(Ақын-жазушылардың өмір тарихтары)
№39-ШЫ КАМЕРАНЫҢ ТҰТҚЫНЫ
Ешқашан ашуланбайтын адамда жүрек болмайды, ал ондай кісінің өмірде болмайтыны анық. Ал жүрек сезімі болмаса,ол салмақтылықтан емес, сезе білмеуден. Мұндай қиын сәтте атыңа сын келеді. Қайырымды адам өз елінің абыройына қауіп төнгенін білсе, бір өзі мың кісі үшін қимылдайды. Жазушы Максим Горький сондай адам болған.
Ақиқатқа қарсы астыртын әрекет самодержавалық Ресей империясының қоғамдық өмірінің өзегіне айналған. Жаратқанның Жерге жібергенінің ішіндегі ең қасиеттісі – құқық десек, сол заңдылық империяның кеңсесінен бастап, хуторына дейін бұзылған.
Империя қалыптастырып шығарған адам мінезі – амбивалентті құбылысқа айналып, ол өзіне қарсы шыққанның бәрін езіп-жаншып отырды. Құлдық күшейіп, оның амбиваленттік сынары – билеуші, басқарушы, қанаушы мен езілуші тап болып екіге бөлінген. Ол өсе келе адам ақылына сыймайтын фантомның дәрежесіне жеткен. Жоқшылық пен кіріптарлыққа шырматылған орыс қоғамы осының бәріне самодержавалық билік кінәлі деп тапқан. Оны ресейдің прогресшіл тұлғаларының бәрі сынаған.
1915 жылы Николай Бердияев өзінің «Психология русского народа. Душа России» атты мақаласында: «Ресей – адам естімеген сервилизм мен ақылға сыймайтын көнбістің елі. Мұнда адамның қарапайым құқығы деген ұғымының өзі жоқ, сол себепті ешкімнің де намысы қорғалмайды» – деп жазған болатын.
Николай І-ші патша «Ресейді мен билеп отырған жоқпын – шенеуніктер билеп отыр» деген еді. Ол шындықты мойындаған. Құлдық сезімге бейіл Ресей халқы сол кезде күн сайын деспотпен, тиранмен бетпе-бет күресуге шығып жатты. Бастықтың алдында құлдық ұру, тек орысқа ғана тән сезім, – деп жазады Андрей Кончаловский. – Тәніңнен осы византиялық жағынуға деген құмарлықты, құл болуды аңсаған арманды мысқылдап сығып шығару керек. Егер де адам билік басында болмаса, оған қалай болса солай сөйлеуге, артынан түкіруге болады, – десе, Салтыков-Шедрин «Бізде тең сөйлесу деген жоқ, не тұмсықтан ұрады, не қолыңызды сүюге рұқсат етіңіз дейді», дейді сол кездегі ахуалды меңзеп.
Шығармашылық тұлға үшін қуаныш ауылы өте сирек. Осы масқаралықты көрген М. Горький: «Уақытсыз ойлар» кітабында: «Біз, кешегі құлдар, сыртқы құлдықтан құтылғанымызбен, ішкі құлдықтан құтыла алмай келеміз» – деп жазды. Жазушы билеушілерге жеккөрушілікпен қараған. Осыған орай, «Мен билік басындағы орыс адамына ерекшекүмәнмен қараймын. Кешегі құл, жанындағы адамды билеп-төстеуге қол жеткізгеннен кейін, әлемдегі ең жүгенсіз әміршіге айналады» – дейді. Осы оймен ауырған жазушы алғашқылар қатарында самодержаваға қарсы шығады.
1905 жылы 8 қаңтарында іңірде Санкт-Петербург тұрғындарының мазасы қашады. Қалаға тосыннан әскер ағылады. А. М. Горькийге Үкіметтің жұмысшылардың Қысқы сарайға кезекті бейбіт шеруіне қарсы күш қолданатыны белгілі болады. Көшеге шыққаннан кейін ол қаланың әскери лагерьге айналғанын өз көзімен көреді. Әр тұста жанып жатқан оттың айналасында жылынып жүрген сарбаздар шоғырын және жандармдар мен полиция күштерін көруге болатын еді. Аса мазасызданған А.М. Горький сол кезде зиялы қауым жиналатын «Наши дни» газетінің редакциясына барады. Редакцияда, алаңда бейбіт түрдегі жұмысшылардың пайда болуы және олардың әскерилермен қақтығысу қаупінің бар екендігі туралы әңгіме қозғалады. Содан кейін жазушы Ішкі істер министрі П.Д. Святопольк-Мирскийге шығып, оны жұмысшылар көңіл-күйінің бейбіт өмірді қалайтынына сендіруге тырысады. Сондықтан қантөгістің алдын алу үшін қажетті іс-шаралар қабылдауға кеңес береді. Ұсыныс ешқандай талқылаусыз бірден қабылданады.
Бірақ Ішкі істер министрі өзге жазушылар мен ғалымдарды қабылдамай, олардың өтініштерін тыңдаудан бас тартады. Осыдан соң, Дума депутаттары Министрлер комитетінің төрағасы Виттеге барады. Министр оларды тыңдап, бірақ ештеңе істей алмайтынын түсіндіреді. Себебі, министрлер депутаттардан гөрі нақты ұстаным мен ақпараттарға ие және олар император мақұлдаған шаралар аясында әрекетететін болып шығады.
Депутаттар түнгі сағат үште газет редакциясынаешқандайшешімсіз оралады. Осыдан соң, А. М. Горький газеттерге өзінің «Министрге сапар» туралы есеп жазатыны туралы ойларын жеткізеді. Жиналғандардың барлығы ұсынысқа келісіп, үйлеріне тарай бастайды, ал жазушы үлкен ой үстінде жазуға отырады. 9 қаңтарда қан төгілген кезде А. М. Горький «Барша орыс азаматтарына және Еуропа мемлекеттерінің қоғамдық ой-талқысына арнап, Үндеу жариялайды:
«Біз Ішкі істер министрі Святопольк – Мирскийді жағдайдың ішкі мәнін түсінбей, көптеген Ресей азаматтарының мағынасыз өлімі үшін кінәлаймыз. Николай II-ші жұмысшылар қозғалысының бейбіт ниеттерімен сипаты туралы алдын-ала білсе де, сарбаздардың жазықсыз жандар мен өзіне бағынышты азаматтарды азаптап сабауға әдейі жол бергендіктен және оған қарсы шара қолданбағандықтан бейбіт адамдарды көпе-көрінеу атуға пәрмен берді деп айыптаймыз».
Жеке куәгерлердің айтуы бойынша А. М. Горький «Қанды жексенбіде» орын алған аяусыз қырғынның жекелеген эпизодтарын сипаттаған. Оның бір қалтарысында:
«9 қаңтарда Петербургтың әр бұрышынан Қысқы сарайға қарай жұмысшылардың бейбіт мақсаттағы қозғалысы басталды… Путилов зауытының жұмысшылары қолдарына шіркеу белгілері мен патша ағзамның және патшайымның портреттерін ұстап, алдарына дін қызметкері Георгий Гапон әкейді салып, крестерін көтеріп, Нарв шекарасына таянғанда оларға қарсы ешқандай ескертусіз әскерилерге басшылық жасаған офицерлер мен полиция тарапынан артиллериядан үш дүркін оқ атылды. Бірнеше ондаған адам өлім құшып, біршамасы ауыр жараланды, қалғандары қашып енді біреулері оқтан қорғану үшін жерге омақаса құлады. Жұмысшылар қайтадан бас көтергенде оларға қарсы тағы да үш мәрте оқ жаудырылды, бұл жағдай екі рет қайталанды…
Атумен бірге жұмысшыларды және баспасөз қызметкерлерін ұрып-соғу орын алды» – дейді.
Үндеу екі параққа күлгін сиямен жазылады, бірақ ол полицияның қолына түскен. Осыған орай, хат бұқараға жетпей қалған. Әйтседе, ол А.М. Горькийді жауапқа тартуға негіз болған. Полиция мәлімдемесінде зиялы қауымның жедел жиналған депутаттары «империяда жұмыс істейтін барлық заңсыз фракциялардың өкілдерінен тұратын комитетке «айналғандығы көрсетілген. Делегацияның барлық мүшелеріне самодержавалық билікті құлатуға жасаған әрекеті үшін айып тағылған. Бір күннен кейін полиция департаментінің қызметкерлері тінту нәтижелері ешбір дәлелді айғақ бермесе де, депутаттар корпусының барлық мүшелерін қамауға алу туралы бұйрық шығарған.
10 қаңтардан – 11 қаңтарға қараған түні жандарм отряды қатаң жазалау шараларын жүргізіп, көптеген адамдарды қамауға алған. Тексеру кезінде олар А. М. Горькийді өз үйінен таппаған. Жазушы Ригаға жол тартып кеткен болатын. Балтық станциясынан Ригаға жолға шыққан пойыздың соңынан «Жазушы Алексей Максимович Горькийді дереутінтіп, тұтқындау және оны Санкт-Петербургтің күзет бөліміне жеткізу туралы жеделхат жіберіледі.
12 қаңтарда А. М. Горький жолай ұсталып, Петропавль қамалы, Трубецкий бастионының жалғыз адамдық камерасына алдын-ала тергеу орнына жеткізіледі. Мұнда тұтқындалғандардың барлығы түрме киімін киюге мәжбүр болады. Өздерінің киімдері цейхгаусқа сақтауға алынып, ол тек түрме ауласында серуендеу кезінде және туыстарымен кездесуде сондай-ақ, бекіністен тыс жерлерде жауап алуға апарған кезде ғана беріледі. Жазушы түрменің далақтаған тұрпайы іш киімі мен белуардан келетін шұлығын, жұқа халат пен былғары шәркейін киюге мәжбүр болады. Ауыр қоңыраулы темірмен қапталған үлкен есіктің ар жағында жазушы төбесі пәс, көмескі тартқан түрме бөлмесіне жалғыз қамалады. Айқышталып құйылған темір сауытты терезеден бастионның сұр қабырғасы ғана көрінеді. Еден сары бояумен боялып, оған темір төсек мықтап бекітіледі. Күндіз отыратын үстел де қабырғаға мықтап орнықтырылады. Электр шамы қабырғаға қабыстырылып, үсті тормен қоршалып, қалың әйнекпен жабылады.
А. М. Горький осылардың бәріне жиіркенішпен қарай келе көне халатты қапсыра жауып үстөлге отыра салып ойға кетеді. Басқа түссе, баспақшыл демекші, осыдан кейін ауыр күндер басталады. Жазушы ревматизммен және өкпе дертімен ауыратын. Бірақ оған түрме режимін ауыстыру оңай болмайды. Бұл мекемеде жазылмаған өз заңдары бар. Алайда ол көп ұзамай екінші қабатта орналасқан басқа камераға ауыстырылады. Бірақ мұнда да жақсылық болмайды. Казематтың ылғалдығы мен салқын ауасы жазушының денсаулығына кері әсер етеді. Жазушыны бас ауруы азаптай бастайды. Жөтелі күшейіп, температурасы көтеріледі. Бірақ ол өзінің ұнжырғасын түсіруге мүмкіндік бермейді. Ерік-жігерін алдырмас үшін алғашқы хаттарында-ақ, өзіне кітаптар жіберуді сұрайды. Олардың тізімін де көрсетеді. Олардың ішінде М. Ферварнның «Жалпы физиология», А.Иностранцевтің «Жалпы геология», В. Гааккенің «Жануарлар әлемінің шығу тегі» және басқа кітаптар болады.
Шындығында, жазушының түрмедегі жағдайы адам төзбестей болады.Оны жазушының достары мен туыстары ғана білетін. Олар түрме режиміне жаза тәртібін жеңілдету туралы өтініштер түсіре бастайды. Олар А.М. Горькийдің әйелі – Е. П. Пешкова және «Знание» баспасының басқарушы директоры К.П. Пятницкий болатын. Пешкова түрмеде Горькиймен кездесуге рұқсат алады. Түрме басшылары А.М. Горькийге кездесуге түрме киімімен баруын бұйырады. Тұтқынмен кездесуге келушінің арасындағы әңгіме жандармның қатаң бақылауымен өтеді. Олар теміртордың арғы жағынан сөйлеседі.
Жақын адамдар жазушының қамауда әдеби жұмыстармен айналысуына рұқсат алуы үшін көптеген жұмыстар жүргізіп, талай күш-жігер жұмсауларына тура келеді.Тәртіп бойынша қағаз бен сия сотталушыларға тек олардың істері бойынша өтініштер мен туыстарына хат жазу үшін берілетін. Түрменің коменданты алғашқыда қатал болғанымен, Трубецкой бастионы № 39 камерасы тұрғынының қарапайым тұтқын емес екенін түсініп, оған кешіріммен қарайды. Оның үстіне шетелдік баспасөздерде жазушы Горькийдің түрмедегі жағдайының ауыр екендігі туралы мақалалар пайда бола бастайды.
Ресей қоғамының ақыл-ой иелері жазушының қамауға алынғанына алаңдаушылық білдіре бастайды. Сондықтан билік оған сақтықпен қарайды.Осыдан кейін түрменің коменданты Горькийге қағаз, сия және жазу құралдарын беруге рұқсат береді.
Максим Горький түрмеде дамылсыз жұмыс істейді. Тарқапаста отырып, «Күн балалары» пьесасын жазады. Жазу жанына жарық берсе де, оның денсаулығы күн сайын нашарлап, түрме режиміне төтеп беруі қиындай түседі. Ол жандарм басқармасының жауап алуға деген шексіз шақыруларына ашуланып, Ресейдегі мемлекеттік тәртіпті бұзғысы келетін адам санатында өз кінәсін мойындамайтынын қайталаудан шаршайды…
Халық наразылығы күшейіп, барлық мемлекеттік органдарға дабыл беріледі. Бүкіл ел бойынша «Горькийге бостандық берілсін!», Ресейдің Ригадағы, Брюссельдегі, Лиссабондағы, Берлиндегі елшіліктері алдында жазушыны қорғау бойынша шеру өткізіліп, қозғалыстар құрылады. А. М. Горькийді қорғауға арналған жиындар АҚШ-та да өтіп, Францияда жазушының тұтқындалуына наразылықтар өткізіледі. Оны түрмеден босатуға әдебиет пен мәдениет өкілдері А. Франц, О. Мирбо, О Роден үндеу жасайды.
Патша үкіметі А. М. Горькийді қорғаудағы қозғалыстың кең ауқым алып бара жатқанын көріп, онымен санаспауға болмайтынын түсінеді. Сондықтан, жазушыны айыптау бойынша ұйымдастырылған істі қайта қарау қолға алынады.
1905 жылы 12 ақпанда қоғамдық ұйымдардың қысымымен Максим Горький Петропавловск қорғанынан, алдын-ала тергеу изоляторына ауыстырылады. Екі күннен кейін жазушыға 10 000 рубль кепілдік өтем төленгенненкейін,оны үйіне босатыпжібереді. Аз-кем уақыттан кейін оған астанадан жедел түрде кету ұсынылып, бірнеше қаланы таңдау құқығы беріледі. Жазушының қалауы Рига қаласына түседі. Оның бұл қалауы лажсыздан болған амал болады.
Горькийдің соңғы махаббаты
Жан Поль: «Махаббат – әйел өмірінде тарих, ал еркектің өмірінде эпизод қана» — депті. Жазушы өмірінде махаббат басты рөль атқарған. Бірақ оның да өз шырғалаңы болған. Енді соған оралайық:
Адам үшін оның бар мақсаттарын – шөлден қаталаған еріндерге, ал бар өмірін – суалмайтын бұлаққа айналдырғаннан асқан сый жоқ. Горький бар ғұмырын адамзат қоғамының сүйіспеншілікте болуына арнаған жазушы. Сол ортада жүріп, өзі де сүюден құр қалмаған және сүйген үстіне сүйе түскен. Сүйді екен деп, енді оны жазғыра алмайсың. Сүю – заңдылық, бірақ қалай сүйді, ол енді басқа мәселе.
Бүгінде жазушының сүйіктісіне айналған Мария Закревскаяның өмірбаяны бес елдің мұрағаттарында «құпия» белгісімен сақталған көрінеді. Кезінде бұл жұмбақжан туралы мәліметтер түрлі есімдерді жамылып жүрді. Оның қилы тағдырындағы оқиғалардың белгілі бөлігі бірнеше адамның өмір тарихын құрады.
Көз көрген куәгерлердің айтуынша, атақты жазушы өкпе қабынуынан дүние салған күні оған қара түсті киінген ұзын бойлы әйел келіп, жанында отырады. Сұлу сылқым кетіп қалғасын, жарты сағаттан кейін дауылпаз жазушы қайтыс болады.
Сол күні Горькийдің төсегінің жанындағы стол үстінде бір стакан жартылай ішілген су мен вагет рамаға салынған Мария Закревская Будбергтің суреті ілулі тұрыпты. Айтушылар суға у араластырылғанын айтады. Сол күні су да, сурет те тұрған орнынан ғайып болған. Жазушының көңілін сұрап, аузына су тамызып жанында отырған адамның Мария Закревская екені айғақталған. Ол соңғы демін алып жатқан жазушыға аяныш білдіргеннен соң, оны ажалға итерген деген де нұсқалар бар. Оны осы іске жұмсаған Троцкий мен Сталин деген де әңгімелер бар. Бұл жұмбақтың шешімін енді ешкім шеше алмайды, бірақ ол қисынға келеді.
Оны замандастары құмары басылмаған әккі әйел, вампир, авантюрист, көз байлаушы сиқыршы әйел деп атап кеткен.
Мария Закревская – Украинаның Полтава қаласында сенатор Игнатий Закревскийдің отбасында дүниеге келген. Зайырлы білім алған ол 19 жасында дипломат Бенкердорфқа тұрмысқа шығып, боронесса дәрежесіне жеткен.
Төнкерістен соң, күйеуі екі баласымен бірге Берлиннен – Эстонияға кетіп, әулеттер қорғанына барып тұрақтаса, ал Мария Закревская Ресейден бір шыққан. Әккі әйел бұл тұста өз амалын жүзеге асырған сыңайлы. Ресми мәліметтер бойынша ол өзінің бұл амалын ауырып жатқан анама қарауым керек болды десе де, шын мәнінде өзінің нақ сүйері болған ағылшын дипломаты Брюс Локкартпен бірге болуды көздеген.
Бірде із кесушілер Марияны әлгі Локкарттың төсегінен алып кетеді. Шындығында ол шетелдік барлаушы болып шығады. Зынданда оны азаптау жүргізіліп, өлім жазасы күтіп тұрады. Алайда жәутеңдеп тұрған сұлуға чекистердің бастығы кенеттен ғашық болып қалады. Ол Марияға өз айтқанына көніп, жанына түнеп шықса, оған қашып шығуға көмектесуге уәде береді. Оның романтикалық өмірбаяншылары баронесса өз бостандығын кеңестік барлаушылардың төсегін жылытқаны үшін сатып алды деп айтады.
Сол бір күндері қалтасында ақшасы, таныстары, құжаттары да жоқ Мария Бенкердорф асығыс түрде Петроградқа шақырылады. Әрине, кеудесіне марапат тағу үшін емес. Онда оған қорқынышты жаңалықтар жеткізіледі. Күйеуінің сарайы өртеніп, оның өлтірілгені және өзінің қауіпті тыңшы ретінде іздестіріліп жатқаны туралы айыптар тағылады. Кепілдіккке босатылысымен, бақытсыз әйел отбасының досы саналатын Корней Чуковскийден көмек сұрайды. Ол оны Максим Горький басқаратын «Дүниежүзілік әдебиет» баспасына аудармашы ретінде жұмысқа орналастырады. Мария бұл ортада Сталиннің сүйіктісіне айналған адам арқылы өзіне ешкімнің қол тигізбейтініне сенімді болады. Оның жазушының сүйіктісіне айналуына осы танысу себеп болады. «Революция дауылпазына» нәзік бұралған Мария ұмытылмастай әсер етеді. Горький мұндай сәтті көз қиығынан жібермейтіндігімен аса танымал болатын. Ол өзінің гиперсексуальдығымен төмен етектілерді құр қалдырмайтын. Замандастарының айтуы бойынша, жазушының бір уақытта бірнеше сұлумен қатар жүретіні айтылады. Жазушының қонақүйлердің бірде — бір қызметшісін бос жібермегені де әңгіме арқауына айналған. Ол шетелдік іс-сапарларда да, жезөкшелердің қызметтерін ықыласпен пайдаланады екен. Бұл әрине, оның жазушылығына кедергі келтірмеген, қайта шабытына шабыт қосатын болған.
Бұл жолы оны жаңа танысының қандай әрекеті қызықтырғанын түсін түстеп айта алмаймыз. Оның төрт таған фигурасы мен жалпақ келген бет сұлбасы оны сұлу жаратылған жан деп айта алмасымыз анық еді. Бірақ Марияның адамдарға гипноз жасау арқылы әрекет ететіні белгілі болып қалады. Осы әрекеті арқылы ол кез келген еркекті жыныстық қатынасқа шақырып тұратын қабілеті болған. Ол өте сексипильді болған, ер адамға анадай жерден иіс жіберіп, олардың ерекше құмарлығын оятып, өзіне оларды ғашық етіп қоятын әрекеті болған.
Замандастары оның сөзсіз сексуалдылығынан басқа, үлкен ақыл-ой мен интригаларға бейімділігі бар екенін еске алады. Оның үстіне ол әдемі сөйлеуді де және қай кезде сөйлеуді де білген. Онымен бірге болғандар ол туралы қандай қауесеттер таратпады десеңізші! Оның жыныстық қатынаста өте белсенділігі мен бірнеше ондаған іс-қимылдарды білетіндігін айтады. Тәжірибесі мол бикешті бір көрген адам ұзақ уақыт мас болып, есінен айрылып қалатын көрінеді. Оның еркектермен де, әйелдермен де қатынасқа түсетінін айтатындар да бар. Гипноздық қабілетінің зорлығы сонша, бір бөтелке арақ ішсе де, масаймайтын көрінеді. Жалпы, әйел емес, тек юбкадағы шайтан, деседі. Горькийге де осындай бомбы керек болған. Ол Марияға осы қылығы үшін өз ризашылығын танытқан. Кейін жазушы оны көрмесе тұра алмайтындай ессіз қалған. Риза болғаны сонша, баспа басшысы оған аудармашының орнына жеке хатшысының орнын ұсынған. Бұл лауазымға еңбекақының жоғары төленуімен бірге, оның үйінде тұруға да мүмкіндік берген. Қалалықтар Горькийдің үлкен пәтерінде жиі-жиі белгісіз ұрыс-жанжалдардың болатынын байқаған. Бей-берекет шақырусыз қонақтардан басқа, пәтерде жазушының заңды әйелі Екатерина Пешкова және азаматтық некедегі әйелі, актриса Мария Андреева да тұрған. Бір үйде қазан ұстаушы үш бас! «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген мақалаңыз бұл жерде жүрмей қалған. Қараңыз, жазушы бір үйде үшеуін қатар ұстаған. Мария бейбақ осының бәрін біле тұра, Горькийдің екіұшты ұсынысына еш ойланбастан келісім берген.
Обалы не керек, баронесса жазушының мұрағатына оның қызмет бөлмелеріне тазалық жасап, ретке келтірген. Бес тілді еркін меңгерген Мария Горькийдің әлемнің түкпір-түкпіріне жазған хаттарын аударумен бірге, оның революция істеріне арнаған хаттарын жазып отырған. Жұмыс арасындағы үзілістерде ол едендерді жуып, заттарды қажеттілігіне орай, өз орындарына қойып, бүкіл отбасы үшін хош иісті түскі ас дайындауды да өз мойнына алған. Жазушының заңды жұбайлары ұрыссыз-керіссіз осы «темір ханымның» қолына билік тізгінін беріп қойған. Осыдан соң, әшейінде үйде отырмайтын Горький жұмыс орнын үйге алмастырып, жазудан қолы босамаған. Жазушы өзінің сырқаттанып қалғанын сылтау етіп, сүйікті Марияның қолынан шөп шай ішуді дәстүрге айналдырған. Көп ұзамай, Мария жазушымен қарым-қатынасын жасыруды тоқтатып, оның жатын бөлмесіне біржолата көшіп алған.
«Осырақ көт, осырғанын қоя ма», бұдан кейін де ол басқа еркектерден бас тартуды қысқартпаған. Бір түнде дәретханаға бара жатып, Горький Марияны өзінің қонағы – жазушы Герберт Уэллспен бірге диванда аймаласып отырған жерінде ұстап алады. Мария өзінің сүйіктісін бәрі ол ойлағандай еместігіне көзін жеткізуге тырысып: «Ең сүйікті әйел үшін екі танымал жазушы тым көп! Оның үстіне Герберт сенен үлкен ғой «,-деп атақты жазушының арынын басып тастаған. Бірге өмір сүргендегі ұсақ түсінбестіктерді тек күшті махаббат қана жуып-шая алады деген осы болса керек.
Сүйген жан қызғанышын да жасыра біледі. Әйтсе де, Горький Марияға қызғанышпен қараған және оны Эстониядағы балаларымен кездесуге жібермеуге тырысқан. Өмірде бәрін – махаббатты, отбасын, балаларды, туған жер мен атақонысты және дүниедегі ең жақсыны ұстап тұрып, өтірік көлгірситіндер бар. Мария бұл жолы да Горькийді сазға отырғызып кетеді. Ол оны сезетін, бірақ амалы жоқ еді. Мария күйеуінің рұқсатын алып, Эстонияға барған бетінде барон Николай Будбергке екінші рет тұрмысқа шығып алады. Ол бұл қылығын Горькийге хат арқылы түсіндіріп, некенің жалған екенін, оны амалсыздан осында тұруға рұқсат алу үшін амалсыз жасағанын айтады. Алайда, Горькийдің қатты сырқаттанып, КСРО-дан Италияға ем қабылдауға кеткенін естіген бойда Мария барлық істерін тастап, Соррентоға оның жанында болуға асығады. Горький оның бұл ерлігіне қатты риза болады. Жазушы өз өмірінің соңғы 11 жылында жазған «Клим Самгинаның өмірі» атты ең үлкен, соңғы романын Мария Будбергке арнайды. Ол жазушының жағдайын оңалтса да, сүйіктісінің көңіл-күйін қанағаттандыра алмайды. 1933 жылы Мария Горькийге күтпеген жерден ендігі жерде оны ұнатпайтынын білдіреді.
Бұл не алдау? Сонда ұнатпау деген нені білдіреді? Әйелдер тарапынан ұнатпаушылық деген сөз, жауына да қаратып айтылмайды екен. Мәселен, бүкіл Кавказ халқын асып-қырған генерал Ермоловтың өзіне дағыстандық сүйген сұлуы кезінде сүймеймін деп, айтуға дәті бармаған еді. Бұл – талақпен бірдей сөз. Ал талақ сөзі әйелдер тарапынан айтылмайды және есепке алынбайды. Сөйткен сұлу Ермоловты зарықтырып отырып, оны өлімге жетелеп апарған. Ал Маңғыстау мен Аралдың «Барсакелмес» аралында айдауда жүрген Тарас Шевченко Қаратаудың Жаңақорған өңірінің аяқталар тұсындағы тау сілеміндепайдалы қазбалар іздеп жүріп, жергілікті қыпшақ қызына ғашық болуы оны қайғы мен мұңға батырған. Ол туралы ешжерде айтылмайды, бірақ шындық. Ол кезде қандай қыпшақ қызы, негізі оның жергілікті қазақ қызы болғаны анық. Бұл туралы кобзарьдың суреті де бар. Жалпы, атақты украин ақынының Қаратаудағы өмірін зерттеу сұралып-ақ тұр.
Горький ауруынан сауығып, КСРО-ға оралады, ал баронесса Лондонға барып, әйгілі саясаткерлермен, жазушылармен, режиссерлермен сөйлесіп, жоғары қоғам ортасына мидай араласып кетеді. Қауесеттерге сәйкес, «Қызыл Мата Хари» атанып кеткен әккі бикеш (Мария) әлемнің бес бірдей барлау қызметінің агенті болып шығады. Бірақ Горький оған сенбейді. Британдық Ми-5 барлау қызметі одан қатты сақтанады. Лондонда ол Локкартпен қарым-қатынасын қайта бастайды. Герберт Уэллс Марияға қолы мен жүрегін ұсынса да, ол жауап ретінде оның бұл қылығын күлкіге айналдырады. Айтпақшы, ағылшынның атақты фантаст-жазушысы оған өмірінің соңына дейін жайлы өмір сүруге жететін мол қаржы қалдырған.
Өмір айналымының сиқырлы дөңгелегі төрт сатығы бөлінеді. Бірінші – балалық шақ, даналықтың басы. Екіншісі – жастық, ізденіс, махаббат. Үшіншісі – кемел шақ, рухани өсу. Төртіншісі – кәрілік, тәжірибе даналығы. Бірінші мен соңғы сатылар шығармашылық көзінің шарықтау шегіне бәрінен де жақын екен. Демек, өмір – бас көзсіз шаба беруге болатындай, бәйге аты емес.
Горький өзінің талқаны таусылар шақта Марияны өзіне шақырып, оны әлі де қатты жақсы көретінін айтып жалбарынады, тілегіне сай, сол бейбақтың қолында қайтыс болады. Баронесса Будбергтің Мәскеуге келуінің себебі сезім емес болған сияқты. Егер оның барлау ұйымдарына қызмет еткені шын болса, оның бар мақсаты – Горькийдің сақтауында жатқан жасырын құпия мағлұматтарды қолға түсіру болған сыңайлы. Жиналған құпия құжаттардың ішінде көптеген кеңес шенеуніктеріне, жазушыларға қарсы компроматтар болған деседі. Жиналған құжаттар қайда кетті оны енді ешкім білмейді. Зерттеушілер Марияның оларды Сталинге тапсырғанын айтады. Кейбіреулер оны Лондон Банкінің сейфінде әлі де жасырылып жатқанын айтады, ал келесі біреулері архив материалдарын баронессаның үйін өртеп жіберу арқылы құртқанын айтады.
Горький қайтыс болғаннан кейін, Мария Игнатьевна КСРО-ға екі рет келген көрінеді. Ол 82 жасында Лондоннан, Италияға көшіп барып, көп ұзамай инфаркттан қайтыс болады.
Мыңның арасынан кейбір адамдар ғана өз уақытына лайықты өмір сүреді екен. Ал одан қалғандарының өзгесі – күлу мен күрсіну, сүйісу мен қоштасумен өткізетін көрінеді. Жазушы өмірінде осының бәрі болған, бірақ ол сүйкімсіздеу болып, тым сүйкімсіздеу аяқталған.
Ермек ЗӘҢГІРОВ,
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, журналист
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.