

ОТАНЫМА МАХАББАТЫМ САРҚЫЛМАЙДЫ…
22.02.2025 0 37

Аяулым ЖАПАРХАН,
2008 жылы Жетісу облысы Қызылжар ауылында туған. 2022 жылы “Абай оқулары” байқауының 3-шідәрежелі диплом иегері, 2023 жылы Облыстық Мұқағали оқуларының “Өлең деген тумайды жайшылықта” номинациясының жеңімпазы, 2023 жылы “Абай оқулары” байқауының “Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” бағытындағы жүлделі 1-ші орынның иегері, 2024 жылы “Ілияс Жансүгіров оқулары” байқауында “Жаз! Жаз! Қалам, жорғалап”-жас ақындар номинациясының жүлделі 2-ші орын иегері.
ҚАЗАҚСТАНЫМ
Ұлан байтақ, алтын діңгек елім менің,
Өзің жайлы жыр толғаудан ерінбедім.
Бұл өлеңім еш қоспасыз шыншыл болып,
Қанат қақсын ішкі менің сезімдерім.
Қазақ елі кіндік қаным тамған жерім,
Ата-анамнан тәлім тәрбие алған жерім.
Мен пендемін туған жерді анам санап,
Тарқатар өлең-жырмен соған шерін.
Байрағымның көкшіл туы қалықтаса,
Халқым менің уайымсыз боп, қамықпаса,
Бұдан өзге жер әлемде бар ма бақыт?
Еш адамың тер төгуден жалықпаса
Отаным деп Мұқағали сүйген мекен,
Аялаумен, ардақтаумен мәңгі өтем.
Отаныма махаббатым сарқылмайды,
Тіпті қу жан сендік жолда құрбан екен.
Абыройың биік болсын, тұғырлансын,
Өсе берсін бір орында тұрылмасын.
Қазақстаным, Республика күніменен,
Берекесі жұртымыздың бұзылмасын!
БАҚЫТ
Кейде ойланам, «бақыт» деген не өзі?
Бұл анамның күлімдеген нұр көзі.
Бақыт деген асқар тауым әкемнің
«Қызым» деген жылы-жұмсақ бір сөзі.
Жаным атам маңдайымнан сипаса,
Алтын апам тығып тәтті сыйласа,
Қолдау іздеп жабырқаған қызына олар:
Демеу беріп, жасын сүртсе жыласа,
Міне бақыт біреу менен сұраса.
Құрбы-құрдас әр кез мені жақтаса,
Жақыным деп айтқан сырды сақтаса,
Бұдан артық бақыт бар ма айтыңдаршы?
Мен жоқ кезде «жақсы адам» деп мақтаса.
Бақыттымын бауырларым қуанса егер,
Күлімдеген жүздері шуақ себер,
Бақыттымын жақындарым жиналғанда,
Күллі әлемді күлкісімен нұрға бөлер.
Бақыттымын ел-жұртым аман болса,
Тәуелсіздік маңдайыма мәңгі қонса,
Бақыттымын Қазақстан дамып мынау,
Жайқалған, керемет ел болып тұрса.
АБАЙ
Қараң елге үйреткен,
не екенін қаламның,
Абай ата бәрі үшін
«шамшырағы ғаламның»
Алып келді өзімен,
оқу-білім, шырақты,
Құнанбайдың баласы,
абыройы даламның.
«Ар ұят пен намысты,
бойыңнан сен өшірме,
Ақша тауып менсінбей,
бай болдым деп есірме,
Білім ойдың айнасы,
білімді бол қазағым»
Деп тұрғандай құдды бір,
сенің жазған ғажабың.
45 сөзге сыйдырып,
қазақтың бар нақылын,
Айтып жүрер жұртына
жиі-жиі ақылын,
Абай ата шынында да,
дарасың сен данасың,
5 нәрседен аулақ қылып,
сақтандырған баласын.
Лермонтов пен Пушкинді
көркем сөзбен аудардың,
Сол заманда талай тілді
білгеніңе таң қалдым,
Менде артыңнан жүріп келем
ақырындап дана ақын,
Жарқыраған жұлдыз болам
дәл өзіңдей жанатын.
Өзің салған ұзақ жолмен
талай ұрпақ келеді,
Жазған сөзің адамзаттың
күш қуаты себебі,
Ұмытылмас тұлға болып
қалыптастың тарихта,
Болашағың еш қалмастан
енді артыңнан ереді.
АҚЫН САРА
Домбырадай аспапта шебер ойнап,
Өлеңдері жан дүниені терең бойлап,
Әлеумет пен теңсіздікті тіке айтып,
Ақын Сара өмір сүрді халқын ойлап.
Қазақтың суырып салма ақтаңгері,
Ғашық болған Сара ақынға талай сері.
Туып өскен мекені дана ақынның,
Жетісудің қасиетті – Ақсу жері.
Біржан салмен айтысты жеке дара,
Сол кезде он жетіде ақын Сара.
Біржанды сол айтыспен таңқалдырып,
Ел алдында атанған «әйел дана».
Сенің кешкен тағдырың білем ауыр,
Шыққан жарың болмады ешбір тәуір.
Он үшіңде әкеңнен ерте айрылып,
Жетімдік пен жоқшылықтан көрдің жәбір.
Ұлы ақыным орның сенің үлкен, бөлек,
Өлеңдерің құламайтын дің бәйтерек.
Жаста болса үлгі болған талай жұртқа,
Өмір жолың адамзатқа мол бір дерек
МҰҚАҒАЛИ
Мұқағали қазақтың мұзбалағы,
Томағасын салғызбай жыр жазады.
Мұқағали жырларың жүрек жарды,
Тыңдай қалсам таң көңіл нұрланады.
Туған күні ақпанның тоғызында,
Алайда анасының айтуынша –
Бұл фәнидің есігін ашқан екен
Наурыздың сегізінші жұлдызында.
Қайран менің ақиық ағатайым,
Жыр жазып аласұрған сәттеріңде –
Білдің бе ұрпағыңның қарапайым,
Басарын кеудедегі жанайғайын.
Жырларыңмен жазылған дәптерінде,
Білдің бе ессіз сүйген ғашықтардың
Өлеңіңмен асудың асып бәрін,
Жырларыңмен сырласып, қосыларын,
Кеудедегі ғашықтық тасып қаны.
Арманым бір өзіңдей ақын болу,
Жырдан сарай немесе қамал соғу.
Жанына жырдан сая іздегенді –
Кіргізіп қамалыма пана болу.
Мұқағали көктем келді сен күткен,
Аңсауменен сол көктемді жыл өткен.
Көктем келді жер көгерді білдің бе?
Оралдың ба жырларыңа қап кеткен.
Өмір теңіз тағдыр кеме деуші ме ед?
Жүзіп өттің сол теңізді лез демде.
Асылым-ау жазып жүріп әніңді,
Тоқтады ма қайнаған қан кеудеңде.
ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛІ
Жүзіңнен күннен жарық нұр төгілді,
Көзіңнен тұңғиықтан жол көрінді.
Жаным атам өзіңді еске алумен,
Мына қолым «жыр жазайын» деп түрілді.
«Өлең деген сезімнің арғы жағы»,
Сенің әнің қазақтың бойтұмары.
Бойтұмарын жоғалтып алмас үшін,
Қазағым әр күн сені еске алады.
Арқау болдың талай қазақ жырларына,
Кекілбаев, Әуезовтың мұңдарына.
Ақындардың бәрі де ой толғайды,
Бірақ ешкім сен секілді бола алмайды.
Ахметова бір сөзінде былай депті:
«Бұл Қадыр талай жұрттың сырын шертті,
Қадыр деген «сыншыл да ойшыл ақын»,
Деп оның жан дүниесін түртіп кетті.
Поэмаңды оқып шықты талай қазақ,
«Қызыл кітап» жайлы сен жыр жазғанда,
Көздерімнен мөлдіреп жас тамғанда
Түсіндім мен «Қадыр ата неткен ғажап».
Жануарларды жоғалған зар қылғанда,
Крокодил мен мамонтты жар салғанда,
Жазасыз тіршілікпен жүрген аңды,
Ұялмай ма қаруменен қарсы алғанға?
Әнұранын қазақтың сен бастапсың,
Ана тіл мен ар-ожданды көп қостапсың.
Еркіндікке шарықтат деп қыраныңды,
Халқыңа адал оймен жыр тастапсың.
Менде сендей қазаққа ой тастайын,
Өзің жайлы ай сайын сөз бастайын.
Жәннаттық бол, асыл атам, жан атам,
Осымен ұлы сөзді мен қоштайын.
ОРАЛХАН БӨКЕЙ
Шоқ жұлдыздай жарқ еттің де,
кете бардың өр тұлғам,
Мен де өзіңдей поэзияға
терең оймен жол қылғам.
Көзді ашып жұмғанша болды
міне отыз жыл,
Өтіп жатқан уақыт-ай,
зымырандай тым жылдам.
Қу заманның шындығын
айшықтаған жалынсың,
Маңдайына халқымның
туа біткен бағымсың.
Әр сөзіңмен шомылдырсаң
түбі терең бір ойға,
Ал дәл қәзір әдебиетке
қайта оралмас сағымсың.
Аударылып талай тілге
өзің жазған туынды,
Желбіреттің шығармаңмен
өзге елде туымды.
Осылайша іргетасы
құламастай қаланып,
Сенің ізің әдебиетте
сарай болып құрылды.
Сіз қалдырған әңгімелер
тарих болып барады,
Еңбегіңіз халық үшін
үлкен маңыз табады.
Бұның бәрі тек бастама
біздер үшін, ел үшін,
Сіздің тұлға әлі талай
биіктерде жанады.
ГҮЛБАҚЫТ АҚЫН
Дара ақын теңеймін
мен өзіңізді асылға,
Серік қылған көк сия мен
ақ қағазын қасына.
Жетісудай қасиеттің
баға жетпес байлығы
Бақ пен ырыс болып қондың
қазағымның басына.
Айдарлыда кіндік кескен
меруерт жұлдыз,
Халқы үшін ерең еңбек еткен қызсыз.
Ақын қыздың алтын құрсақ ақ анасы,
Сенімдімін қызыңызбен бақыттысыз.
Мейірімділік сезіледі
қарақаттай көзіңнен,
Рухы биік, өр тұлғаны
көрем әркез өзіңнен.
Бақыт ханым үлгі алып
өзіңізден жас ақын
Келе жатыр салиқалы
қалып жатқан ізіңмен.
Жырларыңыз ел мен жерді
әсем етіп жалғаған,
Жетісудай ұлы мекен
еш назарсыз қалмаған.
Елім деген патриоттық ұлы сезім
Сізден шыққан әрбір сөзде
құстай ұшып самғаған.
Ақын деген ұлы есімге
нағыз лайық адамсыз,
Әділетті жиі жақтап,
халқыңызға алаңсыз.
Бүгінгінің Фаризасы болдыңыз
сіз біз үшін,
Ақындықтың әлі талай
асуларын аларсыз.
ҰСТАЗ
Ұстаз деген жайқалған қыр гүліндей,
Шәкірттердің шуақ шашар нұр күніндей
Еш шәкірттің арманы болмас сірә,
Ұстаздары қараса егер бір күлімдей.
Бүгінгінің қаһарманы бір өзіңсің ұстазым,
Есіміңді махаббатпен жүрегіме мен жаздым.
Біз көрсеткен еркелік пен бар мінезге,
Шыдап жүрген ұстаз сізге мың тағзым.
Шәкірт үшін ұстаз қалад(ы) өнегелі кейіпте,
Білім берген оқушыға жанып болсын, күйіп те,
Сенен алған тәрбиесін үлгі қылып әр тұлға
Самғап ұшар қыран құстай ең төбеде, биікте.
Ұстаз деген мейірім мен жақсылықтың алқасы,
Ұстаз деген білім нәрдің таусылмайтын арнасы.
Мейлі болшы сен ғарышкер, сен ғалым,
Ұмытпағын, оның бәрі тек ұстаздың арқасы.
Ұстаз атты ұлағаттың қадіріне жетемін,
Ұстаз жайлы жыр қозғамай қалай ғана кетемін.
Құрбы, сырлас, әпке, ана бола білген мен үшін,
Ұстаз саған мәңгілікке басты июмен өтемін.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.