ПАХАННЫҢ АЖАЛЫ (хикаят)

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Алаш», «Дарабоз» әдеби сыйлықтарының иегері. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген «Алаш тарихының ақиқаты» атты республикалық бәйгесінің жүлдегері. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Азаттық аясында» атты республикалық жыр мүшәйрасының бас бәйгесін иеленген. «Қазақстанның Құрметті жазушысы», «Құрмет» орденінің кавалері.
1
Еңбек демалысы бітіп, кабинетке енгені сол көп дүниені басынан кешкен, небір сырға қанық көне қара телефон шар ете қалды.
– Капитан Ғұсманов тыңдап тұр.
– Сәлеметсіз бе? – Әйелдің даусын жазбай таныды, кеңсе басшысы –Гүләйім.
– Сәлеметсіз!
– Жұмысқа шығуыңызбен!
– Рақмет!
– Мында сізге басшылықтың қолымен жүктелген тапсырмалар бар, алып кетсеңіз…
– Қазір.
Қалалық ішкі істер бөлімінің құзырына түскен арыз-шағымдарды әкеп, орнына жайғасты. Шекесіне бұрыштама соғылған қағаздарға жеке-жеке үңілді. Өйткені істің қылмыстық ауыртпалығына қарай әрқайсының мерзімі, атқарылу әдіс-тәсілдері бар еді.
Сүзіп шығып, қарақшылықпен дүкен тонаған қылмыскердің ісін ең үстіне қойды. Осы кезде кабинетте қатар отыратын Манар әріптесі есікті серпе ашып, ішке енді. Оның өзінен бұрын қою мұрты көзге шалынады.
– О-оу, жұмысқа шығуыңмен!
– Қал жақсы ма? – Атып тұрып, қол алысып, құшақтаса кетті.
– Қалай демалдың?
– Демалыс қашан да жақсы ғой… – Күле жауап қатты.
– Біз мында сүрлігіп жүрміз, қылмыс, арыз-шағым көп. – Өкпелеген баладай қомпылдай сөйледі.
– Байқадым, жұмысқа кемей жатып, бірнеше іс маған жүктелген екен.
– Солай, солай…
– Қазір бастыққа кіріп шығайын деп, әуелі құжаттармен танысып отырмын…
– Николай Кузьмичке әзірлікпен бару керек, ештемеден жаңылмай бәрін жадында сақтайтынын білесің…
– Иә… – Онымен келіскендей әріптесінің өңіне назарын аударды. – Демалыстан соң, қол үзіп қалған шаруаға бірден дендеп кету де қиынырақ.
– Іске сәт. – Манар папкасын үстелінің үстіне лақтырып тастады да, сырт киімін шеше бастады.
Ал Сарман қағаздарын көтеріп, Грибановқа жөнелді. Подполковниктің қабылдау бөлмесіндегі үйме-жүйме кісі таңертеңгілік болады да, мұндай мезетте саябырситын. Соны көздеп, оңтайлы уақытты таңдаған еді. Әйтсе де әріптестер легі үзілмепті, қылмысты іздеу бөлімі басшысының орынбасары кіруге әзірленіп отыр екен.
– Қайырлы күн!
– Қайырлы күн! Жұмысқа шығуыңызбен! – Хатшы қыз күлімсірей жауап қатты. Сосын, өзі сияқты кезек күткен капитанмен қол беріп амандасты.
Николай Кузьмич әдеттегі қатқылдау қабағымен қарсы алды.
– Подполковник мырза, саулығыңызды тілеймін! – Кірген бетте қалшиып тұра қалды да, тәртіп бойынша амандасу рәсімін жасады. Ол қолымен алдындағы столды нұсқап, «кел» деген ишара білдірді. Нық басып кеп, жайғасты.
– Қалдарыңыз жақсы ма, Николай Кузьмич?
– Жаман емес.
– Жұмысқа шықтым, бірден сіз жүктеген тапсырмаларды алдым. Бәрін қарап, таныстым. Арасында қарақшылықпен бутикті тонаған Жулиннің ісі күрделілеу сияқты. – Бастығының жүзіне назарын тоқтатты.
– Тергеу жүргізу тәсілін саған үйрететін емес – жақсы білесің, тәжірибең жетеді.
– Әрине, толықтай ашуға тырысамын…
– Уақытың жеткілікті, бірақ жайбасарлыққа салуға болмайды, күдіктіні кеше әкеп қамаған, – деп ескертті.
– «Қылмыстық іске қатысты қосымша тапсырмаларыңыз, нұсқауыңыз бар ма?» деп келдім…
– Кесімді екі ай мерзімде тексеру амалдарын тиянақты жүргізіп, толықтай аяқтаған жөн, ГОВД бастығы полковник Кузнецовтың талабын білесің. – Грибанов қос ұрты салбырай, шаршаңқы кепте бұған көзінің қиығын тастады. – Нақты фактілермен жасаған қылмысын мойнына жүктеп, «айыпталушыға» айналдыру керек. Ол – бұрын бірнеше мәрте сотталған кәнігі қылмыскер. Іс – сотқа жетуі тиіс, ұқтың ба? – Төменгі жағы қанталаған көзі үшбұрыштана қалыпты.
– Құп болады, түсіндім! – Әлгінде Жулиннің қылмыстық тарихымен танысқанда оның 27 жыл темір тордың арғы жағында отырғанын білген.
Сарман кабинетіне оралғаннан соң, қайта құжаттарды сүзіп шығып, қарақшылық іске шұқшиды. Бәрі ұғынықты болуы үшін ең әуелі зәбір шеккен сатушы Ләтипа Тұрованың арыз-шағымын оқыды. 1994-ші жылғы 7-ші қазан күні белгісіз біреу таңертең 8.40-тардың шамасында дүңгіршек дүкеннің маңына таянып, есікті қаққанда сатушы «әлі жұмысын бастамағанын» айтқан. Әлгі беймәлім адам «сендер тәуліктің 24 сағатында істей беретін едіңдер ғой» дейді. «Жоқ, жұмысты әлі бастаған жоқпын, күте тұрыңыз» деген оның жауабына қитыққан бөгде кісі «аш» деп, дүрсе қоя берген. Тіксінген сатушы ашпаған. Міне сол кезде жанынан тапаншасын суырып ап, дүмімен терезені шағып, қолын созып ілгекті өзі ашқан. Ішке кіріп, қарсылық танытқан әйелді шықшытынан бір қойып, құлатқан. Онымен тынбай тепкілеген. Сатушы есеңгіреп қалғанында кассасындағы бар ақшасын сыпырып алып, дереу табанын жалтыратқан. Ешқандай кедергісіз қызыл түсті жигули машинасына мінген де тайып тұрған. Ол үптеп жөнелген сома – 17 200 теңге еді.
Жәбір көріп, жапа шегушінің шағымы бойынша іске кіріскен қылмысты іздеу бөлімінің қызметкерлері мен кезекші тергеуші оқиғаға қатысы бар адамдарға түсінік жаздырғанда жеткілікті түрде айғақтардың болуын қамти алмаған. Өйткені, қалған детальдарды істі жүргізетін тергеуші түгендейтініне әбден сенімді тәрізді. Бір жағы оларда уақыт та тапшы. Тек жәбірленуші Л. Тұровамен беттестіріп, оның «шабуылдаушы – осы» деп тап басып таныған дәлелі бар. Соның негізінде күдіктіні уақытша қамаған.
Қалған түсініктемелер бойынша бытпырақ көп те, «көрдік», «әлдебір даңғазаны естідік» дегендей қажетті мәліметтер аз. Куәлер әлгі мезетте сол маңда жүргендерінен, жәбірленушінің «тонап кетті» деп айқайға басып жатқанынан өзге мандытып ештеме айтпаған. Басқадай дәлелдейтін айғақты зат та, куәгер де жоқ. Бәрі – шектеулі. Ілік етер дәйектен жұрдай. Қолын байлап, қыжалатқа салатын нәрсе осы болатынын топшылады.
Көңілінде дүдәмалмен қалып қойған дүние – зәбір көріп, жапа шегуші әйелдің шағымында «тұтқиылдан тап берген қарақшының қолында тапаншасы болды» деген сөзі. Ол соның дүмімен терезені шаққан…
Қарақшылықпен дүкенді тонаған кісі ұсталғанымен айыбын бұлтартпай мойнына қою үшін қажетті көп дүниелер жетіспейтінін ұқты. Ең басты қылмыстың құралы – тапанша тәркіленбеген.
Сарман әрі-сәрі халде үн-түнсіз тынды. Мына іс бойынша енді заң мен ережеге сүйене отырып, тергеу амалдарын жүргізуі керек. Кімнен, неден бастау қажеттігін долбарлап, іштей пісіріп көрді. Өзінің өндірісіне алған қылмысты ашып, оны сотқа жіберу үшін екі ай уақыты бар. Бір қарағанда әжептәуір мезет, бірақ заң ережелеріне сай бюрократтық процедура уақытын жеп қояды. Қылмыскерді Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүйесінің арнайы тексеруінен өткізу үшін екі ай кетеді. Көкейінде Николай Кузьмичтің «жайбасарлыққа салма» деген ескертуі тұрды. Қайткенде де тергеу жүргізу процесін жылдам әрі сапалы орындауы тиіс. Істі күдіктімен кездесуден бастауды құп көрді.
Күдікті ретінде ұсталып, уақытша тергеу абақтысында отырған Арканиан Жулинді сағат 15.00-ге тергеу бөлімінің жауап алатын камерасына әкелуді тапсырып, өзі түскі үзіліске шықты.
Кесімді уақытта тергеу жүргізетін камераға төмен түсті. Есігінде беліне келдек байлаған қос қарауыл тұр екен. Ішке өтті. Қуықтай бөлмедегі шағын үстел басында атпалдай азамат отыр. Бұған мойнын бұрып та қараған жоқ, қаққан қазықтай қалшиып қалған. Жанына таянып, жайғаспас бұрын кескініне сынай көз жүгіртті – кісі екен деп міз бағатын емес.
– Қайырлы күн, азамат Жулин, – деді. Сол кезде ол селқос жүзін бұрып, ернінің ұшын жыбырлатты.
– Қайырлы күн.
Көзінің қиығымен тергеушіні бір шалып өткенде – жанарынан нұр шашқан жап-жас жігітті байқады. Әбден адам танып үйренген тісқаққан әккі, болмашы аударған назарымен-ақ қадалған жерінен қан алатын сұсты көре алмады, көңілінде «е-е, тергеу гипнозын меңгермеген, әлі піспеген көкжасық неме екенсің ғой» деген байлам бекіді. Ал, Сарман қылмыс қазанында ақсөңке боп қайнап, кессе етінен қан шықпайтын қаражүрек қатыгезді көрді. Тарыдай қарашығынан бүккен сырын алдырмайтын таудай қамалды аңғарды.
– Мен – капитан Ғұсманов, сіздің ісіңіз бойынша тергеушімін. Аты-жөніңіз кім? – Аты-жөнін сұрау әдеткі тәртіп еді.
Ат жақты, қыр мұрынды, сұсты адамның тілдесуге зауқы жоқ екені өңінен білінеді.
– Жулин Арканиан. – Тісінің арасынан әзер сөйледі.
– Қазақстан Республикасының азаматы Ләтипа Тұрованың шағымы бойынша сіз оның сауда киоскісіне 1994-ші жылғы 7-ші қазанда сағат 8.40-тар шамасында қарақшылық шабуыл жасапсыз. Қолыңыздағы тапаншамен терезені шағып, есігін ашып, өзін соққыға жығып, кассадағы 17 200 теңге ақшасын тонап кетіпсіз.
Тісін-тісіне басып сызданған күдікті жылан көздерін тергеушіге қадап:
– Мен ондай ештеме жасаған жоқпын, бәрі – жалған, – деді.
– Қалай бәрі жалған болады, жәбірленуші сізді танып, қылмыскер екеніңізге куәлік берген. Өзіңізден тергеуші жауап алған.
– Менің қылмыскер екенімді сот қана анықтайды. – Сазара ысылдай үн қатты.
Мынаның райынан етінен ет кессең де шімірікпейтін бірбеткейлікті, психологиялық қорғанысының мықты екенін байқады. Мұны бас-көз жоқ қорқытып-үркіту амалымен ала алмайтынын аңдады. Алдаусыратып сөйлеу және нақты айғақтарды көлденең тарту арқылы ғана дегеніне мойынсұндыратынын топшылады.
– Тергеу – айыбыңызды бәрібір мойныңызға қояды, сондықтан қолыңызбен істегеніңізді мойынмен көтерген дұрыс. Орыстарда қалай еді, «ерте отырсаң – ерте шығасың» деген сөз бар ғой. Өз жаныңызды өзіңіз қинап төрт қабырғаға қарап отыра бергеннен, тезірек айыбыңызды мойындап, жеңіл жазамен, бостандыққа шығуды көздеген ұтымды болмақ. – Сөзін іркіп, қандай әсер байқалар екен деп барлай қарады. Алдында міз бақпайтын қара тас… – Сіз асықпасаңыз, біз де асықпаймыз, ақиқаттың түбіне жетпей тергеу тоқтамайды. Осыны дұрыс түсінсеңіз, менімен мәміле тауып, қылмысты мойындай шынайы өкінсеңіз, жеңіл жазамен құтылуыңызға жәрдемдесемін. – Жанарын бедірейген жүзіне тоқтатты – қанын ішіне тартып, сұрланып алған. – Осымен алғашқы танысуымыз аяқталды, егер айтатын сөзіңіз болып жатса, мені қалай табуды білесіз…
– Сен бәрібір ешқандай қылмысты аша алмайсың, өйткені мен оны жасаған жоқпын! – «Сен» деп, түйеден түскендей ләм қатты.
– Қанша тырысып, ішке бүккеніңізбен – ашылады!
Сарман орнынан тұрып, сыртқа беттеді.
Күдікті еш кінәсін мойындамады, мұндайда айыпты мойнына қою үшін бұлтартпас айғақты дүние керектігі мәлім. Сарман ең бірінші оның уақытша ұстау 72 сағат мерзімі біткенше ертең түске дейін прокурордың санкциясын алып, қылмыстық іс қозғаған жөн деп ұйғарды.
Сол күні кабинетінде сарсылып отырып, әзірге қолында бар айғақтарды түгелдей жинақтады. Солардың негізінде тасымалды жазу машинасын шақылдатып, күдіктіні екі айға қамауға алу жөнінде қаулысын әзірледі. Қаулымен бірге жеке қылмыстық карточка толтырды. Істің фабуласын даярлап, ең үстіне қойды. Онда: «1994-ші жылғы 7-ші қазанда, сағат шамамен 08.40-да Зырян қаласында белгісіз біреу «Ғарышкерлер» көшесінде орналасқан дүңгіршекке тапаншамен (белгісіз маркалы) шабуыл жасаған. Нәтижесінде жәбірленуші Ләтипа Тұроваға 17 200 теңге материалдық шығын келтірілген. Ол – Ұлттық банктің бағамы бойынша 3 440 АҚШ долларына шақ.
Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында ішкі істердің қалалық бөлімі қылмыстық іздеу қызметкерлері күдікті А. Жулинді анықтап, ұстады. Ол – 1949-шы жылы Ресейдің Нижний Новгород қаласында туған, бұрын бірнеше рет сотталған, Зырян қаласының тұрғыны. Жауап алынғаннан кейін оған айып тағылып, Зырян қаласы прокурорының санкциясымен уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды» деп жазылған.
Ертеңінде дәйекті құжаттар жиынтығын көтеріп, прокуратураға барды. Қалалық прокурор Шағайбаев қырықтың үстіндегі жігіт еді, Сарманды жылы қабылдады.
– Кел, төрлет, – деді мұны байқасымен.
– Қайырлы күн! Қалыңыз жақсы ма? – Табалдырықтан сәлемдесе аттады.
– Тергеушінің төбесін көрген сайын «тағы бір қылмыскер ауыздықталды» деп қуанамыз. – Күректей қасқа тісін ақсита күлді.
– Рақмет, жұмысымызға оң баға бергеніңізге! – Сарман да жымиған қалпы, қолындағы құжаттар жиынтығын прокурордың алдына қойды.
– Кімнің қылмыстық ісі?
– Қарақшылық шабуыл жасаған Жулин жайында.
Жинақ буманы ашты. Әр бетіне ыждаһатпен үңіліп, оқи бастады. Әлден уақытта Шағайбаев:
– Куәгерлерің әлсіз екен, фактілер аз, – деп, тергеушінің жүзіне көзәйнегінің астынан қарады.
– Иә, сол үшін маған уақыт керек, әрі тергеу процесін тиянақты жүргізуге оның қамақта отырғаны қажет.
Әр парақты шұқшия оқып шығып, істің барысын байқады да тергеушінің ұйғарымына келісімін берді. Қылмыстық карточкадағы «күдіктіні ұстау амалы» деген жолақтың тұсына «тұтқынға алу», «мерзімі екі ай» деп жазды. Сосын, қолын қойып, мөрін басты.
– Ал, іске сәт! Ресей түрмесінде де отырған бұл адамның қалай да сотқа тартылуы қажет.
– Сол мақсатта тырбынып жатырмыз.
***
Алыстан мұз тауларды көргенде Айсынның жүрегі атқалақтап жөнеледі. Қарлы ақбас шыңдар арман жолындай өзіне тартады да тұрады. Сосын соған жеткенше асығады.
Қалада өссе де иен шатқалдар бұған қызық, түйсіз құздар бұған ыстық. Сондықтан көңілі алабұртып ұшарын бұлт көмкерген тауларға қарағыштай береді. Жаздың ыстығында да қар жауып, боран тұратын шың қойнауы, адам айнала алмас жатаған шатырлар – жаны рақат табатын ғаламат орын.
Халқы ығы-жығы ортадан гөрі ең қамқор жандармен қыршын тағдырын қылдай арқанның беріктігіне тапсырып, қатер мен қажыр-қайратты, тәуекел мен батылдықты, аңсыздық пен адамгершілікті, жадағайлық пен парасаттылықты сезіне ғұмыр кешкен бөлек дүние екенін әлдеқашан ұқты.
Кішкентай кезінде кездейсоқ қаражүректік пен айуандықты көргендіктен бе, спорттық мектеп-интернатта оқып жүргенінде әділетсіздікке төзбейтін. Әрі, қаршадайынан қиындыққа илікпеуге бекінді.
Сол бір жаз жүрегіне мәңгілік мұз құрсауын салып, ол жібімес тоңға айналып, қатқан да қалған. Оның үстіне жалғыз өскендіктен сенетін ешкімі жоқ екеніне сәби кезінен көзі жеткен. Кездескен қиындықтың бәріне шынашақтай қабырғасын тосты. Өмірдің қатыгездігін түсінгендіктен жыламайды, тек оңашада көңілін мұң кернейтіні бар.
Ата-анасы көз жұмғаннан кейін нағашы апасы (анасының әпкесі) қамқорлығына алып, тәрбиелеуге міндеттенді де кішкентай қызды Риддердегі республикалық спорт мектеп-интернатына өткізген. Себебі өзінің шиеттей бала-шағасы бар еді.
– Айсын, сен алаңдама, біз саған қатынап тұрамыз, – деді кетерінде көзі жасаурап, жетім баланың жүзіне жабырқай назар аударып. – Мында саған тәрбиешілер қарайды, тамағыңды береді, жатын орның болады, киімің тегін…
– Жоқ, тәте, сіз алаңдамаңыз, мен осында балалармен бірге боламын… – Маңайларын шүпірлеп, өзі сияқты кішкене қара сирақтар қаумалап алған еді.
– Мұнда көбіне сендерді ойнатады, қыстай шаңғы тебесіңдер… – Алдаусыратып сөйледі, Айсынның жыламай қалғанын қалады. – Төңіректің бәрі шырша, қарағай… Тау тиіп тұр.
– Балалар кө-өп, ойнаймыз…
Тәрбиеші келіп, қолынан жетелеп, корпусқа алып жүрді. Үш-төрт аттап соңына мойнын бұрды, тәтесі иегі кемсеңдеп жылап тұр екен.
Бөлмесін көрсетті, 3-ші сыныпқа әкеп кіргізді.
Алғашқы тоқсан бітіп, каникулға шыққанында тәтесі кеп әкетті. Оны көргендегі жүрегі атқалақтап қуанғандығы әлі жадында. Мойнынан тас қып құшақтап, ұзақ уақыт айрылмады. Нағашы апасы арқылы анасын, әкесін аңсаған, сағынған, іздеген…
Одан кейінгі уақыттарда өзі қатынады. Каникулдарда ғана қолдарына келеді, өзге уақытта сонда.
Кейін, есейе ақыл тоқтатқанында, арнайы спорт мектеп-интернатында оқығанын тағдырының сыйы деп білді.
2
Тергеуші кабинетіне келгенде кеңінен бір тыныстады. Арканианды ресми түрде «күдікті» деген санатқа енгізіп, қармағына мықтап іліндіргендей сезінді. Бір қарағанда бұлардың бәрі елеусіз кәкір-шүкір дүние сияқты, бірақ тергеу амалында ұсақ ештеме болмайды. Енді дәлел мен дәйектерді көптеп жиып, оны бұлтартпауы тиіс.
Кешеден бері тынымсыз шапқылап бір шаруаны тындырғанынан ба, капитан орындығының арқалығына салмағын сала шалқалады. Көкейінде не түрлі сауал. Тағы сол – қылмыстық істің айналасындағы жайттар… Қарақшылықпен дүкен тоналған, оны тонаған бұрын сотталған кәнігі нойыс. Ол заң нормалары мен қылмыстық істі жүргізу, қорғану жайын жақсы біледі. Бәлкім сондықтан, оған қамалған бірінші күннен қорғаушысы бекітілген. Анау-мынау емес шаруаға қалалық қорғаушылар алқасының төрайымы, өте тәжірибелі адам кіріскен екен. Есім-сойы – Виктория Складчиковна Амелина. Жасы елуді алқымдаса да жайтаң қаққан әккі адвокат кеше бір жолығып, мұның тамырын басуға тырысты.
Әдеттегідей қағаздан басын көтере алмай жұмысқа мықтап жегілгенінде есік тоқылдады да саңылаулана ашылды. Түйткілді істің түйінін таба алмай өз ойымен алданып отырып, тура қарауға мұршасы да, құлқы да болмады. Себебі ондай есіктің қағылуы жиі. Табалдырықтан әйелдің кескіні байқалды.
– Ұлықсат па екен, капитан мырза?!.
Назарын аударғанында жанарының жылтына күлкі үйірілген, әдемі толқынды сары шашы иығын жапқан Виктория Амелинаны көрді.
– Келіңіз.
– Қайырлы күн, Сарман Сапарович!
– Қайырлы…
Қорғаушы тергеушінің қарсы алдындағы орындыққа жайғасты.
– Жулиннің ісі сіз сияқты табанды да тәжірибелі офицердің қолына тапсырылғанын білгенде қуанып қалдым.
– Рақмет, мен жайлы жоғары пікіріңізге, Виктория Складчиковна!
– Өзіңізбен бұған дейін де бір-екі істі бірлесе жүргізіп едік…
Тергеуші әйелге көзінің астымен жымия қарады, бұл күлкінің астарында «әй, қу түлкі-ай…» деген нышан жатыр еді.
– Іспен танысқанымда жаным түршікті, ауыраяқ әйелді ұрып, онымен қоймай тепкілеп, кассадағы ақшасын тонап кеткен. Тіпті, былай қарасаң қызындай болып келеді… – Көкшірейген көзі ежірейе тоқтады.
Сарман қорғаушының заңдылық жағында екенін таныта айтқан мына уәжінің бәрі тікелей өзіне психологиялық шабуыл екенін ұқты.
– Сосын бұл оқиғаға қатысты қандай шешім қабылдау керек екенін білмей әрі-сәрі халде қалдым. Түсінесіз бе, факт орын алғаннан кейін маған осы істі бере отырып, мені қылмыс жасаушының біріне айналдырғысы келеді. Мұны менен гөрі өзгелер анығырақ көріп отыр, білсеңіз, әуелгіде сасқалақтап қалдым. Алайда бутиктердің 24 сағат бойы тынбай жұмыс жасайтыны бізде қалыптасқан үрдіс…
– Виктория Складчиковна, сіздің мол тәжірибеңіз бар екенін білемін, Жулинді осы қылмысқа баруға не итермеледі?
– Тергеуші мырза, күдікті сол кезде не ойлағаны менің миыма келмепті, білетінім – жоқшылық мәжбүрлеген…
Сарман Сапарұлы тістері ақсия күлді. Мына қорғаушының байламы алаңғасарлықтан гөрі аңқау боп көрініп, әдейі айтып отырғанға ұқсады. «Жоқшылық қысқаннан бәріміз адам тонай берсек не болады?..»
– Енді не жасауымыз керек, Виктория Складчиковна? Міне, мәселе неде жатыр! Бейшара әйел есінен тана соққыға жығылды, тоналды. Ол аздай құрсағындағы сәбиге зақым келуі мүмкін…
– Сіз рас айтасыз. – Қос жанары шатынап, үрейлене қарағандай кекірейе қалды. – Бірақ, көзіміз жетпей тұрып, түймедейді соншама түйедей етіп жіберу жаңсақтыққа апарар.
Қорғаушының қойыртпағы көңіліне қонбады.
– Бұл жерде мәселе мүлде басқада. Қауіпсіздікті бұзып, бейбіт өмірге қатер үйірген жексұрынның мойнына айыбын қойып, жазасын беру. Ол өзінің әрекетінің қарақшылық адам тонау екенін білді, бірақ жыртқыш сияқты арсыздықпен соған барды.
– Түсі-не-мін, – әйел майда даусымен баяу сөйледі, – сіз оны құрдымға жібергіңіз келе ме?
– Ал сіздіңше ол жазасыз қалуы тиіс пе? – Сұраулы кепте, жымия назарын тоқтатты.
– Әрине ол жазасын алуы тиіс, бірақ адамгершілік пен ізгілікті ұмытпаған жөн…
– Иә, ол жөнінде мен үнемі ойлаймын. Бұл мәселеге әртүрлі қырынан қараймын. Өмірінің жартысы түрмеде өткен адамды гуманизммен босатып жіберсек, онда бұл оқиға бұқаралық ақпаратта кеңінен талқыланар… Әрине, қоғам әділетсіз Қазақстан заңы мен жемқор жүйені қаралайды. Арасында адал еңбек етіп жүрген адамдардың да аты кетуі мүмкін. Арымыз бен қолымыз таза болса да, бізді жегіштер қатарына жатқызар еді. Абырой бәрінен қымбат.
– Иә, сізбен келісемін, жүзіқара жазалануы тиіс. Алайда, оның ақыры не болатынын ескерген жөн…
– Мен сізді түсінбедім, оның қандай салдары бар? – Капитан «әлденені аңдамадым ба?» дегендей, үйелменімен қадалды.
Қорғаушы орнынан түрегелді.
– Сіз менің позициямды ұқтыңыз деп ойлаймын.
– Адвокаттардың негізгі миссиясы жалпақ әлемге мәлім.
– Жақсы сау болыңыз… – Әйел күлімсірей тұрып, алтын жүзіктері тізілген нәзік сүйрік саусақтарын Сарманға ұсынды.
Осы кездесу көз алдынан демде жүгіріп өтті. Ізінше жадына белгілі бір актердің сұхбатындағы мына пікірі оралды. «Кейіпкерді жанды етіп сомдау үшін күндіз-түні соны ойлап, соның өмірімен күн кешуге көшемін» деген еді. Сол айтқандай бұл да осы қылмыстық іске қатысы бар жандардың тіршілігін түгендеп кеткен.
Қарау ниеттінің қаруы табылмағандығы – тергеушінің көңіліне тікендей қадалды. Қылмыстық кодекстің өлшемі бойынша ең бірінші іске қатысты нәрселердің бәрі дәйекті материал ретінде алынып, тіркелуі тиіс. Бірақ, құжаттарда тапанша көрсетілгенімен, ол заттай айғақ ретінде қолында жоқ. Ендігі амал – тергеушілік құқын пайдаланып, қылмысты іздеу бөлімінің бастығына күдіктінің шабуыл кезінде қолданған тапаншасын табу жөнінде арнайы сұрау салу.
Осыған тоқтаған Сарман сауал-хатын әзірлеп, қағаздарын кеңсе арқылы жөнелтуге беттегенінде қақсал қара телефон шырылдай жөнелді.
– Капитан Ғұсманов тыңдап тұр.
– Сізбен ГОВД бастығы Кузнецов тілдеспекші, қазір қосайын. – Зырян қаласы Зырян ауданының орталығы еді, сондықтан мұнда аудандық ішкі істер бөлімі емес, Ішкі істердің қалалық бөлімшесі деп аталатын. «Не айтпақшы екен?» деген ой келіп үлгерді, ізінше ар жағынан жөткірінген үн естілді.
– Тыңдап тұрмын сізді полковник мырза!
– Тергуші Ғұсманов па?
– Дәл солай!
– Қарақшылықпен тонаушылық жасаған Жулиннің ісі қалай?
– Қылмыстық іс қозғалды, тексеру жүріп жатыр.
– Соңына жеткіз, түпкілікті нәтиже керек.
– Құп, полковник мырза!
Мұның мақұлдауын естісімен тұтқаны қоя салды. «Қалалық ішкі істер басшысы өзі көңіл бөлгендігіне қарағанда мұнда бір кілтипан бар ма?» деп қорытты.
Төменге Гүләйімге барып, құжаттарын табыстады. Ішкі ереже бойынша енді бұған бір жұманың ішінде жауап қайтарылуы тиіс.
Қайта кабинетіне көтерілгенінде Манар да әлдебір тергеуден оралған екен.
– Қал қалай, шаруа жүріп жатыр ма? – деді.
– Қал жаман емес, тек күдіктілер істегендерін мойындамайды. – Қол алысып, орнына өтті.
– Олар мойындамайды, бұлтартпас факт таппасаң.
– Куәлер де түсініксіз, ал ГОВД бастығы өзі телефон соғып жатыр.
– Осы мәселе бойынша ма?
– Иә… – Сарманның көзі жылтырай дағдарған халде қарады.
– Онда, ойлан… ойлан… Күдікті тағылған айыпты қасақана мойындамайды.
– Оны асаудай құлақтан басып, тырп еткізбей тұқырту үшін айғақты заттарды алдына тастаған жөн. Яғни, шұғыл түрде үйіне тінту жүргізу керек.
– Міне, міне…
Басқадай амалын таппай осыған тоқтады. Күдіктінің үйіне тінту шарасын жүргізу қажеттігінен қаулы шығарып, оны прокурордың ұрықсатын алу үшін жолдады.
Сөйтіп, екі мәселе бойынша қағаздарын құзырлы құрылымдарға жөнелтіп, жауабын күтті. Үш күн өткенде қылмысты іздеу бөлімінен «күдіктінің қолындағы қылмыс қаруын табудың мүмкіндігі жоқ» деген жауап түсті. Әріптестерінің дәрменсіздігі тергеушіні қуанта қоймады. Сол күні түстен кейін күдіктінің үйіне тінту жүргізуге прокурордың рұқсаты қолына тиді. Бұл – сәл мұқалған көңілін бір серпілтті. Қузап, қылмысты іздеу бөлімінің қызметкерлерімен тиісті мекенжайға тартты. Қастарына шараға қатысып, куәландыратын екі айғақты адамды ерте барды.
Бұлар Зырян қаласының шет жағындағы тау бөктерінде тұрған еңселі үйге келіп тоқтады. Шатыры қақырайған баспана – Арканиан Жулиннің үйі болатын. Дәу тайыншадай ала ит арп-арп етеді. Іштен жас келіншек шықты, заң адамдарын көріп үрпиген кейіп байқатпады. Алдын-ала хабардар, күтіп отырған сияқты. Сазарған қалпы бас изеді – амандасқаны.
– Прокуратураның санкциясымен үйді тінтуге келдік. – Сарман қолындағы елтаңбалы бланкідегі құжатты ұсынды. – Мен – тергеуші капитан Ғұсманов. Мына кісілер – қылмысты іздеу бөлімінің қызметкерлері.
Әйел қағазды алып, мөлие шұқшиып біраз тұрды да:
– Жүріңіздер, – деді.
Бұлар қашадан ішке енгендерінде ит одан бетер шабаланды. Бір-екі аттап барып әйел соңына қайырылды.
– Сіздер шыға тұрыңыздар, мен итті қораға қамайын.
Үй иесінің ұсынысы көкейлеріне қонып, қайта қақпаның арғы бетіне өтті. Келіншек төбетіне жекіре ұрсып жүріп, оны бітеу қораға жапты.
– Ал, мына үй толық құзырларыңызда, тек күйеуімді босатсаңыздар болды. – Етегі ұзын сырма күртесінің шалғайын жел қағып, өңірін сәл ашқанда томпиған құрсағы білінді.
Жігіттер кірісіп кетті. Үйге тінту жүргізіп, айғақты заттарды іздегенімен көздеп келген тапанша табылмады. Бәрін мұқият тінтіді, қаралмаған ештеме қоймады, тек ала төбет тұрған қора қалды.
Әйел сүлкиіп, жандарынан қарыс сүйем ұзамады. Сарман:
– Итті басқа жаққа ауыстырыңызшы, – деді.
– Мақұл, сіздер верандаға кіре тұрыңыздар.
Бәрі баспалдаққа қарай ығысты. Есікті ашып, екі-үшеуі табалдырықтан әрмен аттап та үлгерді. Әйел төбетін жетелеп, үйдің сыртына қарай айнала берді.
Тінтушілер босаған қораның босағасынан бастап тексеруге көшті. Өңделмеген тақтайдан төселген еденнің оң жақ іргесі саңылаулана ырсияды. Бір тақтай құр бос жатқандай байқалды. Әлгіні түртіп қалып еді, оп-оңай қозғалды. Көтеріп алғанда шүберекке ықтияттап оралған әлдене көзге ілікті. Бүктеуін жазғандарында аңшы пышағы шықты. Бұдан соң тапанша осында тығылып жатқандай, тіпті, ыждаһатпен бүкіл еденді қопара қарады, бірақ – өзге ештеме табылмады.
Жүзі остиған айбарлы, қапталында сызықтары бар аңшы пышағы суық қаруға жататын еді, заңсыз суық қару сақтау – бөлек қылмыстық бап болып саналады. Әлгі пышақ – тінту шарасы бойынша толтырылған хаттамаға енгізіліп, ізінше арнайы сараптамаға жіберілді.
Сарман сол күні үйге тағы да кеш оралды. Ертең жаңа табылған пышақтың сараптамасы қолына тисе, одан кейінгі күндері күдіктімен кездесуді жоспарлады. Пышақты көрсете отырып, әңгіме өрбітуді қолай санады. «Кекірейген кейпі сәл өзгерер…».
Өз үйінің қақпасын ашқанда еңсесін басқан әлдебір ауыр салмақ иінінен сырғып түскендей сезінді. Қазір өзіне қарай бес жасар қызы тұра жүгіретінін ойлағанда жүрегі бір аунап түсті.
***
Оқшау қабілетінің арқасында Айсын жастар олимпиадалық резервіне қабылданды да 8-ші сыныптан соң тау шаңғысы спорттық федерациясы Алматыға алып кетті. Жоғары сыныптарды астанада оқыды. Медеу мен Шыңбұлақтан шықпайды. Бір күні тауға өрмелеп бара жатқан альпинистерді байқады. Тіпті, Медеуде қос команданың оқу-жаттығу жиындары қатар өтті. Сонда жүріп, альпинизмге көңілі ауды. Жаттықтырушымен танысты да, «Көктем» ықшам ауданында орналасқан альпинизм мен шыңға өрмелеу орталығына барып көрді. Қатер мен ептілік, асқақтық пен батылдық қатар тайталасқа түсетін шаншылған шыңмен жоғары өрлеу – өзгеше әсерге бөлеп, мүлде бөлек хал кештірді. Әрине, құлама шатқалдарға қарай жүйткіген тау шаңғысының өзіндік ерекшелігі бар, әйткенмен, 180 градустық түйсіз құздарға биікке өрмелеу – жанына басқаша күй сыйлады. Ертеңінде де келді, одан кейінгі уақыттарда да жаттыға берді. Ақыры, шаңғыға мүлде жақындығы жоқ өзге спорт түріне біржола ауысты.
Көп ұзамай мектепті бітіріп, Денешынықтыру институтына қабылданды. Содан бері қаншама ұшар басын бұлт шалған шыңдарға шықты. Екінші курста оқып жүргенінде олимпиадалық ұлттық құрамаға қабылданды. Бұл – ата-анасы жоқ жетім бала үшін отбасының орнын алмастырды. Күнде жанында жаттықтырушылары, тай-құлындай тебіскен достары бірге. Өмірінің бәрі алдын-ала бекітілген күн тәртібімен жылжып жатты. Сағат, минутына дейін көрсетілген кесте әбден жинақылыққа, дәлдікке баулыды. Кешігу, топпен жүргенде соңында қалып қою сияқты әдеттері жоқ. Ең бастысы – жалақы төледі. Жас жеткіншекке қаражат керек еді.
Қолы бос болғанда әкесін, шешесін ойлайды. Ауқымын шақтап, шығартып алған қойнындағы суреттеріне қарай береді. Шуақты кездерін, анасы мен әкесіне еркелеген сәттерін есіне түсіргісі келеді. Онда не бәрі он жаста еді. Содан бері табаны күректей он екі жыл өтті. Анасы көз жұмғанда құрсағында төрт айлық сәбиі болған екен. Оны кейін елдердің айтуынша естіп, біліп жүр. Аман болғандарында, мүмкін, бауыры жанында қатар жүрер ме еді…
Жұдырықтай жүрегі осы сәт бұлқынып, шым етті.
Есімін «Айсын» деп әкесі қойыпты. Біріншіден, ешкімде жоқ ат, екіншіден, «айдың сынындай» сұлу, ешкімнің қолы жетпес асқақ болсын деген ниетінен туындаса керек. Шынында да осы уақытқа дейін «Айсын» деген қызды кездестірген емес.
Кең байтақ кеңестер елі планетаның тең жарымынан астамын алып жатқандықтан, Өскемен – славян халқының көп шоғырланған өңіріне айналған. «Советтік салтпен» бәрі орысша сөйлейді. Этностар тонның ішкі бауындай араласып кеткен, діл мен мәдениет қана басымдық алып қойған жоқ, сол тұста теріскейден өрбіген қылмыс пен айуандық та ортақ еншіге айналған. Ресейдің баскесерлері ғажайып аймаққа ат басын бұрып, алаңсыз тұрмыс кешетін. Табиғаты уылжыған өңірге бәрі – үйір. Іргедегі Сібірден, енді бірі Оралдан, Воронежден, Мәскеу, Санкт-Петербургтан ағылып жатады. Сондай әр қиырдан құралған қылмыстық қаныпезер топ, Ертістің жағасында әлдекімге әлімжеттік жасап, өлімші етіп сойылға жығады. Дәл сол оқиға үстіне жағалаумен жүгіріп, жаттығып жүрген әкесі келіп қалады. Өңшең көккөздер тепкілеп, араша талаған міскінге бірден араша түседі. Кішкентайынан бокспен, кейін каратэмен айналысқан Мәкен әлгілер суық қару шығарса да үш-төртеуін сұлатып салады. Осы аралықта милиция да шұбырып жетеді. Екеуін тұтқындапты. Соққыға жығылған бейбақты жедел жәрдем алып жөнеледі, жазмыш солай ма, ол ауруханада көз жұмады.
Ешкім беттеріне тура қарап қарсы сөйлемеген айуан топ, содан бастап беймәлім қазақ жігітке сырттай тісін қайрап, ізіне түседі.
3
Ұзын бойлы, сидаң, ұрты суалған нойыс тағы да тоң-теріс қалпы қарсы алды. Әуелі еңсесін тік ұстап, маңғазданып, менсінбей отырғандай сыңай танытты. Сарманның да қабағы түксие түйілді.
– Киоскіге қарақшылық шабуыл жасағаныңызды мойындайсыз ба?
Селт етпеді.
– Дүкеншіні соққыға жығып, 17 200 теңгені тонап кеткенсіз. Көрген куәлер бар. Ауыраяқ әйелді ішінен тепкілепсіз, құрсағындағы сәбиге зақым келген. Медициналық сараптамалық құжат әзір.
Осы кезде күдікті көзін тергеушінің назарына аударды. Бірақ, тіс жармады. Капитан папкісіндегі ораулы бұйымды шығарды. Бүктеуін жазып, аңшы пышағын алдына қойды.
– Танисыз ба?
– Менің пышағым. – Даусын нығарлай тіл қатты.
– Неге жасырып, суық қару ұстағансыз?
– Ұзақ жылдардан бірге келе жатқан досым сыйға берген еді.
– Бұл сізге қымбат сыйлық қана емес, ауыр батпан болды. Қылмыстық ісіңізге тағы бір бөлек бап тіркелді. Осы үшін екі жүз айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, 50 күнге тұтқындалып, мүлкіңіз тәркіленеді.
Сұп-суық өңіне күлкі шауып, мырс ете қалды. «Қиратып тастарсың» деген сыңай. Жауап алу барысында көзге ұратыны – Арканиан тым еркін, тіпті, кей тұстарда капитанға менсінбей қарайтын. Қазір де сол қалпына басты. Өйткені, әрекетін әдептілік нормасы аясынан асырмайтын тергеуші оған иіні жұмсақ әрі еш тәжірибесі жоқ өте жас көрінді. Әуелгі «шикіөкпе» деген тұспалы растала түскендей. Оның бұл пиғылын кісімсінген пішінінен аңдаған Сарман іштей «қайткенде де қылмысын мойнына қоям» деген байламға бекінді.
– Мен мына пышақты ешқайда жаратқан жоқпын, бұл – бір. Екінші, сіз таққан айыптардың ешқайсысын істеген емеспін. – Теріс бұрылды. Алғаш «сіз» деген сыпайылық нышаны байқалды.
– Тағы да ескертем, қазір сіздің жағдайыңызда тергеушімен тіл табысып, мәмілегерлікке барған өте тиімді болады. Ерте ме, кеш пе – бәрібір істеген ісіңізді толықтай мойныңызға қоямын.
Орнынан тұрды да сыртқа беттеді.
Жұмыстың соңына қарай көп дүниенің сырын білетін көне қара телефон кәрі кеудесі саңғырай шырылдады.
– Тергеуші Ғұсманов!
– Қайырлы күн, аудандық прокуратурадан мазалап тұрған. – Баяу, сыбырлай сөйлейді. – Прокурор көмекшісі…
– Қайырлы…
– Аудандық прокуратура басшысы Шағайбаев сіз өндірісіңізге алған Жулинге қатысты істің жайын білгісі келеді.
– Тексеру жүріп жатыр, әлі нақтыланатын детальдар бар.
– Жөн-жөн… Соны бақылауға ал деп еді, іс сотқа жеткені дұрыс.
– Бар мүмкіндіктерді қолданамыз.
– Жақсы…
Ертеңінде күн сенбі еді. Үйдің кәкір-шүкір шаруасымен айналысып аулада жүрген. Әлдекім қақпаға таянып, «Сарман!» деп дауыстады. Тамағы қарлығыңқы егде адамның үніне ұқсайды. «Ауылдан іздеп келген әлдебір ағайындардың бірі ме?» деп, қақпаға қарай беттеді. Есікті ашқанында шынында да қасында әйелі бар алпысты алқымдаған егде ер адамды көрді. Басында құндыз малақай, көзінде көзілдірік, үстіне күпәйке киген. Әйелде – польто.
– Ассалаумағалейкүм! – Сәлемдесе қолын ұсынды.
– Әлейкүммассалам!
Әйелге де сәлем берді, екеуін де жыға танымады.
– Кімді іздеп жүрсіздер? – «Мүмкін көршілердің бірін таба алмай жүр ме?» деген де ой жүгіріп өтті.
– Өзіңе келдім.
– Маған ба? – Таңырқай сұрады.
– Иә. – Басын изеді.
– Қай жақтан?
– Осы, Шығыс Қазақстан облысынан.
– Атыңыз кім?
– Қапез. – Ондай ешқандай туысы есінде жоқ.
Сарман «құлағым сізде» дегендей жүзіне қарады.
– Сіз Жулиннің ісін тергеп жүр екенсіз. – Мүлде бұл күтпеген әңгіме төтеннен басталды, жүрегі зырқ ете қалды. – Егер, інішек, оны сол жаққа қайта жіберсеңіз, онда мұнда хаос болады. Көрші елдің қылмыстық авторитеттері мына аумақты басып алады. Олардың кім екенін білесіз, ресейдің баскесерлері. Күңгірт бизнес пен қара кассадағы қаржының бәрі солай қарай ағады. Сол керек пе?
– Сіздің Арканианмен байланысыңыз бар ма?
– Жо-оқ, бар-жоғы 16 жыл бірге отырдық, ол өте беделді әрі әділетті адам. Қылмыс әлемінің тәж киген айбары – «вор в законе», пахан. Оның тәж кию рәсімі кілең халықаралық баскесерлердің қатысуымен Мәскеуде өткен.
Сол кезде прокуратура мен қалалық ішкі істер бастығы кезек телефон соғып, оны қалайда отырғызу керек екенін мұқият қадағалайтынын есіне түсірді. Ішкі істер, жалпы, қылмыстық құқық саласында ондай «тәж киген» қылмыстық «генералдарды» соттап, қайта түрмеге жіберу – үлкен абырой саналатын – бұл жазылмаған заңдылық. Карточкасының шекесіне «тәж киген» деген белгі соғып, орталық ақпарат комитетіне жолдайды. Дәл сондай оқиға шағын қаланың ішкі істер бөлімшесінде орын алып жатса, онда жоғары жақта басшылардың беделі бірден артады.
Олардың неге сонша тықақтап кеткенін енді барып түсінді.
Қылмыс жүйесі мен құқық қорғау саласындағы «заңды ұры» дегеннің мәні үлкен. Мұндағы «ұры» сөзі «қылмыстық генерал» дегенді білдіреді. Арнайы өткізілген рәсімде әр аймақ пахандарының, яғни, «генералдардың» мақұлдауымен басына тәж кигізіліп, «заңды ұры» мәртебесі беріледі. Ол – қылмыс иерархиясындағы ең жоғарғы атақ. Ондай дәрежеге жеткен адам қылмыс әлеміндегі өзге деңгейдегі қаражүректерге ықпалын жүргізетін, айтқанын өткізетін пәрменге ие. Себебі оған дейін ол қылмыскерлерді басқарып, ақыл-ойы мен харизмасын көрсеткен, баскесерлердің арасында абыройымен әбден танылған.
– Сіз зонада қанша жылды шиырладыңыз?
– 24 жыл.
– О-о, өмірлік тәжірибеңіз мол екен.
– «Бауырластар қауымдастығы» өзіңізбен тілдесуді маған жүктеген еді. Мен халықтың қалауын жеткіздім. Паханның ортамызға аман-есен оралуына ықпал етуіңізді сұраймыз. Не обидем, хорошо отблагодарим.
– Қылмыс әлемінің сәлемін естідім, бірақ мен үшін әділеттілік пен заң бәрінен жоғары.
– Жақсы, түсінікті, сонда да ойланып көр… – Ортаңғы саусағына жүзіктің суреті салынған қолын ұсынды.
Сарман біраз уақытқа дейін өзіне келе алмай, ойкешті болып қалды. «Қылмыскерлер мұның мекенжайын біледі, кішкентай бөпесі мен әйеліне ұрынып жүрмес пе?» деген сауал миын шарлап, сейілмей қойды. Еріксіз үрейге итермеледі.
***
Бұлар жеке ауласы бар, шағын жер үйде тұратын. Бес-алты тауық ұстады, Айсынға алданыш үшін екі-үш қоян өсірді. Қояндарын қызықтап, жем-шөп беріп, ішке беттеді. Кешкілік шәйларын ішіп, қарындары тоғайғанда баласы қиылып қоймағаннан соң екеуі үйдің ішінде бұғынбақ ойнауға кірісті. Құлдыраңдаған кішкентай селтеңбайының қылығын қызық көріп, Мәкен ас үйде қабырғаға білегін қойып, оған басын сүйеп, отызға дейін санады.
– … жиырма сегіз, жиырма тоғыз, отыз! Ал мен іздеуге шықтым! – Дауысын құбыжықтай мың құбылтып, әудемнен үрей тудырады. Сол кезде-ақ сабырсызданған сәби сыр беріп қояды – аяғы тырп етеді, немесе қолы шымылдыққа тиіп кетеді. Қайда тығылса да тауып алады. Қайта жасырынады. Сол аралықта бүлдіршін тыпырлап, қайда бұғынарын білмей жан таппайды. Терезенің жақтауына шығып, перденің арғы жағына тығылып көрді, шифонердің ішіне, төсектің астына жасырынды – бәрібір тауып алады. Кейде әкесінің аңдамағандай тұсынан өтіп бара жатқанын байқайды. Сонда барып, бірден тарпа бас салмай, әдейі айналшықтап жүретінін түсінді. Алайда, қанша әкесі бұғынған жерінен тауып алса да, қайыра Айсын жасырынатын еді. Мамасы:
– Бұл дұрыс емес, енді әкең тығылсын, сен ізде, – деді ойын өрнегін өзгертпекке ұмтылып. Соған келісіп, ас үйде көзін жұмып отызға дейін санаған. Сосын әкесін тапсашы… Киім үтіктеп тұрып Ғайша, Айсынның қылығы мен қимылына сылқ-сылқ күледі. Шешесінің әжуа араласқан күлкісі кішкене қыздың шамына тиіп барады. Ақыры «әке, қайдасың, шық!» деді. Сөйтсе әкесі жиылған жүктің жанына тығылып, басына көрпе жамылып отыра қалыпты. Мұны көріп, Айсын бұлқан-талқан ашуланды.
– Мама, сен жасырдың, әйтпесе ол үстіне көрпені қалай жауып алады? – деп, қиғылықты салды. Әкесі оны жұбатып:
– Сен тығыл, енді мен іздеймін, – деді. Кішкене бүлдіршін көзінің жасын сүртіп, келісе кетті. Мәкен ас үйге барып, санай бастады.
– Мама, тық мені, – деді жүгіріп жанына келе деміге сыбырлап. Шешесі оны алды да төрде тұрған құлыптанатын тілі жоқ көне сандықтың ішіне жасырды. Әкесі ана жақта санап жатыр.
– … Жиырма бес, жиырма алты… отыз! Ал іздеймін.
Осы кезде кенеттен үйге бөгде біреулер баса-көктей кірді, түрлері сұсты. Үй иесі қарсы беттеді. Әй-шай жоқ алдыңғы сұңғақ бойлысы:
– Мәкен сен бе? – деді.
– Иә, мен.
Мыналардың сұрқынан үтік ұстаған Ғайшаның көзі бақырайып, қолы қатып қалды. Бір сәт жалт етіп, сандыққа қарады.
Әлгі өзге ештеме деместен көз ілеспес жылдамдықпен жеңінен қанжар шығарып, Мәкенге сілтеді. Ол қолын тоса қап, иектен көтере соқты. Осы кезде екіншісі лақтырған пышақ үй иесінің тура кеуде тұсына барып қадалды. Серпіле ұмтылған жігіт кілт тоқтады. Сол уақта кейін шалқалап барып есікке соғылған бірінші қанжар жұмсаған дөкір алғашқы қапы кеткеніне зақорлана тақыр қолтықтан қорс еткізді. Қол-аяғы қалтырап, қозғала алмай қалған Ғайша абдырай шар ете, тұра жүгірді. Мына қанішерлік оқиға көз алдында болғандықтан үрейі ұша шыңғырды. Оны күтіп алған тапалтақ қара білеуіт алақанының төменгі жағымен маңдайдан бірді соқты да, жігіттің кеудесіндегі қадалған қанжарды суырып алып, шімірікпестен шалқалай құлаған қауқарсыз бейшараға бойлата сұғып алды. Қаражүрек қанішерлер қанды оқиғаны көріп тұрған әйелді де куә ретінде қалдырмауды ұйғарды.
Мына сұмдықты көз алдынан көшірген Айсынның кеудесі шым етіп, көкірегі атқалақтап барады. Үрейі ұшқаны сондай, тілі байланып, үні шықпай қыстықты. Басқадай шарасы мен лажының жоқтығынан, бәрін сандықтың кішкентай тесігінен қарап отыр.
Денесі тіп-тік ұзын бойлы сыптығырдай адам шімірікпей әкесіне пышақ жұмсады. Қанішердің кескіні әлі көз алдында. Көзінің қарашығы тарыдай ғана болғанымен көкпеңбек екен. Ат жақты, қыр мұрынды, қасының қоюлығы орташа, шашы бұйра. Ол сурет мәңгі санасында жазылып қалған. Әлгі адамды ұшырастырса, жүз жыл өтсе де жазбай таныр еді.
– Үйде біреу бар ма, мұқият қарап шық! – Әлгі жылан көзді, ат жақты сұрланған әбілет жанындағыға пәрмен бере үн қатты. Нөкері бүкіл бөлмені аралап, тексеріп:
– Ешкім жоқ, таза, Арканиан! – деді.
– И так будет с каждым, кто нам будет мешать жить! – Арнайы кісі өлтіруге бет алып келген екеуі түк болмағандай үйден шығып кетті.
Содан бері «Арканиан» деген есім жадында. Қылмыскерлерден қалған жалғыз дерек – осы. Кейін Айсынның сипаттауымен оның фоторобот бейнесін жасағанда «мұның тегі – Жулин болуы мүмкін» деген тұспалды органдағылардың аузынан естіді. Оны да көкейіне түйіп қойды. Бір өкініштісі – қылмыс ашылмады. Әке-шешесін айуандықпен өлтіргендер ақыры ұсталмай кетті.
Жалғасы бар…