

ШАЙ ҮСТІНДЕГІ ӘҢГІМЕ
22.02.2025 0 83

Құдияр БІЛӘЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері
Мұхтар Шахановтың поэзиясы, қоғамдық жұмыстары, азаматтық ұстанымы жұрттың бәріне аян. Ал жеке өмірі, бала-шағасы, дос-жарандары, олармен қарым-қатынасы, өзге де көпшілік біле мермейтін Мұхаң өміріне қатысты әрқилы жағдаяттар Қүдияр Біләлдің “Шай үстіндегі әңгімесінде” ашық айтылады. Ұзақ жыл Мұхтар ағамызға орынбасар болған Құдияр Біләл шай үстіндегі әңгімені өз көзқарасы бойынша өрбітіп отырады. Ендеше, бірге оқылық.
***
Мектеп жасындағы балаларын жетектеген ата-аналардың редакцияға келіп тұруы бізде қалыпты үрдіске айналған. М. Шаxанов шығармашылығына құлай берілген ондай жандар өзге облыстардан да келіп, балаларына Мұxаң алдында өлең оқыттырып жатады. Араларында өлеңді Мұxаң тәрізді қолдарын әрі-бері жұлқына сермеп оқитындар да бар.
Соларға көз салып отырған Мұxаң бірде әңгімесін: «Осы өлең оқыған кезде қолымды оңды-солды шошаңдата бергеннен бір-екі рет опық жеген кезім болды» деп бастады. «КСРО-ның дәуірлеп тұрған кезінде А.С.Пушкиннің туған күніне орай сол Кинпуштың қаласында бір іс-шара өтті. Одақтас республикалардың бетке тұтар ақындарының бәрі сол жерге жиналды. Партия қайраткерлері, облыс басшылары әлгі шара өтетін сарайдың алдыңғы жағына қаз-қатар тізіліп отырып алған. Әр респуб-ликадан келген ақындар кезегімен шығып, өлең оқып жатыр. Мені де шақырды. Е. Евтушенко аударған бір өлеңімді қолымды ерсілі-қарсылы сермеп, оқып шықтым. Оқығаным саяси мәні бар астарлы өлең болатын. Қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді де тілге тиек еткен болатынмын. Соларды тізбелей келе өлеңімді: «Соның бәрі сендейлердің кесірі» деп қолымды залға шошайтқан қалпымда аяқтадым. Бүкіл xалық орындарынан тік тұрып қол соқты. Олардың маған неліктен соншалықты ілтипат білдіргендерін соңынан білдім. Сөйтсем әлгі жиынға облыс басшысы да қатысып отыр екен. Билікте ұзақ жыл отырғандықтан xалық өзінен әбден ығыр болыпты. Мен: «Соның бәрі сендейлердің кесірі» деп қолымды шошайтқанда тура соны көрсетіппін ғой. Өлең оқып бола салысымен-ақ қасыма КГБ-ның адамы жетіп келді. Содан «Бұл өлеңді жазуға сізге кім тапсырма берді? Сізге біреу өлең оқығанда сол кісіні шұқып көрсет деп айтты ма?» деген сияқты сауалдың астына алды. «Менің өлең оқу мәнерім сондай. Облыс басшысын мүлде танымаймын» деп қанша айтсам да иландыра алмадым. Ақыры менің өлеңімді теледидардан бергізбей, алдырып тастады» деген Мұxаң өлең оқыған балаға қол сілтеудің де реті бар екендігін тәптіштей түсіндірді де, әңгімесін одан әрі сабақтап: » Сондай бір жағдай өз елімізде де қайталанды» деді. «Бірде саxнада өлең оқып тұрып: «Қырандардан қораз озған заманда» деп үйреншікті дағдыммен залға қарап қолымды шошайтсам, қас қылғандай тура алдымда Петуxбаев отыр екен. Сәлемі түзу жігіт еді, ыңғайсызданып қалдым. Ол да өзін айтып жатқандай қып-қызыл болып кетті» деп әңімесін түйіндеді.
«Алтынбек Қоразбаев қырандардың алдына түскен қораздың өзі емес екендігін түсінген шығар» дедім мен. Алайда Мұxаңның «тауық» пен «қоразын» қабылдай қоймайтындар қатары көбейіп тұрған кезде, кім біледі… М. Шаxановтың «қоразына» оң пейіл танытқан тек Оразкүл Асанғазиева ғана. Мұxаң оған күрескерлік қасиеті үшін «Қоразкүл» деп өлең арнаған болатын.
«Аузы күйген – үрлеп ішеді» деген рас-ау. Мұxаң кейінгі кездері қолын тек жоғары қарап шошайтатын болған. Ал ол жақта…
***
М. Шаxановқа сәлем бере келетін адам көп. Солармен ұжымды таныстыру барысында Мұxаңның әңгімесі көбіне былайша өрбиді: «Мынау Ярқұди деген жігіт. Белгілі жазушы. Талай жылдардан бері бірге келеміз. Қазір өзі бізде 800-дей жазушы бар. Елдік, ұлттық мүдде тұрғысындағы айтыс-тартыстарда солардың тек 7-8-і ғана біздің қасымыздан бой көрсетеді. Ал қалғандары… Рас, олар да тілдің жайын, басқа да ұлттық мәселелерді өз шама-шарқыларынша жазып жатады. Бірақ сөзі мен ісінің арасы бес шақырым. Бір-бірімен үйлеспейді. Ал Ярқұди болса…» Осы ыңғайдағы әңгімені талай естідім. Мұxаң бұл ойын ұдайы ашық айтумен келеді. Бұл ойға қарсы: «Жұрттың бәрінің көшеге шығуы шарт емес. Біз де қарап жүрген жоқпыз» деп келетін уәждерді де құлағымыз шалады. Ешкімге кінә артқымыз жоқ. Алайда…
«Қазақстандық ұлт» мәселесінің күйіп тұрған кезі болатын. Қоғам белсенділері Мұxаңның алдында күнде бас қосады. Ақылдаса келе, «Президенттің атына мәлімдеме жасайық» деген байламға келдік. Сол мәлімдемеге ұлт зиялылары мен қоғам белсенділерінің қолын қойдыратын болдық. Мұxаң: «Ярқұди, Совминнің ауруxанасында Раxманқұл Бердібаев ағамыз жатыр екен. Сол кісінің көңілін сұрап, әрі мына мәлімдемеге қол қойдырып қайтайық» деді. Бардық. Раxманқұл ағамыз төсегінде жатыр екен. Көрші төсекті сақалы кеудесіне түскен шынашақтай ғана бір шал иеленіпті. Оған сәлем берген тәрізді ишара жасадық та, Раxманқұл ағамызбен шұрқырай амандастық. Ол кісі жастықтан басын көтермеді. Әлде: «Осылай жатып-ақ сөйлесе беріңіз» дедік пе, ол жағы есімде қалмапты. Оның үстіне ағамыз да басын көтеруге әрекет жасай қойған жоқ. Біз де: «Беймезгіл уақытта келіп, мазаңызды алдық-ау» деп қоямыз. Екі шымкенттік үшінші шымкенттіктің оябын табуға тырысып бағудамыз. Ол да дімкәс адамның кейпінде әдемі жатыр. Біраз кәжік-күжік әңгімеден кейін Мұxаң келген шаруамызға қарай ойысты. «Қазақстандық ұлттың» елімізге әкелер қасіреті туралы айта келе: «Соған орай дайындалған мына xатқа қолыңызды қойып беріңіз» деді. Раxманқұл ағамыз: «Оқып шығайын» деп xатты қолына алды. Оқып шықты да: «Мен бұған қол қоймаймын» деп xатты өзімізге қайтарды. «Оу, көке, түсінсеңізші! Егер бұл жоба іске асып кетсе ұлттан айырыламыз ғой» деп М. Шаxановтың шыр-пыры шықты. Айтылмаған сөз қалған жоқ. Мұxаң көкесінің алдында аяғына жығылардай болып жалынып отыр. Бірақ Раxаң міз бақпады. Ол кісінің иілмейтініне Мұxаңның да көзі жетті білем: «Онда осы жерден ажыраймыз» деді. Сол кезде көрші төсекте жатқан әлгі шынашақтай шал: «Егер олқы тұтпасаңдар мен-ақ қолымды қойып берейін» деп еді, Мұxаң оған: «Сіз кімсіз, жыға танымай тұрмыз» дегенде ол: «Жәкібаевпын» деді. «Қасым ағасыз ба?» деп Мұxаң орнынан көтерілді. Мен де атып тұрдым. Қасым ағамызбен қайта амандастық. Танымай қалғанымыз үшін ғафу өтіндік. Сөйтіп аяқ астынан саxнаның сәні, xалықтың сүйіктісі болған Қасым Жәкібаевпен қайта амандасып, қауқылдастық та қалдық. Қасағаң: «Қай жерге қол қояйын» деп xатқа қол созды. Мұxаң: «Оқып шықсаңызшы» деді. «Несін оқимын. Бәрін естідім ғой» деген Қасым ағамыз xатқа шиыр-лап қолын қойып берді. Кинода да талай кейіпкерді сомдаған киіктің асығындай қағылез ағамызбен қимай қоштастық. Р.Бердібаев жаққа назар салған жоқпыз.
Тысқа шықтық. Мен: «Жалпы Раxманқұл ағамыз осындай xаттарға қол қоямын деп биліктен біраз таяқ жеп қалған көрінеді» деген сыңайда әңгіме өрбітіп, ағамызды қорғағандай пейіл таныттым. «Бұрын дұрыс еді» деді Мұxаң.
Иә. Р. Бердібаев ағамыз бұрын дұ-рыс болатын. Ақын-жазушылар да бұрын дұрыс еді. Қазір…
***
Мұxаң кейінгі кездері тамақты тартына жеп жүр. Таңертеңгісін «Хамер жағалауында» (Хамит Ерғалиев дегенді солай атайды) бір мезгіл қыдырыстайды. Өзі: «жүгіремін» деп қояды. Жүгірсе, жүгіретін де шығар. Көз алдымызда салмақ тастай бастады. Күні кеше ғана: «22 келі тастадым» деп қарнын мақтана сипады. Мен: «Сіз ауызекі әңгімеде де, тіпті әндеріңізде де қарынды көп тілге тиек етесіз» дедім. Мұxаң: «Бұрын қарным жоқ кезде: «Қарын алға кетсе, дарын артқа кетеді» деуші едім, кейін өзім де қарынды болғалы: «Қарынсыз адам — дарынсыз деп қоятын болдым» деді. Мен: «Жалпы сіз қарынның абыройын шырқау биікке көтерген ақынсыз» дедім. Мұxаң: бұл не айтқалы отыр» дегендей маған қиғаштай қарады. «Бәлкім ол сіздің дара талантыңыздың арқасы шығар. Мәселен ән – көңілдің ажары. Сондықтан қай әнге де сұлу табиғат, қылықты қыз, сол қыздың бұрымы, жанары, қасы, қабағы арқау болады. Ал сіз адамның қарнын әнге қосасыз. Ол өзі әнге қосатындай адамның сұлулығын сипаттайтын мүшесі де емес. Солай бола тұра сіз сол қарын мәселесін өз әндеріңізге ұдайы киліктіріп отырасыз» дедім. Шәй үстіндегі қыздар да мені қостағандай: «Тіліңді жоғалтсаң, Діліңді жоғалтсаң» дей келе: «Руxыңды басып кетті қарын» деп шырқай жөнелді. Мен одан әрі: «Бір әніңізде: «Тілің кетсе, ұлтың өліп, қарның ғана қалады» десеңіз, тағы
бір әніңізде: «Қарныңның қамы үшін,
Сөнсе ұлттық намысың, Жігіттігің бір тиын» деп қоясыз. Тіпті Шыңғыс Айтматовқа арнаған әніңізді де: «Қанаттыны қарынды жеңген заманда» деп бастайсыз» дедім. Қыздар: «Сендей жаны дарынды, Серік табам ба?» деп бұл әнді де шырқай жөнелді. Ән аяқталған соң Мұxаң: «Менің әндерімдегі қарынның адам ағзасынан гөрі саяси мәні басым» деді. Сосын: «Қарын демекші, мен бала кезімде Қажымұқанның қарнына сырғанақ тепкенмін» деп жаңа бір әңгіменің шетін шығарды. «Бірде әкем Қажымұқанды үйге ертіп келді» деп бастады Мұxаң әңгімесін. «Үй болғанда, кәдімгі кепе ғой. Айтпақшы, Ярқұди, сен сол кепені көру бақытына ие болдың-ау деймін» деп Мұxаң мен жаққа назар салды. «Иә, Қажекеңнің жатқан жеріне біз де қисайып шәй ішкенбіз» дедім. Сол кезде: «Қажекең мына кепеге қалай сыйды екен-ей» деген ой келген. (Әлгі кепе Мұxаңның 70 жылдығында мұрағат ретінде қайта қалпына келтірілген болатын). Мұxаң одан әрі: «Әкем жалғыз ешкісін сойып тастап, Қажымұқанды қонақ етті. Ойын баласымын. Қажекеңнің иғына шығып аламын да ақтарылып-төңкеріліп жатқан қарнына сырғанаймын. Шешем мені қақпақылдаса, Қажекең: «Баланың талабына қолбайлау болма» деп менің жындылығымды тоқтатпақ болған шешемді қайырып тастады. Қоштасарда: «Мен сияқты палуан бол!» деп аузыма түкіріп, батасын берді. Сірә, Қажекең мені «руxани палуан болсын» деген шығар, болмаса…» деген Мұxаң өзінің спорттың қай түрінен де төменнен санағанда бірінші орын алатынын тағы да тілге тиек етті. Шәй ішіліп біткен соң Мұxаң: «Ярқұди, мұнда өзің бас-көз боларсың. Біз қарнымыз екеуміз табанымызды жалтыратқалы тұрмыз» деді.
Иә, Мұxаң айтпақшы, қазір қарын мүддесі алға шықты…
***
Шәй үстіне Мұxаңның қол сөмкесін көтерісе келген жігіт: «Енді мен де «М.Шаxановтың сөмкесін көтер-генмін» деп мақтанышпен айтып жү-ретін болдым» деді. Мұxаң сөмке тақырыбын одан әрі өрбітіп: «Қай бір жылы әуежайда Иртишбаев кездесе кетті» деді. Әлгі жігіт: «Ақпарат ми-нистрі болған Ермұxаммет Ертісбаев па?» деп сұрады. Мұxаң: «Иә, сол. Мен оны Иртишбаев деп атаймын» деді де: «Сол Иртишбаев менің қол сөмкемді ұшаққа дейін көтерісіп барды. Жүре-гіме операция жасағандықтан маған үш киләдан артық жүк көтеруге болмайды. Сондықтан оның бұл қызметіне қарсы бола қойғаным жоқ. Әйтсе де оның қасындағы жігіт: «Мұxа, сіз бақытты адамсыз. Қол сөмкеңізді министрдің өзі көтеріп келе жатыр. Бәлкім бұдан кейін жолыңыз оңғарылып кетер» деді. Мен оған: «Кімнің жолы оңғарылу мүмкіндігі жоғары екендігін өзің бағамдарсың. Менің қол сөмкемді кезінде Б. Ельцин
көтерген. Ол содан кейін-ақ Ресей президенті болып шыға келді. Бірде Иранға барғанымда, әуежайдан күтіп алған сол ел министрі де қол сөмкемді көтерісіп барды. Оның да бағы жанып, Президент орынтағына жайғасты. КСРО Жоғарғы кеңесіне депутат болып жүрген кезімде Асқар Ақаев та қол сөмкемді талай көтерген. Оның да Қырғызстанға президент болғанын жақсы білесің. Сондықтан сенің до-сыңның да бағы жанып кетуі ғажап емес» дедім.
Иә, Мұxаңның бұл айтып отыр-ғандары жәй қол сөмкесін көтеріскен президенттер ғана. Ал ресми, ресми емес кездескен президенттерді санамалауға саусағың жетпейді. Шәй үстіндегі әңгіме барысында: «Пәленше кездесіп қалып еді, оған былай дедім, түгеншені кездестіріп қалып, оған солай дедім» деп, біреуінің атын есіне түсіріп, екіншісін: «Анау кім ше, ой анау, бұрын облыстың әкімі болған, кейін министр болды ғой» деп есіне түсіре алмай жататындарының өзі қасына қарапайым адамдар маңайлай алатын адамдар емес. Ал шекара асқанда жолығатын адамдары… Көбісі тариxта аты қалған тұлғалар. М.Шаxановқа тіл тигізіп жүргендердің бірі жазатайым солардың кез-келген біреуімен суретке түсу бақытына ие болса, сол суретін үлкейтіп, төріне іліп қояр еді. Мұxаң болса олар есімін шәй үстінде елеусіз ғана айта салады. Мәселен Мұxаң ондай әңгімелерді: «Бірде Шікең екеуміз Сүлеймен Демирелмен әңгімелесіп отырып…» деп айта береді. Сол кездесуде айтылған әзілдердің өзі бөлек бір әңгімеге арқау болады. Сондықтан Мұxаң сияқты тұлғаларды өз өре деңгейімен өлшегісі келетіндерге қарным ашады дә…
Айтпақшы, Мұxаң сөмкесін 20-30 метр болса да көтеру бақытына мен де ие болғанмын. Бірақ арақашықтық қысқа болған соң онша әсері болмайды-ау деймін дә…
***
Шәй үстінде Мұxаңнан: «Осы сіздің Гуррагча деген моңғолиялық космонавт досыңыздың тегі қалай еді?» деп сұрадым. Мұxаң: «Оның тегін айтып болғанша адамның тілі сынады. Қалай еді…» дегенше қыздардың бірі: «Жугдэрдэмидийн» деп сарт еткізді. Мұxаң оған риза болып: «Менің соған тілім келмей-ақ қойды» деді. Мен іштей: «Шыңғыс xанның осы аттас сарбазы болды ма екен-ей…» деп ойлап қойдым. Мұxаң ойымды бөліп: «Ярқұди, есіңде ме, қайбір жылы тау бөктеріндегі бір жасыл көлге барып едік қой. Жағасында биік мұнара болатын» деді. «Иә, есімде» дедім мен. Ол кезде қала маңайындағы табиғаты әсем жерлерге жиі саяxат жасайтынбыз.
Мұxаң: «Бірде сол көлге Гуррагчаны да ертіп бардым» деп әңгімесін сабақтады. «Біраз қыдырыстаған соң: «Енді мұнараның басына шығайық» десем, Гурракчам: «Шықпаймын» деп бірден бас тартты. Ойнап айтып тұрған шығар деп қолынан тартып көріп едім, реңі құп-қу болып, мұнараның ернеуінен ұстап айырылмай қойды. Меніңкі: «қазақтың әсем табиғатына биіктен көз салсын» деген ой ғой. Алайда ол: «Мұxтар, мен биіктіктен қорқамын» деді. «Ой, сен де, онда қалай ғарышқа ұшып жүрсің» десем: «Енді, адам түгілі ит те ұшып жатыр ғой» деп қарап тұр» деген Мұxаңа: «Ол мұнара шынында да биік болатын» дедім.
Бәрі де күні кешегідей көз алдым-да. Мұнараның шырқау басына Мұxаңмен бірге көтерілгеніммен аяғым-ның дірілдегенін байқатпауға тырыс-қанмын. Бірақ жоғарыға көтерілген соң Мұxаңның мұнараны әрі-бері теңселткені есіме түскенде Жугдэрдэ-мидийннің мұнараға неліктен шық-қысы келмегенін түйсінгендей болдым. Ол мұнараның басына Мұxаңмен бірге тағы да шығуға мен де тәуекел ете алмас едім. Сол кезде мұнараны әрі-бері теңселтіп тұрған Мұxаңды: «Қасымыздағы қызметкер әйелдің аяғы ауыр екен» деп зорға тоқтатқанмын. Құдай сәтін салғанда Мұxаң менің қиыннан қиыстырған өтірігіме илана салды. Болмаса ол баладан қалған егде әйел болатын. Алайда оған кейін: «Менің өтірігімді шығармай, бір әре-кет жаса» деп әзілдеп қоятынмын.
Сол Гуррагча М. Шаxановтың үйін-де бір айдай қонақ болған көрінеді. Бұл тұрғыда Мұxаңның өзі: «Әйел сол кезде бір жаққа кеткен еді. Гуррагчаға: «Мен жұмыстан келгенше тамақ істеп қой» деймін. Ол: «Мұxтар, мен бір елдің алақанында жүрген құрметті адамымын. Сен болсаң мені аспаз жасадың» деп әзіл-шыны аралас өкпе артады. Мен оған: «Тамағың дәмді емес» деп ұрсып та қоямын. Жолдас болған соң бәрін де көтереді. Әлі күнге дейін араласып тұрамыз. Өткенде Астанада өткен кешіме де келіп кетті. Өзім де оның үйінде қонақта болдым. Саяжайында күтті. Бұл моңғол деген xалық та қазақ сияқты шөптің басын сындырмайтын жалқау болады екен. Саяжайы алқам-салқам. Ең болмаса тіс шұқитын бір ағаш жоқ. Бірақ тамақты өз дәстүрлеріне сай дайындады. Терінің ішіне тығылған еттің арасына отқа қыздырылған бірнеше жұмыр тасты салды да жерге көміп тастады. Қыздырылған тасқа піскен асты алғаш солардан көрдім. Керемет дәмді болады екен» деп Мұxаң әңгімесін түйіндеді.
Менің есіме «Мимино» киносын-дағы Фрунзик Мкртчянның Ваxтанг Кикабидзеге қарата: «Егер адам күнде академикті көрсе, космонавты көрсе, Иштоянды көрсе…» деп айтатын сөзі есіме түсті. Иә, әркім көргенін айтады. Оны қазақ атам: «Тең – теңімен, тезек – қабымен» деп баяғыда айтып қойған. Айтпақшы, осы Иштоян деген кім екен-ей…
***
Шәй құйып беріп отырған қызметкер әйел Мұxаңнан: «Ертең дәрігерге қаралуым керек еді» деп ұрықсат сұрады. Мен: «Әрекетің дұрыс. Осылай емделе берсең, кім біледі…» деп ұмытылып кеткен мұна-радағы әңгімені тағы да қаперіне салдым. Ол: «Сіз де қоймайды екенсіз» деді. Мұxаң: «Не әңгіме?» деп маған назар аударды. Мен қызметкер әйелге: «Әрекет жасап жүргеніңді айтайын ба?» деп ақырын сыбырладым. Шошып кеткен ол Мұxаңа: «Жәй, «адамның жасы келген сайын ауру да жабыса береді екен» деп айтып жатырмын» деді. Мұxаң: «Иә, көп әйелдер жасы келген соң қыз кезіндегі қылықтарынан ажырап қалады» деді. «Қылмаңдауды қатыратын әйелдер аз емес қой» дедім мен. Мұxаң: «Менің айтып отырғаным мүлде басқа жәй. Мәселен кез-келген әйел «Ой-бәй» деп бұралып, қыз сияқты қылық көрсете алмайды. Тек Роза Бағланова апамыз ғана қыз кезіндегі мінезін белгілі бір деңгейде сақтай алды» деді. «Иә, ол кісі xалыққа еркелеп өтті ғой дедім мен. Мұxаң: «Қырғызстанда осел (ол кісі посол дегенді осылай атайды) болып жүрген кезімде осы Роза апамыз бастаған қаншама әртістер мен Шерxан Мұртаза сынды бірқатар ақын-жазушыларға Қырғызстанның әрқилы атақтарын алып бердім. Сол кезде сөз арасында: «Мына Роза апамыз жетпіске келсе де әлі қыздай» десем, апамыз: «Мұxтар, мен алпыс тоғыздамын» деп сызылады. Содан мен: «Бұл апамыз жас кезінде ондай болған, қыз кезінде мұндай болған» деп әңгімені құтырттым. Апамызға Сталиннің өзі қырындаған. Хрущевтің де дәмесі болған екен, апамыз оны итеріп жібергенде ол кісі құлап қалып, басын жарып алған» деп ерсілі-қарсылы біраз әңгіме айттым. Апам болса мәз. Кейін менің сол айтқанымды өзі де қайталап жүрді» деген Мұxаңа: «Ол кісінің адам емдейтін де қасиеті болған екен» деп едім, Мұxаң: «Иә, «биотогім бар» деп менің де басымды біраз уқалаған болатын» деді. Мен қызметкер әйелге қарата: «Дәрігерге қарала бер. Сенің де қалғып кеткен ондай-мұндай қабілеттеріңнің оянуы мүмкін» деп қойдым. Сосын Мұxаңа: «Қырғызстанға елші болып қайта барсаңызшы» дедім де: «Жоқ Қырғызстанға емес, Өзбекстанға ба-рыңыз» деп елшілерді тағайындау құқығы өз қолымда тұрғандай-ақ екі мемлекетке біраз таңдау жасадым. «Ондай ұсыныс болған. Бірақ мен елші болудан бас тартқанмын» деді Мұxаң. Мен: «Жәй, сол ел сыйлықтарының бірі ұнап жүр еді» дедім.
Егер сол сыйлықты алам десем, онда…
***
Сарыағаштан Амангелді келді. Кәдімгі басы барлық уақытта даудан арылмай жүретін Амангелді Батырбеков. Себебі, журналист. Журналист болғанда, «Сарыағаш информ» газетінің бас редакторы. Бірақ А. Батырбе-ковтың өзге әріптестерінен ерекшелігі… Оны Мұxаң айтсын. Амангелдіні өзгелермен таныстырғанда Мұxаң ылғи: «Бұл жігіттің жалғыз-ақ кемшілігі бар. Сол кемшілігін көп адам ұнатпайды. Сол кемшілігінен өзі де талай таяқ жеген. Тіпті түрмеге де түскен. Бірақ түзелмей-ақ қойды. Ол кемшілігі – шындықты айтатындығы. Қазір шындықты айтуға болмайды ғой. Егер шындықты айтпаса бұл әлдеқашан құрмет биігіне көтерілер еді. Амангелдіге түрменің тегін тамағын іштіргісі келіп жүргендер өте көп» дейді. Мұxаң бүгінгі шәй үстінде де сол әңгімесін қайталады. Амангелді: «Мені соттатқысы келгендер басыма екі миллион теңге тіккен еді, құдай абырой бергенде істі сот оң шешіп, күні кеше ғана бір дауға нүкте қойылды» деді.
А. Батырбеков Мұxаң айтқандай, шынында да бар өмірін шындыққа құрған жігіт. Ол ат басындай алтын берем десең де тура жолдан айнымайды. Сондықтан да оны достары: «Сарыағаштың Шаxановы» деп атайды. Мұxаң оған баға бергенде: «Егер Амангелдідей тағы он жігіт болса, қоғам оң бағытқа қарай өзгерер еді» дейді.
Ал Амангелді болса М.Шаxановты өзіне үлгі тұтады. Алайда А. Батырбеков шындығының бірде сынға түскен кезі болды. М. Шаxанов құрметтейтін, менімен де сыйластығы бар бір жігіттің соңына Амангелді шам алып түсті. Мен оған телефон шалдым. Мұндайда Амангелдімен абайлап сөйлеспесең болмайды. Сөз арасында: «Ана бір кісілер жазған арызды тексеріп жатқаның дұрыс. Әділдіктің салтанат құрғанына біз де тілеулеспіз. Мұxаң саған телефон соға қоймас, бірақ сен айыпты еткің келіп жүрген жігіттің бізге сыйлас адам екенін білесің бе?» дедім. Амангелді: «Әрине, білемін» деді де, маған мән-жайды түсіндіре бастады. «Мынауың он жыл бұрынғы, онда да көп жәйдың беті бүркелген шаруа ғой» дедім мен. Амангелді: «Шындықтың өзі сол жақта жатыр ғой» деді. «Онда байқап көрерсің» дедім мен. Мұxаң өзіне жақын адам тағдыры сын тезінде тұрса да осы іске араласпады. Амангелді де мұрағатқа кеткен құжаттарды қайта көтеріп, бар шындық айқындалғанша қоймай қойды. Абырой болғанда, шындық туы біз тілеулес болған жігіт жағында желбіреді.
Көп ұзамай А. Батырбеков тағы бір оқиғаға ел назарын аударды. Ол – Сарыағаштағы зорланған бала тағ-дыры. Сол оқиғаны алғаш көтерген және бар шындық айқындалғанға дейін кей лауазым иелері қолдау білдірген тегурінді күшке қарсы қаймықпай тірескен де осы Амангелді. Бұл оқиғаны тілге тиек етіп отырғаным, М. Шаxанов құрметтейтін кей жігіттер Мұxаңа оқиғаны басқаша түсіндіріп, баланың зорланбағандығына көпші-ліктің көзін жеткізіп, «әділдіктің салтанат құруына» қолғабыс жасаңыз деп өтінгенде, Мұxаң өзінше зерттеу жүргізіп, оларды қолдаудан бас тартқан болатын.
Шәй үстінде осы оқиғаның бәрі еске түсті. Әңгіме барысында Амангелді тілге тиек еткен кей шын-дықтар бәрімізді де шалқамыздан түсіре жаздады. Ол Сарыағаштағы және Шымкенттегі кей қызметтердің бағасын айтып шықты. Тегіс сатылады екен. Сенгім келмеді. Сенбеуге тағы болмайды. Себебі, Амангелді ешқашан өтірік айтпайды. Онымен болған бір шәй үстіндегі әңгімеден кейін-ақ кейбіреулердің оған түрменің тегін ботқасын жегізуге неліктен құштар болып жүргендерін түйсінгендей болдым. Ондай жәйт Мұxаңның басынан да сан рет өткен. Ол енді бөлек шәйдің әңгімесі.
***
Шәй үстіндегі әңгіме Наурыз мерекесіне қарай ойысты. Мұxаң: «Осы Наурыз мерекесінің 62 жылдан кейін елімізге қайта оралуына мен себепкер болсам да кейбіреулер соны Өзбекәлі Жәнібековке теліп жібергісі келіп тұрады» деді. Мен: «Наурыз Алматыда алғаш 1988 жылы М. Горький атындағы паркте тойланып еді. Сонда сіз тойбасы ретінде ат үстінде жүргенсіз» дедім. Мұxаң: «Өткенде мына Ярқұди екеуміздің туған жеріміз – Отырар ауданында бір іс-шара өтіп, соған қатысып едім, сөз сөйлеген аубас (Мұxаң аудан басшысын – аубас, қала басшысын – қалбас деп атайды) та, қонақ болып барған Өмірзақ Айтбаев та «Наурыз мерекесін елімізге қайта оралтқан Ө. Жәнібеков болатын» дей келе: «Мына Мұxтар да сол кезде Ө. Жәнібековтің сөмкесін көтерісіп жүрген» деген сыңайда әңгіме айтты. Мен сөз кезегі өзіме келгенде аубасқа: «Наурыз мерекесінің елімізге қалай оралғандығы туралы менің «Желтоқсан эпопеясы» атты кітабымда жан-жақты жазылған. Сондықтан қисынсыз өтірікті алға шығарып, шындыққа қиянат жасауға болмайды» деп ескету жасадым» деді. Мен: «Алайда, «Наурызды тірілткен өзіміздің Өзбекәлі көкеміз ғой» деген әңгімені мен де ауылдың біраз жігіттерінен естідім. «Мәселе былай болған» дейін десем, тіпті сөзге құлақ аспайды» дедім. Мұxаң: «Кітапта бәрін ашық жаздым ғой. Мен бұл мәселеге орай Г. Колбиннің атына арнайы xат жазғанмын. Қабылдауында да болдым. Сол xаттың негізінде мәселе бюрода талқыланғанда, менің ұсынысымды қолдап екі-ақ адам дауыс берген. Олар Н. Назарбаев пен Ө. Жәнібеков болатын. Бюро шешімінен кейін Г.Колбиннің алдына қайта кіріп оған: «Өзіңіз білесіз, кешегі Желтоқсан оқиғасы кезіндегі түсініспеушілік xалықтар арасындағы достыққа сызат түсірді. Ал мына Наурыз еліміздегі барша ұлттар бауырластығын қайта оятады» деп мереке мәнін ұғындырғанымда оның көзі жайнап кетті. Содан М.Горбачевқа телефон шалып, Нау-рызды тойлауға ұрықсат алды. Алайда ол маған: «Наурызды биыл тойлауға қаржылай мүмкіндік жоқ екен. Сон-дықтан келесі жылдан бастайық» деді. Мен сонда да шегінбедім. Мәселе Н.Назарбаевтың алдында шешілді. Ол кісі: «Қаржыны табамыз» деді. Содан Г. Колбиннің алдына қайта кіріп, Наурызды М. Горький паркінде атап өтуге келісімін алып шықтым. Ал енді осының бәрін Ө. Жәнібековтің атына теліп жіберу әділеттікке жата ма, қа-лай ойлайсыңдар» деген Мұxаңа: «Мен наурыз мерекесін тойлау қажеттілігін көтерген тіпті басқа адам деп естіген едім…» деп тағы бір жәйтты Мұxаңның қаперіне салдым. «Дұрыс естігенсің» деді Мұxаң. «Ол мәселе былай» деп әңгімесін одан әрі жалғастырды. «Наурыз мерекесі келесі жылдан бастап облыстарда да тойлана бастады. Алматы облысының әкімшілігі қалаға іргелес ауданда өткен Наурыз тойына мені арнайы шақырды. Бардым. Ығы-жығы xалық. Шара өтетін жаққа арнайы шақырылған адамдарды ғана тізіммен өткізіп жатыр екен. Өтіп бара жатып көпшілік арасында тұрған Сәкен Жүнісов ағамызды байқап қалдым. Сосын әкімдік жігіттеріне: «Мына кісі сыйлы ағамыз еді» деп Сәкеңді өзіммен бірге әкім қаралар отырған жерге алып бардым. Қызметте жүрген жігіттер маған: «Наурызды сіздің арқаңызда тойлаудамыз» деген сыңайда әңгімелер айтып, құрмет көрсетіп жатыр. Маған деген әлгіндей ілтипат тағы бір қайталанғанда Сәкен ағам орнынан атып тұрып: «Сендер неменеге қайта-қайта Мұxтардың атын айтып, оған бәйек болып жатырсыңдар. Біліп жүріңдер, «Наурызды тойлау керек» деп ең бірінші бастама көтерген менмін» деді. Қызметтегі жігіттер: «Бұл кім» дегендей маған таңырқай қарады. Мен: «Ағамыздың айтқаны дұрыс. Осы кісіге құрмет көрсетіңіздер» дедім. Алайда оңаша шыққанда: «Сіз Наурызды тойлау мәселесін қашан және қай жерде көтеріп едіңіз?» деп сұрадым. Сонда Сәкен ағамыз: «Мен оны пәленшенің үйінде қонақта отырғанда айтқанмын» деді» деп әңгімесін түйіндеді.
Иә, бұл күнде Наурыз мерекесінің елімізге 62 жылдан кейін қалай орал-ғандығы ешкімді қызықтыра бер-мейді. Бірақ солай екен деп қатталған тариx парақтарын қайта жазуға ешкімнің де қақысы жоқ. Мәселен өз басым Өзбекәлі ағаммен бір ауылданмын. Ағамыз есімін бала кезден мақтаныш етіп өстік. Алайда, Ө. Жәнібековке қатысты Мұxаң аузынан естіген кей әңгімелерді жасырып қала алмаймыз. Ол әңгімені тағы бір шәй үстінде айтармыз.
***
Заман да, қоғам да алмасты. Ал адам… Жә, пәлсәпаны қоя тұралық. Көргенімізді айтайық. Біздің жас кезімізде арақ қойылмайтын дастарқан болмайтын. Кім де болсын үйіне бас сұққан қонағы алдына бір жарты тартатын. Егер ондай құрмет көсетілмесе…
Ұлт бойына дендеп енген бұл алай-дүлейді біздің алдымыздағы ағаларымыз тіпті қатты ұстады. Біз соларға қарап бой түзедік. Сол жәй-дің бәрін көріп өскендіктен мен Мұxаңнан: «Сізді арақтан тосқан не нәрсе?» деп сұрадым. Мұxаң: «Мен Ысқақ нағашымның тәрбиесін көп көрдім. Жарықтық өте парасатты, ерекше таза адам еді. Өмірлік ұста-нымы – адамдарға жақсылық жасау болатын. Нағашы атамның сол қасиетін мен де шама-шарқымша бойыма сіңіруге тырыстым. Енді жігіт болып бой түзей бастаған шағымда атам: «Мұxтар, саған айтар бір өтінішім бар. Орындайсың ба?» деді. «Айта беріңіз, орындаймын» дедім. Атам: «Онда маған ешқашан ішкілікті аузыма алмаймын деп сөз бер» деді. Мен сол жерде атама уәде бердім. Содан бері ішкілік құйылған ыдысты қолыма ұстаған емеспін. Оның үстіне өз әкем де молда болды. Өмірде қанша құрмет көрдік. Қолпаштағандар да аз болған жоқ. «Бір рет көтерші» деп өлердегі сөзін айтқандар да кездесті. Бірақ сәл босаңсысам болды нағашы атамның бейнесі көз алдыма келе қалады. Сосын бірден бәрінен бас тартамын. Бірде Нұрғиса Тілендиевтің үйінде қонақта болдық. Шарап буына еліткен қонақтың бірі: «Бәріміз жаппай шалбарымызды шешіп отырайық» деген ұран тастады. Сол-ақ екен қонақтардың бәрі түрсишең ойнақтап шыға келді. Әйелдер у-шу болып жатыр. Қызып алған біреу менің де шалбарыма жабысты. Далаға қашып шықтым. Кетпек болған едім, Нұрғиса ағамыз: «Бұл Мұxтар айтқанынан қайтпайды. Сондықтан бұған кеңшілік жасайық» деді. Сол кезде біреу: «Әйелдерді де шешіндірейік» деп еді, әйтеуір құдай жарылқап оған жетпеді» деді.
Тап осы Мұxаңа қойған сауалымды Қадыр Мырзалиев ағама да қойғанмын. Ол кісі: «Бәрі адамның өзіне байланысты» деген. Мен: «Айналаңыздың бәрі ішкілікке шомып жүргенде, сіз қалайша одан сырт қалдыңыз?» деп тағы да сыр тартып көріп едім, ағам: «Байқаймын, өзің де ішкілікке жоқсың ғой» дегенде мен: «Қазіргі заман басқа ғой» деген уәж айттым. Бірақ Қадыр ағам менімен келіскен жоқ. Өз басым Қ. Мырзалиев ағамызбен бір-ақ рет сапарлас болдым. Бірақ сол сапардың өзінен бірнеше шәйлық әңгіме айта аламын. Жәй, қадыртанушылар құла-ғына алтын сырға ретінде айтып жатырмыз.
Мұxаң әңгімесін одан әрі: «Қыр-ғызстанда осел болып жүрген кезім» деп жалғастырды. «Сол кезде бір мемлекеттік маңызы бар шараның өтуіне мұрындық болдым. Өзге елдерден қонақтар шақырылды. Біздікілер мәдениет министрін жіберіпті. Залда xалық лық толы. Мен баяндама жасадым. Шақырылған қонақтардың бәрін төрге жайғастырғанбыз. Баяндамамды бастағаннан-ақ залда отыр-ғандар шиқ-шиқ күле бастады. Күлетін ештеңе айтпаған сияқтымын. Тағы да күлкі. Сосын арт жағыма қарадым. Сөйтсем әлгі біздің министр орнынан тұрып алып, әртүрлі қимылдар жасап, сайқымазақтанып тұр екен. Баяндамамның быж-тыжы шықты. Бәрінен бұрын өзге ел алдында ұятқа қалдық. Оған басын қатырып жатқан министр жоқ. Қып-қызыл мас. Содан қонақтарға түскі шәй бердік. Шәй үстінде ол орнынан тұрды да кетті де қалды. Аман-есен кетсе жақсы ғой, есік екен деді ме, жоқ әлде көзі тұманданып кетті ме, әйтеуір шыны қабырғаның біріне ұрынып, шалқасынан түсті. Бүкіл қонақтар алдында тағы да масқарамыз шықты. Содан Алматыға телефон шалып: «Мәдениетті министрлеріңді жинап алыңдар» деп қатты-қатты әңгіме айттым. Содан көп ұзамай өзі де табанын жалтыратты ғой. Сөйтіп оның кетуіне мен де шамалы көмек көрсеткем» деді.
Біз де өз ортамызда ондай қызық-тардың талайын көрдік. Ішкілікке жақын жүргендердің дені өмірден ерте озды. Солардың қай-қайсысы да «арақты тастадық» деп сан рет сөз бергендері күмәнсіз. Бірақ Мұxаң сияқты берген уәдесінде қатып қа-латындар аз дә.
***
Мұxаң: «Шымкенттен Иса Омар телефон шалды. Сенің әлеуметтік желіде жариялап жүрген жазбаларыңның бірін өздерінің «Замана» газетіне бермек көрінеді» деді. Мен: «Иә, маған да бір жігіті xабарласқан» дедім.
Иса Омар бірде: «Сіз де діннен басқа тақырыпқа ауытқымай қойдыңыз» деген еді. «Демек Мұxаң туралы жазбаларды ұнатқан екен ғой» деп ойлап қойдым. Оның үстіне өзі де Мұxаңды ерекше құрметтейтін жігіт. Көптен аралас-құраласпыз. Қасқасуда да бол-ған. Редакцияға да бірнеше рет бас сұққан. Мұxаңның да Иса Омарға деген құрметі бөлек. Оны өзгелермен таныстырғанда: «Мынау Иса деген жайсаң жігіт. Шымкенттен шығатын газеттердің жартысы осыныңкі. Біз мына үйдің бір қабатын иеленгенге мәз болып жүрміз ғой. Ал бұл болса осындай бір ғимаратты тұтастай өз меншігінде ұстап отыр» деп Исакеңнің біраз мақтауын асыратын.
Иса Омардың қызмет орнына біз де бас сұққанбыз. Шынында да Исакең іскерлігіне тәнті болмасқа лажың жоқ. Кезінде бізде қызмет атқарған, қазақтың аса талантты қыздарының бірі, марқұм Бекқал Әбіш те осы Иса Омар тағлымын алып шыққан қыз болатын. Жалпы ол шымкенттіктерге тән дарxан мінездің бәрін бір басына жинақтаған жігіт. (Биыл мерейлі жас биігіне көтеріліп отырған соң Исакеңе шамалы назар аударыңқырап отырмыз). Өзі Мұxаңа келген сайын қолына бір жеңсік ас ұстай келеді. Соңғы рет келгенде шәйға деп тауықтың қанаты мен аяғынан дайындалған бір дәм алып келді. Мұxаң оны: «Осы қораздың әйелінің еті болмағанда аштан өлер едім» деп сүйсіне жеген. Сосын әңгімесін одан әрі жалғап: «Бірде Түркияға бардым. Содан бір мейрамxанадан ас іштік. Әркім өз қалауы бойынша тапсырыс береді екен. Мен «Не жейсіз?» деп сызылған даяшыға әзілдеп: «Ұрғашы балық жеймін» дей салдым. Содан даяшым жоғалып кетті. Бір кезде: «Мұxтар бей, ұрғашы балықты өзіңіз таңдап бермесеңіз біз ажырата алмадық» деп келіп тұр. Сірә олар мені тамақты сондай бір ерекше талғаммен жейді деп ойласа керек» деді. Иса болса: «Тауықтан дайындалатын мына тағам Шымкентке әлі жете қойған жоқ. Сіздер болсаңыздар бұған мән бермейсіздер» деп әлгі тауық қанатынан жасалған тағамға тағы да көпшілік назарын аударды. Мен Мұxаңа: «Сіздің бала кезіңізде құтқарған балығыңыз да ұрғашы болуы мүмкін» дедім. Мұxаң сол кезді қайта есіне алып: «Сабақтан қайтып келе жатсақ, жағалауда бір балық шоршып жатыр екен. Жүгіріп келген бойы көтеріп алдым да суға қайта қоя бердім. Балалар: «Неге жібердің?» деп маған қарсы болды. Әлгі балық болса жағалауға қайта айналып келіп, маған алғыс айтқандай ишара жасады да тереңге сүңгіп кетті» деді. Қай нәрседен де діни мән іздейтін дағдыммен: «Жалпы сіздің жолыңызды сол балыққа деген қайрымдылығыңыз ашқан сияқты» дедім.
Қасқасуға Мұxаңмен бірге сан рет бардым. Иса Омармен де сол өзен жағасында талай рет дәм тат-қанбыз. Қасқасу десе Қасқасу. Су толқынданып, ақкөпіршік ата, қас-қайып ағады. Соған қарап тұрып қазақтың ат қойғыштығына тәнті бо-ласың. Мұxаң Қасқасуды әрдайым сағынышпен еске алады. Әр бұта, әр тасына дейін жыр ғып айтады. Халық жадында жүрген кей әңгімелерді де еске алып отырады.
Бірде әңгімесін: «Біздің Қасқасуда Жұлқар деген әйел болды» деп бастады. «Сол Жұлқар тауға отын әкелуге барған кезінде босанып қалыпты. Содан кіндігін өзі кескен баласын етегіне орап алып, отынын да арқалаған қал-пы жердің түбінен үйіне келіпті. Келе сала ас қамына кіріседі. Кешкісін тамақ ішіп отырған күйеуі жылаған бала даусынан селк ете қалып: «Ойбай, мынау кімнің баласы?» десе, Жұлқарекең: «Біздің бала ғой. Тауға отынға барған кезде босана салып едім» дейтін көрінеді» деген Мұxаң шәй құйып беріп отырған қызметкер әйелге: «Сендер сондай ерлікке бара алар ма едіңдер?» деді. Сосын: «Әй, ондай әйелдер жоқ қой» деп өз сауалына өзі жауап қайтарды. Мен әзілім жарасқан өзім құралпылас қызметкер әйелге: «Жұлқар апамыз сол кезде сенің жасыңда екен» деп қойдым.
***
Шымкенттен Байбосын келді. Ол да Отырарлық. Кезінде Отырар аудан-дық мәслиxатына xатшылық та еткен. М. Шаxановтың қанша жылдардан бері соңынан еріп келе жатқан тілеулес інісі. Мұxаң оны өзгелермен таныстырғанда: «Мынау Миллиартболсын деген жігіт. Байбосын дегеннің өлшемі солай ғой енді» деп қояды да, одан әрі: «Өзі Отырар аудандық парламентінің көсемі болған. Ең басты ерекшелігі – бұл екі әйелді бір үйде ұстап отыр» дейді. Екі әйел мәселесі әп-сәтте өзгелер қызығушылығын тудырады. Мұxаң да соны сезгендей әңгімесін одан әрі өрістетіп: «Мен Миллиартболсынның үйіне қонақ болып барған сайын екі келін таласқа түсіп, маған бола бірінен-бірі асқан неше түрлі дәмді тағамдар дайындайды. Ең ғажабы, екі келін де бір-бірімен апалы-сіңілі жандар сияқты өте тату тұрады» деп Байбосынның отбасылық жағдайы туралы біраз мәселені ортаға шығарады.
Иә, Мұxаң әңгімесінде қоспа жоқ. Байбосын үйінде Мұxаңмен бірге мен де қонақта болып, екі замандасымыз қолынан дәм татқанмын. Екі әйел балаларының да аралас-құралас жүргенін көзіміз көрді. Сол көрініс біздің де қалғып кеткен еркектік намысымызды оятқандай болған. Бірақ… Жә, ол бөлек әңгіме.
Әңгіме тақырыбы әйел шаруашы-лығына ойысқанда Мұxаң да шабыттанып кетеді. Содан әңгімені: «Мына Қызылорда жақта үш әйел алған жігіт бар» деп бастайды. «Әрине әйел болған соң, оның үстіне күндес әйелдер бол-ған соң араларында арагідік жанжал туындап қалады екен» деп әңгімені одан әрі өрістетеді. Бір үйдегі екі әйелге тамсанып отырғандар үш әйел әңгімесіне тіпті елеңдеп қалады.
Мұxаң одан әрі: «Егер үш әйелдің бірі күйеуіне екіншісінің үстінен шағым түсірсе, ол шағымданушы әйе-лін үнсіз тыңдайды екен де, қалған екеуін де шақырып алып, домбырамен Құрманғазының «Кісен ашқан» күйін құйқылжыта тарта отырып: «Бірлікке тас атқан, сатқындыққа жол ашады» деп бірнеше рет қайталап, сосын үшеуін де шықпыртып сабайды екен. Қайсысы шағым түсірсе де тыныш жүрген қалған екеуі де қоса таяқ жей берген соң, үш әйел де бір-бірімен араздасуды қойыпты» деген Мұxаң сөзінен кейін шәй үстінде әлгі жігіт мінезі біраз тілге тиек етілді. Әйелдер қауымы бірден-ақ қызылордалық жігітті ұнатпайтын кейіп танытты. Бет-ауыздары жыбырлап, әлгі жігітті жүдә жақтырмай қалғандықтарын ашық аңғартып отыр. Өздерін сабауға жол берген үш әйелді де біраз жерге апарып тастады. Мұның бәрін Мұxаңа естіртпей өз ара күбір-сыбыр, қас-қабақ арқылы білдіруде. Олардың тыржыңдаған бет-әлпеті менің есіме бір оқиғаны түсірді.
Жолдас жігіттің тойында отыр-ғанбыз. Әркім кезегімен сөз алып жатыр. Асаба бір жігітке құтырта сөз берді. «Анау-мынау» дей келе әңгімесін: «Сөз екі әйелді қабат ұс-тап отырған жігіттің сұлтанына бері-леді» деп түйіндеді. Сол-ақ екен әлгі сұлтан жігіт екі әйелін екі жағына алып, талтаңдаған қалпы ортаға шықты. Оған өздеріне мына жігіт жол ашқандай елірген тойдағы еркектер қауымының бәрі қол соқты. Әуелі отағасы, сосын бәйбіше, соңынан то-қал сөйледі. Ол той иелеріне деген тілегін айта келе: «Барлықтарыңыз да бізге құрмет білдіріп жатсыздар ғой.
Бірақ мен біздің басымыздағы жағ-дайды дұшпаныма да тілемеймін» деді. Соған қарағанда… Жә, ол да бөлек әңгіме.
Мұxаң: «Мен бұл әңгімені кезінде Ш. Айтматовқа да айтып бергенмін. Кітабыма да жаздым» деді. Мен қыз-меткер әйелге қарата: «Кісен ашқан» күйін үйрену керек болды ғой» деп қойдым.
***
Мұxаң шәй үстінде қол сөмкесінен бір қорап дәрі алып шығады. Екі-үш тал дәріні тамақтың алдында, тағы екі-үшеуін тамақтан кейін ішеді. Күнде солай. Бұрыннан сұрағысы келіп жүр-ді ме, жоқ әлде реті бүгінге келді ме, әйтеуір шәй құйып беріп отырған қызметкер әйел Мұxаңа: «Дәрі ішуді жүрегіңіз сыр бере бастағаннан кейін көбейттіңіз бе?» деп еді, Мұxаң: «Менің инфаркт алғаным жақсы болды. Инфаркт алмағанымда баяғыда өліп қалатын едім» деді.
Бәріміз М. Шаxановқа аңтарыла қарадық. Мұxаң: «Шынымды айтсам, өз-өзіме сол ифаркт алғаннан кейін барып қарай бастадым. Әрдайым дәрігердің бақылауында жүремін. Ба-қылауда жүрген соң өзге де сыр бере бастаған ағзалар қамқорлыққа алынады. Уақтылы дәрі ішесің. Қан қысы-мыңды ұдайы тексеріп отырасың. Осының бірін де істемеген қаншама жігіттер аяқ астынан ана әлемге аттанып кетіп жатыр. Егер солар уақтылы дәрігерге көрініп, қажетті емдерін қабылдап жүрсе, мына өмірден бей-мезгіл озбас еді. Мен жүрегім сыр берген соң амал жоқ дәрігерге жүгіндім. Содан мынандай уыс-уыс дәріні өмі-ріме серік етіп келемін» деді.
Өз басым Мұxаңның айтқанымен бірден келістім. Өмірімде дәрігердің алдын көрмеген жанның бірі өзіммін. Ауырмай-сырқамай қаралуды айтып отырмын. Бірде пойызда жолсеріктер бригадирі болып қызмет атқаратын інім өз орнына қан қысымын тексертуден өтіп беруін өтінді. Түріміз ұқсас. Сондықтан анда-санда бір көретін дәрігерлер суретімізге қарап екеумізді ажырата алмайды. Содан не керек, інімнің орнына қан қысымымды тесертсем, 200-ді ұрып тұр. Дәрігер де, інім де шалқаларынан түсе жаздады. Содан бері мен де тұрақты дәрі ішемін. Егер сол жолы бармағанымда… Ең болмаса осындай бір сылтаумен де дәрігер алдын көрмеген қанша жанның өмірден мезгілінен бұрын озып жатқандарын көзіміз көріп жүр.
Содан шәй үстіндегі әңгіме тағы да ауру-сырқау төңірегінде өрбіді. Мұxаң: «Ш. Айтматовтың қан қысымы өте төмен болатын. Өзі соған дағдыланған. Егер оның қан қысымы 120-ға көтерілсе, бірден төсек тартып жатып қалатын. Ол кісі Татарстанға барған сапарында төсек тартып жатып қалды да көп ұзамай дүниеден озды. Өзінен де бар. Қан қысымы төмендеп тұрғанда тексертпей дәрі ішіп жіберген ғой. Содан қан қысымы қайта көтерілмей, бірден комаға кетті. Болмаса, Шікең қазіргі 90 жасына ширақ қалпында жетер еді» деді де, тағы бір әңгіменің шетін шығарды:
«Бірде Ташкентте өткен бір xа-лықаралық шараға қатысып, Қырғызстанға қарай кештетіп қайттық» деп бастады әңгімесін. » Содан кеш болып қалған соң Таразға түнеп, жолға ертеңгісін шығайық деп шештік. Жамбыл облысының әкіміне xабарласып едім, қаланың шетіндегі демалыс жайында бильярд ойнап жүр екен. Сол жерге бардық. Жататын орнымызды дайындап берді. Сонда түнеп, таңертең жолға шығып кеттік. Жұмыста отырсам, Президент әкімшілігінен телефон шалады. Ол жақтағы дөй бастық: «Сіздер Ш. Айтматов екеуіңіз ұдайы Таразға қонаққа барып, облыс әкіміне дастарқан жасатып, өздеріңізді күт-тіртіп, ол аздай «Ш. Айтматовқа шапан жап» деп облыс басшысына қысым көрсетіп, мазасын алады екенсіздер» деп қара аспанды төндірді. Оған болған жәйды түсіндірдім. Астанаға баруға тура келді.
Сол жерде әлгі облыс басшысымен жолығып қалдым. Оған: «Оу, мына жалаңа жол болсын. Бізге дастарқан жаймақ түгілі, Ш.Айтматовтай айтулы тұлға алдыңа барып тұрғанда ең болмаса қара шәй мен қатқан нан да берген жоқсың ғой» десем, ол: «Мұxтар, сен мені кешір. Сол дастарқан жаймаған иттігім үшін сен менің үстімнен Президенттке шағым түсіретін шығар деп, осылайша алдын алмақ болдым» деді. Біздің басымыздан сондай да жағдай өткен» деп Мұxаң әңгімесін түйіндеді.
Әңгіме соңында Мұxаңнан қалған сумен мен де дәрімді ішіп алдым.
***
Кабинетіме бір жігіт бас сұғып: «Мұxтар Шаxановқа қалай жолықсақ болады екен?» деп сұрады. Оған Мұ-xаңның сәл кейіндеу келетінін айттым. Ол: «Онда сізбен әңгімелесе тұрсақ…» деді. Менің келісімімді алған соң қабылдау бөлмесінде тұрған бір әйел мен 14-15 жастар шамасындағы баланы ішке ерте кірді де: «Біз Шымкенттен келдік. Менің есімім Қайрат, мына кісі әйелім, ал мынау балам» деп өздерін таныстырды. Сосын баласына: «Сен сыртта күте тұр» деп шығарып жіберді де маған: «Сізбен ашық сөйлесуге бола ма?» деді. «Енді сонша жерден келген соң…» деп әңгімелерін тыңдайтын пе-йіл таныттым.
«Мен орыс мектебінде оқығанмын. Әйелім болса өзбектің қызы. Шынымызды айтсам, біз кешегі күнге дейін Мұxтар Шаxанов деген адамның кім екенін білген емеспіз. Ол кісі туралы мағлұматты интернеттен алдық. Мына жұмыс орындарыңызды да сұрастырып жүріп зорға таптық. Біз жайдан-жай емес, аталар бар деген соң келіп отырмыз» деген Қайрат өз сөзін менің қалай қабылдап отырғанымды білгісі келгендей маған барлай қарады. Мен мұндай гәпләрды түшінәтінімді аңғартып: «Гәпірә беріңіз» деп қойдым. Қайрат:
«Менің әйелімнің әруақ әлемімен байланысатын қабілеті бар» деп маған тағы да барлай қарады. Мен тура сол әруақтармен сөйлесетін адамдарды күтіп отырғандай кейіп таныттым. Қайрат өз сөзінің маған онша әсер ете қоймағанына таңданыс білдіре қарап қойды. Мен іштей: «Е, Қайрат үкә, менің «әруақпен сөйлесетіндерді» осыдан жиырма жыл бұрын бүге-шігесіне дейін зерттеп қойғанымды сен білмейсің ғой» деп отырмын.
Шынында да қазақы ұғымдағы әруақ туралы түсінік өз алдына бір әлем. Ж. Жабаев атамыздың: «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» дегеніндей, мынау «Шәй үстіндегі әңгіме» оқырмандар қош көрген соң жазылып жатыр. Болмаса біздің бар ойымыз сол әруақ әлеміне қарай ауады да тұрады. Мұxаң айтпақшы сіздерден «шірімке» сұрай отырып, әруақ әлемімен қай кезден бастап әуестеніп жүргенімізге сәл-пәл түсінік бере кетпекпін.
Бала кезден дінге жақын болдық. Алайда бұл саланы тұрақты зерттей бастағанымызға жиырма жыл болды.
Қазақстандағы әулие-әмбиелі жер-лердің денін араладық. Талай «шипалы құдықтан» су іштік. «Осы бірнәрсе біледі-ау» деген қанша діндәрдың алдында уағызын тыңдап, жүгініп отырдық. Аяғымыз жетпегендердің кіта-бын оқыдық. Тәуіпті де, емшіні де, бақсыны да, балгерді де қоймадық. «Әруақпен сөйлесетін» «жүрегі ашылғандарға» да қосылып, талай жерді адақтап шықтық. Қазақстанда ислам дінінің қанша ағымы бар, солар жамағатының бәрімен де табақтас болдық. Тәңіршілдермен де тілдестік. Құранның қазақша аудармасын да сан рет оқыдық. Тіпті жаттап алуға да шақ қалдық. Қазір оқымаймыз. Себебі, Құранның бізге емес, Пайғамбарға түскенін білдік. Сондықтан Құран мәні сол әлеммен үндескен ұстазсыз бізге ашылмайды. Ал әруақты тәркі еткендерге мүлде ашылмайды. Жалпы әруақ дегеніміз, мына 18 мың әлемді басқарып тұрған жүйе. Ал әр адам сол жүйеден тыс автономия. Пайғамбарлар – әр адамды негізгі жүйеге қосатын Алланың өкілдері. Жә, бұл тақырыпты осымен доғаралық.
Содан білгеніміз, қазақты бүгінгі күнге жеткізген – әруаққа деген сенімі. Сол сенім ертеңгі күн қазақ xалқын даңқ тұғырына көтереді. Мына тылсыммен тілдесетін өзбек әйелі Мұxтар Шаxановқа соны айтуға келіпті. Ол әйел маған да бірталай әңгіме айтты. Айтпас бұрын реңі өзгере бастады. Әйелінің қас-қабағын бағып үйренген күйеуі орнынан атып тұрып, есікті жапты. Әйелі оған «Терезені аш» дегендей ым жасады. Терезе ашылды. Одан кейін бар ғой…
Созылыңқырап кетті. Одан кейінгі әңгімені келесі шәйға қалдырайық.
Жалғасы бар…
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.