«Атымтай жомарттағы» адам болмысының дәріптелуі

айман айтбаева-1

Айман Айтбаева,
ф.ғ.к. Қауымдастырылған профессор.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

 

Қарасақал Ерімбет шайыр  – 175

Сарас сөздің сарбазы, киелі сөздің иесі, назымның нағыз шебері, айтыстың абаданы атанған Ерімбет шайыр дастан жазудың да дүлейі болған. Ол туған халқының бай ауыз әдебиетінен керегінше сусындаған, шығыстың классикалық әдебиетінен нәр ала отырып, артында «Ақтам сахаба», «Сәдуақас сақи», «Әбу Шашма», «Дариха мен Әлидің күресі», «Хазірет Ғали мен Дариха қыз», «Әбдіманап», «Атымтай жомарт» атты шытырман оқиғалы, кезек ұйқаспен төгіліп тұратын хисса-дастандар қалдырды. «Атымтай жомарт» ақын дастандарының ішіндегі шоқтығы биік шығармаларының бірі.

Дастан М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының құрастыруымен 1990 жылы алғаш рет «Жазушы» баспасынан шыққан «Дастандар» атты жинаққа енген. Жинақтың алғы сөзін жазған ф.ғ.д. Бақытжан Уәлиқызы Әзібаева: «Қолда бар барлық нұсқаларды сұрыптай отырып, осы жинаққа бұрын еш жерде жарияланбаған Ерімбет Көлдекбекұлының дастанын қостық. Бұл нұсқа шағын болғанымен Атымтай жомарттың дүние жүзіне тарап кеткен жомарттығын, адамгершілігін, азаматтығын, адалдығын, рухани дүниесінің кеңдігін дәріптейтін, шын өмірде болған Атымтайдың басынан өтті деген үш оқиғаға негізделген»[1], –деп көрсеткен.

Ерімбет ақын дастандары арқылы Сыр өңіріндегі әдебиет дәстүрі, әдеби дамудың ішкі-сыртқы жай-жапсарлары, әдеби процестегі тақырыптық түрленулер мен жанрлық жаңарулар сырының беті ашыла түседі. Атымтай өмірде болған, тарихи тұлға. Шығыстанушы ғалымдар зерттеулері бойынша: «VI ғасырда өмір сүрген деген жорамал бар. Түп-төркіні арабтың Тай тайпасының ақыны Хатим ибн Абдаллахқа (Хатим-Тай) саяды. Жомарт болуымен қатар, батыр болған. Халық Атымтайдың жомарттығын ниет жомарттық деп, туабітті қасиетке балаған, өйткені, Атымтайдың жомарттығы нәресте кезінен нышан берген: алдымен емшектесі тоймай, өзі емшек ембейтін болған. Сол себепті, қазақ халқында Атымтайдың жомарттығын ниет жомарттық десе, Қасым жомарттың мырзалығын дүние жомарттық деп бағалаған»[2].

Тарихи дерек көздеріне сүйенсек Хакимтай ислам діні кірмей тұрып дүниеден озады. Бірақ қызы Сәфәнә мен ұлы Адиге мұсылман болу бақыты бұйырады. Қызы әкесі сияқты өте жомарт адам болған. Хакимтай туралы әлем әдебиетінде қаншама дастандар жазылды. Бірақ Хакимтай туралы жазылған дастандардың барлығы тарихи дастан емес. Оның есімін аңызға айналдырып, әлемге кең тарауына басты себеп болған Хакимтайдың ерен жомарттығы, керемет пәк жүректілігі. Бұл аңыз туралы түрікмен ғалымы М.А.Сокали «Шығыс эпосы ғана емес, әлем фольклорында да оған қайырымдылығы мен рухани жомарттығы жағынан тең келетін ешкім жоқ. Сондықтан Атымтай жомарт жайын баяндайтын барлық нұсқадағы шығармаларды ғажайып хикаялық дастан деген орынды» [3 ].   \

XIX ғасырдың аяғындағы Сыр өңіріндегі әдебиеттің әр саласының жанр ретінде қалыптасуында Ерімбет ақынның «Атымтай жомарт» дастанының да өзіндік сипаты бар. Ел аузында ертеден айтылып келе жатқан дін, жаратылыс құпиялары, жаратушы құдай, пайғамбарлар т.б жөніндегі ертегілерді, аңыз- әңгімелерді қиссаға, дастанға айналдыру қазақ әдебиеті тәжірибесінде XIX ғасырдың орта тұсында басталса, оның басында Базар жырау, Ерімбет ақындар тұрды.

«Атымтай жомарт» дастанының идеясы адамдықты, сақилықты дәріптеу. Атымтайдың жомарт образы қазақ халқының салт-дәстүріне, ерекше қонақжайлығына, адалдығына етене сәйкес келіп, оны ел-жұртымыз өз перзентіндей Атымтай, Әкімтай деп атап кеткен. Ерімбет шайыр да шығыс әдебиетінде бұрыннан бар осы сюжетті таңдап алып, оны өз халқының әдет-ғұрпына бейімдеп жаңа туынды жазған. Біріншіден, дастанның қай жылы жазылғандығы туралы:

Ғайсаға бір мың сегіз жүз тоқсан тоғыз,

Қауыста, бітіп еді, қатарда мұз.

Тарихқа бір мың үш жүз он жеті еді,

Айы еді шаһыбаның, жылы доңыз.

Крайдың Сырдариясы, қазалылық,

«Қалыңбас», сегізінші ауыл қазағымыз! [4]

Осы шумақта екі дерек бар. Оның біріншісі Ерімбет бұл шығармасын – 49 жасында, яғни дастанның жазылған уақыты (1899 жыл), өзінің Сырдария өлкесі, Қазалылық (көбіне ақынды Аралдық деушілер көп), «Қалыңбас» деген ауылдың адамы екендігі. «Атымтай жомарт» дастанының мазмұны бір ғана тақырыпты жырлайтындықтан, оқиғасы шымыр, жүйелі баяндалады. Қай заманда да патшалар қазына, байлықтың иесі, мемлекет басшысы болған соң, өздерінен басқа жомарт жан, сақи адам болмайды, барша халық өзіне ғана назар аударып, өзіне ғана тәуелді болуы, өзі ғана сый-құрметке, алғысқа бөленуі керек деп ойлаған. Дастанда ақын бұл ойдан адам баласын мүлдем аулақ болуға шақырады. Дастан мазмұнына талдау жасай келе: «Жомарт болу үшін бай адам болу міндетті емес, егер кедей адам болса, онда ол садақаны ханзадалардан да көп берер еді», – деген ағылшын философы Карл Уэлистің сөзін еске алуға тура келеді.

Жомарттық – Алла тағалаға тән ұлық есімдердің бірі. Ол адам баласы игілігіне не нәрсені де сұратпай-ақ берген. Абайша айтқанда: «Көптің қамын әуелде Тәңірі ойлаған». Адамға керектінің бәрін өзі берген. Алла тағаланың жердегі жомарт құлдары да қашан да аз болмаған. Сүрінгенін тұрғызып, жылағанын жұбатып, аштың қарның тойдырған. Алла тағаланың ең сүйікті құлы Мұхаммед пайғамбарымыздың жомарттығы жайында, ол алуды емес, беруді ұнатқанын, хадистерінің бірінде: Алаған қолдан, береген қол жоғары тұратындығын «Ақтам сахаба», «Сәдуақас сақи» дастандарында Ерімбет шайыр сақилықты үлгі етіп, үнемі жомарт болуға шақырады.

«Атымтай жомарттың» оқиға желісі Йемен патшалығында өмір сүрген Атымтай деген жомарт жанның басына қалайша қауіп-қатер төнгенінен басталады. Автор баяндауында сақилықта оған жеткен батыр да, бай да, бек те тең келмеген. Күндегендер де өте көп болған. Оның сақилығын естіген патшалар қысым етеді. Алладан: «Күншілдердің күңкілінен, залымдардың қатыгездігінен құтқара көр!», – деп жалбарынады. Қастық ойластырушы үш патша: Шам патшасы, Рум патшасы, Иемендегі – өз патшасы. Шам патшасы жаман ой ойлап, Атымтайдан қара көзді, қызыл түкті 100 нар берсін, – деп нама хат жібереді. Патша тілегін орындап, елшілерін қайтарады. Патша ұялып, достыққа шақырады. Екінші Рум патшасы елшілерін жіберіп, жорға тұлпарын сұратады. Олар келгенде алдарына қоярға ас болмай қалады. Жомарттық – қазақтың төл мінезі. Қонаққа жалғыз атын сойып беріп, ертесі жүгенін ұстап отыра беретін мінезі жайлы оқиға дастанда шынайы берілген. Елшілер бір апта жатады, кетерінде тұлпарды сұрайды. Патша жазған наманы кеш оқығанын айтып, аттың басын, төрт аяғын көрсетеді. Қаптағы затты патшаға алып барады. Рум патшасы да ісінен ұялып, достыққа шақырады.

Үшінші Йемен патшасы сақиды өлтіруге өзінің қанды қол адамын жібереді. Ол адам жолда адасады. Құс салған бір жігітке жолығады. Ол жігіт «күн ашылсын» деп аулына алып барады. Үш күн, үш түн қонақ етеді. Жолаушы мақсаты – бас кеспек, өз мақсаты ойынан шықпайды. Жолаушымен жөн сұрасады. Ол өзінің Атымтай екенін айтады. Патша шабарманы жомарт жігітті өлтіруге келгенін мойындайды. «Сенің тілегіңді орындауға әзірмін», – деп басын тосады. Жолаушы жігіт Атымтайдың басын кеспейді. Оның басымды ал да, патшаң беретін қазынаңа ие бол деп жылағанын патшаға еш сөз қоспай жеткізеді. Патша қатты риза болады. Дастанда ақын біреу үшін жанын да аямайтын жомарт жүрек азаматтың толымды бейнесін ашқан. Шығарманы оқи отырып Атымтайға іштей жаның ашып, онымен бірге қиналып, аман қалуына тілектес боласың. Бұл ақынның көркем туынды жазудағы өзіндік шеберлігін танытады.

Атымтай өмірден өтті, орнына інісі мен «Сақи» боламын деді.

Дүниені аямай шашты. Бір күні бір адам төрт еседей қымбат зат сұрайды. Сақи: «Бұл әдетті қой», – деп бермей қояды. Бұл періште болатын. Анасы кіші ұлына айтады: Атымтай ұсынбасам емшек ембеген, қонақсыз ас су ішпеген, сұраусыз біреу малын алса, көзіне де ілмеді, сый береді, бірақ адам таңдамады, қайырымдылық жасаудан қолы босамады, казаны оттан түспеді, барша жұртқа бірдей көзбен қарады, тәрк етіп, бес парызды мал жинамады, кейісем: «Ризамын өлтірсең де», – деп тұратын. Сен сақи бола алмайсың, – дейді. Автор одан ары жомарттық пен сараңдыққа адамгершілік тұрғысынан салыстыра сараңдарға мінездеме береді:

  • көңілі сараңдардың қара тастай,

– тәрк етіп, бес намазды ішпей-жемей мал жинаған

– сараңдар саулығында сал көрінер,

  • Харуннан ат қалды ма абыройлы?

Өлген соң қырық мың сомды тәрк еткенше,

Тіріңде өз қолыңмен бір тиын бер!

Дастан соңында: Тумақ бар әр пендеге, өлім дайын,

Өлімнің кім білмейді мәні-жайын?!

Тірлікте ер-азамат сақилық қыл.

Көзде тұт ғаріптердің хал-жағдайын,

Мал жинап, ішіп-жемей өткендер көп .

Тірлікте абыройын ойламаған[4.,116], – деп тыңдарманына ой тастайды.

Шын сақи қолда барын аямаған,

Қайыр бер қапы қалма халайықтар.

Салынған сақи үшін сегіз пейіш,

Салынған кімдер үшін сегіз тозақ,

«Сақилық бардың ісі» деушілер көп,

Сақиға қолда жоғы ешнәрсе емес,

Үш патша Атымтайды сынаса да,

Болмады ақырында еңбегі еш [4.,124], – деп дастан аяқталады. Қорыта келгенде, Ерімбет шайырдың дастандарының өзегі – тек қана адамгершілік, сақилық, имандылық, адамдық. Оқырмандарына осындай асыл қасиеттерді бойына дарыту.

Айтса сөзін, еміренткен,

Үлкен-кішіні еңіреткен.

Қарасақал Ерімбет –

Тайы жоқ шайыр бұл да өткен [5.,19], – деп Тұрмағанбет ақын оның

ақындық қуатына зор баға берген.

Қорыта келгенде, шашасына шаң жұқтырмаған Ермұхаммед Көлдейбекұлы адалдық пен сақилықты, батырлық пен ғашықтықты, имандылық пен ізгілікке үйретер ислам дінін ғұмыр бойы жырлаған. Жомарттық жасаудан, жаны жаралы жандарға көмек беруден алшақ тұрмайық. Жомарт адам – жұмаққа жақын, тозақтан алыс. Сараң адам –халықтан, Алла тағаладан алыс, бірақ тозаққа жақын. Осыны ұмытпайық!

 

Әдебиеттер:

  1. Еңсегенұлы Т.Сыр бойы ақын-жыраулары. – Алматы, 2000.
  2. Жүсіпов Б. «Жыр дария». – Алматы, 2016.-316 б.
  3. «Сыр сүлейлері».Мәдени мұра. – Қызылорда, 2006.
  4. Көлдейбекұлы Е. «Ұлағат сөзім ұрпаққа». – Алматы, 1995.
  5. Ізтілеуов Т. «Назым» өлеңдер жинағы. – Алматы, 1982. 196.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *