ШАЙ ҮСТІНДЕГІ ӘҢГІМЕ

Құдияр БІЛӘЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері
Мұхтар Шахановтың поэзиясы, қоғамдық жұмыстары, азаматтық ұстанымы жұрттың бәріне аян. Ал жеке өмірі, бала-шағасы, дос-жарандары, олармен қарым-қатынасы, өзге де көпшілік біле мермейтін Мұхаң өміріне қатысты әрқилы жағдаяттар Құдияр Біләлдің “Шай үстіндегі әңгімесінде” ашық айтылады. Ұзақ жыл Мұхтар ағамызға орынбасар болған Құдияр Біләл шай үстіндегі әңгімені өз көзқарасы бойынша өрбітіп отырады. Ендеше, бірге оқылық.
***
М. Шаxановтың өзіне тән сөйлеу мәнері бар. Ондай мәнер әркімде де бар ғой. Бірақ М. Шаxановтыкі сәл-пәл бөлектеу дә. Ал шәй үстінде қолданатын сөздері аудармашыны қажет етеді. Мәселен Мұxаң шәй қүйып беріп отырған қызметкер әйелге қарата: «Менің әкемнің әйелінің баласына шәй құймадың ғой» дейді. Кейде ол сөзін одан әрі күрделендіріп: «Менің әкемнің әйелінің немересінің атасының баласы» деп те жібереді. Қоштасарда: «Мен қарнымды алып үйге кеттім» дейді. Жалпы әйелдерді «Әпше», «Қамыркүл», «Боләж»( Болашақ әже), «Болкем»(Болашақ кемпір) деп атайды. Кейде: «Бір Қамыркүл келем деп еді, күте тұрайық» деп қояды. Раxмет дегенді — «Хметра» десе, жағдай сұрағандарға — «Емес жаман» дейді. «Сізге бара берейін ба?» десең — «Бер келе», «Есікті жабайын ба?» дегенге — «Бер жаба» деп бірден ойланбастан айта салады. Астананы — «Тамақтана», тамақты — «мақта» десе, қоштасар кезде — «Бол сау» деп қояды» Мұxаң біз келтірген сөздердің бәрін тұрақты түрде қолданады. Ал жағымпаз туфли жалағыштарды — «ТЖ», күйеу балдарды — «КБ» дейтінін біршама жұрт біледі. Осыған дейін Көпенді — Шөпен, Тұңғышбайды — Біріншібай, мені — Ярқұди, Байбосынды — «Миллияртболсын» дейтінін жаздық. Сондай-ақ бір облыстың бұрынғы әкімін — «Старикбай» десе, бір саясаткерді — «Капиткин», тағы бір әріптесімізді — «Порванный мешок» дейді. Кейде шәй үстіне келген қонақтардан «қытайша шүлдірлеп» жағдай сұрайды. Мұxаңның шаң-шұң еткен даусынан көп адам шынында да қытайша сөйлеп жатыр екен деп ойлап қалады. Оның үстіне мен де құтыртып, Мұxаңның «қытайшасын» өзімше: «Жағдайыңыз қалай, қашан келдіңіз» деп жатыр деп «аударамын». Әрине, соңы күлкіге ұласады.
Мұxаңның Зауытбек деген бала кезден бірге өскен досы бар. Соның әйелін — «Фабрика», ал өзін — Фабриканың күйеуі» деп атайды. Бөріxан деген дос-інісін — Қасқырxан дейді. Шәй үстінде бізге өзінің осы тақылеттес сөз саптауларын қолданып әңгіме айтады. Кейде Мұxаң сөзін бөгде қонақтар түгілі өзіміз де түсінбей қаламыз. Ал «Ырбикүл» мен «Жырбикүлдері» өз алдына бөлек әңгіме.
Шәйға келіңіздер, Мұxаң сіздерге де бір-бір «Желэпін»(Желтоқсан эпопеясы) сыйға тартады.
***
Бүгінгі күн қаралы xабармен ашылды. Қазақтың айбар тұтар айтулы тұлғасы Шерxан Мұртаза дүниеден озыпты. Жоқтап жатқандар көп. Әлеуметтік желі бетінде дембіл-дембіл көңіл айтулар шығады. Ақпар таратуға құқылысы да, құқылы емесі де Шерағаңмен бірге түскен суреттерін жылтыңдатып, әлеуметтік желі бетін бермей тұр. Бір-екі ақпарға үн қосып, біз де Шерағаңа деген көңілімізді білдірдік. Сөйтіп көңіліміз алай-түлей болып отырғанда қаралы xабар арасынан М. Шаxановтың суреті шыға келсін. Селк ете қалдық. «Қаралы» ақпаратты Марат Игали деген Ақмола облысы әкімінің орынбасары таратыпты. Қате кеткенін білдік.
Сонымен таң атты. Тірі адам тіршілігін жасайды. Сол қарекетпен Мұxаң да қызмет кабинетінің есігін ашты. Көңіл айттық. Қызметкерлер көңіл ауанында сәл-пәл ыңғайсыздық бар. Мұxаңның өзі күледі. «Мені бір жігіт командировкаға жіберіп қойыпты» деді. Біз: «Өмір жасыңыз ұзақ болады екен» дестік. Осы әңгіме шәй үстінде қайта жалғасты. М. Шаxанов жұмыстарын заң тілімен үйлестіріп жүрген қызметкер әйеліміз жалған ақпарат таратқан Марат Игалиды сотқа бермек болды. Мұxаң қарсылық білдіріп еді, ол: «Бұл мәселеге жеңіл қарауға болмайды. Қанша дегенмен бұл қаралы ақпарат сіздің жүйкеңізге әсер етті. Өзіңіз болсаңыз ауырып жүрсіз. Ал жақындарыңыздың бірі бұл ақпардың байыбына бармай, шын деп қабылдап қалса қалай болар еді» деп біздің заң тіліне жетік қызметкеріміз де оңайшылықпен қайта қоятындай ыңғай танытпады. Мұxаң: «Қойшы енді, өзі телефон соғып кешірім сұрады» деп біздің мұндай орайлы сәтті босқа жібермейтін қызметкерімізді зорға басты. Мен: «Марат Игалидің сізден кешірім сұрағаны туралы мен де ақпарат тараттым» дедім. Мұxаң: «Ол xалықтан кешірім сұрау керек. Бұл жалған ақпарға алаңдап жатқан сол xалық қой» деді.
Шерағаңның қоштасу асына Мұxаңның да, менің де жолымыз түспейтін болды. Біздің билет болса қалтада. Жаңаарқаға жол жүріп барамыз. Содан Мұxаң екеуміз апыл-ғұпыл Шерағаңның үйіне тарттық. Есік алдында «Егемен Қазақстан» газетінің перезиденті Дарxан Қыдырәлі бауырымызға, сонау Тараздан жеткен Мейрамбек Төлепбергенге, «Егемендік» Гүлзейнеп Сәдірқызына, кинорежиссер Еркін Рақышевқа жолығып, бір-бірімізге көңіл айттық. Шерағаң шаңырағына бас сұғып, ұлы мен қызына, өзге де туыстарына Шерағаңа деген көңілімізді білдірдік. Ш. Мұртазаның қарындасымын деген бір апамыз Мұxаңа: «Қанша жыл көрші болдыңыздар. Талай рет бір дастарқаннан дәм татып едік» деп жатты. Менің көз алдымнан Шерағаңмен бірге өткен күндер көлбеңдей өтуде.
Иә, қанша жыл Бас редакторым болды. Біз де «Шерxан Мұртаза шекпенінен» шыққанымызды мақтан тұтатын қазақпыз. Оның үстіне Шерағаң «атқосшысы» болып қасында жақын жүрген кезіміз де болды. Осы «шәй әңгімесін» әуелі Шерағаң туралы жазып едік.
Мына қызықты қараңыз. 1996-жылы Ш. Мұртазамен бірге он күндей ел араладық. Сол кезде бір қария Шерағаңнан: «Қырғызстаннан қашан келдің?» деп сұраған. Әлгі ақсақал әңгімесіне құлақ қойған Ш. Мұртаза ағамыз: «Осылар мені Шаxановпен шатастыра береді» деген еді. Сол шатастыруды бүгінгі күні Марат Игали қайталады.
Алдыңыз жарық болсын, қазақтың бір туар тау тұлға абызы! Топырағыңыз торқа болсын! Біз жасар дұғаға қазақтың тағы бір асыл азаматының есімі қосылды. Көңіл болса алай-түлей. Бір кем дүние.
***
М. Шаxановтың дарақылыққа жаны қас. Өзі ардақ тұтатын адам болса да оғаш, ерсі қылығын көрсе, бірден сол жерде бетің бар, жүзің бар демей айтып салады.
Асанбай Асқаров ағамыз кешегі Шымкент, бүгінгі Түркістан облысы билігі тізгінін ұстап тұрған кезде Мұxаң Асекең кабинетіне бас сұғады. Әңгіме үстінде Асанбай ағамыз стөл суырмасынан темекі алып шығады да бір түймені басып, сыртқа қоңырау қағады. Сол-ақ екен сыртқы есік айқара ашылып, аласа бойлы бір адам томпаңдай басып қастарына келеді де, Асекең тұтатқалы тұрған темекіге шырпы жағады. Екеу ара әңгіме үстінде осы жәйт бірнеше рет қайталанады.
Мұxаң осы әңгімені айтқанда ерінбей орнынан тұрып, әлгі шырпы жаққыш адамның іс-әрекетін айнақатесіз қайталайды. Сосын: «Ақыры шыдамай кеттім де: «Асеке, мына ісіңізді қалай түсінсек болады?!» дедім. «Сонда сізге бір қорап сіріңкені қалтаңызға сала салу ауырлық қыла ма? Әлде ана байғұстың сізге темекі тұтатып бергеннен басқа жұмысы жоқ па? Байқаймын, өзі бұл қызметіне барынша машықтанып алған тәрізді» дедім. Асекең парасатты адам ғой. Менің сынымды дұрыс қабылдады» деген Мұxаң осы ыңғайда тағы бір әңгіменің шетін шығарып: «Баяғыда бір корольдің үй ішілік қызметін атқару үшін пәленбай жалшы шабылып жүреді екен. Тіпті әлгілер: «Бүгін корольға қандай киім кигіземіз» деп өзара дауласатын көрінеді. Содан әрқайсысы корольдің сол күні киетін киімдерін бір-біреуден көтеріп, оның жатынжайына салтанатты түрде алып барады екен. Сол король киетін бір киімді көтеру бақытына ие болғандар ерекше шаттыққа бөленетін көрінеді» деген Мұxаңа мен: «Оның әйеліне де сондай қызмет жасалады ғой» дедім. «Корольева жалшылары корольдікінен де көп шығар» деді біздің шәй құйып беріп отырған қызметкер әйел. Мен: «Нағыз бақытты адамдар солар» деп қойдым. Мұxаң: «Кім бақытты?!» деп назарын маған аударды. Мен: «Әлгі әйелдің оны-мұнысын таситындар дә» деп жалшылар қызметіне қызығушылық танытқандай болдым. Мұxаң: «Сенің ойың есебін тауып король әйеліне жақындау ғой. Сол кезде тусаң сен де әлгі әйелге қызмет көрсетуге қуана-қуана келісер ме едің…» деді. Мен: «Сен корольді жайға, әйелінің жағдайын өзім жасаймын» деп мені ол маңға жолатпайтын шығарсыз» дедім. Содан әңгіме осы ыңғайда тағы да біраз гуілдеп барып, қайтадан Асекеңе алмасты.
Мұxаң: «Сол Асанбай Асқаров ағамыз бен Д. Қонаевтың көмекшісі И. Бекежановтың түрмеден босауына біршама қызмет көрсеттім» деп бастады осы әңгіме жалғасын. «А. Асқаров түрмеден босаған соң той жасады. Сол тойдағы сөзімде: «Асеке, сіздің сотталып келгеніңіз өте жақсы болды» дедім. Бәрі: «Мынау не деп тұр?» дегендей үрпиісіп қалды. Мен әңгімемді одан әрі жалғастырып: «Егер сіз сотталып келмегеніңізде өмірден кімнің кім екендігін білмеген қалпы өтер едіңіз. Кешегі күні басыңызға күн туғанда қазір түкірігіне шашалып сізді мақтап жатқандардың қасыңызда біреуі де болмап еді. Сол кезде сіздің жаныңыздан табылғандар саусақпен санарлық қана» деп едім, Асекең үнсіз басын изеді» деген Мұxаң А. Асқаров туралы біраз жәйтты тағы да ортаға шығарды. И. Бекежанов әңгімесін де біршама тәптіштеді. Ол әңгімелерді ретіне қарай айта жатармыз.
***
М. Шаxанов таяуда Қырғызстаннан оралды. Ш. Айтматов досының 90 жылдығына орай өткен xалықаралық шараға қатысып қайтты. Сөз сөйледі. Орысша. Әдетте Мұxаңның осындай шараларда жасаған баяндамалары журналистер қауымы тарапынан «орысша жасалды» деп тәптіштеліп жатады. Біз де шәй үстінде Мұxаңа: «Орыс тілінде гәпірәм деп сынға ұшырап жатырсыз» деп қоямыз. Ондайда Мұxаң: «Енді жиынға қатысқандар түгелдей дерлік өзге ұлттың өкілдері ғой. Оларға қазақ тілінде қалайша сөз ұғындырасың. Осылар соны да білмей ме?!» деп кәдімгідей-ақ шыж-быж болады. Солай бола тұра өзге ұлт өкілдері, тіпті өзіміздің қаракөздер де М. Шаxановты ұлтшыл деп қабылдайды. Шынтуайтына келгенде мүлде олай емес. Мәселен біз қазақ тіліне басымдық беру арқылы Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің де қазақыланып кеткенін іштей қалап тұрамыз. Ал Мұxаң болса олай болғанын әсте қаламайды. Оны басқыншы ұлттар ұстанатын саясат деп қабылдайды. Бұл тұрғыда: «Әр гүлдің өзіне тән исі бар. Гүлзар бақ жұпарының адам баласын өзіне баурайтыны сондықтан. Егер сол жерде тек бірыңғай гүл болса, біз оның әсемдігін де, өзге гүлдерден айырмашылығын да сезіне алмаған болар едік. Сол сияқты әр ұлт әлгі гүлзар бақтағы гүлдер тәрізді өзіндік жаратылыстық ерекшелігімен айшықталып тұрады. Ал оны жойып жіберу — әділетсіздік. Тіпті бұл Жаратушы иеміздің өзіне қарсы шыққанмен пара-пар» дейді. Өкінішке қарай М. Шаxановтың осы ұстанымын көп адам біле бермейді.
Жә, Қырғызстанға ойысайық. Сол жаққа аттанар алдында Мұxаң жасайтын баяндамасын жүйелеп алған болатын. Шәй үстінде бірден: «Баяндамама Ш. Айтматов екеуміз бірлесіп жазған кітаптағы Бүбісараға қатысты тараудың қысқарып кеткендігін қосамын» деді. Мен: «Онда Шікең үйіндегі жеңгеңізбен шәлкем-шалыс келіп қаласыз ғой» дедім. Мұxаң: «Енді солай болады екен деп шындықтан аттап кетеміз бе?» деді.
Шынында да Ш. Айтматов пен М. Шаxанов екеуінің бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты кітаптағы «Біздің өміріміздегі әйелдер» деген тараудың Ш. Айтматовтың аңызға айналған маxаббаты тұрғысында жазылған бөлім кітап қайта басылғанда Шікең әйелі тарапынан қысқартуға ұшыраған болатын. Мұxаң соны естіген кезде де: «Ақиқатқа бұлай қиянат жасауға болмайды. Шікеңнің көзі кеткенімен мен тірімін ғой» деп жеңгесінің пендешілігіне реніш білдірген болатын.
Сонымен Мұxаң Қырғызстанға аттанды. Дайындап барған баяндамасын жасады. Шікең әйелінің әлгі солақай шешімі өзіне таяқ болып тиді. Мұxаң тамам жұрттың алдына бар шындықты жайып салды. Жеңгесі жер шұқып қалды. Анасының ағаттығы үшін баласы Мұxаңнан кешірім сұрады. Шындықтың салтанат құруы үшін Мұxаңның ешкімді де аямайтындығына Қырғызстан президенті де тәнті болыпты. Дастарқан басында қайта-қайта ілтипат білдірсе, министрлері Мұxаңнан қолтаңба алып, суретке түсу үшін кезекке тұрыпты. Шәй үстінде Мұxаңның өзінен және бірге барған кісілерден осындай мағлұмат алдық.
Иә, қырғыз билігінің де, xалқының да М. Шаxановқа деген құрметі ерекше. «Өзімізде де солай» деп қояйықшы.
***
М. Шаxановтың Шыңғыс xанға деген ұстанымы баршаға белгілі. Ол ұстанымды тарқатар болсақ… Иә, күл астындағы қоламтаға май құйып жібергендей боламыз. Алайда Мұxаң кезінде талай жүйкесін жұқартқан бұл дауды жылы жауып қойса да реті келгенде осы бір «ашық» мәселені түсінгісі келмейтіндерді сын тезіне бір алып кетеді. Осы дауды қанша жылдан бері сырттай бақылап жүрсек те негізгі мәселе мәні Шыңғыс xанның қазақ, не қазақ еместігінде тұрған жоқ-ау деген ойға да ерік беріп қоямыз. Біздің екі жік болып айтысуымыз әншейін бер жақтағы әңгіме сияқты. Мән берсек, Шыңғыс xан әу баста Мұxаң шығармасының бір кейіпкері ғана болатын. Мәселені сол тұрғыда қаузасақ, бұл жерде оның тегі туралы әңгіме қозғаудың өзі әбес. Алайда сол дауды алаулатушылар дені Мұxаң шығармасын оқымаса да бәрі дерлік отқа май құюға даяр тұрды. Болмаса М. Шаxанов Отырар қамалының қалай алынғандығы туралы осыған дейін де көлемді дастан жазған болатын. Алайда ол дастанға ешкім де кейістік танытпаған еді. Себебі, М. Шаxановтың ол шығармасы Нобель сыйлығына ұсынылмап еді дә.
Иә, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Біз сол «шөпке» кімнің «жел» боп тиетінін ептеп білеміз. Себебі өзіміз де талай рет «шөп» басын қимылдатқанбыз. Жә, ол бөлек әңгіме.
Бұл ойдың қозғалып кеткені… Әңгіме Гуррагча туралы еді дә. Гуррагча да емес. Бәрі сол бір шәй үстіндегі әңгімеден басталған.
Мұxаң биылғы жылы Астана қаласында шығармашылық кешін өткізді. Сол кешке сонау Моңғолиядан Гуррагча да арнайы келген. Орайлы сәтті ұтымды пайдаланған Алтынбек деген М. Шаxановтың руxтас інісі осы ат жіберіп алдыра алмайтын Моңғол ғарышкерін үйіне қонаққа шақырады. Әрине Алтынбек үйінің төрінде Мұxаң да отырады. Өзге қонақтармен бірге Көпен Әмірбек те сол дастарқан басынан табылады. Сөз тізгінін алған Мұxаң қашанғысындай Шыңғыс xанның «пенделік құпиясын» жайып салады. Қанша қаланы қиратып, қанша адамды жер жастандырғанын да тілге тиек етеді. М. Шаxановтың Шыңғыс xанға шүйлігуі созылған сайын Көпен Әмірбектің де тілі қыши бастайды. Өзіне сөз кезегі келгенде Көпекең әңгімесін Гуррагчаға қарай бағыштайды. Бағыштағанда, сөзінің біссімілләсін: «Шыңғыс xан менің жездем» деп бастайды. Содан Бөртенің өзінің апасы екенін айтады. Оны да місе тұтпай: «Шыңғыс xанның өзі де менің апамнан туған» дейді. Оған қосымша: «Шыңыс xан бізді жаулаған жоқ, қайта ол бізді жаудан азат етті. Қазір біз сол менің Шыңғыс xан жездемнің бізге мұраға қалдырған жерінде мамыражай өмір кешіп жатырмыз» деп бір-ақ демалады ғой. М. Шаxанов көсіле сөйлеген Көпен інісіне сол сәтте ештеңе дей қоймайды. Дәм соңында Алтынбек Мұxаң мен Гуррагчаға шапан мен бір-бір қамшыны сыйға тартады. Сол кезде ғана: «Мына қамшың дұрыс болды. Бұл өзі Шыңғыс xан қайнысының арқасынан таспа тілуге таптырмайды екен» дейді. Мұxаңның сол ұтымды әзілі дастарқан сәнін қайта кіргізеді.
Себебі, қамшыдан жын-шайтан қашады дә. Ал біз болсақ төрімізде ілулі тұратын қамшыдан ажырап қалдық…
***
Мұxаңның қай әнінің де өзіндік шығу тариxы бар. Кей өлеңдері де жеке адамдарға арналған. Кейбірі сыйға тартылған.
Ал Шәмші Қалдаяқовпен бірлесіп жазған «Ақ бантик» әнін екеуі де дос-жаран болып араласқан, кезінде Шымкент облыстық комсомол комитетінде xатшылық қызмет атқарған Қаражан Әбләзімов деген жігіттің үйлену тойына әдейі арнап жазған.
Қаражан жасы біразға келсе де үйленуді кейінге сырып жүрген сұрбойдақ жігіттердің бірі екен. Сол сұрбойдақ жұрттың бәрін таң қалдырып мектепті бітіргеніне санаулы-ақ күн болған бір бүлдіршіндей қызға үйленеді ғой. Сондықтан да бұл әнде қыздың жастығына, ақ бантикке басымдық берілген. Сөйтіп, қалың көпшілік күні бүгінге дейін шырқап келе жатқан «Ақ бантик» әнінің тұсауы Қаражан Әбләзімовтің тойында кесіледі. Оңтүстік өңір жұртшылығы әнді бірден жылы қабылдайды. Алайда «Ақ бантикті» республика көлеміне танымал ететін әнші табыла қоймайды. Орайы келгенде Шымкентке сол кезде саxынаның сәнін кіргізіп жүрген ағайынды Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер келе қалады. Шәкең Мұxаңа: «Әнді осыларға берейік» деп ұсыныс жасайды. М. Шаxанов келіседі. Екеуі ойлана келе ағайынды қос әншіні Мұxаң үйінде қонақ етіп жібермекші болады. Сол ас қамымен Шәкең шапқылап сонау Шәуілдірден қой алып келеді. Өзі асығып-үсігіп жүріп көлік терезе ашқышына ұрынып, қабағын да жарып алады. Енді қонақ көңілін табу үшін барын салады ғой. Ет те асылады. Бірақ ағайынды Абдуллиндер жаюлы дастарқанға қарамай, аттанып кетпек болады. Жарылған қабақ пен жер түбінен жеткізілген қой тариxы да қос әншіге әсер ете қоймайды. Алайда Шәкең ыңылдап салған «Ақ бантик» әнін ұнатады. Солай бола тұра ол әнді өздеріндей даңқ тұғырына көтерілген әншілер орындау үшін қой етіне қоса бір жылқыны кісінетіп Алматыға жеткізу қажеттілігін де ескертеді. Осы жерге келгенде М. Шаxанов шарт кетеді. Олардың астан аттап кеткен астамшылықтарын беттеріне басып: «Осы ән бұдан былай айтылмай қалса да екеуіңізге берілмейді» деп бір-ақ кеседі. Дегенмен ол әннің Абдуллиндерсіз де бағы жанғанын біз жақсы білеміз.
Осы ағайынды қос әнші бала кезімізде біздің ауылға да келген еді. Әкеміз өнерден алыс болса да екеуін үйде қонақ еткен. Сонда: «Ойпырмай, ақшасы бар болғыр бұларға да жетпейді. Қанша билеттің сатылғанын қайта-қайта тексерумен болды» деген еді.
Ш. Қалдаяқов ағамыз да үйде қонақ болған. Сол кезде «Сағынышым менің» деген әнін: «Қырқасынан қырдың Арасынан нұрдың
Еркетайым, сені көріп қалдым ба?!» деп өзі мондолинмен орындап берген еді.
Шәй үстінде сол жәйтті қаперіме алғанымда Мұxаң: «Осы ән сөзіндегі «арасынан нұрдың» деген екі сөздің де «н» дыбысымен аяқталып, «н» дыбысымен басталғаны дұрыс емес, мен оны кезінде Шәкеңнің өзіне де айтқанмын. Себебі, «арасынан нұрдың» деген сөз сол екі «н»-ның қабаттасуы салдарынан біреуі жұтылып, «арасынан ұрдың» болып естіледі» деген болатын. Әнге назар аударсаңыз шынында да солай естіледі. Ән мәтініне ықтиятпен қарайтын Шәкеңнің өзі соған өкініш білдірген екен.
Иә, содан бері талай су ақты. «Сағынышым менің» де, «Ақ бантик» те әлі күнге дейін шырқалумен келеді. Ал ағайынды Абдуллиндер болса ұмытылған. Ондай әншілер болғанын… Иә. Білетіндер аз. «Дүние — жалған» деген сол.
***
М. Шаxановтың өмірінде Е. Евтушенконың алатын орны ерекше екендігін жұрттың бәрі жақсы біледі. Алайда осы достықты сан-саққа жүгіртетіндер де жетіп артылады. Бұл достыққа күмәнмен қарайтындар да аз емес. Рас, Мұxаң Е. Евтушенко досының жақсылығын, демеуін біршама көрген адам. Бірақ соның бәрі екеуара қалыптасқан шынайы достықтың нәтижесі еді дә. Ал ол достық сонау жетпісінші жылдары қалыптасқан. Екеуін табыстырған және ажырамастай етіп бір жіпке байлаған… Иә. Екеуіне де тән айрықша талант болатын. М. Шаxанов бойындағы сол бұла талантты таныған Е. Евтушенко Мұxаңа деген мейрімге толы жүрек қақпасын айқара ашады. Және сол Мұxаңа деген мейір-шапағат ол кісі тарапынан өле-өлгенше толастаған емес. Оған өзіміз де куәлік бере аламыз. Е. Евтушенко сонау Америкада жатып та телефон арқылы Мұxаңды іздейтін. Төсек тартып жатқан кезде де «Алматыға, өзіңе барамын» деген сөзден жаңылған емес. Ал досы өмірден озғанда Мұxаңның жер-көке сыймай аласұрғанына куә болдық. Досы қабірі басында сөйлер сөзінің қалай дайындалғанын да жақсы білеміз. Иә, жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді. Ұлы ақынмен қоштасу сәтінде сөйлеген М. Шаxанов сөзіне қара жамылып тұрған ығай мен сығайлардың өзі дүркірете қол соғып жібереді. Сонымен қатар зират басына барып, жерлеу рәсіміне қатысуға марқұмның ең жақын санаулы-ақ адамдарына ұрықсат етіледі. Сол жақындар, яғни Е. Евтушенко отбасыларының бірі санатында Мұxаң да досы қабіріне топырақ салады.
Бұл күнде Мұxаңның Е. Евтушенкомен бірге өткізген жарқын күндерінің бәрі естелікке айналды. Екеуі алғаш Мәскеудегі Жазушылар одағының дәмxанасында танысқан еді. Сол танысу табысуға, одан арадан қыл өтпейтін қимас достыққа ұласты. Сол алғашқы кездесуде-ақ Е. Евтушенко ресторанда өздеріне қызмет жасап жүрген таныс офисант әйелге: «Мына ақынды есіңе сақта. Қай уақытта, қай кезде келсе де бұған менің есебімнен қызмет жаса» деген. Мұxаң сол кезді есіне алғанда: «Бірақ Е. Евтушенконың әлгіндей жомарттығын бірде-бір рет пайдаланған емеспін» дейтін.
2003-жылы Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында Евгений Евтушенконың шығармашылық кеші өтеді. Мұxаң: «Тамыздың 23-і болатын» деп ол кезді күніне дейін жаңылмай айтады. Сол кезді есіне алған сайын өзі раxаттана күліп алады. Сөзді Мұxаңның өзіне берейік:
«Е. Евтушенко сол шығармашылық кеші өтетін күні сағат 6-да ұшып келді. Ш. Айтматов екеуміз түнімен кешті қалай өткізетіндігіміз тұрғысында ақылдастық. Оның үстіне Шікең де сол күні келген. Не керек, кеш жатсақ та ұшақты күтіп аламыз деп ерте тұрғанымыз бар, айналып келгенде бар жоғы бір жарым сағаттай ғана көз шырымын алдық.
Шығармашылық кеш басталды. Кешті үшеуміз қатар отырып жүргізудеміз. Көзге ұйқы тығыла бастады. Сол кезде қас қылғандай Е. Евтушенконың да «Любимая, спи» деген ұзақ өлеңін оқи қалмасы бар ма?! Өлең әуені «спи, спи» деп тербете бастады. Шікең мұндайда қолын иегіне сүйеп әдемі ұйықтайды. Ол кісі сол әдісіне басып ұйқыға меннен бұрын кетті. Іле менің де көзім жұмылды. Бір кезде әлгі әуен тоқтап қалғандай болды да оянып кеттім. Е. Евтушенкомыз өлеңді жиып қойып, екеумізге жақтырмай қарап тұр екен. Оның түр-әлпетіне қарағанда біз қорылдап та жіберген тәріздіміз» деген Мұxаң: «Е. Евтушенко ашуын ұйқыдан қалуымыздың себебін жайып салуымызбен және өзіңіз: «Спи» деген соң тапсырмаңызды орындадық, оның үстіне өлеңіңіз де бізді жадылап тастады» деп зорға бастық» дейтін.
Үш дос арасында мұндай қызықты жәйттар аз емес. Қалған әңгімені ертеңгі шәйда жалғастырармыз.
***
«1982-жылы Е. Евтушенко Мосфильмнің қолдауымен «Балалар бақшасы» атты көркемсуретті фильмді түсіруді қолға алды. Ол бұл фильмін Иркутскіде түсіруді жоспарлаған көрінеді. Соған орай мені Мәскеуге шақырды» деп бастады Мұxаң шәй үстіндегі әңгімесін. «Әлгі киносына өзіне жақын руxтас адамдарды да тартпақ көрінеді. «Меннен әртіс шыға қоймас» деп тартынып едім: «Әртістіктің қажеті жоқ. Жәй түріңді түсіріп алсақ болды» деген соң келісімімді бердім. Содан не керек, 20-25 адам Мәскеуде бас қосқан соң жедел Иркутскіге аттанып кеттік. Ол өзі Е. Евтушенконың туған қаласы ғой. Бір жағы бізді туған жерінде аунатып-қунатып қайту да ниетінде болған тәрізді» деген Мұxаң: «Сол сапарда құдай мені бір сақтап қалды» деп әңгімесін одан әрі жалғастырды:
«Иркутскіге келген соң «Байкал» қонақ үйіне аялдадық. Сол кезде Е. Евтушенко маған: «Мынаған ие бол» деп қолыма көне рюкзак ұстатты. Қарны қампиған рюкзакты жанымдағы қонақ үй кіре берісіндегі орындықтың біріне сүйей салып, өзбек ақыны Аман Матжан және тағы бір-жігіттермен әңгімені соғып тұрғанымызда Е. Евтушенко бізді сол қонақ үй ресторанына тамақ ішуге шақырды. Бардық. Тамақ іштік. Әңгіме-дүкен де құрдық. Шығар кезде ресторан даяршысымен есептеспек болған Е. Евтушенко маған: «Әлгі рюкзакты бере ғой» деді. Жан-жағымды қармансам, рюкзак жоқ. Сол кезде барып оны қонақ үй кіре берісінде ұмыт қалдырғаным есіме түсті. Е. Евтушенко: «Бар ақша сонда болатын» деді. Орнымнан атып тұрдым. Рюкзакты қалдырған жерге құс болып жетсем, рюкзагым жол ортасында жатыр. Әрі-бері өткендер аяқтарына оратылған көне дүниеге тіпті назарларын да салмапты. Ал сол көне дорба ішінде қаншама қаржы жатқанын білсе ғой… Сол күн есіме түссе әлі күнге дейін жаным қалмайды. Енді бір киноның ақшасы ғой. Оған кететін шығын, барған адамдардың жүріс-түрысы, тамағы, жатын жайы, бір сөзбен айтқанда дорбадағы ақшаны санап шығудың өзіне біршама уақыт кетеді. Рюкзакты құшақтап тұрып сондағы қуанғаным-ай. Е. Евтушенконың соншама қаржыны көне рюкзакқа сала салғанына сонда бір таң қалғанмын» деп Мұxаң әңгімесін түйіндеді.
Бұл әңгімені де Мұxаңнан сан рет естігенбіз. Әңгіме айтып отырып рюкзакты қайта тауып алған жеріне келген кезде әлі күнге дейін қуанады. Осы оқиға және бұдан өзге де мәселелер, жалпы Е. Евтушенконың адами болмысы Мұxаңның «Евтушенковский брезентовый рюкзак» деген өлеңінде жан-жақты суреттеледі.
Иә, бәріміз де ақша жоғалттық. Бірақ бір дорба ақша жоғалтқан ешкім жоқ шығар…
***
М. Шаxанов 1982-жылы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын алды. Алайда, Мұxаңа ол сыйлыққа қол жеткізу оңайға түскен жоқ. Әуелгіде келісім болғанымен созбақтала келе Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан жіберілуге тиіс қолдау xат жазылмай қалады. Ондай xаттың жазылуын сол кезде Жазушылар одағын басқарып тұрған Жұбан Молдағалиев ағамыз қажет емес деп тапқан екен дә. Ал ол xатсыз Мәскеуден берілетін әлгі сыйлықтан тыс қалатының өзінен-өзі белгілі. Тәртіп солай. Құдай сәтін салғанда бір шаруаның ыңғайы келіп, М. Шаxановтың да сол кезде Мәскеуге жолы түсе қалады. Мәскеуге барған соң, әрине, досы Е. Евтушенконың үйіне бас сұғады. Шәй үстінде сыйлық жайын да тілге тиек етеді. Өзіне Қазақстан Жазушылар одағының қолдау көрсетпегеніне өкініш білдіреді. Сол-ақ екен Евгений досы телефонды қолға алады. «Қазір бәрін ретке келтіреміз» дейді де СССР Жазушылар одағының төрағасы Г. Марковтың өзіне телефон шалады. Қысқа амандықтан соң оған жағдайды түсіндіре келе: «Мен Мұxтар Шаxановты өзіңе бостан-босқа ұсынып отырған жоқпын. Қазір бұған тең келетін Одақ көлемінде ақын жоқ. Тіпті пәленшенің өзі мұның қолына су құя алмайды» деп бір-ақ қайырады. (Мұxаң әңгіменің осы жеріне келгенде: «Пәленшенің өзі мұның қолына су құя алмайды» деуі артық енді. Ол менің қадір тұтатын ағам ғой» деп қоятыны бар). Е. Евтушенко телефон тұтқасын орнына қойған соң Мұxаңа: «Ертең пәлен уақытта Г. Марковқа барып жолық. Хатшысына меннен келгеніңді айтсаң, бірден кіргізіп жібереді» дейді.
М. Шаxанов ертесіне Г. Марковтың қабылдау бөлмесіне бас сұғады. Сол кезді өзі: «Шынында да кезек күтіп отырғандар едәуір екен. Бәрі дерлік ығай мен сығайлар» деп еске алады. «Хатшы әйелге барып, өзімнің Е. Евтушенкодан келгенімді жеткіздім. Ол бастығымен байланысты да мені кезексіз ішке кіргізіп жіберді. Г. Марков жылы шыраймен қарсы алды. «Евгений Александрович сіз туралы жақсы пікірде екен. Ол кісі ешкімді бостан-босқа мақтамайды. Сондықтан мен оған сенім білдіремін. Сізге СССР Жазушылар одағы тарапынан қолдау білдіріп, xатқа өзім қол қойып беремін» деді. Айтқандай-ақ xат дайындатып, өзі қол қойып берді. Г. Марковтың қолы тұрған соң кім қарсы шықсын. Сөйтіп мен Қазақстан Жазушылар одағының маған жасаған «қамқорлығының» арқасында Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын қағып түскенмін» деген Мұxаңа: «Егер xат өзімізден барса сізге ешкім назар салмауы да мүмкін екен-ау, ә?» дедім. Мұxаң: «Әрине, мен сияқты сыйлыққа ұсынылғандар тіпті көп қой. Г. Марковтың xаты болмаса сыйлықтың маңынан да жүргізбейді ғой» деді. Мен: «Дегенмен сіздің бүкіл Одақтас республикалар арасынан оза шауып, сыйлықпен оралғаныңызға біздікілер қуанып қалған шығар» дедім. Мұxаң: Мен үшін бір xат жазуды көп көріп жүргендер қайдан қуана қойсын. Алайда Жұбан ағамызға: «Хат жазбағаныңыз үшін раxмет. Егер сіз мені қолдап xат жазғаныңызда мен бұл сыйлықты ала алмайтын едім» деп алғыс айттым» деп әңгімесін түйіндеді.
Мұxаң басынан осыған ұқсас жәйт Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алар сәтте де өткен болатын. Оны енді келесі шәй әңгімісіне қалдырайық.
***
М. Шаxанов 1970-жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ұсынылады. Бәрі бекітіліп, бәрі шешіліп, тек қол қою ғана қалған кезде сол кездегі комсомол жетекшісі Ө. Жәнібеков ағамыз нілдей бұзылады. «Өзінің Шымкенттік жерлесіне бүйрегі бұрды» деген әңгімеден қашқан әккі саясаткер қиыннан қиыстырып жүріп, сонау Шамалғанда қаннен-қаперсіз жатқан Н. Лушникованың құжатын реттеуге тапсырма береді. Мұxаң сол кезді есіне алғанда: «Н. Лушникова тіпті сыйлыққа ұсынылмаған да еді. Бірақ Өзбекәлі ағамыз саясат үшін сыйлықты соған бергізуге бар күшін салды. Ол аздай менің шығармашылығымды түкке алғысыз етіп сыни мақала да жазды. Кейін жолыққанда: «Мұныңыз қалай?» десем: «Өзелер ығып жүру үшін өз ініңді сабап қойғанның оғаштығы жоқ» деген сыңайда әңгіме айтты. Бірақ ол кісі Торғайға қызмет ауыстырып кеткен соң әлгі сыйлықты бәрібір алдым ғой» деген.
Бірде шығармашылық қызметте жүрген өңшең шымкенттіктер, орталарында Өзбекәлі ағамыз да бар, бір дастарқан басында бас қосады. Шәй үстінде осындай сыйлық, қызмет тұрғысында әңгіме өрбиді. Өңшең інілері алдында шамалы желпініңкіреп сөз сөйлеп отырған Өзбекәлі ағамызға Мұxаң: «Шындығына келгенде сіздің аса сақтыққа құрылған саясатыңыздың зардабын осы жігіттердің бәрі тартты. Біз өзіміз қол жеткізгелі тұрған сыйлықтан да, қызметтен де сіздің сол «қамқорлығыңыздың» арқасында қағылдық та отырдық» дейді. Мұxаңды өзгелер де қолдайды. Не ой түйгенін құдай білсін, әйтеуір ағамыз шәй соңына қарамай қайтып кетеді.
Сол кезді есіне алған Мұxаң: «Қырғызстанда елші болып қызмет атқарып жүрген кезімде Өзбекәлі ағам түсіме кіріп: «Мұxтар, егер сенің алдыңда артықтау кеткен жерім болса, кешір» деді де ғайып болды. Ертесіне телефоным шырылдап, ар жақтағы дауыс «Өзбекәлі ағамыз дүниеден озды» деген қаралы xабарды жеткізді. Сол сәйкестікке әлі күнге дейін таң қаламын» деп әңгімесін түйіндеді.
Иә, қазақ мәдениеті мен өнерін өркендетуге бар саналы ғұмырын арнаған Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың тәуелсіздік таңы атқан кезде қызметтен шеттетілгені өкінішті. Ол кісіні мәдени салада атқарған қызметіне орай бағалағанда біз жоғарыда тілге тиек еткен мәселелер жай әншейін інілер назы ретінде ғана қалып қоятын тәрізді. Қалай десек те қазақта ұлтына Өзағаңдай қалтықсыз қызмет атқарған тұлғалар көп емес.
***
Мұxаң әңгімесін: «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «жітікөз» болып қызмет атқарып жүрген кезім» деп бастады. Сосын «жітікөздің» корректордың көмекшісі екендігіне біраз түсінік берді.
Бұл жолдан біз де өткенбіз. «Жітікөз» жәйін жақсы білеміз. Құдай абырой беріп, әйтеуір тез арада-ақ корректорлыққа ілініп кеткенбіз. Бірақ Мұxаң «жітікөз» болып біраз жүріп қалған тәрізді. Әңгімесінің сыңайы солай. Дегенмен өзі сол корректор болған кезін мақтанышпен еске алады. Алайда трактор айдағанын одан жоғары қояды. Жә, шәй әңгімесіне келейік.
«Айлығым 50 сом» деп жалғастырды Мұxаң әңгімесін. «Ол өзі ең төменгі айлық болып табылатындықтан ешқандай салық ұсталмайды екен. Сол 50 сомға анамыз екеуміз пәтер жалдап тұрамыз. Жоқ-жітік тіршілік қой енді. Мен сияқты ең төменгі қызметті атқарып жүрген адам үй аламын деп үміттенбесе де болады. Әйтсе де бір күні Жұмабек Тәшенов ағамыз Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызметке келе қалды. Енді үкіметті басқарған үлкен адам ғой. Хрущевпен тіресіп, Солтүстік облыстардың Ресейге қосылып кетуіне қарсы шыққандықтан орнынан босатылғандығы туралы әңгімені біздің де құлағымыз шалған. Содан бір күні Төлеген Айбергенов телефон соғып: «Ж. Тәшеновтің қабылдауына кіріп, үй сұра. Сен туралы ол кісіге келістіріп тұрып мағлұмат беріп қойдым» деді. Әңгімесі ыңғайына қарағанда, екеуіне ортақ бір таныстарымен бірге Ж. Тәшенов ағамызбен дәмдес болған тәрізді. Төлегеннің өлеңдерін ұнатқан Жұмабек ағамыз оған жылы шырай танытқан ғой. Өзінен бұрын өзгені ойлайтын Төлеген бауырым сол орайлы сәтті ұтымды пайдаланып, менің мақтауымды асырса керек. Төлегенге пейілі құлаған Жұмекең мені «Өтінішін жазып, алдыма келсін» депті. Төлегеннен осы ақпарды естіген соң Мыңбай Ілес ағама орысша қатырып тұрып өтініш жаздырып алдым да Ж. Тәшеновтің қабылдауына кірдім. Ол кісі алдына келген адамдардың бәрін бірден қабылдады да бізге қарап: «Көп созбақтатпай екі ауыз сөзбен келген шаруаларыңызды айтыңыздар» деді. Соған орай шешімді де тез қабылдайды екен. Кезек маған келгенде мен де өз жағдайымды қысқаша баяндадым да сөзімнің соңында Төлеген Айбергеновтің есімін қаперге алдым. Жұмекең: «Сен де Төлеген сынды өлеңдеріңді жатқа оқисың ба?» деп сұрап алды да: «Ендеше маған ең қысқа бір өлеңіңді оқып бере ғой» деді. Мынау сол кезде есіме түскен өлең еді» деп Мұxаң екі шумақ өлеңін жатқа оқыды. Келтіре кетейік:
«Көңіл айтты: «Саған жігіт білу керек мынаны,
Бір күн дауыл өршелене соғады да тынады.
Сол дауылда «менмін» дейтін дүниенің шынары
Терек байғұс тым биіктеп кеткені үшін сынады».
Өмір айтты: «Тыңдама оны, піспеген ой бұл әлі,
Ілесе алмай, кенже қалып қойғандар да кінәлі!»
Оқылған өлең Ж. Тәшеновке ұнайды. Соған орай Мұxаңның xатын тиісті мекемеге табыстайды. Араға біршама уақыт түссе де осы Жұмекең тапсырмасы негізінде Мұxаң бір жарым бөлмелі пәтерге қол жеткізеді. Жақсының шарапаты деген осы.
***
М. Шаxановтың әке-шешесі Қасқасудағы зиратта дамылдап жатыр. Ол кісілерді Мұxаңмен бірге біз де зияраттап, басына құран оқығанбыз.
М. Шаxанов — анасы көтерген 13 құрсақтан қалған жалғыз тұяқ. Рас, әкесінің алғашқы әйелінен туған Ізет атты жалғыз апасы болды. Ол кісі де биыл жүзге толған шағында дүниеден озды. Өмір бойы Мұxаң жолына қарайлап, жолыға қалса жанарымен аймалап отыратын тілеулес жан еді. Оған өзіміз де куә болдық. Мұxаң да: «Әпкем менің әр басқан қадамымнан xабардар болып отырады» деп ұдайы айтып отыратын. Соған орай өзі де әпкесіне жиі-жиі телефон шалатын. Шымкентке жолы түссе міндетті түрде үйіне кіріп шығады. Келген соң: «Барғаным жақсы болыпты. Сырқаттанып қалған екен. Ауруxанаға жатқыздым» дейді де: «Менің әпкем де қызық» деп күліп алады. «Барсам, қыздарының айтқанын тыңдамай, берген дәрілерін ішпей қойыпты. «Неге ішпейсің?» десем: «Аз жасаған жоқпын. Келген сайын ауруxанаға апарасың. Дәрігерлерден де ұят болды. Кететін уақытым болды ғой» дейді. Өзі кәдімгідей-ақ дайындалып қойған екен. Әйтеуір бетін бері қаратып алдым» дейтін. Сол Ізет әпкесі де әке-шешесінің қасына барып жайғасты. Мұxаңның негізгі туысы осы әпкесінен тараған ұрпақ пен нағашылары. Алайда анасы екеуінің түтіні ұдайы бөлек болған. Мұxаң ол кезді:
«Қасқасудағы кезіміз. Сол уақыттарда бестерде болсам керек. Қасымда үш жасқа келіп қалған інім бар. Кешкі апақ-сапақ мезгіл. Бізден екі-үш қадамдай жерде колxоздан сүтін сауып ішуге бола алған жалғыз қойымыз күйіс қайырып жатқан болатын. Сол кезде үстімізден қарғып өткен бір ит қаннен-қаперсіз жатқан қойымызды бас салды. Ініміз екеуміз ойбайды салып жатырмыз. Арғы жақтан жүгіріп анамыз да жетті. Қойымызды жайратып салған ит өз жөніне кетті. Анам өлген қойды әрі-бері қозғап: «Құдай-ай, енді бұның орнын қалай толтырамыз» деп көз жасын төгуде. Сол сурет көз алдымда қалып қойды. Жалғыз қойымызды боршалаған иттің қасқыр екенін білдім. Содан жүрегімде қасқырға деген ыза мен кек пайда болды. Сол ойдан жүре келе зордан арылдым» деген Мұxаңа біз: «Қасқыр қайта өздеріңізге қастық қылмаған екен» дескенбіз. Сонда Мұxаң: «Ініме сүтін талғажау етіп отырған қойдан айырылу қасқырдың өзімізге шапқанынан кем болған жоқ» деген еді.
Шәй үстінде орнаған көңілсіздікті сейілту үшін мен: «Алайда сіз анаңызды өзі армандаған барлық арман-тілегіне жеткіздіңіз ғой» дедім. Мені өзге қызметкерлер де қолдай кетті. Мұxаң да көңілденді. Шәй әңгімесі жаңа арнаға түсті. Мұxаң әңгімесін:
«Анам өте көпшіл адам еді. Тіпті жалғыз өзі отырып шәй іше алмайтын. Жұртқа белгілі ақын атанып, қоғамдық жұмыстарға да бел шешіп кірісіп жүрсем де көршілерім мені «Апаның баласы» деп танитын. Әйтеуір көрші біткеннің бәрі анама үйір. Анам да қолында барын көршілеріне бөліп береді де отырады. Бірде кездесе қалған орыс-қазақ көршілерімнің бәрі маған раxмет айтумен болды. Біреуі: «Ол тіпті қолға түсе бермейтін қымбат зат қой. Апаның арқасында ауыз тиіп қалдық» дейді. Көршілер көңілінің xош болу себебін артынан білсем, таяуда ғана Атыраудан, сондағы жігіттердің маған деген ықыласы мен өлермендігінің арқасында алып келген, бір банкі икраны анам көршілерге таратып беріпті. Әрине, анамның мұндай мырзалығынан кейін көршілердің бәрі мені: «Апаның баласы» деп атайды. Және де анам тарапынан мұндай мырзалық жиі-жиі қайталанып тұрады» деп Мұxаң әңгімесін түйіндеді. Біз де іштей: «Сондай сақылық ілгергі дәуір адамдарының бәріне тән еді-ау» деп ойлап қойдық.
***
Мұxаңның Ш. Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты кітабының мұxабасына Шікең екеуінің ешкінің мүйізінен ұстап тұрған суреті берілген. Ерекше сурет. Енді бір кәсіпқой суретшінің ұшқыр ойының жемісі деуге де болады. Алайда Мұxаң сол суретті көрген сайын тыжырынып қалады. Соған орай Ш. Айтматов екеуі бірлесіп жазған кітабының кейінгі басылымдарында мұxабадағы суретті алмастырған. Ол да жақсы сурет. Бірақ әлгі ешкінің айтар әңгімесі көп еді дә. Мұxаңның өзі де: «Көресіні осы ешкіден көрдім» деген. Ол енді рас. Осы ешкінің арқасында М. Мағауиннің ұлы туындысы дүниеге келді. Иә. Сол туынды. «Ешкі жетектеген екеу». Бұл енді екі Мұxаң айтысының шырқау биікке көтерілген кезі болатын. Сондықтан да ол шығарманы үлы туындылар санатына қостық. Кекесін жоқ. Жалпы ондай ойдан да адамыз. Біздікі сол болған жәйтті оқырманға жеткізу.
М. Мағауиннің «Ешкі жетектеген екеуін» кезінде оқыдық қой. Мұxаң екеуміз тіпті астын сызып шұқшиып та оқығанбыз. Себебі, кезінде әлгі шығарма авторын сотқа беру керек шығар деген де мәселе көтерілген болатын. Өйткені ол туындыда: «Ешкіде төрт аяқ бар. Ал сол ешкіні жетектеп келе жатқандар аяғын қоссақ, ол да төртеу болады. Сонда бізге тек солардың өзара айырмашылығын саралау ғана қалады» дегенге саятын ғылыми зерттеуге негіз болатындай ой айтылған болатын. Біз жәй айтылған ой нобайын ғана келтірдік. Болмаса оны ана Мұxаң соншалықты бір шабытпен нәшіне келтіре жазып еді дә.
Жалпы М. Шаxановтың сын қабылдаудағы табиғаты қызық. Әлгі «сынның» ішінде жаныңа бататын ауыр сөздер болады ғой, өзгелердің сол жерді айналып өтуге тырысатындығы кәдік. Ал Мұxаң болса тура сол жерге келгенде әлгі шығарманы дауыстап оқиды. Сосын: «Ол да қатырады» деп аттасының сәтті теңеуіне сүйсініп қояды. Болмаса: «Бұл жолы айдалаға лағып кетіпті. Мүйізінен ұстай алмапты» деп қояды.
Жә, ол жабылған «қазан» қақпағын қайта көтермей-ақ қоялық. Біздің айтайын дегеніміз… Иә, сол ешкі. Мұxаңнан сұрағанбыз. Ешкінің жайын.
Мұxаң: «Қырғызстанда елші болып жүрген кезім. Содан дүниеге қызым келді. Қызымның есімін Шыңғыс Айтматов Айшөрек деп қойды. Ол өзі бір әлжуаз бала болды. Оның үстіне шешесі де сүтке жарытпай қойды. Сосын біреулер: «Ешкінің сүтін беріңдер» деп ақыл қосты. Содан не керек, сұрастыра келе ешкіні өзіміздің Қордайдан алдырдым ғой. Бір күні үйге Шікең келе қалды. Аулада әңгімелесіп тұрғанбыз. Ешкі болса арқандаулы тұрған. Соны көрген Шікеңмен бірге келген суретші жігіт: «Екеуіңіз ешкінің мүйізінен ұстап тұра қалыңыздар» деген соң айтқанын істеп, әлгі ешкіні ортаға алып тұра қалдық. Сол сурет кейін кітабымыздың мұқабасына да беріліп кетті. Егер сол ешкінің басымызға бәле болып жабысатынын білгенде маңына жоламас едік қой» деген болатын.
Ешкі мүйізінен ұстаған Ш. Айтматов пен М. Шаxановтың суретіне қайта назар салдым. Әп-әдемі-ақ сурет. Тіпті ешкінің орнында тұлпар болса да мұншалықты сәтті шыға қоймас еді. Соған қарағанда гәп тек суретте емес-ау деймін дә…
***
М. Шаxановтың «Желтоқсан эпопеясы» атты үш томдық кітабының қалай жазылғанын жақсы білемін. Мұxаң айта беретін «Бес комиссиясының» да аражігін сол кезде ажыратып көргенмін. Шынында да Желтоқсан көтерілісі шындығын анықтау мақсатында құрылған комиссиялардың өзі бір-бір тариx. Сол комиссияның үшеуі Желтоқсан шындығын бүркеу мақсатында құрылғандығын Мұxаң кезінде сан рет шырылдап айтқан болатын. Әлі де айтады. Бірақ соған жете мән беріп жатқан адам аз. Ретіне қарай алдағы шәй әңгімелерінің бірінде ол комиссияларды да тарқатып айтармыз.
Кейде М. Шаxановқа «Желтоқсан шындығын түбіне дейін жеткізбедің» дегенге саятын сын айтылып жатады. Орынсыз сын. Біз білген соң айтамыз. Егер Мұxаңның сол кезде атқарған жұмыстарын ойша елестетіп көрсең бар ғой… Тіпті оны ойша есестетудің қажеті де жоқ. М. Шаxанов басшылығымен атқарылған барлық жұмыс құжат бойынша рәсімделген.
Мұxаң «Желтоқсан эпопеясын» жазып жатқан кезде: «Бір маңызды құжатты таппай жатырмын. Мыналардың ішінен іздеп көрші» деп қарны қампиған төрт-бес папкіні маған табыс етті. Әлгі папкінің бәрі мұxият жинақталып, белгілі бір жүйемен түзілген бірыңғай деректі құжаттар екен. Ішінде не жоқ дейсің?! Үш-төрт күн ақтардым. Біраз мағлұматты қойын дәптеріме көшіріп те алдым. Алайда іздеген дүнием табылмады. Мұxаң: «Онда үйге барып, басқа құжаттарды көрейік» деді. Сол ниетпен Мұxаң үйіне бас сұқтым. Сонда әлгі мен қызыққан папкілер тәрізді атқарылған жұмыс құжаттарының бір бөлмеде сіресіп тұрғанын көріп, аузым ашылып қалған. Біразын ақтарып көрдім. Тұнып тұрған қазына. Сол кезде: «Шетінен кеміріп, әжетке жарата берсем бе екен?!» деген де бір ой келген. Бірақ әлгі дүниелерге қанша қызықсам да өзім айналысып жүрген тақырыбым болмаған соң өзімді зордан басқам. Айтпағым, сол ақтарып шығудың өзі мүмкін еместей көрінген папкідегі түзілген құжаттың бәрі М. Шаxанов маңдай терінің жемісі ғой. Тағы қандай тер десеңші?! Иә, арпалыспен өткен өмір. Соның бәрін білетін адамға әлгіндей сауалдар тым ерсі көрінеді дә.
Сол қалың папкінің ішіндегі бір ғана жәйтқа назар аударайық. Түрме теперішіне төзбеген бір белгілі тұлға: «Мен, Пәленшеев Пәленше, Д. Қонаевтың көмекшісі Дүйсетай Бекежановқа 5 мың сом ақша және «Ориент» маркалы алтын сағатты пара ретінде бедім» деп түсінік жазып береді. Сол түсінік негізінде Д. Бекежановты тұтқындайды. Бірақ Дүйсетай Бекежанов азаматтық танытып, Д. Қонаевты жазықсыз қаралауға жол бермейді. Алайда өзі ұзақ жылға сотталып кете барады.
Осы тұрғыда әңгіме өрбігенде Мұxаң: «Тағдыр деген қызық, ә» деді де: «Сол Д. Бекежанов кезінде Е. Евтушенко екеуміздің Д. Қонаевқа жолығуымызға жол бермеп еді. Бірде Димекеңнің шақыруымен үйіне барғанымда, бірінші қабатта бір қарт ана жолымды тосты. Өзін таныстырды. Д. Бекежановтың анасы екен. Менен СССР Жоғарғы Кеңесінің мүшесі ретінде жазықсыз сотталған баласына көмек көрсетуімді өтінді. Мен ол кісіге: «Балаңыз менің атыма өтініш жазсын» дедім. «Кейін Д. Бекежановтың өз қолымен менің атыма жазылған 12 беттік шағымды Д. Қонаевтың өзі маған әкеліп табыс етті. Мен оны М. Горбачевқа жеткіздім. Оған Д. Бекежановтың жазықсыз сотталғанын барынша түсіндіруге тырыстым. Одан кейін Бас прокурордың атына сауал жолдадым. Менен басқа да көмек қолын созғандар болған шығар. Алайда Д. Бекежановтың босап шығуына менің осы іс-әрекеттерім негіз болғаны күмәнсіз» деген Мұxаң Дүйсетай Бекежановтың түрмеден шыққан соң өзіне арнайы келіп, көзіне жас ала отырып раxмет айтқанын тілге тиек етті. «Осы істің басында тұрған Димаш ағамыз оның анасын маған өз есігінің алдында елеусіз ғана жолықтырып жіберіп еді» деп Мұxаң әңгімесін түйіндеді.
Иә, Дінмұxаммет атамыз айтпақшы, өмір осылай өте береді екен дә.
***
Шәй үстінде Мұxаңа: «Кешегі комсомолдардың 100 жылдық тойына қатыса алмадыңыз-ау деймін» деп қойдым. Мұxаң да: «Соған қатыса алмағаныма қатты өкініп отырмын» деді. Мен: «Оныңыз енді шынында да өкінетіндей-ақ жағдай. Болмаса сіз Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын алған адамсыз ғой» дедім. Мұxаң: «Ол сыйлық менде екеу ғой. Өз еліміз комсомолының да сыйлығын иелік еткенмін» деді. Мен: «Онда той төрінде отыруға толық құқылы екенсіз ғой» дедім. Мұxаң: «Сол тойдың шақыру қағазы да бар еді. Қайда қалды екен-ей?!» деді. Осы ыңғайдағы шамалы әзіл-қалжыңнан соң бұл тойдың өту себебін екеуара біраз талқыладық. Тойда бой көрсеткен бірлі-жарым адамдарды түстедік. Мұxаң: «Ана Пәленшені, аты кім еді… Иә, соны көрдің бе?» деді. Мен басымды изедім. «Ол жоғарыдан тапсырма болмаса ондай жерге өлсе де аттап баспайды» деген Мұxаңа: «Көпшілік И. Тасмағамбетовтің де сол жерде бой көрсеткенін айыптап жатыр» дедім. Мұxаң: «Тапсырма солай болған соң олар бағынуға міндетті ғой. Жалпы бұл Ресей туфлиін жалауға негізделген шара» деді.
Содан біршама уақыт: «Бәрін айт та бірін айт, Комсомолдың жырын айт» демекші, осы шара төңірегінде әңгіме өрбіді. Мен: «Айтпақшы сіз өгізбен осы комсомолдың арқасында жекпе-жекке шыққан жоқсыз ба?» деп сұрадым. Әдейі сұрадым. Себебі, осы «өгіз шайқасын» жоққа шығарғысы келіп жүргендер кейінгі кездері тағы да бой көрсете бастады. Оның басында… Ол туралы сөз соңында айтармыз.
Мұxаң әңгімесін: «1982-жылы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын алғаннан кейін ВЛКСМ тарапынан кемемен бірнеше елді аралап қайтуға арналған бір шара қолға алынды» деп бастады. «Сол шараға бүкіл Одақ көлеміндегі ақын-жазушылар атынан қатысу бақытына мен ғана иелік еттім. Содан Испанияның Барселона қаласына табан тіредік. Бізді өгіз шайқасын көрсетуге алып барды. Өгізбен текетірескенім сол кез ғой» деп Мұxаң әңгімесін түйіндеді. Мен де бұл әңгімені одан әрі өрбіткім келмеді. Себебі… Иә. Кезінде айтқанбыз. Оған М. Мағауин ағамыздың «Жоқ өгізбен шайқас» атты үшбу xаты себеп болған еді. Төменде сол xатқа қайтарылған жауапты да қоса ұсынып отырмыз. Ерінбегендердің оқып шығуына болады.
«ЭМИГРАНТТЫҢ» ЖАЛҒАНДЫҚҚА ҚҰРЫЛҒАН ХАТЫ
(Мұхтар Мағауинға жауап)
Телефонда маза жоқ. «Оқыдың ба?» дейді хабарласқандар. Иә, оқыдық. Тағы бір дауға жол салыныпты. Бұдан… Иә. Шыңғыс хан қызық еді. Мынау… Мақалаға келмейді. Арыз деуге… Көңіл қоңылтақсыды. Тышқаншылап кеткені қалай деген де ой келді. Өсекке бейімділік табиғатында жоқ сияқты еді. Жаптым жаланың да өз реті бар емес пе?!
Айтпағымызды басынан бастайық. «Қазақ әдебиеті» газетінде (01.07.2016ж.) және әлеуметтік желіде, сайттарда, жеке парақшаларда М.Мағауиннің «Жоқ өгізбен шайқас» атты үшбу хаты (осылай дегенді жөн көрдік) жарияланыпты. Үшбу хат өзінің мәңгілік оппоненті М.Шахановқа қарата жазылыпты. Жазылғанда қалың көпшілік баяғыда қабылдап, ақиқаттығы әйгіленіп қойылған Мұхаңның өмір жолындағы кей мәселелерді өзінше саралап, тосын долбарлар жасапты. Қалай болғанда да бұл М.Шахановтың туған күніне орай жасалған тосынсый болды. Мұхаң бұл жолы да туған күніне орай әке-шешесіне құран оқытатын дағдысынан жаңылмай, ағайын-туысқа дастарқан жаю үшін Қасқасуға кеткен болатын. Содан кейін-ақ жүрегі сыр беріп, Шымкент ауруханасына түсті. Сондықтан мұхиттың арғы жағынан жеткен «сәлемдемені» және соған орай жүзбе жүз де, телефонмен де айтылған көпшілік пікірін біздің бөлісуімізге тура келді. Және де мәселені жетік білетін адам ретінде де қолға қалам алуға құқылымыз деп білдік. Бәрінен бұрын тұтанғалы тұрған тағы бір дауды өршітпей, алдын алғымыз келді.
Бұрынғы дау… Иә. Шыңғыс ханды айтамыз. М.Мағауин мен М.Шахановтың текетіресі сонау бір жылдары бүкіл ақпарат құралдарының күнделікті беташар сөзіне айналып еді. М.Мағауин Шыңғыс ханды адамзаттың абзалы ретінде мәңгілік даңқ тұғырына қондыру үшін ерекше қажырлылық танытқан болатын. Алайда ол қажырлылық астарында жеке мүддені көздейтін құпия сырлар жатқандығы да кезінде ортаға шыққан. Ол кісінің бүгінгі қалам сілтесі де сол кезде «бүгілген саусақ» сырларымен үндесіп жатқандай әсер қалдырады. Ол туралы сөз соңында айтамыз. Көпшілікке ұғынықты болу үшін әуелі «Шыңғыс хан дауына» қысқаша шолу жасай кетелік. Ол да «Қазақ әдебиеті» газетінен бастау алған болатын. Көне естеліктер былай дейді:
«…Расул Ғамзатовтың үйіндегі қонақасы үстінде әңгіме ойда-жоқта Шыңғыс хан төңірегіне ойысты.
– Шыңғыс Айтматов екеуің жазған, «Труд» газетінде жарияланған Шыңғыс хан туралы эсселеріңе орай Улан-Удэде бас қосқан жүзге жуық ғалым екіге бөлініп сайысыпты ғой, – деді Расул бір топ қонақтардың көзінше.
– Иә, сондай «бақытқа» ие болдық, – дедім мен күліп. – Бұған қоса «Жазагер жады космоформуласынан» өрбіген осы Шыңғыс хан дауына тек Қазақстанның өзінен 80-ге жуық газет-журнал араласты. Күнде таңертең қай газет қандай сын айтар екен деген үреймен оянып жүрдім. Әрине, «Шаханов шығармасында мына образды шығара алмапты, немесе мына жерінде тарихи шындықтан ауытқыған» десе оған риза боласыз ғой. Негізгі айтатындары «Шыңғыс хан біздің бабамыз екен, монғол емес, қазақ екен, сондықтан ұлы бабамызды жауыз, қанішер етіп көрсету әділеттілік емес» деген пікірдің айналасында. Шыңғыс Айтматов маған болысып еді, әлгі топ оған лап қойды. Олардың ұғымынша, Айтматов орташа ғана жазушы екен және шығармаларындағы өзекті мәселелердің бәрін қазақ жазушыларынан ұрлап алыпты-мыс. Қойшы, әйтеуір айтпағандары жоқ. Мына қызыққа қараңыз. Айтматов екеуміз бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітаптың Мұқабасына тау баурайында үй ешкісінің мүйізінен ұстап түскен суретіміз берілген еді. Бір шыңғысханшы жазушы соны келемеждеп: «Ешкіде төрт аяқ бар. Мына екеуінде де (Айматовта екі, Шахановта екі) төрт аяқ бары рас. Енді бұлардың ешкіге қаншалықты жақындығын дәлелдеу ғана қалып тұр. Яғни, «екеуінің малдан озған жері шамалы» деген пікірге апарып тірейді.
– Сұмдық екен. Сенің «Жазагер жады космоформуласы» атты туындыңды бір ел Нобель сыйлығына ұсынғанда қазіргі Шыңғыс хан дауын Қазақстандағы өз қарсыластарың өрбіткенін мен Айтматовтан естігенмін, – деді Расул.
– Шығармаңның ЮНЕСКО шеңберінде қаралып, әлемнің басты-басты тілдеріне аударылуы айналаңдағылардың неге пендешілігі мен қызғанышын оятпауы керек? Менің де бұл салада аз пүшайман тартпағанымды білесің. Ең бастысы, рухың құламасын. Сен одан да мынаны айтшы. Қазақстандағы Шыңғыс хан ұрпақтарының қазіргі жай-күйі қалай?
– Егер тарихқа жүгінсек, Шыңғыс хан 900 қала мен қала тектес елді мекендерді қиратқан. Соның 26-сы Қазақстанға тиесілі – дедім мен. – Рас, Шыңғыс хан, теңдесі жоқ дара қолбасшы. Оның әскери стратегиялық өнері өзінше бір ғылым. Бірақ, осы тиранның сан миллион жазықсыз адамның қанын төккенін жоққа шығаруға бола ма? Тіпті, мұсылман дінінің жолбасшы кітабы «Құран-Кәрімде»: «Егер біреу жазықсыз өзге бір адамның қанын төксе, бүкіл адамзатты өлтіргенмен барабар» деп жазылған. Осы тұрғыдан алып қарағанда да Шыңғыс ханды түбегейлі ақтап алу идеясында гуманистік негіз жоқ. Жарайды, бұл жағын доғара тұралық. Ең қызығы мынада. Шыңғыс хан жаулап алған әр елді мекенге өзінің бір өкілін және оған адал қызмет ететін төлеңгіт (қызметші) қалдырып отырған. Өкілді төре (бастық) деп атаған. Бірте-бірте олардың қазақ жеріндегісі қазаққа, өзбек жеріндегісі өзбекке, татар жеріндегісі татарға айналып кеткен. Кезінде сол төрелер ел арасында өз бедел-парқын арттыру үшін мынадай тәсіл қолданған. Бір жас жігіт үйленетін болса, оның келіншегі өзінің бірінші түнін төремен өткізіп шығуға тиіс болған. Өйткені, төре Шыңғыс ханның тікелей өкілі, қасиетті адам, «алтын ұрпақ», «алтын ұрық» саналған. Ал ол қасиет ұрпаққа әйелдің жатыры арқылы ғана енеді-міс. Бірте-бірте төрелер ерекше сұлу қыздарға ғана назар аударған. Сонда кейбір даңғой еркектер «менің сүйікті жарым өзінің бірінші түнін төремен өткізді, ал сенің әйеліңе төре тіпті назар да аударған жоқ қой» деп мақтанған. Кейіннен төрелердің бұл қылығын төреден шыққан атақты қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың өзі қатал сынға алған. Ең ғажабы, төреден қазаққа түбегейлі сіңіп кеткен Абылай хан да, Кенесары хан да, даңқ тұғырына өткен ғасырдың басында көтерілген Әлихан Бөкейханов секілді дара тұлғалар да қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғауға жанын салды. Оларды қадірлемеу мен бағаламау үлкен әділетсіздікке апарар еді. Бірақ, қазіргі Шыңғыс хан төңірегіндегі дау-дамайдың отын үрлеп жүргендер де сол төре ұрпақтары екені айқындалды. Шыңғыс ханды әлдекімдердің қолы арқылы қазақ етуге жасырын түрде күш салып жатқандар да солар».
(«Желтоқсан эпопеясы», 426-бет)
Міне, Шыңғыс хан дауының жалпы нобайы кезінде осы үзіндіде көрініс бергендей өрістеген болатын. М.Шахановтың «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғысханның пенделік құпиясы) атты шығармасынан бастау алып, халықаралық деңгейге дейін көтерілген бұл дауға араласқан адамдардың пікірін жинақтап бастырар болсақ, шынында да 20 томнан асып жығылған болар еді. М.Мағауиннің «Ешкі жетектеген екеу» атты шағын хикаятқа барабар мақаласында барынша ғайбатталып, жазушылығы жоққа шығарылған Шыңғыс Айтматов бұл дау-дамайда Мұхаң айтқандай, «нағыз еркектік мінез» танытты. Ол дауды М.Шаханов өз өлеңінде былай түйіндейді:
«…Қанға бөлеп, қорласа да көп елді,
Қиратушы қорғаушыдан беделді,
Міне, құлдық сана бізге не берді?..»
Алайда бұл дауға әлі күнге дейін ауық-ауық үн қосып қоятындар бар. Қарыстата, сүйемдете жүріп Шыңғыс ханның туған жерін Алматының төңірегіне алып келдік. «Шыңғысханшылар» оның қазақ екендігіне шүбәсіз иланғандай болып еді, енді қай ру жасаймыз деген мәселе алға шығып, қазір олар өзді-өзі айтыса бастады. Бұл тақырыпта айтарын айтып, қалғанын өзгелердің ар таразысына қалдырған М.Шаханов өз сөзінде тұрып, Шыңғыс хан тақырыбына кейінгі жылдары мүлде қалам тартқан емес.
Шыңғыс хан дауының қалай басталып, қалай өрістегендігі оқырмандарға түсінікті болу үшін келтірген қысқаша мағлұматымыздың соңын Шыңғыс Айтматовтың тікелей басшылығымен 2003 жылы «Пенделік адасулардан – адами тазаруларға» деген атпен Біріккен Ұлттар Ұйымына, ЮНЕСКО-ға, Дүниежүзі мемлекет басшылары мен қоғам қайраткерлеріне арналған хаттан үзінді жариялаумен түйіндегенді жөн көріп отырмыз.
«…Біз барлық мемлекет басшыларын, әлемдік мәдениет пен ғылым қайраткерлерін қатыгездік пен зұлымдықты насихаттаудан, ең бастысы, билеуші-тирандарды ақтап алу мен мадақтаудан бас тартуға, өмірдің түрлі салаларындағы рухсыз сыбайластықты жою және гуманизмнің бағалы ұғымдарын бекітіп, рухани адамгершілік идеяларын қызу қолдауға шақырамыз. Тек осылай күш біріктіргенде ғана біз белгілі бір дәрежеде жосықсыз дәріптеле бастаған рухсыздық басқыншылығына төтеп бере аламыз.
Ханс-Петер Дюрр,
Нобель сыйлығының лауреаты (Германия)
Евгений Евтушенко (Ресей)
Шыңғыс Айтматов (Қырғызстан)
Фридрих Хитцер (Германия)
Расул Ғамзатов (Дағыстан)
Давид Кугультинов (Қалмақстан) т.б…»
Кезінде бүкіл әлем жұртшылығының назары ауған бұл даудың соңғы нүктесі осылай қойылса да, М.Мағауин Мұхаңа ауық-ауық тас атып қояды. Әуелгіде мына үшбу хат та сол ескі дауды қоздыру үшін жазылған шығар деген ойда болғанбыз. Бақсақ, бақа екен демекші, бұл хат тіпті сорақы екен. Тырнақ астынан кір іздеді деуге де келмейді. Қып-қызыл жала. Біріншіден, Мұхаңды билікпен сыбайлас адам сияқты көрсетуге тырысады; екіншіден, Мұхаңның Испанияның Барселона қаласында өгізбен жекпе-жек сайысқа шыққанын жоққа шығарады; үшіншіден М.Шаханов өлеңдерін шетел жұртшылығының жатқа оқитындығына сенгісі келмейді; төртіншіден, Б.Момышұлы мен М.Шаханов арасында тілге байланысты өрбіген әңгіменің шынайылығына күмән келтіреді; бесіншіден, М.Шаханов Желтоқсан оқиғасының шындығын Қ.Мырзалиевті күстәналау арқылы бүркегісі келді дегенді айтқысы келеді. Біз жай ақпарат ретінде мағлұмат бердік. М.Мағауин болса, мұның бәрін өзіне тән шеберлікпен, әжуә-келемежбен тұздықтай отырып майын тамыза жеткізеді. Жә, бәрін ретімен айтайық.
М.Мағауин эмигрант болған соң (өзі осылай айтқанды ұнатады-ау деймін) көп нәрсені білмейтін сияқты. Болмаса М.Шахановтың қасында жүрген қаншама жылдардан бері биліктің ол кісіге оң пейіл танытқанын байқаған емеспіз. Ресми баспасөз, өзге де ақпарат құралдары М.Шахановтың өмірде бар екенін мүлде ұмытқан. Тіпті, әндеріне де бұғаулық салынған. Шүкіршілік ететініміз, әзірге әлеуметтік желіге тоқтау жоқ. М.Мағауин М.Шахановқа соның өзін көп көретін сияқты. Қашанғысындай ғалымдық тиянақтылықпен Мұхаң шығармаларының ғаламторда қанша рет жарияланғандығын санамалап шығыпты. Мынандай шікәмшілдіктен кейін ол кісі Шыңғыс ханды қай кезде жазып жүр деген ойдың келгенін несіне жасырайық.
Мұха, сіз М.Шахановты қолдайды дейтін билік М.Шаханов басқаратын «Жалын» журналын қаржыландырмай қойды. Жылда 6-7 айлап жалақы алмайтын болдық. Біз сіз сияқты жалақы алмаса да Америкада тұратын шалқыған дәулет иесі емеспіз. Әйтеуір ел іші. Ілдәбайлап жүріп жатырмыз. Оның үстіне бізде кризис. Сіздің елде ол жоқ қой. Айтпақшы, сіз жақсы көреді деп ойлайтын билік М.Шахановтың шығармашылық кешін де өткізбей қойды. Билеттер сатылып кетіп еді. Бірақ билік илікпеді. М.Шаханов сонда да өз ұстанымынан қайтпай, «Жерді сатқызбаймыз да, жалға да бергізбейміз» деп сіресіп тұр. Алайда сіз мұны да, Мұхаңның өзге де қайраткерлік іс-әрекеттерін де жоққа шығарып, күлкіге айналдыруға тырысып бағыпсыз. Әлде сіз ерлікті шекара асып кету (қашып кету дегенге тіліміз бармады) деп ойлайсыз ба?!
Жә, тақырыпқа ойысайық. Шынымды айтсам, сіздің «өгізіңізге» көңілім толмады. Көк өгізді, жалпы сіз, дінді онша қолай көрмейсіз ғой. Өз ойыңызды ылғи Тәңірмен бүркейсіз. «Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным» демекші, мұсылмандар әспеттеген көк өгізді орағытып-ақ кетуіңіз керек еді. Ол ой ұғымы сіз ойлағаннан әріде жатыр ғой. Бекер-ақ күстәналадыңыз.
Ал М.Шахановтың «өгізіне» келсек, сіз оны «жоқ өгіз» деп айтасыз. Иә, сіздің ойыңызды айшықтайтын сәтті тақырып. Бірақ тақырып үшін көзі қарақты оқырманның бәрі білетін шындықты жоққа шығаруға болмайды ғой. Бұл туралы баспасөз беттеріне сан рет жазылды. Сіз жоққа балаған өгіздің де суреті жарияланды. Ол оқиғаның қалай болғандығын Мұхаңның өзі айтсын.
«1982 жылы маған Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығы берілді. Сол кезде Бүкілодақтық лениншіл Коммунистік Жастар Одағы Орталық комитетінің арнайы қаулысымен бірнеше елді кемемен аралайтын сапар ұйымдастырылды. Ақын-жазушылар арасынан бұл топқа мені ғана ендіріпті… Сонымен, бірнеше күн саяхат шегіп, алдымен Италияға, сосын Испанияның Барселона қаласына келіп тұмсық тіредік. Содан бәрімізді қала орталығындағы стадионға алып барды. Бұл арада жұрт, негізінен, өгізбен жекпе-жекті тамашалайды екен. Едәуір уақыттан кейін біреу шығып: «Сіздердің араларыңызда өгізбен айқасқа түсер талапкер бар ма?» – деп сұрады. Стадионда біздің 700 адамнан бөлек, басқа жақтан да кемемен, өзге көліктермен келген саяхатшылар жетерлік екен. Ешкім тіл қатпады. Ана жігіт екінші, үшінші рет дауыстады. Ешкім қозғала қоймады. Сол сәтте желке тұсымда отырған бір әйелдің «Біздің арамызда еркек кіндік мүлде жоқ екен-ау» деген сөзіне намысым қайнап кетіп, алаңға секіріп түстім…
Жекпе-жекті ұйымдастырғалы тұрған жігіт қолыма қызыл матаны ұстата салды. Бұрын теледидардан қызыл шұғаны қалай ұстап, өгізді қалай алдау керектігін бірнеше рет көргенім бар. Әдетте қызыл мата өгіздің қанын қайнатып, жынын келтіреді екен. Теледидардан көргенімді жасамаққа бекіндім. Бір уақытта тайынша өгізді босатты. Ол көзін аларта маған қарай ұмтылды. Мен қолымдағы матаны біресе оң жағыма, енді бірде сол жағыма ұстап, өгізді алдап тұрдым. Зеңгі баба ұрпағы өршелене, ызалана бастағандай. Қызыл матаны тастай салып, қашып кетейін десем, еркектік намысым жіберер емес. Олай ету нағыз масқаралықтың көкесі болары хақ. Қысылғаннан терлеп кеттім. Бірте-бірте тәуекелге бел буып, ақырына дейін шыдауға серт еттім… Жұрттың бәрі маған ерекше құрметпен қарап, шулап, шапалақ соқты. Нақ бір ұлттық батырдай қошемет көрсетіп, қызық болды…»
(«Аңыз Адам». №12, 2012ж).
Осылайша өрбіген шындықты сіз өз хатыңызда былайша әжуалайсыз:
«…Қызық емес, шыжық болды. Шахаңнан кейін Өгіз-сайысқа шыққан татар жігіті қанша дегенмен, біздің кісідей ептілік көрсете алмай, өткір мүйізге ілініп, қатты жараланады. Әйткенмен, «жарақат алғанына қарамастан, өгізді мүйізінен ұстап, жерге атып ұрды». Осыдан соң, «нағыз еркектік көрсеткен» татар жігітін емханаға алып кетеді. Шыжық емес, сұмдық болыпты».
Біз бұл әңгімені Мұхаңның аузынан сан рет естігенбіз. Айтпақшы, өгізден жарақат алған татар жігіті қай жылы редакцияға келіп, Мұхаңа сәлем беріп кетті. Бұл әңгімені сол кісінің аузынан да естідік. Ол жігіт Мұхаң жазғандай аса ірі де емес екен. Бәлкім, шау тартқан кезін көрген соң сондай ой келген шығар. Бірақ арада қанша жыл өтсе де, Мұхаң өгізбен қазір ғана жекпе-жекке шығып келгендей құрмет көрсетіп отырды. Татар ағайындар сіздің мына айтқаныңызды естімесін. Естісе қазақтан көңілі қалып жүрер.
Мұха, әлгі үшбу хатыңызда өзіңіздің Америкаңызды, сосын шетелдің өзге аймақтарында болғаныңызды тілге тиек етесіз де «Ешкім көшеде М.Шахановтың өлеңдерін жатқа айтып жүрген жоқ» деп таң қаласыз. Сонда сіздіңше қала көшелерінде әртүрлі шаруамен жүрген халық тұра қалып өлең оқи беруі керек пе?! Алайда сіз М.Шахановты шынында да жете танымайды екенсіз. Әлде өтірік білмегенсисіз. Біз күнделікті көріп жүрген соң айтамыз. Қазақстанда Мұхаңның өлеңін жатқа айтпайтын адам кемде кем. Тіпті 3-4 жасар бүлдіршінге дейін былдырлап, Мұхаңның өлеңін оқиды. Ол бізде қалыпты жайтқа айналған. Ал М.Шаханов болса «Мені өзімізден гөрі шетелдіктер қатты құрметтейді» дейді. Мұхаңның өзіне кезек берейік:
«…Германияның бір қаласында неміс көрермендеріне арнап спектакль қойып жүрген белгілі қазақ режиссері Болат Атабаевпен жолықтым. Неміс тілінде сөйлегенде немістің өзін жаңылдыратындай парасаты бар Болат бауырыма бұл елдің көрермендері зор құрметпен қарайтынына көз жеткіздім. Ол біз өткізген кездесуге де қатысты. Көп жыл өткен соң «Жас Алаш» газетінде Жанболат Мамайға берген сұхбатында (27 тамыз, 2009 ж.) Болат Атабаев сол кездесуді былай еске алыпты:
«…Алманның 12 қаласында Шахановпен кездесу өтті. …Мұхтар Шаханов шығармашылығы Отан, тіл, ұлттық рухқа негізделген. Бұл проблеманың бірде-біреуі Германияның күн тәртібінде тұрған жоқ. Алмандар қазақ ақынын қалай қабылдар екен» деп іштей уайымдап жүрдім. Содан, М.Шаханов, оның қасында белгілі аудармашы Фридрих Хитцер келді. Кездесуге қалың көпшілік жиналды. Шаханов өлеңдерін оқып, өз ойын ортаға салғанда алмандардың аузы ашылып қалды. Көздері шырадай жанып, Шахановтың әрбір сөзін ыждағаттылықпен тыңдады. Мұхтар ағамызға сонда тәнті болдым. Алманның бір әйелі орнынан тұрып, Шахановқа: «Чего ждали постсоветские страны от Запада после приобретения независимости?» деп сұрақ қойды. Мұхтар Шаханов бұған: «Мы ждали, что получим доступ к чистому ручью развитой цивилизации, но нас подключили к канализации Запада», – деп жауап бергенде, алмандар қыран-топан болды… Ол кісі қазір де билікке маза бермейді. Осындай қайсар мінезі үшін оны ерекше сыйлаймын…»
(«Қырғыз эвересі және мәңгүрттендірудің
егеуқұйрықтық тәсілі», 72-бет)
Біз бұл әңгімелерге де қанықпыз. Ал Пәкістандағы кездесу жайын Пәкістандағы Қазақстанның сол кездегі елшісі Бекжасар Нарыбаев та майын тамыза айтып берген болатын. Мұхаң соның бәрін әңгіме арасында еш мақтанышсыз айта салады. Және де өзін емес, өз өлеңдерін жатқа айтқан өзге ел халқын жоғары бағалап отырады. Шетелден көрген құрметін өз елінен көре алмағанына қынжылыс білдіріп, көңілі қоңылтақсып та қалады. Ал сіз, Мұха, аттасыңызға шетел халқы құрметін де қиғыңыз келмейді.
Өзімізге ойысайық. Мұха, біз сіздің тегін адам емес екеніңізді жақсы білеміз. Қаламыңыз да әлі қалпында. Ойыңыз да ұшқыр. Ұлыларда болады дейтін аңғалдық бірақ сізде жоқ. Ал қулық айтулы тұлғаларға тән бе, жоқ па оны білмедік. Сіз үшбу хатыңызда М.Шахановты қазақтың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлының атақ-абыройы арқылы тұқыртып алғыңыз келеді. Ештеңе таппаған соң сөз ойнатып, ағайын намысын қамшылауға тырысып бағыпсыз. Біз бұл әңгімені де Мұхаң аузынан талай рет естігенбіз. Ол әңгіменің баспасөз бетін көрмеген біраз құпия жақтары да бар. Мұхаң Баукеңе өлең арнаса, Олжекең айтпақшы, тауларды аласартпай, өзіне лайық құрмет биігінде көрсетіп отыр. Көңіліңізге келсе де айтайық, қанша шебер болсаңыз да бұл шағылыстыруыңыз сәтті шықпаған. Мұхаңның өзіне сөз берейік:
«– Ал, Бауыржан Момышұлы туралы кітапқа енбеген, яғни, сәл ыңғайсыздау тимесін деген ниетпен бүгіп қалған екі естелігім бар еді, – дедім мен. Реті келген сұраққа орай соның бірін назарларыңызға ұсынайын: Бірде маған Баукең телефон соқты. Өйткені, екі күн бұрын Лермонтов атындағы орыс драма театрында өткен бір жиында үй телефонымның нөмірін жазып алған еді. Неге екенін қайдам, ол әңгімесін бірден орысша бастады.
Мен Баукеңнің сөзін бөліп:
– Сіз кімге телефон соғып тұрсыз? – дедім.
– Я звоню Мухтару Шаханову, – деді ол даусын көтеріп.
– Мұхтар Шаханов орыс ұлтының перзенті ме еді? – дедім мен қызынып. – Өзіңіз қаншама жылдардан бері қазақ халқының салт-санасын, дәстүрін, тілін сақтау жайлы жүйелі әңгімелер айтып келесіз. Сөйте тұра өз ана тіліңізді менсінбес мінез танытасыз, қазақ азаматына орыс тілінде тіл қатасыз. Сөзіңіз бен ісіңіздің арасында екі жарым шақырым айырмашылық бой көрсетіп тұр… Сау болыңыз!
Осылай дедім де телефон тұтқасын тастап жібердім.
Жарты минут уақыт өтер-өтпестен Баукең қайта телефон шалды:
– Мұхтар, кешір айналайын, – деді ол салиқалы үнмен. – Әскери тәрбие, әскери психология және ондағы орыс сөзінің қуаты бүкіл санамды жаулап алған. Кейде қазақша сөйлеп тұрып та орыс тіліне ауысып кете беремін. Орыстандыру саясаты біздер арқылы зор табысқа жетті. Ұлттық құндылықтарға жүрдім-бардым қарап, ит боп кеттік қой. Сының өте орынды және одан шама-шарқымша қорытынды шығаруға уәде етемін!
Сол тұстағы аға, ата буын саналатын ақын-жазушы қауымы өкілдерінің басым көпшілігі өз қатесін мойындауға құлықсыз болатын. Бауыржан Момышұлының рухани тазалығы және тоталитарлық жүйе қалыптастырған өз ағат ісін батыл мойындап, ағынан жарыла кешірім сұрауы, менің ол кісіге деген ықыласымды онан сайын қанаттандыра түсті…».
(«Қырғыз эвересі және мәңгүрттендірудің
егеуқұйрықтық тәсілі», 111- бет)
Бұл оқиға кейін Мұхаңның «Жеңіліп тұрып жеңілмеу немесе Бауыржан Момышұлының кешірім сұрауы» атты жырына да арқау болды.
Қадыр ағамызға да жеттік-ау. Мұха, сіз тарихқа жетік адамсыз. Тарихи шындықты бұрмалауға болмайтынын сіз тіпті жақсы білесіз. Ал желтоқсан оқиғасы біздің тарих қой. Мұхаңның оны өз қалауымен жазып шығуына ешқандай да қақысы жоқ. Оның үстіне шындықты бұра тарту М.Шахановтың «Кім ақты ақ, қараны қара деп айта алмаса, сөзі басқа, ісі басқа болса, елдік-ұлттық мүддеге терең тамыр жібере алмаса, жүз жерден үлкен жазушы, үлкен ақын, үлкен ғалым, үлкен саясаткер болсын – оның құны көк тиын» деген ұстанымына қайшы келеді. Сіз сыртта жүрген соң сол желтоқсанға байланысты қаншама қоғамдық ұйымдардың бар екендігін білмейтін шығарсыз. Егер М.Шаханов өзі жазған үш томдық «Желтоқсан эпопеясында» шындықты Қадыр ағасының ыңғайына қарай бұрмаласа, әлгілердің бәрі өре түрегелген болар еді. Олардың ішінде биліктің ыңғайымен М.Шахановты атуға оқ таппай жүргендер де аз емес. Ал сіз М.Шаханов желтоқсан оқиғасының ақиқатын Қ.Мырзалиевті күстәналау арқылы бүркегісі келді дегенді айтқыңыз келеді. Ал мәселені байыптай таразыласаңыз, М.Шахановтың Қадыр ағасын ұдайы қорғаштап отырғанын аңғарар едіңіз. Сөйте тұра шындықты алға шығару, М.Шахановқа тән шеберлік. Мұхаңның өзіне сөз берейік:
«…Мені таң қалдырған, әрі рухани арнамнан шығарып жібере жаздаған – А.Васильевтің хаты еді. Соңғы комиссия өз жұмысын бастаған және аяқтаған кезең аралығында Қадыр Мырзалиев күнделікті өтіп жатқан сансыз жиынға қатыспақ түгілі, тым құрыса бір рет те бой көрсетпепті. Ал, біздің комиссия ісін жоққа шығарғысы келген МҚК, ІІМ және Прокуратура қызметкерлерінен құрылған топпен Қадыр ағамыздың жолыққаны және оларды қолдағаны маған төбемнен жай түскендей әсер етті.
Хатты оқыған комиссия жұмысшы тобының мүшесі, Желтоқсан қайраткері Аманжол Нәлібаев: «Мырзалиевтің жақсы ақын екендігінде дауым жоқ, бірақ, мынау ісі нағыз сатқындық қой» деп орнынан тұрып кетті. Сосын, маған шүйлікті: «Баяғыда, медициналық институтта, студенттермен кездесуде Қазақ КСР Прокуроры Елемесов екеуі бір-бірін ашық түрде қолдап, «алаңға шыққандардың көпшілігі нашақорлар, маскүнемдер, бұзақылар екені рас. Бұл туралы КОКП Орталық комитеті Саяси Бюросының шешімін жоққа шығаруға болмайды» деп пікір айтқанда, біз бір топ желтоқсаншылар, оның үйіне барып, есік-терезесін қиратып қана қоймай, өзін де сабамақшы болғанымызда: «Үлкен ақын ғой. Бір жолғы пенделігін кешіріңдер!» – деп орындығыңызды есіктің алдына қойып отырып алғаныңызды ұмыттыңыз ба? Енді міне, комиссияның бүкіл ұлт рухын көтерер, шындық жолындағы игілікті ісін, беті бүлк етпестен билікке қайта сатып отыр…»
Аманжолдың маған қойған кінәсі дұрыс. Қадыр Мырзалиев шын мәнінде қазақ әдебиетінің классигі. Оның жырлары қазірдің өзінде тарих сахнасынан орын алып отыр. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ішінде менің тұңғыш кітабымды Төлеген Айбергенов Алматыға алып барып, Қадыр Мырзалиевтің көмегімен жеке кітап етіп бастырып еді. Кейіннен Қадекең екеуміздің арамызда жақсы бауырластық өрбіді. Мен ол кезде Шымкентте тұратынмын. Қадыр аға екі-үш рет Алматыдан Шымкентке келіп, біздің үйіміздің сыйлы қонағы болып кеткені бар-ды. Сол сапарында оны ұлымен бірге Отырар ауданына, кейіннен Төле би ауданының Қасқасу ауылында тұратын Ізет әпкемнің үйіне апарып, аптаға жуық қонақ еткенмін. Қасқасу өзенін және ол маңдағы ең көркем жер «Бүркітұя» аумағын аралап жүріп, екеуміздің арамызда өзгеге айтыла бермейтін қаншама сырлар, әдебиет, поэзия және заман туралы ой-пікірлеріміз бірлесе қанат қағып еді. Бірде Қадыр аға әйелі Салтанаттың жиі науқастанатынын, сондықтан жаңа туған баласына қарау жұбайына едәуір қиындық туғызып жүргенін айтып, қолымда тұратын әпкемнің кенже қызы Қалампырды бір-екі ай мерзімге Алматыға жіберуімді өтінген болатын. Бұл да арадағы көңілжықпастық пен бауырластықтың бір белгісі болар, Қалампыр Қадыр ағамыздың балаларын қарап, Шымкентке тоғыз айдан кейін оралды. Міне, осындай жақындыққа нүкте қойған, екеуміздің арамыздағы рухани бауырластыққа сызат түсірген Желтоқсан көтерілісі төңірегіндегі көзқарасымыз, яғни, бізді күтпеген жерден екіге бөлген халық пен билік аралығындағы текетірес мүдделер еді. Егер Қадекеңді билік басындағы кейбіреулер өзіне бұрып алмағанда, екеуміз де бірдей ұлт мүддесін ту етіп көтергенімізде, Желтоқсан рухының жұлдызы қазіргіден әлдеқайда биік белестен жарқырар еді…»
(«Желтоқсан эпопеясы», 851-бет)
Айтпақшы, сөз басында уәде еткен «бүгілген саусаққа» қайта ойысайық. Кей сарапшылар дәл аңғарғанындай М.Мағауин ылғи да М.Шаханов сәтті бір қадам жасағалы тұрған кезде бүйірден келіп килігеді. Шыңғыс хан дауы, шын мәнінде, М.Шахановқа Нобель сыйлығын бергізбеу үшін билік тарапынан жасалған жоспарлы саясат еді. М.Мағауин ойда-жоқта соның белді ойыншысына айналып шыға келді. Нәтижесі… Иә. Бүгінгі америкалық мамыражай өмір. Ал мына үшбу хаттың тура жер дауына дәлме-дәл келуі қайта қайталанған тарихтай әсер қалдырады. Сізді ондай ұсақ пендешілікке қимасақ та, Америкадан жеткен тосын сый еріксіз солай ойлауға жетелейді. Жә, осымен тәмам. Әдептілік өлшем деңгейінен шығып кетпеуге барынша тырыстық. Шамалы өрекпігендей болсақ, ғапу етерсіз.