«ЖЫРЫМ МЕНІ ЕШҚАШАН ӨЛТІРМЕЙДІ…» «ЖЫРЫМ МЕНІ ЕШҚАШАН ӨЛТІРМЕЙДІ…»
Жанат ЕЛШІБЕК, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Тұманбай Молдағалиев – 90   Қазақ лирикасының каролі хақында эссе-жыр Замана көшіне ілескен қазақ поэзисы керуенінің бүгінгі... «ЖЫРЫМ МЕНІ ЕШҚАШАН ӨЛТІРМЕЙДІ…»

Жанат ЕЛШІБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты

Тұманбай Молдағалиев – 90

 

Қазақ лирикасының каролі хақында эссе-жыр

Замана көшіне ілескен қазақ поэзисы керуенінің бүгінгі аяқ алысы мен шықққан биігі көңіл құсын шарықтатып, мерей марқайтады. Ғұлама ғасырлардан желі тартқан жыр шеруінің көзге бірден шалынар сән-салтанатына құп қосылған ой шалқарында тербелудің өзі бір ғанибет-ау! Осы ретте ақиқатын дабылдатып айтқан жөн. Ұлт әдебиеті мен руханиятына, әсіресе  өлең өлкесінің жайқалып-жайнап гүлденуіне көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің қосқан өзіндік үлесі өлшеусіз орасан зор. Ол қырықтан асқан кітаптың авторы. Әлем классиктерінің ең таңдаулы туындыларын қазақ тілінде сөйлетті.

Биыл – Алаштың аяулы да, арда ақыны Тұмағаңның мерей жылы.Махаббат жыршысы, тәбиғат сәулеткерінің тоғызыншы асқарын ұлан-байтақ жазиралы Отаны, сүйікті ел-жұрты дүбірлетіп өткізуде.  Қуантып, сүйіншілеп келген көгілдір көктемнің лағыл лебі туған даласының аспанын шарлап кеткендей.Алыс қиырлардан қиқулап асығып жеткен қанаттылар да небір сиқырлы сазды әуездерін құйқылжытатын секілді. Иә-иә…Дәл сол Тұмағаң сөзін жазған «Құстар әні»…Іле-шала жүректерде жатталған әсем әуездер біріне-бірі үздіксіз ұласқан… Құлақ түбінде әлдеқайдан талып естілген сағынышты сарын құмығып жаңғырады. «Жырым мені ешқашан өлтірмейді, Әнім, мені алысқа жетелерсің-жетелерсің…».

Жанарымның алдында ежелден  таныс тұлғаның ақжарқын жүзі құдды бірқылқалам шеберінің әрқилы ракурста  кескіндеген  портретіндей қаз-қалпында елестеген. Бәз баяғы байсал қалпы күлімдеп тұр…

Рас. Халық жазушысы,  Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Физули атындағы Халықаралық түркі жазушылары сыйлығының иесі Тұманбай ағаның бейнесі санамызда өшпестей қашалған ғой…Ал оның аты-жөнін институтқа түскен 1965 жылы әр кезеңдегі «Қазақ әдебиетінен» дәріс жүргізе бастаған ұстаздарымнан естіген едім.Күні кеше ғана мектеп қабырғасынан жақсы таныс атақты қаламгер ғалымдар, әдебиетші-зерттеушілер мен сыншылардың дені  КазПИ-дің филология факультетіне ұйысқанға ұқсайды. Қай-қайсысының есімдері аталса болды, көз алдымызға олардың өзіміз жата-жастана парақтап оқыған оқулық кітаптары көлбеңдейді.

Өзіміз армандаған, өзіміз қиялдаған романтикаға толы студенттік жылдардың әр сәті, әр мезеті ұмытылмақ емес.Академик Қажым Жұмалиев, сыншы докторлар Серік Қирабаев пен Хасен Әдібаев, әдебиет зерттеушілері Төкен Әбдірахманов, Асхат Әбілқаев, Зейнолла Серікқалиевтар өткізген лекциялар мен семинарлар ойымызды да, бойымызды да әжептеуір асқақтатып-ақ  жіберген. Әдебиет әлемінің небір тылсымы менқұпияларының беймәлім тұстары жайында қызықты да, елең еткізер әңгімелердің тиегін еркін ағытатын…

Әрине, бізге бәрі таңсық, бәрі тосын. Осындай бір қызу пікірталас үстінде Қажым аға «Шала Шекспирлар мен толыспаған Толстойлар» деп қалды, бұрын соңды біз естімеген  хикаяның ұшын шығарып. Бірақ сәл үнсіздіктен соң, «Кейін өздерің Пушкин кітапханасына барып, «Лениншіл жас» газетінен оқып аларсыңдар» деді де «Грек философиясынан аңыз әфсаналар» атты лексиясын үзілген жерінен әрі қарай термелей жөнелді. Екпінінен жаңылмай тайпала жүйткіген су жорғадай көсіледі дерсің… Енді бірде белгілі сыншы ақын Хасен Әдібаев «Жыл келгендей жаңалық сеземіз» аталатын Мұхтар Әуезовтің әйгілі соңғы сөзі төңірегінде әңгімелегені бар… Аса дегдар да паң ұстазымыз, атақты  әдебиет тамыршысы Серік аға Қирабаев жастар поэзисының жаңашыл өкілі ретінде Тұмағанның атын ерекше үкілеп атаған: «…Ақиқаттың айнасына тура қарайықшы. Біраз жайдың жай-жапсарын анық аңғарамыз. Әр дәуірдің, әр уақыттың өз сазы мен  зары болады. Оны бағаламау да, бұрмалау да әбестік. Біздің ақыл-ойымыз, сөзіміз, сезіміміздің бәрі тұсалып жатқан кезеңдер болғаны рас. Ойымыздағыны еркін айта алмай, поэзияның өзі бір таптаурын тақырыптардан аса алмай жүрген кезде, Тұманбай бастаған топ әдебиетке келді де адамның сезімін, ойындағы сөзін еркін айтуға ұмтылдырды. Тұманбай өлеңдерімен, Тұманбай сезімінің ашықтығымен біздің жас ұрпақтың кейінгі бірнеше өкілдері тәрбиеленді. Ақындық рух, өлеңдегі сезім байлығы жағынан Мағжанға ең жақын ақын – Тұманбай. Сөйтіп, атақты ақын өз мектебін қалыптастырды…».

Көп ұзамай жоғарыда ұстаздарымыз шет жағасын жеткізген оқиғаның куәгері болдық. Кураторымыз институттың төл жаршысы саналатын «Педагог» газетінің редакторы Төкен ағай кезекті дәрісін күтпеген жаңалықпен бастады. Көңіл -күйі де әдеттегіден гөрі жадыраңқы:

–Студенттік алғашқы айларың да зуылдап жатқандай ма, қалай?  Әйтеуір тірнектеп, тыпырлап уақыттарыңды өкініп қалмайтындай өткізуді қадағалау керек. Сәтін салса алдағы сенбіде әйгілі Әуезовтің өзі мақтаған,болашақтарынан үлкен үміт күткен, поэзия аспанында егіз қозыдай жарқырап қатар көрінген жас ақындар Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырзалиевті  сендермен кездесуге шақырып отырмыз. Бұл – қазақ әдебиеті кафедрасының ұйғарымы. Осы әдебиет кешінің есте қалатындай өтуіне белсене атсалыссаңдар. Келешекте мұндай кездесулер мен түрлі диспут-кештерді өздерің ұйымдастыруларың керек. Кәне, қос ақынға қоятын толғақты сауалдарың мен әдебиет төңірегіндегі ойларыңды ортаға салуға әзірленіңдер. Кездесу кешіне филфактың жоғары курс студенттері, өзіміздің ақындарымыз да қатысады. Әрине, қос қаламгерлермен жүздесудің нәтижесі, тәлім-тағылымы берері мол. Соны білгендерің жөн…

Тағатсыздана күткен ән-жыр кешінің әсері біз үшін – бірінші курстықтар есінде ұмытылмастай сақталып қалғаны даусыз. Оқта-текте жадыдағы жаңғырықты қоңыраулатқан кезде біршама серігіп-серпіліп қалатыным бар. Астанадан шалғай түкпірдегі жұпыны да, аядай балықшы аулында туып-өскен мен секілді соғыстан соңғы ұрпақ өкілінің жан-дүниесін бөлекше тербері анық. Филология факультетінің үлкен оқу залы лезде лық толды. Жүздері бал-бұл жанған үлбіреген қыз-жігіттер ерекше шат көңілді. Шоқ-шоқ  болып асыға жайғасуда. Артынша студенттік тұңғыш поэзия кешінің басталғанын айғақтаған әсем вальс ырғағы заңғарадай залдың аспанын кернеп кетті. Биік сахна төрінде сол кездегі дүйім жұрттың аузынан түспейтін «Бақыт құшағында» әнін шырқаған қос өнерпаз… Биыл бізбен бірге институт табалдырығын алғаш аттаған әнші Зәуреш Досжанова мен баянда сүйемелдеуші Мұқажан Тезекбаев. Ілкі мезеттегі саябырда ортаға шыққан Төкен Әбдірахманов аға жиналған жұртқа ілтипат ишара білдіріп кеш қонағын таныстырған.

–Айналайындар!  Кешірерсіздер, қадірлі қауым. Мен кешіміздің беташар сөзін әдейі осылай бастағалы отырмын. Оның да өзіндік себеп-сыры жоқ емес. Қалыптасқан тамаша дәстүр бойынша біздің еліміздегі ең тұңғыш жоғары оқу ордасы саналатын Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтына биыл мыңға тарта студент қабылданды. Ұлан-байтақ республикамыздың барлық аймағынан жүрек қалауымен келген жас түлектердің арасында ана тілімізді кие тұтқан сөз өнерін қастерлеген, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің шырақшысы болуды мақсат еткен өршіл де, өнерлі өрендеріміз де бар. Сондықтан ең алдымен,  студент деген құрметті атқа ие болып отырған сендерді шын жүрекпен құттықтаймын. Талаптарың мен армандарыңның қанаттары талмағай. Өздеріңмен жүздесуге келген қадірлі қонағымыз, мына талантты ақын Тұманбай Молдағалиев те менің шәкіртім. Өйткені, оның балауса жырларына жол ашып, ақындық сапарына сәттілік тілеп , ақ батасын берген біздің «Пионер» журналы болатын. Әлгінде жиынымыздың шымылдығын ашқанда шырқалған әдемі әннің өлеңін жазған Тұманбай ағаларыңды ортаға шақыралық. Ал осы «Бақыт құшағында» аталатын тамаша әннің авторы – өздеріңе мәлім Шәмші Қалдаяқов.Ол да бүгін осы кешке қатысуы керек еді. Келе алмады. Шымкентте өтіп жатқан жастардың өнер фестивалінде жүр екен. Кезінде екеуінің де творчествосы жайында ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі биік баға бергенін білесіңдер. Кәнеки, ендігі сөз тізгінін Тұманбай ақынға ұсынайық…

–Рахмет, Төкен аға! Өз басым қатты толқып тұрмын. Осыдан төрт-бес жыл бұрын ғана біз де студент болып сендер секілді алдыңғы толқын ақын-жазушылардың лебіздеріне ынтық көңілмен құлақ түретінбіз,- деді  жан-жағына байыппен жанар жүгірткен жас ақын қолындағы екі-үш жапырақ қағазға тесілген күйі. Ең алдымен жеке маған бағытталған біраз сауалдар бар екен.  Рет-ретімен жауап беріп көрейін. Өлеңді содан кейін оқығаным дұрыс шығар. Айтпақшы, Қадыр Мырзалиев ағаларыңа да қойылған сұрақтарды байқап қалдым. Ол досым бірге келмекші еді. Бірақ… Салқын тигізіп алыпты… Сіздерден кешірім өтініп жатыр. Өзі хабарласқан-ды бағ-а-на…

–Иә, маған да телефон соғып ескерткен. Алдағы уақытта Шәмші екеуімен бөлек кеш ұйымдастырамыз,- деген кураторымыз емен-жарқын қалпын өзгертпей. Сөйтіп алдын-ала қолына тиген студенттердің сұрақтарына жауап қайтара бастаған қонағымызға назар аудардық. Ұйыған тыныштықты бұзған ақынның  биязы қоңыр үні біртін-біртін әйдік залды керней түсті:

–Біз де бала болғанбыз, — деп ауыр күрсінген ол алақанындағы тілдей қағазға үңілген. – Шынын айту керек. Біздің, дәлірек жеткізсем менің құрбыларымның шат-шадыман балалық шағы болған жоқ. Көзімізді жыртитып ашқан күннен бастап, ашқұрсақкүй кештік. Өйтіп-бүйтіп мектепке іліккенімізде соғыс өрті «бұрқ» ете түскені баршаңа аян. Емін-еркін күліп ойнайтын, алақайлап жарқ-жұрқ жүретін кездеріміз өте аз. Жалынды жастығымызды соғыс жылдары ұрлады ғой. Жоқтық пен жетімдік әбден діңкелетті емес пе? Оны несіне жасырамыз. Тағдырдың иіріміне талай рет батып шықтық. Өткенді еске алғым келмейді. Сендер сұраған соң амалсыздан айтып тұрмын… Ойымды қысқа ғана түйіп бейнелесем: «Өмірім – өлеңім».

Соғыс  жылдарында  әке-анадан бірдей айырылған мені үлкен өмірдің өзі шыңдады. Әкемнің туған ағасы Шәбден мен апайымның тәрбиесінде өсіп, ержеттім. Туған әпкем, жақын-жуық бауырларым да шама-шарқынша аялап,  жүрек жылуларын бергенін неге ұмытайын… Әйтеуір, көңілімнің жыртығын өлең жазып жамап келемін. Бұған да шүкірлік…

Күні кеше ғана мектеп партасымен қоштасқан балғын өрендердің жүздеріне шыға келген ілкі сәттік мұңайысты сезе қойған ақынның дауысы лезде қатайып, жарқын естілген:

–Қазір өлеңге де кезек береміз, мына бір жақсы екі-үш сауалға қысқаша тоқталайынды… Әрине, ұлы Мұхтар ағаның қырағы қиығына іліну мен үшін бақыттың ең үлкені. Олай дейтінім өлең жазбайтын қазақ жоқ. Аты-жөні төрткүл дүниеге жайылған заңғар бәйтерегіміздің батасы болмаса, мен бүйтіп сендердің орталарыңда сайрап тұрмас едім. Данагөй классигіміз менің бірнеше өлеңімді айрықша мақтап, болашағыма сәтті сапар тілегені ғажайып әсерге бөлегенін айтқым келеді. Мұхаң аузына қуана-қуана алған сол бес өлеңімді атап кетейін. Әр- әр жерде өздерің секілді жыр құмарлар сұрап қояды. Ол өлеңдерім – «Алматы таңы», «Көктем», «Асыл ұстазға», «Немере сыры», «Хат». Ендігі жердегі нысаналы мақсатым – үлкен ұстаздың үмітін абыроймен ақтау. Ол үшін, әрине, ұдайы ізденіс, тынымсыз тер төгу керек.

Біз ойланып қалдық. Студент кезінде-ақ тұңғыш өлеңдер  жинағымен жұрт назарын өзіне аударған ақын жігіттің әдебиет әлемінің табалдырығын қалай аттағаны жөніндегі әңгімесін де ынтыға тыңдағанбыз. Бұдан тұп-тура алпыс жыл бұрын  Тұманбай ағаның өз аузынан естіген қалпында жаңғыртқанды жөн санадым.

–1951 жылы ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға түскенімде ақын болам деп ойлаған жоқпын. Әуезов лекция оқиды екен дегенді естіп, документімді сол филфакқа тапсырдым. Және қазақ әдебиеті мен тіліне өзіме жеті жылдық мектепте сабақ берген Әділ Намазбаев ағамдай мұғалім болсам деп ойладым. Кім біледі, бағым көтерілсе, мектептің директоры болып кетуім де мүмкін-ау деген жасырын қиял да менде жоқ емес еді. Газет-журналға шығып жүрген ақын ағалардың өлеңдеріне қарағанда менің онша да анда-санда жазатынымды көркемдік дәрежесінің төмен екенін ішім сезеді. Содан кейін де өлеңімді Едіге досымнан басқа ешкімге оқымаймын. Едіге де менен ақын шыға қояр деп ойламайды. Сөйтіп жүргенде үшінші курсты да бітіретін уақыт таяды. Ауылда өзіммен бірге үш жыл оқыған Зина деген украин қызына арнап бір өлең жаздым. Халықтар достығын жырламақшы болып.

«Есімде менің есімде

Мөлдір қара көздерің,

Бірге оқып өзіңмен,

Бірге ойнаған кездерім.

 

Соғыс бітіп анаңмен

Қайта кеттің Киевке.

Тым болмаса сонда мен

Қалмадым бір сүйіп те»,– деп басталатын бес

шумақ өлеңім сол тұста Алматыда жаңа шыға бастаған «Коммунизм таңы» (қазіргі «Жетісу») атты облыстық газетке шыға келді. Мен ол өлеңді редакцияға хатпен жолдаған едім. Сол бір қуанышты күндері ҚазМУ-дың бір аудиториясында әдебиет кеші болды. Ғалым ағамыз Бейсембай Кенжебаев өлең құрылысынан ғылыми баяндама жасады. Сол баяндамада кейін ҚазМУ-дың студент ақындары Еркеш Ибікенов, Жәрдем Тоғашев, менің курстастарым Нұрғожа Оразов, Тұрап Айдаровтар өлеңдерін оқыды. Жұрт оларға қошеметпен қол соқты. Кештің аяғын ала Нұрғожа Оразов барлықтарына қарап: «Менімен бірге бір бөлмеде жататын курстасым Тұманбай Молдағалиев те өлең жазады. Өлеңдері жақсы. Бірақ өзі ұялып оқымайды», – деп қарап тұр. «Оқысын»,- деді Мәскен апай. —  Оқысын, деді Бейсенбай ағай. «Оқысын»,– деді Белгібай ағай. Менің шегінетін жерім қалмады. Нұрғожаны көзіммен атып, жұрттың алдына шықтым. Бір-екі өлеңімді қинала, қысыла тұрып оқыдым. Қорқып кеттім. Жұрт қол соғып жатқан сияқты. Еркеш менен кейін сахнаға шығып, менің оқыған өлеңдерімді мақтады. Жәрдем Тоғашев та жылы-жылы сөздер айтқандай болды. Мәскен Сармурзина апай маған жылы көзбен қараған сияқтанды. Сөйтіп, сол бір көкек айының шуақты күнінде менің өлеңдерім өзіммен бірге оқитын достарымның алдына шықты. Мені азапты да ауыр ақындық өмір күтіп тұрғанын сол сағатта білмеп едім, әрине.

Сырттай топшылауым бойынша санамда кескін-келбетін тым мосқалдау мүсіндеген Тұманбай ақынды алғашқы көргенде-ақ қатты қателескенімді аңғарғаным рас. «Сонда жиырманың о жақ-бұ жағында өлең өлкесіндегі өзгеше үнін, дара қолтаңбасын мойындатқаны ғой…».

Адам жады компьютерден де жылдам-ау! Өз ойымды құрықтай алмай беймаза күй кешкен менің миыма жыр майданының жампозы жайында талғамы биік Әбіш аға Кекілбайұлының кезінде қуана айтқан жүрек жарды лебізі орала берді:

« – Cонау 1957 жылы оның «Студент дәптері» дейтін тұнғыш кітабы шықты. Оған дейін саясаттан іргесі аулақ жекелеген шығармалар болса, болған шығар. Бірақ тұтасымен саясаттан іргесін аулақ салған кітаптар кездеспеген еді. «Студент дәптері» — біздің жыр өлкесіне тұңғыш рет қанат қаққан жақсылық қарлығашы сияқты еді. Кеше ғана ауылда өсіп, бүгін астанаға келген уыз жас жігіттің уылжыған көңіл күйін сол қалпында жеткізген кішкене кітап — өз уақытында әдебиетке атымен соны тыныс, тың сүрлеу әкелді. Кітan ашса болды, не оқтың астына тап болып, не зырылдаған станоктардың қасына қамалып, көк түтінге қақалып өскен қазақ оқырманы, бір сәт алма бауын аралап көргендей, дені жайылып жүре берді…»

Әлгіндегідей емес, өлең оқығанда тіптен өркештеніп, зипа бойын қыранша қомдап саңқылдай жөнелген. Сыбыр-күбір,жыбыр-қыбыр әп-сәтте сап тыйылған. Ол отты жылдардың өзек өртеген өшпес суретін жыр тілімен өріп тұр. Соғыс жылдарындағы ауыл өмірі, ондағы мектепке барып жүрген жас жеткіншектердің қиын тұрмыстық жағдайын суреттейтін «Етік» өлеңі тыңдаушылардың әрқайсысын ойлантқаны сөзсіз…

Арбасы балалықтың алға жүрді,

Жау көздеп атты менің арманымды.

Аш жүрдім, суық үйде ұйықтадым мен,

Білмеймін қалай тірі қалғанымды.

 

Анамның көңілі маған бөлінеді,

Мен үшін қабырғасы сөгіледі.

Екеуміз кидік соны кезектесіп,

Бір етік біздің үйде болып еді.

 

Әңгіме, өлең десе, ұйып қалам,

Айтады соның бәрін сүйікті анам,

Қалады пеш жанындажалғызөзі,

Мектепкеетігін мен киіп барам.

 

Қай қазақ есіркесін жетім ұлды,

Маған тек талайлардың беті күлді.

Тапжылмайтүстенкейін мен отырам,

Кеткенсоңапамкиіпетігімді…

 

Сол етік кейін маған сыймай қалып,

Жыладым, жүзім жасқа шимайланып.

– Етігін, әкең келсе, киесің, – деп,

Анашым кете бердіүйдіайналып.

 

Ұнымызжеттіжазғаүнемдеумен,

Жәрдемді бақыт көрдік біреу берген.

Балалық бастан өтіп кетіпті ғой,

«Етігін, әкемкелсе, кием» деумен.

Алау жүрек кеудесіне сыймай бұлқынатын сықылды.Өмірдің өзі ерте есейткен ол қатулы қабағын жазбаған күйі екпіндетіп барып тоқтағанда ғана көз алдымда көлбеңдеген картина да ізім-қайым жоғалғандай. Жан-дүниемді елжірете егілткен өлеңнің ішіне кіріп кеткенімді бірден сездім. Ыңғайсыздана төңірегіме жанар жүгірткенімде анық бажайладым. Жүздеріне мұң ұялаған біраз жұрт – соғыста туғандар көздерін сүртіп отыр екен.Бұл – шынайы өлеңнің  құдіреті.

Алғашқы өлеңнің жүлгесін бұзбаған Тұмағаң тағы да бірнеше жыр оқыды. Туған жер, өскен орта,  туыс-бауыр, достық, табиғат тамашалары хақындағы толғамдары ой тереңдігімен, селкеткізер сезім иірімдерімен баурап алған. Бұған дейін қолында қаламгерлік мандаты бар нағыз ақынды көріп, өлеңін тыңдамаған шалғайдан оқу-білім аңсап келген біздер үшін тағлым сабағы болған поэзия кешінің жаңғырығы әлі де дабылдап тұрғандай. «Өзім жайлы сыр» деген ұзақтау өлеңін оқып шыққан бетте микрофонды алған  ұстазымыз  әдебиет сыншысы Хасен Әдібаев назар аударарлық ерекше жаңалықты қуана жеткізгені есте. «Бүгінгі біздің қадірлі қонағымыз Тұманбай Молдағалиев – еліміздегі ең жас Жазушылар одағының мүшесі. Тұңғыш кітабы студент кезінде жарияланса, сол жиырма үш жасында оған қаламгерлік куәлігі тапсырылған. Әрине, мұндай құрметке екінің бірі бөлене бермейді…».

Шынтуайтында Одаққа мүшелікке қабылдау оңай емес-ті. Болашақ қалам иелерінің қатарына іріктеу өте қатал жағдайда жауапкершілікпен жүргізілетін. Басты шарт бойынша ең алдымен, танымал үш жазушыдан жазбаша кепілдеме алуың керек.Арнаулы комиссияға республика баспаларынан жарық көрген үш көркем-әдеби кітабыңды бірге тапсырасың. Осынау құжаттардың негізінде тиісті жанрлық секциялардың сараптауынан сәтті өткен үміткерлерге жол ашылса керек. Несіне жасырамыз, кейініректе қатаң қадағалау босаңсып, мүшелікке қабылдау ісі қожырап кетті.

Таланттар мен дарындар әрдайым дара топ жарып шығады. Әдебиеттің табалдырығын тұңғыш жинағымен аттаған Тұманбай Молдағалиевтің екінші жаңа кітабын талқылау үстінде киелі қазақ сөз өнерінің заңғарлары Мұхаметжан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, Музафар Әлімбаев, Жұбан Молдағалиев, Сейітжан Омаров, Мұқан Иманжанов, Ғафу Қайырбеков, Нығмет Ғабдуллин, Қабдыкәрім Ыдырысов бірауыздан: «Қатарымызға жарқырап қосылған жас «періні» баласынбай, мүшелікке қабылдағанымыз дұрыс болар» деген батыл шешім жасаған көрінеді. Иә, алдыңғы толқын өкілдері қателеспепті!

Тұмағаң жайындағы тосын деректер бізді бөлекше қанаттандырып жіберді. Көз алдымызда жадырап, зорайып шалынған ақын тұлғасы шын мәнісінде асқақтап кеткен. Студент жастардың өтінішімен екі-үш өлеңін оқып, кезек тізгінін жанындағы өзімен бірге келген серіктеріне ұстатқан.  Жас ақындар Оразақын Асқар мен Жеңіс Қашқынов жарыса жыр тиегін ағытқан.

Болашақ тіл-әдебиет мамандарына ғажайып серпіліс сыйлаған бұл кештің әсері ешқашан ұмытылмас, сірә. Жоғарғы курста оқитын қауырсын қалам иелері Нүкеш Бәдіғұлов, Әбен Дәуренбеков, Мұстафа Алдажаров, Рүстем Жанаев, Төлеген Қажыбаевтар өз өлең-жырларын ортаға салса, бірінші курстықтар арасынан Дәуітәлі Стамбеков, Қажығалым Мұқанов, Фатима Бейсебаева, Еңлік Жұматаева, Серік Мапыровтар тұсаукесер туындыларын оқып, лебіз – тілектерін жеткізген.

Өлмес-өшпес рухани мұралары есімін асқақтатып, сүйікті  халқының алақанында тербеткен жыр  тұмасы Тұмағаңмен өткен ең алғашқы кездесудің қас-қағымдық сәттерін осылайша баяндадық.

Содан бері қанша рет су қатып, қанша рет су ақты десеңізші…

Ал жүрегі мен көңілі туған даласындай алып та, дарқан данагөй данышпанның аңызға айналған соңғы дәріс сөзі «Жыл келгендей жаңалық сеземізге» де осыншама уақыт болыпты-ау! Кәне, бірге үңілейікші…

Алғаш рет “Лениншіл жас” газетінің 1960 жылғы 28 желтоқсандағы санында басылды. Кейін жазушының 12 томдық , 20 томдық шығармалар жинақтарында жарық көрді. Қолжазбасы сақталмаған. 1960 ж. 25 желтоқсанда ҚазМУ-дың әдебиет үйірмесінде поэзия кеші өтті. Онда үйірме жетекшісі студент Әбіш Кекілбаев “Жастар поэзиясы туралы” баяндама жасап, студенттер, жас ақындар, көрнекті жазушылар, ғалымдар қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Сол кешке  Мұхтар Әуезов те қатысып, жастар поэзиясы туралы ұзақ сөз сөйледі. Жазушының сөзі стенограмма бойынша жарияланған еді. Ұлы қаламгер өз сөзінде  соңғы қырық жыл ішінде қазақ мәдениетінің, өнерінің түрлі салаларында айтарлықтай жетістік, табыстарға қол жеткендігін, келешегінен үлкен үміт күттіретін жаңа буын, жас күштердің қанат жайып, өсіп келе жатқанына, солардың алғашқы сәтті қадамдарына сүйсініс білдіріп, ризалық көңілмен тоқталып өтеді.

Музыка өнерінде Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ маңдайлым» сияқты “адамды сүйсіндіретін тамаша әндер бар”, суретшілер арасында М.Кенбаев, С.Мәмбеев, Қ.Телжанов, Н.Нұрмұханбетов тәрізді кіші жас буындар «жаңа сапада өсіп келе жатқандығын айтқан.

Ал поэзия саласында алғашқы өлеңдерімен, тұсаукесер жинақтарымен енді ғана көріне бастаған Ізтай Мәмбетов, Тілеген Шопашев, ТұманбайМолдағалиев, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев секілді жас ақындардың бірқатар өлеңдеріне тоқталып, онда «жұртшылық аузына түсе қоймаған талай оралымдар,шеберліктер сезілетінін» байқап, әдебиетімізге мәдениетті ақындар, оқыған ақындар легінің келе бастағанына қуаныш білдіреді. Олар тек қазақ әдебиетіндегі дәстүрлерді үйренумен шектеліп қоймай, айналасын көріп, шарлап, ізденіп, түртініп жүреді, өзінің сезімі, санасы арқылы дүниеде танымағанын танығысы келеді, «бірқыдыру өзіндік жаңалық тапқысы келеді, өзін-өзі танығысы келеді, өз өмірінің үлкен шындығын» айтуға ұмтылады. «Жастардың «мені біртүрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін соншалық шындықпен, бетке ыстық демі сезіліп кететіндей көрінетін шыншылдық бар, поэзияға керек нәрсе — осы шыншылдық» дейді. Жас ақындарымыздың қазіргі «газет, радио тіліндей» шорқақ тілден қашықтап, нағыз поэтикалық тілді меңгере бастағанына, өлеңдерінде «көпсөзділіктің азайғанына» ризашылық танытып, «өлеңнің өлшеуі өзінің мөлшерімен қадірлі. Ой болмаса, шығарма терең қасиетті болмайды. Образ болмай, ойдың да қасиеті болмайды» деген тұжырымын айтады.

Сондай-ақ ұлағатты ұстаз жас ақындарды кейбір жайсыз, жағымсыз әдеттерден сақ болуға шақырып: «алдымен, жақсы жаздым екен деп асқақтамау керек, тумай тұрып толдым, жазбай жатып болдым деуден қашу керек». Мастану, өзіне-өзі ғашық болу – өзімшілдікті, өзімшілдік – күншілдікті туғызады. «Мәдениеті аз әдебиеттерде бұл – үлкен сордың бірі». Екіншіден, өзін-өзі көтермелеп, насихаттаудан, реклама жасаудан сақ болған абзал.«Жақсы еңбек жаздым, танылмады деп қорықпаңдар.Шала Шекспирлер, толыспаған Толстойлар» танылмай жатса, одан келер-кетер аз ғана. «Өңірі табылмаған тау, тереңі танылмаған өзен бар ма?» Әдебиеттің жақсы туындысы өзін өзі-ақ насихаттайды деген пікірді толғайды. Әдебиетке сұлу мінез әкелуші, үлкен мәдениетті қасиетті әкелуші, нұрлы жақсы, жарқыраған өрісі бар жастарға, еңбектерінің жемісті болуына, талап үстіне талап, нұр үстіне нұр құйып, оқу-білімдерінің өсіп-өрлеуіне зор ағалық достықпен тілек айтқан.

Келешек көкжиегін қапысыз күнілгеріден көре білген Мұхтар ағаның ғибратқа толы осынау лебізі әлі де талай ұрпақтың, талай буынның талантты өкілдерін қанаттандыра берері сөзсіз. Демек, бабаларымыз «Кемеңгердің көлеңкесі де ыстық» дегенді біліп айтқан ғой.

Тотықұстың қауырсынындай мың құлпырған Тұманбай Молдағалиев поэзиясының палитрасы мерей тасытып, жанар арбайды. Ақынның жарқ-жұрқ ойнаған шұғылалы өлең бағын аралаған сайын алуан қырлы, алуан сырлы туындылар бірден баурап алады. Сүйіспеншілікке, ізгілікке,  махаббатқа толы жыр зереңін төбеңе көтере сіміресің. Енді бірде тәтті мұң мұхитына сүңгігендей қилы-қилы күй кешесің-ау. Осы ретте Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын Темірхан Медетбектің сыбағалы сөзі еске түседі:

«Тұманбай Молдағалиев қазақ лирикасының королі еді. Тұла бойы тұнып тұрған сезім болатын. Ғажайып махаббат пен сүйіспеншіліктен жаратылған жан. Оның көңіл-күйін шертер нәзік те, лағыл лирикаларынан құс қанатының сусылы,  желдің уілі, судың сылдыры, жапырақтың сыбдыры, сағаттың сыртылы естіліп тұрады. Өмірді өлеңмен өрнектеген, оны дүниедегі тебіреністер мен тербелістердің ақыны дер едім».

Бүгінгі күннің дидарын, тіршілік-тынысын шырын жырына өзек еткен ол, айнала-төңірегіне болашақтың биігінен ойкөзімен қарайды.Өзі сыр ғып шертетіні бар: «Ресми құжатымда менің туған айым 20 наурыз деп жазылған. «көкек айында тудым» деген сөзімді жаңылыс естіген ауылсоветтің қызметкері Байболов Қабыл аға кезінде осылай толтырып жіберіпті.Алла -Тағалам мені үнемі бір қадам алда жүру үшін жаратқан секілді».Мүмкін?!..

Өлеңнен жаратылған Тұманбайдың жыр-дестесінен бәрін-бәрін жолықтырасың. Өйткені, оның жыр-жүрегінен балқып шыққан мына бір сыңар шуаққа зер салыңызшы:

Тарыққанда табынарым – өлеңім,

Жабыққанда жалынарым – өлеңім.

Барлығы да өлеңімде сақтаулы –

Ақын болып нені айттым,мен,

Не дедім.

Алыптардың алтын үзігі, сүлейлердің сұңғыла сарқыты саналатын ән-жырдың кеніші Кенен Әзірбаев атасының «Ақынға қара сөзден өлең оңай» дегеніндей, ең басты мақсат-мүддесін осылайша өрнектеген… Сезім селінен туған  туындылардыңқай-қайсысы да жан дүниеңді тербеп, әдемі әлемге жетелейді:

Ай да бүгін аласарып төбемізден төнеді,

Сәулешімді ұлықсатсыз қайта-қайта көреді.

Көлегейлеп жабар едім албыраған жар жүзін,

Бірақ менің өзімнің де көре бергім келеді.

                                                     («Ай да бүгін аласарып…»)

Шарасынан шыға шүпілдеген сезім бояуын не бәрі төрт жолға, яғни сыңар шумақ өлеңге сыйдырып жіберген. Бұл сөз зергерінің асқан шеберлігін көрсетсе керек.

Ықылымнан үзілмей бүгінге ұштасқан үлкен өмірдің формуласын мәңгілік муза сиқырлы сазымен жеткізіп жатқандай. Шерлі де, шежірелі шумақтар … Сәулелі де, селкеусіз сезімдер… Отты да, ордалы ойлар… Шуақты да, шырын жыр ұшқындары … Сөз жоқ – сағынасың, егілесің, күйзелесің, шаттанасың, мерейленесің, асқақтайсың, ойланасың! Шалқар шабыт иесінің күйсандық кеудесінен құйылған телегей теңіз туындылар – ғажайып лирикалар осылайша көңіл қылын шертіп, өксікті өмірдің тылсымын толғайды. Бір мезет тағы да ақын жүрегінің лүпіліне құлақ түрейікші:      

Екі әкенің, екі ананың ұлымын,

Екі ананың бірдей алдым жылуын.

Екі әкенің өжеттігін алдым мен,

Екі әкенің жығылмаған туымын.

 

Екі бірдей қуаныштай, өмірдей

Екіәкеге бала болдым мен бірдей.

Жербетіндежүріпкележатырмын,

Екіананыңмахаббатынсөндірмей!

                                                                          («Өзім жайлы сыр»)

Болмаған балалық шақты жасымай, езілмей, керсінше намысты өр рухпен жырлайды.

Домбыра ғана біліпті

Қазақтың барлық қайғысын.

Кімнің бар одан сүйікті,

Шаппай бер оның бәйгесін.

 

Қайтпаған шерін батырдың

Домбыра ғана қайтарды.

Айтпаған жырын ақынның

Домбыра ғана айта алды.

 

Атадан қалған сол мұра

Ұрпаққа бізді жалғай ма.

Әркімнің жаны домбыра,

Тек тарта білер қол қайда?!

              («Домбыра»)

«Домбыра» мен «Ана тілі» толғамдарында ұлттық құндылықтарымызды, киелі де қасиетті мұраларымызды өлең өзегіне айналдырады.

Бір ауыз сөз үйреніпсің бүгін де

Менің ана тілімде.

Қазақ болып туғаннан соң, бөбегім,

Қазақ болып өлген жақсы түбінде.

 

Барлық тілді үйренерсің сен әлі,

Жігіт болып саналы.

Кайда жүрсең өз еліңді ұмытпа,

Өз еліңнің туын көтер жоғары.

 

Мен анамды ұғындым деп мақтанам,

Тілін білдім, жырын білдім сақтаған.

Өз анасын сыйламаған пақырлар,

Отанын да сыйлап көрген жоқ, балам.

 

Ұлым, менің бұл сөзіме бағарсың,

Жанар кезде өзің де от боп жанарсың.

Менің қазақ жүрегімді ал, тілімді ұқ,

Ал басқасын өзің тауып аларсың!

(«Ана тілі»)

 

***

Ақ шашты атадан қорқам,

Өзімде сондайболам-ау деп.

Мүрделіжотаданқорқам,

Мен де сондақалам-ау деп,

Кім есіркер қартайсақ балам-ау, — деп.

 

Шимай-шимай әжімнен қорқам,

Бетіме менің көшеді-ау деп.

Күлімдеген көзімнен қорқам,

Оның да оты өшеді-ау деп,

Заманыммененкөшеді-ау деп.

 

Сықырлаған таяқтан қорқам,

Бір күн қолға алам-ау деп.

Тықылдаған сағаттан қорқам,

Бір күні тоқтап қалады-ау деп,

Уақытзулапбарады-ау деп.

 

Қырқадағы гүлдерден қорқам,

Күз келсе бәрі солады-ау деп.

Зулаған жүйрік күндерден қорқам,

Қанаты бір күн талады-ау деп,

Көтеремін баланы: –Әу,– деп.

 

Лап етіп өшкен сезімнен қорқам,

Түбіме менің жетеді-ау деп.

Бәрінен де өзімнен қорқам,

Көп күнім бекер өтеді-ау деп.

Уақыттастапкетеді-ау деп.

                               («Қорқам…»)

Үлкен өмір пәлсапасын, думаны мен қызығы мол ғұмыр белестерін жасындай жарқылдаған жыр ұшқындарымен өрнектеген халықтық терме үлгісінде жазылған мына өлең  әр қырынан айшықты кестеленген. Кейде маған мынадай ой келеді « Тұмағаң жүрек сырын тым ертерек айтқан ба?» Бұл күнде қалың көпшіліктің жүрегіне ұялаған ән-термені Халық әртісі, еліміздің ерке әншісі Мақпал Жүнісова нәсіне келтіріп орындап жүр.

Кітаптанкітапқа көшіп, жинақтан жинаққа ауысып, қойын дәптерден қойын дәптерге көшіріліп талай ұрпақтың рухани азығына айналған антологиялық өлеңдердің бір шоғырын үзіп-жұлмай Тұмағаңның жыр сөресіне түздік. Ой көзімен қараңызшы,қалайша қуанбайсың ?!

Осы үрдіспен әлі де ондаған, жүздеген ән-жырдың таңдаулыларын іріктеуге болар еді. Өйтпедік! Себебі, атақ-даңқы дүрілдеп тұрған дүлдүлдің өнернамасын биік бағалаған әділет пен адалдықтың алдаспан ақсақалы Әбділда Тәжібаев:«Тындырғаны орасан зор Тұманбай қазақ әдебиетінің ырысы емес пе!» дегенін есімізден шығармалық. Сондықтан да біз жыр қайраткерінің Италия, Германия, Анадолы, Араб елдері мен Тынық мұхит сапарында дүниеге келген лирикаларына тоқталмадық.

Ойы ұшқыр, қиялы бай, халқының сүйікті ақыны Тұманбай Молдағалиев әдеттегі қаламдас әріптестері тәрізді көптеген поэмалар мен дастандар жазғаны мәлім. Орайлы тұста есімізге түскендерін үкілеп атай кеткенді жөн көрдім. Кейінгі толқын – жас буынның білгені абзал. Ұлттық рухымызды әр қырынан жарқыратып дәріптеуге, кейінгі лекті ата-баба жолын әспеттеуге, өткеніміз бен бастан кешкенімізді әрдайым қастерлеуге үндеуге бағыт-бағдар сілтейтін ақын мұраларының орны алабөтен. « Әкеммен сырласу», «Атанбай Ата», «Қыран дала», «Қарасай батыр», «Феруза туралы жыр», «Алтай – Оспан», «Бармысың жер бетінде,бауырласым», «Әлия,әпке», «Дүйсенбі ақын», «Әлтай апке», «Сағынғанда анамды» т.б. кесек шығармаларынан автордың қалыптасқан оқшау өзіндік қолтаңбасын аңғарамыз. Оқиғаны дамытып, ой өрбітудегі ақынның ізденісі көзге ә дегеннен шалынады. Шеберлігін шыңдаудағы Тұманбай ақынның тың өрістерге кеңінен құлаш сермегенін көрсетеді. Әңгімеміздің тұздығы рететінде поэмалардан үздік ой иірімдерін айғақтар мысалдарды әдейі келтірмедім. Есесіне Тұмағаңның жыр-дестесін ажарлай түсетін зерлі де, лағыл ой ұшқындарын, мөлдір моншақтай жарқылдаған сәулелі  тіркестерін, сезім қылын тербеген нәзік сөз- нақыштарын, сұлу да  сиқыр сөзден өлең болып өрілген бейнелі ой-үзіктерін назарларыңызға  ұсындық. Жітірек ықылас қойып оқиықшы.

«Туымыз да қазақша,Сөйлеп тұрған секілді», «Мен елімнің ұнатам ер мінезін, Көпке қызмет жасаймын жалғыз өзім», «Сылдыр-сылдыр бұлақ екеш бұлақ та, Асығыспын –дегендей бір құлаққа», «Көзімді жұмсам да көрем сені, Еседі арманның қоңыр желі», «Тұс киізге жайнатып түсіріпті-ау,Туған жердің жайнатып жасыл кезін», «Тау баласы жалтақтауды білмейді, Тағдырын да сол биікке сынатқан», «Сол қалпыңда жүрегімде тұрсың сен, Көкірегімнен дем боп шықтың, күрсінсем», «Тілдесуден қайран ару қорқа ма,Төмен қарап мен қасынан өткенде?!», «Жетім қозы бар қозыдан жасқаншақ, Көзінде оның тұрады ылғи жас моншақ», «Ойнасын мейлі, менімен тағдыр егессін, Бөлмеде күздің денемді қарып желі ессін», «Тағы келді ғой құстар ән салып, Тұрмын оларды жалғыз қарсы алып», «Мен осы әйел үшін ақын болып, Өмірді әйел үшін жақсы көрдім», «Зулайды күндер, күндерім менің зулайды, Әр күнім менің – жырымның жаңа шумағы», «Мен бір әнді жақсы көрем, мен бұл әнді ұғынам, Бесіктегі бөбек әні– дүниедегі сұлу ән!».

…Мына қызықты қараңыз. Ақын ағаның өзі жырлағандай, зулаған күндер бізді төрт жылдан кейін бір шаңырақтық астында қайта қауыштырды. Үшінші курсты бітірер-бітірместен жас қаламгерлердің киелі ұстаханасы «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас Алаш» газеті) тұяғымды іліндіргенде мені алғашқылардың бірі болып Тұманбай ағамның құттықтап, «ақ жол» тілегені есімде.

Ой, Жанат бауырым, «Ленжасқа» қызметке орналасыпсың. Қандай жақсы болған?! Мен де ортада еңбек жолымды бастағам. Әдебиет бөлімінде бар-жоғы екі ай,  екі күн жұмыс жасасам да, өзімді қасиетті үлкен мектептің көрігінде шыңдалдым дей аламын, – деді ол жадырай жымыңдап. – Мен ақынмын ғой. Өз үйіріме ертерек қосылуды ойладым. Ал сенің, журналистік жолың ғұмырлы әрі ұзақ болғай!..

Сөйтіп «Коммунистік-63» (қазіргі Абылайхан даңғылы)  пен  Жібек жолы көшелерінің бұрышындағы үш қабатты «Минздрав» ғимаратында жайғасқан жастар басылымында газет кестіруді бастадым. Тұмағаң болса, «Балдырған» журналында поэзия басқарады екен. Кейінірек өткен ғасырдың, жетпісінші жылдардың басында атақты Көкбазардың түбіндегі архитектураның ең соңғы озық үлгісімен бой көтерген баспасөз үйі пайдалануға берілгенде Алматының әр түпкірінде шашырап саяқ жүрген отыз- отыз бес газет-журнал бір шатырдың астына жиналдық. Жаңа зәулім ғимаратта журналистер мен полиграфистер үшін барлық жағдай қарастырылған. Мәдениет үйі, спорт сарайы, газет-журналдар баспаханасы, дәрігерлік бөлімшелер мен асхана-кафелер, т.б. әлеуметтік — тұрмыстық сан алуан нысандар бір маңда шоғырланған.

Республикалық партиялық басылымдар төменгі этаждарда жайғасса, біздің «Лениншіл жас» газеті жетінші, ал «Балдырған» журналы тоғызыншы қабатта қысылып- қымтырылмай даңғарадай-даңғарадай жайлы да жарық кабинеттерді иелендік. Шығармашылық адамдары үшін бұрын-соңды болмаған, нағыз шабыттың ұясына айналған қаламгерлер ортасында өзіміздің сүйікті ақынымыз Тұмағаң да ай маңдайын жарқыратып, алшаң-алшаң басып жүруші еді. Үлкен өмірдің соқпақ -сүрлеулерінде тағдыр жолымыз осылайша тоғысқан. Оның жалын жүрегінен туған әр өлеңі, әр жыры, әр дастаны, әр әні, әр жинағы, әр кітабы менің көз алдымда… Бейнелеп жеткізсем барша қазағының  жүрегінде… Оның бәрін бірдей көгендеп тізбей-ақ, елеулілерін ғана атайықшы…

Ақынның қаламынан туған «Студент дәптері», «Кәмила», «Құралай», «Алатау қызы», «Зулайды күндер», «Жаңа дәптер», «Шақырады жаз мені», «Қош, көктем», «Жүрек ояу қашанда», «Хаттар, хаттар», «Махаббат оты сөнбейді», «Мен де жиырма жаста едім», «Құстар қайтып келеді», «Таудан түскен сәуле», «Жиырма бесінші көктем», «Жүректегі жазулар», «Тынық мұхит дәптері», «Сарыала күз келгенде», «Туған елім–тірегім», «Сағындырған көктемдер», «Шыңдағы гүлдер», «Қар жауып тұр», «Ұмытпа мені» сияқты жыр жинақтары – ондаған ғасырлық тарихы бар қазақ жырына олжа салған, оқырман қауымның жүрегіне жол тапқан, әдебиетіміздің алтын қазынасына айналған өлмес шығармалар. 2017 жылы жарық көрген ақынның  24 томдық шығармалар жинағы осы сөзіміздің айқын дәлелі. Қазақ жырының ары мен абыройын арқалап, ұлттық поэзиямызды әлемдік биікке көтерген, саналуан саңлақтарымыздың біріне айналған көркемсөз шеберінің өзгеше бітімі мен өрісті поэзиялық әлемі туған халқымен бірге жасары даусыз.

Қазақтың мәшһүр шайыры Тұманбай Молдағалиевтің жыр жәрмеңкесін жарқыратып ,байытып, айрықша даралар ән-өлеңдеріне тоқталмау мүмкін емес-ау. Осы орайда қалың көпшіліктің үлкен-кішісінің ыстық ықыласына бөленіп, жүректеріне ұялаған ғажайып әндер шоғыры тіл ұшына оралатыны анық. Ілкі мезетте Тұмағаңның сыршыл жүрегінен шыққан көл-көсір дүниелерді түгендей алмасымыз және аян. Сұлу сөздің сақиы ән- өлеңінің эталоны іспетті талай шырын шығармалар жазды. Өйткені олардың ұзын саны бес жүзге барып жығылады…Реті келіп тұрғанда құлағдар ете кетейін. «Әннің мәтіні» деген түсінік қарабайырлау естіледі, әрі нақты ұғымды дәл бейнелей алмайды…

Қанеки, есімізге түскендерін ғана тізейікші. Олар – «Әнім сен едің», «Отан– Ана», «Бақыт құшағында», «Құстар қайтып келе жатыр», «Шақырады көктем», «Алатау қызы», «Екі жұлдыз», «Қар жауып тұр», «Қарылғаш туралы ән», «Алматы түні», «Куә бол», «Қайран, менің жүрегім», «Жан досым», «Ертіс вальсі» , «Қаздар қайтқанда», «Жан анам», «Қалайша байқамаймыз?», «Тықылдаған сағаттан қорқам…», «Жүрек сыры», «Құстар қайтып барады»… тағытағылар. Кіл жауһарлар мен інжулер…Әрқайсысы аңызға бергісіз бір-бір әңгіме-новелла, әрқайсысы көңіл күйін шертер хикая. Ауыл кешінің аспанын арайлы нұрға шомылдырған да, той-думанның шаттығын дабылдатып, жабығып-қамыққан сәтімізде жаныңа серік болған да  осы тамаша әндер еді ғой. Талай сахна саңылақтарының маңдайын жарқыратып, өнерге ғашық жастардың жұлдызын жаққаны  да  мәлім. Кезінде жоғарыдағы ғұмырлы әндердің дені «хитке» айналғанын білеміз.

Сөз жоқ  сүйікті менің оқырманым, осынау тылсынға толы тағдырлы туындыларды ауызға алған сайын, іштей сізде ыңылдап әндетіп отырсыз. Әсем де, әуезді саздың ырғағына қосылып қалай тербелгеніңді де аңғармайсыздар-ау?!Бұл–сезім селінің қуатынан туған өлмес-өшпес киелі мұраның қасиеті болса керек. Сыйқыр сөздің зергері Ғабит Мүсіреповше тәпсірлесек: «Отырған орыныңнан ұшырып тұрғызатын сезім – поэзия, ән-жыр құдіреті, поэзия биігі».

Не бәрі үш-төрт шумаққа тұтас  өмірдің өзегін өріп жіберген шайырдың хас шеберлігін айғақтары даусыз. Ойымыз орта қалпында қалмасын, қордалы пікірімізді шегендей түселік. Әлмисақтан келе жатқан темірқазық қағида: «Үштік одақтың, яғни сазгер, ақын және әншінің  өзіндік ізденіс-қабілеті үйлесімді құп қосылғанда ғана жақсы, сәтті шығарма  дүниеге келеді». Міне, осы жағынан саралағанда Тұмағаңның дара қолтаңбасы әрдайым  атойлап шалынатынын қуана айтар едік. Өйткені, ол өте сезімтал, аса сергек, әр сөзінің жұмбақ та, сыйқыр сыңғырына дейін жүрек көзімен қарайды. Бұл жөнінде қара сөздің  қаймағын  қалқыған ардақты абыз ағамыз Әкім  Тарази мейлінше ашық, әрі дөп жеткізген. Назарымызды аударып, жанарымызды бірге жүгіртейікші:«Тұманбай екеуміз замандас болғандықтан арамыздағы достық қарым-қатынас ешқашан үзілген емес. Бірде алыс, ал енді бірде жақында жүрген жайымыз бар. Бірақ та қаламдас әріптес туралы пікірім өзгеріп көрмепті. Бейнелеп айтсам, көптеген ақындар ақ қағазға көк сиясын малып отырып өлең жазса, Тұманбай тек жүрегімен жазатын еді. Ол өзінің ғажап болмысын, ішкі жан-дүниесін, сырлы сезімін бір-екі жолмен айтып түсіндірген адам. Ол өзі «Қырда менің бір тойым өтіп жатыр, Көңілімнің көкпарын ала қашып», дейді. Тағдырлы тұлғаның бар өмірі осы қос өрімге сыйып тұрған сияқты. Тұманбай өзін халқымен бірге, қазағының баласымен бірге сезінген адам».

Қазақ музыкасының корифейлері Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқов бастаған, Тұманбай ақынмен  ынтымақ-бірлікте жемісті жұмыс істеген композиторларды  атап кеткен жөн шығар. Еркеғали Рахмадиев, Әсет Бейсеуов, Кеңес Дүйсекеев, Теміржан Базарбаев,  Бекен Жамақаев, Әшірхан Телғазиев, Мұрат Құсайынов, Ержан Белғожиев, Бағлан Омаров секілді ұлттық ән әлемінің абыройын  асқақтатып, көсегесін көтерген таланттардың  есімдерін ілтипатпен атаймыз. Ұлттық өнеріміздің атақ-даңқын бүкіл әлемге әйгілеген «Дос-Мұқасан»,  «Айгүл» мен «Мұзарт» ансамбльдерінің  орны ерек-ақ…

Қаршадайынан өмірдің өксікті өткелектерін, небір қиын-қыстау сынақтарын бастан өткізген Тұмағаң тек өлең жазып, қара бастың жайын күйттеген емес. Соңынан ерген талантты толқын-толқын буынға ардақты ұстаз бола білді. Қол қусырып отыруды табиғатынан құп көрмейтін ол жеткіншек өрімтал өрендерден бастап, алаулаған албырт жастар легіне үлгі-өнеге  көрсетуді темірқазық нысана еткен аса қамқор жан. Оған айғақ ретінде өмірбаян деректерінен келтірілген төмендегі үзіктерді ұсынғым келді. «Пионер», «Балдырған» журналдарында тер төккен ол Қазақстан Жазушылар одағында, «Жазушы» баспасында қызмет атқарды. Еліміздегі ең таңдаулы басылым «Жалын»  журналының дәуірлеп тұрған шағында Бас редакторлық тізгінді Тұмағаңның ұстағанын ұмытпаған жөн.

Өлеңге ғашық, жырға құштар көптеген жастардың тұсауын Тұманбай Молдағалиев кесен болатын.

Уақыт керуені ешқашан тоқтамайды. Ілгері тарта бермек. Тұмағаң мандайынан сипаған шәкірттерінің өздері ақсақалдық абыройлы асқарларына қол созса, кейінгілері ағалық мәртебелі биіктеріне көтеріліп отыр. Неткен бақыт, неткен ғанибет!

Қашан да ойды ой оятса керек. Ардақты Ақын аға хақында осынау эссені ұзақ толғаттым. Столға отырмай, қағазға үңілгеніме біраз болған. Қалам иесіне ең қажетті маңдайдағы қос шырағың. Бірақ…Бүкіл ғұмыры қағаз бен кітапқа тесілумен өткен көзінің «майы» таусылып, пұшайман халге түскенде өткеніңді аңсайсың-ау. Шабыттанған шағыңда отыра қалып оңды-солды еркін сілтейтін сәттерімді қиялдап үйреншікті әдетіммен қойын дәптерімдегі ертеректе түртіп қойған жалғыз ауыз өлең жолын көзім шалып қалды. «Жырым мені ешқашан өлтірмейді…» Бірден есіме түскен. Бұл – Тұманбай ағаның жүрегінен шыққан әйгілі «Қайран, менің жүрегім…»  ән-өлеңінің ұшқын жолы ғой. Осыдан он төрт жыл бұрын таңбалаппын. Қазір күн сайын болмасын екі күннің бірінде көгілдір экраннан, я болмаса радио эфирлерінен тыңдап тұрамыз.

Сезім қылын қозғаған осы ой үзігін тақырып етіп, Тұманбай ағаның шығармашылық әлемі төңірегінде қалам тербегім келгені рас. Оған басты себеп –ақынмен соңғы кездесу. Әуелде лездеақ парақ бетіне түсіріп тастаймын-ау деген алып-ұшпа ниетімнің созылып кеткенін кім біліпті?!

…Иә, мизам шуағына малынған Алматының қоңыр күзі. Қалыптасқан ғадетіміз бойынша Жанна екеуіміз бауыр басқан шаһарда кезекті еңбек демалысымызды өткіздік.  Жақын-туыстарды аралап, жастық дәуреніміздің куәсі болған дос- жарандармен қауышып арқа-жарқа мәзбіз. Қолымыз қалт еткен бір тұста Абай мен Гагарин даңғылдарының бұрышындағы Баспалар үйіне асықтық. Жақау, Ақкөл, Ырым, Есенғали секілді достардың мүбарак қолдарын қысып,  шүйіркелесіп шыққымыз келді. Сарыала жапырақтар үздіксіз жауып тұр. Үп еткен лепке риза-хош, сыңғырлап күбір-күбір сыбырлайды…

Бүкіл қазақтың рухани қазынасын, алтын мұрасын шығарып жатқан ақын-жазушылардың қасиетті мекен-жайының ауласына жете бергенде алдымыздан  ақ плащының қос етегі желпілдеп Тұманбай аға жарқылдап қарсы алған:

– Оу, Жанатжан, қол ұстасып аман-есен жеттіңдер ме? Жігіттердің халдары қалай?

Астанада не жаңалық? Сарыарқаның сары желіне үйрендіңдер ме? Менің аға-досым, курстасым Нұрғожа Ораздың хал-жағдайы нешік? Өздеріңе, «Егеменге» бас сұғып тұратын шығар…

Әрине, әрине … Бәрі-бәрі ойдағыдай… Нұрғожа досыңыз да жұрт қатарлы жүріп жатыр.Жақында Қызылжарда белгілі қаламгер Жарасбай Сүлейменовтің тойында бірге болдық. Қасында Кәкімбек Салықов аға бар…

– Астанаға кетіп қалғалы өздеріңмен сирек ұшырасамыз. Қайда жүрсеңдер де аман болыңдаршы, айналайындар…

Сағынышқа толы сауалдар. Сарыала жапырақтармен жарыса жауған. Ару қала, әсем қала, мейірімді қаланың барлық шуағы бал-бұл жанған ақын ағаның жүзіне көшкендей. Ерекше қуанышты, бөлекше бақытты… Сол бәз-баяғы қамқор қалпы…

Мүлдем күтпеген кездесу біздің де еңсемізді көтеріп жібергені анық…

Араға апта аралатпай – он бірінші жылы  10 қазан күні Жазушылар одағына, Нұрлан досқа, Оразалинге, жолығып шықпақшы болдым. Ежелгі сыралғы құрдас қауқылдасып, ақ -пейілін ақтарып, өткен-кеткенді қуана жаңғырту да. Әңгімеміз енді қызып келе жатқанда үнсіз тұрған қалалық телефон шырылдап қоя берді. Трубканы көтерген Нұрланның бет-әлпеті табанда бұзылып, әлгіндегі жарқылдаған үні де әбіржіңкіреп естілген:

– Ә-ә, не дейсің?! Жаңылмасам алдыңғы күні ,иә тура екі күн бұрын өзі телефондаған…

Құдай-ау, мұндай да болады екен ғой… Таң атқалы орнымда тапжылмай отырмын. Неғып осындағылардың біреуісі хабарласпай жатыр?.. Жарайды… Естімеген-ау,  шамасы…

Орнынан тұрып кеткен бойда:

–Тұманбай аға дүниеден озыпты… Қарағандыдан звандап жатыр,–деді Нұрлан күйзеле.

– Ойпырмай-ай, біз осыдан бір жеті бұрын ғана Баспалар үйіне барғанда кездесіп, шұрқырасып қалған едік, – дедім  мен де тыпыршып…

– Жәке, шынымен жыр мұнарасының құлағаны ма? Сенесің бе, сенбейсің бе? Екі-үш күн бұрын соткама өзі шыққан еді…

Артық ештеңе айтпады, ауру-сырқаудан да аман-есен секілді еді…

Қазанның  қарашаға ұласар өліарасында өзің өмір-бақи сүйіп жырлаған құстарға ілесіп қайтпас сапарға аттанғаның ба, қайран Тұмаға?! Жалған дүние осылайша өкіндіре бересің бе?..

–Жоқ, олай ойлама! Көзі тірісінде-ақ Тұманбай аға «Жырым мені ешқашан өлтірмейді…» деді емес пе? Қазақтың көгінде ән-жыры тұрғанда оның есімі де халқымен бірге мәңгі жасайды. Шүкір де…

–Өте дұрыс айтасың, достым! Қос жанары мөлтілдеген жас моншақтарына тұнған Нұрлан тез сілкінген. – Ендігі жерде оның аты-жөнін өмірге екі келмейтін, өлмейтіндер қатарында әрдайым құрметпен атайтын боламыз.

Мен үн-түнсіз басымды изедім. Көз алдыма алғашқы кездесу мен соңғы жүздесудің аралығындағы ұзақ та, ғұмырлы жолдың бел-белестері,  Алаштың ардақты ақыны Тұмағаңмен ұшырасқан әрқилы жағдаяттар мен тілдесулердің бәрі-бәрі қаз-қалпында көлбеңдей берген, көлбеңдей берген. Жадыда өшпестей қашалып қалған қас-қағымдық сәттердің біразын жаңғырттым. Журналистика жұмбағының өзі осы рәуіштес айшықты деталь-деректермен өрнектеліп, елеулі-елеусіз, ұсақ-түйек штрих-құрақшалармен  кестеленіп зерленсе керек.

Көмейіме лықсып толған  ой-пікірлердің жүрек  сүзгісінен өткендерін ғана назарыңа  ұсынуға  тырыстым,  сүйікті менің оқырманым. Қалай  қабылдайсыз өз құзырығыңызда. Сөйтседағы әдемі әңгімеміздің  әдібін  бұзбай  Тұманбай  Молдағалиев  хақындағы шалқымамды қазақ  сөз  өнерінің  данагөйі  Мұзафар Әлімбаевтың  қордалы пікірімен   түйіндеуді  жөн көрдім:

–Тұманбай ойшыл ақын. Біздің қазақ халқының маңдайына біткен ойшылдық, талғампаздық сонау ұлы жыраулардан басталған ғой. Сол дәстүрімізді жалғастырушылардың бірі емес-ау, бірегейі ретінде мен оның есімін құрметпен атар едім. Ол балалардың да сүйікті бағбаны бола білді. Мысалы, сен дейді, ұлға ұнамасаң халқыңа ұнамайсың. Ал енді осында ата-бабаны тәрбиелейтін, қалай тәрбиелесе ұлдары ата-аналарын тәрбиелеп жатыр, дейтін екінші бір қырынан алғанда философиялық ойды Тұманбай екі-ақ жолға сыйғызған. Елі-жұрты көзі тірісінде-ақ Тұманбайды ұлы талант деп таныды емес пе?! Ендеше, осы ойға қосылғанымыз жөн шығар.

Рас. Біз бұл пікірге дау айта алмаймыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *