ҚАЗАҚСТАНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН, РЕСЕЙДЕН ҚУЫЛҒАН, АМЕРИКАДА ҚАЙТЫС БОЛҒАН АҚЫН

Ермек ЗӘҢГІРОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері
Бақыт КЕНЖЕЕВ
(1950-2024)
Тіршілік ағымы біздің жағдайымызға қарап икемделмейді, біз оған қарай икемделуге қадам жасаймыз, айтқанымен жүреміз. Оның айтқанымен жүргісі келмей өз жолын іздеп абдырап, әлек болатындар да бар. Кейде мұндай мінез пайдаға да асып жатады. Ақын Бақыт Кенжеев орыс әдебиетінің қас таланттарының біріретінде өзін таныта білді.Кейбір желауыздар оны мойындағысы келмесе де, ол өзінің шынайы ақын екенін еріксіз мойындатты. Оны поэзия сүйетін оқырмандар жылы қабылдады.
Ақын көзі тірісінде марапаттардан да кенде қалған емес.Әрине, олардың бәрі әдеби сыйлықтар. «Октябрь» журналының жүлдесі (1992), Антибукер (2000), сыйлығы (2008), «Новый мир» журналының сыйлығы, «Мәскеу-транзит», Киев «Лавра» фестивалінің лауреаты (2006), сыйлықтары оны Ресей оқырмандарының тануына алып келді. Осы марапаттардың бәрі жинақтала келе Ресей Федерациясының «Ұлттық әдебиетке сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталуына жол ашты.
Ол ақын ретінде алғаш рет «Ленин таулары» өлеңдер топтамасы Мәскеу Мемлекеттік университетіақындарының өлеңдері» (Мәскеу, 1977) ұжымдық жинағында басылды. Өлеңдері мерзімдік басылымдар «Комсомольская правда», «Жастар», «Московский комсомолец», «Простор» журналдарында жарық көрсе, алғашқы жеке жинағы 1984 жылы Америкада жарық көрді.
1970 жылдардың басында Бақыт Кенжеев «Москва уақыты» поэзиялық тобының негізін қалаушылардың бірі болды. Ол бұл бағытта ақындар Алексей Цветков, Александр Сопровский, Сергей Гандлевскийлермен бірге жүреді. Жүріс ортасын өзі таңдайды, одан жаңылыспайды. Бірақ бұл ортада да қызғаншақтар өріп жүреді. Ара-араларында өз мүмкіндіктерінің шекарасынан шығуға, қолынан не келіп, не келмейтінін білуге талпыныс жасамайтындар да болады.
1980 жылы Бақыт канадалық Лаураға үйленіп, 1982 жылы Канадаға қоныс аударады, ал 2008 жылы АҚШ-қа (Нью-Йорк) көшті. Бұл Кенжеевтің Ресейдегі оқырмандарымен және әріптестерімен кездесулеріне кедергі болған жоқ, оның кітаптарын шығару негізінен ресейлік баспаларда жүзеге асырылды.
Ресейлік ПЕН-клубтың мүшесі. Дебют сыйлығының (2000) қазылар алқасының мүшесі, «Ақ тырна» түркі поэзиясы аудармаларының халықаралық байқауының (2011), Ресей сыйлығының, Әлем кубогының, Волошин атындағы байқаудың қазылар алқасының мүшесі болды.
Шығармалары қазақ, ағылшын, француз, неміс, испан, голланд, итальян, украин, қытай және швед тілдеріне аударылған.
Адам өзі сүйген нәрсе үшін бәріне еңбектеп жететіні анық. Осы жолда ақын поэзия алқабында жер жыртушы да, егінші де, комбайыншы да болудан тартынбады. Талай мәрте жандүниесі қиналса да, осы жолда тас шабуға дейін білегін сыбанып дайын тұрды. Оған көп оқығаны да себеп болды. Мұндайда ақын бір адамға ғана жүгінді. Осыдан бір жарым ғасыр бұрын «Мадам Бавариді» жазу үстіндегі өзінің жан қиналысын Г. Флобер былай жазған болатын. «Ызадан жарылардай болып отырмын. Қаламым тіпті жүрмей-ақ, қойды, бейнебір тас шауып жатқан адамдай азап шектім. Тіпті менің жер тепкілеп, әлем-тапырық болып еңіреп жылағым келеді. Мұндай азапқа тек құдіреттің өзі ғана шыдайтын шығар. Ал мен бар болғаны адаммын ғой. Өзіңді осыншама азапқа салу деген не деген ақымақтық. Ой өнер-ай, жандүниеңді осыншама азапқа салуға бола ма!?». Міне, ақынның шын сыры осында. Сол өлмес дүние Бақытты да сан мәрте жегідей жеген сияқты.
«Жоқ, құс аулаушының қолы тамағыңды осып тұрып, сыбдырлағанша – мен, мөлдір шырақтар арқылы, іштей сөйлеп, күліп, жылап, бақылап, ақымақ ақ бұлттардың қасында елес беремін. Аспанда Моцарт жоқ, сұңқар да жоқ. Бірақ үкінің тың тыңдайтын тылсым түнінде қайта тірілген небір ғажайып нота қарлығаш жанын таң атқанша жұбататынын сезетінмін!» Міне, бұл жан азабы.
Оның қараңғы түнде адамның табиғатпен ым-жыртсыз үндесуі туралы жазғанына бір үңіліп көрейікші:
«Мен тән мен жанның айырмашылығын көрмеймін, бірақ біреуінің өлетінін, екіншісінің кететінін, үшіншісінің қалғып ұйықтайтынын білемін. Мұндайда кімнің ән айту керектігін де сеземін, тіпті қарғаның қауырсынын қағып,көзін ілмей айға қарап, отыратынын да сан мәрте көргенмін…». Ғажап, оны жазған ақын кім еді?
Көзі тірісінде Ресей әдебиетін дүр сілкіндірген ақын Бақыт Шұқыроллаұлы Кенжеев – 1950 жылы 2 тамызда Шымкент қаласында зиялылар отбасында дүниеге келген. Әкесі Шұқыролла ағылшын тілінің мұғалімі болатын, ал анасы Елена Карасева кітапханашы еді. Бақыт үш жасында ата-анасымен Мәскеуге қоныс аударады. Ақынның өз естелігі бойынша қоныс аудару туралы шешім әкесі үшін өте ауыр болған көрінеді.
Су өзі ағатын топырақтың қасиетін өзіне жұттырып, ащы немесе тұщы болуы мүмкін, ал адамның өзі дүниеге келген ортаға байланысты жағымды не жағымсыз қасиеттері болады. Біреулер игі ниетті аспан астында туғандықтан да басқаларға қарағанда Отанына көбірек қарыздар. Әрбір адамға, тіпті ол білімдар өнегелі болса да, көзге көрінбейтін қайсібір табиғи кемшілік бәріне тән.
Ақынның әкесі керемет адам болса да, өмірі қуғында өткен. Өзінің де тағдыры әке тағдырына ұқсап қуғында өткен. Мынаны қараңыз, Шұқыролла шетелдік бикешпен бас қосса, Бақыт та шетелдікпен некесін қидырған. Шымкентте мұсылмандық мәдениет бесігінде өскен ол, араб тілін жақсы меңгерген еді. Ол бүкіл саналы өмірін Мәскеуде өткізді. Оның туған жерден жырақта жүріп, өз өлең төсегінде өсіп-өнбегені оған өте қиын соққан.Ол қазақтың еркін даласында көсіліп жүре алмады.
Тағдырдың тосыннан беретін сан түрлі қатпарлы жолында сүрінбей өту жер бетінде өмір сүріп жүрген әр пенденің арман мақсаты. Толыққанды отбасында дүниеге келу, ата-анаға еркелеп өсу, жоғарғы оқу орнын бітіріп, белді қызметке жұмысқа тұру ол да бір бақыт. Сүйгеніңді жолықтырып, отбасын құру бұл – өмірдің біз өзіміз ойлап алған қалыпты қалауы. Бір өкініштісі, бұл өмірде барлығына бірдей бұйыра бермейтіндігі. Әттең, өз қалауыңмен өмір сүру бола берген бе?! Өмірде көптеген белгілі адамдардың көпшілігінің өмірі өксумен өткені белгілі.
Америка әдебиетінің классигі Эрнест Хемингуей «Жақсы қаламгер болу үшін бақытсыз балалық керек», деген әйгілі сөзі Бақыттың өмірімен үндесетін сияқты. Олай дейтініміз– Бақыт аяғын апыл-ғұпыл баспай-ақ, әке мейірімін көрмей, анасының қамқорында қалып, кедейліктің ащы қамыты мойнына түскен іспетті. Сол тұста-ақ, оны қайғының қатты соққысы қабырғасын қайыстырып жіберген сияқты да тұрады. Күтпеген жерден басталып, күтпеген жерден аяқталып жататын оның бет-бейнесінен мына әлемдегі жалғыз жұмбақ жанды көресің. Ол қандай мұң, әрине, енді біз оны көре алмаймыз.
Дәрігер психолог, логотерапия ілімінің негізін салушы Франкл: «Өмірдің бар мақсаты – адамды жануардан ерекшелеп қана қоймайды, ол сонымен қатар, қиын кездерде алға жетелейді. Өмірдің мақсаты – жанның рахат табуын іздеу емес, сүйікті ісіңізбен айналысу және мәнді ғұмыр кешу», дейді. Жамандық көрген адам өзгеге жамандық көрсетуге қақы жоқ. Сол іспетті ақын өз бойындағы адамгершілікті жоғалтпастан, айналасына тек жақсылық жасауға ұмтылып, мейірімін шашуға дайын тұрады. Балалық шақтан сіңген бұл эмоционалды фон ақынның дүниетанымын ішінара қалыптастырса керек.
Тағдыр оны періште кезінен жағалауға апарып тастады. Туғанның да, шынайы достың да кім екенін білмей өсті. Табаны құмға күймей өскен тірі жетімек, көрінгенннен рахым күтетіні баршаға аян.
«Мені үш жасымда туған жерім Қазақстаннан жыраққа алып кетті. Мен қалың қайнаған орыс қазанында пісіп-жетілдім. Балалығым Мәскеуде өтті, сондықтан мен өзімді орыс ақынымын, деп есептеймін. Анам орыс қызы, әкем қазақ. Демек, мен қазақпын» деуден аспайды. Ол ақын қазақ болудан қашпаған. Онысын жоғары полифанияда айтқан. Оның бар білетіні осы ғана. Сол қазақ баласы ныспысын өзгертіп, Борис Карасев болып кетуі де мүмкін еді. Бірақ оның жаны оны қаламаған… Алғашқыда тілі қазақшашықса да, кейін орыс тіліне ауысқан. Әйтсе де, орыс тіліне ұзақ уақыт алыстан қарайтынын да жасырмаған.
Алғашында Бақыт ақын боламын деп ойламапты. Мәскеу Мемлекеттік университетінің химия факультетін ойдағыдай бітіріп, мамандығы бойынша аспирантураға түсіп, өзінің альма-матерінде коллоидтық химия кафедрасында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Бірақ сол кездің өзінде ол өлең жаза бастайды. Жетпісінші жылдардың басында Алексей Цветков, Сергей Гандлевский және Александр Сопровскиймен бірге Кенжеев «Мәскеу уақыты» поэзиялық тобын құрады. Осыдан кейін оның ақыл-есін поэзия шырмап алады. Поэзияның бір тамшы мөлдір суы оның жан-дүниесін билеп, сол биден шыға алмастай мас қылады.
Оның ақындық полифониясының кеңдігі, клишесінің жарқын мөлдірлігі Ресей ақындарын таңқалдырады. Жалпы, Бақыт Кенжеевтің қолтаңбасы тілінің құнарлығымен, сөз саптау ерекшелігімен ерекшеленеді. Ақынның өлеңді дамыту динамикасы мен сюжет құрудағы стилі сонылығымен, кейіпкер сомдаудағы таным тереңдігімен айрықша есте қалады. Ақынның өзі алып отырған объектіні суреттеудегі көзқарасы өзінше бір жұмбақ әлем. Ал өзі – кілті әлі табылмаған оқшау әлем, түпсіз терең тұңғиық. Ақын поэзиясындағы ойшылдық поэзиясы ғылым тілі екенін байқайсың ақын берісі қазаққа, арысы адамзатқа керекті философияны ұлы адамзаттық санамен сараптайды. Ақынныңжанды да, жансыз заттың бәрінен сыр бағуының жайы зерттеушілерді бейжай қалдырмайды.
Оның алғашқы поэтикалық шығармасы 1977 жылы «Ленин таулары» Мәскеу Мемлекеттік университеті ақындарының ұжымдық өлеңдер жинағындағы шығармасын сынағандар оны «жаппай бейіттер колоннасы» деп келекелеп,арада жеккөрініштілік туғызады. Бірақ оны қабылдамағандар да болады. Пікір екіге бөлінеді. Екі пікір, екі азаматтық, екі жоғары білім, екі неке, қарап тұрсаң, қызық! Бірақ өз алдына мүмкіндіктерінің шегін ұмытпайтындар алдына үлкен мақсат қояды. Ол осы оркестрде басты орындаушыға айналады.
Біздің өмірімізді өзгертетін жағдайдың бәрі кездейсоқтық емес. Оның бәрі біздің өзімізде және әрекет ету үшін ғана тек сыртқы себеп. Иә, оның өмірі де қызықты өріледі. Ақын Канада азаматы Лаура Берахаға үйленеді. Ол туралы өзі былай дейді:
«Лорочка… Мәскеуде стажер болды. Ал мен қатты бауыр басып, оған еріп белгісіз бағытқа кеткім келді. Бұған дейін де түрлі шетелдік қыздармен дос болған тәжірибем де болатын… Иә, иә, біз жай ғана дос болып қалмағанымызды, күндердің бір күні оған аздап ғашық болып қалғанымды сездім. Лорочка, маған ақымақ болма, деп ескерткен де болды. «Бақытжан-ау, сенің менімен бірге кеткің келетінін көріп тұрмын. Өтінемін, мен саған сүймей-ақ, тұрмысқа шығуға дайынмын, иә, мен сені алып кетемін, сонда сен бақытты эмигрант боламысың? Мен оған: «Лора, мен сені қалай да жақсы көріп кетемін, бұл шынайы немесе мүлдем… Біз бір-бірімізді бақытты түрде жақсы көретін боламыз.Кейін мен: «Лорочка, сен маған тұрмысқа шығуды қалайсың ба?» — деймін… Біз бірге барып, АХАЖ-ға құжаттарымызды тапсырдық, үш ай күттік, — ақыры, заңды некемізді тіркеттік. Осы күндері мен оған өмірімдегі ең жақсы сөздерімді айтқан болдым. Мәскеуде менің оған махаббат үшін емес, шетелге кету үшін үйленгенім туралы сыпсың өсектер тарап кетті. Ешкім өз өмірінде мұны айта алмас еді. Сол бір күндері мен оған ешқайда кетпейміз, біз Мәскеуде тұрамыз, деп өз ойымды айттым. Иә, мұнда саған жұмыс табамыз, мүмкін нашар өмір сүрерміз, бірақ адал өмір сүреміз, деп ішкі ойымды ақтарып салдым. Осы көңілім арқылы мен оған өзімнің шетелдік төлқұжат үшін емес, махаббат үшін үйленетінімді білдірдім»…
Бірақ ол бұл сөзіме сенбестік танытты. Түрлі әңгімелер тарап кетті. Осыдан соң коммунистік билік Бақыт Кенжеевке Мәскеуде ұзақ тұруға рұқсат бермеді. Оның алдында екі таңдау тұрды. Ол КГБ-ға шақырылып, оның алдына таңдау жасау үкімі тасталды.
– Қауіпсіздік қызметі оған Батысты немесе Шығысты таңдауды ұсынды. Ақын көп ойланбастан, Канаданы таңдады. Ақын Канада елінде ширек ғасыр өмір сүрді. 2008 жылы ол АҚШ-қа қоныс аударды. Алайда, бұл шешім оған өте қиын болды ол туралы кейін өзі былай деді:
«–Жаратқан ием, мені жер аударып жіберу арқылы қатыгездікпен кек алды. Күрек, күрек дейміз, бұл эмиграция емес, шын мәніндегі жер аудару болды… Көшіп кету адам жанына қашанда жарақат салады. Қанша жерден тіл білсең де, адамды 10 жылға артқа ысырып тастайды. Біріншіден, Сіз барлық достарыңызды жоғалтасыз. Қазір бұл жарақат әлдеқайда жеңіл, өйткені шекара екі жаққа да ашық, скайп бар, интернет бар. Бірақ бұл шешім адамдар ойлағаннан әлдеқайда маңызды».
Батыста – АҚШ-та, «Ардис» баспасында 1984 жылы ақынның «Таңдамалы лирика» атты тұңғыш поэзиялық шықты. Одан кейін де бірнеше кітабы жарық көрді. Шығармалары орыс тілінде басылып, кейін қазақ, украин, ағылшын, француз, неміс, испан, голланд, итальян, қытай, швед тілдеріне аударылды.
Бақыт шығармаларынан едәуір қаламақы тауып, күнкөрісін жасады. Ақын араға уақыт салып ол туралы: «Мен 1990-2000 жылдар аралығында ХВҚ-да бір жылдай аудармашы болып жұмыс істедім. Сол жылдары Ресейді жоюға бағытталған әлемнің жетекші елдерінің айла-тәсілдеріне қанықтым. Поэзиядан жақсы ақша тапқан18-ші ғасырдың соңғы адамы Пушкин болды. Алайда оның Александр Смирдин деген ессіз кітап шығарушысы болды. Ол атақты ақынға, ессіз қаламақы төлеп, түбі оны бұзып тынды», дейді.
Ізгілікті өмірдің ережелерін бұзатындар аса қауіпті. Олардан барынша сақ болған абзал. Жаман атақпен өмір сүруден жеңіл, себебі жақсы атақты сақтау қиын, сондықтан үнемі жоғары денгейде болуға тырысу керек. Ол үшін өзіңді сақтай білсең сол жеткілікті. Ақын осы орайда, ұзақ уақыттар бойы «кім күшті?» деген атақпен таласып келген екі ақынның үлкен дихотомиясы туралы ой өрбітуден қашпайды. Иә, кім күшті? Пастернак па Мандельштам ба? Осип Эмильевич (Манделштам) сөзсіз жеңіске жетті, өйткені оның әзіл сезімі болды, ал Пастернакта ол болмады.
«Бір тістем ірімшік қосылған шелпек үшін ән айтатын соқыр қайыршылар бар. Нағыз ақын-жазушылар «эстрадаға» қарағанда нағыз атақ пен байлыққа ие болған кездер дерлік болған емес. Бұл әрқашан жалғыз әрекет болар еді. «Мәңгілік үшін жазу» әсем естіледі, бірақ ол әрине, олай емес. Кез келген қалыпты жазушы мәңгілік немесе Құдай үшін жаратылуға ұмтылады, бұл анық нәрсе. Бірақ оқырманның талғамы да өте маңызды, өйткені автор онымен осы тақырып бойынша өз ойын бөліскісі келеді. Поэзия неліктен жылтырақ мәнге ие? Оның ішкі мәнінде сұлулық, махаббат, мейірімділік сияқты нәрселерді өліммен және азаппен үйлестіру жатыр. Оларды ортақ үйлесімге келтіру керек».
Ақынның бұл пікірінен өмірдің мақсаты туралы мәселені басқалардың бәрінен де жедел шешілуі тиіс мәселе деп есептегені байқалады.
Бар мәселе қас-қағым сәтте. Өмірді айқындайтын да сол. Оның өлімінен бірнеше күн бұрын, 2024 жылы 18 маусымда жарық көрген соңғы шығармасы «Оба тынысында» прозалық және әдеби-философиялық тол-ғаулар кітабы болды. Сондай-ақ, бірнеше күн бұрын 2022-2024 жылдар аралығындағы өлеңдерді қамтитын «Пандораның ұзын қорабы» атты кітабы қоғамдық ортада талқыға түсті.
Өтіріктің гүлі жарқырап жайылған тұста тірі өлім бейбіт түрде салтанат құрады. Ақын оны көре алмай кетті. Ол соңғы рет туған топырағына 2019 жылдары келіп кетті. Ол туралы шағын ғана мақалалар жазылған болды. Өмір жолында кері оралу мүмкін емес. Біз өтетін уақыттың әлсіз көпірі әрбір адымымызбен бата берді. «Өлінің қабірін біл,жақсының қадірін біл» дейді. Бірақ жақсының қадірін кім білген? Білсек, сонау Америка топырағында дүние салған қазақ ақынына туған жерінде дұға ету дастарханы жайылып, Құран бағышталуы керек еді. Ол ескерілмеді. Высоцкийдің: «Өлім – өте күшті адамды көздейді, бірақ оларды бір-бірлеп сындырады» деген сөзі бар. Ол жарты жолда сынып кетті. Бақыт Кенжеев 2024 жылы 25 маусымнан 26 маусымға қараған түні Нью-Йорктегі Ленокс Хилл ауруханасында бір ай жансақтау бөлімінде жатып дүние салды. Ақынның сүйегі Нью-Йорктің Бруклин ауданындағы Грин-Вуд зиратына қойылды