

МҰТЫЛҒАН (метароман)
04.02.2025 0 123

Әлібек БАЙБОЛ
1987 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Үлкен Жалаңаш ауылында туған. 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 5 көркем туынды кітаптың, 20 пьесаның авторы, 9 жинақтың құрастырушысы, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері.
***
Сақтамаймын жанға кек,
Не десе де сыртымнан.
«Мінеген аузың мынау», – деп,
Қан ағызса мұртымнан.
Дұспаным жоқ,досым жоқ,
Қайғыдан да шошу жоқ,
Рақат іздеп тосу жоқ,
Бір жындымын құтырған.
Жаралы жаным шықсын деп,
Қара жер мені жұтсын деп,
Өлген соң елім мұтсын деп,
Атымды қойдым – «Мұтылған».
Шәкәрім Құдайбердіұлы,
«Мұтылғанның өмірі» толғауынан
Осы хамсаны кім баяндап отырғаны құпия боФп қалсын. Себебі, сезіп тұрмын, есімімді елге жайып салғаннан ештеңе өзгере қоймас. Одан да сөзге құлақ түріңіз-дағы, жақынырақ… жақынырақ жайғасыңыз, аса қадірлі халайық…
Алланың ақырзаман пайғамбары Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) миғражға көтерілген түн есіңізде ме? І-і-і, естілмей тұр, қане, қане, қаттырақ, қаттырақ. Дұрыс, білгеніңіз абзал…
Мұрат – Kaspi bank менеджері. Жұмысы қиын, шаруасы шаш етектен. Онсыз да «жалаңаяқ жар кешіп, қызыл аяқ қыр кешіп» жүрген жұртқа «Несиеңізді уақытында төлеңіз! Қарызыңызды қашан жабасыз? Неге банктен қашып жүрсіз?» деген сыңайдағы әуре-сарсаңға салар әңгімелерден өзге тұрмақ, өзі де әбден мезі боп, тойып кеткен-ді. Алайда амал жоқ. Бала-шағаны бағу керек. Ертеден қара кешке шейін салпылдағаны салпылдаған. Өзі де қарыз-құрыздан, несиеден сау емес, қайта құтыла алмай жүргені, мұнымен қоймай халықты да түгендейтіні несі екен?! Ол қасқа ақшадан қысылып, шаруа баққан туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңнан қарыз сұрағанда, суырылып шығып, бере салған жан баласы болмады. Өйткені тұрмысы нашар. Манағылар да битін сығып, қанын жалап отыр. Сондайда «Деньги до зарплаты.кз», «Займер.кз» дегендерден өзі де жоғары пайызбен қолма-қол ақша алып, артынша жанын аузына тістеп, қинала өтейтіні қолма-қол рас. Неге екені Мұратқа да тылсым, әлгі несиені құйып жатқанда Махамбет бабаның осы өлең жолдары құлағында күйше күмбірлеп, ойнап тұрып алады:
Еділді көріп емсеген,
Жайықты көріп жемсеген
Таудағы тарлан шұбар біз едік.
Исатайдың барында,
Қара қазан, сары бала
Қамы үшін қылыш сермедік.
Мұрат бес баланың жайы (3 қыз, 2 ұл), қатынның қамы деп түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылғалы қашан! Жұмыстан кеш босап, есік ау-зындағы ағашқа арқасын сүйеп, темекі шегіп тұрды. Ойлануда.
«Әр кәллада бір қиял» деген.
Мұрат өмірде үлкенді-кішілі ерліктер жасағысы келеді, дегенмен
күнделікті тұрмыс-тіршілік ырық берер емес. Ол – іс-әрекеттен гөрі,
ойдың, қиялдың адамы, ал бір жағынан батылсыз, именшек. Ал арзу-арманға ерік бергенде алдына жан салмайды. Ананы бүйтсем, мынаны сөйтсем… Дәл осы кезде шылым ұшындағы күл опырыла сынып, жерге құлап бара жатты…
***
Бұ жақтың бұқарасы шетінен ат қойғыш. Ат қойып, айдар таққанда алдына жан салмайды, артына қара ілестірмейді, қайта «Мен! Мен!» деп таласады-тармасады, өзеурейді өзінше. Ең қызығы, есім-сойда сол адамның болмыс-бітімі, табиғаты, қадір-қасиеті толықтай көрініс табатыны таңғалдырады. Кәкөн, Сәкөн, Бекебай, Секебай секілді қатардағы я мағынасыз ныспы емес, ойлы, ұтқыр, салмақты, тарих пен астасқан есімді қойғанда, шыны керек, еріксіз ойға шомады екенсіз. Мәселенки, Мұрат деген жігіт бар. Халық оны Мұтылған деп атайды. Өйткені той-томалақ, жиын-шарада Шәкәрім қажының мына өлеңін аузынан тастамайды, сөзінің мәтелі десек те болар. Бір жағынан сол төрт жолды ол бала кезінен, мектеп қабырғасынан судырататынға ұқ-
сайды. Үлкендер былдырлаған тілін қызықтап, қайыра-қайыра айтқызатын-ды. Міне, сол бала Мұрат қазір жігіт болды, Мұтылған атанды:
«Жаралы жаным шықсын деп,
Қара жер мені жұтсын деп,
Өлген соң елім мұтсын деп,
Атымды қойдым – «Мұтылған».
Т ауылы жұртының мінезі қызық, әпенделеу десек дөп түсеміз.Олардың қытығына тимесең – мінезі жайлы, қонақжай, ашуландырып алсаң – қырсық-қыңыр, кертақыс, кері сигіш. Т-ның өз белдеуі, өз сағаты бар. Олар әр кез көңілді жүреді, мұңаятындар некен-саяқ. Ауылдың толық атауы жоқ, жай ғана Т.
«Қобыланды батыр» жырындағы
«жоғарғы ерні көк тіреп, төменгі ерні жер тіреп…» деген әсірелеу т әрпіне де келіңкірейтін секілді. Себебі ол аспанға қол созып, аяғымен мықтап жер теуіп тұр. Т ежелгі грек әліпбиін-де 19-шы боп орныққан-ды, «тау» деп оқылады. Грек, латын, кирилл жазуының түп атасы саналатын Финикияда т «тав» дегенге саяды. Палео-ивритте де дәл солай, «тав» («тов»). «Зогарда» («Зохар») «тав»-ты «Шексіздік Патшалығы» деп түсіндіреді. Ал астрологияда т әрпін Күнмен теңестіреді. Т еврей алфавитінде 22-ші, яғни соңғы боп тұйықтап тұр. Ең таңғаларлығы, бастапқы, ортаңғы және ақырғы әріптерді ұштастырғанда «ақиқат» ұғымы туындайды. 22 – нумерологияда Құдаймен, періштелермен, рухани әлеммен, ізгілікпен және тепе-теңдікпен байланысты сан. Араб тіліндегі та (т) үшінші боп тұр, ол «Күн әріптері» тобына жатады екен. Исламда 3 саны үлкен маңызға ие. Басқасын былай қойғанда, қасиетті Құранда айтылған ұрық дамуының 3 кезеңін мысалға келтірсек те артық емес. Сондай-ақ көне түркі, сына жазуындада біраз дүниелер бар… Алайда мұның бәрі Т ауылына ешқандай қатысы жоқ…
Айтылмыш қоныс-тұрақ алып Алатаудың етегін ала орын тепкен-ді. Мен ғой, нені болсын қысқартып, шұнтитып айтуға бейімделгем. Тұрғындар да Т деп қайыра салғыш. Әлгі ауылдың еңбеккер елі ерте-жарықта ұйық-тайды, таң ата оянады. Одан қалса өте ұйымшыл, өлім-жітімді де, той-томалақты да жұмыла атқарысады, бір-біріне салмақ салудан аулақ. Діндарлар: «Адамның пейілі тарылды, иманы әлсіреді, азғындық етек алды…» – деп жатады, басқа жерді білмеймін, алайда Т тұрғындарының ауызбір-шілігі мықты, өзгеге үлгі. Бұл кемшілік пе, артықшылық па, о жағын
парықтай алмадым, әйтеуір, аядай ауыл болған соң гу-гу әңгіме де тез тарайды. Бәріне ортақ чат бар. Сонда халық жаңалығын бөлісіп, сүйінші сұрасып, естіген-көргенін қызу тал-қыға салып жатады: «Пәленшенің қызы
көтеріп қалыпты», «пәленше асылып өліпті», «түгенше түрмеден қашып келіпті», «ана бір байекең кәсіп бастапты», «қызыл қарын жас баланың арқасында Алла деген жазу бар екен», «…өзгеріс болғалы жатыр…» дегендей ғой.
Бірде дүкен сыртындағы «Кітаптан артық шынайы дос жоқ…» деген жазудың жанында бір данышпанның аты қосарланып тұр екен. Мұтылған сабаз асықпай-аптықпай ішке еніп:
– Негізі, бұ сөзді сіз де айта аласыз… Мен де айта алам ғой, – деді рен-жіңкірегендей кейіп танытып.
– Онда осы күнге шейін қайда жүрдің? Буды ма біреу аузыңды?..
– Жұмысбастылық қой баяғы! Кешіріңіз, сағат қанша болды?
– Кешкі тоғыз! – деді қап-қара қа-тын бүйірін таянып.
Ол сеніңкіремей, күдігі көп көңілін жайландыру мақсатында асқан сақ-тықпен көне сағатына көз тастады. 13:00. Тал түс.
Қиямет-қайымның қашан орнайты-
нын бір Алла білетініндей, Мұтылған-ның да ойында не жүргені жалғыз Жаратушыға ғана аян. Кейде ол өз ойын тізгіндей алмай қалады, себебі қиялы жүйрік, одан бұрын ерікті, тәуелсіз, азат. Мүкең көп кітап оқиды, көп ойланады, көп толғанады. Оған мына дүниенің жаралғанынан тартып, болары хақ ақырзаман арасындағы ұзақ баян қызықты. Қайсыбірде ол жұма намазға барады. Сол күнгі тақырып – «Ақырзаман қашан орнайды?..» Имам қияметтің үлкен және кіші белгілері болатынын айтып,
былайша тұздықтады: «…Әбу Һұрай-радан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Үлкен белгілер бірінің артынан бірі шығады. Олар тізбектегі моншақтардай бірінен кейін бірі келеді» деген. Аса қадірменді жамағат, ақырзаманның үлкен белгілері мыналар:
1) Тұманның (ду-хан) пайда болуы;
2) Дәжжалдың шығуы;
3) Даббатул арздың (жерден шығатын хайуан, мақұлық) шығуы;
4) Күннің батқан жерінен шығуы; 5) Хазіреті Исаның (оған Алланың сәлемі болсын) көктен түсуі;
6) Яжүж-Мәжүж тайпаларының шығуы;
7) Шығыс жақтағы бір жердің шөгуі;
8) Батыс жақтағы бір жердің шөгуі;
9) Араб түбегіндегі бір жердің шөгуі;
10) Хижаз тарапынан үлкен оттың шығуы. Алла Тағала қасиетті Құран-ның «Мағариж» сүресі, 8, 9, 10-аяттарында былай деген:
لُـَٔسْيَالَوَنِهْعِلْٱكَلُابَجِلْٱنُوكُتَوَلِهْمُلْٱكَءُامَٓسَّلٱنُوكُتَمَوْيَ امًۭيمِحَمٌيمِحَ
«Ол күні аспан еріген кен сияқты болады. Таулар түтілген жүндей болады. Дос достың халін сұрамайды», – деп қияметтің ауыр болатынын айтқан. Сондай-ақ Алла Тағала «Ағраф» сүре-сінің 187-аятында былай дейді:
الَۖيبِّرَدَنْعِاهَمُلْعِامَنَّإِلْقُۖاهَاسَرْمُنَايَّأَةِعَاسَّلانِعَكَنَولُأَسْيَ مْكُيتِأْتَ الَ ۚ ضِرْأَلْاوَ تِاوَامَسَّلا يفِ تْلَقُثَ ۚ وَهُ الَّإِ اهَتِقْوَلِ اهَيلِّجَيُنَّكِٰلَوَهِلَّلادَنْعِاهَمُلْعِامَنَّإِلْقُۖاهَنْعَيٌّفِحَكَنَّأَكَكَنَولُأَسْيَۗةًتَغْبَالَّإِ
نَومُلَعْيَالَسِانَّلارَثَكْأَ
«(Уа, Мұхаммед!) Олар сенен қия-мет-қайымның қашан орнайтынын сұрайды. Оларға «ол жайлы нақты мә-
лімет Раббымның жанында» деп айт. Одан өзге ешкім де оның кесімді уақытын дөп басып ашып айта алмайды. Қиямет-қайым – күллі аспан әлемі мен жердегі күллі жаратылыс атаулыға өте ауыр тиетін алапат құбылыс. Ол сендерге аяқ астынан келеді. Сен қияметтің уақытын қатты білгің келіп, зерттеп жүргендей, олар сенен қайта-қайта сұрай береді. Ендеше «ол жайлы нақты мәлімет Алланың құзіретінде. Алайда адамдардың дені бұл ақиқатты білмейді» деп айт». Аса қадірлі жа-мағат! Ислам діні бойынша бұл күннің болатынына сену – иманның белгісі, мұсылман ақидасының ажырамас бөлігі. Сол себепті шынайы мұсылман ақырзаманның болатынына сеніп қана
қоймай, оның негізгі белгілерін де білуі керек. Алла Тағала қасиетті Құранның «Духан сүресінің 10-11 аяттарында былай деп баяндайды:
نٍيبِمُ نٍاخَدُبِ ءُامَسَّلا يتِأْتَ مَوْيَ بْقِتَرْافَ مٌيلِأَبٌاذَعَاذَهَسَانَّلاىشَغْيَ
«(Уа, Мұхаммед!) Олай болса, көкте нанық қою түтін шығатын күнді күте бер! Адамдардың бәрін жаппай басып қалатын түтін. Сонда олар:
«Бұл неткен жан төзгісіз азап еді?» – дейді. Қиямет қайым жақындағанда жер бетін тұман қаптайды. Бұл тұман қырық күн, қырық түн бойы аспан мен жердің арасын толығымен толтырады. Осы тұманның кесірінен мүмин пенделер тұмауратып, мұсылман еместер мас адам секілді сенделіп жүретін болады. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай деген: «Түтін өткен, алайда ол қияметтің белгілерінің бірі. Түтін қияметтің қарсаңында келеді, сол кез-де одан мұсылманға тұмау сияқты нәрсе тиеді. Ал мұсылман еместер мен мұнапықтардың бастары пісіріледі, тіпті олардың бастары кептірілген мейіз сияқты кеуіп қалады. Өздері бейне бір мас сияқты болып қалады. Іштеріне түтін толып, езулерінен, құлақтарынан бұрқырап шығады».Сондықтан, мұхтарам жамағат! Тозақты толтырмайық, жұмаққа ұмты-лайық! Ізгі амал көп қылайық! Жақ-сылық жасап жарысайық!.. Имамның ақырғы сөзі, уағызының аяқ жағы жігітке алыстан естілді, жаңғырық ұқсап жетті. Ол: «Ей, Мұтылған! Сен ақырзаманға сенесің бе?.. Жұмақ пен тозаққа иман келтіресің бе?.. Адам баласына, жақыныңа қандай жақсы-лық жасадың?.. Ақырет үшін не да-йындадың?..» – деп өзіне-өзі сұрақ қойды-дағы, артынша сырттай емес, іштей тілдесті: «Жұмаққа баруым үшін не істеу керек?» «Білмеймін». «Жамандықтан тыйыл». «Қалайша?» «Білмеймін ғой». «Осы сен білмеймін-нен басқа не білесің осы? А?» «І-і-і, түсінбедім!» «Өмірдің мәнін іздеп мешітке келіп едім ғой. Айтып отыр-ғаның – мынау…» «Жұмаға қалмай қатыс!» «І-і-і, мақұл». «Құл?» «Жо-жоқ, мақұл деймін!» «А-а-а, айып етпе. Адам бол!» «Е-е-е, бар болғаны сол ғана ма?» «Әуелі осыны ойдағыдай орындап алшы…» «Ок, ок». «А-а-а?» «Жарайды деймін да!» «Е-е-е, Құдай…» Мұтылған мешіттен шыға салған бетте-ақ қасына бір бейтаныс келіп,оған ұзақ қарап тұрды:
– Біреуді іздеп жүрсіз бе?
– Ұлыма ұқсайды екенсің. Әнеки, аналармен еріп кеткен, – деді бір топ сақалдыны нұсқап. – Діни кітап жаздым. Әр бетінен соң «әмин» деп, дұға етіп отыр.
– Кімге?
– Өзіңе, өзіңе!–деді бейтаныс.
– Алла өзімшілдерді жақсы көр-мейді.
– Көп үшін тілек тілеу үшін алдыменен өзің аман-сау болуың керек қой. Солай ма?
Мұтылған:
– М-м-м…Иә! – деді де, ойланып қалды. Ол ауыр ойдың түндігін түріп, жан-жағына бажайлап қараса, әлгі кісі жоқ. Бейтаныс көз ұшында, көше басында ұзап бара жатыр, ұзап бара жатыр. Жігіт артынан жүгіре жөнелген-ді, алайда желаяғың жеткізбей кеткені. Қолындағы «Алла мен адам…» деген өте ауыр кітабын өзіне қайтарып бермек еді ғой…
***
Түсім бе, әлде өңім бе, нақты айта алман. Ұшып жүр екенмін деймін. Сол кезгі сезімімді баян етсем, кәдімгідей қиналып қалам. Ләззат күйін кештім бастан. Дем жетпей, кеуде тұсымда түсініксіз бір үрдіс жүріп жатты. Содан не керек, бір жерге келіп топ ете қалдым. Денем ауырсынған жоқ. Жел ойнатқан қауырсындай жеңіл түстім.Үсті-басымды қақтым да, ары қарай…
Түсім бе, әлде өңім бе, нақты айта алман. Мұндай сезімді бірінші рет бастан кештім. Әйтеуір, менде ерік бар. Жүргім келеді – жүрем, сөйлегім келеді – сөйлеймін. «Қызық» деген сөз жадымның бір бұрышында шоқтай маздап барып өшті.
Дәп осындайда өзді-өзіңе сырттай баға берген қиын екенін түсінесің. Түсім бе, әлде өңім бе, нақты айта алман. Ұп-ұзын кезекте тұр екенмін деймін. Қақпа алдында. Иә, дұрыс екен, қақпа алдында. Оның үлкендігін сөзбен айтып жеткізуім мүмкін емес. Ү-ү-ү-ү-ү-үлкен енді. Бұл жерде не істеп жүрмін? Қайдан келдім? Қайда барам? Қашан? Неге? Өз кезегін күткен ел, әйтеуір. Бұл нанның кезегі ме, әлде «коммуналканың» (су, жарық, қоқыс) ақшасын төлеу үшін түзілген кезек пе? Сол жағы түсініксіз. Байқасам, кілең шенеуніктер екен. Бәрі Құдайдан кешірім сұрап жатыр. Шалқақ тартқан бастары иіліп барып
имек құрапты. Бергі жағында Мұтыл-ған тұр.
– Мүке, мұнда не істеп жүрсің?– дедім мен асыға-аптыға сөйлеп.
– «Көппен көрген ұлы той».
Қақпа жабық. «Ашыңдар» деп айтқан бір мұсылман болған жоқ. Ақырындап алға жылжыдым. Басында
тықылдаттым, кейін қатты ұрғыш-тадым. Тып-тыныш. О, тоба! Бір кезде есік ашылды. Жартылай ғана. Іші аппақ, нұр. Тура қарай алмайсың. Көзіңді қарығанда бар ғой… Ішінен Періште шықты. Өзін сөйтіп таныстырды, әйтеуір. Әйтпесе тірідей Періштені кім көрді дейсіз? «Саған әлі ерте!..» – деді де, кеудемнен нұқып қалғаны бар емес пе?! Мен де көкбеттеніп бой бермеймін. Қайта ұмтылам. Қайта нұқып қалады. Бір кезде төмен қарата ұштым, артымнан Мұтылған да ілесті. Сөйтіп тұрғанда, мынадай уақиға басталды да кетті…
***
– Ау, қайдан келе жатырсың? – деді маған бір шалекең.
– Сайлаудан!.. – дедім мен құлық-сыздау жауап қатып.
– Таңертең ғана барып дауыс бердің емес пе?
– Естімегенбісіз?
– Нені?
– Көрші-қолаң шулап жатыр ғой… «Кемпіріңіз тіріліп келіп, дауыс беріп кетті» деп та.
– Астапыралла! Бұл қай қалжы-ңың?!
– «Әйел қырық шырақты…» дейді. Алайда арғы өмірден келу деге-ніңіз… білмеймін енді… – дедім мен көкті көрсетіп. – Кемпіріңіз мықты екен-ей! Риза болдым. Жұрт таң-тамаша.
– Не істепті?
– Т ауылының гимнін айтып, ән шыр-
қап, би билеп, жастарды рухтандырып, жігерлендіріп, желпіндіріп кетіпті.
– «Естімеген елде көп» деген. О, Құдай!
– Сол рас сөз бе екен деп білуге бар
ғам. Рас екен. Бірақ қырсық кемпіріңіз әкімді де, елді де күтпей кетіп қа-лыпты.
– Өлерінің алдында пенсияма болмашы қызылды-жасылды киім, мата алып, менен әбден ұрыс естіген.
– Е-е-е, бәсе, бәсе…
Дәл осы кезде екеуара әңгімені қуа-қы Мұтылған бөліп жіберді.
– Ассалау-маға-лейкум! Сол да сөз
боп па?! Мен одан да сорақысын ес-
тідім. Дауыс жетпей жатқанға ұқсай-ды. Енді әулет-әулет болып, жеті ата-
сынан тартып, бүкіл аруақ біткен тіріліп кеп, көрлерінен тұрып, әдемі киімдерін киіп, таранып-қырынып, жуынып-шайынып, сайлауға сақадай сай екен дейді-мыс.
Шалекең тіссіз аузын аспанға аңы-райта аңқитқан күйі тұрып қалды, ал мен естен танғандай боп қаша- ға сүйене-сүйене, сүйене-сүйене барып орындыққа отыра кеткенім.
Келесі күні «Енді аруақтар өз ішінен сайлауға түсер адам дайындап, бір-біріне дауыс бе- ріп, жеңіп шыққаны тірілермен бәйгеге түсетін болыпты…» деген хабар жан-жаққа тарады. Бір білгіштер мұны «фейк ақпарат» деп айыптады, аямай сөкті, ал біз сеніп қалдық. Себебі ақкөңілміз.
– Ау, ағайын! – деді Мұтылған… Автор ретінде осы жерге бірауыз сөз қыстыра кетейінші, жалпы, Мұтылған – қызық адам, мінезін, іс-әрекетін түсініп болмайсың. Көңілденсе, еш-кімге сөз бермейді, іштегі лықсыған сыр сыртқа ағылады кеп, бұндайда онытоқтату,жүгендеу қиындау, тіпті мүмкін емес. Ал зауқы соқпады ма, әңгімеге бір араласпады ма, ары қарата ашыла түсуі екіталай, ой түбіне сүңгіп, мына әйдік әлемнен ажырап кеткені… Мен автор ретінде Мұтылғанның үзіл-ген әңгімесін жалғай түссем.
– Сіздерге бір қызық әңгіме айтып берейін… Жалпы, менің шенеунік дегендермен еш байланысым жоқ, олар-ды жөнді танымайды да екем. Елден естігенім ғой. Алайда мұны өңге жанмен шатастыру мүмкін емес еді. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, жарайды ма?! Өзі сондай тәп-тәтті… өзі сондай… мармелад… өзі сондай шоколад… өзі сондай сүйкімді… Бір күні шенеунік әлдебіреу жазып берген баяндаманы [баяндамасын] оқып тұрып, оқыстан осырып қояды… мәдениеттірек айтсақ, жел шығарады. «Жаны бардың желі бар» деген ғой. Содан соң бәрінен кешірім сұрайды. Әуелі Алладан сұрайды… кешірім.
Бір күні тағы да ос… қояды… жел шы…
Тағы да…
Тағы да…
Тағы да…
Ол біреуге жағынғанда, өтірік айт-қанда, көлгірсігенде жел шығаратын-ды…
Бір күні Әзірейіл суырып алды жанын. Жақсы кісі еді марқұм!..
Осыны айтып алып, Мұтылған батыр рақаттанып тұрып бір күліп алды. Екі езуіне ілінген уытты ажуа айналадағы ағайынның қытығына тигені рас. Т ауылы әкімінің туған інісі, Аудандық мәслихат депутатының құдасы, су жаңа Парламент Мәжілісі депутатының ағасы біткен осында
отырған-ды. Сөйтіп, жігітті көбі жақ-тырмай қалды, білем, «қап, бәлем, осыдан қара да тұр» дегендей жұдырығын түйіп, тіс қайрағандар да табылды. Алайда аңғал да зияны жоқ Мұтылған мұның біріне де мән бермеді, бай-қамады әлде байқамағансыды.
– Абайдың «Күлімбайға» өлеңін қа-йыра оқығанда, шыны керек, қайран қалады екенсің,– деді Мұтылған. Ол хакімнің мына жырын әр кез әкім-қарамен кездесе қалғанда жатқа оқып беретін, осы нәрсеге көп кісінің ызасы келетін-ді:
Оңашада оязға
Мақтамаймын елім-ді.
Өз еліме айтамын:
«Бергенім жоқ, – деп, – белімді».
Мақтанамын кісімсіп,
Оязға сөзім сенімді.
– Мынау не деп былшылдап кетті,
– деп халық аса ұнатпай қалушы еді, әсіресе үлкендер атарға оғы болмай іштей тынатын. Мұтылғанның ойы:
«Басшылық пен саясаттың сан баспалдағын басып, өрлеген сайын, әу бастағы Құдайдан берілген тазалық кірлеп, өзекке құрт түсетіні неден екен? Бұның түпкі мәнін адам сезімінің тұрақсыздығынан іздеген дұрыс шығар. Жұрттың жаңадан тағайындалған кісіге «Бұ сабазым не бітірер екен?» деген сенім мен секем арасындағы түсініксіздеу ойдыңшығу тегі де мінез мінінен, кісіліктегі кінәраттан. Ал өзінің жылы орнын қиғысы келмейтіндердің жөні тіпті бөлек. Біреудің алғысын алса, келесі күні қарғысқа қалып жататын әдеті. Ауыл айтқыштары әкім-қараларға лақап ат қойып, тұрғындарды күлкіге қарық қылғанын талай көрдік. Ал бастықтарға жағынып, жағдайын айтатын сәт туса, мүмкіндігін мүлт жібермейді. Тәжірибесі бар, тіс қаққан саясаткерлер зейнетке шығып, буын, қан алмасып, қызметке жастар келгенде, «оң өзгеріс болса…» екен деген дәме көңіл түкпірінде бас көтерері анық. Алайда үкілеген үмітіміз үдеден шықпай, баз-баяғы қалпына түскенде, ашық аспан жүзін бұлт торлағандай күй кешесің. Елтұтқаның есімі «жалпыхалықтық» деген ұғыммен тұтасып, тарих тақалуының бір сыры – Жаратушыға жақындауында.
«Халық – Алланың бір аты!..» Ал қазір теңізбен жекпе-жекке шыққан Хемингуэй шалының халін бастан өткеріп отырмыз. Дефолт. Девальвация. Жемқорлық. Жезөкшелер. Наша-қорлар. Отанын сатқандар…»
***
Мұтылғанды көп кісі делқұлы деп ойлайды. Шынында да солай ма?!
Мән берсеңіз, ол есті сөз айта-ды, есерсоқтықтан ада. Алайда адам-ның ойын өзгертетін, көңіліндегі көп күдікті сейілтетін құдірет бізде жоқ екен. Мұтылған әңгімені арыдан бастағанда-ақ, біразы қысылып-қымтырылып отырады. Оның «Әзілдесем де, ақиқаттан аттамаймын, шын- дықтың шеңберінен еш шықпаймын» деген уәдесі бар. Ол сөзге де, іске де жүйрік, бұған қоса, аса парасатты. Онымен білім таластыруға көбінің өресі жете бермейді. Бірде Мүкең былай деді:
– Көршім бар. Жасы қырықтар шамасында. Қырық бірде ме, қырық екіде ме, қырық үште ме, қырық төртте ме, қырық бесте ме екен, нақты есімде емес… Көшіп келгеніне де көп бола қоймады. Екі-үш ай… Ағамыздың есімі Есек. Бәрі «Еске!» деп еркелетеді, құрметтейді. Той-томалақ, жиын-шарада оған бірінші боп сөз тиеді. Өзі пысық, еңбекқор, дәулетті, тілге шешен, сөзге бай, ділмар жан сияқты көрінді, кім білсін?! Жалпы, жаман кісі емес. Әкесі бала кезінде есектен құлап, қолын сындырып алған-ды. Сол айда ұлды боп, азан шақырып… со-о-о-о-о-ол…
Әкесінің де аты ерекше. Қашырбек. «Қашеке!» дейді туыстары. Өзі же-лаяқ. Есектің Ит деген бажасы бар. Жұрт оны «Итеке!» деп жер-көкке сыйғызбайды. Бір ғана кінәраты – ашу шақырғанда ит боп үретіні. Кеше ғана енесін қауып алыпты балтырынан. Көрші-қолаң қатынды емханаға алып барып, хирург қанын тоқтатып, тістеген жерін тігіп, «жынданудан» сақтайтын укол салыпты. Бұл хабарды естіген елден ұйқы қашты, маза кетті. Мұндай жағдай тағы да қайталанар болса, итатқыштарды шақыратынын ескертіпті дүйім милләт. Енесі де оңбайды осы. Күйеу баласының «белая горячка» екенін біледі, біле тұра шамына тиетіні қызық. Оны тамыр-танысы Қарғагүл деп бекер атамаған-ды. Көрінген жерге тұмсығын сұғады. Негізі, ныспысы Қарлығаш еді ғой. Ескеңнің ортаншы інісі бар,есімі Доңызбай. Оны «Доқа!» дейміз. Өзі қалталы жан. «Бай – сараң» сөзі Доқаңа ешқандай қатысы жоқ. Көңілденген кезде айналасындағыларға «пачка-пачкамен» ақша таратады да, кейін оны екі еселеп қайтарып алады, бермегендерді «счетчикке отырғы-зады». Жо-жоқ, Доқаң сараң емес, Доқаң жомарт, Доқаң мәрт, Доқаң… Доқаң абзал. Оның да бір ғана міні бар. Бір ғана. Елеусіздеу. Кекшіл және таз. Ұрсысқанда түрі доңыздан айнымайды тура. Қорсылдап, айналасын тарсылдатып, халықтың берекесін алады. Бір жақсы қасиеті – жан қалтасына айна мен тарақ салып жүретіні. Доңызға айналып бара жатқанын сезсе, айнаға бір қарайды да, сол жерде доғара салады, көктемде, күзде және бұлтты күндері шашын тарап, жаңбырдың астында тыр жалаңаш билейтіні бар. Обалы не керек, жалпы, жаман адам емес.
Есек әйелінің есімі Құзғын. Тегін-де, Құндыз екен, бірақ сол күні пер-зентханадағылар той тойлап, «жуып» жүріп, әріптерден жаңылысып қалған екен. Ештеңе етпес. Өмір ғой енді.
Ескең бес адамның басы қосылған жерде белсеніп, имандылық, патриотизм, этика, мораль туралы ақыл айтады. Әлгілер аузын ашып, көзін жұмып, бас шұлғысып тыңдап отырады.
Есек күнде кешке Құдайдан күнәларының кешуін сұрайды. Үйінде жал-барынып, жарбиып жалғыз отырады. Ол – ақынжанды, өлеңсүйер жан.
– Адам жұмыс істемесе де қарны ашады екен ғой! – деп таңғалды Есек нанды соғып жатып.
Есек пен Мұтылған бір-бірін көрсе, кірпідей жиырыла қалады, аса жақтырмайды. Өйткені былтыр ол супермаркет ашып, Т ауылының тұрғындарын жұмысқа шақырып, әбден істетіп алған соң жалақысын бермей зарлатқан. Наразы топ сотқа да арыз жазды, араға адам да салды, ештеңе өнген емес, бәрін «звонок» шешіп кетті.
– Адамның хақысын жеу – үлкен күнә. Құдай сүймейтін қылық. Аман-сау кезіңде ақшаларын қайтар. Мой-ныңа қарыз боп кетпесін,– дейтін Мұтылған. Осы нәрсені әркім әрқалай түсінді. Бірі: «Мұтылған орта жолдан ақшаға кенелмекші екен…» – десе, екіншісі: «Жамағатқа жақсы көрініп, ұпайын түгендемекші ғой…» – деп долбарлады. Жігіт мұның бірін де құлағына асқан жоқ, ойлаған да емес. Түпкі мақсұт-мұраты жетім-жесірге көмектесу, әлсізге пана болу еді. Ажал айтып келе ме?! Сөйтіп жүргенде, аяқ астынан Есек те қайтыс болды. Өлер алдында «Лә иләһә иллә аллах, мухаммадур-расулуллаһ» деп кәлима шаһадат айтудың орнына, есекше ақырыпты деп естідік.
***
Мұтылған биыл қырыққа толды. Әлі бойдақ. Шүйкебасты ары іздеді, бері іздеді, – таппады. Ананың сөзі дұ-
рыс емес, мынаның көзі жаман, ана біреудің өзі де теріс дегендей ғой баяғы. Әкесі: «Өстіп таңдап жүріп тазға жолығып жүрмегін…» – деп кейігені бар. Мұтылғанның ойы: «Алла қаласа, үйленем. Сонда… егізбала
сүйем. Бір ұл, бір қыз. Аттарын Әлім, Гүлім деп қоямын…»
Бұлар үш ағайынды. Әпкесі ертеректе тұрмыс құрып, қазіргі кезде үбірлі-шүбірлі, үрім-бұтақты боп отыр. Інісі студент. Ол өзімен-өзі ешкімде шатағы жоқ. Бизнес ашсам дейді, қазір ұялы телефон алып-сатады. Таңертең кетеді, кеш келеді, кейде үйге де қонбайды. Мұхит асып, Америка көрсем деп жүр… Ал Мақтақыз есімді әпкесі Мұтылған бауырын талай қыз-қырқынмен таныстырған-ды, бірі де жақпады, бірі де ұнамады. Жігіт байғұс: «Анама ұқсайтын шашы ұзын, ақылды, сымбатты, қараторының сұлуын іздеп жүрмін!..» – деп жан-жаққа жар салған-ды. «Мұтылғанмен құдандалы болсақ, жезде я күйеубала қылсақ» деп біраз жан желпінген, бірақ елгезек еркек ешқайсысын ұнатқан жоқ. Содан бері, міне… салт басты, сабау қамшылы. Оның қызбен танысуы да қызық…
– Алғашқы рет сағынғаның есіңде ме? – деді ақ көйлекті ару.
– Иә! – деді жігіт.
– Мен де… Иісі ше? Иісі? – деді сұлу қыз сезімге ерекше ерік… ерік беріп, ентіге, асыға сөйлеп.
Мұтылған мүсінді аруға асықпай, анықтап қарады, қыз да оған ұяла, ұрлана көз тастады.
– Сағыныштың иісі қандай еді? Есіңде ме? – деді сұлу екіленіп. – Өлең оқиыншы!
– Оқи ғой!
Сен қайда жүрсің?
Мені осынша сағындырып,
Жүрегімді лаулатып, жалын қылып.
Мен сені іздеп жүрмін,
Шығар-ау деп жарқ етіп
түзден бір күн.
Мазасыздық жайлаған
жанымды ұғып,
Жинап жүрмін жүрекке ашу-ыза.
Кеудемде қамалған үн,
Шаттығым мен пәк күлкім,
ән-арманым.
Басқаларға айта алмас
сырымды мен,
Ішімдегі бүгіп жүрем –
ақтаруға тек қана саған бәрін.
(с) Фариза Оңғарсынова
– Бір сұрақ қояйыншы!
– Қоя ғой!–деді Мұтылған.
– Ұлылық дегеніміз не?
Жігіт тосындау сауалға тосылып, абдырап қалды, расы керек. Бұл – ең сұмырай сұрақ, әсілі. Сонымен қоймай тәтті сұрақ. Оның үнсіз… үнсіз қалғанын байқаған қыз былай деді:
– Ұлылықтың шеті де, шегі де жоқ. Қарапайым адам да ұлы бола алады. Тек сенім қажет. Ұлылық қатерлі ісік секілді… адамның ішінде болады. Жасуша ұқсап. Иә, иә, тура жасуша секілді. Оянса бітті, сонан соң оны тоқтату мүмкін емес. Мүмкін емес, түсінші! Мүмкін емес… мүмкін емес.
Яғни бұ сауалға жағымды дауыс иесінің де жауабы дайын, әзір. Жалпақ жамағат үнсіз қалды. Жағымды дауыс иесі:
– Шын ба?–деді.
Бәрі тұс-тұстан жамырай кетті:
– Рас!
– Дұрыс!
– Келісем!
– Келісеміз!
– Ұлылықтың кеңесшісі – сұлулық, – деді ару ұзақ ойланбастан.
– Сұлулық та ұсқынсыз болады. Сұлулықта көз жоқ. Ол соқыр. Соқыр кейуанадай. Алдамшы. Оған сенбе! – деді Мұтылған шыдай алмай. Жігіт қызды сағынды. Құшырлана иіскеді, құшағына қысты. Сөйтіп… сөйтіп… сөйтіп барып мауқын басты.
– Сіз мені сүйесіз бе?
– Адамның жүрегіне жету қиын. Бұл – ұзақ жол. Өте ұзақ жол. Біреулер сол жолға шығам деп адасып та кеткен-ді. Жоғалып, дерексіз… Шашыңа ақ түсіпті, – деді жігіт.
– А-а-а?
– Ештеңе, ештеңе! – деді Мұтылған өз сөзінен өзі ыңғайсызданып. Ол кейде лек-легімен келген ойды тежей алмай қиналады. «Уақыттан әулие емеспіз. Уайым көп, қайғы қалың, көңілде алаң бар.
Соғыс, зілзала, адам пейілі, өтірік-өсек, сатқындық, тақ үшін талас, кедейшілік, надан қауым… Осы-ның бәрі саналы кісіге әсер етпей қоймайды. Сыртқа сыр шашудан да сезіктенесің. Бәрі ішіңде, бәрі жан мен сана тұңғиығында жасырулы…» деп ойлады жігіт.
***
Мұтылған – сөзге ұста, әр нәрсенің қадір-қасиетін бір кісідей түсінетін азамат. Өлеңді бәрінен жоғары қояды. Оның себебі де жоқ емес. Нағашы апасы етегіне оралып өскен немересіне ертек, аңыз-әңгіме, қисса, жыр-дастан айтып беретін-ді. Соның барлығы құлаққа сіңісті боп қалғаны шындық. Бір кемшілігі – өлең тудыра алмайтындығында, артықшылығы – поэзияға құрметі бөлек, ынтасы ерекше. Ол жыр оқыса, жаны жадырап, тазарғандай, бойына күш дарығандай болады. Біреуге, я халқына алғыс-рақмет айтарда Мұқағалиге жүгінетіні бар…
Бабаларым, Рақмет сендерге!
Балаларым болмасын
деп көр-кеуде,
Қобызыңмен қосып
ән мен тіл бердің,
Өмірге мен мылқау болып енгенде.
Бабаларым, Рақмет сендерге!
Жыраулардың жазбай
кеткен жырларын,
Арулардың айтпай
кеткен сырларын,
Қорқытыңның қорқынышты
мұң-зарын
Қобызыңның шанағынан
тыңдадым.
Құлазыған сенің құла түздерің,
He білмеген, не көрмеген, ізгі елім.
Жазылмаған тарихымның
жолдарын
Ауызекі аңызыңнан іздедім.
Мен білмеймін.
Басыңа әлде орнап бақ,
Шаһар салып, жасадың ба
жаннат-бақ?
…Әлдеқалай тасқа түскен таңбада,
Табынамын тарихымдай ардақтап.
Сыр ашпайды сенің құла түздерің,
Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің.
Сенің бүкіл болмысыңның
тағдырын
Домбыраңның пернесінен іздедім.
Тегінде, Мүкең небір әңгімелерді жүріп те, отырып та, жатып та айта береді. Ол сөз бастады дегенде елдер «Нені меңзеп отыре кен? Кімді түйремек?..» деп іштей қылпылдап, мазасы қашып отырады…
– Біздің Т ауылында Қайрат деген кісі тұрады. Кім таниды?
– Мен танимын!
– Біз көргенбіз!
– Танымайды екем!
– Қысқасы, Қайрекең… өзі – адамгершілігі мол, адал, әділ, кірпияз, мінезді, өңді жан. Бәрі дұрыс, бірақ жалғыз міні бар – жынды. «Сары қағазы» бар. Әсілі, бұндай адамдарға заң бойынша лауазымды қызметтер атқаруға, көлік жүргізуге, қару ұстауға болмайды. Елдер оны «Жынды Қайрат!.. Жынды Қайрат!.. Жынды Қайрат!..» деп мазақтайтын. Енді ең таңғаларлығы мынау. Бір күні Орталықтан «звонок түсіп», ол аяқ астынан әкім боп шыға келді.Т ауылында шешілмейтін мәселе жоқ. Оған көзіміз анық жеткен. Қайрекең әкімият басшылығына өз «командасымен» ке-ле салып, жан-жаққа «Бір адамның құны – бір қой», «Үй алу үшін Т ауылында 30 жыл қаңғыңыз!» «Адамның досы – аң», «Ура, топастандыруға бағытталған тоғыз қағида», «Жер біздікі емес, ол Құдайға тән», «Өмір мәнін танығың келсе – кедей бол», «Өскің келсе – өзгені сат» деген «жынды-жынды» заңдар шығарды. Әдемі сөйлеймін деп кейбір әріптер ұшып-ұшып та кетті аузынан. Реформа деген тәп-тәуір сөзді «репорм» дейді. Мықты-мықты бастықтармен жолығып, араққа тойып алған күні: «Ре-реп-реп-реп…» – деп «тілін шайнап» (бұл – жеңгеміздің сөзі) қалады. Сөйтіп, халықаралық дәрежедегі тер-минологияның бәрі тегіс қазаққа бас иді.
Бірде айнаға қараған жынды Қайрат:
– Кім-ей бұл маған қабақ шытып тұрған? – деп тас-талқан боп ашуланды да, жұдырығымен бір қойып, қарсыдағы қасарысқан бейнені күл-талқан етті. – Маған ешкім сөз қай-тармасын! Кемшілігімді де айтпасын! Әйтпесе оңдырмаймын! – деді ол қалш-
қалш етіп, қолынан қан саулап. Сөйтіп жүрген жынды Қайрат Қайрат Пәленшеұлы болды, Қайреке, Қайрош, Қайратжан атанды.
Алғашында одан күдер үзген туған-туыс, сыныптас, курстас, дос-жаран біткен жанына жиылып, қызмет, жер, дәреже, шен, медаль сұрап,жағынып,оған пара алудың «жынды-жынды» жолдарын көрсетті, әбден ауыздандырды. «Арық атқа – қамшы ауыр» дегендей, сүйегіне сүйеніп, ілініп салынып әзер жүрген Қайрат мырзаға жарты жылға жетпей-ақ қоң бітіп, қозы қарны шыққан-тұғын.
«Жындылар да ел басқара алады екен ғой…» деп ойлады Мұтылған. Аман болсын Қайрекең! Өйткені бірде болмаса, бірде ісіміз түсіп, шаруамызды шешіп берер адам да (таныс!) қажет боп қалар. Араға ай салып, Қайрекең «қомақты қаржыны жымқырды» деген айыппен ұсталып, басынан бақ, астынан тақ тайып, баяғы жынды Қайрат қалпына қайта түсті. Т ауылының ішінде сөз жатсын ба, лезде-ақ тарады…
– Мойнына іліп жіберген ғой.
– Бір лох қажет болған да.
– О, байғұста не білім, не сауат жоқ. Жүрген бір аңқау, жүрген бір ауыш қой.
– Адам танымай кетіп еді.
– Түбі солай боларын білгем.
– «Қаймақ жеген құтылып, қазан жалаған тұтылды…» деген осы.
***
Мұтылған – ішімдікке, темекіге жоқ адам. Спортпен дос. Таңертең жүгіреді, каналдағы ағысы қатты суға шомылады, аптасына бір рет моншадан қол үзбейді. «Аққа Құдай жақ». Қымыз, шұбат, сүт, тіпті болмаса айран ішелік…» – деп жүреді. Арақ-шарапқа әуестерді көрсе, шетінен тыйып тастап отырады, елді, әсіресе жастарды салауатты өмір салтына баулитын әдеті бар. Тықақтап Т ауылының басшысына өтініш айтып, аудан, сонан соң облыс әкімиятына тұрақты түрде хат жазып жүріп, қазынадан, негізгі активтен «әлеуметтік жоба» аясында екі футбол алаңын және үш балалар ойнайтын жерді салғызды. Жаны жайсаң кісілер бір-бірінен сүйінші сұрасып, құттықтап жатқанда, пейілі тарлар: «Белсеніп несі бар еді соның? Тыныш жүрмей ме! Өсуді қалайды да! Әкім-қараның көзі түсіп, жоғарылауды мақсұт тұтқан адам ғой…» – деп айтқандар да табылды. Артынша күңкіл-сүңкіл көбейіп: «Бастық екеуі бөлінген ақшаны жеп қойған, антикор шақырып тексерту керек бұларды!» – дегендер де болды. Бірақ мұндайға Мұтылғанның еті үйреніп кеткен. Алғаш естіп жүрген сөзі емес. Әр жа-саған жақсылығы сайын екі-үш жау тауып алып отыратын әдеті.
Бетке мақтап, артынан жамандай-тындардың да кім екенін анық біледі, алайда сыр бермейді…
Мұтылғанның өзіме ұнайтын бір жақсы қасиеті бар, ол бәріне асқан сабырмен, ұстамдылықпен қарайды, шешімтал тұста да асығудан ада, салқынқанды, біртоға, беткі жағы тып-тыныш, бірқалыпты, ал ағысы арынды өзен іспеттес. Намысшылдығы да өз алдына бір бөлек әңгіме. Оның Масғұт деген бұрнадан бергі көршісі әрі досы бар. Ол Мұтылғанды ақылшы санап, әр кез арқа сүйейді, естіген-көргенін сонымен бөлісуге асығады.
– Мына ғажапты қара, Мүкебай! Психологияда «қырық жастың дағ-дарысы» деген бар екен. Оқып таң-ғалдым… – деді Масғұт қолындағы газетті көкке көтеріп.
– Әй, сен де! Соны қазір ғана біліп отырмысың? Қойшы… Баяғыдан бар нәрсе емес пе?! Америка ашпай жа-йыңа отыршы осы…
– Шын-ей, достым. Бүгін білдім соны ше. Мә-ә-ә, әлі шок боп тұрмын ғой.
– Т ауылының абыздары оны біра-уыз сөзге сыйдырған ғой, таңғалатын несі бар?! «Отызында орда бұзбаған, қырықта қамал ала алмайды».
– Ой, Алла! Қалай дәл тауып айтқан-ей. Бабаларымыз неткен данышпан болған!
– Ей, Масғұт! Жүр сөйтіп әркімге жем боп. Мотиваторға алпыс мың, коучке сексен мың, психологке елу мыңды санап беріп, есің кетуде. Еңбекпен келген қайран ақша, қып-қызыл пұл. Ұлың не оқуға да түскен жоқ, ал қызыңның бағын байлап отырғаның анау. Кредитіңді төлей алмай, зар илеп жүрсің. Тірлік қыл, жалпиып жата бермей, – деді Мұтылған батырып-батырып айтып. Масғұттың ұнжырғасы түсіп, жерге отырып қалды.
– Достым, қатты айтсам, айып етпеші. Жақынымдай болған соң жанашырлық танытқаным ғой. Әйт-песе ауызды ауыртып нем бар?!
Менен үш жас үлкенсің. Ағам емес, інім сияқтысың ғой бейне бір. Албас-ты басып, айтып тұрғаның мынау. «Қырық жастың дағдарысы, қырық жастың дағдарысы…» Тфуй, мә… Дағ-дарыс, міне, мына жерде, – деп, басын нұқып-нұқып жіберді.
– Сен… о жақта… не айтылатынын естіген емессің ғой.
– Ана жақта ма? – деп Мұтылған аспанды нұсқады.
– Жоға да! Тренинг, семинарды айтып тұрмын.
– Ой, ұрғаным бар!
– Бүгін… кешкі сағат 20:00-де тегін курс бар.
Барып қайтайық та, – деп, Масғұт шылымын тұтатып, рақаттана бір сорды. – «Өмірің өзгереді…» деп жатыр елдер. Ойлашы, біздің ауылға америкалық бизнес тренер арнайы келеді екен.
– Көктен Ғайса түскендей таңырқағаның.
– Қатысқандар кәсіп ашып, нәсібін…
– «Бейнеттің зейнетін көр…» дегендей болдың ғой. Өміріңді өзгерткің келсе, әуелі темекіні таста, – деп, ол Масғұттың аузындағы шылымды жерге атып мыжып-мыжып тастады.
– Тегі, сүттен ақ, судан таза боп көрінбеші. Кезінде арақты да іштің, темекіні де шектің ғой. Өтірік деші, ал!..
– Сөзді доғар… Мен қырыққа тол-дым. Ал қырық жасында Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә сәлләмге пай-ғамбарлық қонған.
– О, жынды! Өзіңді пайғамбармен теңестірейін дедің бе?
– «Болмасаң да ұқсап бақ» деген.
– Кім айтып еді?
– Сен псевдопсихологтерді тыңдап-тыңдап миың кеуіп қалыпты ғой.
– Ширк қой ол.
– Не ширк?
– Өзіңді пайғамбармен теңестіруге болмайды.
– «Өй, сенімен енді қалай әңгі-мелесем?» Алдымен ширктің не екенін біліп алшы, шаласауатты достым-ау.
– Бағанағы сөздің иесін есіме түсіре алмай тұрмын.
– Ойлан, ойлан…
– Айта салшы, әулие болмай.
– Абай ғой!
– Е-е-е, бәсе, бәсе…
***
Кешке Мұтылған мен Масғұт жаңағы мақтаулы мотиватордың семинарына қатысты. Т ауылының мәдениет үйі қарақұрым жұртқа толы. Жасы бар, жасамысы бар, үлкені бар, кішісі бар – барлығы тегіс осында. Ойлағандары – «өмірін өзгерту».
Америкалық коуч аңқау халықты аузына қаратып отыр. Қатын біткен, жас біткен марсиандықты көргендей аң-таң. Ол өзін Томас Андерсон деп таныстырды. Мұтылғанның жанында отырған бір қыз: «Мынау кәдімгі «Матрицадағы» Томас Андерсон емес пе, әйтеуір?» – деді жан-жағына қарап. «Иә, Нео ғой!» – деді Мұтылған сөзін қалжыңға сүйеп. Бірақ әлгі қыз бұның әзіл екенін сезген жоқ, керісінше, сеніп қалды. «Тринити қайда?» – деп айғай салды. Оны ешкім естіген жоқ. Сұғанақ сұрақ у-шудың арасынан сытылып шыға алмай, жаншылып қалды. Семинар екі сағаттан асып, үшінші сағатқа жығыла жетті. Есте айтарлықтай ештеңе қалған емес…
– Андерсон мырза, сонымен, өмі-рімізді қалай өзгертеміз? – деп сұрады оның әр сөзін қағазға түртіп отырған Масғұт.
– Ерте тұрыңыз, ерте жатыңыз. Тайм-менеджмент тәсілдерін қолданыңыз. Уақытты тиімді пайдаланыңыз.
– Ғалымдар «Уақыт қысқарды!..» деп жатыр ғой.
Таң атса, кеш батады. Ондайда не істейміз?
– Айтып отырмын ғой… Күн, апта, айыңызды жоспарлаңыз. Тайм-ме-неджмент, тайм-менеджмент және де тайм-менеджмент! Уақытты бос нәрсеге жұмсамаңыз. Кім айтқаны нақты есімде жоқ, бір ғұлама кісі былай деп еді… Ақшаңыз жетпей ме, көп жұмыс істеңіз, бір жерге үлгермесеңіз, үйден ерте шығыңыз…»
– Қандай керемет ой! Түртіп алайыншы!.. – деді бір қара қатын тесік сөмкесінің аузын жауып. – Тағы қан-дай кеңес бересіз?
– Қалғанын ақылы вебинарымда айтам. Менің Қарынбай деген кө-мекшім бар. О жағынан хабарсыз екенмін, халық оны «Сараңның пірі – Қарынбай» дейді екен.
– Билетті қайдан алсақ болады, мистер Андерсон? Жетпей қалып жүрмей ме? – деді етженді қыз екілене сөйлеп.
– Билетті сату, ақшаны жинау, веби-нарды ұйымдастыру – бәрі Шығайбай шәкіртімнің мойнында, мен тек келіп, өз тәжірибемдегі нәрселерді айтамын. Барлық сауалды мистер Қарынбай мен мистер Шығайбайға қоярсыздар. Ал, мен кеттім!
Мұтылған Томас Андерсонның жағасына жармасып, ішінен түйіп-түйіп жіберді:
– Көтіңнің астына басқан халықтың ақшасын қайтар, оңбаған!
– Маған бүйтіп сөйлейтін сен кім-сің, а? Былай тұр, қане!
– Тағы да қайталап айтам, елдің ақ-шасын қайтар, жұртты қанама!
– Полиция шақыртып, салып жі-берсеңдерші мынаны, – деді Жантық деген жас жігіт. – Бақандай мистер Андерсонға қол көтеріп…
Қысқасы, қырсық Мұтылған ешкімді аяған жоқ, америкалықты да, соның намысын жыртып, жанында жүрген нөкерлерін де быт-шыт қып сабады, әбден тепкіледі, ауыздарын қан жалатты. Полиция Мүкеңнің қолын қайырып алып кетті. Артынша-ақ «қоғамдық тәртіпті аса өрескел бұзу» фактісін тіркеп, әкімшілік құ-қықбұзушылық туралы кодекстің 147-1-бабы бойынша 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындалды.
Сондағы қазақтар Мұтылғанды жындыға санап, оңбаған мистер Андерсон емес, нақ өзі екенін айтты. Жігіт темір торда отырып өлең оқыды. Басқа-басқа, бірақ өлең оқу еркінен оны ешкім айыра алмақ емес. Заң өзгені шектесе де, өлеңді шектеуге хақы жоқ.
Бәрі менің еңсемді басады –
Партиялар,
Діндер,
Үнсіз қырылыстар…
Аспанда қалықтаған «ұры құстар…»
Үйсіз,
Күйсіз бомждар,
Қайыршылар,
Бітпей қалған құрылыстар.
Иеленіп болдыңдар әлемімді әр,
Куә жүрек,
Куә көз жас.
Дәлелім – зар!
Бәрі менің еңсемді басады –
Патшалар…
Уәзірлер,
Және құлдар!
Бәрі менің еңсемді басады –
Жаңалықтар,
Хабарлар,
Ақпараттар,
Банктер,
Кредиттер.
Сот,
Қамақтар…
Ескі үйлер,
Ескі жолдар…
Ескі ереже…
Столдар,
Орындықтар,
Ақ парақтар…
Бәрі менің еңсемді басады,
Көз жасына боялған омыраулар…
(с) Қуанышбек Өмірбек
***
Биыл Мұтылған үшін өте мазасыз жыл болды.
Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған Т ауылының тұрғындары қатарынан 7 бірдей бай-бағланның ажал құшқаны туралы естіді, ішінде осы жағдаятты көзбен көргендері де бар. Кім өлтірсе де, қансыз екен. Алайда аталған ауыл адамдарының өңгелерден айырмашылығы – өлім олар үшін таңсық құбылыс емес, әрі әлгілер мұны тағдыр ісі деп ұғатынында. Бұларды құдайсыз деп те айта алмас ек. Себебі Жаратушыға сенеді. 7 уақиғаны бір-бірімен ортақтастыратын дүние – пентаграмма. Қыл-мыскер әр өлтірген адамның маң-дайына дөңгелек, ал оның ішіне бес жұлдызды таңбалаған-ды. Ең қызығы, сарапшылар олардың неден қаза тапқанын анықтай алмады.
«Бұл пентаграмма қандай мағына береді екен?» деп ойлады Мұтылған. Ол студент кезінен-ақ нумерология, эниология, парапсихология, оккуль-тизммен қатты қызыққан. Енді кітап-тағы қара ағаштай қатқан теория сумаң етіп, қарсы алдынан шыға келгені. Жоғарыдағы белгі Ежелгі Қытай, Мысыр, Рим, Грекия, Үндістан, Шу-мерде наным-сенімге, дінге, дәстүрге, дүниетанымға байланысты әртүрлі тәпсірленеді.
«Мен қылмыскердің ұлтын да, дінін де, қай елдің азаматы екенін де білмеймін ғой» деп ойлады жігіт. Бір білетіні – 7 адам да бір әулеттен. Бұл қарғыс па, әлде бұлар біреудің жолын кесті ме екен, о жағы да белгісіз, Лир патшаның өміріндей бұлыңғыр, Күлтегін қағанның тіршілігіндей сыр-лы. Мұтылған осы ауылдың жана-
шыр азаматы есебінде әрі ерікті ретінде заң қызметкерлеріне көмек берсем деп шешті. Ол қылмыс болған жерді асықпай зерттеп, жансыз де-неге ұзақ қарап, ойға шомды. Бір сәтте ағашқа қарға қонды. Қарғаның жасы да үлкен, көргені де көп. Құс демесеңіз, адамнан ақылды, ойшыл. Жігіт қатты қиналғанда сол құстан көмек сұрайды, екеуі ойша тілдеседі. Ол: «Маған сенің көмегің қажет! Қылмыскерді қалай тапсам болады?» Қарға: «Меніңше, қандықол қарақшы алыстан келмеген секілді. Белгілерге мән бер…».
Расында да, асфальттан 40-41-ші өлшемдегі аяқкиімнің ізі анықталды. Мұтылған жаңағы ізбен жүріп отырды. Бірақ көшенің басына шыққанда соны жоғалтып алды. «Қылмыскер дәл осы тұста аяқкиімін ауыстырды. Алайда 7 мыңнан аса тұрғыны бар ауылдың тең жартысы 40-41-ші аяқкиім киеді» деп ағы ойлады. Сөйтіп, ол оқиға орнына қайта оралды. 7-уі де әр айдың 7-і күні қайтыс болған. Бұл сәйкестік пе, әлде жоспар ма?! Жоспар болса, кімдікі? Және бұл жағдай ешбір бейне-камераға түспеген-ді. Басты мұрат – қылмыскерді тұтқындап, 8-ші өлімге жол бермеу. Мен оған Х деген ат қойып, айдар тақтым.
Жобалауымша, Х сауысқандай сақ, қырандай қырағы.
Бірде-бір белгі қалдырмаған. Жігіт кешқұрым сол әулеттің туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң, жалпы, ара-ласатын адамдарының тізімін түзді де, түгендей бастады. Бас-аяғы 77 адам. Мұтылған солардың ішінен ең күдікті деген 7-уін таңдап алды…
***
– Сіз осы әулеттен қарыз алып, оны қайтармапсыз…
– Мүмкіндігім болмады. Ол кісі кө-зі тірісінде ақшасын сұраған да жоқ. «Кешірдім!» деген.
– Қылмыскерді көрдіңіз бе?
– Көрмедім-м-м-м!.. Бірақ… (Алақаны терлеп.)
– Иә!
– Тамыздың 7-і… Иә, иә, тамыздың 7-і күні… бір адамды байқадым. Түр-түсін тани алмадым. Қараңғы еді… Тек артынан ғана көрдім. Сол үйдің маңайында біразға дейін жүрді.
– Сипаттап беріңіз…
– Қара туфли… (Ойланып.) Қара шляпа… Тағы, тағы… қара шалбар… Бойы… бойы орташа… Сол аяғынан ақсайтын сияқты…
– Оны қайдан білдіңіз?
– Өйткені ол алғашында жай жүріп бара жатты да, далаға шыққан мені көріп, жүрісін үдетті. Ақсағанын сон-да көрдім…
– Ол күні қайда болдыңыз?
– Үйде, бала-шағаммен!
***
– Сіз осы әулеттің күзетшісі екенсіз. Марқұмның інісімен ренжісіп, «Мен сендерден кегімді алам!» депсіз.
– Айтқаным рас. Бірақ кейін тату-ластық, еркекпіз ғой. Одан бұрын кек сақтау – мұсылман үшін жат қылық.
– Сол күні қайда болдыңыз?
– Ауылда. Әйелімнің туған күні еді. Сенбесеңіз – сұраңыз.
***
– Сіз осы әулетпен бірігіп, бизнес саласында біраз жобаларды жүзеге асырған екенсіз. Дағдарысқа байланысты олар сізге қарыз боп қалыпты. Бірақ кейін жартысын ғана қайтарған екен…
– Міне, бүгін қалған сомасын берді. Сондықтан менің бұл іске қатысым жоқ. Өзім намаз оқитындықтан қарыз дегенге аса бас ауыртпайтын адаммын.
Бәрін Аллаға тапсырам.
– Қылмыс күні қайда едіңіз?
– Шетелде! Міне, билет. Сақтап қойғам…
***
– Сіз осы әулетте жүргізуші боп істепсіз. Бір жылдары қаза тапқан кісінің кенже ұлын ұрлаған екенсіз.
– Сол үшін өз жазамды өтедім. Әлі өкінем.
– Қылмысты күні қайда болдыңыз?
– Нан алуға дүкенге кіргем. Бір кезде ел-жұрт шу ете қалды. Сыртқа шықсам, біреу жерде жатыр екен.
Жанына барсам, мен танитын кісі боп шықты. Бірақ өлтірген мен емес. Шын айтам! Қасымда дүкенші болды. Сондықтан алибиім тастай.
***
– Сіз кезінде марқұммен дос бол-ған екенсіз. Алайда бір себептерге байланысты араздасып қалыпсыз.
– Құдай сездірді ме, білмеймін. Әйтеуір, ол өлерінен бір күн бұрын менен кешірім сұрады. Жылап алды. Ол кезде жұмыста отырғанмын. Ал келесі күні «қайтыс болды» деген суық хабар жетті. Шынымды айтсам, өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын елміз ғой.
Төбемнен жай түскендей болды. Абдырап қалдым.
– Сол күні қайда болдыңыз?
– Нағашы атамның 7-сін тараттық.
***
– Сіз марқұмның оққағары болып-сыз. Мұндайға қалайша жол бердіңіз?
– Ол кісі көліктен түскен сәтте біреу қоңырау шалды.
– Әйелі ғой звондаған.
– Солай-ау деймін… Біз банк жаққа бара жатқанбыз. Аға маған «кіре бер» дегендей белгі берді. Мен ішке еніп, 7-ші нөмірлі талон алдым-дағы, ол кісіні күтіп отырдым. Сағат түскі бірден 7 минут асқан кез еді. Сөйтіп, далаға шыққанымда жаңағыдай жағ-дай орын алды.
***
– Сіз марқұмның хатшысы қызметін атқарыпсыз.
– Иә!
– Тағы әйелімен ажырасуына себепкер болыпсыз…
– Бірақ олар кейін қайта қосылды емес пе?! Мен оның ақшасына қызыққан емен. Өйткені өз жағдайым да жақсы. 7 үйім бар. Жетеді!
– Сол күні қайда…
– Т ауылы сыртындағы елдімекен-де. Үлкен зауыт салғызғанмын. Соның ашылу салтанатына қатысқам.
Куәгерлер бар.
***
Мұтылған үшін бәрі әлі де көмескі. Ол бұл қылмыстың әлеуметтік, пси-хологиялық, діни астары бар екенін де білмейді. Кешкі сағат жетілер шамасында, нағында 19:07-де, ойға шомған жігіттің жанынан қолына 7 қарға ұстаған бейтаныс өтіп бара жатып, кідірді де, одан Ж көшесіне қалай баратынын сұрады.
Күңгірттеу жарық әлгі адамның оң қолына түскенде, Мұтылған домалақ ішіндегі бес жұлдызы бар пен-таграмманы көрді. Сол аяғын сәл сыл-тып басады екен.
Қара туфли киген, қап-қара көзіл-дірік таққан, қара шляпа, қара шалбар, қара туфли киген орта бойлы кісіні жігіт білегінен шап беріп ұстағаны сол еді, әлгің жұлқына босанып, аулаққа қаша жөнелді. Мұтылған бейтаныстың артынан қуды. Қап-қара көше… Ол жеткізбей кетті. 7 қарғаның қарқ-қарқ еткен дауысы жан-жақтан естілді. Мұтылған қай жаққа жүгірерін білмей дал болды. Ол ойша «Бұл кім? Неткен 7 қарға, айтшы?!.» деп еді, қазір ғана ұшып келген сенімді серігі – Қарға үнсіз. Мұтылған: «Қарға қарғаның көзін шұқымайды…» – деп мырс етті.
***
Келесі күні. Сағат 17:17 кезінде әлгі қолына 7 қарға ұстаған бейтаныс Мұтылғанды өзі іздеп келді. Ол «Ұс-талдың ба, бәлем?» дегендей жабыса кеткені.
– Ауылдағы ағайынға түр-түсіңді сипаттап беріп ем, үйіңді нұсқады.
– Наводка берді де!
Жігіт күдіктіні Т ауылының поли-ция бөлімшесіне әкеп, «Уақытша тергеу абақтысына» қаматқызды.
Осымен іс бітті деуге болар. Алай-да… Алайда 7 қыркүйек күні құпия жағдайда сол әулеттің тағы бір адамы қайтыс болады. Күдікті абақтыда. Сон-да оларды кім өлтірді? Және не үшін? «Енді қайтсем екен?! Еңбек еш кеткелі тұр ғой» деп ойлады Мұтылған. Бір сәтке оның бойын дәрменсіздік биледі. Қарға алыстан қарап тұрып, жақындай келе қарқ еткенде, жігіт жалт қарады: «Е-е-е-е, сен бе?! Кеңес берші маған, қарғам!
Ойым онға, санам санға бөлінді». Қарға: «Сократ айтқандай, шындық жаныңда…» – деді де, ұшып кетті…
Сөйтіп, ол Т ауылына мәшһүр бал-герге барып, құмалақ аштырды. Мөңке есімді емші Мұтылғанға қарап тұрып:
– Бұл әулет қарғысқа ұшыраған. Өйткені кезінде Жаратушыға жақын жанды ренжіткен. Өзің білетіндей, жетім-жесір, кедей-кепшіктің дұғасы кері қайтарылмайды…
– Оны қалай тоқтатуға болады?
– Кешірім сұрап, разылығын алу керек…
– Бұл ауқатты әулет екен.
– Иә, ауқатты…
– Марқұмның әйелі нашар кісіге ұқсайды.
Мысықтілеу… Дүниеге тойымсыз.
– Қылмысқа бұл әйелдің қатысы болуы мүмкін бе?
– Мүмкін!..
Емші ұзаққа дейін көзін жұмған күйі үнсіз отырды да, артынша күрсінді.
– Түсініксіз… – деді де, тоқтап қалды. Бір кезде дірілдеп, аязда қалғандай қалшылдап, орнынан атып тұрды да, ой тұңғиығына сүңгіген қалпынан айнымай, асықпай барып отырды. Бір дүниеден сезіктенгендей, орындыққа жайғасқан Мұтылған диванға қарата сенімсіздеу жылыстады.
– Қорықпа!.. Түсініксіз! – деп тағы да ілкі сөзін қайталады. – Не аң, не адам екені белгісіз. Әйтеуір, бір жаратылыс иесі… Қап-қара сұлба…
– Рақмет! – деп жігіт оның алды-
на 7 000 теңге қойып, шығып бара
жатқанда, балгер: – Сен ол қылмыскерді таппайсың! – деді сенімді сөйлеп.
– Табам! – деді табанды, төзімді Мұтылған.
– Қолға түсірген күннің өзінде де сен оны соттай алмайсың…
– Неге?! – деді жігіт қабағын қарс түйіп.
– Кейін білесің!..
***
Әл-дәрмені құрыған Мұтылған Т ауылының полиция бөлімшесіне барып, 7 қарғалы бейтанысты босатты. Оның қолындағы белгі әскерден бері бар екені анықталды. Ал кешке марқұмның үйін төңіректегені көзі нашар көріп, бауырының үйімен шатастырғанынан екен. Ж көшесін сондықтан сұрапты. Қашқаны – қорық-қаны. Жігіт үйіне көңілсіз қайтты. Ас-ауқатқа да аса тәбеті шаппады. Төсегінде ұзаққа дейін дөңбекшіп, мазасы қашып, жөнді ұйықтай алмады.
Көз алдына қандықол қарақшының қап-қара сұлбасы келе берді, келе берді. «Қылмыскер кім? Қалай тұт-қындаймын? Неге нақ сол әулеттің адамдарын өлтіріп жүр?» деген сауалдар оның шақшадай басын шарадай қылды. Сол кезде марқұмның әйелі қоңырау шалды. Есімі Құртқа.
– Сәлеметсіз бе! Мен бір маңызды мәселе жөнінде айтуды ұмытып кетіппін…
– Қандай?
– Біз осыдан 7 ай бұрын Ө деген кісіні қызметінен босатқанбыз. Бұған себеп – оның ақыл-есінен айырылғанында. Бірде менің күйеуім Ө-ге дауыс көтергенде, ол аласұрып, «Жарып тастаймын!» деп пышақ ала жүгірген.
– Содан…
– Ол бізде аула сыпырушы боп жұмыс істеді. Оның жанында І деген досы бар-тұғын. Біз оны бұрынырақ, 17 ай бұрын жұмыстан шығарғанбыз, – деді Құртқа сөзін нықтап.
– Сіздің ойыңызша, қылмысты бір емес, екі адам істеуі мүмкін бе?
– Иә!
– Алдымен, мұны дәлелдеген жөн, ал, екіншіден, жынданған адамды соттай алмаймыз.
– Әулетіміз үшін ең маңыздысы – қылмыскерді құрықтау…
– Бұл екеуін қайдан табамыз?
– Т ауылының өр жағындағы Орта-лық көпірден. Мен сізге жол көрсетіп отырам.
– Онда дайын отырыңыз. Қазір мен сізге барам…
***
Құртқа мен Мұтылған Ө мен І-ні Орталық көпірдің астынан іздеді. Көзге түртсе көргісіз қараңғы түнді қақ жарған жарық, сұғанақ итше әр бұта, әр тал-терек, әр қуысқа «тұмсығын» тықты. Қаптаған бомждар. Бірақ әлгі екеуі олардың арасында жоқ боп шықты. Мұтылған сұрастырып еді, бомждар жаңағы екеуін көрмегеніне 17 күннен асқанын айтты. Бір кезде: «Әй, Ө! Кеттік!» – деген қарлығыңқы дауыс естілді.
– Бұл І ғой! – деп Құртқа елікше елең ете қалды.
Мұтылған сол жаққа қарата жүгірді.
– Тоқтаңдар! – деп айғай салды Құртқа.
– Тыныш! – деп жігіт екеуінің ту сыртынан барғаны сол еді, қып-қызыл қырғын басталды да кетті.
І мен Ө жігітке жабылды. Алайда кезінде кикбоксингпен, күреспен шұғылданған Мұтылған екеуін екі жаққа сұлатты да, қолдарын қайырған күйі көлікке отырғызып, бөлімшеге алып барды. Көздері көгеріп, еріндері жырылған, беттері сырылған І мен Ө біразға шейін жақ ашпады. «Жы-ғылғанға жұдырық» дегендей, Құртқа Мұтылғанға екеуін әбден жаман-
дап, қылмысқа қатысы бар екенін жеткізген-ді. Жаны қиналған Ө мұндай әділетсіздікке төзе алмай, орнынан атып тұрды. Жігіт «отыр» дегендей белгі берді де, әйелге:
– Кім не десе де, ақ-қарасын Заң анықтайды.
Сондықтан да дәлелсіз әңгімелерге жол жоқ екенін ескертуге тиіспін!.. – дегенде барып Ө темір орындыққа қайта жайғасты. – Бөлмені босатыңыз. Қазір тергеуші келіп, бәрін тексереді, анық-қанығын ажыратады. Әйел Ө мен І-ге кезек-кезек қарап, «бұлар бір нәрсе айтып қоя ма екен» дегендей ұзаққа дейін кеткісі келмей, есіктің аузында аңдып тұрды. Мұтылған оның оңайшылықпен шықпайтынын түсінген соң, өзі шығарып жіберуге мәжбүр болды. Соның арасынша Құртқа конвертке ақша салып, жігітке ұсынып еді, ол қолын қағып жіберіп, есікті тарс жапты.
– Атыңыз кім? – деді І сұраулы жүзбен.
– Мұтылған дей беріңіз!
– Біз кінәлі емеспіз, ағатай! Ана әйелдің айтқаны өтірік… Оның қандай жауыз екенін білсеңіз ғой, шіркін, – деді І асыға-аптыға сөйлеп.
– Ө мырза… – деді жігіт қағазына бір қарап. – 7 ай бұрын марқұмның үйінде жалданып жүрген жеріңізден жұмыстан шыққаныңыз рас па?
– Ра-а-ас… Ра-а-ас!.. – деді Ө көңіл-сіздеу сөйлеп.
– Тірісінде неге ренжістіңіздер? Неге пышақ ала жүгірдіңіз?
– О-о-ол ту-у-уралы… айта-а-а-а бер-р-р-рсең… ә-ә-әңгім-е-е тау… с-с-с-сылар емес-с-с-с… – деп кінәлі кісідей көзімен жер шұқыды.
– Мен айтайыншы! – деді І кимелеп.
– Өзі айтсын!
– Ол психологиялық ауруға шал-дыққан соң жөнді сөйлей алмай қалған. Кейде айтқалы отырған сөзін
ұмытып қалады, ал кейде тіпті сөз
бен сөзді байланыстыра алмай қиналатыны бар. Сондықтан бәріне түсі-ністікпен қарайсыз деген ойдамын. Шынтуайтында, сізден қорыққанынан ғана сөйлеп отыр. Бәріне кінәлі ана қатын. Құртқа!
– Неге? – деді Мұтылған қағазға бір дүниені сүйкектетіп жазып.
– Ол үйде мына досым екеуміз қатар істедік. Бір күні… жатқан жері жаннатта болғыр ағамыз… жақсы кісі еді… обалы не керек!.. Ө-ге көмек есебінде көп ақша берді. Оны ана қатын көріп қойып, адам жалдатып, бізді ұрғызып-соққызып, бәрін тартып алды. Ал кейін Құртқа ағамызға қастандық жасап, өлтіртпекші болғаны туралы білген Ө-ні ол жындыханаға апарып тықты. Ө-нің ағаға пышақ ала жүгіргені шындық.
Бірақ неге?
– Неге? – деді Мұтылған ойлы қалпынан танбай.
– Ө ағаға «Сізге әйеліңіз қастандық жасағалы жүр!.. Сақ болғайсыз!..» дегенде ол кісі сенбей, досымды елдің көзінше шапалақпен бір тартып, ұрып-ұрып жіберді де, қоя берді. Сонда еркектік намысы тапталғанына арланып, ол пышаққа жармасты.
Күзетшілер ажыратты да, әйелінің айтуымен досымды жындыханаға қа-мады. Қолыма қомақты ақша ұстатып, «Екінші рет сені бұл жерден көрмейтін болайын! Көрсем, аямаймын!..» дегені әлі күнге шейін есімде. Ана қатын досымнан кешірім сұрасын. Сонда адам алдында да, Алла алдында да ары таза болады. Дәл осы сөздің айтылуы мұң екен, жігіт лезде-ақ әйелге қоңырау шалып, Ө-ден кешірім сұрауын өтініп еді, ол ашу шақырып, «кедей-кепшіктің алдында бас иетін әдеті жоқ екенін» айтты. Мұтылған дәл бұл жайтқа қайран қалды, іші удай ашыды. Егер екеуінің көзін құртқысы келсе, неге ұстап берді? Мақсаты қандай? Әлде полиция қыбын тауып, түрмеге қамап, істі жауып тастайды деп ойлады ма екен, кім білсін?
Сұрақ көп, бірақ жауап жоқ… Сол түні тағы бір адам қандықол қарақ-шының қолынан қаза тапты. 27-ші қазан еді. Жаңағының маңдайында домалақ ішіндегі бес жұлдыз ойылған пентаграмма бар екен. Жігіттің жігері құм боп, салы суға кетті. Енді не істе-мек керек?!
***
Қылмыскер табылмаған соң іс тоқтатылды.
Сөйтсек, кейіндеу анықталғандай, адамдарды өлтіріп жүрген бұл – жанындағы Қарға кейпіндегі Жанал-ғыш1 екен. Сол күні қалада «қарқ-қарқ» деген дауыстар біразға дейін жан-жақтан естілді де, бір заматта сап тыйылды. Мұтылған содан кейін ол Қарғаны көрмеді… Ең қызығы, қайтыс болған кісінің барлығы тегіс, бірі парақор, бірі – ірі сауда орындар мен ресторандарды «крышавать» етіп жүрген мафия өкілі, енді бірі – «қара нарықта» адам саудасымен, олардың ішкі құрылыстарын астыртын тасы-малдаушы боп шықты…
– Ажал алдында заң дәрменсіз! – деп жігіт көкке қарады да, ұзын көшемен кетіп бара жатты. Артына қараған жоқ…
***
«Былтыр тыныш еді, биыл ерекше мазасыз жыл боп тұр» деп ой-лады Мұтылған… Таңғы сағат жетінің шамасы. Шырт ұйқыда жатқан Т ауылының тұрғындарын: «Көмек-тесіңдер!.. Көмектесіңдер!.. Құтқа-рыңдар!..» – деген бейтаныстың жанайқайы барлығын дерлік оятып жіберді. Оятқаны өз алдына, секем алды, шошытты, қатты үрейлендірді десек те артық емес. «Не боп қалды екен!..» дегендер терезені ашып, дауыстың қай жерден шыққанына аса түсініңкіремей алақ-жұлақ етіп қарады да, іштей «қой, пәлесінен аулақ… «Бәледен машайық қашыпты…» – деп перде артынан ұрлана сығалап, қайтадан жылы көрпесіне сүңгіді де кетті. Бұл айқай Сетінеген сенім атты көшенің бойындағы екі қабатты үйден естілген-ді. Білуімізше, мұнда Қарлыға атты жасы жетпістен асқан кемпір тұрады. Сырты ағаштан қиылып жа-салған есік тас боп бекітілген-ді. Амал жоқ, полиция қызметкерлері оны сындыруға мәжбүр болды. Бір кісі-лер осынау оқыс уақиғаға асқан жана-шырлықпен қараса, енді бірі мұны ұялы телефонына түсіріп әлек…
Үйдің іші кісі қорқатындай жағдайда…
Заттың бәрі шашылған… Терезе сынған… Асүйдің краны ашылған… Шыны керек, сарылдап аққан су адам-ды сан түрлі ойға жетелейді екен. Шап-шағын бөлмелерде көзге бірден түсерліктей құнды әрі қымбат мүлік-мүкәммал да жоқ. Екі жиегі ескірген диванның қасында қан жұққан пышақ жатты. Бұдан бөлек, жердегі сынған шыныны, шашылған кітаптарды, екі-үш киімді, бес жүздіктен біреу, екі жүздіктен екеу, елу теңгеліктен алтау көлеміндегі ақша мен күміс алқаны байқамай өту тағы да мүмкін емес. Бұрыштағы шкаф ортаға қарай ойыстырылған. Өйткені өзінен соң ағаш еденді сырып барып із қалдырған екен. Есігінің бір жақ шеті опырыла сынған. Әсілі, қылмыскерлер немесе қылмыскер ішінен бір дүниені ізде-генге ұқсайды. Сол заматта дәретхана жақтан «тырс-тырс» деген дыбыс анық естілді. Манағы жерге барған полицейлер жиырма үш-жиырма бес-тердегі жас жігіттің басы кесіліп, төмен қарай асылып тұрғанын көрді. Дененің әр жері өткір затпен зақымдалған, іші мен оң жақ жотасы көгере қызарған һәм мәйіт әлі суи қоймапты. Демек, олар алысқа ұзай қоймағаны ғой.
Кейін анықталғандай, әлгілер жі-гітті қинап өлтірген-ді. Себебі мұрны, екі қолы, екі аяғы оңбай сынған, сынғанда да морт сынбаған, тобығы мен тізесі су тиген бордай үгітіліп кеткен. Алдыңғы екі тісі түскен және оң көзі ісіп, жабылып қалған. Демек, жұмсалған соққы қатты бол-ған деуге толық негіз бар, әрі бас сүйектің оң тұсында ойық табылған. Мұны әйел емес, еркек істегені анық. Криминалист келіп, бәрін зерттеп, қажет мағлұматты жинастырды.
Артынша аға лейтенант Алпамыс пен тергеуші, капитан Ертөстік те қылмыс болған жерге жетті. Полицейлер үйді тінтіп болған соң, айнала-маңды асықпай-аптықпай тексеріп шықты. Бірақ нәтиже жоқ. Ешкімді таппады. Сөйтіп, аулаға шық-
қанда шіруі жеткен ағаш жанындағы елеусіздеу жерден үйдің иесі – Қарлығаның жансыз денесі табылды. Қансыздар оның бес жерінен пы-шақ сұғыпты: үшеуі ішіне, біреуі сол жамбасына, біреуі мойнына (күретамыры үзілген және ол көп қан жоғалтқаны сөзсіз) тиген. Соңғы соққы әлгі кісінің о дүниеге аттануына тікелей себепші болғаны анық.
Біздіңше, ақырғы қос соққы артқы жақтан жасалғанды. Шамалауымызша, кемпірдің қашқан кезінде…
Бұл жағдай Т ауылы тұрғындарының ұйқысын қашырды. Жұрт дала-ға шығуға, жалғыз жүруден қорқып қалды. Ауылда коменданттық сағат жарияланды.
Мұтылған мұндай нәрселерге ерек-ше алаңдаушылықпен қарап, мәселе оң шешілмейінше жанын қоярға жер таппайтын әдеті…
Бұл іске қатысы болуы мүмкін де-гендерді заң қызметкерлері тергеп шықты. Өкінішке қарай, ешқандай өзгеріс болған жоқ. Мәселенки, Қарлы-ғаның Ләйлі есімді құрбысы оның өмірде «жақсы кісі болғаны» туралы баяндаса, Толағай атты құдайы көршісі «қолдан келген көмегін де, ақшасын да аямайтынын» айтты. Тегінде, аузын ашса жүрегі көрінетін Қарлығаның үйіне адамдар көп бас сұқпайтынға ұқсайды. Кедей деп мұрын шүйіре қараса керек. Ол ерте тұратын, ерте ұйықтайтын. Біреумен шәй дескенін ешкім естімеген де. Жора-жолдас, туған-туыс, жақын-жуықтары да жоқ екен. Ал немересі жалғыз қыздан. Қызы бұрнағы кезде күйеуімен ажы-расып, баланы шешесіне қалдырады да, басқа ауылға көшіп кетеді. Жас жігіт жаратылысынан тұйықтау, аса ашылып сөйлемейтін жан болған-ды, марқұм. Ең ұнамдысы – ешкімге зияны жоқтығы. Алайда әйел біреуден қарыз алып, уақытында қайтара алмапты. Негізінен, өлімге себеп болған бұл дүние емес шығар деп ойлаймыз. Бірақ, кім білсін, біздікі жай әншейін долбар, гипотеза, презумпция ғана. Тергеу барысында Желаяқ ныспылы көршісі былай деп ағынан жарылды:
– Біреудің айғайлағанын естідім. Сөйтіп, үйден шығып, коммуналка ішін тексеруді жөн көрдім. Бірінші қабатта ешкім жоқ екен, ал екіншісін аралап келе жатып, қақ ортадағы есіктен әлдебіреудің ары-бері жүр-генін сездім. Тарсылдатып ем, әлгі дыбыстың тына қалғаны… Ал Ақтоқты атты азаматшаның айтуынша, біреудің айғайлап жүргенін еміс-еміс естігені бар, бірақ ол еркек пе, әлде әйел ме, бұ жағын анықтай алмапты. Қап, әттеген-ай! Шамасы, қорқып кеткен ғой. Адам қатты қорыққанда бір сәтке сезім мүшелерінің сезгіштік қасиеті төмендейтіні белгілі.
Әсіресе әйел затында… Ал Көлта-уысар деген көше сыпырушының (та-ңертең сол аумақты жинастырады) сөзін қаперге алсақ, қылмыс болған кезде ол ешқандай аттандаған дауысты я у-шуды естімепті. Тек бір кісінің екінші қабаттан түскенін көрген-ді. Бірақ Көлкең сабаз тас керең ғой…
Қобыланды – сол үйдің жанындағы дүкенде сатушы. Ол, керісінше, екі адамды байқап қалыпты. Алайда ең өкініштісі – кеспір-келбетін анық көре алмағаны. Байқағаны, біреуінің үстінде – қара күртеше, екіншісінде – жем-пір. Жемпір қоңыр ма, жасыл ма, әлде сұр түсті ме, о жағы да белгісіздеу, бірақ біріншісінде қап-қара күртеше бары даусыз. Ақжүніс атты осы аулада тұратын кейуананың сөзінше, Қарлыға ажал құшарынан екі күн бұрын үйіне бейтаныс келіп, екеуі қатты ұрсысып қалған-ды. Сонда ол есікті тарс жауып:
«Екінші рет келме! Жолама!..» – депті ашу шақырып. Апамыз оны ап-анық қылып сипаттап берді: шашы қара, мұрны қыр, мысықмұрт, ернінің жоғарғы оң жағында жырығы бар, өзі қалқанқұлақ, бойы орташа, отырғанда сол аяғы дірілдейді екен. Бұрынғының адамдарына таңғалам, жады не деген ғаламат! Неге апам оны ап-анық байқады деген сұрақ осы мәтіннің авторы ретінде мені де қатты мазалады. Сөйтсем, манағы еркегіңіз ұрыс-керістен соң далада демалып отырған Ақжүністің жанына барып жайғасып, екі шылымды қатарынан шегіпті. Шеккенде де тұп-тура кегі кеткендей құшырлана сорып-сорып, Қарлығаның терезесіне ұзақ қарап тұрған екен. Полиция қызметкерлері оның «фото-роботын» түзген-ді. Бәрі содан кү-діктеніп еді, алайда кейін белгілі болғанындай, бағанағы реніштен соң Шойынқұлақ үйіне барып жүрегін ұстаған күйі құлаған екен. Инфаркт… Ота жасалыпты, қазір ауруханада емделуде, жағдайы қалыпты. Томирис есімді ерке қыз, жалынды студенттен алынған мәліметке сәйкес, сол кезде еркек кісіні емес, екі әйелді көріпті. Полицейлердің бір байқағаны – бал-конның ескі есігі жабық боп шыққан. Кілті сыртында қалған, ал ішінен жіппен тартып байлап тастаған-ды. Кім байлады? Белгісіз!.. Сонда олар есіктен кіріп, артынша-ақ мұны құлыптап, балконнан түскен бе?! Және
Қарлыға далаға қалай, қайдан шыққан?! Сұрақ көп, жауап жоқ! Радиодан «осы іске қатысты бір күдікті ұсталды, бірақ дәлелдің аздығына байланысты босатылды» деген хабар-ды да құлағымыз шалып қалды.
Қаңқу әңгімелер көбейді. Бірі «қылмыскерлер кемпір мен оның немересін қасақана, кек алу мақса-
тында өлтірді» деп гөйітсе, енді бірі «үйіне ұрлыққа түскендер жер жастандырды» десті. Бірақ, капитан Ертөстіктің ойынша, екеуін бір емес, екі адам өлтірген. Әлгі қайтыс болған жігіттің сол қабырғасының үшеуі сынған, әрі оң балтырында, мойын тұсында қан ұйып қалған-ды. Яғни қандықол қарақшылар оны өлтірмес бұрын қылқындырып, әбден қинағанға ұқсайды. Ал Қарлығаның денесінен ондай іздер табылмады. Суыққанды капитан түйінді сөз айту-
ға аса асықпады, керісінше, асқан сабырмен әліптің артын бақты. Себебін айтайын, қылмыскерлердің уәж-мотивін анықтағысы келді. Бұған қоса, куәгерлердің де сөзі бір жерден шықпады, әрине, бұның бәрі көңілге күдік ұялатты.
***
Уақиға орнына барып, ұзаққа дейін үнсіз ғана зерттеген Ертөстік терең ойға шомды. Аз уақыттан соң сабырлы қалпынан танбаған тергеушіге тіл бітті-дағы, жанындағы Алпамысқа былай деді:
– Бұлар не іздеді? Соны тапты ма екен? Қылмыстың қозғаушы күші – сол! Әуелі әлгілердің мақсатын анықтап алған жөн.
– Оларда ешқандай мұрат болмаған да шығар?! Олар мұны жоспарламауы да мүмкін ғой… – деді өзіне сенімді серігі сұраулы жүзбен.
– Қателеспе, Алпамыс! Одан да сен детальдарға мән бер. Мұны жақын араласқан, бұл үйді жақсы білетін адамдар істеген. – Олар адам емес, хайуандар! – деді серігі капитанның сөзіне түзету енгізіп.
– Қалайсыңдар, жігіттер? Не жа-ңалық? – деді Мұтылған.
– Әзірге еш жаңалық болмай тұр ғой сол! – деді Ертөстік баппен сөйлеп.
– Бұл іс ашылмай, Т ауылының жұрты дұрыс ұйықтамайын деп тұр. Соның ішінде мен де бармын! – деді Мүкең қабағын қарс түйіп. Дәл осы тұста автор ретінде оның аузына мына сөзді салсам:
– Қолдан келген көмекті аямаймын. Мен сендермен біргемін!..
– Түсінем, алаңдайсың! – деді Алпамыс Мұтылғанның иығына қолын артып.
– Екінші қабатқа көтерілгенде не байқадың? – деді капитан оң қолын иегіне тақап.
– Ештеңе! – деді серігі оқыс сауалға деген таңданысын жасыра алмай.
– Қанды көрдің бе?!
Тәжірибесі әлі толыспаған, деген-мен көзінде оты бар лейтенант подъезд-ге шықты да, қайтадан оралды.
– Иә!
– Енді тыңдаңдар… Әңгіме былай… Меніңше, қылмыскерлер ойран-то-пырды бірден бастамаған секілді. Алдыменен пышақпен жасқап, қорқытып-үркіткен. Себебі әлгі айқай таңғы сағат алтының шамасында естілген.
– Мүмкін, тапаншамен шығар?! – деді Мұтылған көмектеспек болған ниетін анық аңғартып. Біз де оның ойын қуаттағымыз келді.
– Мұны да жоққа шығара алмаймыз. Бірақ гильза қайда? Қайда? Оларда пистолет болса, неге қолданбады деген орынды сұрақ туындайды. Одан кейін… қылмыскер кемпірді пышақпен ішінен ұрған. Ол қорғанып жатқанда немересі дәретханадан шығады.
Сұрастыруымша, жігіт спортпен шұғылданған екен. Күреспен. Өйткені құлағы сынған.
– Түшпара!..
Бұл сөзді Мұтылған айтты ғой деймін.
– И-и-и-иә, түшпара… Сол кезде кемпір далаға қашып шығады. Ал қылмыскерлер жігітке шамасы жет-пейтінін біліп, ауыр затпен, шамасы, темірмен ұрады. Ал екіншісі келіп оң жағынан пышақ сұғады.
Адам денесіне пышақ кіргенде, бойы ып-ыстық боп, балқып, кере-мет күй кешіп, бұлшық еттері жиырылатынын білесің бе?!
– Оны өз мысалымнан білем, – деді Мұтылған.
Алпамыс аз-кем үнсіздіктен соң:
– Олар екеу емес, үшеу шығар, капитан!
– Иә, үшеу болса ше?! – деді Мүкең іштегі қызығушылығын сабырға жеңдіргісі кеп.
– Жоқ, екеу, жігіттер! Мен екі ізді ғана байқадым.
Бірі үлкен, екіншісі орташа. Осыған қарап біз олардың дене-тұрқын да жобалауымызға болады. Демек, бұл үйге бір, бір жарым ай көлемінде бөтен ешкім келмеген ғой?
– Так!.. – деді Алпамыс ойланып.
– Жігітті өлтірген қылмыскерлер оның басын кесіп, төмен салбыратып іліп қояды да, есікті іштен кілттейді. Кемпірдің далада жүргенінен және біреу келіп қала ма деп сезіктенген бір қылмыскер арқан арқылы жерге түседі. Өйткені мына балкон басқа үйлердікіне қарағанда биіктеу. Абайламаса, аяқты сындырып алу қаупі бар. Біріншісі жерге түскенде, екіншісі үйдің ішіндегі заттарды ақтарыстырады. Алайда асыққаны сонша – ештеңе алып үлгермейді. Олар өздерімен бірге жіп және арқан әкелген. Арқанмен төмен қарай түскен, ал жіппен… жіппен балконның есігін байлай жапқан. Ал кілті сыртында қалған.
Меніңше, олар балконның кілті қайда тұрғанын білген және оны үй иелері көп қолданбағаны көрініп-ақ тұр.
– Оны қалай байқадың, капитан? – деді әр сөзін мұқият тыңдап отырған Мұтылған.
Сұраққа суырылып жауап беру Ертөстіктің табиғатына жат. Сөзге тартқан адамға кірпік қақпастан сынай қарап отырады да, әнтек жымия салады. Ал кей-кейде сенген кісіге тығыны ашылған бөшкедей ішін-дегісін ақтаратыны тағы рас.
– Есікті ашып-жауып көрші.
Алпамыс балконның есігі ауыр ашылып, қиыншылықпен жабылатынына көзі жетті.
– Бұл екеуін өлтіру кімге қажет бол-ды екен? – деді серігі терезеге қарап.
– Оны қазір анықтаймыз! – деп, бір рет қана қолдануға жарайтын қолғап берді де: – Үйді толығымен тінтіп шығу керек. Меніңше, олар…
– Немесе ол…
– Жоқ, олар… – деп кідірді де, сөзін ары қарай жалғай түсті. – Бір нәрсе іздеген. Бірақ таппаған. Таппауына себеп – сезіктену… Асүйдегі судың сарылдап аққаны есіңде ғой…
– Иә! – деді аға лейтенант.
– Қан біреуінің үстіне шашырайды. Ол қос қолғабын шешіп, жылдам-жылдам жуынады да, асыққаны соншалық – анау бір жерде ұмытып кетеді. Пакетке сал.
– Бұл өлген жігіттікі шығар.
– Қателеспе, бас бармақ пен шына-шаққа киілетін тұсқа қан жұққан.
– А-а-а!
Мұтылған, Ертөстік және жа-нындағы серігі астаң-кестеңі шыққан үйдегі заттарды алаңсыз ақтарады.
Аз-кем уақыттан кейін капитан линолеумды пышақпен кеседі де, жерқойманың қақпағын ашады:
– Олар осыны іздеді! – деп ақ-шыл сұр матамен оралған ақшаны көрсетті. Айлы түнгі ақша бір сәтке қорқынышты көрінді. Ертөстік сана-малай бастады: 2 миллион теңге екен. Мұтылған ішінен тағы бір нәрсе табылып қала ма екен деген дәмемен қойманың ішін әбден тінтіп шығады: дым тартқан сары кірпіштер, шіріген тақтай, жыртылып, тозуға айналған екі кітап пен қап түбіндегі картоп…
– Мұны әлгі әйел мен немересі қосылып жинаған болу керек. Бұл туралы біреу білген. Бірақ кім?..
– Қазір 2 миллион ақша болмай қалды ғой.
– Онда маған бере салыңдар! – деді Мұтылған я әзілдегені, я шын айтқаны белгісіз.
Ертөстік бұл сөзге аса мән бермеді. Себебі дәл осы сәтте оған керемет ой келді:
– Қылмыскерлер бұл жерге тағы да келеді, жігіттер! Мынаның артынан… – деп ақшаны нұсқады.
– Ой, олар екі-үш айсыз аяғын аттап баспас. Немесе… немесе мүлде келмеуі де мүмкін… – деді.
Алпамыс сенімсіздік танытып.
– Қара да тұр! Бір айдың көлемінде оралады.
– Неге? – деді Мұтылған мұңды дауыспен.
– Себебі бұл ақшаны басқалар алып кете ме деп қорқады.
– Ай, қайдам!
– Кел, бәс тігейік!
– Егер сен ұтылсаң, онда мені рес-торанға алып барасың, – деді Алпамыс.
– Ал егер де сен ұтылсаң, маған кітап сатып алып бересің, – деді Ерекең, Ертөстік.
– Қандай?
– Криминалистика туралы.
– Мақұл!
– Ал, кес, Мұтылған! – деді Ертөстік нық әрі сенімді сөйлеп.
Содан бастап үшеуі қылмыс болған жерді күнде торуылдайтын әдет тапты. Қақпан құрған аңшылар ұқсап көлігін ыңғайлы жерге қойып, үйге телміріп отырғаны отырған. Екеуі бір мызғып алса, Ертөстік сергек отырады. Шіліңгір шілденің аяғы еді. Содан 28-і
күні, түнгі сағат 00:45-те қап-қара киінген екі адам балконның маңына келіп, арлы-берлі ұзақ жүрді. Біреуінің бойы ұзын, ал екіншісі тапалдау екен.
– Жігіттер! Әй, жігіттер! Ананы қа-раңдар! Келді! – деді Алпамыс балаша қуанып.
Ертөстік:
– Тс-с-с-с! Ақылдасып алайық! Мен есіктен кірем. Ал сен екеуің бал-
конның астында күтіңдер, – деді сыбырлап.
Жаңағы екеуі балконға басында ілмегі бар арқанды лақтырып, алды-менен ұзыны, артынша тапалдауы көтерілді.
– Ал, кеттік! – деп Ертөстік та-паншасын сайлап, сақтықпен жүгіре жөнелді. Ол екінші қабатқа көтеріліп, есіктің жанына келгенде күбір-сыбыр әңгімені естіп қалады-дағы, бірден тоқтайды. Капитан есікті өзінде бар кілтпен (дубликат) жайлап ашып, кіріп келе жатқанда әлгі екеуі оған жабыла кетеді. Сыртта күтіп тұрған Алпамыс пен Мұтылған «тарс» еткен дыбыстан сезіктеніп, олар да жоғары шығып, бөлмеге жүгіріп-жүгіріп кіреді. Осы кезде қып-қызыл қырғын басталады. Ертөстік ұзынтұраны арты-
нан келіп қылқындырып жатыр екен. Ал Мұтылған мен Алпамыс жаңағы тапалды бір бұрышқа тығып алып, әбден ұрады да, қолын қайырып, «наручник» тағады. Екеуін екі орындыққа байлап қойып:
– Уақиғаның қалай болғанын өз-дерің баяндайсыңдар ма, әлде айтып берейін бе? – деді Ертөстік сенімді, бірақ ентіге сөйлеп.
– Атың кім?
– Асан! – деді тапалы.
– Жейдемді жырттың ғой, Асан-ау!
– Өтірік айтып тұр! Дегенмен ма-ңызды емес. Асансың ба, Үсенсің бе, о жағы тергеу барысында анықталады.
Қылмыскердің басы төске құлап, дорбаға салынған қатықтай салбырап кетті. Ал ұзынтұра өз ісіне масаттанған кейіпте суық жымиып, жан-жағына маңғаздана көз тастады. Ол бір рет сотталып, түрме дәмін татқан екен. Бір «ходкасы» бар. Кемпір мен оның немересін де өлтірген сол болу керек.
– Менің еш кінәм жоқ!
– Сонда кім кінәлі?
– Мынау!
– Сендейлерді соучастник, подель-ник дейді!
– Бұл үйді қайдан білесің? Шы-ныңды айт, қане!
– Ол да сот барысында ескеріледі.
Тапалдауы біразға дейін үнсіз отырды да:
– Бұл кісіні танығаныма екі жылдан асты.
Сантехник боп жұмыс істеп жүрген кезім. Содан апамыздың сеніміне кіріп алдым. Көбінесе кешке келетінмін. Ешкім көрмес үшін… – деді ауыр жұтынып.
Жұтқыншағы бір көтеріліп барып, қайта орнына түсті.
– И-и-и-и?.. – деді капитан мұрны-нан сорғалаған қанды сүртіп.
– Әңгіме арасында апамыз жинап жүрген ақшасы туралы айтты. Сөйтіп жүргенде қаржы қажет болды.
– Қанша?
– Төрт жүз мың! Бірақ, шыны керек, ұрлауға жүрегім дауаламады. Бір жағынан, қорықтым. Және мұ-ның арты адам өлімімен аяқталады деп ойлағам да жоқ. Мына жігіт көрші квартирада тұратын. Біздің жанымызда. Бір көше ары… Айтып ем, ұзақ ойланған жоқ, бірден келісе кетті.
– Екеуін кім өлтірді?
Өлі тыныштық орнады.
– Кім өлтірді деймін? – деп капитан айғай салды.
– Мен! – деді бағанадан бері үнсіз отырған ұзын-тұра. – Жігітке шамамыз жетпейтінін білдік те, темірмен ұрдық… Содан соң пышақтап тастадым. Денесін бөлшектейміз бе деп ойлағам. Уақыт жетпеді… Басын ғана кестім. Кемпір көшеде айқайлап жүрген соң далаға шықтым да, артынан келіп пышақпен ұрдым…
Үн-түнсіз тыңдап отырған Ертөстік әңгімеге араласты:
– Түсінікті! Кітап қарыз болдың, бауырым! – деді ол Алпамысқа суық жымиып.
***
Кейін сот-медициналық сарап-тама қорытындысы бойынша қос қылмыскердің де ақыл-есінде ауытқушылық байқалмағаны толықтай анықталды. Олардың жауыздықтарын әшкерелейтін әйдік-әйдік айғақтар жеткілікті еді. Сөйтіп, бұл қылмысқа да нүкте қойылды… Ақыры, Т ауылы тұрғындарының көңілі жайланып, сұрғылт тартқан тіршілігі жадырап-жайнап сала берді. Бәрінен бұрын бұ уақиғаға Мұтылған батыр қуанды…
Жалғасы бар…
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.