

КҮН КӨЗІН НАЙЗАМЕНЕН ТҮРТІП АШҚАМ…
12.03.2025 0 16

Нұрлан Бәйімбетұлы
1978 жылы Қостанай облысы Рудный қаласында туған. Қашар кенінде жүк тасымалы бойынша жауапты қызметтер атқарады. Өлеңдегі алғашқы тырнақалды туындыларын «Жалын» журналы арқылы жарқын ойлы оқырманға ұсынып отыр.
БӨРІЛІ БАЙРАҚ
Түнде көзі шоқтай жанар,
Жолбастарым оқтай ағар.
Кием менің – көк бөрі еді,
Тәңірі өзі сақтай алар.
Тасқындадық, тасып ақтық,
Найзағайдай жарқыл атып.
Түйреледі сүңгі-найза,
Жауды өлтіріп қақыратып.
Тұтылған күн күлім қақты,
Ұрандаған үнім қатты.
Түркілерім күннің көзін,
Найзасымен түртіп ашты.
Қос қылышпен салдым ойнақ,
Қос қапталым қалды жайрап.
Ел шетіне келген жауды
Қуып салдым алдыма айдап.
Сары балдай сары қымыз,
Қымыз ішіп күдікті ойдан арылыңыз.
Қазақ жаққан қызыл оттың,
Алаулаған жалынымыз.
Тәңірім бір бөріменен,
Бөрі ғұмыр – бөрі өлең!
Қастасқанның тамағынан,
Бөрідейін бүріп өлем.
Аңыз атын айтар Тұран,
Шағаладай шайқап ұшам.
Ұлы дала дүркірейді,
Тұран болып қайта тұрсам.
Күнің тусын шуақ шашар,
Құдіретті қуат басар,
Құндыз көңіл Түркілерім
Құшақ жайып құшақтасар.
Шаңқылдасын бала қыран –
Бурыл бұлттар арасынан.
Бөрілі байрақ бүлкілдесін,
Ұлы қазақ даласынан.
ТҰРАНҒА БІР ЕР КЕРЕК
Сөйлейтін болдық мап-майда,
Күркірер бабалардай бақ қайда?!
Жалтақтаймыз жан-жаққа,
Шымбайыңа осы батпай ма?!
Оятар рухын сілкілеп,
Намысын жаныр тілгілеп.
Тұранға бір ер керек,
Жүрегі соққан Түркі деп.
Күнің тусын нұрланып!
Түркілер – тегі бір халық.
Жұдырықтай жұмылып,
Жағасын жаудың жырталық.
Тұру үшін күнің нұрланып,
Бірлігін елдің жырлалық.
Бүйрекке бұра тарту мен
Алауыздықты құрталық.
Түркі әлемі жасасын,
Жандансын, жақсын шаласын.
Дүрсілдеп Түркі билесін,
Жер мен көктің арасын.
ӘЛЕМДІ АҚБОЗАТПЕН ТАНУ
Ақбоз арық ат үркіп,
құлағын түрді тың-тыңдап,
Мөлдір көзі шарадай,
қара етті мүсін сыр-сымбат.
Сілекейім шұбырып
жанарына жұтылып,
Бір жапырақ жүрегім
тарпаңдайын құтырып.
Делебемді қоздырды,
қиялымды оздырды,
Шауып ала жөнелді
шаңға бөлеп ой-қырды.
Бабалар мінген дүлдүлдің
құлаққа жетті дүбірі.
Көлбеңдейді дұшпанның
тізесінің дірілі…
Дүбірге дүбір ұласып,
жүрек те кетті дүрілдеп,
Қан шапшыды басыма
аққан судай гүрілдеп.
Жалын тартып, атқа ер
салмағалы қай заман?!
Атығым әрең басылды,
сабама түстім қайтадан.
Табы қалды қызудың,
көзім оттай жайнаған,
Арқам қозып қан қызып,
мені қайта қайраған.
Таптатқандай тұяққа
жер шарының жартысын,
Әруақтардың қолдаған
сені де оты шарпысын.
Ұйқыда жатқан қазағым
оянар түптің түбінде,
Ұлы даланы толтырар
арғымақ салған дүбірге.
ГҮЛ ШОҒЫНДАЙ СҰЛУЫМ
Әдемі үні өмірдің
әуелейді неліктен?
Көзің жайнап нұрланып,
көңіліңді не еліткен?
Дүркіретіп қанымды
көңілдің мұзын еріткен,
Гүл шоғындай сұлуды
жер бетінен көріп пе ең?
Қыз жамалы әдемі,
көңілің неден дәмелі?
Жан сарайыңды құлпыртқан
қандай жұпар ән еді!
Көзі хабар беріп тұр –
бай екен ішкі әлемі,
Жүрісі жеңіл сағымдай,
«хор қызы ма?» дедім әуелі.
Тұңғиық түпсіз жанары,
жалт етіп тағы қарады,
Тұла бойым дуылдап,
шоқтай қызып барады.
Сөйлеуге батыл жете ме,
денем діріл қағады,
Қыр гүліндей аңқыған
хош иісі мұрын жарады.
Жан жарыма баладым,
кірпік қақпай қарадым.
Жіті көзбен бақылап
жиі басқан қадамын.
Сезімге мас көңілдің
тамсана ішіп шарабын.
Алшаң басқан қадамым,
көкке қалқып барамын.
КЕПТЕР ҚАНАТ МАХАББАТ
Ырыққа көнбей сезімі
тамырды кернеп солқылы…
Жолықтырды жігітті
өзгеден биік шоқтығы.
Өмірінде ең алғаш
сезінген сезім толқыны…
Дір еткізді жүрегін
жайбарақат қыздың шолпылы…
Естігенге сезімің елестетер ертекті.
Сырласарға жан таппай
жүрегін қана тыңдады,
Басқаны көзі көрмеді,
ғашығы қыран – шыңдағы!
Ғашығы қана жинаса
қызғалдақты қырдағы
Сол жігітке айтылса
іштегі мөлдір сырлары…
Қазақтың сұлу қыздары-ай,
көйлегі желбір етекті!
Жанарын жасқа бұлады,
көз ілмей түнде шығады,
Айта алмай сырын ешкімге,
ішінен ғана тынады,
Өңі қашты дел-сал боп,
нәзік гүлдей қыз жаны,
Ғашық жанның бұл дертін
ғаламда кім ұғады?
Қазақтың қызы құлпырған
қызғалдақтай гүл текті!
Емешегі үзіліп қарағанмен үздігіп,
Жаутаңдаған жанарын
аңғармай қойды сол жігіт,
Өртенсе де өзегі өлтірмеді соңғы үміт,
Махаббаттың алауын
көз жасымен сөндіріп…
Жүректегі иманнан
алаулап жүзі сыр шертті!
МЕН МҰНДАЛАҒАН МҰНАР ТАУ
(Әсет Найманбайұлының «Інжу-Маржан» әнінен алынған «кілтең ұйқас» бойынша жазылған өлең)
Таудай бол балам!
Ер-Төстіктей қас-қағым
қиялымда ержеттім,
Қиялыммен тауларға
өрмелеп шығып көрмекпін.
Мен мұндалаған мұнар тау,
Көзім алдыма мұнартып
келе қойды сұлбасы,
Қиялымды ғаламат
сиқыры билеп ертектің.
Таудай бол балам!
Таутекедей секіріп
тастан-тасқа ырғыдым,
Басыма бұтадай
мүйізін ілдім бұғының.
Мен мұндалаған мұнар тау,
Шірімтал сұры тасты
құздардың сырына терең үңілдім,
Шұбап жатқан тұманды
Тәңірінің демі екен деп ұғындым.
Таудай бол балам!
Балпаң-балпаң балп басқан
барысына сүйіндім,
Арқарға міндім, қос
қолдап ұстап иір мүйізін.
Мен мұндалаған мұнар тау,
Арқырап шапқан арқарым
құздан төмен тастады,
Шошып кеттім, қарасам
төрінде екем үйімнің.
Таудай бол балам!
Сылдырап аққан күміс бұлақтан
шөлім әрең қандырдым.
Қиядан келіп қонған
қыраны білегімді талдырдың.
Мен мұндалаған мұнар тау,
Балмұздақтарын асап-асап шыңдардың,
Жан сұлулығынан көңілге
тыным алдырдым.
ШЫҢМЕН БІРГЕ ТАЛАСЫП ҒАШЫҚ БОЛУ
Ай сырғасы жылтырап
тербелген самал желге,
Ару қызға ай маңдай,
Жетісу құшақ жайғандай,
Ілеге жүзін шайғандай,
Балқашың болып жайнардай.
Тебіреніп таласқандай
Алатау да бізбен бірге.
Ғашығындай алқынды,
Болуға асқақ талпынды,
Хантәңірі шығарып жарқылды,
Таудың ұшын таң қылды.
Балдай тәтті аңқыған
сөзі дертке ем бе?
Сезімімді байқатпай,
Тұнығын бұзып шайқатпай,
Қауыз ашып қайғы атпай,
Қысылдым жаным жай таппай…
АСАУ СЕЗІМ
Алқызыл жүзім алаурап,
махаббаттан жас парлап,
Суықты еш елетпей,
көңілім тұр аспандап.
Аяқ асты сықырлап,
қиыршық қар бытырап,
Аяз қарыған қолдарым
жарылардай шытынап.
Бұрқыраған демімнен
қырауланған кірпік-қас,
Ызғырған жел талдардың
бұтақтарын сілкіп қаш!..
Ішке сыймай бұлқынып –
боз тай боп жүрек тулаған,
Балалық шаққа аттандым
шанаға мініп зулаған.
Аптаптағы сағымдай,
демім ыстық жалындай,
Өрт боп өртеп барады
от тұлпар боп арындай.
Алқынған жүрек асқақтап,
сезімге бәрін таптатпақ,
Ғажайып сиқырлы әлемге
асауын мініп аттанбақ.
АҚТАУ АСПАНЫНДА АРПАЛЫСҚАН ҰШБИКЕ
(Ұшбике — стюардесса
сөзінің қазақшасы)
Арпалысқан жекпе-жек
ашық айқас ажалмен,
Сол ұшақтың ішінде
бірге ұшып барам мен.
Жолаушының көздері
шарасынан шығардай,
Қуқыл тартып өңдері,
шулап кетті ұлардай.
Ұшбике қыз салқын қанды,
Қанында бар батырлық,
Ақ жалын нұр шашылып
сабырлыққа шақырып.
Соңғы демі біткенше
үміт үзбей күресті,
Жұтқан демі қуат боп
жоғалтпады түр-есті.
Шарпыса да жүздерін
қара ажалдың салқыны,
Соңғы үміттің сөнбеді
көздерінде жалқыны.
Үміттері үзілмей,
бөленді ыстық құшаққа,
Шырағы сөнген жандардың
шалқысын жаны жұмақта!..
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.