«ӘЙЕЛ ҚҰҚЫҒЫ ӘРДАЙЫМ ҚОРҒАЛАДЫ»
Алматы облысы Жамбыл ауданындағы
«Әйелдерді қолдау орталығы»
қоғамдық бірлестігінің төрайымы
Галина ӘЛЖАНОВАМЕН сұхбат.
Елімізде ер адам мен әйел затының құқығы тең деп қаралады. Яғни, мемлекеттік қызметтерде, басшылық орындарда әйелдер ерлермен қатар іскерлігімен көрінуге құқылы. Сондай-ақ отбасындағы еркіндігі еш шектелмейді. Себебі заң әйелдер жағында. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл қазақ халқында ежелден қолданылады. Сондықтан, қазақ қызының рухы өр, ерік-жігері мықты, сөзі өтімді болған. Оның дәлелі тарихтағы Тұмар патша, Бопай ханым, Айғаным, Зере әжелердің ұлағаты, отбасындағы рөлі арқылы көрінеді. Қазір мемлекетімізде әйел еркіндігі, теңқұқықтылығы заңмен бекітіліп қорғалады.
Қазақстан Республикасының дамуы жолындағы Гендерлік саясаттың алатын орны нақтыланып 1998 жылы бұл ұғым алғаш рет ұсынылды. Ал, 2005 жылы бекітілген 9 бөлімнен тұратын Гендерлік теңдік туралы стратегиясы қабылданды. Онда қоғамда, отбасында әйелдің орнын бекіту, теңқұқықтық және гендерлік оқу-ағарту деңгейін көтеру, жалпы өмір сүру жағдайын жеңілдету мәселелері жан-жақты қамтылды.
Стратегияны нәзік жандыларға таныстыру, олардың құқығын қорғау жұмыстарымен айналысатын Алматы облысы Жамбыл ауданындағы «Әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігін 25 жылдан бері Әлжанова Галина Георгийқызы басқарып келеді. Ұлты орыс болғанымен, өзі қазақтың келіні Галина апаймен жолығып, гендерлік саясат және аудандағы әйелдер қауымының отбасындағы тұрмысы туралы сұқбаттасқан едік.
– Галина Георгийқызы, Гендерлік саясат туралы қандай ақпаратпен бөлісе аласыз?
– Гендер – «gender» ағылшын тілінен аударғанда «тек» деген мағынаны білдіреді. Бұл биологиялық емес, әлеуметтік жағдайларға тәуелді әлеуметтік жыныс, әйелдер мен ер азаматтар арасындағы айырмашылық десек те болады.
Гендерлік саясат – жыныс белгілері бойынша дискриминацияны жою және эгалитарлы қоғамды қалыптастыру үшін жүзеге асырылатын саясат. 1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның «Әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық формаларын жою туралы» Конвенциясына қосылды. 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік стратегия – мемлекеттік гендерлік саясатын іске асыруға бағытталған негізгі құжат. Қазіргі заманда әйел тек ошақ басында қалып қоймай, кез-келген салада ерлермен қатар көптеген міндеттерді қатар алып жүруге құқығы бар. Ал біздің бірлестік осы тұрғыда әйелдердің тұрмысын жақсартуға күш салып келеді.
– Галина Георгийқызы, әйелдер құқығын қорғауда қандай нақты бағыттар бойынша жұмыстар атқарасыздар?
– Мынадай бағыттар бойынша жұмыс істейміз: зәбір көрген әйелдерді, балаларды қамқорлығымызға аламыз; ауыл әйелдеріне олардың құқықтары мен мүмкіндіктері туралы мәлімет береміз; ауыл халқының тұрмыстық жағдайын көтеру үшін өзіндік көмек топтарын құрамыз; әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамытамыз; Гендерлік саясат төңірегінде тренингтер мен семинарлар өткізу арқылы әйелдер арасындағы құқықтық сауаттылықты арттырамыз.
Әйелдерді қолдау орталығы Жамбыл аудандық әкімі аппаратымен, ауылдық округтар әкімдерімен, мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен, басқа да ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді.
– Гендерлік стратегия бойынша жуырда қандай ауқымды іс-шараларды атқардыңыз?
– Былтыр аудандық Ішкі саясат бөлімінің арнайы тапсырмасымен «Тату отбасы – тату мемлекет», «Іскер әйел» атты дөңгелек үстелдер өткізілді. Сондай-ақ азаматшалардан түскен арыздар айналасында үйлеріне барып отбасылық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге психологиялық, моральдық және заңнамалық көмек көрсеттік. Жамбыл ауданы Ішкі саясат бөлімінің жеке тапсырмалары бойынша атқарылған басқа да бірқатар іс-шаралар тізіміне тоқталсам, олар: «Қазақстан – біздің Отанымыз» атты дөңгелек үстел; «Әйелдер қозғалысы әлеуметтік модернизация аспектісі ретінде» форумы; «Отбасындағы зорлық-зомбылық» атты семинар; «Қазіргі қоғамдағы әйел орны» – аудандық конференциясы. Жергілікті әйелдер арасында гендерлік саясатта аталған құқықтарын білу деңгейі бойынша атқарған жұмысымыз өз нәтижесін берді.
– Күйеуінен қорлық көрген әйелдер қай Заң тармақтарына сүйеніп өз құқықтарын қорғайды?
– Қазақстанда 1999 жылы ішкі істер органдары жүйесінің құрылымында әйелдерге зорлық-зомбылық жасау көріністеріне қарсы күрес жөніндегі бөлімдер құрылған. 2009 жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау туралы» Заң қабылданған.
1998 жылы 29 маусымда еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының «Әйелдерге қатысты кемсітудың барлық нысандарын жою туралы» Конвенциясына қол қойды.
Бұл қабылданған Заңдар мен конвенциялар әйелдердің басшылық қызметтерде отыруына толық мүмкіндік береді. Мәселен соңғы санақ бойынша Қазақстанда мемлекеттік ұйымдарда қызмет істейтін 50219 әйел адам тіркелген. Жамбыл ауданында аудандық аурухана, архив, Халыққа қызмет көрсету орталығы, ЭнергоСбыт сияқты мекемелердің басшылары әйел адамдар болған.
– Ауданда отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің нақты оғиғалары немесе қылмыстық істер өз тәжірибеңізде кездесті ме? Бір-екеуіне тоқталып өтесіз бе?
– Ауданымызда бір әжейдің зейнетақы алатын карточкасы мен құжаттарын тартып алған баласымен сөйлесіп, жағдайын түзетіп қайттық жуырда. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Тағы бір әйел азамат күйеуінен бірнеше жылдан бері қорлық көріп, ақыры үйінен айрылып қалған. Сол отбасына барып, татуластырып, күйеуіне психологиялық кеңес бердік. Қазіргі уақытта ол отбасы жеке қадағалауымызда тұр. Одан басқа көптеген зардап шеккен әйелдер мен зорлық көрген қыз балалар тіркеуде. Олармен жұмыс істеу біздің басты міндетіміз. Қазір әйелдерді қорғайтын жоғарыда атап өткен түрлі заңдар бар. Солардың арқасында әйелдердің құқығы тапталған оқиғилар тізбегі азайып, өркениет талаптарына сәйкес нәзік жандыларға деген құрмет ауқымы кеңейе түскен.
– Жуырда Жамбыл ауданында құрылған әйелдерден құрылған экспедициялық топпен киелі орындарға сапарға шығыпсыздар. Сол туралы айтсаңыз.
– Иә, аудандағы әйелдерден құрылған топпен көне шаһар Тараздағы Қарахан мен Айшабибі кесенелеріне, одан кейін Түркістандағы Арыстанбаб, Ахмет Яссауи кесенелеріне барып, құран бағыштадық. Меніңше, бұл өткенге құрметпен қарап, ата-бабаларымыздың өмір жолынан сабақ алу деп есептеймін. Әрі отандық туризмнің дамуы өз қолымызда екеніне көзім жетті. Әрі әйел адамдардың бір уақыт отбасы, ошақ қасынан бөлек саяхатқа шығып, киелі жерлерге барып өткен тарихпен танысып, білім көкжиегін кеңейтіп келуіне мүмкіндік жасадық.
– 1999 жылдың қазан айынан бері «Жамбыл аудандық әйелдерді қолдау орталығы» атты қоғамдық бірлестікті басқарып келесіз. Аталған үкіметтік емес ұйымды құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін барып ашқансыз ба?
– Зейнеткерлікке шыққан соң үйде қол қусырып қарап отыра алмадым. Белсенді жұмыстан кейін төрт қабырғаға қамалу мен үшін қиын болды. Шыдамым таусылғаннан кейін сол кездегі аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Айжәмила Аралбаева мен аудандық мәслихаттың хатшысы Динар Нүкетаеваға барып, «Маған жұмыс қарастырыңыздаршы» деп өтініш білдірдім. Жөн-жосығын ойластырып, ортақ күш біріктірудің нәтижесінде осы орталықты ашудың сәті туды. Аудандық білім бөлімінің ғимаратынан бірден жұмыс бөлмесі ұсынылды. Сенім телефонын орнатып, жұмысымызды бастап кеттік. Көп нәрсені оқып-тоқыдық. Қаншама семинар, тренингтер ұйымдастырдық.
– 25 жылдан бері «Әйелдерді қолдау орталығын» басқарып келеді екенсіз. Сіздің жобаңызды осы уақытқа дейін қолдап көмек қолын созғандаржандар болды ма?
– Әрине, аудан әйелдерін қолдау орталығы 2005 жылдың өзінде-ақ халықаралық грантты ұтып алып, Германиядан келген ұйыммен бірлесе «Жамбыл ауданының ауыл тұрғындарының өмірін жақсарту» атты жобасын қолға алды. Жоба 2005-2007 жылдарға есептелген еді. 2009 жылы бұлар сол шетелдік ұйымның тағы бір халықаралық грантын ұтып алып, енді басқа бір жоба – «Жамбыл ауданында өзіне-өзі көмек топтарын қалыптастыру және дамыту» жобасын іске асыра бастады. Ол жоба 2009-2011 жылдарға арналған болатын. Оның аясында көптеген жұмыстарды тындырдық.
– Әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасындағы әйелдерді жұмыспен қамтамасыз етуге қандай жағдай жасайсыздар?
– Алматы облысы Жамбыл ауданының түрлі ауылдарында 30-ға жуық өзіне-өзі көмек көрсететін топтар құрылған. Олар жоғарыда аталған жобалардың қорытындысы. Мұндай топтар аудандағы 14 ауылда жұмыс істейді. Атап айтқанда Ұзынағаш, Қайназар, Қарасу, Еңбекшіарал, Талап, Ақсеңгір, Таран, Үмбетәлі, Ынтымақ ауылдарында. Әр тобымыз 8-14 адамнан құралған. Олардың жұмыс бағыттары бір-біріненөзгеше. Ұлттық киімдер мен тұрмыста қолданатын ұлттық бұйымдар, төсекжаймалары мен жапқыштар, үй жиһаздарын жасау, жүннен дайындалатын бұйымдар, бас киімдер мен аяқкиімдер тігумен шұғылданады. Осындай қызметтерде Қамар мен Айгүл Әшімовалар, Шолпан Сәдуақасова, Роза Мұсаева, Бибіжан Жігітекова сияқты ісмер әйелдер белсенді болды. Сонымен қатар бұл істе Қазақстанға Моңғолия, Қытай, Өзбекстаннан келген қандастар да өздерін жақсы жағынан көрсетті.
– “Жалын” журналының оқырмандарына қандай тілек білдіресіз?
– Мен қазақтың келіні болғаныма, Қазақстанда өмір сүргеніммен мақтанамын. Қазақтың ұлттық киімін киюді өзіме әдет қылғанмын. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрдің сақталып, қазақ тілінің өркендеп, дастарханымыздың жақсылыққа жайылғанын, елімізде молшылық болғанын тілеймін.
– Әңгімеңізге көп рахмет. Істеріңізге сәттілік тілеймін.
Сұхбат алған: Майра Алдабергенова