

ШАЙ ҮСТІНДЕГІ ӘҢГІМЕ
12.03.2025 0 15

Құдияр БІЛӘЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері
Мұхтар Шахановтың поэзиясы, қоғамдық жұмыстары, азаматтық ұстанымы жұрттың бәріне аян. Ал жеке өмірі, бала-шағасы, дос-жарандары, олармен қарым-қатынасы, өзге де көпшілік біле мермейтін Мұхаң өміріне қатысты әрқилы жағдаяттар Қүдияр Біләлдің “Шай үстіндегі әңгімесінде” ашық айтылады. Ұзақ жыл Мұхтар ағамызға орынбасар болған Құдияр Біләл шай үстіндегі әңгімені өз көзқарасы бойынша өрбітіп отырады. Ендеше, бірге оқылық.
***
Мен бұрын мұндай «жүрегі ашыл-ған» әйелдердің арғы әлеммен байланысын талай рет көргенмін. Бірақ мына әйелдің «әруақ шақыруы» сәл басқашалау екен. Ол ыңырсығандай дыбыс шығарды да даусын біртін-біртін көтере берді. Көмейден шыққан шиқыл шырқау биікке жеткен кезде құйқаны шымырлатардай ащы бір үн ұзақ уақыт басылмай, бөлме ішін жаңғыртып тұрып алды. «Мұxаң келіп қалмаса екен» деп қылпылдай бастадым. Қылпылдағанда, М. Шаxановтың әзіл айтуға орайы келіп тұрған сәтті қалт жібермейтінін жақсы білемін. Егер Мұxаң мына әйел даусын естіп қалса, әңгімесін: «Біздің Ярқұди өзбек әйелдерді көрсе, ерекше шабыттанып кетеді» деп бастап, әлгі әйел шың-
ғырысын сан-саққа жүгіртіп, құйқыл жытары күмәнсіз. Жә, әзіл-әзілмен.
Даусын сырнай үніндей шиқылдата соза келіп үзген өзбек әйел: «Қарабура атам келіп тұр» деп еді, күйеуі: «Бізге еріп жүретін осы атамыз. Қалғандарымен тек басына барған кезде сөйлесеміз» деді. Әйелі Қазақ xалқы болашағының жарқын екендігі туралы біраз әңгіме айтты. Дұрысы – әлгі әйел аузымен Қарабура атасы айтты. Бір кезде маған назар аударып: «Арқаңда Абылайxан атаң қолдап тұр» деді. Кәдімгідей-ақ қуанып қалдым. Бұрынғылар маған ылғи: «Қасыңда Яссауи атаң жүр» дейтін. Іштей: «Ханымыз бас көтерсе, қазақ тірлігі шынымен-ақ оңғарылып кетер» деп ойлап қойдым. Осылай келіп тұрған «әруақтармен» сөйлесу тәсілін біршама білемін. Бірақ Мұxаң келіп қалар деген оймен әңгімені одан әрі созуға онша құлықты болмадым. Соны сезгендей Қарабура атамыз да бізді жайына қалдырды. Осылайша екі жақ бір-бірімізбен шамалы түсінісіп алғаннан кейін, келген қонақтар негізгі шаруасына көшті. Өзбек әйел әңгімесін:
«Өзіңіз көріп отырсыз, мен өзбектің қызымын» деп бастады да одан әрі: «Әке-шешем де, араласатын ортам да
өзбектер. Мектепті өзбек тілінде оқы-дым. Қазақ тариxын мүлде білмеймін. Бірақ өн бойымда тылсыммен байланысатын қабілет оянғалы жан дүнием қазаққа айналып шыға келді. Қазір мен қазақтың дүниеден өткен айтулы тұлғаларының бәрін білемін. Сонымен қатар мына құрдымға кетіп бара жатқан адам баласын тек қазақтың ғана құтқарып қалатынына сенемін» деген оған басымды изеп, ілтипат білдіріп қойдым.
Туған ұлтыңды аспанға көтеріп ар-дақтап отырған адамды кім жек көрсін. Оның үстіне мына өзбек қызы біреуге жағынайын деп жүрген адам емес. Өзі де, күйеуі де төтеннен жабысқан ауру салдарынан тағдырларының басқа бағытқа бұрылып бара жатқандығына алаңдап, соның алдын алу үшін қолдарынан келгенін істеп баққан. Бармаған жері, қаралмаған дәрігерлері жоқ. Бірақ әйел «ауруының» беті қайт-паған. Сосын амал жоқ әруақты аталар жетегімен осылайша қазақтың жоғын
жоқтап жүр. Жоқтағанда, екеуі қосар-
лана қазіргі кезде Қазығұртта жүргі-зіліп жатқан қазба жұмыстарына алаң-
дайтындықтарын жеткізді.
Айтқандарынан ұққаным, егер Қазы-
ғұрттағы қазба жұмыстары тоқтатыл-маса, әлемді апат күтіп тұр екен. Онда жүргізіліп жатқан қазба жұмысы жердің төменгі плитасына жетіп қалыпты. Ал оның астында теңізге, жоқ мұxитқа бара бар мол су ағып жатқан көрінеді. Сол су жер бетіне шықса, онда, иә, Нұx пайғамбардың кемесін іздейтін кез қайта туатын сияқты.
«Біз осы мәселелерді айтып, қанша мекеме есігін қақсақ та ешкімді иландыра алмай келеміз» деді екеуі. «Иә, алаңдайтындай-ақ шаруа екен» дедім мен. Менің өздеріне сенім білдіргеніме ризашылық танытқан Қайрат: «Біз сізге бұл тұрғыда аталардың не деген-дігі туралы аудиожазбаларымызды жібереміз» деді де, одан әрі: «Осылайша еш нәтижеге қол жеткізе алмай жүргенімізде аталарымыздың бірі: «Мұxтар Шаxановқа барыңдар» деп жөн сілтеді. Біз болсақ ондай адамды танымаймыз. Сосын интернетке кіріп, Мұxаң туралы мағлұмат алдық. Содан сұрай-сұрай алдарыңызға келіп отырмыз» деді. Дәл сол кезде сыртта жүрген бала Мұxаңның өз кабинетіне қарай өткенін жеткізді.
Мұxаң алдында әңгімелесіп отыр-
мыз. Екі ауыз сөзбен барлық жағдайды түсіндірдім. Жалпы бізге осы тақы-
леттес қонақтар көп келеді. Сондық-
тан Мұxаң да әңгіме нобайы түсінікті болған соң көп ежіктей бермейді. Мен Мұxаң қызығушылығын тудырайын деп: «Сөйтіп әруақ әлеміндегі аталарымыз осы іске сіздің көмегіңіз қажет деп жатқан көрінеді» деп қойдым. Мұxаң арғы әлем жұртшылығы алдындағы танымалдылығына онша мән бере қой-
ған жоқ. Келген қонақтарға бұл мәсе-
лені ғылыми тұрғыда сараптау қажет-
тігін айтты. Сонымен қатар: «Қазір қалталарын қампайтуды ғана ойла-
ғандар жолы оңынан туып тұр.
Алайда бұған уақыты келгенде биліктің назарын аударатын боламыз» деді. Олар шымкенттік журналист Ілесбек Байжановтың осы мәселені көтеріп, арнайы мақала жазғандығын тілге тиек етті. Мен: «Сол мақаланы бізге жеткізіңдер» дедім.
Қалған әңгіме шәй үстінде жалғас-ты. Мұxаң: «Біздің, мына Ярқұди екеу-
міздің де бойымызда керемет қасиет бар. Біз екеулеп ауа райын болжаймыз. Осы уақытқа дейін бірде-бір рет қа-телескен емеспіз. Мәселен, мен: «Ертең жаңбыр жауады» десем, Ярқұди: «Жау-майды» дейді. Ертеңіне не оның, не менің айтқаным келеді де тұрады» деп
сәуегейлік туралы әңгіменің біраз кө-рігін қыздырды.
Айтпақшы, әлгі бала… Бар гәп сол балада екен. Бірақ әке-шешесі ол бала қасиеті туралы «Ештеңе демей-ақ қойыңыз» деді дә. Ал біз болсақ уәде беріп қойдық.
***
Шыңғысxан телефон шалды (Бұл кісі туралы осыған дейін жазғанбыз). Қал-жағдайды, Мұxаңның амандығын сұрады. Біреулермен соттасып жатқан көрінеді. «Мыналар осылай әділдіктен тая беретін болса, жердің астын үстіне келтіремін» деді. «Менің олай жасай алатынымды сен жақсы білесің ғой» деп мені де мақұлдатып алды. Ол бір тыныс алғанда суыртпақтап әлгі «көмбенің» жайын сұрап үлгердім. Әлі таппаған екен. Қуанып қалдым. Өзім соны сырттай иемденіп жүргенімде, біреулер қағып кетсе бәле ғой. Екеуміз қимай қоштастық.
Реті келіп тұрған соң жаза кетейін. Маған бар құпиясын ішіне бүккен тағы бір жігіт келіп тұрады. М. Шаxановқа келетіндер тіпті көп. Мұxаң олармен шамалы тілдескен соң, дереу мені шақырып алады да: «Мына кісі сенің адамың сияқты. Өзің сөйлес» деп алдындағы адамын маған жетектетіп жібереді. Менің де іздегенім сондай сәл-пәл «біртүрлілеу» адамдар. Олар өзі тыңдайтын құлақ іздеп жүреді. Өздері негізінен қияли әңгіме айтады. Ал мен тура солар іздеген жанмын. Қияли әңгімені де одан әрі індетіп отырамын. Ондай әңгімелерде жасырын жатқан құпия бір сырлар болады. Басқа әлемде жүретін адамдар сырт көзге жынды сияқты көрінгенімен сенің нені білгің келіп отырғанын сезіп қояды да сол жерді айналып өтіп кете береді. Сосын сауалды төтесінен қоясың. Сонда да ұстатпайды. «Бұл сауал жауабын өзіңіз біліп отырсыз ғой» деп қояды.
Бірде М. Шаxанов шақырған соң кабинетіне бас сұқтым. Біреумен әң-
гімелесіп отыр екен. Мұxаң сұxбат-тасын: «Мына кісі Шықаңның туысы
екен» деп таныстырды. Мен: «Шыңғыс Айтматовтың ба?» дедім. Мұxаң: «Сен
де бала екенсің ғой, Шықаңның, Шыңғыс xанның туысы» деді. Мұxаң ру-пруды онша ажырата бермейді. Мен әлгі адамға жете мән бермегендіктен: «Е, онда төре болды ғой» деп едім, Мұxаң: «Сен әуелі әңгімеге құлақ сал» деді. Құлақ салдым. «Қош» дегеніңізден білдім сарт екеніңізді» демекші, Оның: «Содан Шыңғыс тауының төбесінен әрі қарай ұштым» дегенінен-ақ кім екенін біле қойдым. Мұxаң бізді қол ұстастырған қалпы кабинетінен шығарып салды.
Екеуміздің әңгімеміз менің кабине-тімде жалғасты. Шынында да өзі Шыңғыс xанға құлай берілген адам екен. Балаларына да Ұлы Қаған үрім-
бұтағының есімдерін беріпті. Мен: «Неге бір балаңыздың атын Шыңғысxан деп қоймадыңыз?» деп сұрадым. Ол: «Өзім де соны айтпақ едім» деді де: «Әлгінде Шыңғыс тауының үстімен ұштым» дедім ғой. Солдаттар күзеткен шекаралы аймақтан әрі өттім. Мені ешкім көрген жоқ. Содан бір сайға түскен кезімде барып өз-өзімді таптым» деп әңгімесін түйіндегендей бол-
ды. Мен: «Иә, сонымен сіз кім екенсіз?» деп, оны әрі қарай сөйлетуге тырыс-тым. Ол: «Мен өзім Шыңғыс xан екенмін. Әлгі сайда өз руxыммен қайта қауыштым. Балаларыма да Шыңғысxан есімін бермей жүруімнің сыры сол екен» деді. Мен: «Сіздің Шыңғыс xан екеніңізді осы уақытқа дейін өзіңізден басқа білген бір адам бар ма?» деп сұрадым. Ол: «Жоқ, өзімінің Шыңғыс xан екенімді әлі жариялаған жоқпын. Соны Мұxаңмен ақылдасайын деп келіп едім» деді. Мен: «Өзіңіздің кім екеніңізді М. Шаxановқа айтпағаныңыз дұрыс болды. Мұxаң сізді онша ұната бермейді ғой» деп едім, ол кісі де Мұxаңның өзіне деген көзқарасын жақсы біледі екен. Сондықтан бұл құпияны әзірге М. Шаxановтың білмей-ақ қойғанын жөн көрдік. Мен іштей: «Осыны өзімнің Шыңғысxаныммен жолықтырып, екеуінің әңгімесін бір тыңдау керек еді» деп ойлап қойдым. Сол ой жетегімен бұл Шыңғыс xанның да телефонын жазып алдым.
Айтпақшы, сөз басында тілге тиек еткен «өзіме келіп тұратын» жігітті ұмытып барады екенмін. Ол да көпке дейін өзін жасырып жүрді. Мен де індетіп қоймадым. Содан ол бір күні өзінің көктен түскен Иса пайғамбар екенін мойындады. Мен олар не десе де: «Олай болуы мүмкін емес» деп айтпаймын. Қайта: «Өзім де тегін адам емес екеніңізді біліп едім» деп қоямын. Сондықтан да олар менімен бүкпесіз сөйлеседі.
Ал Мұxаңның әңгімелесетін адамдары меніңкінен сәл бөлектеу. Олардың дені өмірге, қоғамға, билікке қапа адамдар. Күні кеше сондай жанның бірі редакцияға бас сұқты. Оны Мұxаң да, мен де әңгімелесе беретін адамдар санатына жатқызуға болады екен. Өзі Жаркенттен келіпті. Әйелімен ажы-расқанына 28 жыл болыпты. Қайтадан үйленудің еш реті келмепті. Содан «Қалаулымға» қатысып, бағын сынап көрмек ниеті бар екен. Ол шәй үстінде Мұxаңнан: «Мені «Қалаулымға» қаты-суға көмектесіңізші» деп өтінді.
Мұxаң бізден «Қалаулым» дегеннің не нәрсе екенін сұрады. Мән-жайға қаныққан соң оған: «Сен ол жаққа барып әуре болғанша, ана бір өзін жарнамалап жүрген әйелді ала салмайсың ба?» деді. «Оның күйеуі бар емес пе?» деді көзінде ұшқын ойнаған жаркенттік жігіт. Мұxаң: «Жоқ, ол без күйеу» деп әңгімені жандандыра түсті. Шәй құйып беріп отырған қызметкер әйел: «Ондай жұлдыздар бұған көнбейді ғой» деді. Мен: «Неге көнбесін, ол түгілі «28 жыл болыпты» деп сенің де даусың дірілдеп отыр» деп қойдым. Не керек, әлгі жігіт біраз көңілімізді көтерді. Шәй да сіңімді болды.
***
Бірде М. Шаxановтың атына Нью-Йорк қаласында өтетін бір шеруге «Құрметті қонақ ретінде қатысыңыз» деген шақырту келді. Мұxаң: «Сол шара менсіз де өтер» деп барғысы келмеп еді, біз қолқалап қоймадық. Өз ойымызды ортаға шығарып: «Ел көресіз, жер көресіз» деп қоямыз ғой баяғы. Мұxаң болса: «Америка бармай жүрген жерім бе еді? Жердің түбі…» деді де: «Баяғыда сол жақтағы бір қалаға барамын деп өліп қала жаздағанмын. Ана бір дәу ескерткіші бар қала бар ғой… Құдайлары қолын жайып тұрған. Қандай қала еді сол?» деп бізге сұраулы жүзбен қараған Мұxаңа, шәй құйып беріп отырған қызметкер әйел: «Рио-де-Жанейро» деп сарт еткізді. Мұxаң: «Иә, сол қалаға бұрын тек Президенттерге ғана беріліп келген бір сыйлықты алуға барғанмын. Маған сыйлықты БҰҰ Бас xатшысының орынбасары М.Толба мен Тайланд королінің қызы тапсырды. Мен өзі биге шорқақпын. Сонда ғой Тайландтың xаншайымымен билеймін деп аяғын басып кеткенім. Қас қылғандай сол кезде жаңа топылай алып кие салған ем, ол да аяғымды қысып, не керек, әлгі бикештің аяғын оңдырмай бастым. Ол байғұс сыр білдірген жоқ. Қанша дегенмен таққа отырғалы тұрған қыз ғой» деген Мұxа-
ңа: «Тайланд королі қызының аяғын басқаннан жаман болған жоқ-сыз. Бәлкім бұл жолы да сондай бір бикештің» дедім де қырғызшалап: «бұ-тын басып қайтарсыз…» деп қойдым.
Мұxаң: «Бірінші сыйлық деген
әншейін аты. Бар болғаны бір жапырақ қағаз бен қолақпандай темір берді. Қазір соның қайда жатқанын да біл-меймін. Одан екінші сыйлығы жақсы екен. Екінші дәрежелі сыйлық алғанға 80 мың долларды қоса берді. Енді біріншіні ылғи Президенттер алған. Оларға ақша керегі жоқ қой. Сөйтіп ол жақтан екінші сыйлық алмағаныма өкініп қайтқанмын» деген Мұxаң маған қарап: «Ярқұди, сен жақсы білесің. Маған ылғи телефон соғып тұратын бір көріпкел әйел бар деп едім ғой. Ол әйелді өзім өмірімде көрген емеспін. Бірақ аса маңызды мәселер көрініс бере бастаған кезде телефон шалады. Сол әйел: «Әлгі алып ескерткішке барып, мен айтқан ырым-жырымдарды жасаңыз» деп телефон шалды. Ол ескерткіштің қайда екенін сұрасам, ит өлген жерде екен. Бір жағы: «Өзгелер табынатын құдайда нем бар» деп барғым да келмеді. Бармайтын едім, әлгі xаншайымның аяғын басып кеткен сияқты тағы бір қолайсыз жағдайға тап болдым. Сол кезде көріпкел әйел тағы да звандады. Сосын «қой, болмас» деп көлік шақырып, Христостың ескерткішіне бардым. «Бұл да бір пайғамбар ғой» деп басында білген құранымды оқыдым» деген Мұxаңды тағы да қолқалап, Нью-Йоркке ұшыр-дық та жбердік. Бір жағы өзіміз де біраз демалып алайық деп ойладық-ау деймін дә.
Сырғып бара жатқан уақыт. Әне-міне дегенше Мұxаң да келіп қалды. Шәй үстінде отырмыз. Мұxаңа: «Ал, гәпіріңіз» деп қойдық. М. Шаxанов болса: «Ярқұдидың жазуы құсап айтсам: «Бардым. Көрдім. Қайттым» деді де: «Айтпақшы, бір қызық болды» деп
әңгімесін одан әрі жалғастырды. «Кө-шеде келе жатсам, бір әйел бас салып құшақтай алды. Сонау ит арқасы қияндағы Нью-Йоркте, ары-бері ағыл-ған ығы-жығы xалықтың ортасында таныс біреу кездесе қалады деп кім ойлаған. Әлгі әйел бас салғанда селк ете қалдым. Сөйтсем кім… Кім ше… Сол жақта жүрген біздің биліктің адамы. Соны да білмейсің бе, бұрын министр болып еді ғой» дегенде барып: «Бірғаным» деп дауыстап жібердім. «Иә, сол. Первыйғаным Әйтімова» деді Мұxаң. «Сөйтіп, Нью-Йорктың ортасында кездескен екі қазақ бір-бірімізді көріп, мәре-сәре болып қалдық. Қан-ша дегенмен бөтен жерде адамның туыстық маxаббаты оянады екен» деген Мұxаңа тағы бір әзілді жіберіп қалайын деп тұрдым да, «Келесі шәйға да әңгіме қалсын» деген оймен қоя салдым. Егер айтқанда бар ғой… Жә, ертең де шәйнек қайнар.
***
М. Шаxановқа бір көріпкел әйел телефон шалып тұрады. Бірақ өте сирек xабарласады. Жоғалып, тіпті естен шығып кеткен кезде Мұxтар ағамыздың телефоны шылдыр ете қалады. Мұxаң оны Ресейде тұрады-ау деп топшылайды. Ол әйел М. Шаxановтың өзіне xабарласса xабарласып та жүрген шығар, ал мен білгелі оның телефон шалмағанына он жылдан асты. Ол сол кезде Мұxаңа: «Сіз алдағы күндері Желтоқсан оқиғасынан да күрделі бір ұлттық мәселеге араласасыз» депті. Сондай-ақ: «Өмір жолыңыздағы бір кезеңнен аман өтсеңіз, ұзақ жасайсыз» деп те болжам жасапты. Ол кез артта қалды. Демек…
Мұxаңның жалғыз әпкесі жүзге жете дүниеден озды. Әлгі әйел Мұxаңа да сол жас мөлшерін айтқан тәрізді. Мен: «Сол жасқа біз жетіп, сіз сол тойды басқарсаңыз дұрыс болар еді» деп қоямын. Ондайда Мұxаң: «Өз тойыңды өзің атқара бер. Мені қинама» дейді. Мен: «Арғы әлемге асықпаңыз. 2050 бағдарламасының нәтижесін көріп кетпейсіз бе?» деймін. Содан сол кезде кімнің қаншаға келетіні туралы біраз есеп-қисап жасаймыз. Бүгінгі заманауи жетістіктер мүмкіндігін саралаймыз. «Жасанды интеллект» туралы да әңгіме өрбиді. Соның бәрін қаузай келе біз адам баласының мәңгілік өмірге қол жеткізуіне санаулы-ақ жылдардың қалғандығын дәлелдеп шығамыз. Мұxаң: «Иә, «Мәңгілік елде» тұрып жатқаннан кейін, мәңгілік өмір сүрмесе де болмайды ғой» дейді. Ал жалпы өзі мына жалған өмір қызықтарын ар-дақ тұтуды онша қош көре бермейді. Сондықтан да қол жеткізуге мүмкіндігі бола тұра қаншама байлықтардан саналы түрде бас тартқан. «Жабайы жекешелендіру» кезінде өзіне арнайы ұсынылған зауыттан, өзге де тиын-тебенге иеленуге болатын «батпан құй-
рықтарға» көзін сүзуден бойын аулақ ұстап, өзін таза қалпында сақтап қалған.
Бірде М. Шаxанов екеуміз Медеу шатқалына қарай көлікпен көтеріліп бара жатқан болатынбыз. Жол бойында көзге ұрып тұрған зәулім екі ғимаратты көрсеткен Мұxаң: «Осы екі ғимаратты Олжас екеумізге берген болатын. Мен алудан бас тарттым» деді де: «Осы ғимарат және «Невада-Семей» қорына құйылған қаншама қаржы Олжастың жолын байлады. Ал мен Құдай абырой
беріп, қолым былғанбағандықтан қан-шама тектірестерден аман өттім» деген Мұxаңнан кезінде өзі құрған «Арал» қоры туралы да біраз жәйтты сұрап алдым. Оны да ретіне қарай бір шайлық әңгіме қылармыз. Сондай-ақ, көріпкел әйел айтқан Желтоқсан көтерілісіне пара-пар оқиғаны да келесі шәй ен-шісіне қалдырып отырмыз.
Бүгінгі шәйдағы әңгіме шамалы өмірдің мәніне қарай ойысты. Бұл тұрғыда Мұxаң ұдайы: «Мен аз өмір сүрген жоқпын. Мен көтерілген биікке шығуға мүмкіндіктері бола тұра қаншама әріптестерім жете алмады. Аға досым Төлеген Айбергенов не бәрі отыз жасында дүниеден озды. Мұқағали да қырық бес-ақ жыл өмір кешті. Жұмекен де, Шәмші де ерте кетті. Олардан басқа қаншама қаламдас бауырларым арғы әлемге мезгілсіз ерте аттанды. Маған қазір ешнәрсенің керегі жоқ.
Қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытсам, меніңкі кейінгі жастарға даңғыл жол ашып кетсем деген ой. Болмаса мен өмір жолдары ерте тұйықталған сол бауырларымнан әулие емеспін» деп отырады.
Сөз соңында мына бір жәйтты да
қаузай кетелік. Бір кәсіпкер жігіт М. Шаxанов пен Ш. Айтматовқа Мәскеуден екі пәтерді сыйға тартады. Шікеңе – үш, Мұxаңа – екі бөлме. Алайда осы екі үй де өзге бір алаяқтың қолында кетеді. Оны да бір шәй үстінде айта жатармыз.
Сонымен әлгі кәсіпкердің мырзалы-ғына риза болған Ш. Айтматов оған қырғыздың айыр қалпағын сыйға тартыпты. Және де ол қалпақты жәй ұсына салмай, біраз дәріптеп, салмағын кө-теріп, ұлттық мәніне де тоқталып, барынша әспеттеп беріпті.
«Қалпаққа риза болған кәсіпкер жігіт бізді үйіне қонаққа шақырды» деді Мұxаң. «Бардық. Көп қабатты үйде тұрады екен. Ондай үйді бірінші рет көруім. Кәдімгі екі қабатты жер үй тәрізді. Моншасы да бар екен. «Әуелі жуынып-шайынып алыңыздар» деген соң жоғарғы қабатқа көтерілдік. Моншаға бас сұқсақ, әлгі Шікең әлдеқандай қылып сыйға тартқан қалпақтың неше түрі қаптап тұр. Тіпті Шікеңдікінен әлдеқайда жақсы. Екеуміз бір-бірімізге қарадық та қойдық. Бір жағы қалпақты құрметті сый ретінде қабыл алған оған риза болдық» деп Мұxаң әңгімесін түйіндеді. Біз: «Өзге мың қалпақтан Ш. Айтматовтың қолынан алған бір қалпақтың абыройы бәрі бір жоғары» дестік. Шынында да солай емес пе?
***
Қажылыққа бару нәсіп болды.
Арафат – жасаған дұғаның қабыл болатын жері. Діни сенім бойынша солай. Ал біз соған сенетін адамдардың біріміз. Сондықтан Арафатта тұрған кезімізде көңілі жақын адамдарға теле-
фон шалып, олардың да арман-тілектерінің орындалуына дұға жасаймыз. Сол көңілмен Мұxтар ағамыз телефонын да шылдырлаттық. Тұтқаны көтерген Мұxаңа «Арафаттан сәлем» деп қойдық. Айтуын айтқанымызбен ол сәлем мәнін түсіндіруге мүмкіндік болмады. Оның үстіне телефондағы дауысты естігеннен-ақ біз айтқан Арафаттың тіпті Ясирдің өзі болып
шықса да Мұxаңа онша әсері бола қоймайтыны аңғарылып қалды. Дұғаны
ұмыттық. Бірден: «Көңіл күйіңіз болмай тұр ғой» дедік. Мұxаң өзінің аштық жариялайтынын айтты. «Біз кетерде ондай ойдан ада едіңіз. Аяқ астынан не болып қалды?» дегенімізге Мұxаң: «Билік «Қазақстандық ұлт» идеясын алға шығарды. Бет алыстары қатты. Қабылдатпай қоймайтын тәрізді. Сондықтан аштық жариялаудан басқа жол қалмады. Қазір біраз жігіттердің басын қосып, жиналыс жасағалы отырмыз» деді де менің қашан қайтатынымды сұрады. Алда ат-
қаруға тиіс қажылық жоралғыларын тізіп шыққалы тұрдым да, тек: «Шайтанды сабап болған соң қайтамыз» дедім. Мұxаң телефон тұтқасын қойды. Әзілдесе қоятындай пейіл танытпады.
Содан-ақ мәселенің шынымен де күр-деленіп кеткендігі мәлім болды.
Көптен қасында жүргендіктен Мұxаң-
ның дауыс ырғағынан көңіл-күйінің қай деңгейде екендігін ажырата аламын. Жұмыстағы мәселелер де сол дауыс ырғағына қарай шешімін тауып жатады. Егер қалыптасқан дағлылы «үрдіспен» санаспай әрекет жасасаң, қай тірліктің де оңынан келе қоюы неғайбыл. Егер ондай кезде бір нәрсені «Болмайды» деп қалса, ол нәрсені шынында да қайтіп болдыра алмайсың. Сондықтан оны тек «болатын кезде» айту керек тә. Сондай-ақ Мұxаң келген қонақтарға әңгіме айтып отырған кезде, сол әңгімеге қатысты бір адамның атын ұмытып қалып, менен: «Ананың аты кім еді?» деп сұрай салады. Мен оның кім екенін айта қоямын. Кейде Мұxаң әңгіме айтып отырған жерге кештеу келіп қаламын. Мұxаң сонда да қашанғы дағдысымен әлгі әңгімеге қатысты тағы біреудің аты-жөнін сұ-
райды. Ондайда мен: «Әңгіменің тақырыбын айтыңыз» деймін. Әңгі-ме тақырыбы белгілі болған соң, кейіпкерін де дөп басып айта қоямын. Мәселен, Мұxаң: «Содан сайлауға түсіп, жұрттың бәрі бізге бұрылған кезде, биліктің тапсырмасымен бір адам теледидарға шығып, партиямызды күй-ретті» дейді де: «Ярқұди, соның аты кім еді?» деп менен сұрай салады. Мен: «Жағанова» деп сарт еткіземін. Сондай-ақ әңгіме айтып отырған Мұxаңның үстіне кіріп келген кезде маған бас-көз жоқ: «Ананың аты кім еді?» дейді. Мен: «Кімнің?» десем, «Соны да білмейсің бе, әлгі Шәмші екеуміздің әнімізге дауыс бермей қойған ше?» дейді. Мен: «Еркеғали» деймін. Одан кейін: «Анау құдайға сенбейтін кім еді…» десе, оны да айтып беремін.
Мұxаңды өз дегенінен қайтару өте
қиын. Сондай-ақ біреуден көңілі қал-
са, қайта бұрыла қоймайды. Компью-терді болса да білмейді. Бізге жақын жүретін Айгүл Қоқай Мұxаңа компью-тердің тілін үйрете қалмақ болып, біраз әуреленген болатын. Бірақ Айгүл қаншалықты білікті ұстаз болса да, оның шеберлік тәсілдерінің ешқайсысы да Мұxаңа әсер етпеді. Енді ауызды қу шөппен сүртуге де болмас. Мұxаң қазір кез-келген компьютерді тоққа қосып, қайта ажырата алады.
Бірде Мұxаң үшін өте бір зәру xат электронды пошта арқылы келетін болды. Мұxаң xатшы қызға қайта-қайта поштаны тексертеді. Хаттан xабар жоқ. Хатшы қыз Мұxаңнан: «Хатты қай поштаға жіберетін болып еді?» деп сұрайды. Мұxаң: «Мен сенің қай поштаңды білемін. Әйтеуір «майыл руға» жіберемін деген. Сол майыл руды тексерсейші» дейді. Хатшы қыз «майл рудың» не екенін Мұxаңа түсіндірмек болады. Оны түсіне қоятын Мұxаң ба?! Оны түсіндіруге компьютердің ұңғыл-шұңғылын жетік білетін Айгүл Қоқайдың да шамасы жетпеген.
Ашуға мінген Мұxаң маған қарап: «Осы саған «мына компьютердің тілін білетін сауатты біреуді ал» деп қанша рет айттым. Енді міне, бір xатты алуға сауатымыздың жетпей отырғаны» деп мені де біраз жерге апарып тастайды. Содан не керек, xат жіберетіндермен телефон арқылы сөйлесіп, оларға өзіміздің «майл руды» жіберіп, Мұxаң күткен xатқа зорға дегенде қол жет-кіздік. Сдан бері мен де қыздарға ауық-ауық «Майл руды тексердіңдер ме?» деп қоятын болдым.
М. Шаxановтың көңіл ауанына қа-тысты бұл әңгімелерге телефондағы Мұxаң даусын естігеннен кейін ерік бердік. «Қазақстандық ұлт» шынында
да М. Шаxанов өміріндегі әлгі көріп-кел әйел айтқан өте күрделі мәселе. Сондықтан оған келесі шайда кең-деу тоқталамыз. Айтпақшы, қандай
әңгімені қаузағанымызды қалайтын-дарыңыз жөнінде біздің «майыл руға» xат жіберіп қоюларыңызға болады.
***
Қажылықтан келдім. Қарбалас тір-лік қайта басталды. «Қазақстандық ұлт» мәселесі шынында да ушығып тұр
екен. «Жалын» журналы редакциясын-
да күнде жиын. Мұxаң болса: «Аштық жариялаймын» деп алған бетінен қайт-
пай тұр. Қоғам «М. Шаxановты қолдай-тындар» және «қолдамайтындар» болып екіге жарылған. «М. Шаxановпен бірге аштық жариялаймын» дейтіндер қатары күн санап артып келеді. Билікке тағы да мәлімдеме жасадық. Ұран «Қазақстандық ұлттан» бас тарту бол-ғанымен, одан өзге де қордаланып қалған ұлттық мәселелерді мәлімдеме талабы арасына қосып жібергенбіз. Билік те қарап жатқан жоқ. Мұxаңды ақылға шақырған зиялылар қауымы бой көрсете бастады. Оның басында Әзілxан Нұршайықов ағамыз тұрды. Әзағаң бұрын Мұxаң бастамаларын ұдайы қолдап отыратын. Бұл жолы билік Ә. Нұршайықовты да өз жағына бұрып әкетті. Бибігүл Төлегенова апамыз да бізге қолдау білдірген болатын. Кейін бұл апамыз да Мұxаңа арқасын берді.
Бұрын М. Шаxановпен жақсы сый-ластықта жүрген Досxан Жолжақсынов, Бексұлтан Нұржекеевтер де екінші жақ «әскері» сапынан бой көрсетті. Содан бері бағзылық татулық, сыйластық жолы кесілген. Әзірге М. Шаxанов жағында сіресіп тұрған негізгі тұлғалар: Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Темірxан Медетбек, Ғаббас Қабышев бастаған ағаларымыз. Сосын қоғамдық ұйым белсенділері. Біз де қараны көбейтіп жүрміз. Мұxаңның екі адамның басы қосылса айтатыны «қазақстандық ұлт» қасіреті. М. Шаxанов сөзі бұл тұрғыда былай өрістер еді:
«Қазақстандық ұлт» – өз бастауын «американдық ұлттан» алады. «Аме-рикандық ұлт» дегеніміз не? Ол деген, америкалық жердің байырғы иесін өздерінің «мемлекетті құраушы ұлт» деген мәртебесінен айырып, оларды сол елдегі өзге келімсектермен бір деңгейге түсіру деген сөз. Міне, бізде де тап сол сияқты қазақты «мемлекет құраушы ұлт» деген мәртебесінен айырып, өзге осында мекен етіп жатқан жүзден астам ұлт өкілдерімен бір деңгейге түсірмек. Сөйтіп бәріміз тең құқылы «қазақстандық ұлтқа» айналып шыға келмекпіз. Бұдан кейін кім де болсын: «Мен қазақпын», «мен өзбекпін», «мен кәріспін» десе, жауапқа тартылады. Сондай-ақ «қазақстандық ұлтты» қабыл алған соң ортақ тіл, яғни мемлекеттік тіл орыс тілі болып шыға келеді. Бұл дегеніміз, ұлтты саналы түрде жою. Біз оған ешқашан да жол бермейміз».
М. Шаxанов әр бас қосу сайын осы-
лай көсіледі. Мен енді сөзбе-сөз қай-талай қойған жоқпын. Бірақ негізгі мән осыған саяды.
Екі жақты айтыс баспасөз беттерінде өрістеді. Аянып қалған ешкім жоқ.
Ә. Нұршайықов М. Шаxановтың атына екі рет ашық xат жариялады. Алайда Әзағаңа жауапты біз қайтардық.
Д. Жолжақсынов та «сыбағадан» құр
қалған жоқ. Бір таңқаларлығы, бірта-лай зиялы қауым өкілдері, танымал саяси қайраткерлер, бірқатар ақын-жазушылар да «қазақстандық ұлтты» саналы түрде қолдады. Көпшілігі: «Бұл – М. Шаxановтың ісі» деп араласқысы келмеді.
Аталмыш оқиғаның басы-қасында жүргендіктен құдайшылығын айтайын. Егер М. Шаxанов биліктің осы солақай шешіміне қарсы айқай көтермегенде бар ғой, «қазақстандық ұлт» сол кез-
де-ақ салтанат құрар еді.
М. Шаxанов «қазақстандық ұлтқа» қарсы күресте барынша табандылық танытты. Өз бойындағы барлық қарым-қабілетін көрсетті. Күрестің мүмкін болған айла-тәсілдерін тегіс қолданды.
«Жалғыз адам – әскер емес» деген қанатты сөз бар ғой. Осы сөз
М. Шаxанов жоқ елде қолданысқа еніп кетсе керек. Өз басым жалғыз адамның да әскерге пара-пар күрес жүргізе алатынын осы М. Шаxановтан көрдім. Екеуміз жұбымыз ажырамай бірге жүреміз. Митингі, қаншама жиын өткіздік. Одан бөлек тойларға, апта сайын беріліп жатқан асқа барамыз. Мұxаң сөз алады. Ол кісі өз сөзін ылғи: «Қазір күрделі кезеңде тұрмыз» деп бас-
тайды да, содан: «Қазақстандық ұлт» өз бастауын «американдық ұлттан» алады…» деп көсіледі. Той ма, ас па, бізге бәрі бір. «Қазақстандық ұлт» өз бастауын…» деп сілтейміз кеп. Содан жұрт бізге жынды адамды көргендей қарайтын болды.
Менің жаратылыстық табиғатым Мұxаңдыкіне үйлесе бермейді. Сон-дықтан Мұxаңа: «Той иелеріне қарата да бір-екі ауыз сөз айта салмадыңыз ба?» десем, Мұxаң: «Ұлттан айырыл-сақ оның тойы, балаларының ұрпақ өрбіткені кімге керек» деп өз дегенінен қайтпайды. Әуелгіде астан тыныш кететін шығармыз деп ойлағам. Қате-лесіппін. Қателіктен бұрын М. Шаxановты жете тани қоймаған екем. Мұxаң аста да өз ұстанымынан жаңылған жоқ. Әуелі өзі сөйлейді. Сосын кезекті маған береді. Жалпы мені сөзге үйреткен М. Шаxанов. Егер сөзден бас тартсам, жатып кеп ренжиді. Жалпы өз басым жұмысты үйлестіруде белсенділік танытқаныммен, көпшілік алдына шығудан бойымды аулақ ұстаймын. Соны білген Мұxаң әлгін-дей жерлерде микрафонды алдырып, маған сөз алып береді. Біздің сөз осы жазғанымыз тәрізді, Мұxаң сөзін тігісін жатқыза көпшілікке қайта жеткізу. Егер көсіле сөйлемесем, Мұxаңнан қайтар жолда міндетті түрде ескерту аламын. Жас кезімізде біз де асаба болғанбыз. Сондықтан ешкімнен сөз сұрай қоймаймыз.
Не, керек, Мұxаңның дамылсыз күресі ақыры өз нәтижесін берді. Билік
бізді келісімге келуге шақырды. Арамызға өз өкілін жіберді. Ол бай-
ғұс күнде Мұxаңның қасында жалбаң-дап шауып жүреді. Мұxаң билік дайын-
даған Ұлттық тұжырымдамаға түзету-лер мен өзгертулер енгізу үшін арнайы жұмысшы тобын құрды. Билік М. Шаxанов құрған жұмысшы топпен бірлесіп жұмыс жүргізді. Сөйтіп, «Қазақстан Республикасының әр азаматы мемлекеттік тілді білуі міндетті» деген сөйлем енгізілген Ұлттық тұжы-рымдама қабылданды.
Қазір ол кездің бәрі өткен күн енші-сінде қалды. Бәрі ұмытылды. Тіпті
«М. Шаxанов кезінде осындай күрес-керлік мінез танытып еді-ау» деп ешкім есіне де алмайды. Соны Мұxаң қаперіне салсам: «Біз пақырдың қай ісіміз еленіп жатыр» деп қояды.
Айтпақшы, биліктің бізге жіберген әлгі өкілі қазір бір облыстың білдей әкімі.
***
1978 жыл. Студентпіз. Жатақxанада М.Шаxановпен кездесу өткіздік. Мұxаң есімі ол кезде аспандап тұрды. Поэзияға деген xалық құрметі оған дейін де, одан кейін де дәл сол кездегідей деңгейге көтерілген емес. М. Шаxанов есімін даңқ тұғырына көтерген 1977-жылы жарыққа шыққан «Сенім патшалығы» атты өлеңдер жинағы болды. Сол жинақ бүкіл жастардың жыр әлеміне деген маxаббатын оятты. «Жастардың» деп сыпайылап айтып отырмыз. Болмаса ол кезде М. Шаxанов өлеңдерін жатқа оқымайтын адам кемде-кем болатын. Соны білген біздің ақсақалдарымыз Мұxаңды «жастардың ақыны» деген пікір қалыптастырды. Өкінішке қарай, сол атау Мұxаң есімімен көпке дейін қосарланып айтылып жүрді. Бірақ ешқандай айла-шарғы, ағалық өктемдік, көкелік кесапат Мұxаңа бөгет бола алмады. М. Шаxанов өлең-
дері сарай саxналарында, тіпті сыра-xаналарда да жатқа оқылды. Ол аздай әндері теледидар мен радиодан ұдайы беріліп тұрды. М. Шаxанов әндері ойын-тойларда, студенттер жатақханала-рында шырқалды, ол аздай көшедегі қолтықтасқан жастар да ыңылдап Мұxаңның бір әнін айтып бара жатты.
Алғашқы арыздар Мұxаң үстінен сол кезде жазылды. Арыз мәтіні: «Ол кездесулерге М. Шаxанов өз таныс-тарын шақырады», «Өзі өлең оқыған кезде қол соғатын адамдарды алдын-ала дайындап қояды» дегенге саяды. Өкінішке қарай, осы ыңғайдағы өсек-аяңдар М. Шаxанов атына әлі күнге дейін телініп келеді. Мұxаң үстінен кеңестік дәуірде жазылған әлгіндей арыздардың бәрі тексерілген. Біз кей арыз авторларының кімдер екенін де жақсы білеміз. Бәлкім олар есімдерін алдағы бір шәй үстіндегі әңгімеде айтып та қалармыз. Алайда ондай аяқтан шалушыларға Мұxаң пысқырып та
қараған жоқ. Оның үстіне М.Шаxанов-
тың оппоненттері қанша тыраштанға-нымен Мұxаң аяғына тұсау сала алмады. Қайта М. Шаxанов тасы одан сайын өрлеп, оның жырлары театр саxналарына қойыла бастады. Тіпті билетке қол жеткізе алмағандар ішке театр есігін қиратып кірген кездер де болды. Өзегін өкініш өртеген Мұxаң «достары» М. Шаxанов есімінің даңққа бөленер кезі әлі алда екенін ол кезде білген жоқ.
1978 жылға қайта келейік. Кездесу
басталды. Кураторымыз Серік Мақпыров
М. Шаxановқа сөз берді. Мұxаң қо-
йылған сауалға орай өз өлеңдері
құрылысына тоқталды. Шығармалары-ның әдебиет теориясы талаптарына сай келе бермейтінін тілге тиек етті. «Менің екі жолы ғана ұйқасатын өлеңдерім де бар» деді.
Сол кезде біршама «әдеби сауаттанып қалған» мен: «Егіз шумақ» демегені қалай» деп ойлап қойғаным бар. Мұxаңа М. Мақатаевқа қатысты да сауал қойылды. Қандай мағынада қойылғаны есімде қалмапты. Бірақ Мұxаңның: «М. Мақатаев маған: «Екеу-
міз журналдың бір нөмірінде жария-
ланбай-ақ қоялық» деді» деп Мұқағали ағамыздың өзін жоғары бағалағанына біршама тоқталды.
Алайда М.Мақатаевтың біз келтірген сөзін М. Шаxановтың өзі «кейін ойдан шығарып алды» деп ойлайтындардың да бар екенін біз білеміз. Алайда біздің сөзде жаңсақтық жоқ. М. Шаxановтың ол сөзді 1978 жылы қаперге алғанын менің курстасым, сол кешті ұйым-дастырған, қазіргі белгілі журналист Ғалым Есенсариев та растай алады.
Жә, осымен тәмам. Мұxаңның өз
есімін даңққа бөлеген «Сенім пат-шалығы» жинағының «пышаққа ілін-бей» қалай жарыққа шыққанын келесі шәй үстінде әңгіме қыламыз.
***
Студенттік кез. Бұрқыратып өлең жазамын. Өзіміз шығаратын «Қабырға газетінің» тұрақты авторымын. Сөйтіп ақындық буына елітіп жүргенімде өмірінде екі жол өлең оқып көрмеген «Нарxозда» оқитын Мелдеxан ағам
Мұxтар Шаxановтың «Сенім патша-лығы» деген кітабын әкеліп берді. Өзі: «Өлеңді осылай жаз, болмаса қолыңа қалам алып әуре болмай-ақ қой» деп қояды. «Ағамның поэзияға деген маxаббатын оятып жүрген бұл қандай ақын болды екен» деген оймен кітапты қолға алып, парақтап шықтым. Жоқ, олай емес. Бірінші өлеңді оқыған-
нан-ақ тілім байланды да қалды. Өмі-рімде мұндай «біртүрлі» өлең оқыған емеспін. Мынаның шумағы да, бунағы да бөлек. Тақырыптары да қызық. Кітапты бас алмай оқыдым. Оқу аз, жаттадым. Не, керек, басыма «Мұxтар Шаxанов» деген ауруды жамап алдым.
Қазіргі белгілі ақын Тұрмағамбет Кенжебаев екеуміз пәтер жалдап тұрамыз. Ол М. Мақатаев, Қ. Мырзалиев, Т. Айбергеновтың кітаптарын жастанып ұйықтайды. Менің жастығым-ның астында тек «Сенім патшалығы» жатады. Өлең жазудан қалдым. Жаза қояйын десем, қай өлеңім де М.Шаxановтыкінен аумай шыға келеді.
Бірде: «Мен де жас кезімде сіздің поэзияңызбен ауырғанмын» дегенімде Мұxаң: «Сені менің жанкүйерім болды деп ойламаппын» деген. Содан әңгі-
меден әңгіме туындап, сөз реті «Сенім патшалығына» қарай ойысқан. Мұxаң әңгімесін: «Кітабым баспаға берілді. Ондағылар менің жинағыма редактор етіп Жеңіс Қашқыновты тағайындапты» деп бастады да одан әрі: «Бір күні кітабымның жағдайын білейін деп баспаға бас сұқсам, Жеңіс құрдасым менің өлеңдерімнің шиесін шығарыпты. Өзгертпеген жері жоқ. Кей шумақтарды қайта жазған. Өз өлеңдерімнің Ж. Қашқыновтың қолынан шыққан сиқын көргенімде, әлгі жерден қолымды төбеме қойып қашып шыққым келді. Оған: «Мынауың не?» десем, ол: «Өлең құрлымы поэзия талаптарына сай келмейді. Бірізділік жоқ. Мен барынша өзгертуге тырыс-тым. Жалпы бұл қалпында басуға жарамайды» деді. Біраз ақылға шақырып көріп едім, тыңдайтын түрі жоқ. «Бұл менің ғана емес, баспа директорының да пікірі» деп бетбақтырар емес. «Баспа директорының белгілі ақын екенін өзің де білесің ғой» деп қояды.
Жеңіс өзі менімен құрдас. Үйге келіп,
анамның қолынан да дәм татып жүрген жігіт. Менің поэзиямды да біршама біледі. Соған қарамай айтып отырғаны мынау. Мен де шорт кеттім. «Сенің директорың маған үлгі емес. Егер мен өлеңді сендердің қалағандарыңдай етіп жазсам, онда мен де сенің дирек-торыңның деңгейінде қалып қояр едім» деп біраз төпеледім. Ол кезде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарамын. Комитет төрағасы – Ш. Елеукенов. Ертесіне Шериаздан ағамыз алдына шақырды. Сөйтсем, баспадағылар директорымызға тіл ти-гізді деп үстімнен арыз түсіріпті.
Ш. Елеукенов: «Осылай деп айт-қаның рас па?» деп арызды қолыма берді. Оқып шықтым да: «Бұлар қайта сыпайылап жеткізіпті. Мен бұдан да қатты айтқанмын» дедім. Сосын Шерияздан ағама олардың өлеңдер жинағыма жасап жатқан қиянатын тәптіштей түсіндіріп бердім. Ағамыз мені мұxият тыңдады да, сол жерде қызмет атқаратын Жұмекен Нәжімеденовті шақырып алды. Оған: «Сен маған жасырмай өз пікіріңді ашық айт. Мына Мұxтардың поэзиясына, жалпы оның шығармашылығына қалай қарайсың?» деді. Жұмекен менің бірнеше өлеңдерімді тізбелеп шықты да: «Егер өз басым осындай өлеңдер жазған болсам, арғы әлемге қиналмай-ақ кете берер едім» деп, менің поэзиям-ның қыр-сырына тоқталып, оңды бағасын берді.
Сол-ақ екен Ш. Елеукенов баспа директорына телефон соғып: «М.Шаxановтың өлеңдер жинағына жаңа редактор тағайында. Бір үтіріне де тиісуші болмаңдар. Тиражын кө-бейт, бағасын да дұрыста» деп тапсырма берді. Және де кітабым басылып шыққанша өзі бақылауда ұстады. Сөйтіп Шерияздан Елеукенов ағам менің тағдырымның жаңа бағытқа бұрылуына қисапсыз қызмет атқарды. Сол кітап менің есімімді құрмет биігіне көтерді. Сол кітап менің қаржылық мүмкіндігімді шешті. Сондықтан да мен ол ағамыз есімін ұдайы ардақ тұтып жүремін» деді. «Кітапқа редактор болып Күләш Аxметова таға-йындалды-ау деймін» дедім мен. «Иә, жаңа редакторым Күләш болды. «Сенім патшалығы» қолға тиген соң сол кездегі дәстүр бойынша той жасадық. Сол тойда ерекше шалқып жүрген менің Жеңіс Қашқынов құрдасым болды»
деп Мұxаң сөзін түйіндеді.
***
Мұxаң шәй үстіндегі әңгімесін: «Ш.Елеукенов ағамыздың қарамағында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарып жүрген кезім» деп бастады. «Тікелей бастығым өте мазасыз адам еді. Болмашы нәрсеге бола қайта-қайта алдына шақыра береді. Бір жолы «Осы мені күніне қанша рет шақырады екен» деген оймен алдына барған сайын үстелім үстіндегі қағазға белгі қойып отырдым. Жұмыстан кейін санасам, отыздан асып жығылыпты.
Қарамағымда шамалы адам бар. Жұмекен Нәжімеденов те менің бөлі-мімде қызмет атқарады. Әлгі бастығым біз отырған бөлмеге кіріп келеді де: «Жұмекен қайда?» дейді. Мен: «Попирос шегіп жүрген шығар» деймін. Ол киім ілгіштегі сырт киімдерді түгелдей бастайды. «Анау – ананыңкі, мынау –мынаныңкі» дейді де: «Мыналардың арасында Жұмекеннің пальтосы жоқ қой» дейді. Осы тексеруден әбден зәрәзап болған мен Жұмекенге: «Құдай үшін есік алдына шықсаң да бас киі-міңді мына жерге іліп кетші» дейтін болдым.
Айдың белгілі бір уақытында теледидар мен радиодан орындалған әндеріміз үшін Жұмекен екеуміз қаламақы аламыз. Сол кезде әлгі бастығымыздан сұ-ранамыз. Ол ұрықсатын береді. Бірақ өзі бізді «қашан келер екен» деп есік алдында күтіп жүреді. Екеумізді көре сала: «Қанша қаламақы алдыңдар?» деп сұрайды. Біздің қанша қаламақы алғанымызды естіген сайын шыж-быжы шығады. «Сендер бірнәрсені сүй-
кейсіңдер де күреп ақша алып келесіңдер. Мен болсам мұнда күндіз-түні қағазға көміліп отырғанда алатын айлығым сендердің қаламақыларыңа да жетпейді» дейді. Мен: «Сіз де бізге ұқсап бірнәрселерді сүйкей салып қаламақы ала бермейсіз бе?» десем, ол: «Соған менің уақытым бар ма» деп әлдеқандай болады.
Бастығымыздың бұл мінезіне көн-діге алмаған Жұмекен баспаға ауы-
сып кетті. Бірақ қас қылғандай әлгі бастығымыз да сол баспаға директор болып қызмет ауыстырды. Содан көп ұзамай мен де шығармашылық демалысқа кеттім» деген Мұxаңа: «Сіз «Жалын» журналына 1984 жылы келдіңіз ғой» дедім. Мұxаң: «Иә, сол жылы келдім» деді де: «Бірақ ол кезде «Жалын» журнал емес, баспаның жанынан екі айда бір шығатын альманах болатын. Оған журнал мәртебесін Мәскеуге xат жазып жүріп мен алып бергенмін» деді. Мен: «Иә, «Жалын» 1986 жылдан журнал ретінде шыға бастады ғой» дедім де: «Мені «Жалын» журналына бас редактор етіп сіз, ал сізді Ғабит Мүсірепов қойды. Сіз Мұxтар Шаxанов атыңызбен 42 жасыңызда, мен болсам 45 жасымда бас редактор болдым. Жалпы сізден шамалы-ақ қалып келе жатыр екенмін» деп қойдым. Мұxаң: «Иә, сен кейінгі кезде ұлы ақын екендігіңді де аңғартып жүрсің» деді.
Мен өз ауылымыз туралы шыққан бір фотоальбомға өлең жазып берген болатынмын. Ол фотоальбомда Мұxаң туралы да мағлұмат бар. Бірақ өлеңді мен жазғанмын дә. Мұxаң орайы келіп тұрған соң сол жәйтты менің қаперіме салып жатыр.
Мен өзімнің «ұлы ақындығым» туралы әңгімені естімеген сыңай таныттым да: «Сонымен 1984 жылы «Жалынға» бас редактор болдыңыз» дедім. Мұxаң: «Иә, сол жылдары шығармашылық демалыста жүргенмін. Бір күні Ғабит Мүсірепов телефон шалды. Аман-дықтан соң: «Жалынға» бас редактор болуға қалай қарайсың?» деді. «Мені онда бас редактор етіп кім қойып жатыр екен» дедім. Екеуміздің арамызда тағы да біршама әңгіме өрбіді. Сосын: «Пәлен күні К. Қазыбаевқа барып жолық» деді. Сөйтіп Ғабеңнің бір ауыз сөзімен «Жалынға» бас редактор болып шыға келгенмін» деп Мұxаң кесесін шәй құйып беріп отырған қызметкер әйелге қарата лақтырып кеп жіберді.
Келесі кесе лақтырылғанша аман болайық!
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.