ӨМІРДЕ ДЕ, ӨНЕРДЕ ДЕ ӨНЕГЕ ӨРКЕЙТКЕН ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ (эссе)

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ,
жазушы, драматург, аудармашы. Оқырман қауымға прозалық жəне драмалық шығармалары жетпісінші жылдардың ортасынан бері таныс. Ондаған прозалық шығармалар жинағының авторы. Қазақстан комсомолы сыйлығының (1980), ВЦСПС пен КСРО Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты. «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған.
ӨЛІМ
Ғабит Мүсіреповтің қайтыс болғаны туралы хабарды мен кешкі сағат тоғызда естідім. Қайғылы хабарды Алматыдан біздің Мәскеудегі үйге қазақтың біртуар азаматы, суреткер-жазушы, аяулы досым Оралхан Бөкеев телефонмен хабарлапты.
Мен ол кезде Мәскеудегі Орталық әдебиетшілер үйіндегі кафеде орыстың хас жазушысы Юрий Домбровскиймен бірлесіп қазақ жазушыларының бір томдық әңгімелер жинағын Мәскеуде шығару туралы жобаны талқылап жатқан болатынмын.
Мәскеуден Алматыға соңғы самолет түнгі он екіде ұшатын. Енді сол самолетке үлгеру керек болды.
«Ғабит өлді деген сөз, қазақ халқының асыл бір ғасыры өлді дегенмен бірдей. Асқан дарын, асқан адал адам еді. Әуезов жоқ. Мүсірепов жоқ. Қазақта бұл екеуінен асқан жазушы да жоқ. Қазақ әдебиеті қайғы құшағында. Қазақ халқы аза тұтып жатқан кез. Отыра тұр, мен қазір келемін», деді Юрий Домбровский.
Ол лезде қайта оралып, ақ қағазыңнан берші, деді. Қалтасынан бір тұтам өткір қарындашын алып шықты да, ақ қағазға төнді. Иығына түсетін бұйра сары шашы басын төмен салғанда бетін жауып кетті. Сөйдектетіп жылдам жаза бастады. Графин мен стакандарын шылдырлатып лезде официантка Татьяна жетті. Екі стаканға бөліп құй, деді Юрий Домбровский жылдам қарындашының қарқынын еш тоқтатпастан. Татьяна қара нан мен бір табақ балықты қатар қойып кетіп қалды. Юрий Домбровский де жазуын доғарды. Қағазын бір қайтара оқып шығып, бір үтіріне тиіспестен әдемі ғып бүктеді. Аэропорттан конверт сатып алып саларсың, деп қағазды маған ұсынып жатып: «Олжастың өз қолына бер. Қалғанын қыпшақ өзі шешеді», деді. Самолетте ұшып келе жатып, үйден ала шыққан Ғабеңнің бір томдық кітабын парақтап ақтардым. Мұхтар Әуезовтің қазасына жазған азалы сөзі бірден көзге түсті.
«…Бұдан былай біздің арамыздан бәріміздің ерекше қадірлейтін ардақтымызды көре алмайсыздар. Ол қазірдің өзінде ортамызда тұрған жоқ, міне, алдымызда жатыр. Бүгін қазақ әдебиеті көлденең бір жұтқа ұрынғандай, басқа мадақтарын қоспай-ақ, Мұхтар Әуезов дегенде ғана аузымыз толмаушы ма еді? Ойымыз да лық толатын. Бұл Мұхтар енді жоқ арамызда. Сағынар кезіміз, іздер кезіміз, жоқтар кезіміз аз болмас, таба алмаспыз бірақ. Әдетке кірген сөзді айтпасаң амал жоқ: қош бол, Мұхтар, баладай нәзік жан, көркемөнердің өзіндей қатал сыншы, әділ жан! Үлкен аға! Еркелеткеніңізді де сағынармыз, ұрысқаныңызды да сағынармыз. Бар бейнең көз алдымызда болар. Бетке ұстасақ – беделің қандай еді, арқаға ұстасақ – панаң қандай еді! Оны ешкім ұмыта алмас! Өмір – күнде той емес, өкпелеткен, ренжіткен кезіміз болса, онымызды үлкен өкінішпен еске аламыз: еске алған сайын үлкен рухыңнан кешірім сұраймыз. Көркем сөздің ұстазы, сенімен қоштасу үшін бұл ойлар таяз, бұл сөздер бояусыз, әрине. Бірақ біз сенің жер құшағына тапсырылар тәніңмен ғана қоштасып тұрмыз, жаның мен рухың бізде қалады, ең қасиеттеп ұстар мұрамыз – сол, оған шаң жұқтырмаспыз. Ең қасиетті борышымыз да сол болар. Көп боп табар ойымыз болса, көп боп көтерер сол борышымызға салармыз. Сенің орныңды сөзбен емес, іспен жоқтатпауға тырысармыз. Бұл уәдені анттай берік ұстармыз!
Қош бол, ардақты аға, атақты сөз шебері! Қош!..»
Бұл қара жамылып тұрып аза айтқан, асыл досымен қоштасқан сәті. Бұндай асыл сөзді XX ғасырдың ортасында бұл қазақта Ғабит қана айта алыпты. Ал бүгін Ғабит жоқ… Оның өліміне қайғырып қай қазақ келісімді сөз айта алады екен?.. деген ой маған маза бермеді.
Кезінде Шыңғыстаудың төрінде жайлауда жатқан Шаһкәрім қажыға жас Мұхтар Әуезов арнайы келіп Санкт-Петербургте бастап жазған «Еңлік – Кебек» трагедиясын оқып береді. Пьеса оқылып болған соң, Қажы:
– Әй Мұхтар, қаламың мен қағазыңды қолыңа ал, ескі билер былай сөйлеген, деп шешен тілмен тарам-тарам кесек ойларды айтып кеткенде, жас Мұхтар жазып үлгерудің мүмкін еместігін түсініп, Қажыға үндемей таңырқай қарап қалған көрінеді. «Абай», «Еңлік-Кебек» трагедияларындағы кесек-кесек ойлы, ішкі сыры берік билер мен Нысан абыз сөздерін Шаһкәрім қажы Мұхтарға сый ғып тартқан. Оны Мұхаң да жасырмаған. Ретіне қарай белгілі адамдарға айтып отырған. Ес-ақылдан еш шықпасын деген көреген ой.
Мола басында адам көп болды. Ғабитке татыр сөз айтылмады. Ол мүмкін де емес еді.
Тамыры үзілген сөз осылай бос сандалса керек. Сандалдыртса керек дегеніміз дұрыс болар. Ғабиттей алыпқа сай сай-сүйекті сырқыратар сөз тауып айта алмаған қазақ қазақ болып жарытпас дедім. Жеті атамызды білмесек, жеті ғасыр тарихымызды танымасақ қазақ болғанымыздан не пайда? Ғабиттің, Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда абызша сарнаған ойлы сөздеріне жету қиын еді. Ғабит сөзінің гармоникасы мен ойы ерекше үйлесімде болатын. Бұл қазақ ортасындағы ойлы ортаның құрдымға кетіп бара жатқанын аңғартқан. Таным да, талғам да, талант та талауға түскен кез еді. Бүгін емес, ертең емес, бірақ қазақтың рухани әлемі еңкейіп құлауға бет алғанын анық сезінгенмін. Сонан жанды азалы үн жаулаған. Бүгін құлап болған да болар. Енді, бір кезде алып аспанда еркін қалықтаған қазақ рухы жандану, жаңару ізденістеріне шұғыл кірісуі қажет-ақ. Әйтпесе орта жолда қалып, құрдымға кетіп құлармыз.
Оралхан екеуіміз сол кеште қаланы ойсыз кезіп жүріп алдық. Айналшықтап мен жататын «Алматы» қонақ үйінің айналасынан шыға алмадық. Бір-бірімізге тіл де қатысқамыз жоқ. Ой үнсіз. Сөз үнсіз. Көз ғана сөйлегіш еді.
– Оралхан, жүр тауға тартайық?!.
– Жаның оңашаны қалады ма?..
– Жалғыздықты!
Таңғы жетіде мені әуежайдан қарсы алған Оралхан екеуіміздің он сағаттан соң тұңғыш сөз қағыстырғанымыз осы болды. Алатаудың бауырындағы «Медеу» қонақ үйінен екі бөтелке арақ, тіске басар дәм алып биік төбенің бір басына көтеріліп жайғасып отырдық-ау.
Қараңғы тау іші. Түн. Толық айдың жарығында толы стакандарды түйістірмей үнсіз төңкеріп тастадық. Аздан соң, өне бойымда жып-жылы қан толқи жүгірді. Шалқамнан жаттым. Алматыда көрінбейтін жұлдыз, Алатаудың бөктеріндегі көкте самсап тұр еді.
Біз қазақ өнерінің ең ардақты саңлағы, соңғы патриархы Ғабит Мүсіреповпен осылай үнсіз қоштасқанбыз. Өмірден озғандар бір дәуір. Тірлікте қалғандар бөлек дәуір болатын.
Бүгінгі тіршілік аясында Әуезов пен Мүсірепов бастаған көштің аспаны аласармаған, болмысқа бет қойған мақсат-мүддесі киелі болатын, үйткені олар өз бастарын емес, бүкіл бір халықтың мәдени мұрасы мен рухани салмағын кеңістік пен уақыт аясында бұрын-соңды болмаған биікке көтеруге жан салған тарихи тұлғалар еді. Заттарына да, аттарына да қылау түсірмей, тіршілік аяларын баянды бастаудан айырмай, бұл тіршілікте бастарын имей, тік ұстап өткен аяулы ұлт асылдары еді-ау. Мүсірепов қазақ өнерінің даусыз соңғы Могиканы болатын. Сонан да, аяулы ағамен қоштасу Оралхан екеуімізге ауыр тиген.
Елу жасқа толмай сырт жұртта кенеттен көз жұмған асыл досым Оралхан қайтыс болғанда да мен сол Медеу шатқалының биік төбесіне көтерілгем. Өкінішке қарай, жалғыз көтерілгем. Биік төбе басында жалғыз отырғам. Оған да 25 жыл өтіпті. Қым-қуыт тіршілік төскейінде бір-бірімізден ажырап қалып, бір-бірімізді жоғалтып алып жатқанымыз қаншама?.. Дәл бүгін біреуді арбап, біреуді алдап күн кешкен сұрапыл заманның бет қаратпайтын қатал болмысынан сескеніп, құты қашқан қалың қазақтың жәйін көру де қиын еді.
МӘСКЕУ
Жазушының өзімен емес, жазғанымен жақындасуды тәуір көретін мен үшін кітап бөлек құндылық болатын. Қазақ жазарларының арасында мен араласқан адамдар саусақпен санарлық қана еді.
Олар Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Сайын Мұратбеков, Оралхан Бөкеев. Жаныма жақын Мұхтар Әуезов, менің бала кезімде о дүниелік болып кеткен.
Сол кездері Мәскеуге, Мемлекеттік сыйлықтар беруге арналған Бүкілодақтық комитет мүшелері Ғабит Мүсірепов, Әзербайжан Мәмбетов жиі келетін. Асыл Әзекең де, Әуезов пен Мүсіреповты ерекше құрметтейтін. Олар туралы өте есті естеліктер айтатын. Ахмет Жұбанов пен Ғабиден Мұстафин туралы ойлары да кесек болатын. Әзекең көп сөйлемейтін, сөзге сараң, ойға терең, сыйласымға берік адам еді. Мәскеуге келгенде маған телефон соғып:
– Роллан, Ғабеңе сәлем беру керек қой. Бірге барайық, – дейтін. Ғабеңнің шәу тартып қалған кезі болғанымен, еңсесін биік ұстайтын. Қимылы сабырлы, сөзін салмақтай созып сөйлеп отырғаны ерекше еді.
– Әзербайжан, Мұхтар дүниеден озғалы, біздер жақсы пьеса, тәуір қойылымдар қоя алмай жүрміз. Бұл ойыңда болсын, – деді Ғабит Мүсірепов.
– «Қан мен терге» Одақтың мемлекеттік сыйлығын алдық. Шет елдерде қойылымдар қойып жүрмін ғой, Ғабеке!
Жазушы темекісін әдемі сорып алып, хрусталь күлсауытқа жайғастырды да, сәл үндемей отырды.
– Коньяктан алып қоялық, Ғабеке, – деді Әзербайжан Мәдиұлы. – Алсақ алайық, – деп Ғабекең шағын рюмкадағы француз коньягіне ернін тигізді, бірақ ішпеді.
Менің байқағаным, Ғабекең арақты да, коньякті де талғап, талдап сәл-пәл ұрттап қана ішетін. Қимыл-қозғалыстың бәрі ұстамды, салмақты, сәнді деген лайық болар.
– Әзербайжан, атаң Ахмет, қазақ өнерінің көсегесін көтеруге жанын салды. Ғазиза екеуің ылғи қасында болдыңдар. Оны жақсы білесіңдер. Ұлттық өнерімізді көтеруде тоқмейілсуге болмайды. Әйтпесе, құр мақтанға еріп көштің соңында қаламыз. Біз өзі де, мақтаншақ, даңғаза халықпыз ғой. Маған салсаң, бүгінгі қазақ әдебиеті мен өнерінде көп нәрсе ұнаудан қалды. Қазылары түлкі, тұлғасымақтары наданданып бара жатқанға ұқсайды. Сабыр ет, мен бергіні көріп емес, арғыны ойлап айтқаным. Бізге көп оқыған, терең білімге құштар, көкіректері көк өрістей талғампаз жастар тәрбиелеу керек.
Ғабең біраз үнсіз отырды. Сөніп қалған темекісін қайта тұтатты. – Соңғы отыз жылда біз қатты бүліндік. Біздің сөзімізде де, ісімізде де бояма көп. Той көп. Ой аз. Құрып бара жатқан тіліміз, құрдымға кеткен қазақшылығымыз… ойландыратын нәрсе көп қой… Саяси келбеті бұзылған мемлекет мемлекет бола алмайды. Біз ішімізден іріп жатырмыз. Айтатынымыз өтірік, істейтініміз өтірік, мақсатымыз да өтірік. Коммунистік партияның өзі де өтірікке қақалып болды. Генеральный секретарьға халық, халыққа Генеральный секретарь сенбейді. Совет Одағы дегеніміз, алдау мен арбау мемлекетіне айналды. Бұл менің жаныма батады, Әзербайжан. Роллан баламыздың құлағына алтын сырға. Ол әлі жас қой. Мен кейде ойлаймын, осы Мұхтар уағында о дүниеге аттанып кетті ме деп?! Жеті жылдыққа жеті роман жазамын деп шатасқан шағында Алла тағала қожаның баласын үлкен қатерден сақтап жіберсе керек. Өтірік пен өлексе лозунгтар туралы қандай ән, қандай роман жазуға болады. Сатқындық торында той тойлап үйреніп алған «өнерпаздар» әкелері өлсе де тойдан қалмайды ғой. Олар «ән» де жазады, «роман» да жазады. Ақша төлесе болды. Біз ақша үшін аталарын сататын пенделер тәрбиелеп өсірген мемлекетпіз. Қай халықты да жиырма жыл өтірікпен суғарсаң, өтірікші болмағанда кім болады, Құдай-ау?! Ондай ортада өтірік айтпасаң сені жынды деп атып тастайды. Жындымен жынды болмасаң тағы өмір жоқ. Осының бәрін ойлау керек, Әзербайжан, ойлау керек. Біз аң емеспіз, адамбыз ғой, жақсы інім!.. Адамбыз!..
Бұл Москваның жайма шуақ кешінде болған әңгіме еді.
Мен сол түні ұйықтай алмадым. Социалистік Еңбек ері, Халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің жүрек түкпіріндегі азаматтық ойы менің жүрегімді дүр сілкіндіріп еді. Коммунистердің мемлекеттік құрылымына қарсы адамдар көп болатын. Бүкіл Совет Одағы десе болатын еді, бірақ ешкім дауыс көтеріп айта алмайтын. Дауыс көтермей Генсектер бірінен кейін бірі о дүниеге үнсіз аттанып жатқан кез еді. Маған сүйектері сартылдап қаусаған шалдар бұл дүниеде өмір сүргеннен, о дүниеге әупі- рімдеп қайтқанды Құдайдан мың да бір тілеп сұрап жатқандай көрінетін. Биліктің биігіндегі трагедия атаусыз жау ғой. Оның қаһарын көруді ешкімнің басына бермесін. Билік тұрған жерде, биік жаза да тұрады. Онан ешкім құтылған емес, құтыла да алмайды. Билік басында тұрып, биік болып қалған адам болған емес. Барлығы да, не Адамның, не Алланың қарғысына ұшырағандар. Өйткені Билікте меже жоқ. Адам биліктен кетер кезді аңдымайды. Межесін асырып алады да, билік базарында асылып өледі.
Мәскеудің түбіндегі жазушылар үйіне барып бір апта оңаша жаттым. Жазу да жазбадым. Кітап та оқымадым. Түні бойы орман кезіп жүрдім де қойдым. Ғабеңмен сонан кейін де Мәскеуде сан кездестік. Алматыда бірде бір рет кездескен емеспіз. Кездесуді қаламадым. Жасы жеткен адамды мазалауға арым жібермеген.
«Мәскеу» қонақ үйіне, мені соңғы рет арнайы шақыртты.
– Екі-үш күн ғана боламын. Сонан сені арнайы шақырттым, Роллан.
– Өзім де сәлем берейін деп жиналып жатыр едім, Ғабит Махмудович!
– Үйге бармайын, келінге, балаларға сәлем айт. Осы бөлмеге тамақ алдырайық. Соңғы кездері көңілім болмай жүр. Оны мен саған неге айтып отырмын? Айтатын кісі болмағаннан болса керек. Менімен карта ойнайтын іні-достар бар. Бірер сырлас іні-дос бар. Менде ендігі жерде одан өзге ешнәрсе қалмаса керек, – деп Ғабең бөгелді.
Мен телефонмен даяшыға ас қамын айттым.
– Осы жолы сен мені Алматыға демеді, Алатауға шығарып сал, – деді Ғабең. «Советский писатель» баспасының директоры келеді. Соған да ас ата, Роллан. Ол өзі дұрыс адам болса керек. Оны маған, бағана Георгий Марков айтып еді. «Советский писатель» баспасынан бір томдық үлкен кітабымды шығаруды Марков ниет қылды. Мен өзі, сұрағанды ұнатпайтын адаммын, сен қалай ойлайсың?..
– Сіз қолқа салып, тіленіп тұрған жоқсыз. Шындығын айтсақ, Сіз үшін Қазақстан жазушылар Одағы сұрауы керек еді ғой. Ниет сізден, парыз Одақтан.
– Бұл оң сөз. Осы сөзге тоқтағанымыз абзал болар.
Кеш тілектес көңілдердің ықыласты бас қосуына айналды. Келесі жылы «Советский писатель» баспасы Ғабит Мүсреповтің үлкен бір томдығын шығаратын болды. Ол кітапқа ішкі пікірді жазу маған тапсырылды. Ғабеңнің жүзі алабұртып, бетіне қан жүгірді. Дәл сол отырыста Ғабең терең әдеби әңгімеге барған жоқ, Отан мүддесі, халықтар достығы, ұлттар мәдениетінің дамуы туралы шуақты әңгімелер өрбіді.
Ертеңінде Ғабеңді «Домодедово» әуежайына алып бардым. Самолет ұшуға әлі де бір сағат уақыт бар еді. Арқасын кеңге салып отырды. Шәйға арнайы бал алдырды.
– Жазып-ақ тастайтын, көңілде аманат болып сан жылдар жүрген уақиғалар бар еді, әттең денсаулық көтерер емес. Кең тынысты жүйрік аттай даланы дабырлатып шабатын қайран жастық қайдан қайтып келсін?! Қайдан?.. Жамбылға, Жәке, шумақ-шумақ өлеңдерді лақтырып-лақтырып тастаңыз дегеніміздің әбестік болғанын, енді мына өзіміз шау тартқанда ғана түсініп, танып отырмыз. Әр нәрсенің өз уақыты болады екен. Көсілген соң, уақытына қарай көсілу керек екен. Оны ұғуға да уақыт қажет көрінеді, Роллан. Осы сен, маған бір кітабыңды сыйға тартпапсың. Ел беріп жатады. Жазсаңыз, деп сұрап жататындары да бар. Сұрағандарға жазған емеспін. Көркемөнерде қолқа салу, міндет арту әбестік. Дұрысы ессіздік. Бір сөзбен айтқанда – мәдениетсіздік. Маған сенің сұрамайтындығың ұнайды. Тірлігіңде тіленбе де, сұранба да. Мен білсем ол саған жараспас. Оны өзіңе ішкі сезімтал әлемің де айтып тұрғанға ұқсайды. Мен сенің «Лениншіл жастағы» бірнеше әңгімелеріңді оқығанмын. Сен даланы да, қаланы да қатар ұстайтын өзгеше жазушы болмақ түрің бар. Ешкімге ұқсамайсың. Саяқ жүресің. Осы бір қасиеттерің маған ұнайды. Сол қасиеттеріңе бекем, мықты бол. Бұл мінез деген биік төбе. Сол төбеңнен төмен түспеуге жазсын. Алысты қаралама, жақынды жаралама. Абай бабаңша адамзатты бауырым деп сүй, құрмет тұт. Аумин!
Бұл қасиетті адамның ақ батасы еді. Мен ыңғайсызданып не айтарға білмей қысылдым. Қайтып асыл ағамыз да тіл қатпады. Өзімен өзі болып ұзақ ойға кетіп қалып отырды. Самолеттің трапына қолтықтап көтергенімде Ғабең маған молынан бұрылып:
— Ал, қарағым, қош тұр, – деді. Жылы саусақтары, жып-жылы алақаны иығымнан аялай сипап өтті. Ғабит Мүсіреповті бұл менің соңғы көруім болыпты.