ЖОҚШЫНЫҢ ЖОРЫҒЫ немесе жоғалған руханиятты іздеу саяхаты ЖОҚШЫНЫҢ ЖОРЫҒЫ немесе жоғалған руханиятты іздеу саяхаты
  Мұхан ИСАХАН, 1978 жылы Түркістан облысы Ордабасы ауданында туған. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ заң факультетін, құқықтану магистратурасын бітірген. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті Дінтану... ЖОҚШЫНЫҢ ЖОРЫҒЫ немесе жоғалған руханиятты іздеу саяхаты

 

Мұхан ИСАХАН,

1978 жылы Түркістан облысы Ордабасы ауданында туған. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ заң факультетін, құқықтану магистратурасын бітірген. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті Дінтану кафедрасының оқытушысы. ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңы жобасын әзірлеуде қоғамдық комиссия мүшесі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған Ғұламалар Кеңесі мен Сарапшылар Кеңесінің мүшесі.

Аманатқа адалдық

 

Күн найза бойы көтерілгеннен Ихсануллах пір дамыл таппайды. Келім-кетім кісінің қарасы күндегідей толастар емес. Мұндайда таңғы оразасын ашып болған Жоқшы төңірекке көз салып, қышлақты бір аралап шығады. Көктем шықпаса да, егістік алқапқа көн жатқызып, алдын-ала қамданып жатқан түрікпен қыз-келіншектердің тіршілігіне еріксіз сүйсінесің. Ер-азаматтар Құндыз дариясынан қышлаққа жырып әкелген оман-арықтарды кетпен-күрекпен тазалап, қам-қарекет қылуда. Қалай-Зал халқының еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін еңбекқор. Бәрекелдіні айтып, қастарынан сүйсініп өтесің. Қара терге малшынған шаруаны көріп, еңбегінің рәтін көрсе екен деп тілейсің.

Дәргаһқа оралып, күні бойы Ихсануллах пірдің қаламынан туған «Әр-рисалатуд дәрурият фи тарихийатил Ясауийат» атты трактаттағы мағлұматтарға көз жүгіртіп шықтым. Кітаптың кіріспесінде Хақ Елшісінен (с.ғ.с) бермен қарай бүр жарған алтын шынжыр өкілдері қаз-қатар тізбектелген. Бұл тізбекті Ф.Көпірұлы, Е.Ераслан, Н.Тосун т.б. зерттеушілердің еңбектерінде берілген силсиламен салыстырып көрдім. Баршасында Алла Елшісінен (с.ғ.с) төмен құлдилап келіп 29-шы тізбектегі Қожа Мұхаммед Шәриф Хусейнге (1697 ж.қ.б) дейінгі алтын шынжыр өкілдерінің тізбегі бірдей. Одан кейін «Әр-рисалатуд дәрурият фи тарихийатил Ясауийат» трактаты бойынша Шейх Арслан Қоқандиден басталып, Әмір Шах Қарши, Сайид Кәміл дәруіш (1816 ж.т), Мұхаммед Сабыр Тирмизи (1808-1866), Қожа Сәлахаддин ата (1915 ж.қ.б), Мұхаммед Шәриф ата (1958 ж.қ.б), Дамла Гөк (1991 ж.қ.б), Ораз Мұхаммед (2018 ж.қ.б), Ихсануллах Ахрарға (1981 ж.т) дейін селбесетін бөгенайы бөлек тың тізбек бедерленген. Бір өкініштісі аталған сой-есімдер хақында ауызша мағлұматтар ғана сақталған. Әзірге олар жөнінде құжаттық деректер табылған емес. Әйткенмен, «Әр-рисалатуд дәрурият фи тарихийатил Ясауийат» трактатына сол тізбек иелерінің сопылық ілім туралы соны тұжырымдары енген. Оның өзіне дәтке қуат демеске шарамыз жоқ. Ал, ең үлкен сүйініш – бұл тізбектің соңғы өкілі Ихсануллах Ахрардың алтын шынжырға байланған ұлы аманатты бүгінгі күнге аман-есен жеткізуі.

Екі жылдан бері Ихсануллах пірдің түр-тұлғасын, кісілік келбетін, діни көзқарастарын барынша бажайлап зерттеп келемін. Кәлам және фиқһ бойынша қойған сұрақтарыма дәстүрлі Ханафи-Матуриди мәзһабы бойынша жауап алып жүрдім. Десе де, базбір сауалымды зердесіне салып, зейініне қондырып, талқылап, тақымдап барып тұжырым айтады. Сондай сауалымның бірі жылқы етіне қатысты еді. Өйткені, Ауған халқы жылқы етін мәкрүһқа балап, оны қорек қылуға ада-күде қарсы. Осыны біліп, қайтер екен деп, өзімше тығырыққа тіреген болып сауал тастағам. Ихсануллах пір:

  • Пайғамбар (с.ғ.с) заманында жылқы малы жүйрік көлік құралы ретінде пайдаланылды. Қазіргі кезде оның орнын автокөлік, отарба, ұшақ т.б. құралдар жоқтатып тұрған жоқ. Тіпті, ілгеріге қарағанда заманауи көлік құралдары ширақ, ылдым-жылдым тез қимылдайды. Сол себепті, қылқұйрықтың орнын басқан қолжетімді балама құралдар бар болғандықтан, меніңше жылқы етімен қоректену әбес емес. Әрине, ақиқаты Алла-тағалаға мәлім, – деп қысқа-нұсқа, көңілге қонымды жауап берді.

Қалай шиырсаңда алшысынан түсетін жампозым небір қитұрқы сұрақтарыма көңіл пернесін дөп басып, хәл-хикметпен жауап айтады. Тапқырлығымен таласа алмайтындай мойынсал күйге түсіреді. Манаураған маңғаз пейілім әгарәки бір сүрінгенін аңғарса, әлдеқашан қолды бір-ақ сілтейтін еді. Қызықтырған, құнықтырған, біз пақырды Құндыз айдап әкелген де осы бір түрікпен жігіттің Ясауи сүлігіне сай сопылықты ұстануы, соқталы ой-пікір айта алуы, шарғы басының мейіріміңді қандырардай көркемдікке көмкерілуі, зеңгір көктей зеректігі, ақылға өрілген айтқыштығы десем қылдай өтірік емес.

Ымырт түсе ықыласым артып, дәргаһтан даңғайыр шындықтың шымылдығы түрілердей санамды түріп, сабырсызданып мен отырмын. Күндегідей сопылардың софрасынан кешкі асты ішіп болдық. Құптан намазынан кейін Ихсануллах пір оңаша отырып, зікір қылды. Құран оқып, қол жайып, бата қайырысқаннан кейін кісі аяғы сиреп, дәргаһта бірлі-жарым сопылар ғана қалды. Олар әзірлеген сүт қатқан шайды ішіп отырып, кешегі үзілген сұқбатымызды қайта жалғадық. Cұқбатшымнан алтын шынжырға байланып қалай пір болғанын сұрадым. Әңгіме ауаны осы тақырыпқа тайятынын алдын-ала сезгендей Ихсануллах пір асықпай байыппен баян қылды.

  • Ораз Мұхаммед пірім өз өнегесімен дәйім мүриттерін қанаттандырып, бейопа тіршіліктің сан түрлі сынағына сағын сындырмастан самғап ұшып, тау қопарардай талаптандырып, соңынан ерген сопылардың рухани ләззат құшып, мелдегінен марқадам күй кешуіне құлшындырды. Оған ілескендердің көбі дүниенің өткінші қызығынан бас тартып, ғадауат ғұмырдың қазабатын бастан кешірсе де, ұдайы Ұлы Жаратушыны ұлықтап зікір салатын машұқтар еді. Олардың қалың бұқараның қажетіне жараудан өңге мұрат-мақсаты жоқ, көздегені нар тәуекелдің қайығына отырып, Хаққа сапар шегу, рухани кемелдену арқылы Алла-тағаланы танып білуге ұмтылу. Тіпті, осы жолда опат боп кетсе де, тағдырына разылық танытып, ұлы мұрат-мақсатынан зауық ала отырып, жансебіл рухта өмірден өтуге бел буатын. Бір сөзбен айтқанда, сопылардың сұрапыл пейілі жан-дүниеңде құйын тұрғызып, кеудеңдегі дүние қызықшылығына деген құмарлықты біржолата қуып шығады. Байыбына бара білгенге бұл мақам – кемелділік тұғырына нық орнығып, руханияттың зәу биігіне көтерілу деген сөз.

Осындай ғажайып ортаның көрігіне пісіп, отына күйіп, суығына тоңып, шар болаттай шыңдала бастаған шағымда, бірде Ораз Мұхаммед пірім өзінен кейін арықарай Ясауи сүлігіне иелік етуді аманаттайтынын ым-ишарамен жеткізді. Әуелгіде қатты шошынып, үзілді-кесілді қарсы болдым. Өйткені, дәргаһтағы деңгейі тым жоғары машұқ сопылармен өзімді салыстырып көруге де ұялатынмын. Бірақ, пірім: «Мұның жауабын руханият береді» деп маған истихара жасауды нұсқады. Тақсырым таңдау қалдырмағаннан кейін амалсыз Алла-тағалаға жалбарынып, руханияттан жол көрсетуді сұрадым. Ораз Мұхаммед пірім тектен текке ишара жасамаған екен, руханият бұл ұлы аманатты маған арқалап жүруге шешім шығарып қойыпты. Бұлтаруға жол жоқ болған соң, өзімді лайық көрмесем де Мұхаммед Шәриф атадан қалған елтірі бөрікті (пірліктің символы) басыма киіп, еріксіз Ясауи сүлігін жалғастыруға келісімімді бердім. Көп ұзамай Ораз Мұхаммед пірім дүниеден өтті. Сонда барып, Ясауи сүлігіне мұрагер болудың ауыртпалығын шын сезіндім. Бұрын өзімнің рухани хәліммен әуре болсам, енді Ясауи сүлігіне қосылған мұқым жанға рухани жол көрсету, қормал болу уәзипасы менің мойныма ілінді, – деп Ихсануллах пір ауыр күрсініп, бір демін алды.

Осы үзілісті пайдаланып, орайы келіп тұрған соң, алдын ала хабарым болса да, «руханият» деп нені меңзеп отырғанын мазалап сұрадым. Ихсануллах пір аздап қабағын шытты. Иегі қышып, шықшыты бүлкілдеп, сұрақтың астына алып отырған мені жақтырмаған сыңай танытты. Әйтсе де, ақыры айтылды ғой деді ме, сөзін жалғап, сауалыма өз жауабын айтты.

  • Әуелі руханият көшінің басында Алла Елшісі – Мұхаммед (с.ғ.с) тұрады. Оның (с.ғ.с) атынан аян беріліп, түсіңе еніп, ишара білдірсе, ол – сөзсіз руханияттың шешімі. Тасаууф ілімі бойынша хәл-хикмет ілімін үйрететін жол бастаушы Қызырдан (ғ.с) аян берілсе, ол да талассыз руханияттың пәтуасы. Біздің сопылық тариқатымыздың негізін салушы қутуб-ул ақтаб – Құл Қожа Ахмет Ясауи аян беріп, түсімізге кірсе, оны да руханияттың қарары ретінде қабылдаймыз. Тап осылай Ясауи силсиласындағы кез-келген әулие-әнбиенің бірінен аян берілсе, бұл да руханияттың белгісі саналады. Одан бөлек біздің тариқатымызда абдал, шілтен, үш жүздікке кіретін руханият иелері бар. Олармен де рухани бас қосулар өткізіп, ортақ шешімдер қабылданады. Әйткенмен, айрықша айта кететін жәйт – рухани сырды сақтап, мәламилік қағидатты қатаң ұстауды Ясауи тариқаты әдепкі шарттарының бірі ретінде қарастырады. Оған ұсынақсыздық танытып, берік бола алмасаң орта жолда Мұсамен (ғ.с) қош айтысқан Қызыр (ғ.с) секілді руханият та сізден байланысын үзіп, біржолата ат құйрығын кеседі. Сол себепті, сыр сақтау – сопылық жолдың кілті іспетті. Одан айнысаң еңбегің еш, тұзың сор, – деп Ихсануллах пір мені бұдан әрі бұл сұрақпен мазалама дегендей кейіп білдірді.

 

Руханияттан бір үзік сыр

 

Пір болу – патшалық құру емес. Ол руханиятқа қызмет етуші кепиеті бөлек, қағанағы қасиетке тұнған қастерлі тұлға. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, алтын таққа жайғасып, асасымен жер тоқпақтайтын оны қаһарлы билеушіге ұқсатуға болмайды. Бір рулы елге бас-көз болған көреген қарияның өзінен өрген жапырақтарына қамқорлық танытатыны тәрізді пір де соңынан ілескен мүриттерінің руханият кәусарынан нәрленіп, кемелдене түсуіне ділгір, жайқалып өсуіне құмбыл тұрады. Оның бойынан қойын құрттап, айранын ұрттауға бейілді тек қара басының қамын жейтін кесапат мінездің ұшқынын көру әсте мүмкін емес. Керісінше елі үшін етінен ет кесіп беретін – сақи-жомарт, құлқынның емес күллі халықтың қамын ойлайтын – кәтепті қаранар, өзге үшін өзегін жарып беруге әзір – айбоз ұл дерсің. Шиырып айтқанда, бірадар бейнесін – шарғы басы үшін емес, шаршы топ үшін шыр-пыр болып жүретін шын пейілдің иесі һәм киесі деп түсінеміз.

Руханият көшіндегі қол бастаған қаранар – біз сөз етіп отырған қасбетінен бөлек, оның телегей-теңіз ілімі, еренғайып таным-түйсігі, хақиқат қабаттарына түгел иек артқан қадари хәл-мақамы, былайғы жұрт сезбегенді сезіп, көрмегенді көріп, аңғармағанды аңғаратын – алып-ерен ақиқат иесі болуы шарт. Әрбір істе Қызырмен (ғ.с) кеңесетін, қырық-шілтенімен септесетін, руханияттан аян-белгі алып, ақжарылып амал қылатын жанқиярлық екібастан қажет. Яки, көкірек көзі ояу, қазынасының қақпағы айқара ашық, Пәруадиргар мен пенде арасындағы перделердің сырына қанық, Жасаған ие жазған жазмыштан илаһи тәбәрік, Құдай-тағала қадарынан көл-көсір хикмет көре алатын даңғайыр данышпан ғана жаһанда пір бола алады. Бұл, дәрпі ұлықтаулы, даңқы жер жарған Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ізбасарларына қойған талабы, тариқаттың бұлжымас тәртібі, сопылық ілімнің ілкі қағида-шарттарының бірі. Ал, қосамжарлап айтар болсақ, машайық болудың машақатын бір ауыз сөзге сыйдыру мүмкін емес, одан арықарай іркес-тіркес селбесетін қағида-шарттары жетіп артылады.

Қособада қосауызды күлдір-мамайымен құндылық атаулыны көздеп, пірден тек ірілік іздеп отырған кірпияз кеуілім қарапайым да қоңторғай кейіпті мына кісінің бойынан сол кепиетті көре ала ма? Құл Қожа Ахмет Ясауиден мұра болып қалған зүбәражат ілімге оның кенересі толған ба? Қал (шариғат) ілімін түгел игеріп, хәл ілімінің киесі бойына қонған ба? Атан түйеге тән артықша қабілет, арыдағыны көре алатын айрықша қасиетке ие ме? Қара басынан қалың бұқараның қамын жоғары қойып, төсегінен түңіліп, жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет қылатын қас жақсының өзі ме? Арыған сайын арындап келіп тың шабатын арғымақтың баласы, артынан ерген қауымды Алламен қауыштырар адамзаттың данасы ма?

Иә, санамда сансыз сауал бөгіп жатыр. Ордалы жыланша бір-бірімен ұйысып-матасқан қалың сұрақтың ішінен ыңғайына қарай ысқаяқтық танытып, шоқпар бас белгінің бірі суырылып шығады. Сондай сауалдың бірін Ихсануллах пірді сынап көру үшін ортаға салып көрдім. Тариқатттың келешегін сөз ете отырып, алдағы уақытта дамыған елдердің бірінде өмір сүру ойында бар-жоғын білгім келді. Өзімше иә қытығына тиер, иә қызығушылық танытар деп ойлағам. Бірақ, біздің пендеуи назарымызды сабазың қыртына да алған жоқ. Тағы да өз руханиятынан бір үзік сыр шертті.

  • Өткен жылы Неждет Тосун мырза Ясауи тариқатының Ауғанстандағы силсиласы туралы мақала жазып, көпшілікке жария қылғаннан соң Түркия жақтан бір тыным болмады. Түрік бауырлар түрлі сұрақ қояды, түрлі ұсыныс айтады. Солардың бірі бөрілі байрақты ұлтшыл партияның өкілдері сайлау науқанының қызған шағында Ауған үкіметімен келісім жасап, Қалай-Залға айырпылан қондырып, мені Түркияға алып кетпек болды. Онда менің бар жағдайымды жасамаққа уәдені үйіп-төкті. Өзіңіз байқап көріп отырсыз, Ауғанстанның әлеуметтік ахуалы тым төмен. Материалдық тұрғыдан қарағанда, мұндай ұсынысқа ойланбастан бас шұлғуға болады. Алайда, әзелден Ясауи тариқатында әрбір іс бойынша руханиятпен кеңес ашып, соңыра шешім қабылданады. Ал, біздің руханиятымыз бұл ұсынысты қабыл алмады. Сөйтіп, түрік бауырлардың қолын кері қағуыма тура келді. Өйткені, Ясауи жолында саясатқа араласуға жол жоқ. Бұл өте-мөте қатерлі ойын. Онда не түрлі қитұрқы әрекеттер орын алады. Бас пайдаң үшін рухыңды кірлеттің бе, біткен жерің сол, руханият сені тәрк қылады. Сопылық жолда әлейім жұрттың үдәбарасынан бұрын руханият мәслихатының шешімі аса маңызды. Сол себепті, әзірге дамыған елдерге қоныс аудару ойыма кіріп шыққан емес, – деп Ихсануллах пір өз сорабынан жаңылмай жауап айтты.

Түн ортасына дейін сұқбаттың түңлігін түріп, қағылездік танытқан қаламсабым қалың сарбаздан қаз-қатар сап түзгендей қағаз бетіне шимай өрнек салыпты. Жазбама көз тастап, естіген мағлұматтарымды қайта-қайта екшеп, ой-тезінен өткізіп қоямын. Сұқбат берушімен екеуара әңгімеміздің көрігі қызғанымен, жарым түнде діңкем құрып, бойымда әл қалмады. Қос жанарым кіреукеленіп, көзіме ұйқы тығыла берді. Ал, қарсымдағы кісі таусылмастан әлі тың отыр. Біраздан соң, шаршағанымды байқап, мейманды бұдан әрі мазаламайын деп, қайырлы түн десіп, үйіне қайтты. Ал, мен болсам, көңілімде кеу-кеулеген сұрақтың біразының күрмеуін ағытқан болып, қалың ұйқыға кеттім.

 

Фәрияб, Жәузан, Мазари-Шәриф, Қалай-Зал

 

Таң алаукімде махалла мешіттерінің мұнарасынан шақырылған азан дауысы Қалай-Залдың тәмам халқын ұйқысынан оятады. Таң намазын оқып болып, таңғы оразасын ашқаннан соң түрікпен шаруалары біздегідей сағат тоғызды күтіп, керіліп-созылып жатпайды, дереу тіршілік қамына кіріседі. Жоқшы мұндайда апырақтап-тапырақтап, қышлақтың о шеті мен бұ шетіне қыдырыстайды. Алғашқы күндері жүріс-тұрысыма қарап, бөтен екенімді аңғарып, жұрт сұраулы кейіппен назар салатын. Бір-екі күннен кейін маңғаз мейманның бейсауыт жүрісіне олар да үйреністі. Жоқшы өзін емін-еркін сезініп, күн арқан бойы көтерілгенше қышлақта ары-бері серуен салады. Қолы бос қариялармен амандасып, әңгіме-дүкен құрып, көңілін аулайды. Қалай-Залға қаңғыбас қазақты қай Құдай айдап келгенін білгісі келіп, қариялар да жөн сұрасуға кет әрі емес кейіп танытады.

Кезіккен жұрттан Ихсануллах пір жөнінде сұраймын. Жасы да, жасамысы да оның Қалай-Зал халқының жанашыры екенін сөз қылады. Кімде-кім ауырып дімкәстанса анасы Қадиша екеуі шипалы шөптерден әзірлеген дәрі-дәрмекті ұсынады. Ем қонбай жатса, Құндыз барып, сырқатына қарай дәрігер нұсқаған дәрі-дәрмекті әкеп береді. Кеселдің дауасын таппайынша, тыным көрмейді. Егер, ішмерез, ойсоқты болып науқастанса, дем салады. Ішірткі жазып береді. Дұға қылуды үйретеді. Дәм-тұзы таусылып, біреу өмірден өтсе, арулап сүйегін жуып, жаназасын шығарады. Арықарай қайыр-ихсан жасап, асын өткізуді ұйымдастырады. Ыңыршағы айналып, күйі келмеген отбасыға ас-ауқатын беріп, отын-суын жеткізеді. Киімі жоққа киім, үйі жоққа үй әперуге ат салысады. Кімнің шарбағы қисайса, соны түзетеді. Қышлақтың ахуалын, ағайын-туыстың көңіл-күйін күзетеді. Бейне тар қолтықтан оқ тисе, иығын сүйеп, қызмет қылатын қас жақсының өзі дерсің.

Нысанамдағы кісі хақында жұрттан осылай жақсы сөз естіп, таңырқап, тамсанып шипаханаға ораламын. Келген соң ой қорытып, тариқат құндылықтарын түгендеуге тырысамын. Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың руханиятына тән не бар, не жоқ, ізденіс жасап, көрген-білгенімді ой-сорабынан өткіземін. «Әр-рисалатуд дәрурият фи тарихийатил Ясауийат» трактатына көз жүгіртіп, Ихсануллах пір ұстанған сопылық үрдісті ескі кітаптармен салыстырып көремін. Бір сәйкестік байқасам, өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей қуанамын. Көңілді күпті ететін тұстарын көрсем, шекем шибарқыттанып, сұрақ әзірлеймін. Өстіп күн ұзақ мерзім өтеді. Апақ-сапағын арқалап кеш те келіп жетеді.

Ясауи тариқатының Ауғанстандағы тарихына көз жіберсек, сопылардың бірнеше мәрте орын ауыстырып, Фәрияб, Жәузан, Мазари-Шәриф, Қалай-Залда көшіп-қонып жүргенін аңғарасың. Қайта-қайта ары-бері көшіп-қонуға не түрткі болды? Саяси ахуалдың салқыны ма, әлде оған әлеуметтік жағдай итермеледі ме? Бәлкім, біз білмейтін діни-рухани себебі бар ма? Бүгінгі сұқбаттың беташары ретінде осы сауалды ортаға тастадым. Ихсануллах пір іркілген жоқ, өз білгенін жария қылды.

  • Иә, Мұхаммед Шәриф ата тұсында Ясауи сүлігін ұстаған сопылар Фәриябта ашылған дәргаһта бас қосатын. Ал, Дамла Гөк дәуірінде Жәузанда жиын өткізіп жүрді. Ораз Мұхаммед пірдің кезінде көбінде Мазари-Шәрифте ашылған дәргаһты орталық етті. Біз пақыр иджаза алғанымызда осы Мазари-Шәрифтегі дәргаһ Ясауи тариқаты сопыларының бас қосатын негізгі ордасы еді. Қазіргі уақытта аздаған сопылар ара-тұра Қалай-Залда алқа құрып, жиналыс жасайды. Әсілі, Мазари-Шәрифтен Қалай-Залға ойысуымыздың себебі, Сирияда жеңіліске ұшыраған ДАЙШ содырлары 2018 жылы Ауғанстанға ауыз салды. Келе-сала өздеріне қосылмаған сопыларды тұқыртып, олардың теккелерінің шәт-шәлекейін шығарды. Сақтық жасап, Мазари-Шәрифтегі дәргаһты жауып, туып өскен жерім Қалай-Залға қоныс аударуға мәжбүр болдым.

Ал, тәліптер билікке келген 2022 жылы Қалай-Зал халқы күркіреуік соғыстан көш ашпады. Әуелі ДАЙШ содырлары мен үкімет әскері қақтығысса, соңыра бірнеше ай бойы тәліптер мен үкімет әскері кескілескен соғыс жүргізді. Ақыр-соңында Ауған билігін тізгіндеген тәліптер өздерінің қатаң шариғи түзімін енгізді. Осы мәурітте мырза қамаққа алынып, тергеуге де түстім. Соңынан босатып қоя бергенімен, Тәліп билігі сопылардың атаулы күндері жиын оздырып, жария зікір салуына тиым салды. Бүгінде сопылар шілге отыру, қылуетке түсу, алқа зікір секілді діни психо-техникалық құлшылықтарды атқаратын дәргаһқа зар. Біздің бірәдарлардың ұйытқы болуымен Тавруз-Ғұзардан жаңа мешіт тұрғызып, жанынан бір-екі бөлме құжыра аштық. Онда қышлақ тұрғындарына Құран үйретеміз, діни дәріс береміз. Құдайға тәуба, қазір осыны қанағат тұтып, күн кешудеміз, – деп қысқа-нұсқа қайырды.

 

Қылует

 

Кемелдікке қол жеткізудің әрбір тариқатта әртүрлі әдіснамасы бекіген. Хақ жолындағы сопылық қауымдастықтардың ішкі ережелерінде көрініс тапқан кемелдендіру әдіснамалары Құран мен сүннетке негізделген. Ясауи тариқатының ережесі бойынша нәпсіге ойсырата соққы беріп, жан-байлығын жегідей жеген жексұрынды (ібіліс) жеңіп шығу үшін қылуетке түсіп, құлшылығыңды арттырып, қырық күн шілге отыруың шарт. Алла Елшісінің (с.ғ.с) Хира үңгірінде жападан жалғыз қалып, ондағы терең толғанысы Хақ-тағаламен қауышуына жол ашқан. Сопылық ілімдегі қылует үрдісінің қалыптасуына осы уақиға негіз болған. Ал, Құл Қожа Ахмет Ясауидің пайымдауынша қылуеттегі қырық күндік алапат айқаста нәпсіңді ауыздықтап, ібілістің алай-түлей айла-шабуылына өзіңді алдырмасаң, жан-дүниең рух дариясынан сусындап, таным-түйсік көздерің ашылып, әлем-жәлем өткінші қызықтың мәнсіз екенін ұғындыратын бойыңда ерекше бір күш-қуат пайда болады. Маңдайдағы екі көзіңнен бөлек санаңды ұдайы сергек ұстайтын жүрек көзі оянып, жан сарайың нұрға толады. Кеудеңді кернеген Хақ сәулесі қым-қуыт мына беу дүниеде сені адаспас арнаға салады. Сайып келгенде, пенедеуи әлемнің сыңғырына елікпейтін, жалғанның сән-салтанатына масайрамайтын мақамға иек артып, дегдарлықтың биік шыңын бағындырған мұзбалаққа айналасың.

Әйтсе де, бүгінде сопылық ілімнің бұл дағдысын тариқат атын жамылған діни қауымдастықтардың көбісі ұстана бермейді. Әлбетте, оның әртүрлі себептері баршылық. Ал, Ауғанстандағы Ясауи силсиласын жалғастырушыларда қылуетке кіріп, шілге отыру үрдісі әлі тәжірибелік мәнге ие. Бұл дәуір талаптарымен санаспау ма? Артта қалушылықтың көрінісі емес пе? Әлде, басқа бір құпиясы бар ма? Ихсануллах пірмен осы турасында да әңгіме өрбіттік.

  • Қылуетке кіріп, шілге отыру сырт көзге өз-өзіңді азаптау секілді болып көрінетіні айтпаса да түсінікті. Адам құқығы ұлықталған бүгінгі дәуірде бұл үрдіс тіптен ақымақтың ісі деп пайымдалады. Сол себептен болар ХХ ғасырдың бірсыпыра діни ағартушылары сопылықтың дәурені өтті деген қорытындыға келген. Осыдан кейін базбір тариқат өкілдері қылуетке кіріп, шілге отыруды мансұқтап, рухани кемелденудің аталған алғышартын айналып өтетін жол табуға тырысты. Бұрын ақиқатқа жол бастайтын пірге қол беру (баят), қылуетке түсіп, оңашалану арқылы нәпсіні ауыздықтау (шілхана), терең толғанумен таным-түйсікті ояту (тәфаккур), алқа құрып, Хақты ұдайы зікір ету – сопылық жолдың мызғымас алғышарттары саналатын. Өкінішке қарай, бүгінде сопылықтың тәжірибесінен көрі теориялық ілімімен қарулануға басымдық беріліп, ескі қағида-ұстындарға жеңіл-желпі қараушылық белең алды.

Әсілі, шариғат үкімдеріне әрбір мұсылман мойынсұнуға міндетті болса, ал тариқат жолына түсуге ерікті. Яғни, тәмам елдің ішінде таңдаулылар ғана сопылықты ұстана алады. Кемелденуді көздеп, өз ырқыңмен тариқат жолын таңдадың ба, онда өңге жұртқа қарағанда аз ұйықтауға, жеңсік астан шектелуге, құмарлығыңды ауыздықтауға, өне бойы ойың мен бойыңды мұнтаздай таза ұстауға, көбірек құлшылық қылуға, ұстазыңның нұсқаулығына немкетті қарамауға, зікірді заңдылыққа айналдыруға қарсы келмеуің керек. Мәселен, обырмен сырқаттанған кісі меңдеген дертті еңсеру үшін базбір медициналық шараларға (химия) өз еркімен көндігеді ғой, тап сол секілді бойыңдағы рухани кеселдерден арылып, кемелденуді көздегең болсаң, онда сопылық жолдың үрдістеріне де самарқау қарамауға тиістісің. Онсыз сенің жәй пендеден еш айырмаң қалмайды.

Біздің тариқатымыздың негізін салушы Құл Қожа Ахмет Ясауи тақсырымыз 63 жасында қылуетке түсіп, шілге отыруды күнделікті өмір салтына айналдырған теңдессіз дара тұлға. Әзірет Сұлтан бабамыз қу тіршіліктің арбауына түсуден сақсынып, нәпсімен күресте құр тілмен емес, ділімен жеңіске жетіп, соңынан ерген сопыларға зор үлгі бола алды. Осы себептен де, қылуетке кіру – Ясауи тариқатының коды іспетті. Біз Хақ жолындағы тариқаттардың бәріне құрмет көрсетеміз. Алайда, өзге тариқат өкілдері заманның ағысына қарай діни үрдістерін өзгертті екен деп, қылуеттен бас тарта алмаймыз. Кімде-кім өз таңдауымен Ясауи тариқатына қосылды ма, онда іштегі тасырын жеңу үшін бұл діни дағдыдан бас тартпауы қажет, – деп Ихсануллах пір қылуетке рухани ұлы мұра ретінде қарайтынын жеткізді.

 

Алқа зікір

 

Арықарай Жоқшыны мазалаған тағы бір мәселе – Ясауи тариқатының жария зікірі еді. «Әр-рисалатуд дәрурият фи тарихийатил Ясауийат» трактатында жария зікірдің біз білмейтін сан түрі көрсетілген. Қалам иесі әрбір зікірдің фазилеті туралы терең толғанған. Аталған зікірлерді тариқат өкілдерінің қай мезгілде, қандай тәртіппен салатыны да жан-жақты айтылған. Менің аңсарым ауып, қатты қызыққаным – Ясауи тариқатының әмбеге аян Хай, Ху, Ара зікірлерін сопылардың салғанын өз көзіммен көру болатын. Ихсануллах пірден осыны қиылып сұрадым. Ол көңіліме қарап, меселімді қайтарғысы келмей көмекшісін мүриттерін жинауға жіберді. Әп сәтте жасы бар, жасамысы бар сайдың тасындай іріктелген бір топ (11 адам) сопының басы қосылды. Алқа-қотан отыра қалып, зікірді бастап жіберді.

Алқа зікірдің орындалуын тәптіштеп суреттейтін болсам, Ихсануллах пір әуелі бисмилләсін айтып, құлшылыққа қылмаққа ниет етті. Сосын үш мәрте кәлима-шахадат келтірді. Арықарай Құранның Һұд сүресінен дұға оқып, іле-шала алқадағы мүриттерімен басты бұлғатып «Астағфируллаһ» зікірін дауыстап отыз үш мәрте қайталады. Арықарай «Аятул курси» дұғасын оқып, «Аллаһ-Һайды» айтты. Бірнеше рет Алла Елшісіне (с.ғ.с) салауат келтірді де, тағы да басты бұлғатып, мүриттерімен қосылып «Лә илаһа иллаллаһ» зікірін жиырма бір рет, «Аллаһ Ху» зікірін жиырма бес рет, «Ху» зікірін қырық екі рет қайталады. «Астағфируллаһ» және «Лә илаһа иллаллаһты» айтқанда, тал мойынды біржағына қарай қиғашыңқарата жоғары созып, сосын басын төмен иіп әкеліп «иллаллаһты» жүрекке ұрады. Әсіресе, «Аллаһ Ху»  зікірін салғанда, «Аллаһты» сол қапталға ұрып, жүректің демімен «Худы» сыртқа шығарады. «Ху» зікірін салғанда да, мойынды бір жағына қарай қиғашыңқарата шарықтатып, басын төмен иіп әкеліп «Худы» сол қапталына ұрып, жүректің бүлкілімен «Худы» қайта сыртқа шығарады.

Сырт көзге сопылардың қаздай шулап салған алқа зікірі олардың үйлесімді түрде ғибадат жасап жатқанын ғана білдіреді. Десе де, бірте-бірте музаккирдің (зікір салушы) дегбірін кетіріп, делебесін қоздыра бастайды екен. «Астағфируллахты» айтқанда, қормен айтылған зор дыбыс жан-дүниесін қарып өтіп, жасаған қате-күнәлеріне зығырданын қайнатады. Жанына біз тыққандай әсер етіп, қате-күнәні енді қайталамастай болып бекінеді. «Лә илаһа иллаллаһты» айтқанда, жүрегі тербетіліп, рух шайқалады. Бейне таухидтің алтын тұғырына қонақтап, рух патшалығында сайран салғандай күй кешеді. «Аллаһ Хуға» көшкенде, рухани аш жан-сарайы зікірге құныққан үстіне құныға түседі. «Ху» зікірін салғанда, араның дыбысындай булыққан қарлыңқы үн рухын қайрақтай жанып, зікірге – ынтасын, рух ләззатына – ықыласын одан бетер арттырады.

Зікірдің екпіні осылайша күшейіп келе жатқанда, алқадағы жас баланың жайнақ көзі шарасынан шыға жаздап, екі иығы селкілдеп, өзгелерден қарағанда ерекше қарқынмен «Ху» зікірін айта бастады. Тілімен – зікір, рухымен – пікір айтып тұрғандай айран-асыр күйге түсті. Көзін тарс жұмып, көппен бірге зікір салып отырған Ихсануллах пір мүритінің хәлін (жәзаба) дереу аңғарып, жалма-жан жеке даусымен Ықылас сүресін оқыды да, зікірді тоқтатты. Соңында қол жайып, батасын берді. Алқа зікір осымен қысқаша тәмамдалды. Қызықтап қарап отырған жанға шарықтап келе жатып, зікірдің кілт тоқтағаны – баяу ескен желге жалп етіп сөне салған балауыз шамдай әсер қалдырды.

Астаудағы ас-ауқатқа қос қолын салса да, ашыққан қарнын тойдыра алмаған қанағатсыздың хәлін бастан кешіріп, мешкейдің мақамында мен отырмын. Ашкөз пейілімнің тояттай алмағаны сырт келбетімнен-ақ мең-мұңдалап көрініп тұр. Мешеу күйімді аңғарса да, бие баудағы құлын-тайдай шұрқырасқан мүриттер біртіндеп ілтипатпен қолын кеудесіне қойып, кезек-кезегімен пірінен рұқсат сұрап, үй-үйділеріне тарады. Дәргаһта Ихсануллах пір екеуміз ғана қалдық. Алқа зікірді қысқа қайыруының себебін қазбалап сұрайтынымды іші сезді ме, өзі ой қозғап, сопылардың хәл-мақамдары туралы ой-пікірін ортаға салды.

  • Нағында, қу тіршіліктің қамы кім-кімді болса да, мазасыздандырып, өз тезіне салатыны белгілі. Сынақ әлемінде дәйім өз-өзіңді ырықтап отырмасаң дүние қайғысы сені ұршықша үйіріп, иіріміне тартып әкетеді. Шарғы басты пенде өстіп жүріп, қалай дүниенің құлы болғанын да білмей қалады. Әсілі, адамзат баласының ең үлкен адасушылығы осы текетірес майданда тұлданып дүние қайғысына ерік беруінен басталады. Ал, зікір – дүниенің құлы болудан қорғайтын тас-қамалың. Зікір – Ұлы Жаратушыға жасаған сенің риясыз құлшылығың. Зікір – жүрегіңді тербеп, рухыңды хақиқат тұғырына қонақтатып, жаныңды шуаққа бөлейтін илаһи әуен. Зікір – кемшілік атаулыдан дүрліге көшіп, сайтанның құрығы жетпейтін жерұйық мекенге қоныс аударуың. Зікір – қайдан келгеніңді, не үшін жаратылғаныңды, қайда баратыныңды, сынақ әлемінің мән-мағынасын терең түсіндіріп беретін руханият хабаршысы. Зікір – атқақтаған алғадай сезімдердің басын түйістіріп, ақыл-санаңа ақиқат тұжырымды қалыптастырып беретін иман арнасы.

Зікірдің байыбына жеткенге алапат мән-мағынасы болғанымен, зікір алқасында илаһи нұр жүрекке шағылысқан (уәжд) сәтте, сақиб хәліне (өз-өзіне ие болу) өте-мөте берік болуың шарт. Ақылың мен сезіміңді тең ұстай алмасаң, зікір салып отырып-ақ адасып кетуің ғажап емес. Өз-өзіне ие бола алмаған кісінің жан-дүниесі теңселіп, дене мүшелері ары-бері ербеңдеп, көзге қораш қылықтар жасауы бек мүмкін. Бұл табиғи хәл болса да, сырт көзге зікір алқасын сиықсыз етіп көрсетеді. Мәнін ұғынбаған соң, көрбілте, жалқыаяқ пенделердің зікір туралы пікірі дұрыс болмайды. Сол себепті, біз сақиб хәліне иек артпаған мүриттерді зікір алқасына алмауға тырысамыз. Тәртіптің бұзылғанын байқасақ, жалма-жан зікірді тоқтатамыз. Зікірдің ләззатына қанығудан бұрын, бұл заманда оны ұнамсыз етіп көрсетпеу аса маңызды, – деп Ихсануллах пір алқа зікірді кілт тоқтатуының себеп-салдарын жан-жақты сараптап берді. Берілген жауапқа көңілім тоғайып, тыжырынған кере қарыс шекем жазылып, ашкөзденген пейілім сабасына түсті.

 

Керемет – керемет емес, пақырлық – керемет!

 

Сопылық әлем – кереметке кенересі толы сырлы әлем. Тасын бассаң таңғажайыпқа тап боласың. Түртіп қалсаң әз әлемнің кепиетін тұла бойыңмен сезінесің. Түңдігін түрсең әулиенің кереметіне куә боласың. Елбіреп ентелей енсең, еренғайыппен бетпе-бет келесің. Ұмсынып үзігінен үңілсең тілмен айтып жеткізе алмайтын рух дариясына шомасың. Дидар талап қадамың теңдессіз құтты қазынамен құндақталады. Дітің түгесілмес бір рухани ләззатқа бөленеді. Құдды кемпірқосақтан кейін жарқ етіп шыққан күн нұрына мейірлене қауызын ашқан раң гүліндей жаның жайнап сала береді.

Ихсануллах пірмен Ясауи тариқаты суфра тұтушыларының өнегелі өмірі хақында шүйіркелесіп, тек кереметпен өрілген керім ғұмырлардың сорабына түсіп, алтын жылғадан нәрленіп, айран-асыр күй кешіп отырмын. Қарсы алдымдағы машайық парсы тілінде хатқа түсірілген Мұхаммед Алим ас-Сыддықидің «Ламахат мин нәфәхатил кудс» атты рисәлесін ашып, Құл Қожа Ахмет Ясауи мен оның әулие ізбасарларының тағылымды тағдырларын байыппен жеткізіп, асықпай сыр шертуде. Садағаң кетейін, сопылық жолға түскен қатепті қаранардың қайсыбірін алсаңда да, хикметке көмкерілген тағдырлары еріксіз таңдай қаққызады. Айташы асықпай жеткізсе де, хәл-хикмет иелерінің ғибратты ғұмырлары тыңдаушының құлақ құрышын қандырып, шат-шадыман күйге бөлеуде.

Мұхаммед Алим әс-Сыддықи (1633 ж.қ.б) өз шығармасында қасиетті сүліктің ізашарлары һәм ізбасарлары – Арыстан баб, Жүсіп Хамадани, Құл Қожа Ахмет Ясауи, Абдухалық Ғыждуани, Сүлеймен Бақырғани, Мұхаммед Данышменд Зарнұқи, Баба Машын, Ғашық Жүсіп, Анбар ана, Зеңгі ата, Суксук ата, Исмайыл ата, Ысқақ ата, Ұзын Хасан ата, Сәйид ата, Садыр ата, Бадыр ата, Мәудуд шейх, Кәмал шейх, Хәдим шейх, Әлиабади шейх, Шәмседдин Өзгенди, Абдал шейх, Абдулваси шейх, Абдулмухәймин шейх, Жәмаледдин шейх, Шейх Худайдад әл-Бұқари, Мәулана Уәли Кухи Зәри, Қасым шейх Әзизан Кәрминәғи, Пірім шейх, Махдуми Азам Дахбеди,  Момин Шайх Азизан, Шайх Махдуми Хоразми, Хожа Мұхаммед Парсо, Шайх Әбілқасым Каркалани, Хубби Қожа, Шейх Абдулла Хожанди, Мәулана Бадриддин, Әламин баба, Имам Әли Суғди, Шайхзада Катиб, Шейх Камалиддин Иқани, Қожа Ахрар Уали, Шейх Хусейн Хорезми, Мәулана Лутфулла, Абдулхақ шейх Азизан, Зайниддин әл-Хауафи, Мұхаммед Ажақи, Хажа Бабаи Калам, Қамбар сопы, Қажы Шахы Нуғайи, Мирам сопы, Маулана Хуш-Мұхаммад Азизан, Хафиз Ташканди, Мәулана Мұхаммед Садық, Жандаулат қажы, Хузурболды Сопы, Коки шейх, Ариф Сопы, Мухаммад Садық Ишқи, Жанбаба Шейх, Маулана Мұхаммед Юсуф Самарқанди, Хазірет Мақбул шейх, Шах Хусайн Мионколи, Ифтихар шейх т.б. жансебіл рухымен көкте жұлдыз болып жарқыраған, жерде жылға-өзен болып сарқыраған машұғтардың әулиелік мақамын, ғибратты ғұмырын һәм талайлы тағдырын баян қылады.

Әшейінде бизарланып, әрдеңені сұрағыш әдетімнің бұл жолы қорамсағында қоры түгесілген. Шымқай шын жақсылар жайлы жырынды сөз айтылғанда, бір зерікпейді екенсің. Тыңдаған үстіне тыңдай бергің келеді. Әсіресе, әулие-әнбиелердің илаһи сыр – хуруфул-муқатта іліміне қатысты пайымдаулары, кемелділікке иек артудағы хәл-мақамдар хақындағы ғылыми байламдары, зікірдің фазилиеті жөніндегі тәжірибелік тұжырымдары кім-кімнің болса да, таңдайын қақтырады. Жаратқан Иенің жар болуымен орын алған кереметтер сын көзбен қараған керенау күйіңді әңкі-тәңкі етіп, мұрын шүйірген тәкәппар пейіліңді тобасына түсіреді.

Ауғанның сәмиян даласында сандал күй кешкендегі мұратым – мұндағы Ясауи сүлігін жалғастырушы қас жақсылар хақында керегінше дерек жинап, қанжығамды майлап қайту болғандықтан, Ихсануллах пірден оның ұстаздарына телінетін кереметтердің бар-жоғын сұрадым. Машайық көмейімде тұрған шоқпар бас сұрақтың сырын бірден ұқты. Шынында да, Мұхаммед Алим ас-Сыддықидің «Ламахат мин нәфәхатил кудс» рисәлесіндегі Ясауи өкілдерінің өмірі кереметпен өрілген өңкей әулие болса, олардың ізін жалғаған ауғандық абадан пірлерде ең болмағанда кереметтің жұрнағы кезігуі керек ғой. Ортаға тастаған сауалдың нысанадан мүлт кетпегенін қарсымдағы кісінің кейіп-кеспірінен аңғардым. Машайық, бипаз еппен пәпкі пішіндес дорбасынан сарғайыңқырап қалған бір парақ қағазды шығарып, түрки (шағатайша) жазылған мәтінді алдыма қойды.

– Бұл шатырхаттағы силсиләда Мұхаммед Алым әс-Сыддықи, Мұхаммед Шәриф әл-Бұқари, Шейх Арслан Қоқанди, Әмір Шах Қарши, Сайид Кәміл дәруіш, Мұхаммед Сабыр Тирмизи, Қожа Сәлахаддин ата, Мұхаммед Шәриф ата, Дамла Гөктің ныспысы аталып, ақырсоңында Дамла Гөктің өзінің бел шәкірті Ораз Мұхаммедке Ясауи тариқатының пірлік иджазасын табыстағаны көрсетілген. Ораз Мұхаммед ұстазым осы алтын тізбектегі Ясауи тариқаты пірлерінің ерен еңбектерін дәйім есімізге салатын. Оларды дұғасынан ұмыт қалдырған емес. Жарықтық, ұдайы ұстаздарын  ұлықтап отыратын.

Ораз Мұхаммед пірімнен үйренгенім бойынша жазып шыққан «Әр-рисалатуд дәрурият фи тарихийатил Ясауийат» трактатымызда силсиләдағы пірлердің базбірінің ғұмырбаяны һәм кереметтері туралы айтып өттік. Мысалы, тегі өзбек милләтынан Қожа Салахаддин ата мүриті Мұхаммед Шәриф ата сапарға шыққанында, оған төрт періні қызметке тағайындап береді. Төрт пері қысылтаяң шақтарда Қожа Салахаддин атаның сүйікті мүритінің кәдесіне жараған. Шөлде қалғанында су әкелген. Аш қалғанында ас-ауқат әзірлеген. Қым-қуыт, аса зәру шақтарда руханияттың пәрменімен Қожа Салахаддин атаның шәкіртіне қызмет жасаған. Тіпті, Мұхаммед Шәриф ата Бұқарада оқуда жүріп, нешеме ай көрмеген отбасын қатты сағынғанында, Қожа Салахаддин ата мүритін уайымнан сейілту үшін бала-шағасының жай-күйін тірі суреттегі бейнемен көз алдына келтірген.

Соңыра Мұхаммед Шәриф ата Ауғанға хижрет еткенінде, күн-көріс үшін диқаншылықпен шұғылданған. Мүриттерімен бай-манаптарға жалданып, алқапта егін егіп, орақ орған. Қызу орақ науқаны кезінде де мүриттерімен зікір салған. Бір жолы атыз иесімен елу гектар егін алқабын оруға келісім жасайды. Атыз иесі күн ұзақ зікір салатын сопылардың уәделескен мерзімде егін орағын бітіре алатынына шүбә келтіреді. Алайда, орақ науқанының соңғы сәтінде көктен періштелер түсіп, Мұхаммед Шәриф атаға қол ұшын созып, егін масақ қалмастан түгел орылады.

Мұхаммед Шәриф ата Ауғанстан топырағында Жасаған Иенің жазуымен шілденің шіліңгір ыстығында жан тапсырады. Осы мәурітте мүриттері жер қойнына тапсырғанға дейін мәйіт жидіп кетпесе екен деп қатты уайымдай бастайды. Бірақ, жылдың аптап ыстық мезгілінде кенеттен көк аспанды қара бұлт басып, күн салқындайды. Осылайша Мұхаммед Шәриф атаның жаназасы һәм ақиреттік сапары шариғатқа сай мүлтіксіз орындалады.

Мұхаммед Шәриф атаның ізін басқан Дамла Гөк піріміз де көптеген кереметтердің иесі-тін. Ол Әмудария сағасындағы Қарқын түбегінде өмір сүрген. Осы Қарқынның халқы Жәузан шәһарына келіп базарлатып, сауда-саттық жасайтын. Бірде Жәузанға бет түзеген керуен құм ішіндегі бір бұйраттың ық жағына түнеуге тоқтайды. Дамла Гөк керуендегі адамдарға бұл жерге аялдамай дереу жүріп кетуге кеңес береді. Әулиенің айтқанына құлақ аспаған тілазарларды түнде аждаһа жылан шағып өлтіреді. Ал, Дамла Гөктің айтқанын екі етпегендер қауіпке ұрынбай діттеген жеріне аман-есен жетеді.

Дамла Гөк пірдің замандасы Файзулла ишан көз жұмарынан бұрын шәкірттеріне жаназа намазы үшін имамдыққа ешкімнің өтпеуін өсиет етіп, ақиреттік сапарға әулие бір кісі (атын атап көрсетпеген) келіп, дұға-тілек жасап, өзі шығарып салатынын ескертеді. Файзулла ишан дүние салғанда, мүриттері ұстазын арулап жуып, мәйітті табытқа салып, жамағаттың алдына шығарады. Өсиетке сай ешкім имамдыққа шықпайды. Осы кезде ұзақтан ақ боз атты кісі көрініп, ол едел-жедел асығыс жетіп, руханияттың нұсқауымен Файзулла ишанның жаназасын өзі шығарады. Бұл кісі Дамла Гөк пір болатын.

Дамла Гөк пірдің ізбасары, біз пақырды руханият әлеміне жетектеп әкелген ұлағатты ұстазым – Ораз Мұхаммед ата абдалдардың (заманының жеті әулиесі) қатарындағы ұлық кісі еді. Өз басым оның талай-талай кереметтеріне куә болдым. Басқасын былай қойғанда, ұстазымның пақырлық мақамын берік ұстағаны – замандастарының бәріне мәлім.

Нағында, Ораз Мұхаммед ата сопылық жолға бет бұрғанға дейін Андһойдағы Алты бұлақ өңірінің ең бай адамы еді. Тек қойының өзі үш мыңнан асып жығылатын. Үйір-үйір жылқысы, табын-табын ірі қарасы, жүздеген гектар жайылым жері мен егіндік алқабы бар дәулетті кісі-тін. Тағдырдың жазуымен Ясауи жолына түсіп, Хақ-тағалаға деген махаббаты оянғанда, Ораз Мұхаммед ата байлығының түгін қалдырмастан Құдай жолына садақа қылады. Өз таңдауымен саналы түрде пақырлық мақамына бет бұрады. Уағында мұндай жанқиярлықты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жан серігі әзіреті Әбу Бәкір (р.а) жасай алған еді. Сол себепті де, мұсылман баласы үшін дәйім әзіреті Әбу Бәкірдің (р.а) дәрпі ұлықтаулы. Ал, Оның (р.а) осы зор рухани ерлігін қайталаған жан – менің ұстазым Ораз Мұхаммед пір болатын. Жарықтық, жан тапсырар алдында үррерге иті, сығарға биті жоқ, қолындағы домбырасы мен бір киер киімінен өңге ештеңесі болмаған пақыр күйде ақиретке аттанды, – деп Ихсануллах пір терең күрсінді.

Машайықтың көмейінен төгілген соңғы жақұт дерек кереметке ішіккен кеулімде алай-түлей етті. Біржағынан керемет сұрап, әңгіме ауанын осылай бұрғаныма бек қуандым. Менің жадымда қашаннан бері әзіреті Әбу Бәкір (р.а) сахаба сонау жетінші ғасырда ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дәуірінде күн кешкен, тақуалығы асқар таудай ондай дара тұлғалар енді қайтып өмірге келмейді деген ой бекіген-ді. Ал, енді Ораз Мұхаммед пірдің жансебіл ғұмырының бір үзігін ғана естіп, айран-асыр күйде тұрмын. Апыр-ай, әзіреті Әбу Бәкірдің (р.а) жанқияр пейілі дарыған дара азаматтар күні бүгінге дейін де өмір сүрген екен-ау деп таңырқаған күйі ішкі ойымды қорыта алмай біршама уақыт состиып, сүлесоқ болып өз-өзіммен отырдым.

Шынын айтуымыз керек, біз руханият семген, материя ұлықталған кер заманның адамдарымыз. Оқта-текте әр жерден бір руханият шырпысы қылауласа, соны дәтке қуат көріп, өзімізді алдауқыратып, қағанағымыз қарқ болғандай күй кешеміз. Бірақ, түптің түбінде материалдық мүдде алға шығарылған бойкүйез қоғамның бүгінгі бет алысы адамзатты рухани қауіп-қатерге ұрындыратыны талассыз ақиқат. Түйіні жоқ осы тайталаста Ораз Мұхаммед секілді ұлылардың азынаған ызғар-желге қасқайып қарсы тұрып, руханият туын жықпай, тік ұстай алуы – сөзсіз, енапат ерлік іс. Бейне қан-қасап майданда шегініп келе жатқан тараптан бір баһадүрдің суырылып шығып, екпіндеп келе жатқан жауға қынынан қылышын суырып, жалғыз өзі қарсы шапқаны секілді әсер қалдырады. Әйткенмен, мейірімділік пен қайырымдылықты заңдылыққа айналдырғысы келген Ораз Мұхаммед пақырлар жалғыз. Ал, мешкейлер – мың сан, тойымсыз пейілі – мелдектен асады. Теріс құбылған мүттәйым мына қу дүниеде ындыны бөлек, арыны асау ашкөздікті түбегейлі еңсеру сірә мүмкін емес-ау.

 

Үркер жұлдызы

 

Түнде тым кеш жатқандықтан, таңсәріде ұйқыдан шаршаңқырап тұрдым. Жуынып-шайынып, дәретімді алып, Тавруз-Ғұзар мешітінде көпшілікпен бірге құлшылығымызды атқардық. Мешіттен тысқа шыққанда күн ұясынан көтеріліп, қышлақтағы түрікпен шаруаларының күндегідей қыбыр-сыбыр тіршілігі басталып кетті. Ал, біз Ихсануллах пір екеуміз таңғы оразамызды ашу үшін дәргаһқа оралдық.

Қас-қағым сәтте сопылар зыр жүгіріп жүріп, ақ дастархан жайып, бұрқыратып ыстық шайын әкелді. Кәрлен кеседен сораптап шай ішіп, жеңсік астан дәм-ауыз тидім. Жәй отырмай, жан-жағыма көз салып, сопылардың елгезек күйі, ым-ишарасы, қам-қарекетіне бақылау жасап отырмын. Бірнеше күннен бері байқағаным – сырт көзге Ихсануллах пірдің мүриттері еркіндеу болып көрінеді. Пірінің алдында құрақ ұшып, құлдық ұрған бірін көрмейсің. Бірақ, қатаң тәрбиеде өскен жауынгердей тәртіптері мығым. Бір-бірін ым-ишарамен тез ұғып, ширақ қимылдайды.

Құл Қожа Ахмет Ясауи «Пақырнама» рисәлесінде кемелдену үшін мүридтің қандай рухани хәл-мақамдарды бағындыру керектігін жан-жақты түсіндіреді. Мұхаммед Данышменд Зарнұқи «Миратул Қулуб» шығармасында шариғат қабатын игеріп, тариқаттың тағына отырып, ақиқатты жүрекке қондырудың алғышарттарын терең талдап өтеді. Ысқақ қожа ибн Исмайыл ата әл-Қазғұрти «Хадиқатул әл-арифин» атты трактатында әулиеліктің шыңына шығу үшін әһлі-сүннет ережесін берік ұстанудың қаншалықты маңызды екеніне тоқталады. Әл-Хазини «Жауаһирул-Абрар бин әмуажил биһар» атты шығармасында рухани кемелденудің ұстын-қағидаларын, негізгі шарттарын саралап береді. Әлішер Науаи «Әрбағин» жинағында кісілік қасиеттердің илаһи сыр-сипатын жырлайды. Мұхаммед Алим ас-Сыддықи «Ламахат мин нәфәхатил кудс» рисәлесінде илаһи сырларға қанығудың жол-жобасын нұсқайды. Мұхаммед Шәриф әл-Бұқари «Хужжатуз зәкиринли рәддил мункирин» атты шығармасында хақиқатқа иек артуда жаһри зікірдің мән-мағынасын терең зерделейді. Шейх Худайдад «Бустанул мухиббин» трактатында ғибадат әдептерінің тәлімін паш етеді.

Ясауи сүлігіндегі ұлылар ұсынған ұлағатты бойына сіңірген жанның ұшпаққа шығатыны айпарадай анық. Кітаптан оқығандарымды кәтібас кеулім кісі бойынан көргісі келіп, Ихсануллах пірдің мүриттерінен мінсіздік іздеп, іс-қимылдарын бақылап, сыни көзбен сұқтана қараймын. Мүриттерінің бірсыпырасы өз туыстары. Көбісі әлі жап-жас жігіттер. Тек бірнеше күннен бері дәргаһта мейман болып жүрген Қызыр-Назар сопы ғана мосқал, жасы егде тартқан кісі.

Қызыр-Назар сопы қашан көрсең қолжазба оқиды, зікір салады, тәфаккур жасайды. Әсіресе түн ұйқысында тұрып алып, құбылаға жүзін бұрып, намазға жығылады да жатады. Қолын жайып, күбірлеп ұзақ дұға қылады. Жөн сұрасаң, жай ғана жымиып, қысқа-нұсқа жауап қатады. Тұрпаты қарасұр, сөзге сараң бұл кісінің әулиелік қасиеті қайда жасырынған екен деп барлап көз тастап қоямын.

Ихсануллах пір шай ішіп отырып, мүриттері туралы шешіле сөйлеп, қазіргі жай-күйінің сырын ақтарды.

– Мазари-Шарифтен Қалай-Залға қоныс аударғаннан бері сопыларды бір жерге жинап, мәслихат өткізген емеспіз. Заманның бет-алысы құбылып тұр. Жаңа үкімет алқалы жиын өткеруге тиым салған. Соның өзінде мүриттеріміз ауысып, кезек-кезегімен дәргаһқа келіп-кетіп жатады. Мұнда көп аялдамастан тапсырмаларын алып, қайта өз қышлақтарына оралады. Оның бірі мына Қызыр-Назар сопымыз екі-үш айда дәргаһымызға бір келіп, осында мурақабасын жасайды. Жасы ұлғайып қалса да, рухани тапсырмаларымызды мүлтіксіз жүзеге асырады. Осындай алғабасар азаматтарымыздың бізбен бірге болғанына Алла-тағалаға мың да бір шүкір қыламын.

Жалпы, мухлистеріміздің ұзын-ырғасы мыңға таяу. Ал, шілге отырып, қол тапсырған мүриттердің саны – жүз он жеті. Одан бөлек руханиятқа ерген әр өңірде тоғыз өкіліміз бар. Халифалық мақамына өкілдеріміздің ішінен бірі өтуге әзір. Бұйырса, сопылық ілімнің соңғы рухани қабаттарын еңсеруге бар күш-жігерін салуда. Сонымен қатар, анау мешітіміздің қасындағы құжырамызда қышлақтың жас балаларына Құран оқуды үйретеміз. Ересектеуіне ақида, фиқһ, хадис, тәпсірден дәріс береміз Біртіндеп іштерінен сопылық жолға бет бұрғысы келгендерін іріктеп алып, бөлек тәрбие жүргіземіз.

Шет мемлекеттердің ішінде Түркия, Пәкістан, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстаннан хабар алмасып, бізбен тұрақты байланыс орнатқан сопылар да баршылық. Олармен ғаламтор арқылы сопылық ілімнің қыр-сыры хақында кейде сұқбат жасаймыз. Бірақ, Ауғанстандағы саяси ахуалға байланысты шет жердегі мухлистеріміз келіп кетуге аздап үркектейді. Құдай қаласа, елімізде тыныштық орнаса, сопылармен қарым-қатынасымызды тұрақтандырып, мухлистерімізбен барыс-келісті жандандыратын боламыз. Әзірге Пәруадиргардың жазғанына қанағат қыламыз. Хақ-тағаланың көрсеткен әрбір ісі даналыққа негізделген. Бүгінгі көрген күніміздің зор хикметі бар екені күмәнсіз шындық, – деп машайық өздері туралы жып-жинақы мағлұмат беріп өтті.

Шай ішіп, бата қайырысқан соң күндегі әдетіммен махалла кезіп, қышлақ тіршілігіне көз жүгірту үшін сыртқа шықтым. Қалай-Залдағы соңғы күнім болғандықтан, көзіммен көргенімнің бәрін көңіліме көшіріп алып жатырмын. Қышлақ тұрғындарының Жоқшының апыл-тапыл ары-бері жүрісіне көздері үйреніскен. Алғашқы күндердегідей таңырқаушылық жоқ. Мен де өзімді еркін сезініп, махалланың о шетінен бұ шетіне  қыдырыстап жүрмін

Ойыма Ихсануллах пірдің «қол тапсырған мүритімнің саны – жүз он жеті» деген дерегі қайта-қайта орала берді. Мысыр, Түркия, Пәкістан, Ирандағы базбір тариқаттардың жүздеген мың мүриті бар. Әлеуметтік-экономикалық әлеуеттері тым жоғары. Кейбірінің саяси салмағы да басым. Олармен салыстырғанда, «жүз он жеті» деген сан түкке тұрғысыз ғой. Құндыздың құмшауыт даласының бір пұшпағында жатқан Қалай-Зал халқының тұрмыс-тіршілігі жырғап тұрған жоқ. Көзім көрген сопылар ыңыршағы айналып, тым жұпыны ғұмыр кешуде. Саяси жағдайына келер болсақ, Ауған елі әлі әрі-сәрі күйде. Тұрақтылық толыққанды орнай қоймаған. Ендеше, көңторғай күн кешіп жатқан бұл қауым қай мәреге дейін көсіліп шаба алмақ? Үркердей жұлдыз шоғыры қанша жерге жарығын түсіре алады? Арыны баяу абадан адамзаттың арын арлап, зарын зарлай ала ма? Осы тақылетті мазасыз ойлар кеудемді кернеп, санамды сансыратты. Жауабын таба алмай миым қатып кетті. Ойсоқты күйде дәргаһқа оралдым.

 

Әлем мейірімге мұқтаж

 

Кіші бесінде қышлақ ақсақалдарымен бірге түстендік. Ертең жол жүретін болғандықтан, түрікпендер сый-құрмет көрсетіп, иығыма ұлттық шапандарын жапты. Зайыбыма деп шаршы-орамал, ұл-қызыма деп көген-түп тарту етті. Дос-жаранға арнап тәспі, мисуақ, иіс-су секілді кәде-сыйларын үлестірді. Сый-сияпатқа көміліп, мәз-мейрам күй кештім. Түрікпен жұртының алғаусыз ағеділ пейіліне дән-риза болдым.

Дәргаһқа келген соң қайтуға қамданып, керек-жарағымды түгендеп, сапарға қоржынымды дайындадым. Ихсануллах пірден Ясауи тариқатының Ауғанстан силсиләсіне қатысты құжаттардың көшірмесін алдым. Мұхаммед Алим ас-Сыддықи «Ламахат мин нәфәхатил кудс» рисәлесінің, сондай-ақ, Ихсануллах Ахрар шейхтің «Әр-рисалатуд дәрурият фи тарихийатил Ясауийат» және «Хазинат-ул салихин» трактаттарының электронды нұсқасын қанжығама бөктердім. Кешкі апақ-сапаққа дейін осылайша ертеңгі сапардың қамымен әуре болдым.

Кешкісін Ихсануллах пірдің немере ағасы Хайрулла дәрігер қонақ асын берді. Қалай-Залдың қас жақсыларымен тағы да бас қосып, кетер-аяққа аста-төк дастархан жайылды. Түрікпен қариялары шежіре тарқатып, Қала-й Залды мекен еткен Ерсары руының түп-тұқияны Түркістаннан шыққанын айтып, Әзіреті Сұлтанға дұғай сәлемін жасап жатыр. Кешегі алас-күлес алмағайып заманда Ерсары елі Ауған ауып, Қалай-Залға қоныс тепкен. Алайда,  Құндыз өңіріне көшіп келгеніне ғасырға жуықтаса да, арғы бетте қалған Шаһир-Туз, Любаб, Қарлұқ сынды атамекендеріне, тіпті түп отаны Түркістанға деген сағыныштары зор. Кейбірі көзіне жас алып, жыламсырап қалды. Менің де көңіл-қошым босап сала берді. Қариялардың қамығып, қарлыңқы шыққан дауыстары, сағыныштың сәлемін жеткізудің жүгі ауыр екенін сездірді.

Кешкі қонақасыдан соң түн ортасына дейін дәргаһта Ихсануллах пірмен екеуара мәжіліс жасадық. Күндіз аяқталмай қалған әңгімені жалғап, сырлы сұқбаттың тиегін ағыттық. Апта бойғы әңгімені түйіндегісі келіп, Ихсануллах пір көсіліп сөйледі.

– Құл Қожа Ахмет Ясауиге «Пири-Түркістан» деген лақаптың берілуінің себебі, ол түркі жұртында ғұмыр кешті. Асау мінезді арқалы халыққа Алланың ақиқатын паш ету үшін бар күш-жігерін жұмсады. Хақ жолында талайлы тағдырды бастан кешірді. Ұры-қары етіп көрсеткісі келіп, өзіне небір жалалар жабылып, тіпті жалғыз ұлын жауыздар жалмап, қастандықпен жанын қиса да, діни ұстанымынан айнымады. Бекзат болмысын кір шалмастан, көркем кейіп-кеспірімен қалың бұқараға Хақ дінді паш етті. Жаулары аласұрып анталап, екі көзі қанталап, қанша құқай-теперіш көрсетсе де, дегбірсізденіп, дегдарлығын жойған емес. Қара жердей төзімді қатепті қаранар Құдай-тағалаға құлшылығын арттырып, жауыздыққа тек көркем ахлақымен жауап қатты. Ақырсоңында абыройы қашқан дін дұшпандары дымы құрып, Әзірет Сұлтанның алдында әлсіздігін мойындады. Құл Қожа Ахмет Ясауи өзіне дұшпандық жасаған қаныпезерлерге кешіріммен қарап, оларды Хақ діннің арайына бөлеуге ұмтылды. Илаһи мейірім – мұзды ерітіп, темірді балқытып, тасты талқандап жіберетін құдіретке ие. Әзіреті Сұлтанның әдептен айнымаған арынды ұстанымы осылайша жеңіске жетіп, Хақ діннің туын Түркістанда желбіретті. Түркістанның тәмам жұрты даналық кәусардан сусындап, Құл Қожа Ахмет Ясауиді пір тұтты.

Әзіреті Сұлтан бабамыз түркі жұртының көнеден қалыптасқан салттарына, жауынгерлік ғұрпына, әділетті жарғыларына, алып-ерендік, озандық дәстүрлеріне сый құрметпен қарай білді. Хақ діннің негіздерімен түркінің әдет-ғұрпын бірге алып жүруді қош көрді. Екі арнаның басын шебер тоғыстыра білгендіктен, түркі қауымы жатсынбай мұсылманшылдықты қабылдады. Осыдан соң Құл Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімі көшпелілер арасында кең қанат жайды. Хадис кітаптарында тізбегі әлсіз болса да, «түркі жұртымен соғыспауға» қатысты ескертулер айтылған. Сөйтіп, нешеме ғасыр қан майданда қасарысып, исламды қабылдауға мойыны жар бермеген түркі жұрты Әзіреті Сұлтанның илаһи мейірімге негізделген жанкешті күрескерлік ұстанымының әсерінен Алла Елшісінің (с.ғ.с) сүйікті үмбетіне айналды. Құл Қожа Ахмет Ясауидің «Пири-Түркістан» аталуының түпкі мәні осында жатыр.

Сопылық жолдың мирасқоры ретінде айтарым — біз «Пири-Түркістан» негізін салған сүрлеу жолмен қадари-хәлімізге сай қолымыздан келген ізгілікті жасауға ұмтыламыз. Ілгеріде өткен ұлылар бізге Хақ дінді қалай насихаттаудың үлгісін нұсқап, қалай амал етудің ережесін бекітіп берген. Байыбына бара білгенге, бұл – зор илаһи байлық! Біз кәламда – имам Матуридидің, фиқһ ілімі бойынша Имам Ағзамның жолын ұстанамыз. Рухани кемелдену һәм дін насихатын жасауда Құл Қожа Ахмет Ясауи және оның ізбасарларын үлгі тұтамыз. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді қызғыштай қорғап, бабалар аманатына қиянат жасамаймыз. Біз көрінген жанға қармақ тастап, мүрит аулаумен шұғылданбаймыз. Ешкімнің бетіне суық жел болып тимейміз. Үркердей санымыз аз болса да, шөміштен қағылып, шөл даланы кезіп кетсек те,  руханиятпен тұтастық құра отырып, илаһи мейірім һәм хикметке негізделген мәдар (діл) жолымен Хақ дінге қызмет етеміз. Өйткені, әлем мейірімге мұқтаж. Ақтық деміміз шыққанша, ақирет орнағанша, Ясауи сүлігін ұстанушы сопыларға бұл жолдан кері шегінуге жол жоқ, – деп машайық ұзағынан толғай келіп, бекініп-түйінгенін, қол созар мұрат-мақсатын паш етіп өтті.

Сірә, менің қанша күннен бері естігім келген лепес осы-ау. Құдай-тағаланың Қалай-Зал айдап әкеліп, білдіргісі келгені осы шығар. Табанымнан таусылып, тауым шағылып жүргенімде, пірдің дүр-маржан сөздері жан-сарайымды жадыратып жіберді. Жат ағымдармен күресте әбден жараланған шемен көңілімнің шерін Жаббар Хақ осылай тарқатқысы келген болар. Мылтықсыз майданда меселім мертігіп, жабыққан жанымды Хақ-тағала осылай жұбатқысы келді-ау. Пірдің көмейінен төгілген уәлі сөздер  – қырыс шекемді жазып, жанымды шуаққа бөледі. Көктен іздегенім жерден табылғандай болып, кеудемді зор қуаныш кернеді.

Иә, ұлт құндылықтарын діни диверсияның талауына бермеймін деген Жоқшының жан-шырылына Алла-тағаланың бүгінгі көрсеткені – зор үміт сыйлады. Күні бойы маза бермеген ойлардың құрсауынан да енді құтылдым. Теріс сындарымның көбесі сөгіліп сала берді. Шынтуайтында, лайық болмаған жетістікке ұмтылу – сектанттарға тән үрдіс. Ал, Ясауи жолында барға қанағат қыласың. Хақ жолындағы ұлы мұрат-мақсатыңа жансебіл рухпен қызмет етесің. Илаһи тұма-бастаудан нәрлене отырып, адамзаттың қамын жеп, мейірім шуағыңды төгесің. Бұл сенің – ұлы уәзипаң! Осы идеяға берік болуға шарт түйінудің өзі зор жетістік!

 

Қош аман бол, Ауған жұрты!

 

Таң алаукімде Тавруз-Ғұзар мешітінде қышлақ тұрғындарымен қош айтыстым. Ихсануллах пірдің туыс-туғаны біз пақырды қимастықпен шығарып салды. Ендігі бет алысым Құндыз шаһары. Онда сапарласым Жеңіс Жомартпен кезігіп, одан арықарай елге оралмақпыз. Ихсануллах пірмен жолға бірге шықтық. Ол қонағын шекараға дейін жеткізіп салмақ.

Құм-шағылдағы сүрлеу жолмен желдіртіп отырып, сиыр сәскеде Құндызға кіріп келдік. Дарияның сағасында орын тепкен шаһардың салқам көрінісі – тек кітаптан оқып білген ертегілер елін еске салады. Иықтасып қиқы-жиқы бой көтерген жатаған қам қыш үйлер, бағдаршамы жоқ иір-иір қисық көшелері, ретсіз өскен сирек дарақтар, жол бойы иін-тірескен дүкен-ләпкелер, көшені арлы-бері кезген қалың адам, жолды шаңдатқан ескі көліктер, күл-қоқысқа толы суағар арықтары – сұрқы қашқан шаһардың жадау көрінісін паш етіп тұр. Құндызда өндіріс орындары некен-саяқ. Халықтың негізгі дені сауда-саттық және диқаншылықпен шұғылданады екен.

Шаһардың қақ ортасындағы шаршы-базарда бізді Ихсануллах пірдің мүриті Баһриддин бірәдар күтіп алды. Амандық-саулық сұрасып болған соң, шайханадан шай ішіп, ауқаттандық. Баһриддин бірәдар жайсаң жігіт екен. Құндыздың ішпек-жемегін лықа толтырған түйіншегімен тарту-тарлығы жасады. Қонақжай пейіліне разы болып, алғысымды жаудырдым. Өстіп уақыт оздырып тұрғанымызда Мазари-Шарифтен Жеңіс Жомарт келе қалды. Апта бойы көрмеген ағамменен көрісіп, дуылдасып, мәре-сәре болып қал-жағдай сұрастық. Іле-шала көлікке отырып, Құндыз шаһарынан шығып, шекарадағы Ширхан-Бандарға қарай тарттық.

Жеңіс Жомарт ағамыз парсы тілінің маманы болғандықтан, көлік ішінде Ихсануллах пірмен бұрыннан таныс адамдай қауқылдасып, емін-еркін сөйлесіп келеді. Шығыстанушы болған соң сопылық ілімнен хабары бар ағамыз пірменен Ясауи тариқаты туралы да пікіралмасты. Әңгіменің жол қысқартатын құдіреті бар ғой, әні-міні дегенше Ширхан-Бандарға келіп жеттік. Түс  мезгілі таяп қалғандықтан, Тәжік жағының кеденшілері үзіліске шығып кетіп, екі ортада кідіріп қалмайық деп, Ихсануллах пірмен асығыс қоштастық.

Әмудариядан ары өткенімде барып, алтын жылғаның артта қалғанын тұла бойыммен сездім. Кері бұрылып, Ширхан-Бандар жаққа көз тастадым. Пірдің бізге қарайлап, дұға-тілек жасап тұрған дүр бейнесі көз алдыма елестеді. Лайым, Алаш баласын әманда желеп-жебеп жүрсінші деп, руханият иесіне зор құрметпен басымды идім. Жоқшының жоғалған руханиятты іздеу саяхатына осылайша нүкте қойдым. Алда Алаш қамы үшін атқарар қыруар шаруалар бар. Жаббар Ием соған жазсын деп, жол-сапар жазбасын да аяқтадым.

 

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *