МАРЖАНСӨЗГЕ МОНШАҚ ТАҚҚАН ЭСТЕТ АҚЫН

Молдахан АБДРАЕВ,
тележурналист, ғалым-педагог
Туған жер, ата жұртын ұлықтаған,
Тарайды өскен елден жақұт дастан.
Қасиеті кіндік қаны сіңіп, тамған,
Өлеңсөзден басқаға құнықпаған,-дегендей танымал ақын Бауыржан Жақыптың өлеңдер жинағына шолу.
Бауыржан Жақып
Ақындық деген бір алапат сүрлеу. Адамның ішкі драмалық толқынысын тудырып, талғам шебрлігі тасқынға ұласып, ұлтарақтай аралды ұлытауға, өзен, көл мен көгілдір аспанды аялап,жан баласын табиғаттың тамаша сұлу келбетінен сыр әлеміне әлпештеп алып кіреді. Дүниенің жаңғырығы, тосын сурет пен әсем пейзаж, балауса мінез бен балғын қызғалдақтар өлеңсөздің шымылдығын ашып, өмірдің шырайына келісті көрік пен әсемдік төгіп, сезім қылын тербейді. Бұл поэзиялық руханият кімнің де болсын ішкі жан дүниесіне әралуан нәзіктік құйып, ләззәт пен қайталанбас мінездік қасиет тудырары анық.
Бауыржанның өлеңдеріндегі сондай әсерлі толғаныстар, поэтикалық көркем эстетикалық бояулар мен баяндаулары өте ұнамды қадамдарретінде өмір шындығымен өрілген. Жастықтың отауында қыр мен көктің қоршауында шалқыған шабыт пен шалқар көңілдің алауына малынып, арман мен асқар биіктерге аласұра ұмтылған бала жүректің лүпілі,Баукең сынды шын ақынның үмітіне үкі тағып, асқар шыңдарға жетеледі. Бала кезден, балаң сезімдердің құшағына оранып, өмірдің өзіне, тұрмыстың өңіне терең үңіле білген Баукең; «Ақсақалдарды аңсау» өлеңінде;
«Дастарқан қып жусанды қырқа басын,
Қырқа басын – ауылдың сырханасын,
Ақсақалдар айта кеп елдің жайын,
Бір таласқа жалғайды бір таласын.»,- десе енді бірде;
«Түсіме енсе жас күнгі сарсаңдарым,
Сол әңгіме, сол дала, сол шалдарым,
Баяғыша отырып сырханада.
Баяғыша келеді алшаңдағым»,- деп алыста қалған, ұзап кеткен қайталанбас күндерін бүгінгі асқақ мерейлі күндеріне байлайды.Болашақтың бағалы сәттеріне өріс берген өнегелі қарт кісілердің кішілік мінездерімен өзінің алаңсыз өмірін сабақтастырып, ақиқаттың пердесін ашады.Сағыныш та, саялы ой, салиқалы, мөлдір сый құрмет те бар. Өзінің ақындық соқпағына білтеленген жарық шамның сәулесі боп шашылған қариялардың үлгі қасиеттері мен желеу болған жігер күштерін, демеу болған харекет істерін ертеңгі күндерінің қуанышына теліп, ерке қылық танытады. «Рахмет дария қарияларым»,-деген ризашылық тілек те жасырынып, сығалап тұрғандай.
«Жеткізді мақсатыма аңсағанда,
Айтқанмен алғысымды тауса алам ба!»,-деп Әлішер Науаи айтқандай разылығы мен риясыз көңіл мархаббатын жырымен жауһарлап тұрғандай.
Өзінің туған ел жұртына, өскен өлкесі мен қасиетті кіндік кескен мекеніне поэзиялық жыр толқындарымен күмбез тұрғызып, күмбір қақтырады.
«Қарағаш сайы» өлеңінде;
Пах шіркін дәурен;
«Ойнақ салған үстінде алашаның,
Қайда менің бал шағым, бала шағым?
Қайда торы ат, ақ арба, күміс шалғы,
Сен қайдасың, нар шалым, қара шалым?»- дейді.
Адам кешегі күндерімен өмір сүреді. Ол бір дәуренді шақ, дүбірлі уақыт безбені. Ал, жан баласының ғұмыры қымбат құбылыс.Табиғи қозғалыстар, тамылжыған дала тынысы, адамдардың үні мен сайраған құстар, ескен самал, көшкен бұлттар, жауған жаңбыр мен ашық аспан, жамыраған жұлдыздар бәрі, бәрі биосфералық ғалам кеңістігін кернеген тіршіліктің көзі. Ең күрделісі – адам, оның тірлігі мен тағдыры. Дәурен көшеді, уақыт өтеді, ал ақынның өмірі сол өткен күндердің қазынасын жиып, теріп ертеңгі ел кәдесіне, болашақтың рухани қамбатына айналдырады. Ол өнер – сөз, ән, дуыс, дыбыс пен әуен, бірақ, оның бәрі алғашында адамның ішкі монологтық әрекеті. Ақынның ерекшелігі де сол ішкітолғаныс,тебіреніс сипатындағы ырғақтың әсерлі, мазмұнды, ынтықтырушы қуатында.
Мәселен, Бауыржан ақынның мына өлең шумақтарын қайталап оқи бергің келеді.
«Еліккөрген»;
«Есімде Алатаудың бөктерінде,
Қиқулап құстар ұшып жеткенінде,
Өндірдей өңкей ақын көкке шықтық,
Көгілдір Алматының көктемінде»,-деп жастықтың лебімен шабыттанса, енді бірде;
«…Біресе Сәкен болып сыр ашамыз,
Біресе Бейімбет боп қыр асамыз.
Өзендей өзеуреген екіленіп,
Екпіндеп Ілиясқа ұласамыз»,-деп қыр астындағы сонау жылдардың қалың орманын араласа, бірде;
«Еліктеп Мұқағали, Қасымға біз,
Балаймыз өзімізді жасынға біз.
Төлеген, Жұмекен боп толғанамыз,
Жап жасыл қалың ағаш қасында біз»,-деп жұмбақ аралдың жұмағына кіріп кетеді.
Ақын үшін шабыт – ой мен сана бірлігіндегі рухани болмыстың зердекөркемдігін аша түседі. Алаулап жанып тұрған ай күміс нұр, бейкүнә жарқын жүз, ағыл тегілтөгілген жыр, кезек, кезек кестеленіптүседі де,
«Қашанда жас толқынға сеніп келген,
Біздегі ақ сезімге ерік берген,
Біздерді жырға баулып, жолға салған,
Фариза апам еді Еліккөрген»,- деген жолдармен тізгінге ерік берген Бауыржанның баритон дауысы құлағыңа жетіп, құмарыңды қандырғандай ақ.
Осы өлеңдерін ақын Баукеңнің өзі оқығанда керемет әсерлі, тау жаңғырып, сай сала шулап, өзен көлдер қол соққандай ырғақ пен эстетикалық тіл мен сезім қоңырауы сыңғырлап қоя береді.Селдетіп, нөсерлетіп жан күйіңді поэзиялық сезім басып әкеткендей ғажайып үндестіктерді естисің.
Бауыржан биік белестерге сапарлап бара жатқан шығармашылық жүгінің жолаушысы іспеттес. Көкірегінде адалдықтың оты жанған, жүрегінде сезім жалыны бар, бойында ізгілік пен адамгершіліктің кәусары орнаған Баукең поэзияның таудан аққан бұлақ, жайқалып тұрған құрақтай ұйқас, тіркестерін, шумақ пен топтасуреттілігін меңгерген классик ақын. Оның өнердегі өрлігі өз сезімінің құлы бола білгендігінде.Міне, ғажап болмыс деп осыны айтса керке ғалымдар.
«Мені ақын еткен –жұрт. … Ақынның рахаттанар сәті – оқырмандардың ықыласын сезінуі. Дүниеде одан асқан ләззәт жоқ деп есептеймін»,-деп ақын Фариза Оңғарсынова айтпақшы, Баукеңнің өлеңдерін сүйіп оқитын, тыңдайтын тұрақты, орнықты көпшілік аудиториясы бар.Тіпті, Баукеңнің осы «Еліккөрген» атты бір өлеңінде қаншама тағдырлар, қанша өмір кескіндері мен сәулелі ғұмырлар, танымды тұлғалар,көзқарасыңды өзгертетін бейнесөздер мен бейнесуреттер өз ғұмырыңның өлшемін бағалап, қадірлеуге үйретіп, алға ұмтылуға тартады.Бұрылысы мен қат қабат қалтарысы көп, бұралаң белдер мен ұзынсонар поэзияның шығармашылық қалашығына, поэтикалық сағыныштың сарайшығына сапарлап шыққандай сезіндіреді.
Мәселен;
«Оқыдық небір өлең тебіреніп,
Өйткені жырға айналған өмір едік.
Елжіреп Фариза апай баға берді,
Алатау тыңдап тұрды еміреніп.
Өлеңнің жанған оты көрікті ашты,
Күй ойнап көкіректе көбік шашты.
Бір кезде біз отырған сол тоғайдан,
О, ғажап, ғажайыпбір елік қашты»,-дейді.
Арманшыл ниет пен қоса, оқиғалы образ да, ақындық арын мен мақсатшыл әрекет те ой шұңғылымен астасып, атсалысып көркемдік бояуын қанықтыра түскен. Оқығанға жеңіл әрі өнерге булыққан жастықтың қызықты сызықтары мен өр мінезділік, талпыныс пен тапқырлық,шыдамдылық пен табандылыққа беталыстың келешекке деген бетбұрысы айқын сезіледі. Қиын дүниенің шешімі бар, тек мақсатшылдық пен тектіліктің тетігімен тебіндесу ләзім. Міне, Бауыржан осындай ойлы, қырлы қыраттардан асып, биік, биік асуларға ұмтылды.
«Қонақжайлық» өлеңіндегі лирикалық иірімдер табиғаттың тамаша құбылысын сипаттай отырып, өзі де сырласып, сыр алысып, мөлдір судың сәулесін сырғалайды. Бұл Баукеңнің жеке көңіл күйінің табиғатпен тілдесуі және ішкі бітіміндегі бейнелі образдар жинағы. Сондай ақ, идеал мен рухының ұлылығы. Ой ажарының нәзік ілтипаты мен қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін,экспрессивті ұқсастықтармен әшекейлеп, оның ерекшелігін түрлі мәндегі тіл байлығының көркем де әсерлі қолданыстарындағы икемділігімен жеткізеді. Ал,тіл байлығы деген үлкен материалдық қызмет мәдениеті.
«Өзеннің ғажап күйі болады,
Жағаға толқын тиіп ағады.
Бетінен судың шөп, шөп еткізіп,
Нәзік бір сәуле сүйіп алады»,-деген жолдардың тартымдылығын тұрақты сөз тіркестерінің қарым қатынасындағы этикалық тәжірибесінен аңғарамыз.
«Майқараған» шығармасындағы қосалқы теңеулер мен тізгін тартар ойлар да адамды бірден тереңге тартары сөзсіз. Ана, жер,табиғат, қатар өрбіген сезімдер, алыстарға, тым арыда жатқан дәстүрлі өмір тынысы мен тіршілік көзіне айналған тұрмыстық тұтастыққа салмақтап әкетеді.
«Көрген соң тазалықты айдаладан,
Құшағын: «Құлыным!»-деп жайған анам.
Бала кез сен де маған серік болдың,
Сағынып жүрмін сені, майқараған»,-деген шумақты оқығанда тарихи әлеуметтік ғасырлық тәжірибе мен тәрбие бесігінің мәнісіне ойлана қаласың.Бұл да ақынның табиғат пен ауыл еңбегінің қазақы тәліміне бейімділігімен өзіне тән қасиетін ашып тұр.Мазмұн байыбына үңіле түссек, ұлт руханиятының бастау бұлағы – кең дала мен «анам, ауылым алтын бесігім» деген ойлардың шабытына байланғанкөкірек кернеуін көреміз.Баукең осылайша ширығып келеді де өрлеу күшіне лықси түсіп, көтеріңкі құштарлықпен «Менің далам»бозбанына қалам сілтейді.
«… Ыстық ол көдесімен, көкпегімен,
Жусанды, бетегелі бөктерімен.
Кетердей түрегеліп түйе таулар,
Дәл қазір көз алдымда шөккенімен». -десе, арындап келеді де,
…Сәулесін Күннен тамған тағып аспан,
Гүлдері жасыл қауыз жарып ашқан.
Далама қасіретті жолатпайтын,
Шөп те өскен қасиетті – адыраспан,- деп өлеңсөздің жүйелік мағынасы мен мәнін аша түседі.
Қарап тұрсаң, табиғат, ұлы мекен, ата жұрт ақынның делебесін қозғап, асаудың сиқырлы әлеміне салып, айналасына жан бітіреді. Және қиялдан аулақ, жасандылық жоқ. Стильдік ләззәті бар сөзден мүсін, ойдан сағым тудырып,өлеңсөздің тәтті шәрбатына сұлу сөзбен шырын құя түседі.
Тіршіліктің көзі – табиғат. Баукеңнің өлеңдеріндегі табиғат лирикасының ерекшелігі ел мен халықтың, ата жолы мен асқар белдердің бедерінде қалып қойған жұқанақ өсімдер мен аталы есімдерді қайта тірілтіп, жаңалап, көптің өзіне қайтару жаңғырығы есіп тұр. Оқыған адамның қай қайсысы болмасын бір сәт туған жер, өскен өлкесіне сағынышпен саяхаттап кетеді.
Тұрушы ең бәйшешек гүлге оранып,
Қалыпсың бүгін тоналып,-дегендейой орамдарын тудыратын мына бір өлең жолдарын оқып көрейік.
«Жан дауысы»;
«Жазығың бұрынғыдай гүл тақпаған,
Төсіңді қайғы басып,мұң таптаған.
Мен де енді өзің болып толғанайын,
Тозған жер, жүдеу өлкем, сырқат далам»,-дейді.
Лирикалық шегініс. Неге? Ақынның жүрек қағысының лүпілі уақыт пен замандар алмасымымен үндесуінде. Бірде мұң, бірде шер, енді бірде өрт, жалын
Ақында көзге көрінбейтін толқындар легі бар. Ол толқындар бірін бірі орап, тықсырған сайын ұлғая түседі. Содан барып, теңіздей толқып, мұхиттай түпсіз тұңғұйыққа айналады. «Толқыннан толқын туады»,-деген философиялық ұғым осындай қаламгер шығармашыл тұлғалар тағдырына байланған теңеулер. «Поэтикалық тілдің табиғаты өзгеше. Онда символикалық сипат жатады. Құбылысты образ арқылы береді. Әр нәрсені тек өз мағынасында ғана айту пэзия дәстүрі емес. Бейнелей, өрнектей, астарлай, тұспалдай айта білу – өнер»,-дейді Мызабек Дүйсенов.
Демек, дүниені өз қалпында беру фотогравтың, техникалық кескіндеменің көшірме суреттемесі ретіндегі бояуы, ақпараттық немесе қыл қалам шеберінің графикалық құпиясы.Ол өнердің бір басқа саласы, әшекейлі көрініс.Талғамы мен тағылымы және құрылымы басқаша құралдықтехнология.
Ал поэзия кескіндеу мен бейнелеудің,сәулелі сөздің күрделі формасына жататын,ой мен тебіреністің, теңеу мен сезімнің қылын шертетін сөз өнері.Баукеңнің мінезін, сезімін, өрлік пенталғамын тануға ұмтылғанда, оның әр өлеңінің ішкі құрылымы мен өзінің шалқыған көңілін сабақтастыра отырып, поэтикалық бейнелеу әдістерін қабылдай аласың. Жансызбен тілдесіп, сол арқылы өмір өзгерістері мен уақыт безбенін, тіпті әлеуметтік қайшылықтардың салған ізін, ой, қырын кейіпкерлік ойлау жүйесіне сыйдырып, сонымен тілдесіп, мұңдасып отырады.
Соған дәлелді мысаліздеп көрелік;
«Дегелең тауының зары»,
«Сайларым тобылғылы, аршалы еді.
Сүйетін бұлақтарым сонша мені.
Шіркін-ай, құшағымда еркін жатқан,
Немере – жақпар тасым қаншама еді». Немесе;
«Кербез тау, саған келдім мен»;
«Кербез тау, саған келдім мен,
Керімсал самал ескенде.
Көтеріп Күнді зембілмен,
Көкбауыр бұлттар көшкенде».
Өлең жолдарындағы ішкі тілдесімнің бейнелеу пішіні басқаша көрініс дегенімізбен, ортақ ойлардың қабысуы дара пікірлердің куәсі.Өлең шумағы ешқандай мифологиялық құбылым мен ұғым туғызбайды. Мұндағы тау, тас, гүл, көбелек, тағы басқа детальдар құрамы Бауыржанның сырластары ретінде сөйлеп тұғандай ерекше бейнелер тілі. Солардың кейіпкерлік келбетінен, жеке, жеке образдар жиынтығынан ақын Баукең тіршілік тұтастығын тудырады. Әбіш Кекілбайұлының «…жазып жүрген шағыңда өзің суреттеп отырған өмірдің аясынан шықпауың керек, … ойша соның төңірегінде болуың қажет»,-дегеніндей Баукең «бауыры сыздап, қайтқан аруана секілді, «сарылып емес, сағынып жазғанды» ұнататыны шығармаларының өн бойынан құйылған теңіз-дариядай төгіліп тұрады.
«Өшпестей жағып нұрыңды,
Өткіздім сенде уақытты.
Сүйетін сенің гүліңді,
Көбелек неткен бақытты?!»,-деген жолдардағы поэтикалық арқаулар көрінісі, өмірдегі шын өзерістердің топтасуы, оқырманын ой шумақтарына жетелейтін қозғалыстың түрліәуезді толқын сипаттарына бай.Снымен қатар, Баукеңнің балалық шағы мен қызықты қимас сәттерінің шуақты белгісі. «Адамгершілік дегеніміз –шындық», деп В.М Шукшин айтқандай бұл Бауыржанның табиғи, сондай ақ, бойындағы адами қасиеттерінің нәзік, терең, жетік арналарының, поэзиядағы биік белесінің ажар көркін, жарқын жолдарын ашты. Өлеңдерінің бунақ, ырғақтары өте жинақты, қонымды. Үндестігі мен графикалық құрылымы, екпін бірлігі ұштасып, бірден елең еткізеді.
Жалпы, Бауыржан Жақыптың өлеңдері мен поэмаларын бір тақырыптың аясында қамтып айту мүмкін емес. Бүгінде айтулы азамат,танымал қаламгер ақын, өзінің толғамды жыр сөздерімен тыңдарман, оқырмандарды, өселең ұрпақты, елітіп, қыр асырып, бел, белеңдердің жотасымен өлеңсөздің бесігіне бөлеп,қайтатүлеудің биік шыңдарынаұмтылдыратын қозғаушы күш тәрізді рухани идеология.Сондықтан, өткенге салауат айтып, қаламгер, ақын, журналист, ғалым Бауыржан Жақыптың таным жігеріне, сенім арта отырып, ұлттық қазақ әдебиеті ғылымына қосар үлесі зор деп бағалаймыз.