айтып қоятын. Жазушылар Одағындағы ақын Жүсіп Қыдыровты шығарып салуға келіпті. Замандасының қаралы рәсімін көру – оңай соқпасы белгілі. Онда жүру – қауіпті, әрине. Әбу ақсақал ма, әлде басқа жанашырлар ма, қояр да қоймай үйіне қайтарып жіберіпті.
***
Тегінде, менің байқауымда, Жұмекең көп нәрсені ішіне сақтайтындай, яғни іштен тынатындай көрінуші еді. Мәселен, мен біреуді жақсы көрсем де, жек көрсем де, мақтағым келсе де, ренжіп-өкпелеп қалсам да, соны табан астында айта саламын. Бұл мінез – өмір сүруге қиын, әрине. Бірақ көкірегің тазарады. (Кейінгі кезде ойлаймын-ау, «Жұрттың бәрі, құбылыс-жаңалық-өзгеріс, қылық-мінез атаулы маған ұнауға міндетті емес қой. Маған ұнай ма, ұнамай ма, мен қабылдаймын ба, жоқ па, түсінем бе, түсінбеймін бе, олар бәрібір өмір сүреді, болады» деп. Бұл енді жас ұлғайған соң, қырықтың айналасында келіп жүрген тоқтам ғой.) Ал Жұмекең кімнің де болсын көңіліне қарайтын. Өзіне ауыр тисе де, бет жыртыспауға тырысатын. Сөзімді қор қылмайын дей ме екен. Бірақ сөз түсінеді-ау деген кісіге айтарын айтып тастайтын тұсы да бар. Және өте дәл әрі барынша әділ айтатын. Бір сүйінерің, дәл де әділ айтылғаннан ба, Жұмекеңнің бағасына ешкім де ренжи қоймайтын. Бір әріптесімізге ешқандай астарсыз, зілсіз, әзілсіз, жайлап қана; «Жалқау екенің рас қой енді» дегенде, ол күліп, «Жалқаумын, ия, дұрыс айтасың» деді. Ана кісі тіпті соны ашық айтқанына риза болып та қалды. Жоғары басшылық редакция меңгерушіміз Жұмекеңе әр қызметкерге мінездеме жазуын тапсырған ғой, сонда жақсы қырларымызды да, әттеген-ай тұстарымызды да дөп басқан еді.
***
Жұмекеңді сағынған көңілдің далбасасы ма, жұбаныш іздеуі ме, менде бір қылық пайда болды. Негізінен ол әдет, ол қылық бұрын да бар еді. Бұрын тек қызға ғана қатысты болатын. Ендігі жерде ер адамға, жігітке қатысты әдет шықты. Мектепке бармай тұрып (алты жасқа толмай барғанмын) Тәжік қызына көзім түсіп еді. Сол ықыласым артпаса, әлі күнге суыған емес. Осы жасыма дейінгі бір әдет-қылығым: жібі түзу бойжеткендер мен келіншектерден сол Тәжік қызына (осындай болып бойжетер-ау деген қиялдағы сурет-болмысына ұқсастық) ұқсастық іздеймін де жүремін. Мінез-қылық-түрінен. Жұмекең қайтқалы жігіттерден де сондай ұқсастық іздеу әдетке айналды. «Жұмекеңе несі ұқсайды?» деп. Мәселен, ақын Дүйсенбек Қанатбаевты бұрын да жақсы көруші едім. Жұмекеңе ұқсайтын тұстары ( ақынжандылығы мен парасаттылығы, адалдыққа ішбұрып тұрулары) үшін одан сайын іштей жақындай түстім. Ақырында төбесін көргеннің өзіне бір жасап қалатын күйге жеттім. Жақсы аналарды мені бауырына салып тәрбиелеген анам – апам Күлжанмен салыстырып, ұқсастық іздеп, ал жақсы әкелер мен ақсақалдарды әкем – көкем Момбекпен салыстырып, ұқсастық іздеп пайымдайтыным секілді, махаббат пен адалдық, сұлулық символын Тәжік қызы деп білгенімдей, жақсы азаматтың, нағыз адамның әділ өлшемі де, айнымас темірқазығы да – мен үшін Жұмекең болды. Әке-шешеме, Тәжік Қызына, Жұмекеңе ұқсаған жандарға бүйрегім бұрып-ақ тұрады. Мұның өзі табиғи мінез болып қалыптасып та кетті.
***
Жұмекеңнен айырылу – сең соққандай әсер етті. Күйікке шыдай алмай өртеніп жүрдім. Үйге келген соң да, аһалап-уһлеп «Қайран Жұмекең!» дей бергенмін. Бес жасар қызым Дидар ол кісінің есімін Жұмекен деп емес, мен көп айта берген соң, «Қайран Жұмекең!» деп ұғыпты. Жұмекеңді мәңгілік сапарға аттандырып салуға барарда, үйден көңілсіз, салбырап шыққалы тұрғанмын, қызым балалық аңқаулықпен:
-Қайран Жұмекеңе барасың ба? – дегені.
Бес жасар қызым соны айтқанда, еңіреп жібере жаздадым-ау.
***
Ол кісінің күнделіктерін оқыған соң ғана мен Жұмекеңнің сол кездегі қылықтарын басқаша байыптай басталдым. Біздің көңілді-көңілсіз жаңалықтарды айтуымыз, ол кісінің Жүсіп Қыдыровпен хоштасуға баруы – адамның жағасын ұстатқандай жай екен. Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрғанын күнделіктен ғана ұқтық емес пе. Көзге шұқып көрсетпесе, көп жайды ділімізбен сезе бермейтін жабайы бейқамдық та баяғы. Ол кісіні алақанға салып аялап жүретіндей ақадал, жанашыр көңіліміз болды-ау, бірақ соның орайын, иінін ылғи да сәтімен келтіре алмадық-ау деп ойлаймын. Содан келген түйіндім: жақсыларды жақсы көру, құрметтеп-қадірлеу аз екен. Сол махаббатыңа бөлеудің: орайын да келтіріп, ығытын табу керек екен ғой. Оралымсыздық, икемсіздік деген бәледен құтылу керек екен ең әуелі.
***
Оралымсыздық, икемсіздік дегеннен шығады-ау. «Жұмысты қоямын-ау осы» дегенде де, мен сол жерде-ақ, «Мектеп» баспасының коридорында тұрып, бірден:
-Ой, Жұмеке, сіз жұмыстан кетсеңіз, мен де кетемін. Бір күн де тұрмаймын мұнда, — дедім.
Ал енді бұл өзі — әбден бауыр басып қалған Жұмекеңнен бөлек жүру ауыр соғатынын еш бүкпесіз ашықтан-ашық айта салу ғой. Осы кезде ойлап отырсам, бұл сөздерді айтпасам да болады екен-ау. Дәл мен үшін болмаса да, үйренген ортасынан, еңбек еткен коллективінен қол үзуге бет алу – сондай шешімге бару(әлбетте, денсаулығына байланысты ғой) – өзіне онсыз да оңай тимегенін сол шақтарда толық дәрежесінде сезінген жоқпын , әрине. Кейін, сол бір Жұмекеңмен сөйлескеннен он екі жылдай уақыт өткенде, жасымыз қырықтан енді аса бергенде, жұмысты қоя тұрып, ендігі жерде біржола шығармашылықпен айналысуым керек деп шешім қабылдап қойсам да, Қазақ Радиосындағы коллективімді қимай, бір жылдай жүргенім бар. Үйренген ортадан қол үзу – дүниенің азабы екен. Кейін жалғызсырап қатты қиналдым. Ақыры шыдай алмай, екі жарым жылдайғы үзілістен соң, ұжыммен қайта қауыштым ғой. Жұмекеңнің менімен сөйлескен шақтағы жай-күйін коллективті қимай бір жыл жүрген кездерімде, кейін әріптестерсіз қатты жалғызсырап жүрген шақтарымда сезгендей болдым.
Сонда Жұмекең жайлап қана:
Қой, Темірхан, «Жұмыстан кетемін» дегенді айтпа да, ойлама да. Мен кетсем, аз да болса, фамилиям белгілі, өлеңімді де, басқа жазғандарымды да бірдеңе етіп шығарамын. Ортадан қол үзбеймін. Сен әлі ештеңеңді шығарып үлгерген жоқсың ғой. Жұмыстан кетсең, қиын боп қалады. Күнгөрісті де ойлау керек, — деді.
Алайда Жұмекең жұмыстан ресми түрде шығып та үлгермеді. Сол дәрігерлік бақылауда, бюллетенде жүрген күндерінде, кенеттен қайтыс болды. Жұмекеңсіз коллектив те, Алматы да қаңырап тұрғандай әсер етті маған. Содан ұзамай-ақ, редакциялауға тиісті кітаптарды тезірек бітірдім де, арызымды жазып, жұмыстан шықтым. Елге кеттім. Алматыдан ауып, Елге баруыма екі жай себеп болды. Әуелгісі, Жұмекеңнен айырылуым. Алматыда Жұмекеңсіз өтер күндердің ауырлығына шыдау қиын соғатындай көрінді. Екіншіден, елде сексеннен асқан қарт әкем бар. Енді қанша өмірі қалды дейсіз. Аз да болса, қасында болу, сөзін тыңдау, шама келгенше қызмет жасау.( Он үш жастан енді аса бергенде үйден бөлінген мен әке-шешемнің қасында содан бастап көп болған емес ем.) Сонымен бала-шағамды алып барып, Елде бір жарым жылдай болдым ғой.
***
Жұмекеңнің отбасының, туысқандарының атынан қойылар азагүлді Одаққа ақын Темірхан Медетбек көтеріп, ең жанашырларды бастап кірді. Жұмекеңмен қалың қауымның хоштасу рәсімін сөйтіп ақын жігіт бастады. Одан соң коллективі кіру керек еді. Баспадағылардың ұйғарғаны солай болды да, коллективтің атынан қойылар азагүлді маған ұстатқызды. Сонымен екі лекті екі Темірхан бастап жүрдік қой. Ол кездері Темірхан ағамыздың маған деген көңілін толық біле қоймаған шағым (әйтеуір бейтарап емесін сезетінмін), ал мен аттас ағамызды Жұмекеңе інісіндей, татымды да қабырғалы шәкірт болғаны үшін-ақ жақсы көріп кеттім. Жұмекеңмен хоштасуға, шығарып салуға келген қалың қауым жанашырлардың арасынан отбасы мен туыстарының, еңбек еткен коллетивінің орны бөлек, әрине. Жұмекеңе етене жақын екі топты аттас адамдардың бастап жүргені маған біртүрлі табиғи, заңдылық секілді көрінді. Оның үстіне, екеуіміз де бір топырақтың адамы болып шықтық. (Осы тұста алға озып барып сөйлейінші. Біздің үйде ұлы, қызы аралас сегіз бала шетінеген. Содан Темірдей мықты болсын, жаны сірі болсын деп ырымдап Айдархан ағамыз атымды Темірхан қойыпты. Ал ақын ағамызды да мүмкін жақын жанашырлары осындай ниетпен ныспылаған шығар. Яғни екеуімізге де «Мықты болыңдар», «Өзіңе өзің бекем бол!» деп тұр ғой. Ал Жұмекең ше? Жерімізді көрінген келімсектер ту-тулақай қып алғысы кеп, беттерін теріске бұрған аса қатерлі кезеңде Шәмшідейін ұлы замандасымен бірге күллі қазаққа «Мықты бол! Бекем бол! Өзіңе өзің бекем бол! Отан да, Жер де, Ел де – өзіңдікі! Өзіңдікі екенін жер-жаҺанға жарияла!» деп ұрандатты ғой. Әлі ұрандаумен келеді. Бұл – бір ой. Ендігісі, кейін аттас ағаммен араласа бастадық, талай өтініш-қолқамызды да айтып, жақсылығын да көрдім. Көп жағдайда маған демеу болып жүрді.)
***
Журналистік дағдыдан ба, әлде адамға тән әуестік пе, кім қалай тұр екен дегендей, бейіт басында өзіме жақындау тұрғандарға бір сәт барлай қарап өткенім бар. Сондағы ақын, композитор Тынышбай Рахимовтың кейпі әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Қайран ақын өзін-өзі тоқтата алмай пора-порасы шығып жылап тұрды. (Осы сөйлемді жаза бергенде, дәл қазір көңілім босады.) Үнсіз жылады азамат. Көз жасы жүзін жуып, ой бір егілді-ау сорлы. Мұны көріп іштей одан сайын өртендім. Ал Тынышбайды содан кейін мүлдем жақсы көріп кеттім. Жұмекеңнен айырылғанымызға егіліп жылағаны үшін. Осы былтыр ғана ғой. Радиомен сағынысып табысқан кезім. Көке деген асыл сөзді шын еміреніп айтқан әріптесім Орынбасар Доңқабақты іштартып қалып, сол сөзі үшін-ақ сыйлап жүрейінші деп ойлағанмын. Арада апта өтер-өтпесте, «Оқиын. Хабар жасайын деп едім» деп Жұмекеңнің кітабын сұрағаны. Бұл қылығы үшін тіпті жақындай түстім. Сол күннен бастап өз адамыма айналып кетті.
Әкем Момбек қырық төртке келгенде, зарығып жүріп көрген ұлы Айдарханмен пайымдайтын өмірдің қызық-шыжығын, алыс-жақынның бар ықылас-болмысын. Айдарханды мақтаған, жақсы көрген адам – жақсы адам, ал жамандаған, не жақтырмайтын адам – жаман адам. Бітті. Көкемнің Айдархан турасындағы бар түсінігі осылай еді. Менің де Жұмекең турасындағы түйсініп-қабылдауым сол көкемнің күйіндей ғой.(7-наурыз,1999 жыл.)
***
1983 жыл.Желтоқсан. Серік Асылбеков, Дидахмет Әшімханов, Қуаныш Жиенбаев – Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің конферц-залында осынау үш прозаиктың кітаптарын талқылау болып еді. Талқылаудан соң қатарлас жігіттер өзара шүйіркелесіп отырғанбыз. Бір кезде Жұмекең сөз болып еді. Жазушы Болат Қанатбаев байсалды үнмен:
-Жұмекен – жүрегімізде ғой… – деді.
Барлығымыз да елеңдесіп қалдық. Жігіттер ду-ду етісіп іліп әкетті.
Әй, Болат, дәл айттың! Тура көкейіміздегіні тап бастың! – деп сүйіне түсті.
САБЫРЖАН ҰЛЫ ЖҰМЕКЕҢ
Сабыржан ұлы Жұмекең
Сағыныш туы – Жұмекем
Сарғайғаннан көп іздеп,
Түсімде көріп жүр екем
Түсімде – түстен, күн – ойдан
Шықпай да жүрсің, жыр-айнам
Құладың – асыл ән едің!
Оқыстан солай құлай ма ән?!
Жырымен жүрек бөлеген
Өмірге ғашық көреген
Заманға өзің керек ең
Адамға өзің керек ең
Жаратқан сені далам-ай!
Жомарт-ақ едің береген!
Жалмаған сені ажал-ай!
Жалмауыз еді не деген!
Жарқырап туған айым-ай
Жалтылдап тұрған туым-ай
Жарқ еттің-ау төбеден
Домбыраң күймен егілген
Жаның да күйге телінген
Қуанса – күлдің. Жыласа,
Жыладың бірге еліңмен
Араздық деген тебінген
Сұғанақ ызғар емінген
Жүрегін жұрттың қарыса
Аяз боп шағып жарыса
Елің бір содан арыса
Әзір ең елдің жүрегін
Жылыту үшін лебіңмен
Ақырғы ыстық деміңмен
Татулық-бірлік лебімен
Аңқылдап соққан самал ең
Қамкөңіл жанға табар ем
Пейілі дарқан далам ең
Заманның тыныш, тұнығын
Аманат еткен пірім ең
Адамның асыл құлығын
Ардақтап өткен дүрім ең
Арудың назын, қылығын
Мадақтап өткен жырым ең
Сағыныш тұнған сырым ең
Жақсылық деген қырым ең
Халық деп соққан жүрегің
Аппақ бір ниет, ырым ең
Сабыржан ұлы Жұмекең
Сағыныш туы – Жұмекем
Сарғайғаннан көп іздеп
Түсімде көріп жүр екем
САҒЫНЫШ ТОЛҒАУЫ
(Бұл толғау дегдар азамат, ұлы ақын, майталман жазушы, ғажайып күйші, менің өмірдегі де, өнердегі де асыл ұстазым Жұмекен Сабыржанұлы Нәжімеденовке арналады.) (Нәжімеден ақсақал ұлы Сабыреддинді Сабыржан деген.)
Қара көзі елжіреп мейір тұнған
Діліменен еліне пейіл бұрған
Бір асылы жігіттің өзім көрген
Қазағымда бүгінге дейін туған
Бұл өмірге келгендей жырға бола
Даласынан аумаған қоңыр бала
Дегдар ақын, біртуар Жұмекенді
Санаңдағы киелі нұрға бала
Жыр-жайлауда мәңгілік жасыл-құрақ
Оза шауып жүретін асыл-пырақ
Аманат қып алашқа арманыңды
Қайырылмастан кеттің-ау ұшып жырақ
Айналайын, ақкөңіл ардағым-ай
Қапияда айырылып қалғаным-ай
Өзімсінген көңілді аңсап жүрмін
Аңқылдаған сол ағам бардағыдай
Сағындырған бүгінде бәрімізді
Жұмекенге арналар әнім ізгі
Оттан ыстық сағыныш басылмайтын
Адалдыққа бастап жүр әлі бізді
Ақиқатқа бастап жүр үнің мәйім
Көкірегімде нұр шашқан күнім-айым
Шындық сүйген өзіңнің шарапатың
Ел дегенде менің де ділім дайын
Халқың сені «Ырысты күзім» деген
«Жалғайықшы ырыстың ізін» деген
Лебізіңе тұшынып жүрекжарды
Жақсылықтан үміті үзілмеген
Жоғары ұстап ақ туын адамдықтың
Сөз сөйледің атынан тамам жұрттың
Мамыражай заманның жер-жаһанда
Дәурендеуін мәңгілік арман тұттың
Қара көзі елжіреп мейір тұнған
Діліменен еліне пейіл бұрған
Бір асылы жігіттің өзім көрген
Қазағымда бүгінге дейін туған
ӨЗІМІЗДІҢ АҚЫН!
Филормонияға жыршылар жиналады. Соларды жазуым керек. Бір жақсысы, филормония теңізге жақын екен. Жанында Тарас Шевченконың ескерткіші тұр. Украинның ұлы кобзары бір замандарда, орыс өктемдігінің дүмпуімен Қасиетті Қазақ Жеріне жер аударылған ғой. «Өлсем, мені көміңдер Украина жеріне, Қасиетті туған еліме» деген ұран-зарын біздер жаттап өскенбіз. Орайы кеп тұрғаны, дәл осы қазір ғажайып ұстазым Жұмекеңнің — әнұранымыздың авторы , ұлы ақын Жұмекен Нәжімеденовтің әлемінен сөз қозғайыншы.
1983 жыл, 26-қараша. Жұмекеңде өзінің сүйсінген тұстарын айта жүретін бір өзіндік мінез бар еді.(Бес жыл «Мектеп» баспасында, бір кабинетте отырып әріптес болдық.) Сондай әңгіменің бір иірімі:
-Ғафу – шешен ғой. Еш жерде мүдірмейді. Аяқ астынан айтшы, түген тақырыпта, не пәленше жайында сөйлеші деп, сайрап қоя береді. Украинаға сол кісімен бірге бардым. Президиумда отырмыз.(Шевченконың екінші Отаны саналатын Қазақстаннан барғандарға украиндар, әлбетте, ерекше құрметпен қарайды ғой. Әйтпесе, Одақтың екі бірдей астанасы есепті Мәскеу мен Петербордан (ол кезде Ленинград) төгілетін лауазымды қонақтар, Советтер Одағында он бес республика, қаншама автономиялық республика бар – осылардың қадырменді өкілдері, шетелдерден келген қадірлі меймандар бар, әр елдікіне бір орын сайлағанның өзінде де президиумға симайды.) Ғафекең маған біртүрлі селсоқ отырғандай болып көрінді. Жұрт сөйлеп жатыр. Сөйлеушілер – әр республикадан келген өңшең ығайлар мен сығайлар. Әңгіме арқауы – Шевченко. Ғафу оларды тыңдап отырмаған сияқты. Солай жорамалдағаннан ба, ыңғайсызданып-ақ отырмын, түртіп қалып, сыбырлап қоямын:
-Оу, жұртқа қарасаңызшы, сөз тыңдасаңызшы, -деп.
Залдағылар да, президумдағылар да Ғафудың селқостығын жаратпай отырғандай көрінеді маған. Осыдан қысылдым.
Бір кезде Ғафу:
-Бала, қалай ойлайсың, сөйлейін бе? –деді.
-Сөйлеңіз, -дедім.
Ол сөйлей бастады. Ғафекеңе сонда бір ырза болғаным-ай!
Ғафекең былай деді: «Осында бауырлас республикадан келген жолдастар Шевченконы аудардық, біздің тілде пәлен кітабы шықты» деп жатыр. Ал бізде тіпті де бұлай емес, бізде, Қазақстанда, «Шевченконы аудардық, оның пәлен кітабы қазақ тілінде шықты» деген сөз де жоқ, ұғым да жоқ. Ол – біздің өз ақынымыз!» Осылай деді де, Ғафу қазақ тілінде Шевченконың өлеңін жатқа оқи жөнелді. Одан соң дереу сол өлеңнің орысшасын да жатқа оқи бастады. Өлеңді оқып болды да, сөзін жалғастыра берді: «Аудардық, аудардық» дейсіздер. Бір өлеңін жатқа айта алмайсыздар. Ал біз қазақ оқырмандарына аударма деп айта алмаймыз. Олар Шевченконы өз ақынымыз деп кеткен ғой! Өз ақынын өзіне аударып береміз бе сонда! Біз аударма демейміз, өзіміздің ақын дейміз. Бітті сонымен. Өзіміздің ақын!» деді. Бүкіл жұрт дуылдата қол соқты дейсің! Тегі гулеп кетті.
Ғафуға деген көзқарастары өзгеріп сала берді. Бәрі де енді қошеметтеп, құрметпен ғана қарайды. «Шевченконы жатқа айтқан қазақ ақынын көреміз» деушілер көбейді.
Жалпы, содан соң украиндар бізге тіптен басқаша қарайтын болды.
Ғафуға сонда бір ырза болғаным бар! –деп еді Жұмекең.
ҚАДЫР КӨП БІЛЕДІ ҒОЙ
Жұмекең ойлы жүзбен қарап тұрды да, ақырын ғана:
-Қадырды айтасың ба? Көп біледі ғой. Білгенде де, өте білімдар! –деді.
Әңгіме ақын Қадыр Мырзалиев туралы еді.(1983 жыл. Көктем.)
РАХМЕТ АЙТҚЫҢ КЕЛЕ БЕРЕДІ
Жұмекең өте бір риза кейіппен:
-Ауылда бір қарттар болады. Әйел болсын, ер адам болсын, мынадай бір қарттар бар; көргенде біртүрлі ішің жылып тұрады. Ақтарылып сөйлескің келеді. Мына кісі де тура сондай адам ғой. Көрсең болды, әйтеуір жақсы көріп тұрасың, қараптан-қарап рахмет айтқың келеді береді, -деді.
Сөз өзіміздің баспадағы Абдулла ака туралы еді.(1983 жыл. Наурыз.)
АЛ ЖҰМЕКЕН – ФИЛОСОВ АҚЫН
1983 жыл.Жаз. Жұмыстың соңына қарай бізге Ғафекең –дауылпаз ақын Ғафу Қайырбеков кірді. Қасында танымайтын бір кісісі бар. Ғафу ағамыз сөзінің соңында:
-Жақсының қадірін білген – жақсы. Мына Жұмекен – қазақтың ұлы ақыны. Бұл – сыпайылылығым, бөстірткенім емес. Шыны солай. Ақын көп қой. Ал Жұмекен – философ ақын. Философ болғанда да, мықты философ. Сендер сондай жақсы адаммен бірге отырсыңдар, — деді байсалды ауанмен.
Жұмекең ол кісінің сөзін әзілге бұрғысы келіп:
-Әсіресе, сұранғанда жіберіп тұр деңізші. Бөгеместен жіберіп тұрсын, -деп күліп жатыр.
ДОС КІМ? ҚАС КІМ?
Жоғарыда айтқан Шевченкодай ұлы кобзар тойына барғанда, бір оңашалықта, замандас украин әріптесімен сырласып қалады.Сонда ұлттық мәселелер де тілге тиек болмай ма. Әлгі сыйласы Жұмекеңе:
- Сендер, қазақтар – бақыттысыңдар ғой, — дейді.
- Қайдағы бақыт, біз де сендер сияқты орыстың қол астындамыз, — дейді.
- Орыстан тілдерің де, діндерің де бөлек, ең бастысы – түрлерің бөлек. Кімнің кім екенін сыртынан қарап-ақ білесіңдер. Бізді айтсайшы, тіліміз ұқсас, дін болса да, ал түріміз — аумай қалған. Өзіміздің украин ғой деп,
іштарта бастасаң, орыс боп шығады, ендігілері орыс шығар деп, абайлап сөйлейсің, сөйтсең, ол байғұс өзіміздің украин болып шығады. Сөйтіп кімнің кім екенін білмей, дымың ішіңде жүреді. Сендерді бақытты дейтінім, біз сияқты емес, кімнің кім екенін анық біліп жүресіңдер. Дос кім? Қас кім?
«ӘРКІМ ӨЗІНШЕ ӨМІР КЕШЕДІ»
1983 жыл. Желтоқсан.
Рауан шала туды ғой. Өзі аурушаң. Ауруханадан шықпайды. Жағдайы өте ауыр. Ашығын айтқанда, тым қауіпті, беті ары қарап кете ме деп қорқып жүрміз. Ауруханаға күніне екі-үш рет, кейде үш-төрт рет барамыз. Әбден болдырдық. Не ұйқыда, не тамақта береке жоқ. Көңілді үрей біржола иектеп алған. Сонда Жұмекең ылғи сұрап отырады.
-Қалай екен?
-Кешегіден тәуір ме өзі? – деп.
Бірте-бірте Рауанның беті бері қарай бастады. Өте балажан адам ғой, сонда-дағы Жұмекең күніне талай рет тәптіштеп сұрайды.
-Бала деген осы ғой. Өзімен қоса қинайды. Жақсы боп кетер. Алғашқы ауыр тұстан өтті ғой. Оңалып кетер, — дейді.
Рауан ақыры сауығып, әл жинап қалды. Ауруханадан шығаратын да боды. Өзі екі айдан астам уақыт жатып еді. Сөйтіп үйге де келді-ау. Осыдан соң ғана ұйқымыз тынышталды. Рауанның айығып кеткенін біліп жұмыстағылар да қуанып қалды. Арасында Жұмекең де бар еді.
-Көзге көрінген соң аман болғаны жақсы. Өмірлі болсын! Ұзақ өмір сүрсін! – деп ықылас білдірді.
Содан кейінгі күндердің бірінде:
-Біздің бір кішкентайымыз шетінеп… бұрын… Ой, қиын болды! Үй-ішімізбен күйзеліп кеттік. Мен тіпті басыла алмай қойдым. Іші-бауырым өртеніп кеткендей жыладым. Жұрт болса жұбатып жатыр. «Сабыр ет. Шүкірлік қыл. Басқа жамандарың бар ғой. Сол жамандарың аман болсын. Солардың тілегін тіле. Көп босай берме енді!.. Шүкір, тұлдыр емессің, басқа жамандарың бар ғой» деп жұбатады. Ойбай-ау, әркім өзінше ғой. Басқалар ол бола алмайды ғой. Әркім өзінше өмір кешеді. Өзінше тірлік иесі. Орны бөлек қой әркімнің… Осыны сезіп тұрып… біліп тұрып… қалай жұбанасың… Айтшы өзің, қалай жұбанасың!.. Адам жұбанатын нәрсе ме?! Сол баламды ойласам, әлі күнге жаным ауырады…, — деп еді Жұмекең.
Баланы, мына дулы өмірді Жұмекеңше жақсы көрсек, барша тіршілігіміз құлпырып кетер еді-ау! Жабырқауынан салтанаты көп болар еді-ау.
МЕНІҢ ЖҰМЕКЕНІМЕ АДАМ ЖЕТПЕЙДІ
Өңшең қатарластар, замандастар әңгіме-кепті қыздырып отыр ек, бір кезде Жұмекең сөз болып қалғаны, сонда ақын Дүйсенбек Қанатбаевтың туған інісі, жазушы Болат досымыз:
- Жұмекен – жүрегімізде ғой, — деп еді, отырғандардың барлығы да «Дәл айттың», «Дұрыс, дұрыс», «Тура айттың» деп жамырай қостады.
Ал ақын Мейірхан Ақдәулетұлы тағы бір иірімде:
-Әркімнің өз Жұмекені бар, — деді.
Екі замандасымның айтқаны да көкейіме қона кеткен. Жалпақ тілмен айтқанда, қышыған жеріме тиді. Ол күндері Жұмекеңді іштей қатты іздеп, сағынып, әрі біртүрлі қоңылтақсып жүрген кезеңім еді. Ал енді менің де өз Жұмекенім бар ғой. Және қандай Жұмекең деңіз! Менің Жұмекеніме адам жетпейтін!
***
Ақын Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай досымның феисбуктағы ақын ағалар туралы жазба-толғауынан соң жазылған хат. 2024 жыл.
Е, қайран Жұмекең! Ұлы ұстаз! Бұл кісінің әзілі де ешкімге ұқсамайтын. Және бір таңқалғаным, бұл кісі қандай кісінің де кемшілігін көзіне айтқанда, ешкім ренжімейтін. Бірге істейтін Манап деген ағамызға «Жалқаусың ғой» дегенде, мойындап, еш ренжіген жоқ. Жас күнім. Жұмысқа жаңа тұрған кезім. Манап ағаммен кабинетте жұрттың көзінше айқайласып қалдым. Ешкім ештеңе айтпады. Жұмекең — бөлім меңгеруші. Менің сөзім — дұрыс еді. Бірақ қатты кеттім, қызбалыққа салынып. Кейін коридорға шығып, темекі шегісіп тұрғанда, үшеуіміз тұрғанбыз, Манап ағам мен маған қарата: «Біздерді жұрт инттеллигент дейді ғой» деді. Осы сөзі мылтықпен атқаннан да қатты батты. Екеуіміз де айыбымызды үнсіз мойындадық сонда. Сол сабағын әлі ұмытпаймын.
ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ЖЕРІ
АСЫЛЫМ МЕНІҢ — ЖҰМЕКЕҢ
Сабыржан ұлы Жұмекең
Сағынғаннан сарғайып
Түсімде көріп жүр екем…
***
Нәжекеңде жалғыз ұл
Сабыржандай асыл ұл
Алғаны — тек алғыс та
Естімеген қарғыс та
Қайран боздақ, қаһарман
Құрбан болды соғыста
…Сол қырғынның мән-жайын
Зейін қойғын, айтайын
Орысың мен немісің
Жасайды да келісім
Келіскен кезде ұйысып
Бірігіп жер жемісін
Баянды емес бірақ та
Ондай сертсіз келісім
Бір жыл өтер, бір апта —
Аяқасты келісім
Соғысады қос тентек
Ежелден бұлар солай-ды
Бірі ақыры құлайды
Ұялмайды қызарып
Кешірім де сұрайды
Бітпей қойды бақастық
Сол бақастық сор болып
Көршілері шоқ бастық
Сол соғысқа кірісіп
Күллі адамзат адастық
Екі тентек еліріп
Күннен- күнге есіріп
Желігіп те, есіліп
Көрінгеннің жесірін
Тартып алып есіліп
Теуіп ашып есігін
Талқандады бесігін
Соғыс-зұлмат осындай
Төнбесін соғыс басыңа-ай
Күн күлімдеп, тұрсын ай
Адамзатым бірлесіп
Соғысқа тұзақ құрсын-ай
Соғысқұмар азғынды
Құдай төбеден ұрсын-ай
Екі бақас ежелден
Өмірінің көбісін
Атын үзбей кермеден
Таптап жаттың егісін
Ұрыспенен өткізді
Ұрпақтарын улаумен
Осылайша жеткізді
Көрші қонған орысың
Басқыншы пиғыл — ұрысың
Қолай көрді ұрысты
Көрінгенмен жұлысты
Өзінен озар халықты
Бір-біріне айдап сап
Өзіне тұзақ құрысты
Арызқойлық атанған
Улы жеміс жегізді
Араздық дәнін егізді
Атына қамшы басып-ақ
Басқа жұртты қосып ап
Көнбегенін басқа ұрып
Тұра алмастай тасқа ұрып
Көнгендерін арақпен
Ес жимастай мас қылып
Айтқанына жүргізді
Ит қып кейде үргізді
Қолшоқпар-дәурен сүргізді
Соғыс десіп азғырды
Соғыспасаң жазғырды
Екі тентек алауыз
Ұрысқұмар қандыауыз
Обалына қарамай
О бастағы сертіне
Адал болып қала алмай
Адамзатты қырды көп
Кешірісуге жарамай
Жырлады ғой жырды көп
Біріне бірін атқызып
Тұралатып, жатқызып
Арқаға қазық қаққызып
Бастарын да шапқызып
Қанын судай ағызып
Отандарын сатқызып
Ойнастан бала тапқызып
Шеттерінен көгендеп
Түрмелерге тоғытып
Ұрып-соғып қорқытып
Жұмақ деді сонысын
Қорғаныс деді мұнысын
Бұзықтығын жасырып
Айласын да асырып
Соғысқұмар орысың
Ұран болған ұрысы
Алыспенен, жақынмен
Аямастан жұлысып
Арқа-басы құрысып
Шекесі де тырысып
Дөңайбат қып жан-жаққа
Кейде көзі алақтап
Бірде жүрді жапақтап
Ақырында дүрдиіп
Шыға келді қақақтап
Өзін-өзі мадақтап
Кеуде-керіп істі кеп
Төкті содан жырды көп
«Өзім ғана — жеңген!» деп
Кеуде қағып кердеңдеп
… Орысыңда сол пиғыл
Әлі күнге күшінде
Басқыншы орыс, ісінбе!
Іздеме ұрыс, күлімде
Іздей берсең ұрысты
Жазамын деп қырысты
Болмас саған ешқашан
Бақыт деген жұғысты
Қашырасың ұрыспен
Бағың менен ырысты
Күллі адамзат шекесі
Қаһарменен тырысты
Тағдырың тұр келесі
Тозақ болып елесі
Көресіңді көресің
Тәубеге сонда келесің!
***
Мүслима-Ана толғайды:
Соғыс тілеген оңбайды
Соғыста жеңіс болмайды
Жеңіліс те болмайды
Мұны ұқпаса адамзат
Басына түсіп зор қайғы
Мәңгі-бақи сорлайды
Қанжылаумен, өксумен
Жаны күйіп зарлайды…
***
«Тоғызыншы май — жеңіс!» деп
«Жеңілген бізден немістер»
«Жеңіз тойға кеңіз» деп
Шолақ ойлы кемістер
Тойлап жатты желігіп
Арақ ішіп ерігіп
Өздерінше серісіп
Құшақтасып көрісіп
Көрмедіктік қылығын
Мадақтады сенісіп
Алғандай-ақ келісіп
«Соғыссақ, біз жеңеміз!»
Осылай серт берісіп
… Мүслима-Ана күрсініп
Жеті шелпек пісіріп
Дұға оқыды ішінен
Жалын атып демінен
Не керегін адамға
Не керегін ғаламға
Ана-Жүрек білетін
Басқалардың соны да
Ұқпайтыны соры да
Жүрегін ылғи тілетін
«Болмасын мүлдем соғыс» деп
«Көрмейікші ұрыс» деп
«Соғыста болмас жеңіс» деп
«Жеңіліс те болмас» деп
«Соғыс тілеген оңбас» деп
«Адамзат, ұғыс, келіс» деп
«Құдай берген ырзықты
Ынтымақпен бөліс» деп
«Тілесең соғыс, адамзат
Бақытың болар кеміс» деп
«Бақтылы бол, адамдар
Адалдан же жеміс» деп.
***
Атасынан озып туған Жұмекең
Әкесінен озып туған Жұмекең
Белді бекем буып туған Жұмекем
Көз ашқаннан бақытты
Қуып туған Жұмекең
Зерек езі, зеректігі халыққа
Керек еді Отаныма, Далама
Жүрегі тұрған жанып та
Рух берді балама
Ауыл менен қалама
Тауым менен Далама
Жүрегім мен санама
Сайым менен салама
Сабыржаннан Жұмекем
Ахметтен Жұмекем
Әнәпиядан Жәмшидім —
Қос Жұмекең, бір Шәкең
Үш таған боп тұр екен
Қамқор ағаң, дүр әкең
Үш таған боп қазаққа
Ұшыратпай мазаққа
Құтқарыпты азаптан
Жер дәметкен кәззаптан
Ел дәметкен найсаптан
Беліңді бекем бу, жұртым
Абай болып сен сақтан
Қашпасын десең бақ-құтым
Қос бүйірден қадалып
Жан берісіп, жан алып
Қос жалмауыз аңдып жүр
Жүрмесін енді бассалып!
***
Жұмекеңдей жайсаңым
Жырдың жазып майсаңын
Жүректерді жайлаған
Кір-қоқысты, лайсаңын
Бір өлеңнің демімен
Жүрегінің лебімен
Тазартқан өр қайсарым
Кеуде керіп байтағым
Күні-түні айтамын:
«Жер — менікі, Елім де
Асқар-тауым, белім де
Теңізім мен көлім де
Далам менен шөлім де
Ну орман мен тоғайым
Дариялар — көзайым
Мәңгі бірге болайын
Аман тұрсын күн-айым
Аман болсын ағайын
Ақсамалдай есейін
Жалын болып жанайын
Не тілесең халқым-ау
Әжетіңе жарайын.
Тойымсыз жат, емінбе
Еншің емес сенің де
Кеуде керіп ісінбе
Қазақстан — өзіммін
Сыр бермейтін төзіммін
Шектен шықсаң кісімсіп
Тез түзейтін тезіңмін!
Біл осыны алысым
Сүйем емес, қарысым
Біл осыны жақыным
Қазақтайын арысым
Атажаумен алысың
Бауырыңды қош көріп
Құшағыңа алысың
***
Ақын еді Нәжекең
Жақын еді Нәжекем
Нәжімеденде жалғыз ұл
Сабыржандай асыл ұл
Ақын еді Сабыржан
Құрбан болған қаһарман
Сабыржаннан жалғыз ұл
Біз білетін Жұмекен
Қалмасын деп өмір тұл
Жалғыз ұлы Мағжаны
Ұрпағын бүгін жалғады
***
ЫМЫРАСЫЗДЫҚ
Алматы облысы. Асханалық зал. Сәскеге таман. Аурухана.
Қытай мен орыс мемлекеттерінің біздің халыққа да, жерімізге де көрсеткен зұлымдықтары – шексіз. Бұл қасыретті ешқашан ұмытуға болмайды. Ел болып өмір сүргіміз келсе, мұндай апатты бір күн де, тіпті бір сәт те ұмытпауға тиіспіз. Қасиетті Қазақ Жеріне аяқ басып, кемді күн тірлік кешкен келімсектің киелі жерден дәметпейтін бірі жоқ. Немісің – анау, бір кездері автономияға кәдімгідей емексіп, біраз әлек салған. Ұйғырың – мынау; әлі күнге бір тырнағы ішінде. Тұтас халықты кінәлауға болмас. Әйткенмен, осы ағайындарымызда түсініксіз бір қызғаныш па, іштарлық па, сондай бір бықсықты кейде ап-анық байқаймын. Біразынан. Таңертеңгі ас үстінде еді. Теледен Қазақстанның әнұраны айтылып тұрды. Қанаттанып, жігерленіп отыр ем. Ұйғыр шал орнынан атып тұрып, қоңыр жәшікке қарай қыбырлап барады. Қасындағы пультті қолына алды, тұлабойымен экранды жауып қалған. Жаным шығып кете жаздады.
-Ауыстырмаңыз! Қазақстанның гимні! Гимн ғой! Қазақстанның!
Үзіп жібере ме деп жаным шыққан.
-Ты что?!
Деп, одан әрі мынаны алғалы тұрмын деп орысшалады. Бұл оңбаған дәл осы сәтке дейін-ақ өзінің кім екенін, қандай екенін әйгілеп те үлгеріп еді. Неге дейсіз бе? Экранда әнұранның аясында ұлттық рәміздерді аса салтанатты түрде көрсетіп жатқан. Ал мына қақпастың «Түкіргенім бар!» дегендей болып, дәл сол уақытта, аса салтанатты көріністерімен әнұран берілген кезде, телені тұлабойымен жауып қалғаны – адам төзгісіз қорлық еді. Бозарып, одан қалшылдап кеткен болуым керек. Ал қақпас болса, тым тереңдеп бара жатқандай еді. Әнұранның біржола аяқталуын күтпей, теленің өзі үзіп тастағаны. (Таратушы орында да бір ұлтанқұл отырды ма.) Мынаның Құдайы бергендей, «Ал енді не істейсің!» деді орысшалап. Мұнысы – мені табалау ғана емес, Қазақстанға ашық жаулық еді.
-Қазақстанда тұрасың, Қазақстанның нанын жейсің. Ал Қазақстанның әнұранын тыңдағың келмейді!
Ол да бірдеңе деп сөйлеп жатыр.
-Егер Қызылордада өстші, басыңды жұлып алар еді.
-Қызылорда да болғам! Басымды жұлып алған жоқ!
-Жасыңызды сыйлап отырмын, әйтпесе!..
Асханада үш-төрт әйел отыр еді. «Ауру ғой, неғыласың. Кәрі ғой» дейді.
Шал кетті. Мен басыла алмадым.
-Осы гимн орыс пен қытайдың, ұйғырдың, осы сияқтылардың құқайына күйгендіктен шыққан! –деймін жарылып кете жаздап.
-Бұларды білеміз ғой. Бірақ айқайлап айтпай, жай, ақырындап айту керек. Ақырын айтқан сөз – өтеді. Батымды.
-Қазақтың жуастығынан осының бәрі! –деймін оттай жанып.
Сыртқа кеттім. Шәмші мен Жұмекенге рахмет. Бүкіл елдің, әсіресе қазақтардың жүрегінен неліктен бірден нақ осы әннің ұялай кеткенінің шын себебін енді ғана, бүгін анық түсіндім. Шәмшіге ешкім заказ берген жоқ. Жаны ышқынғаннан шыққан ғой! Ал Жұмекендегі қыжылды, оның түп-төркінін мен бүгіндері тіпті жақсы білемін. Кезінде бірде парықтап, бірде парықтамай жүрсем де, қазіргі кезеңдерде соншалықты сезімталдықпен пайымдаймын. Бірер мысалды айтсам, өзіңіз де шамалап қаларсыз.
Бізді мектепте россияға өз еркімізбен қосылғанбыз деген пайымдаумен оқытатын. Осы пайымдауға сенетінмін. Орыстандыру саясатының небір құйтырқылықтарын көріп, сезіп, аңғарып жүрсек те, әу баста еркімізбен қосылдық дегенге сенетінмін де, ол қосылуды – аталарымыздың қасіретті қателігі деп қарайтынмын. Жұмекең бір күні ойланып тұрып; «россияға еркімен қосылды дегенге сенуші болма! Тұтас бір халық түгілі, жеке адамды-ақ ал, біреуге біреу өз еркімен бағынушы ма еді! Еркімен қосылды дегенге ешқашан да сенуші болма!» деді. Бұл пайымдауға бірден құлай кеткенім жоқ. Қарсы ештеңе де айтпадым. Бірақ, ойланып қалдым. Ол кезде Совет Одағының дүрілдеп тұрған дәуірі. Партия тарқайды, Одақ күйрейді деген – ой түгілі, түсімізге кірмейтін тұс. Ішің азаттықты соншалық қалап тұрғанмен, қасиетті азаттықты, тәуелсіздікті мәңгінің қиялындай, орындалмас армандай көресің. Басқыншы ресейдің бізді күшпен де, айламен де, әр түрлі құйтырқы қулықтармен де жаулап алғаны, өз еркімізбен қосылмағанымызды мен сөйтіп екі адамнан естіп едім: Әуелі – өз әкемнен. Екіншісі – Жұмекеңнен.
-Шерхан – батыл ғой, -дейтін Жұмекең. – Солтүстік облыстардан бір хат түсті. Біраз адамдар қиянат көрген, тіпті адам өлімі де бар. Сол жайды тексеруге мені жіберді. Хатта айтылғанның бәрі – шындық. Ең жаманы – келгендер жергілікті қазақтарға күн көрсетпеуге айналған. Ұрады, соғады, сөгеді, жұмыс істетпейді. Ақырында біреулерді өлтіріп те жіберген. Таза ұлттық мәселе еді. Проблема! Ұлт мәселесі еді. Қазақтың бір ақсақалы маған, «Шырағым, осыны қоя қойсаң қайтеді, өзіңді жазым қылуы мүмкін» деп жанашырлығын айтты. Бәрін егжей-тегжейлі тексеріп, Алматыға келдім. Барлығын да Шерханға айттым, осылай да осылай деп. Шерхан – батыл ғой, «Түгел жаз, ешнәрсені қалдырма, басамын» деді. Әлбетте, ұлттық мәселе деп бадырайтып айта алмаймыз, бірақ зәбір көрушілердің аты-жөндері мен зәбір көрсетушілердің аты-жөндерінің өзінен-ақ бұл жағдайлардың астарында қандай мәселе, қандай проблема жатқаны соқырға таяқ ұстатқандай анық білініп тұрды. Материал шықты. Кейін жаңағы кінәлілердің бәрі тиісті жазасын алды. Шерханнан басқа біреу болса, ондай нәрсені өлсе де баспас еді.
«Жас Алашта» жүрген күндерін айтқаны еді. Тағы бірде Шұбартауға барады. Сол кезде оқуға бармай, қой бағу керек деген бір науқан болды. Әлбетте, мал бағу – қорлық емес. Бірақ, жаппай мал бағумен ғана айналыссақ, өзге тірлікті кім істейді. Ұрпағымыз тек малшы болып қана жүру керек пе? Сонда Жұмекең, комсомолдың атынан арнайы тапсырмамен барып отырса да, (сол науқанды насихаттау үшін арнайы жіберілген,) сөйлескен жастардың бәріне де, оқығыларың келсе оқуға барыңдар, қайтсең де мал бағуың керек деген міндет жоқ дейді ғой.
Жұмекеңе қатысты кейінгі екі мысалдың жайын өзім де жақсы білемін. Сол себепті де алғашқы тұжырымына қарағанда, екеуін діліммен түсініп, түйсінгенмін. Қасиетті Қазақ Жерінің телім-телімге түсе жаздағанын көзбен көріп, бастан кешкенмін. Мырзаның даласындағы бірнеше аудан біресе Қазақстан, біресе Өзбекстан, одан Қазқастан болып жүргенде, біз сол өңірде өмір сүріп жатыр едік. Ал мектептен соң, кемі екі жыл жұмыс істеу – оқуға түсуге жеңілдік жасайды деген кезеңді де бастан кештім. Өз басым оқуға екі жыл жұмыс істеп барып түскенмін.
Шәмші мен Жұмекең «Менің Қазақстанымды» ешқандай заказбен емес, жаны ышқынғаннан жазған дейтінім де осыдан еді. Жаны ышқынып жүрген тек олар ғана емес еді, қазақтың денінің жаны ышқынған. Әннің жүрекке бірден ұялай кетуі де, халықпен бірге жасасып келе жатуы да —содан ғой!
Дәл осы әннің – гимн болғанына қуанамын. Себебі, бұл әннің әу баста неліктен шыққанын есті қазақтың бәрі біледі. Қасиетті Қазақ Жері мысықтілеулердің кесірінен телім-телім болудың аз-ақ алдында тұрды! Білген соң, етек-жеңін қымтап, ес жияды. Ширайды, қанаттанады, айналасын бағамдайды.
ЖҰМЕКЕННІҢ ТЕМІРХАНЫ
19.08. 2000 жыл.
Кеше ақын Тұрсынай Оразбаеваның тойында ғой.
Оу, Жұмекеннің Темірханы, қайдан жүрсің?)! — деді Нағима. Жазушы Тұрсынқұлов Қалаубектің Нағимасы ғой. Нағима дәл айтып тұр! Барометр ғой. Мен Жұмекеңнің Темірханы едім. Әлі күнге солаймын. Аллаға ризамын, баспада бес жыл бойы ақын Жұмекен Нәжімеденовпен бірге қызметтес болуды маңдайыма жазған. Ерекше бақыт еді. Естен шықпас жарқын күндер.
Бүгіндері Әшекең — композитор Әшірхан Телғозыұлы ағамыз қуатым, қанатым болып жүр. Бұл екі ардағымның орны бөлек қой. Мүлдем бөлек! Ешкім де ауыстыра алмайды! Орындарын ешкім де толтыра алмайды.
ЖАРТЫТӨБЕ
Ауыл ішінде; Созақ – қария, Созақ – Мінез, Созақ – Өнер. Асқар Сүлейменов деп жазыпты.
Осындайда еске түседі-ау. Жұмекеңмен – ұлы ұстазым, ақын Сабыржанұлы Нәжімеденовпен бес жыл бір кабинетте отырып, қызметтес болдым. Ерекше жақсы көрдім. Жалпы алғанда, ол кісіні жақсы көрмеу мүмкін емес еді. Карл Маркс туралы бір замандасы былай депті: «Жұрт «Капиталды» оқып, «Маркс – қандай керемет!» деп таңғалады. Ал Маркстің өзі жазғандарынан да мықты еді.» Жұмекең туралы да осылай айтуға болады. Болғанда қандай! Көп адам ол кісінің шығармаларына тәнті болып жүр ғой. Ал Жұмекеңнің өзі жазғандарынан да мықты еді. Менің түсінігімдегі жақсы адам деген ұғымға лайықты бірегей еді – қайран Жұмекең. Біраз сырынан хабардармыз. Асқармен жақсы сыйласатын. Қазақстан Жазушылар Одағындағы конференц-зал еді. Зал толып отырмыз. Асекең сахнаға сөйлеуге бара жатты. Мінезді қарасайшы. Мінберге бара жатыр, сонда президиумдағылардың желке жағынан емес, алдыңғы жағынан көлденең өтті. Басқалар желке жағынан айналып өткен. Сонда қасымда отырған Жұмекең:
-Бұл сабаз енді «Біздің Созақта» деп бастамаса болмайды, — деді.
Тура Жұмекең айтқандай болды, сөзінің бісмілләсі – «Біздің Созақта» болды.