МҰТЫЛҒАН МҰТЫЛҒАН

МҰТЫЛҒАН

22.02.2025 0 80

Әлібек БАЙБОЛ, 1987 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Үлкен Жалаңаш ауылында туған. 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазақстан Жазушылар... МҰТЫЛҒАН

Әлібек БАЙБОЛ,

1987 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Үлкен Жалаңаш ауылында туған. 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 5 көркем туынды кітаптың, 20 пьесаның авторы, 9 жинақтың құрастырушысы, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері.

 

Жалғасы…

***

Мұтылғанның жүрген жері – у-шу, ду-думан, концерт-той. Қылаяғы бір дүниеге шатылмаса, ішкен асы бойына тарамайды. Қалай дегенмен мұндай қызық уақиғаға тап болады деп кім ойлаған… Ары қарай өзі баяндап берсін…
Т ауылының шет жағы… Шаңқай түс… Қу дала…
Малдас құрған қалпы кигіз үс-тінде отырмын. Күнге қарай алмай тұрғанымды-ай. Алыстағы асқар тау өте-өте құдіретті көрінді. Күнге қарай алмай тұрғанымды-ай. Ғайыптан бір құс жерге қонып, маған ұзақ, ұзақ қарап тұрды. Мен де одан көзімді алар емеспін.
Бір жағынан, қорқып тұрмын. Алыс-тан талып жеткен дауыстарға елітіп қобыз шалып, ерекше күйге еніп отырмын. Осы отырысым өзіме ұнап барады. Бір кезде әлгі құсың қанатын жайды дейсің, сөйтіп, маған қарата ұша жөнелді. Үрейленгеннен көзімді бір сәтке жұмғаным ғана есімде… Ертеректе бір төбетті атып өлтіргем. Сол елес боп келді.
– Әуп-әуп!
– Немене?
– Арс-арс!
– А-а-а! Ашулы екеніңді білем. Айып етпеші!
Күнәмді кеш.
– Аф-аф!
– Иә, сен де өз кінәңді біліп тұр екенсің ғой.
Балтырымды қанатып, дал-далын шығардың. Атпастан басқа амал қалмады менде.
– Әуп-әуп!
– Немене?
– Әуп-әуп!
– А-а-а, кешір! Ендігәрі бұндай қайталанбайды.
Киіз үйге кірдім. Аузым құрғап, ерін жарылып, әбден қаталадым. Не су жоқ, не тамақ жоқ. Дорбамды ашып қарасам, екі тілім нан мен құрт қана бар екен.
Құртты ауызға атып, үгітіп көріп ем, қап-қатты, тас тура. Айналада адам болсашы.
Даладан:
– Балам! – деген зорая шыққан дауыс естілді. «Бұл кім болды екен» деген оймен басымды сыртқа қылтита шығарсам, ақсақал екен:
– Ау, ата?
– Бері шық. Қолыңды жай. Батамды берейін!
Алла жарылқасын,
Кімді жарылқаса,
Соның жағында қалсын!
Жортқанда жолың болсын,
Адассаң, Алла
жолға салып жүрсін,
Сүріндіртпей алып жүрсін,
Мың сан бәле, қауіп-қатерден
қағып жүрсін!
Әумин!
– Әумин! Айтқаныңыз келсін!
Сөйтіп, жаңағы ақсақал ғайып болды. Қол-аяғым дірілдеп, біртүрлі боп кеттім. Қорыққаным сонша – ішке қалайша зып беріп, сандық артына тығылып қалғанымды да аңғармай қалсам керек. Көзімді жұмсам, сайтандар мен періштелер жарыса би билеп жатыр. Бір-бірінен қалғысы жоқ. Қара терге түстім, үсті-басым су-су. Мына жерден қалай қашам? Жолдан тағы бір нәрсеге ұрынып қалмасам жарар еді. Қатты қорыққанда, қатты қуанғанда өте сезімтал боп кетем. Асықпай-аптықпай, терең тыныстап алдым.
Содан сәл-пәл ғана көзімді жұм-ғанымды білем. Ал арғы жағы…

***
Мұтылған вагонға ентіге енді де, демін басу үшін шабаданының үстіне отыра кетті. «Үлгердім-ау, у-у-у-у-ф!» – деді естілер-естілмес қана.
– Бауырым! Жолды бөгемей… шамалы шетке жылжысаң… – деді бетінде тыртығы бар бейтаныс. Оның даусы да, түр-тұлғасы да елден ерек боп көрінді.
– Әрине, әрине! – деді ол ізеттілік танытып.
– Сақ жүр! – деді жаңағы жан арқасынан қағып.
Қолы ауыр екен.
Жігіттің:
– Рақмет! Алла разы болсын! – дегендегі сөзі қатты естілді білем, бәрі тегіс жалт қарады. – Құдай күнәларымызды кешірсе екен, – деп күбірледі. Файл ішіне ұқыптап салған билетіне бір қарап алды-дағы, өзді-өзімен: «7-ші орын… 7-ші орын… 7-ші орын…» – деп ілгері жылыстады. Бір купенің жанынан өтіп, өзінікіне тоқтады да, білінер-білінбес қана иіліп:
– Сәлеметсіз бе!
– Сәлем!
– Кешіріңіз! Бұл менің орным еді.
– А-а-а… жақсы! – деді қыз еш саспастан.
– Бопты. Отыра беріңіз. Ұйықтар кезде ауыса салармыз, – деп ол тер-леген қыр мұрнынан сәл ғана төмен түскен көзілдірігін түзеп, заттарын орналастырып, үстіндегі кәстөмін іліп, дәретханаға барып, беті-қолын жуған соң ғана біршама жеңілдеп, шаршағаны басылғандай.
Трс-трс, трс-трс, трс-трс, трс-трс, трс-трс, трс-трс, трс-трс…
Мұтылған жарықты жағып, жам-бастаған қалпы кітапқа ден қойды. Қыз шемішке шағып, музыка тыңдап отыр. Біреу алыстан Жұмекен Нәжімеденовтің «Поезда» деген өлеңін оқып жатыр екен, жігіт сәл ұмтылыңқырап барып құлақ түрді де, рақат сезімге бөленді, себебі поэзияға деген құрметі алабөтен.
Мұтылған өлеңнен күш-қуат алады, тыңдаса, жаны тазарып, өзгеше бір құлпырған әлемге енгендей күй кешеді.
Келеді ағып…
Жылдамдық еді қандай,
Көкжиекке біз қазір соғылардай.
Терезеден айнала қарай-қарай,
Талай қырды
қалыппыз абайламай.

Арал теңіз дей ме анау ағарғанды,
Көкжиекке сүйелген шарайнадай.
Құбылады маң дала не түрге еніп,
Қарсақ қашты құлақты, кекілді елік.

Ақ құлақшаға оралған
сым шарпысып,
Бағандар мен бағандар тұр тартысып.
Қылт-қылт желіп олар да
шығады алдан,
Шұбарытып барады мына жалған…
– Кешіріңіз!
– Не болды?..
– Ойым бөлініп жатыр, – деді жігіт көзілдірігін көтеріңкіреп.
– Жарайды… – деп сұп-сұлу қыз му-зыканы бәсеңдетті.
– Рақмет!
Екеуі ара-тұра кезек-кезек терезеге телміріп, иен дала, жазық жерге қарап-қарап қояды. Жанынан бағандар, тал-теректер, ескі үйлер, андыз-андыз стансылар өтіп жатты, өтіп жатты, өтіп жатты…
– Сапарға шықсам, құлазитыным бар… үйді сағынып.
– Неге?
Жолсерік көңілді кісі екен. Келіп, қара жорға мен лезгиндердің халық биін билеп берді. Екеуі мәз.
Бойжеткен мысалынан кісінің шын көңілмен рақаттана күлгенін сонда тұңғыш рет көргені Мұтылғанның.
Түн баласында бір сиқыр, бір тылсым бар. Мәселен, таңертең көр-ген адам түнде басқаша, өзгеше күйге енеді. Кей-кейде мінезі, іс-әре-кеті танымастай өзгереді. Демек, түн бақырбастыға барынша тосын әсер ететінге ұқсайды, өне бойына ерекше күш дарытады не, керісінше, таң атқанға шейін бір қасиетін уа-қытша «ұрлап» алады, кемітеді. Ой, тақырыптан ауытқып кетіппін ғой, кешірім сұраймын. Содан…
– Біз Шаттық шаһарынан Арман қаласына сапар шегіп барамыз! – деді манағы бетінде тыртығы бар бейтаныс.
– Көрдің бе? Көрдің бе? Ол ба-ғанағы… – деді
Мұтылған шошығаны соншалық – орнынан атып тұрып, «сізден» «сенге» қалай көшкенін аңдамай.
– Кімді? Қайсы?
– Қазір ғана өтті ғой, Құдай-ай.
– Қияли, – деп қыз мырс етті.

***
– Біз қайдамыз өзі?
– Білмеймін. Өзім де түсінбей тұрмын.
– Тіріміз бе, өліміз бе?
– Білмеймін. Өзім де түсінбей тұрмын, – деді қыз қорыққанынан бір сөз-сөйлемді екі дүркін қайталағанын байқамай.
– Жұмақтамыз ба?
– Жұмақ қараңғы ма?
– Белгісіз.
– Онда тозақта шығармыз.
– Кетші, қумай. Қиял.
– «Тозақ ыстық» дегенді діни кітаптан оқып ем.
Ал мына жер жанға жайлы екен…
– Жолаушылар, сабыр сақтаңыздар. Пойыз аударылды. Пойыз аударылды. Сабыр сақтаңыздар, – деген жол-серіктің даусы алыстан құмыға естілді.
– Қабырғам-ай!
– Басым-басым! – деп қыз ойбайлап қоя берді.
– И-и-и-и, қабырғам-ай! Өмірдегі арманым қыз баланың қолынан ұстау еді.
– Басым-басым!
– Сол арманның орындалуына кө-мектесші.
– Қайдасың?
– Міне, мына жерде. Дәл осы жерді… сені бұрын көрген секілдімін. Тарих қайталана ма?
– Қайдан білейін! Қызық екенсің өзің. Апатқа ұшырағанда адам сондай сұрақ қоя ма екен?!.
– Бұл соңғы сәтіміз шығар…
– Өлімнен… ажалдан қорқам.
– Қорықпа! Қолыңды созшы! Имандай шыным! – деген сөзді Мұтылған өте сенімді, асқан өршілдікпен айтты. Қыздың қолы қараңғылықты қақ жара дәл жігіттің жүрек тұсына келіп тұрақ тапты. Ол қуанғаны сондай – көзінен жас ыршып шыққаны бар емес пе…
Арада шамамен 7 минуттық үнсіз-дік орнады.
– Рақмет! – деп Мұтылған діріл-дей кеберсіген ернін оң қолының сыртымен сүртіп, сынған көзілдірігін шешті. – Рақмет! Рақмет саған! Енді өлсем де арманым жоқ.
– Қумашы, қиял. Әлі ұзақ өмір сүресің. – Аз-кем үнсіздіктен соң: – Қызық сезім.
– Қандай? Айтшы.
– Түсіндіре алман. Оны тек сезіну керек. Үрей сейілді, сенесің бе? – деді бойжеткеннің бозарған әрі келісті кеспіріне қан теуіп…
– Алла күнәларымызды кешірсе екен, – деп Мұтылған бетін сипады.
Аяқ астынан айнала – маң нұрға малынды. Сәуле-сәйгүлікке мінген жа-рық жарқ-жұрқ еткен алдаспанымен түнекті түре қуды. Пойыз шойын жолдан шығып кетіп, қапталдағы қара үйге барып соғылған екен. Полиция, Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері мен жедел жәрдем жетті уа-қиға орнына.
Т ауылының дүрліккен елі, мазасы қашқан халқы, әйтеуір…

***
Мұтылғанның ойы:
«Көзімді ашсам, малдас құрған қалпы дәл сол жерде, дәл сол кигіз үстінде отырмын. Жан-жағыма қара-дым. Құс жоқ. Қу дала. Алыстағы асқар тау өте-өте құдіретті көрінді. Бұл өмірді бұрындары сүрген секілдімін. Мен аруақ емес пе екем? Кіммін өзі? Аманмын ба? Әлде ұлт жолында атылған, оққа ұшқан Алаш қайраткері ме екем? Кіммін мен? Не ояу екенімді, не ұйықтап жатқанымды айыра алмай далмын. Не тірі, не өлі екенім де белгісіз. Алайда адам өлген соң қайта тірілмей ме? Демек, тірімін ғой.
Сонда о жақта жүріп те ойлана алу-ға мұрша бар ма? Бас еркім өзімде бола ма? Құс жоқ! О, Құдай! О, Алла! Жар бола гөр, Жаратқан! Сәл-пәл ұйықтап кеттім бе екем, шыны керек, өзім де түсінбей қалдым ғой…»

***
Радиодағы хабардан үзінді: «Күн-
деріңіз сәтті өтсін дей отыра, жаңа-лықтар легіне кезек берсек! Кеше археологтер Т ауылының маңынан Жоңғар шапқыншылығы тұсындағы батырдың және саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйегін тапты…»

***
Айлы түн. Кеңістік және жол… Жол және кеңістік… Суықтан бүрсең қағып, қалш-қалш, қалш-қалш, қалш-қалш етіп автор тұр бір шетте. Т ауылының тұрғындары тұрғызған, сол жағына қарай мыжырая барып қисайған аялдамаға автобус кеп тоқтады да, біразға шейін тұрды. Іші толған адам, сапырылысқан жұрт. Сонау-у-у-у алыстан, қоп-қою тұман ішінен шойнаң-шойнаң етіп арқасы бүкір, оң әлде сол көзінде ағы бар ақсақал жетті, бұл сол автобусқа үлгеріп мінген соңғы жолаушы-тұғын. Басында дулыға, мойнында тоқпақтай галстук, үстінде тоз-тозы шыққан шапан, аяғында қанқызыл туфли, бұтында құйрығы жыртық-жамау, бір жағы қара, бір жағы ақ джинсы киген ол төрге озды. Бұл көлікке Мұтылған да мінді.
Орнынан ойлана, ыңырана қозғал-ған автобус төмен қарай құлдилады.
– Ішімдегі адамды өлтіріп алдым! – деп күбірледі ақсақал.
Оған бірі мүсіркей, бірі жақтырмай, бірі күле қарады. Мұны автор да аяған жоқ, тілін шығарып мазақтап, көзін алайтып, маймылша маймиғаны.
Күлімсі-қолаңсаның иісінен жиір-кенгендер тұмсықтанауын жауып әуре. Мұтылған ғана бейтарап отырды, ештеңеге араласқан да жоқ. Ғж-ғж, ғж-ғж, ғж-ғж…
Радиодағы диктор сарнай жөнелді де, бір мезетте өлеңге кезек берді, орнаған ғажап атмосфераны ара-тұра глушитель гүрілі ғана бұзып тұрды: «Ағылған автобустар /қораптар/ секілді / бәрінде ұқсас / тағдыр / кондуктор / мені / жұмысқа апармай / қаланың жүрегінде / қалдыр / орталық даңғылдың бойына / асыққан адамдар арасы / мақсатсыз мен ғана…».2
Алды қара, арты ақ автобус кезекті бір аялдамаға тоқтағанда ішке маңдайында көзі бар сыған қатын сызыла кірді де, жүресінен отырған қалпы қулхуалладан жіберді.
– Құдай деген не?
– Кім деп айт!
– Әке!
– Ау?
– Құдай деген кім?
– Білмеймін, балам, білмеймін.
Қатын күс-күс қолын дамбалына бір сүртіп алып, алақан жайып еді, бәрі ұйықтап кетіпті. Сұғанақ қол
нақты есімде жоқ, әйтеуір, қаз-қатар орналасқан алты немесе жеті кісінің қалтасын ақтарғанымен, доллардан өзге түк таппады. Мұтылғанның басқа жаннан жасырары жоқ, қалтасы да тесік. Негізі, ол бақыт пен береке іздеп еді ғой. Ғарыштан қуат алып, ерекше әсерленген сыған әйелі көзін тас қып жұмып, жыр оқыды: «Бір тамшы барады әйнектен тайғанап /Тайғанақ тірлікті аймалап / Әйнекке тамады тағы да бір қонақ / Бір қонақ барады сырғанап! / Аспанның көзінен асығып мөлт еттің / Мөлт еттің, ғұмыр-ай, мөлтек тым / Жанымен әйнекке жаншылар / Осылай өледі тамшылар / Осылай қозғалып бір нүкте / Бір нүкте келеді тірлікке / Келте екен бақыттың буы тым / Тамшылар жұтады уақыттың уытын».3 «Тамшылар жұтады уақыттың уытын…» «тамшылар жұтады уақыт-тың уытын…» «тамшылар жұтады уақыттың уытын…» Ақырғы сөз жылан-ша созыла-ирелеңдеп барып, сүріне-қабына жаңғырықтың қап-қара жалы-на барып жармасты. Халық жаман түстен шошып оянғандай селк етіп, жан-жағына сезіктене қарады-дағы, қайта қалың ұйқының жып-жылы құшағына енді дейсің, хпш-пс, хпш-пс, хпш-пс. Алайда сығанның есікті ашып, секіріп кеткенін бұрышта шылым шегіп тұрған автор ғана аңға-рып қалды-ау, сірә. Өлі ме, тірі ме, білмейміз, білмейміз біз оны…
Орта тұстан:
– Мен Әлиханмын! Мен Әлиханмын! Мен Әлиханмын! – деген еңселі еркектің зор даусы ап-анық естілді.
– Әлихан көп қой, қайсысы? – деді әлгі төрдегі ақсақал галстугын түзеп.
– Бөкейхан!
Тура сол сәтте автобус іші жаңғы-рықтан жарыла жаздады, адамдар жан-жақтан жамырады:
– Мен Міржақыппын!
– Мен Ахметпін!
– Мен Жүсіпбекпін!
– Мен Мұстафамын!
– Мен Райымжанмын!
– Мен Барлыбекпін!
– Мен Жаһаншамын!
– Мен…
Өлілер тірілгендей болды, автобус іші азан-қазан…
Мұтылған шошып кетіп, кәлима-и шахадат айтып жатқанда Т ауылының әнұраны алыстан талып естілді. Мұтылған «мен осы жынданып кеткем жоқ па?» дегендей жан-жағына қарап, өзін-өзі шымшылады…
Денесі қызарып қалды…
– Мен Әлиханмын! Мен көсеммін!
Осы сөздің айтылуы мұң екен, келесі аялдамадан «оңай» картасын тексеруге кірген қызметкер Әлекеңнің шүйдесіне сұп-суық тапаншасын тақа-
ған күйі автобустан түсіріп тастамақшы еді, ол әбжіл қимылмен әлгі қаруды қағып жіберді… Тарс… Есік жабылды…
– Біз қайда бет алдық? – деді ақсақал шопырға.
– Мәңгілікке! Шексіздікке!
Автобусты сопы жүргізіп келеді. Бір кезде ол жылдамдықты үдетті кеп. Абыржыған қалың адам тізгінге таласа бастады. Бірін-бірі таптап, жаншып барады, жұдырық та жұмсалды, іске таяқ-дубинка да араласты. Әуеге ілінген айғай-шу шіруі жеткен жіпше бырт-бырт үзіліп, қазір атом бомбасы ұқсап жерге гүрс ете түсетін секілді. Алакөлеңкеден ештеңе жөнді көрінбейді екен, тек қараң-құраң еткен бірдеңе. Автор бұл уақиғаға араласқан жоқ, шындығында, араласуға құлық-сыз-тын. Нақ осы тұста автобус қап-қара тасқа барып соғылды. Терезе күл-талқан боп шағылғанда сопы алдында үш таңдау тұрған-ды: біріншісі – көкке
ұшып кету, екіншісі – кеңістікке сіңу, үшіншісі – қашу, бірақ ол төртіншісін қанағат тұтты.
Автобус төрінде ойлы қалпынан айнымаған ақсақал ғана отырды, ал қалғаны… Радиодағы диктор даусы үзіліп-үзіліп әрі құмығып шықты, даусында қобалжу, қорқыныш және … бар: «Бәріңізді… Т ауылының… Тәуелсіздік күнімен… шын жүректен құттықтай келе… мына өлеңді… оқып беруге… оқып беруге рұқсат етіңіздер.
«Алақанымнан аққан көлеңке/ Жүзімді жасырғанда/ Уақыттан үзіліп / Аспанға мағынасыз телмірдім / Мен солай / Бала күнгі сынған айнаға шағылысқан / жарқылдың / Жалт-жұлт еткен әнтек / Естеліктерін ғана есіме түсірдім…».4
Мұтылған байғұс осы өлеңге елітіп біразға шейін отырды, жол апаты салдарынан кәдімгідей сансырап қалды… Көзі қарауытып, басы мең-зең боп, құсқысы келді ме, әйтеуір, біртүрлі күй кешті… Басынан жарақат… сотрясение алды ғой деймін, шамасы.
Мұтылған Т ауылы ауруханасының травматология бөлімшесінде емделіп жатты. Теледидар қосулы… «Биполакстің» қабынуға қарсы әсері бар…»
– «Т ауылы көркейіп жатыр… Ол «озық отыздыққа» енді. Ендігі меже – «ондық».
– «Жапониядағы цунами салда-рынан…»
– «Владимир Владимирович Путин ресми сапармен Германияға барды…»
– «Джо Байден…»
– «Владимир Зеленский соғыс бары-сында…»
– Телевизорды өшіре салсаңыз, өті-ніш… – деді жігіт дәрігерге қабақ шыта қарап.
Негізі, Мұтылған радионы ара-тұра тыңдайды. Онда да шаттанып, көңіл хошы болғанда ғана. Классикалық музыка, симфония, күй, дәстүрлі ән, джаз, кантри, романс, фолк-рокты жоғары бағалайды… «Көк сандықты» көп көрмейді, аса әуес емес. Ал мен автор есебінде бұның себебін өзінен сұрап көрейін.
– Мүке, теледидар неге көрмейсіз?
– Бәрі өтірік қой… былшылбай әңгіме.
– Сіз Мұтылған басыңызбен осылай десеңіз, басқалар не айтпайды? Жердің сатылуы туралы мәселе көтерілгенде, ол шындық іздеп алаңға шыққан, сол кезде қамап тастап, келесі күні «бұзақы, басбұзар» деп айыптаған, сол жалған ақпаратты Т ауылының жалпақ жұрты тегіс көрді, қанық болды. Содан бері ел аузында Мұтылған айтты деген бір сөз бар: «БАҚ бақ емес, БАҚ – сорымыз!» Осыны тұтас ауыл жаттап алып, ара-арасында айтып жүреді… Мұтылған-Мүкеңнің өлеңге деген
құрметі бөлек, қадір тұтады. Ол қуанғанда да, жабырқағанда да я жалғыз қалғанда жыр оқуды ғадетке айналдырған.

Сен мені сабама,
Қамама!
Басқа ұрма!
Сен маған қарама,
Тоқпын ба?
Ашпын ба?!
Жыртылған көк көйлек,
Көк-көңбек көз жасым,
Мөлтеңдеп ағады
көк тудың астында,
Сағындым көк тауды,
Көк белді,
Өзенді,
Ал бүгін мендегі ой өлді,
Сөз өлді!
Кеудеңді сен көкке
көтерме, бауырым,
Көк тудың астында
көк мылтық кезеулі…
Хан ием,
Хан ием,
Көк-көңбек сақалы,
Мені өртеп барады
нұрыңның шапағы…
Қатындар,
жатыңдар,
тумаңдар сәбиді,
Шеруге шықпаңдар,
Шекеңнен атады.
(с) Қуанышбек Өмірбек

***
Қалғып-мүлгіген Т ауылы…
Тып-тыныш, жым-жырт. Бұндайда тырс еткен дыбыстың өзі қатты естілері анық. Қазір бұл ауылды біреу түртіп қалса, селк ете түсетіндей нақ.
– Негізі, үнсіздік – үрейлі нәрсе. Дегенмен тыныштық үнсіздіктен мейірімдірек, – деді Мұтылған.
– Қызық екен! – деді қыз манағы оқыс ойға ұзақ ойланып.
– Бірақ мен… – деп барып кідірді де, ары қарай сөзін жалғай түсті. – Бірақ мен үнсіздіктен де, тыныштықтан да қорықпаймын. Шын айтам!
– Қорқатын несі бар екен? – деп күлді қыз. Күлкісінен ерекше жарық жан-жаққа шашырады, нұр боп төгілді.
– Ерекше бір тасқын келеді. Оған төтеп бере алмай әл-дәрменім құриды.
– Қандай тасқын?
– Білмеймін нақты. Қайдан және қашан келетінін… Ол тасқын ішімде… мына жерде, – деп кеудесін ұстады. Паузадан соң: – Өмір деген сол ғой деймін. Тасқыннан қашқым келеді. Ол артымнан қуады. Жеткізбей кетейін десем де болмайды. Бір қызығы, осы іштегі тасқын қайталана береді, қайталана береді, қайталана береді, қайталана береді, қайталана береді, қайталана береді… Барған сайын үдей түседі.
– Тоқта! Аса күшене берме…
– Сонда соған төзбек керек демек-пісің? Онда не үшін адам боп жүрміз, айтшы. Хайуаннан не айырмам бар?
Үнсіздік…
Мұтылған – өзі ұяң жігіт. Қызға қырсыз. Сөз айту, аяқ астынан танысу дегенді жабайылық санаушы еді, өзгерейін депті. Анау дейміз, мынау дейміз, бірақ сезім деген керемет кейде адамның өзіне де бағынбай кетеді емес пе?! Тура бас асау сықылды. Сезімге еліткен адам қандай да бір еріктен айырылады.
Мұтылған Шұға деген қызды бір көргеннен-ақ ұнатты. Ал Шұға жігітті қалай қабылдағаны маған мәлім емес. Ол Шұғаға хат жазды. Жауап жоқ. Телефон нөмірін алып, қоңырау да шалмақшы еді, алайда батылы жетпеді. Мұтылған оңаша-да ойланғанды жақсы көреді, хоббиі деуге болар. Өзге елдің хоббиі – кітап оқу, спортпен шұғылдану, аспапта ойнау, тауға шығу болса, Мүкеңдікі – ойлану. Ой шіркінде шекара бар ма? Жоқ қой сол. Мұтылған дүниенің жаратылысы, Құдай, адамның сыры, табиғат тылсымы, тіршіліктің мәні, өмірден кейінгі өмір, өлімнен соңғы сұрақ-жауап, біздің дәуірімізге дейінгі кезең, ғылымның ғаламаты деген секілді ұстынды дүниелерге ой жібереді, кәкір-шүкір, ұсақ-түйекке аса бас қатырмайды, ірі, кесек нәрселер жөнінде толғанады. Ол әр әйелдің бойынан Жаратушының құдіретін іздейді. Себебі пайғамбарды да, сахабаны да, ақынды да, батырды да, әкімді де, ғалымды да, байды да, кедейді де, естіні де, ессізді де, жақсыны да, жаманды да, ханды да, қараны да туған Ана ғой.
Шұға – жаратылысы бөлек жан. Ол Шеберге еліктегісі келеді. Қабырғаға сүгіретін іліп қойғысы бар, бірақ соны табанынан таусылып іздемеген жері кемде-кем. Мұражай, кітапхана, дүкен-дүңгіршек, мұрағатархивқа да бас сұқты. Нәтиже аз. Шұға Шеберге тәнті. Ғашық. Көзбен көріп, қолмен ұстамаса да, Оның бар екенін сезеді. Ақылмен түсінбейтіні анық қой. Сондықтан да тек сезінгісі келеді. Сол арқылы ләззат алады айрықша. Шебердің аты көп. Шұғада бір-ақ ныспы. «Көп біреу, біреу көп пе сонда?» деп ойлады әйел. Ақылы жетпеді… Шеберді тануға.
– Ол да жалғыз, мен де жалғызбын, – деді қыз түнгі аспанға қарап тұрып. – Тұрмыс құрғам жоқ. Өстіп жүріп байсыз өтетін шығармын.
Шұға, Шұғатай, бала десе, емешегі езіліп, ет жүрегі елжіреп кетеді. Кедей-кепшік, жетім-жесір, жоқ-жітікке кө-мектеседі… қолдан келгенше, әрине. Шұға мүдәйі жанды жақтырмайды. Мүбада жолықтыра қалса, одан қашу-ға асығады, мұштап-жұдырықтап жі-беруге тырысады. Түн. Шұға Шеберді іздеді…
Алайда таппады…
– Құдайдан кейінгі құдірет, бұл – Өлең! – деді Мұтылған.
– Мына сөзің қате! – деді бір сақалды жігіт қысқа балағына жабыс-қан батпақты қағып.
– Өйткені өнер жанды емдей алады! – деді Мұтылған.
– Дінді ұмытпа! Құран мен хадис шәрифті де қосып қой!
– Қостық! – деді жігіт көзін қысып. Мұтылған ешкімге мән берген жоқ, айналасына да қараған емес, қолын ербеңдетіп, сұр кәстөмінің алдын ашып тастап, құйғыта өлең оқыды. Кімнің жыры екені белгісіз, өйткені дауысы естілмеді. Ол образға кіріп алып, не болса да ұзағынан жіберді дерсің. Артындағы сақалды жігіт бұған таңдана қарап қалды да, аузы жыбырлап-қыбырлап бір нәрсе деді. Оның да сөзін жөнді естімедік. Мұтылған алғаш рет Шұғамен та-нысқан кезін есіне түсірді. Сол күні оған ерекше күш бітті ме, әйтеуір, өзіне өте сенімді сөйледі…

Ауылдан Алматыға кеше келген,
Ізетті қыз екенсің шеше көрген.
Еркіндіктің есігін ерте ашыпсың,
Сүрінеді екенсің неше жерден?

Аңқылдаған көңіліңнен
айналайын,
Бүлінеді екенсің неше жерден?
Кешір, қалқам, мен емес
сұр мергенің,
Ашуланба, бұлданба,
сыр бермегін.
(с) Бақыт Беделхан

– Сізбен таныссам деп ем. Атыңыз кім?
– Шұға. Бірақ құрбыларым Мария дейді.
– Мәриям! Ғайса пайғамбар ана-сының аты ғой.
– Білмейді екем!
– Шұға… Ерекше есім. Менің атым Мұтылған. Мүке десеңіз де қарсы емеспін!
– Мұтылған! Мүке!
– Мария… Мәриям! Шұға… – деді Мұтылған жыланға арбалған торғайша.
– Бәрі дұрыс па?!
– А-а-а, иә, иә, – деді жігіт шылы-мын асыға шегіп. Содан соң… Жо-жоқ, тоқтаңыз, Мұтылған шылым шекпеуші еді ғой. Кешіріңіз, бұл – мына менің қателігім. Мұтылған түк түсінбей, қолындағы шылымға бір, маған бір таңдана қарады да, жиір-кенгендей темекені жерге тастап, кроссовкиінің бас жағымен мыжып-мыжып жіберді. Темекі шоғы сөйтіп барып сөнді, сөйтіп барып «бақиға жетті». Мұтылған шылымды таптаған сайын тап бір ләззат алатындай.
Жүзіндегі жымиысты мысқыл, мысқылды ашу, ашуды кек, кекті қорқыныш, қорқынышты қобалжу алмас-тырып үлгерді. Осының бәрі демде-ақ өте шықты.
Ердің бет-бедеріндегі ең әуелгі мысқыл кісінің мысын басады екен… Бұ күйге басқаша атау да беруге болар еді, әттең. Кеш. Кеш. Өтіп кетті жылт етіп. Нажағайдан да жылдам. Зу-зу. Тарихта атаусыз қалды.
– Карантин басталғалы бері әншілер тойсыз қалыпты, – деді жігіт.
Шұға-Мария мырс етті. Жігіт Whatsapp-ын ашып, жаңа ғана «дың» етіп келген аудио хабарды тыңдады.
Басын ғана… Содан кейін ноқатты түп-түзу сызық ортасына ойыстырды, сөйтіп, соңына шейін алып барды. Мазмұны ұғынықты. Күлді. Жоқ, бұл – күлкіге ұқсас іс-әрекет. Алайда күлкі емес. Иә, иә, күлкі емес. Күлкі мен мысқыл аралығын жалғаған көпірден қалт-құлт етіп әзер өтіп келе жатқан сезім. Жігіт сүгіреттер жиналған қорды қотарып, карантин кезіндегі 3-4
(жоқ, 5-еу, иә, иә, 5-еу, әлі есімде) фотоны статусқа салып, астына былай деп жазды: «Архив. 2020». Жігіт қателесті, түзету енгізейін: «Архив. 2020. 20 шілде».
Дұрыс, 20 шілде. Өйткені дәл сол күні… дәл сол күні… Бопты… Жан дүниедегі жарылыс телехикаядай ір-кес-тіркес жалғаса берді. Шетсіз… шексіз… Санада сан сұрақ. Бірінші қайсысына жауап берген абзалырақ?
Уақыт екеуін асықтыруда…

– Бүгін көңілді боп ояндым, – деді Мұтылған.
– Мен де! – деп Шұға-Мария жымиды.
– Филологсыз ба?
– Финансист.
– Финансист?
– Финпол.
– Финпол?
– Нархозды бітіргем. Есеп және аудит.
– Есепке жүйріксіз бе?
– Иә, қызыл дипломмен аяқтадым.
– 0-ге 0-ді қосса…
– 0 шығады!
– Дұрыс. Шексіздікке шексіздікті қосса, шексіздік шығады.
– Ол жағы өзіңізге мәлім… Кейін финполға жұмысқа орналастым.
– А-а-а! – деді жігіт қызға аңырая қарап.
Шегіншектеді. – Финпол!
– Ау?
– Ештеңе, ештеңе.
– Бүйректің дәрісі бар ма?
– Дәріхана жабық.
– Білем, мен сізден сұрап тұр-мын.
– Түсіндім. Бірақ менде жоқ.
Әйел дегеніңіз – біреу үшін әлем секілді ашық, баз біреу үшін мың құлпылы есіктей жабық… Әйел –пейіште жүргенде-ақ Құдай «тыйым салған жемісті» бірінші жеген, Адам-Атаның қабырғасынан жаралған күрделі, «синтетикалық» жан иесі.
«Қисықты түзетсем» деген ой – дұрыс ой, дегенмен оның морт сынатынын ескерген орынды. Әйел әлемін түсіну тым қиын, ал сезіну аса қолайсыздау. Оған енді ғана дендеп ене бастағандар өзі үшін үлкен жаңалық ашары сөзсіз. Әйел өмірінің соңына шейін ішкі және сыртқы қайшылығымен, өз «шайтанымен», қалауымен, болмысымен, арымен, ойы-мен, өзімен-өзі күресумен болады. Оның артықшылығы – қателікті кешіре білуінде, кемшілігі – соны ұмытпа-уында. Көбіне-көп әйел жаны сырлы әрі жабық келетіні бітім-болмысынан.
Жаратушының кереметі көп қой. Соның бірі – Ана, жар, қыз, әпке, қарындас. Кей-кейде қиялға беріліп, «қисық қабырға» ұғымын тәп-сірлегенде, ұбақ-шұбақ сөз бен адам санасы ұғып-түсінбейтін Морзе әліп-песі іспеттес код-шифр шыққанын байқап, таң-тамаша қалғаны бар Мұтылғанның. Мына дүн-дүниеге, жалпақ жаһанға жанары жасқа толы әйелше қарау да белгілі бір деңгейде адамның өсу сатысы, түлеуі деуге болар. Себебі ол әлсіз бола тұра қатты, қатты бола тұра әлсіз, нәзік бола тұра темір, темір бола тұра бал, бал бола тұра тас, тас бола тұра су, су бола тұра жанартау, жанартау бола тұра самал жел, самал жел бола тұра арқаңды қаритын ақпанның аязы, аяз бола тұра тоңғанда, мұздағанда жылынатын от, от – От-анасы!..
Ел жадында жатталған есімдерді тізе берсек, сұмдық бір галерея түзіле түседі: Тұмар мен Зарина патшайымдар, Домалақ ана, Зеріп ана, Сары бәйбіше, Рәбия Сұлтан бегім, Еңлік пен Баян сұлу, Қарашаш ана, Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, Гаухар ана, Айша бибі, Бабаджа хатун, Абақ ана, Жаған бике, Бопай, Фатима, Тоташ, Күнімжан ханымдар, Ханбибі, Айтолқын, Гауһар батыр, Есенбике, Табын Сапар (Сапура) Мәтенқызы, қыз Данай, Айбике-Шаншар, Нұрбике-Шаншар, Қызданбике-Шаншар, Ботагөз батыр, Ақбикеш, Мұрын ана, Қызай ана, Бақты батыр, Зере мен Ұлжан, Айғаным мен Ұлпан аналарымыз және т.б.
Жігіт Шұға-Марияға ұзақ қарады. Бөтен де емес, таныс та емес. Сүйкімді қыз оны құшақтай жөнелді…
Мұтылған да оны оттай ыстық құшағына қысты-дағы, маңдайынан өбіп-өбіп алды.
– Бойымды ерекше бір сезім кер-неп тұр, Шұға-Мария! Өлең оқып берейінші.
– Кімдікі?
– Жұматай Жақыпбаев деген ақынның.
– Танымайды екем.
– Қадыр Мырза Әлінің «Есеп білмеген есек» деген өлеңі бар.
– Енді соны оқымайтын шығар-сыз?
– Жоға да! Қайдан есіме сап ете қалғаны, – деп Мұтылған маған таңдана әрі ашулана қарады.
– Есептің адамына ақынды та-
нымау аса айып емес. Ал есті адамға есепті білмеу – қасірет. Олай бол-
са, танысып қойыңыз! Жұматай Жақыпбаев. «Ләйлә».
– Атының өзі ерекше екен!
Мұтылған:

Қасы да керік, қара алмас көзді,
ай қабақ,
Мойныңа жұқа ал қызыл шарф
байлап ап.
Алаулап жүзің аса бір
асқақ нұрменен,
Алыстан тұрдың
көзқарасыңмен аймалап.
Қарадың солай,
қарадың солай, обал не,
Қарамадың ба жоқ әлде?

Жетпеспін сонау арманға,
Жеткенмен менде құдірет.
Ақынның тілін алған ба,
Ақымақ әлем бір рет?!

***
Бұл уақиға қашан болғаны Мұтылғанның нақты есінде емес. Күні, айы тұрмақ, жылын да нақтылы айта ал-ман. Әйтеуір, болғаны рас. Себебі жігіт өз көзімен көрген. Сондықтан сенесіздер деп үміттенем…
– Әулие әйелді көрген кім бар? – деген дауыс естілді тау жақтан. Алғашында бәрі үдірейісіп-үдірейісіп қалды. Елде үн жоқ, тып-тыныш.
– Бұл кім болды екен, ә? – деді дәу қара қатын.
– Бі-і-і-і-ілмедім! Дауысы үрейлі екен, – деді жіңішке сары келіншек.
– Жын ба? Дию ма? Ібіліс пе? – деді орташа бойлы ақшыл қатын жан-жағына қорқасоқта көз тастап.
– Ей! Әулие әйелді көрген кім бар?
Осы кезгі дауыс тым зор, қор-қынышты шықты.
Үшеуі дірдек қағып, екі көзі шарасынан шығып, жүректері жарыла жаздап, тығылатын жер таппай қиналды, ары жүгірді, бері қашты.
– Енді қайттік? Мынау бізді құртатын болды ғой, – деді дәу қара.
– Мама! – деді нәуетектеу келген ортаншысы.
Қарқылдап әрі мазақтай күлген дауыс естілді тау жақтан. Жан-жақ күңірене күркірей барып басылды.
– Мы-мы-мынау ө-ө-өзіне ө-ө-өте се-се-сенімді ұ-ұ-ұқсайды.
Тура осы кезде төртінші әйел келді:
– Өлең жаманшылықтан қорғайды. Өмірді ұзартады. Өлең өлтірмейді. Өлеңнен ой тазарады. Өлең оқиық.
– Мен дұға-тілек тілеймін, – деді қара қатын нәумез қалпы табанындағы күсін езгілеп.
– Мен де…
– Мен де, – деп қалған екеуі тал шыбықтай майыса-майыса барып отыра-отыра кетті.
Төртінші әйел ерекше сұлу екен. Киім киісі де, жүріс-тұрысы да, сөз саптауы да бөлекше, ешкімге ұқсамайды.
– Өлең оқиық, – деді ол бетінен нұры төгіліп.

Менің кеудем – менің ұлы мешітім,
Мешітіме мұң бере гөр, құдайым.
Құзырыңды қабырғамен есітіп,
Мұң артынан нұр көргенше жылайын.

Менің миым – мәңгі өлеңнің моласы,
Түнегінен таң шапағын таратқан.
Мүрде болған мәңгі өлеңді жолы асыл,
Сен болмасаң, кім тірілтер, жаратқан?..
(с) Әділ Ботпан

Үнсіздік. Жел тұрды. Уілі басым жел. Жел ойнатқан төрт көйлекті құм шалды. Қара қатын киімін қаққыштап әуре.
– Әуелі жаныңды… – деп төртінші әйел сөз соңын жұтып қойды.
– Сен, қатын, немене жұмбақтап тұрсың? Бері келші, қане, – деді арығы білегін түріп.
– Қой, жамандығы жұғады. Пәлесінен аулақ.
– Жоқ, қоймаймын, – деді әлгісі екілене түсіп, белін таянып.
Ақ киім киген төртінші әйел жанына ерткен аппақ, сүп-сүйкімді ботасына су беріп болған соң үндемей тұрып қалды. Көзін жұмып, күбірледі. Жер қозғалғандай болды. Манағы үшеуінің зәресі ұшты.
Жерге жығыла-жығыла кетіп, кімнен екенін білмеймін, әйтеуір, кешірім сұрай бастады.
– Өлең оқиық!
Ботасын жетектеген төртінші әйел ұзап барады, ұзап барады. Періште көкке көтерілді. Үш қатын аңтаң. Ауыздарынан аққан сілекей өңірлеріне тамды, шұбыра барып тамды. Алайда бұған мән дарытқан ешкім болмады.
– Ей, әулие әйелді кө…

***
Мұтылған да жұрт ұқсап ара-тұра балалық бал кезін есіне алады, сол бір таза, бейкүнә кездерін сағынады. Оның Әзім деген бала кезгі досы болған.
Мүкең мектепті бітіріп, университетке оқуға түскен соң арадағы байланыс күрт үзіліп қалды. Қазіргідей
емес, 2000 жылдары ұялы телефон дегеніңіз – қат дүние. Біреуде бар, біреуде жоқ. Жағдайы жақсылар, ауқаттылар ғана ұстаушы еді. Үй телефонының дәурені жүріп тұрған кез. Мұтылған мен Әзім хабарласып, хал-жағдай сұрасып тұрды. Алайда Әзекең белгісіз себептермен отбасымен бірге Т ауылынан басқа жаққа көшіп кеткен-ді. Әкесі казино ойнайтын, тапқан-таянғанын сол жерге тасып, ақырында, түксіз қайтқанын талай көрген бала Мұтылған. Сонда іштей қынжылып, өкінгені әлі күнге шейін есінде.
«Жығылғанға жұдырық» дегендей, Әзімнің туған ағасы – Ескендір жаман ортаға тап боп, елдің ақшасын тартып алып, қараның қарғысын арқалаған-ды, сөйтіп, мұның арты жақсылыққа ұласқан жоқ, сотталып тыныпты. Бұл аздай, Қарашаш есімді қарындасы өзіне лайықты жар таппай, біреуден көтеріп қалыпты дегенді естідік, естідік те өзекті өрт шалды, керемет қыз еді, әттең. Сол Қарашаш бір алаяқ жігітке алданып, оған 5 миллион теңге кредит әперіп, артынша қарызды жаба алмай, үйлерін сатыпты дескен ел.
Одан бұрын жаңағы ұятты жағдай әке-шешесінің жанына, шымбайына батқаны сөзсіз. Ойсоқты халдегі Мұтылған ескі суреттерді аударып-төңкеріп отырып, естеліктер еліне сапар шекті…
Мұтылған мен Әзім – араларынан қыл өтпес достар. Екеуі де он төртте. Ол кездері Әзім анасының туған әпкесі Гүлбаршынның үйінде тұратын-ды.
Гүлекеңнің күйеуі өзінің қарны тоқ болса, өзгенікі де солай екен деп ойлайтын санасыздау, қатал, қырсық әрі долы кісі еді. Тарғылданып шығатын қатқыл үні, жүріс-тұрысы, қараған жеріне жебедей қадалар қап-қара көзі – бәрі-бәрі кез келген адамды үрейлендірмей қоймайтыны анық-тұғын. Қашан көрсең де, әлгі еренсіз еркек Әзімді қара жұмысқа салатын да жүретін. Бұған оның да тұла бойы әбден үйренгенге ұқсайды, істей береді, істей береді, шаршамайды.
Ағаның айтқанын орындамасаң, шаруаң бітті дей бер, аямайды. Қолындағы затпен салып қалады. Ең сорақысы, Гүлбаршынның күйеуі үйі-не ренжулі келгенде жағдай ушыға түсетін: айғай-шу, ұрыс-керіс. «Ит ашуын тырнадан алады» деген, сол күні манағы сүйкімсіз еркек әлсіз баланы белдікпен сабап, көк ала қойдай етеді. Мұндайда Әзімнің тәтесі араласпайды, ортаға түспейді.
«Пәледен машайық қашыпты» дегендей, сыртқа шығып кетіп, уайым шегіп, үйді айналшықтап жүреді. Осы уақиға ұзынқұлақ арқылы Әзімнің әкесіне де жеткен екен, сонда ол: «Ештеңе етпес, біздің де сөйтіп жүріп қабырғамыз қатайып, бұғанамыз бекіген, өлген жоқпыз. Еркек қой, көнер, шыдар…» – депті. Әзім бір кездері әкесіне де, шешесіне де көнбей, далаға қашып, зат ұрлап, көрші-қолаңның мазасын алған соң, олар Гүлбаршынның үйіне апарып тастаған. Бірде мас боп отырған еркек бос бөтелкені Әзімнің басына ұрып шаққан еді. Содан қалған тыртық жанына жазылмас жара боп түсті ме деймін, әйтеуір, сол кезден бастап Әзім томаға-тұйық, бұйығы балаға айналды. Сөйтіп, тіршілік кешкен ол жасқаншақ, жасық, кейіндері ашушаң, ызақор боп өсті. Қобалжыса я қо-рықса, кекештенетінді де шығарды. Ал Мұтылған ата-ана қамқорында.
Бала үшін жаһанда анасынан жа-қын жан, әкесіндей сырлас жоқтай көрінеді. Түскі шай ішілген соң, ол қолына қармағын алып:
– Анашым! Мен Әзімге кеттім! – деді ерекше көңілденіп.
– Қайда барасыңдар?
– Балық аулаймыз да.
– Абайлап жүріңдер. Мені уайымдата бермей ертерек кел.
– Жарайды! – деп Мұтылған крос-совкиінің бауын байлап, досының үйіне жүгіре жөнелді. Екеуінің арасын бір-ақ көше бөліп тұр. – Ә…зім… да-ла-ға шық! – деді даусын зорайтып.
– Не болды-ей айғайлап? Жай айтсаң да естиміз ғой! – деді Гүлбаршынның күйеуі терезеден басын шығарып.
– Ассалаумағалейкум, аға. Әзім екеуміз бір жерге барсақ деп ек.
– Қайда?
– Анау жақтағы көлшіктен балық аулаймыз.
– Е-е-е, сендерге шабақтан басқа ештеңе бұйырмас, – деді күрк-күрк жөтеліп. – Өмірде де солай емес пе?! Әне, сенің ақымақ досың небір акулаларға жем боп жүр!.. – деп қарқылдап күлді. Ол біреуді кемсітіп, сарышаянша шағып сөйлеген күні ішкен асы бойына тарап, түнде жақсы ұйықтайды. Аз бөгелістен соң бала батылдау сөйледі:
– Жіберетін болдыңыз ба, аға?
Ол Мұтылғанға ұзақ қарап тұрды да:
– Бопты… Ей, саған досың кеп тұр, – деді езуіне қыстырған шылымын құшырлана сорып. – Мен саған екі-ақ сағат уақыт берем. Үлгермейді екенсің… Ренжіме!
– Жүр, ерте-жарықта барып келейік. Әлде үйде қала бересің бе?! Кешіксең, анау өлтіреді ғой, – деді
Мұтылған досына жаны ашып.
– Ой, қойшы. Ары кетсе бір сабар. Ештеңе жоқ, ет үйренді ғой.
– Ой, жынды! Кеттік онда, – деп бала Мұтылған күлімдей жөнелді, қатты шаттанды, білем.
Мезгіл жаз. Рақат. Екі дос көлшіктен балық аулап, армансыз шомылды. Онда қолдарына қамыс сапты қармақ ұстаған, түрсишең жүгіріп жүрген шүкімайт көп екен. Бірі ұстаған балықтарына қанағаттанбай, қармақты қайта суға тастаса, енді бірі оларды орта тұсынан шолақ қып кескен пластмасс бөтелкенің ішіне салуда.
– Келесі аптада Т ауылының шетіндегі өзенге шомылайық та… – деді Әзім.
– Білмеймін. Мамамнан сұрануым керек.
– Жіберсе жақсы болар еді.
– Кеш батқанша үлкен балық ұстауға тырысайық.
Мен қармақ салам, ал сен нан қо-қымын шашып отыр, мақұл ма?! – деді Мұтылған.
– Мақұл!
Екеуі жабылып бір балық ұстады, әйтеуір. Үлкен екен. Балалар оны пакетке орады-дағы, қармағын жинай бастады.
– Әзім!
– Иә!
– Қарашы. Анау бір үңгірдің ішіне кіріп көрейік. Екеуі үшін бұл жерді аралау қызықты боп көрінді.
Ол жақ суық әрі қараңғы еді. Балалар онда біразға дейін жүрді.
– Әзім. Кеттік. Мен қорқам, – деді Мұтылған жанжағына қарап.
– Қорқатын түгі жоқ.
– Мұнда аруақ бар деген рас па?
– Рас шығар. Бірақ мен оны әлі көргем жоқ.
– Көрсең, не істейсің?
– Амандасар ем.
– Қалайша?
– Орыс болса, «здрасти», ал қазақ болса, «ассалаумағалейкум» деп.
Әзім қарқылдап күле бастады.
– Не болды?
– Кетші. Аруақтар сөйлемейді ғой…
– Қойшы?!.
– Ваня деген көршіміз бар еді ғой. Есіңде ме?
– Қай Ваня?
– Алексейдің баласы ше?
– Е-е-е, тақырбас па?
– Иә, иә. Оған не бопты?
– Өліп қалды ғой. Бәрі іздеді. Таппады. Мен соның аруағын кеше ғана көрдім.
– Қайдан?
– Түнде. Дәл осы жерден ана-шыммен өтіп бара жатқанда, – деді Мұтылған даусы дірілдеп. – Қол бұлғап шақырды. Бірақ сөйлеген жоқ.
– Сен не істедің?
– Қаштым.
– Ой, қорқақ, қораға тышқақ.
– Өзің қорқақсың.
– Сен қорқақсың, ал мен батырмын, – деді Әзім.
– Батыр болсаң, ары қарай өзің бар. Кеттім мен.
– Қайта бер, чмо. Черт!
Мұтылған оны шақырмақшы боп еді, бірақ қырсық досы райынан қайтпайтынын сезді ме екен, аса әуреленбеді. Бала көрдей қараңғы үңгірден атып шыққанда зор денелі адамды жолықтырады. Ол балаға: «Бұл жерде атаңның басы бар ма?» – деп ұрысты.
– Аға, кешіріңізші. Енді қайтала-маймын.
– Егер басыңа тас құласа, ба-сып қалса, кім жауап береді? – деп еркек зірк-зірк етіп, күректей қолын баланың иығына артты. Бір кезде үңгірдің ішінен: «Көмек-тесіңдер! Көмектесіңдер!» – деген дауыс естілді.
– Анауың кім-ей тағы? – деді жа-ңағы кісі қабағын қарс түйіп.
– Әзім деген досым ғой.
– Әзімің бар болғыр! Енді осы жерден тағы көрсем, шын айтам, мойындарыңды үзем. «Кет, кет! Жолама!» – деген дауыс одан сайын күшейе түсті.
Қараңғылықты қақ жарып же-лаяқ Әзім жүгіріп келе жатыр екен.
– Қазір екеуіңді мілісияға өткізем. Әй, бері кел, – деп манағы кісі Әзімді тоқтатпақшы боп еді, ол Усэйн Болт секілді жанынан өте шықты. Сол сәтті оңтайлы пайдаланған Мұтылған да сытылып шықты. – Қап, әкең! Осында тағы келсеңдер, аяқтарыңды шағам! Ұқтыңдар ма? Өй, жүгермектер…
Артынша үңгірден Ваня да көрінді. Сөйтсе, бала ойнап жүріп адасып кеткен екен. Үйін таппаған соң осында қонғанға ұқсайды…
– Қайда жүрсің-ей?! Мен саған екі сағатта кел дедім ғой…
Гүлбаршынның күйеуі Әзімді қақ ортасында жұлдызы бар «армейский» белдікпен арқасынан ұрды.
Қатты тиді, білем.
– Аға! Одан да мені ұрыңызшы! – деді Мұтылған.
Баладан мұндайды күтпеген әлгі адам кәдуілгідей дағдарып қалды да:
– Былай тұршы-ей, күшік! – деп итеріп жіберіп, баланы ары қарай сабай берді, сабай берді, сабай берді. «Кешірші ағатай, кешірші», – деген Әзім үйіне қарай жүгіргенде, еркек артынан қуды. Ыдыс-аяқ шағылды, заттар сынды. Мұтылған тістеніп, бір жағынан жылағысы кеп анасына барды:
– Мама, анау Әзімді сабап жатыр. Әкеме айтшы, ажыратсыншы!
Оны ешкім атымен атамайтын. «Анау» дейтін.
– Өй, ол таза жынды ғой. Сөйтіп жүріп, бір күні өлтіріп қоймаса жарар еді байғұс баланы.
– Мама, ма-ма… Әзімді ұрып жатыр. Құтқарайықшы, – деді Мұтылған ете-гінен тартып.
– Мен не істей алам, жаным-ау?! Жаман шешеңнің қолынан не келеді, айтшы?.. Әкең де жоқ үйде! Жұмыста!
Қуаң жерде өскен сексеуілдей ап-арық Мұтылған не істерін білмей отырып қалды.
– Ваня табылыпты ғой.
– Иә, – деді бала жылағысы кеп.
– Бүгін көріп қуанып қалдым, аман болсыншы, әйтеуір, – деп анасы ып-ыстық алақанымен баласының басынан сипап, бетінен сүйді. Мұтылған анасын құшақтаған күйі жылай бастады.
– Үлкен адамдар неге қатал, ана-шым? Неге? Неге?
– Білмеймін, құлыным, білмей-мін. Бәрі бірдей емес қой.
Әзімнің жағдайы қиын. «Анау» оны күнде ұратын болды. Жалаңаяқ, жалаңбас көшеде қаңғыртты. Мұ-тылған осы жайтқа жаны ауырды, қатты қамықты.
Бір аптадан кейін оның анасы қай-сарлық танытып, Әзімді үйіне кіргізіп алды. Екі бала есі кете қуанды, асыр салып ойнады. Бірге сабаққа барады, бірге қайтады, бірге ойнайды. Сөйтіп, екеуі достығының белгісі ретінде бас бармақтарын пышақпен тіліп, қанын ақ матаға жағып, сақтап қойған еді. Сол мата әлі күнге дейін бар. Мұтылған оны әр кез жүрек тұсында сақтап жүреді. Бұл – досына деген құрметі…
Бала өсіп, ес жиып, етек жапқан соң мінезі де, болмысы да өзгеріп, оның бойында ерге тән қасиет қалыптаса бастады. Ауылға ат ізін салмағалы біраз боп еді. Ата-анасымен ыстық ұя – қара шаңыраққа сәлем беріп, ескі самауырдан шай ішіп, көп естелікті ішке бұққан қара қазаннан дәм татуға барғанда қызық жайт орын алды. Ауылда жүргенде оңбай аттан құлағаны бар-тын, содан беті қайта ма деп еді, жоқ, белді бекем буды.
Мұтылған жүріп келеді… Жүгіріп келеді… Атпен шауып келеді…
Ел-жұрт дүрліге жөнелді:
– Қашты, ойбай, қашты!
– Не қашты?
– Кім қашты?
– Асау ат Мұтылғанды ала қашты!
– Майып қылып жүрмесе жарар еді, масқара!
– Енді не істедік?
– Енді қайттік?
– Әй, ұстаңдар, ұстаңдар!
– Аттың алдын бөгеңдер, алдын бө-геңдер!
– Қуыңдар артынан!
Жұртшылық азан-қазан, у-шу болды.
– Ей, тұра тұр, тұра тұр! Зер салып қараңдаршы!
– Не бопты?
– Ат Мұтылғанды алып қашып бара жатқан жоқ қой. Ол ана асауға бас біл-діріп жүр.
– Рас айтады-ей, рас айтады! Бала шу асауды үйретуде! Қараңдар, қараңдар, әне!
– Неткен күш!
– Тақымды екен!
– Ауыздығын қарш-қарш шайна-ған асауға ырық берер емес!
– Әй, азамат!
– Әй, кішкентай батырым-ай!
– Міне, нағыз жігіт!
– Міне, нағыз ер!
– Халайық, оның не таңғаларлы-
ғы бар? Біле білсеңіз, батыр-баһа-дүрлеріміз ат құлағында ойнаған.
Бес қаруын белге байлаған. Бі-
лекті де жүректі болған-ды. Шека-
рамызды шегендеген. Сол арқылы елін, жерін жаудан, басқыншы-лардан қорғаған. Көкпар, аударыс-пақ, теңге ату, жамбы ату, аламан бәйге, күрес секілді ұлттық ойын-дар соның дәлелі емес пе?!
Жер бетінде атты қолға үйретіп баптаған сақтар мен ғұндар. Ал олар – біздің бабаларымыз!
– Дұрыс айтып отыр.
– Мұтылған да бекер жерден шық-паған!
– Рас, рас! Ол – батырлардың ізін жалғаған жүректі бала!
– Айтары жоқ! Азамат, азамат екен!
– Елі үшін туған есіл ер!
– Астындағы аты екеуі бап қосы-лыпты!
– Иә, жылқы баласының қанаты бар екен!
– Жортқанда жолың болсынн-н-н, Мұтылған-жан-н-н-н!
– Әмәнда-а-а-а аман-сау жүргін-н-н-н!..

 

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *