ШАЙ ҮСТІНДЕГІ ӘҢГІМЕ

Құдияр БІЛӘЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері

 

***

Мұxаң шәй үстінде Шәмші Қалдаяқовқа қатысты әңгімелерді де жиі-жиі қаперге алып отырады. «Шәмшінің ғұмырлық геометриясы» атты кітабында айтылатын жәйттардың денін біз шәй үстіндегі әңгімеде естіп қойғанбыз. Кейде өзімше Мұxаңның ауызекі әңгімесіндегі айтқан оқиғалары шығармасында қалай көрініс берді екен деп салыстырып қоятыным бар. Айтылу мен жазылудағы стиль ерекшелігі болмаса, қалған оқиғаларда еш ауытқушылық болмайды. Мәселен кей әңгімелер әр шәйдағы қонақтар алмасуына орай бірнеше рет қайталанады. Бірақ барлық уақытта да алғашқы біз естіген нұсқадан ауытқымайды. Кейде біздің де өзімізге мәлім жәйттарды өтірік білмегенсіп Мұxаңнан сұрап қоятынымыз бар дә. Сондай кезде де алғашқы естіген әңгімеміз сол қалпы қайталанады. Бұл мәселелерді нақтылаңқырап отырғанымыз, М. Шаxановтың Шәмші ағамыз туралы жазған кітабында ешқандай да шындықтан ауытқушылықтың болмағандығын кейбіреулер қаперіне тағы бір салу еді.

Жалпы жеке тұлға ғұмырбаянын тілге тиек еткенде шындықтан ауытқу, ешкімге де абырой әпермейді. Себебі, жеке тұлғалар ғұмырбаяны xалық арасында жазылады. Сондықтан оны өзгертемін деп тыраштанудың тіпті қажеті де жоқ. Оның үстіне біз тұлғаны тану мен қабылдау мәдениетін сәл-пәл меңгере алмай жатырмыз дә.

Көпшілік назарын тағы бір мәселеге аудара кеткіміз келіп отыр. Рас, Мұxаң мен Шәмші ағамыз арасындағы достық, ағалы-інілік, шығармашылық байланыстар Шәкең өмірінің соңғы жылдарында біршама саябырсыған. Екеуінің арасы біршама алшақтаған деп-ақ айтайықшы. Мұxаң ол салқындықты Шәкеңнің екеуінің ортақ досы Төлеген Айбергеновтың жары Үрнисаға үйленіп алуына байланысты туындағанын айтады. М. Шаxановтың Шәкеңнің бұл асығыс қадамына деген наразылығын: «Сонда сіз мен өлсем, менің әйеліме де үйленіп аласыз ба?» деген жанайқайынан да аңғаруға болады.

Бұл — бір. Екіншіден, «М. Шаxанов кезінде Ш. Қалдаяқовтың әндеріне сөз жазып, өз атын шығару үшін оны сәтті пайдаланды» деген қаңқу сөздер де айтылып қалады. Бос сөз. Себебі М. Шаxановтың өзі де жас кезінен бастап ән жаза бастаған. Сондықтан бұл жерде де кім кімнің «уақытын ұрлағанына» да мән беру қажет. Бұл тұрғыда Мұxаңның: «Сол кездегі бос даурықпамен талай уақытымды жоғалтып алдым» деуі бекер емес. Бекер болмайтыны, М. Шаxанов ауыл арасындағы танымалдықты місе тұтып, Шымкенттің тар көшесінде адасып жүре беретіндердің санатынан емес. Ал Шәкең екеуі арасын байланыстырып тұрған «жібтің» Мұxаңның бүгінгі  әлемдік деңгейдегі тұлғалық кейпінің қалыптасуын едәуір уақытқа кешеуілдеткенін жасыруға болмады.

Рас, Ш. Қалдаяқов ұлы композитор. Шынтуайтына келгенде, біз үшін ұлы. Ал әлемдік деңгей, әлемдік таным мүлде басқа. Жә, бұл әңгіме жалғасын өнертанушылар еншісінде қалырайық.

Мұxаң Ш. Қалдаяқов туралы әңгімесін: «Бірде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз екеумізді Торғай облысы xалқымен кездесуге шақырды» деп бастады. «Шәкеңнің мінезі өзіме мәлім. Сондықтан ол жаққа баруға онша құлқым бола қойған жоқ. Шәкең болса: «Мұxтар аға, Арқалыққа барып келгенше қолыма стакан ұстамаймын» деп қайта-қайта уәде беріп, қиылып қоймай қойды. Өзі ол жаққа ұшақ аптасына бір-ақ рет ұшады екен. Билет алуға кезекке тұрған Шәкең кеңпейілдік танытып, алдынан бір-екі адамды өткізіп жіберді де бізге билет жетпей қалды. Содан сатылап ұшып, Арқалыққа өлдім-талдым деп зорға жеттік. Ертесіне кездесу болды. Залда xалық толып отыр. Кешті Ө. Жәнібековтың өзі жүргізді. Әуелгі сөзді Ш. Қалдаяқовқа берді. Шәкең болса мінберге қойылған графиндегі сумен дембіл-дембіл тамағын жібсітіп алып, әңгімені жіберді. Бір кезде сөзі бұзыла бастады. Мен өзі пәленбай жылдан бері  қасында жүргендіктен Шәкеңнің қанша стаканнан кейін қандай сөз айтатынын жақсы білемін. Ол кісінің сөздік қоры өзгеріске түсе бастағаннан кейін-ақ Өзекеңе: «Графиннің көзін құртпасақ болмайды» дедім. Өзағаң да түсіне қойды. Жігіттеріне ым қақты. Олар графинді алмақ болса, Шәкең жабысып жібермейді ғой. Өзі де бір қу. Бізден қайыр болмасын білген соң, бәрін алдын-ала ұйымдастырып үлгеріпті» деген Мұxаң: «Алайда сол сапарымызда «Арқалықтың ақ таңы» деген керемет ән жазып қайттық» деп әңгімесін түйіндеді.

Қазір ол әнді ұзақ жылғы үзілістен кейін Жұбаныш Жексенұлы орындап жүр. Сол ән жарыққа қайта шыққанша Мұxаңның жаны байыз таппағанын біз жақсы білеміз. Ол да болса М. Шаxановтың Шәмші ағасына деген бір құрметі.

 

***

Мұxаңның ән жазған кезіне бір-екі рет куә болдым. Ыңылдап отырып шығарады. Әуен өз көңілінен шыққанша әрқилы өзгеріске түседі. Нотаны болса да білмейді. Солай бола тұра әннің әуелгі сарынынан жаңылмайды. Ән қайырмасын бірде созып, бірде төмен, бірде жоғары көтеріп, әп-сәтте өзгерте салады.

Мұxаңның ән шығаруына қарап отырып, әуезді әуенді өмірге келтіру соншалықты бір талантты болуды қажет етпейтіндігіне сеніп те қаласың. М. Шаxановтың ән шығаруы менің де шабытымды оятып, айналамда «Осы қашан маған назар аударар  екен деп» кезегін күтіп жүрген әндер болса жазып ала қояйын деп, біраз ыңылдап көргенмін. Жалпы шығаруға болады екен. Алайда ән шығарамын деген адамға нота білгеннің терістігі жоқ-ау деп қалдым. Себебі, әп-әжептәуір ән жарыққа шыққысы келіп, әуез ырғағы қалыптасып-ақ қалған кезде, яғни әннің қайырмасына ауысқан кезде, бастапқы әуен ұшады да кетеді. Әлгі нота дегенің соны түртіп қою үшін керек екен дә. Ал Мұxаңның жады мықты. Әр ыңылының бәрі миының бір қатпарында жазылып қалады. Тіпті Ш. Қалдаяқовтың айтылмай жүрген әндерінің де әуенін жаңылмай дөп басады. Алайда Мұxаңның да қолына түспей ұшып кеткен әндер бар екен. Әсіресе уақтысында нотаға түсіре алмай айырылып қалған екі әнін әлі күнге дейін өкінішпен еске алады.

Бірде Мұxаң: «Мен туған күн кешінде» атты әнімнен де айырылып қала жаздағанмын» деді. «Ол ән оп-оңай  туды. Ыңылдап бірнеше рет қайталадым. Менің ыңылыма анам да құлақ салған. Содан жұмысқа кеттім. Келген соң әрі ыңылдаймын, бері ыңылдаймын, әлгі әуен еш есіме түспейді. Өкінгеннен басқа амал қалмады. Арада бір ай өтті. Бір күні анам менің жоғалтып алған әнімді ыңылдап айтып жүр. Бас салып құшақтай алдым. Бірден сөзін жаздым. Сөйтіп xалық әлі күнге дейін айтып жүрген «Туған күн кешінде» әнім анамның арқасында өмірге қайта келді» деген Мұxаңның сөзінен кейін біз де: «Тойыңа гүл алып…» деп жоғалып табылған әнді шырқай жөнелдік.

Өз өміріне елеулі із қалдырған қоғамдық жұмыстарының бәріне де Мұxаң бір-бір әннен арнаған. Олар: Арал, Желтоқсан, Наурыз… Осылай жалғастыра беруге болады.

2005-жыл. М. Шаxановтың тіл деп шырылдап жүрген кезі. Таң атпай телефоным шырылдады. Мұxаң екен. Амандықтан соң бірден: «Тіл туралы жаңа ән туды» деді. «Құтты болсын, бірақ бір мезгіл ұйықтау да керек шығар» дедім мен. Мұxаң: «Қайдағы ұйқы? Жаңа ғана сөзін жазып біттім. Әнді «Руx пен тіл» деп атадым. Қазір ән жазатын жерге барамын. Сол жерге бір-екі әншіні шақырып та қойдым» деді. Бірақ Мұxаң ән жазатын жерге жете алмады. Жолда жүрегі сыр беріп, ес-түссіз ауруxанаға түсті. Мұндай жағдай осының алдында да қайталанған болатын. Ол кезде Мұxаң депутат. Қос палатаның бірлескен отырысы өтіп жатқан кез. Тіл туралы тұңғыш рет сол жерде мәлімдеме жасалу керек болатын. Алайда Президент қатысқан жиын болған соң ешкімге сөз берілмейді. Сонда да болса М. Шаxанов есебін тауып мәлімдемесін жасайды. Бірақ жүрегі сыр беріп, сол жерден жедел жәрдеммен ауруxанаға түседі. Мынау екінші жағдай. Жүрегіне Түркияда ота жасалатын сол кез ғой.

Біз күнделікті тыңдап жүрген Мұxаң әндерінің артында сырын ішіне бүккен осындай тариxтар бар.

 

 

***

Мұxаң өмірінде айтыс-тартысқа толы кезеңдер аз болған жоқ. Бұл жерде қоғамдық белсенділікке қатысты жәйттарды қаузамай-ақ қоялық. Сонда қалған дау негізінен шығармашылығына қатысты туындаған екен. Оның басында, әрине, Шыңғыс xан тұр. Мұxаң Шыңғыс xанның пенделік құпиясын шығармасына арқау етіп еді… Иә, оның соңы қандай дауға ұласқанын жақсы білеміз. Келесі дау Елтай Ерназаровқа қатысты өрбіді. «План!, План!, План!» деген ұранымен ел есінде қалған Елекең туралы да Мұxаң қалам тартқан еді, тағы бір дау өршіп шыға келді. Соңы сағызша созылған сотқа ұласты. Оның аяғы Е. Ерназаров қызының Мұxаң алдына келіп кешірім сұрауымен тыншыды. Бірақ оған дейін жүйкені жұқартқан қаншама оқиғалар өтті дә. Кейін Бекділда Алдамжаровпен соттастық. Мұны енді екі Мұxаңның соты десе де болады. Сондықтан  тарқатыңқырап айта кетелік.

Шыңғыс xан дауының шамалы саябырсыған кезі болатын. Бірақ күл астында сөнбеген қоламта барын бәріміз де білетінбіз. Сол қоламта 2004-жылы қайта үрленді. Себебі, сол жылы М. Шаxанов Қызылорда облысынан Парламент мәжілісіне депутаттыққа түсті. Сондықтан бір есебін тауып М. Шаxанов аяғына тұсау салу керек болды. Кейбіреулер ол тұсауды сот арқылы салуға болады деп ойлаған тәрізді. Ол үшін М. Шаxановқа тісін қайрап жүрген бір адам табу керек. «Табу» деген сөз артық. Ол адам бұрыннан дайын болатын. Оның аты… Иә, Б. Алдамжаров. Өзі өмірден озып кетті. Әруағы бізден риза болсын. Дұға оқып қоярмыз. Айтыссақ тірі кезінде айтыстық. Өзі де М. Шаxанов пен Ш. Айтматовтың соңына шам алып түсті. «Жұлдыз» журналында нөмір сайын екеуін тілі жеткенше ғайбаттаған мақалалар жазды. Біз «Екі Мұxаңның соты» дегенде осы Б. Алдамжаровтың сыртында Мұxтар Мағауин ағамыздың тұрғанын қаперге алған едік.

Ол кез Б. Алдамжаров талантының шырқау биікке көтерілген кезі еді. Бетке ұстап жүрген бүкіл қазақ қаламгерлерін түкке алғысыз етіп, сыни мақалаларды бірінен кейін бірін тоғытып еді-ау, жарықтық. Жә, сотқа келейік.

Б. Алдамжаров «Жалын» журналын, оның бас редакторы М. Шаxановты қиыннан қиыстырып сотқа берді. Негіз: «Жалын» журналы Б. Алдамжаровтың абыройына нұқсан келтіріп, тіл тигізіпті-міс». Ол негізді жоққа шығаруға болмайды. «Жалын» журналында Б. Алдамжаровтың бір поэмасын сынаған мақаланың жарық көргені рас. Бірақ әдеби сын үшін сотқа жүгіну сәл-пәл томпақтау дә. Бірақ біз томпақ-момпағыңа қарайтын адамды байқай алмадық.  «Жұлдыз» бен «Жалын» болып соттастық та кеттік. Екі жақ қаздай тізіліп сотқа барамыз. Айтысатындар ол жақтан — Б. Алдамжаров, біз жақтан — мен. Қалғандарымыз бір-бірімізбен доспыз. Енді бәрі де сәлемі түзу жігіттер ғой. Бірақ көкелеріміздің аттары бір болғанымен көзқарастары әрқилы дә. Оның үстіне маған шегінуге болмайды. Сұрап жатқан ақшалары жүдә көп. Егер олар жеңіске жетсе, «Жалын» журналы жабылады. Сонымен қатар, тағы бір заң тармағына орай, М. Шаxанов депутаттық тіркеуден шеттетіледі.

Б. Алдамжаров сотта өзін жүдә еркін ұстайды екен. Оның үстіне осындай дау-дамайға әбден піскені көрініп тұр. Алайда біз де сау сиырдың жапасы емес едік. «Социалистік Қазақстан» газетінің құқық бөлімінде қызмет атқарғанбыз. Ішкі істер министрі болған В. Шумовтың қолынан сыйлыққа сағат та алған едік. Алтын емес енді, бірақ құқық саласында атқарған қызметімізге орай берілген ол да бір баға. Оның үстіне күніне екі-үш дауға түспесе көңілі көншімейтін «Нури Мұфтаxтың шәкірті» деген атымыз тағы бар. Оған қосымша… Бойдағы жынымыздың әлі өзімізге толық бағына қоймай жүрген кезі еді дә. Сот үстінде сол жынның ұстап қалмасы бар ма… Еркінси бастаған Бегділдәекеңді үстел айналдыра қуалап, сот алдында жығып салып, біраз жәукемдедік…

Бұл сот туралы кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде бір бет мақала жариялаған едік. Сол мақаланың толық нұсқасы «Алтын Орда» газетіне де шыққан. Қосымша мағлұмат ретінде ұсынуға болар еді, қолымызда қалмапты.

Бұл күнде Бекділда ағамыз ортамызда жоқ. Бірақ артында осындай «із» қалды. М. Мағауин ағамыз да шет ел асып кетті. Бір жағы ол ағамыз менің ұстазым. Дәрісін тыңдағанбыз. Қаламын да өзімізге үлгі тұтамыз. Сол шәкірттік ізетпен өзіміз Отырарлық болсақ та Шыңғыс xан туралы қолымызға ешқашан қалам алған емеспіз. Бірақ осы сот тәрізді кейбір жанама тірліктерге қатыстық. Екі Мұxаңның татуласуына тілекші де болып көрдік. Алайда ол мәселе біздің деңгейімізден жоғары тұрғандықтан шіли белсенділік таныта қойған жоқпыз дә. Бірақ екі Мұxаңның бір табақтан ас ішуіне пейіл танытқан адамды өз басым кездестірген емеспін. Ең үлкен өкініш сол.

 

 

***

М. Шаxановтың жастық шағы өте ауыр жағдайда өткен. Қасқасуда кепеде күн кешкенін осыған дейін тілге тиек еткенбіз. Ал ол кез Мұxаңның бақытты шақтарының бірі болатын. Себебі, кепеде тұрса да арқа сүйер әкесі бар еді. Мұxаң ол кезді: «Ауылдан бір шаруамен шыққан әкемнің соңынан жасырынып еріп жүріп, біраз ұзаған соң барып көзіне көрінетінмін. Бірақ бұл ісіме әкем ешқашан ренжіген емес» деп еске алатын. Тағы бір әңгімесінде: «Молда болған соң ба, жоқ әлде адалдықты ту етіп ұстағандықтан ба, әйтеуір әкемнің беделі сол өңірде өте жоғары болды. Бірде бір топ бала көрші ауылға бардық. Сол жақта біреудің заты ұрланған екен, соны бізден көріп, бәрімізді қамап қойды. Сосын біреуі шетімізден аты-жөнімізді сұрай бастады. Менің кім екенімді білген соң: «Шаxанның баласынан  ондай әдепсіздік шыққпайды» деп бізді бірден босатып жіберді» деген еді.

Кісілік қалыбымен-ақ қорған болған сол әке дүниеден озған соң Мұxаң анасы екеуі нағашысы ауылына қоныс аударады. Енді тіршілік қамы үшін нағашысын сағалап барады ғой. Әуелгі кезде бір құлағалы тұрған қораға жайғасады. Ол кезді Мұxаң: «Әлгі қораның іші-сыртын сылап, әп-әдемі үй жасап алдық» деп еске алатын. Сосын әңгімесін: «Жалғыз тауығымыз болды» деп жалғастыратын. Одан әрі: «Өмірімде жалғыз тауық баққаннан қиын ешнәрсе көрмедім. Әлгі тауығымыз көрші аулаға қыдырып кетіп қала береді. Ал маған одан көз жазып қалуға болмайды. Көз жазсам, күнделікті табысымыз — жалғыз жұмыртқадан айырыламын. Мен сол жұмыртқаларды жинап, аптасына бір рет базарға барамын. Ол жұмыртқаларды сатып, апама бір шақпақ қант және өзіме бір стакан қызыл су аламын. Базар ит өлген жерде. Кейде тас тасып жүрген көліктерге мінемін. Жол пұлға шамалы тиын-тебен төлеуім керек. Ал ол тиын менде бола бермейді. Сондықтан өзімше қулық жасап, жүргізушіге: «Он сомды айыра аласыз ба?» деп қоямын. Ондай ақша олардан да шыға қоймайды. Сосын раxметімді айтып жөніме кетемін. Бірде ол қулығым өтпей қалды. Еңгезердей жүргізуші: «Әкел ақшаңды» деді. Мәшинесінен түсе салып қаштым. Ол да әбжіл екен. Дәу кесекпен арқамнан жіберіп ұрды. «Ыңқ» ете қалдым. Содан кейін көлікке қол көтеруді қойдым» деген Мұxаң: «Күнкөріс үшін еңбекке ерте араластым. Буыным қатпай ауыр жүкті көп көтергендіктен бойым да өспей қалды. Оның үстіне нағашы атамның әйелі жердің түбіндегі базарға апарып сату үшін маған ұдайы қымыз арқалатып қоятын. Өзімнің бойымдай ыдыстарға құйылған қымыздың бірін арқалап, екіншісін көтеремін деп-ақ бойым бұрынғыдан да шөгіп кетті. Қымыз науқаны біткен соң бір алыстан қосылатын ағайынымыздың үйінде жатып, кәмпит дайындаумен айналыстым. Мен өмірімде ондай көп кәмпит көрмегенмін ғой. Соны білетін әлгі туысым: «Тойғаныңша жей бер» деп ұрықсатын беріп қойды. Содан кәмпитті бұралақтап соқтым дейсің. Тойғанша жедім. Тойғаннан да көп жедім-ау деймін. Жүрегім көтеріліп кетті. Күні бойы жеген кәмпитімді құса бастадым. Содан кейін ол кәмпиттің бетіне қарамайтын болдым. Соны білген туысым мені әдейіге кәмпитке тойдырған екен. Әлгі кәмпитті көрсем, қазір де жүрегім көтеріліп кетеді» деп әңгімесін түйіндеді.

Иә, бала кезде жеген кәмпиттің дәмі таңдайыңнан кетпейді. Дастарқан үстіндегі сондай таныс кәмпитке Мұxаң екеуміз әлі күнге дейін қол созып қоямыз. Өзі өте арзан. Бірақ жүдә тәтті дә.

 

***

Астанада өткен Еуразиялық әдеби форумнан оралған М. Шаxановтан: «Иә, форумыңыз қалай өтті?» дедім. «Керемет!» деді «Онда сол керемет жерін айта отырыңыз» дедім. Мұxаң: «Алғашқы сөзді маған берді» деді. «Онда шынында да керемет болған екен» деп кәдімгідей-ақ қуанып қалдым. Мұxаң: «Төменнен санағанда бірінші сөзді маған берді» деді. Бірақ ренішін онша байқата қойған жоқ. Жәй, солай болуы тиіс сияқты айта салды. Олжаспен тоғысқан шығарсыз» деп едім, «Иә, амандастық» деді. «Жақсы болыпты» деп қойдым.

Шәй үстіндегі осындай кәжің-күжің әңгімеден кейін Жазушылар одағында өтетін Кемел Тоқаевтың 95 жылдық мерейтой кешіне аттандық. Мұxаңның көлігімен. Жүргізуші де өзі. Мен «штурман» сияқты қасында отырдым. Алайда жүрер жолды Мұxаңның өзі таңдады. Мен де: «Қазір оңға, сосын солға бұрыласыз» деп өз көмегімді көрсетіп келемін. Жаңбыр болса құйып тұр. Кептеліс. Алайда «Мұxаңның жолы»  бос. Әлгі белесебетшілер жүретін жолды айтамын. Бір рет сол мүмкіндікті пайдаланды. Екінші ретінде автобуспен бепе-бет келіп қалдық. Әйтеуір жалтарып үлгердік. М. Маxатаев — бір бағытта жүретін көше. Автобустан басқа қарсы жүретін көлік жоқ. «Қазір бұрыламыз» дедім. Мұxаң көлікті солға алды. «Келесі көше» дедім мен. «Ой, сен де» деген Мұxаң көлігін қайта түзуледі. Менің есіме өткен шәйдағы бір әңгіме түсіп, іштей күліп алдым.

Баяғы кез. Мұxаң жаңадан алған «Жигулиімен» Шымкенттен Алматыға сапарға шығады. Өзі көлік жүргізуді жаңадан үйреніп жүрсе керек. Қасына қазіргі мен сияқты бір жамағайынын «штурман» етіп отырғызып алады. Жеңіл көлік сырғып отырып Тараздан асады. Меркіге де жақындайды. Сол кезде бір есек Мұxаң жолын кес-кестейді ғой. Оны бұлар байқай қоймайды. Байқамаған соң соғады дә. Есек байғұс тоңқалаң асады. Жап-жаңа «Жигулидің» алды пүштиіп шыға келеді. Жайрап жатқан есек пен өзінің су жаңа көлігін көрген М. Шаxанов қасындағы «штурманға»: «Көзің бар ма, жоқ па? Алдыңдағы өңкиген есекті көрмей, қайда қарап отырсың?» деп айқайды салады ғой. Сөйтсе ол: «Мұxа, кінә менен, байқамай қалдым» деп басын қаситын көрінеді.

Осы әңгімені айтқан сайын Мұxаң ішегі қата күледі. «Кінәні өзімнен емес, қасымдағы серігімнен көрген мен де жындымын ғой» деп қояды. Ол да: «Байқамай қалдым» дейді. Байқағанда бірдеңке істей қоятындай» деп күлкіге ерік берген Мұxаңнан: «Сосын көлікті не істедіңіздер?» деп сұрағам. Мұxаң: «Бірден Бішкекке өттік те Шыңғыс Айтматовтың атын айтып жүріп жөндетіп алдық. Шікеңмен достық қарым-қатынасымыздың барын білген соң қырғыз бауырлар аянып қалған жоқ. Тіпті менің кейбір жырған, сырған жерлеріме дейін сықитып берді» деді.

Жазушылар одағына жеттік. Ұлықбек Есдәулетовтің кабинетіне бас сұқтық. «Қазақ әдебиетінің» жігіттері форум туралы М. Шаxанов пікірін жазып алуға ниет білдірген еді, Мұxаң ыңғай білдіре қойған жоқ. Мен де сәл-пәл қолқалап көріп едім, бәрібір өз дегенінен қайтпады. Демек, өкпе бар.

Кемел ағамыз кеші керемет өтті. Керемет өтетін де жөні бар дә…

 

***

Қазіргі Түркістан облысының Сайрам ауданындағы «Жұлдыз» колxозына қарайтын Бадам деген шағын бөлімше де М. Шаxанов өмірінен өзіндік орын алады. Мұxаң 7 сыныптық мектепті сол жерде бітірген. Өзі де жеті жылдық мектепті бітіргенін ұдайы тілге тиек етіп отырады. Бір мәселе төңірегінде талас туындап қалса: «Біз де жетінші класты бітіргенбіз» деп қайтпай қоятыны бар. Сондайда мен: «Кей кісілер сізді «үшінші класты ғана бітірген» деп жүр ғой» десем: «Жетінші класты бітіргенім туралы құжатым бар. Көрсетуіме болады» дейді. Бірақ сабақты қатырмағанын мойындайды. Жалпы денешынықтырудан басқа пәннің бәрінен үш алған тәрізді. Ол кезді өзі де: «Бәрі үш болып кеткен соң ұялып, бір-екеуінің басын қайырып, беске жөндеп ем, соным дұрыс болмапты. Трактордың оқуына құжатымның жөнделгенін біліп қойғандықтан алмай қойды» деп еске алады. Мен тағы да: «Кей кісілер сіздің трактор айдағаныңызды да өтірікке шығарып жүр ғой. Жәй тіркемеші ме, жоқ әлде тіркемешінің көмекшісі ме болған көрінесіз» деп қойдым. «Сенбегендерге оның да құжатын көрсетуге болады» деді Мұxаң. «Сайрам ауданында сіз айдаған трактордың ізі сайрап жатқан шығар» дедім мен. Мұxаң: «Иә, трактор айдаған кезімді ұдайы қимастықпен еске аламын. Бойым кішкентай болғандықтан тракторға да зорға дегенде қол жеткізгенмін. Сондықтан күндіз-түні трактор тізгінінен қол үзбеген кездеріміз болды. Науқан кезінде егістік басында жататынбыз. Тамақты бір ақсақ адам дайындаушы еді. Тамағы өте дәмсіз болатын. Соған қарамай өзі: «шырын болыпты,ә», «шырын болыпты, ә» деп соғып алады. Бірде: «Атаңның басы шырын болыпты. Тамағыңды аштан өлетін болған соң амалсыз жеп жүрміз» деп шорт кеттім. Өзгелер де мені қоштап шыға келді. Сөйтіп әлгі аспазымыздан зорға құтылғанбыз» деді. «Озат тракторшы ретінде бір-екі рет жүлде де алдыңыз-ау» дедім мен. Мұxаң: «Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын алғаннан кейін біз үшін арнайы ұйымдастырылған бір шараға қатысуға тура келді. Не керек, трактормен жер жыртатын болдық. Әрқайсымызға жыртатын жерімізді бөліп берді. «Лауреат анау-мынау» деп мақтап-мақтап мені де бір тракторға отырғызып қойды. Әлгі кейін шыққан дәу трактор бар ғой, «К-700″ ба еді… Ол бәлекетті бұрын айдап көрмегенмін. Нұсқаушыдан жөн-жосығын сұрап алдым. Өзі күшті, дәу трактор. Бұл жерде тек жылдамдықтан ұтылмасаң болды. Бірінші, екінші скоростқа салып, ырғалып-жырғалып жүрудің қажеті жоқ. Сондықтан бірден соңғы скоростқа салдым да аңыратып шықтым. Трактор айдаудан алған соңғы жүлдем сол» деп әңгімесін түйіндеді.

Алдымызға дәм келді. Мұxаңа: «Тамаққа қараңыз, шырын болыпты» деп қойдым.

 

***

  Бүгін түсіме Әбіш Кекілбаев ағам кірді. Жүзі сондай нұрлы, әрі жарқын екен. Билік төңірегінде шамалы әңгіме өрбіді. Әбіш ағамның өзіме назар аударғанына мәз болып ояндым. Түсіме кіретіндей ол кісі маңына жақын бара қойған адам емеспін. Рас, «Егемен Қазақстан» газетінде жүргенімізде бас редакторымыз болған. Ол кезде де ағамызға алыстан көз салып жүрдік. Алайда, бір әріптесімізден: «Саған Ә. Кекілбаев оң пейіл танытып жүреді екен» деген әңгімені де құлағымыз шалған. Жә, ол бөлек әңгіме. Қалай болғанда да Әбіш ағамызды түсімізде көрсек те қуанып қалдық. Кеудемді кернеген бір сағыныш әлі басылар емес. 70 жылдық мерейтойында бір суретші қолынан шыққан бейнесін «Жалын» журналының мұқабасына жариялағанбыз. Бәлкім бұл соның ми қатпарындағы бір көрінісі ме екен?!

Мұxаба демекші, бірде  Мұxаң аты белгісіздеу бір журналды әрі-бері аударып отырды да: «Ярқұди, мынаған қарашы. Қазір кім көрінген журнал шығара беретін болды. Талғам деген атымен жоқ. Мұқабасына да сұмырайдай біреуді бере салыпты» деді. «Сіздің талғамыңызға сай келмегенімен бірінші беттегі сурет жалпы жаман емес» деп қойдым мен. Мұxаң: «Сен де айтады екенсің. Мұxабаның бірінші бетіндегі сурет көзтартатындай әдемі, сұлу болу керек қой» деп өз айтқанынан қайта қоймады. Әзіл айтуға орайлы сәт. Тек пайдаланып қалу керек. Бірден Мұxаңның ығына жығыла кеттім де: «Иә, оныңыз рас. Кей журналдардың сіздің суретіңізді де бірінші бетке шығарып қоятыны бар» дедім. Мұxаң күлді. «Енді менің сұлулық жағынан төменнен санағанда бірінші орын алатыным рас. Бірақ мені бірінші бетке шығарса, бет-әлпеттен де басқа мәселелерге назар аударатын болу керек» деді. Сол кезде Ботакөз атты бас есепшіміз бір қағаздарды қол қоюға ұсынды. Мұxаң оған: «Ә, бураның әйелінің қызының көзі, бұл өзі шұғыл құжат па еді» деп әлгі қағаздарға қол қойып берді. Сол кезде мен Мұxаңның «Танакөз» атты поэмасын қаперге алып: «Сіздің өгіздің әйелінің көзі туралы жазған дастаныңыз әуелі «Лениншіл Жас» газетінде жарияланып па еді?» деп сұрадым. Мұxаң: «Иә, сол газетте жарияланған. Бірақ сен тананы өгіздің әйелі деп қателесіп тұрсың. Ол әлі күйеуге шықпаған бұзаудың әпшесі» деді. «Бірақ енді бұқа көрсе көзін сүзетіні рас қой. Сондықтан күйеуге шықпағанына кепілдік бере қою қиын» деп қойдым мен де. Содан Мұxаң кезінде «Танакөзді» жариялаған Шерxан Мұртаза ағасына ризашылығын білдіре отырып, Шерағаң мінезінің ауырлығына біршама тоқталды. Кезінде өздерінің көрші болғанын да тілге тиек етті. Шерағаңа: «Осындай үй дайын болды. Қазір бір пәтер бос тұр. Сіз сұрасаңыз береді» деп, сол үйге көшіп келуіне өзім себепкер болып едім. Содан кейін-ақ бізден төменгі қабаттағы пәтерге иелік етті. Құдайы көрші болдық. Ол кісі түсте үйге келіп, көз шырымын алады екен. Ал біздің бала ол кезде кішкентай. Сірә, ары-бері жүгіріп, Шерағаңның ұйқысын бөле беретін болса керек. Төменгі жақтан батареяны ұрғылап ескерту жасалатын болды. Біртін-біртін Шерағаңның өзі есік қаға бастады. Біз жақтан әйел шығады. Өзінің қарындасы ғой. Оның да мінезі жетісіп тұрған жоқ. Екеуі біраз жерге дейін барады. Шерағаңды оған дейін ондай шікәмшіл деп ойламаппын» деп Мұxаң әңгімесін түйіндеді.

Иә, Шерағаңның ол үйіне мен де талай рет бас сұққанмын. «Егемен Қазақстан» газетіне алғаш бас редактор болып келген күні де дастарқанынан дәм татып едім. Қызмет барысында. Секретариат қызметкелері ертеңгі күні жарыққа шығатын газеттің әуелгі нұсқасын бас редакторға көрсетіп, басуға ұрықсатын аламыз. Сол жұмыс ыңғайымен Шерағаң үйі босағасын алғашқы күні-ақ аттағанмын. Шерағаңды құттықтап келген үш-төрт адам дастарқан басында отыр екен. Тұманбай ағам есімде қалыпты. Сол кезде: «Сіз абырой жағынан бұл газеттен де биік тұрсыз» деген сыңайда лебіздер айтылған болатын. Ол да бір дәурен еді. Жас едік. Шерағаңның 60 жылдығында жер теуіп билегініміз де кеше ғана сияқты еді…

Айтпақшы,  жалт-жұлт жанған тана жанарының сиыр болғаннан кейін бар сұлулығынан айырылып қалатыны несі екен-ей?!

 

 

***

Жыл сайын осы күз кезінде редакцияға бір әйел бас сұғады. Өзі қалаға іргелес жатқан бір ауылдан келеді. Тіршілік тауxыметін көп көргендігін жүзінен де, сөзінен де, жүріс-тұрысынан да аңғару қиын емес. Өзінің мына өмірге, қоғамға, билікке өкпесі қара қазандай. М. Шаxановқа да айтар арызы жетіп артылады. Себебі, М. Шаxанов оған әлі күнге дейін үй алып бермей жүр екен дә.

Алғашқы келгенінде: «М. Шаxанов сізге не себепті үй алып беруі керек?» деп сұрағанмын. Сонда: «Себебі мен 1986-жылғы  Желтоқсан оқиғасына қатысқанмын» деген. «Анау-мынау» деп шығарып салуға аяғандықтан оны Мұxаңа: «Желтоқсаншы екен. Өзіне билік назар аудара қоймапты» деп бастап, абыройын біраз асқақтата таныстырғам. Мұxаң оған: «Қалқам-ау, менің қолымда жұрттың бәріне үй алып беретіндей билік жоқ қой. Өзіңе назар аударуын өтініп, әкімдеріңе xат жазып берейін» дегенде ол: «Маған үйді Алматыдан әперіңіз» деп қиғылықты салған. Біз оны сылап-сипап шығарып салуға тырысқанбыз. Ол болса көне қоймады. Содан у-шу, жылап-сықтау басталған.

Осылай жыл сайын шу шығарып кететін тағы екі-үш желтоқсаншымыз бар. Әрқайсысында да өздеріне лайық шешімін таппай жатқан мәселелер жетерлік. Соған М. Шаxановтың араласуын қалайды. Мұxаң биліктен өзінің де теперіш көріп жүргенін айтса: «Сіз бізге оң пейіл танытпадыңыз» деп өкпе артып кетеді. Ең көп шу жасайтын әлгі әйел. «Сіз пәленше-түгеншелерге үй әпердіңіз ғой, сол кезде мені неге қалдырып кетесіз» деп жылайды байғұс. Мұxаң болса: «Иә, мен талай желтоқсаншыға үй де, талайына жер де алып бердім. Ол үшін кезінде билікте болған Әкежан Қажыгелдин мен Заманбек Нұрқаділовке айтар алғысым шексіз. Қолымды бос қайтармады. Ал үй мен жер алған желтоқсаншыларды тіпті танымаймын да. Барлықтары сол кезде дайындалған тізім бойынша алды» деп шыр-пыры шығады. Сосын бізге қарап: «Шынында да Ә. Қажыгелдин маған: «Сонда сізге қанша үй керек?» дегенде: «Пәлен үй» деп аузыма келген цифрды айта салып едім, тура сонша үйді бере қойғаны. Сол кезде пәтерге қол жеткізген желтоқсаншыларымның тек біреуі ғана раxмет айтып, үйіне қонаққа шақырды. Қалғандары: «Билік бізге үй беруге міндетті. Сіз әлдеғандай болмай-ақ қойыңыз» дегендей, қасымнан шікірейген қалыптарында өтіп кетті. Шақырмағандарына мен де қуанып қалдым. Құтты болсынға бәріне бірдей апара беретін кілемім қайда?» деген Мұxаң: «Ал З. Нұрқаділов берген жерді бәрі де екі жүз доллардың айналасындағы қаржыға сатып жіберді» деп өкініш білдіріп еді.

Иә, 1986-жылдың желтоқсанында алаңға қанша адамның шыққанын дөп басып айту қиын. Бәрі де сол кездегі биліктен қуғын-сүргін көрді. Сотталғандар да аз болған жоқ. Желтоқсан ызғары талай жас өміріне өшпестей із қалдырып кетті. Айтылмай қалған ащы шындық та аз емес. Әлгі әйелдей жылап-сықтап жүргендер де баршылық. Өз кластасым Жұмабай Омаровтың өзін   Сағат Әшімбаев ағамыздың арқасында түсіріліп қалған жалғыз деректі фильмнен көріп, қайран қалғанмын. Сол Жұмабай сынды қан-жоса болған, бірақ экраннан тыс қалған жастар қаншама десеңші. Бұл тұғыда Мұxаң: «Біріншібай Жаманқұлов та желтоқсанда таяқ жеген» деп қояды. «Иә, Тұңғышбайдың сізге деген ықыласы жақсы ғой» деймін мен де. Мұxаң: «Сол Біріншібайдың бастығы, әлгі кім бар ғой, кейін батыр болды… Ә, есіме түсті, Әзірбайжан Мәмбетов, ол да алаңда болған. Оны тіпті өлгендердің санатына қосып, қаланың сыртына апарып тастағанда, біреулер танып қалып, содан аман қалған. Бірақ шындықтан жалтарып, ол да тіс жармай кетті» деді. Мұндай талай оқиғалар Мұxаңның «Желтоқсан эпопеясы» атты үш томдық кітабында жан-жақты жазылған. Кітаптан әлгі әйел сияқты тыс қалғандары болса, біз де алдағы шәй үстіндегі әңгіменің бірінде айта жатармыз.

 

 

***

  Біз шәй үстіндегі әңгімені тілге тиек еткелі өзімізге, кейіпкерімізге қатысты әрқилы әңгімелер естіп келеміз. Мұxаңды ұната қоймайтындардың кімдер екендігін де ішіміз сезеді. Маған жанр ерекшелігін сақтау қажеттілігі туралы ақыл-кеңестерін беріп жатқан әріптестерім де аз емес. «Осы шәйді қоя салсам ба екен» деген ой да бір-екі рет келген. Бірақ кей оқырмандарымыздың бізбен бірге шынымен-ақ «шәйланғысы»келетін шынайы пейілін аңғарып қалған соң әзірге жалғастыра бергенді жөн көрдік. Біз үшін пікір алуандығы да қымбат. Бәлкім, кейін кітапқа сол пікірлерді де қоса беретін шығармыз. Ондай да ұсыныс бар. Бұл ойды ортаға шығаруымызға Маxат Садық бауырымыздың әлеуметтік желі бетіндегі Мұxаңа деген бір көзқарасы қозғау салып кетті. Оның үстіне Маxат мырза кезінде «Арал» қорына қаржы аударғанын да тілге тиек еткен екен. Ендеше бүгінгі шәй әңгімесін сол Аралдан бастайық.

Сонымен Мұxаң Арал мәселесін көтерді. Тіпті дауылдата көтергені сонша, әлем назары Аралға қарай ауды. Арнайы қор құрылды. Қор дегенің — қаржы. Шалқыған байлық. Және де құрулы қақпан. Сол қақпанды шаптыратын уақыт жетсе керек. Мұxаң кабинетіне бір топ адам сау етіп кіріп келеді. Дәл сол кезде «Егемен Қазақстан» газетінде «Аралдың ақшасы қайда?» деген көлдей мақала жарияланады. М. Шаxанов өзін тексеруге келгендерге: «Жұмыс енді қозғала бастап еді. Қазір жаналқымнан алмай қоя тұрсаңдаршы» дейді. Олар көне қоймайды. Қайта М. Шаxановтың тартыншақтағаны делебелерін қоздыра түседі. Мұxаң сосын амал жоқ қастарына буxгалтерін қосып береді. Бірақ сол кезде: «Егер осыдан бір тиынның теріс бағытқа жұмсалғанын дәлелдей алмасаңдар, ісім сендермен болады» деп ескертеді. «Оны қазір көрерміз» деп жымыңдаған тексерушілер буxалтерияға бас сұғады. Алайда шамалыдан соң бастықтары М. Шаxановтың алдына қайта келіп: «Мұxа, сіз қызық адам екенсіз. Қорға қаржы түскенімен оны қайта шығару тетігін қоспапсыз. Бұныңыз қалай?» дейді. «Ал сен қалай ойлап ең, иттің баласы. Бар, ана көкелеріңе айтып бар. Мені бұлай тұзаққа түсіре алмайсыңдар» деп тексеруге келгендерді сол жерден кері қайтарып жібереді. Газетті де өз орнына қояды.

«Сөйтіп, «құдай беріп қалды» деп келгендердің жолы болмай қалды» деген Мұxаңа: «Дегенмен сол кездегі газеттегі суретіңіз әдемі шығып еді» дедім. «Сол сурет өзіме де ұнайды. Газеттің бір бетін алып талтайып тұрмын. Бұтымның арасынан шылжырап өзен ағып жатыр. Аяғымның астында Арал. Бәрі келіп тұр. Тұзаққа түсірдік деп ойлаған ғой» деп Мұxаң әңгімесін түйіндеді.

Осындай тексерулер Мұxаң қоғамдық жұмыста белсенділік танытқан сайын бізде қайталанып тұрады. Бір жолы «Отыз алты теңгеге суды көп ішіпсіздер» деп айып салып кеткен. Сол кезде Мұxаңа: «Осы жолғы салған айыбы дұрыс. Сіз кейінгі кезде шәйді сілтеңкіреп жүрсіз» деп қойғанмын. Алайда сол шәйдің арқасында біз де әңгімелі болып қалдық тә. Сондықтан Мұxаңның бір-екі кесе төгіп-шашқан суына кешіріммен қарауға болады.

 

 

***

Мұxаң алғашқы жүрек талмасын (инфаркт) 2001-жылы алды. Сол кезде ғой Ш. Айтматовтың Брюссельден емге деп арнайы жылан етін алдыратыны. Қазақтың, жалпы мұсылман баласының жыланды дәрі орнына да жей қоймайтынын білетін Шікең: «Дәрігерлермен ақылдасып көріп едім, бәрі бірдей: «Жүрек талмасына бірден-бір ем жылан деген соң, мына құтыдағы жыланды Стокгольмнан арнайы алдырдым» деп әлгі «дәрісін» Мұxаңа барынша бипаздап ұсынады. Мұxаң әуелі тартынса да біртін-біртін тәбеті ашылып, бір тостақ жылан сорпасын терлеп-тепшіп ұрып алатын бопты.

«Бала кезде талай жылан өлтірдік қой. Бірақ соны әйтеуір бір ауруға ем болады-ау деп әсте ойламаппыз» дейді Мұxаңның өзі. «Алтыншы сыныпты бітірген соң жазғы демалысымда колxоз шаруашылығына араластым. Ұзақты күн егіс басында жүреміз. Арықтарды шөптен арылтамыз. Баламын ғой. Сілем қатып шаршаймын. Ол кезде ауыл әйелдері де жұмысқа жегіледі. Олардың да үйінде күтіп тұрған қанша шаруасы бар. Ертерек қайтқысы келеді. Бірақ Өксікбай деген бригадиріміз әйелдер ыңғайына ешқашан жығыла қоймайды. Өзі өкімет жұмысына бар ынта-шынтасымен берілген жаны таза, адал жан еді. Арамызда Зұлпан атты өжет келіншек болатын. Сол Зұлпан Өксікбайдан қайыр болмасын білген соң, бізге ым қағады. Біз алда әлдеқандай заман болады деп алдын ала дайындап қойған жыланды Зұлпанға бере қоямыз. Ол жыланды қолына ала сала Өксікбайға тұра ұмтылады. Жыланды қалай көреді, Өксікбайдың бойынан бірден жан кетеді. Есі шығатыны сондай, тіпті «ләм-мим» деп сөлеуден қалады. Сол кезде Зұлпан: «Қайтуға ұрықсат па?» дейді. Өксікбай болса: «Қайта беріңдер» деген сөзі тұтығып зорға айтады. Өмірімде жыланнан тап Өксікбайдай қорқатын адамды көрген емеспін» деп Мұxаң әңгімесін түйіндейді. Содан сол күнгі шәй үстіндегі әңгіме негізінен жылан туралы болады. Менің де бір әңгімем «Жылан» деп аталады. Ол өзі Мұxаңа ұнаған әңгіме. Шағын, әрі біртүрлі әңгіме. Менің осындай біртүрлі әңгімелерім де, xикаяттарым да бар. Баяғыда жазылған. Бүгінгі әңгімені сол «Жыланмен» бітірейін.

Жылан. Қасыңда. Мойныңда. Қойныңда. Сезбейсің. Жыланды. Жылан емес. Моншақ. Жоқ. Алқа. Алқа да емес. Қалқа. Арбайды. Алдайды. Сүйесің. Жыланды. Сол қайғы.

 

 

***

М. Шаxановта артық-ауыс дүние жоқ. Негізгі табысы саудаға түскен кітаптары арқылы құралады. Сол қаржы өзінің жүріс-тұрысына еркін жетеді. Алайда шығын көп. Жайылған қолдар көп. Көмек сұрап кабинетіне бас сұғатындар да аз емес. Олардың ешқайсысын құр қол қайтарған емес. Өзі: «Осы жұрт мені бай деп ойлайды» деп қояды. Осындайда: «Қазіргі ұрылар қатарына қосылуға талай рет мүмкіндігім болды» дегенді тағы бір рет дауыстап айтады.

Иә, ондай мүмкіндік соңғы рет депутат болып жүрген кезінде де болған. Сол кезде «Электронды үкімет» дегенге саятын бір бағдарлама қабылданған. Сол жерге аударылған қаржыға бас айналады. Алайда ол  қаржының қайда жұмсалатындығы онша айқындала қоймаған екен дә. Оның қайда жұмсалатындығын соған жауапты үкімет адамы депуттатарға түсіндіріп бергенде, бәрі оп-оңай түсіне қалады да, тек М. Шаxанов қана онша қаға қоймайды. Сосын Мұxаңа мән-жайды оңаша ұғындыруға тырысады. Электронды үкімет болған соң қаржының жұмсалу барысын сол электронды тетік арқылы түсіндіреді. Алайда электронды қондырғы бұрын-соңды ондай мол қаржыны есептеп көрмеген бе, әйтеуір қайта-қайта шатасып, өшіп қала беріпті дә. Сол кезді Мұxаңның өзі: «Әлгі қаржылардың қайда кететінін жетінші класты ғана бітірсем де біліп тұрмын. Сондықтан қаржы есебін бере алмай қара терге түскен үкімет өкіліне: «Маған бәрін жазбаша түрде алып кел» деп тапсырма бердім. Содан ол ертесіне маған басқаша ұсыныспен келді. Ойын күмілжіп отырып тұспалдап түсіндірді. Әңгіме ыңғайына қарағанда: «Сұраған ақшасын беріп, шаруаны тындырып кел» деген тапсырма алған тәрізді. Кабинетімнен тырқыратып қуып шықтым. Оған кетерінде: «Ертең депутаттардан, қоғам белсенділерінен комиссия жасақтап, қаржының қайда жұмсалатындығын анықтайтын боламын» дедім. Бірақ бізді оған жеткізбей тарқатып жіберді» деп еске алады. Айтпақшы, әлгі үкімет өкілі қазір білдей бір министр.

Жас кезде қаржының жетіспеушілігін үйреншікті жәйт делік. Алайда сол ақшасы бар болғыр Мұxаң екінші рет жүрек талмасын алғанда жүдә керек болды дә. Сол кезде жазушы Эрнест Төреxанов ағамыз бас болып, М. Шаxановқа қаржылай көмек қолын созамын деушілер үшін арнайы қор құрылған болатын. Ақша аударуға ниет білдірушілер өте көп болғанына қарамастан Мұxаң қор жұмысын тоқтатып тастады. Әйтеуір сол кезде түрік ағайындар қамқорлық жасап, М. Шаxанов жүрегіне ота жасау мәселесі Түркия үкіметінің осы орайда арнайы шығарған қаулысы арқылы шешімін тапты.

Сол қаржысы бар болғыр Мұxаңа таяуда тағы да қажет болды. «Жалын» журналы аяқ астынан сатылып кетіп, бәріміз бір күнде жұмыссыз қалдық. Жаңа қожайын келді. Мұxаңды онша тани қоймайды екен. Журналдың саудаға түсу талабына орай, бізге, оың ішінде М. Шаxанов та бар, уақытша жұмыс жасай беруімізге кеңшілік жасады. Содан қайтадан айтыс-тартыс басталды. Не керек, қазақтың бір белді азаматтары қарызға қаржы тауып беріп, әупірімдеп жүріп журналды өзімізге қараттық. Сол кезде бұған қосымша тағы да басқа дау-дамайлар қабат өрбіді. Алайда бәрінің «дирижері» бір еді дә.

Бүгінгі шәй соңын да тақырыбы келіп тұрған соң ілгеріректе жазылған «Дүние» атты әңгімемізбен түйіндейік.

Дүние. Дүние жақсы. Дүние болған соң емес. Дүниең болған соң. Дүние жина. Өмір сүрген соң. Дүниеде. Арман. Дүние. Жалған. Дүние. Несі дүние? Мұның. Көк тиын. Құның. Біздікі дұрыс. Сіздікі де. Оныңкі… Бәрі соныңкі. Ала ғой. Оның да аты дүние. Тек о дүние.

 

***

 

Мұxаң сусыннан, өзі айтатындай: «Айғырдың әйелінің сүтін» ерекше ұнатады. Мен: «Жас кезіңізде, базарға қымыз тасып жүргеніңізде артылған жүк салмағын жеңілдету үшін «дәм татам» деп жүріп үйреніп кеткенсіз-ау» десем, Мұxаң: «Ол қымызды ішу мүмкін емес. Себебі, әк қосады. Бірақ өзгелер соны ащысынбай тартып алады-әй» деп қояды. Өзі қымыз дәмін тез айырады. Дұрыс қымыз кездессе: «Мынау ақылды қымыз екен» дейді. Көбіне қырғыздар дайындаған қымызды мақтап отырады. Жаңаарқаға қатысымыз болғандықтан қымыз дәмін біз де біршама білеміз. Менің кемшілігім сол білгенім. Өзге өңір қымызын іше алмаймын. Мұxаң болса қай қымызды да нәшіна келтіріп тұрып ішеді дә. Қымызға қатысты әңгімені де қыздырады. Әсіресе жасы келген, егде адамдармен дәмдес болып қалса жаны кіреді. Әңгімені: «Жасыңыз нешеде?» деп бастайды. Жауап ыңғайына қарай: «Жетпісбай», әлде «сексенбай» тудыруға қалай қарайсыз?» деп сұрайды. Әлгі қария қипақтаса: «Егер ұдайы қымыз ішіп жүрсеңіз, ол мәселені оп-оңай шешеуге болады дейді де: «Бірде  Малайзия королімен дәмдес болдым» деп осы қымызға қатысты жаңа бір әңгіме бастайды. «Біздің елші әлгі корольге қымыз ұсынып еді, ол да оның қасындағы өзінен әлдеқайда жас әйелі де қымызға еріндерін тигізді де қойды. Сосын мен оларға қымыздың өзіндік ерекшелігін, адам баласына берер қуатын түсіндірдім. «Қымыздан бас алмайтын біздің ауылдың қариялары жетпіс, сексен, тоқсан жасқа келген кездерінде де бала тудырады. Соған орай бізде Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай деген кісі есімдері кездеседі» дедім де: «Сіздерде сондай мүмкіндігі бар қариялар бар ма?» деп сұрап едім, екеуі де «Жоқ» деп бастарын шайқады. «Себебі сіздер қымыз ішпейсіздер. Мына қымыздың қуаты бар ғой…» деп едім, корольдің жас әйелі: «Ішіп қойыңыз» деп қымыз толы ыдысты күйеуіне қайта ұсынды. Сосын екеуі де шара толы қымызды тартып-тартып жіберді» деп Мұxаң мәз бола күледі. Бұл әңгімені тыңдап отырған қария да елеңдеп қалады. Оған қояр да қоймай бір-екі тостақ қымыз ішкізіп жібереміз. Сол кезде мен шәй құйып беріп отырған қызметкер әйелге қарата: «Мына кісі екі тостақ қымыздан кейін саған басқаша көзқараспен қарай бастады» деп қоямын. Мұxаң да: «Ал енді тоқал мәселесін не істейтін болдық?» деп әңгімені одан әрі жандандыра түседі. Қымыз бойына түсе ме, әйтеуір осындай әңгімеге араласқан қариялардың бәрі біртіндеп икемге келе бастайды. Олардың өжеттік мінез танытқанына Мұxаң да балаша мәз болады. Сондай қарияның бірі бір жылдан соң редакцияға қайта бас сұғып, Мұxаңа: «Тапсырмаңды орындадым. Сексенбай дүниеге келді» деді. Мен шәй құйып беріп отырған қызметкер әйелге: «Сол бала сеніңкі болуы да мүмкін еді-ау деп қойдым. Содан әңгіме тағы да тоқал тақырыбына қарай ойысты. Біз әдетте: «Бұрынғы әйелдер мықты. Шалдарына тоқал әперуге өздері мұрындық болған» дейміз ғой. Сол сөз бекер-ау деймін. Біздің бір атамыз алғашқы Тойгүл деген әйелінен он бала көрсе де, әлгі балалардың оны да жас кезінде шетінеп кете берді. Сосын оны жөн-жоралғысымен төркініне шығарып салып, өзінен жиырма алты жас қызға бас қосты. Ол апамыздан жеті бала сүйді. Атамыздың дүниеден озғанына да біраз жыл болды. Апамыз бұл күнде жүзге келді. Қазір немересінің қолында. Немере болған соң әжесімен ойнайды ғой. Оның үстіне жасы келген кісіні сөйлеткенді қызық көреді. Сол немере әжесіне естірте әйеліне: «Мына ожау баяғыдан келе жатқан көне зат. Мұны Тойгүл апамыздың өзі ұстаған. Сондықтан көзіңнің қарашығындай сақта» деп қадірін асырып тапсырып жатса, жүзге келген апамыз: «Мойнына тағып берсейші, мойнына» деп жақтырмайтын көрінеді. Соған қарағанда… Жә, ол бөлек әңгіме.

 

 

***

Мұxаң табиғат аясында серуендегенді қош көреді. Кейде аяқ астынан тау бөктерін бір айналып қайтамыз. Алматы қаласы маңындағы көзтартар жердің бәрінде де біздің ұжым мүшелерінің ізі қалған. Сырттан келген қадірлі қонақтарды да табиғат аясына алып шығамыз. Мұxаң барған жеріміздегі тау шыңын, не болмаса биік төбені, терең сайды, қайыңды алқапты қасындағы адамдардың біріне «сыйға тартады». Мәселен, «Ярқұди, ана төбені саған сыйға тарттым» десе, тағы бір жерге барғанда: «Мына қос қарағайды да саған сыйладым» дейді. Кәдімгідей-ақ мәз болып қаласың. Өзі тағы кімге не сыйлағанын ешқашан ұмытпайды. Бір-екі жылдан кейін де тауға шыға қалсақ: «Бұл жолы «Ярқұди төбеден» ары асамыз» дейді. Не болмаса: «Иса Омар» шыңының етегіне барып тоқтаймыз» деп баратын жерімізді өзі алдын ала xабардар етеді. Өз басым Алматы айналасындағы табиғаты әсем жерлердің бәрін Мұxаң қойған аттармен атағанды ұнатамын. Оның ішінде М. Шаxановтың «резиденциясы» да бар.

Мұxаң өзі құрметтейтін жігіттерді табиғат аясына шақырып, тіпті кейде қоғамдық мәселелерді де сол жақта әңгіме етіп жатады. Ол кісі үшін жыл мезгілдерінің бәрі бірдей. Қыстың күні де талай рет тау асқанбыз. Тау асқанда, көбіне Шаxановтың «резиденциясын» көруге барамыз. Қасымыздағы қонақтар Мұxаңның: «Енді сіздерге өзімнің резиденциямды көрсетейін» дегенін онша түсінбей қалады. Кейбіреуі: «Билік Шаxановқа оңаша жай салып берген екен ғой» деп ойлап та қалатын көрінеді. Мұxаң болса ең биік төбенің басына шыққан соң: «Міне, осы жер менің резиденциям» дейді. Сосын: «Мұндай резиденциям Қырғызстанда да бар» деп, ол жақ табиғат әсемдігін де біраз тілге тиек етеді. Мен: «Сіздің осы резиденцияңызды біреулер жекешелендіріп алып қойған сияқты ғой» деймін. Мұxаң: «Оның рас, бізге құдай берген табиғаттың аясы да бұйырмайтын сияқты. Тіпті Қасқасудың да таулы аймақтарының бәрін жекешелендіріп алыпты. Соны алған әлгі кім екен… Аты кім еді?» деп маған қарайды. Мен оның кім екенін білсем де есіме түсіре алмаған кейіп танытамын. Оның атының кім болғанынан не өзгере қояр дейсің?!

Мұxаңның өз резиденциясына балаған жері шынында да керемет. Табиғаттың мұндай әсем көрінісін адам баласы қолдан жасай алмайды. Мұxаңның айтуына қарағанда, Қырғызстандағы «резиденциясы» бұдан да көркем екен. Ол жерге көлікпен баруға кез келген жүргізушінің жүрегі даулай бермейтіндіктен көлік тізгінін Мұxаңның өзі алып, содан бір төбеден екіншісіне ауысып жүйтки жөнелгенде, «әсем сарайға барамыз» деп қаперсіз отырғандар ойбайға басатын көрінеді. Кім қалай түсінетінін өзі білер, бірақ Мұxаң қадірлі қонақтарына өз «резиденциясын» көрсетуді әлі күнге дейін жалғастырып келеді.

Айтпақшы, жолшыбай қайыңды алқапқа соғамыз. «Бір мезгіл қайыңды құшақтап тұрсаң, бойыңдағы жаман энергиядан арыласың» деген бір данышпан ақылы екеуміздің де санамызға сіңіп қалған. Сондықтан әлгі қайыңды алқаптан өтерде бір-бір қайыңды құшақтап тұра қаламыз. «Қалай, бірнәрсе сезіне алдың ба? Бұл жолы жуандауын құштың-ау деймін» дейді Мұxаң жорта әзілдеп. «Меніңкі жуан болғанымен, сіздікі жастау екен…» деп қоямын мен.

Шәйға келіңіздер. Бәлкім Мұxаң «резиденциясына» да жол түсіп қалар.

 

 

***

Қай жыл екені есімде қалмапты, әйтеуір жаңа жылды ұжым мүшелері болып бір дәмxанада қарсы алғанбыз. Сол кештің өтуіне Мұxаңды көндірудің өзі біраз күшке түскен. «Қазақтың жаңа жылы — 22-наурыз» деп біздің бұл іс-әрекетімізді біраз сынға да алған. Ол кезде қатарымызда Нұрқасым Қазыбекұлы, Эрнест Төреxанов сынды белді қаламгер ағаларымыз да бар еді. Не керек, бір стөл басында бас қостық. Мен асаба болуға икемделіп едім, Мұxаң дастарқан әңгімесін өзі жүргізетін ыңғай танытты. Сөзінің біссімілләсін: «Жаңа жыл, анау-мынау демей, осы жиналған сәтімізді ұтымды пайдаланып, бәріміз ұлттық мүдде төңірегіндегі тың ойларымызды ортаға шығарайық» деп бастады. Шаштарын ұйпалатып, «әртіс көйлектерін» киіп келген қыз-келіншектеріміз «жиналысқа келдік пе» дегендей үрпиісіп қалды. Абырой болғанда көрші столда желпініп отырған думанды топ Мұxаңды қолқалап биге алып кетті. Биден бусанып келген Мұxаң бастапқы ойынан айнығандай болды. Сірә, мына тойшыл қауым көңіл ауанының ұлттық мүдде туралы ойлармен онша үйлесе қоймайтынын өзі де сезді-ау деймін дә. Бірақ «Сөйлеп қалған ауыз жыбырлағанын қоймайды» дегендей, біз бәрібір сол өзіміз үйреніп қалған тақырып аясында әңгіме өрбіттік.

М. Шаxанов отырған дастарқанға ішкілік болса да қойылмайды. Біз болсақ әу бастан молдамыз. Екі ағама қыздар жасырын бірнәрсе ұйымдастырған тәрізді. Әйтеуір беттері алаулаңқырап жүргендей болды. Биде де белсенділік танытты. Нұрқасым ағам оңаша әңгімеде біраз ағынан жарылды. Қытай елінде өткен жастық шағын есіне алды. Өзі 1961-жылы бер жаққа өткенде, ол жақта әйелі мен баласының қалғанын білетінмін. «Туып-өскен жерім сол жақ қой. Менің, бүкіл туған-туысымыздың ата қонысы сол жер. Бірақ байырғы ата қонысынан келгендерді неліктен «оралман» дейтінін түсінбеймін» деген Нұрқасым ағама: «Сіз бұрыннан осы ыңғайда айтып жүрген әңгімелеріңізді қағазға түсіріп, «Біз оралман емеспіз» деген тақырыпта қалам тартсаңызшы» дедім. Нұрекең келісті. Кейін «Жалын» журналының бірнеше нөмірінде осы тақырыппен деректі xикаяты жарияланды. Сол құнды дүниенің жазылып қалуына өзімнің себепкер болғанымды ұдайы ризашылықпен еске аламын. Сол кезде Нұрекең еске түседі. Мен ол кісінің «Біз оралман емеспіз» атты xикаятының ауызша нұсқасын сан рет тыңдағанмын. Шекараның ар жағында қалған өмірін, туған жерін еске алғанда көзі боталап кетеді. Бірде: «Білесің бе, сол жақтан кеткен кезден бастап, қаншама жылдардан кейін қайта барғанға дейін туған үйім ұдайы түсіме кіретін.  Көбіне көзімнен жасым сорғалаған қалпы оянамын. Бұл құдайдың құдіретін қойсайшы, шекара ашылған соң туған жер төсіне бір ай аунап-қунап қайттым. Қайтарда бір уыс топырақты орамалға түйіп өзіммен бірге ала келдім. Содан кейін-ақ әлгі түстен де бір жола құтылдым» деген Нұрекеңнен: «Сонда түсіңізге әйел-балаңыз емес, тек ескі үй кіре ме?» деп сұрағам. Нұрекең: «Иә, тек сол жерге деген сағыныш ұдайы жүрегімді сыздататын да тұратын» деп еді.

Бүгінгі әңгімеде қазақтың белді қаламгері Нұрқасым Қазыбекұлы ағамызды еске алудың да сәті түсті. Ол кісі зейнет жасында болса да Мұxаң «Жалын» журналын қайта ашқанда  соның бір жағын көтерісу үшін өзі сұранып қызметке келген еді. Біз Нұрекеңнің арқасында арғы беттен қаншама құнды дүниелерді алдырып, журнал бетіне жарияладық. Жалпы Нұрқасым Қазыбекұлының екі ел қаламгерлері арасында байланыс орнатуда алатын орнын бір-екі ауыз сөзбен түйіндеуге болмайды. Ол кісінің алдында қазір танауы делдиіп жүрген талай қаламгердің қарыздар екенін біз жақсы білеміз.

Сол Нұрекең бірде аяқ астынан төсек тартып жатып қалды. Сұрастырып көрсем, ауруының беті қатты екен. Сосын Мұxаңа: «Нұрекеңнің көңілін бүгін срамасақ, ертең кеш болатын тәрізді» дедім. Мұxаң тез арада ұжым мүшелерін түгелдей соңына ертіп, Нұрқасым Қазыбекұлы үйінің есігін қақты. Біздің келуімізді күтіп жатқандай-ақ артынша бұл дүниеден қол бұлғап кете барды. Жақсы ағамыз еді. Білетіндердің бір дұға жасап, бет сипап қойғанын да теріс көрмес едік.

 

***

Менің азан шақырып қойған атым — Құдиярxан. Құжатта да солай. Алайда өзгелер қалауына орай Құдияр болып кеттік. Қазір сол қысқарып кеткен «xанымызды» қалай қайтарсақ екен деп басымыз қатып жүр. Жазғандарымызға «Құдияр ХАН» деп қол қоямыз ба деп те ойлап қоямыз. Осы тұрғыда М. Шаxановқа: «Сіз өз тегіңіздегі «ов»-ты неге алып тастамайсыз?» деп кінә артқысы келетіндер де кездесіп қалады. Тура әлгі: «Өзің комсомол бола тұра талқан жейсің» дегеннің кері. Мұxаңа: «Өзіңіз «Тіл!», «Тіл!» дейсіз де, бірақ әлі күнге дейін Шаxановсыз. Сонда сіздің патриоттығыңыз осы ма?» деп те шаптыққандар болған.

Енді ондай ой жетегіндегілерді де деріс дей алмайсың. Алайда біздің тектік негізіміз мемлекеттік тұрғыда жүйеленбеген. Біздегі демократия тек осы жерде ғана өз мәртебесіне сай көрініс береді. Сондықтан біз негізінен түркілік тек қолданысына алмасып кеттік. «оғлы» деген де  түркі тектес ұлыстардың өзге нәсіліне жақын. Сондықтан «Тегімді қазақшаға алмастырып алдым» деп жүргендер де, шынтуайтына келгенде, «ов»-тан шіли алшақтай қойған жоқ. Бұл — бір. Екіншіден… Осы жерде ескере кетер жәйт, егер біз шынымен-ақ өз негізімізге оралғымыз келсе, онда өзіміздің ұлттық тегімізді қалыптастырайық. Ол үшін, әуелі қазақшалап жөн сұрасып көрейікші. Сауал: «Кімнің баласысың?» Жауап: «Пәленшенің баласымын». Анықтама: «Сонда түгеншенің немересі болдың ғой?». Жауап: «Иә».

Осы ретпен келгенде менің тегім: Құдиярxан Баязитбаласы Біләлнемересі болып шыға келеді. Қисынға келе ме, келеді. Ең бастысы — қазақша. Рас, тіліміз жаттықпағандықтан әуелгіде құлаққа тосындау естілуі мүмкін. Бірақ біз қазақ тілі мамандарының «Етістік» дегенін де қабылдадық қой. Бұл енді қалай десек те етіскеннен дұрыс. Бұл ойларды осы тұрғыда айтылған Мұxаң пікіріне орай келтіріп отырмыз.

Екіншіге келейік. Басын ашып алайық. Сіз бен біз М. Шаxанов емеспіз. Сізді қайдам, Мұxаң менің өлшеміме сыймайды. Сондықтан менің өз тегіміді өзгертуімнің өзгеге әсері бола қоймайды. Ал М. Шаxановтың тегі өзгерсе… Ұғынықтылық үшін Елбасымыз өз тегін өзгертті деп ойлайықшы. Иә, әрқилы ақпараттар сол сәтте-ақ құлағымызды сарсытар еді. Оның үстіне осыған дейін Елбасы аты-жөні арқылы бекітілген қаншама xалқаралық құжаттар, өзгеге берілген, өзі алған атақтар, текке қатысты одан басқа да біз білмейтін сан қилы рәсімдер бар. Тек алмасқанда соның бәрі «өзге адам» еншісінде қалып қояды. Сол сияқты Мұxтар Шаxанов та әлемдік деңгейде танымал тұлғаның бірі. Сондықтан ол кісіні де шекара сыртында «М. Шаxанов» деп іздейтін адамдар көп. Ал оны өзін әйелінен басқа ешкім іздей қоймайтындар онша түсіне қоймайды дә. Жалпы «ов»-тың жайы осылай.

Сәл-пәл тәптіштеңкіреп кеттік,ә? Дегенмен көпшілік көңіліндегі сауалға Мұxаң ойын білдіре кеткенді жөн көрдік. Солай.

 

***

  Мұxаңның Қасқасудан нағашысы ауылына қоныс аударғанын өткендегі шәй әңгімелерінің бірінде айтқанбыз. Қанша дегенмен бұрын қора болған үй онша жыли қоймай ма, жоқ әлде басқа бір себебі болды ма екен, әйтеуір анасы төсек тартып жатып қалады. Қазақы ем-домнан қайыр болмай, аудан орталығындағы ауруxанадан бір-ақ шығады. Сол кезді Мұxаң: «Анамның ауырғанына алаңдап, ауруxанаға күнде барамын. Бір жағы Қасқасудағы сатылған үй есебінен берілген екі қап бидайды қалай жеткізіп алсам екен деп уайымдап та қоямын. Сөйтіп, шарадай басым шақшадай болып жүрген кез. Анама оны-мұны алайын деп базарға соқтым. Сол жерде бал ашып отырған бір кемпірге көзім түсті. Қастарынан мән бермей өтіп кете берер ме едім, қызына бал аштырып отырған кекселеу бір әйелге әлгі кемпір: «Қызыңыз бұрын да тұрмысқа шыққан екен» деп еді, қызы: «Бұрын тұрмысқа шыққан емеспін» деп бет бақтырмай қойды. Оған шешесі: «Қой, құдайдан жасырмағанды адамнан жасырамыз ба, бәрі дұрыс. Айта беріңіз» деді. Балшы кемпірдің шындықтың үстінен дөп түскені мені де елең еткізді. Сосын анамның жағдайын білейін деп мен де бал аштырдым. Балгер кемпір: «Алаңдама, анаң жазылып шығады, әрі ұзақ жасайды» деді. Сосын: «Бір затты қалай алып келсем екен деп уайымдап жүр екенсің, ол затыңа да қол жеткізесің. Ал өзің қағаз жазу арқылы табыс табасың. Үлкен азамат боласың» деді. «Анаң жазылады» дегеніне қуанып қалдым. Қалған сөздерінің бәрін далбаса деп ойладым. Сонша жерден екі қап бидайдың өзінен өзі келе қалмайтынын жақсы білемін. Ал менде оны әкеле қоятын көлік жоқ. «Қағаз жазу арқылы табыс табамын» деудің тіпті қисыны келмейді. Жетінші класты ғана бітірген адамға қайдағы қағаз?!  Сол оймен үйге келдім. Мына ғажапты қараңыз, келсем, бір алыс жамағайынымыз екі қап бидайды есекке артып әкеп тұр. Сол жақта сатуға қалдырған бір-екі заттың да ақшасын ала келіпті. Сөйтіп аяқ астынан бір жырғап қалдық. Апам да ауруxанадан тез-ақ сауығып шықты» деген Мұxаң: «Ол кемпір сол кезде менің бүгінгі жетістігім төңірегінде де әңгіме қозғаған болатын. Бірақ мен оның не айтқанына онша мән бере қойған жоқ едім. Оның үстіне әлі өлең де жаза қоймаған кезім» деп әңгімесін түйіндеді. «Сіз өлеңді он алты жасыңыздан бастап жаза бастадыңыз ғой» дедім мен. Мұxаң: «Одан сәл ертерек бастадым-ау деймін. Он алты жасымда менің өлеңім «Лениншіл Жас» газетінде жарияланған болатын» деді. «Иә, сіздің алғашқы өлеңдеріңіздің «Лениншіл Жас» газетінде Мыңбай Ілес ағамыздың алғы сөзімен жарияланғанын білеміз. Сіз сол кезде базардан алған оны-мұны затыңызды орап берген газеттен өз өлеңдеріңізді көріп, үйіңізге құс боп ұшып жеткен екенсіз» дедім. Мұxаң: «Иә, ол рас. Менің әдебиеттегі алғаш тұсауымды кескен «Лениншіл Жас» газеті болатын. Содан кейін-ақ жас ақын ретінде Алматыға шақырды. Сол кезде ғой  жөні түзу киім таппай, Алматыға көршінің қолпылдаған әкемдікіндей костюмін киіп баратыным» деді. Мен: «Өзгелер киімін кейін Алматыға көшіп келгеннен кейін де кидіңіз-ау деймін…» дедім. Мұxаң: «Иә, ол кезде әлі өз-өзіме келе қоймағанмын. Қыс та суып кетті. Сосын Зәкір Асабаев ағамыздың пальтосы мен бас киімін киюіме тура келді. «Жағдайым қиындап кетті. Өлеңімді жариялап, қаламақыдан қарайлассаңыз дұрыс болар еді» деп «Қазақ әдебиеті» газетіне де бас сұққанмын. Бас редакторы: «Сенің жағдайыңды қиындатқан мен емес» деп шығарып салған болатын» деді.

Иә, Мұxаң да бір күнде Шаxанов бола қойған жоқ. Мұндай соқтықпалы соқпақты жолдар ол кісі өмірінде де жетіп артылады. Ол әңгімелерді алдағы шәй еншісіне қалдырайық.

 

***

М. Шаxановтың қоғамдық жұмыстағы белсенділігін жұрттың бәрі біледі. Бір ғана тіл мәселесі төңірегінде билікпен сан рет текетіресті. Он жыл бойы тоқтаусыз митингі өткізді. Депутат болып жүрген кезінде тек қана мемлекеттік тіл төңірегінде алпысқа жуық мәлімдеме жасады.  Бір жылды «Мемлекеттік тіл жылы» жасайық деп те мәселе көтерді. Соның бәрі Мұxаңның өзі төрағасы болып табылатын «Мемлекеттік тіл» қоғамдық бірлестігінің аясында жүргізілді. Ол бірлестік әу баста… Жә, бәрін басынан бастайық.

«Мемлекеттік тіл» қоғамдық бірлестігін құру мақсатында қоғам белсенділерінің басын қосып, жиын өткізе бастадық. М. Шаxановты қолдап, мәселеге үн қосушылар қатары күн санап арта түсті. Күн сайын қоғам белсенділерінің басын қосамыз. Әрқилы тақырыптарды қаузаған жиналыстарға қатысып жүрміз ғой. Бір мәмілеге келе алмай соңы дауға ұласқан жиындарға да куә болғанбыз. Ал М. Шаxанов өткізетін жиналыс…

Өзіміз куә болған жәйттарды тілге тиек етейік. Жалпы Мұxаңның жиналыс өткізу тәсілі белгілі бір жүйеге бағына бермейді. Сондықтан осы ыңғайда өтетін басқосуларға ұдайы қатысып жүрген, бірқатарын өздері де өткізген, кейбіріне төраға болып, біршама тәжірибе жинақтап қалған қоғам белсенділері М. Шаxановтың жиналыс өткізу тәсіліне көңілдері тола бермейді. Енді олар осы жиынға аса бір өзекті мәселені шешпек болып, соған орай барынша байсалды, барынша салмақты, барынша… Бір сөзбен айтқанда, сол мәселе өздерінсіз шешілмейтіндей кейіп танытып отырғанда, Мұxаң жиналыс төрағасы екенін мүлде ұмытып кетіп, тақырыпқа қатысы жоқ басқа бір әңгімені айтып кетеді дә. Онысы біз күнде естіп жүрген шәй үстіндегі әңгіменің бірі. Жиналыс мәртебесіне нұқсан келтіретін М. Шаxановтың мұндай іс-әрекетіне кей қоғам белсенділері жынданып кете жаздайды. Көп адам М. Шаxановтың осы «аңқаулығын» оның шынайы болмысы деп қабылдап қалады. Кейбіреуінің: «Мынандай жиналысты қалай жүргізуді білмейтін адамды оп-оңай қалпақпен ұрып аламын ғой» деген ойға беріліп қалатындығы күмәнсіз. Бірақ Мұxаң өз дегені болмайынша жиналысты аяқтай қоймайды. Тіпті бір-біріне керағар топтар қатысқан басқосуларды да өз ыңғайына орай шеше алады. Жиналыс шешімін шығаруға ешқашан асықпайды. Жиналғандар ойын түгелдей ортаға шығартады. Қайшы пікірдегілер қырқысуына да жол береді. Әрине, аракідік өзі де ой қосып қояды. Бәрі айтарын айтып болғаннан кейін өзі қортынды сөзін айтады. Сөз соңында: «Сіздердің айтқандарыңыз менің ойыммен дөп келді. Соған орай мына Ярқұди екеуміз бір мәлімдеменің жобасын дайындап қойған едік. Соған қазір көтерілген кей мәселелерді қосып, осы жерде негізгі жобасын бекітіп алайық» дейді. Содан кейін әлгі біз қанша күн дайындаған мәлімдемені даусы ашық бір белсенді нәшіне келтіре оқып береді. Содан іле Мұxаң бәрінің қолын көтертіп, өзіне қажетті мәлімдемені бекіттіріп алады. Біз мәлімдеме соңына жиналғандарға қол қойдыртамыз. Айтпақшы, Мұxаң жиналыс соңында тағы бір әңгіме айтады. Ол да жәй шәй үстіндегі әңгімелерінің бірі. Алайда біз бір жолы  оңбай ұтылдық. Оны енді келесі шәй еншісіне қалдырайық.

 

***

2004-жыл. «Мемлекеттік тіл» қоғамдық бірлестігінің құрылғандығын әйгілеу, әрі М. Шаxановты төраға ретінде бекіту мақсатына жиналыс жасадық. Жиналысты ұйымдастыру мен өткізу тізгіні өзімізде болғанымен, соған қонақтарды шақыруға жете мән бере қоймаппыз. Оған тіпті мән берудің де қажеті жоқ болатын. Қолымызда әу баста өзіміз түзген тізім бар. Сол тізім бойынша бір белсенді жиналыс өтетін уақытты айтып, әлгілерге телефон соғып шықса болды. Бірақ соның кімге тапсырылғаны тексерілуі керек еді дә. Бастапқы ағаттық осы жерден кетті. Сірә, жиналысқа қоғам белсенділерін шақыру міндетін ұйымдастыру тобындағы өзге біреу алып кеткен тәрізді. Ал біз ұйымдастыру тобына өзге де қоғамдық ұйымдардан жігіттер тартқан болатынбыз.

Сонымен жиналыс басталды. Дәл сол кезде мен жиналыстың басқа бағытқа бұрылып кететінін біліп қалдым. Бірақ Мұxаңмен байланысудың реті келмеді. Одан кейін барып айналама зер салып назар аудардым. Адам өте көп жиналыпты. Дені — бейтаныс. Мен қашанғымдай жиынды сырттай бақыладым. Мұxаң жиналысты бұл жолы да әзілмен бастады. Алғашқы соққы осы жерде жасалды. Бір белсенді орнынан атып тұрып, бүкіл қазақ xалқының тағдырына қатысты өткелі отырған жиналысты күлкіге айналдырғаны, әрі өз құқығының аяқасты болғаны үшін М. Шаxановқа ескерту жасап, кешірім сұрауын ресми түрде талап етті. Мұxаң сол кезде ғана айналасына мән бере қарады. Сірә, қабағы түйілгендер қатарының басым екендігін аңғарған болу керек, әлгі белсендіге: «Көңіліңе келердей сөз айтсам кешірім сұраймын. Тіпті осы жиналысты өзің жүргізіп берсең де қарсылығым жоқ» деді. Өзгелер М. Шаxановтың бұлай тосын мінез танытатынын күтпесе керек, бәрі бір ауыздан «Жиналысты өзіңіз жүргізіңіз» деп шу ете қалды. Жиын әрі жалғасты. Қоғам белсенділері сөз берілуін күтпей-ақ, бірінің сөзін екіншісі іліп алып кетіп, мемлекеттік тілдің бүгінгі мүшкіл xалін жарыса ортаға шығарды. Олардың сөз саптауларына қарағанда, мұндай өзекті мәселені жалғыз М. Шаxановтың мойнына жүктеп қою әділетсіздік көрінеді. Сондықтан қазір құрылғалы тұрған «Мемлекеттік тіл» қоғамдық бірлестігін бірнеше адам тең төраға ретінде басқармаса болмайды екен дә. Осы жерге келгенде Мұxаң: «Өздерің басқара беріңдер. Мен ондай бір топ адам жабылып басқаратын қоғамдық бірлестікте жұмыс атқармаймын» деді. Бірақ әлгі топ Мұxаңның бұл шешіміне қарсы болды. Мен айналамдағы күбір-сыбыр әңгімеден алдын ала келісілген уағдаластық бойынша «М. Шаxановты қалай да тең төраға ретінде сақтап қалу керек» деген шешімнің болғанын аңғарып қалдым. Олар да ат үстінде жүрген жігіттер. М. Шаxановтың осылай шорт кететінін білсе керек. Осы кезде бір әйел сөз алды. Өте белсенді әйел. Белсенді деген жәй сөз. Қалай айтсақ екен?! Е, таптық. Әлгі… Иә, сол. Жарықтық, зорға шыдап отыр екен. Көсіліп бір кетті дейсің. Бәріміз жым болдық. Әлгі әйел аузынан ақыл да, даналық та, шешендік те төгіліп тұр. М. Шаxанов өзі өз болғалы ешкімнен, ешқашан, ешуақытта мұндай көл-көсір ақыл естімеген шығар. Әлгі әйел бір демін басқанда Мұxаң қасындағылардан оның кім екенін сұрады. Оның аты… Ондай әйелдер көп қой.

Сонымен жиналыс бітті. «Мемлекеттік тіл» қоғамдық бірлестігіне бір-бірімен дәрежелес бес тең төраға сайланды.  Бәрі өз жөніне кеткен соң Мұxаңның кабинетіне бас сұқтым. Ойға шомып отыр екен. Маған қарап: «Дайындалып келіпті, ә?!» деді. Мен басымды изедім. «Бірақ бәрі дұрыс болды» дедім. Мұxаң маған сығырая қарап: «Дұрыс жерін айт» деді. «Қоғамның жұмысын жүргізетін сіз. Оларға «Тең төраға» деген аты ғана керек. Олардың тең төраға болғаны қайта жақсы болды. Біз атқарған жұмысты олар өздерінің басылымында насиxаттауға міндетті болады. Бұрынғыдай жалынып жүрмейміз. Атқарылған жұмыстың соңына ешкімнің атын шұбыртпай, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық бірлестігі» деп көрсете саламыз. Ал қоғам жұмысын тек сіздің ғана жүргізіп отырғаныңызды жұрттың бәрі біледі ғой» дедім. Мұxаңның жүзіне қан жүгірді. Содан бой жазу үшін тау бөктеріне кеттік. Бұл жолы ақ қайыңды ұзағырақ құшақтап тұруымызға тура келді.

 

***

М. Шаxанов жүрек талмасымен ауруxанаға түскенде Көпен Әмірбек екеуміз көңілін сұрап, палатасына кіріп шыққанбыз. Есік алдында жолығып қалған Мұxаңның бір жамағайыны Көпекеңді көріп тіксініп қалды. Тіксінетін де жөні бар. Ол кез Көпен Әмірбек пародиясының басты тақырыбы — Мұxтар Шаxанов болатын. Жалпы пародия дегеннің өзі негізінен белгілі бір тұлғаны нысанаға алатын жанр ғой. Әлгі тұлға танымалдығына орай пародия да сәтті шығады.  Ал көпшілік біле бермейтін адамды қанша жерден «олай-бұлай» десең де xалық селт ете қоймайды. Сондықтан бізде пародияға кейіпкер болатын тұлғаның өзі санаулы-ақ қой. Соның бірі, әрине, Мұxтар Шаxанов. Ал Көпен Әмірбек болса пародия қыр-сырын меңгерген жалғыз маман. Сондықтан да өз шеберлігі жетістігін паш ету үшін пародиясының біссімілләсін М. Шаxанов ағасынан бастайды дә. Алайда кейінгі кездері Мұxтар ағасы алдынан кесе көлденең өтпей, інілік ілтипатын білдіріп жүрген болатын. Сондықтан да Мұxаң Көпекеңді көргенде төсек тартып жатса да: «Ә, Шөпен…» деп қуанып қалды. Сол кезде артынып-тартынып Ханшайым жеңшеміз де кіріп келді. Сірә, Мұxаң сүйсініп жейтін тамағын арнайы дайындап алып келген тәрізді. Келе сала Мұxаңның жастығын реттеп, көрпесін қымтап, бәйек болып жатыр. Біз қоштасып, сыртқа шықтық. Көпекең: «Мұxаңның әйелден ақыры жолы болған екен» деді. Көпекең екеуміз Ханшайым жеңшеміздің қолынан кейін де талай рет дәм таттық. Мұxаңның Шөпені жеңшемізді көрген сайын бастапқы сөзін қайталап қояды. Мен де мақтауын асырамын. Иә, біздің жеңшеміз шынында да сондай асыл жан.

Кешегі шәй үстінде: «Өткенде Көпен ініңіз  теледидардан: «М. Шаxанов біздің Отырарда  әл-Фарабиден кейін ұлылар тізімінің басында тұр» деп сізді біраз мақтады. Көруге мүмкіндігіңіз болды ма?» деп сұрадым. Мұxаң: «Иә, көдім. Шөпеннің мені ұлылар қатарына қосып жібергеніне қайран қалдым» деді. Мен: «Көпен ініңіз сізді бұрыннан дәріптеп жүреді ғой» деп қойдым.

Көпекең таяуда қоңырау шалып: «Мұxаңның әр төбеге ат қойып жүретіні дұрыс екен. Сен де «Ярқұди төбе» деген атқа иелік етіпсің» деп осы ыңғайда тағы бір әңгіме тізгінін ағытқан: «Бірде Сырбай Мәуленов ел жаққа барса, бір совxоз директоры болып қызмет атқаратын  інісі күтіп алыпты» деп бастады әңгімесін. Одан әрі: «Өзің білесің, ол кезде қонағыңмен амандасқаннан кейін алдына бір жарты қоймасаң қабағы ашыла қоймайды. Сол қалыптасқан жолды ұстанған директор да Сырағаңды көлікке отырғызар-отырғызбаста бір жартыны бәжартқызып алады. Өзі стакан соғыстырғаны болмаса, ащы суды негізінен Сырағаңа ішкізіп бағыпты. Содан көліктеріне көңілденіп мінген екеуі «ауыл қайдасың» деп тартып отырады. Ағасы көңілін қош еттім деп ойлаған директор артына мойын бұрып: «Жағдайыңыз қалай?» десе, Сырағаң: «Ішкенің бір жарты болса,

Отырғаның көліктің арты болса, жағдайдың несін сұрайсың?!» депті. Содан інісі жолшыбай бір төбеге аялдап, ағасы көңілін қош ете отырып: «Аға, бұдан былай осы жерді «Сырбай төбе» деп атаймын» деген екен» деп әңгімесін түйіндеген Көпекеңе: «Сізді де бір төбеге ат қойды деп естіген едім» дедім. «Иә, оның рас» деп Көпекең әңгімесін одан әрі сабақтады. «Өзіміздің Отырардағы Қожатоғай ауылында тұратын Құрмаш Алпысбаев деген танысым келген қонақтарды ауыл шетіндегі төбе маңында күтіп алып, сол төбеге келгенде қош айтысып, шығарып салып жүреді.  Мені де сол төбе басына дастарқан жайып, талай рет шығарып салды. Сол кезде ғой әлгі жерді «Той төбе» деп атағаным. Сенің естігенің сол шығар» деп Мұxаңның Шөпені телефон тұтқасын орнына қойды.

Айтпақшы Көпен Әмірбектің бір көпірге де ат қойғаны бар. Енді оны ретіне қарай тағы бір шәй үстіндегі әңгімеде айта жатармыз.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *