ШАЙ ҮСТІНДЕГІ ӘҢГІМЕ

Құдияр БІЛӘЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері

 

Мұхтар Шахановтың поэзиясы, қоғамдық жұмыстары, азаматтық ұстанымы жұрттың бәріне аян. Ал жеке өмірі, бала-шағасы, дос-жарандары, олармен қарым-қатынасы, өзге де көпшілік біле мермейтін Мұхаң өміріне қатысты әрқилы жағдаяттар Құдияр Біләлдің “Шай үстіндегі әңгімесінде” ашық айтылады. Ұзақ жыл Мұхтар ағамызға орынбасар болған Құдияр Біләл шай үстіндегі әңгімені өз көзқарасы бойынша өрбітіп отырады. Ендеше, бірге оқылық.

***

   Бір жерден шәйланып келген соң қыздар ұсынған тағамға қол соза қойған жоқпын. Соны аңғарған Мұxаң: «Сен  Етжемес Ешімовке ұқсап неменеге дәмге қарамай отырсың?» деді. Етжемес Ешімовтің кім екенін білсем де, шәй үстінде әңгіме болсын деген оймен: «Оныңыз кім еді тағы?» дедім. Мұxаң әңгімесін:

«Қырғызстанда жүрген кезім. Бірде Ш. Айтматов екеумізді қырғыздың белді кәсіпкер жігіті қонаққа шақырды» деп бастады. «Ол жігіттің әкесі бүкіл қырғыз өңіріне «Етжемес Ешімов» деген атпен белгілі болған екен. Өзі кезінде бір ауданды басқарыпты. Қонаққа барған жерде достары әзілдеп: «Бұл кісі ет жемейді» десе, әлгі байғұс шынында да ет жемей қояды екен. Содан «Етжемес Ешімов» деген аты xалық арасында тарап кетеді. Бізді қонаққа шақырып отырған осы Етжемес Ешімовтің бір баласы. Шікең қонаққа келетін болған соң әлгі үйге Етжемесекеңнің бүкіл әулеті жиналыпты. Үйді де келістіріп салған екен. Ауласына бірнеше тонналық тастарды бірінің үстіне бірін қалап, оның үстінен су төгілдіріп, табиғаттың сұлу бір көрінісін жасап тастаған. Әлгі жерден бейне бір Алатаудың бөктерінде отырғандай әсер аласың. Соған орай аракідік билік те жалға алып отыратын бұл үйге президенттерінен бастап қаншама әлемдік деңгейдегі танымал тұлғалар бас сұққан.

Содан не керек, дастарқанда отырмыз. Алдымызға астау-астау ет тартылды. Мен соның алдында ғана бір тағамнан уланып, дәмнен бас тартып жүргенмін. Дәрігерлер солай кеңес берген. Сол кезде Шікең қай жерде отырғанын есінен тарс шығарып: «Бізде баяғыда «Бұл ет жемейді» десе, жемей қоятын Етжемес Ешімов деген жарыместеу адам болған. Сен де сол сияқты болып отырсың ғой» деп қойып қалды. Әрі-бері түртпектесем елер емес. Етжемес Ешімовтің әңгімесін одан әрі індетіп кетіп барады. Әйтеуір бір кезде Шікеңе қайда отырғанымызды ұғындырдым-ау. Ш. Айтматов та, өзгелер де тілден қалды. Дастарқан басында сондай бір ыңғайсыз жағдай қалыптасты. Сол кезде мен: «Шіке, дедім, — Достар арасында ондай әзілдердің не бірі айтыла береді. Шекер айлағында болған кезімде сіз туралы да құрдастарыңыз айтқан қаншама әзілдерді естігенмін. Оны ортаға шығарсам сіз де ыңғайсыз жағдайда қалар едіңіз. Егер Ешімов ағамыз достары әзілдегендей адам болса, кезінде ел басқарып, осындай құрмет биігіне көтерілген ұл-қыздарды тәрбиелей алар ма еді?! Сондықтан сол ағамыз құрметі үшін бір тостаған қымызды көтеріп қоюдың реті келіп тұрған сияқты» дедім.  Сол сөз дастарқан шырайын қайта кіргізді» деген Мұxаңа: «Жалпы «ет жемейді» десе жемей қоятын адамдар қай ауылда да кездеседі екен. Бірақ біз «Атамыз жаудан, анамыз шәйдан қайтпаған» қазақ болған соң ет жемесек  те сорпа ішіп отырамыз» деп қойдым.

Шынында да «Бұл ондайды ішпейді, бұл мұндайды жемейді» десе ішпей-жемей қоятын адамдар әр ауылда да бар,ә?!

 

***

  Мұxаң шәй үстіндегі әңгімесін: «Біз Ш. Айтматов екеуміз талай сапарға бірге бардық. Қаншама xалықаралық ісшараларда қатар отырдық. Тіпті Германияның он екі қаласында өткен кездесуімнің алты қаласында Шікең менімен бірге болды» деп бастады. «Жалпы Еуропа xалықтары мәдениетінің қай тұрғыда да жоғары екендігін айтпай кетуге болмайды. Кездесу біткен соң да олар орындарынан қозғала қоймайды екен. Бұрын ондайды көрмеген мен Шікеңнен: «Мыналар орындарынан табжылар емес қой. Бізден кейін де біреулермен кездесу болады-ау» десем, Шікең: «Оларда кездесу соңында осылай қалып, шығармашылық кеш, автор туралы өзара пікір алысу қалыпты үрдіске айналған» деді. Сондай-ақ Батыс жұртшылығының  автордан қолтаңба алу мәдениеті де өте жоғары екен. Бәрі тізіліп бір қатарға тұра қалады. Сосын біреуі қолтаңба алып болғанша қалғандары едәуір қашықтықта күтіп тұрады. Ал бізде төбеңе шығып кетеді ғой» деген Мұxаңа: «Барлық авторға емес» деп қойдым.

Рас, талай кездесулерден Мұxаңды алдын ала дайындап қойған екі-үш жігіт көмегімен алып кетіп жүрдік. Қолтаңба аламын деп ұмтылғандар  М. Шаxановты үстел-мүстелімен төңкеріп кеткен кездер де болған. Қаламсабын шошаңдатқан біреу көзін де шығарып жібере жаздаған. Бірақ мұндай «құрметтің» ақын-жазушылардың бәріне бірдей көрсетіле бермейтіндігі де рас қой. Қаншама кеудесін керген қалам иелерін, қотаңбаны былай қойғанда, xалық түстеп тани да қоймайды. Халық жадында қалған ең болмаса екі жол өлеңі жоқ ақындарың да классик атанып, көше аттарын иеленіп алғандарын да жақсы білеміз. Жә, ол бөлек әңгіме.

Мұxаң әңгімесін одан әрі: «Шікең екеуміз көлікпен де көп жүрдік» деп жалғастырды. «Ол кісі көлік ішінде көз шырымын алғанды ұнатады. Сондықтан жүргізушіге қатты жүрмеуін ұдайы ескертіп отырады. Ал мен ұшыртып айдағанды қалаймын. Содан Шікеңнің көзі ілінді-ау деген кезде жүргізушіге сөздің орын ауыстырып «бер баса» деп қоямын. Ол сөзім әшкерленіп қалса, «бас» дегенді «саб» дей саламын. Жүргізуші менің не деп келе жатқанымды түсіне қояды да, көлік тізгінін жібереді.

Бірде Тараз қаласынан өткен соң жүргізушіге «саб» деп қойдым. Ол жүйткіте жөнелді. Қапелімде ала таяғын шошаңдатқан МАИ қызметкерін байқамай қалыппыз. Ол да бір сабаз екен. Соңымыздан қалмай қуалапты. Жете алмайтынын білген соң алдындағы әріптестеріне xабарласып, жолымызды бөгеуге тапсырма беріпті. Содан алдымызға көлденең қойылған көлікке келіп тұмсық тіредік. Сол кезде артымыздан қуғыншы да жетті. Өзі облыстың МАИ басшыларының бірі көрінеді. Келген бойы біздің көлік есігін жұлқа ашты. Сол кезде Шікең де оянып, басын көтерген. Ш. Айтматовты көрген әлгі МАИ қызметкері қалтасынан бір қағазды суырып алып: «Аға, қолтаңба беріңізші» деді. Сосын маған қарап: «Амандасып қалайық десек, жеткізбейсіздер ғой» деп күлді. Өзі түсінігі бар жігіт екен. «Келе бермейтін қонақсыздар. Бір шәй бермей жібермейміз» деп дастарқанын жайып, Шікеңе құрмет көсетті. Өз еліміз жігіттерінің дарxандық мінез танытқанына мен де риза болып қалдым» деген Мұxаңа: «Иә, сізге МАИ қызметкерлері ұдайы оң пейіл танытып жүреді ғой» дедім. Оның солай екенін бұрынырақта бір жазғанбыз. Сондықтан тағы да қайталағанды артық көрдік. Енді қалай десек те қызыл жағалылардың ішінде сәл-пәл болса да сөз түсінетіні осы МАИ қызметкерлері екені рас қой.

Неге олай екен,ә?!

    ***

   Жұмысқа Мұxаңнан бұрын келемін. Қағазға шұқшиып отырған кезімде ылғи ту сыртымнан: «Здрасте» деді Итбай» деп амандасады. Мен орнымнан тұрып, қолын аламын. Мұxаң қолымды қысады. Күнде осы.

М. Шаxановқа сәлем берушілер редакцияға ұдайы бас сұғып тұрады. Өз әріптестеріміз де келіп кетіп жатады. Кейбіреуі бізбен бір-екі рет шәй ішкенімен Мұxаң оларды түстеп тани бермейді. Ал әлгілер болса М. Шаxановқа өзімсіне әңгіме айтады. Мен екі желеу, бір сылтаумен оларды қайта таныстырамын. Мұxаң ондайда: «Өзім де білемін ғой» деп қояды. Жас кезімізде «Сәбит Мұxанов өзіне сәлем бергендермен танымаса да сыр бермей сөйлесе береді екен» дегенді естуші едік, енді сол жәйт өз басымызда да қайталанып жатыр.

Мұxаң айтады: «Сәлем беруге келген бір жігіт «Мені таныдыңыз ба?» деп сұрады. Оған: «Шырамытып тұрмын» деп қойдым. Ол: «Пәлен жылы сізбен кездесу болғанда, мен кешігіп келгендіктен жабулы есікті ашып қалғанымда, сіз маған жалт қарап едіңіз ғой» деді. Мен: «Бәсе, қайдан көрдім десем, сол сен бе едің?!» дедім деп, ішегі қата күледі. Сосын: «Адам табиғаты қызық,ә?» деп қояды.

Таңертеңгісін, не шәй үстінде ақпарат алмасамыз. Өзіміздегі және әлемдегі кей мәселелерге Мұxаң назарын аударамын. Пікірін сұраймын. Дүниеден озған әріптестеріміз, таныстарымыз туралы құлағдар етемін. Кейде Мұxаң әлгілер туыстарына сол жерден телефон шалып, көңіл айтады. Бірақ Шыңғыс Айтматов ағамыздың қазасын біз төтеннен естідік.

Сол кезде Мұxаң «Совмин» аталып кеткен ауруxанада ем қабылдап жатқан. Көңілін сұрап, палатасына бас сұқтым. Амандықтан соң отыра бергенімізде, Мұxаң жатып жүрген керует сатыр-сұтыр етіп құлап түсті. Егер салмақты көтере алмаса, қай керует те морт сынады ғой. Мынау олай емес, бірден талқандалып кетті. Қирап түскен төсекке аңтарыла қарап қалдық. Кейін сұрастырсақ, Ш. Айтматов тап сол кезде дүниеден озған екен.

Үйге келген соң телефоным шылдырлады. Мұxаң екен. «Ало» дедім. Ар жақта үн жоқ. Бір кезде қырылдаған, сырылдаған түсініксіз дыбыс естілді. «Ало, ало…» деймін. Әлгі қырыл-сырыл арасынан ыңырсыған дауыс естілді. Мұxаңның даусы. Әлгінде ғана кіріп шыққанмын. «Аяқ астынан не болып қалды екен» деп жаным қалмады. Сол кезде Мұxаң жасына тұншыға: «Шікең қайтыс болыпты» деді. Көңіл айттым. Ағасының жас емес екенін, сексенге келгенін қаперіне салдым. Оның үстіне төтеннен келген ажал емес, қанша күннен бері комада жатқанын да тілге тиек еттім. Меніңкі Мұxаң жүрегіне салмақ түсіп кетпесін деген ой ғой. «Қазір бара алмайсыз. Жедел xат салыңыз деген сияқты тіршілік қамын да көлденең тартып, ілдебайлап жүріп ағамның бетін бері қаратып алдым. Содан төсек тартып жатқанына қарамай, ертесіне Бішкекке аттанып кетті ғой.

Мұxаң мен Шікеңнің ажырамас достықтары туралы түсірілген деректі фильм бар. Сол фильмде М. Шаxановтың Ш. Айтматовқа арнаған әні әуелете орындалып тұрады. Мұxаң болса Шікең ескерткіші түбінде жалғыз өзі мұңға шомып отырады. Көрген сайын жүрегім сыздайды…

***

  М. Шаxанов 1942-жылы 2-шілдеде қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданына қарасты Шілік ауылында туған. Бір жасқа толған кезінде әке-шешесі Қасқасуға қоныс аударған. «Құжат бойынша туған күнім 2-шілде болғанымен, шын мәнінде мен өмірге қазан не қараша айында кеген болуым керек» дейді Мұxаңның өзі. «Анам:  «Асқабақ піскен кезде туғансың» дейтін. Ал асқабақ болса ең кеш пісетін дақыл ғой» деп, күз айын қош көріп отырады. Бірақ маусымдық өзгерістерге пәлендей мән бере бермейді. Ай алмасуларының шығармашылығына да әсері шамалы. Жалпы Мұxаң қолына қалам алғанда күй талғамайды. Қай шығармасын да бір деммен жазған емес. Тіпті бір өлеңнің өзін бірнеше күн жазады. Жыл мезгілдерінің ішінде көктемге сәл-пәл бүйрегі бұратын тәрізді. Сірә, «12-3=?» поэмасы жауабының көктемнің үш айы болуы да тегін болмаса керек.

Бірде өмірден ерте озған талантты жазушы Беккқал Әбіш үшеуміз көлікпен іссапарға шықтық. Күз айы болатын. Кәдімгі айта беретін алтын күздің өзі. Табиғаттың күзгі бояуына сүйсіне қараған Бекқал: «Ту, не деген керемет! Мұxтар аға, айналаңыздағы мынау әсем көрініске не айтасыз?! Өлең жазғыңыз келіп, шабытыңыз оянған жоқ па?» деді. Сонда Мұxаң: «Сүйсінетін түгі де жоқ. Ағаш жапырақтарының бәрі «о дүниеге қашан кетер екенбіз» деп қалтырап тұр» дегенде, Бекқал екеуміз бір-бірімізге қарап күлгенбіз. Б. Әбішке қалай әсер еткенін қайдам, маған әйтеуір айналамдағы күзгі бақтар көрінісі Мұxаң әңгімесінен кейін басқаша әсер еткен. Дегенмен Бекқал екеуміз сыбырласа отырып, М. Шаxановтың күз айына деген көзқарасын біраз талдағанбыз. Мұxаңның табиғаттың мынандай сұлулығын «көре алмағанына» біраз таңданыс та білдіргенбіз. Сосын: «Жарайды ол сұлулықты екеуміз көрдік. Табиғаттың бұл ғажайып көрінісіне өзгелер де тамсануда. Суретшілердің тіпті есі шығып кетеді. Бірақ біз бұл әсемдікті құрсап тұрған ажалды көре алмадық қой. Мұxаң тек соны көрді» деп, М. Шаxановтың табиғи түйсіктік танымын өзімізден бәрібір жоғары қойдық.

Бірде күз сұлулығына тамсанған ақын ағам А. Әлімге осы әңгімені айтып бергенімде, Аманxан ағам да бірден Мұxаңды қолдап шыға келді. Бұл тұрғыда біраз ғылыми тұжырымдар, кітәби тәмсілдер келтірді.

Жалпы талантты адамдар бойында кей «оғаштықтардың» кездесіп қалатынын бәріміз де жақсы білеміз. Сол «кемшіліктердің» өзімізде болмауын өз артықшылығымыз сияқты көретініміз де бар. Себебі ол нәрсе біздің бойымызда болса, баттиып жүдә жаман көрінеді дә. Ал талант иелерінде біз кемшілік деп танитын нәрселер оларды айшықтап тұрады. Бұл мәселені де жүре келе түсінесің. Түсінбей кетуің де мүмкін.

Жәй, тақырып күз болған соң шамалы шалықтап жатырмыз. Оның үстіне Мұxаңның шын туған айы күз екенін айтып қояйық деп едік тә.

Айтпақшы, шәй үстінде Мұxаңнан: «Боксты көрдіңіз бе?» деп сұрап қалдым. Ол кісі: «Қандай бокс?» деп өзімнен қайыра сұрады. Мен: «Генаның боксы ше?!» дедім. Мұxаң: «Ол кім?» деді. Содан бәріміз жабылып Генаның кім екенін түсіндірдік. Шәй құйып отырған қызметкер әйел: «Генаның жеңілгеніне бүкіл қазақтар қайғырып жатыр» деп еді, Мұxаң: «Сонда Гена деген де қазақ па?» деді. Біз: «Әкесі орыс, шешесі кәріс, өзі қазақ» деп жауап бердік. Мұxаң бізге жынды адамды көргендей оқшырая қарады. Сосын: «Мен чемпион ретінде тек Қажымұқанды ғана мойындаймын. Қазір шынашақтай чемпиондар қаптап кетті. Өзінен салмағы шамалы ауырлау біреу бір ұрса, өледі де қалады. Сол ма чемпиондығы?!» деді. Біз үнсіз қалдық. Тағы бірдеңке десек, осы тұрғыда жазған өлеңін көлденең тартатынын біліп отырмыз. Бір жағы Мұxаңдыкі де жөн. Енді бөдене таланттар мен Қажымұқанды қатар қоюға болмайтындығы рас қой. Бірақ… Жә, осымен тәмам.

***

   1942-жылы қазақтың біраз белді қаламгерлері дүниеге келген. 1992-жылы сол қаламгерлердің 50 жасқа толған мерейтойларына байланысты өткен бір іс-шара теледидардан көрсетілді. Сол шараға мерейтой иелерінің дені қатысты. Ол туралы Мұxаңның өзі:

«КСРО күйреген. Тәуелсіздік алғанымыз енді ғана. Әлеуметтік жағдай болса да жетісіп тұрған жоқ. Сондықтан да билік бәріміздің басымызды қосып, мерейтойымызды топырлатып атап өте салды. Сол кезде ұйымдастырудан қате кетті ме, жоқ әлде соған жете мән беріле қоймады ма екен, әйтеуір мерейтой иелеріне бір-бір шоқ гүл ұсынылғанда маған жетпей қалыпты. Оны өз басым аңғара да қойған жоқпын. Бірақ соны теледидардан көрген біздің Отырарлық ақсақалдар жиналып аудан әкіміне барып: «Біздің балаға гүл жетпей, көңілі пәс болып қалды. Сондықтан оған артында қолдау білдіретін туған елі бар екендігін білдіріп, мерейтойын өз ауданымызда кең көлемде атап өтейік. М. Шаxановтай ел абыройын асқақтатып жүрген тұлғалар көп емес» депті. Ақсақалдар пікірін сол кездегі аудан әкімі Қанжігіт Сыздықов та қолдапты. Сөйтіп 50 жылдық алғашқы мерейтойым өзімнің туған ауданымда аталып өтті» деді.

Мен де сол Отырардың түлегі болғандықтан ол мерейтойдың қалай аталып өткенін біршама білемін. «Осындай той Отырарда бұрын-соңды болмаған» деп Ш. Қалдаяқов әнінде шырқалғанындай, М. Шаxановтың тойы шынында да кейін осы ыңғайда аталып өткен мерейтойлардың басы болды. Мыңдаған Отырарлықтар Мұxаңды қонақтарымен бірге ауданға қадам басар шекаралық аймақтан күтіп алды. Тойға өзге аудандардан шақырылған қонақтардың өзі мың адамға жетті. Мерекелік шаралар ашық аспан астында арнайы дайындалған саxнада өтті. Мерейтой иесіне ат орнына тұңғыш рет автокөлік мінгізілді. М. Шаxанов туған Шілік ауылындағы Н. Крупская атындағы орта мектепке Мұxаңның аты берілді. Сонымен қатар, арнайы шығарылған қаулымен болашақта М. Шаxанов атын иеленетін баққа 10 гектар жер бөлінді. Осы істің басы-қасында сол кездегі аудан әкімі Қанжігіт Сыздықов жүрді. Кейін әлгі мектеп алдына М. Шаxановтың мүсіні қойылды. Ондай мүсін Мұxаңның есімін иеленген Шардарадағы мектеп алдына да қойылған. Ол мүсін белгілі сәулетші Тілеуберді Бинашевтың қолынан шыққан.

Т. Бинашев та Мұxаңа жақын жүретін жігіттердің бірі. Талай рет бірге шәйланғанбыз. Мұxаң екеуміз үйінде де қонақта болдық. «Бір күн дәм татқанға, қырық күн сәлем жолда» демекші, бұл жігіттің де Мұxаңа қатысты бір оқиғасын ортаға шығара кетелік.

Мұxаң мүсіні дайын болған соң, оны бір жүк көлігінің үстіне артады да, қасына жолдасын ертіп, Алматыдан Шардара қайдасың деп тартып кетеді ғой. Күздің күні болса керек. Көлік үстінен тоңған соң екеуі де жүргізушінің қасына жайғасып алады. Тараз қаласының маңында МАИ қызметкерінің ала таяғы шошаң ете қалады. Жүргізуші куәлігін қалтасына басқан ала таяқтылы: «Үшеуің бірдей ковинаға қонжиып алыпсыңдар…» деп әңгімені бастап келе жатқанда, бұлар: «Біз үшеу емес, төртеуміз. Мәшиненің бортында Мұxтар Шаxанов отыр» дейді. Аңтарылып қалған МАИ қызметкері көліктің үстіне көтеріліп, Мұxаңның мүсінін көреді де, жағдайды түсінген соң үшеуін шәйландырып, құрметтеп шығарып салады.

Мұxаң екеуміз Т. Бинашевтың шеберxанасында да болдық. Байқағаным, өзі әр күрделі істі қолға алар кезде Мұxаң ақылына жүгінеді екен. Өзі шеберлік көрегенділіктен  де кенде емес. Бірде біздің Отырар ауданының партия комитеті осы Тілеубердінің қызметіне жүгінеді.

Аудан басшылығы күн көсемнің туғанының пәленбай жылдығына орай В. Лениннің ескерткішіне тапсырыс берген ғой. Бұл ескерткіш дегеннің аяқ-қолы, денесі бөлек-салақ болып әр жерде дайындалатын көрінеді. Содан тапсырыс алғанда қате кеткен бе, жоқ әлде өзге ескерткішпен ауысып кеткен бе, әйтеуір бұларға жеткен Ленин жарықтық басына шәпкі кигені аздай, тағы бір шәпкіні қолына ұстап алған дейді. Т. Бинашевқа аудандық партия комитетінің бірінші xатшысы: «Пәлен ақшаға тез арада мына ескерткішті ретке келтіріп бер» дейді. Тілеубердіекең әлгі ақшаның бір бөлігін қалтасына басады да, ізім-ғайым жоқ болып кетеді. Содан бүкіл аудан қызыл жағалылары улап-шулап жүріп, той-томалақтан бет-аузы гүмп болып ісіп кеткен Т. Бинашевты xатшының алдына алып келеді ғой. Хатшы болса: «Мына ескерткішті қазір бір жақты қылмасаң, көзіңді құртамын» деп зіркілдейді. Басы сынып тұрған Тілеубердіекең Ленин атасына қарап тұрып, қасындағы жігіттердің біріне: «Маған балға мен қашауды жеткіз» дейді. Сұрағаны қолына тиген соң, Ленин жарықтық қолына ұстап тұрған шәпкінің күнқағарын бір ұрып қағып тастайды да: «Шаруа бітті. Күн көсем қолына Правда газетін ұстап тұр» деп xатшыға маңғаздана қарайды. Хатшы да, өзгелер де риза болады. Бірақ Тілеубердінің кіржиісіне қарағанда аудан басшылары келісілген ақшаны толықтай бермей қойған тәрізді. Сірә оларға да балғасын бір сілтеген адамға екі мың сомды санап бере салу томпақтау көрінсе керек. Тап осыған ұқсас оқиға бір пртиялық газетте де қайталанады. Реті келіп тұрған соң оны да келтіре кетейік.

КСРО Кезінде Бас xатшы сапарға аттанар кезде Саяси Бюроның мүшелері ұшақ басында қаздай тізіліп шығарып салатын. Сол сурет барлық партиялық газеттерде жарияланатын. Бірде Л. Брежнев жарықтық бір жерге сапарға шығатын болады да шығарып салушылар суреті жариялану үшін редакцияға келіп түседі. Бірақ Бас xатшыны шығарып салуға барған Саяси Бюро мүшелерінің бәрі бастарына шляпа киіпті де қас қылғандай тек А. Косыгин ғана суретке жалаңбас түсіпті. Газет басшылары ақылдаса келе: «Бір адамның жалаңбас тұрғаны жараспас» деп А. Косыгинге де қолдан сурет салып, шляпа кигізіп қояды. Ертесіне Орталық партия комитетінен редакцияға телефон шалынады. Ондағылар: «Сендер жынданғансыңдар ма? А. Косыгиннің басына бір шляпа кигізіп, қолына тағы біреуін ұстатып қойғандарың қалай?» дейтін көрінеді. Сөйтсе, редакция қызметкерлері асығып-үсігіп жүріп, А. Косыгиннің өз шляпасын қолына ұстап тұрғанын байқамай қалыпты дә.

Жә, осымен тәмам. Ертеңгі шәйға да әңгіме қалсын.

***

  Қаламгерлер арасында «Ақ үйдің алқаштары» мен «Сары үйдің сараңдарына» қатысты әрқилы әңгімелер бар. Сондай әңгімелерге ілініп жүретін жеке қаламгерлер де аз емес. Ақын-жазушылар арасындағы күлкілі әжуәлар негізінен құрдастар арасында көбірек өрістейді. Мұxаңның да сондай әзілге жақын жүретін қатарластары аз емес. Оның басында Дулат Исабеков пен Төлен Әбдік ағаларымыз тұрады. Төлен ағамызбен Мұxаңның жетпіс жылдық мерейтойын атап өту барысында бірге жүргеніміз бар. Дулат ағамызбен де бірге шәй ішудің сәті түсіп тұрады. Мұны әңгімелерін тыңдағанымның дәлелі үшін айтып жатырмын дә.

Ол кісілер әзілдерінің дені Дүкенбай Досжановқа қарата айтылады екен. Ол әзіл-оспақтарының өтірік-расын өздері біледі, бірақ Д. Досжанв туралы айтқан әңгімелерін тыңдағанда ішегің түйіледі. Дүкеңді еске алып отырудан Мұxаң да шет қалмайды. Өмірінің соңғы жылдарында ол кісімен мен де сіз-біздестім. Жақсы кісі еді.

Мұxаң құрдасын: «Дүкенбай түскі үзілісте тамақ ішіп келген соң аузын міндетті түрде ақ қағазбен сүртетін. Және де ол қағазды өз алдынан емес, басқа біреудің үстелінен алатын» деп еске алды да одан әрі:

«Бірде тамақ ішетін ақшам болмай қалып, Дүкенбайға: «Түскі асты сенің есебіңнен ішейін» деп өтініш айттым. Ол келісімін берді. Бірақ түскі үзіліс кезінде оны таппай қалдым. Бір кезде Дүкенбайым келді де көрші столдан ақ қағаз алып аузын сүрте бастады. Содан-ақ тамақсыз қалғанымды білдім. Оған: «Уәде қайда?» десем, ол: «Өзі болмашы ақша еді. Екеумізге жетпейтін болған соң өзім іше салдым» деп қарап тұр» деді де: «Жалпы Дүкенбайда осыған ұқсас түсініксіз жәйттар жиі қайталанатын. Менің өмір жолым Дүкенбаймен жиі тоғысып тұрды» деп әңгімесін одан әрі жалғастырды. Мен: «Дүкенбай ағамыз «Жалын» журналында да қызмет атқарған жоқ па?» дедім. Мұxаң: «Иә, оны қызметке өзім алғанмын» деді де: «Ол сол кезде: «Мемлекттік арxивке кіруге ұрықсат алып бер» деп жанымды қоймай қойды. КСРО xалық депутаты, Төралқа мүшесі ретінде тиісті мекемелерге xат жазып жүріп ұрықсат алып бердім. Содан бір күні қызмет орныма қауіпсіздік комитетінің жоғары шенді бір офицері келіп, Дүкенбайдың үстінен шағым түсірді. Ол: «Мына қызметкеріңіз М. Әуезовке қатысты бір құнды деректі ұрлап алып кетті. Өзінен қанша сұрасақ та: «Алған жоқпын» деп мойындар емес. Біз енді білген соң айтамыз ғой. Сондықтан ол кісімен өзіңіз сөйлесіп, ұрлап алып кеткен мемлекеттік маңызы бар құжатты кері қайтаруға көмек көрсетіңіз» деді. Дүкенбайды шақырып алып сөйлессем, ол: «Алған жоқпын» деп ант-су ішті. Не керек, КНБ қызметкері іздегеніне қол жеткізе алмай, құр қол қайтты. Ол кеткен соң Дүкенбайға: «Ал шыныңды айтшы, алғаның рас па?» десем, «Мұxтар Әуезовке қатысты құнды дерек менде болса, сізге де жаман болмайды ғой» деп қарап тұр. «Әй, саған дауа жоқ екен» деп күйіп кеттім» деген Мұxаңнан: «Кейін оның қандай дүние екенін біле алдыңыз ба?» деп сұрадым. Мұxаң: «Жоқ, оны маған сол күйі көрсетпей кетті» деді.

Мұxаң осы оқиғаны және М. Әуезовке қатысты Мағжан Жұмабаевтың әйелі айтты дейтін деректі көлденең тарта отырып, мақала жазды. Соған орай Мұрат Әуезов жауап қайтарды. Бірақ Мұратекең өз жауабында М. Шаxановқа біраз тіл тигізіңкіреп жіберді дә. Оны сол кезде Мұxаңмен тонның ішкі бауындай болып жүрген Рысбек Сәрсенбай өзі басшылық жасайтын «Жас Алаш» газетінде жариялады. Мұxаң Рысбекке телефон шалып: «Екі жақ тең болсын. Сіз менің де қарсы мақаламды жариялаңыз» деді. Содан мәселенің ушығып кететінін сезген Р. Сәрсенбай біздің редакцияға өзі келіп: «Мұxа, сіз қарсы мақала жазсаңыз дау-дамай одан әрі өршіп кетеді. Сондықтан ол мәселені жабулы күйі қалдырайық та, оның орнына Құдияр сіздің тұлғалық бейнеңізді жан-жақты ашып мақала жазсын. Біз соны жариялайық» деді. Мұxаң маған: «Бұл ұсынысқа қалай қарайсың?» деді. Мен: «Жазамын» дедім. Келісім сол болды. Алайда мен жазған мақаланы Рысбек баспады. Ренжігеніміз жоқ. Екі желеу, бір сылтаумен жазылып қалған мақаланы олжа көрдік.

Айтпақшы, жазылғанына он жылдан асқан сол мақаланы төменде қоса жариялап отырмыз. Ерінбегендердің оқып шығуына болады.

 

 

ШАШАСЫНА ШАҢ ЖҰҚПАҒАН ШАХАНОВ

Қазақ нәрестеге ат қоюға ерекше мән береді. Себебі, таңдалған есім сәби болмысымен үндессе, атау мен жаратылыс бір мәнге ие болса, ол есімде кие, қуат пайда болады. Ал есім нәресте болмысын айшықтай алмаған жағдайда жүре келе бастапқы атау өзгеріске түседі, не оған қосымша бөгде есім теліне айтылады. Өйткені, әуелгі атау оған тән емес. Кей есімдердің күлкі шақыратындығы сондықтан. Атау иесімен үндеспегендіктен.

Бір қарағанда есімде тұрған дәнеңе де жоқ сияқты. Шынтуайтына келгенде есім жеке адамды ғана емес, ұлттар мен ұлыстардың ара жігін де айшықтайды. Байыбына барсақ, ұлтсыздандыру қарқынының жеделдеуіне есімдер жаттануының да әсері бар. Себебі, есім – болмыстың айнасы. Құран Кәрімде жазылғанындай Адам Ата 18 мың ғаламның атын білгендіктен де періштелерден дәрежесі жоғары болған. Сондықтан да Алла тағала періштелерге Адамның алдында бастарын идіріп, сәжде жасатқан. Алайда, есім адамды емес, адам өз есімін айшықтайды. Жеке тұлғалар өз аттарын даңқ шыңына көтереді.

Қазақ үшін құтты саналатын айтулы есімнің бірі – Мұхтар. Жалпы Әуезовтен бастап есімі ел аузында жүрген Мұхтарлардың бәрі жалғыз. Бірі екіншісін қайталамайды және ешқайсысы өз аттастарының көлеңкесінде де қалмайды. Сондықтан оларды бір-бірінен асыра дәріптеу – әбес. Солардың ішінде біздің тілге тиек еткелі отырған Мұхтарымыз – Шаханов.

Реті келіп тұрғанда баз біреулерге базына ретінде М.Шахановтың өзге Мұхтарлар түгілі бірде бір қазақ жазушысы қол жеткізбеген жетістіктерін, атап айтқанда шығармаларының әлемнің 50-ден астам елдерінің тілдеріне аударылып жеке кітап болып басылып шыққандығын, өлеңмен жазылған романдарының бірінен кейін бірі екі дүркін ЮНЕСКО-да талқыланғандығын, сонау Жапониядан бастап әлемдік деңгейдегі 20-дан астам халықаралық академиялардың, білім ордаларының академигі, докторы, профессоры екендігін және де басқа атақ-даңқтарын тізбелеп, оны өз аттастарының алдына шығаруға да болар еді, бірақ біздің кейіпкеріміздің өзі айтқандай «пендешіліктен биік тұрғанды» жөн көрдік. Сонымен…

М.Шахановтың қай қасиеті басты екендігін дөп басып тану қиын. Ақындығы ма, әлде қайраткерлігі ме?! Дұрысы – бұл мәселеге тұтас қараған. Жалпы М.Шаханов болмысын байыптау үшін әуелі оның тұлғалық кейпінің қалай қалыптасқандығына мән берген жөн тәрізді.

Ақындық пен азаматтық – М.Шаханов болмысындағы ажырамас ұғымдар. Тіпті егіз десе де болады. Ал өзге ақындар үшін азаматтық деңгей – көкжиектегі арман. Басты кредо. М.Шахановтың поэзия әлеміне 16 жасынан бастап-ақ құбылыс болып келгендігі сондықтан.

Келесі баспалдақ… Баспалдақ та емес. Заңдылық. Ол – қайраткерлігі. М.Шахановтың қайраткер болмасқа қақысы жоқ. Өйткені ол, әлгінде айттық – құбылыс. Қайраткерлік біреулер үшін тұлғаның қалыптасу жолы болса, М.Шахановқа ол жай ғана өмір сүру қағидасы. Ол үшін басқа жол жоқ. Қазір емес. Оған әу бастан-ақ осындай тағдыр жазылған болатын. «Шаханов неге өйтпеді?», «Шаханов неге бүйтпеді?» деген сауалдар ол үшін жат. Олай етпе деу – «Сіз өмір сүрмей-ақ қойыңыз» дегенмен бірдей. Себебі, М.Шаханов басқаша жасай алмайды. Жасай алмайды емес, басқаша өмір сүре алмайды. Өйткені ол еш нәрсені жасамайды, ол солай өмір сүреді. Әйтсе де қайраткерлік қалыптасу кезеңін, кезеңін емес, сол кездегі өмірін саралай кетелік.

Өмір – ауқымды өлшем. Тұтас өмірді қайраткерлікке балағанның өзінде де солай. Сондықтан да бұл тұрғыда М.Шаханов өмірінің бес сәтін ғана оқшау алып қараған жөн тәрізді. Олар: Бірінші – мүшкіл халге түсіп, экологиялық апат аймағына айналған Арал қасіретіне бүкіл әлемнің назарын аудартуы; Екінші – Колбинмен жағаласып жүріп, 1926 жылдан бастап тойлауға тыйым салынған «Наурыз» мерекесін 62 жылдан кейін қайта алып келуі; Үшінші – кезінде айтуға, жазуға тыйым салынған 1986-жылғы Желтоқсан қасіретін Кремльдің съездер сарайында көтеріп қана қоймай, арнайы комиссия құрғызып әділетті шешім шығартуы; Төртінші – 1989 жылы 22-қыркүйекте екі тіл бірдей мемлекеттік тіл атанып кеткен кезде, дара мінез көрсетіп, қазақ тілінің жеке мемлекеттік мәртебе иеленуіне себеп болуы; Бесінші – Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұсынған «Ел бірлігі» доктринасы арқылы бастауын «американдық ұлттан» алатын «қазақстандық ұлт» салтанат құрып кете жаздағанда аштық жарияламақшы болып, оған республикамыздың 4 мыңнан астам адамы, ішінде әдебиет, өнер, ғылым қайраткері де үн қосып, бірге аштық жариялауға тілек білдіруі, сөйтіп «Ел бірлігі» доктринасынан «қазақстандық ұлт» идеясының түбегейлі алынып тасталып, доктринаға «Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті» деген сөйлем ендірілуі. Енді осы «Шахановтың бес мәселесін» тарқатып көрелік.

Біз «Шахановтың мәселесі» дегенді қателесіп жазғанымыз жоқ. Шынтуайтына келгенде М.Шаханов көтерген жайттардың қай-қайсысы да ұлттық мәселе және де олар мемлекеттің арман-мүддесімен үндесіп жатқандықтан билікпен бірлесе отырып атқарылуға тиісті шаруалар болатын. Бірақ неге екендігі әлі күнге дейін түсініксіз, әлгі шаруаның бәрі М.Шахановтың жеке мәселесі болып шыға келеді. Біздің ақындық, азаматтық, қайраткерлік – М.Шахановтың өмір қағидасына айналды деуіміз сондықтан.

Мақұл. Арал – М.Шахановтың шаруасы. Сонымен бұл тұрғыда М.Шаханов не істеді? Сауалды сөз ретіне қарай қойдық. Дұрысы – Арал үшін М.Шаханов не істемеді, қай есікті қақпады?! Тағы да дәл емес. Ақиқаты – Арал үшін М.Шаханов әлемді оятты. Қалай? Байыптап көрелік.

Рас, Аралдың тартылып бара жатқандығы М.Шаханов көтермесе де жұрттың бәріне белгілі болатын. Оның ертеңгі күні өлетіндігі де ешкімді алаңдата қоймаған. Біз «ешкім» деп мәселеге мән бермеген кейіпте айтып отырмыз. Болмаса бұл жеке адамның емес, Арал теңізі шектесетін және де онымен іргелес жатқан мемлекеттердің, нақтылай айтсақ, КСРО сынды алып империяның айналысатын шаруасы еді. Осы жерден сәл шегініс жасайық. Сонымен «Шахановтың Аралды көтергені дұрыс болды» делік. Бірақ көпшілік көңілінде бір күмәнді сауал қалған тәрізді. Ол сауал: «Шаханов неге Арал теңізін суға толтырмай кетті?» дегенге саяды. Рас, күлкілі сауал. Бірақ осындай сауалдың М.Шахановқа ауық-ауық қойылып отыратындығын жоққа шығаруға болмайды. Ұғынықтылық үшін мына бір жайтқа назар аударайық. Қазір Арал – әлемдік мәселеге айналды. Алыс шетелді айтпағанда Арал тағдырын теңізге іргелес орналасқан бес мемлекет назарында ұстап отыр. Енді әлгі сауалдың жауабына келейік. М.Шаханов қауқарлы ма, жоқ әлде Арал мәселесімен айналысып отырған бес мемлекет қуатты ма? Жауап айқын. Құдайға шүкір, қазір Аралдың беті бері қарай бастады. Әрине, оны солай етіп жатқан әлгі бес мемелекет Президенттерінің пәрмені. Тағы да сауал. Сонда М.Шаханов не тындырды? М.Шаханов сол бес мемлекеттің, тек олардың ғана емес, бүкіл әлемнің назарын Аралға аударды. Аралдың жойылуы апатқа ұрындыратынын ұғындырды. Айтудың оңайы-ай! Дұрысы – ұғындырған жоқ, күресті. Дамылсыз, ұдайы Шахановқа тән қажырлылықпен күресті. М.Шаханов өзінің де, әлемнің де мазасын алды.

Өмірде түсініксіз, әрі қызықты жайлар аз емес. Атқарылған еңбектің бағалануы тұрғысынан келгенде М.Шахановтың ешқашан бағы жанбапты. Ең болмаса «Сізге рахмет» деген сөзді де қимаппыз. Рахметтің орнына… Оны қойшы. Бәрінен бұрын мемлекеттің атқаратын шаруасына М.Шахановтың қаймықпай барып және ол шаруаның нәтижесін өзгелер сезінетіндей жағдайға көтере бастаған кезінде мемлекеттің оған сүйеу болудың орнына ұдайы қыспаққа алуын қалай түсінерсің… Аралда да солай болды. М.Шахановтың атын былғауға тырысушылар аз болған жоқ. «Ойбай-ау, бұл менің әкемнің шаруасы емес қой..» деп шырылдаған Шахановқа билік қашанғысындай қолдау білдірмеді. Қайта солар ықпалымен кейбір жандайшаптар мен жатыпатарлар баспасөз арқылы М.Шаханов жүйкесін ұдайы жұқартумен болды. Не үшін? М.Шахановтың жазығы не?

Жазығы… Оны бәрі білетін. Мұхтар Шаханов – Жаратушы иеміздің қазақ ұлтына «Сан алапат тасырдан соң, тасыр дауыл басылған соң» берген сыйы. Өз ұлтының маңдайына біткен дара тұлғасы. Сондықтан да М.Шахановты жақтырмау – заңдылық. Себебі, біз ұлылар есімін тек аруақ шақырғанда ғана пайдаланамыз. Ал М.Шаханов болса… Тіл-аузымыз тасқа. Ғұмырлы болыңыз.

Екінші мәселе – Наурыздың оралуы. Рас, Шаханов арласпаса да Наурызбен халық қауышар еді. Болары болып, бояуы сіңген соң Наурыздың қайта оралуына кімдердің атсалысқанында тұрған пәлендей мән де жоқ сияқты. Бірақ бәрін белден басып, шындық байғұсты шырылдата бергеннен кім опа табар дейсің. Иә, бәріне тарих куә. Ал сол тарих Кеңес Одағының дәуірлеп тұрған кезінде Наурызды қайта оралтқан М.Шаханов екендігін «тайға таңба басқандай» етіп айғақтай алады. Бірақ бір өкініштісі, шындық осылай еді деп ағынан жарылған адамды байқай алмадық. Тіпті, кейбіреулер Наурызға М.Шахановтың мүлде қатысы жоқтай кейіп танытады. М.Шаханов еңбегінің нәтижесін өзгеге телиді. Әділдік қайда?

Ақыры бұл тұрғыдағы шындықты да М.Шахановтың өзінің жазуына тура келді. Абырой болғанда кезінде Колбинге жазған ресми хаттар, өзге де маңызды құжаттар мұрағатта сақталған екен. Солардың негізінде М.Шаханов Наурызды қайта оралту мақсатында қалай еңбек еткендігін дәлелдеп шықты. Күлкілі ме? Біз күле алмадық. Бақсақ Мұқаңның бар өмірі осындай теке тіреске құрылған екен. Мынандай бір ойға да ерік беріп көрелік. Наурызды кімнің оралатқанында тұрған не бар? «Наурызды мен оралттым» деу Шахановқа не үшін қажет? Абырой үшін бе? Әлде бұл базбіреулер байбалам салатындай жалаң популизм бе? Біздіңше ондай пікірлердің бәрі ақиқат ауылына қоңсы қона алмайды. Ал абырой… М.Шахановқа өзін әспеттейтін титулдардың қажеті жоқ. Ол өз есімін даңққа бөлеген адам. Солай бола тұра М.Шахановты бір шалып қалу әлі күнге толастаған жоқ. Бірақ олар қалай қақпақылдаса да М.Шаханов қай салада да мәре сызығын бірінші болып аттап, өз оппоненттерін шаң қаптырумен келеді. Рас, денсаулық сыр берген, жүрекке салмақ түскен, инфаркт алған. Екі рет. Уыс-уыс дәрі ішетін болған… Бұл – екінші жақ жеңісі.

Үшінші мәселеге ойысайық. Әуелі мына бір жайтқа ой жүгіртіп көрелік. Желтоқсан көтерілісінің шындығы әлі толықтай ашылған жоқ. Себебі, оның ашылуына бүгінгі билік мүдделі емес. Енді мәселені 1986 жылғы көзқарас бойынша саралайық. Қазақ КСР-інде биліктің ауысуына байланысты толқу болды. Тіпті толқу да емес. Маскүнемдер мен нашақорлар бүлік шығаруға тырысып бақты. Бүкіл совет халқы әлгі бұзақыларды кінәлап, айыптады. Барлық ақпарат құралдары осы ыңғайдағы хабарларды таратты. Қолға түскен бұзақылардың алды ату жазасына кесіліп, соңы пәленбай жылға сотталып кетті. Зиялы қауым… Зиялы қауым бұзақыларды айыптап, баспасөз беттерінде мәлімдемелер жасады. Міне, бар шындық осы. Егер осы мәселеге М.Шаханов араласпаса не болар еді? Біз сол кезде айтылған «шындықтан» әрі қарай бір қадам да ұзай алмаған болар едік. Мәселені М.Шаханов Кремль мінберінен жанын шүберекке түйіп тұрып айтқан әйгілі сөзімен басқа арнаға бұрғаннан кейін барып бүгінгі біз білетін шындық ашыла бастады. Құдайшылығын айтайық. М.Шаханов болмаса Желтоқсан көтерілісі сол жабулы күйінде қалатын еді. Бүгінгі биліктің Желтоқсан көтерілісінің болғандығын тіпті ұмыттырып жіберуі мүмкін екендігін де жоққа шығаруға болмайды. Рас, Желтоқсанға қатысқан адамдардың аузына ешкім де қақпақ қоя алмайды. Мәселен анау бар, мынау бар дегендей… Бос сөз. Олардың бәрі мәселенің бетін М.Шаханов бері бұрғаннан кейін барып бой көрсете бастады. М.Шаханов болмаса олардың бірде-біреуінің үні шықпаған болар еді. Дұрысы – үнін шығармас еді.

Ал өлгендер… Олардың туыстары… Олар мүлде жақ ашпайды. Неге жақ ашпайтынын М.Шаханов өзі жазып жатқан үш томдық «Желтоқсан эпопеясы» кітабында ашық айтады.

Мына жағдайға назар аударған жөн. Біз желтоқсан көтерілісіне қатысты Мұхаң ерлігін ой елегінен өткізгенде көбіне оның Кремль мінберінен тайсалмай айтқан әйгілі сөзін қаперге аламыз. Рас, Мұхаңның ол қадамы – ерліктің ерлігі. Оны, кезінде теледидардан көргеніміздей, сол тарихи сөз айтылып жатқан кездегі көзіне қан толған Колбиннің бет-бейнесінен, Еркеғали Рахмадиев ағамыздың өз орындығына сыймай бұлталақтап кетуінен, ал тамам жұрттың төбелерінен жай түскендей күй кешкендіктерінен де аңғаруға болады. Иә, М.Шахановтың сөзі жарылған бомба еді. Сол сәттен бастап КСРО Президенті М.Горбачевтің ішіне қан қатты. Екі жақ тағы да бетпе-бет келді. Бір жақта – Шаханов, ал екінші жақта – КСРО. Бейнелеп айтсақ, М.Шаханов өзінің әйгілі сөзі арқылы КСРО-ға соғыс жариялады. Ал ерлік сол соғыс барысында жасалады. Ол ерліктің бір рет қана емес, бірнеше рет қайталануы заңдылық. Бұл тұрғыда М.Шаханов та сан рет ажалдың сұсты жүзін көрді. Өкінішке қарай қалың көпшілік оның ешқайсысын да біле бермейді. М.Горбачевтің «Сенің аузыңды жабатын мүмкіндікті табамыз» деп үстелді тоқпақтап зіркілдеуі де жабулы күйінде қалып келді. Шынында да М.Горбачев ол мүмкіндікті табатын еді. Соны білген М.Шаханов Б.Ельцин мен А.Сахаровты дер кезінде өзіне қарата алды. М.Шахановқа Б.Ельцин қолдау білдіргеннен кейін барып М.Горбачев аяғын тартты. Екінші комиссия құру туралы мәмілеге ол амалсыздан, содан кейін барып келді. Одан кейінгі текетірестер М.Шахановтың «Желтоқсан эпопеясында» жан-жақты бүкпесіз ашық айтылады.

Желтоқсан көтерілісінің шындығы осылайша М.Шахановтың арқасында ашыла бастаған еді. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Демек, рахмет айтқан ләзім. Сый-сияпат… Сый-сияпаттан Мұқаң ашық түрде бас тартқан. Бұл тұрғыда ол кісінің бұлжымайтын өз тұжырымдамасы бар. Келтіре кетейік:

«Отан – ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына қызмет еткені үшін жылу дәметпеуі тиіс. Бірақ Отан да өзінің дараланған перзенттерін қолдап, қуаттап, марапаттап отыруы шарт. Тек ол өте әділетті түрде іске асуы қажет. Бүгінгі таңда кез келген үлкен деңгейдегі заңдастырылған ұрының екі орден, үш медалі бар. Солардың қатарында болғым келмейді».

Сый-сияпаттың жайы белгілі болды. Бірақ ерлік қалай да бағалануға тиісті емес пе? Мән берсек, ерлікті бағалау ең әуелі әлгі ерлікті жасаушыға емес, даңқты ұлдарын марапаттау арқылы өзгеге үлгі тұтуы үшін мемлекетке қажет. Бойын енді тіктеп келе жатқан жас мемлекетке екі есе қажет. Бірақ Мұқаң бұл тұрғыда құрметті былай қойғанда, қауіп пен қатерден, басын бәйгеге тігуден бір сәт те арылған емес. КСРО кезіндегі қуғын-сүргін өз алдына бөлек әңгіме. Бәрінен бұрын жаңға бататыны – ұсақ-түйек пендешіліктен әрі өре оздыра алмайтындардың М.Шахановтың әлі күнге дейін қыр соңынан қалмай «Шаханов Желтоқсан көтерілісінің шындығын неге ашпайды?» дегенге саятын сауалдарды үнемі көлденең тартып, ұлы ақын шаужайына жабысуларын қоймай келе жатқандығы. Байыбына барсақ, бұл сауал төркіні де «Шаханов Аралды неге суға толтырмайды?» дегенді қайталағандай болып шығады. Күлкілі ме? Қазір күлкілі. Ал бұрын қауіпті болатын. Әрине, жеке адаммен емес, билікпен, КСРО-мен тіресу қауіпті. Өте қауіпті. Сондықтан да Жаратушы иенің өз қамқорлығына алуының арқасында ғана бүгінгі күнге аман-есен жеткен даңқты тұлғаның ортамызда жүргеніне тәуба дейік.

Төртінші мәселе – тіл. М.Шаханов көтерген осы мәселелердің қайсысын алға шығаруға болады? Қайсысы қымбат? Қайсысы бірінші? Әуелі қойылған сауалды айқындап алайық. Бұл көтерілген мәселелер кім үшін қымбат? М.Шаханов үшін бе, әлде ұлтымыз үшін бе? Ұлтымыз үшін болса, ұлттық мәселелердің бәрі Шахановтың ғана жеке мәселесіне айналып кететіні неліктен? Әлде бұл М.Шахановқа тән, соның ғана қабілеті жететін ерекше тәсіл ме? Олай болса ол өзі ойлап тапқан «ерекше тәсілі» арқылы табыс биігінен көрініп жүрген шығар? Осы мәселелерді көтергені үшін ол өзгеше бір сый-құрметтерге ие болып, қаржылық жағдайын да шешіп алған шығар? Солай ма? Солай дейін десек, М.Шаханов осы мәселелерді көтергені үшін биліктен ұдайы теперіш көріп келеді. Ал қаржы… М.Шахановта басы артық тиын-тебен ешқашан болған емес. Оған күні кеше ғана жүрегіне шетелде операция жасау қажеттілігі туғанда көз жеткіздік. Құдай жарылқап түрік ағайындар көмек қолын созды. Болмаса…

Рас, М.Шахановқа қазіргі қаржылы алпауыттар санатына қосылудың орайы сан рет келді. Ол үшін ол әлгі өзі көтерген өзекті мәселелерден бас таруы керек еді. Бір нәрсе айқын. Егер М.Шаханов неғұрлым үнсіз қалса, ол соғұрлым билікке сүйкімді көріне бастайды. Бірақ ұлттық мәселе сын тезіне түскенде біз Шахановтың үнсіз қалғанын естіген де, көрген де емеспіз. Солай бола тұра «Пәленшенің қорасы өртенген кезде Шаханов су шашыспады ғой…» дегенге саятын «кінәраттар», осы ыңғайдағы басқа да айыптаулар М.Шахановқа кінә ретінде таңылып жатады. Ондай «айыптаулардың» баспасөзде жазылып, теледидарларда көрсетіліп жататынын қайтерсің. Соның бәрін жүрегінен өткізетін Шаханов «әуелі мына бірінші мәселені шешіп алайық та» деп тіл мәселесінің өзектілігін көлденең тартса, олар: «Тілді біз көтерген кезде Шаханов қайда жүрді?» деп оны тағы да жарыса ғайбаттай бастайды.

«Оу, бұларың қалай, 1989 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде қазақ тілімен қатар орыс тілі де мемлекеттік тіл болып жарияланып кеткен кезде М.Шахановтың ерекше қажыр көрсетуінің арқасында қазақ тілі жеке-дара мемлекеттік тіл болып жарияланып еді ғой» дегенді бұл жолы да ешкім айтпады. Оны да көпшілікке Шахановтың өзінің естеріне салуына тура келді.

Мына бір жағдайға тағы да көңіл аударайық. Өздері айтып жүргендей қазақ тілінің мүшкіл халін дер кезінде сезініп, мемлекеттік тіл қолданыс аясын кеңейту үшін пәленшелер мен түгеншелер де күресіп бақты делік. Олар бір жыл емес, екі жыл емес, он жыл күресті делік. Рас, бұл кезде Шаханов жоқ. Осы Шахановсыз өткен он жылда қазақ тілі мәселесі қаншалықты шегініске түсті десеңші. Тіпті оның қайта бас көтеретіндігіне деген сенім де қалмаған еді. Кезінде бір газет жазғандай «Қазақ тіліне тек өз ажалымен өлуге мүмкіндік беру» ғана қалған болатын.

2004-2007 жылдар. М.Шаханов – Парламент Мәжілісінің депутаты. Шаханов пен тіл егіз ұғымға айналған. Биліктен маза кеткен. Шахановты тоқтатар айла таусылған. Бір ғана жол бар. Ол – Парламентті тарқату.

Иә, мұның бәрі тарих. М.Шаханов тұралаған тілді үш жылда аяғынан тік тұрғызды. Рас, Парламенттен шеттетілді. Егер ол өзге әріптестері сынды үнсіз қалғанда, жылы орнын суытпас еді. Алайда, М.Шаханов отырған жердің бәрі – төр. Оның сөзі қай жерде жүрсе де өтімді. Жалпы, М.Шаханов көтерген мәселелердің шешілмей қалғаны жоқ. Иншалла, тіл мәселесі де шешілер.

Бесінші мәселе – «қазақстандық ұлт». Шынтуайтына келгенде, «қазақстандық ұлтты» Мұхаңша түсінген, оның астарлы құпиясын Мұхаңша сезінген одан өзге ешкім болған жоқ. Билік «қазақстандық ұлтты» енгізу мақсатында «Ел бірлігі» доктринасын Қазақстан халқы ассамблеясы арқылы ұсынғанда, М.Шаханов тағы да өре түрегелді. «Қазақстандық ұлт» – ұлтты жоюға бағытталған негізгі қадам» деп өзіне тән күрескерлікпен дабыл қақты. Қоғам тағы да екіге жарылды. Әдеттегідей М.Шахановтың ұйымдастыруымен зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар бірлесіп, биліктің бұл солақай шешіміне қарсы мәлімдеме жасады.

Алайда сол мәлімдемеге қол қойып алып, кейін биліктің ыңғайына жығылып, өз қолынан бас тартушылар да бой көрсетті. Тіпті кейбіреулер «қазақстандық ұлтты» қолдап, баспасөз беттерінде мақалалар жазып, осы бір «озық идеяны» түсінбейтіндердің сауатсыздығына қайран қалатындықтарын ашық білдірді. Олардың қатарында жазушы Бексұлтан Нұржекеев пен киноактер Досхан Жолжақсыновтың болуы өкінішті-ақ.

Ұлт тағдыры сынға түскен кезде сатқындық мінез танытқандарды өз өмірінде аз көрмеген Мұхаң бұл тұрғыда былай депті:

Саралауға ұлтсыздықтың, сатқындықтың қыспағын,

Әр қазақққа керек бүгін мүлде жаңа ұстаным:

Бір сәт тежеп атқарылар қызметін құлқы үшін,

Толғанбаса жойылуға бағыт алған ұлты үшін,

Орыстанған жанұясында күреспесе тілі үшін,

Сын сағатта өз ұлтымен бірге алмаса тынысын,

Бұған қоса намыссыздық сырқатынан сорласа,

Құжатында «Қазақ» болып жазылғаны далбаса!

Хақымыз бар ондайларға сөз арнауға бөлектеп:

«Тәлім берген ата-анаңа және өзіңе нәлет» деп…

Мұхаң «қазақстандық ұлттың» өз бастауын американдық ұлттан, яғни көп ұлттан бір ұлт жасау идеясынан алатындығын, егер «қазақстандық ұлтқа» енсек, бүкіл ұлттық мүддеден мақұрым қалатындығымызды, ол кезде «мен қазақпын», «мен ұйғырмын», «мен орыспын» деп айтқандардың жауапқа тартылатындығын ұдайы айтумен болды. Халық ояна бастады. Екі жақты текетірес тіпті өршіп кетті. Міне, осы кезде Мұхаң ұлт үшін соңғы қадам жасауға бел байлады. Егер билік өз райынан қайтпаса, онда өзінің аштық жариялайтындығын мәлімдеді. Сол-ақ екен, Мұхаңды қолдаушылар қатары күн санап арта бастады. Не керек, Шахановпен бірге аштық жарияламақшы болғандардың саны 4 мыңнан асып жығылды. Билік амалсыздан шахановшылардың талап-тілегіне құлақ асты. Сөйтіп, Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынған «Ел бірлігі» доктринасынан «қазақстандық ұлт» түбегейлі алынып тасталып, оған «Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті» деген сөйлем ендірілді. Бұл – М.Шахановтың кезекті жеңісі еді.

Бір қызық жайт, желтоқсан көтерілісін өздеріне телігісі келіп, «мен өйтіп едім», «мен сөйтіп едім» дейтіндер қатарының көбейіп кеткені сияқты «Ел бірлігі» доктринасына енгізілген өзгерістерді де меншіктеп алушылар бой көрсете бастады. Біз арнайы құрылған комиссия құрамындағы жұмысшы тобында еңбек еткен жігіттердің атқарған қызметін жоққа шығарғалы отырғанымыз жоқ. Бірақ кімнің де болсын әуелі сол комиссияны билікпен жағаласып жүріп құрғызған адамның есімін де қаперден шығармағандары жөн болар еді. Егер М.Шаханов болмаса, бәрінің де жабулы күйінде қалатындығы анық. Бұл істің басы-қасында жүргендердің бірі болғандықтан бар ақиқат бізге мәлім. Бірақ Мұхаң бұл тұрғыда да ешкімге өкпе артып, реніш білдірген емес. Бәрін де қашанғысындай қалыпты жағдай деп қабылдайды. Бәлкім оның даралығы да сонда шығар.

Сонымен М.Шаханов көтерген бес мәселені де түгестік. Түгестік дегенді сөз ретіне қарай қолдандық. Болмаса ол мәселердің әрқайсысына бір-бір кітап арнаса да көптік етпес еді. Амандық болса ол күнге де жетерміз. Әзірге осыған қанағат. Жоқ, олай емес. Біз негізгі мәселені ұмытыппыз. Ол – М.Шахановтың поэзиясы.

М.Шахановтың алғашқы оқырмандары аға буын өкілдері. Соңғысы – әлі мектеп қабырғасында. Аға буын дегенде, қазақ әдебиеті алыптары шоғырының соңғы өкілдері – Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиндердің де М.Шаханов поэзиясын ерекше құрметтегендіктерін қаперге алсақ, Шаханов оқырмандарының алғашқы легін әріден бастауға тура келеді. Содан бергі уақыт аралығында М.Шаханов поэзиясы жыр сүйер қауымды тамсандырумен келеді. Жыр сүйер қауым дегенді де сөз ретіне қарай қолдандық. Шындығына келгенде жыр сүйер қауым деген – шағын ғана бір топ. Жұрттың бәрі кітаптан бас алмайтындай көрінетін Кеңестік дәуірдің өзінде өлең кітаптарын ілуде біреу ғана оқитын. Ал қазір мүлде ешкім оқымайды десе де болады. Кезіндегі ақын-жазушыларға деген халық құрметін олар шығармашылығына берілген баға деп ұғыну мүлдем қате. Даңқ – көбіне дақпырт арқылы қалыптасады. Мәселен, Олжас Сүлейменов әйгілі адам. Тіпті, жұрттың бәрі біледі. Мен өз басым сол даңқты Олжекеңнің өлеңдерін санаулы-ақ қазақтың оқығандығына бәс тіге аламын. Рас, Олжекең – лингвист. Ғалым. Біздің пайымдауымызша әуесқой ғалым. Кезінде Мұхаң мен Олжекең сыйлас адамдар болатын. Бірге жүрген кездері де болды. Екеуі бірлесіп «Халық конгресі» деген партия да құрды. Бірақ кейін аралары ажырады. Ажыратқан – ұлттық мәселе. Мұхаң өз ұлтының тілін, ділін, рухани құндылықтарын шыр-пыры шығып қолдаса, Олжекең оны жоққа шығаруға тырысты. Ол текетірес баспасөз беттерінде былайша көрініс берді:

«Что касается предложений решительно перевести делопроизводство по всей республике на казахский, в Мажилисе выступать только на казахском и даже лишить гражданства тех, кто не успел изучить казахский, их авторы могут, сами того не сознавая, нанести непоправимый вред и языку, и своему народу».

Олжас Сулейменов

(«Нам не стоит бежать за Розой и Померанцем».

«Аргументы и факты», №7, 2005 г.)

На наш взгляд это является не больше, не меньше как провокацией. Пусть О.Сулейменов конкретно назовет, какие партии или их лидеры, кто из депутатов требовал лишать гражданства Казахстана за отказ владеть государственным языком. Таковых просто нет. Им хотелось бы напугать общественность Казахстана и России, что якобы нависла угроза исчезновения русского языка в нашей стране. (Еще в советское время на этом сомнительном поприще хотел завоевать благословение Москвы академик Смет Кенесбаев и бесславно покончил свой покой). Заодно они оказывают давление на наше правительство, на Президента Н.Назарбаева не принимать действенных мер по внедрению государственного языка в жизнь, препятствовать выполнению правительственной «Программы функционирования и развития языков на 2001-2010 годы».

Сайлау Батырша-улы, Абдижалил Бакир,

Сейдин Бизаков, Габбас Кабышулы,

Эрнест Тореханов

(«Опасный космополитизм Олжаса Сулейменова

или ответ на интервью еженедельнику АиФ».

“Central Asia Monitor”, 29 апреля 2005 г.)

Слухи о том, что делопроизводство в Алматы с 1 января будет переведено на казахский, многих специалистов заставляют собирать чемоданы…

А такие скороспелые, поспешные указы (я не видел их на бумаге), сделанные в угоду оралманам, готовым занять опустевшие квартиры (так говорят!), поджигают короткий бикфордов шнур. Они – антиказахские по сути, угрожающие нашей молодой государственности…

…В идеале любой молодой казахстанец в будущем должен быть трехязычным – казахский, русский, английский. Порядок может быть и другим: русский, казахский, английский. Если мы хотим быть достойно представлены в экономике и культуре Евразийского региона и мира…

Олжас Сулейменов

(«Выборы – экзамен демократии».

 «Время», 22 сентября 2005 г.)

Түркі сөздер төркіні мен этимологиясын зерттеуші, бірақ, күні бүгінге дейін өз ана тілінде орнықты сөйлем құрай алмайтын О.Сүлейменовтің мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қарсы шыққандығы бір бұл емес… ұлтсыздық идеясын қолдаушылардың басында тұрған О.Сүлейменовтің «Мемлекеттік тілге көшу дегенді кім шығарды?» деп тәмам жұрттың алдында қыр көрсететін реті жоқ… республикамыздың мемлекеттік тілге біртіндеп көшуін айқай-шуға айналдыру ешкімге абырой әпермейтінін ескертеміз.

Қ.Қайсенов, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы;

С.Шәймерденов, Қазақстанның Халық жазушысы,

 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;

Ә.Нұршайықов, Қазақстанның Халық жазушысы,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;

Т.Медетбек, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

 «Ақиқат» журналының Бас редакторы;

Т.Ахметжан, Қазақстан Жазушылар одағы

басқармасының хатшысы…

барлығы 35 адам қол қойған.

Осымен Олжекең туралы әңгімені доғарып, айтпақ ойымызды әрі қарай жалғастырсақ – М.Шаханов оқырмандарын «жыр сүйер қауым» деп бөліп қарауға болмайды. Өйткені М.Шаханов оқырмандары қауым емес, халық. 50 жылдан бері солай. Ал ол оқырмандардың жай оқырман емес, М.Шахановтың өлеңдерін, тіпті жарты кітап болатын поэмаларын жаттап алатын оқырмандар екендігін қаперге алсақ, қаламгерлер арасында бұрын-соңды М.Шахановтай халық құрметіне бөленген ақынның болмағанды-ғына көзіміз жете түседі.

Бірақ солай бола тұра М.Шаханов өз әріптестерінен қолдауды кем көрген ақын. Қолдауды былай қойғанда, Шахановты ортаңқол ғана ақындар санатына қосқысы келетін қаламгерлер де аз емес. Олардікі де жөн-ау дейін десең, халықтың Шахановқа деген пейілі еш өзгермейді. Ол пейілдің неге өзгермейтіндігіне бас қатырғандар да кезінде аз болмаған. Олар «М.Шаханов бәрін өзі ұйымдастырады» деген ойға да ерік берген. Бұдан шығатын қорытынды, «Шахановтың оқырмандары – оның туыстары» дегенге саяды. Мұндай пікірдің қазір күлкі шақыруы мүмкін. Бірақ кезінде осы тақылеттес арыз-шағымдар Орталық Комитетке жөнелтіліп жататын. Бұл тұрғыда да Мұқаң көрген теперіш аз емес.

Орайы келіп тұрғанда М.Шаханов поэзиясын жоққа шығарушыларға қарсы мына бір жағдаятты көлденең тартқанды жөн көрдік.

1999 жылы Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-үйінде «Өркениеттің адасуының» тұсаукесеріне орай үлкен жиын өтіп, онда әлемдік деңгейдегі әдебиетшілер, ғалымдар өз ойларын ортаға салған соң Германияның 12 қаласында осы кітап аясында кездесулер, оқушылар конференциялары болды. Сонда тек «Өркениеттің адасуына» сол елдің баспасөзінде 400-ге жуық пікір жарияланған екен. Біз өз тарапымыздан М.Шаханов шығармашылығы туралы оң пікір білдірген адамдардың (бірнешеуінің) аты-жөнін ғана тізіп шығайық:

Федерико Майор, ЮНЕСКО-ның бас директоры (1999 ж.); Ханс-Петер Дюрр, Нобель сыйлығының лауреаты; Фридрих Хитцер, Роберто Чиули (Германия); Майкл Бахмутски, Калифорния өнеркәсіп, білім және өнер академиясының президенті (АҚШ); Дайсаку Икэда (Жапония); Евгений Евтушенко, Феликс Кузнецов, Ресей Ғылым Академиясы әлем әдебиеті институтының директоры (1999 ж.), Евгений Сидоров (Ресей); Оскар Ариас Санчес, Нобель сыйлығының лауреаты, Коста-Рика Республикасының экс-президенті; Шыңғыс Айтматов, Төлеміш Өкеев, кинорежиссер, Рустан Рахманалиев, философия және тарих ғылымдарының докторы (Қырғызстан); Иван Драч (Украина); Нагиб Махфуз, Нобель сыйлығының лауреаты (Египет); Бахтияр Вагабзаде (Әзірбайжан); Эдуард Хуршудян (Армения); С.Тресслер, Пәкістан Ислам Республикасының Мәдениет, спорт, туризм және жастар істері жөніндегі министрі; Расул Ғамзатов (Ресей, Дағыстан); Гулрухсор Сафиева (Тәжікстан); Самир Тагизаде (Түркия); Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдіков (Қазақстан)…

Бұл тізімді жүзге дейін апаруға да болар еді. Ал олар аузына М.Шахановтың өзі сөз салып берді дегенге кімнің де болсын ары бармас деген ойдамыз.

Шынтуайтына келгенде біз М.Шахановтың поэзиясына әлі күнге дейін дендеп бойлай алғанымыз жоқ. Сондықтан да М.Шахановты бізден гөрі шетел оқырмандары жақсы түсінеді, әрі жоғары бағалайды. Рас, Мұхаң поэзиясын ардақ тұтатындар бізде де аз емес. Солай бола тұра шетелдік оқырмандар түсінік-пайымының жоғары екендігін жоққа шығаруға болмайды. Себебі… Гәп – өре озықтығында емес. Тануда. Ал, танығаннан кейінгі бағалау, одан кейінгі құрмет – дүрмектік қошаметтен, жалаң табынушылықтан мүлде бөлек. Тағы да қайталап айтайық, бұл – өзімізді кемсіту емес. Біздегі бар кінәрат, кінәрат емес, мақсат – Шаханов поэзиясына мән бермей қою арқылы оның шығармаларындағы өзіндік ерекшеліктерді жоққа шығару болғандығын кеш те болса айтуға тура келеді. Егер біз (бар кінәні тек сыншыларға ғана аудармай, біз дегеніміз жөн тәрізді) М.Шахановтың қазақ поэзиясындағы құбылыс екендігін дер кезінде мойындағанымызда ақынға деген әділ бағаны шетелдіктер емес, өзіміз берер едік. Бәрінен бұрын Шаханов поэзиясының құрылымдық ерекшеліктеріне тамсанып қана қоймай, ондағы ой-тұжырымдарға, даналыққа, тереңдікке, кемелдікке, бір сөзбен айтқанда адамдық ақыл-ой деңгейі мүмкіндігінің шыңына өзіміздің, қазақтың көтерілгендігіне көз жеткізер едік. Көз жеткізіп қана қоймай, соны түйсіну, қабылдау арқылы кемелдене түсер едік. Өкінішке қарай, ондай сәт әлі де келер күн еншісінде қалып отыр. Алайда Мұхаң әлемдік деңгейде әлдеқашан мойындалып қойған. Сөзіміз дәйексіз болмас үшін аты әйгілі бірнеше тұлғаның пікірлерін келтіре кетейік:

Ол – жаңаша ойлау дүниесiнiң өренi. Менiң пайымдауымша, мұндай өзгеше мән-мазмұнға ие ақын бүгiнге дейiн күллi Азия әдебиетiнде болған жоқ.

Бұған көз жеткізгіңіз келсе, оның поэмалардан құралған “Жазагер жады космоформуласы” (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты алып тынысты романын оқыңыз. Нақ осындай заңғар деңгейдегі ақын ХХ ғасыр мен ХХІ ғасыр аралығында бой көрсетуі керек-ақ еді. Ол ақынның Мұхтар Шаханов екені даусыз.

Шыңғыс АЙТМАТОВ

Шаханов – бүгінгі әлемдік өркениет тағлымдарын пайымдауға өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған сан қырлы талантты философ-ақын.

Бір ғажабы, “Өркениеттің адасуы” сияқты “Жазагер жады космоформуласында” да тіршіліктегі ұлағатты адамгершілік қағидалары өзгеше ауқымдағы ақындық-ғылыми-философиялық тұжырымдама жүзінде ұсынылады. Үлкен романдарға арқау боларлық өрнекті оқиғалар желісін қысқа өлең тармақтарына сыйғызған автордың бұл тың тәсілі біздің компьютерлік ғасырымызда да ақындық сөздің жаңа қуатты мүмкіндігін ашады.

Майкл БАХМУТСКИ,

Халықаралық Калифорния ғылым, индустрия,

білім және өнер академиясының президенті (АҚШ)

Мұхтар Шаханов тек қазақ әдебиетіне ғана емес, қырғыз поэзиясына да соны жаңалық алып келді. Әсіресе, жас ақындарымызға ерекше әсер етті.

Мен Мұхтардың Алматы мен Мәскеудің сәулетті сарайларында өткен поэзия кештерін теледидар арқылы тамашалағанда, қазақ әдебиетіне ұлы ақынның келгенін көріп қатты қуандым. Қазірде Қырғызстанда Мұхтарға еліктеп жыр жазатын ақындар көбейді. Жас қауым оның жырларын жатқа оқиды.

Сондықтан да М.Шахановқа Қырғыз Республикасының халық ақыны атағының берілуі оның кең ауқымды дарынына берілген баға және өте әділетті іс болды.

Сүйінбай ЭРАЛИЕВ,

Қырғыз Республикасының ел ақыны

және халық батыры

Құдайым әр ақынға өз ұлтына осы Мұхтар Шахановтай еңбек етуді жазсын.

Джон ЭШБЕРИ

Балдың бал екендігін айтқан емес, дәмін татқан біледі. Әлем жұртшылығы дәмін алған соң, тамсанған ақын шығармасының бірі – «Компьютербасты жарты адамдар» (Рухсыз күш формуласы).

Бұл өлең елге ұстаздық еткен бір қарттан қонақтарының «Аға, неше балаңыз бар соңыңыздан самғаған?» деген сауалымен басталады. Бұл сауалға қарт: «Бір жарым» деп жауап береді. Шындығында, ол қарттың үш ұлы бар болатын. Үшеуі де ел назарына ілінген білімді. Бірақ сол үшеудің тек біреуі ғана өзіндік өр талғамын өз ұлтының рухани байлығына жалғап, содан қуат, шуақ алғандықтан, қарт оны толық бір адам санатына қосады да, қалған екеуін жарты адамға балайды. Міне, осы әңгімеден ақын былайша ой түйіндейді:

Президент пе, депутат па, тракторшы ма, бәрі бір,

Бойын рухтан аулақ салса бәрінің де мәні бір.

Өз халқының тілі, ділі – зор адами парқына,

Тамыр жалғай алмағандар не сыйламақ халқына?

Бұл қазаққа көз өткен бе,

Тілдің мұңын сөз еткенде

Кей басшылар нақ бір жылан көргендей боп қалтырар…

Ұлтсыздардың бәрі – рухи мүгедектер, жартылар.

Тілін, ұлтын менсінбеуден ол қасқалар бақ табар,

Бар назары материалдық игілікке тоқталар.

Жағымпаздар қолдауымен олар бүгін мақталар,

Ал тарихта «рухын сатқан қарын құлы» боп қалар.

Иә, жұп-жұмыр, айтары бар, ойлы өлең. Асыра мақтауға зәрулік болса «философиялық мәнге ие» дегенді қосып қоюға болады. Одан әрі… Жалпы, Мұхаң поэзиясы өзімізде осы ыңғайдағы пікірлерден әрі талданып та, мақталып та көрген емес. Оның өзіндік себептерінің бірін жоғарыда айттық. Алайда, М.Шаханов поэзиясын ұсақ пендешілікпен бүркемелеу мүмкін емес. М.Шахановқа тән басты қасиет – ой тосындығы. Мәселен, Мұхаң бүгінгі заман талабы биігіне көтерілген «мониторкөз, компьютербас» жастарды жалаң білім шеңберінде қалып қойғаны үшін жоққа шығарып, жоққа шығарып қана қоймай оларды жарты адам санатына жатқызып, «Қайда барсаң көз алдыңда өнеге боп жарқылдар, жарты бастық, жарты ұстаздар, жарты қыздар, жарты ұлдар» деп, бүгінгі әлемнің бет-бейнесін дөп басып танып, «ұлтсыздардың бәрі – рухи мүгедектер, жартылар» екендігін жар сала әйгілейді.

Бүкіл әлем білім деп біліктілік соңына түскен кезде, жалпы білімнің өзі әрқилы болатындығына ешкім бас қатырып та жатпаған кезде; нарық көшіне түсінген де, түсінбеген де; меңгерген де, меңгермеген де ілесіп, алды сән-салтанатқа кенеліп, соңы бойларын түзей бастаған кезде М.Шахановтың Рухсыз күш формуласы кімге де болсын, кімге де болсын емес, мәселе мәніне бойлай алғандарға төбелерінен жай түскендей әсер еткендігі күмәнсіз. Бейнелеп айтсақ, адамзат ойлап тапқан жалғыз даму жолы – Нарықтың әлгі бір ертектегі король сияқты жалаңаш екендігін әлемде тұңғыш әйгілеген ақын – Мұхтар Шаханов. Біздің «шетелдік оқырмандар түсінік-пайымының жоғары екендігін жоққа шығаруға болмайды» деуіміз сондықтан.

М.Шаханов осы бір өлеңімен-ақ әлем жұртшылығының көзін ашты. Ол бойын рухтан аулақ салған адамның, мейлі ол президент бола ма, жоқ әлде депутат па, болмаса тракторшы ма бәрі бір, олардың бәрі құл екендігін әйгіледі. Шындығында да қандай табыс биігіне жетсе де М.Шаханов айтқан рухы, жаны аласаның» бәрі – қарын құлы. «Өз ұлтының рухани байлығына» жалғанбаған «қарын құлдар» «қасиетті ата қоныс – өзен-тауын жерсінбей, баба тарих ардақтаған рух тұғырын менсінбей» өз құндылықтарымыздан бойларын аулақ салғанымен олар «батыстық қиратқыш күш торына» түсіп, «олардың кір су құйған жүрекпен ой айнытатын құбырына тап болды».

Міне, біз үшін басты қасірет осы. Біз үшін ғана емес. Әлем үшін де солай. Өйткені, М.Шаханов айтқандай Ньютон ашқан үшінші заң бойынша «Әрбір қимыл – қарсы қимыл тудырады». Демек, әлем қазір бет алған бағытынан айнымаса, «егер қарын байлығынан рухымыз пәс тұрса», онда адами ізгі ой жеңіліс тауып, жер бетінде рухсыз қиратқыш күштер салтанат құрады. Сондықтан да ақын өз ойын былай түйіндейді:

Қол қусырып көнеміз бе,

Үнсіз жата береміз бе,

Робот-түйсік арқаланған,

Мейірімі тұл жарты адамдар

Жердің бетін түгел жаулап жеңгенше?..

………………………………………………………….

Дөңбекшиді көңіл-ғалам,

Бүгін өлу жеңіл маған,

Осы рухсыз жеңістердің ертеңіне сенгенше…

Мақсатымыз Мұхаңды насихаттау емес. Біздікі – Шаханов әлеміне көпшілік көңілін тағы да бір аудару. Бірақ біз айтқан, әлемдік ақыл-ой иелері айтқан пікірлерге айналамызда «мейірімі тұл жарты адамдар» қаптап кеткендіктен біреудің селт ете қоятындығына деген сенім де аз.

Біз тілге тиек еткен «Компьютер басты жарты адамдарға» үндес бүгінгі қоғамның бет-бейнесі мен тыныс-тіршілігін дөп басатын тағы бір сойқан өлең бар. Ол – «Бөдене таланттар мен Қажымұқандар».

Бөдене – шынашақтай-ақ құс. Кішілік – құстың кемшілігі емес. Бұл – өлшем. Қажымұқан – алып. Бұл да өлшем. Осы екі өлшемді материалданған талант деп қабылдайық. Енді сауал. Қайсысы қуатты, қайсысы басым? Әрине, Қажымұқан талант. Бірақ солай бола тұра бөдене таланттар «Қажымұқан рухын иеленген далаға иелік етуде». Сондықтан «әр салады бізге дарабоз Қажымұқан дарындар керек». Соны түйсінген ақын өз ойын одан әрі былайша сабақтайды:

Ергежейлі бөдене таланттар,

жоқ сендерде болашақ таңы,

Қайдасың Қажымұқан шаруашылықтағы,

ғылым мен саясаттағы.

Өкінішке қарай, қоғам бөдене таланттар ыңғайына орай құрылған. «Бөдене ойларға сүйенген бөдене бастықтар» ешкімге ырық бермеуде. «Халық қуыршақ әкімдер мен министрлерден шаршаған». Өйткені «қуыршақ заңгер, полиция, кәсіпкерлер қаптап келеді. Ұлтына мұрын шүйіріп, әдебиетін, тілін таптап келеді». Сондықтан «қоянның көжегіне ұқсас ергежейлі қалыптан бөлек, қоғамға бүгін Қажымұқан қуатты дарындар, алыптар керек!»

Байыбына барсақ, ұлы адамдарда тек өздеріне ғана жарасатын бір мінез болады. Ол мінез басқа қарапайым адамдар бойында болса, ол әлгі адамның кемшілігі сияқты әсер қалдырар еді. Ал кейбіреулер М.Шахановқа ғана тән сондай мінезден өздері ада болғандықтан оны өз артықшылықтарына балап, М.Шахановты әжуалауды әдетке айналдырған да кездер болды. Бірақ ешкім де М.Шаханов есіміне көлеңке түсіру арқылы абырой биігіне көтеріле алған жоқ. Себебі ол Жаратушы иеміздің мейір-шапағатына бөленген жан. Өмірден сәби шағында озған 12 бауырынан қалған жалғыз шырақ. Сол 12-нің арман-тілегі мен үміті. Олардың ғана емес. Барша халықтың. Сондықтан да Мұхаң жұлдызы парасат пен рух биігінде жарқырай бермек. Ал ол жұлдыздың күн өткен сайын айшықтана түсері күмәнсіз.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *