ОТЫЗ ЖЫЛДЫҚ ҒҰМЫР ОТЫЗ ЖЫЛДЫҚ ҒҰМЫР
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ, Жазушы, драматург, аудармашы. Оқырман қауымға прозалық және драмалық шығармалары жетпісінші жылдардың ортасынан бері таныс. Ондаған прозалық шығармалар жинағының авторы. Қазақстан комсомолы сыйлығының... ОТЫЗ ЖЫЛДЫҚ ҒҰМЫР

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ,

Жазушы, драматург, аудармашы. Оқырман қауымға прозалық және драмалық шығармалары жетпісінші жылдардың ортасынан бері таныс. Ондаған прозалық шығармалар жинағының авторы. Қазақстан комсомолы сыйлығының (1980), ВЦСПС пен КСРО Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты. «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған.

 

 

Қазақтар орыстарды үш ғасыр, орыстар қазақтарды төрт ғасыр билеп келеді. Кезінде Қазақ даласын зар заман астан-кестенін шығарған. Зар заманның зарлы ақындары ол туралы зарлап берді ғой. Ол заманды қалай ұмытарсың, ол заман ұмытылмайды. Орыстан көрген қорлыққа өз иттігіміз де қосылғанын несін жасырамыз?..

Сондай да замандар өткен басымыздан. Не өтпеді дейсің, бұл Дешті-Қыпшақ даласында…

Қайран да, Қайран Киелі топырақ!..

 

ХХ ғасырда да қазақтың жәймә-шуақ, кең, еркін ғұмыр шеккен кезі болған емес. Жиырмасыншы-отызыншы жылдары даламызды аштық жәйләді. Сегіз миллион қазақтың төрт миллионы өлді. Қазақ даласының төсінде көмілмей қалған адамдардың сүйектері күндіз де түнде де ағараңдап жатып алды. Ол сүйектерді ескі жолдардың жағалауынан әлі де көруге болады. Оған да тоқсан жыл өтіпті.

Отызыншы жылдары Совет Одағы қазақтарды түрмеге тыға бастады. Неге тығады?.. Олардың не жазығы бар?.. Ешкім білмейді. НКВД заманы. Сұрақ қоятын заман емес. Ауыз ашуға тиым салынған заман. Құбылмалы заман. Тынымсыз заман. Сол тынымсыз заманда Творчестволық Одақтар бой көтере бастады. Суретшілер Одағы, Композиторлар Одағы, Журналистер Одағы, Киношылар Одағы… Не көп, Одақтар көп. Иттер Одағы, Мысықтар Одағы… Түсініп болмайсың.

1932 жылы Жазушылар Одағы бой көтерді. 1934 жылы Қазақстан жазушыларының бірінші съезі өтті.

Отызыншы жылдары Совет Одағында репрессия дәуірлеп тұрды. Совет түрмелерінде совет жазушыларын, журналистерін, тарихшыларын, философтарын ату, асу, ұзақ жылға қапада ұстау өрби өсіп жатты.

Қазақтың бас көтерген Асылдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтер отызыншы жылдары ату жазасына кесілді.

Қырқыншы жылдары Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Майдан даласында тағы да қазақтар қырылды. Қазақтар ғана емес, әрине.

 

Тоқсаныншы жылдары орыстың озық жазушысы, нағыз Адам, Виктор Астафьевтің көңілін сұрауға Сібірге арнайы барғанмын. Екі күн деревняны араладық. Ақырын арақ іштік. Ақырын моншаға түстік. Ақырын серуендедік. Соғыс жөнінде, өмір жөнінде Виктор ағам, ешқашан ақырын айтқан емес. Айғай қосатын.

– Біз Соғысты Совет солдарттарының өліктерімен жеңдік. Екінші дүниежүзілік соғыста жиырма миллион адам қаза тапты дейді. Өтірік. Жалған сөз. Өліктер қырық миллионға жеткен. Онан кем емес. Бізде ылғи өтірік айтады. Өтірік айтпаса іштері кебеді, атаңа нәлеттер!..Кел, Роллан, ішіп тастайық. Өтірікке шыдау мүмкін емес… – деп дүркірейтін Виктор ағам. Сабырға түсуі қиын болатын. Ұзақ үнсіз отырып қалатын.

– Роллан, сен жас қазақ жігітісің. Нағыз жазушысың! Бұл шыным. Әкеңді Мәскеудегі Малеевка санаториінде көрдім. Көп сөйлестік. Ой бөлістік. Семейге шақырған. Шәкен Молдабергенович нағыз солдат еді. Менің барлық кітаптарымды оқыған сенің әкең, мен білсем… – деп тағы да жүз грамм арақты жұтып жіберетін.

Әйелі бәріне үйренген. Астафьев ішсе де үндемейді, ішпесе де үндемейді.

– Сен менің денсаулығымды білгің келіп сонау Мәскеуден, осы Сібірге жеттің… Мен саған еш жақсылық жасағам жоқ. Ал сен мені іздеп келдің!.. Сен адамсың! Мені іздеп бір орыс жазушысы келген емес. Валентин Распутин де келмейді. Біледі, менің денсаулығымның нашарлағанын. Ол менен жас, келуі міндет қой… а?.. Сен қалай ойлайсың?..

Мен үндемеймін.

– Әрине, сен үндемейсің. Орыстар өз қотырларыңды өздерің қасы дейсің ғой… Орыстың бойында жылу жоқ. Тазалық жоқ.. Көр де тұр, Распутин қартайғанда, оған да ешкім көңілін сұрап бармайды. Ал сен болсаң, елдің бәрімен хабардасың. Бәріне көмек бересің. Мен Сібірде жатсам да, бәрін біліп жатамын.

Виктор ағамыз Адал, Әділ, Батыр адам еді ғой. Несін айтасың!..

Мен Распутинмен Мәскеуде кездескенде Виктор ағамның өкпесін айтқам. Сонда Валентин Распутин ойланып отырып қалып еді.

– Виктордың өкпесі де, сөзі де, маған деген реніші де дұрыс. Бәрімізде мінез, қыртымбай иттік те бар ғой. Орыстың басы қашан қосылған? Орыс әлемі десе қозғалақтаған болады. Одан арыға бармайды. Өйткені орыс әлемі деген жауыздық. Өзгені жеп үйренген империямыз ғой. Қан сондай. Зұлымдық аңсап тұрады. Бұл туралы, мен кейін ойлап жүрмін.

– Бізде де қазақтың басы қосылмайды дейді.

– Қазақтар уәдеге берік халық мен білсем. Сен интеллигент жігітсің, мені ренжіткің келмейді. Кінә менен. Мен Виктордан кішімін. Бір барып шығармын. Көңіл сұрау парыз ғой. Арамызға от тастағандар бар. Оған сенген біздер бармыз…

Бірақ, Валентин, үлкен ағасы Викторға бармады. Телефон да соққан жоқ. Салқын қанды орыс халқы. Мінез. Көкірек. Бүгін екеуі де жоқ. Кітаптары қалды. Халқы оқиды. Екеуі де мықты жазушылар болатын. Несін айтасың?..

 

Совет Одағында 1930-1950 жылдары арасында репрессияға ұшыраған адамдардың саны қырық миллион екен. Солардың қырық пайызы қазақтар. Аянышты зұлымдық. Бұл біздің «жазғыш» мінезімізден де бар болды мен білем…

Мәскеу қаласында КСРО Жазушылар Одағының қазақ әдебиеті бойынша жауапты хатшысы болып жиырма жыл жұмыс істедім. «Жазғыштар» Қазақстанда көп болды. Оны ұйымдастырушылар ұят, намыс дегендерді білмейтін дөрекі адамдар еді. Олардың бәрі қайтыс болды. Солардан хаттар келгенде, менің намысым басыма шабатын. Ол хаттар Брежнев пен КСРО Жазушылар Одағының хатшысы Георгий Марковке жіберілетін. Жауап беру керек. Ол өмір «театр» еді ғой. Біз жауап береміз.

 

Бір күні Совет Одағы жабылатын болды. КСРО Жазушылар Одағының архиві де құру керек. Қарбалас күндер өтіп жатты. Бір күні мені КСРО Жазушылар Одағының құпия бөлімінің бастығы генерал-лейтенант Михайлов шақырды. Генерал сурет салатын, сигарет тартатын, виски ішетін егде тартқан жақсы кісі еді. Парижде қызмет істеген. Демократияның не екенін біледі. Бірақ одан шошиды.

– Жауапты хатшылар архивті арбалап үйлеріне тасып жатыр, дейді. Архивке бармаған сен ғана екенсің. Неге бармадың?..

– Ол өсектерді не қыламын? Қазақтар өлгеннен ешнәрсе алмайды.

– Неге?..

– Салт сондай. Өлген адамның киімдерін жылдам таратып жібереді.

– Өте жақсы салт. Еврейлер де солай.

Сейфін ашты. Ішінен бір бөтелке вискиді алып шықты. Сигарын тұтатты.

– Есікті жабайын ба? – деп сұрадым.

– КГБ-ның генерал-лейтенантына есі бар адам келе қоймас, отыр жас жігітім. Менде бір пачка жақсы сигарет бар. Кеше Франциядан келді. Ал ана рюмкаларға сыздықтатып виски құй.

– Құп болады жолдас генерал.

– Генерал-лейтенант де. Кеттік!..

Творчестволық Одақтардың құпия бөліміне пенсияға шыққан генералдарды тағайындайтын. Олардың бәрі де көпшіл, кең пейіл, арақ ішетін, темекі тартатын жетпіске тақаған адамдар болатын.

– Одақ құлады. Сен Мәскеуде қаламысың, әлде еліңе ораламысың? – деп сұрады генерал-лейтенант.

– Отанға ораламын.

Генерал-лейтенант маған туралай қарап отырды да:

– Тағы құйып жібер – деді. – Сигарет қалай екен?

– Супер!..

– Солай болар. Біздің жігіттер жаман сигарет тартпайды, – деп күлді.

– Жаман сигаретті жазушылар да тартпайды.

– Элитасыңдар ғой. Солай болу керек!..

– Мені жәй шақырдыңыз ба? – деп сұрадым.

– Сенің әңгімелерің маған ұнайды. Өзің де ұнайсың. Тура жүресің. Тура сөйлейсің. Өтірік айтпайсың…

– Мені мақтап жібердіңіз ғой…

– Мақтағам жоқ. Архивтің хламдарын алмағаныңа сүйсіндім. Жаманнан жиіркенгеніңе разы болдым. Өмірде былыққа ұрынбаған, таза адамдар аз. Мен сексенге келдім. Менің ұққаным, бұ дүниеде таза жүру, өмірден таза өту, одан басқа түк керегі жоқ. – Сәл ойланып барып: – О дүниеде де таза болу керек мен білсем. Бұл сексендегі еврейдің ойы. Вискиді сенің тазалығың үшін іштім, жас қазақ! Халқыңның атына кір келтірме! Сені көргенде, жұрт, мынау нағыз қазақ, ол өтірік айтпайды, өтірік іске бармайды, жанын да, тәнін де таза ұстайды деп разы болсын! Басты міндет осы. Вискиден үш жұтым іштік. Разымыз. Рахмет. Вискиді сейфке салып жібер. Кел, құшақтайын. Қайда жүрсең де аман жүр, жас қазақ!.. Адал бол!.. Адам бол!..

Генерал-лейтенантқа мен разы болдым ба, әлде генерал-лейтенант маған разы болды ма, дәл танып ұққам жоқ.

Менің ұққаным, виски де, француз сигареті де супер еді. Қайран заман. Оған да отыз үш жыл өтіп кетіпті-ау!.. Генерал-лейтенант о дүниеге аттанған. Ал мен болсам генерал-лейтенант құсап сексеннің есігін тоқылдатып қағып жүрмін. Уақытта ұят болмайды екен.

 

1917 жылы Совет Одағын құрдық дейік. Жиырмасыншы жылдан алпысыншы жылға дейінгі қырық жылда елдің естілерін түрмеге жаптық. Аттық. Астық.

Америка мен Англияның арқасында Гитлерді жеңдік.

Сталин өлді.

Хрущев құтырды.

Сонда деймін, Совет Одағы деген мемлекет алпысыншы жылдан, тоқсаныншы жылға дейін ғана, отыз-ақ жыл тыныштықта өмір сүріпті. Ол кезде де ату, асу өтіп жатты… Бірақ, сұрапыл иттік болған жоқ. Брежнев елді дүрліктіріп, бүкіл халықты сапқа тұрғызып дүре салмады. Атпады. Аспады. «Бізге осы тірлігіміз де жетеді. Разымыз, Леонид Ильич!» – деді халық. «Өмір сүріңдер…» – деді Леонид Ильич.

Тоқсаныншы жылы алып Совет Одағы құлады. Сонан соң ыдырады. Бүгін кім, не істеп жатқаны белгісіз. Шындығы біреу-ақ, орыс ағайын мен ұлттық республикалар отыз жыл бұрын қоштасқан. Сексенінші жылдары, Мәскеудегі Жазушылар одағы үйінің атақты ресторанында, мас орыс жазушыларынан мезі болған атақты грузин жазушысы Нодар Думбадзе, екі қолын бірдей көтеріп, «Прощай, немытая Россия!» деп қоштасқан еді.

Ол жиырмасыншы ғасыр болатын.

Ал бүгін жиырма бірінші ғасырдың жиырма төртінші жылында Грузияның астанасы Тбилисиде грузиндер мен орыс әскері бетпе-бет келіп соғысып жатыр. Орыс Грузияны құлдықта ұстаймыз деп өкіреді, грузиндер «Прощай, немытая Россия!» деп ақырады. Орыста мылтық бар, грузинде жұдырық бар. Грузинде ең бастысы жүрек бар. Намыс бар. Орыстар бұрынғы Совет республикаларын бауырында ұстамаса, өлетінін біледі. Империя шіркінмен қоштасу мүмкін емес. Не өлім, не өмір!.. Сонда біз 1917 жылы қандай Одақ құрғанбыз, Құдай-ау?!. Не мемлекет тұрғызғанбыз?!.

 

Орыс империясының қалдығына, Совет империясын құрған болдық… Жүз грамм виски ішпей түсіну қиын. Тіптен мүмкін емес. Миллиардтаған тонна арақ ішсе де, орыс түк түсінсе бұйырмасын. Орыс империяны ғана түсінеді. Орыстың басы өзгені ұқпайды. Қайран орыс, қайран халық, өзінің де түбіне жетті. Өзгенің де түбіне жетпек…

 

Жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдары Совет Одағында пролетариат жазушыларының ассоциациясын ашу қызу қолға алынды. Қазақстанда бұндай ассоциация 1925 жылы көтерілді. Он жыл өткен соң-ақ, бүкіл Одақта іріктелген жазушылар түрмеге тығылып ату жазасына кесілді. Совет интеллигенциясын құрту жоспары нақты жолға қойылып болды.

Сонымен бірге, отызыншы жылдары Сталин Италиядан Максим Горькийді Мәскеуге алдырып, тірі қалған жазушылардың басын біріктірді. Максим Горький Мәскеуде әлем әдебиетінің асылдарының кітапханасын ашты. Совет Одағының оқырмандарына Батыс пен Шығыстың айтулы жазушыларының кітаптарын орыс тіліне аударып шығара бастады.

Алпысыншы жыл мен тоқсаныншы жылдар арасында әлемнің атақты жазушыларының туындылары толық шығарылып болды. Бұл Максим Горькийдің ерен ерлік еңбегі болатын. Франциядан Ромен Роллан, Максим Горькийдің шақыруымен Совет Одағына келді. Бір атақты фотосуретте Ромен Роллан мен Максим Горький қатар тұр. Екеуінің де көзінде қалың мұң бар. Атақты жазушылар Совет Одағының Сталин бастаған диктаторлық басқаруының қайда бет қойғанын дәл танығандай. Максим Горький көп ұзамай о дүниеге аттанды. Орыстың үлкен жазушысының неден өлгенін тану қиын болмаса керек.

Көп ұзамай Сталин де өлді. Он бір жылдан соң, Хрущев орнынан босады. Тағы жеті жыл өткен соң, ол ГенСек те дүниеден озды. Қандай тағдырлар, Құдай-ау!..

 

Леонид Брежнев Одақты басқарған кездері, ғылымда да, өнерде де, әдебиетте де мықты еңбектер дүниеге келді. Отан Соғысы туралы шындық жазыла бастады. Жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы қиямет қайым сұрапыл трагедиялар туралы романдар, кинофильмдер дүниеге келді.

Республикаларда әдебиет пен өнер биік деңгейге көтерілді.

Шындық шырқыраған романдар дүниені жаулады. Жұрт бәрін тастап, сол романдарды жылап жатып оқуға кіріскенін көзімізбен көрдік.

Екі мыңыншы жылдан екі мың жиырма бесінші жылға дейін рухани құлдырау басталды.

Диктатура билік алды.

Ар мен ұят о дүниеге кетті.

Ақыл мен Сана емес, Ақша үстемдік орнатты.

Надандық бұрын-соңды болмаған биікке көтерілді.

Биліктің ұзын құрығы, жан баласын тырп еткізбей туралатып тас-талқанын шығарды.

 

Енді бізге не істемек керек?!. Бүгін бұл сұрақ өлім мен өмірдің арасындағы басты сұрақ болып көтеріліп тұрғаны шындық.

Жазушылардың қолында Билік те жоқ, Ақша да жоқ. Мен білсем, екі жылда бір берілетін мемлекеттік премияда Жазушылар одағынының иелігінде емес, Үлкен Биліктің қолында. Соған қарамастан жазушылар бірін-бірі таптап, премияға таласады. Бұл қырғын текетірес! Ар да ұмыт болады. Ұят та ұмыт болады. Намыс та ұмыт болады. Бұл он тоғызыншы ғасырда болыстыққа таласқан мешкей байлардың күйін еске салады. Ұяттан жылап жатасың. Бірақ жазушылар да, билік басындағылар да ұялмайды. Өлгендер өме қапсын! Біз Премия алсақ болдыға салады. Заман осы. Ой осы. Тіршілік нәрі де осы. Ар-ұят баяғыда бұл өмірге ренжіп өліп қалған. Ал қазақ сахнасын арсыздар басып алғалы қашан?!. Ессіз ортаға не айта аласың? Түк айта алмайсың. Ессіз орта, Арлы Ортаны баяғыда келмеске жіберген.

Бүгінгі қазақ ортасы уланған.

Сонда не істеу керек?..

Есті, қайда, қашан жинамақпыз, Құдай-ау?!.

Жауап таба алмай шыр көбелек айналасың-ай келіп… Күн өтеді-ау, түн өтпей жаныңды шығарады.

Қайран заман, қайран тіршілік, қайран өліп-өшкен жалған үміт…

 

Творчестволық Одақтардың ортасындағы бірегейі Жазушылар одағы. Совет кезінде де солай болған. Бүгін де сол.

Жазушылар Одағы тірі. Алматының қақ ортасында орналасқан. Сәулетті, үш қабатты ерекше тұрған кесек ғимарат. Ой бөлісуге ыңғайлы орын.

Осы арадан үлкен де өтеді, кіші де өтеді.

Жазушы да, композитор да, суретші де, философ та, тарихшы да өтеді.

Бас жиып, ой жарыстырып, келісті ниетке бекініп, адасып тұрған халқымызға жол қарастырмаймыз ба, Құдай-ау!..

Елімізде келелі, терең, ойлары бар қазақ жастары жетерлік мен білсем. Олардың алдында білімді жігіттер де бар. Аз емес, көп.

 

Ертеде, Мәдениет министрі Ілияс Омаров деген Білімді, Ойшыл, Адал, Әділ адам болған. Мен ол кісімен Мәскеудің «Мәскеу» қонақ үйінде кездескенім есіме түседі. Ол кезде Ілекең пенсияда болатын. «Алматының жас балеті», «Гүлдер», «Дос-Мұқасандар» Ілекеңнің кезінде өмірге келген. Соларға сахна бергізген Ілекең болатын.

Әуезов, Мүсірепов туралы терең мақалалар жазған да Ілекең болатын. Қазақ мәдениетінің көркейіп, өсіп-өнуіне қолдау жасаған да Ілекең еді.

Мен жас жазушы едім, Ілекең маэстро еді ғой.

– Сен мені тым көтеріп тастадың, інім. Мен кәдімге оқушы, талғампаз, өнертанушы ғанамын. Мұқаңдар, Қанекеңдер тағы бір он жыл өмір сүргенде талай белестерді алар едік қой. Қазақта жалғыздың шаңы шықпас деген өрелі сөз бар. Менің қолымнан келгені аз болды. Жаңа, мен атаған ұлы ағалар тірі болғанда, қазақ өнерін аспандатуға әбден болар еді. Әттең, олар дүниеден ерте кетті. Бойда бар қасиеттерімен бөлісе алмай қалды. Мұқаңды, Қанекеңдерді тыңдау керемет еді ғой, шіркін!.. Олар тереңдер болатын. Қазақы өмірден тәрбие алған, Мәскеу мен Ленинградтың дүлдүл ғалымдарынан сусындаған қасиеттілер солар ғой. Біз беріден қосылған жалғыздармыз, – деп айтқан сөздері әлі есімде.

Мен білетін Ғабит Мүсірепов те, қазақ өнерінің қат-қабат тірлігінен небір тосын ойлар айтатын. Қас мергендей насынаны дәл табатын. Ерекше Асыл адам еді.

 

Бүгін Жазушылар Одағы бас болып қазақ өнерінің, тарихының, философиясының, киносының, жазушыларының білгірлерін жинап Үлкен Ордалы Орта құру керек-ақ! Сол Орта бүгінгі қазақ халқының болашағына керек кесек-кесек проблемаларды көтергені жөн. Ақыл мен білім ел ортасында. Бұл ортаға ақсақалдардан жас жігіттерге дейін салмақтап жинау керек.

 

Орыстар қазақ халқының тарихы туралы жазылған жазбаларды, мағлұматтарды, жобаларды, ашық, құпия документтерді, кітаптарды ғасырлар бойы қойнында тығып отыр. Қазаққа қатысты тарихты қазаққа қайтаруды осыдан отыз жыл бұрын тәуелсіздіктің таңында тегеуірінді талап ету керек еді. Совет кезінде де шешетін ең құңды, ең жанды дүниеміз қазақтың тарихы еді ғой.

Енді бүгін, орыстың көзімен, соның түзеуімен қазақ тарихын жасау керек дейді.

Қазақтың тарихын қазақтар жазу керек. Оған орыстың миы да, көзі де, қаламы да керек емес.

Орыс, Қазақ даласында атом электростанциясын сала алады, ал тума тарихын орыстан қайырып ала алмайды.

Сұмдық! Жын-ойнақ театры! Орыстың иттігі. Қазақтың табансыздығы.

Өз тарихы болмаған халық, халық бола ала ма?

Өз тарихын өзі үлгі етпеген ел, ел бола ала ма?..

Қазақтар, есімізді жиып, ерлігімізді еске алып, адамша өмір сүрмейсіз бе?!.

Қазақ талантты халық. Сол халықтың қаймақтары бас қоссын.

Құр сөзден, бетпақ реніштен іске көшкен жөн болар деген ойдамын.

Сол Ордалы Орта, Қазақстан жазушылар одағының журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газетін пайдалансын. Арнайы «Литературная газета» ашсын. Ордалы Орта үшін емес, Қазақ елі үшін қажет. Ордалы Орта биліктің ығы емес, өз ойы, өз мақсаты бар, Қазақ елінің творчестволық қамалы болып табылсын.

Бұл Халық үшін де, Билік үшін де ауадай қажет ұмтылыс.

Шын ықыласпен, арлы жүрекпен, таза пиғылмен бас қоссақ, не істеуді білеміз ғой. Расында оны уақыт көрсетеді. Қазақтың ниеті танытады. Сонда өзге елдермен тереземіз тең тұрады.

 

Қазақстан Жазушылар Одағының құрылғанына 90 жыл толыпты. Ал Совет Одағы жиырмасыншы ғасырда, отыз-ақ жыл адам құсап еркіндеу, еркелеу ғұмыр кешкен болыпты.

Таң қаласыз. Қалған алпыс жыл атыс пен ұрыстың күйбең тіресінде берекесіз өтіп-ақ кетіпті. Аянышты ғұмыр-ай десейші!..

Бүгінгі қазақтың үйінен кітап көрмейсіз. Қітапқа тесілген адамды соңғы жылдары мен де көрмедім. Қазақтың билігінде жүргендерге кітап керегі жоқ. Олар оны бала кездерінде де ұнатпаған. Бүгін олар кітап жинамайды, театрға бармайды. Экшен көреді. Ақша жинайды.

Ақша тән үшін.

Кітап жан үшін.

Бүгінгілердің жаны суы тартылған құдық. Сол құдықтың көзін ашпай, адам, адам бола алмайды. Бүгінгілердің көзінде төрт әріп жанып тұрады. АҚША. Сол көздерге де отыз жыл болды. Ақшаны таниды. Байларды пір тұтады. Кітапты танымайды. Қазақтың бүгінгі тіршілік аясы осы ғана. Аянышты тірлік шіркін, өтіп, өшіп, кетіп жатыр. Қайран ғұмыр-ай десеңші…

Бірақ бас қосуға әлі де кеш емес, ағайын.

Алла Тағала, таза ниетімізге, алғыр көңілімізге, арман аялаған жанымызға береке берсін!

Алла Тағала жұмыр жерді жайлаған Адамдарға ес берсін! Талап берсін!

Алла Тағала қазақтың ес-ақылына, асқақ жанына, берік танымына, көкке көтеруге барын салған қазақ өнерінің жалынды рухына, күш қуат, өлмес қасиет берсін!

Бұл қазақ жазарларының соңғы жорығы болмасын. Өлмес, өшпес, қиямет ерлігі болып ел есінде қалсын.

Елі, жазарлары үшін, жазарлары, елі үшін жан беріссін.

Сонда ғана, біз, Ұлт болып ұйымақпыз. Халық болып тік тұрмақпыз! Отан болып от кешпекпіз.

Бізде онан өзге арман да жоқ, амал да жоқ, жол да жоқ.

Бұл, Ұлт болуға ұмтылған қазақтың киелі айқасы. Бәлкім соңғы айқасы!

Алла Тағала, жан-дүниемізді түлейтсін, соған арлы нәр берсін!

Барымызды бүгін аялап, ардақтап, қадырлеп, құрметтеп бағайық Қазақ елі.

Кейін кеш болады.

Әумин!..

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *