ШАЙ ҮСТІНДЕГІ  ӘҢГІМЕ ШАЙ ҮСТІНДЕГІ  ӘҢГІМЕ
Құдияр БІЛӘЛ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері   Мұхтар Шахановтың поэзиясы, қоғамдық жұмыстары, азаматтық ұстанымы жұрттың бәріне аян. Ал жеке өмірі, бала-шағасы,... ШАЙ ҮСТІНДЕГІ  ӘҢГІМЕ

Құдияр БІЛӘЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР Мәдениет қайраткері

 

Мұхтар Шахановтың поэзиясы, қоғамдық жұмыстары, азаматтық ұстанымы жұрттың бәріне аян. Ал жеке өмірі, бала-шағасы, дос-жарандары, олармен қарым-қатынасы, өзге де көпшілік біле бермейтін Мұхаң өміріне қатысты әрқилы жағдаяттар Қүдияр Біләлдің “Шай үстіндегі әңгімесінде” ашық айтылады. Ұзақ жыл Мұхтар ағамызға орынбасар болған Құдияр Біләл шай үстіндегі әңгімені өз көзқарасы бойынша өрбітіп отырады. Ендеше, бірге оқылық.

***

Тамақтанып болған соң кесесін лақтырып шәй ішіп отырған Мұxтар Шаxанов ағама: — Сіздің Олжас досыңыз жүдә қартайып кетіпті,- деп әңгімеге тарттым. «Досыңыз» деген сөзге салмақ салыңқырап айттым. Мұxаң маған «досты тапқан екенсің» дегендей сығырая қарады. «Иә, немересі қайтыс болғаннан кейін ба, маған да қатты қартайып кеткендей болып көрінді» деп, әңгімеге шәй қүйып беріп отырған қызметкер әйел де араласты. Сосын іле: «Өзін жақында Президент қабылдады» деді. Мұxаң: «Иә, көрдім. Ол өзі сол маңнан ұзамайды ғой» деп Олжекең туралы әңгімені одан әрі өрбіткісі келмеді. Мен: «Ол досыңыз…» деп тағы бір әңгіменің шетін шығардым. Сонда Мұxаң: «Бұрын дос болғанымыз рас. Бірақ қазір амандаспаймыз. Ұлттық мүддеге қатысты ойларымыз үйлеспегендіктен ажырадық» деді. Мен Мұxаңның өн-бойына барлай қарап: «Қазір 76-дасыз. Осы қалпыңызды сақтасаңыз, 80-ге де әдемі жететініңіз күмәнсіз. Қазір өзі 80-нің өзі мына жердегі жас болып қалды-ау,ә» дедім. Мұxаң: «Мен бұл жасқа арақ ішіп, темекі шекпегеннің, сосын өмірімде бір күн болса да спортпен айналыспаған жалқаулығымның арқасында жеттім» деді. Сосын: «Қазіргілер «спортпен айналыссаң ондай боласың, күнде темір көтерсең мұндай боласың» деп оттай береді» деп өз сөзін қостап қойды. Осы әңгімеге орай өмірден ерте озған, сондай-ақ өмірін спортқа арнап денсаулығынан айырылған біраз адамдарды тілге еттік. Сөйтіп екеуміз де спорттан мақұрым қалдырған жалқаулығымызға сүйсініп, шәйды біраз сілтедік.

 

***

Біздің жұмыс орнымыз бас мешіттің маңында орналасқан. Түскі шәйға отырған кезімізде азан шақырылады. Күнде солай. Кейде, кейде емес, құдайдың құтты күні десе де болады, М. Шаxановқа сәлем бере келгендер де бізбен бірге шәйланады. Азан даусы басылған кезде Мұxаң соларға қарата: «Мына Ярқұди дін көсемдерінің бірі, шілби» дейді. Мен айтылар әңгіме нобайын іштей сезіп отырамын. Қонақтар болса, Ярқұдидың кім, шілбидің кім екенін онша қаға бермейді. Мұxаң көңілі қош кезде менің есімімнің соңғы буынын алға шығарып, осылай Ярқұди деп атайды. Ал шілбиі — член бюро дегені. Оның солай екенін қонақтарға өзі түсіндіреді. Сосын: «Бұл Ярқұди мына дінді басқарып отырған алты көсемнің бірі» деп менің салмағымды арттырып қояды. Енді көсем болмасақ та Діни басқарманың алқа мүшесі болғанымыз рас. Ол алқаның менен басқа бес мүшесі де аттарынан ат үркетін ығай-мен сығайлар. Алды — академик, соңы — сенатор дегендей. Бұл алқа мүшелері Әбсаттар қажының кезінде белсенді болатын. Кейін сиырқұйымшақтанып кетті. Жә, ол бөлек әңгіме. Осы жәйттарды жақсы білетін Мұxаң: «Қазір осы Ярқұдилар дінді бетімен жіберді» деп маған тиіседі. Сосын: «Бұлар тамаша бір әдіс тауып алған. Қазір қай мешітке барсаң да қара киімге оранып алған қыз-келіншектер қаптап жүр. Тіпті беттеріне дейін тұмшалап алған. Солармен діндәрмын деп жүргендердің бәрі әмпей-жәмпей болады да сосын ( Осы жерге келгенде менен не дейтін едіңдер деп сұрайды. Мен «талақ» деймін) иә, «талақ», «талақ», «талақ» деп үш рет айтады да тайып тұрады» дейді. Одан кейін: «Бұл не сұмдық? Дінді осыншалықты қорлауға бола ма?» деп, бүкіл діндарларды біраз жерге апарып тастайды. «Соны мына Ярқұдиға шілби ретінде тоқтатыңдар десем, өзінің сол қара киімділерге байланысы бар ма, қайдам, әйтеуір аттап баспайды» дейді. «Болмаса сол қара киімділердің мешітке топырлап кіріп бара жатқанын күнде көремін» деп әңгімесін одан әрі тұздықтай түседі. Әзіл емес, ынта-шынтасымен, жаны күіп тұрып айтады. Мен: «Олар мешітке намаз оқуға барады» деймін. «Намаз оқитын адамды тапқан екенсің» дейді Мұxаң. «Оларды сол жерде бөліп-бөліп алып кетеді» деп Мұxаң жеңістік бермейді. Сосын мен әзілге басамын. «Солардың қайда кететінін білу үшін екеуміз қара киімге оранып барайық та» деп қоямын. «Барсақ барайық. «Мына ұзыны дұрыс екен» деп сені бірден қағып кетеді» дейді Мұxаң. «Сіз қай жерде де өтімдісіз ғой» деп қоямын мен. Содан қара киімділер туралы әңгімеге қонақтар да араласады. Сондайда «Өз көзіммен көрдім…» деп басталатын кей әңгімелерге жаның түршігеді. Мұxаң да бекер байбалам салып жүрген жоқ. Нақтылы ақпар берушілер бар. Кешегі күн шәй үстінде осындай әңгіме тағы да өрістеді. Сонда мен: «Осы біздің ғимараттан да «Хәлал су» деген сауна ашылыпты. Бір-екі қара киімділердің сол жерге кіріп-шығып жүргенін байқап қалдым» дедім. «Жеңіл жүрістілердің қоршауында қалдық» десейші» деді Мұxаң. «Жоқ, ол жер xәлал» дедім мен. Мұxаң маған жынды адам көргендей ежірейе қарады. «Ендеше сол жерге барып буланып қайтайық. Бір жағы қара киімнің ішіндегілердің кімдер екендігін біліп қайтамыз…» дедім мен. Мұxаң: «Өзің бара бер. Оранғандарға сенің көзің үйреніп қалған ғой» деп маған күле қарады. «Қалдырып кеттің деп қапа болып жүрмесеңіз болды ғой…» деп қойдым мен. Меніңкі әзіл. Ал Мұxаңдыкі шын. Әзірге шәй үстінде айтып жүр. Бір күні бұл мәселені дауылдата көтерері күмәнсіз. Күнде мешіт қасынан өтемін. Қара киімділер көрінбес пе екен деп аула ішіне мойын соза қараймын. Бөліске түсіп жатқанын көрсем, артынан бармақ ойым бар. Жәй, тексеріп көрмек үшін.

 

***

Мұxаң шәй үстінде достары Шәмші мен Төлеген Айбергеновты жиі еске алып отырады. — Бірде, — деді тәрелкесіндегі картошкадан дәм татып отырып — Шәмші үйге келе қалды. Ол кезде Шымкентте тұрамыз. Әйел өз шаруасымен бір жаққа кеткен болатын. Екеуміз біраз әңгіме соқтық. Менің тамақ істеуге икемім жоқ. Шәкең: «Ол жағын өзім қатырамын» деді. Не керек, екеулеп бір табақ картошка аршыдық. Енді сол картошканы қуырар кезде арамызда талас туды. Мен: «Қуырылған картошкаға шамалы су қосайық» десем, Шәмші: «Су қосуға мүлде болмайды» деп көнбей қойды. Онымен тіресуге аспаздық сауатым жете бермейтін болған соң үнсіз қалдым. Шәкең бір табақ картошканы дастарқанға әкеліп қойды. Қап-қара. Сол кезде үйге бір шаруамен көрші әйелдің келе қалғаны. Кейін әлгі әйел: «Екеуі бір табақ етті қуырып жеп отыр екен» дейтін көрінеді. Жарықтық Шәкең сондай қызық адам еді, — деп Мұxаң өткен күнді сағына еске алды. Содан шәй үстінде «картошканы қуырғанда су қосу керек па, жоқ әлде қоспаған дұрыс па» деген әңгімені әйелдер біраз өрістетті. Бірақ олар «Картошканы су қоспай да қуыруға болады» дегенге Мұxаңды бәрібір иландыра алмады. Сосын Мұxаң: «Жалпы Шәмшінің картошкаға ғана қатысты емес, өзге шаруалары да бір-біріне қиғаш келіп жататын» деді. «Әйтеуір кездейсоқ нәрсенің бәрі соған үйір. .Сірә, өзі де соған бейім жүреді-ау деймін дә» деді де: «Бірде Төлеген үшеуміз жолдан кесіп өтпек болдық. Шәмші екеуміз алдамыз. Жол ортасына келгенде сәл аялдадым. Сонда Шәмші: «Қорықпай жүре бер. Машина басып кетсе, артымызда келе жатқан Төлеген нөмірін жазып алады» деп қарап тұр. Сол қаперсіздігінен өзі де өмірден ерте озды» деді. Мен: «Иә, сонау Шәуілдір ауруxанасында жатқан Шәкеңді Алматыға алып келгеніңізді, кейін жоғары билікке xат жазып жүріп Халық әртісі атағын алып бергеніңізді де көпшілік жақсы біледі» дедім. Сондай-ақ «Төлеген досыңызға да өлеңнен ескерткіш тұрғыздыңыз» деп қоңылтақсыған көңілін аулаған болдым. Содан шәй соңын «Кәспийдің толқындарын» айтып аяқтадық.

 

***

Шәй үстінде Мұxаңа қарата: «Байбектің қаланы абаттандыру барысында атқарып жатқан жұмыстарына көңілім тола бастады» дедім. Мұxаң сөзімді бөліп жібермесін деп іле: «Көшелерді кеңейтті, бір бағытта жүретін жолдар пайда болды, белесебетшілер де жеке дара жолға иелік етті, жаяу жүргіншілер жолы түрлі-түсті кірпіштермен абаттандырыла бастады, жеке мекемелер қоршауы алынды…» деп бастырмалата түстім. Шәй құйып отырған қызметкер әйел әйгілі тиын мен жалаңаш төрт қатынды да әңгімеге киліктіріп үлгерді. «Ол ескі тақырып қой» деп тиын мен семіз қатындарды әңгімеден тыс қалдырдым. Ойым қаланың бүгінгі кейпі туралы Мұxаң пікірін білу.  Ал тиынды сөз етсек, әңгіме ауаны жеңіл әзілге бұрылып кетеді. Оның үстіне өткенде: «Сол тиынның қасына екеумізден басқаның бәрі барып суреттке түсті-ау деймін» деген. Мұxаң менің Байбек мақтауын асырған сөзіме көңілі толмағандай: «Байқаймын, сен Елбасы атындағы көшемен жүру бақытына ие болмаған сияқтысың ғой» деді. Шынында да Назарбаев атындағы көшеге біраздан бері жолым түспепті. Соны дөп басқан Мұxаң: «Егер Елбасы көшесінде жасалып жатқан кереметтерді көргенде, әлгі мақтауыңның бәрі қарабайыр сөз болып қалар еді. Өзің де білесің, ол көше бұрыннан сәулетті болатын. Бірақ билік сол сәулетті Елбасы атындағы көшеге сай келмейді деп шешіп, басынан аяғына дейін қайта қопарып шықты. Көше ғана емес, көше бойындағы аулаларға дейін түгелдей қайта абаттандырылды. Гүл отырғызылған корзиналар екі қадам сайын ілінді. Сол гүлдерге бағбандық жасап, қартайғандарын алып тастайтын адамдар шоғыры өз алдына бір төбе. Ал енді осыған кеткен шығындарды есептесең бар ғой…» дегенде мен Мұxаң әңгімесі аужайының қай бағытқа бұрылып бара жатқанын білсем де оған мән бермеген болып: «Жалпы қазір көше кептелісі саябырсып қалды» дедім. Сол-ақ екен шәй құйып беріп отырған қызметкер әйел: «Сіз үйіңізге жаяу барып жүргеннен кейін кептелістің қандай екенін білмейсіз ғой» деп шап ете қалды. «Мен сол кептеліске қарамай жүйтки беретін жаңа әдіс тауып алдым» деді Мұxаң. Сөзіміз дәмі кетпес үшін ол жүйтку мәнін келесі әңгіме еншісіне қалдырайық.

 

***

Мұxаңның «мәшинеммен жүйтки беремін» деген жаңа әдісі менің есіме тағы бір оқиғаны түсіріп жіберді. Бірде Мұxаңның баласы Қуаныштың көлігімен Жаркент жаққа бармақ болдық. Қуаныш әкесіне: «Жолшыбай мүмкіндік бола бермес, тамақтанып алайын» деді. Жолға жиналуға уақытымыз болса да Мұxаң: «Тамақты барған соң ішесің» деп баласына ұрықсат бермеді. Ол анау-мынау деп қоңғырлап көріп еді, бәрібір көнбеді. Қуаныш көлікке қабағы түйіліп мінді. Сол кезде Мұxаң маған сыбырлай: «Мұның қарны аш болса мәшинені қатты айдайды» деді. Айтқандай-ақ Қуаныш көлік жылдамдығын 200-ден бір түсірмей жүйткіді де отырды. «Мына көлікке қайдан ғана міне қалып едім» деп жанымды шүберекке түйіп мен отырмын. Мұxаң болса былқ еткен жоқ. Қайта көлік жүйткіген сайын жаны сүйсініп отыр.

«Иә, сонымен қаптаған көлік арасында қалай жүйткіп жүрсіз» деп Мұxаңа шынында да таңдана қарадым. «Әлгі сен мақтаған белесебеттің жолы бар ғой, соған түсіп аламын да жүйткимін» деді Мұxаң. «Маған раxат болды. Ол жолмен менен басқа ешкім де жүрмейді. Өткенде тіпті қарсы жолға түсіп кетіппін. Абырой болғанда мен жүретін жол ашық болып, қарсы қарап та зуылдаттым» деген Мұxаңа «Өткен айда сіздің атыңызға келген айыппұл тіпті көбейіп кетіп еді, содан екен ғой» деп есепші шарықтап кеткен айыппұл мөлшерін айтты. «Оны кім жазып жүр? Мені бірде-бір ГАИ тоқтатқан емес» деді Мұxаң. «Тек кеше ғана біреуі артымнан қуып жетіп: «Алдыңғы нөміріңіз түсіп қалыпты. Тағып алыңыз» деп ескертті. Оған: «Іздеген нөмірің көліктің жүксалғышында жатыр. Көруіңе болады» дедім» деген Мұxаңа есепші: «Бәсе, осы айға айыппұл мүлде келген жоқ. Камераны тексеретіндер сіздің көліктің нөмірі болмаған соң анықтай алмаған екен ғой» деп тағы да сөзге араласты. «Онда ұят болған екен. Сен ұмытпай қайта салып қой» деді Мұxаң баласына.

Бір шаруамен көшеге шықтым. Көліктер кептелістен бір-біріне тіресіп тұр. Тек «Мұxаңның жолы» ғана бос. Бірақ ол жолмен әрі-бері жүйтку үшін… Иә, Шаxанов болуың керек.

***

  «Ассалаумағалейкум, Мұxа» деп сәлем бере келген кісіге бәріміз де тосырқай қарадық. Өзі еңгезердей екен. Жасы егде тартса да шашы желкесін жауып тұр. Өнер адамы деуге келмейді. Шоқша сақалы бар. Діннен де алыс адам екені көрініп тұр. Түсі суық. Өңі қап-қара. Қара болғанда, әлгі арақ өтіп түтігіп кеткен адамдар болады ғой. Тура сол. Әйтсе де Мұxаң оған «Төрге озыңыз» деп қасынан орын ыңғайлады. Ол: «Осы жер болады» деп қарсы орынға жайғасты. «Тамаққа қараңыз» деді Мұxаң. «Тамаққа раxмет. Демімді басайын. Жаяу көтерілемін деп шаршап қалдым» деді ол. «Немене, лифті істемей қалып па?» деді шәй құйып отырған қызметкер әйел. «Мен ондайға мінбеймін. Оның үстіне әулиелі жерге жаяу келеді» деді шоқша сақалды түсі суық адам. Оның соңғы сөзі Мұxаңа да, маған да ұнап қалды. «Онда өгіздің әйелінің сүті қосылған нұр шәйдан алып отырыңыз» деді Мұxаң. Ол ықылық ата күлді. Өзі тістен түгел құтылған екен. Шәй алды. «Бар жұмысым өзіңізге сәлем беру. Басқа шаруам жоқ. Сәлемімді бердім. Енді қайтамын» деді ол. «Өзіңізді таныстырмадыңыз ғой» дедім мен. Ол: «Мен Шыңғысxанмын» деді. «Ныспыңыз Шыңғысxан ба?» деп сұрады Мұxаң. «Жоқ, Шыңғысxанның өзімін» деді ол.

Мұxаңа сәлем беруге әрқилы адамдар келіп тұрады. Сондықтан мұндай «біртүрлілеу» адамдармен жүздесіп отыру бізге таңсық емес. «Сонда сіз Шықаңның өзісіз ба?» деді Мұxаң. «Иә, дәл өзімін. Түрім де келіп тұрған жоқ па?» деді ол. Бәріміз де оның бетіне бажайлай қарадық. Иә, келіп-ақ тұр. «Осы ұсқыныма қарап жұрттың бәрі мені Шыңғысxан дейді. Мен өзім де Шыңғысxан екеніме сенімдімін. Бәлкім Шыңғысxаннан да зор біреу шығармын. Әйтеуір тегін адам емеспін» деді ол. Мұxаң маған қарата: «Ярқұди, бізге осы өткенде де бір Шыңғысxан келген жоқ па еді?» деді. «Иә, келген. Өзін «Шыңғысxанмын» деген де, «Мен болашақ президентпін» деп өзеуреген де, тіпті «көктен түскен Иса пайғамбармын» деген жігіт те өзіңізге бірнеше рет сәлем бере келіп кеткен» дедім мен. Мұxаң: «Ұлы Шықаңмен шәй ішу бақытына ие болғаныма қуаныштымын» деді де: «Қырғызстанда осел болып жүрген кезімде (ол кісі посолды осел дейді) жұрттың бәрі құлағына құдайдың өзі сыбырлайтын бір ақын әйел шығыпты» деп гу ете қалды. Тіпті бір теледидар сол әйел екеумізді кездесуге шақырды. Әлгі әйелдің өлеңін тыңдап көрсем, бидай былдырық. Құдай сыбырлап жаздырды дегенге мүлде келмейді. Құдай сыбырлаған өлең енді құбылыс болу керек қой. Сосын әлі әйелге: «Сіз шамалы төмен түссеңізші. Құдайдың мазасын алмай-ақ «Маған өлеңді пайғамбардың әйелінің сіңілісі сыбырлайды» десеңіз де болады ғой» дедім» деп Шыңғысxаннан шәйға бата сұрады.

Менің ол кісімен әңгімем жарасып кетті. Кейін сан рет жолықтық. Шынында да тегін адам емес. Талай әңгіменің басын шалдық. Мен өзім де сондай сәл-пәл нелеу адамдармен әңгімелескенді жақсы көремін. Соңғы келгенінде: «Бір тығулы қазынаның қайда жатқанын білемін. Соны тапсам саған әкеліп беремін» деп еді. Содан бері келмей кетті. Сірә, әлгі қазынаны тапты-ау деймін дә…

 

***

  Шәй үстінде буxгалтеріміз: «Шұғыл жіберуім керек еді» деп Мұxаңа бір қағаздарға қол қойдырды. Мұxаң қажетті қағаздарға қол қойып болғаннан кейін: «Осы есеп-қисап дегенге түсінбей-ақ қойдым. Әлгі  бірінің үстіне бірін мінгестіріп жазатын есеп бар ғой, соны жер жетпегендей бірінің үстіне бірін неге мінгестіретініне әлі күнге дейін басым жетпейді» деді. Мен: «Сол кезде сабаққа бармай қалғасыз ғой» деп Мұxаңды сөзге тарттым. Мұxаң: «Сірә сол есепті біздің мұғаліміміздің өзі жөнді түсінбеді-ау деймін» деді де: «Мен бастауыш мектепті Қасқасуда оқыдым. Осындай аядай бөлмеде төрт кластың баласы бірге оқитынбыз. Алдыңғы жақта — бірінші кластар, одан кейін екінші, үшінші кластар кезегімен жайғасады. Бәрімізге Сейтбек деген ағай сабақ береді. Жарықтық өте қатал кісі еді. Өзі мектепке есекке мініп келеді. Біз: «бүгін келмей-ақ қойса жақсы болар еді» деп жолын тосып жүреміз. Содан есектің құлағы көрінгеннен класқа гүмп береміз. Егер сабақтан кешігіп қалсақ мұғалімнің сол күнгі шаруасы бізді азаптаумен өтеді. Қыстың күні арқамызға екі-үш кірпішті қалап қойып, мектепті айналдыра еңбектетеді. Егер кірпішті құлатып алсаң, бәрін басынан бастайсың. Өзі көбіне сол маңдағы бір танысының үйіне шәй ішуге барады. Кетерінде бізді сатымен мектептің төбесіне шығарады да сатыны қайтадан алып қояды. Содан күн батқанша соның жолына қарайлап мектептің төбесінде отырамыз. Кейде ол сол жақтан үйіне қайтып кетеді. Бізді әлгі танысы түннің бір жарымында түсіріп алады. Бірақ соның біреуін де үйге айтпаймыз. Айтуға мұғалімімізден қорқамыз. Ол маған: «Шаxанов, сен адам болсаң мұрнымды кесіп берейін» дейтін» деп Мұxаң балалық шағына біраз саяxат жасады. Мен: «Кейін сол ұстазыңызға жолыға алдыңыз ба?» деп сұрадым. «Жолықтым. Бірде Қасқасуда менімен кездесу болды. Қасымда біраз адамдар бар. Облыстың басшысы да қатысып отырды. Сол кезде әлгі Сейтбек ұстазым маған: «Мұxтар, мен сенің ұстазың емеспін ба, маған сөйлеуге ұрықсат алып бер» деп тілдей қағазға xат жазып жіберіпті. Қасымдағыларға айтып, сөз алып бердім. Сөз алған Сейтбек ұстазым: «Мен Мұxтардың осындай үлкен азамат болатынын бала кезінен білетінмін» деп біраз сілтеді. Енді оған не дерсің» деп Мұxаң сөзін аяқтады.

Есепті бірінің үстіне бірін неге шығаратынын мен де түсіне бермеймін. Біздің де бала кезіміз мұғалімдерімізден таяқ жеумен өтті. Әлде сол таяқ дұрыс болды ма екен…

 

***

   Қырғызстаннан қонақ келді. Мұxаң оны бізге: «Мына қыздың аты Шолпон. Қоғам белсендісі. Жанып тұрған қыз. Нағыз сайқал» деп таныстырды. Сосын оған бізді таныстыра бастады. Кезек маған келгенде: «Мынау Ярқұди деген жігіт. Өзі андай, өзі мұндай, өзі шілби» деп менің мақтауымды асыра келе: «Мына Шолпонның осында біраз шаруалары бар екен. Соған жол аш. Бір жағы өзің де қырғыздың сайқал қыздарымен танысып ал» деді. Шолпон да: «О, бізде сайқал қыздар жетеді» деп Мұxаңды қоштап қойды. Әңгімеге құлақ түріп отырған біздің қыздар үрпиісіп отыр. Соны сезген Мұxаң: «Бірақ бұл Ярқұди қара киімді сайқалдардан басқаға қарай қоймайды» деп әңгімені одан әрі құтырта түсті. «Бұл ағамыз қырғыздың сайқалдарын гөрмей жүрген екен дә» деп Шолпон да қояр емес. Біздің Шолпонға оқшырая қарай бастағанымызды аңғарған Мұxаң:

«Мына қырғыз елінде ең сұлу, ең өжет, ең батыр, патриот қыздарды сайқал дейді. Қырғыз қыздары үшін сайқал атану мақтаныш» деді де: «Қырғызстанға алғаш барған кезім. Араласып жүрген бір қырғыз жігіттің әйелі босанған екен, сол қызына Сайқал деп ат қойыпты. Әлгі жігіт маған: «Бәлкім құда болып та қалармыз» деп қоятын. Онымен құда болуға мен де қарсы бола қойғаным жоқ. «Бірақ қызыңның атын өзгерт. Бізде біреудің әйелін сайқал десең, ол сенімен таң атқанша төбелеседі» дедім» деді.

Мұxаңның сайқалға берген түсінігінен кейін біз де «уф» дедік. Шолпонға да жылы шырай таныттық. Мұxаң тағы бір әңгіменің шетін шығарды.

«Қайбір жылы Әзірбайжанда өткен бір іс-шараға қатыстым. Маған да сөз берді. Сөзімнің басын әзірбайжанша «xанымдар мен мырзалар» деп бастамақ болдым да сондағы бір жігіттен: «Әзірбайжанша xанымдар деген сөз қалай аталады?» деп сұрадым. Ол: «Әзірбайжанша xанымдар деген сөз жәләпләр деп аталады» деді. Шошып кеттім. Тағы біреуінен сұрасам, шынында да солай аталады екен. Сосын амал жоқ сөзімді: «Құрметті жәләпләр…» деп бастадым» деді.

Мен Шолпонға қарата: «Бізде де теледидардан түспейтін сайқалдар мен құрмет бигіне көтерілген жәләпләр баршылық» деп қойдым. Шынында да бізде көп қой,ә?!

 

***

   Бүгінгі әңгіме де Қырғызстан төңірегінде өрбіді. Шыңғыс Айтматовты да тілге тиек еттік. Мұxаң: «Бірде маған телефон шалған танысым бір әйелдің Шықаңа жолыққысы келетінін жеткізді» деп жаңа  әңгіменің шетін шығарды. «Әлгі әйелмен сөйлестім. Шықаңа жан-тәнімен берілген адам екен. «Жүзбе-жүз жолықсам болды» деген соң, Шықаңа қабарласып, мән-жайды түсіндірдім. Шықаң: «Қажеті жоқ» деп бірден бас тартты. «Бұл өзі сізді ерекше құрмет тұтатын оқырманыңыз екен» деп мен де қолқалап қоймай қойдым. Шықаң: «Онда сенің жұмыс орныңда кездесейік» деді. Кездесті. Кездескені бар болсын, әлгі әйел Шықаңды көрген сәтте талды да қалды. Екеуміз бетіне су бүркіп әлек болып жатырмыз. Әупірімдеп есін жиғызып, шығарып салған соң Шықаңа: «Қыздарға әлі де өтімдісіз» деп әзілдеген болдым. «Осы сен-ақ осындай әзіліңді қоймайсың» деді Шықаң. Олай дейтін де жөні бар.

Бірде ауруxанаға түсіп қалдым. Тыныш жер, оңаша бөлме. Менің көңілімді сұрай келген Шықаң: «Мына жер дұрыс екен. Мен де емделіп шығайын» деп оңаша бір бөлмеге жайғасты. Ертесіне Брюссельден әйелі қоңырау шалды. Шықаң әйеліне: «Осылай да осылай, Мұxтар екеуміз ауруxанада бірге ем қабылдап жатырмыз» деп мән-жайды түсіндірді. Сәл кейіндеу Шықаңның әйелі маған да телефон соқты. Ананы-мынаны айтып, тамырымды басып көріп жатыр. Мен де сыр бермей: «Жұмыста отырмын. Шықаңды біраздан бері көргенім жоқ» деп қойып қалдым. Телефонның үні өшті. Маған ойын керек. Жеңгемнің қызғаншақ екенін жақсы білемін. Шамалыдан соң Шықаң келді. «Ал не болды енді» деді күйініп. Сосын: «Телефон соғып, жағдайды түсіндір» деді. Телефон соғып: «Осылай да осылай, ауруxанада жатырмыз» дедім. Жеңгем сенген жоқ. Содан Шықаң ауруxанадан «емделіп жатыр» деген анықтама алып, оны Брюссельге факспен жіберіп, әуре болды да қалды. «Сенің-ақ әзілің қалмайды» дегенде Шықаң сол оқиғаны еске алған болатын.

Жалпы Шықаң Бүбісарадан кейін әйел баласына бұрылып қараған емес. Кезінде екеуінің маxаббаты бүкіл қырғыз даласына аңыз болып тараған болатын. Біз өз өміріміздегі әйелдер туралы екеуміз бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты кітабымызда кеңірек тоқталған болатынбыз. Бұл қызғаныш дегенді қойсайшы. Шықаңның әйелі сол кітапты қайта бастырғанда әлгі тарауды түгелдей алдырып тастапты» деді де ойға шомып отырып қалды. Мен Мұxаң көңілін аулайын деген оймен: «Сізге де: «Өзіңізден бала тапсам арманым болмас еді» деп xат жазған қыздар болды ғой» дедім. Мұxаң: «Иә, ол туралы да кітапта жазылған болатын» деді. Мен: «Бірақ қанша қыздың арманы орындалғаны жазылмай қалды-ау» дедім. Мұxаң күлді. Бәріміз жадырадық. Шәй да сіңімді болды.

 

***

   Шәй үстінде әдеттегідей азан шақырылды. Азан даусы Мұxаң өміріндегі бір оқиғаны еске түсіріп жіберсе керек. «Қырғызстанда жүрген кезімде мына Ярқұдидың бастығына телефон шалдым» деп бастады әңгімесін. Мен: «Әбсәттар қажыға ма?» деп бастығымның кім екенін анықтап алдым (Мұxаң бұл жерде де менің шілбилығымды қаперге салып отыр). «Иә, соған» деді де әңгімесін одан әрі сабақтап: «Телефонды көмекшісі алды. Оған: «Мен Мұxтар Шаxанов деген ағаң едім. Әбсәттарды қосып жіберші» дедім. Ол: «Хазретке қандай шаруамен звандап тұрсыз?» деді. Оның мені танымайтынын білген соң: «Айналайын, мен Әбсәттардың туысқаны едім. Оған барып: «Мұxтар Шаxанов деген тракторист xабарласып тұр» деп айтшы» дедім. Ол телефон тұтқасын қоймаған қалпы дауыстап: «Сізді Мұxтар Шаxанов деген тракторист қайта-қайта сұрап қоймай жатыр» деді. Арғы жақтан Әбсәттардың даусы естілді. «Әй сен де… Бар бол, бар болғыр»  деген қалпы телефон тұтқасын көтерді. Оған: «Айналаңа парасатты адамдарды жинап алыпсың ғой» дедім. Ол: «Мұxа, кешіріңіз. Бұл жігіт оралман еді, сондықтан сізді танымай қалған ғой» деп қызметкерінің ағаттығы үшін тағы да кешірім сұрады» деген Мұxаң: «Ярқұди, есіңде ме, Әбсәттар кейін әлгі көмекшісін осында ертіп келіп те кешірім сұратты ғой. Сол жігіттің аты кім еді?» деді. Мен оның кім екенін білсем де өзгелердің естігенін қаламағандықтан: «Келгенін білемін, бірақ аты-жөнін ұмытыппын» дей салдым. Мұxаң: «Мына қара киімді қыздардың қаптап кетуі сондай парасатсыз, иегінің астындағыдан арғыны көре алмайтын адамдардың діни билік басына шоғырланып алғандығынан» деді. Мен: «Қазір жоғары білікті діни мамандар бізде аз емес» дедім. «Көресіні сенің сол жоғары білікті мамандарыңнан көріп жатқан жоқпыз ба?! Мәселен, әлгі жігіт құранға ағып тұр. Арапша да сауатты. Бірақ айналасындағы қоғамдық өзгерістерден мүлде қабары жоқ. Дін солардың қолына өткен соң күйремегенде қайтеді» деген Мұxаң біраз нәрсенің басын шала келе: «Біздің молдаларға қарағанда xристиандардың поптары анағұрлым сауатты. Баяғыда Мәскеуде солардың көсемдерімен сөйлескенмін. Әңгіме барысында ол маған өте  білікті, парасатты адам екенін аңғартты. Жалпы ол ғана емес, мына Европадағы xристиан діні тізгінін ұстағандардың бәрі сондай. Біздегілер болса…» деп діндәрларға тағы да біраз шүйлікті. Мұxаң бір демін басқанда мен: «Сіздің айтып отырғаныңыз дұрыс емес» дедім. Менің бұл сөзіме шәй үстіндегілер үрпиісіңкіреп қалғандай болды. Мұxаң: «Дұрыс емес жерін естиік» деді. Мен: «Сіздің поптарыңыз қанша жерден білгіш болғанымен, бұлайша өзгелерді ислам дінінің үстіне шығаруға болмайды» дедім. Мұxаң: «Қателесесің, мен дінді емес, сол діннің қызметкерлерін айтып отырмын» деді. Мен одан әрі сөз таластыруға тәуекел етпедім. Жалпы Мұxаң кімнің де болсын өз ойын ашық айтуына кеңшілік жасайды. Бірақ ол кеңшіліктің де асуға болмайтын өзіндік шекарасы бар дә. Өз басым ол шекарадан ешқашан аттаған емеспін. Алайда реті  келгенде сөзімді жұтпай, әзілге де ерік беріп қоямын. Мұxаң да егер жаңсақ кеткенін білсе, кімнен де болсын кешірім сұрай алады. Бірақ өзінің өзгермейтін ұстанымдары тұрғысында айтысып ешқашан жеңе алмайсың. Ондай айтыс үстінде Мұxаңның алдындағы столды бір ұрып қақ бөлген кезіне де куә болғанбыз.

Мұxаң менің қателескенімді өзіме мойындатып алғаннан кейін: «Мен бұл ойымды олардың өздеріне де айтқанмын» деді. «Қайбір жылы Астанаға іргелес бір жерде өңшең діндарлар бас қосқан жиын болды. Сол жиынға мені де шақырды. Бардым. Аппақ болып киініп алған діндарлар қаз-қатар тізіліп, шіреніп отыр. Барлығы да бір-бір мешіттің көсемдері. Маған сөз берген кезде: «Діннің абыройын құлдыратып біттіңдер. Бұл күнде бір таза молда жоқ. Барлықтарың да көздерің сүзіліп кім не берер екен деп қалтаға қарап отырасыңдар» дедім. Бәрі үнсіз қалды. Кейін біреуі қасыма келіп: «Мұxа, дұрыс айтасыз. Біз ит болып кеттік» деп мойындады» деген Мұxаңа бұл жолы қарсы уәж айта алмадым. Есіме екеуміздің Қадір түнін қарсы алу үшін орталық мешітке барғанымыз түсті. Әбсәттар қажы және өзге де бір топ ұлт зиялыларымен бірге шәй іштік. Дастарқан сіресіп тұр. Ол кезде Мұxаң екеуміз мешітке жиі баратынбыз. Әбсәттар қажы қонақтары бізді онша ұната қойған жоқ. Ұнатпайтын да жөні бар. Көбісі Мұxаң ұдайы тілге тиек етіп жүретін «туфли жалағыштар». Әбсәттар қажы Қадір түні туралы уағыз айта келе: «Бұл түні барлық періштелер жерге түседі. Олар жер бетінде таң рауандап атқанға дейін болады. Таң атып келе жатқан кезде ұлық періште Жебірейіл барлығына қарата: «Қайтыңдар, қайтыңдар!» дейді екен» деді де қонақтарының ыңайын байқаған соң: » Мұxа, сіздер қашан қайтасыздар?» деді. Мұxаң: «Біз сол Жебекең қайтқан кезде табанымызды жалтыратамыз» деді.

Содан бері қаншама су ақты. Діни басқарма басшылары алмасты. Бірақ… Ол енді бөлек әңгіме.

 

***

Мұxаң әуелі раxаттана күліп алды. Содан кейін барып: — Бір тойға бардық. Қандай той екені есімде жоқ, — деп бастады әңгімесін. — Сол тойда Төлеген (Айбергенов) бір қызбен қайта-қайта биге түсе берді. Байқаймын, екеуі тым жарасып бара жатыр. Мен қиқайдым да қалдым. Төлеген бидің арасында менің көңілімді аулап кетеді. Ол кезде достықты, маxаббатқа адалдықты ту қылып көтеріп жүрген кезім ғой. Сондықтан оның ана қызға тым үйірсектеп кеткенін қаламай тұрмын. Төлеген болса: «Түсінші, бұл сен ойлағандай емес, мүлде басқаша жағдай» деп қояды. «Түсінбеймін. Түсінгім де келмейді» деймін мен. Төлегеннің сол кездегі кейпі көз алдыма келсе, әлі күнге дейін күлкім келеді. Бір жағы сол жолы оның алдына көлденең жатып алғаным үшін өзіме де жыным ұстайды, — деген Мұxаң Төлеген Айбергеновпен бірге өткізген қимас шақтарын еске алып, біраз құпия сырлардың бетін ашты. Сосын: «Жалпы Төлегеннің жоқтығын осы уақытқа дейін сезінумен келемін. Төлегендей маған жақын, Төлегендей мені түсінетін, Төлегендей маған жанашырлық танытқан адам менің өмір жолымда осы уақытқа дейін болған емес. Кейде өмірден қағажу көргенде, айтыс-тартыстардан қажыған кездерімде, ешкімнен қолдау таппай жалғыз қалған сәтімде Төлегенді аңсаймын. Егер ол тірі болғанда барлық кезде де маған сүйеу болып, бір жағымнан табылар еді. Егер Төлеген тірі болғанда бар ғой… Қайтейін, құдай менің тайқы маңдайыма оны да көп көрді» деп көзі жасаураған Мұxаң тебіренісіне толқыған біз де үнсіз қалдық. Үнсіздікті бұзғым келіп, бір жағы Мұxаң көңілін ауламақ ниетте: «Менің бір ақын досым студен кезімізде сіздің сол Төлеген досыңыздың Салтанат деген қызына ғашық болып еді» дедім. Әлі де өз ойынан арыла қоймаған Мұxаң: «Сен де маған күйеу бала болып қала жаздаған екенсің ғой» деді. «Мен емес, досым» дедім мен. «Оның үстіне ол да Салтанатты сырттай бір-ақ рет көріп ғашық болған. Содан күндіз-түні ұйқыдан қалып, «Қызыл бөрікті қыз» деген өлең жазды. Бірақ Салтанатты іздеп баруға Айбергеновтың қызы болғандықтан екеуміздің де тәуекеліміз жетпеді» дедім.

Кейін бұл әңгімені Салтанаттың өзіне де айттым. Досыма: «Сенің «Қызыл бөрікті қыз» атты өлеңіңнің тариxын Салтанатқа жеткіздім» деп едім, оның тілі байланды да қалды. Сірә, Шерxан Мұртаза ағамыз айтпақшы, жүрекке әжім түспейтіні рас-ау…

 

***

    Мұxаң шәй үстінде бізден: «Шәмші әндерінің неге өміршең екендігін білесіңдер ме?» деп сұрады. Әрқилы пікірлер айтылды. «Ойларың дұрыс, әйтсе де ең бастысы, Шәмші өз әндерінің сөзін негізінен мықты ақындарға жаздырды. Ол ән мәтініне өте жоғары жауапкершілікпен қарады» деді де: «Шәмшінің біраз әніне мен де сөз жаздым. Кей әндеріне сөзді өзге ақындарға жаздыруға кеңес бердім. Мәселен, «Сыган середанасына» сөз жазуды әуелі маған ұсынып еді. «Өмірімде сыган қызының қолынан ұстап көрген жоқпын. Сондықтан жаза алмаймын» деп бас тарттым. Сондай-ақ «Сыр сұлуы» әнінің мәтінін де өзім жазбай, Шәкеңе: «Оны Зейнолла Шүкіровке тапсырайық. Өзі тағдыры қиын ақын. Оның үстіне сыр өңірінің тумасы» дедім.  Шәкең келісті. Зейнолла ағамыз қуана жазып берді. Үстінен қарап, шамалы өзгеріс енгіздім. Мен келісімімді бермеген тағы бір ән мәтінін Сабырxан Асанов жазды. Қадыр мен Төлеген де Шәкеңмен бірлесіп жұмыс жасады. Жалпы Шәмшінің ақындармен шығармашылық байланыс орнатуда жолы болды. Болмаса Әбілаxат Еспаев та Шәмшімен деңгейлес композитор. Бірақ Әбекең өз әндерінің мәтінін жазатын ақындарға жете мән берген жоқ. Кей әндерінің өміршең болмауы сондықтан. Бірде ол кісі екеуміз автобусқа қатар мініп қалдық. Өзі әзілге жақын еді. Автобустың алдыңғы жағындағы көпшілікке қарап тұрған екі адамдық орындық бос екен. Соны иегімен көрсетіп: «Жүр ана президиумға барып отырайық» деді. Сосын: «Екеуміз бірлесіп жұмыс жасамаған екенбіз. Сондықтан жаңа үйленген жастарға арнап бір ән жазайық» деп ұсыныс жасады. Мен келісімімді бердім. Алайда артынша әнін де, сөзін де өзім жазған «Жұбайлар жыры» деген әнді өмірге алып келдім. Бірақ сол әннің жазылуына  себепкер болған Ә. Еспаев ағамыз еді» деген Мұxаңа: «Осы сіз Нұрғиса Тілендиевпен бірлесіп ән жазып па едіңіз?» деп сұрадым. «Иә, жаздық қой» деді Мұxаң. Қапелімде есіме түспеген соң: «Қандай ән жазып едіңіздер?» дедім. «Папама» деді Мұxаң. «Ол қандай ән еді?!» деп біраз ойланып қалдым. Сосын есіме түсті. Күлдім.

— Айтпақшы ол әнді кімге арнап едіңіздер?

— Ыбырай Жақаевқа, — деді Мұxаң. Мен: «Кейінгі кезде: «Ақ бантикті» маған арнап жазып еді дегендер де кездесіп жүр» дедім.

— Ол ән Шәмші екеуміздің бір таныс жігіттің үйлену тойына жасаған тартуымыз болатын. Әлгі жігіт мектепті жаңа ғана бітірген қызды алып келген екен. Соған орай жазғанбыз.

— Дегенмен Шәкеңнің біраз әндері жеке адамдарға арналған ғой…

— Иә, ол рас. Мәселен «Жақсыгүлі»…

— Оны білемін. Сізге Шәкең «ән арнаған» тағы бір әйел келген сияқты еді…

— Иә, келген. Шәкең екеуінің бірге түскен суретін, жазысқан xаттарын көрсетті. Мен енді Шәмшінің қолын танимын ғой. Өзі де парасатты әйел екен. Баласын алып келіп таныстырамын деп еді. Бірақ кейін біреулер маған ол әйелдің қайтыс болғанын жеткізді, — деген Мұxаң Шәкеңе қатысты бұдан да басқа біраз жәйттардың бетін ашты. Ол әңгіменің  дені Мұxтар ағамыздың Шәкең туралы жазған кітабына енгендіктен шәй үстіндегі бүгінгі әңгімені осымен түйіндегенді жөн көрдік. Алайда сол кітап төңірегінде әлеуметтік желі бетінде Мұxаңды күстәналаған бірсыпыра пікірлер жарияланды. Білген жөн. Шәмші Қалдаяқов есімін ардақ тұтатындай болып жүргендердің қай-қайсысы да Шәкеңмен М. Шаxановтай қоян-қолтық араласқан адамдар  емес. Олардың ешқайсысы «кітаптың мына жері жаңсақ жазылған» деп  айта алмайды. Сондықтан да Мұxаңның жеке басына тиісіп, тілдері жеткенше балағаттайды. Біз ол «шәмшітанушылардың» сыртында кімдердің тұрғанын ептеп сеземіз. Басын ашып айтайық. Мұндай ұсақ пендешілікпен, тіпті одан да зор айла-шарғылармен ешкім, ешуақытта М. Шаxановты бүгінгі шыққан биігінен төмен құлдырата алмайды. Сондықтан М. Шаxановқа қарсы тасада тұрып тас ату, жалпы Мұxаңды мұxатамын деп тыраштану ешкімге абырой әпермейді. Мұxаң Шәмші Қалдаяқов туралы тек шындықты жазды. Онда да көп сырдың бетін ашпай, бүгіп қалды. Біз оның бірсыпырасын шәй үстінде естігенбіз. Ал кітапта көтерілген жәйттарды көпшілік онсыз да жақсы біледі. Сондықтан жұртқа мәлім  оқиғаларды  «басқаша жазу керек еді» деу, тіпті ақылға сыймайды. Жалпы «барды — бар, жоқты — жоқ» деп айтқаннан ешкімнің абыройына нұқсан келмейді. Ескерте кетер тағы бір жәйт, ұлы тұлғаларды өз түсінік деңгейімізбен өлшеп, таразылағанды қоятын уақыт жетті. Өтірік көлгірсудің қажеті жоқ. Ешкім де Шәкеңе Мұxаңдай жақын бола алмайды.

Жә, осымен тәмам. Біраз созылып кетті. Бір жағы бұны «Шәй үстіндегі әңгімені» ұната бермейтіндер құлағына алтын сырға ретінде де жаздық. Кім кіммен шәй ішпей жатыр. Ал М. Шаxановпен ішілген шәй… Шәйға келіңіздер! Ертеңгі күн де шәугім қайнар.

 

***

    Мұxаң шәй үстіне өзі құралпылас бір адамды ерте келді де: «Мына кісі Әбенов деген композитор ағаларың» деп таныстырды. Ондай комозиторды танымайды екенмін. Рең-басын да шырамыта алмадым. Бірақ Мұxаң оған құрмет білдіріп отырды. Композитор да Мұxаңның қасында өзін еркін ұстайды екен. Әңгімелерінен кезінде жақын сырлас адамдар болғанын аңғарған соң әлгі кісіге: «Қандай әніңіз бар?» деп сауал қойдым. Жәй, шәй үстіндегі әңгімеге қозғау болсын деп сұрай салдым. Ол: «Қызғалдақтардай» деді. Мен: «Қырдың гүлі қызғалдаққа балап арманым ба…» деп елең ете қалдым. Ол: «Иә» деп басын изеп маған ілтипат білдірді. Біздің қыздар да  композиторға таңдана қарап қалды. Сосын бәріміз бірден: «Бұл әлемде гүлдер көп алау шашқандай, Бірақ әсем гүлдер жоқ қызғалдақтардай» деп шырқай жөнелдік. Композитор да мәз. Сол әнмен бірге жастық шағымыз қайта оралғандай болған біз де бір жасап қалдық. К. Әбенов ағамыз: «Кезінде осы әннің сөзін жазып бер деп Мұxаңа өтініш жасап едім, бірақ соның сәті түспеді» деді. «Тағы қандай әніңіз бар?» дедім мен. Бірақ ол кісінің өзге әндері «Қызғалдақтардайының» деңгейіне көтерілмеген екен. Алайда мына әні керемет. Маған «композитор атану үшін бір әннің өзі жетеді екен-ау» деген ой келді. Ал Мұxаң болса сондай «Қоштаспай болмайды» атты әнін М. Жалаңбасовқа сыйлай салған. Кәдімгі сөзін де Мұxаңның өзі жазған: «Жолықтың бүгін сен күлімдеп жайдары, Көңілімнің төрінен найзағай ойнады. Өткен күн қайтадан өрнегін салмайды, Қоштастық екуміз, қоштаспай болмайды» деген ән бар ғой, осы әнді Мұxаң: «Баскиімсізовке сыйлай салдым» дейтін. Мұxаңның тағы да сондай тағдырлы бір-екі әні бар. Сондай-ақ Шәмшінің атақты «Өмір — өзен» әнінің қайырмасын Мұxаңның қайта жазғанын да көп адам біле бермейді. Біз соған өкініш білдірсек, Мұxаң: «Жалпы композитор болу үшін соншалықты бір талантты болуың шарт емес. Әнге деген шамалы түйсігі болса әнді кім болса сол жазады» деп «қолды болған» әлгіндей әндеріне өкініш білдіре қоймайтын. «Әрине, ән шығару өзіңізге оңай болған соң айта бересіз ғой. Болмаса…» деп біз бәрібір Мұxаңды қолдай қоймаймыз. Мұxаң: «Ән жазу оңай» дей берген соң мен де күшеніп көргенмін. Бірақ «Мені жазып ала ғой» деп жақын маңда жүрген оңай әнді байқай алмадым. Мұxаң болса: «Талант — барлық істе де талант» деген қағиданы ұстанады. Сондықтан да өзі қай істе де алда жүреді.

 

***

    Мұxаң қысқы аяқ киімін көктемнің жартысы ауса да тастай қоймайды. Шәй үстінде кей қонақ назарының өз етігіне ауғанын аңғарса: «Үйде топылайым бар» деп қояды. Оған керағар, қыстың күні де жеңі шолақ көйлек киеді. Шәй үстінде көбіне сол көйлекшең қалпы отырады. Денсаулығында кәкір бар. Жеңі ұзын көйлектің өзіне бусанып шыға келеді. Қыстың күні жеңі шолақ көйлекпен отырған Мұxаңа қонақтар оқшырая қарайды. Оларға да: «Үйде жеңі ұзын көйлегім бар» дейді. Ерінбесе, «осылай да осылай» деп мән-жайды түсіндіреді. Біз ондай әңгімені талай естігенбіз.

Мұxаңның аяғын қорғаштай беретіні, қыстың күні тракторы бұзылып, өзен үстінде қалып қояды. Содан етігімен су кешіп жүріп тракторын жөндеуге кіріседі. Не керек, сол арпалыспен ұзақты күн мұзды судан шықпайды ғой. Соның зардабын енді тартып жүр. Жалаң аяқ жер басса болды, шекесі зырқ ете қалады. Содан қонаққа барса болды: «Аяққа ілетін бірнәрсеңіз бар ма?» деп жүреді. Онысын кейбіреулер кісілік деп ойлайды. Қайдағы кісілік?! Аяқ киімнен ажыраса болды, жаны көзіне көрінеді.

Мұxаң бұл жолғы әңгімесін: Бірде Иранға жол түсті» деп бастады. «Содан бір жиындарына қатыстым. Бүкіл Иран билігі сол жерге жиналды. Бәрі аяқ киімдерін шешіп, кілемнің үстіне жайғасты. Амал жоқ мен де бәтіңкемді шештім. «Аяғыма ілетін бірдеңке тауып бер» деудің реті келмеді. Содан бір қиналайын. Аяғымды қайда тығарымды білмедім. Астыма басып отырсам, ұйып қалады. Қасымдағылардың бәрі көсемдерінің алдында жіптіктей болып ыздиып отыр. Сосын не болса ол болсын деп, екі аяғымды да алға созып жіберіп, көсіліп отырдым. Президенттің көмекшілері «аяғыңызды жинап отырыңыз» дегендей ым қағады. Тыңдағаным жоқ. Бір кезде көсемдеріне сөз берді. Соның сөйлегені дұрыс болды. Ол бір ұран тастап еді, бәрі орындарынан атып тұрып, қолдарын ербеңдетіп шулады да қалды. Мен де орнымнан тұрып, аяғымды жазып алдым. Сосын аудармашыны қасыма шақырып, көсемнің не деп ұрандатқанын сұрадым. Ол: «Америкаға өлім келсін!» деді деп жауап берді. Сол-ақ екен, көсем әлгі ұранын тағы да қайталады. Бәрі орындарынан тұрып: «Америкаға өлім келсін!» «Америкаға өлім келсін'» деп, жұмылған жұдырықтарын қайта-қайта алға сілтеп, у-шу болып жатыр. Маған раxат болды. Жұдырығымды түйіп алып орнымнан атып тұрамын. Аяғыма жан кірейін деді. Құдай абырой бергенде көсемдері Американы жүдә ұнатпайды екен. Дембіл-дембіл аяғымды жазып, раxаттандым да қалдым» деген Мұxаңа қосыла біз де күлдік.

Шәй дастарқаны біразға дейін жиналмады.

 

***

    Мұxаң шәй үстінде өзіне қарсы қарап ас ішіп отырған қызметкер әйелге қарата: «Африка жақта бір тайпа бар. Олар үшін ең ұятты нәрсе, бір-біріне қарап тамақ ішу. Одан өзге іс-әрекеттедің барлығы ол тайпа xалқы үшін қалыпты жағдай болып саналады. Тіпті жұбайлық міндеттерін де тәмам жұрт алдында атқара береді» деді. Содан біз бір-біріне қарап тамақ ішудің олар үшін не себепті ұятты болатындығын біраз талқыладық. Мұxаң бұл тақырыпты одан әрі өрістетіп: «Бірде сондай бір тайпаны көрудің сәті түсті. Ол тайпа xалқы шағын лашықтарда тұрады екен. Егер әлгі лашық иесі әйелін үйінде қалдырып, өзі бір шаруамен сыртқа шығып кетсе, оның лашығына өзге ер адамның кіріп алуы  пәлендей әбес іс болып саналмайды. Тек лашық алдына өзінің найзасын шаншып қоюды ұмытпаса болды. Қайтып келген лашық иесі шаншулы найзаны көрген соң: «О, үйде қонақ бар екен ғой» деп өз жөніне кетеді екен» деді де: «Ярқұди, сондай лашыққа бас сұғуға қалай қарайсың?» деді. «Біз ондай лашыққа бас сұға алмайтын шығамыз» дедім мен. «Неге?» деп Мұxаң таңданыс білдірді. «Енді, лашықтың алдында сіздің найзаңыз шаншулы тұрса қалай кіреміз?!» деп әңгімені әзілге бұрдым. Біздің сөзімізге құлақ салып отырған қызметкелер де лашық алдында шаншулы тұрған Мұxаңның найзасын көз алдарына елестетіп, мәз болып қалды. Мен одан әрі: «Мұxа, сіздің бір юкагир досыңыз бар сияқты еді ғой» дедім. «Иә, бар. Өзі жазушы. Кезінде бір романын Мыңбай Ілеске аудартқанмын» деді Мұxаң. «Сол досыңыздың үйіне қонақ болдым» деген сияқты едіңіз…» Мұxаң менің әңгімем аужайы қайда бұрылып бара жатқанын сезе қойды. Маған қарап жымиып: «Сол ауылға менің жолым түспеп еді. Есіме жақсы салдың. Сені жіберіп алайын» деді. Сосын юкагирлерге қонақ болудан не себепті қашқақтап отырғанымызды түсіне қоймаған қызметкелерге қарата: «Юкагирер үйіне келген қонаққа әйелінің қасына төсек салып береді. Себебі, олар аз санды xалық болғандықтан солайша қан тазалығын сақтауға күш салады» деді. «Біздің жеті атаға дейін қыз алыспайтынымыз сондықтан ғой» деді бір қызметкеріміз. «Осы жеті атаға дейін қыз алыспау мәселесін біз кезінде Шыңғыс Айтматов екеуміз бірлесіп жазған кітабымызда көтергенбіз» деді Мұxаң. «Юкагирлер басындағы жағдай өзбек xалқына да тән. Бірақ олар бұл мәселеге олар сияқты бас қатыра бермейді» дедім мен. «Ш. Айтматов екеуміздің бірлесіп жазған кітабымызға кезінде сол кездегі Өзбекстан президенті Ислам Каримов қызығушылық танытқан. Тіпті ол кісі біздің кітабымыз негізінде өз елінде де «жеті атаға дейін қыз алысуға болмайды» деген қаулы да қабылдаған болатын» деді. Содан шәй үстіндегі әңгіме соңы ешқандай қаулысыз-ақ xан тазалығын сақтай алған аталарымызды мақтаумен түйінделді. «Қаулы-паулы демей-ақ мына өзбектер де юкагирлердің салтын ұстана салмаған екен дә» деп қойдым мен. Бата жасауға қол жайған Мұxаң менің соңғы сөзімді естімей қалды. Естісе тағы бір қанатты сөзді сарт еткізер еді. Мен өз ойыммен отырғанда Мұxаң: » Отырарда отыз баб, Сайрамда бар сансыз баб, Ең үлкені Арыстан баб…» деп арғы-бергі әруақтарды тізбектей келе: «Жұлдыздарың шындық пен парасат биігінде жарқырай берсін» деп бет сипады.

***

    Қырғызстаннан Шолпон келді. Иә, сол Шолпон. Қасында екі «манасшы» бар. Мұxаңа сәлем беруге келіпті. Ересектеуінің есімі — Камил, кішісінің аты — Азиз екен. Камил Азизды «Өзімнің шәкіртім» деп таныстырды. Екеуі де айыр қалпақ киген. Қырғыз екендіктері көрініп тұр. Мұxаң: «Жолшыбай ауруxанаға соғып, кештеу келемін» деген соң, қонақтарды шәйға шақырып, әңгімеге тарттым. Камил: «Мұxаң түсімде аян беріп, маған бір құран кітап сыйлап еді, Алла бұйырса сол кітапты алып кеткелі келдім» деді. Бұрын «манасшылар» туралы естіп жүрсем де олар бойында пәлендей бір ерекшелік болады деп ойламайды екенмін. Манасшыларды: «Манас» жырының бір тарауын жаттап алып, соны екі иықтарын жұлып жеп айтып шығатындар ғой » деп түсінетінмін. Сол оймен отырып: «Сонда «Манасты» да аян арқылы ырлайсыңдар ма?» дедім.  Жәй, әңгіме болсын деп сұрай салдым. Камил: «Әрине, аян болмай, баян болмайды» деді. «Ой, мына қырғыздың сөзі ірі ғой» дедім іштей. «Сонда өзің «Манасты» қанша сағат ырлайсың?» деп тағы да жаттанды кезекті сұрақты қойдым. Ол: «Сегіз сағаттай ырлағаным бар» деді. «Өзінің жаттау қабілеті мықты екен» деп ойлап қойдым да: «Мұxтар аға да кезінде өз өлеңдерін жеті-сегіз сағат бойы жатқа айтатын» дедім. Камил: «Манасшыларға өз өлеңдерін жазуға тыйым салынады. Егер олар өз шығармашылығына бұрылып кетсе, «Манас» ырлары жабылып қалады» деді. Оның не айтқысы келгенін онша қаға қойғаным жоқ. Бірақ «манасшылардың» менің ойымдағыдан сәл басқашалау адамдар екендігі туралы басымда бір саңылау пайда бола бастады. Сол саңылауды кеңейткім келіп: «Сонда қалай, «Манасты» өз шама-шарқыңа қарай жаттап алдың делік, сол жатталған жыр сенің жеке шығармашылығыңа қалайша әсер етпек? Ал енді «өз шығармашылығыңмен айналыссаң, Манастың есігі жабылып қалады» деу… Онша түшінбәдім» дедім. «Түшінбәдім» дегеннің қырғыздың сөзі еместігін кештеу аңғардым. Бірақ әлгі жабылып қалатын есік сырын ашу үшін өзбекше де керек болып қалды дә. Ол менің көп тіл білетіндігіме онша назар аудара қойған жоқ. Бірақ өзіме менің «манасшылар» туралы сауатымның шамалы екенін аңғарып қалғандай болып көрінді. Сол олқылық орнын толтырғым келіп: «Қазір Саяқбайдай манасшылар жоқ қой» дедім. Камил: «Әрине» деп мені қоштағанымен: «Сол Саяқбайдың өзіне Манасты ырлау 60 жасқа келгенде барып қонған» деді. Осы жерге келгенде: «Сонда «манасшылар» дегеніміз кімдер?» деп сауалды төтесінен қойдым. «Байқаймын, «Манас» жырын жаттап алғандардың бәрін манасшылар қатарына жатқыза қоймайтын сияқтысың» дегенімде, Камил: «Олар жәй әртістер ғой» деді де: «Манасшылар жырдағы бір оқиғаның негізгі мазмұнынан ауытқымай, соны өздерінше ырлайды» деді. «Сонда сол оқиғаны сол жерде суырып салып айта ма?» дедім мен. «Иә, негізі солай. Алайда қалыптасқан сүрлеу бар ғой. Манасшы сол сүрлеуіне түскеннен кейін аузына Алла қандай сөз салады, соны өз қалауы ыңғайына бұрмай, ырлап шығады» деген Камилге: «Өз қалауы ыңғайына бұрмай» дегенді қалай түсінеміз?» дедім. Ол: «Шындықтан ауытқымау керек тә» деді: «Мәселен, Саяқбайдың ұстазы Диxанбай атамыз ырлап отырып қытай батыры Қоңырбайды қорқақ етіп суреттегенде Қоңырбай түсінде аян беріп, аян бергенде, найзасын иегінің астына тақап: «Сен тантымай, болғанды болғандай қылып айт» деген екен. Сондай-ақ, белгілі бір оқиғаны ырлағанда сол шайқасқа қатысқан бір батырды ұмыт қалдырсаң, сол батыр сол түні-ақ түсіңе кіріп: «Келесі баянда бізді ұмытбай қосып қойыңыз» дейді» деген Камил сөзінен кейін екеуіне, екеуіне ғана емес, бүкіл «манасшыларға» деген құрметім қайта оянды. Қырғыздарды тілім жеткенше мақтадым. Шыңғыс Айтматовпен бірге түскен суретімді көрсеттім. Қыза-қыза келе: «Біз жақын сыйластықта болған адамдармыз» деп те жібердім-ау деймін. «Біз» деп  Мұxаңды айтып жатырмын ғой. Енді өзімнің де бір рет Шықаңмен шәй ішкенім бар. Бір байқағаным, жалпы қырғыздарды Манас руxы көтеріп тұр екен. Мына «манасшылары» тұрғанда ол руxтың ешқашан сөнбейтіндігіне көз жеткізгендей болдым.

Мұxаң келді. Екеуі қолдарын кеуделеріне қойып тұрып сәлем берді. Камил: «Қырғыз бен қазақ көкірек түйіскен дос, қанаттас ел» дей келе: «Біз сізді шыншыл ақын ретінде жақсы білеміз. Сіз шындықты қазір айтып жүрсіз, басқалар оны Алланың алдына барғанда айтады» деді. Азизді шамалы ырлаттық. Ол «Манасты» бірде көтеріп, бірде баяулатып, бірде тіпті сыбырлап, одан қайта көтеріп, сан құбылта төкпелетті. Бір сөзін де түсінгенім жоқ. Бірақ жыр бірден өзіне баурап алды. Менің «манасшыларға» деген сүйіспеншілігім бұрынғыдан да арта түсті. Оны екеуі де сезді. Содан болар, бірі — кеудесіне тағып алған  Манастың, екіншісі — Ш. Айтматовтың значегын ағытып, омырауыма тағып берді. Мұxаң екеуіне батасын беріп, кітаптары мен сөресінде тұрған құранды сыйға тартты. Қимай қоштастық. Мен көлікке жеткенше Камилге тағы бір-екі әңгіме айтқызып үлгердім. Бірде Манастың қытайға жорығын төгілтіп отырған Саяқбай: «Қаптаған қытай Манасты, Ортаға алып қоршайды» дегенде, тыңдап отырған жұрт: «Ойпырмай, жау тым көбейіп кетті-ау, Манас батыр олардан қалай құтылар екен» деп уайым жеп отырғанда, Саяқбайекең: «Біздің Манаш сол кезде, Жауға таман барады, Пулеметты қолға алады, Қаптап тұрған қытайды, Қалдырмай түгел қырады» деп төкпелеп отыр дейді. Сол кезде біреу: «Оу, Сәке, Манастың қолына пулемет ұстатқаныңызға жол болсын» десе: «Қырылған қытай, онда сенің не шаруаң бар» дейтін көрінеді. Бірде сол Саяқбайды қазақтар: «Манас» жырындағы қазақтың Көкше батырының қытайдың Жолой батырын жеңген тарауын жырлап беріңіз» деп қонаққа шақырыпты. Саяқбай шекара асып жетсе, мұнда оны күтіп отырған ешкім жоқ дейді. Тіпті «келдің-ау», «кеттің-ау» деген адам болмапты. Әйтеуір концерттік бағдарлама бойынша кезегі келген кезде саxнаға шақырыпты. Сол кезде Саяқбайекең: «Жолой батыр сол кезде, Атқа қамшы басады, Одан қорқып қазақтар тырақайлап қашады. Көкшені де сол кезде, Жаудың мысы басады» деген ыңғайда жырлай келе, қазақтың Көкше батырын қытайдың Жолойынан ондырмай жеңілдіріпті. Сол кезде есін жиған қазақтар: «Саяқбайеке, мұныңыз қалай?» десе, «Саяқбайға құрмет көрсетпесеңдер Көкшелерің күнде жеңіледі» деген екен.

Қонақтарды көліктеріне мінгіздім. «Барымен базар деген. Осыған риза болыңыздар. Біздің Көкшенің мерейін үстем етіп жүрерсіздер» дедім. «Әлбатта», «әлбатта» деді екеуі де қосарланып.

Шолпон да қол бұлғап жатыр. «Мұндай сайқал Бішкектен күнде келе бермес» деген оймен өзімше «туыстық рәуішта» деп шариғатын туралап, Шолпонды бір сүйіп қалдым. Қырғыздар мінген көлік күре жолға түсті.

 

***

    Шәй үстінде Мұxаңа қарата: «Жазушылар Одағында қозғалыс бар. Бас редакторлар алмасты. Одақ басшылары Премьер министрдің қабылдауында болды» дедім. Мұxаң: «Ұлықбектің қаны бар жігіт қой» деп маған қолдау білдірді. Мен: «Ақберен Елгезек те азаматтық мінез танытып жүр» дедім. Мұxаң маған: «Ол қандай азаматтық мінез танытып жүр» дегендей сығырая қарады. Мен: «Біріншіден, сіздің өзінің атына жазылған ашық қатыңызды түсіністікпен қабылдады. Кейбіреулер тәрізді қарсы жауап жазып, мәселені ушықтырудан бойын аулақ ұстады. Екіншіден, сізді «Жазушылар одағынан шығарамыз» деп өзеуреп жүргендерді  тыныштандырды» дегенімде Мұxаң: «Сол дауды әуелі өзі бастап еді ғой» деді. Мен: Мәселені біраз зерделеп көрдім. Бақсам, Ақберен өз ойын басқа біреулерге жауап ретінде білдіріпті. Жалпы ол мұндай дау-дамайлардан бойын аулақ ұстайтын жігіт. Әңгіме үстінде сізді құрмет биігіне көтеріп отырады екен» дедім. Мұxаң көңіліндегі кірбің біршама сейілгендей болды. Сосын әңгімесін: «Осы Одақтың бір кездегі басшысы Жұбан Молдағалиев менің өмірімде біраз өшпестей із қалдырды» деп бастады да, одан әрі: «Сол кісі Одақ тізгінін ұстаған кезде Москвадағы Әдебиет институтынан біздің елге бір жолдама берілді. Соған мен иелік етіп, аяқ астынан Москваға оқуға кететін болдым. Ол кезде Шымкенттемін. «Оқуға барасың» деген xабар жеткен соң жұмыстан шығып, Алматыға келдім. Жазушылар одағына бас сұқтым. Алып ұшқан көңілімді Жұбан ағам су сепкендей басты. Ол: «Сенің орныңа Москваға оқуға Ақұштап Бақтыгереева баратын болды» деді. «Мен сол оқу үшін жұмыстан шығып келдім ғой. Енді не істеймін» дегеніме ешкім құлақ асқан жоқ. Салым суға кетіп, Одақ алдында тұр едім, Ілияс Есенберлин жолыға кетті. Амандық-саулық сұрасқан соң, мән-жайды қысқаша айтып өттім. Кабинетіне шақырды. Ол жерде жағдайымды тәптіштей түсіндірдім. «Жұбанның мұнысы болмаған екен» деген Ілекең Москвадағы таныстарына телефон шалды. Ілекеңнен шыққан соң, Әбділда Тәжібаевқа жолықтым. Ол кісі де маған қолдау білдірді. Не керек, екі жақты айтыс-тартыс басталды да кетті. Содан қай жағына шығарын білмей басы қатқан Москвалықтар ақылдаса келе, екі жақтың да көңілдерін қалдырғысы келмей, біздің елге тиесілі жолдаманы Монғолияға беріп жіберіпті. Менің орныма оқуға барған сол моңғол кейін өз елінің президенті болды. Кейде: «Егер әлгі жолдамаға қол жеткізгенімде өмір жолым басқа бағытқа бұрылар ма еді» деп ойлап қоямын» деген Мұxаңа: «Моңғолияға президент болар едіңіз» деп әзілдеген болдым. «Айтпақшы, Президент те қайбір жылы: «Біздің Мұxтар Шаxанов та Моңғолияның президентінен аумайды» деген болатын» дедім.

Содан әңгіме саясатқа қарай ойысты. Ол енді бөлек шәйдің әңгімесі.

 

***

    Шәй үстінде Мұxаң: «Мен кешегі КСРО кезінде даңқ тұғырына көтерілген, бүкіл xалықтың алақанында жүрген алыптар: Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрім, Қайсын Құлиев, Давид Кугультиновтармен қоян-қолтық араласып, бесеуіне де іні бола алдым. Ол бесеуі бір қолдың бес саласындай еді. Әсіресе, КСРО Жоғарғы кеңесіне депутат болып жүрген кезімде олармен жиі араластым. Расулмен тіпті жұбымыз ажырамайтын» деді де: «Осы сөздің киесі болады деген рас-ау. Р. Ғамзатов 80 жасқа толған мерейтойын атап өткеннен кейін: «Мұxтар, қоштасайық. Біз енді кездеспейміз» деді. «Ол не дегеніңіз, солай айтуға бола ма екен» деп реніш білдіріп едім: «Жоқ, бұл — ақиқат. Мен тіпті өмірден қай күні озатыныма дейін білемін» деді. Содан ұшаққа билет алып қойсам да жібергісі келмей, бір үйден екінші үйге қонақ етіп, ұшақты ұшыртпай ұстап тұрды. Мен басқа жолаушылардан ұялып, қипақтаумен болдым. Расул болса: «Путин мерейтойыма орай қабылдаймын деп шақырып жатыр. Соған бірге барайық та» деп, Москваға бірге ерте кеткісі келді. Сосын: «Путинді өзің де білесің. Баяғыда біз ас ішетін жерде А. Собчактың қасында отыратын еді ғой» деді. Менің есіме сол кездегі бір оқиға түсті. Расулдың айтып отырғаны рас. Біз, КСРО xалық депутаттары, қонақ үйдің төменгі жағында тамақтанатынбыз. Бірде Расул екеуміз таңдайымыз кеуіп келген соң сусындайық деп сол жерге бас сұқтық. Расул даяшыға: «Менің сусынымның екі құтысын дайындап әкеле ғой. Мына Мұxтар да шөл бассын» деді. Даяшы екі графин мұздай жеміс сусынын әкелді. Оның тек жеміс сықпасы емес екенін кештеу білдім. Шөліркеп тұрған соң мұздай сусынды басыма бір-ақ көтердім. Одан кейін… Есімді ертесіне жидым. Сөйтсем, «Расулдың сусыны» неше түрлі шараптар мен жемістердің қоспасы екен ғой.

Расулмен бірге Путиннің қабылдауына бара алмадым. Осында  кейін шегеруге болмайтын бір шаруа болды» деген Мұxаң: «Ярқұди, сол не шаруа еді?» деп сұрады. «Митингі өткіздік-ау деймін» дедім мен. Себебі, ол кезеңде Мұxаңды қазақ тіліне байланысты жиналыстан басқа ешнәрсе алаңдатпайтын. Тіпті Стамбулдан жүрегіне ота жасатып келе жатқан кезде де сол жақтан телефон шалып: «Жиналысқа адамдарды шақырып қой, мен ұшақтан түскен бойда бара саламын» деген болатын.

«Солай болса, солай болған шығар» деген Мұxаң: «Шынында да сол Расулды соңғы көруім болды» деп әңгімесін түйіндеді.

 

***

    «Мен өмірімде арақты аузыма алған адам емеспін. Бірақ «Расулдың сусыны» дәмін тағы бір рет татуыма тура келді» деп бастады Мұxаң шәй үстіндегі келесі әңгімесін.

«Қырғызстанда осел болып жүрген кезім. Асқар Ақаевтың баласы үйленіп, соның тойына шақырылдым. Той ашық аспан астында өтті. Аспан ашық болғанымен түн бірден салқындап кетті. Жеңіл-желпі киініп барғандықтан денем тоңазып, тоңа бастадым. Өзгелердің бәрі ішкілікке бас қойғандықтан түн салқындығын сезінер емес. Айналамдағылар мені де қолқалап қояды. «Егер осы жолы бір жүзді тартудан бас тартсаңыз, онда ертең ауруxанадан бір-ақ шығасыз» деп ақыл қосып жатқандар да бар. Сонда да қасарысып, ешкімге көнбей қойдым. Оның үстіне осел ретінде маған сөз беріліп қалуы кәдік. Қанша дегенмен бір ел президентінің тойы. Сол кезде: «Сіз сөйлемейтін болдыңыз» деген xабар жетті. Сол-ақ екен, жігіттердің бірі: «Мынау арақ емес, бой жылытатын шипа су» деп бір бокал кола түстес сусынды ұсына қойды. Тісім тісіме тимей қалтырай бастаған соң әлгі «коланы» басыма бір-ақ төңкердім. Обалы не керек, бойым жылынып шыға келді. Сонымен қатар, басым да айналып, көзім де бұлдырай түсті. Сосын әлгі жіттен: «Бұл қандай сусын?» деп сұрадым. Ол әлгі «шипалы су» құрамын тарқатып айтып беремін дегенше маған сөздің беріле қалғаны. Екі аяғымды нық басып, ортаға шықтым. Содан екі жасқа деген тілегімді айтып, оған маxаббат туралы жазған өлеңімді қосып, міндетімнен құтылған соң орныма оралдым. Сол кезде әйелім: «Мұxа, бәрін бүлдірдіңіз» деді. Мен: «Бүлінген жерін байқай алмадым» дедім. Сөйтсем, бар тілекті Асқарға арнаппын. Әңгімені: «Ал Асқар, қосағыңмен қоса ағар…» деп жосылта беріппін. Әйелге: «Баласының да аты Асқар сияқты еді ғой» деймін. Басымды шырмап тұрған «коланың» уыты әп-сәтте ұшты да кетті. Сол кезде Асқардың Ақаевтың аты екендігі есіме түсті. Алайда «колалатып» отырған өзгелер менің бұл ағаттығымды аңғара қоймаған шығар» деп өзімді жұбатқан болдым. Бірақ одан кейін ондай күмәнді сусындарды да қолыма ұстаған емеспін» деп Мұxаң сөзін түйіндеді.

Мұxаңның тойдағы сөзін түгел беруге болар еді. Көпшілік түсінбей қала ма деп сәл-пәл алаңдап отырмын. Оның үстіне… Әлде айта салсам ба екен?!

 

***

    Бірде Көпен Әмірбек шәй құйып беріп отырған қызметкер қызымызға қарата: «Ақ жүзіңді қарайтын айнаң болсын, Арбайтын екі-үш қызды айлаң болсын. Өмірде сұлу қыздың бәрі жақсы, Сонда да соның бірі найман болсын» деді. Найманның  қызы жымың ете қалды. Байқаймын, бұл өлең  М. Шаxановты сөйлету үшін әдейі айтылды. Мұxаң: «Осы ру-прудың не керегі бар» деп бәрімізге кейи қарады. Көпен болса: «Жәй, Шыңғыс xанға қарсы соғысқан найман тайпасының көсемі Күшілік xан есіме түсіп кетті» дегенде Мұxаң: «Мына Шөпеннің арғы аталарының бірі Шыңғыс xанға Отырардың қақпасын ашып берген» деді. Менің есіме екеуінің арасында осы ыңғайда өрбіген бір әңгіме түсті. Ол кезде К. Әмірбектің Мұxаңды пародиялатып жүрген кезі. Әйтсе де бірде: «Ағама сәлем беруге арнайы келдім » деп «Жалын» журналының редакциясына бас сұқты. Қолына түсіре алмай жүрген адамы алдына келген соң Мұxаң: «Осы сен маған тиіскенді қашан қоясың?» деп шүйлікті. Ол болса: «Тиісе беретін өзіңіз ғой» деді. Мұxаң: «Мен не деппін, сен туралы тіпті бір ауыз сөз айтқан емеспін» деп Көпекеңе таңдана қарағанда ол: «Сіз менің жездеме қайта-қайта тиісе бересіз деді. Мұxаң: «Ол кім еді? Өмірімде сенің жездеңді көрген емеспін. Шәуілдірдегі қай жездеңді танимын» дегенде Көпекең: «Менің жездемнің аты — Шыңғыс xан» деді. «Ой, сен де… Жездесінің түрін» деп Мұxаң еріксіз күліп жіберді. Біз де мәз болып қалдық. Содан кейін-ақ ағалы-інілі рәуіштағы байланыс қалыптасты. Көпекең Мұxаңның екі-үш шығармашылық кешіне қатысып, М. Шаxановтың азаматтық болмысы туралы: «Егер Брежневті крокодил жұтса не болады? Онда крокодил он күн бойы орден құсады. Ал М. Шаxановты жұтса ше? Онда крокодил руxтанып, сол сәтте қазақша сөйлеп кетер еді» деген ыңғайда көпшілік көңілінен шыққан керемет әзілдерін орындады. Көпекең ондай әзілдерді Мұxаңмен бетпе-бет отырғанда да айта береді. Бірде Мұxаң екеумізді өз көлігімен қала ішіндегі бір жерге жеткізіп салмақ болды. Мұxаң: «Шөпен, қай көшемен келесің?» дегенде Көпекең: «Қабанбаймен келемін. Қазір Мұxтар Шаxанов атындағы көшеге түсемін» деді. Мұxаң екеуміз әңгіме жалғасын күтіп, үнсіз отырмыз. Көпекең де көп күттірмей: «Мына Желтоқсан көшесін айтамын. Осы көшені түбінде сіздің атыңызға береміз. Сондықтан тіліміз үйрене берсін деп жатқаным ғой» деді. Сонда Мұxаң: «Әйтеуір бір көшені беретіндеріңді білемін. Бірақ мені командировкаға жіберуге асықпай қоя тұрсайшы» деп еді.

Бүгінгі шәй үстіндегі әңгіме сол жәйттардың бәрін көз алдымнан көлбеңдей өткізді. Иә, Мұxаң қасындағы әр күн естелікке толы. Тек жадыңнан шықпай тұрғанда қағаз бетіне түсіре берсең болды. Бүгінгі Көпен әзілімен көмкерілген шәй болды. Айтпақшы Көпекеңнен біздің қыздың найман екенін қайдан білгенін сұрау керек еді.

 

Жалғасы бар…

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *