Түннен суырып алған түсім…
04.12.2024 0 132
Ардақ Нұрғазы,
ақын, драматург һәм сыншы. 1972 жылы Қытай Халық республикасында туған. Шығармалары 1991 жылдан жарық көріп келеді. 2006-2008 жылдары «Шетел әдебиеті» газетінің бас редакторы болған. «Жалын» журналында редактор, «Алматы Ақшамы» газетінде журналист, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының әдеби бөлімінде редактор болып жұмыс істеген.
КӨБЕЛЕК
Мұражайда,
тас мүсіннің алдында тұр едім.
Ақ көбелек төбеден түсті
Күмбезден төгілген күн шуағында.
Тас мүсін де, мен де селт еттік
Әйтеуір маған солай сезілді:
Періштелер ақ қанатты болады, деуші еді
Тас мүсін күлімсіреп тұр
Мен шуаққа алақанымды тостым
Бірақ, онда көбелек жоқ еді.
ҒАСЫРДАН ДА ҰЗАҚ КҮН
1. Найман ана
Шілденің
шамырқанған шатағы көп күні төбеде
Долдана өртеніп тұр.
Желген желмаяның соңынан қалмай
Құс пен аңыз еріп келеді.
Таразының екі басында
Империяның ақ бұлты және Мәңгүрт.
Көшенің екі басында
Сен және көлеңке.
Қағыр далада құм төбелер
Сәт сайын формасын өзгертеді.
2. Мәңгүрт
Сенің басыңдағы әлем
Үлкен бір тор
Сенің анаң сол қараңғы торда,
кішкентай құс сияқты
Тынбай шыр-пыр қағады.
Сенің күндіз де, түн де емес әлеміңде
Пешкалар тоқтап тұр
Біреулердің саусағының қыбырын күтуде.
Жаратушы берген дүниені
тартып алушылар үшін
Сенің тәнің не керек:
Ішкен-жегенің, ұйықтағаның,
күлгенің, жылағаның?!
Оған қажеті сенің рухың.
Әр дәуірде Жаратушының
құдіретіне сұқтанатындар бар
Түнде жортқан сүмелек ұры сияқты
Топырақтан жасалған мүсінді айналсоқтап, торуылдап қоймайтын.
БӘРІН ЖОҒАЛТҚАН СӘТІҢ
Қаңыраған бос бөлме де
Өзіммен ғана тілдесем.
Үнсіздіктің өзі, өзі іздеп келген
ескі досың сияқты
Айтпайтынды айтады.
Ол сені сенен де жақсы біледі.
Оның алдында
көзді тайдырып әкету, екіжүзділік
Сөзді басқа арнаға бұру
немесе өтірікке басу деген
Атымен жоқ.
Үнсіздік, мынау әлем, шексіз дүние, ғарыштан қарап тұрған көз
Оған кірер есіктің қажеті жоқ.
Төбеңнен құйылған нұр сияқты
Қатып қалған жүрегің ериді.
Саусақтарың бала кезіңде
ұстап тұрған батпырауықтың
Жібін тартады.
Әкеңнің ертоқымға отырғызып,
үзеңгіні қысқартып:
«Балам, атқа мықты отыр», — деп
қасыңда тұрғандағы
Әжімді жүзін анық көресің.
Шешеңнің құшағын,
бауырына тартқандағы сол бір
Әлдеқашан ұмытып қалған
иісін сезінесің…
Оның алдында уақыт қайтып оралады.
Кешегі күндер осында
Бірақ, ештеңе істей алмайсың
Сәт сайын бәрін жоғалтып
жатқаныңды ғана сезесің.
ТАСҚҰДЫҚ
Шешем Зейнеп Жүсіпқызына
Қартайған шағы
Мариям ананың
Терең тас құдықтан су алып тұрған.
Бұл құмды өлке
Аңызақ жел мен толған ай
Алма кезек орын ауысатын.
Бірінің соңынан бірі жорғалаған күндер
Түгеп бермес құм түйіршігі тәрізді
Теңізге тамған тамшыдай
жым-жылас жоқ болып жатыр.
Жоғалту деген жалғыздық па?!
Жоғалту деген жалғыздық!
Сағым ойнаған далада, сонадайда
Біреудің қарасы бұлдырайды
Тап бір тосыннан пайда болған елес сияқты.
Жоқтан бар болып, қоюланып,
бараны қалыңдап, жақындап келеді
Бейнесі, жүзі таныс
Күлімсіреген ажарында
соңғы сәтке дейін
сейілмеген сол бір жымиыс.
Жүрек шіркін, дір етті
Ағаш шелектегі шайқалып төгілген суды
құмды жер қан сияқты
Құныға жұтып жатыр.
Есін жиып алған сәтте, бәрі орнына келді
Елес
Ол ұлын көрді
Алғаш рет және соңғы рет көргендей.
Селт еткенде
Мынау әлем тағы бір рет
Өз келбетін жасыра алмай
қалған сәтті тәрізді.
ҮРЕЙЛІ ТҮС
(поэма)
«Дәстүрлік уақыт көзқарасы
өзгеріп жатыр…»
Octavio Paz
Талай жылдың алдында
Түннен суырып алған түсім
Алдымнан шықты.
Қол беріп, амандасып тұр.
Қарауытқан бет әлпеті танылмайды.
Шимай-шимай жазу.
Көшеде қайшалысып жатқан адам нөпірі
Кейде тоқтап, кейде жүріп жатқандай.
Уақытқа маталып қалғандаймын.
Ол мені келер күнге лақтырып жібергендей.
Құстың елесі қапасында отыр.
Шынайылық, көлге түскен тас
Құлыптан жаңғырған дауыс шығады.
Толқындар жағаға жетпей өліп,
жоғалып жатыр.
Жапырақтан қан тамшылайды.
Көз алдымнан пойыз вагондары өтуде.
Суретте қысылысқандар біреуді
Ығыстырып шығарып тастады.
Қара шабадан көтерген әлгі адам
Қарсы жағада маған қарап тұр.
Пойыз енді кері бағытта жүріп
жатқан сияқты.
Сүрініп кеткен біреу есікке барып соғылды.
Түн аспанында жымыңдаған жұлдыздар
Көз жасы сияқты мөлдірейді.
Сөз ұйып тас болып қатып қалған-ау шамасы.
Дирижердың сермеген таяғының ұшында
Өркестір үнсіздікті жұлқына,
жеріне жеткізе ойнап жатыр.
Көкжиекте қаз-қатар өскен ағаштар
Көлеңкесімен жарысып барады.
Төбедегі шағыр күн
Түрме қарауылы сияқты қарауытады.
Ақ қағаздың бетінде шашылып
жатқан сөз емес, көк көбелек
Акталған қабырға тамның
беті үгіліп, түлеп түсіп жатыр.
Әлдекім салған сурет
Барған сайын әжім торлаған
қарт адамның жүзіне ұқсап барады.
Өзен иірімге келіп тоқтап қалғандай.
Аспаннан бір түйір қара қар
қалықтап келеді.
Соққан ызғарда өлік қоятын үйдің иісі бар.
Тас жұмылған уысымнан біреу
жан ұшыра жұлқынып
Шыға алмай жатыр.
Көпірде кездескен жанды тани алмадым.
Өңі күңгірт, мүсіркей қарайды.
Қаны тиылған, қарауытқан
жарадан мөлдір ай туып келеді.
Көлеңкем үнсіз, ойланып тұр.
Кафеде үш, төрт адам сыра ішіп отыр.
Араларындағы өзімді
бірден тани алмадым.
Жат адам сияқты, қарап та қоймайды.
Қанша бұлқынғанымен
Гүл қауашағын жармайтын сияқты
Алма ағашының сарғайған жапырағы
Жалаудай желбірейді.
Таң саз берген шақ, теңізді көрдім
Жалғыз тал жапырақ сияқты
Судың бетінде қалықтап тұрмын.
Теңіздің астында тағы бір аспан,
мені өзіне тартады
Құрастырылатын суреттің ақ тұрған орынын
Алақанымен басып отырған жан сияқты,
Құс шындықты шұқып-шұқып алып,
Жан жағына жалтақтап қарап қояды.
Егіліп жылаған өзімді құшағыма алып,
Уата алмай отырмын.
Бөлме іші қаңырап бос қалған.
Тасыған өзен емес, уақыт
Батыс көкжиектен көтерілген қызыл арайда
Қарауытып қарғалар ұшып келеді.
Үгілген тас желге ұшып жатыр.
Жаңбырда, көлде
дымым құрып малтап келемін.
Қабырғада ілулі тұрған маскалар
Үнсіз ғана орындарын ауыстырып жатыр.
Жапан далада әлдекім
атымды атап шақырған
Дауыс естілді.
Сыбырласқан үн шығады.
Жаңбыр суымен шайылған
гранат тастың үстінде
Тапталған ұлу қабыршағы жатыр.
Алаңда әлденеден қорқып,
үрейленіп жалтақ-жалтақ қарап тұрмын,
Әне-міне дегенше төбемнен
бірдеңе былш түсетін сияқты.
Жалаулап тұрған шырақты біреу үрлеп
Өшіре алмай жатыр.
Айнала қаумалаған
қараңғылық қарық болып
Мазақтап күлкі етуде.
Биіктен алма домалап келеді,
Жолындағысының бәрін жапырып,
жан жаққа шашып келеді.
Терезеден сыртқа қарасам,
Аспанда біреу салбырап тұр.
Тамған тамшыдан көлеңке
барған сайын зорайып барады.
Столды айнала ас ішіп отырмыз,
Ешкім тіл қатпайды.
Әлдекімнің орыны бос тұр.
Бәріміз сол жаққа қарай береміз.
Сөздің ауырлығы соншалық
Екі тіземнен жерге кіріп кеткендеймін.
Піскен анар күреңітіп жарылайын деп тұр.
Жол жолбағанасын іздеуде.
Терезенің жақтауына жазылған
есімге көзім түскенде
Айнадан бірнеше өзімді көрдім.
Аспанда кідіріп қалған құсты біреу
Шимайлап өшіріп тастады.
Тоғай ішінде ала көлеңке,
Ала көлеңкеде екі айыр жол жатыр.
Қайсысымен келгенім есімде жоқ.
Ашық алаңда біреу мылтығының
тұмсығын көтеріп
Әлденені атқалы тұр.
Құс емес, аспан, шытынап
шағылып жерге түсетін түрі бар.
Бетіме қара бояу, көмірдің күйесін
жағып алыппын.
Жіппен ойнайтын қуыршақтар жабылып
Біреуді аспаққа асып жатыр.
Жан дауысымен шыңғырған үн естілді.
Қайдан шықты?
Я, менің ішімнен шығып жатыр!
Тастақты тар көшеде артыма
қарап-қарап қойып
Құныперен қашып келемін.
Көшенің ана басында шоқпар
көтерген қызыл атты біреу
Көлденеңдеп тұр.
Роза гүлінің соңғы күлтесі төгіліп түсті.
Жердің бетін жапқан
қып-қызыл жапырақтар,
Өртеніп жатыр.
Біреулер жер қопарып, көр қазуда
Лақтырған дымқыл опырақ бетіме кеп тиді.
Рамкада тұрған қара сурет шыға келіп
Мені құшағына алды.
Алға басқан аяғымның соңынан еріп
Құзға құлап кеттендеймін.
Аспаннан түскен әлдененің
екпінімен ұшып
Қалықтап барам.
Қос қолымен бетін басқан біреу
Саусақтарының арасынан тесіле қарайды.
Көлдің бетінде айдың ақ сәулесі қалқиды.
Ту сыртымнан қыр арқама
әлдекімнің алақаны тиді.
Жерге қазық қағып жатырмын.
Қасымда жатқан қыл арқан
Тұманды далаға қарай шұбалып барады.
Есікті серпіп қатты жапқан едім,
«Шарқ» еткен дауыс шықты да,
Ар жағында тұрған адам
зым-зыя ғайып болды.
Әлдеқайда тамған тамшының
дауысы естіледі,
Ұзақ үнсіздіктен кейін,
тағы да ұзақ үнсіздік.
Жайылған қос алақаныма
қайта-қайта қараймын.
Қыш күбі сынып жерде жатыр.
Қай жерім жаралы болды екен?
Өлген Қалқанды көміп тастағанмын.
Итім күшік кезіндегідей
Үйілген топырақтың үстінде отыр.
Жапақ-жапақ қарап қояды.
Көше автобусқа шықтым,
Бос орын жоқ екен.
Көрінбейтін адамдар түсіп-шығып жатыр.
Аялдамаға тоқтамай-ақ
кетіп бара жатқан сияқтымыз.
Жүргізушінің орыны ғана бос тұр.
Қираған қалаға қарап тұрмын.
Айналада, май бояулы
картина сияқты тыныштық.
Жан баласы жоқ осы көшені бойлап
қанша рет жүргенім
Есімде жоқ.
Әр рет қайтып оралғанымда,
Тұрған орнымнан
қозғалмаған жандай сезінемін.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.