Су перісі ғашық болған ару (ертегілер)

арго+

Ардақтым НИЕТҚАЛИЕВА,

2006 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Қазір Атырау қаласындағы көпсалалы «Болашақ» Жоғары колледжі фармация мамандығының 4-ші курс студенті. «Ботақан», «Құлыншақ» атты жыр кітапшаларының және «Ардақтымның ертегілері», «Түсте көрген таңғажайып әлем» атты ертегілер жинақтарының авторы. «Қазақтың ұлттық тағамдарын инновациялау» тақырыбында ғылыми жоба қорғаған.

Күн батуға таяу қалған шақ. Күрең қызыл сәулесін жер бетіне шашыратып, батысқа қарай аунап бара жатқан күннің алқызыл шапағы Ұлысу аталған өзеннің толқындарын нешетүрлі түске бояп, құбылтып ойнап тұрғандай. Дәл осы сәтті күні бойы су астында тағатсыз күтіп отырған су перісі тығылған жерінен шықты. Енді бір аунаса, күн көзі жалқын жолақтарын соңында қалдырып, солтүстік жарты шарды жарық нұрға бөлейді. Су перісі судың астында тұрып осы бір ғажап көрінісіке қызыға қарап, өзін-өзі ұмытып, бар күшімен күнді ұстап қалғысы келгендей су бетіне шоршып шықты. Су жағасында жағалаудың құмдауыт сазды топырағына талдың түсіп қалған бұтағымен сурет сызып бір сұлу қыз отырған. Ол әлденеге ренжулі кейіппен кейде көкжиектегі батып бара жатқан күнге тесілсе, енді бірде Ұлысудың бірін-бірі қуып, еркелеген толқындарына шағылысқан мың құбылған бояуды көзіне көшіріп алғысы келгендей қарайды.
Алаулап батып бара жатқан күн-нің Ұлысу толқындарына сынып, шағылысқан көрінісін тамашаламаққа су бетіне шыққан су перісі әлгі қызды көрді де, аяқ астынан жүрегі дүрсілдеп қоя бергеніне таң қалды.
Ол жер басып жүрген екі аяқтылардың арасында мынадай сұлу қыздың қалай жүргеніне таң болып, басы қатты. Ұлысудың үстіне салынған алып көпірдің жақтауына сүйенген су перісі әлгі қыздан көзін ала алмады. Егер өзіне су перісінің қарап тұрғанын білсе, шошынып қалар деп ойлап, демалуға да қорықты. Дәл солай тұра берер ме еді егер ерке қарындасы келіп, құйрығымен соғып жібермесе!
– Тссс. Тұра тұршы, қарындасым, — деді су перісі өтінішпен. Су астындағы патшалықтың ерке қызы оның өтіні-шін құлағына ілгісі де келмеді. Ол ағасының бұрынғыдай жайраңдап, мұны неге еркелетіп, су бетінде билей жүзіп, алыстарға саяхаттауға ұсыныс жасамай тұрғанына таң қалды. Кенет оның көзі ағасының көзімен түйісіп қалды.
– Еееех! Сен ғашық болып қалып-сың ғой, аға, – деді су перісінің қа-рындасы өзіне тән сезімталдықпен.
– Біздің патшазадамыздың назарын өзіне аударған кім екен? Ол – біздің су асты патшалығының айдай сұлу жас бикешінің бірі шығар! – деп күле қарап тұрған оның да назары жағалаудағы қызға ауды.
– Өте өкінішті! – деді су перісінің қарындасы. Біз оны Толқынбике ата-йық.
– Адамзатқа ғашықтық өте қайғылы жағдайларға апарып соғатынын қалай ұмыттыңыз, аға?! – деген Толқынбике келесі сәтте жаңалықты патша сара-йындағыларға жеткізу үшін жүзіп бара жатты.
Су перісі, біз оны Теңізхан деп
атай тұрайық. Теңізхан болса, барлық заңдылықтардың бәрін есінен шыға-рып, тек мына қызбен бір тілдесіп қалғысы келді. Ол үшін түн ортасын күтуі керек еді. Тек түн ортасында ғана, таң ағарып атқанға дейін ол адам кейпіне ене алатын. Мына жағалаудағы қыз оған дейін кетіп қалмаса екен деп тіледі. Міне, түннің иесі алтын ай да аспан төріне әдемі сырғадай болып іліне қалды. Енді аз ғана уақыттан кейін ол адам кейпіне енеді. Жағалаудағы қыз болса, тып-тыныш түннің адам тек түйсігімен ғана сезіп, білетін әдемі әуеніне елтігендей, Ұлысудың бетіндегі жыбыр қаққан толқындардан көзін алмайды. Нақ бір әдемі мүсін дерсің!
Міне, Теңізхан көптен күткен сәт те жетті. Көпірдің бағанасына жасырынып тұрған ол әдемі жігітке айналды. Судың бетінен өзінің бейнесін көрген ол разы кейіппен қызға қарай жүзіп бара жатты.
– Сәлеметсіз бе, бикеш, – деген дауыс шыққан жаққан жалт қараған қыз өз көзіне өзі сенбеді.
Ай астында, Ұлысу толқындарымен ойнап ғажап бір сұлу жігіт өзіне қарап тұр еді. Біздің сұлу бикешіміз, оны енді Әдемі деп атайық, Әдемі деген қызымыз су бетінде ойда-жоқта пайда болған жігітке таң-тамаша болды.
– Кешкілік, ақшам уақытында жа-
ғаға бармаңдар, онда су перілері жүреді, олар адамдарды ұрлап әкетеді, кейде естерінен адастырады, – деп отыратын атасының айтқан сөзі есіне түсті.
Бірақ мына жігіт су перісіне ұқса-майды. Ол осы ойлардың жетегінде тұрғанда Теңізхан жағалауға шықты. Оның балық қабыршағына ұқсап жалт-
жұлт етіп тұратын сыртқы терісі киімге айналыпты. Киімінен су сорғалап тұрған жігітке қарап, жаны ашыған Әдемі:
– Сіз ауырып қаларсыз, үсті-ба-сыңыз малмандай болыпты, – деп еді, ол тек күлімсіреді де қойды.
Қыздың жанына келіп орналасқан Теңізхан Әдемінің сұлулығын енді жақыннан көрді. Оны көптен бері білетін адамдай, әңгімені емін-еркін жалғастырып кетті.
– Неге мұңайып отырсыз? Сіз сияқты аруға мұңайған жараспайды, – деді Теңізхан, – Маған айтыңыз неге ренжулі екеніңізді. Мен жан адамға сыр шашпаймын, – деп күлімдей қа-рады.
Әдемі өзінің суретші екенін, Ұлы-су өзеніннің жағалауына келгенде, ерке толқындардың мың бұралған биін тамашалаған кезде ерекше шабыттанатынын айтты. Қыз әңгімесін жалғастыра берді. Ал, Теңізхан болса, оның сөзін бөлместен тыңдады. Ол мынау бейкүнә қызды өзімен бірге көктеңіздің ең түкпіріндегі алтын-датқан сарайына алып кеткісі келді. Бірақ Әдемінің сөзінен оның ата-анасы үміт күткен жалғыз қыз екенін білді, Әдемі онымен бірге жердің бетінен жыраққа кетпейтінін түсінді.
Енді аз ғана уақыттан кейін жер бетіне рауандап таң атады, алтын күн солтүстік жарты шардағы сапарын аяқтап, шығыс жақтан алаулап шыға келмек. Теңізхан болса, уақыттың аз
қалғанын түсінді. Ол Әдемінің сүйрік-тей саусақтарын қыса ұстап, жүзіне қадала қарады. Бейне бір өзіне қатты ұнаған арудың нұр сипатты жүзін қарашығына көшіріп алғысы келгендей. Міне, күншығыстан таңның алғашқы белгілері білінді. Теңізхан да Әдеміге өзінің кім екенін айтты. Сонау көктеңіздің ең тереңіндегі су асты патшасының жалғыз ұлы екенін де жасырмады.
– Анда-санда Ұлысудың буырқан-ған көктеңізге құяр сағасынан өзен арнасына шығап, саяхаттап, жердегі екіаяқтылардың тірлігін тамашалайтын әдетім бар еді. Бүгін өзіңді көрдім. Сенімен бір тілдесіп қалғым келді. Өзіңді суасты патшалығына менімен бірге жүр деп қинағым келмейді. Бірақ кейде жаныңды мұң басқанда осы жерге келіп отырсаң, мен де жаныңнан табылармын.., – деген ол Әдеміге естелік болсын деп су астынан олжалаған інжу-маржанды ұсынды.
Бұл кезде Теңізханның жер бетін-дегі адамзат баласына ғашық болғанын естіген су асты әлемінің барлық тұр-ғыны жиналып, оларға тамсана да таңқала қарап тұрған еді. Күн алғашқы сәулесін жер бетіне шашырата шыққан кезде, Теңізхан жағадан алыстай берді. Ол өзін қимай қарап тұрған Әдеміге алыстан ғана шолп-шолп еткен дыбыс-пен қош айтып бара жатты.
Содан бері нешеме ғасыр, нешеме жылдар өтсе де су перісі сол бір ғашығын ұмыта алмай, түн ортасы ауа Ұлысудың жағасында отырып, таң қылаң бере өз мекеніне қайтып кетеді екен.

Жылан патшасы

Бір кішкене қыз, оны біз Айсана
деп атайық, ойнап жүрді. Кенет ол
өзіне қарай толқын-толқын болып
иіріліп келе жатқан алтындай жар-қыраған арқанды көрді. Айсана әлгі жылтырақ арқанды қызық көрді. Ол өз ісінің байыбына баратындай ересек емес қой. Жарқыраған арқанның қозғалғанын қызық көріп, ұстай алды. Ол – арқан емес, жылан еді. Жылан болғанда да, жыландардың патшасы еді. Бір қызығы, жылан кішкене қызды шақпады. Ол оның алдында әрлі-берлі ирелеңдеп жүріп, баланы ойнатты, алдарқатты. Айсана болса, кіп-кішкене қолдарымен жыланның алтын қабыршақты денесін сипалады. Қыз, әрине, алдында өте қорқынышты жәндік тұрғанын білмеді.
– Айсана, қайдасың? – деген анасы-
ның даусына елең еткен ол «ойын-шығын» тастап, жүгіре жөнелді. Қызы-
ның көңілді екенін байқаған анасы да қуанып, оны жуындырып, тамағын берді.
Айсана келесі күні де өзі ойнайтын сусыма құмның етегінде қыздырынып жатқан жыландар патшасымен ойнап, үйге өте көңілді оралды. Ал, жыландар патшасы болса, кішкене қызға бауыр басып қалғанын сезінді. Ол енді күнбе-күн әлгі жерге келіп, Айсананы күтетін болды.
Кішкене қыз да ұзақ күттірмейді, шағылдың етегінде, ақ бантигі желге желбіреп жүгіріп келе жатады. Айсана көп ұзамай, өзінің «ойыншығының» жаны бар мақұлық екенін білді. Содан шығар, бірде бір тістем қант, енді бірде кесеге құйған сүтті төгіп-шашып алдына қоятын да, өзінің жаңа досының әлгі қонақасыны жегенін көріп, мәз болатын.
Өзі құралыптас балалармен ойна-май, шағыл етегінде әлденені ермек етіп отыратын кішкене қызға ауылдас-
тары таңырқай қарайтын. Өзі үріп ауызға салғандай әп-әдемі, сүп-сүй-кімді. Ал, жылан патшасы болса, осы-
нау сәби үшін отқа да, суға да түсуге әзір еді.
– Ыс-ыс-ыс, мәртебелі Хан ием,
адамзатпен дос болуға тыйым салын-ғанын білесіз! Мына адам баласын неге жаныңызға жақындаттыңыз? – деп сұрақ қойды бірде оған бас уәзірі, ақшұбар жылан.
– Ыс-ыс-ыс, менің кіммен дос болуымды шешетін сен бе едің? – деп кері сұрақ қойды жыландар патшасы. Жыландар ордасының заңы бойынша, патшаның ісіне араласуға тіпті оны туған анасының да құқы жоқ болатын. Сондықтан да ақшұбар жылан именшектеп, кері шегініп:
– Сізге бір зияны тимесе дегенім ғой, – деп ысылдағаннан әрі аспады.
Айсана мен жыландар патшасы Бапы ханның достығы осылай жалғаса берді. Бала емес пе, бірде анасына өзінің жаңа досы бар екенін, оның алтындай жарқырауық қабыршақпен қапталған, ұзын арқан сияқты екенін айтты. Анасы шошып кетті. Ол бала-сының жыланмен ойнап жүргенін түсінді. Түсінді де, күйеуі жұмыстан келген кезде бұл ауылдан көшіп кетулері керек екенін айтып, тіпті жылап та алды. Айдананың әкесі де қызын өте жақсы көретін.
– Қызымыздың болашағы үшін қа-лаға көшейік, – деген әйелінің сөзіне еш қарсы болмады. Сөйтіп олар қалаға көшіп кетті.
Жыландар патшасы Бапы оны сол күні ұзақ күтті. Келмегесін келесі күні де, арғы күні де екеуі ойнайтын құм шағылдың етегінде тапжылмастан жат-
ты. Досы жоқ. Ол адамдардың көзіне түсіп қалса, өлтіретінін білсе де ирелеңдеп жолға шықты. Айсананың үйін қыздың иісі арқылы бірден тапса да, үйдің ішінде жоқ екенін сезді. Сол күні де, одан арғы күні де Айсана ұйықтайтын кереуеттің орнында иіріліп жатты да қойды.
Сөйтіп, жыландар патшасы Бапы хан Айсананы іздеп, жолға шықты. Бүкіл жер жүзіндегі жыландарға Айсананың хабарын білу тапсырылды.
Ал, Айсана болса, қалаға көшіп келгеннен кейін балабақшаға барып
жүрді. Бірақ ол да өзінің сол бір өзін ерінбей-жалықпай ойнататын, қабыр-
шағы күн сәулесіне сан түрлі бояу-мен құбылатын досын есінен шығар-мады. Алайда, күн өткен сайын ескі досының елесі сәби санадан өше бастады. Балабақшада бірде шатырдан өрт шықты. Түскі мезгіл еді. Балалар ұйықтап қалған. Шатырдан өрт шыққанын алғашқыда ешкім бай-қамады. Тек лаулап жана бастағанда барып, өрт сөндірушілерге хабарлас-ты. Сол кезде бір таң қаларлық оқиға орын алды. – Ойбай, өрт, – деп тұрған адамдар бір кезде: – ананы қараңдар, жылан, жылан, – десті. Шынында да, ұзындығы құлаштай, жарқыраған сарыала жылан шатырдағы өртке жа-нұшыра өрмелеп шығып, жанып жат-
қан отты құйрығымен сабалап, өшіруге әрекет жасағаны балабақшаны қоршап алып, өртсөндірушілерді күтіп тұрған адамдарды таң қалдырды. Сол-ақ
екен, жан-жақтан жылан біткен ағылып келіп, өртке қойып кетісті. Бірте-бірте лаулап жатқан от бәсеңсіп, бықсып, сөне бастады. Сол кезде жеткен өрт сөндірушілер осы бір жұмбақ та тылсым құбылысқа куә болды. Жыландар патшасы Бапы шалажансар күйінде шатырдан созыла құлап түсті. Жарқыраған қабыршағы отқа үйітіліп, терісі күйіп қалған ол әрең жылжып, адамдардан алыстай берді. Жасыл шалғынды өзен жағасына сылқ құлаған жылан патшасының өртке шарпылған денесін жапырақтар орап, дәрілік шөптер сөлін тамызып емдей бастады. Самал жел оның қызып, солқылдаған денесін майда лебімен желпісе, қарлығаш құс таңдайына бір тамшы су тамызып кетті. Өйткені ол өмір үшін, достық үшін арпалысып, сол жолда жанын қиюға да дайын болды ғой. Кішкентай сәби досын қорғап қалған жыландар патшасының ерлігін оның жер астындағы қарақұрым хал-қы ұрпақтарына жыр етіп айтып, аңыз етіп таратты. Ол есін жинағанда, денесін күн сәулесі күйдірмесін деп, көлеңкелеп тұрған ақша бұлттың жанары жасаурап, жер бетіне жаңбыр болып сіркіреді. Бапы ханның күйіп қалған денесі жазылып, қарақошқыл жараның орны сыпырылып түсіп, оның орнына сары ала қабыршақтар бұрынғыдан да әдемі, көз жауын алып, тоқсан тоғыз бояумен құлпырып, жа-ңадан өсті.
Ал, адамдар болса балабақшадағы өртті жыландар сөндіргенін естігеннен кейін: «Мына ғимараттың асты – толған ордалы жылан. Жыландарды
өртеп, газбен улап, қуу керек. Әйт-песе, балаларымызды шағып алса қайтеміз?» деп дау-дамай көтерді. Сонда кішкене бөбектердің өмірі үшін өздерінің жанын құрбан еткен тылсым әлемнің тұрғындарының жасаған жақсылығына саналы адам баласының қайтарған қайтарымы осы ма?!
Ол кішкене досының сабаққа бар-ғанын, өзіне жаңа достар тапқанын көрді. Мектеп бітірген қуанышында алыстан қарап тұрды. Екеуінің екі әлемнің тұрғыны екенін білген жылан Бапы хан өзінің кішкентай ханшайымын есінен шығармады. Бақ ішінде серуендеп жүрген ол отырған орындыққа иіріліп жататын. Көкорай шалғынның ішінен алтын сияқты жарқырауық нәрсені талай рет байқаған қыз бала дәл сол жерге барғанда, ештеңені таппай қалатын. Өйткені Бапы хан тез тығылып үлгеретін.
Айсана өсті, бойжетті, білім алды. Ата-анасы бұл кезде қартая бастаған еді. Әкесі көптен бері жұмыссыз отырған, ал анасының уақытылы алып
тұратын еміне қаражатты қайдан таба-
рын білмей, басы қатып отырған бойжеткен бірде үйдің дәл табал-дырығынан алтын ділдә тауып алды. Тапқан олжасын ата-анасына әкеліп көрсеткен ол ломбардқа келіп алтын сынамасын жасатқан кезде, олар да қатты таңырқағандарын жасырмады. Бір қапшық ақшаны санап алған қыз бен әкесі өз көздеріне өздері сенбей, қуанып, бақыттан бастары айналды. Анасын енді шетелдік клиникаға да қаратуға болатын еді. Бірақ ол бұл қамқорлықты жасаған өзінің ес білмейтін сәби шағында бірге ойнаған досы жыландар патшасы Бапы хан екенін білген жоқ.

Қараша қаздың құпиясы

Олар бақытты отбасы еді. Әкесі мен анасы және сүп-сүйкімді, үріп ауызға салғандай ұл мен қыз. Ұлдың аты – Асылмұрат, қыз баланың есімі – Асылән. Ағасы мен қарындасы да өте тату-тәтті тұрып жатты. Әкесі отбасын асырау қамымен үнемі далада жүрсе, үйдегі жылылықты, мейірімнің ұйытқысы – ана! Бақытты тірлік кешіп жатқан отбасына қайғы бір күнде келді. Ана дүние салды. Екі баласына анасының орнын жоқтатпай, өзі сыртта жұмыста жүргенде қамқор болсын деген оймен бір әйелге үйленген әке бәрі де бұрынғыдай боларына сенді.
Ал, өгей шешенің ойы басқа еді. Залымдықпен осы бір аңқау азаматты өзіне ғашық еткені аздай, екі бала-сының да түбіне жетіп, құртуға кірісті. Жексұрын әйелге екі жетімектің әрбір қылығы жақпайтын. Әкелері жоқта жерден алып, жерге салатын, тіпті қол жұмсауға дейін баратын қатыгез өгей шеше үй иесі қызметтен оралған кезде өтірік мүләйімситін, өзін қиқар да ерке екі баланың бабын тауып отырған құрбандық етіп көрсететін және онысына аңқау азамат сеніп қалатын.
Осы ауылдың ең шетінде бір жалмауыз мыстан кемпір тұрды. Оның бар қызметі – сүйген екі ғашықты айыру, адал жанды жолдан тайдыру, сүттей ұйыған жанұяның тоз-тозын шығару. Ол бұл ісін жүзеге асыру үшін өзі дайындаған сиқырлы тосапты өзінің құрбандарына беретін. Ондай кезде мыстан өтірік аңқаусып, дүниедегі мейірімді де ең бақытсыз жан болып көрінетін. Ал, аңқау ауылдастары бірі-
нен соң бірі оның торына түсіп, қармағына ілініп, бақытсыздықтың қа-
мытын мойындарына ілгені өте өкі-
нішті. Бір күні өгей шеше түн қараңғылығын жамылып, мыстанның үйіне барды. «Мені екі баладан құт-қар!» деп жалынды ол. «Мен сені тек біреуінен ғана құтқара аламын. Өйткені бір шаңырақтан екі адамды дуаласам, сиқырым жүзеге аспай қалады. Ұлдан құтқарайын, қыздан құтылатын жолды өзің тап. Оның үсті-
не, ағасынан айырылған титімдей қыздан құтыла салу – қиын шаруа емес» деп миығынан күлген жалма-уыз кемпір бір құтыға өзінің дуаланған тосабынан құйып берді. «Бұл тосапты тек ұл ғана ішсін! Жалғыз өзі ішуін қадағала!» деп мұқияттап тапсырды әйелге.
Құтыны қолтығына қыстырып, асығып үйіне жеткен жексұрын әйел таңның атуын тағатсыздана күтті. Таң атып, күйеуі жұмысына асығып, табалдырықтан аттауы мұң екен, айғай салды: «Неге шалжиып жатырсыңдар, арамтамақтар? Маған шәй әзірлеңдер, тамақ беріңдер» деп шалқайып отырып әмір берді. Ұйқылы-ояу қарындасын жылатпау үшін Асылмұрат жүгіріп, шәй дайындап, сұмырай өгей шешеге құйып берді. Сол кезде әлгі қатыгез әйел білдірмей баланың ыдысына дуаланған тосапты құя қойды. Одан бейхабар ұл әлгі кесені түбіне дейін төңкеріп, ішіп қойды. Сол-ақ екен, ол
қараша қазға айналды да кетті. Ал, әйел болса: «Мен сені ұстап алып, үйітіп, әкеңе кешкі ас жасап қояйын» деп, қолына пышағын алып, қуып берді. Жандәрмен басын аман сақтап қалу үшін жанталасқан қараша қаз, яғни, Асылмұрат ашық тұрған желдеткіштен далаға ұшып кетті. Ұлдан осылай құтылған өгей шеше кешке жұмыстан келген отағасына: «Анау ұл менің жағама жармасып, бетімнен ұрып, қолымды көгертіп қойды. Өзінің қайда кеткенін білмеймін, есікті бір ұрып шығып кетті, түбіме жетем деді» деп, өтірік көзінің жасын көлдетіп, мүләйімсіп, мүсәпірсіп отырды.
Жаз өтті. Асылмұраттан ешқандай дерек болмады. Жер жұтып қойғандай, аспанға ұшып кеткендей, ешбір хабар жоқ. Кішкене қыз анасымен бірге ағасын да сағынды, түндерде ағасының аман-есен оралуын тілеп шығатын. Қараша айының соңғы күндері еді. Шырт ұйқыда жатқан әкесі мен қызы құстың қатты шаңқылынан оянып кетті. Дәлізге шығып, терезеден қарап еді, түнгі аспанда созылып жатқан құс жолының бойымен қараша қаздар ұшып барады екен. «Жарықтық, қара-ша қаздар айдынын тастап барады екен-ау! Қараша қаздың қанатынан сыпырылып түскен ақша қар жауатын сәт те келіпті ғой» деп өз-өзіне күбірлеген әке сыртқы есікті ашып еді, қараша қаздардың ең соңына ілескен біреуі қайырылып келіп, төбесінен айналып, сұңқылдады да, керуенге ілесіп жүре берді.
Әкесінің қолтығына тығылып тұр-
ған Асылән осынау көрініске таң қалып, әрі әсерленіп жылап жіберді. «Құстар қайда кетіп барады, әке?» деді ол өзіне де беймәлім қимастықпен. «Жылы жаққа ұшып барады. Құс-тардың ішінде суық түскенше ата-мекенінен қозғалмайтын – қараша қаз-
дар. Олар жылы жаққа қайтса, күн суы-
тады деген сөз» деді әкесі де өзіне-өзі келе алмай мұңайып. «Аман-есен оралғайсыңдар, қараша қаздар!» деп дауыстады қыз бала. Қараша қаздар сонау бұлттан әрі асып, көзге көрінбей кетті.
Осының әсерінен ол ғажайып бір
түс көрді. Түсінде ағасы қараша қаз-дардың арасында ұшып бара жатыр екен. «Асыләнім, қарындасым! Мені күт! Көктемде ораламын» деп дауыстап барады ағасы. Ояна салып, түсін жақсылыққа жорыды. Ағасы құстармен бірге ұшса, жақсы болады екен. Биік мәртебелі болар деп жорыған ол түсі жайлы еш адамға тіл қатпады. Ал, ұлдан құтылған өгей шеше енді қыздан да құтылудың амалдарын іздестіре бастады. Әкесі таңның атысы, күннің батысы жұмыста бол-ғандықтан, қызды өгей шеше аямай жұмсайтын. Сонда да жексұрынның қабағы бір ашылмай қойды. Асылән үнемі Жаратқаннан ағасы үшін тілек тілеп, дұға ететін.
Қараша қаздар сол ұшқаннан ұшып отырып, Тескентаудан да әрі асты. Буырқанып жатқан көктеңіздің үстімен өтті. Ақжал толқындары аспанға шап-шыған көкмұхит та соңдарында қалды. «Енді азырақ шыдасаңдар біз өзіміз іздеп келе жатқан жылы жерге жетеміз» деді құс керуеннің басшысы, ең үлкен аталық қаз. Асылмұраттың қанаты талып, төмен қарай құлдилай жөнеліп еді, қанаттастары дереу көмекке жетті. Осылайша діттеген мекеннің сұлбасы да көрінді-ау. Айшылық алыс жерден қанаты талып жеткен құс керуені осы жерге аялдап, өздерінің ұясын салып орныға бастады. Ал, сыртқы түрі қараша қаз болғанымен, жүрегі адам қалпында қалған Асылмұрат әкесі мен қарындасына сағыныштан құса болды. Түн ортасы ауа сиқыр шешіліп, үстінен құс кебіні түсетін кезде өздері тоқтаған жерді аралап, біраз мәлімет алды. Таң біліне құс кей-
піне қайта түсетін. Сондай күннің бірінде ол екі қарақшы тонап жатқан қайыршыны өлімнен арашалап алды. Екі қарақшыдан құтылғанына қуанған диуана Асылмұратқа қарап тұрып, өмірін болжады. Басынан өткен қасіреттің бәрін айтып берді. Бұған таң қалған жігіт: «Құлыңыз болып кетейін, мен енді қалай адам кейпінде қала аламын? Соны айтыңызшы» деп жалынды. Жас жігіттің жалынышты көз жасы диуананың да жүрегін елжіретті.
«Өгей шешең енді қарындасыңнан құтылудың жолын іздестіруде. Бірақ сен қорықпа, әзір оның қолынан ешнәрсе келмейді. Сен жаз бойы алда-ғы құс керуеніне ілесіп, туған жерге оралатын сапарыңа дайындал. Елге жеткесін, туған үйіңнің үстінен үш рет айналып өт. Сонда қарындасың мен әкеңнің назары саған ауады. Сол кезде бір тал қауырсыныңды қа-рындасыңның шашына қыстырып кет. Ол сол бір тал қауырсынды алып, қағаз бетіне жорғалатқанда, сені қалай құтқарудың жолы жазылып түседі» дейді диуана.
Міне, көптен күткен сәт те жетті. Қараша қаздар қасиетті сапарға да-йындалу үстінде. Асылмұрат та өзінің қанатты достарының сапында осы бір көптен күткен жорыққа бар жігерімен әзірленді. «Қапыда қалмайық, өткен жолы көрдіңдер, бұл сапардың қандай қиын екенін. Жолда бізге мылтығын кезеген сұр мергендер де, жыртқыш құстар да жолығады. Алдымыздан соғып алға беттетпейтін теріс соққан жел-дауыл мен бұршақ, қар, жаңбыр да ұшуға бөгет жасайды, ағыны қат-ты арыстанжал көкмұхиттар мен көктеңіздер алдан кездеседі. Осы айтқанның бәріне дайын болуымыз керек» деді керуенбасы аталық қараша қаз. Қасиетті сапарға таң біліне аттанған құс керуен алыс-алыс жолдардан өтті, көк тіреген шыңдардан өтті, айдынды шалқар көлдерден де
өтті. Мергеннің қарауылынан, жырт-қыштардың тырнағынан да оларды бір Жасаған Алла өзі құтқарып тұрды.
Ақыры аман-есен туған жердің тү-
тіні де көрінді. Айдын үстіне дүркірей қонған қараша қаз тобынан бөлектеніп шыққан жалғыз қаз өзінің үйінің төбесінен сұңқылдап үш айналды. Қараша қаздың қаңқылына елең еткен әкесі мен қызы үйден жүгіріп шығып еді, көктен шүйіліп келген қаз бір тал қауырсынды қыздың шашына қыстырып кетті. «Әкетай, қараша қаз бізді таныды. Маған мынадай сыйлық берді» деп жүрегі жарыла қуанған қызына әкесі: «Бір кезде біздің ата-бабаларымыз қауырсын қаламмен жазған екен» деді. Сол-ақ екен, ақ парақты қолына алған қыз қауырсынды сияға малып, қағаз үстіне апарып еді, қалам өз-өзінен жосылтып жаза бастады. «Асылмұрат аман. Оны өгей шешең қараша қазға айналдырып жіберген. Ағаңды құтқару үшін жақын арада болатын ай тұтылу кезеңінде шағыл арасында өсетін ақтікенді тауып, сонымен үстінен қаққылауың керек. Егер ол күні үлгермесең, бір жыл күтуіңе тура келеді» деп жазылыпты.
Асылән ай тұтылуын асыға күтті. Сол түні білдіртпей үйден шығып, шағыл аралап, ақтікен іздеді. Түн қа-
раңғылығын жамылған мыстан, жезтырнақтар да қарап қалмады. Олар қызды итергіштеп, шашынан тартып, басынан нұқып, қарқылдап күліп әуре етті, сөйтіп кедергі келтіруге тырысты. Бірақ Асылән ағасын өте жақсы көретін. Оның жүрегіндегі ағаға деген махаббат бәрін жеңді. Ақтікенді та-
уып алып, айдын жағасындағы қараша қаздардың мекеніне келді. Таң атуға таяу. Енді кешіксе, тағы да бір жыл күтуі керек! Жоқ, бір жыл шыдай алмас! Қаптаған қараша қаздардың ішінен ағасын қалай таппақ?! Сол кезде Асыләннің көзіне ең шетте жалғызсырап отырған қараша қаз түсті. «Ағатайым!» деп жүгірген қыз қолындағы ақтікенін сермеп қалғанда сиқыр дуа күшінен айырылды. Алдында тұрған ағасын көрген ол, қуаныштан не істерін білмеді. Әкесіне келіп, жеккөрінішті өгей шешенің жасаған әрекетін айтып, үйден қуып шықты. Сөйтіп, олар бақытты өмір сүрді.

Перілердің үйлену тойы

Ұлысу аталатын өзеннің жағасын-дағы шағын қалашық әрдайым күйбең тіршілік қамымен сапырылысқан адамдар мен көліктер легіне толы болатын. Таңның атысы, күннің батысы бітіп болмайтын күндік тірлік пенделердің әбден ығырын шығарған. Дегенмен, адамдар аспан асты, жер бетіндегі ақ нұрға шүпілдеген дүниенің дидарын күнде көруге ынтық еді.
Ханшайым да күндегі әдетінше, ерте оянған. Ұлысудың таңертеңгі күннің шұғыласына шағылысқан ғажайып көркін тамашалау үшін жағаға келді. Жағада тұрған Мәжнүнтал жап-жасыл көздерін ашып, мына бейғам дүниеге таңдана қарап қалыпты. Ханшайымды көре сала қуанғаны соншалық, жасыл қолдарын созып, жапырақтарын сыбдырлатып мәз болды.
– Мәжнүнталым! Сен менен де ерте оянасың ғой! Кімдер өтті, кімдер кетті бұл жерде бүгін? Қандай қызықтар болды? – деп күлімдей сөйлеген ол талдың жасыл жапырақтарын сипалап, бұтақтарына нәп-нәзік алақанын тигізді.
– Ұлысуым! Атқан таң саған да сәттілік сыйласын! – деген Ханшайым жағаға келіп, ерке толқындарға қолын тигізді. Сол-ақ екен, толқындар да бейне бір асыл тастар секілді жарқырап, қуана толқып, күнге шағылысып, сылдырай ақты.
Осы кезде бір қызық жағдай болды. Жағада өскен көкшалғынның үстінде ойламаған жерден құйын жүгіріп өтті. Бұл жас перілердің үйлену тойының керуені еді. Адамдардың көзіне көрін-
бейтін олар өздерінің баптаған сәй-
гүліктерін арбаларына жегіп алып, қалыңдық пен күйеуді арбаға отыр-ғызып, жер бетімен құйғытып шығуды қызық көретін.
Әлгі перілер су жағасында тұрған Ханшайымды көрді. Сол-ақ екен, керемет нәзік қызды тойларына шақырып, осы бір жақсылықтың куәсі ету туралы ой бастарына келді. Күйеу жігіттің жолдасы, жас пері Ханшайымның жанына жылдам басып келді де, сұлу жас жігіттің кейпіне енді.
– Сәлеметсіз бе, бикеш? – деген ол артына жасырып ұстаған бір тал раушан гүлін қызға ұсынды. Ал, Ханшайым болса, құйынның перілердің үйлену тойының керуені екенін жақсы білетін. Табиғатпен тілдесе алатын ерекше қабілетке ие сүйкімді қыз мынау жас жігіттің тегін емесін сезді. Бірақ, өңінен ешнәрсені байқатпай, кү-
лімсірей жауап қатты:
– Сәлеметсіз бе, жас жігіт? Сіз анау құйыннан пайда болған жоқсыз ба?
Тосын сұрақ пері-жігіттің есін шы-ғарды. Бұл қыз, шынында да, ерекше жан екен! Енді не де болса, шегінуге болмайды.
– Дәл таптыңыз, сұлу бикеш! Сізге
бір ұсыныспен келіп едім, – деді ол күлімсіреп, – менің досым үйленіп жатыр, ал бізде қалыңдықтың құр-бысы жоқ. Азғана уақытқа бізбен бірге болып, тойды тамашаласаңыз, өкінбейсіз.
Көзге көрінбейтін әлемде болатын үйлену тойы Ханшайымды қатты қызықтырды.
– Сіздің әлемге қалай енемін?- дегенше болмай, әлгі ұйтқыған құйын Ханшайым мен пері-жігітті де өз құша-ғына орап, алысқа алып бара жатты. Мәжнүнтал жапырақтарын сабалап, қанша ұмтылғанымен, соңдарынан жете алмайтынын біліп, қамығып тұрды. Ұлысудың толқындары да жағаны сабалап, басын тасқа ұрып жатты. Күн көзі бұлт ішіне жасырынды.
– Ханшайым перілерден аман құты-
лады, мұңаймаңдар, – деді жағада тұрған бірнеше ғасыр жасаған кәрі емен. – Ол үшін Кептер, Торғай, Қарлығаш үшеуің жаңағы құйын кет-
кен жаққа қарай ұшыңдар, тоқта-маңдар. Іздерінен қалмаңдар. Ал, сендер, Саққұлақ пен Тарғыл мысық, іздеріне түсіңдер. Күн батпай тұрып, әрекет жасаңдар! Сендер Ханшайымды көрмегенмен, ол сендерді кө-
реді. Егер сендерді көрсе, оның жер бетіндегі тірлігі есіне түсіп, қайта оралады. Әйтпесе, ол мәңгі перілердің тұтқыны болмақ, – деді кәрі емен қарлығыңқы шыққан даусымен бұй-рық беріп тұрып.
– Олай болса, біз жолға аттандық! – деді Қарлығаш.
– Бізге де батаңызды беріңіз, Емен-ата, – деді Саққұлақ. Осылайша, Ханшайымның достары оны құтқару үшін жаңағы құйынның соңынан кетті.
Бұл кезде Ханшайымның басы бақыттан айналып қалғандай еді. Жас
пері, яғни, күйеу жігіт өзін нағыз сері-лерше ұстады. Қыздың көзіне мәрт те жомарт, сақи болып көрінуге тырысқан ол жолында кездескен мұқтаж, мүсәпір жандардың бәріне қайырымдылық жасады. Бірақ, бұның тек көзбояушылық екенін қыз түсінбеді. Ханшайым тіп-тен Жер деген ғаламшар бар екенін, ондағы адамдардың тірлігін ұмытып қалғандай еді. Алайда, олардың со-ңынан қалмай ұшқан қарлығаш пен кептердің шықылықтаған дауысы көңілін бөле берді.
– Күймені тоқтатыңызшы, – деді ол жас періге. Бұл кезде күннің де ұясына батуына санаулы секундтар ғана қалып еді. Егер күн батып кетсе, Ханшайым Жер бетін мәңгі ұмытатын еді. Жас пері күймені тоқтатқысы келмеді, алайда Ханшайымға қарсы келуге дәрмені де жетпеді. Ол күймені тоқтатқан кезде, Ханшайым жерге түсті. Жанұшырған тарғыл мысық сол кезде аяғына келіп оратылды. Оның мияулаған дауысы тым аянышты еді. Сонда ғана Ханша-
йым есін жиып, мысығын қолына алды. Сол-ақ екен, күйме де, әдемі сұлу жігіт те ғайып болды.
Өзі жақсы көретін Мәжнүнталдың жапырақтары қуана сыбдыр қақты. Ұлысу болса, толқындарын жағаға орал-
тып, жарық дүниеге еркелеп жатты.

Қар қызының оралуы

Қалаға кеш түсіп келе жатты. Күн батысқа таяп, жалқын қызыл сәу-лесімен дүниені шарпыған шақта шаһардың шамдары жарқ етті. Бір мезгілде жанған әртүрлі шамдардың жарығы қаланы жарқыратып жіберді. Алуан түрлі шыныдан киім киген шаһар ғимараттары өздерінің көркіне көздері сүйсінгендей, кеуделерін тә-каппарлана көтерісті. Ал, бұл кезде, он сегіз мың ғаламның бір шетінде, жеті қат аспаннның бір бұрышында Қар қызы ұйықтап жатқан еді. Кенеттен әлгі шаһардың жарқырауық шамдарымен шағылысқан шыны терезелердің сәулесі оның кірпіктерін қозғап өт-
кендей болды. Қар қызы оянып кетті.
Оянып кеткен Қар қызы ешнәрсені түсінбестен жан-жағына қарады. Бұл кезде күн көкжиектен әрі асып, көзге көрінбей кетіп еді. Әлгі тәкаппар үйлері бар қаланың жарығы Қар қызын қызықтырды.
– Көп ұйықтаған екенмін, – деген
ол кереуетінен түсіп, жерде бей-бере-
кет шашылған ақ ұлпа қар жұлдыз-шаларынан құралған киімдеріне қол созды. Қардың жұлдызшалары төменде мың-миллион бояумен сан құбылған қаланың жарығына шағылысып, жалт-жұлт етті. Қар қызы кереуетінің бас жағында тұрған сыбызғысын қолына алды. Сол-ақ екен, жаңағы жым-жырт әлем ғажайып саздың ырғағына билей жөнелді. Сыбызғының мұңды әуенімен билеген қар түйіршіктері әп-сәтте жарқыраған шаһарды әппақ қарға орады.
Қар қызы болса, сыбызғысын одан
әрі сыңсыта түсті. Өзі де ақ бұлттардың бір шетіне отырып, ақ мұнар басқан қаланың о шеті мен бұ шетін көзімен шолды. Қандай ғажап, ақ қар жауған тылсым түнде адамдардың бәрі күн-дізгі жұмыстан шаршап, үйлеріне оралған. Бірі ата-анасына асықса, бірі балаларына асыққан адамдар
көшелерде асығыс кетіп барады. Олар қаншама асықса да, Қар қызының сыбызғымен сыңсыта салған әуеніне құлақ түрді, біреулері балаша қуанды, енді біреулері бақытты шағын еске алып, сәл мұңайып қалды, енді біреулері ақ қар жұлдызшаларын алақанда ерітіп тұрып, көздеріне жас алды. Осыны көрген Қар қызы өзінің осыншама адамдарға әсер еткеніне таң қалды. Ол бар болғаны сыбызғысын сыңсытып, өзінің жаны сүйетін әуенді ойнады ғой.
Ақ бұлттың бір қанатына ілескен Қар қызы бір дүңгіршектің терезесіне телмірген кішкене балаларды байқап қалды. Олардың қол ұстасқан күйі әлгі терезеден көз алмай көп қарағаны Қар қызды да қызықтырды.
– Неге бұл балалар басқалар сияқты қарды алақандарына салып ойнамайды? Жүгіріп, секіріп, мәз-мейрам болып қуанышқа батпайды? – деді Қар қызы өзіне-өзі күбірлеп. Сол-ақ екен, бұны қанатына іліп әкеле жатқан бұлт төмендей берді, төмендей берді. Қар қызы енді анық байқады, балалар дүкен ішіндегі ойыншықтарды тамашалап, қызыға қарап тұр екен. Жақын барып, бұлттан жерге қарай сырғыған Қар қызы енді бір сәтте, желдің қолтығынан демеуімен әлгі дүңгіршектің алдынан бір-ақ шықты.
– Сәуле, сен қай ойыншыққа қы-зықтың, ал, мен болсам анау тұрған үлкен «жедел жәрдемді» алар едім. Өйткені, «жедел жәрдем» ауырған адамдарға дәрігерлерді тез жеткізеді ғой. «Жедел жәрдемім» болғанда, мен барлық балалардың әкесі мен анасын ауыртпас едім,- деді ұл бала армандай сөйлеп.
– Мен бе, мен «Жедел жәрдемнің» жанында тұрған дәрігер қызды алар едім. Дәрігерлер тез жеткенде әкеміз бізден кетіп қалмайтын еді, – деді Сәуле атанған қыз бала.
– Әкеміз кетіп қалғанмен, ол бізді жоғарыдан көріп тұр. Анашым солай деген, – деп ұл бала аспанға қарады. Аспанда қалықтаған қар түйірлері баланың бетіне, мойнына, киімінің жағасына қонып жатты. Олар бейне-бір мұңайған ұлдың басынан сипағылары келгендей, жылдамдықпен оны айнала ұшып, оны әкесіндей аялай құшып жүрді.
– Санат, тез үйге барайық. Анам «мен жұмыста болғанда сабақтан үйге тіке барыңдар» деді ғой, – деген Сәуле соңғы рет дүкен терезесінен өзі қызыққан дәрігер қуыршаққа қарап еді, ол көзін қысып, жымиғандай болды.
Қар қызы екі баланың соңынан ілесіп отырып, мұңды әуендерді құй-қылжыта тартты. Балалар болса,
сыңсыған сыбызғы әуеніне елтіп, әппақ қардың астында үйге қалайша тез жеткендерін аңдамай қалды. Бала-
лардың сөзінен әкесінен жақында айырылғандарын, екі баланы жесір ананың зорға асырап жүргенін түсін-ген қар қызы үйдің есігінің алдында мұңайып тұрды.
– Не болды, қызым? Сыбызғының сырлы әуенін естімей қалдық қой,– деген дауыс Қар қызын селт еткізді. Әппақ желмаясымен желіп жүрген Қыдыр ата екен.
– Мына балалардың мұңы жүрегімді қозғап кетті, – деді Қар қызы сыбырлай сөйлеп. Адамдары кешкі астарын ішіп, тынығып, бірі газет-журналын оқып, бірі теледидар алдына отырып, енді біреулері смартфон, айфондарын қолдарына алған осынау тым-тырыс ымыртта қала көшелері де тылсым бір тыныштық құшағына еніпті. Осы түні бір кереметтің боларын сездірген әппақ қар жұлдызшалары ғана тынбай қалықтайды. Қар басқан қала көшелерін желмаясына мініп аралаған Қыдыр ата Қар қызына мейірлене қарады:
– Оларға көмек бергің келсе, сыбызғыңды тынбастан ойна. Жеті күн, жеті түн дегенде бір кереметтің болары анық, – деген Қыдыр ата желмаясымен аспан әлеміне дыбыссыз сырғи жөнелді.
– Егер менің әуенім оларға көмектесетін болса, кәнеки! – деген Қар қызы сыбызғысын қолына алды. Алғашқыда еш қиналмастан, толассыз әуендер сыбызғыдан ауаға тарап жатты. Қар қызы жәй әуенді ойнаса, қар түйіршіктері қалықтай жауады. Ал, иірімді, буырқанған, толғанған күйлерді ойнағанда қар төпеп жауа бастады. Жеті күн, жеті түн тынбастан жауған қар әлгі әдемі шаһардың тәкаппар үйлерін басып қалды.
Көшелерде жүйткіген көлік ағыны да баяулады. Адамдар болса, ақ қардан ақ қала соғып, балаларын шанамен сүйреп, қуантып мәз болды. Балалар сырғанақ жасады, коньки тепті, сөйтіп, ақ қардың жауғанына мәз болысты. Сәуле мен Санат та сол балалар сияқты көшеге шықты, бір-біріне қар лақтырып ойнады. Аңдаусызда Сәуленің Санатқа лақтырған қары машинаның терезесіне тиді. Машинада бір аға отыр еді. Ол қармен ойнаған балаларға қызыға қарап:
– Шіркін, менің осындай балаларым болар ма еді? – дегенше болмай, машинасының терезесіне тиген қар оның көңілін аударды. Ол көліктен шықты.
– Кешіріңіз, мен байқамай қалдым,- деген кішкене қыздың басынан сипады.
– Саған осы үшін қандай сыйлық жасайын? – деді жақсы аға күлімдеп.
– Бізге Анашым «танымайтын адамдардан сыйлық алмаңдар» деген, – деді ұл бала. – Менің әкемнің дәл сіздей машинасы болатын. Ол бізді көтеріп жүретін. Не керектің бәрін әперетін, – деген ұлдың көзі жасаурап кетті.
– Олай болса, айтыңдар, не қа-лайсыңдар? Мен сендерге сыйлық жасаймын, – деді мәселені түсінген жақсы аға.
– Мен ана дүкеннен «Жедел жәрдем» алғым келген, – деген ұлдың сөзін бөлген қыз бала:
– Мен дәрігер қызды алғым келеді,– деді.
– «Жедел жәрдемім» болғанда Әке-шімді ауруханаға кешікпей жеткізетін едім, – деген кекілді ұл мұрнын тартып қойды.
Жақсы аға екі балаға «Жедел жәр-
дем» көлігі мен дәрігер қызды сыйға тартты. Ал, Қар қызы болса, сыбызғысын ойнай берді, ойнай берді…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *