Айды апарып қойғым бар Күн қасына…

Елубай АУЕЗОВ,
Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты
ТАҢҒЫ САУМАЛ…
Қиқу қосып, жүргенімен ән шырқап,
Сыр береді жаныңдағы бар сырқат.
Көп пендеге шын махаббат бұйырмай,
Дүниеге келе берер қанша ұрпақ.
Қанттан бөлек, бәрібір де бал дәмі,
«Осы шығар дейді құдай салғаны»
Шын сезімдер кездеседі ілуде,
Ішікі арманмен күн өткерер қалғаны.
Ойлантпады дегеніңмен мазмұны,
Күз келерде білінеді жаз құны.
Қарапайым, жақсылар да көп емес,
Секілді ғой асыл тастың аздығы.
Түсінде үміт етер тауық тарыдан,
Шу асаудың ұстау арман жалынан.
Мына өмірден шындық таппай жүрсем де,
Түртіп қоям ақиқаттың шабынан.
Жалыққанда жүріп көрем жолсызбен,
Болатынын білесіз бе, тоңсыз көң.
Таңғы саумал, шынайы жыр – менікі,
Ал, керегін ала білу, ол – сізден…
МЕНІҢ ҒАСЫРЫМ…
Отырман аңдып аңысын,
Сірә да кімді тыңдармын.
Алып жатырмын ақысын,
Жылап та кеткен жылдардың.
Қалады менен мол мұра,
Боп қалдым қымтап іргемді.
Келтірем қайта орнына
Аңырап кеткен күндерді.
Айтыла берер тегі сын
Қайрылса, сынса қанаттар.
Жасайсың қызмет мен үшін
Сыңсуын айтқан сағаттар.
Шабыт та қысып, бунайсың
Ей, тағдыр, маған кезек бер.
Жыр болып енді тулайсың
Мелшиген, меңіреу мезеттер.
Адамын өкпе-наладан
Болғанда өлең – асылым.
Шақырған мені аламан
Бұл ғасыр, менің ғасырым…
ІЗДЕЙДІ…
Көрсетіп шаттық, мұңымды
Сенімге іштей бекіп ұл.
Тоқтамай талмай жырымды
Келемін жазып жеті жыл.
Жаныма терең үңіліп
Торығу келсе алғызбау.
Жалығып кетпей түңіліп
Оңай ма осы хәлді ұстау.
Ұйқыдан тәтті тартынып
Жолаушы сынды жолда асың.
Ақиқат іздеу шарқ ұрып,
Фәни мен бақи ортасын.
Мұң сыйлап жанға мұңы жоқ
Құлатып күлкі жалауын.
Соңында кетпей құлы боп,
Тізгіндеп нәпсі қалауын.
Күтпейді оңай олжа алдан
Батасың ұйық, мың сорға.
Қапысыз өтсең – сол жолдан
Іздейді өзі жыр сонда…
ЖОЛСЫЗ
Боп шықпай босқа терлеген
Ұрынып әбден тоң-сызға.
Біреулер жүріп көрмеген
Ізімді салсам жолсызға.
Кейінгі елді толғантып,
Ғибратым қалса мол мұнда.
Талайлар мендей арман ғып,
Шиырлай берген орнында.
Шайырдың ол бір зор бағы,
Соңыңнан жүрген тамсанар.
Адыра қалып арманы,
Адасып кеткен қаншалар.
Таласа тұрып таңғы уақ,
Үміттің шоғын үрледім.
Есінде елдің мәңгі қап,
Көп емес тапқан сүрлеуін.
Аттауға қадам қиын әр,
Гүл егу ауыр ақпанда.
Маған сол бақыт бұйырар,
Жазылса тағдыр тақтамда.
Қызылмай қылып құртар ма,
Сергітші жанды таң шығы.
Жүгенсіз, ерсіз тұлпарға,
Аямай ұрдым қамшыны…
ЕЛІМ ДЕГЕН ЕРДІКІ…
Созылады қашанға жалған биі,
Жар шетіне жасқанбай барғам жиі.
Жақсы ойларға беріліп қиялға ерем,
Қалатынын білсем де арман күйі.
Тілегім көп Алладан жиі өтінген,
Болмағанға соңында күйетін мен.
Қолы қысқа, жаз көңіл талаптыға,
Сақилықты жасадым ниетіммен.
Айналғанда жалғыздық сырласыма,
Айды апарып қойғым бар Күн қасына.
Төзім, шыдам жайында өлең жазам,
Сабыр жетпей жүрсе де бір басыма.
Жігерімді жаныма тіреу қылып,
Күлімдеймін көңілім жүдеу жүріп.
Өзім соған зәру боп әрбір күні,
Сыйлағым кеп тұрады біреуге үміт.
Кімге жетсін күнәкар міскін әлі,
Естігенмен көрінбес құс құлағы.
Елім деген ердікі шындап келсе,
Өлеңдегі ақынның ішкі зары…
ТАЛАНТТАН ЕМЕС…
Ісіме Алла бер қайыр
Көгімде ұшсын қаз күліп.
Атанып кеттім мен шайыр
Тағдырым өлең жаздырып.
Нұрына бөлеп миды ілім,
Басқаға деді «бол үлгі».
Бұзылса сәл бір пиғылым,
Болдырмай қойды жолымды.
Ұйқысыз түнмен таң атты,
Келеді бітпей әлі сын.
Ақ жүзін әрі қаратты,
Аруды сүйсем тән үшін.
Жонымның терін кепкізбей,
Ұсынды бітсе жол жаңа.
Қолымды қойды жеткізбей,
Оп-оңай тұрған олжаға.
Қосым да мүлдем болды ауып,
Өзім де әбден таң астым.
Түнекте тастай жол тауып,
Ашық күн асты адастым.
Оңай ма алу нұрды иен,
Азаптан болар шандыр тән.
Ақындық деген бұл – киең
Таланттан емес тағдырдан…
ЗАМАН БОП ТҰР…
Қу дүние жүз беріп, ырай беріп,
Алтын беріп, мыс беріп, мұнай беріп.
Кеше біреу адасса құдай жоқтан,
Бүгінгілер адасты құдай келіп.
Өткенінің байлығын тастап құнды,
Келген көктен тәрк етіп, ластап нұрды.
Дүние аман тұрғаны сол үшіндей,
Бабалардың жолына тас лақтырды.
Ақсақалда жоғалып, ер де, ағалық,
Қарайтынды шығарды елге аларып.
«Өмір мәнін Алланы тану» деген,
Қаба сақал, жоқ мұртқа, телді апарып.
Қолда барын кедейлер етеді үнем,
Бай жүзінен малы өлсе кетеді ірең.
Ел түземек бірінің ниеті жоқ,
Соның бәрі қу нәпсі жетегінен.
Күні құрсын торғайдың торда тірі,
Ерер едім, анау ғой, молда түрі.
Өліарасы созылған заман боп тұр,
Әрі-сәрі күй кешкен сорлы ақыны…
СЕН ҚАЛАСАҢ…
Шығара алмай сүйгесін ерге кесім,
Ұсынса да қабыл ап, емге несін.
Құшағына құлайсың шайырыңның,
Жанарынан жалғандық көрмегесін.
Теңіз дәмін тулаған тамшы берер,
Сағымға ерген көл ме, деп қаңсып өлер.
Көрсетесің кей қылық ырқыңнан тыс,
Әдебіңе ұстанған қарсы келер.
Шаттық орнап қашқанда санадан мұң,
Ретсіз жанын қыспайды ар адамның.
Елік тәнің езіліп ауырсынбас,
«Талауында» боп жатып абаданның.
Ісі басым бұла түн сөздері кем,
Құланиек ақ таңда өзгеріп өң.
Қайта келіп мойнына асыласың,
Қанталаған қорықпай көздерінен.
Таппаған жан оқтауды етер сырық,
Талабыңа ұзамай кетем сынып.
Маған ұқсап көздерің сен қаласаң,
Көкжалдығым боп қалар бекершілік…
ӨМІР ҒАЖАП
Шабытым болған сұлуым, ақылды, керім,
Құс базар, қиқу елітіп шақырды көлің.
«Өмір ғажап» деп ақ таңда керіліп жатып,
Атап қоймашы байқамай атымды менің.
Ашық қалдырып, көңліңнің есігін ілме,
Әйтеуір саған тимейді кесірім мүлде.
Айтып та қоя жаздаймын, аңдамай қалып,
Оралып жиі жатқанда есімің тілге.
Осыным үшін өзгелер айыбын тағар,
Толысқан бүгін шағым ғой лайығымды алар.
Тірлікте мына шын сүйіп көргендер ғана,
Ғашық жүректің бұлқынған жайын аңғарар.
Ауырдың екен ем жаса кеселіңе сай,
Назар аударма мына елдің өсегіне жәй.
Табандарыңнан қытықтап оятып алып,
Еркелеткім келер әкеліп төсегіңе шәй.
Кездесе бермес несібең ұдайы жолдан,
Өлеңдерімнің өзіңсің шырайы болған.
Есіміңді сенің ерітсем тілдің ұшында,
Ақиқатыма айналар мінәйі жалған…
МӘҢГІ КҮРЕС…
Келе ме қалқам мені күндегің
Сенсіз де қанша жол сынар.
Жыр жазбай кеткен өлі күндерім
Бақытсыз шағым сол шығар.
Алып ұшамын қиянға дұрыс боп
Жеткенше әлім дәрменім.
Шабытым қысқан қиянпұрыс боп
Бақытты шағым дәл менің.
Ақын ғұмыры алақұйын боп
Аллаға басы доп сынар.
Өмірден әлі алар сиым көп.
Қайсысы басым боп шығар.
Бәрі өлшемді бақытың, басқаң
Күресер адам дәл менше.
Шайырыңмын мен жақұтын тосқан
Арпалысамын өлгенше…
ӨЗІҢ ЖАЙЛЫ…
Сен жайында жаза алмай бүгін өлең,
Қиналумен өтті ғой түнім әрең.
Жалғыздық та жанымды жұбата алмай,
Мазақ етіп кеткендей күліп, әлем.
Бір алданыш маған кеп тапқан елік,
Мені ойлайсың, жүрсең де жатқа көніп.
Шаш ағарсын, сезімнің селкеуі жоқ,
Әппақ қар да береді баққа көрік.
Айта алмаймыз бұл халді елге жәй бір,
Арамызда өлеңім жеңгетай кіл.
Көзім жұмық болғанмен, көңіл ояу,
Жатар дейсің жетісіп мен де қайбір.
Солай сырын ішіне құлыптайды ер,
Аңыз қалса артыңда ұлықтайды ел.
Таң сібірлеп атқанша отырам мен,
Сен қапысыз, түс көріп, ұйықтай бер.
Түн де бұлай тым ұзақ созылмайды,
Таба алмадым бүгін де сөз ыңғайлы.
Жазбайын-ақ, десем де, ойламайын,
Таң ата өлең боп шығар өзің жайлы…
КІНӘ ІЗДЕУ…
Сыр тергізген көк пен жер бар, әлемнен,
Қайта ынтыққан өмірге жанар өлген.
Сені құстай ұшырса маған қарай,
Менің ешбір кінәм жоқ, бәрі өлеңнен.
Сөзге арбалып қалдың ба, демде, жылдам,
Бар болғаны ауымды көлге құрғам.
Ұйқы бермей, жүрегің атқақтаса,
Өлеңнен ғой, түк те жоқ, менде тұрған.
Жан аңсары жүректен бөлінбес кіл,
Баста өткенді бір күні елім де естір.
Құшағыма қапысыз құладың ба,
Бәрі өлеңнен, жоқ кінәң, сенің де ешбір.
Өлеуреген нәркес көз, нұрланғаны,
Атойлаған тып-тыныш тұрған қаны.
Екеуміздің жоқ қалқам, жазығымыз,
Жан, тәніңді балқытқан жырдан бәрі.
Мейрам болса шадыман көшемізде,
Жауап қатсақ кеткен еш, есемізге.
Аймалассақ, алқынып, бәрі өлеңнен,
Жазық та, жоқ, кінә жоқ бәсе, бізде…
БАҚЫТСЫЗДЫҚ СЫРЫ…
Ақын күйі – шаттық аз, мұң жамылған,
Байыз таппай ой кешем, түн жарымнан.
Құдайыңды ұмыта бастағанда,
Бақытсыздық келеді бір жағыңнан.
Білмейміз ғой ырасы, құс та арманда,
Ишара бар, Раббыңнан тұспалдар да.
Бақытсыздық алдыңнан көлденеңдер,
Тірлігіңнен Тәңірің тыс қалғанда.
Қайта-қайта көбейген санап малды,
Шүкір демей қарсы алсаң, әр ақ таңды.
Бақытсыздық жаныңа қоңсы қонар,
Шығарғанда есіңнен Жаратқанды.
Білмегеннен көшпелі хәл өтерін,
Асып-тасып басарсың жар етегін.
Малыңды алып, болмаса,жалғызыңды ап,
Еске алдырар бір Алла бар екенін.
Сосын Хақтың күшіне таңдай қағар,
Бір мүсәпір, бейшара жанға айналар.
Дені сауда осыны безбендесең,
Ит өмірің түк қиын болмай қалар…
АЗЫҚ
Аллаға сенім арттым көп
Келгенде жасым кемелге.
Зәу көкке қанат қақтым кеп
Шау тартар шақта өлеңде.
Көгімде бейбіт құстарым
Жеткізді маған бақ сырын.
Қараса сынап дұшпаным
Шалдықпай қайта шапшыдым.
Кетпесін дедім, еш өнер
Қалады дедім, жолда мұң.
Жаза алмай жүрмін десе егер
Қырсығып соны толғадым.
Бүтіннен шыққан бөлшекпін
Кеудеде арман зор мына.
Ғашық боп өліп, көрсеттім
Сүйе алмай қалған сорлыға.
Тұрғанмен қақпан құрулы
Белгілі оны баспасым.
Жырыма ғашық сұлуды
Тоқтатар мүмкін ақ шашым.
Баласы едім ауылдың
Жағасы жайлау, тоқ қарын.
Азығы талай дәуірдің
Жырдағы мына от-жалын…
ЖҰБАНАМ…
Өміріңе сабақ болар үлгі ізде,
Кемелге кеп, сосын шалқып жүр күзде.
Өмір деген – көзді ашып, жұмғандай,
Парақтары сауылдаған күнтізбе.
Кейде осы көкейімді тескен мұң,
Нені ұмытып, нені өмірде ескердім.
Өмір деген – тұрағы жоқ баянсыз,
Қазір анда, қазір мұнда, көшкен құм.
Бұлтты күні тарта берер аспан сыз,
Жігіт күнде бірді-бірге қосқанбыз.
Өмір деген – ақ тамақтан сүйгізіп,
Үміт сыйлап, ізім-қайым қашқан қыз.
Қолдан келсе шуақ шашып бар маңға,
Еріп тіпті, орындалмас арманға.
Өмір деген – өлтірмеу ғой үмітті,
Сүру оны қызық болмай қалғанда.
Жүз шалынып, жүргенімен сүрініп,
Ғашық жанның жазылады жыры нық.
Өзіңді ойлап жұбанамын жан қалқа,
Сол өмірден кетпеу үшін түңіліп…
ҚАЙЫРСЫЗ
Болғасын кеуек жан сарай,
Не керек көңіл тоғының.
Көрмейді мына қанша бай
Қызығын жиған боғының.,
Артында қалар бар малы,
Көмекке иман келер ме?
Шегеді азап жандары,
Дүниені қимай өлерде.
Өлмеген айтшы, қай мықтың,
Үстінен елдің қараған.
Қайырсыз түбі байлықтың,
Тұратын обал, наладан.
Азансыз таңын атырмақ,
Алладан алмай керегін.
Турасын айтсаң мақұлдап,
Құлқынның жасар дегенін.
Жегенін артық ер құсар,
Күні де солай қағанның.
Түбінде бәрі желге ұшар,
Иманға байланбағанның.
АҚЫН — СӨЗІ…
Айтпай өтер мен емес құлдай бір шын,
Жасқаншақ жан жігерін шыңдай тұрсын.
Сезім сырын қаузасам жаттап алар,
Әуелі бір деп алып «ибәй құрсын».
Нәзік хәлді жеткізсем төтеп бөлек,
Жақыным да кетпепті, жат өкпелеп.
Кемпірлер де оқиды деп алып бір,
«Айтып жатыр бұл бала көтек не деп»
Бес күніңе азық па, жалған дәрпі,
Шын сүймесең ұласар алдауға арты.
Құсни-жырда келтірем талай аңсар,
Кетіп бар жатқанын арман қалпы.
Өзін тапса әр таңда жырдан кісі,
Тыпырлайды тордағы тұрған құсы.
Көзін жұмып, бел буып тәуекелге,
Ұлы ерлікке кеп тұрар бір барғысы.
Өлеңді оқып көңілден кетер кірің,
Өзімді айтып қозғадым бөтен мұңын.
Дәлелдеумен келемін жалған қоспай,
Ақын сөзі – құдірет екендігін…
ӨЛШЕМ…
Ашық, айқын болсын деп әр күнгі әнім,
Өнбойымның қыздырдым салқын қанын.
Жанның көзін ашам деп тәнімді де,
От пен суға салудан тартынбадым.
Болғандықтан бұл өзі – сыры Хақтың,
Ой-санама жер-көктің мұңын арттым.
Талабы зор жолымда сан кедергі,
Оңай болып келген жоқ бірі бақтың.
Таппағасын қанағат ойдағы мән,
Тілде – зікір, күні-түн ойда – құран.
Нұрды өшірер жүректен арзан күлкі,
Фәниіңнің көп қаштым тойларынан.
Ғайыбыңа, тылсымға ердім көріп,
Ұлы күшке беймәлім сендім берік.
Маған қонған ұлылық өтеуіне,
Азабыммен қарымта бергім келіп.
Ниеті бар таратар елге кеусен,
«Бақыттымын» дегенге сенбе көрсең.
Бар азапты осынау арқалаған,
Қалай жүрсін ақынға жердегі өлшем…
ЖЫРЛАРЫМДА ЖҮРЕСІҢ…
Қызғанады заңғар көк құс та аспанын,
Менің соған сезімде ұқсас хәлім.
Сен ғой менің жаныма жалау болған,
Өлең жазбай кеткенде тұстастарым.
Заттық әлем нәпсідей күйік болған,
Соны сүйреп, көтеріп иық талған.
Менен қызмет, не байлық талап қылмай,
Сен ғой өлең-жырымды биік қойған.
Енді бүгін көз салсам өткеніме,
Айналғаным өлеңде көкбөріге.
Сен себепкер болыпсың табан тайып,
Тура жолдан ауытқып кетпеуіме.
Қалам алсам сені іздеп, таңда, түннен,
Үмітімді алдыға жалғадым мен.
Қазақ аман тұрғанда, өлең аман,
Жырларымда жүресің қалқа атыңмен.
Рухы туыс адамдар селбеседі,
Сенсіз шабыт бейуақта келмес еді.
Ғашықтықтың мәңгілік музасындай,
Ұлы өлеңде қалдырам мен де сені…
СЕЗІМ СЫНАҒЫ…
Жаз алдында кей ісін күз арсынған,
Мүмкін емес, құтылу, ұзау сыннан.
Ойланып сәл, тартынып қалмайсың ба?
«Секіреміз» деп шешсем құзар шыңнан.
Бұла күйді жоғалтпай алған баурап,
Алтын балық ілгенде салған қармақ.
Тәуекелің жете ме, меніменен,
«Отқа кір» деп өтінсем жанған лаулап.
Бір озбырлық көрсетіп астам, үстем,
У-ым ғой деп, бозбала, жастан ішкен.
Сеніміңді жоғалтып алмайсың ба?
Көгіңде ұшсам қалықтап басқа құспен.
Ғафу сұрап құдайға құлдық қылар,
Ғазиз жаны жылаған мұңлықты ұғар.
Көзің жұмып кешіре аласың ба?
Ол жасаған сезсең де ұрлықты бар.
Ойында бар, қулық та, толған айла,
Ертең жүрер бүгіннен жолды абайла.
Тауқыметім-тағдырым, десең бақыт,
Тәуекелге басыңды сонда байла…
КҮЗ — КЕУСЕНІ
Не қалды екен, өткеннің сырында іздер,
Не мәніс бар, барғанда ұрын қызға ер.
Бас-көзі жоқ, әйтеуір сүю еді,
Ессіз едік расында бұрын біздер.
Ал қазір ше, бәрі де басқашалау,
Жанған от та жүректе, басқаша алау.
Енді бізге әр сәт пен мезет қымбат,
Мінген атты жараспас босқа сабау.
Өмір-күйші шертетін күйі қысқа,
Көңіліңді, еңсеңді биік ұста.
Бұдан былай біздерге бәрі қымбат,
Мән береміз әр сөзге, жымиысқа.
Тамсап жейтін сезімнің бар қаймағы
Көңіліңде өткен күн сарнайды әні.
Бақыт тапсақ әжімнен, ақ самайдан,
Керек басқа біздерге қандай дәрі.
Жіпті қатты тартпаймыз үзіп, шірей,
Баяғыдай қылық жоқ бұзық, сүрей.
Тартыншақтай бермесей, осының-ай,
Көп қысыла бересің, қызықсың, ей!..
МАҒАН СЕНІП ҚАЛМАҢДАР…
Жібитінін білмеймін ғой тоң қашан,
Бұлай айтпас едім ақын болмасам.
Бүгін жазсам ертеңімнің азығы,
Раббым жайлы сезінгенді толғасам.
Арлы адам өз-өзіне серт бермек,
Болмашыға несін, қайтіп кектенбек.
Тегін емес, мадақ айтсам Аллаға,
Оның бірі жазылмады тектен-тек.
Қаперсізде қуыс-кеуде бос болар,
Қадамымыз бақылауда басқан әр.
Хақты айтсам, үмітім бар ертеңге,
Тура жолды тапсын дедім, басқалар.
Заңғар көкке келіп жүр ғой, күнде ұшқым,
Зар-запыран жұтып, жауһар жыр құстым.
Құдайсынып ісіне бер, түбінде
Бар екенін мойындайсың бір күштің.
Мәніс ұқпас, надан ғана талтаңдар,
Есті адам, ор, жыра ма, алды аңдар.
Ешбіріңе жәрдемім жоқ Мақшарда,
Қамсыз жүріп, маған сеніп қалмаңдар…