
Айтбай Тәсілов,
1950 жылы туған. Дәрігер-жазушы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
ҚЫЗЫЛ ЖҰЛДЫЗ АДЫРАСПАНЫ
(хикаят)
«Мезгілдің мейманы – адамның» құпиясы да көп, қырық қатпарлы жан дүниесіндегі ұстанымдары да, сол мезгілге орай, көктемгі, күзгі ауа райындай мың құбылып, өзгеріске ұшырап тұруы заңдылық шығар деп топшылаушы едік. Ұзынқұлаққа сенсек топшылауымызды жоққа шығараатындар некен-саяқ болса да, «ішіндегісін» өзгеріссіз қалдыратын, тұрақты жандар арамызда бар екен. Ол-ауыл медпунктінің меңгерушісі, фельдшер Адырбай болып шықты. Ес біліп, етек жиғалы аузынан тастамайтын: «Тынысым таусылғанша, жұмысым таусылмасын», деуін алпыс үш – Пайғамбар жасының ауылына ат басын тірегенге дейін қайталап және онысын ісімен де дәлелдеп келген. Ал, өзгеріске ұшырауды «заңдылық» деп топшыладық. Оған бағынбау қылмыспен тең. Адырбай соны ұғынды ма… Жоқ, «Жеткен жерім осы ма?!» деп түңілді ме, Әлде, «Ісімнің таусылмағанынан көрген игілігім қане?» деуі де мүмкін… Не керек, бүгінге дейінгі ұстанымынан табан астында тайқып шыға келді. Аудан орталығына барып зейнетке шығу құжаттарын рәсімдеп, тиісті мекемелерге тапсырға соң, сол маңайдағы кафеге еніп, оңашалау жайғасты. Түскі ас мезгілі. Алдымен жүз грамм кәниекке тапсырма беріп, ас келгенше онысын тартып жіберді. Асын ішіп бола бере, жүз грамды қайталады. Сол, сол-ақ екен анда-санда, той-томалақта болмаса, ішімдікке әуестігі жоқ фельдшердің қаны басына шауып, қара-сұр реңі қызара-бөртіп, тіл ұшына бұрын аузына алмаған алабөтен сөздер үйіріле кетті: «Қырық бір жыл дамыл таппай безектегенім жетер… Енді сырқаттардың жайын ойлап, түн қатып ауыл кезбеймін… Сұрақтарға жауап іздеп мәселе шешпеймін… Мақсат қойып, оған жетемін деп, жан ауыртпаймын… Болды! Менің де босаңсып, еңсе көтеріп, мына жалғыз рет берілетін жалған дүниеге алаңсыз, мамыражай көзбен қарап, өмір соңында көңіл жайлылығын күйттейтін кезім келген шығар?!» деп, жүзін алақанымен маңдай тұсынан көлегейлей, шынтағы столға тірелген оң қолындағы бос рюмкеге қадала қарап, даяшы қыз естімейтіндей бәсең дауыспен өзіне-өзі «реплика» тастаған. Жағдайға қанық еместер: «Кім қырық бір жыл қызмет атқармай жатыр. Соншама таусылғаны несі?..» деуі де мүмкін. Ал, жағдайға қанықтар Адырбайдың өмірілік позициясынан айнып шыға келуінін себебін былайша пайымдар еді. Кез келген істің мәселен, ұшақ басқаруда, қой бағуда, ота жасауда, етікшілікте, мекеме басқаруда, кәсіпкерлікте, тағы да сол сияқты жұмыстардың орындаушыларын екі топқа бөлсек, жүйкесіне салмақ салмай, ағыммен, «не болса, о болсын, кұндер өтіп, айлық жалақы жазылып жатса болғаны» деп, жүрдім-бардым атқаратындар бар да, әр ісінің бас-аяғын екшеп, оны жақсарту бағытында тыным көрмей, ар-ұятына бағына атқаратындар бар. Біздің кейіпкеріміз сол екінші топтан болатын. Шаршағаны да рас еді. Сонымен созбаламай төтесіне көшсек, Адырбай «көңіл жайлылығын күйттететін» – зейнетте. Шаруасы жоқтықтан болар, ай өтпей-ақ үй ішіне симай, көңілі қараптан-қарап құлазып сала беретінді шығарды. «Қашан соғары беймәлім ажалды күткендей, бұл жатысым, қай жатыс!» деген ой соққанда, ауа жетпей бара жатқан жандай атып тысқа шықты. Бір тәуірі «жатыстан» арылудың амалын ілезде тапты. Аядай ауылда басқа таңдау болмаған соң, «Түбі барар жерім ғой…» деп тиіп тұрған зиратты «Күзентөбеге» аптасына бірер рет, үш аяқты, жабағы «Урал» мотоциклімен көтеріліп, көңілі тартқан ауылдастарын шақырып, не өзімен ала шығып, әңгіме-дүкен құрып, құлазыған көңілін сергітуді әдетке айналдырған. Оған да жылдың жүзі болып қалыпты. Төбеге шығуға жолай тағы қос «мотивация» қосылды. Біріншісі – «…Ақша тауып, қор жинап, қартайған шағыңдағы жайыңды ойлайтын күйлі кезіңде: «Мұратым – айлықпен күн көру» деп бет моншағың төгіліп, болар-болмас, игілігі там-тұм жалақыңмен күнелттік. Енді отыр осылай, саусағыңды сорып», – деген тақілеттес «қатынның ызыңынан» құлағын ала қашу болса, екіншісі – тап осының зейнетке шығуын күтіп жүргендей, әлемді дүрліктіріп, аяғынан тік тұрғызған пандемияның жетіп келуі де себеп болды. Агрессивті инфекция құрбаны болып кетпеу үшін «оқшаулану» ойдан шықпай, бар тіршілік «онлайнға» ойысып тұрған тұс Одан сақтану талабындағы: «жабық бөлмеде жабыса кететін короновирус, ашық аспан астында, аурудан сауға өтуге шамасы жетпей қалады» деген ескертуді де елегендік еді.
Бүгін де зираттың кіре берісіндегі жаппаның астында отыр. Күн қызуы қайтып қалған кешкі шақ., Сонау заманда әжелері, одан бері аналары түтін түтеткен бұл ауыл Адырбайға өзінің жұпыны «келбетімен» көзіне ыстық. Шеттеу тұстарда, иелері басқа жаққа көшкен оншақты үйдің есік-терезелері, түнікесі алынып, тек қам қыштан қаланған дуалдары ғана қалыпты. Олардың жандарын паналай тігілген киіз үйлер мен ақ және көк шатырлардың әрқайсысының тұсынан жеңіл автокөліктер көрінеді. Ұзын саны елу шақты. Бұлар «ковидтен» қашқан қала түрғындары. «Тақыркөлде тұмаумен ауырмайды» дегенді естіп, көктем шыға, жан сауғалай жеткен. Босқа келмепті. Естуінше, бәрі тұмаудан аман. Бабалары жорытқан жалпақ далаға, алыс көкжүйектерге ұзақ көз тігуден жалықпайды. Ертеңгі базарға мал артып келе жатқан болса керек, дала жолының шаңын бұрқыратып, жүк көлігі ауылға қарай беттеп келеді. Көз ұшында малшының үйі мен қорасы қараяды. Оған жақындау маңда, қой қайырған аттылы қойшының сүлбасы байқалады. Одан әрі Адырбай талай рет мотоциклімен ызғыған, жүз шақырымға дейін тіршілік белгісі білінбейтін, күн қақтаған сарытап өріс. Ана оңтүстіктегі қасқайып қалаға баратын тас жол асатын «Жауқашқан» жотасынан әрі де жүз шақырымға дейін, мына өзі отырған «Кұзентөбеден» батысқа қарай тағы жүз шақырымға дейін, саялайтын бір бұтасы жоқ, сарғыш түсті, көңіл жығатындай сұрқай өңір. Тек, Адырбайға олай көрінбейді. Ол үшін ұдайы айтатынындай: «Нұрға бөккен туған жерімнің жаныма жақын атырабы».
Көп күттірмей, жолығуға өзі тілек білдірген, ұлты татар Қартмолда келіп амандасып, жанына жайғасты. Жалғызілікті. Жұбайы қазақ ұлтынан болған. Он төрт жыл бұрын тері рагі-меланома метастаздарынан көз жұмған. Тұрмысқа шыққан қызы Қазанда, ұлы Алматыда тұрады. Жасы Адырбаймен қарайлас. Кеңес дәуірінде бұл аймаққа комсомолдық жолдамамен келіп, одан ферма орталығы осы ауылға басшылыққа тағайындалып, қалып қойған. Соңғы ширек ғасырда, діни білімі бар Қартмолда осындағы шағын мешіттің имамы.
– Молдеке, «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген рас-ау… Қазан болғаны сол, жүз жыл көлемінде «Тақыркөлде» өмір сүргендердің көбісі осы төбеден жайлы «қонысын» тапты. Тағы бір жүз жылда мына ауыл алмағайып заман болып, басқа жаққа көшіп кетпесе, осы төбе түгелге жуығының Күн сөнгенше тұрағына айналары анық. Ажалдан құтылған жан жоқ. Зәлімпің жадысы да мықты. Соқпай кетер деп дәмеленбей-ақ қойсақ болады. Ұмытпайды! Бәрін есепке алып, белгілеп қойған. Бір минуте кешікпейді.
– Сиз дурыс айтасыз… Өзимиз – өмир болсақ, көлеңкемиз-өлим. Сумелеңдеп соңимиздан қалмайды, ақырында бир ретин тауып жалмайды.
Қартмолда еті тірі, пысық жан. Сұңғақ бойлы, сары деуге болмас,.. Қызыл шырайлы дегеніміз жөн болатындай. Тау мұрынды, қызғыш түсті қастың астына жақындай тығылған көкшіл көздер иесінің арғы-бергіңнен хабардар екенін сездіретіндей… Айтқандарында «І» орнына «И» естілетіні болмаса, қазақшасы таза.
– Жүз жылда төрт буын ауысады екен, – деп молда айтпағын ары қарай жалғастырды. – Қазир ауылда бир мың тоғыз жүз жиырма биринши жылы туған ешким қалмаған шығар.. Ана соғысқа қатысқан шал қай жылғы еди?.. Атын ұмытып отырғаным. Қайбир жылы Астана әкими сол қаладан бир бөлмелі пәтердиң килтин берипти деп жұрт шулады ғой…
– Ә, Исмайыл ақсақал да…. Ол кісі жиырма бесінші жылғы. Биыл тоқсан алтыда. Қатарластарының оншақтысы соғыстан қайтпады. Қайтқандарының да жаңа ғасырға жеткені жоқ. Медпунктте есепте тұратын. Содан білемін. Ауылда жетпіс-сексенді жағалаған жүз қаралы жан бар. Бұрын жүре тыңдап, ешкім мән бермейтін иммунитет деген, мына індет келгелі абыройы артып, маңызды болып шыға келді емес пе?! Дәрігерлер соны жиі айтатын болды. Ол инфекциядан ағзаны қорғайтын қалқан екен. Оның деңгейі жасы келгендерде мардымсыз болатынын білетіндіктен, қарияларды короновирус о дүниеге сүйрей ме деп қауіптеніп ем, Құдайға шүкір, аман-есен жүріп жатыр. Осы вирусты індет туралы баса айтатын бір жәйт бар. Қазіргі күнге дейін әлемде «Ковид-19» дертінің нақты, тиімді дәрісі табыла қоймағандықтан, көп жағдайда ағзаның қорғану қабілетіне, жаңағы айтқан иммунитетке тәуелді болуға тура келеді. Мынаусы төрт-бес жылсыз кете қоймас… Жұмсарып барып, көктемге, күзге қарай соғатын маусымдық инфекцияларға айналып, бізбен бірге қала беретін түрі бар. Табиғатта бір жарым миллион белгісіз «патогендер» бар екен. Өткен ғасырдың екінші жартысында инфекциямен ауырғандардың басым бөлігінің себепшісі бактериялар болған. Бұл ғасырда вирустар өршіп тұр. Короновирустың бұдан да қатерлілері Жер бетіне соғуы мүмкін дейді. Адамдардың пиғылына қарағанда биоқаруға айналып кету қаупі де бар сыңайлы. Биотехнология синтетикалық жолмен короновирустың өлімге соқтыру мүмкіндігін сексен пайызға жеткізгені жөнінде де хабар бар. Бір сөзбен айтқанда, адамзатты вирус төңірегінен талай сынақтар күтіп тұр. Сондықтан әр адам, әсіресе жас буын, өз ағзасының инфекцияға қарсыласу механизмдері мен қорғану мүмкіндіктерін жетік білуі қажет.
Ал, Исмайыл атамыз алпысқа келгенде медпунктке келіп: «Баяғыда қар жамылып, мұз жастанып жүргенде, қыс, жаз демей, құйрығыңды төсеп, айлап шоқиып отыратын сызды окоптан жабысты ма, қуық жақ мазалап жүр», – деген.
– Атқа мініңіз, Саумал ішіңіз, – деп кеңес бергенмін. Солай етті. Тоқсанға дейін аттан түспеді. Саумалды әлі де ішеді екен. Күлкі де өмірді ұзартады дейді ғой… Қарияға қазірге дейін ажал тырнағының батпай жүргені, ат пен саумалдан басқа да себебі – әзілкештігі-ау деп топшылаймын.
Адырбай бір жеті бұрын Исмайыл қартпен осы жерде кездескенін есіне алды. Пенсиясының жартысын алып тұратын шөбересі – Бүркіт Кеңес үкіметі мінгізген, әбден тозығы жеткен «Зопоржецін» ай бойы түрткілеп жүріп, ақыры жүргізіп, сонысымен алып келген. Адам жүзге таянған соң ағза, ондағы өмірлік маңызды мүшелердің қызметі гармондардың тапшылығынан және әрекетсіздіктен «атрофияға» ұшырап, ілініп-салынып, «уп» десең ұшып кетердей халде тұрады. Оның ішінде гүрілдеген жуан дауыс та сырнайдай сыңси шығып, иесінің қауқарсыздығын айғақтап тұрады.
- Сен шақырды дегесін келдім, – деді жарықшақтанған жіңішке даусымен, жүріп-тұрудан қалған қария, көлігінен түспеген қалпы. Тоқсан алтыдағылардың көбісі уақыт пен кеңістікті шатастыра: «Айда жүрміз бе, қайда жүрміз?» деуден бұл қария аулақ. Жер планетасының «Тақыркөлінде» екенін, ауыл-аймағының тұрғындарының есімін, жеті атасын, «однополчандарына» дейін жіпке тізе, тілі тақылдап айтып отырады. Дегенмен «деменцияның» салқыны сезіле бастап, «Жас кезіңде бір бала, қартайғанда бір бала», дегендей, балалық шағына қайта бет бұра бастағаны байқалады. Сексен бес жастағы қартпен жеті жастағы баланың миының қызмет ету деңгейі бірдей деген пікір неврология ғылымында бар. Соған қарамай «Кәрі білгенді, бәрі біле бермейді».
– Шақырыпсың?.. – деп, сұрағын тағы қайталап, нұры тайған жанарымен сұрақты кескінде Адырбайға тесіле қарады.
– Иә, шақырдым. Үйге баруға қорқамыз, сізге індет жұқтырып қоямыз ба деп…
– Үйленсем қалай болар екен? – деді, көптен көкейінде жүргенін қозғап.
– Мына бала күзде оқуға кетем дейді. Шетелге. Өз балаларым ұстатпайды.. Келіндерден ұяламын.
– Жамбыл жәкеміз сіздің жасыңызға жеткенде: «Қыз түгіл енді бізге кемпір қайда, Бұл күнде тек жүргеннің өзі пайда», деген екен.
– Жамбыл саумал ішпеген-ау шамасы, Ішсе мен сияқты үйленем деп шығар ма еді. Аяқтың кесірінен қимылдаудан қалдым. Іздейтін қалыңдық мені ары-бері көтере алатындай ірі сүйекті, анау – мынауға арымайтын етжеңді болсын.
– Жасы қаншадағысын қалайсыз?
– Елудің о жақ-бұ жағы…
– Отыздағысы ше?..
- Қой! Адырбайжан. Отыздағың үстіме шығып алып, ойнақтап кетіп, өлтіріп қояр.
Бұрындары «Тақыркөлдің» еркектерімен кезіге кеткенде, қылжақ әңгіме айтпай жібере қоймайтын. Әдет жасқа да бағына бермейді екен. Сонысына салды.
– Құлағыңды түр, бір қызық айтайын. Қашан екені есімде қалмапты, әйтеуір, ауық-ауық аздап жер сілкінген кез болды ғой… Мен сияқты шал түн мезгілінде төсекте кемпірімен жатады. Көзі төбедегі шырақта. Бір кезде шырақ қимылдап кеткендей болады. Шал: «Қимылдап жатыр», дейді бәсең үнмен. Кемпірі ойына ұмытып кеткен «жұбайлық міндеті» түсті ме деп, шалына дәмелене қарапты. Сонда шал: «Е, найсап! Жер! қимылдап жатыр», деп жекіген екен. Исмайыл өз айтқанына шиқылдап күлген болып, аз-кем ыңырси керіліп-созылып алғасын:
– Саған айтайын деп ем… Иә, айтайын деп ем… – Есіне түсіре алмай отырып қалды. Сәлден кейін: – Аа-а… Орыстар мен украиндар керісіп жатыр дей ме?.. Ағайын ел! Ақырзаманның нышаны! Не жетпейді?
– Украиндар евроинтеграция дейді… Тәуелсіздік алғалы бетін сол жаққа бұрды.
– Оныңды түсінбедім.
- Украиндар Еуроодаққа кіреміз, әскери блок – НАТО-ға мүше боламыз дейді. Онысын Ресейдің қауіпсіздігіне зиянды деп орыстар жаратпайды. Содан кикілжің басталған. Тағы украиндар Қырымды қайтарып алмақ. Жалпы бұл немен бітері белгісіз, үлкен мәселеге айналып барады…
– Мен Отан соғысында Киев қаласын фашистерден азат етуге қатысқанмын. «За осбовождение Киева» деген медалім бар. Күз еді. Қырық үшінші жыл ғой деймін. Әскерге енді алынып, бір ай дайындықтан өткен соң асығыс сонда апарып салған. Аласұрып ағып жатқан, ені де баршылық Днепрден арғы бетке өту керек. Жағдайым қиын. «Тақыркөлде» құдықтан басқа жерде су жоқ. Жүзу білмеймін. Үш-төрт ай соғыстық. Шығын да көп болған сияқты. Менімен бірге осы ауылдан барған Жаңбыр да оқ тиіп, суға кетті. Біреулер қайықпен, біз бөренелерді бір-біріне буа байлап, соның үстінде қалт-құлт етіп, арғы жағалауға жанымызды сала ұмтыламыз. Ақыры өттік-ау… Алтыншы ноябрьде Киевті алғанымыз есімді қалыпты. Есімде қалатыны – жетінші ноябрь мереке болатын. Мереке бар, қаланы алғанымыз бар, аздап жүз грамдатып тойлағанымыз күні бүгінге дейін есімде,- деген қария мұңайыңқырағандай сыңай таныта, басын салбырата, өзіне ғана мәлім әлденені күбірлеп, ыңырси айтып отырды да, бір жәйт есіне түсе кеткендей, басын тез көтере Адырбайға қарап:
– Мені пойызға отырғызып жіберсеңдерші. Барып Шербицкийге жолығып, «татуласыңдар» десем қалай болар екен? – деді.
– Шербицкий – Кеңес Одағын Брежнев, Қазақстанды Қонаев басқарған кездегі Украина басшысы. Ол кісі өмірде жоқ. Қазір басқа заман, басқа басшылар Исмайыл көке, сіз ол дауға араласпай-ақ қойыңыз. Мұндайда «Құдайдың көзі тура болсын», дегеннен басқа амал жоқ.
– Жарайды, онда… Қайдан білейін. Сеніңкі жөн шығар…– деп, күмілжи күрсінген қарияны «үйлену» ойын есіне сала елеңдетіп, «елу жастағыны» іздейтінін айтып, көңілдендіріп үйіне қайтарған.
Адырбай «ковид» жайлы айтпағын одан әрі жалғастыруға көшті.
– Әлем халқы үрпиісіп қорқып қалды. Психикаға салмақ түсуде. Исмайыл көке де: «Соғыс кезінде де осындай қорқыныш болған. Бірақ мынаның жөні басқа болып тұр. Соғыста жаудың қайда екенін, қайдан шыға келетінін білесің. Ал мына «соғыста» майдан шебі де, мылтық та жоқ. Жаудың қай тұстан «шабуылдайтынын» білмей, үйіңде жатып-ақ дал боласың. Осы жағынан ауырлау ма деймін…», деп еді. Қорыққанын силайтын заман, Жер шары түгелдей алдымен айтарын короновирустан бастайтын болды. Өзіңіз көріп жүрсіз, телеарналарды қосып қалсаңыз қай елдің каналы болса да, диктордың артында бүкіл экранды ала салынған осы вирустың «теңіз минасына» ұқсас түрлі түсті суреті. Ешуақытта, ешқандай инфекцияға мұншалықты «құрмет» көрсетілмеген.
– Осы пәле неден басталды өзі… Мешітке бас сұққандар жиі сұрайды.
– 2019-дың 31-ші желтоқсанында Бүкілдүниежүзілік Денсаулық Ұйымына қытайлық Хубей провинциясына қарасты, Ухань қаласында пневмонияның белгісіз түрі анықталғаны туралы хабарламадан басталды. 2020-шы жылдың 7-ші қаңтарында Қытай үкіметі ауру себебі «SARS-COV-2» вирусы екенін мәлімдеді, 2020-шы жылдың 11-ші ақпанында бұл ауруды «Covid-19» деп атап, 2020-шы жылдың 11-ші наурызында «пандемия» деп жарияланды.
– Рахмет. Есте сақтау қабілетіңіз жақсы екен.
– Мединститутта үш жыл оқып, әкем қайтыс болған соң отбасын асырау қамымен оны тастап кеткенмін. Сондағы бір профессор жадың «феноменальный» деген. Жағдайсыздықта өмір сүрсе де, мыңдаған беттен тұратын эпостарды жырлауға шабыт, қабілет, қиял таба білген, оны бір естіген құймақұлақтың, магнитафон лентаасына жазылғандай қаз қалпында қабылдап, келер буынның тағы бір құймақұлағына айнытпай, өзгеріссіз жеткізу арқылы ауыз әдебиетімізді сақтап қалған бабалар жадысының мүмкіндігінде шек болмаған. Біздікі оқыған-тоқығанымызды, көрген-естігенімізді жадымызда аз-аздап ұйыта білу ғана.
– Пандемия Қазақстанға қашан жетті? – Былтырғы наурыздың он төртінде… Теледидар солай деген. Соңғы айларда біздің елде бір күнде вирус жұқтырғандар саны алты жүз бен сегіз жүз арасында шапқылап тұр. – Бизде қалай?
– Қаладан келген екі студент ковидтің жеңіл түрімен ауырды деген. Басқа мағлұмат жоқ.
– Ковидпен ауырмаудың, басқа өңирлерде болып жатқан өлим-житимниң «Тақыркөлде» болмау себеби не деп ойлайсыз? – деп Қартмолда сұхбат алатын кәдігі журналистше қадала түсті.
– Келім-кетімі аз, ауыл оқшаулау. Инфекцияның аяғы жетпей жатқан шығар. Сонан соң күніміз күйіп тұр. Короновирус күн сәулесінен қорқады. Тікелей түскен ультракүлгін сәуледен алпыс секунтқа жетпей өледі. Тыстағысы. Ішке еніп алғасын, масайрап, білгенін істеп, өсіп-өне жөнеледі. Бірақ Күнге әбден қақталған жанның ағзасы инфекциядан қорғану мүмкіндігіне ие болатынға ұқсайды.
– Қалайша?
– Гәп әлгінде айтқан иммунитетте. Оның пайда болуы туралы білгенімді, оқығанымды, ықшамдап айтайын. Сіз де жұртқа жая жүрерсіз. Ағзадағы арнайы жасушалар-меланоциттер мелонин деген пигмент түзеді. Ол ақуызбен реакцияға түсіп, денеге қоңырқай түс береді.
Күн сәулесінен адам ағзасында «Д» дәрумені түзіледі. Ол дәрумен – ағзаның короновирустан қорғану қабілетін жақсартып, қауіпті асқынулары мен өлімді де азайтатын дәрумендердің ішіндегі нөмірі біріншісі. «Тақыркөл» Күнінің астында жартылай шещініп, 20 минут жүрсеңіз, ағзаңыз «Д»-ның тәуліктік қажетті мөлшеріне кенеледі. Ағзада «Д» дәрумені жоқ болса, белсенді иммунитет те жоқ. Лимфоциттер деген бар. Оның жағдайы жақсы болса, вируспен кездескенде оны «жеп» қояды.
– Сіз маман болмасаңыз да, ауданға шақырып, лекция оқытыпты деп естідім. Білгеніңізді жайыңқырап айтыңызшы…
– Ол енді күрделілеу, ұзаққа созылатын, арнайы білімі жоқ адамға ұғынуы қиындау.
– Айта беріңіз. Түсінуге тырысып көрейін.
– Жарайды, молдеке. Қысқашалап, түйінді жерлерін ғана айтайын. Ауруға қарсыласып, вирусты жеңіп шығуға ағзаның өз «күші де» маңызды екенін жаңа айттық Иммунитет дегенді де тағы қайталасақ, ол ағзадағы короновируспен жүретін «майданда» шешуші рөл атқарады. Иммундық жүйе төрт «компоненттен» – Т-лимфоциттерден, В-жасушалардан, комплемент жүйесінен, фагоциттерден тұрады. Осылар ағзаны қорғап, ішке енбек болған вирустар мен бактериялардан барьер бола әрекет етіп, жасушаға еніп үлгергендерін жойып жібереді. Жалпы айтсақ, ішіне вирус енген жасуша «өлер» алдында қауіп жөнінде «Жау шапты!» деп дабыл қағып үлгереді. Оған жауап ретінде лимфожүйеден қанға лимфоциттердің Т-жасуша және В-жасуша деген екі түрі бөлінеді. Біріншісінде «жауды» танып, есіне сақтайтын Т-хелперлер мен «жауды» өлтіретін Т-киллерлер бар. Екінші, В-жасушаға, «жау шапты» деген хабар жетісімен, антитела синтездеуге көшіп, қорғаныс қамына кіріседі. Антитела дегеніміз – белокты молекула. Ол «жауды» – антигенді жаңылыспай танып, оған «өлтірушілерді» жібереді. Міне осы иммунитетті «адаптивті» немесе жүре дамыған иммунитет дейді. Жаңа короновирусты жағдайда бізге керегі де осы иммунитет. Антитела-гуморальды иммунитет. Т-лимфоциттер – жасушалық иммунитет. Екеуі де иммуноглобиндерге жататындықтан антигендермен байланысқаннан кейін, иммундық «жауап» болады. Короновирусты аңғарып, әрекет ететін Т-жасушалардың барлығы аурудың жеңіл, не симтомсыз өтуін қамтамасыз етсе, ал Т-жасушалардың жоқтығы дертті ауырлата түседі.
Адырбай ұзын монологын тоқтатып, Қартмолдаға жүзін бұрып:
– Бұл мағлұматтарды ағылшын дерек көзінен қызым орысшаға аударып берді. Қазақшалаған өзім. Қалай?.. Басыңызды қатырып жіберген жоқпын ба? – деп күлімсіреді.
– Жоқ, қатқан жоқ. Білген жөн… Айта беріңіз.
– Осы біздің «Қызылсайдың» Мәрей апа ауылға әкеп бір дестесін екі жүз теңгелен саудалайтын адыраспаны бізді вирустан қорғап тұр ма деп те қоямын. Байқадыңыз ба, басқа жердің адыраспандары ақсары, ал мынау қоңырқай-қызғыш. Қызылсайдың топырағына ұқсас. Ауыл түгелдей дерлік, ертелі-кеш осы адыраспанды тұтатып, үйлерін түтіндетіп, вирусты аластап жатыр деп естимін.. Кім білген бір кереметі бар шығар.
– Мүмкин… Басқа елдерде ахуал қалай екен?
– Испания ғалымдары сексен бір елдегі «Covid-19» дертінен көз жұмғандарды сараптап, есептей келе адамзат жиырма миллионнан астам жыл өмірді короновирус пандемиясының кесірінен жоғалтты деген тұжырым жасапты. Яғни, жиырма миллионнан астам жыл өмір сүрілмей, адамдар о дүниеге ерте аттанды деген сөз. Орташа есеппен жаңа короновирустан бір өлім он алты жыл өмірді жалмаған. Ал, Бельгия, Швеция, Дания сияқты елдерде әр өлім марқұмның тағы он жыл өмір сүру мүмкіндігінен айырған. Непалда ол көрсеткіш жиырма алты жыл болыпты. Қытай қатал тәртіп ендіріп шамалы індеттің таралуын ауыздықтаған сияқты. Үнді елінде, Бразилияда жағдай ауырға ұқсайды. АҚШ-та ауырғандар да, өлім де көп екен. Әсіресе Нью-Йоркте. Былтыр қазанда сол кезеңдегі Президенті Дональд Трамп та ауырыпты. Білесіз бе, үш күндей емге қанша қаражат жұмсалғанын. Жүз мың доллар! Бақуат ел дә…
– Сонда қандай ем қабылдаған?
– Асып бара жатқан ешнәрсесі жоқ. Ремдесивирдің екі дозасы. Антитела коктейлі егілген. Цинк, «Д» дәрумені, фоматидин, мелотонин, аспирин, оттегі берілген. Дексамотозон егілген. Болды! Сауығып кеткен.
– Жүз мыңды қайда жұмсады екен?
– Әсте антитела коктейіліне. Ол қымбат. Шығыс Азиядағы елдердің бірінен алған болса керек.
– Рахмет. Осының бәрин қайдан біле бересиз?
- Сіз сиқты мен де оқимын. Өткен желтоқсанда Тілләқызды бажылдатып жүріп пенсиямның жартысына газет-журнал жаздырып алдым. Поштадағы бала «Есі дұрыс па?» дегендей таңқала қарап: «Сізден басқа ешкім газет-журналға жазылмайды», – дейді. Үйде бір жарым мыңдай кітаптарым бар. Оларды да оқимын… Содан білемін. Айтарлығы, қазір жұрт кітаптан жеріп, оқымайтын болды. Аңдығаны әлеуметтік желідегі жарым-жартылай, шолақ хабарлар. Одан шолақ ойлар туады. Ары қарай ісін тиіп-қашып атқаратын, біліксіз, шалағайлар көбейеді. Шегіне жеткізе білу үшін, жақсы кітаптар оқу керек. Алдыңғы қатарлы дамыған елдерде кітап қадірін жоғалта қойған жоқ. Оқуға уақыт табады. Бара жатып, келе жатып, метрода, автокөлікте кітаптан көз алмайды.
Молда ойға батып, тұнжыраңқырап қалған соң сергіту үшін әскердегі кезінде татар досы Шәмілден естіген анекдотын еске алды.
– Татардан «Сквозняк» деген не?» деп сұрайды. Жауап: «Есиктән киргән ветер, форточкадан шиғип китәр» болған. Сіз сөзіңізге орысша араластырмайсыз. Соған тәнтімін.
– Досыңыз Россиядан ба еди?
– Иә, Пермнен болатын.
– Бәри ортаға байланысты, жаныңдағылардан жұқпай қоймайды. Ал мен өмірін осы елде өткізген қазақтың татарымын, – деп арқа-басы жадырай қалған Қартмолдаға Адырбай да «Онда жөн екен» деп қосыла қауқылдасып қалды.
– Мен де қазақтар туралы ілгеріде «Құдайсыз қоғамда» өмір сүргенимизде естигенимди айтып жиберейин. Есеп қайыру үшин емес, бүгіинги сизге жолығу ниетиме орайлас… Комсомолдың жиынында кезігіп қалғанымызда, көрши ауданда қызмет еткен әріптесим айтқан еді. Компартияға өтпек болады. Үстінен райкомға арыз түсіп, партияға қабылданбай қалған. Сондағы айтқаны ғой… Ана жақта, – деді Қартмолда аспанды нұсқап, – әр халықтың өз жұмағы болады екен. Ағылшындардыки, француздардыки, қытайлардыки, орыстардыки дегендей… Кеудесін ұрып: «…Сүттен ақ, судан тазамын!» деп өзеуреген күнәкарлар кирип кетпеуи үшин, әр қайсысының аузында қарулы күзет. Жұмақты аумақтың Жаратушы тағайындаған басшысы нөкерлеримен аралап жүреди. Қазақтыңкине жеткенде күзетшиниң жоқ екенин байқаған басшы сұрақты кескінде нөкерлеріне қарайлы. Олардың бири: «Тақсыр, қам жемесеңиз болады. Олар бир-биримен аңдысып, өздери-ақ ешкимди киргизбейди», – депті.
Адырбай жадыраудың орнына абдырап қалды. Шамданайын десе, өзі күнде көріп жүрген щындықты айтып отыр. Қостайын десе, намыс жібермей тұр. Адырбайды жағалай қалған жайсыздықты сезген молда, ақтала сөйледі.
– Адеке, мен мұны қазақты жек көргеннен айтып отырмағанымды басқа білмесе де, сіз білесіз. Күні бүгінге дейін «сен татарсың» деп алалаған бір қазақ болған емес. Қазақтай өзіне «қатты», өзгеге «тәтті» халықты көрмеппін. Сексен алтыншы жылы қазақты «ұлтшыл» деп жазғырғанда жағамды ұстағанмын. Осындай қарым-қабілеті өте жоғары халықтың жүзге, руға бөлінуінің ұлт ауызбіршілігіне, ел келешегі мен тұтастығы жағына зиянды екенін неге аңғармайтынына таңым бар. – Бөліну біздің ауылдан басқа жақта жоқ та шығар… Күн көрістің қамындағы қарапайым жұрт руға бөлінуге мән бере бермейді. Бүгінге дейінгі ісінде береке таппаған бір-екі адам жұртты жіктеп, амбициясын бекіткісі келер… Оларға ілуде бірі ілесетін де шығар… Адамдар партияға, тайпаға, руға бөлінбеуі тиіс. Тек ақылдылар мен ақымақтарға бөлінсе, жетпей ме?! Адырбай сыр бермеуге тырысып, айтпағын немкеттілеу үнмен жеткізді.
– Сизден ауылдың естияр азаматы ретинде сұрайын деген едим, Жұрт сиз биледи дейди. Осы ауылдың тарихы мен осында тұратын рулар туралы айтсаңыз. Қажет екен. Биле жүрейин.
– Ауыл биыл төрт жүз жасқа келді. Бастауын үш құдықты қазудан алады. Соған орай «Үшқұдық» атанған. Жүз жетпіс үш жыл бұрын, сусыз аймақтағы құдықтарды жат көзден жасыру үшін «Тақыркөлге» ауыстырылған. Ана «Қызылсайды» Марстан құлаған метеориттен пайда болған дейді. Жасы төрт миллиард жылдан асады екен. Мына жотаның, – деген Адырбай, көзін оңтүстік жаққа аударып, «Жауқашқан» атанғанына да төрт ғасыр өтіпті. Ал, осы екеуміз отырған төбенің «Күзентөбеге» айланғанына жүз алпыс төрт жыл болды. Осы өңірді қорғап, иелік етуге құдықтар қазылып, су шыққан соң отыз сарбаз отбасымен көшірілген. Сол заманда ел билегендердің шешімімен олардың оны бірегей, оны айбарлы, оны жігер болған. Әзір де осында өмір сүріп жатқандардың көбі солардың ұрпақтары.
– Рахмет. Енди осында издеп келгендеги шаруамды айтайин, Осыдан үш күн бұрын Сүйиндик деген киси мешитке келип, маған жолықты. «Ауылдың елу пайызы бирегейлер, отыз пайызы айбарлылар, жиырма пайызы жігерлер. Мен сол бирегейлердиң ру басымын» деді. Маған әкимдик әртүрли шағымдар бола бергесин, бес жыл бұрын мына зираттан қайтыс болғандарға жер бөлинуин қадағалауды өтинген. Жазыққа ешким жерлегиси келмейди. Бәрі осы төбениң беткейине таласады. Әлгі Сүйиндіктиң айтуынша осы жерден анау қос төмпешекке дейин бирегейлердики. Одан етекке дейин айбарлылардики. Оның оң қапталы жигерлердики. Осыдан бір ай бұрын қайтыс болған айбарлылық бирегейликтерге тиесли жерге жерленген. Жаңағы ру басы соны даулап: «Биздиң мәңгилик тұрағымыз» деп күйдирди ғой…
– Мәңгілік не бар дейсіз… Бәрі уақытша! Уақытқа тәуелді. «Үлкен жарылыс» дегенді естіп пе едіңіз? Тіпті мына ғаламның да басы бар. Басы болғасын, жасы да, аяғы да бар…Кванттық физика білгірлері есептеп қойыпты, – деп, әңгіме орайын басқа жаққа бұрды.
– Қанша екен ғаламның жасы?
– Он үш миллиард жеті жүз тоқсан тоғыз миллион жыл. Ал анау Күніңіздің жасы – он миллиард жыл. Тағы бір бес миллиард жылдан кейін Күн үлкейе келе, өзі қаңбақтай құрғатқан, бетінде тіршілік қалмаған Жерді жұтып тынады екен. – Мынау қашан пайда болыпты? – деп, иегімен аспан көгінде жарты таба нандай бозарған Айды нұсқап.
– Мұныңыздың жасы Жер қарайлас. Бірінде төрт жарым миллиард десе, тағы бір дерек көзінде төрт миллиард төрт жүз миллион жыл шамасында делінеді. Жер серігі дейді ғой… Жерден бөлініп шықса керек. Күн жүйесінің басқа планеталарында жоқ гранит, тек Жер мен Айда ғана бар екен, – деп отырды да, «мола бөлу» туралы молданың хабарына оралып: – Қазіргі аспан айрылып Жерге түсердей көрінетін мәселелер азғана уақыт өте күлкілі қөрінетін болады. Оның ішінде сіз айтқан Сүйіндіктің дауы да… – деді де, ол туралы сөз жалғауға құлқы жоқ сыңай танытты.
– Кешки намаз уақыты болып қалыпты, – деді қалта сағатына көз салып жатып молда. – Мен қайтайын.
– Жақсы. Амандықта болыңыз. Сүйіндікпен өзім сөйлесемін, – деді ауылға қарай төмен түсіп бара жатқан молданың соңынан дауыстап. Жадысындағыларды жайып тастап, тереңде жатқан мәселені қопара қарауға кауқарлы Адырбай ойға батып тағы біршама отырды. «Еларалық «сыбыстарға» құлақ түретіндер үшінші дүниежүзілік соғыстың «дыбысы» естіле бастағанын жаза бастады. «Үшінші» жеме-жемге келгенде ядролы қаруды қолдануға әкеледі. Ядролы соғыс Күн жүйесіндегі адам өмір сүруге Жаратушы барлық жағдай жасаған жалғыз планета – Жер бетіндегі тіршілікті жойып жіберетіні анық. Адамзат «Күн астындағы тайталаста», осындай жағдайда тұрғанда, ауылдастардың мола бөліскені ұят болған екен», деп тұнжырады. Өзінің медучилищені бітіріп, осы ауданның шеткерірек ауылында бір жыл фельдшерлікте болғаны есіне түсті. Ауыл адамдарының алдына келген жасы үлкендерін «ағалап, апалап» қабылдап, елгезектіктің ерен үлгісін көрсетіп, шаруаларын бітіріп жүрді. Ағайынына ғана аға болғанды қалайтын бір шал кіріп: «…Сен «Аға, аға!» дегенге өзімізден бе десем, бірегей екенсің… «Есің барда, еліңді тапқаның» жөн! Бұл жерге өз адамымыз келеді», дегенді айтып, шығып кетті. «Оу! Сонда бұл шалдың көксегені монорудан ауыл құру ма?! Жау шапса қайтпек?..» – деп күйінген жиырма үштегі Адырбай. «Үлкендерін» көрген жоқ, «кіші» басшыларға болған жәйттің шет жағасын естірткенде, олар немқурайды кейіп танытқан. Майда қулықты солардың дым білмегенсіп, асығын ағайын-туысымен алшысынан тұрғызып, шеттеу жүрген жалғыз-жарымды, бірен-саранды қақпайлап, күнін қараң етуді жетістік санап, мәз-мәйрам болатынын байқап, түңілген. Сол, сол екен, Адырбай бұдан кейінгі өмірінде «антиру» позициясынан қандай жағдай басына түссе де тайнынған емес. Қыза-қыза «Алауыздықтың атасы жүз жойылсын! Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін!» деп ұрандататынды шығарды. «Ана фельдшер былжырай бермей жөнін білсін. Тілін тарта сөйлеуге мәжбүрлеңдер», деген «үлкендер» тарапынан нұсқау болғанымен, тілін тарта сөйлетудің амалын ешкім ұсына алмапты. Тағы бірінің: «Ей, Адырбай! Далбасалама! «Ит егесін танымайтын» заманда, ағайыннан басқа кімге керексің. «Өлдім» десең, қол ұшын беретін адамды көрсетші, айтқаныңа құлдық ұрайын», – дегені де әсер етпеген. Бүгінге дейінгі бұл тақырыпта басына жиылған мәліметтерді қағазға түсірсе: «Рушылдықтың позитивті және негативті тұстары», деген кандидаттық диссертацияның жобасы көрініп қалар еді. «Әлемде басқа ұлттар да руға бөліне ме екен?» деп ойлады. Америкалық үнділердің бөлінгенін, оларды отарлаушылар өз мүддесіне орайластыра бір-біріне айдап салып, соғыстырып, кезінде көбін жойып жібергенін оқыған. Африкалықтар тайпа-тайпа болып бөлінеді. Австралиялық аборигендер де тегіне қарай бөлініп, қырылысып жатады дегенді естіген. «Гәп санаға арқа сүйеген сезімнің қажетті мөлшерде жетілуіне байланысты-ау», – деп топшылады. Кеңес кезінде ұлтшылдықпен табысты күрескеніміздің бір дәлелі – тілімізден айрылып қала жаздағанымыз. Тіліміз «Тақыркөлде» өз тұғырында отырғанымен, ірі қалаларымызда ата-анасы жоқ жетім баладай, мүсәпір күй кешті. Балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарының көбінде оны қажетсінбеді. Мешітте де естілмеді. Үй-іші мүшелері де кешкілік басы жиылып отырғанда, басқа тілде шүлдіреді. Үйсіз, күйсіз, иесіз тіл көшеде қалды. Ары-бері өтіп жатқан өзінің иелері, жүдеу жүзді бұған жери қарап, әжесі немересімен, анасы баласымен басқа тілде сөйлесіп бара жатқанын байқап: «Құдайым-ау, бұлардың мұнысы несі? Мені қорғамақ түгілі, қолданбайтынындай не жазығым бар бұларға. Мен жойылсам, өздері де ұлт ретінде Жер бетінен өшетінін аңғаруға саналары жетпей ме?!» – деп, қорлана мұңайды. Есірген өзінің иелері өзге тілде сөйлеу жетістік, өзін ауызға алу кемістік, ой-өрістің тарлығы, талғам-танымның жоқтығы деп санайтынын аңғарды. Кез келген тілді тез меңгеріп ала кететін алғырлығы жеткілікті өзінің иелері, өзіне келгенде «қиналып» шыға келді. Өйткені құлық танытпады. Турасын айтқанда, менсінбеді! Тіл иелері мұрын шүйіре елемеген тілді басқалар қайтсін! Абыройы өз жерінде нөл болды. Содан қазақтың бай, шұрайлы, табиғатынан тау бұлағының суындай таза, кестелі тілі қаладан қашып шығып, ауылды паналап, жан сақтады. Бұған кім кінәлі? Әрине, тіл иелері! Отыр ғой бір Одақта болған көршілеріміз, тілінің мұртын бұзбай, өз тілінде майын тамыза сайрап. Оларды ешкім «ұлтшылсың» деп бізді мүйіздегендей, жазғыра қойған жоқ. Ал, рушылдық бетімен жіберілді. Неге десеңіз, бір-бірімен араздасып, аңдысудан қолы босамай, басқаның не істеп, не қойғанын, қандай пиғылда екенін бағамдауға уақыт таба алмайтын, алауыз жұртты басқару да оңайдың-оңайы екенін білді». Тәуелсіздік жылдары тақыркөлдіктер «руымен у ішуге» кірісіп кеткеніне өзі куә. «Неге?» деп тағы ойлады. «Бұйығы ауылдағы, «өз күнін өзі көру» сынды тіршілігінде, бар-жоғыңды ешкім елеп, ескеріп, іздеп жатпаған соң, сөзбен болса да жебейтін, қысылып-қиналғанда қаржылық жағынан да көмегін беретін руласына іші жылымағанда, қайтсін. Оны қойшы, топырақты өлімдегі жақсы ағайынның қайғы бөлісіп, ауыртпалықты жеңілдетуінің өзі не тұрады. Содан да болар, ұлтшылдықтан гөрі рушылдық басым болып бара жатқаны. Байқауынша, ұлтын ғайбаттап жатса, үнсіз тыңдап, төзіп отыра беретіндер көпшілік те емес, бірақ баршылық. Ал, енді руына тіл тигізсең, намыс оты тұтанып шыға келетіндер, кешіріп қойыңыз, көпшілік. Қазақты емес, руласын іздеп жүргендер жиірек көзге ұрынады. Сондайлармен кезіккеннен кейін өз Отаныңда жүріп, «Отаныңды» аңсайды екенсің». Тағы «Неге?..» деген сұрақты тебіренісін жалғастырған Адырбай: «Әркімнің өз қалауы десек те, неге кейбір елге танымал қайраткер жандар, соның ішінде көрнекті ақын-жазушылар соңғы «төсегін» шығармашылық ғұмыры өткен Алматыдан емес, туған өлкесінен іздей бастады?..» деген өз сұрағының жауабын жорамалдаса да, дөп басып таба алмады.
Ой құшағынан босай алмаған қалпында: «Иә. «Ковид» – жаңа короновирус әкелгеніне бір жыл болған «тысқы дерт». Бөліну-ғасырлап айналдырып келе жатқан «ішкі дерт». «Ковидтің» емі медицина ғылымына байланысты болса, бөлінудікі өзімізге байланысты. Оны айта түсу керек. Тамшы да тас теседі. Айтыла берсе, нәтижесіз қалмайды», – дегенге тірелді.
Осыдан төрт жыл бұрын Тақыркөлде бірегейлердің жиыны болған. Бірегей ретінде, шақырылған соң Адырбай да барды. Бұрыннан мұндай шараларды жаратпайтын фельдшер жиын басында бірден сөз алып, қажетсіздіктен мүлги бастаған табиғи шешендігін оятып, сүйекке сіңіп кеткен түсініктен «Адырбай айтты» екен деп арыла қоймайтынын біле тұра, біршама сайраған. Мәселе тек тақыркөлдіктерге қатысты бола тұра, халықаралық симпозиумде сөйлеп тұрғандай, кеңінен талдап, көкірегінде көп жылдан қордаланып қалғандарын ақтарып, өткеннің киноларында көрінетін көсемдерше қолды оңды, солды сермей көсілген. Жарты сағат тыңдағандар өзгеріп сала берді деу қисынсыздау болар. Дегенмен тосын пікірлерден ой түйгендер де жоқ емес еді. Оратор сөз соңын былайша аяқтады: «Біз айтуға келгенде қатырамыз да, тікелей орындауға жеткенде «педанттық» мінез көрсетуге жарамай, тайғанақтап шыға келеміз. «Ұлт мүддесі осыны талап етіп отыр», деп сырт көзге сыр бермей, іштей қатып қалу жоқ. Бұл мемлекет реттейтін шаруа ма?,, Оның бас қатырар басқа тірлігі де басынан асады. Бұл мен қазақпын деп, ұлтының болашағын ойлаған әр адамның шаруасы. «Құдай-жүрегімізде» болса, бұл мәселе бауырымызда тұруы тиіс. Ауруын жасырғанның не болатынын білесіздер. Сондықтан жасырмайық. «Көкірегі ояу, көзі ашық» жан ойланса керек: «Бір елдің атын алып, сол елдің азаматы, иесі саналатын, жауы да, дауы да бір қазақтың баласының бөлінуінің пайдасы мен зияны бар ма?» деп. «Плюсы қайсы, «минусы» қайсы?..» деп. Дауласпаймын, базбіреулер үшін «плюсы» бар да шығар. Мұрнымыздың ұшынан алыстауды көре алсақ, «минусы» көп болып тұр ағайын! Бұл жерде мен руыңды, тегіңді білмеуге шақырып тұрған жоқпын. Немесе, тақыркөлдік бірегейлерге туысыңды жақсы көрме, жақыныңмен жанаспай, аулақ жүр демеймін. Жақсы көр, сыйлас! Ал, енді анау көрші-қолаң отырған айбарлың жігеріңді де ұмытпа! Оған да жылы қабақ білдір. Ол да өзіңмен қаны бір-қазағың. Араларыңа кіре қалса: «Сен ондайсың… Мұндайсың», деп, көңілін жықпа! Кім білсін, «жау» шаба қалса, сені қорғап, кеудесін оққа тосатын бірегейің емес, сол айбарлың мен жігерің болуы мүмкін. Руыңды білу бар да, бір-біріңді алалап, бөліну деген бар. Тегіңді білу – атадан балаға қалған көл-көсір игілік көмбесі. Тегіңе қарай бөліну – қиянат ошағы. Жөнсіз «бүйрек бұрудан» әділдік ақсайды, алалауды басынан кешкен қандастың көңілі суыйды. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп аламыз да, түптеп келгенде, кейбіреулердің «кімдікі озса да, қазақтікі озбасынға» ойысып кететінін қалай түсінуге болады? Ары қарай зер салсақ, бөлінуден өрбитін көз ұшынды қаншама ұлт мүддесіне қайшы жәйттер қараңдайды. Қазақта рулық идеология – ұлттық ұйысудың бір құралы делінеді. Әр ру қазақ атты алып ағаштың бір бұтағы. Генетикалық жағынан үйлену, тұрмысқа шығу мәселесінде рулық тегінің қатаң ескерілуі маңызды. Өйткені, аталаспен отаспау тұқым қуалайтын аурулардың келесі ұрпаққа берілуінің алдын алудың бірден-бір жолы екені ғылымда дәлелденген. Сондықтан тек құда түскенде ғана руын сұрау керек. Ата, әкелеріміз бір рудан болғанымен, әже, аналарымыз әр жүзден, әр рудан емес пе?! Меніңше рушылдықты жұмсартудың бір жолы ата-бала шежіре – кестесіне еркек кіндік бабалардың атының жанына, жақшаның ішінде болса да, әжелеріміздің де, аналарымыздың да есімдерін ендіріп, руын көрсетіп қойса… Ол машақаты көп шаруа болатыны түсінікті. Мұсылмандық жолымен төрт әйел алатындары тағы бар. Солай болған күннің өзінде тамырдағы қанымыздың ортақ екенін делелдейтін, ұлттың ауызбіршілігіне үндейтін игі іс болатындықтан, күрделі болса да бас тартпау керек. Ұлт ауызбірлігімен айбынды. Ауызбірлігі жоқ ұлт азады. Көрінген көлденең аттылы алауыз жұртты өз мүддесіне орайластыра бір-біріне араздастыра айдап салып, қызығына батып, өзінің мәселелерін оп-оңай шеше беретіні бесенеден белгілі. Тіпті алпауыт елдер өз мүдделерін күйттеп, нашарлау дамыған, халқының санасы да сол маңайдан ұзай қоймаған елдерді бір-біріне айтақтап, соғыстырып, қыруар пайдаға батып келе жатқанын тарихтан білеміз, бүгінгі күні де көріп жүрміз,– деп екпіндей, қызулана сөйлеп барып тоқтап, назарын Сүйіндікке аударып: – Бұдан былай мұндай жиын тақыркөлдіктердің бірлігі мен тірлігіне арналуы керек. Етектен тартар «азапты» әурешіліктерден арылып, бөліну сынды, Отаны, тілі, діні, досы, қасы, жауы, дауы бір ұлт екенімізді сезіну бақытынан айыратын, жабағы стереотиппен бұғауланған санамызға «азаттық» сыйлайық. Рудан басқа да бөлінудің бұра тартқан көріністері азғана халқымыздың арасында қаптап жүр. Оның ішінде дін де бар. Ол қазіргі айтып тұрған тақырыбымыздың аясына сыймайтын үлкен мәселеге айналып келеді. Бардың қадірін білейік. Елді кері сүйрелеп, ортағасырлық дәрежеге жеткізіп, бармақ шайнап жүрмейік, ағайын! Осы жиынға мен кіндігін кескендердің, яғни, қырыққа толмағандардың келмегеніне қуанып тұрмын. Олар әлемдегі жүз сексеннен астам елдердің ішінде, жер жағынан тоғызыншы орын алатын алып мемлекетімізге иелік ету үшін бар қазақтың бөлшектенбей, бірігуі қажет екенін түсінеді. Жасасын желкілдеп өсіп келе жатқан келешек-жас ұрпақ! – деп, сөзін аяқтап, ешкіммен қайырласпай, шығып жүре берген. «Батырдың тұқымының» мінезін білетіндер бетке айтып, «тәйт» деуге дәттері жетпей, үнсіз қала берді. Адырбайдың қарасы көрінбей кеткенде, бес мың қойлы кластасы Өрісбай кісімси сөйлеп: «Тышқақ лағы болмаса да, жұртқа «нотация» оқудан шаршамайды», деп, кедейлігін табалағандай кейіп танытқанын қостай, екі-үш кісі, Адырбайды жамырай жазғыра жөнелді. Соңғы нүктені Сүйіндік қойды:
– «Жастар» дейді ғой… Олар руыңды не қылсын… Ойында не болушы еді?.. Ақша мен «кәйіп те!» …Былай етейік!Адырбайдың үйінің есігін ешқайсымыз ашпайық. Жалғызсырай түссін. Әлі өзі-ақ «Кешіріңдер!» деп қайта жүгіріп келеді, – депті. Содан бері бірегейлер ауырып қалғандарында, не шатақты мәселеге ұрынып, абыройлы Адырбайдың араша сөзі қажет кезінде болмаса, есігін аша қоймаған. Жалғызсыраған жоқ. Құдайға шүкір, Тілләқызының төркіні – жігерлер есігіне тыным бермей келеді.
Мотоциклін от алдырып, бірден Сүйіндіктің үйіне тартты. Кластасы еді. Індетті себеп етіп үйге кірмей, есік алдында аз-кем тілдесті. «Бұ дүниедегі қазақтарды бөлуді місе тұтпай, о дүниедегілерге тиісе бастағаныңа жол болсын», – деп басталған қатқылдау тіл қатысу, – «Тақыркөлде» моланы да бөледі» деген «досқа күлкі, дұшпанға таба» сөзге қаламыз» деуімен жалғасып, аяғы «анаң айбарлы, жарың жігер» деуімен жұмсарып, ақырында Сүйіндіктің: «Менен бір ағаттық кетіпті» дегенімен аяқталды.
Адырбай үйіне оралып, Тілләқызының шайын ішкен соң, үйінің түпкі жағындағы «кітап бөлмесіне» өтіп, креслоға жайғасты. Бүгінгі «Күзентөбедегі» кездесуінен естігендерінен жеңілдеу үшін қабырғаға сүйеулі домбырасын алып, дыңғырлата жөнелді. Бәріне бар, әндетуге жоқ. Болғаны домбыраға ілесіп, мұрнының астынан ыңылдай үн шығарды:
Құлақ түріп беймәлім, тылсым үнге,
Қуанамыз өткізген әрбір күнге.
…Ей, дүние! Қабағыңды аш «қонағыңа»,
«Бес күнің» тез ауысар «таңсыз түнге…»
Адырбайлың жария етілмеген, кемеліне келе қоймаған, осындай суырып салғандарын, тауып айтқандары мен қауып айтқандарын жиыстырса, бір кітапқа жүк болар еді. «Тақыркөлдің» құмына сіңген «Үшқұдықтың» тапшы суындай, уақыт өте жым-жылас ұмытылып, бүгінге дейін қағазға түскен бірі болмапты.
***
«Азаматтары жоғарыда баяндалғандай болғанда, ауылы қандай екен? Ол ауыл қай өңірде орналасқан?», – сынды сұрақтар туындайтынын ескеріп, енді соған жауап беріп көрелік. Іздемей-ақ қойсаңыз болады… Картадан да таба алмауыңыз мүмкін. Қазақтың бидай өңді, «аридті» өлкесінің жан-жағында су тапшылығынан ежелден ел-жұрт қоныстанбаған, жүздеген шақырымға созылып, кебірсіген шөлді аймақтағы, солтүстік-шығысындағы «Қызылсай», оңтүстігігіндегі «Жауқашқан» жотасы мен батысындағы «Күзентөбе» арасына тығылып жатқан, жарты тұсын жыл санап ентелей еніп келе жатқан құмды көшкін басқан, төрт ғасырлық тарихы бар «Тақыркөл» деген шағын ауылды. «Қысы соңғы ширек ғасырда желтоқсан есебінен қысқарып, қалған екі айы да жылы-жұмсақ жағдайда өтеді», – деп түйіндейді бір тұрғыны. Ал, жазына келгенде: «Айта көрмеңіз… Ыстығы лапылдап тұрған оттай. Тура құрғата қуыратын қобдиша іспеттес», – деп безек қағады екіншісі. Бүкілдүниежүзілік метеорологиялық ұйым Калифорниядағы «Өлім жазығын» Жер планетасның ең ыстық аймағы деп атап, ондағы температураның «плюс» 54,4 градусқа, Италияның Сицилия аралында «плюс» 48,8 градусқа көтерілетінін тіркегенімен, «Тақыркөлдің» ыстығын елеусіз қалдырыпты. «Етті көп жеуден әлемде аргентиналықтардан асатын ел жоқ», деп қазақтардың ол жағынан тепеңдеп, оқ бойы алда келе жатқанын ескермейтініндей, «Тақыркөлдің» ыстығы туралы жұмған аузын ашпапты. Мұнда да термометрия жасағандар болған. Шаңқай түсте, көлеңкенің өзінде қырық тоғыз градус. Цельсий бойынша. Тікелей түскен Күннен құм жетпіс төрт градусқа дейін қызып, кейбір пысық әйелдер, ағын су жоқ болған соң ағашы да жоқ, ағашы жоқ болған соң отыны да жоқ жағдайдағы өмірге бейімделіп, жұмыртқаны есік алдына жел айдап келіп, үйген құмға көме салса, аз уақытта асқа қолдануға дайын болып шыға келеді. Ауылдың «Көбей көріпкелі» отыз жыл бұрын: «Тақыркөлге» күндіз ұйықтап, түнде жұмыс істейтін уақыт жақындап қалды… Бұл жақсылық емес», – деп тұрғындарды дүрліктіре зәресін алыпты. Айтқаны келді. Көп ұзамай-ақ аномальды ыстық «күндіз ұйықтап, түнде жұмыс істеуге» тақыркөлдіктерді мәжбүрлей бастады. Күндіз күн астында көп жүргендер моншада былауланғандай көздері қызарып, бастары айналып, топ етіп құлайтынды шығарды. Деңгейі он үш пайызға дейін төмендеген ауа құрғақтығынан өкпе «өкпеледі ме», тыныс жақтың аурулары жиілеген. Жүрек те жетіспеді. Қан қоюланып, одан жүрек қан тамырлары бітелгеннен оның «өліеттенуі» белең алды. Терінің қауіпті ісіктерінің қатары да көбейе түскен. Осындай-осындай бұрын байқалмаған саулықтағы кінәраттар, «Тақыркөл» мен оның төңірегінде ары кеткенде «радиусі» елу шақырымдай аумақтағы мал бағатындарды да қамтып, атамзаманнан келе жатқан әдеттері жайына қалып, «биоритмдерін» өзгертуге кіріскен. Тұрғындар түгелдей тым ерте ояна бастаған. Сағат төрт-бестен. Содан Күннің шығып, шыжғыра ми қайнататын аптап ыстық Жерге жететін сағат онға дейін шаруаларының бірсыпырасының басын қайырып алған соң одан әрі үйіне қайтып, терезелерін тұмшалай қымтап, қараңғылап, қайтадан ұйқыға кетуді әдетке айналдырған. Осы шақта «Тақыркөлге» бара қалсаңыз, көшеден жан баласын көрмейсіз. Ауыл әлдеқайда көшіп кеткендей әсерге беріліп, тіршілік белгісін білдіретін тырс еткен дыбыс естімейсіз. Тым-тырыс, жым-жылас. Күндізгі сегіз сағаттық ұйқы сағат кешкі алтыда аяқталады да, қайтадан қыбыр басталып, кешкі оннан өтіп барып тыным табады. Айналып келгенде ұйқы күндіз де, жұмыс түнде. Тәуліктің қалған уақытын кім неге арнайтыны өз еркінде. Сонымен, «Ауылы қандай екен?» деген сұрағыңызға түйіндей жауап қатсақ: «Осындай режімде өмір сүретін, Еуроазия құрлығының дәл кіндігінде орналасқан, төрт тарабынан алып мұхиттарға қарай сызық тартса бірдей қашықтық шығатын жалғыз ауыл, ол – «Тақыркөл!» болып шығады.
***
Адырбайды руға бөліну, тіл сынды елдік мәселелер ғана толғандырып қоймайды, кейде топан су сияқты ғаламдық мәселелерді де есіне алып: «Қалай болар екен?», – деп бас қатырып қояды. Алып мұхиттарға қарай «Тақыркөлден» сызық тартып жүрген де Адырбай. «Бізге су жеткен күннің өзінде, бес-жеті метрлік емес, көп болса, кешіп жүретіндей, тобықтан аса қоймас» деген жорамалына берілуге бейім. Бүгінгі кеште де жалғыз өзі «Жауқашқан» жотасына көтеріліп, топан су төңірегінде ой қорытып отыр. Осы ғасырымыздың соңында Жер бетін топан су басу қаупі барлығын біледі. «Биокомпьютерінде» жиылған мағлұматтарды ары-бері аудара-төңкере қазандай басында қайнатып, ой сауады. Қажеті болар деп, осыншама жерді жан алыса, жан берісе қорғап, қаз қалпында сақтап, ұрпақтарына қалдырған бұрынғыларға риза болады. «Бабалар қазір экология деп жүрген сыртқы ортаға титтей де зиян келтірмей өмір сүріпті-ау» деп тамсанды. «Тиіссе оның соңы неге соқтыратынын білді ме екен?..». Балалық шағында Батпа әжесінен естіген топан су туралы сан алуан аңыз әңгімелері осы мәселеге қызығушылығын оятқан. Қазығұрт тауының басына жетіп, Жер бетіндегі бүкіл тіршілікті жойылып кетуден сақтаған Нұх пайғамбардың кемесі туралы қызықтарды майын тамыза айта білетін. Әскерде жүргенінде Матвей деген взводтасынан топан судағы тахуа Нояның кемесі туралы да естіген. «Інжілде жазылған» дейтін. Арарат тауында қалған кеме туралы да құлағы шалған. Келе, келе Жапон елінен Таяу шығысқа, Африкадан сонауАмерикаға дейінгі мекендеген халықтардың бәрінде топан су мен құтқарушы кемелер туралы өз аңыз әңгімелері бар екеніне көзі жетті. «Соған қарағанда бір замандарда Жер бетін су басқаны рас болғаны ғой», деп пайымдады. Бір дерек көзінен Жер бетін түгелдей төрт топан су басқанын, соңғысы сегіз жүз елу мың жыл бұрын болғанын оқыды. Француз астрологі, алхимигі, дәрігері Нострадамус өзінің 1555 жылы жарық көрген «Сәуегейлік» атты кітабында: «Климаттың өзгеруінен теңіздегі балықтар «жартылай пісіп» кететін температураға дейін көтеріледі» деп жазғанын да біледі. Барлық халықтар топан судың пайда болуын, адамдардың есіріп, арсыздана бастағанына наразы болған Құдай тағаланың жазалауының бір көрінісі деп ұғады екен. Деректерге қарағанда, адамзат бесінші ғаламдық топан суға қарай тоқтаусыз адымдап бара жатқанға ұқсайды. Жер бетінің ең суық дейтін Саха еліндегі Верхоянда өткен жазда температура «плюс» отыз сегіз градусқа дейін көтеріліпті. Арктика континетінде рекордтық жылыну болған. +18,3. Антарктида мен Греландия да еруде. Мәңгілік мұз құрсауы жылынудан еріп, онда ерте замандардан қатып жатқан өлікселердің бойына жасырынған бактериялар мен вирустар бас көтеруде… Мына жаңа короновирустың пайда болуы да жаһандық климаттың өзгеріп, жылынуынан емес пе екен?..
«Адамзаттың бақылауына бағынбай бара жатқан жаһандық жылыну үдеп келеді. БҰҰ-ның эксперттері дабыл қағып, өнеркәсіп осылай өрістей беріп, қазба отынды молынан жағу көмір қышқыл газын атмосферада көбейтіп, одан да басқа метан, азот оксиді сияқты «парникті» газдарды бейтараптандыруға жеткілікті көңіл бөлінбеуі Жер планетасын тұншықтырып жатқанын ескертуде. Бұл жағдай жалғаса берсе, ғасыр соңында жалпығаламдық температура екі жарым градусқа көтеріліп, ғаламдық «катастрофа» – Жер бетін бес-жеті метр биіктікпен топан су басуына ұрындыруы мүмкін дейді олар. Жаһандық жылынуға апаратын адамдардың әрекеті. Мәселен, 1850-1900 жылдарда ғаламдық температура +1,19 градусқа өскенін еске ала салыстырсақ, соның 0,05 градусы табиғи жағдайларға байланысты жоғарылап, қалған 1,11-і адамдардың іс-әрекетінің «жемісі» екені дәлелденген. Әлем елдері қабылдаған 1997 жылғы Киоттық хаттамадағы көмір қышқыл газын ауаға шығаруды 2012 жылға дейін бес пайызға азайту ұйғарымы жүзеге аспады. 2015 жылғы Париж келісімінен де үміт азайып кетті. Жағдайды тропикалық ормандарды отау, көмір қолданылатын электростанцияларды салуды жалғастыру, алып мұхиттардағы су бетінің жылынуы, көмір қышқыл газының ауадан суға сіңіуіне кедергі келтіруі отқа май құйғандай, жағдайды ушықтырып тұр.
XXI ғасыр соңына таманғы күтілген сценарий бойынша жаһандық жылыну – 1,5 градустан аспауы тиіс. Ал, Бүкілдүниежұзілік метеорологиялық ұйымның прогнозы бойынша, жағдай осылай жалғаса берсе, ғасыр соңында жылыну Цельсий бойынша 2,1-2,6 градусқа жетеді дейді. Онда адамзат топан су зардабын шегері анық. Ол жағдай туа қалса, алдымен аралдарда, алып мұхиттардың жағалауында орналасқан мемлекттердің тұрғындары «климаттық мигранттарға» айналып, ол елдердің басшылары халқын көшіруге Қазақстаннан арендаға жер сұрап, үкіметтің есігін қағуы да мүмкін. Қазақ үкіметі климаттық босқындарға көмек қолын созып, уақытша, су деңгейі қайтқанша, сол елдердің өз қаражатына тұрғын үйлер мен инфрақұрылымдар салуға жерді осы «Тақыркөл» төңірегінен таңдауы да мүмкін. Әрине, тегін емес. Қазақ жерінің асты да, үсті де байлық. Сондай кезең келеді, асты-үсті ғана емес, жерінің өзі байлық көзіне айналады. Бабалар жортқан, сусыз, нусыз жалпақ дала, ел игілігіне табыс әкелетін, банкке салып қойған миллиардтардай қажетті сәтін күтіп жата тұрсын», деп ой ағымын түйіндеді, біздің «Тақыркөлден» ұзамай, танылмай қалған Адырбай ақылманымыз.
***
Адырбай медпункітті тіреп тұрғанында, беймезгіл басым ауырды деп үйіне келгеннің, қолда қажетті дәрі болмай қалғанда, бас бармағын, одан кейін бас бармақ пен балан үйрегінің арасындағы бұлшық етін саусақтарымен мыжғылай уқалап, әлгінің көзін шайдай ашып, ауырғанынан арылтса, қан қысымы аз-маз көтеріліп, жүрегі тайдай тулап жиі соққандарға «диафрагмалды» тыныс алдыру арқылы қан қысымын қалпына келтіртіп, жүрек соғысының ритмін де жөнге салатын, тақыркөлдіктер жиі айтатын «кереметтері» болған. «Бүйрегім бүріп тұр» дегенге көккекіре гүлінің, «ішім түйнеп тұр» дегенге түймедақтың бір-бір қалтасын ұстатып жібере салатын. Жусан, адыраспан, жантақ сынды шөл далада молынан өсетін шөптерді де, өзі жинап, емге қолдануға дайындап, қажеттілігі бар-ау дегендерге таратып тұратын. Науқастың жайын дөп басып анықтай алатын ерекше «интуиция» иесі ме, жағдайы ауырларды дер кезінде біле қойып, «менің шамам жетпейді», деп туыстарына ашығын айтып, аудандық, қалалық ауруханаларға жатқызуға қамқор-көмегін аямайтын. «Ем қонбады» деп әйелдер жағы болмаса, еркек кіндіктілер тарапынан ұзақ жылдар бойы шағымданған ешкім болмапты. Ауылдастар «шайлығына» жететіндей бес-он теңгесін ұсынса, «…Еткен еңбегім үшін айлық аламын», деп жуытпайтыны Тілләқызға ұнамайтын. Дегенмен қанағатшыл зайыбын сыйлап. қарсы сөз айту деген атымен болмайтын. Адырбай Тілләқызын «Тилка» деп еркелетсе, онысы қызының атын ауызға ала: «Гүлжамаштың папасы» деп даусын сыңғырлата шығарып, таңғы шайға шақырушы еді. Осылайша келісім мен үйлесімдегі өмір-дөңгелек білдірмей алға жылжыйтын. Бұл зейнетке шыққанға дейін еді.
«Пәле» ақша десе ауыздық бермей кететін абысындарынан жұқты. Бірінің күйеуі – Парсы шығанағы мен сонау Чукоткаға дейін жүк тасып, бір тынбайтын – «дальнебойщик». Екіншісінікі қалада сауда орталығын басқарады. Әйелдері әмияндарынан уыс-уыс ақша шығарып мақтанғанында, бұл да қарап қалмай: «Бас иеміз аман болсын… Біздің де қолымызға қарға тышар», деп елемеген сыңай танытатын. Адырбай алғашқы зейнетақысын санап тұрып Тилкасының қолына ұстатқанда, онысы да санап болғасын:
– «Мынауыңмен қай тесікті жамаймыз. Сағымбай қалада пәтер жалдайды. Жүз алпыс мың теңге төлейді. Келін босанып, жұмысқа шыға алмай отыр. Мұрат ипотекаға үй алыпты. Ол да жәрдем сұрап жатыр. Ал, Гүлжамаштың оқуына бес жүз мың төлеу керек. «Күзге дейін төлемесең, оқудан шығарамыз» депті, Зейнетке шықтым деп, бүйіріңді қасып жата бересің бе?! Өмір сүру – әрекет етуден тұрмай ма?! Қаражат табудың жолын іздесеңші!» деп тұқырта қайрап, отбасының қалт-құлт еткен қаржылық жайын бейқамдау Адырбайдың санасына сыналап кіргізген болды.
– Гүлжамаштың оқуының ақшасын ағаңнан ала тұрсаңшы, – деді.
– Кімнен?.. Ермектен бе? Ол да сен сияқты «битін сығып, қанын жалап» отыр. Несін береді?
– Онда сауда орталығының бастығы болып жүрген қайныңда ақша бар шығар?
– Оның бергізбесі, бергізбейді. Ондай «Шығайкүлді» еш жерден көрмеппін. Сараңның сараңы ғой абысынымыз.
– Онда «дальнебойщик» қайныңнан ала тұр. Қыс түскенше қайтарармыз, – деді, амалы таусылған Адырбай.
Содан ойлап, ойлап қой семіртіп сатумен айналысуға тоқтады. Базардан ай сайын арзандау арық-тұрақ екі ісек әкеліп, жүнін алып, «креолин» ертіндісі қосылған бөшкедегі суға тоғытып, бейпіл жем-шөп беріп, бүйірін томпайта қоңын жақсартып, қайта базарға салғанда, отыз-қырық мыңдай қосымша пайда тауып жүргеніне оншақты ай болған. Онысы да отбасының қаржылық мәселесін толығымен шешпеген соң, Тілләқыздың қабағы ашылмаған қалпында қала берді.
***
«Дальнебойщик» інісінің баласы үйленіп, жиынға тиым салынғанына қарамай, індеттен өлім-жітім болып тұрған қалада, жасырын құдалық өткізілді. Ақшаның буымен аспанда қалқып жүрген келін тікелей ешнәрсе дей қоймаса да, сыртымнан тілдейтін шығар деп, аяғы тартпаса да амалсыздан қатысты. Табақтас болған егделеу кісі жөтеле берген… «Ковид емес пе екен?» деп секемденді. Әлгіні ауруханаға апарып тексергенде, рас болып шықты. Үйіне келісімен, міне, алты күн болды өзін оқшаулап, жеке бөлмеде жатқанына. Жеке бөлмесі-«МП-2». «Екінші медпункт» дегені. Ауру уақыт талғамайды. Кез келген сәтте тиісе кететіні белгілі. Ауыра қалғандар көбіне түнгі үш пен бестің арасында тайлы-таяғымен жетіп, үйінің қақпасын тасырлата қағады. Қақпа мен есік ашық қалғанда, баса көктеп кіріп, қараңғы бөлмелерді тінти шарлап: «Адырбай қайдасың?» деп айқайға басып, ұйқыдағы үй ішінің шырқын бұзып, орындарынан түгел тұрғызып жіберетін кездері де болатын. Оның үстіне тақыркөлдіктердің күндіз үйықтап, түнде қозғалысқа түсетінін жоғарыда ескерттік. Өтіп бара жатып «көріне кетейінші, не дер екен», дейтіндердің де қарасы қалың болатын. Не керек, ауылдың жалғыз шипагері – Адырбайды іздеушілер көп. Орнынан тұрып, қайта-қайта бір шақырымдай жердегі жұмыс орны – медпунктке бара беру сырқатқа да, өзіне де тиімсіз шаруа. Соны ескеріп, отыз бес жыл бұрын үйіне жапсарластыра бес те төрт метр етіп, өз қаражатына, «екінші медпункт» – «МП-2»-сін салған. Есік, төрезесі бөлек. Ауруларды қарауға кушетка қойып, жедел жәрдем қобдишасын да кешқұрым үйіне ала қайтатын. Фельдшер басынан талай қызықтар да, шыжықтар да дәл осы бөлмеде өткен. Әсіресе әйелдерді босандыру кездерінде. Бәрін бірдей жүз шақырымдай қалаға жеткізіп үлгере бермейсің. Ыңғайлы көлік те табыла бермейді. Бұл ауылға «акушерка» шақ келмеді. Бірін бір айдан кейін бұрыннан сөз салып жүрген жігіті алып қашып кетсе, екіншісі бір аптаға жетпей «тозақы жер екен» деп өзі қашып кеткен. Басқа да орта буын мамандар жіберілгенімен, көп ұзамай «Тақыркөлдің» «апталап соғатын құм суырған тентек желінен ұшып кете жаздадық» деп жауды жақындата жамандап, басқа да әртүрлі себептер тауып, іздерін суытып отырған. Тек «Нұрға бөккен туған жерім – Тақыркөл», деуден танбайтын Адырбай ғана сопиып ауыддағы жалғыз медик болып қала берді. Бір жолы байдың жекеменшік қойын бағатын, бойы шамада екі метр, үлкен жалпиған салмақты иегі мен қолының аса ұзындығы Адырбайға «Акромегал емес пе?», деген күдік туғызған бейтаныс кісі, толғағы басталғанына он сағаттан асқан, кішкене бойлы, топ-томпақ әйелін түнгі екіден өте осы «МП-2»-ге алып келген. Жағдайды бағамдау керек. Алыпқа: «Сіз тыста тұра тұрыңыз» деп, ойбайлап байыз таппай бара жатқан әйелді кушеткаға жатқарып, қан қысымын өлшеп, жүрегін байқап, жалпы жағдайын анықтап болды. Бұл кезде күйеуі терезеден ежірейе қарап тұрған. Енді жатыр мойнының қаншалықты ашылғанын, шарананың басымен, не аяғымен келе жатқанын, не көлденең жатқанын айыру үшін, қолына резіңке қолғап киіп, бұты жалаңаштанған әйелдің күнтимесіне, бас бармақ пен ортан терек саусақтарын шошайта жақындата бергені де сол еді, ауыр соққыдан құлап түсті. Басын көтерсе, төбесінде қойшы тұр төніп. Сол екен қызғанышы қозып кетіп, есіктен ене, күректей сүйекті қолымен желке тұстан періп қалған.
– Мұның не әңгүдік неме?.
– Өзімді ұстай алмай қалдым.
– Бар онда… Өзің туғызып ал! Дебил десе… – деп, желкесін ауырсына сипалап, орнынан тұрып жатып.
– Кешіре гөр, құрдас, – деп, «алып» мөлие қалды.
– Әй, баршы!.. Көзіме көрінбе! – деп қойшыны кеудесінен итермелей бөлмеден қуып шықты. Әйел жатыр жанын қоярға жер таппай… Толғақ қысып, бебеулеп. Он сағаттан бері босана алмағаны, шарананың көлденең келгенінен екен. Екі өмірге де қауіп бар. Кессерь тілігін жасап, жарып алу да қажет болуы мүмкін. Тездетіп қалаға, перзентханаға жеткізу керек. Алдында ауылда қатты жел болып, байланыс желілері үзілген. Тыста суық күзгі жаңбыр саябырсыр емес. Қойшының ат арбасынан басқа көлік жоқ. Өзінің «Уралын» шығарып, әр жерін түрткілеп көріп, канстирден бензин құйып, жолға дайындай бастады. Жарты сағаттың ішінде зарлап жылап-сықтаған әйелді люлкіге жайғастырып, «Отеллоны» артына отырғызып, құйып тұрған жауынның астында қалаға қарай зымырап бара жатты. Бәрі дұрыс болды. Қойшы, ұлының атын Адырбай қойыпты.
«Тақыркөлдің» бас шипагері қырық бір жылда мұндай қызықтардың талайын басынан кешкен. Егер әр айда кемінде бір «қызықтан» десек, қырық бір жылда олардың ұзын саны төрт жүз тоқсан екіге жетпей ме?.. Соны аңғарған Тілләқыз: – Сөзің дәділ, тілің жатық. Кәсібіңде басыңнан кешкендерің жайлы кітап жаз. Бестселлер болмаса маған кел. Сату жағын өзім қатырамын. Ақша сабан болады, – дейді.
– «Дилетант» деп жазғыра ма деп қорқамын. Әркім өз шаруасымен айналысуы керек, – деп қостай қоймады.
– Кім жазғырады?
– Есіңде ме?.. Жиырма төрт жыл бұрын Жақыпбек тәуіпшілік жасап, Сәруарды өлтіріп қоя жаздағанда, үйіне барып: «Әй, дилетант шық бері!» деп айқайға басып, ол шыға келгенде, ашу үстінде: «Өңешіңді жұлып алайын», деп жағасына жармасқанмын. Содан кейін Жақыпбек таксистікпен айналысып, тәуіпшілігінен тиылған. Енді «моралист» мен кітап жазсам, шатақ мінезді Жақыпбек, тағы бір кәсіби жазушыны ерте келіп, қақпадан айқайлап: «Әй, дилетант шық бері! Өңешіңді суырып алайын», деп тұрмасына кім кепіл» дейді. Соған қарағанда Адырбайдың бұл жазылмаған «бестселлері» де, «Тақыркөлдің» құмына көмілген қалпында қалар-ау» деп жорамалдай берсек болады.
…«Оқшауланып», ұйқысын күндіз-ақ әбден қандырған Адырбай таңғы үштен оянып, бүкіл ғаламды қас-қағымда көз алдыңа әкелетін, алақандай ақылдысы-смартфонын түрткілеп жатыр. Данияда «короновирус жұққан» құндыздарын түгел қырып тастағанынан хабардар болғанда: «Обал-ай…», деп өкініш білдірді. «Қойға да жұқпас па екен? Жүдә зәлім дейді ғой бұл вирусты… Әй жұғады-ау… Қойды қою керек!» деп ой түйген болды. Адырбай бала кезінен кітапты қадір тұтты. Кітапхана бұл ауылда Адырбайдан басқа ешкімде жоқ. «Кітап жинамай, ақша жинамадың ба! Осы ауылда сен сияқты кітап жинаған жанды көрсем, көзім шықсын. Кітап жинамай-ақ ана бес мың қойы бар кластасың Өрісбай «Джип» мініп жүр», – деп Тілләқыз соңғы кезде жиі қажайтынды шығарды.
«МП» есігінің алдына бір зат әкеліп қойғандай тықыр естілді. Артынша мүңкіген адыраспан түтінінің иісі шыға бастады. Бұл ертемен үйді адыраспанмен түтіндетіп, пәле-жаланы, індет келгелі вирустардан аластатып жүрген Тілләқыз еді. Екеуінің танысып, табысуы да, «Тақыркөлден» жұбын тапқандарға ұқсай бермейді. «Сүр бойдақ» атанып, отызды маңайлап қалған фельдшер, педучилищені бітіріп, мектепке бастауыш сыныптың мұғалімі болып енді орналасқан, отбасының үш ұлдан кейінгі еркесі Тілләқыздың үйіне барып, сырқат әкесіне ем-дом жасап жүрді. Біраз күн өтті. Әкесі басын көтеріп, айыға бастады. Кезекті емін жасаған шипагерді есік алдына дейін шығарып салып тұрған Тілләқыз бүй депті:
– Ағай, маған үйленіңізші!
– Неге саған үйленеді екенмін, – дейді қапелімде айтылған ұсынысқа аң-таң болған Адырбай.
– Апам айтты, өзімнің де ішім сезеді, сіз жақсы адамсыз. Сіздің жарыңыз болғым келеді.
– Ойланайық! – дейді жігіт есін жиып. Ойлануға тура бір ай кетіпті. Бір айдан кейін, дүркіремесе де, кіші-гірім той өтіп, жас отау тігіліпті.
Ішінен ілінген есік тықылдады.
– Адырбай! Тұрсаңшы, ерте күнді кеш қылмай! – Бұл – енді Тілләқызының «әуезі». Даусы өктемдеу, ызғар араласа шықты. «Әйел бәрін кешіреді, тек кедейлікті кешпейлі», дегеннің белгісі де деп ойлады Адырбай.. Әне бір жылдарғы сыңғырлайтын үн келмеске кеткендей… Әйелдер қауымымен айтысып береке таппайтынын, бала табу, нан жабумен жүрген тақыркөлдік қатындар өткен «фельдшерлік өмірінде» жақсылап ұғындырған. Не естімеді дейсіз. Не бір «оргинальный» балағат сөздер ауыздарынан шығатын. Әсіресе декреттік демалысы дұрыс есптелмей қалғандағы Нәлібайдың долы қатыны Қатираның сигектей шәңкілдегені құлағына қорғасындай құйылып қалыпты. Оқта-текте есіне түскенде еріксіз жымиятыны бар. Не деген еді, Құдай-ау?.. «Аузыңның ішіне сиейін» деген бірінші күні. Ертесіне қайта оралып: «Өлігіңе сиейін» деген. Бұл да есесін жібермей, «нервін» сақтап қалу үшін өз «әдісін» қолданды. Мұның әдісі – үндемей іш кептіру. Айтпағын ішінен айтады. Ішінен сыбайды. Әйтеуір, ақысын жібермейді. Қатираға да ішінен: «Айта бер! Сие, сие сідігің де таусылар», деген. Сол әдісін «әйел тұқымдас» деп өз әйеліне де қолданады. Төсегінде бір аунап түсті де, бір кісіге жетерлік қыңырлығына салып, үнсіз жата берді. Есік тағы тықылдады. Тықылдады деу шіли жұмсақ… Бұ жолы жұдырығымен дүрсілдетті.
– Адырбай! Адырбай деймін! Тү-уу-у… Неге үндемейсің? «Тұмау жұқты» деп шошынуың жаман еді… Тырайып қалғаннан саумысың?
«Әдептен безгеннің сөзін қара… Антұрған!»-деп іштей наразылық білдірген болды. «Қатыны ерке болып, байына теке болды», деген осы шығар. Мен тырайсам жетісерсің… Бірақ, кім білсін. Бәлкім, алғашқы махаббатың, дүкенші кластасың Елтайға қосылып, бағың жанып, жағдайың жақсарар…», – деген іштей «ерегісінің» соңғы жағын сәл ойланып, жұтып қойғысы келді. Жастау кездерінде «Кластасым,,, Кластасым!» дей берген соң байқаусызда: «Сол кластасыңа тиіп алмадың ба?!» деп қалған. Сонда Тілләқызы: «Қой! Адаспа! Саған ондай майда, сасық сөздер жараспайды. Ондай сөз «қатын мінезді» еркектердің аузынан шығады. Тисем, ол саудагерді көрмей қалғам жоқ. Сені айбын тұтар нағыз еркек деп тидім. Ол ойымнан өлім ғана адастырар. «Күлдірген де өзің, бүлдірген де өзің», екенін ұмытпа!» деп тиып тастаған.
– Бүгін жексенбі ғой… Ана екі ісекті базарға апарам демеп пе едің?
Рас айтады. Екі күн бұрын: «Вирус жұғып кетеді», деп жанына ешкімді жуытпай, сабын сумен жалғыз өзі кезегімен бөшкеде тоғытып, «Жексенбіде аман-сау болсам, базарға шығарам» деген. Ауызын «тығындап» алған бұл, смартфонын түрткілеуін жалғастырып, төсегінде тырп етпей жата берді.
Қыңыр күйеуінің бір қисайса, түзулене қоймайтынын білетін Тілләқыз есікті қойып, терезені тықылдатты. Бастапқыдай емес, бәсең үнмен, кейде ояна кететін әзілкештігіне салып:
– Оқшаубай-ау, жұмыртқаңды басып жата бермекпісің? Бәрібір балапан шыға қоймас… Алты күн өтті ғой… Сұрастырып едім, мына «дельта» штамының инкубациясы бір апта ғана», деп жатыр. Жұқтырсаң осы күнге дейін білініп қалар еді. Кеше кешкілік тысқа шықққаныңда ту сыртыңнан түріңді көргенмін. Жұқтырғанға ұқсамадың… Желкең күдірейіп, жұмыртқаларың ісініп кеткендей, талтаң, талтаң басып бара жатқансың. Ана екі ісегің сияқты қоңданып қалыпсың. Так что, тұр да, базарға барып қайт. Пұл керек!
– Жұмыртқа мен ақшада басың қалғыр-ай.., – деп өзіне ғана естілердей күңкідлдеген Адырбай, тіршілік белгісін білдіртпей жата берді. Терезе тұсында сәл-пәл тұрған Тілләқыз күдер үзді білем, ескі әуеніне салып: «Қазір апама айтамын!» деді де, үйге кіріп кетті.
Әудем уақыт өткенде үйдің сыртқы есігі сықырлай ашылып, анасы, сексен төрт жастағы Тоқта кемпірдің: «Ойбай, тізем!» дегені естілді. Есік алдындағы текпішектен түсе бергенде, «артрозо-артритті» тізесі кілт ете түссе керек. «Қырсығыңызды жөнге салыңыз» деген Тілләқыз денесі ауырлап қалған, етжеңді енесін «Тізем… Тізем…» дегізе сүйрелеп, үйдің күнгей жағындағы бұл жатқан «МП-2»-нің терезесі тұсындағы орындыққа әкеліп жайғастырды да, өзі қайтадан үйге кіріп кетті. Аһлап-үһілеп демін басқасын, атып келе жатқан таң нұрына көзі түсіп:
– Е, Жаратқан! Көрсеткен күніңе шүкір, – деп Аллаға қошемет білдірді. Бұл кісінің де «конфликті» жағдайда, өз «әдісі» бар. Тіке кетпейді. Жанамалап, орағыта, мақалдата айтады. Баласына бағыттай: – «Ерте тұрған еркектің ырысы артық деген…», деп бір қойды. Оған «Мезгілінде жүрмесең, мезгілді жерге жетпейсің», дегенді қосты. Осы кезде «МП-2»-нің есігі ашылып, үстіне спорт киімдерін ілген ұлы да көрінді.
– Апа, амансыз ба? Өзім де тұрайын деп жатыр ем, – деп ақтала сөйледі.
– «Айдағаның бес ешкі…» дегендей, баққаның екі ісек екен… Соған мені араластырмай-ақ күн ысып кетпей, тездетіп базарға апарып, көзін құртпайсың ба? Балаңа ақша салу керек екен.
– Солай етемін. Алушылар көбейіп, базар тоғыздан бастап қызады. Әлі үш жарым сағат бар. Үлгеремін.
– Баққасын, жүз қаралысын бірден айналдырмайсың ба? Екі ісекпен қалтаң томпая қоймас…
– Апа, бәрі қаражатқа байланысты ғой…
– Жалқау себепшіл болады. Кедейлігін анаған, мынаған жауып, өзіне шық жуытпайды. Әжең айтатын әзіл әңгіме болушы еді… Баяғыда жалқау жігіт шайласының алдындағы аядай жерге жүз қаралы түп қауын шығатындай дәнін сеуіп шығыпты. Көбірек егуге жалқаулығы жібермейді де… Соған да қуанған келіншегі шайын қайнатып, бәйек болып жүрген, ұқсайды. «Қауыншы» шайын сораптап отырып:
– Қауын жақсы салса, базарға шығарамыз, – деп маңғазданады.
– Қандай жақсы болар еді, – дейді келіншегі елпеңдей ұшып-қонып.
– Түскен табысқа буаз бие сатып алсақ… Құлындаған соң қымыз ішер-ек – деп қиялын жалғастыра түседі.
– Шын айтасың ба? Керемет! Сағынып кеттім, құлындағанша, төркініме мініп барып қайтар едім-ау, – дейді келіншегі одан сайын алақайлап.
– Ой әкеңді… Өзі буаз биені төркініңе мініп барып, құлынын тастақызайын деппе ең? – деп, дөрекі жалқау тас-талқан болып ашуланып, қолындағы пияланы келіншегіне қарай жіберіп қалады. Келіншек бұғып қалғанда, пияла шайланың есігіне шағылып, быт-шыты шығыпты. Сөйтіп кезектесіп шай ішіп отырған жалғыз пияласынан да айырылған екен. Сол жігітке ұқсап жүрмегін. Барға-қанағат! Базарыңа барып келе ғой, бұйыртқаны болар…», деген кемпір орнынан сүйретіле көтеріліп, «Ойбай, тіземді» қайталай айтып, таяғына сүйене әзер адымдап, үйге еніп кетті.
Тағы бір жарты сағат өткенде, Адырбай «Уралының» люлкесіне екі ісектің бастарын қылтита салып алып, базарға бет алды. Ісектері көзіне ыстық көрінеді. Бірі-қоңыр, екіншісі-қара. Гүлжамаш бірінің мойнына қызыл, екіншісіне көк лента байлап қойыпты. Сатудан айнығысы да келетіндей… Тілләқыздың «Пұл керек!» деген ызалы жүзі көз алдына елестей кетті де, газды бұрай түсті. Мал базарында мотоциклын автотұраққа қойып, өзіне үйренген, жуас ісектерін жетелей базар қақпасына қарай келе жатты. Қақпа үстіндегі тақтаға ірі әріптермен жазып, көлденеңінен ілініп қойылған Абайдың: «Пайда ойлама, ар ойла!» деген сөзіне көзі түсті. «Ойпырым-ай, мына базардың басшысы Қожанасыр емес пе?! Базарда пайда ойламай, не ойлаушы еді?! Басқа жақта жетіспей, жетімсіреп қалған «ар», базарда еске түсе қояр ма екен?!» Осындай ойға ілесе сала, ілезде онысынан айнып қалды. «Арлы адам жай таңдамайды. Ар әркез оның ойында», дегенге тоқтады. Осы кезде қақпадан еніп, шаңғытып жатқан, айқай-шулы базар төріне бармай, «Е, сәтін сала гөр» деп, кіреберістің оң бүйіріне тұра қалды. Сәтін салды. Он минут өтпей, жеңсіз ақ көйлекті, галстук таққан орта жастағы кісі, сабын суға шомылған, тап-таза, мойындарына лента байланған ісектерде көре, бұған қарай бұрылды. Жүзі жадырап:
– Ой, жақсы болды ғой… Осындайын іздеп жүр ем. Қанша сұрайсыз? –деді.
– Қырдың «натуральный» жем-шөбіне семіртілген. Ай бұрын осы базардан отыз бес мыңнан алған едім. Енді үстіне жиырма мыңнан қосып, елу бес мыңнан сатсам ба деймін, – деп, шынын айтты.
– Ағасы, сою үшін емес… Аулада өздеріне арналған шағын жайда ұстап, күнде жұмыстан келген соң бір құшақ шөпті өз қолыммен беріп, жегенін көріп, кәйіп алып, күні бойғы қажалған жүйкені қалпына келтіруге… Қойшының баласы едім… Ата кәсіп мұндалайтын сияқты, – деп, ол да шынын айтты.
– Жөн екен.
– Алпыс бес мыңнан аламын, – деді әмиянын ашып жатып. Жанындағы шопыры болар, тапалтақ қара жігітке: – Көлікке апара бер, – деді де; Игілігіңізге жұмсаңыз, – деп құнын төлеп, қайырласты. Сағат әлі тоғыз болмапты. Адырбай Тілләқызға деген жүз мыңды оң қалтасына, отыз мыңды сол қалтасына жасырып, «Уралын» быт-быттатып ауылына қайтты.
Жалғасы бар…